Ғұмыр үшін күресетін күштімін… Ғұмыр үшін күресетін күштімін…
Қуат Дәуренұлы, 1992 жылы Шымкент қаласында туған. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің «жалпы медицина» факультетінің түлегі. Ақын-дәрігер қалалық, облыстық, республикалық жыр додаларының... Ғұмыр үшін күресетін күштімін…

Қуат Дәуренұлы,
1992 жылы Шымкент қаласында туған. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің «жалпы медицина» факультетінің түлегі. Ақын-дәрігер қалалық, облыстық, республикалық жыр додаларының жеңімпазы. «Жасуша ішіндегі Жалғыздық» жыр кітабының авторы.                           

                                  МЕН

Мен күллі ғаламның құпиясы тұнған Рухпын!
Қасіретті де киелі.
Арда тұтқан Адамзаттық киені.
Жырымды оқып жасампаздық,
Ар жайлы,
Жаным менің жамандыққа бармайды.
Тәңіріме Тағдыр жайлы сыр шертіп,
Шексіздігім арбайды.

Көңілімде көлдей нұрлы жас мына,
Ерітемін ерлігіммен тасты да.
Барша ғалам бақытты боп қарсы алар,
Жұлдыздарын төсеп аяқ астыма.

Мен көздемей, Болашақты көздер кім?!
Сыры мәлім сырғақтаған ездердің.
Таулардың да тас-талқанын шығарар,
Иесімін мен киелі Сөздердің.

Жалғандықтың қия шауып белінен,
Ен даланың арқа сүйер ері мен.
Ғарыштағы ғаламшарлар қозғалар,
Менің іңкәр жүрегімнің демінен.

Тіршіліктің мұратымын сән берген,
Тіршіліктің қуатымын жан берген.
Ғұмыр үшін күресетін күштімін,
Қалғанынша ақтық демім, әл-дәрмен.

Найзағайлы ойлар шарпып санамда,
Күннен-күнге арта түспек бағам да.
Құл емеспін!
Құдайменен сырласар
Асқақ Рухпын алаң болған Адамға.

Ғазиз даусым ғаламдардан жаңғырып,
Өр кеудемді тіктеп ұстап, паң тұрып.
Шерлі бұлтын бусандырып жанымның,
Мәңгілікпен қауышамын Мәңгілік!

 
МЕНІҢ ҚАЛАМ

Менің қалам – мүсәпірлер мекені…
Аш-жалаңаш, арып-тозған армандар.
Қапияда қайғы жұтып қалғандар.
Ай сәулесін сезінбеген жүректер,
Көрден-дағы қорқынышты тілектер.

Көңілдерде күдік тұнған күпті боп,
Көрінбейді бір өткел.
Менің қалам – жауабы жоқ жұмбақтар…
Күнәлары жерден де ауыр зіл батпан.

Қариясы ләззат іздеп саунадан,
Ал қыздары махаббатсыз ұл тапқан.
Ақ самайы көрінбеген әжелер,
Ақ бесігін тербете алмас нұр жапқан.

Өзегінен жарып шыққан жат ұлы.
Жат ұлдардың белгілі ғой ақылы.
Ездері бар ерін бояп, ер сүйген,
Туа алмаған жоқ болғасын жатыры.

Тәңіртану ілімінде ми қалғыр.
Аспанында күңіренген күй шалқыр.
Діншілі бар дінді білмес, түсінбес,
Тұла бойдан надандықтың иісі аңқыр.

Шырқалмайды жүректерде асқақ ән.
Шырқатуға себеп қылмас бас қалам.
Баспанасыз қаңғып жүрген қазақтар
Басы ауғандай бақтан емес басқадан…

Көңілімде қай-қайдағы мұң бүрлеп,
Көшесінде көңілсіздеу жүрдім мен.
Сәбилері сағат сайын шетінеп,
Сезімдері аса алмаған бір күннен.

Жазықсыздың жанарынан жиі аққан
Жасты көрем, басты көрем ми қатқан…
Кейде маған көрінеді бұл қала,
Хақтың көзі қызарғандай ұяттан.

Азғындықтың соры қайнап не түрлі,
Байы тоқтан,
Жоғы жоқтан кекірді.
Менің қалам – режиссердің білімсіз
Сәтсіз қойған шығармасы секілді…

 
 ***

Ашынған Халық,
Басынған билік,
Келемін соған жасымнан күйіп.
Жарасы жұрттың жазылмай мүлде,
Мазасын күнде қашырған күйік.
Жүрегі шаншып, тарылған демі.
Ызадан от боп жарылған көбі.
Қайыршы тірлік – Қазақтың досы,
Қаңғыбас күйден алынған кегі.
Еліріп қалар Есілдің түні,
Көкке өрлеп кетті кесірдің құны.
Көшеге шықсам құлаққа тұнар
Жетімнің үні…
Жесірдің мұңы…

Кеткендей жанға салқындап ғалам,
Болғасын суайт, Алтын Тақ арам.
Қадірі қашқан Ақ үйден анау,
Қасарып күнде қалшылдап барам.
Жүрмегеннен соң ескеріп ешкім,
…Өткен күндерден естелік кештім.
Тозағын тартып тағдырдың тастай,
Пейіште орны Бес Періштемнің…
Қаныма кейде жас қала жаттай,
Қоймады құрғыр масқаралатпай.
Қаңғыбас иттей қора жайлаған
Қаңғыды қазақ баспана таппай.
Ашынған Халық,
Басынған билік,
Келемін соған жасымнан күйіп.
Өз ұлтын қорлап өзектен тепкен,
Өз ағам қоймас басымнан сүйіп.
Жоқ болғыр!

               

                 СОVID-19

Қаншама жанның көз жасын көрдім,
Шайлығып жүрек моладан.
Сырқаты мүлдем қозбасын дедім,
Кем түспейтіндей обадан.

Қазына тұңған қарттарым менің,
Құрандай маған қымбатты.
Тапа-тал түсте таптады өлім,
Көңілдің көзін мұң жапты.

Тарылып демің оянбай жаттың –
Әкелер менен шешелер.
Келгенше қолдан аянбай бақтым,
Айыбым болса, кеше гөр!

Алғанда ажал дара алқымнан,
Бақытың ұшып бағыңнан.
Көмегін аяр қара халқынан,
Қайыр күтпедік Ханыңнан.

Тұла бойымнан төгіліп дастан,
Қырғынға қалай шыдайын?!
Қазаққа мынау көңілі аспан,
Қол ұшын бергін, Құдайым!

Ұлтымды мәңгі Ұлы ісі үшін,
Жаныммен сүйіп, жыр етем.
Қазақтың әрбір тынысы үшін,
Өлгенше мен де күресем!

 
***

Қайдан келіп,
Қайда кетіп барамын?!
Бір хабарын берсең етті, Саналым!
Өлгеннен соң не болмақшы жай-күйім,
Өлгеннен соң болар ма екен амалым?

…Ол жақта да жан қиналып жүрер ме?
Бір себепші таба алмастан күлерге.
Қабағымды қара тастай қатайтып,
Қапаланып тұрар ма екем, бұл елге?!

Шыңыраудан шыға алмастан тұрмысым,
Ұшар ма екен көкірегімнен
жыр құсым?
Оңашада ойға батып, мұң жұтып,
Отырам ба ақ шарапты қылғытып,
Сағынумен бір қазақтың үр қызын…

Жол таба алмай тығырықтан шығарға,
Сағым менің шарайнадай сынар ма?!
Үкілеген үмітімнің желкенін,
Күйбең тірлік дауылы көп жығар ма?!

Қандай шіркін болмақ екен Арманым?
Алаңдатып қояр ма екем Ар қамын…
Мен шаршадым,
Құсаландым,
Зар ұқтым,
Көтерем деп бұл өмірдің салмағын.

Қайдан келіп,
Қайда кетіп барамын?!
Бір хабарын берсең етті, Саналым!
Өлгеннен соң не болмақшы жай-күйім,
Орнын сипап қалмақпын ба жараның?..

 
  ***

Тіл ұшында сөз күрмелген дүние,
Тынысымда көз түрленген дүние.

Қас-қағымда жан қарайтқан дүние,
Жас-жанымда ән молайтқан дүние.

Бар кезімде паңдаттырған дүние,
Тар кезімде шаң қаптырған дүние.

Ар алдында сорлаттырған дүние,
Заң алдында қорлаттырған дүние.

…Өткендерді сағындырған дүние,
Шөккендерді бағындырған дүние.

Ұрылары қия алмаған дүние,
Ұлылары сыя алмаған дүние.

Дүние…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *