АҢШЫ КҮНДЕЛІГІ
21.10.2020 0 4 171
Төлеген ЖАМАНОВ,
1978 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Қараағаш ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік уиверситетінің тарих факултетін бітірген. Қаражал, Жəйрем, Жезқазған қалаларында мемлекеттік мекемелерде қызмет еткен. Қазіргі таңда ауыл шаруашылық саласында жеке қожалықта еңбек етеді. Облыстық, Республикалық ақындар айтысының бірнеше мəрте жеңімпазы.
БІРІШЕК
(қасқыр туралы хикая)
Биыл қаңтар айының ортасында Ұлытаудың солтүстік шығысына қарай орналасқан Омар деген қыстаққа бардық. Бұл қоныстың қазіргі егесі Жезқазған өңіріне Атымтай жомарттығымен аты шыққан Марғұлан Молдашов деген досым. Мақсатымыз кеше жауған жаңа қармен із кесіп, қасқыр аулау. Айнала ақ ұлпа. Жезқазғаннан қос көлікпен шыққан бағытымыз бүгінгі қонаға сол қыстаққа жетіп жығылу. Сайдың тасындай азаматтармен əр əңгіменің басын шалып межелеген жерге кеш батқан мезгілде жеттік.
Хан сарайындай зəулім үйге түсіп, асай-мүсейімізді түгел түсіріп ішке ендік. Төрдегі кең дастарханға алқа-қотан дөңгелей отырып қонақ асыға қол салдық. Сайдың тасындай сатырлаған сен тұр мен атайын жігіттер ертеңгі сонарды сөз ете бастады.
Менен басқасының бəрі осы Ұлытау табанының азаматтары. Жер жағдайын жақсы білетін, арасында аңшылыққа ерте араласқаны бар бəрі ертеңгі таңның нəсібесін талқылауда. Бағыт-бағдарларын жоспарлауда. Кезек сөйлеп арасында бір-бірін қуаттап алатын кездері де болады. Əне-міне деп əңгіме дүкен құрып отырып, буы бұрқыраған соғымның етінде еңсеріп тастаппыз. Туған ай тураған еттей демекші етті желініп, біраз уақыт демде жылжып кеткендей. Дəмге бата беріп, шай жасалғанша бəріміз сыртқа шықтық.
Дала тынық. Үп еткен жел жоқ. Қансонар. Қансонар емес өлім сонардың өзі болғалы тұр бұйырса. Отттарын өшірген түнгі ауылдай аспанда тастай қараңғы. Ептеген шыңылтыр аяз бар. Аяқты аңды жортқызбай қоймайтын қыспақ аяз. Өз əлімізше ауа-райын болжап шай дайын деген шақыртумен ішке кірдік.
Дастарханды жағалай тастаған жастықтарға шынтақтай жатып қызыл күрең қою шайға бас қойдық.Қолдан қолға өткен шынаяқтар да егелерін іздеп байыз табар емес..Бір əңгімеден бір əңгіме туып бір тамаша күйде отырмыз. Босағаның оң жағында шаңыраққа тұмсығын созған қару-жарақпен, оққа толған оқшантайлар ертеңгі күннің көрігін қыздырғалы тұр. Арасында ескі əңгімелерге де есік ашып, осы өңірдің есті адамдарынан естелік те айтып қоямыз. Мен əсіресе Ұлытау бауырында өткен бай-бағландар мен би-батырлар жөнінде көп ізденіп, елден жеткен ескі əңгімелерді қозғап қоямын. Күні қысқа, түні ұзақ қыс айы ғой. Уақыттан қысым жоқ.
Келе-келе əңгіме қайта қасқыр тақырыбына ауды. Қазақтың қай жігіті үшін де қасқыр қан қыздырмай қоймайтын əңгіме ғой. Қасқырдың қасиетінен бастап олардың тектілігі, түрі, айласы, ақылы,емдік қасиеті, Тəңірдің ерекше жаратқан жаратылысының біріне дейін шама-шарқымыз жеткенше қызыл-қырман қызу əңгіме қылдық.
Қасқырда да көсем болады екен. Оларды Абадан, Атай, Бірішек, Қаражал, Көкжал деп те атайды екен. «Ішіндегі мықтысы Бірішек болады екен» деп мен Сəкен Жүнісов ағамыздың Ақан сері туралы жазған кітабында Көкшетау баурайын шулатқан атақты Бірішек қасқыр туралы оқығаным бар еді. Соны сөзіме тұздықтап сол арлан қасқырды Құлагермен Ақан сері таң алдында қуып, кешкі қызыл іңірдің алдында зорға жетіп соққанын білуші едім. Соны айтып, шəйланып болып қалған тұста əңгімеге Бексұлтан деген жігіт араласты. Əлгіннен бері əңгімеге аса сұғынбай отырған Бекең, мен Бірішек қасқыр соғып, сойған адаммын демесі бар ма?
Əдемі əсерлі əңгімеге көтеріліп алған бəріміз бетімізді соған бұрдық. Менің ын-дынымды əкетіп бара жатқан – Бірішек. Оқығаным болмаса көрген қасқырым емес. Ал мынау, Бексұлтан соны соғып, соны сойдым деп жай ғана шайының соңын сарқа ішіп, кесесіне көлденең қасығын асып дастарханнан кейін шегініп, əңгімесін айтуға ыңғайлана бастады. Қалғанымыз демімізді ішке тартып сөзін бөлмей соның бетіне қарадық та қалдық. Бұл жігіт те осы Ұлытау табанынан. Сүйегі Найман ішінде Бекболат. Даланың қазағы. Сөзіне бейпіл араласқанмен, ызғарлы азамат.
Əлқисса.
1992 жылы əкем Нұрсұлтан жеке шаруашылық ашамыз деп сол Тұяқ деген жерге бөлініп шықтық. Əкей кезінде совхоздың жылқысын бағып, мойнына мал мініп абақты аралап келген адам еді. Əулетте он төрт баламыз – 9 ұл, 5 қыз. Содан алдымызда азын аулақ мал, тоқты-торым, екі үйірге шамалас жылқы жиып «Ержанның қара адырына» келіп қоныстандық.
Ұлытаудың оңтүстік батысында аудан орталығынан 37 шақырымдай жерде «Ержанның қара адыры» деген жер бар. Соның етегін ала Ұлытаудың бұйраттарына сұғына енер тұсын Тұяқ деп атайды. Ұрынды жер. Құз жартасы, жыңғыл-жымыраны көп. Мен бұл жерлерді өте жақсы білемін. Жалпы Ұлытау төңірегіндегі бірталай ауыз-екі жер атауларын жақсы меңгергенмін. Қысқасы ол маңайда жалғыз жүрсем де адаспайтын деңгейде жер қыртысын танимын. Оны айтып отырғаным əлгі жігіт «Аңшының əңгімесі» дегенге салып із тастай ма екен деп індетіп отырдым. Ол менің Ұлытау өңірін жақсы білетінімнен бейхабар. Хош.
…Содан не керек Тұяққа келіп орналастық. 1992 жылдан 1997 жылға дейін бақандай бес жыл бойы жылқыға құлын, сиырға бұзау, қойға қозы ермеді. Қысқасы бес жыл қасқыр бақтық.
1997 жылдың мамыр айы болатын. 61 жылы туған аңшы ағам Қасқырбай жүр жортып қайтайық деді. Бұл құралай салқыны басталған уақыт болатын. Киік лақтап, теке бөлінген тұс. Бұл кез қасқырлардың қырық күн азығын елден, қырық күн жерден, қырық күн желден жейтін уақыты. Киік лақтағанда бұлардың етке тəбеті тартпай желден жейтін уақыты екен ғой. О, Құдірет.
Түнімен тауды басына көшіріп ұлыған қасқырлардың үніне үйреніп алғанбыз. Содан бестің шайының уақыты ағам екеуміз екі атқа мініп бір-бір кесе қымыз ішіп алып, бір мелкашка бір 16-шы ұңғылы мылтықпен Ержанның қара адырын бойлап, Қазантау бағытына жүріп кеттік. Ағамның астында бəйгеге қосып жүрген күрең қасқа ат. Содан таудың табанына ілігіп, бір төбеден ағам дүрбі сала бастады.
Біршама уақыт маңайды дүрбілеп отырып: «Əй, ана екі сайдың аяғы қосылар тұста бір түп қарағанның жанында бірдеңе ағараңдайды. Ол жерде құдық немесе тщан (төртбұрышты су толтырып қоятын цемент ыдыс бұрын қойшылар отырғанда пайдаланған) бар ма еді?» деп сұрады. Мен «жоқ» дедім. Онда жақындап барып тағы көреміз жүрейік деді. Менің қолымда 16-шы мылтық. Ұңғысында бір оқ, бесеуі қалтамда. Екі төбені асып 600-700 метр жобасында тағы дүрбі салдық əлгі ағарғанға.
Ағам талай жыл аң аулаған кəнігі адам. Дүрбіні салды да, тез ала қойды көзінен. «Мə, қара» деді. Түрі бұзылып кеткен. Мен де көзімді уқалап əлгі дөңгелек столдың бетіндей болып ағарып жатқан жерге дейін дүрбі жібердім. Аяғын созып, сайдың құламасында күнбатысқа қарап дəу қасқыр жатыр. Басында шықылықтап сауысқан жүр. Анық көріп тұрмын.
Ағам маған жүре сөйлеп, «тез аттарды қалмақша байла да, соңыма ер» деді. «Қалмақша байлау дегенді қайдан білейін? Ол қалай? деп сұрап ем, ұрса сөйлеп, былай деп» екі атты қозғалмастай етіп, өзі айтқандай қалмақша байлап тастады. Содан екінші сайдың саласына түсе бастап едік ағам: «сен осы жерде қал, мылтық пен оқты əкел» десін. Жалғыз ауыз 16-шы мылтық менде деп ем ғой бес оғымен. Қолма-қол мылтықты беріп, қалған оғын қалтамнан алайын десем əлгінде шоқырақтап желгенде түсіп қалыпты. Сонымен ұңғыға салып қойған жалғыз оғымен 16-шы мылтықты алып қосымша атарға мелкашканы алып, ағам алдындағы сайға түсіп төмен кетті. Əсілінде ағам мылтықты екі атпайтын. Бұл жолы қос мылтықпен қатар кетті. Осының алдында ағам тақымына мелкашкасы бар даланың жалғыз аяқ қасқа жолымен келе жатып жолында жақындасып (шағылысып) жатқан жыланды атады ғой аттың үстінен.
Су еткен сумақай оқ турап өте шығады да… Содан тағы бір сапарында аң атып, оғы айдалаға кетеді ғой. Содан қойшы сол жылан атқаннан кейін əлгі мылтық берендігінен айырылады. Бірде мылтығының тимейтінін дəм үстінде əкеме айтады. Сонда əңгіменің ауанын ұққан анам мылтығыңды таза, адал, көп жасаған кейуанаға аттатып алу керек. Бұл ертеден бар ырым дейді ғой. Соны естіген Қасқырбай осы өңірдегі Молдаш қарттың кемпіріне апарып, аттатып мылтығын мықтап келеді. Содан кейінгі қолына ұстап шыққаны осы сапар. Əлі де күмəні сейілмей жүргені ме екен əйтеуір екеуімен қатар кетті.
Мен қасқыр жатқан екінші сайдың бетіне дүрбі салып отырмын. Желдің бағыты бізге қарсы. Қызығы екі сайдың басы бөлек болғанмен аяғы қосылады. Сол қосылар тұстың қабағында қасқыр жатыр. Ағам екінші саймен басқан ізін білдірмей жақындап қалды. Сауысқан шиқылдап ауаға ілініп, қасқырдың үстінде маза таппай тұр. Ол байғұстың да күні жатқан қасқырға қарап тұр ғой. Арланнан қалған ас соның сыбағасы. Сауысқан үшін көкжалдың амандығы керек. «Құдай-ай қашып кетер ме екен» деп демімді ауыр алып, дүрбі салып бар қозғалысты бағып отырмын. Аяқ-қолын еркін жазып жатқан қасқырым бір кезде басын көтеріп, айналасына бір қарап, қайта мойнын созып жатпасы бар ма? Үлкен үнсіз үзіліс сынды ағам да барынша баяу жылжып, барынша сақ қарап, оқ жетер жерге жақындады. Мен дүрбімен қадалып қалғам. Бар қимыл бағулы. Бөрі қозғалар емес. Жалғыз оққа күмәндады ма, ағам да атпай барынша жақындап келеді. Мен қырдан екеуін анық аңғарам, ал ана екеуі бірін-бірі көріп тұрған жоқ. Екеуінің арасындағы сайдың жотасы бір-бірін тасалайды. Тек сауысқан екеуміз ғана сақ қарап, сабырымыз кетіп тұрған.
Ағам ақыры 20 метрдей жерге дейін барып мылтығын қасқырға қаратты. Қасқыр қозғалыссыз. Сауысқан ескерту жасап, міндетінен құтылып жөніне кеткен. Кенет мылтықтың гүрс еткен дауысы сай қуалап кетпесі бар ма? Оқ қайда кеткенін қайдам, мылтық атылғанда мызғып жатқан көкжал орнынан екі метрдей көтеріліп түсіп сай асып кетті. Мен де дүрбімді салбырата салып саймен ағама қарай жүгіре жөнелдім. Алқынып жүгіре басып жанына келіп «қасқыр қайда» дедім. Ағам «қашып кетті» деді. Сосын жымиды да «анау қырға шықшы» деп алдында тұрған бізден 30 метрдей жердегі жетім төбені көрсетті. Нұсқаған жеріне алып-ұшып барсам есікпен төрдей дəу қасқыр сұлап жатыр. Ағам атқан талай қасқырды көріп жүрмін ғой бірақ мынадайын бірінші көруім. Бас дегеніңіз қазандай, тұмсығы ұзын, сирақтары кəдімгі еліктікіндей салалы əрі бақай жағы сілеусіндікіндей жалпақ. Төсі төмен қарай салыңқы да, алдыңғы екі қолдың ортасы жұдырық сиятындай кең. Белі тазы иттікіндей жіңішке де құйрығы шолақтау. Жоны қара қылшық та тұтас тұлғасы ақ түбіт. Түлеген мамыр айы ғой. Жарау. Жылтыр. Жалма-жан жынысына қарасам сізге өтірік маған шын – қасқырдың құртқасы (ұрғашысы).
Ізімді баса артымнан келген ағам да аң-таң. Арлан деп атқан қасқыр ұрғашы болып шықты. Ендігі қызығын қараңыз.Тобылғы гүлдеп болған бұл уақытта барлық құртқа соқыр (қасқырдың көзін ашпаған он күндік төлі) емізетін кез ғой. Ал мынаның бауыры сорылмаған, емшегі созылмаған. Кеуденің асты тек қара ноқаттар. Ағам басын шайқап бұл өңірде қасқырдың мұндай қаншығын көрген, атқан адамды естіген жоқпын, арланнан үлкен мынандай итқұс көрген жоқпын деп таңдайын тақылдата берді. Алдыңғы төстің тұсынан қара қан ағып жатыр екен. Оқтың орны болса керек .Бас сүйектің сол жақ сыртынан үстіңгі жақтағы азу тіске дейін сыпыра кірген оқ қасқыр сұсын одан сайын суытып жіберген. «Аттарды алып кел» деді.Содан əлгі қасқырды ағам мінген күрең қасқа атқа салайық деп ем ағам жүйрік жылқының белін алады бұл бəле деп тақалтпады. Ақыры қанжыға білмейтін менің қарагер атыма байладық əупірімдеп жүріп. Құйрығы өзінің артқы жілігіне дейін ғана жететін қасқыр бүктеле байланғанда төрт аяғы жерге жетер-жетпес болды. Мəз болып іңір туа ауылға жеттік.
Есіктен кіре əкеме қасқыр соққанымызды, қалай алғанымызды айта бастадым. Əкем сыртқа шығып бөріге көз жүгіртіп «сойыңдар» деді. Ағам екеуміз əкеміздің бұйрығын алып союға кірістік. Жайлаудың басы. Негізінде осы өңірде менің анамның дəстүрлі ем жасайтын қасиеті бар болатын. Сондай ем-шараға кейде қасқырдың мүшелерін түгендеп сойдыратыны бар. Қасқыр соярда кеңірдегін, өтін, српайын (жатырын) алып қалыңдар деп тапсыратын. Содан қолма қол терісін сыпырып, ішін жардық. Сұмдықтың көкесі осы тұста басталды. Қасқа төсті қақ айырып, кеудені аштық. Төстен төмен қарай сырғытып кəдімгі қазақша қазы тілгендей етіп желін майға жеткізіп ішін аудардық. О, ғажап. Ішінде артық ештеңе жоқ. Анау өңештен басталған білектей қып-қызыл кеңірдек асқазанға келіп жалғанғанда, асқазаннан шығып тік барып сыртқа шығатын тоқ ішек болып тұтасып кеткен. Бұрын сойып жүрген басқа қасқырлардай ішінде иірім-қайырымы көп ащы ішек дейтіндерден түк жоқ. Анау ауыздан басталған жуан оқтаудай ішек азқазан арқылы артына бірақ өткен. Түк түсінсек бұйырмасын. Қан-қан қолды жумастан үйге жүгіре кіріп, əкеме айттым.Ол кісінің де ықыласы ауып ере шықты. Көзімен көріп,басын шайқағаннан басқа ештеңе айтпады. Сосын «Бірішек қасқыр» деп осыны айтады деді. Ағам екеуміз əкемізге бір, алдымыздағы олжаға бір қарап союды əрі жалғастырдық. Екі қалақтай екі өкпесі де үлкен екен. Сонымен ерекше қасқыр сойып жатқанымызды түсініп, əр мүшесіне үлкен мəн беріп жалғастырдық.
Əне-міне дегенше күнде батты. Біз де шарауымызды бітірдік. Бірақ бағанағы қасқырдың іш-құрылысы көз алдымнан кетер емес. Таңертең тұрып шай үстінде отырғанда Ұлытаудан жоқ іздеп (мал жоғалтып) бір қария келіп қалмасы бар ма? Содан есен-саулық сұрасып болған соң шай үстінде қарияға кешегі қасқырды қалай атқанымызды, атқа қалай артқанымызды, қалай сойғанымызды, сойғандағы көрген сұмдығымызды айттық.
Ақсақал бізді үзбей тыңдап болып: «Е, қарақтарым алған қасқырларың – Бірішек. Тыңдаңдар мұқият. Бұндай Бірішек қасқыр өте сирек кездеседі. Бұл жұп құрмайды. Қарымайды. Күшіктемейді. Бұл тек қырып-жоюға жаралған. Жегенін тастап, жемтік қылып қайта айналып жемейді. Ашыққанда олжасын қуып жетіп, жұлқи жеп кете береді. Тістеген жерінен бір асым ет ала кететін сондай қайратты,қаһарлы болады. Бұндай қасқырлар төл ертпеген соң мейірім-қайырымнан ада, саяқ жүріп, салқын жорытады. Бірішек қасқырлар бір əуек (бір топ) қасқырлардың асыраушысы, көшбасындағы көсемдері болып саналады. Бұлардың асқазаны бір ішектен тұрады. Өңештен өткен асы асқазанда көп аялдамай сыртқа шығар бір ішекпен кетеді екен. Тез тамақтанатын, тез қарны ашатыны сондықтан деді əлгі қария. Ал,енді ұйықтап жатқан қасқырдың алқымына дейін жақындап барып атуларың үлкен қателік. Шамаларың келгенше құсты ұшырып, аңды жүгіртіп атыңдар. Ұйқыдағы қасқыр оқ дарығанша өздеріңді мерт қылуы мүмкін» деді.
Сөйтіп біз сойған Бірішек қасқырдың тақырыбы осымен тəмам болды. Енді қараңыз, біз қалай осы қасқырды алған соң біздің өңірде қасқыр көрінбей кетті. Малымызға төл еріп, 97 жылдан кейін ғана яғни Бірішек қасқыр атылған соң жылқымызға жабағы ере бастады деп əлгі жігіт əңгімесін аяқтады. Ауыр демалып бəріміз дастарханнан тұрып сыртқа шықтық. Күн желдетіп тұр екен. Түннің түбіне қарап мен де ертеңгі қансонарда сондай бір Бірішекке жолығардай сезіммен ішке ендім…
ШИБӨРІ
Арқаның кіндігі саналатын Жаңаарқадан Жезқазған бағытын бетке алсаңыз аудан орталығынан солтүстік батысқа қарай алпыс шақырым қашықтықта орналасқан Бөтей деп аталатын төбе бар. Ескі əңгімелерде Бөтей əйел есімі. Сүйегі ел ішінде ықпалды Алтайдың Тоқа руынан. Төбе сол кісінің мəңіге көз жұмған мекені болып, басындағы қойтастар бейітінің белгі тасындай бүгінге дейін əлгі ананың атын өшірмей тұр. Маңайы жазықтау, оқта-текте ойпаң жерлерде ұшырасады. Əсіресе осы төбенің батыс беті кезіндегі Келтетал колхозы болған сайы тереңдеу, қос қабағы ши-шілікпен шегенделген шалғынды жер. Шабындыққа жарамаса да жайылымға жайлы. Өзенді бойлай өскен тырбық талы жылқыға көлеңке де, жылап аққан сиыр сирақ суы ірі қараның сəйгеліне тұсау. Суының басы шығыстан шығып, аяғы Сарысуға құяды. Екпіндеп ағары жоқ, қар суымен қабаттасып көктемнің аз күнінде күркіреп қалатын шолақ өзен. Соңы үзіліп қара күзде қайта көтерілетіні бар.
Сол сайға түсіп отырсаңыз шығысқа қарай шығаратын бас жағы Бөтейдің қайың шілігі деп аталатын он шақырымға созылатын қою тал-терегі өскен жымға жолығасыз. Табанында ала жаздай су жатады. Бой салып жүре алмайсыз. Кəдімгі қасқыр паналайтын ұрынды жердің нақ өзі. Талай қасқырдың белін талдырып қуып, «енді соғам» деп ентелеп келіп осындағы орманға кіргізіп алып қанжығасы бос қайтқан аңшыларды да естіп жүретінбіз. Кіре берісінде «Қасқыр кірген қайың» дейтін де жері бар. Заманында бұл жердің қасқыры қалың болған екен. Əуегінде (тобында) он жеті қасқырға дейін шұбырған əулеті үлкендер де кездеседі екен. Солтүстігіндегі Қараағаш орманынан шыққан көкжалдар да кейде осы қайыңға жансауғалап соңындағы сонаршылардан құтылады екен.
Шығысындағы Өркендеудің маңғадыр тауларынан түстенетін қасқырлардың жатар орны да осы. Кеңес заманында алғашқы қарға араласып,қансонарға жағаласып қалатын тік жағалылардың да біразы осы Бөтейдің қайыңшілігінің қасқырынан ішік киген. Елде ескі аңшылардың бірі саналатын менің Кенжеқара деген əкем бар. Агроном. Жұмысы далаға байланған. Егінде жүріп ел сыртында жатқан жаманауыздың жүріс-тұрысын, жатыс-жортысын қатар қарап жүреді екен.
Жапырақ түсіп, топырақ суып күз келгенде бөрілер бөлтірік ауыздандыра бастайды. Азуы əлі қайралмаған бөлтіріктердің алғашқы олжалары оңай болмайды екен. Тəжірбиесі жоқ болғаннан тамақтағаннан көрі талағаны көп болады екен. Осы тұс жылқыдан маза кеткен, құлын атаулының таңы айырылатын уақыты. Кəнігі кəрі аңшылардың айтуынша жылқы түнде толық дəнді, қасқыр жарты дəнді көреді екен.
Алдағы қысқа əл жинау үшін қасқырлар қара күзден қар бекігенше аспанның астын астаң-кестең қылады. Даланы қанға бөктіріп, көздері шоқтанып əбден жонданып алады. Ай туғанша айқасып таң алдында мекеніне жетіп жығылады. Төрт құбыласынан түгел мал жейтін бұл қайыңшіліктің қасқырлары бар аңшының олжасы бола бермеген. Бір күн Аралтөбенің малына араласып, Өгізмүйіздетіп өзенге құлаған қасқыр араға апта салмай ол жаққа аяқ баспайды. Малынан шығын шығарған адамның ашуы тарқап қуғын-сүргін басылып, із ескіргенше қайыңшілікте өлі тыныштық орнайды. Ескі күн естен шығып, шығын ұмытыла бастағанда Бөтейдің қасқыры Қарсыадыр барып, Қаройда жатқан қалың жылқыға араласады. Азуына ай сəулесі шағылысқан арландардың аузында талай жылқының жылы-жұмсағы кете барады.
Ол уақытта бүгінгідей басынан бақайына дейін қаруланған аңшы қайда? Бесатар мылтықпен бес қаруы сай аңшы ол кезде жоқтың қасы. Таңнан іліккен ізге екі сағатта жететін қарда жүретін шана ілуде біреу. Оның сыртында өз уақытыңа өзің қожалық ете алмайтын өкіметтің тəртібі тағы бар. Не дамылы, не тəбілі жоқ заман ғой. Жұрт жұмысқа жегілген кез. Сауық құрып, саятшылық жасауға мұрша жоқ. Адамға қолайсыз уақыт, аңға қолайлы болды ма екен əйтеуір осы Бөтейдің қайыңшілігінің қасқырының даңқы да дақпырты да алысқа кетті. Мен бұл тоғайдың ішіндегі торғайдың ұясына дейін танимын. Себебі сол жерде төрт жылға жуық жүрдім. Бөтей тауының құламасына таяу менің Тоқабай əкем 92 жылы көшіп барып, қоныс тепті. Жекеменшік шаруақожалығын ашып ортақ өгізден, оңаша бұзау бөлді. Өз алдына фермер болды. Совхоз уақытында ауылшаруашылық саласында қызметте болған бұл əкем бір қазаққа жететін мінездің иесі. Сөзі қысқа, жалтақтығы жоқ, өткір адам. Түкірігін жұтпайтынның өзі. Көкейіндегісін көзімен ұқтыратын, иегімен ел жұмсайтын жан. Адамның жынысына емес жұмысына қарайтын кісі. Еңбектенген адамды ерекше бағалайды. Қазір жетпістің төртеуіне шыққан əкем аудан көлеміндегі ауқаттылардың бірі. Жылқысы Толағай тауының Көкөзегіне көктеп, көбейгенннен болар ел аузында «Толағайдың түлкісі көп пе, Тоқабайдың жылқысы көп пе?» деген мəтел пайда болды.
Сол мəтел пайда болғанға дейін мен Бөтейде сабақтан бос үш ай уақытымда көмекші ретінде жұмысқа барамын. Құрылып жатқан қоғамның, қырылып жатқан шаруасы көп болады екен. Қораздан бұрын оянып, көзіңді тырнап ашқаннан, жұлдыз жамырағанша артың жер иіскемейді ғой. Жатарда ішер асыңның соңын жастықта шайнап жатып кетесің ұйқыға. Жылқы жинау, бие байлау, сиыр сауысу, қой шығару, оны құрттау, кеше келмеген қотыр қозыны іздеу, нан салатын пештің отын-тезегі қысқасы қолың босаса – жұмыссыз қалмайсың. Осы қыруар шаруаның ішінде жүріп мен маңайдың бəрін меңгеріп алдым. Кейде жайлауға келген қонақтардан да қайыңшіліктің қасқыры туралы құлағым шалып қалатын əңгіме болады. Кейде жоқ іздеп келген жолаушыларда жолдан бөлтірік ерткен бөрі көргенін айтып қалады.
Бала жасымнан аңшылыққа оның ішінде қасқыр тақырыбына қатты қызығатынмын. М.Əуезовтың Көксерегінен бастап, Ш.Айтматовтың қасқырлар жайлы жазғанын жиі оқитынмын. Одан беріде ауылда аты шыққан аңшыларға үйірсек жүрдім. Соның бірі əңгіменің басында айтқан Кенжеқара аңшы. Бұл кісі қасқырды көп аулаған. Ауданннан аңға келетін ақжағалылар қансонарда осы əкемді жағалайды екен. Көктемнен күзге дейін өмірі далада өткен аграном əкем қай жерде қасқыр барын, қашса қайда салатынын əбден меңгерген. Ізін тастап, қиып кесіп Қайыңшілікке жеткізбей алған көкжалдарын талай айтып еді. Уазбен қуған қасқырды оқ жетер жерге дейін айғайдың астына алып келетін бұл аңшы да қазір қартайған қамыт аяқ, көпей шалға айналып барады. Уақыт тауып арнайы сəлем бере барғанымда аю терісіне отырған адам сияқты арқаланып саятшылықтан біраз əңгіме сілтейді. Мен де арасына ескі əңгіме енгізіп, аңшымды бар ықыласыммен тыңдаймын. Бір əңгімеден бір əңгіме туып ет піскенін байқамай қалған күндерде болды-ау. Кейде күйбең тірліктен қиюы келмей бара алмай қалсам балаларына іздетіп отыратыны бар.
Осындай аңшыларды тыңдап өскеннен бе маған арқа даласы арландар мекені сияқты көрінетін. Көк аспанның асты толған көкжал, көкбөрілер қонысы секілді елестейді. Араға талай жыл салып алдыңғы жылы алаң-елеңде Бөтейге бармасым бар ма? Сүмбіле айының соңы су салқындап аспан жиі алабұлттанатын кез. Асхат ағам жайлауда екен. Əлі бие ағытылмаған. Қымыз сауып, күбі пісіп отыр. Кешкі дастархан басында қымыз ішіп отырып, əңгіме аң-құсқа ауды. Менің құс аулайтын құмарлығымды білетін ағам: «Əй, осы мына Шоқпар тастың алдындағы шоқ шіліктен көз байланар шақта шағала сияқты қалың шулаған дыбыс пайда болып жүр. Ол не пəленің дауысы? Бұрын бұндайды естімеген ек. Оның үстіне жылқы да, тай-құлындар да ақсап келетіндері байқалып жүр. Бүгін бір құлыннның шашасынан жоғары ірің ағып сылтып келді. Ана жолы да бір тай аяғын сүйреп келді. Түк түсінсем бұйырмасын» деп қарап отыр.
Тосын əңгімеге тосқауыл болмай əрі тыңдадым. «Күз келіп күн суып, қан қызып тұрған уақыт қой, Асеке! Қасқыр емес пе екен бөлтірік ауыздандырып жатқан» деп қиғаштадым. Қасқыр емес екенін өзім де біліп тұрмын. Өйткені қайыңшіліктің соңғы қасқыры 2005 жылдары атылып кеткен. Ішімде шибөрі шығар деген жорамалым бар. Бірақ Сырда мекендейтін шибөрі қырда не қылып жүр деймін. Бұған дейін арқа даласынан шибөрі алдық деген ескі аңшыларды естімеппін.
Жемтік іздеп келген ғой десем арқадан арқар ауып кеткелі қашан? Аңдардың асханасы болған арқаның ақбөкені азайғалы да біраз болды? Совхоздың өлген малынан өлексе жеп өсетін кезде қайда болған бұл шибөрі деп ойлап қоямын. Арқада арғы атасы болмаған бұл жыртқыш қашан пайда болған бұл өңірге деп бар ықылас-пейілімді осыған бұрдым. Содан аңдыған жау алмай қоя ма? Малға маза бермеген əлгінің соңына түстім. Қар бекісімен Рахат пен Бекзат бауырымды ертіп шананың (снегоход) шамымен біреуінің ізіне түсіп, түнде соғып алдық. Бұрын қанжығамызға түспеген олжамызды ұзақ аударып-төңкеріп қарадық. Бойы қарсақтан биік, түлкімен тұлғалас бірақ, жалпақ. Бет-пішіні қасқырға келіңкірейді, құйрығы шолақ. Жамбасы жатаған, мойыны жуандау. Құлағының ұшы сəл дөңгектеу. Екі езуін жиектеген қар жолақ тұмсығының ұшына барып тұйықталған. Пұшпағы қызыл-қоңыр да тырнағына қарай қаралау өңге ауысады. Белі қысқа,бұты тар. Қарыны борсықтікіндей бүйрегіне шығыңқы. Түбі жыртқышпен туысса да үнінде үрей, көзінде айбын жоқ. Азуда айбат, бойында қайрат жоғын тұрқы айтып тұр. Тісі де ұсақ демек, ісі де ұсақ. Күз бойы тай түгілі, шуылдап шұбырып жүріп құлынды жыға алмаған мына жыртқыштан қандай мінез, қандай қайрат күтесің.
Артқы жіліншікті жұлқылап тістеп, малды ақсатып, азаптап, аздырып өлтіріп, артынан құлағанша аңдып жүріп жейтін мына шибөрің нағыз тексіздің өзі екен. Бар ойым бұлар қайдан жүр Арқада. Қысы қатты қырға мына шибұттың шыдас беруі екіталай. Ауа-райы бұлардың арқаға ауып келуіне себеп бола алмайды. Егінін киіктен қорғап өсірген елде ет көп кезде неге келмеген. Демек гəп ет те емес. Жемде де емес. Жемтік те де емес. Бар гəп Арқа даласы арлансыз қалғанында. Боз дала бөрісіз қалғаннан мына бөрісымақтар боса бастады. Кеудесін керген көкжалы жоқ кердалаға келімсек сынды егелік ете бастады. Арландары атылған арқа даласы осындай азғындарға орын босатты. Иттің иесі болса, бөрінің Тəңірісі бар деуші еді. Даламның айбыны болған, Рухымның айдыны болған Көкбөрімді қайтаршы Тəңірім деп аспанға қол жайып мен де бет сипап, түнгі бір шамасында қыстағыма қарай қыр асып кеттім.
АМАНЖАН АҢШЫ
Бұғылыны бұрыннан естіп-білген жерім болса да, ішіне кіріп, із кескенім былтыр ғана. Арқа жұртына атағын айқайлап айтпаса да, айтыс арқылы танылған Тілеген досым (Тілеген Әділов) көптен көрсетем деп шақырып жүрген жері еді. Өзі де ит жүгіртіп, құс салған атақты аңшылардың ауылынан. Дала десе желдеген жылқыға ұқсап, желігі көтеріліп тұратын жігіттің нақ өзі. Əсіресе өзі өскен өңірдің құсбегі, итбегі, атбегілері туралы сөз қозғағанда алдыңа түсіп, өзінің жол жорғасына салады. Əңгіме айтқанда əріректе өткен аңшының алған олжасын көзбен көргендей, көрсе сойғандай, сойса бір сирағын ұстап тұрғандай қылып əсерлеп, əдемілеп айтады.
Шынында артындағы ұрпағына аңыз болған аңшылардың отаны Бұғылы мен Тағылы екендігін мына тау-тас өзі айтып тұр. Қойын-қолтығына тоғай өскен таулары бір-бірінен аса қатты ерекшеленбейді. Бұйра бұлттар секілді бұйрат-бұйрат болып бір-біріне сұғынып жатыр. Қолтық жазып жүгіретін жазық жерлері сирек. Төңкерген қазандай қойтасы көп беткейлері аяғыңа аршадан тұсау салып жүріс бермейді. Тобылғылы сайлары шөккен түйе таптырмастай қалың. Тамыры тас жарған қарағай сынды тау жынысын өрлей өскен қарағандарының өзі орманға бергісіз. Табиғаттың төрт мезгілінде де төсінде өскен төлін бермеуге тырысатын Бұғылы аңның да, құстың да панасы. Қысқасы, қуыс-қуысы бұлақ пен құраққа толы бұл мекен бұғы жүрсе де, тағы жүрсе де өсіп-өнуіне, өмір сүруіне қолайлы жер екен.
Бұғылының бауырына шығыс жақтан бұрылып, Шопа дейтін шағын ауылға келіп, Тілеген мен Орманбеттің ортақ досы Мейіржанның үйіне түстік. Қонағына табағынан бұрын қабағы дайын тұратын аласа бойлы, ақкөңіл азамат жоғары шығыңызды айтып бəйек болып жатыр. Төріне қарыс көрпені қабат салған үй келе жатқанымыздан хабардар болды ма екен, қышқыл дəмі бар қуырдағы дайын тұр. Аты жетті ме, иті жетті ме, əйтеуір жеген етіміз қоранікі емес қырдыкі.
Қоянның жаясы жалпайған қазан айы ғой. Дастарқан басында Тілеш:
– Мынау менің көптен айтып жүрген Төлеген Жаманов деген ақын досым – деп, үй иесіне мені меңзеп, бұл жігіт те аңшылықтан қаражаяу емес. Қаладан далаға қашқандардың бірі. Елге көптен келтіре алмай жүрген үшеумізге ортақ қонақ осы — деді.
Əсілінде, дала адамдары, қала адамдары сияқты айналасына үрке қарап, бойы үйренгенше бой салып отырмайды. Бірден үйіріле кетіп, тез тіл табысып кетеді. Соның ішінде аңшылар.
Мейіржан да осы Бұғылы-Тағылының бір ұлы. Алдына салған малын өсіріп, ауа райына қарап, жылқы баққан ауыл қазағы. «Жабағы көтерілді ме?» деген сұрағымызға жауап айтқан Мекең биыл біраз құлынды сілеусінге жем қылғанын айтты. Қазан-қараша айлары қыр қазағы үшін шыбынсыз жаз айы болып саналады. Бұл кезде жылқының да желдеуі азайып, кешкі салқынмен тау табанына таяу жайылады. Енесін еміп, еркін өскен құлындар бұл кезде үйір сыртында ойнақ салып, оңаша ұйықтайды. Осыны ұтымды пайдалана білетін сілеусіндер жылқы сыртына жекелеген құлынды қуып жетіп, ұрып тастайды екен. Қасқыр құсап тамақтауға шамасы келмеген соң, жылқының жая жағын жалпақ алақанымен жырымдап, тырнап тастайды. Уытқа толы тырнағы тиген жерін іріңдетіп, құлынның қызуын көтеріп, бір тəулікте тұра алмас халге жеткізеді. Түбі мысық болғаннан болар, басқан ізін білдірмей барынша жақын келіп шабуыл жасайды екен.
Иттің үлкендігіндей болатын бұл мақұлық сирақты, құйрығы қарыс, тұлғасы теңбіл, құлақ ұшы шашақты, алақаны аюдікіндей көлемді болады. Күндіз көзге түсе бермейтін бұл жыртқыш жемтігіне түнде түседі. Бір үйірдегі он екі құлынның жетеуін дала мысығына жегізген ас иесі осы əңгімені айтқанда Бұғылыға баруға асыға бастадым. Бұл аңды атуға да, аулауға да тыйым салынғанын білсем де, бір көруге құмарттым.
Ауылдан күнбатысқа қарай шұбатыла шыққан ескі жолмен Бұғылыны бетке алып жүріп кеттік. Көлік ішінде төртеуміз. Із кесіп, аң қағайық деп емес, талайдан атына қанық Бұғылы-Тағылыны аралап, аңшылар əңгімесіне қанып қайтсақ деген құмарлық қана. Биікке көтерген баспалдақ сынды ауыл шетіндегі шағын шоқылар бізді кезек-кезек иығына көтеріп, Құсмұрынның бауырына іліктірді. Мысырдың сары құмында сағымға жүзген пирамидалар секілді Құсмұрын да, Бүркітті де Бұғылының бұйраттарынан бойын көрсетіп тұр. Басы бұлтты еміп тұрмаса да, төмен түскен тұманға төбесі тиетіндей биіктігі бар екен. Өрі мен ылдиы, құзы мен шыңы қабаттасқан Құсмұрынның оңтүстік-батысына қарай айналып, топырағынан тасы көп тау бауыры көлігімізді шайқап, теңіздегі кемедей теңселіп, аяғымыздың асты ақсап ойылып, өнбес жүріспен өрлеп келеміз.
Түйенің үстіндегі адамдай екі жаққа кезек тербеліп, ұйқы шақырған бізді көлік тізгініндегі шопырдың «арқар» деген айқайы оятты. Алдымыздағы таудың орта беліне барып қалған екі-үш саулық соңдарына қозыларын ертіп, зырғып барады. Көзіміз шарадай ашылып, көліктен түсіп, əлгі көріністі дүрбімен қызықтай бастадық. Таудың ұшар шыңына жетер-жетпес барып тоқтаған арқарлар бізге қарап тұр. Біз де сақ қарап, барынша қозғалмай дүрбілеп тұрмыз.
Кенет Тілегеннің «анау құлжасын көрдіңдер ме?» деген жағына қарадық. Əлгі қойлары барған таудың солтүстік жағындағы иықта мүйізі оралған тайыншадай күміс құлжаны анық көрдім.
Пах, шіркін, сұлулық! Күннің шапағымен күміс сынды жалтырап тұрған құлжа Бұғылының бекзадасындай екі мүйізін арқасына артып, қасқиып қарап тұр. Көз ұшындағы сұлулықты көзім қимай ұзақ қарадым.
– Арқар көп қой мұнда, — деп едім, əңгімемді Тілеген іліп əкетті.
– Арқар енді-енді өсіп келеді. Қалай Бұғылыға қасқыр оралды, солай арқарлар да қайтып келді – деді. Жауы көбейген жердің дауы көбеймей ме?Түсінбей қалғанымды жасырмай: – Қалай сонда? Арқардың азаюына себепкер болмаса, көбеюіне қасқырдың қатысы қанша? – дедім.
–Төке, Бұғылы-Тағылы бұрыннан аң-құстың атақонысы болған.
Біздің өңірде өткен, аңшылардан жеткен əңгімелерге назар салсаңыз, бұл тауда жыртқыш жыртылып айырылған. Қазақ атты да бекер қоймаған. Бұғысы болмаса Бұғылы дер ме еді, тағысы болмаса тағылы дер ме еді?! Анау Ақсу-Аюлы деген жерде аю табаны тимесе аюлы деп атамаса керек?! Əлгінде өзіңізге көрсеткен Бүркітті тауы талай құсбегінің атын шығарған құстың отаны. Шораяқ, Кербалақ қырандар сол қиядан. Жаңа ғана жолды қиып жоғары кеткен арқарлардың бағыты Арқарлы тауы.
Орыстың дəуірі өтіп, өз алдымызға ел бола бастағаннан бері осы таудың ішінде маза болмады. Қыранның тілін тауып құс аулаған, түбі туысса да, құмайдың тілін тауып қасқыр аулаған баяғы аңшылардың орнына табиғаттың тілін білмейтін тасбауыр аңшысымақтар келді. Керегін ғана алмай, кездескенін қырып тастайтын, аяушылықты білмейтін аярлар мен алаяқтар, қалталылармен соған серуен ұйымдастыратындар аңшы атанды. Атқа емес шанаға (снегоход), мықты итке емес мылтыққа сенетін болды. Мыңдаған иісті айыра алатын Алланың айрықша жаратқан аңының бірі жəне бірегейі қасқыр десек, соны ұстау үшін темірдің иісін сездірмей, жылқы тезегіне қайнатып, қар астына қақпан құратын кəнігі аңшылар жоқтың қасы. Бес литр бензині мен бес оғы бар ауыл балалары да қора сыртын қорыған аңшы атанды. Қаладан келетіндердің көздегені көкжал. Ізіне түсіп, ілгері кеткен аңды лезде қуып жетіп, жайратып салады. Қазір таудың ішін таң ағарғанша улыған-шулыған қылатын қасқырдың өзін көрмек түгілі ізін көрмейсіз. Біреу бір жерден ит-құс көрдім десе, таңертең сол жерде сегіз шана жүретін болды. Қалай бөрі жоғалды, солай жүздеп жүретін арқарлар да азайып кетті. Аң-құстың жəрмеңкесіндей қайнап жататын тау іші үрейлі тыныштыққа үйренді.
Қайбір жылы Бұғылыға екі қасқыр келгенін, ескі апанның бірін жаңартып бөлтірік ерткенін естідім. Сол жылы күзде көптен көзге түспей кеткен арқарлар да пайда бола бастады. Сөйтсем, арқарлардың азаюына бірден-бір себеп кəрі құлжалардың жастарға орын бермеуінен екен ғой. Тобына түскен саулықтарды қашыруға шамасы келмей, не оны өзгеге бермей, қысыр қалдыратын қойы көп болады екен. Қараша айында басталатын күйекке жас қошқарлар да қатысқанмен мүйізі үш оралған кəрі құлжаның күшінен жасқанып, кезегін келесі жылға қалдырады. Солай əр топтан кəрі құлжаның кесірінен қысыр шыққан аналықтар төл ертіп, қозы емізбеген соң кемімей қайтсін… Ал қасқырлар осы мəселені шешудің шебері көрінеді.
Ұрығын салып, ұрпағын өсірген кəрі құлжаларды немесе аталыққа жарамайтын ақауы бар арқарларды жойып, таудағы тағының санын ғана емес, сапасының да жақсаруын ретке келтіреді. Жас құлжа кірген топта қысыр қой болмайды. Тағы бір кереметі қуаты бойында тасыған жас құлжа топқа түскенде өз иелігіндегі саулықтарды суға жібермей, қыр басына иіріп ұстайды. Апта бола ма, аптап бола ма, əбден шөлдетіп барып түсіреді екен бұлақ басына. Қаталаған саулықтар қатар-қатар суға бас қойғанда жас құлжа да жаппай аталық міндетін атқарып үлгереді екен. Қойлары уақыты келгенде үздік-создық қоздамай, бір мезгілде төлдейді. Өмірдің өтпелі екенін ұғынғандай жаспын деп жүре бермей, көбеюге, ұрпағын қалдыруға асығатын, туғанынан табиғатқа ғана тəуелді аң-құстың да адам ақылы жете бермейтін құбылыс-құпиялары көп-ау… Отызында бозбала, жиырма бесінде бойжеткенмін деп жүрген жандарға арқардың өнегесі арқау бола ма? Аңшылықтың да, саятшылықтың да сыры осында жатса керек.
Бір тал кессе, орнына екі тал еккен адамдай кəрі құлжаны жеген қасқыр орнын қозылармен толтырады екен-ау. Табиғи теңдікті адам баласы ғана сақтамайды екен ғой.
Содан əрі жүріп дараланып тұрған тауларды, шоқыларды сұрап келемін.
Батыс бағыттағы Бұрма ауылына қарай орналасқан анау биік қалай аталады? — дедім.
– Төке, ол тауды Саржал деп атайды. Мен бұл таудың бауырынан атаммен барып, бір апаннан он бір күн жатып, он үш майтабан күшігін (қасқырдың туғанына қырық күн толып, бауырын көтеріп, көзін ашқаны) қазып алдым, – деп Орманбет досымыз əңгімесін бастады. Бөрі аулағаннан бөлтірік алудың қиын екенін естігенім болмаса, ін іздеп, қазған адамды бірінші көруім.
– Ореке, айтыңыз – деп, тыңдауға ыңғайландым.
– Қазір айтамын, Төке. Ұзақ əңгіме ол. Алдымен намаз оқып алайық. Бесіннің уақыты кірді деп, Тілеген екеуі құбылаға бет бұрып, азан шақырды.
Орманбетпен танысқаныма да көп бола қойған жоқ. Тілеген біздің ауылға қонақ қылып ертіп келіп, бір табақтан ас ішіп, далада жүріп қайтқанымыз бар еді. Сондағы таныстықта дінге 10-сыныпта оқып жүргенде, алдымен Алланың қалауымен, екінші атасы Аманжанның ықпалымен бет бұрғанын айтып еді. Тараз барып, Меркінің медресесін тауысып, артынша Түркияны бітіріп елге келіп имандылық жолында қызмет жасаған діндар жігіт.
– Менің əкемнің есімі Болат. Бір атадан жалғыз екен. Жиырма бес жасында оқыс апаттан дүние салып, мен атамның бауырында өстім. Туған жеріміз Шет ауданына қарасты Құттыбай ауылы. Атам Аманжан елге сөзі жүрген, қырық жылдай басқарушы (управляющий) қызмет жасаған, аңшылықпен аты шыққан діндар адам. Үңірек ауылындағы ескі кеңсені мешіт қылып, өзі сонда түнеп, талай адамның дінге келуіне себепкер болған иманды адам еді, жарықтық… Кеңес Үкіметі күркіреп тұрғанда саналы түрде қызметтен бас тартып, партиялық билетін өз қолымен өткізген екен. Ол кезде партиядан шығу – қоғамнан шығумен бірдей. «Мұныңыз не?» дегендерге партиядан емес, Құдайдан қорқамын. Жасырынып жасаған құлшылықтан жалықтым. Аллаға ашық жүзіммен жылайын деп шештім» деген екен.
Жалғыз ұлынан жастай айырылған атам да бөлтірігін алдырған бөрі сынды суық адам болды. Бізді бауырына еміреніп басқан кездері де болды, бірақ сирек. «Көкжалдың көзін ашқан бөлтірігі енесінің бауырында көп жатпайды» дегендей бізді кішкентайымыздан соңына ертті.
Ұмытпасам, 1987 жылы менің алтыншы сыныпта оқитын кезім. Ағам Нұрмұханбет он оқиды. Сəуір айының соңы атам апан аралаймыз, күшік қараймыз деп, тақымымызға бір-бір тай беріп, өзімен ала кетті. Құттыбайдан ұзап жаңа өзіңізге көрсеткен Саржал тауын бетке алып келеміз. Атам əр сайға бір соғып, кейін айналып қайта алға жүріп, аттан түсіп жер сипап, одан қайта қозғалып қара жерден қасқыр ізін қарайды. Көлденең жолдардың жұмсақ топырағына батқан тырнақтың ұшынан қасқырдың бағытын айқындайды. Ақ жауынның дымқылы қалған саздауыт сайлардың арасында із кеседі. Соңына ерген біз үшін шимай-шатақ құр жүріс сынды. Таңнан бері тай үстіндегі біз əбден титықтадық. Шыбын шыққан бұл уақыт аттың да, адамның да берекесін алатын беймаза кез. Қаракер аттың үстінде қаққан қазықтай айналасына аласұра қарап қасқыр іздеген атамызға шаршадық, қайтайық деп айтуға бізде дəрмен жоқ. Оны айтам десең, арқаңды тобылғы сапты қамшыға тоса бер дегенің. Арасында ат тізгінін тартып, бұл қайда кетті деп күбірлеп қояды. Маңайдағы бар апанды адақтап шыққан атам да шаршай бастады-ау деймін.
– Əй, жүріңдер, енді баратын соңғы жеріміз ана Саржал тауының құламасына өскен қалың қарағанның арасындағы ескі ін. Егер онда салмаса күшігін, мен бұл қасқырдан жеңілдім – деп, атам кіжініп қояды. Айтқан тауына таялғанда маған «сен ортадағы сайға түс. Ал, сен Нұрмұханбет, сол қапталдағы беткейге шық. Мен осы оң қапталмен көтерілем» деді. Нұсқаған сайға түскенім сол еді, өзектің ортасында қаз жайылардай көк құраққа ойнақ салған қалың күшіктің үстінен шықтым. Мені көре іркес-тіркес қашқан əлгілер жоғары өрлеп, қалың қарағанға сіңіп кетті.
– Ата, ата! – деп, айғайға басып көрген жеріме шақырдым. Бəріміз аттан түсіп, жылқының шоқтығына жететін қалың қарағанға келдік. Тамыры білеудей қарағаны қалың жер екен. Бала кіретіндей ауыздарының алды тапталған апан біраз күшіктің барын баяндап тұр. Əрірек барып тайымды тұсайын деп тұрсам, оқ жетер-жетпес жерде емшегі салақтап жабағы жүні толық түспеген ақсаңдап қасқыр кетіп барады жоғары өрлеп.
Ата, қасқыр! – деп, айғай салып, тайыма қайта мініп ем, атам тоқтатып тастады.
– Балам, ол ақсақ емес, сау қасқыр. Əдейі мертіккен аңдай əдіске салып, сендердің беттеріңді бұрып əкетпек. Ал арланы сол кезде бөлтіріктерін елеусіз жерге тасып тастайды деді. Елеусіз жері несі деп ем, олар бөлтірігін бір түп тобылғыға да тастай салады. Қиын жерге жасырмайды. Адам сондай жерден қарайтынын біледі. Аңның ақылдысы осылар. Естеріңде болсын, – деді.
Содан тақымымыздағының бəрін тұсап, ін қазуға кірістік. Тастың тасасына салған ескі апан бізге оңай олжа бермейтінін ұққан атам:
– Ал, сендер осында қалыңдар, мен ауылға барып ас-су, күрек-қайла алып, ертең келем, – деп бір қорап мелкашка деген мылтықты оғымен беріп кетіп қалды.
Əне-міне дегенше күн еңкейіп, іңір де түсті. Біріміз он, біріміз алты оқитын ағайынды екі бала апанның аузында отырмыз. Дүр ете қалған дыбысқа дір ете қалып, бір-бірімізге тығылып түнгі далаға құлақ түреміз. Бір кезде қарсы беттегі жартастың басына келіп бағанағы қасқыр ұлиды. Үні шыққан жаққа мылтық кезеп, атып жібереміз. Ащы даусы жоқ мелкашканың оғы шаңқ етіп, тасқа тигенін естиміз. Ұлыған үн тынышталады. Сəлден соң қайта бастайды ұлуын. Төмендегі аттарымыз да осқырынып, онсыз да үрейге толы көңілімізді үркіте береді. Түн баласы көз ілмей таңды да атырдық. Қажеттерін алып, атам жетті. Əжем жіберген таба нанның ішіне сарымай жағып жеп, ас-суымызды ішіп, іске кірістік.
Жері тас. Тамыры темір. Сол қазғаннан күн еңкейгенше қаздық. Жете алмадық. Атам кешкісін ауылға кетті. Кешегі кейіпте қасқырлардың арасында біз қалдық. Содан не керек, сол апанды ауылға бармастан он бір күн қаздық. Ескі ін. Есігі аз болғанмен, жер асты байланысы көп екен. Бөлтіріктерді алған күннің бір күн алдында атам біздің əр жерден бағытын қуалап, төбесінен ойып түскен жерлеріне жұмсақ топырақ сеуіп тастады. Таңертеңгісін бар шұңқырды қарап шығып, міне, мына жерді қазыңдар осы түбі болса керек. Басқа шұңқырларға сепкен топырағым сол қалпы, ал мынау тапталған екен деді. Айтқан жерін қазып, түбіне мен түстім. Кішкене шаммен үңгірге үңілсем, қол жетер жерде бір-біріне ығысып тұрған бөлтіріктерді көрдім. Он бір күн анасынан ас-су алмаған əлгілер əлсіреп қалыпты. Сирақтарынан сүйреп, сыртқа бергенімде айбат шегіп, қарсылық танытпады. Сыпыра жинап, он үш бөлтірікті қоржынға салып, он бірінші күні ауылға оралдық.
Ол кезде аудан орталығында үлкен қасқырға 150 сом, бөлтірігіне 50 сом ақша төлейтін.
Жол қысқарсын, тағы бірде атамызбен күшік іздеп шықтық. Осы Бұғылының бір құзды жері Арқартас деп аталады. Осы таудың белдеуіндегі жамбастап жатқан жақпар тастың астына қасқыр күшіктепті. Еңкейіп ене алмайсың, кеңейтіп қаза алмайсың. Кəдімгі қып-қызыл қынасы жанып тұрған тайғақ тас. Түбінде бөлтірік жатыр. Жақпар тастың екі беті де бір-біріне қарсы орналасқан құз. Сол құздың қуысы біздің нысана. Бұл енді шілде айының басы қарақұлақ (туғанына алты ай толмаған) кезі. Содан қалай аламыз деп отырғанда атам айтты: «Бұны енді əдіске салып айламен алу керек. Он күн жатасыңдар ма, жарты ай жатасыңдар ма, алмай қайтпайсыңдар» деп бізді тастап өзі ауылға кетті. Үлкен ағаммен отызға енді іліккен Самат жездем бар, үшеуміз жақпар тастың аузын аңдып қала бердік.
Таң намазын оқып болған соң ас-суын арқалап, атам келіп кетеді. Бір күні совхоздың өлген бұзауының санын алып келмесі бар ма? «Мынаны күндіз апанның аузына қарай тастап, кешкісін қастарыңа қойып отырыңдар» деді. Бұларды бұдан басқа айламен ала алмаймыз деді. Айтқанын істеп, апанның аузына иістенген санды тастап аңдып жаттық. Бұл жатқанымыз да екі жұмаға жуықтаған. Көзіміз үңгірде.
Бір күні қатты ашықты ма, жоқ еттің исі есін алды ма, сан еттен бір тістеп қалам деп бір бөлтірік жүгіріп шыққаны. Ағам мелкашкамен басып салды. Жарты айдан артық аш жатқан қарақұлақтар хабарсыз кеткен ата-анасынан күдер үзді ме, əлгі етке үздігіп шыға бастады. Шыққанын шығынға шығарып, қарсы бетте біз жатырмыз. Ағам мен жездем түн баласына күзет қояды. Екеуі кезек ұйықтап таң атырады. Мен кішкентай болғаннан ба, мені түнгі күзеттен босатқан.
Таңғы ұйқы қандай тəтті?! Гүрс еткен мылтықтың даусынан шошып ояндым. Қорыққанымнан «не болды, не болды?» дей беріппін. Бұл күзет ағамдыкі екен. Түннің бір уағынан асқанда аспанда ай толып, біз күзетіп жатқан қарсы жақпар тастың үстіне үңіліп қарап тұрған сұлбаны байқайды ғой. Толық тұлғасын көрмесе де сол жобаға мылтықтың оғын жұмсайды. Əлгі беймəлім бейне ғайып болған. Ол жерге баруға жүрек қайда?
Құдайдың таңы атсын дедік те отырдық. Батқан күннің атқан таңымен барсақ, түнде үстімізге төніп келіп, балалары тығылған жақпартастың үстіне шыққан құртқасы екен қасқырдың. Аңдыған оқтан гөрі қаңғыған оқ тигіш келе ме, түндегі атылған мылтық төстің тұсын талқандап кетіпті. Жартастан құлап, қалың қарағанда жатыр екен. Содан не керек, асқазаны ақылын билеген бөлтіріктердің табандап жатып, бəрін атып алдық. Атам келіп, олжаларымызды реттеп жатқан. Мен қарсы бетке қарап отырып, алдымызда орналасқан құздың ұшар басына таяу жерде орналасқан күнде көріп жүрген ошақтың орнындай тесікті жоғалтып алдым. Ар жағынан аспан көрінетін əлгі ойықты жіті қарасам, сол тесіктен біз жаққа басын сұғып қасқыр қарап тұр. Қоржынын реттестіріп жатқан атама:
– Ата, қасқыр! – деп, баяу айтып, өзім көріп тұрған шыңды көзбен нұсқадым. Қол жетер жерде жатқан мылтығын алып (үсті мелкашка, асты 20-шы калибр) тартып жіберді. Бастан тиген оқ құйрығын бір бұлғауға ғана мүмкіндік беріп, бері қарай құлай бастады. Сайға түскен қасқырды сүйреп келген ағам мен жездем біз күзеткен əуектің аталығы екен. Жарықтық атам екі атпайтын еді» деп, Орекең бір тоқтағанда тілінен тікен тайған Тілеш досым сол сүйекке ет жапсыра жөнелді.
– Біздің Карсонда (ру атауы) оның ішінде Құлназарда мынадай мəтел бар. «Құлназарым тұрғанда, қуырдақсыз қалмаспын» деген. Бұл кісілердің аңшылық пен мергендігі ар жақтарынан келе жатыр. Тараздың шекарасына сұғына кіріп жатқан Бурылбайталдан бері Шығанақ, Саршаған, Мойынты, Киікті, Босаға, Ақсораң, Шалтас, Тасарал, Мыңаралдарыңыз мына Көкпектіге дейін ен жайлаған Карсонның алтын қоныс атамекені екен. Буырылбайталдың бұрылысында бейіті тұрған Құнанбай (аттас, Абайдың əкесіне қатысы жоқ) осы Аманжан аңшының əкесі. Оның арғы жағы шидің үстінен шіркей атып түсіретін Құлназар мергенге тіреледі деп əңгімені əудем жерге апарып тастады.
– Ореке, сіздің түбіңіз Құлназар болды ғой сонда.
– Иә, Төке. Мен Құлназар бабам тұрмысында тұтынып, ақ ішкен сапты аяғынан ас ішкен баламын. Ол саптыаяқтың өзі Құлназарға арғы бабасынан жеткен бағалы жəдігер. Төрт жүз жылдық тарихы бар бұл мұра қазір біздің Төлеген молданың Бұға деген ұлының қолында. Мен алғашында дінді Мысырдан оқимын дегенде атам пойызға мінгізіп, Босаға деген ауылға осы саптыаяқтан ақ ішкізем деп алып келгені бар еді. Құлназар Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманында өмір сүрген. Жұт жылдары өзіне қарасты ағайын-туысын аңшылықпен асыраған адам болса керек. Біздегі саятшылық, аңшылық, мергендік сол бабалардан келе жатыр-ау, шамасы. Атам алты жыл қасқыр асырады. Көзін ашып, көкірегін көтермей тұрған кезден бастап арлан қасқырға айналғанша қасынан ұзамай бақты. Алты жылда кəдімгі қара жон көкжал болды. Далаға иттермен бірге ертіп жүрді. Сонда атамның айтқаны, жарықтық иттермен қосылып аң қумайды, не із кеспейді. Жараланған жыртқышқа да бармай, аттың артына түсіп, бөрі желіске салып, бүлкілдеп отырады екен. Ауыл шетіне кірерде алды-артына қарамай, құйғыта жөнеледі. Шеткері жайылып жүрген үйдің қазын жолай жұлқи тістеп, екі толғап жұтып жібереді екен. Мұны көріп тұрған атамның туған ағасы, құралайды көзге атқан мерген Жуасбай жолыққан сайын «мынаның көзін құрт» деп мазалайды. «Бір күні кісі баласын жейді мынауың. Түбі тағы емес пе» деп ескерте беріпті. Күшігінен асыраған қасқырын қимай жүргенде Жуасбай ағам бір күні атам жоқта өзі келіп атып тастады. Ағасына өкпелегенмен, алдына келе алмаған атам, бұл қасқырды асырағандағы мақсатым итпен қарықтырып қасқырға түсетін тұқым алсам деп едім. Алты жыл бағып, Құттыбайда қарықтырмаған қаншығым қалмады, ақыры күшік ала алмадым деп отырушы еді.
Бірде ауыл сыртына шыққан қойға қасқыр шапты. Бұл шөп шабылып жатқан шілде айы болатын. Бір күні бұл əңгіме атамның құлағына жетеді ғой. Оқиға болған орынға келген атам жарылып жатқан ешкіні айналдырып, қақпандарын құрып тастайды. Арасында өзі барып, қолы тимесе көрші бригадир Сəукенге «қақпанды қарай салшы» деп салмақ салады ғой. Бірде Сəукен көрші: – Аужеке, қақпаныңызға қасқыр түсіпті алып келдім, не істейін? – дейді. Кісімен айналып қалған атам «көмір қораға кіргізе сал» дейді ғой. Астында Алтай деген жазуы бар Газ 52 көлігінен шынжырын шұбатып қақпан қапқан қасқырды қораға кіргізіп, Сəукен көрші жұмысына кетті. Түскі шайын қанып ішкен атам бəкісін белдігіне жанып, қасқыр союға қамдана бастады. Майтабанынан тіліп, жоғары сырғытып қолтыққа қарай тіреп келеді. Біз ойын балалары, сойып жатқан қасқырды қызықтап қарап тұрмыз. Жалаңдап тұрған пышақ қос қолтықтың ортасына келгенде сұлап жатқан қасқыр атып тұрмасы бар ма? Шу етіп, біз шегіндік. Атам арланның қос құлағына жабысып атша мініп:
– Зейнекүл, ұратын бірдеңе əкел – деп, біздің шешейге айқайлап жатыр. Көкжалдың көтерілгенін байқаған ит-құсқа түсіп жүрген Сырттан дейтін ит жүгіріп келіп, шаптан артқа тарта бастады. Шешей əкелген темірмен ұрып-жыққан атам Сəукенді де сыбап алды. Сөйтсек қақпанға түскен қасқырды көрген көрші көлігінің доңғалағымен шынжырды басып көкжалға таялады ғой. Аяғы жерге тимей, машинаның капотының үстімен барып тұмсығынан бір қояды. Қасқыр сылқ ете қалады. Өліп кетті деп ұққан бригадир қақпан-мақпанымен əкелгенде тастай салған. Есі кіресілі-шығасылы болып жатқан арлан қолтығына бəкі кіргенде атып тұрғаны содан екен. Толық есін жия алмай, шайқалып тұрғанда атам қайта соғып тастады.
Атам тоқсанның үстінде өмірден өтті. Сексеннен асқанда аттан зорға түсіріп алдық. Кейінгі жылдары тақымына тай кезінде тиген Шалқасқа деген атын ермек қылды. Отырып-отырып «Шалқасқамды ұстап беріңдер» деп кейде қиғылық салады. «Ата, сексеннен астыңыз, бір жерде жығылып қалсаңыз, не болады?» деп, біз де балағынан тартуды шығардық. Ат пен итті серік еткен атамның ең сенімділері де солартын. Сырттан келсе атына от бермей, итіне ас бермей, ішке енбеуші еді. Əжем марқұм да аңшыға лайық əйелі еді. Түбі Тоқа Нұраның Маржанкөлінің қызы.
Бірде атам таудан келеді ғой. Кіре салып, тазылардың тамағы қайда деп сұрайды. Күндіз келген қонақтан босамай қалған əжем тамақ істеп үлгермей қалдым деп ақталады. Расында əжем күніне бір уақ иттерге арнайы тамақ жасайтын. Бірақ бүгін үлгермей қалғаны да шын еді. Атам салқын жүзбен бір қарап, сыртқа шыға жөнеледі. Шығып бара жатып, ет сарайдан қолына іліккен төрт-бес сүр қазыны сүйрей кетеді. Шалының мінезін білетін əжем арашаға келгенше екі-үш қазы тазылардың аузында кетеді. Иті түгілі иесіне бір тамақ істеуді ауырсынған бүгінгінің кейбір келініне бұл ертегі сияқты болуы мүмкін.
Көктемнен бастап шыбын-шіркей басылғанша бұл əулет атты жабуламай мінбейді екен. Мінбек түгілі асаудың өзін бірден жабу жауып үйретеді екен. Жалпылдағаннан жүрегінің үрейін алып, оқыс мінезінен о бастан айырып тастайды екен. Кейін қанын сорғалатып қанжыға байласаң да, азуын ақситып, арлан арытсаң да денесіне діріл кірмейді екен. Дүниеден өтер шағында атам қасына шақырып:
– Балам, маған Ясинді оқышы, – демесі бар ма?! Бұл тоқсан алтыға толған жасы. Дінді оқыған Ясин бізде жеңілдік шарапаты мол дұға саналатындықтан біз көбіне бұны нашарлаған адамға дем салу үшін оқитынбыз. Алғашында абдырап:
– Ата, мұныңыз не? – дедім. Сонда жоқ қарағым, оқы, Құран тірілерге түсірілген Алланың кəламы деді. Көңілін қимай, үш мүбиін оқып, əрі қарай шыдай алмай сыртқа шығып кеттім. Іле-шала артымнан шал ауырып қалды деген хабар жетті. Келсем, ақ төсекте атам жатыр. Қолымен үстіндегі көрпесін төмен сырғыта береді. Бірақ сөз жоқ, көзінің қырымен маған қарай береді. Сөйтсем дəретімді ал дегені екен. Айтқанын істеп болғанымда оң қолын ұсынды. Шайнекпен қолына су құйып ем, сол су таусылғанша оң қолымен бетін жуа берді. Артынан деміне қорыл араласып, кірпігі жығылды. Содан өз-өзіме келіп, өлімге қимаған атама Ясинді аяғына дейін көзімнен жасым төгіліп отырып оқып шықтым. Орнымнан тұрып шыға бергенімде айналасында отырған ағайын-туыс қозғалақтап кетті. Жесір шығарып, жетім жылатпай, дала заңымен дəурен сүрген, ел қадірлісі болған, сайын даланың саятшысы, діннен діңгек тапқан кəрі Аманжан аңшы тарихын Бұғылының биігіне, Тағылының табанына қалдырып, өмірден өтіп кеткен екен.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.