АБАЙ — АРУ ТОҒЖАН АБАЙ — АРУ ТОҒЖАН
Айтулы күндер – Абай — 175 жыл      Жұма-Назар Сомжүрек, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, әдебиет сыншысы            ... АБАЙ — АРУ ТОҒЖАН

Айтулы күндер – Абай — 175 жыл

   

 Жұма-Назар Сомжүрек,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі,
ақын, әдебиет сыншысы

       

Абай

                         МАХАББАТ ДАСТАНЫ             

                                      1.
Көктем.
Жайлау.
Сүйіндік бай ауылы,
Айналасы – ағайындар қауымы.
Дала түлеп, жасыл шапан жамылып,
Сай-салада ашылған гүл қауызы.

Артта қалып , қыстың қыспақ ауыры,
Төрт түліктің көкке тиген ауызы.
Жұпар исін сайдан ескен самалдың,
Жұтар адам қанғанынша айызы.

Жаз жайлаумен егіз жаны қазақтың,
Саф ауасы, сал самалы ғажап тым!
Алтыбақан, ат жарыстар, қыз қуу…
Жаз қызығын тауысады санап кім?!

Сыңқылдайды күміс көмей бұлақтар,
Сыбдырайды жел желпіген құрақтар.
Жымыңдайды, қымыңдайды аспанда,
Алла жағып қойған түнгі шырақтар.

Бұл ауылдың Абай бүгін қонағы,
Құрметіне жігіт көңілі толады.
Әдебіне, біліміне сүйсініп,
Жас болса да отырғызды жоғары.

Білім алып, ақыл қосып ақылға,
Қалада оқып, келген беті жақында.
Ойлы-терең сөздерімен шынайы,
Байқатады екендігін ақын да.

– Оқу керек, – деді, – қазақ баласы,
Жетеді оған қабілеті, шамасы.
Ал жастардың бүгінгі бар көргені,
Жаз жайлау мен қыс қыстаудың арасы.

Орысша оқу – бүгінгі өмір талабы,
Қараңғылық басар қанша даланы?
Болашақта қазақ елін ел қылар,
Білім алған азаматтар саналы.

Білім жоқтан қазақ елім сорлаған,
Шен-шекпенді орыс келіп қорлаған.
Оқығандар серпіп ертең ашады,
Надандықтың қара бұлтын торлаған.

Оқумен тек қазақ көзі ашылар.
Білім нұры даламызға шашылар.
Өзі оянып, қалың елін оятар,
Алашым, деп, атқа мінген асылдар!

Әттең, әкем көп оқытқан жоқ мені,
Бар болғаны үш-ақ жылмен шектеді.
Аз оқумен ғылымға қол жетпеді,
Сол өкініш қабылтады өкпені.
АРУ ТОҒЖАН СИПАТЫ

…Ауызынан бөтен сөзді ұшырмай,
Үлкендермен кеңесті Абай қысылмай.
Тоғжан отыр жеңгесінің қасында,
Сылаңдаған көлдің аққу құсындай!

Ажары айдай көзді еріксіз тартады,
Көрмегендей бұрын мұндай қалқаны.
Сыңғыр-сыңғыр сыңғырлайды сырғасы,
Мойынына таққан алтын алқаны.

Тәңірім-ау, қандай аппақ тамағы!
Қарағанның көз мейірі қанады.
Маңдайында қос шамшырақ жарқырап,
Ақ жүзінен нұр тамшылап тамады.

Ақ саусақтар ақ сүйріктей салалы,
Туады екен мұндай да ана баланы!
Табылар ма хас сұлу қыз осындай,
Шарласаң да қала менен даланы?!
Отыр сұлу қыпша белі қыналып,
Әлпештеумен бойжеткен ғой сыланып.
Сәніне сән, көрік қосар көркіне,
Арқасында қос бұрымы бұралып.

Қыр мұрыны аша түсер ажарын,
Шектірер ме махаббаттың азабын.
Ай көрікті арулар-ай жігіттің,
Қақыратар сабыр-төзім қамалын.

Қаз омырау, аршын төсі арбайды,
Ойдағы ойды айтуға ауыз бармайды.
Қыз тағдыры айттырғанға байлаулы,
Қайран ару кімге өмірін арнайды?

Үлбіреген гүл еріні , ай қабақ,
Жаралған жан отыруға аймалап.
Қанат қағып жас жүрегі Абайдың,
Кетті қиял ойдан-ойға тайғанап.

Жаңа ашылған гүлдей нәзік үлбіреп,
Отыр Тоғжан күнге айналып күлімдеп.
Сұлулар-ай, жүргендерін сезбейді-ау,
Ер жігіттің ет жүрегін тілімдеп.

Қарағанда Тоғжан көзін төңкеріп,
Ұшқынына кеткендей ол өртеніп.
Ән де туар: « Қарасы,- деп,- көзімнің»,
Жыр да жазар көркем сөзбен көмкеріп.

 

          АЛТЫБАҚАН

…Болды кеңес, өзінше бір алқалы,
Үлкен-кіші риза боп тарқады.
Бір-біріне десіп жатты: «Ойпырмай,
Әкесіне қалай-қалай тартады».

Жас Абайдың сөзі баурап жастарды,
Келесі күн шақырыстар басталды.
Бағлан еді қыз-бозбала көсемі,
Сауық-сайран кешін өзі басқарды.

Жинап алып, қыз-жігіттер қауымын,
Хабардар ғып думан жайлы ауылын,
Құрметіне құтты қонақ Абайдың,
Өткізуде «Алтыбақан» сауығын.

Үкі таққан тақиясы басында,
Күмісайдай жас жеңгесі қасында.
Келе жатты ару Тоғжан жай басып,
Қыз сұлуы бір-ақ туар ғасырда.

Жүрісі де қалқып келе жатқандай,
Ай сәулеге шағылысар ақ маңдай!
Ортасында күн сипатты хас сұлу,
Қыз-бозбала сауық құрған шақ қандай!

Мынау ғажап көрініске тамаша,
– Па, шіркін! – деп, қарай қалды таласа.
Десті бәрі:
– Күндей көркі ажары,
Әбден лайық ай-жұлдызға баласа!

– Қайырлы кеш,
орта толсын, құрбылар,
Жайлау кеші тамаша ғой сыр қылар.
Жадыратар табиғаты-ай көктемнің,
Әнге қосып,
қайсың барсың жыр қылар?

Қостай кетті жастар оны:
–Мақұл, – деп,
Ішімізде өнер-талант жатыр көп.
Біз ән салып, жыр сұрайық қонақтан,
Естігенбіз Абайды бұл ақын, деп.

…Шабыт құсы ұшып
келіп көк қырдан,
Абай іштей жыр оқысам деп тұрған.
Айтып берді «Жазғытұры» өлеңін,
Мұндай кеште жараса ма тек тұрған.

Ұғатұғын өлең-жырды татымды,
Аз дейсің бе қыз-бозбала ақылды.
Тыңдаушылар таң-тамаша қалысты,
Алғаш көріп, жыр оқыған ақынды.

Көңіліне жыр жолдарын тоқыған,
Тоғжан тыңдап тұрды айнымай тотыдан.
Сүйсініспен қарай берді ол Абайға,
Өлеңдерін шабыттанып оқыған.

– Құрбым Абай, тамаша екен өлеңің,
Бейнелеген көктемгі өмір әлемін.
Табиғатты көз алдыңнан өткізер,
Бұдан артық жыр жоғына сенемін.

– Табиғат қой өлеңіме өң берген,
Өмір қызық қыз-келіншек сендермен.
Рахмет осы тұрған бәріңе,
Жыр ұнатып қошеметтеп дем берген.

– Шынында да,
жайлау кеші ғажап тым!
Жаз жайлауда өмірі шат қазақтың.
Ұмытылар қырға көшіп шыққанда,
Қатал қыстан көрген бейнет, азап-мұң.

Құстар келер қанатымен жазды алып,
Жаз жайдауда мәре-сәре мәз халық.
Соларды Абай жырға жақсы қосыпсың,
Деді, Тоғжан көзін қадап назданып.

Отты көздер бір-бірінен от алып,
Махаббаттың шоғы жанды тұтанып.
Ыстық сезім кернеп бойды барады,
Шыдам шегі жіңішкеріп жұқарып.

Ғашықтық-ай баурап алар жас жанды!
Қос жүрекке қос бұғалық тасталды.
Абай жырын тамашалап болған соң,
Келесі ойын «алтыбақан» басталды.

Деді Бағлан:
–Жастыққа не тең келсін,
Қыз-бозбала бір-біріне дем берсін.
Алғашқы боп қонағымыз Абаймен,
Жұлдызымыз Тоғжан ару тербелсін.

– Дұрыс, дұрыс,
Тоғжанға кім тең келсін,
Ақын қонақ кешімізге өң берсін.
Думан қызып, даламызды ән тербеп,
Тамашаны тамашалап ел көрсін.
Бірінші боп, Тоғжан әнді бастады,
Абай да оған тез ілесіп қостады.
Қыз-бозбала жұп-жұбымен тербеліп,
Бөленді әнге түнгі ауылдың аспаны.

Тоғжан:

Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі,
Айтайын мен бір сөзді күлдіргелі.
Орныңнан әрі отырған,
ахау, бермен отыр,
Қолымда қармағым жоқ ілдіргелі-ай.Ақ дариға, ілдіргелі-ай.

Абай:

Қолымда бір қамшым бар бунақтаған.
Бәйгеден екі ат келер ойнақтаған.
Жүрмісің есен-аман беу, қарағым,
Көзіңнен айналайын жайнақтаған,
Ақ дариға, жайнақтаған-ай.

Шығады өлең қайдан, сөз болмаса,
Жүреді кім жетектеп, көз болмаса.
Қосылар екі жақсы заман қайда,
Осындай ойын-тойда кез болмаса,
Ақ дариға, кез болмаса-ай.

Тоғжан:

Арымас алыс жолда қазан атым,
Көк өзен, жасыл көлге қаз қонатын.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің есен-аман азаматым?
Ақ дариға-ай, азаматым.

Абай:

Бәйгеден озып келген құнан керім,
Жарасар құнан керге құранды ерім.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің аман-есен бұраң белім?
Ақ дариға-ай, бұраң белім-ай!
/ән аяқталады/.

Тербеліп боп, келді өзгелер кезегі,
Табысудың Алтыбақан себебі.
Бір мазасыз оянғанын сезімнің,
Іштей ұғып, екеуі де сезеді.

Барып тұрды екеуі сәл оңаша,
Жалғасты әрі жастар кеші тамаша.
Қыз-жігіттер тәуекелге баспай ма,
Үнсіз ұққан жас жүректер қаласа.

Ғашық жігіт болса берік жігерлі,
Ақсұңқардай қыз аққуын ілер-ді.
«Ақ дариға-ай!» жүрек сөзін жеткізіп,
Екеуін тез табыстырып жіберді.

– Құрбым Тоғжан,
сөздің айтсам дұрысын,
Әлемде жоқ,
хас сұлусың – ұлысың!
Перизатсыз ажарыңа әнің сай,
Қандырдыңыз құлағымның құрышын.

Үнің ғажап, тыңдай бергім келеді,
Сезем анық түнде түске енеді.
Ән мен сәнің қуанышқа кенелтіп,
Бірақ мұздай мұңға мені бөледі.

– Абай, сені қалай мұңға батырдым?
Соған менің еш жетпейді ақылым.
– Мұң себебін саған ашып айтуға,
Мен бейбақтың жетіспей
тұр батылым.

Тасаланып жұрт көзінен тысқары,
Тоғжанның қолын қысып ұстады.
– Құрбыжан-ай, мен
мұңаймай қайтейін,
Айырады-ау қатал уақыт қыспағы.

Кетсем ертең,
сағынармын сені ойлап,
Ал сен болсаң, тұр екенсің нені ойлап?
– Қыздың жолы жіңішкеден жіңішке,
Білгің келсе,
тұрмын Абай соны ойлап.
Баста ерік жоқ,
аяқты ерте тұсады,
Жан құрбым-ай, содан жаным құсалы.
Шырылдаған тоты құспын тордағы,
Қайда маған ғашық жардың құшағы?!

Жүрек соғып, тұрғанымен Абай деп,
Ата алмаймын ақ таңың боп-арай боп.
Сүюге емес, күюге тек жаратқан,
Гүлім солып, сарғаярмын амал жоқ.

Қыздар зарын
тыңдайтұғын заман жоқ,
Естір құлақ, ескеретін адам жоқ.
Қатын болып, он төрт-он бес жасында,
Қыз ғұмыры аяқталар тәмам боп.

– Өзім кетіп,
мұнда қалар жүрегім,
Күндіз-түні сені ойлаумен жүдермін.
Көп ұзамай қайта келем, күт мені,
Бір Алладан тілеуіңді тілермін.

– Келме деп те,
кел деп те мен айта алман,
Жігітсің ғой сөзге шешен-майталман.
Ортасында жансамдағы екі оттың,
Үмітіңді үз деп және қайтарман.

– Келем сөзсіз,
келем бірақ жасырын,
Махаббатым, айдай көркем асылым.
Күтем сені шоқ теректің түбінде,
Жүрек тынбас, көргенінше ғашығын.

Хош бол, жаным,
жарық сәулем аяулым,
Жүрегімді күйдіреді қаяу-мұң.
Мына баста сезім бар да, ми жоқтай,
Айрылуға ақыл-естен таяумын.

Келгенімше қалай төзіп шыдармын?
Бұл дәуірде ғашық жайын ұғар кім?
Қыз-жігіттер тең-теңімен қосылар,
Заман орнап, ашылар ма мұнар күн?!
…Уақыт қатал айырады талайды,
Атар ма алдан бақыт таңы арайлы?

Тоғжан ару:

«Тосамын, – деп, – жолыңды»,
Аттандырып салды еліне Абайды.

Дайын еткен атқосшысы аттарды,
Қарай-қарай артына Абай аттанды.
Бара жатты Тоғжанмен өткізген,
Елестетіп қызық-думан шақтарды.

 

  САҒЫНЫШ СӘТТЕРІ

…Өтті күндер, өтті түндер, апталар,
Күткенімен Абайдан жоқ хат-хабар.
Ару Тоғжан сағыныштан сарғайып,
Көздің жасын көлдетуге шақ қалар.

Тәңірім-ау, бұл не сезім ынтызар?
Бұл сезімнің қысымына кім шыдар?!
Аңыз еткен осы ма екен махаббат,
Жігіт қыздың,
Қыз жігіттің құшағына құлшынар?

Сүйгенді аңсап,
емес жүрек тыншығар,
Бүйте берсе, дем тарылып тұншығар.
Кейде күйге, кейде нұрға бөлейді,
Махаббат бұл көкте
екінші күн шығар.

Ия, махаббат –
жалын шашып жанады,
Тыншытпайды билеп ой мен сананы.
Сыры жұмбақ неткен сезім сиқырлы,
Жолдан, тіпті, тайдыратын дананы?!

Қиял-сезім шарлатады даланы,
Ақ арманнан алтын алқа тағады.
Кейде, тіпті, шырт ұйқыңнан оятып,
Тырсылдатып терезеңді қағады.

Бұл махаббат
күмбірлеген күй ме еді?
Балбыратып бойды баурап биледі.
Сағынышын айналдырмай құсаға,
Қашан келіп құшар ғашық сүйгені?

Кетті таңнан Тоғжан ару тынышы,
Алқынады тарылғандай тынысы.
Маза кетіп , дөңбекшіді төсекте,
Бұзылғандай жүрегінің жұмысы.

Қалай басар қобалжыған жүректі,
Сағыныштан салбыраған білекті?
Көптен күткен хабар келіп Абайдан,
Құдай бүгін берер ме екен тілекті?

Қабырғамды қағып қатты ересен,
Мұңлық жүрек
атқақтайсың неге сен?
Жақсы хабар жадыратып жанымды,
Жарар еді қуанышқа бөлесең.
Айтшы жаным,
атқақтайсың неге сен?

                  СҮЙІНШІ

…Сағынышқа солай әзер шыдаған,
Мұңға батып, жастығына құлаған.
Тоғжан түсте отырғанда мұңайып,
Күмісай кеп, сүйінші одан сұраған.

Махаббат-ай, көздің жасын төккізген!
Сағыныштың зарын қызға шеккізген.
Досы Абайдың Ербол еді хатты әкеп,
Жеңгесіне оңашалап жеткізген.

– Айналайын жеңешем-ай, жеңешем,
Болар лайық сені кімге теңесем?
Сүйіншіге қос жорғамның бірін ал,
Ақылшымсың тек өзіңмен кеңесем.

– Еркежан-ай, тым сағынған екенсің,
Сәтін салса, ғашығыңа жетерсің.
Әзиз басың байлаулы ғой, әй-әттең,
Құдалықпен мал бергенге не етерсің?
– Айтпашы оны,
хатты оқиық онан да,
Не жазды екен, күпті көңіл толар ма?
Тумай жатып атастырар қыздарын,
Қандай қайран әділетсіз қоғамға?

Ашып хатты Тоғжан оқи бастады,
Ойына алмай, бір Абайдан басқаны.
Өлең-жырлар ғашығына арнаған,
Бұлт мінгізіп, айға апарып тастады.

Жүрген еді қанат байлап ұша алмай,
Отыр енді айдан жерге түсе алмай.
Кіріп келіп, Абай оны тап қазір,
Құшағына құшырлана құшардай.

…Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғанда сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.

– Ол да мені екен қатты сағынған,
Сағынышы өлең болып ағылған.
Қалай ғана толқымайды көңілім,
Махаббаты шамшырақтай жағылған.

Сұлу қыздай тұрған белі қыналып,
Сұлу жырлар жазған қалай шығарып?!
Оқып мынау өлең жолын, жеңеше-ау,
Ұялғаннан кетті бетім қызарып:

…Көзім жатқа қарамас,
Жат та маған жарамас.
Тар төсекте төсіңді,
Иіскер ме едім жалаңаш.

Иығымда – сіздің шаш,
Айқаласып тай- талас ,
Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас…

– Еркем, оның ұялатын несі бар,
Ғашықтардың арманы сол – есіңе ал.
Махаббаттың ләззатына бал татыр,
Құмар-құштар барлық адам есі бар.
Ерке қыз-ай,
неткен сөздер алтындай!
Әр жолынан ұшқын ұшар жарқылдай.
Қандай қыз да шылбырына оралар,
Қайда мейлі бастаса да тартынбай.

–Алып ұшып тұр менің де жүрегім,
Оралса, деп, мойынына білегім.
Енді тағы сағынышы сарғайтпай,
Не болса да, тез келсе екен – тілегім.

Абай мені суреттепті тамсанып,
Тебіренді жан-жүрегім ән салып.
«Сенен артық жан тумас»,-
деп жырлапты,
Сұлумын ба, шынында,
мен соншалық?

– Хас сұлусың,
еш елде жоқ, шынында,
Қазір де жоқ, болмаған-ау бұрын да.
Қыз Жібекпен атың қатар аталып,
Жасар мәңгі ақын Абай жырында.

Тоғжан хатпен сәлем айтты Абайға,
Сәрсенбіде жеткейсің, деп , қалай да.
Жеңгесіне тапсыр, деді Ерболға,
Ұқсап жүзі таң шапағы арайға.
     ТҮНГІ ЖҮЗДЕСУ

Жүрді Абай да жолға қарап,
алаң боп,
Сабыр , сабыр асыққанмен амал жоқ.
О, дариғай, үкілі үміт ақталып,
Тоғжан хаты соғар ма екен самал боп.

Қос етекті көк көйлегі көлеңдеп,
Елестейді еліктей боп елеңдеп.
Қарап қана отыруға жаралған,
Жай пенде емес,
періште боп, өлең боп…

Санай-санай уақыт-мезгіл сағатын,
Күте-күте тауысқанда тағатын,
Жетті ақыры жүйрік желмен жарысып,
Тоғжан хаты қағып құстай қанатын.

Қайтерсің бұл Махаббат-би тақсырды,
Хатты алғанша
ұша жаздап шақ тұрды.
Ербол досы ат үстінен Абайға,
Қыз сәлемін сүйіншілеп тапсырды.

«Құрбым Абай, артық туған асылым,
Жырыңды оқып,
көңіл шалқып тасыдым.
Күтем сені сәрсенбінің сәтінде,
Құстай ұшып
тез жеткейсің, ғашығым».

Сөздері осы Тоғжан жазған хаттағы,
Ақ маржандай жайнаған гүл бақтағы.
Ербол досы қуанышқа кенелтіп,
Үміті мен зор сенімін ақтады.

– Ер жігітсің Ербол досым, құрдасым,
Жүрек сырын шертісетін сырласым.
Бағың жанып, сұлу сүйіп, үй болып,
Өмірде еш сағың сенің сынбасын.

Құсбегідей құсына қаз ілгізген,
Доссың адал қадіріңді білгізген.
Қүреңқасқа өткенде өзің қызыққан,
Сүйіншіге атым саған мінгізген.

Ертең ерте қос күреңге мінелік,
Екеуі де шабысқа тұр тіленіп.
Жолығысып сүйіндірсін сүйіктім,
«Сәт сапар!» – деп,
бір Алладан тілелік.

Атқосшыға аттарды ерте алдырып,
Жолға түсті салкүреңді салдыртып.
Келе жатты көңілдері көкке өрлеп,
Әнге салып, қыр-даланы жаңғыртып.

Жетті үйіне Ербол достың кештетіп,
Ғашықтық – дерт,
қалмасыншы ес кетіп.
Жеңгесінен хабар беріп Тоғжанға,
Досы барып айтып келді ескертіп.

Күтті сосын қараңғылық басқанын,
Тоғжаннан басында жоқ басқа мұң.
Жалғастырар екен қалай екеуі,
Махаббаттың тарау-тарау дастанын.

Түн ішінде кездесуі алғашқы,
Қалай болар?
Күдік, сенім алмасты.
Сенім жеңіп, күтті терек түбінде,
Ару Тоғжан уәдесінен танбас-ты.

…Жеңгесі ерткен:
– Тұр, – деді – әне Абайың,
Таң ата кеп, осы жерден табайын.
Ауылына алып қашып кетпесін,
Таба болар әке-шешең, ағайын.

— Тоқтай тұршы, жүрегім тұр алқынып,
Тұрғандаймын суық ерге малшынып.
Икемдесе, дірілдеген түріммен,
Көрсете алам оған қандай қарсылық?

– Айналайын, қобалжыған түріңнен,
Қыз емессің жігіт көріп сүйілген.
Сөз түсінер текті әкенің ұлы ғой,
Тоқтат онда аталы сөз тіліңмен.

Әйел еді жөн білетін өнерлі,
Ақыл айтып, үйге қайтып жөнелді.

Сөйткенінше келді Абай да қасына,
Құласа ма мойынына асыла.
Тіл байланып, шықпай қалды үні де,
Тұрып қалды басын сүйеп басына.

– Аяулым-ау, сенбісің бұл шынымен?
Сені ойлаумен жүрем күні-түнімен.

Келіп тұрған Тоғжаныңмын –
өзім, деп,
Көз жеткізші лебізіңмен, үніңмен.

Тұрды Тоғжан еліктей бір үріккен,
Қобалжыды қауіппенен күдіктен.
Ауызына жөндемді сөз түспеді,
Кездескен соң алғаш түнде жігітпен.

– Келіп тұрған, Абай, міне өзім – мен,
Айлар бойы күттім сені төзіммен.
Ойлай-ойлай сағынышпен өзіңді,
Күндер болған таң ата тек көз ілген.

– Балалықпен сөз қадірін білдік пе,
Не жетеді сөзге шешен жүйрікке.
Біраз дауға қатыстырды мені әкем,
Болашақта баулымақ боп билікке.

«Бұл өмірдің бірі у да, бірі бал,
Деген әкем, – осы бастан біліп ал».
Ұрлық-қарлық,
жер мен жесір дауы көп,
Тағдырымның қиын болар түрі бар.

Себебі сол, тез жете алмай кешіксем,
Асықсам да жібермеді, кешір сен.
Жаным, қайта құшағыңда балқытып,
Махаббатпен мерейімді өсір сен.

Мен де сені ойламаған күнім жоқ,
Дөңбекшумен түс көрмеген түнім жоқ.
– Сол түсіңнің айтшы бірін әдемі,
Жүр ме екенмін алақанда гүлің боп?

–Төбесінен түсімнің дәл түстің сен,
Аққу болып ұшып жүрдің үстімнен.
Бірде гүл боп,
бірде айналдың шарапқа,
Сол шараптан мейірлене іштім мен.

Аққуым да, шарабым да бүгін сен,
Құшағымда жұпар
шашқан гүлім сен.
Жұпарыңнан қанғанымша иіскеп,
Сосын еріп, үгілейін үгілсем.

Деді де, Абай сүйді құшып аймалап,
Тұра берсін қашанғы сөз майдалап.
Қос ғашықтың жүрегінен сыр тыңдап,
Мейірленді төбесінен ай қарап.

Қыздың жолы – жіңішке жол ұзарып,
Дуылдады екі беті қызарып.
Құшағына кіре түсті сүйгізіп,
Қыпша белі тал шыбықтай бұралып.

Ғашықтардың қалды тілі күрмеліп,
Естері де бірде шығып, бірде еніп.
Ішкі әлемі – жан дүние түрленіп,
Махаббаттың гүлі ашылды бүрленіп.

– Қара түнді жарық қылған күнім сен,
Жолыңда мен үзілейін үзілсем.
Оқыр ма екем Абай деген жазуды,
Лүпілдеген жүрегіңе үңілсем?

– Жүрегімде жазулы атың орныққан,
Махаббаттың құдіретіне болдық таң.
Қара түнде қауіпке мен бас тігіп,
Құшағыңда тұруым да сондықтан.

Есімде, Абай, өлеңдерің, жыр-әнің,
Айтам кейде қанғанынша құмарым,
Ғашық етіп, сол сезімді оятып,
Махабаттың жақтың сөнбес шырағын.

Бағындырдың өзіңе бас еркімді,
Сүйе-сүйе өршіттің ғой өртімді.
Неткен бақыт қауыштырды Тәңірім!
Көңілімнің бұлты ашылып серпілді.

От сүйістен буындары босады,
Еріксізден ерінге ерін тосады.
Құштарлықтың күштісін-ай, о, шіркін!
Қос денені қабыстырып қосады.
Айрылғандай екеуі бар еріктен,
Неткен күш бұл сары майдай еріткен?
Тоғжанның басы айналды бақыттан,
Құмарлана түсті сүйсе неліктен?

Ойланса да бұған ақыл жетпеді,
Құбылыс бұл – ісі Алланың көктегі.
Мейірленіп жұта берді жұпарын,
Махаббат та исі ғажап оттегі!

Сүйіссе де екеуі әдеп сақтады,
Үзбеді Абай қызғалдақты бақтағы.
Көрісуге мұң-зар болып жүргенде,
Аз олжа ма бірін-бірі тапқаны.

…Жеңге келді,
қайтар уақыт болды, деп,
Жарайды, деп, соңына ерді мөлдіреп.
Жас арудың алаулаған ақ жүзін,
Желпіндіріп аймалады жел-жібек.

Жазғы жайлау шоқ теректің басында,
Махаббаттың туы тұрды желбіреп!

Күмісайдан Абай аздап қысылды,
Алғыс айтты көрсеттің, деп құсымды.
Мың рахмет,
жеңге жолы – сыйым, деп,
Шәйі орамал, жібек көйлек ұсынды.

 

Абай

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *