ТЕКТІЛІК ГЕГЕМОНИЯСЫНЫҢ КҮЙРЕУІ ТЕКТІЛІК ГЕГЕМОНИЯСЫНЫҢ КҮЙРЕУІ
Берік Нұрмұхамедов, 1991 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылында туған. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Қазақ филологиясы» мамандығының түлегі. Гуманитарлық... ТЕКТІЛІК ГЕГЕМОНИЯСЫНЫҢ КҮЙРЕУІ

Берік Нұрмұхамедов,
1991 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылында туған.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Қазақ филологиясы» мамандығының түлегі.
Гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Сыбайлас жемқорлықтан ат тонын ала қашып, атын естісе қамшымен қуалайтын заманда өмір сүреміз. Белдесіп-ақ жатырмыз. Жеңімпаз болу бұйырмады емес, бұйырып жүр. Бірақ, «жеңілген күреске тоя ма…», өз қапысын тауып, астыртын ит жығыс жасап, көрерменсіз кілемдерде алқа топтың атқа мінерлерінің арқаларын жер жастандырып тұратыны да шындық. Яғни, шымылдықтың шілтерінің бауына бекініп алған палуан шындықпен көрерменсіз кілемдерде ғана күресетінін көрсеткісі-ақ келмейді…
Ең қауіпті жау – белгісіз жау дейді. Белгісіздік бұлтын сейілтпей, нұрлы күннің тұтас шапағы шекемізді толық шарпып, шылқыта қоймасы да анық қағида. Бұл да бір бейресми, қоғамдағы тотамисіз турнир. Турнирдің шығу төркіні қайда екендігін біле бермейміз. Тек ұрандап антиқоғам болып, айқайлап қарсыласамыз.
БАҚ-тың бәрі сол ұрандарды қапысыз қайталайтын жаңғырық шыға бергеннен түзелетін топ пен тобыр жоқтың қасы. Апта сайын газеттің бәрі бірді-екілі мақаланы мемлекеттік қызметкерлерге міндеттеп, бауызда-тып тұрады. Бұл соңғы жылдары дәстүрге айналып кетті. Басқармалардан жарияланған мақалалардың есебін де сұрайды. Қағаздар мен цифрлар қаз-қатар тұрып өлшеп тұрар-ау, бірақ қоғамдық нәтижені кім сұрайды. Сол бір-бірін қайталаған жаңғырықтардың дәуір дертіне шипасы бар ма?
Бұл да бір қоғамдық құрылыс ағзасындағы дәуір дерті. Дерттің диаг-нозын қоймаймыз. Бәріміз сипаттамасын ғана айтамыз, жазамыз. Жаңғырық деген міне, осы. Дерттің қайдан, қалай пайа болғанын да анық білмейміз. Ұлттық текті иммунитетімізді қалай әлсіреткенін ойлана бермейміз. Дерттің дауасын дайындамас бұрын, қалай өсіп-өркендеп кеткенін білсек керек.
«Қарсымыз!», «Күресеміз!» деп ай-қайлап ұрандағанмен аспанға жетпесі, жеткен күннің өзінде аспаннан құлан-таза айықтырар амалы келмесі анық. «Үлкен жазадан үлкен пара құтқаратын заманда, біреудің қасіреті біреуге дәулет екенін жақсы білетін өңшең аққаптал…» [1] деп келетін Әбіш абыздың заманға берген мінездемесінен-ақ, байырғы баудың үзілгенін аңғаруға болатын секілді. Ол бау тектілік емес пе екен деген ой ауық-ауық сананы сан саққа жүгіртіп, қазіргі қоғамның қынжылысы мен күрсінісінен, қазақы қолқаға тиген салқынның қайдан соққан ызғардан екенін де аңғаруға көңіліміз бейім тұрады. Өткенін тарихқа самсатып қойып, таңды таңға ұрып жырлайтын ұрпақтың бүгінгі халіне қандай қауіптің барын, сол өткеннің жырлауға тұрарлық қандай қапысыз құпиясының қалтарыста қалу өлшеміне ой жүгіртсек. Ұлағатты тарих пен тау тұлғалар, өнегелі іздердің өткен замандар да үстемдік құруына қандай дүлей демнің көрігі үрленгенін топшыласақ. Тектілік деген гегемониясының қазақ ғұмырындағы қасиетін бүгінгі қоғам бейнесіндегі елестерінен шынайы иесін іздегің келетіні, пенделік көңілдің жәй желігі ғана емес, адами ақылдың азабы да шығар мүмкін. Ғажабы өтіп, азабы қалды дейін десек, өткен мен бүгіннің арасындағы тектілік атты тамырдың емес, Тәңірдің тоқтысы қандай сипатта екендігін, өз шамамызша, түсінуге тырыссақ. Әркім өз дүрбісімен үңіліп, өз көкірегімен тербегеніндей.
Қазаққа қорған болар ішін берекеге бөлейтін тектілік пен биіктіктің аттан құлауына не себеп? Оған бірер дәйек бар. Алдымен соларды аңдап, аңғаруымыз керек. Адам қандай жағ-дайда адамдықтан алыстайды? Өз ойы өзін басқармағанда. Ел де тап солай. Қазақ өзін-өзі басқармаған кешегі кеңестік 70 жыл. Орақ пен балға қазақы тектіліктің басын орып, қалған бассыз дене бөлігін қазықша балғалап, қағып жіберді. Орақ пен балғаны ұстап тұрған қолдар да ақылсыз емес, идеология ұстаханасының кәсіби білікті шеберлері. Орақпен қандай масақты оратынын білетін – агроном. Балға қандай шегені қағу керектігін түсінетін тоқпақ. Яғни, ұлт қаймақтары қазақтың қозғаушы қоғам екендігін білді. Берекені икемдейтін инсти-
тут болатындығын ұқты. Дәуірлер, замандар қашып, тәңірдің өзі таңдайы мен маңдайына тамызған тектілігін ту-талақай еткенде ғана қазақты қарғы баулап алатынын түсінген жымысқы пиғыл. Сонау замандардың заңғарынан қазақтың тізгіні тектілердің түйсігі мен тұжырымында тұрақталып, бірегей болмысқа ие болып келді. Сол құрсауын бірізділікпен бекемдеген жүйені жайратып салғысы келді.
Тектілік дегеніміз қанға құйылған асыл қасиет. Тектілік пендеден емес Құдайдан. Оның тұқым қуалауы бұлжымас қағида. Тектілік институтын итжеккенге көшіріп, далалық ғимарат қарашаңырағының қасиетіне қорлық көрсетті. Төре, би, бай атаулыдан ада қоғам құрды. Әлімсақтан тақ пен бақты бірегейлеп келген кемеңгер күш күйреді. Бас болмаса, басқа сауға тілеудің қажеті не?.. Тектілік тамыры талан-таражға түсті. Байлардың мүлкін тәркілеп, берекесін бесігімен қоса тентіретіп жіберді. Қазақы ырыс пен бақты, дәулет пен дүниені, жағдайды реттеуші алып, далалық дала державаның дал-далын шығарды. Байларды аямай қарамай, пенделік құнын жойды. Ертегі желісіндегі мыстан кемпір мен жезтырнақ образы қандай болса, кеңестік идеология зердесіндегі төре, бай, би сынды шынайы алыптар болмысы айуан атмосфераны түзеді. Тәрбиенің кілтін цензураның металынан жасап шығарды. Бабасынан дүниенің, биліктің, бес күн жалғанның қадірі мен бағасын біліп, елінің ынтымағы мен зерделеуді үйренген топты топанға айналдыра салды. Тектілік әкенің, бабаның, атаның қанымен жалғасатын құбылыс. Ананың сүтімен даритын қастерлі қасиет. Текті жұрт баласына жар таңдағанда да тегімен жұптап, қасиет қаймағын бұзбауға тырысқан.
Осынау бабаларының бір қасиетін, мың өсиетке бергісіз ынтымаққа жалғап, далалық дәуір дүлдүлдері даралаған, данышпан дәлелді дүниелер дер кезінде, электронды тақтасыз тағлым түзеген болатын. Осындай да жалпы қан деген не, деген сұрақ туындайды. Жай сылдыр су сұйықтық па, әлде қойнауында қасиет пен құбылыс құрық бойламас қастер ме?..
Біз әдетте бұл тұжырымды оқушы-ларға қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамыз. Алдымен, «адамның қасиеті қай жерде орналасады?» – деп ортақ сауал тастау арқылы. Одан «санада, мида, баста, шекеде» деген іспетті жауаптар да аламыз. Осыдан барып, пенде шіркіннің қасиет тұрағы қанда екендігін айтамыз. Қан дегеніміз не? Қан дегеніміз қасиеттер қоймасы. Есігін ашқанда әр адамда, әр әулетте, әр ұлтта, әр нәсілде әр түрлі қасиеттер сөрелерде жиналып тұрады. Сонау ата-бабаңнан келе жатқан қасиеттер қоры сол қаз-қатар жәшіктерде шоғырланып тұрады.
Бойыңда жоқ қасиеттің сөресі бос тұрады. Бұны қазақ математикалық жолмен амал ете білген. Яғни, өзінде жоқ, баласында бос тұрған сөрелерді немересінің бойында бар қасиет ету үшін, текті, әулеті берекелі, арғы жағы қасиетті отбасымен құда болып, солардың ұрпағын алып беріп, бос сөрелердің орнын толтырып, толыққанды ұрпақ жалғастығын жүргізіп отырған. Бұл үлкен данышпандық. Алтын бел, күміс құрсақтың қасиеті құлдырамаған уақыттар уысындағы уызына жарыған ұрпақтардың ұлылығы. Бұл теорияны жеті сайын тәжірибе жасап, жалпылдақ университеттердің ешбір ғылымы да, зертханасы да зерделей алмайтын тұжырым. Бұны дала төскейінде тектілік тұрағын орната білген Алаштың академиктері киіз үйдің төрінде, көк аспанға күпірлік қылмай, күмбезді ойларын кемеңгер салтымен жүзеген асыра берген. Қыздың абыройы өзінен қымбат қайран замандар.
Тек деген, тектік қор деген міне осы үрдістер арқылы үзігін жалғап, ешбір оқулықсыз үстемдігін жүргізген. Бұл турасында қазақ тарихынан талай жылдарды руханиятқа реакция етуге болар-ақ, бірақ барлығы қаны қазаққа белгілі құбылыс. Қазақта жеті атаға толысқан туысқандар өз алдына ру болуы үшін сол аталықтың бюджетін қамдар ірі меценат байы, сыртқы күштерден қорғай-тұғын қас батыры және елін даудың арасында қалдырмайтын ділмар биі болуы тиісті болған. Осы критерийлер жүзеге асқанда ғана тайпалық ру болып, таңбасын алып, ғұмырын кешкен. Осынау далалық аристократияның көреген қалпы, кемеңгер нақышымен қаланған тектілік мұнарасының қамсауы күні кешеге дейін сөгілмеген болатын. Сөгілмеуіне себеп өзге жұрт бұл алып данышпандық негізінде құрылған қазақы қазбаның құлпы мен кілтін қазбаламаған болатын.
ХІХ ғасырда қаптаған миссио-нерлердің міндеті осы алып дала құрсауының қасиетін анықтап, діңі мен тетігін білуі еді. Ақыры шегір көз, шоқша сақал, салпы танау келімсектер Ұлы Даланың алтын сандығындағы феномен болмыс, бар қазақты құнды тізбектің бойынан табындыратын тектілігі екендігін ақыры тас еденге табанын тіреп, тарамыс түйсігін тарақтап, сары май санасын сараптап отырған үлкен үкіметіне үріп тұрып баяндады. Жалпы дала қоғамы ел билеу, саяси текетірес, экономикалық мәселе дегенге жатып алып уайым соқпаған әлеумет. Себебі, айтқанымыздай өз руының шекпенділері шешіп, саралап отырды. Ол процесске алаңдаудың да жөні жоқ болатын. Ол кемеңгерлер шынайы шенділер еді. Бармақ басты, көз қысты әрекеттерден ада. Сонау ата-бабасынан бері осындай елдік істердің басында жүрген жолдан тая қоюы екі талай. Олар өз қан тазалығында берік сақтаған. Алтын көрсе де жолдан тайматын елдің еңсесі мен ахуалын алдымен ойлайтын тұлғалар. Олардың алтынға алдануына да себеп аз. Өйткені алтын ата бабасынан бері тұрмыстағы шөміш, ошақтағы жәмке болып жүрген дүниелер. Сосын-ақ, ондай алыптардан алыптар ғана туып, алмалар ағашынан алысқа түспеген болатын. Олар меценаттық міндеттерін бабасынан түйсінген тарландар.
Бұл кешегінің кемеңгерлері кіріскен істердің ізгілігі, іріктелмейтін ізі. Бұндай құбылысты да Құдайдың берері белгілі. Ырысына қой түнетуге тұрарлық берекеге ие биіктіктің табаны текті қанға бекінген тағасынан тая қоюы, үй арасындағы тұрмыстық сапырылыстарда сүріне қоюы екі талай амал. Бүгінгі «шала піскен мырзалардан» әлдеқайда көші озықтығына түйір күмән жоқ. «Ежелден-ақ қазақ қауымында ел басқару, қол бастауға, елшілік істерге, әділ билік айтуға т.б. аса жауапты қызметтерге ата-бабасы сан рет халық сынынан мүдірмей өткен, игі істерімен елге танымал болған текті адамдарды ғана тағайындап келгені тарихтан мәлім» [2] деп Н. Келімбетов «Ұлыма хат» эссе баянында ой толғайды.
Шындап келгенде адамның ата-тегі оған берілетін кепілдік құжаты іспеттес болғаны рас. Ұл туса осындайлардан туады деп ұлы дала төсінде тектілікке тамсанып, тізгінін селдір күдіксіз ұстата қоятын мейманасы қалт етпеген бұқараның бірізді пейілі қайда екен дейсің кейде… «Қатты дауылды күні қыран құс қана, өз бағытынан адаспайды. Жұрттың бәрі қыран емес» [3]. Қаймағы бұзылмай, қаспағы қырылмаған кезеңдердің аясында орын алған жайттардың көбі жоқ, азы топ болып қалды. Туды түйген жұдырық қана ұстайды деп дала жұрты текке тәмсілдей қоймасы анық.
Бүгінгідей жарты байлығы параға, жарты ақылы далаға кетіп жатқан кезеңнің күптілігі нені құстырарын, заманның запыраны заңсыз зұлымдыққа мәнсіз мұрындық болып тұрғаны бір қателіктің бір жерден кеткенінің айғағы емес пе?!
«Кеме келсе, қайық судан таяды» деп мәйектеген бұрынғылардың пайымына, бүгінгі қоғамның қалтарысы мен күллі жұрттың назары жиылар «Мұнанайдай» (ХІХ ғасырдағы Орынбордың айырбас базары) алаңдардағы олқылықтар мен ақсап тұрған тұяғымыздың жара-сындағы емге дәріні емес, алдымен диагнозын анықтап алмаққа пенделік ой қорыттым. Бұл жәй шамы бәсең, пікірі бөлмеден аспас аласалықтың жазған, жұмыр ойы мен, қазіргі қоғамға қажетсіз қисыны ғана болар. Бірақ, қисынның да қисығы мен кей сыны болары сөзсіз. Құдай екінің біріне бере бермейтін тектіліктің мекенжайын іздеуде болар, бәлкім. «Ауылынан он төбеті қатар үріп шыққан бай да, тоқтылы қойдың дауын шешкен би де тумаған» [4] деп бұрынғының кемеңгерлері тізгін бермес шаршы топ, бүгіндері сұйылғанына ешкімнің таласы болмас. Бұны есті ел біледі, есер тобырдың еңіске кеткені қашан… Бірдеңені біліп жүру де дым білместіктен жақсы ғой әйтеуір. Ақыл дегеннің өзі әлсіз жеріңді білу емес пе?.. егер, бұл ақыл деп аталар болса…
Елге құт, маңайға шеп, маңдайға жұқ болған тектілердің ірі қимылдары дала зердесінде құйқылжып қалар, сол ескен қастерлі әуенді ескерер естілердің ел еңсесіне еселеп ерекшелікті еншілегенінше…
Ескерілген жазбалар
1.Ә.Кекілбаев, 20 томдық шығар-малар жинағы, 6-том, «Шандоз».
2.Н.Келімбетов, «Үміт үзгім келмейді. Хикаят-монолог» Эссе Алматы: Раритет, 2005.- 432 б.
3.Т. Әсемқұлов, «Талтүс», «Тәттімбет сері» романдары
4.С. Мұқанов, «Аққан жұлдыз» 1-том.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *