МҰҚАҒАЛИ –  ШЫРАҒЫМ МЕНІҢ,  ШУАҒЫМ МЕНІҢ МҰҚАҒАЛИ –  ШЫРАҒЫМ МЕНІҢ,  ШУАҒЫМ МЕНІҢ
Гүлтас САЙЫНҚЫЗЫ, педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің профессоры 1-көрініс (Хантәңірі тауының суреті. Бала Мұқағали әжесінің артқы жағынан келіп, әнін ұйып тыңдап тұр). Тиін әже.... МҰҚАҒАЛИ –  ШЫРАҒЫМ МЕНІҢ,  ШУАҒЫМ МЕНІҢ

Гүлтас САЙЫНҚЫЗЫ,
педагогика ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің профессоры

мукагали

1-көрініс
(Хантәңірі тауының суреті. Бала Мұқағали әжесінің артқы жағынан келіп, әнін ұйып тыңдап тұр).

Тиін әже. (әндетіп)
Қаратаудың басынан көш келеді- ай,
Көшкен сайын бір тайлақ бос
келеді-ай, елім-ай, елім- ай.
Қарындастан айырылған
жаман екен…
Қара көзден мөлтілдеп жас
келеді-ай елім-ай, елім-ай.
Уһ, заман-ай, десеңші, сорлы қазақ не көрмедің? Не өтпеді басыңнан? Ай, сұм жалған…
Мұқағали. Әже, Әже, не болды сізге? Әже. (әжесіне еркелеп, басын сүйейді, көзіне қарайды)
Тиін әже. Әә, балам, сен бе едің? Құлыным менің. Алла сендерді аман қылсын.
Мұқағали. Әже, қандай ойға түсіп кеттіңіз? Ол қандай көш еді? Көшкен кезде қуанбаушы ма еді? Неге үніңнен қайғы есіп тұр, әже?
Тиін әже. Е, балам, қайтесің оны? Қартайған адамда мұң көп қой. Мұқаш, құлыным,бұзауды арқандадың ба? Шешең жұмыстан келіп қалатын уақыт болып қалды ғой деймін. Қой тұрайын, шай қояйық.
Мұқағали. Әже, шайды қойдым, самауыр қайнап тұр. Бұзауды да орнын ауыстырып арқандап келдім. Әже, жалынамын айтып берші. Айтшы, әжетай.
Тиін әже. Шырағым-ай, онсыз да қайғымыз аз ба еді? Ол ескі тарих қой. Құлыным, одан да кітабыңды оқы, адам бол. Сендердің замандарың қандай болады, оны бір Құдай біледі… Тек әкең аман-есен оралса болды. Жаратқан мен құрбандығың болайын. Балаларымды сақтай гөр, Алла.
Мұқағали. Қарындастан айырылған жаман екен дедіңіз ғой әже. Қарындасқа не болды?
Тиін әже. Қоймадың ау, балам, ал айтайын. Бұл баяғыда болған елдің шерлі тарихы ғой. (күрсініп алып, салмақты қоңыр дауыспен) Ата жауың қалмақты, ел- жұртымды зарлатты… Шаңырағын ортасына түсіріп, ұлын құл етті, қызын күң етті. Сонда сенің бабаң Райымбек қылшылдаған жас екен. «Жаудан кекті алатын, жалын боп лаулап жанатын, бар қазақтан бір қазақ неге шықпайды? Жоқ мен кегімді аламын, жауға қарсы барамын»,– деп, Әлмерек әулиеге барып бата сұрапты. Сонда батырды сынамақ болып,Әлмерек әулие: Бұл Райымбек топ ішінен таңдаған атын мініп, мына жатқан Ілені кесіп өтсін. Егер содан аман-есен өтіп келсе, қасына қол алсын да, жауға аттансын»– депті. Асау өзен Іледен су тасып жатқанда жан өтпеген екен. Райымбек бабамыз тәуекелге салып, жанын безіп судан аман-есен өтіпті. Сонда Әлмерек әулие:
«Дауасы жоқ жан екен, оты жанған, Ілесіңдер осыған оты барлар!
Су жол берген батырға
жол мен бермей,
Қамауда ұстап қыранды
отыра алман» деп, батасын берген екен. Содан Райымбек қасына ерген жасағымен қалмақтардан кек алып, осы ата жұртты сақтап қалған екен.
Мұқағали. Әже, Райымбек бабаның зираты қайда?
Тиін әже. Ол алыста, балам. Алматы деген шахарда. Күре жолдың бойында екен. Ол кезде сенің әкең сенің жасыңда болатын. Атаң Мақатай бізді алып, атпен
арнайы Алматыға барып, аруаққа зиярат жасағанбыз. Ер жетсең сен де барасың, балам. Тек әкең соғыстан аман-есен келсе екен. Ой-бұй, кеш болды. Қой тұрайық, келіннің келетін уақыты болып қалды. (Әжесі белін әрең жазып, қолына таяғын сүйеніп шығып кетеді).
Мұқағали. (рухтанып, әсерленіп)
Райымбек, Райымбек, Райымбек, менің бабам.
Боламын мен де сендей текті балаң. Боламын. Райымбек, Райымбек,
Уа, Аруақ! Уа, Райымбек!
Әже. Мұқаш-ау, әу Мұқаш, құлыным-ау, жүгір, үйде су жоқ екен ғой. Бастаудан су алып кел.
Мұқағали. Қазір әже (қолына шелекті ала салып) Райымбек, Райымбек. Алға, жау жүрек, сарбаздар! – деп үйден шығады.
Әже. Әй, құлыным сол, бабаңның аруағы қолдап жүрсін. (күйбеңдеп сахнадан шығып кетеді).
(Мұқағали шелекпен суды алып келіп қояды да, сахна бұрышындағы айнаға қарап, шашын жөндеп, көрерменге қарайды)
Мұқағали.
Қаратаудың басынан көш келеді… Хангелдінің сауытын кигізіңдер, Қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер. Сырымбеттің туының алдына әкеп,
Тәубә еткізіп, басын да игізіңдер!» (Бабаның елесі көрініп тұрады)
(Өзі Әлмерек әулиенің образында. Бір топ адам. Бірі Райымбек батырға сауыт кигізіп жатыр. Енді бірі қылышын сүйгізіп, енді бірі туды беріп жатыр. Уа, аруақ! Уа Ханкелді бабамыз, Уа Сырымбет бабасы қолдай көр!).
Ал енді Райымбек балам, мен саған батамды берейін: Уа, Бәйдібек бабаң қолдасын, соқтыққан жау оңбасын. Фашистерді қырып сап, әкем үйге оралсын! Әумин» Ой, ол кезде қалмақтар еді ғой. Ой, бәрібір фашистер де қалмақтар сияқты жау ғой. Ал балам, жортқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын, әумин. Ақ жол! (Мұқаш кеудесін көтеріп, жан жағына қарайды).
Әлмерек баба дәл осылай бата берген шығар. Батаменен ер көгерер деген рас болды ғой. Райымбек бабаның аты өшкен жоқ.
(Мұқағали тауға қарап тұр. Алатаудың, Хантәңірі шыңның суреті слайдтан көрінеді)
Мұқағали.
Мен таулықпын,
Таудан мен жаратылғам.
Тау деген Ана туған дара тұлғам
…тауға барып,
Көкке ұшып кетсем бе екен,
Ұстап алып қыранның қанатынан…
(Мұқаш, Мұқаш деген дауыс естіледі. Бір бала жүгіріп келе жатыр. Қасында бір азамат жігіт бар)
Бала. Міне, осы бала өлең жазады. Мұқағали, бұл кісі өлеңіңді газетке шығарады.
Бөтен кісі. Шынымен жазасың ба?
Мұқағали. Иә, жазамын. Оны қайтесіз?
Бөтен кісі. Досың айтты ғой. Жақсы болса, газетке басып шығарамыз. Алдымен өлеңдеріңді көрсетші.
(Мұқағали екі дәптерін алып келіп береді).
Бөтен кісі. Мынаның бәрі өз өлеңің бе? Тіпті тәп-тәуір ғой, шынымен өзің жаздың ба?
Мұқағали. Аға дәптерімді беріңізші (Мұқағали ренжіген түр көрсетіп, дәптерін алып, бұрыла бергенде)
Бөтен кісі. Ей, ақын досым, әкең қайда? Үйде кім бар?
Мұқағали. Әкем майданда. Анам жұмыста.
Бөтен кісі. Қап, қарашы, менің де уақытым аз. Әйтпесе сенің Анаңды көріп, әңгімелессем де болар еді. Атың кім еді өзі?
Мұқағали. Мұқағали.
Бөтен кісі. Ал Мұқағали, онда мен сенің өлеңдеріңді газетке бастырамын. Ол үшін саған редакция да көп ақша береді. Ал мына ақшаны өз атымнан беремін. Жаза бер, өлеңің шыққанда газетті алып келіп, жаңа өлеңдеріңді алып кетемін.
Мұқағали. (25 сомды ұстап тұрып) Мынау көп қой. Менің бір дәптерімді ғана алыңыз. Әлі екінші дәптерімде бос беттер бар еді.
Бөтен кісі. Оу, сен қандай ақынсың? Келістік қой. 25 сом аз ақша емес. Соған дәптер де, қант, май, шай да, шешеңе көйлек те әпересің. Әйтпесе, жарайды онда ақшаны қайтып бер де, дәптеріңді ал.
Мұқағали. (дәптеріне бір, ақшаға бір қарап қояды). Жарайды. Онда бұл қашан шығады?
Бөтен кісі. Шығады, одан саспа. Мақатаев Мұқағали деп атың жазылып тұрады.
Мұқағали. Мақатаев Мұқағали Сүлейменұлы деп жазса ше?
Бөтен адам. Болады, болады. Міне нағыз жігіт, майдандағы әкесін ойлап жатыр.
(Мұқағали дәптерін сипап, өлеңдеріне қарап алады да, бөтен кісіге береді)
Бөтен кісі. (Болатқа қарап) Жүр, сен мені шығарып салмайсың ба? Ауылдарыңда иттер көп екен. Талап тастар. Жүр (бала мен бөтен кісі кетіп бара жатады. Мұқағали қолындағы ақшаға қарайды).
Мұқағали. Қап, екі дана етіп көшіріп жазғанымда ғой, біреуі өзімде қалатын еді. Өлеңдерім менің… Ой, ішім ашып тұр. Мейлі, олар үйде жатқанда не шығады? Одан да газетке шықсын. Әжем қуанады ғой. Майдандағы әкеме жіберемін емес пе?
Бөтен кісі. Әй, бала, сен ешкімді көрген жоқсың. Мә, сенің де аузыңды майлап қояйын. (5 сом береді)
Бала. Аға, қажет емес, сонда сіз алдадыңыз ба? Неге? Мен қазір барып айтамын. (Баланы желкесінен ұстап тұрып) Осыдан айтсаң, үйіңді өртеп кетемін, аузыңды ашушы болма. Түсіндің бе? Ақымақ. Мен қазақ емеспін, қырғызбын. Іздеп келсеңдер, Қырғызстаннан тауып аласың (мысқылдап күледі. Бала жылап қалады, бөтен кісі маңғазданып шығып кетеді).
(Мұқағали жұмыстан келе жатқан бір топ әйелдердің ішінен өз анасына барады).
Мұқағали. Нақа, мынаны қара. (25 сом ақшаны көрсетеді)
Нақа. Ол не? Оны қайдан алдың?
Мұқағали. Өлеңімді саттым.
Нақа. Қай өлең, дәптеріңді ме, өзің жазған өлеңдеріңді ме?
Мұқағали. Әрине, соны. 25 сомға саттым.
Нақа. Сатқаны несі? Құдай-ау, неге саттың? Құлыным-ау, сенің тыр-нақалды өлеңдерің еді ғой. Неге саттың? Кімге саттың? Ой, қу заман! Қу соғыс… Көріңде өкіргір сұм фашистер-ай, кесел ай…
Мұқағали. Әй, қойшы, Нақа, жылама енді… не қыласың? Ол мені алдапты. Газетке шығарамын деп. Болат-шы, менің досым. Сол ертіп келді.
Нақа. Не дейді? Сол Болатың да бала емес, бір… Мұқағали. Нақа, Болат кінәлі емес. Оны да алдап кетті ғой. Жүрші үйге, Нақа, жылама. Нақа, бар ғой… мен әлі саған өлеңнің Көкесін көрсетемін! Көресің әлі. Есік ашық тұр, әжем де келген сияқты.
Әже. Әй, не болды? Не сұмдық? Не болды? Неге жыладың? Балам аман ба?
Нақа. Апа, балаңыз аман. Мына сіздің балаңызды бір қырғыз келіп алдап, екі дәптер өлеңін алып кетіпті. Сөйтіп 25 сом беріп кетіпті. Бұл болса мәз, жерден жеті қоян тапқандай (Мұқағали басын төмен салып, көзінің қиығымен әжесіне қарап қояды).
Әже. Уһ, шошығаным-ай. Е, шырағым, жылама. Бұл да қу соғыстың кеселі ғой. Жалғызым аман келсе, бәрі орнына келер. Қорқып кеткенімді қарашы. Құлыным-ай, Сүлейменім-ай, жарығым, сағындым-ау… Аман есен келгеніңді көрсем болды, Құдай сол күні жанымды алса да разымын.
Мұқағали. Әже, не болды сізге? Көкем міндетті түрде келеді. Мен бар ғой, әже, мен үлкен ақын боламын. Райымбек баба туралы поэма, дастан жазамын. Үлкен залда менің кешім өтіп жатады. Сонда мен сізді сахнаға шақырып, бұл дастанды мен жазған жоқпын, менің Тиін әжем жазды деп есептеңіздер.. Себебі менің он жасымда бұл оқиғаны әжем айтып берген деймін. Көкем мен Нақа екеуі бізді күтіп ауылда отырады. Әже, жаңағы өлеңдер… олар нашар өлеңдер болатын. Әкетсе әкете берсін.
Әже. Құлыным менің, жарығым менің, талабыңа нұр жаусын. Айттым ғой, менің балам аман болсын, әлі-ақ бір жерді жарып шығады. Құлыным менің сен дүниеге келерде мен түс көргенмін. Пырақты атқа отырып, Хан тәңірінің ұшар басына ұшып бара жатқан жігітті көрдім. Маған жоғарыдан бір дауыс: «Тиін, анау сенің немерең, Мұқағали ғой» деген болатын. Е, Жаратушым, Жарылқаушым, құлынымның бағын аша көр.
Нақа. (күлімсіреп) жүріңіздер сіздің балаңыздың табысын атап өтіп, шай ішейік (Мұқағали әжесін құшақтап, сахнадан шығып кетеді).

2-көрініс

(Мұқағали үлкен азамат болған. Анасы қартайған, басында кимешек)

Мұқағали. Нақа… Мен Алматыға барып жұмыс тауып келдім. Алматыға көшпесек болмайды. Лашын да мектепте мұғалім болады.
Нақа. Сол жұмысты осы жерден істеуге болмай ма? Әкеңнің қара шаңырағын тастап қайда барамын? Жоқ, балам, мен осында қаламын.
Мұқағали. (күйініп, шарасыз дауыс-
пен) Нақа, шеше, мені сенен артық кім түсінеді? Егер сен мұнда қалсаң, менің күнім не болады? Мен сені ойлаумен-ақ өтемін ғой. Онда жарайды, қара шаңырақтан кетпей осында қалайық.
Нақа. (басын изеп,жылап отыр, кимешегінің етегімен көзін сүртіп). Жоқ, барамын. Сен өмірге келерде әжең марқұм түс көрген еді. Сенің болашағыңа, жарықтық сенген еді. Қой, мен сенің талабыңа балта шаппаймын. Сенің қасыңда болсам, қара шаңырақ деген сол емес пе? Әкеңнің аруағы түсінетін шығар, тәуекел, балам, жолға жиналайын.
Мұқағали. Нақа, балам дедің бе? (күліп, құшақтайды).
Нақа. Өзің жаңа «шеше» деп едің ғой.
Мұқағали. Оп-па, байқамай айтып қалғанмын ғой. Бүгін түнде әжем келіп, қамшымен сабамаса болғаны ғой.
Нақа. Е, жарықтық. Ақылды кісі еді ғой. Көзі тірісінде- ақ саған мені «шешең» деп айтып отырушы еді ғой. Тек сен мойындамайтынсың. Бірақ, шырағым, таласым жоқ, әжеңнің баласысың. Қасиетті кісі еді ғой. Өр, ер мінезді. Бір ауылдың тентегін тезге салып алатын. Бірақ сенің мінезің әжеңнен гөрі әкеңе ұқсайтын сияқты. Тым ақкөңілсің, сенгішсің, әжеңе тартсаң жақсы болар еді.
Мұқағали. Иә, солай сияқты, Нақа. Ай, осы ақкөңілдіктен көп зардап та шегетін сияқтымын ғой. Бірақ мен өз табиғатымды өзгертпеймін. Мен бәрін сүюге, тауымды, суымды, қасиетті Қарасазымды, Алматымды, жер бетінің барлық адамын сүюге тиістімін. Себебі Құдай мені ақын етіп жаратты.
Ақындар адамдардың арманын, мұң мұқтажын Алаға жеткізуші. Нақа, мен бәрін сүйемін. Бәрін. Оны ұлы ақын Абай да айтқан: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» ай жарықтық-ай, Абай данышпаным. Сен мықтысың. Сол заманда өлеңнің Көкесін сен жаздың. Енді мен жазамын, рухымен қолда мені Абай ақын.
Осы мен кейде ерекше Алып адам сияқтымын. Ал кейде қорқамын ішімнің бәрі от, жалын сияқты. Өз отыма өзім жанып кетем бе деп қорқам…
Нақа. (анасы баласына қарап тұрып, басын изеп) Е-е, шырағым-ай, қайтейін пешенеңе жазғанын көресің де… Қой, жолға дайындалайық ( шығып кетеді).
Мұқағали. (Туған жеріне қарап тұрып, қимастықпен) Кешір, кешір, мені туған жер. Кешір, Хантәңірі, Шәлкөде, Елшенбүйрек, Қарасазым. Апыр-ау, сендерсіз қалай өмір сүрер екенмін? (Көзінен жас ағып, қимастық сезімде тұрады). Күн көрермін-ау, бірақ сендерсіз… Кетпей тұрып сағынып тұрмын.

Райымбек бабаның рухы.
Мұқағали! Жылама! Жасық болма! Сен үлкен қалаға, үлкен өмірге бара жатырсың. Сен кішкентай Қарасаз аулының емес, Қазақ елінің баласысың. Сенің жырларың сан мыңдаған жүректерге рух береді, сен жылағанды жұбату үшін, қуанған жанның қуанышын көбейту үшін үлкен ақын болуың керек. Қырандар ұясында қалмайды, аласа төбелерге қонбайды. Сен жырдың Қыраны, мұзбалағысың. Ендігәрі сенің әлсіздігіңді көрмейін. Маған ұқсағың келіп батыр боламын деуші едің ғой. Бол, ақындық та – батырлық. Ал жолың болсын!

Мұқағали. Рақмет, Баба! Аруағың жар болсын! (Нағиман, Лашын, Мұқағали, Майгүл қолдарында түйіншектері бар, сахнаның бір шетінен екінші шетіне жүріп өтеді, ауыл адамдары шығарып салып тұр. Бір шете ұзын бойлы жас жігіт тұр. Ол Майгүлді жақсы көретін бала. Майгүл оған қимастықпен қарап, қолын бұлғайды).

Майгүл. Папа, мен мектепті ауылдан-ақ бітірсем болмай ма? Қалада қазақ мектебі де жоқ шығар? Соңғы жыл ғой. Ағамдарда жүре беремін.

Мұқағали. Майгүл, дәл қаланың ортасында 12-ші мектеп бар. Оған сөйлесіп қойдым.

Майгүл. Жарайды, бірақ ауылда да бітірсем болар еді ғой. (жігітке қарайды)
3-көрініс

(Жастардың қолында газет. Бір-біріне көрсетіп жүр. Мұқағалидың өлеңдері. Керемет! Радиодан Мұқағали өз даусымен өлең оқып жатыр).

(Бір топ жас жиналған. Ортасында Мұқағали ақын).

Мұқағали: (Мұқағали аппақ көйлегі бар, қуанышты. Өлең оқып тұр).
Поэзия, менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім. Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған армандардан.

(қыз бала жалғастырып кетеді)

Бойжеткен.
Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да.
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда, Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда, Көкжиек пен көкжиек қосылғанда. Махаббаттан іздедім, сағыныштан, Арманымнан іздедім алып ұшқан. Сәттерімнен іздедім жаңылысқан, Сені іздедім жадырау, жабығыстан,

3-жігіт.
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен, Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен. Қуаныштан, түршігу, күрсінуден,
Сені іздедім жүректің дүрсілінен.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттардан іздедім, сағаттан да.
Сені іздедім, іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?
Махаббат диалогы
(Қыз бен жігіт сахнаға бір-бірін қуып ойнап шығады. Ерке қыздың еркелігіне сүйсінген жігіт қарап тұрады)

Қыз: Құс боп ұшып жоғалсам,
не етер едің?
Жігіт: Сені іздеумен мәңгілік
өтер едім.
Қыз: Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
Жігіт: Күл боп бірге соңыңнан
кетер едім.
Қыз: Бұлдыраса сағымдай не етер едің?
Жігіт: Жел боп қуып, ақыры
жетер едім.
Қыз: Қайғы әкелсем басыңа
не етер едің?
Жігіт: Қойшы, сәулем,
бәрін де көтеремін.
2-жігіт:
Сағындым ғой дедің-ау жаным маған.
Бұлт көрдің бе тауларда мамырлаған? Сол менің ақ жанымның ақ жалыны, Аулақта ауылымнан дамылдаған.

2-қыз:
Естідің бе аспанның күрсінгенін?
Сол менің саған деген тылсым демім,
Ұйықтап жатса оянсын, ояу болса, Күңіренген жанымды білсін дедім.

2-жігіт:
Мен деп ойла самал боп,есіп өткен,

2-қыз:
Ме деп ойла нөсерді есі кеткен.

2- жігіт:
Мен деп ойла өзіңді әр түн сайын,

2-қыз:
Мен деп ойла өзіңді әр түн сайын…

Екеуі:
Төсегін сағынышқа бесік еткен…
(жастар билеп, өлең оқып, мәре-сәре болып жатады. Өлең соңында жастар әзілдесіп, күлісіп сахнадан шығады)

4-көрініс
Мұқағали (ойланып отыр, қолында газет. Өз өлеңін оқып отыр)
Отан,
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем. Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан» деп сыбыраған, Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!

Отан! Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен…

(сырттан дауыс естіледі. Мұқаш, досым-ау, қайдасың?)

Мұқағали. Еркіннің даусы ғой. Бұл қайдан жүр. Менің сағынғанымды Құдай сездірген шығар…
Еркін. Мұқаш, бармысың, бауырым. Әрең таптым ғой. (екеуі құшақтасып, бірі-бірі итеріп қайта төс қағыстырып құшақтасады. Сағынғандары көрініп тұр) Мұқағали. Еркін-ау, қайдан жүсің, ел аман ба?
Еркін. Е-е-е, Мұқаш-ау, ел аман, аман. Көшкен жоооқ, Қарасазың тұр орнында. Хантәңірі қасқайып сол қалпында. Тұр, тұр… Мұқаш. Мұқаш, саған не болған, міне, өлеңің шықты, қуанған түріңді көрмей тұрмын ғой.
Мұқағали. Еркін, өздеріңді қатты сағынып жүр едім. Келгенің жақсы болды ғой (көңілі босайды, Еркіннің арқасынан қағады).
Еркін-ау, Бір әңгіме қозғашы
ауыл жайлы,
Бұдан арты рахат табылмайды.
Бұлдырасын өткен күн
сағымдай бір,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы.
Ах, шіркін ауыл.
Еркін, ауылды қатты сағынамын…

Еркін. Мұқаш, ауыл ауыл ғой. Бірақ сенің бағың ауылда жанбайды. Соны түсін. Міне, өлеңдерің жарияланып жатыр. Ауылда жүрген біздер дәл сен сияқты сүйіп, сен сияқты ескерткіш қойып жатқан жоқпыз сол ауылға. Себебі дәл мына сағыныш жоқ біздерде. Ауылдың қадірін білем десең, ауылдан біраз уақыт алыс кету керек. Мұқаш, шын айтам, өлеңдерің ғажап!

Мұқағали. Рас айтасың ба, өлеңдерім менің демім, тынысым, тіршілігім, жалғызым ғой, Еркін. Сен оны білесің бе?
Еркін. Мұқаш, досым, мықты бол. Жазда ауылға келіңдер. Бүгін Райымбек бабамыздың басына бардым. Мұқаш, сен де барып тұр. Рухы керемет, ерекше әсер алдым. Ал енді мен жүрейін. Сені көріп шығуға уақытты таптым, Мұқаш, жаз, жаза бер, сен ұлы ақын боласың!

Мұқағали. Ұлы ақын қазақта жағыз. Ол – Абай. Біздер солдаттармыз, Абай – генерал.

Мұқағали. Еркін,елге сәлем айт. Елден кетпеңдер, Қарасаз қасиетті мекен ғой.

Менен сәлем айтқайсың сұрағанға, Сұрағайсың, үй-іші дін аман ба.
Өмір кешіп жатыр де ол да өзінше,
Тірлік керек, әрине, тірі адамға.

Дегейсің болмашыға қамығып жүр. Болмаса, барлығы да табылып жүр. Құлын-тайдай тең өскен құрбыларын, Дегейсің сағынып жүр, сағынып жүр.

Армандайды дегейсің, қиялдайды, Қайда барса, бір басы сыя алмайды.
Сендер оны ұмытып кетсеңдер де, Дегейсің, сендерді ол қия алмайды.

(Мұқағалидың даусы дірілдеп, көңілі босайды).

Еркін. Хантәңірдің Мұзбалағы, не болды? (жігерлендіріп) Жасымағың, жан досым, жасымағың. Тіршіліктің тікені ғой… тікен болған соң тырнайды-дағы… Мұқаш, біз Отанын қорғаған, қан майданнан оралмаған батыр әкелердің баласымыз. Біз жылап- жылап болғанбыз. Енді жыламаймыз, балаларымыз жыламасын, Мұқаш! Бабаң рухы, зираты қасыңда ғой, Мұқаш. Елді сағынғанда барып тұрсаң болады, Рух ешқайда кетпейді. Қолдайды, мүмкін сені қолдау үшін бабамыз Райымбектің түйесі күре жолға шөккен шығар, сүйегі сонда қойылған шығар? Әйтпесе ауыл қайда, Алматыға қайда… Солай досым.. (Күледі, екеуі құшақтасып қоштасады).Сен Алматыда әдебиеттің ортасында жүрсің. Орта керек, орта керек. Мұқаш саған әдеби орта керек. Ауыл, ауыл дегенді қой. Ал, жарайды, амандықта болайық, Нақа жеңгеме, Лашынға сәлем айт.

(Алматыдағы Райымбек бабаның зиратын слайдтан көрсету)

Мұқағали.
Алматының жерінде атам жатыр, Жалғыз бейіт құлазып жапанда тұр. Қайтсем сені қоршаймын қыш дуалмен,
Аруағыңнан айналдым, атам батыр!

Батыр атам сен менің жүрегімде,
Асыр салып аруағың жүр өмірде. Аруағыңды жырыммен бір нақыштау Арманым да, ойым да, тілегім де.

(Мұқағали қиялы. Өз атын өзі ұрандап келе жатқан 13 жасар Райымбек бейнесі)
Жас ақын.
Қу даладағы құйын ба дерсің ойнаған, Қыран ба дерсің қылт еткен
құсты қоймаған.
Өз атын өзі ұрандап бала келеді,
Қамшы сабына жейдесін
ту ғып байлаған…

Доғара қойып ойын мен
ырду сауықты,
Бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты.
Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,
Албанға алғаш өстіп өзін танытты…
(Мұқағали отырып, аузы күбірлеп дұға жасап, бетін сыйпайды)

Мұқағали.
Көш келеді боздатып боз даланы,
Көз ұшында боз сағым қозғалады…
О, Тәңірім бабам жайындағы дастанымды аяқтауға жетерлік ғұмыр сұраймын. Берермісің… көрермсің… беу дүние?.. Мынау сырқаттың түрі жаман. Маған өмір сүру керек… Ай, енді бір он жыл берсе, бәріне үлгерер едім. (Үйіне қарай келе жатып, бұрышта шұлық жамап отырған анасын көреді. Соған қарай бұрылады).

Мұқағали. Нақа, ауылды сағынып отырсың ба? Неге жылайсың? Қарашы, мен керемет жырлар жаздым (сахнаның бір бұрышына барып, Райымбек бабасының суретіне қарап тұрады). Нақа, мені бәрі мойындайтын болады әлі. Ғабит Мүсіреповке «Аққулар ұйықтағанда» деген поэмамды оқып бердім. Оған ұнады. Ол маған алтын қаламды сыйға тартты, Нақа. Ол классик жазушы. Қартайып бара жатыр… Шіркін… көп әңгімелессем ғой.

Нақа. (өзіне-өзі) Шырағым-ай, ақындығың бағың ба, сорың ба еді? Ақжүрек құлыным-ай, қиналғаныңды сездіргің келмейді ғой. Ауырып жүргеніңді де жасырасың. Шіркіндер-ай, сендер қанша жауыздық жасасаңдар да, сендері Мұқашымның қалай жақсы көретінін қайтып жеткізсем екен. Жазушылар одағына кеттім деуші еді, құлыным. Одағың да жатсынды-ау өзіңді.

Мұқағали. (шешесіне қарап тұрып өзіне-өзі) Жаңа жылда жұмыссыз жүргеніме бір жыл болады. Қалай күн кешіп жүрмін? Білмеймін… Тәңірім әзірше шешемді тірі қоя тұрса екен. Өстіп, тұралап жүрген кезімде қисая қалса, ел-жұртқа масқара болам ба деп қорқамын. (Келіп, анасын құшақтайды, қалтасынан бет орамалын алып, шешесінің көз жасын сүртеді).

Шеше,
Сен бақыттысың, Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын. Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың, Байырғы берекеңді қашырмағын.

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.

Тәңірім кеше көрсін кесірімді,
Аспанға жазам сенің есіміңді!!!
Шеше, Сен бақыттысың, тербете бер Құба талдан иілген бесігімді…

Нақа. Тәуба, Жасаған Ием, баламды өзіңе тапсырдым. Баламның садағасы етіп мені ал, Жаратқан ием. Құлыныма ұзақ ғұмыр жас бер. Денсаулық бер, Алла. Пендеге күнін қарата көрме, Жасаған Ием. Бабасы-ау, қолдасаңшы. (Райымбектің суретіне қарайды, сонан соң Сүейменнің суретіне қарап) Сүлеймен-ау, бас ием-ау, сен аман-есен оралғаныңда, Мұқашым мұншама қиындық көрмес еді ғой. Қайтейін, Аллаға шексіз жалынғаннан басқа қолымнан не келеді? (күрсініп, сахнадан шығып кетеді).

5-көрініс

Мұқағали. (ауруханада) Бұл жыл да өтті. Жырменен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы. Жырсыз өткен күндер мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса мен қайтер едім? Не істер едім? Айтпақшы Фариза, Фаризаға қызға хабарласайын. Ол… мықты ақын. Иә, ол да кейде көп пысықтарға ұнамайды.
Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз!
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз. Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз, Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді де іздейтін жан болса егер, Шаң басқан архивтерден
табылармыз…
Жақсы сияқты (күлімсіреп, жазған қағазына қарайды). Оған ұнайды деп ойлаймын. Қазақтың қыздары мықты ғой. Олардағы рух азаматтардан артық болмаса, кем емес. Ежелден аналарымыз мықты болған. Қайран әжем…

Сөнбейді, әже, шырағың,
Өзіңді әнге қосамын…
Жалғызың келіп қалар деп,
Өзіңдей мен де тосамын.
Жалғызың оралмады, оралмады,
Қиын ғой тірі жанның жоғалғаны.

Бір жерде тірі болса жүрген шығар, Болса өлі, өзіңменен болар мәңгі.

Қазақтың қыздары, арулары, аналары, әз әжелері, балаларымның анасы өмірлік жарым Лашыным, мен сендерге басымды ием. Сендер кереметсіңдер! Мен сендерге қарыз-дармын, қарыздармын. (Шаршаған, көзін жұмып жатыр)

(Ауруханаға Лашын мен қызы Алмагүл келеді. Мұқағали көзін ашып, қызына қолын созады. Лашын орындыққа келіп отырады. Алмагүл папасын құшақтайды).
Алмагүл. Папа, қалайсың? Сен жазылуға тырыспайсың ғой. Папа… Папатай, жазылшы, аман-есен оралшы үйге.
Мұқағали. Қызым, мен тырысамын. Міне, жаңа перзентім, жаңа кітабым өмірге келді. Қызым, бұл менің «Өмір дастаным». Бірінші данасына қолтаңбаны қазақтың ақиық ақыны Әбділда Тәжібаевқа жаздым. Маған алғаш ағалық, әкелік қамқорлық жасаған сол кісі болатын. Сен Одаққа бар, айт, папам бірінші кітапты сізге берді де. Сіздің жақсылығыңызды ұмытпаймын деп айтты де. Апарып бер (кітапты қызына береді).
Алмагүл. Папа, 27 наурыз, 1976 жыл деп жазыпсың ғой. Бүгін 27-сі емес қой.
Мұқағали. 27-сі болады ғой, болады… Келші, қызым (құшақтап, маңдайынан сүйеді). Алмагүл, сен бара бер. Тездетіп қарияға апарып бер. Жолдан абайлап жүр. Өмір жолынан да абайлап жүріңдер. (Алмагүл әкесін құшақтап, жылап кітапты құшақтап, артына қарайлап шығып кетеді).
(Аурухана. Лашын Мұқағалиға тама-
ғын бергісі келеді. Мұқағали «ішпей-мін» деп басын шайқайды)
Лашын. Мұқағали ішсеңші, Құдай-ау, тамақ ішпесең не боласың? Кішкене ғана ұртташы.
Мұқағали. Лашын, тәбетім жоқ. Мен енді көпке бармаспын. Марқұм әжем де, әкем де, Майгүлім де осында жүр. Енді солармен бірге боламын. Олар мен келеді деп қуанатын сияқты… Лашын (Лашынның қолын ұстайды), саған өмірде қиындықты көп көрсеттім. Бағалай алмадым. Көп жағдайда ақын тағдырым адам тағдырыма бағынбады. Лашын, балаларыма өзің ғана түсіндіріп айтарсың. Мынау менің «Халқыма хат» соңғы өлеңім, газетке өздері сұрап алады. Лашын, мен кетемін, бірақ өлмеймін, менің жырларым Ұлы Дала аспанында шарықтайды әлі. Білесің бе, мен келер ғасырмен, 21-ғасыр жастарымен бірге жасаймын. Мен өлмеймін, өлмеймін. (сандырақтап) Қазір таксимен Одаққа барайық, балаларым, балаларым жас еді… Айтып кетейін, тапсырайын…

Лашын. Мұқаш, саған не болды? Сен жазыласың, міндетті түрде жазылуың керек. Өзің айтпақшы балаларың жас қой… (жылайды). Сен маған, балаларыңа, анау қарт анаңа керексің ғой. Мұқағали, Мұқағалиым менің. Сендей адал жар да, сендей елін сүйген ақын да біреу ғана. Мұқағалиым менің, сен – менің жанған шырағымсың, шашылған шуағымсың! Мұқашым-ау, кеш, кеш мені арысым, кеш мені!
Мұқашым-ау, қыран құсты жақсы көруші едің, құс боп ұшып кетпекбісің? Мұқашым!
Мұқағали. (Әрең сөйлеп. Тырналардың даусы естіледі). Көктем келді, ауылға көктем келді. Тырналар қош айтысып бара жатыр… Лашын, бүгін 27-наурыз ба?
Лашын. Иә, 27-наурыз. 1976 жыл. Мұқағалиым, шырағым, шуағым… менің…
соңы.

Қойылым соңынан Фариза Оңғарсынованың «Мақатаев туралы жыр» өлеңін үш студент оқиды.

Мақатаев туралы жыр

1-ші студент:

Бір өзі мұхит сынды,жағасы арман, Ағысы жағасына арна салған;
Толқыны тасқындаса, тау қопарып, Жабықса, жусаннан да аласарған.

Сыздатып кеудесін жыр, таңдайын – ән, Бетке алған сұрапылды қандай ұлан?
Әйтеуір алқам-салқам жолға шықты Киелі Хантәңірінің баурайынан.

Бал күндер тақым салған тайға күрең, Жүдеу кез, наны тапшы, айраны кем… Бұрылып қош айтысты
Қарасазбен, Аршалы сайларымен,
сайранымен.
Сол әлем жұмақ па бір, жай ма бөтен, Дәл сондай Жер бетінде қайда мекен? Ай мүйіз арқар ойнап, жүйрік қашып, Күн құшқан Абайлардың
жайлауы екен!

Жай ойнап жүрегі оның жауындаған, Селдетсе – сескенердей дәуір, ғалам. Ей, әлем!
Құшағыңды аш, тербет жанын –
Келеді Қарасаздан дауыл балаң!

Қалмайсың ол дауылдан сауың да аман, Ақын ба жыр дертімен ауырмаған!
Сұрапыл сары балаңның сарынына Құлақ сал, жауыр далам, дауыл далам!

2-студент:

Аға іздеп асқар көңілі бұлттан асқан, Қалардай жаны жайрап кілт қарастан, Пәктікке аңсары ауып, дүниеден
Іздеген мөлдірлікті шықтан асқан.

Сен қалай байқамадың, батыр ғалам, Өртеніп бара жатты ақын балаң; Теңіздей махаббатын көтеретін,
жан таппай, өз отына лапылдаған?

Жай тастап тіршілікке теңбілді ала, Жойқындай жыр-әлемге ендің дара. Найзағай сезіміңді сіңіруге
Қайраты жетсе жетер Жердің ғана!

Тынысын тоқтатқанда дара шабыт, Түскендей жәудір көздің қарасы ағып, Аңырап ботасы өлген аруанадай,
Жыр-ару күңіренді қара салып.

Тым сирек күрсінеді бұлай халық, Салмағын ажалымен сынайды алып. Күңіренді қазақ жері, кеудесінен
Оқ тиген ақ бөкендей шыр айналып.
Бүк түсіп қалды кенет қырат күллі, Қайнары қақталғандай бұлақ тынды.
Аспанның кеудесіне басын сүйеп Булығып Хантәңірі жылап тұрды.

Тау, дала, ұмытқан жоқ сол күнді әлі: Күңіренді Ертіс, Жайық толқындары, Күрсініп Көкшетауда қарағайлар,
Жоқтады аспан тектес сол тұлғаны.

Шың – Қадыр, бір жағымда
шоң Тұманбай Тұрса да,
Бір тірегі олқы жандай,
Жаралы жүрегімді жарға соғам,
Орныңды еш тұлғамен
толтыра алмай…

3-студент:

Жүрегі жолбарыстай, жаны арайлы, От-жалын жанарымен жанап Айды, Ол енді сұңқар жырдың қанатында Көктеңбіл Планетаны аралайды.

Самғайды қуатты өлең, кермекті өлең, Сырласып жалғыз тілде жер, көкпенен. Жасындар жанұшырып қорғалайды, Енді оған сөз де өтпеген, оқ жетпеген.

Тойған жер, тойымсыз жер, тойлы дала Бай әлі сүріндірер ой-жыраға.
Сұңқар жыр аспанында саңқылдайды, Мұң тастап ойсызға да, ойлыға да.

Жүргендер жыр басқарып,
Күн жастанып
Сүңгімес мұң дертіне, тұрмас налып.
Тек көктің шаңқылына елеңдейді,
Өрт тұнған көкірегіне бір жас халық!

Сол тыңдап шамырқанған
көк тарланын,
Әнінен ажыратар көп қарғаның.
Шыжғырсын, шырқыратсын
шоқтар жанын –
Жалғайды ол ғасырларға
отты арманын!
Самғар жыр жүректер таңды ұрлатып, Жанарын жасқай алмай
жаңбырлы уақыт,
Тыңдатып Күнге ғана мұңды әуенін, Өмірлік нұрға көмер алдын бақыт.
Жалған даңқ, жасанды айбат
былай қалып,
Жол жеген жартас сынды
құлайды алып.
Тағдыр-жыр жасар бірақ іңкәр жерде Мәңгілік Күн-ғұмырды шыр айналы
1-көрініс

(Бір қыз бен ұл сахнаға шығады. Алқын-жұлқын ойнап жүреді. Ойларында түк жоқ. Қыз кенет аспанға қарап):
Әйгерім. Ерқанат, тырналарды қара-шы. Олар қайда ұшып бара жатыр екен?

Ерқанат. Қазір сұрап келейін (екі қолын қанат қып жайып, қызға жақындайды).

Әйгерім. Ерқанат, мен шын сұрап тұрмын ғой.

Ерқанат. Онда мен де шын сұрайын. Аууу, тырналар, қайда ұшып бара жатырсыңдар? Қайдан ұшып келе жатырсыңдар? Сендер осында қонсаңдар, менің қасымда керемет әдемі қыз тұр соны көрер едіңдер…

Әйгерім. Тырналар аспанға жазу жазып бара жатқан сияқты. Неге олар басқа құстар сияқты ұшпайды екен?
(Ерқанат тырналарға бір, Әйгерімге бір қарайды. Қызға жақындап келіп, қолынан ұстайды. Қыз да таң қалып жігітке бір, аспандағы тырнаға бір қарайды).
Ерқанат. Тырналар да бір-бірінің қолдарынан ұстап ұшып бара жатқан сияқты ғой. Қарашы.

(Екеуі де тырналарға қарап тұрады, бірдей уақытта көздері түйісіп қалады. Қыз шошып қолын тартып алып, кейін шегінеді. Екеуі бір-бірінен үріккендей, екі жаққа кетеді. Ұлы сезім махаббатың келгенін сезгендей болады).

Әйгерім. (өз-өзіне). Жоқ… мүмкін емес… біз доспыз ғой…

Ерқанат (жүрегін ұстап). Бұл не? Неге жүрегім тарсылдап барады? Біз бала күннен біргеміз ғой. Мен оны кішкентай кезінен білем емес пе? Бүгін көргендей не болды маған?

Әйгерім. Ол менің талай рет шашымнан тартып жылатып еді ғой.

Ерқанат. Ол өзіне не алса, ата-аналарына айтып маған да соны алғызушы еді ғой. Мектепте жүргенде үйінен маған бір алма, өзіне бір алма алып келуші еді ғой.
(Мектептегі кездерін естеріне түсіріп тұрады).

2-көрініс

Кішкене Әйгерім. Ерқанат, үсті-басыңды шаң қылмай ойнасаңшы. Мә, саған алма әкелдім. Жүр қолыңды жуып ал. (Әйгерім Ерқанаттың қолынан тартады, Ерқанат ойнап, Әйгерімнің шашынан тартады). Ерқанат, шашымды жұлдың ғой. Онда саған алма жоқ. Бар кете бер.

Кішкене Ерқанат. Жоқ-жоқ, енді ешқашан шашыңды жұлмаймын, қарным ашып тұр, берші алманы.
Кішкене Әйгерім. Болды көп ойнама, терлесең, ауырып қаласың.

(Ерқанат пен Әйгерім мектептен қайтып келе жатыр. Әйгерімнің сөмкесін, өзінің рюкзагын Ерқанат көтеріп келеді)

3-көрініс

Ерқанат (Адам ата бейнесінде).
Мен – Адам ата.

Әйгерім (Хауа ана бейнесінде). Мен – Хау (а) ана.
Адам ата.
Мен де таза, ол да таза, ауа да,
Жылжып ағып жылға
жатыр қой толқын,
Харекетсіз біз отырмыз жағада.

Хауа ана.
Айналамыз алау жасыл, жаннат бақ, Аңтарылған екеумізді ардақтап.
Бет алған ек біздер қайда бармаққа? Неге отырмыз жұрт көзінен аулақтап?

Адам ата.
Не күш бізді бастап келді білмейміз, Неге біздер ойнамаймыз, күлмейміз?

Неге біздер бұрынғыдай асыр сап,
Алдым-жұлдым арпалысып жүрмейміз?

Хауа ана.
Әрі жақын, әрі алыс арамыз
Қыз бенен ұл… бөлініппіз, қараңыз… Адам ата: Қыз бенен ұл…
Жер мен көктей арамыз,
Жер менен көк жақындасып барамыз.

(Бір-біріне жақындап барып, тоқтай қалады. Екеуі біріне-бірі үнсіз қарап тұр. Екеуі келіп отырады).

Хауа ана.

Біз отырмыз, ешнәрсе де демейміз, Ешнәрсені түсінбесек, не дейміз? Жылып аққан жылғаға тас лақтырып, Құныға кеп құмға аяқты бөлейміз.

(Аяқтарын шешіп тастап, арасында бір-біріне қарап күліп қояды).

Адам ата.

Ал табиғат…
Ал табиғат тым басқа,
Түйіп болмас, сүйіп болмас, сыр-дастан. Ыю-қию құстар анау шуласқан, Көбелектер нәр алуда тынбастан.

Хауа ана.
Шалғын мынау, бұйра шашын тараған, Сары, жасыл, қызыл гүлдер – сан алуан. Сағым болып теңселеді тау-орман, Барлығы да сүйісуден жаралған.

Адам ата.
Бар өлкеде бара жатыр нұр жанып, Бәрі бізді бағатындай ұрланып.
Адам ата бастап берген күнәға, Біздер бірақ, мойнымызды бұрмадық.

Хауа ана.

Бақа-шаян, айуандар не түрлі,
Сол күнәні қалайтындай секілді.
Басқа шығып бал шарабы көктемнің, Балбыратып, мазамызды кетірді.

Адам ата.
Не керемет бізді мұнда тастаған?
Ол да мене, мен де одан жасқанам.
Айналайын, Адам ата, Хауа ана,
Алдыменен қайсың едің бастаған?
Әлде сен бе, айналайын, Хауа ана, Қауызын ашқан гүлге ұқсап қараған?

Хауа ана.
Адам ата, әлде сен бе, ақ гүлден,
Нәр алғанды тіршілікке балаған?

Адам ата.

Айтарым бар сендерге мен мақтанып, Сендер батқан күнәға біз батпадық.
Тұрған болар әйтеуір бір от жанып, Жанып барып, жанып барып тоқтадық.

Албыраған алмадайын Хауа анам,
Албырап бір отыр еді манадан.
Шырт етті де бұтағынан үзіліп,
Шолп беріп, суға түсті жағадан.

Сермеп қалып аппақ сазан білекті, Ағынымен арпалысып бір өтті.
Су сипалап, су аймалап денесін,
Мен өппеген дидарынан су өпті.

Аунап, тулап, арнасында жылғаның, Араласып кетті-ау кетті су, жалын.
Сонда барып, сезді менің қу жаным, Су мен өрттің өрістес боп туғанын.

(Қыздың шашы иыққа төгіліп, жеңіл торғын жамылып, күлімсіреп жігітке қарайды. Жігіт қызға жақындайды…)
Адам ата.
Махаббат па, әлде басқа сезім бе, Сезінбедім сол бір сәтте өзім де, Қысқа өмірдің қызғылықты сәтінің, Суреті тұр, мынау менің көзімде.

4-көрініс

Әйгерім. Ерқанат, қарашы, тырналар қонып жатыр. Жүрші барып көрейікші.

Ерқанат. Жоқ бармайық, олар алыстан ұшып келе жатқан құс жолаушылар тынығып демалсын, үркітпейік.

Әйгерім. Ерқанат, сен өзгеріп кеттің. Бұрын мұндай емес едің ғой.

Ерқанат. Иә, Әйгерім, мен ержеттім, сен бойжеттің. Бізден балалық ұшып кетті…

Әйгерім. Қайда ұшып кетті?

Ерқанат. Осының алдындағы тырналармен ілесіп ұшып кетті. (Әйгерім ойланып қалады). Жүр қайтайық.

Әйгерім. Ерқанат, менің сөмкемді алып жүрші, мен қазір өзенге барып аяғымды шайып алайын.

Ерқанат. (Әйгерім жүгіріп бара жатады. Ерқанат қарап тұрып) Әйгерім, сен менің бала махаббатымсың… Менің аспандағы айымсың, менің тентегімсің, сен менің тағдырымсың.

Әйгерім. (Қолын артына ұстап келеді). Ерқанат, қарашы тырналар аспанға көтерілді. (Ерқанат аспанға қараған кезде Әйгерім суды Ерқанаттың бетіне шашып жібереді де өзі қаша жөнеледі. Ерқанат қуып жетіп шашынан тартады. Екеуі қол ұстасып кетіп бара жатады).
СОҢЫ.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *