ҮРКЕР ҮРКІП БАРАДЫ… ҮРКЕР ҮРКІП БАРАДЫ…
               Аманкүл ПІШЕНБАЙҚЫЗЫ, 1966 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылында туған. Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.... ҮРКЕР ҮРКІП БАРАДЫ…

               Аманкүл ПІШЕНБАЙҚЫЗЫ,
1966 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылында туған. Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Қазір Қарағанды қаласы Ә. Бөкейхан атындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет етеді. 

                КІСІЛІК

Адамдар-ай, адамдар!
Өбектетті! Не боп кетті бұл заман?
Құз құлады, теңіз ақты жылғадан.
Біреу жүзді желкені жоқ қайықпен,
Ал біреулер!
Құмырсқадай мыңдаған,
Жете алмай жүр мақсатына мұхитта,
«Титаниктей» алыппен.

Кеше ғана бірге жүрген мың досым,
Мың айналған, шырайланған шын досым–
Дүрбелеңге түскен кезде дүние,
Ауылымнан аулақ салды іргесін.
Алма-кезек мынау жалған дүние,
Күледі екен кісәпірлеу күйіңе.
Кеше ғана салтанатпен
Сәлем берген бір сабаз,
Бүгін міне, маңғаздана тілеп тұр,
Мені алдына келсе екен деп иіле.

Жоқ! Бәрібір соңым – соқпақ, алдым – жар!
Сезіміме сеніміммен салдым нәр.
Бүркіттей боп бүрем егер бейуақта,
Бақытыма көз алартса малғұндар!
Не боп кетті? Қайда барсаң кісілік!
Бай құдайға жетем дейді ісініп.
Ал кедейдің кердеңінен сақтансам,
Ол шіркін де жатқан жоқ қой түсініп.

Абыздардан көре алмадым адалдық!
Нағыз жаннан жылтыңдайды надандық!
Бас екеу ме? Жоқ!
Сондықтан сақтанам,
Бәсекеге айналғанда жамандық.
Қу заман-ай, жүректіні жалмайды!
Жемтігін де жылан болып арбайды.
Анасының уызына қанбаған,
Адасқан жан аттап өтіп әкесін,
Жамағатқа жөн сілтеуден танбайды.
Қойыңдаршы, кісілер!
Қара халқым қарашасын түсінер.
Таласпаймын атаққа да, атқа да!
Бақытқа да, баққа да!

Жоғын жоқтап, мұңын шақсам халқымның
Тәңірімнің өзі берген өлеңім
Поэзия қазанында пісірер!
Сайқал өмір сонда ғана түсінер –
Тілегімнің, түнегімнің дауасын!
Жүрегімнің жұпар шашқан ауасын!

 
       ТҮН ДЕ КЕЙДЕ КҮЛЕДІ

Тереземнен қарасам… түн күледі!
Түн деген де, апыр-ау,
түлкі ме еді?
Түн ішінде осынау түннен басқа,
Айтыңдаршы білсеңдер, кім күледі?

Түн деген де күле ме? Білмейді екем!
Түн ішінде түн ғана гүлдей ме екен?
Түн ішінде гүлдер де гүлдемей ме?
Білмейді екем оны да, білмейді екем!

Күн күледі деп естіп, біліп өстік!
Күнмен ғана күлімдеп күліп өстік.
Енді міне (О ғажап!) Күн түгілі,
Күледі екен Қазақтың түні де өстіп.
Күлсін! Күлсін! Түн күлсе болмай ма екен?
Ай бозарып, жұлдыздар тоңбай ма екен?

Жымыңдауды патенттеп алған анау,
Жұлдыздар да, ойпырмай, оңбайды екен!
Тереземнен қарасам… түн күледі.
Күле берсін! Күлкісі түрпі ме еді?
Күн ғана тек күледі деп ойлайтын,
Менің ойым (әй, арам) күлкілі еді!
  ҮРКЕР ҮРКІП БАРАДЫ

Құшағына ап қаланы,
Қимай-қимай даланы,
Ай мен Күнге өкпелеп,
Үркер үркіп барады.

Тағдырлы ма топ жұлдыз?
Топтаса алмай көп жұлдыз –
Шаршап қалған қазақтай,
Шашырады шоқ жұлдыз.

Ерте тұрған біреуі,
Ертеңіне қарайды.
Ерке туған біреуі,
Еркелерді санайды.
Таң атқанда көп жұлдыз,
Күн болам деп таласар.
Түнде бірақ жоқ жұлдыз,
Қараңғыға қарасар.

Айдың өзі қиылып,
Түннен сауға сұрайды.
Жұлдыз біткен жиылып,
Жерге қарай құлайды.

Жердің көзі жасқана,
Күнді іздейді. Не болған?
Ердің көзі мастана,
Түнді іздейді. Не болған?

Жұлдызы көп – Айы жоқ,
Қараңғыда адастым.
Тұлпары жоқ – тайы көп,
Тағдырыммен санастым.

Санаспасқа болмайды,
Ұрпақ деген ұл-қыз бар.
Жүрегіме толмайды,
Жерде жатқан жұлдыздар.

Құшағына ап қаланы,
Қимай-қимай даланы,
Ай мен Күнге өкпелеп,
Үркер үркіп барады.
ЖІГЕРЛЕНДІРУ

Сілкін де сілкін! Сілкінші!
Сілкінші мұңшыл сезімім.
Сілкінбей өткен өмірден,
Секундтың тіпті өзі мұң!
Кілкілдеп қалған көңілден,
Қарайып кетті сезімім!
Тот басып қалған темірден,
Тағы айып тартты төзімім!
Көңілдің күнсіз көзімін!
Көмірдің күлсіз өзімін!
Өкшеме кірсе тікені,
Өлмейтін өмір сөзімін!
Өлгенді қайта тірілтсе,
Өз үнім ол да! Өз үнім!
Мүмкін бе бәрі? Мүмкін бе?
Мүмкін ғой бәрі мың күнге!
Ебелек болып ел кезу,
Ерге сән болды бұл күнде!
Ездерге ермек боп жатыр,
Есалаң болған күлкің де!
Есі жоқ ез де бір күнде,
Ереуіл атқа ер салмай,
Ер болам дейді мың түнге.
Құр жүріс бәрі болмай ма,
Мың жүріс қоспай бүлкілге!
Өнерін білмей тұрса да,
Көмегін созды кім кімге?
Мүмкін бе десем, мүмкін бе?
Мүмкін ғой дейді бұл күнде!
Сондықтан сен де құр күлме,
Ессіздер елге бас болса,
Езіп бір таста! Сілкін де!
Езіп бір таста! Сілкін де!
         НЕСИЕ ТОЙ

Немкетті өмір нәр септі ме?
Неге жұбын жар сөкті?
Темір есік тарс етті де,
Тарғыл төбет арс етті.
Екі күннің бірінде рас,
Кеш келеді күйеуі.
Шоқтай қызыл гүлін де рас,
Сезімімен сүйеді.
Махаббатқа мұң қонды ғой,
Өйткені өмір кейде ылди.
– Қайда жүрсің?
Түн болды ғой, – десе:
«Жұмыс», – дейді ылғи.
Үндемей-ақ қоя салар еді,
Болмай барады.
Күні-түні тоят алар,
Ақша болды араны.
Қабағымен қырауланып,
Ас бөлмеге беттейді:
— Анау банк, мынау банк,
несиелер көп, — дейді.
Онысы енді таза шындық:
Несиемен той өткен.
Содан бері мазасыздық,
Сенім быт-шыт, ой өктем.
Өмір жайлап өрлегенмен,
Өкініш те жетеді.
Сезім әлі сөнбегенмен,
Сенім дір-дір етеді.
Қашан жияр есін осы?
Қарыз көп қой тойдағы.
Несиенің несібесі —
Отбасының ойраны.
Немкетті өмір нәр септі ме?
Неге жұбын жар сөкті?
Темір есік тарс етті де,
Тарғыл төбет арс етті!
ҚУҒЫН-СҮРГІН

көрген қазақ монологы

 

Бүгін жылайтын күн еді!
Құлайтын күн еді!
Жылап болғам! Мен енді жыламаймын!
Құлап! Тоңғам! Өлем бе?
Құламаймын!
Қурап қалған қазақтың сүйегінің,
Құнын неге құлдардан сұрамаймын?

Құм жиылып тас болған заман еді!
Құл жиылып бас болса, жаман еді!
Жаман еді кедейдің
кердеңі де!
Көрден шыққан! Қарамай өлгеніне!
Бүгін сынайтын күн еді!
Мұңым тым айқын еді!
Өмірімді өнерге сүйеп көргем!
Өлігімді өлеңге тиеп келгем.
Архитектор! Кім әлгі?
Адам ба еді?
Күмбез салған кураған сүйектерден!
Жүр ғой әлі! Бітсін-ай, қайдан былық?
Түн ғой әні! Қарайды
Айдан күліп.
Қасиетсіз кадрлар кердеңдейді,
Қорымдарды қораға айналдырып!
Мен бәрібір өлгем жоқ! Дәмеленбе!
Дәні өнерге айналған!
Әні өлеңге!

Тағы өлем бе? Жоқ! Жетер!
Енді өлмеймін!
Көрге енбеймін мен енді! Төрге өрлеймін!
Сенделмеймін! Сенделіп болғам бұрын!
Оңған күнім болмады!
Толған күнім!
Енді менің жылынсын жүрегіме,
Ей, жұмыр жер, кешегі солған гүлің!

                             ***

Құдай құлға қаратпасын күнімді
Арзымайтын ауыр сын мен жеңіл сын,
Жүректерге жете алмаса, жеңілсін.
Түзеймін деп топастардың әлемін,
Өзім топас боп кетпесем неғылсын?!

Меңдуана меңді гүлге тең бе еді?
Тағдырыма тықпашы дос теңгені.
Сәмбі талдың бұтағындай майыссам,
Сынғалы тұр деп ойлама сен мені.

Еңбектемей еңбек етсең, сенім сын!
Егілетін жүрек сонда егілсін.
Қараларды ағартамын деп жүріп,
Өзім «негр» боп кетпесем неғылсын?!

Бақыт ілмей балықшының қармағы,
Қарап тұрып қасіретті қармады.
Қараяды қара жолдың басында,
Алданыштың ағармаған арманы.

Өрден төмен домалатса өмір сын,
Домалатсын! Тас төбемнен төгілсін!
Бүкірлерді түзетемін деп жүріп,
Өзім бүкір боп қалмасам неғылсын?!

Бір кезеңді қосам деп бір кезеңге,
Ерте оянам елдің мұңын сезем де.
Мұхиттарға жету үшін адаспай,
Бұлақ кейде қосылады өзенге.
Осындай ғой өмір байғұс бүгінгі,
Айды алдаумен жарық қылам түнімді.
«Шыдай тұрға» шыдасам да әйтеуір,
Құдай құлға қаратпасын күнімді.
БІЛІМІ ЖОҚ…

Білімі жоқ бейшаралар озып тұр
Адамдар-ай! Адалдар-ай! Гүлсіңдер!
Қайдасыңдар? Қай қуыста жүрсіңдер?
Қарап жүрмей қара аспанды төндіріп,
Қанымды ішті-ау қаны сұйық күншілдер!

Қайда кеткен құрып қалғыр тіреулер?
Біреуден қал, біреуден оз, біреуге ер.
Жүрегіңмен сәл жымия қарасаң,
Жеңілтек деп ойлайды екен біреулер.

Тұрмыс билеп тұрған кезде санаңды,
Қиын болар кінәлау да адамды.
Біреу ойсыз кінәлайды адалды,
Біреу тойсыз кінәлайды заманды.

Жазылмаса, жаны мұңлы жыр да азап!
Керегеңе ілінеді құр мазақ.
Көңіл жайлы көңілсіздеу сыр айтсаң,
Көңілдесім болшы дейді бір қазақ.

Қылмыс билеп тұрған кезде қалаңды,
Дүбәралар дүбірлетер далаңды.
Басқа тірлік болмаған соң басыңда,
Ақша тірлік жаулайды екен санаңды.

Бағы барлар бірлігімен топтасар,
Тағы барлар тірлігімен соттасар.
Көре алмайтын адамы көп қоғамның,
Бере алмайтын бақытын да тот басар.
Арқан керіп айдалаға созып бір,
Талқан болып бара жатыр тозып қыр.
Ғылымы көп ғұламалар мұңайып,
Білімі жоқ бейшаралар озып тұр.

Тәңірінің таңдап берген сыйына,
Ой жетпесе әңгіме жоқ, қиын, ә?!
Шекесіне күн тимеген бір қазақ,
Шеге қақты махаббаттың миына.

Адамдар-ай! Адалдар-ай! Гүлсіңдер!
Қайдасыңдар? Қай қуыста жүрсіңдер?
Қарап жүрмей қара аспанды төндіріп,
Қанымды ішті-ау қаны сұйық күншілдер!
                ТАЛҚАНЫҢДЫ
          тартып болам дегенше
                     (Бір досқа)

Сен мені, досым, мақтама!
Ақтама да! Әуре болып даттама!
Шабыт керек шаршамауың үшін де,
Басыңдағы бармақтайын баққа да!

Оймақтайын ойым осы талайдан,
Жақын жерден жеткізбейді қарайған.
Пәлен жерде алтын бар деп, айтады-ау,
Бақыр таппай бос сандалған талай жан.

Құтты жерің құтты болмай жүргесін,
Қымтап ұстау керек екен іргесін.
Тілегіңді айтып болам дегенше,
Жүрегіңді пышақтайды бір досың.

Өмір осы біреуге ылди, біреуге өр!
Көңірсиді кейде арамза тілеулер.
Талқаныңды тартып болам дегенше,
Талқаныңды шығарады біреулер!

Сен маған айтпа әңгіме!
Әңгіме емес арғымақ та, әңгі де.
Құтырғанның қорасына мен былтыр,
Құлып салып тастағанмын мәңгіге!
Бақшасы жоқ! Ақшасы көп әлді де!
Аттасы жоқ, жақтасы көп сәнді де!
Сиқыр сөздің сәйгүлігін мініп ап,
Айтып жүр-ау салмағы жоқ әңгіме!

Тұлпар әне! Тұр ғой, қара! Жер тарпып!
Міне алмасаң, кел, тартпасын бер тартып!
Томирис боп өліп кетсе арман не!
Жерім үшін жүрегімді жер тартып!
Сен маған, досым, сүйінбе!
Кері кеткен кержаққа да күйінбе!
Ері кеткен ел жаққа да бір уақ,
Қарап қойшы! Қарап жатпай үйіңде!

«Жау қайда?» – деп жаулықты
Ана шыққанда!
«Мал қайда?» — деп даурыққан да,
бұққан да –
Еркек емес! Ондай еркек қазақта,
Ешқашан да болған емес ұққанға!

Сен мені, досым, даттама!
Кейде қара жағылады аққа да!
Қаңтарда да кейде жаңбыр қарменен,
Араласып жауады екен баққа да!
Сен мені, досым, мақтама!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *