ӘЛЕМ МӘДЕНИЕТІНЕ ҮЛЕС ҚОСҚАН ДАЛА ДАНАЛАРЫ
26.07.2020 0 5 311
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі,
ҚР Жоғары мектеп ҒА-ның академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор
(Отырар, Женд, Исфиджаб-Сайрам, Тараз, Баласағұн
ғұламалары жайлы жаңа деректер)
Қазақ елі мен жерінің, мәдениетінің тарихы тереңде екендігі дәлелдеуді керек етпейді. Кең байтақ сахарамызда Исламға дейінгі кезеңдерде ғұмыр кешкен арғы аталарымыз – түркі тай-паларының да өзіндік мәдениеті, әдет-ғұрпы, дәстүрі, мәдениет ошақтары болған. Сол себепті де Тұран деп аталған ұлы дала ғұн және үйсін мемлекеттері, одан соң қаңлылар тұсында да дәуірледі.
Түркеш қағанаттары, қарлұқтар мен оғыздар, қимақтар да ізсіз кеткен жоқ. Егер көне мысырлық пырғауындар бүгінгі египеттіктерге зәулім пирамидалар қалдырса, ал баһадүр бабаларымыз бізге асты да, үсті де бай кең байтақ құтты мекенді мирас етті. Сондықтан да олармен қалай мақтансақ та, оларды қалай құрметтесек те жарасады.
Ия, осындай ұлан-ғайыр жерді көз қарашығындай сақтаған аталар түгелдей көшпелі де болған жоқ, қазіргі Оңтүстік Қазақстан атырапын мекен еткен бөлігі отырықшылықпен айналысты. Бірақ Орта Азияның VIII ғасырдан бастап бірте-бірте Ислам дінін қабылдауына байланысты бабалар өмір тіршілігі өзгерді. Ежелгі Шаш (Ташкент), Самарқан, Бұхара, Термез, Мерв, Отырар, Исфиджаб-Сайрам шаһарлары діни рухани, үлкенді-кішілі оқу, білім орталықтарына айнала бастады. Өйткені Ислам негізінен қала мәдениеті еді. Сондықтан да қалалар мен шаһарлар, кенттерде мешіттер салынып, олардың жанынан медреселер бой түзеді. Жергілікті жұртты жаңа дін ғана емес, сондай-ақ ислам мәдениеті де құшағына алды.
Арабтар Мауараннаһр деп атаған және оның шеткі уалаяттары боп есептелген Отырар алқабындағы Оқсыз (Уасидж), Кедер, Сүткент; Түркістан маңындағы Шауғар, Қарнақ, Иқан, Ясы; Сыр бойындағы Сауран, Сығанақ, Жент, Шаһркент, Хайрабад, Өзкент, Аркөк, Асанас, Қыпшақ, Баршынкент; Қаратаудың теріскейіндегі Бабата, Құмкент, Ақтөбе, Саудакент, Созақ; Сайрам-Исфиджаб маңындағы Джумишлагу, Хурлуг, Манкент, Усубаникет; Тараз-Талас аймағындағы Жікіл, Шелжі, Түймекент, Құлан, Меркі, Аспара, Баласағұн; Іле мен Жоңғар Алатауы төңірегіндегі Талғар, Шелек, Түркен, Ілебалық, Қойлық (Қаялық), Алматы шаһараларында да діни-руханият ордаларының іргетасы қаланды.
Мұсылман шығысының дін ислам қайраткерлері, ғалымдары мен шежіреші-тарихшылары, саяхат-шыларының мұнда келіп-кетіп тұруы сипат алды. Олар осы аймақтың тарихы, этнографиясы, географиясы және мәдениет ошақтарының тіршілік-тынысын хатқа түсірді. Әсіресе Әбу-л Аббас әл-Балазури (?-892), Ибн Хордадбеһ (820-913), әл-Истахри (850-934), Ибн Хаукал (Х ғ.), әл-Масуди (Х ғ.), әл-Мақдиси (Х ғ.), Құдама ибн Жағфар (Х ғ.), әл-Идриси (1100-1165), Әбу Саъд ас-Самани (1113-1167), Ибн әл-Асир (1160-1234), Йақұт ар-Руми (1179-1229), Ибн Баттута (1304-1377), әл-Бакуи (XIV-XV ғ.) және тағы басқалар бай деректер қалдырды.
Тамаша тарихшы Шараф аз-Заман Таһир Маруази (ХІ-ХІІ ғ.): «Көптеген рулар мен тайпалардан тұратын түркілер ұлы халық. Олардың бірқатары қалалар мен елді мекендерде, ал басқалары далаларда тұрады» десе, ал әл-Идриси деген атпен белгілі Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Абдалла ибн Идрис қазіргі қазақ жері шаһарларынан Фараб-Отырар, Исфиджаб-Сайрам, Тараз, Атлах, Шалджи, Сауран, Уасиджді атайды. Кедерді ол Фараб облысындағы бас қала деп көрсетеді. «Уасидж де Фараб қалаларына кіреді. Сүткентте күмбезді мешіт бар. Мұнда түркілер жиналады. Сүткент жазық жерде. Оның маңынан Сайхун (Сырдария — Ә.Д.) өзеніне құятын Парак (Шыршық) өзені өтеді»,- дейді. Осы шаһарлардың көпшілігі біздің заманымызға жетті. Осы ретте сондай-ақ бір кездері орталығын Жетісу еткен, атаулары сақ тайпалары тіліндегі Адахкет, Тамтадж, Будухкет, Хурлуг, Усубаникет, Атлах, Хамукет, Бехлу секілді және т.б. шаһарларымыздың бірден арабтанып кетпей, көпке дейін өз атын сақтап, араб тілді деректерге де өз атауларымен енгендігін айтқан жөн.
Осындай қалалар мен кенттерден ілім, білімге ден қою ғана емес, жетістіктерге жеткен зиялылар да шыға бастады. Олардың бірқатары әуелі өз топырағындағы оқу, білім ордаларында дәріс алды, сонан соң Шаш, Самарқан, Бұхараға аттанды. Сонда оқуын жалғастырып, қызмет етсе, ал кейбірі Бағдад, Дамаск, тіпті Ніл бойындағы ежелгі Каирге де бет алды.
Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап сондай отандастарымыз жайлы Ресей, Үндістан, Пәкстан, Иран, Түркия, Сирия, Египет және бірқатар Мағриб араб елдері ғылым, білім орталықтарының кітапханалары мен қолжазба қорлары жазба жәдігерліктеріне сүйеніп жазылған «Қазақ даласының жұлдыздары» атты тарихи-филологиялық зерттеуіміз 1995 жылы жарық көрді. Онда Отырардан шыққан жалпы жұртшылық түгілі, мамандарға да белгісіз он Фараби, үш Сайрами, жеті Түркістани, бес Женди, екі Баршынкенти (Бар-шынлығи), екі Сығанақи, екі Ба-ласағұни, үш Тарази, немесе өздеріне ныспы етіп ру, тайпаларының атын алған үш Кердери, Қыпшақи, Дулати, екі Жалайыри, Наймани, Қоңыратли, Қазақилердің өмірі мен шығармашылығы зерделенген-ді. Бұ-
лардың ішінде егер Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) энциклопедист ғалым болса, өзгелері ғылымның белгілі бір салаларының өкілдері болатын. Олар өз туындыларын сол кездегі мұсылман шығысы жұртының ғылым, білім және қасиетті Құран тілі – араб тілінде жазды және ол еңбектері түрлі себептерге байланысты әлемнің көптеген елдеріне шашырап кетті.
Дей тұрғанмен уақыт өте келе еліміз бен жерімізден аталмыш ғұламалар ғана емес, сондай-ақ ғасырлар парағының арасында қалып қойған өзге де ойпаздар бар деген ой ізденістерімізді жалғастыра беруге жетеледі. Әрине, қазақ жеріндегі білім ошақтарынан тек ғалымдар ғана емес, бар өмірін Ислам дініне қызмет етуге жұмсаған, шығармаларын дін Ислам ғылымына арнаған даналар да шыққан. Қолымызға сөйтіп бірте-бірте олар туралы да деректер түсе бастады.
Бірақ ондай уәлі ауыздар жайлы мағлұматтар өте аз, әдетте үш-төрт жолдан да аспайды. Әйтсе де олар да ұмытылмай, оқушылар мен зертеушілер назарына іліне берсін, болашаққа жетсін деген мақсатпен даланың дана перзенттері туралы жазбалармен аз да, көп те демей жұртшылықты таныстыра бергенді жөн көрдік. Сонымен енді сондай дарабоздардың өмірі мен шығармашылығын олардың туған қалалары мен кент, шаһарлары тарихымен сабақтастыра рет-ретімен сөз етейік.
Отырар ойпаздары
Қазақ жеріндегі ғылым, білім, діни-руханият, мәдени орталықтың үлкені, әрине Фараб еді. Мұнда кезінде бай қоры бар үлкен кітапхана болғаны, бірақ өкінішке орай оның монғол шапқыншылығы кезінде жоғалып кеткені белгілі. Қаланың алғашқы атауы Фараб емес, Отырар. Ол жайлы деректердің бірі Әбу-л Аббас әл-Балазуридің «Китаб футух әл-булдан» – «Жаулап алынған елдер жайлы кітап» атты еңбегінде ұшырасады. Араб жасақтарының қолбасшысы Муслим ибн Құтайба әл-Бахили (?-715) VIII ғасыр басында Самарқанды келіп қоршайды. Шаһар патшасы Шаш әміршісіне хат жазып көмек сұрағанда оның Тұрбандта (Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Отырар) екендігі айтылады.
Отырар ХІХ ғ. аяғынан күні бүгінге дейін көп зерттелді, бірнеше монографиялар (К.А.Ақы-шев,К.М.Байпақов, Л.Б.Ерзакович) жарияланды. Көрнекті шығыстанушы академик В.В.Бартольд та өз еңбектерінде қазақ даласы қалаларын назардан тыс қалдырмаған. Ол: «орта, яғни ІХ-ХІІ ғасырлардағы Шығыстағы Талас жазығынан, солтүстік-батыстағы Сауранға дейін-
гі аралықтың бәрі Исфиджаб (Сайрам) өлкесіне жатқызылған… Осы солтүстік-батыс өңірлерді сөз етер болсақ, Исфиджабтың батыс жағы Кенджид өңірі болатын… Кенджидтен төменіректе, Сырдарияның екі жағына Бараб яки Фараб аймағы жайғасқан-ды… Истахри мен Ибн Хаукал аймақтың бас қаласы деп Кедерді атайды да оны Сырдария жағасынан 1/2 фарсах жерде деп көрсетеді. Әл-Мақдисише бас қала өңір атымен аталған, ол 70.000 (жетпіс мың) сарбаз шығара алатын-ды, күмбезді мешіт шаһриссанда, ал базарлардың бас бөлігі рабатта болатын…» деп жазады.
«Х ғасырдан кейін Кедер тарихи және географиялық жазбаларда аталмайды, оның орнына астана да, аймақ та Фараб делінген», – дейді тарихшы, археолог К.Байпақов.
Ия, Отырардың еліміздің әдеби, мәдени, ғылыми, діни-руханият, тіпті сауда-экономика саласындағы да орны мен рөлі алабөтен еді. Мұнда бірнеше ғасырлар бойы теңгелер соғылды. 2004 жылы канал қазу кезінде Отырардан бір құмыра алтын теңгелер табылды. Олардың бетінен «Фараб» деген жазу байқалды. Мамандар теңгелердің ХІІ-ХІІІ ғасырларда соғылғаны, яғни моңғол шапқыншылығына дейінгі кезде жасалғанын айтады.
Осы Отырар-Фарабтық зиялылар жайлы көбірек қалам тербеген ортағасырлық парасат иелері ішінде Йақут әл-Хамауи ар-Румидің орны бөлек. Мұсылман Шығысына аты мәлім ол Византияда 1179 жылы туылған-ды, тегі жағынан грек болатын. Жас кезінде ол арабтарға тұтқынға түсіп қалады да құл ретінде Бағдадқа әкелінеді. Оны сатып алған Асқар ибн Ибраһим деген араб жас Йақұтты сауда ісіне баулу үшін білім алуына қаржы аямайды.
Жылдар өте бостандық алған болашақ қаламгер көп елдерді, жерлерді аралаған. Көргені мен естігені, оқығаны мен тоқығанын саралап филология, тарих, география және өзге де ғылым салаларына қатысты оннан астам шығармалар жазған. Солардың бірсыпырасы біздің заманымызға жетіп бірнеше рет басылды. Сондай еңбектерінің бірі «Муғжам әл-булдан» – «Елдер жайлы анықтаманың» төртінші томында Фараб қаласының тарихы және одан шыққан ғұламалар Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби (?-1008) мен оның нағашысы, әрі ұстазы Әбу Ибраһим Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби (?-961) және энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фараби туралы айта келіп, олардың еңбектерін де атайды. Бұл үшеуі қазір оқушыларымызға мәлім. Бірақ солардың қатарында назарымызды аударған, күні бүгінге дейін белгісіз болып келген тағы бір Отырар перзенті Абдалла бин Мұхаммед бин Салма бин Хабиб бин Абд әл-Уарис Әбу Мұхаммед әл-Мұқаддаси әл-Фараби еді.
Ол Әбу Мұхаммед әл-Мұқаддаси әл-Фараби деген атпен белгілі болған. Таратып айтар болсақ – өз аты Абдалла, әкесі – Мұхаммед, бабасы – Салма, арғы атасының аты Хабиб, Абд әл-Уарисұлы. Йақұт ар-Руми Әбу Мұхаммед жайлы өзге дерек келтірмеген, тек ол туралы Әбу Дуджананың екі ұлы Әбу Бәкір мен Әбу Зура һәм Әбу Бәкір бин әл-Мұқридің әңгімелегенін айтады. Сондай-ақ Әбу Мұхаммедті мақтап, ризашылық білдіріп еді деп әл-Хасан бин Мунир, әл-Хасан бин Рашиқ, Әбу Хатм, Мұхаммед бин Хиббан әл-Бусти, Әбу Саид Ахмад бин Мухаммед бин Румайх ан-Насауиді атайды.
Сөйтіп өкінішке орай Йақұт ар-Руми бұл дананың туылған және қаза болған жылы, өмірі мен шығармашылығы жайлы ештеңе де айтпаған. Сол себепті де Теһран, Стамбұл, Бағдад, Дамаск, Каир қолжазба қорларынан Әбу Мұхаммед әл-Фараби туралы сөз еткен Әбу Дуджана, Әбу Бәкір мен Әбу Зура, Әбу Бәкір бин әл-Мұқри, Хасан бин Мунир, әл-Хасан бин Рашиқ, Әбу Хатм, Мұхаммед бин Хиббан әл-Бусти, Әбу Саид Ахмад бин Мұхаммед бин Румайх ан-Насауи еңбектерін тауып, зерделеу керек.
Йахия бин Ахмад Әбу Закария әл-Фараби. Ол жайлы деректі де Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің «Муъджам әл-булдан» – «Елдер жайлы анық-таманың» бірінше томынан таптық. Онда ол «Бараб» деген тақырып-сөз берген де: «Бұл үлкен және аумақты аймақтың (нахия) аты. Бұл жерді Фараб деп те айтады. Одан екі тілші – «Ас-Сихах фи-л луғаның» – «Тіл жайлы нағыз ақиқат» авторы Әбу Наср Исмайыл бин Хаммад әл-Жауһари және оның нағашысы «Диуан әл-адаб» – «Әдеби жинақтың» авторы Исхақ бин Ибраһим (әл-Фараби) һәм тіл (білімі) имамдарының бірі Әбу Закария Йахия бин Ахмад әл-Адиб әл-Бараби шыққан», – дейді. Сөйтіп ол Әбу Закария Йахия әл-Фарабиді «әл-Бараби» деп көрсеткен. Дегенмен соңында бірақ «Әбу Саъд осылай дейді, бірақ мен (анық-қанығын) білмедім», — деп үстеп қояды.
Йақұт әл-Хамауи ар-Руми Джейхун деп атаған Әмударияның оң жақ жағалауында осылай аталатын қыстақ қазір де бар. Ол Бұхараның батысында. Бірақ Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби мен Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби Әмудария бойындағы Фараб қыстағынан емес, Сейхун (Сырдария) жағасындағы Фараб шаһарынан шыққан. Йақұттың өз айтқанына өзі күмәнданып «Әбу Саъд осылай дейді, бірақ мен (анық-қанығын) белмедім» деуі де сондықтан болса керек.
Жерлестері Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби мен Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фарабидің ізін ала шығып, ілімін жалғастырған тілші бабамыз жайлы деректі әл-Бабани атты қаламгердің «Һадийа әл-Арифиин» – «Білгірлер сыйы» атты еңбегінен де ұшыраттық. Ол да бірақ Отырар ұланының аты-жөнін «Әбу Закария Йахия бин Ахмад бин Әбу Закария әл-Бараби» деп көрсетеді де: «Бараб Джейхунның жағасындағы үлкен аймақтың аты. Ол Фараб деп те айтылады. (Әбу Закария) көрнекті тілші, әдебиетші еді. Һижраның 425 (1033) жыл шамасында қайтыс болды. Ол «Китаб әл-масадир фи-л лүға» – «Тіл негізі жайлы кітаптың» авторы», – дейді.
Йақұт әл-Хамауи ар-Руми бірақ өзінің екінші бір тамаша туындысы «Муъджам әл-удаба» – «Әдебиетшілер сөздігінде», «Муъджам әл-булдан-дағыдай» емес, сөз болып отырған Отырар ойпазын «Йахия бин Ахмад Әбу Закария әл-Фараби деп дұрыс көрсеткен.
Сонымен ғалымның өз аты Йахия, әкесінің ныспысы Ахмад Әбу Закария. Йақут оны «Тіл (ғылымы) имамдарының бірі. Ол Әбу Абд ар-Рахман Абдалла бин Убайдулла бин Шарих әл-Бұхариден хадис риуаят еткен. Ол сондай-ақ «Китаб әл-масадир фи-л лүға» – «Тіл негізі жайлы кітаптың» авторы еді», – дейді.
Йақұт әл-Хамауи мен әл-Бабани біресе «Фараби», енді бірде «Бараби» деп жазған Әбу Закария жайлы толығырақ деректі Йақұттан жүз жылдай бұрын өмір сүрген мервтік (Орта Азиялық) тарихшы, филолог, хадисші Әбу Саъд Абд әл-Карим ибн Мұхаммед ас-Самъанидің «Китаб әл-Ансаб» – «Шығу тек шежіресі (жайлы) кітап» атты еңбегінен таптық.
Әбу Саъд ас-Самани Мервтік белгілі ғалымдар әулетінен шыққан оқымысты. Саманилердің Мервте қоры жағынан теңдесі жоқ оннан астам атақты кітапханалары болған. Мұнда мұсылман Шығысының (Машриқ) түкпір-түкпірінен білім іздегендер келіп тұратын. Осы кітапханада Йақұт әл-Хамауи ар-Руми де үш жыл болып «Мүъджам әл-булдан» – «Елдер жайлы сөздікке» материал жинаған.
Хорасан мен Мауараннаһр, Ирақ пен Сирия, Хиджаздың талай қалаларын аралаған Әбу Саъд тарих, филология, фиқһ (мұсылман құқығы) және қасиетті хадистерге байланысты елуден астам еңбектер жазған. Бірақ біздің заманымызға олардың көпшілігі («Китаб әл-Ансабтан» — «Шығу тек шежіресі (жайлы) кітаптан» басқасы) жетпеген.
Әбу Саъд ас-Самани сөйтіп аталмыш кітабында: «Әл-Фараби, Шаштың (Ташкенттің) жоғары жағын-дағы Баласағұннан алыс емес Фараб қаласына қатысты нисба (шығу тек). Оның тұрғындары (Имам) Шафиғи мазһабын ұстанады. Осы нисбамен «Диуан әл-адабтың» – «Әдеби жинақтың» авторы Әбу Ибраһим Исхақ ибн Ибраһим әл-Фараби белгілі болды. Ол араб тілі лексикасының білгірі еді, оның еңбегі барлық елдерде мәлім.
Әл-Бараби Бараб деп те аталатын нисбаға қатысты. Оны сондай-ақ Фараб деп те атайды. Бұл аймақ (нахия) Сайхун (Сырдария) өзенінің арғы жағында, Шығыста. Одан Имам және араб тілі лексикасының білгірі Әбу Закария Йахия ибн Ахмад әл-Адаб әл-Бараби шыққан. Одан Бараб пен Мауараннаһрдың көптеген тұрғындары тағлым алды. Ол «әл-Масадир фи-л луға» – «Тіл негізі жайлы» атты еңбек түзді.
(Әбу Закария әл-Фараби) Әбу Абд ар-Рахман Абдалла ибн Убайдулла ибн Шурайх әл-Бұхариден хадис риуаят етті. Ал одан (Әбу Закариядан) Исфиджабта (Сайрамда) әл-Хасан ибн Мансур әл-Мұқри хадис риуаят еткен», – дейді.
Сөйтіп ғалымның туған жеріне қатысты Йақұт пен Бабани шатастырған мәселені Таяу Шығыстық емес, Орта Азиялық Әбу Саъд ас-Самани ашып берді.
Осы жерде айта кетерлік бір жайт Отырарлық тілшіні Йақұт әл-Хамауи ар-Руми өзінің үшінші бір «Иршад әл-ариб ила мағрифат әл-адиб» – «Ғалымдарды даналар жайлы деректермен таныстыру» атты шығармасында да «әл-Бараби» деп емес, «Йахия ибн Ахмед Әбу Закария әл-Фараби» деп көрсете отырып, оны «лексикографияның тамаша білгірлерінің бірі. Одан Фараб пен Мауараннаһрдың бір топ адамдары тағлым алған», – дейді. Әрі қарай ол жайлы «Муъджам әл-булданда» айтылған мәліметтерін қайталаған.
Ия, Отырарлық ғалымның тіл ғылымы ғана емес, сондай-ақ хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис шәріптерімен де айналысқанын көрдік. Осы тұста және әрі қарай да хазреті Мұхаммед (са.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис шәріптері сөз етілетін болғандықтан оған да арнайы тоқтала кеткен жөн көріп отырмыз.
Хадис – хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың айтқан сөздері мен амалдары жайлы әңгімелер. Ол мұсылман үммасының өмір-тіршілігінің сан-түрлі жағын қамтыған. Сол себепті де мұсылман құқығы қайнар бұлағы жағынан келгенде хадис шәріптер қасиетті Құраннан кейінгі орында тұрған. Хадис жинау біз сөз етіп отырған ІХ-ХІІІ ғасырларда да ең сауапты іс саналған.
Хадис шәріптер жалпы Мұсылман Шығысы (Машриқ) мен Батысында (Мағриб) VII ғасыр ортасынан-ақ жинала басталған. Әлемде Алла елшісі (с.а.ғ.с.) хадистерінің атақты алты жинағы бар. Олар:
1. «Әл-Джами ас-Сахих» – «Ақиқат жинақ», немесе «Ас-Сахих» – «Ақиқат» деп аталатын имам әл-Бұхари (Мұхаммед бин Исмаил Әбу Абдаллах әл-Джуъфи – 810-870) жинаған хадистер.
2. Имам Мүслим (әл-Имам Әбу-л Хусейн: Муслим бин Худжадж ибн Муслим бин Уайд бин Кушан – 821-875) жинаған хадистерден тұратын «Әл-Джами ас-Сахих» – «Ақиқат жинақ».
3. Әбу Дауд Саджистанидің (Сүлайман бин әл-Ашъас бин Исхақ бин Башир бин Шаддад бин Амр бин Умран әл-Азди – 817-889) «Китаб ас-Сунан» – «Сүнналар жайлы кітап» атты хадистер жинағы.
4. Мұхаммед ат-Термизидің (әл-Имам әл-Хафиз Абд Иса Мұхаммед бин Иса бин Сура бин Муса бин Даххак ас-Салми – ?-892) жинаған хадистерден тұратын «Әл-Джами әл-Кабир» – «Үлкен жинақ».
5. Ан-Насаидің (Әбу Абд ар-Рахман: Ахмад бин Әли бин Шұғайб бин Әли бин Сунан бин Бахр бин Динар – 830-915) «Китаб ас-Сунан» – «Сүнналар жайлы кітап» атты хадистер жинағы.
6. Ибн Маджаның (Әбу Абдалла Мұхаммед бин Йазид бин ар-Раббаъи Маджджа әл-Қазуини – 824-886) «Китаб ас-Сунан» – «Сүнналар жайлы кітап» атты хадистер жинағы.
Хадистер жинауда Орта Азиялық дін қайраткерлерінің еңбектері де ерекше. Олар жинаған хадистер де ақиқат, шыншыл, әрі шынайы деп есептеледі.
Сөйтіп біз сөз етіп отырған ғасырларда Имам әл-Бұхари сияқты Отырар, Исфиджабта да хадис жинаушылар аз болмаған. Арабтың тарихшы, шежірешілері Орта Азиялық ондай хадис жинаушы парасат иелері жайлы деректерді өз жинақтарына құрметпен кіргізіп отырғанының себебі де сондықтан.
Орта Азияда хадисшілер ішінде Әбу Абд ар-Рахман Абдалла бин Убайдулла ибн Шурайх әл-Бұхаридің атақ дәрежесі мен беделі жоғары болған. Отырарлық Әбу Закария Йахия сондықтан да осы кісінің айтуы бойынша хадистер жазып ала берген. Соңыра өзі де Сайрамдық Әбу Әли әл-Хасан ибн Мансур ибн Абдалла ибн Ахмад әл-Муаддиб әл-Мұқри әл-Исфиджабиге жинаған хадистерінен риуаят еткен. (Сайрамдық аталмыш ғалым жайлы төменде арнайы сөз болады).
Отырарлық зиялылар да Бұхара мен Самарқандық хадисшілерден кем түспеген. Фарабтық сондай хадисшілердің бірі – Әбу-л Фадл Сиддиқ ибн Саид ас-Сунахи әл-Фараби еді. Ғалымның өз аты – Әбу-л Фадл Сиддиқ. Әкесінің ныспысы Саид. Ас-Сунахи – сунақтық дегенді білдіреді. Бірақ бір қызығы бұл ғалымды Әбу Саъд ас-Самани тек Сунахи емес, сондай-ақ әл-Фараби деп те көрсеткен. «Ас-Сунахи, Мауараннаһрдегі Сейхунның (Сырдария өзенінің) арғы жағындағы Фараб атты қала (балда) маңындағы елді мекенге қатысты нисба. Осындай нисбамен (Сунахи деген атпен) көптеген адамдар белгілі болған. Солардың бірі Сунах елді мекенінен шыққан – Әбу-л Фадл Сиддиқ ибн Саид ас-Сунахи әл-Фараби»,- дейді де ол артынша: «Сунах – Исфиджаб шаһарларының бірі. Әбу Саид әл-Идриси осылай дейді» деп өз дерегін толықтырып қояды.
Әбу Саъд ас-Самани сілтеме жасап отырған Әбу Саъд әл-Идрисиге сенуге болады.
Әбу Саъд Абд ад-Рахман ибн Мұхаммед әл-Астрабади әл-Идриси (?-1015) Самарқанда күн кешкен Орта Азиялық белгілі ғалым. Оның «Тарих-и Астрабад» – «Астрабад тарихы», «Тарих-и Насаф» – «Насаф тарихы» атты еңбектері бар. Ол жүз мың хадис білген деседі.
Хамдаллаһ ибн Әбу Бәкір ибн Ахмед ибн Насыр әс-Мұстауфи әл-Қазуини (1280-1350) «Нузхат әл-қулуб» – «Жүрек қуанышы» атты еңбегінде Сунақты (Сығнақты) Мауараннаһр өлкесіндегі Отырар, Шаш, Исфиджаб, Тараз секілді қалалар қатарына жатқызады, яғни ол Сунақты бөлек қала ретінде көрсеткен.
Ия, Сунақ (Сунах, Сығнақ) Сыр-дария бойындағы шаһар. Әбу-л Фадл осы Сунақта туылғанымен, өмірі мен қызметінің көпшілік бөлігін Фарабта – Отырарда өткізгендіктен, Әбу Саъд ас-Самани оның ныспысына әл-Фараби деген сөзді де қосып жазды ма, ол жағы беймәлім бізге.
Сонымен Әбу Саъд ас-Самани Әбу-л Фадл Сиддиқтың Самарқанға барып марылық имам, белгілі хадисші Мұхаммед ибн Насыр әл-Маруази (Х ғ.) еңбектерін зерделегенін айтады. Сунақ-Фарабтық жерлесіміз сонан соң Бұхараға қоныс аударып, сонда Бұхаралық өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары – Саһл ибн Шазууайх әл-Бұхари, Хамид ибн Саһл әл-Бұхари, Әбу Әли Салих ибн Мұхаммед әл-Бағдади әл-Хафиз, Насыр ибн Ахмад әл-Хафиз және басқалардан хадистер жазып алған. Содан Фарабқа – Отырарға қайтып оралып һижраның 350/961 жылы қайтыс болады.
Бұхарада, Отырар перзентіне ха-дис айтқандар ішінде Бағдадтық ғалымдардың да болуына қарағанда Мауараннаһр халқының Таяу және Орта Шығыс жұртымен байланысы тұрақты болса керек.
Ал Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Насыр әл-Маруази болса Х ғасырда өмір сүрген Мервтік дін ислам қайраткері, хадистанушы, өмірінің бірқатар жылдарын Самарқанда өткізіп, бірнеше кітаптар жазған, 10-нан астам шәкірттері болған ойпаз еді.
Әбу-л Фадл Сиддиқ ас-Сунахи әл-Фараби Отырарлық Исмаиыл әл-Жауһари мен Исхақ әл-Фарабидің замандасы, тұстасы. Олар бірін-бірі білген болулары да мүмкін.
Энциклопедист ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы жайлы жазған орта ғасырлық тарихшылардың көпшілігі және В.В.Бартольд оны әдетте Отырар маңындағы Уасиджде (Оқсыз) туылған деп көрсетеді. Фараб-Отырарға серік қалалардың бірі – Уасидж (Оқсыз) орнының біздің заманымызға жеткен, жетпегенін білмейміз.
В.В.Бартольд Уасиджді «күмбезді мешіті, күшті билеушісі бар Кедерден екі фарсах төмендеу жатқан шағын бекіністі елді мекен» дей отырып, оның ХІІ ғ. дейін дін аман болғанын айтады.
Әбу Саъд ас-Самани осы Уасидж-ден шыққан деп Уасиджи деген атпен белгілі болған Саъд әл-Мүлікті атайды. Уасиджді Әбу Саъд «түркілер еліндегі мекен» деп көрсетеді де, «осы жерде Әбу Мұхаммед Абд ас-Саййд ибн Мұхаммед ибн Ата ибн Ибраһим әл-Афрани ан-Насафи, сонан соң Саъд әл-Мүлік деп аталған әл-Уасиджи де тұтқынға алынып еді»,- деп жазады.
Орта Азияның Насаф (Нахшаб – қазіргі Қаршы қаласы) уәлайатына қарасты Афуран, яки Афран кентінен шыққан хадистанушы Әбу Мұхаммад ан-Насафи мен жерлесіміз Саъд әл-Мүлік Уасиджидің қандай кінәлары үшін қамалғаны белгісіз, бірақ ол екеуінің де өз кезінің білімдар адамдары болғаны күмәнсіз.
Уасидж-Оқсыздық жерлесіміз Са-марқанда Әбу Әли әл-Хұсайн ибн Әли ибн Ахмад ибн Абд ар-Рабин ас-Саканиден тағлым алыпты. Әбу Хафс Умар ибн Мұхаммед ибн Ахмед ан-Насафи әл-Хафиз ас-Саканиге сүйеніп хадис риуаят еткен. Әбу Саъд ас-Самани: «осы Әбу Хафс Саъд әл-Мүлікті Түркістан қалаларының біріндегі Уасидж қамалында һижраның 414/1023 жылы қайтыс болды дейді» деп еске алады. Оқсыз перзенті жайлы қолымызда бұдан басқа дерек жоқ.
Отырарды 1219 жылдың күзінде моңғол шапқыншылары келіп қор-шап, ақырында қиратқаны белгілі. Қазақстан тарихшылары бірақ осы бір үлкен рухани, мәдени орда-ның араға жылдар салып қайта көтерілгеніне көңіл аударады. Сондай шапқыншылықтан кейін дүниеге келіп, Отырарда өмір сүрген тағы бір ғалымның аты белгілі болып отыр. Ол Абд ас-Самад бин Махмұд әл-Фаруқи Захир ад-Дин әл-Фараби, яғни оның өз аты Абд ас-Самад. Әкесінің ныспысы Махмұд әл-Фаруқи. Кейбір деректерде ғалым Заһир ад-Дин әл-Фараби деп те көрсетіледі. Отырардың бұл перзенті туралы аз деректі Хаджи Халифаның «Кашф аз-Зунунынан» ұшыраттық.
Ия, даламыздың даналары жайлы тек араб қаламгерлері ғана емес, сондай-ақ түркі текті парасат иелері де жазған. Солардың бірі – Аллама (ғалым) әл-Маулай Мұстафа бин Абдалла әл-Қустантини ар-Руми әл-Ханафи (1609-1658). Десек те ол әдетте Катиб (хатшы) Челеби, немесе Хаджи (Қажы) Халифа атты екі есіммен көбірек белгілі.
Хаджи Халифа Стамбұлда (Константинопольде) туылған. Жас
кезінде жақсы білім алған ол түрік әскерлері сапында бірқатар жорықтарға қатысады. Кейінірек ресми қызметіне қоса ғылыммен де айналысып, оқу орындарында сабақ берген. Кәтиб Челеби араб тілін, грамматикасын, хадис ғылымы, логика, математика, астрономия, география, тіпті медицинаны да зерделеген. Әйтсе де ол өзінің «Кашф аз-Зунун ан асами әл-кутуб уа-л фунун» – «Кітап және ғылым аттары туралы ойлар тізімі (сыпаттамасы)» атты атақты шығармасымен белгілі. Осы дүниесінде ол аталмыш Отырар перзентінің парсы текті әл-Байдауидің «Тауалиғ ал-Анзар» – «Тағдырға көзқарас» және «Минһадж әл-Усул» – «(Фиқһ) Негізіне жол» деген еңбектеріне түсіндірме жазғанын айта келіп, оның һижраның 707/1307 жылы дүниеден өткеніне ғана тоқталған. Басқа дерек келтірмеген.
(Шираз маңынан) шыққан имам Насыр ад-Дин Әбу-л Хайыр Абдалла бин Умар Мухаммед ибн Әли (?-1290), әдетте бірақ «әл-Байдауи аш-Шафиғи» деген ныспысымен белгілі болған өз заманының озық ойлы ғалымы еді. Ол Құран кәрімнің жекелеген сүрелеріне түсіндірме жазған, Фиқһ ғылымына байланысты да бірқатар еңбектердің авторы. Абд ас-Самад әл-Фараби сөйтіп осы Насыр ад-Дин Әбу-л Хайыр Абдалла әл-Байдауидің аталмыш екі дүниесіне түсіндірме жазыпты. Соған қарағанда Фарабтық ойшыл қасиетті Құран, хадис шәріп, фиқһ ғылымын, әрине, араб тілін де жақсы білген.
Моңғол шапқыншылығынан кейін де Отырардан Абд ас-Самад секілді ғалымдар шыққанына қарағанда Фараб шынында да қайта көтеріліп бұрынғысынша мәдени, ғылыми, діни-руханият орталығы ретінде тіршілік ете берген.
Әбу Әли Хасан бин Ибраһим әл-Фараби. Оның есімі фақиһ (мұсылман хұқығының маманы), Имам Шафиғи мазһабының ғұламасы Әбу Исхақ Ибраһим бин Мухаммед аш-Ширазиге (? — 1083) байланысты аталады. Отырар перзенті Әбу Исхақтың «Муһаззаб фи-л фуруғ» – «Түзетілген бөлімдер жайлы» атты еңбегіне түсіндірме жазыпты. Соған қарағанда ол да моңғол шапқыншылығынан кейін өмір сүрген сияқты.
Осы ретте мазһаб (діни праволық мектеп) туралы да айта кету керек секілді. Өйткені Х ғасырда Мауараннаһр жұрты қазіргідей түгел Әбу Ханифа мазһабында ғана емес, сондай-ақ имам Шафиғи (Әбу Абдалла Мұхаммед бин Идрис – 767-820) мазһабында да болған сияқты. Осы соңғы діни-праволық мектепті Орта Азияға таратқандардың бірі «Құффал әл-Кабир» деген атпен белгілі болған Шаштық (Ташкенттік) Әбу Бәкір Мұхаммад ибн Әли аш-Шаши.
Имам әл-Отрари Ибн Хаджар әл-Асқаланидің (1372-1449) «Табсир әл-мунтабаһ би-тахрир әл-муштабаһ» – «Күмәнді сейілтудегі тыңғылықты ой» атты еңбегінде аталады.
Каирлік Имам Ахмад Әли бин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Әли бин Ахмад, яғни Ибн Хажар әл-Асқалани оны «Отырар имамы» деп жазғанымен атын атамаған. Десек те кейбір деректер бойынша ол Отырарда 1286 жылы туылған.
Әуелгі білімді де туған жерінде алған. Кейінірек Мысырға келген. Сонда фақиһ болып қызмет атқарған. Біздіңше ибн Хаджардың «Отырар имамы» деп отырғаны Қауам ад-Дин Әмір Катиб ибн Әмір Умар әл-Фараби әл-Итқани (Иқани) сияқты. Ол туралы деректі Хаджи Халифаның («Кашф аз-Зунунінен») де ұшыраттық.
Хаджи Халифа фарабтық ойшылдың аты-жөнін Әмір Катиб бин Әмір Умар әл-Амир Қауам ад-Дин әл-Фараби әл-Итқани (Иқани) деп көрсетумен қатар, оны һижраның 758/1356 жылы қайтыс болды деп жазады. Сондай-ақ ол Отырар имамының 747/1345 жылы раджаб айында Шам (Сирия) астанасы Дамаскіге келгенін және оның құрметпен қарсы алынғанына көңіл аудара отырып, Мағриб намазы кезінде болған төмендегі оқиғаны Отырар имамы, яғни Әмір Катибтің өз сөзімен келтіреді.
«Мен 747/1345 жылы раджаб айында Шамға келгенімде, – дейді Әмір Катиб, Дамаск қаласында қала әкімі Сайфтың орынбасарымен қасиетті Рамазан айының 27 түнінде (Қадір түні) кездестім. Жұрт Мағриб намазына жиналған екен. Ақшам намазын Сайфтың орынбасарымен бірге оқыдық. Имамдары намаз кезінде рүкүғқа барып, одан бас көтергенде тәкбірде қол көтерді. Ғибадаттан соң мен намазымды қайта оқыдым. Сонан кейін имамға: «Сен Имам Малик (Малик бин Анас әл-Асхаби – 713-795) мазһабындасың ба, жоқ Имам Шафиғи мазһабындасың ба?» — деп сұрадым. Имам: «Мен (Имам) Шафиғи мазһабындамын», – деді. Мен одан: «Сен тәкбірде қол көтерсең, өз намазың бұзылмаса да, біздікі бұзылады. Бірақ қол көтермесең, біздің намаз да, сенің ғибадатың да бұзылмайды, өстіп оқысаң болмас па еді?» — деп сұрадым. Имам менің сөздеріммен келісті және қабыл етті.
Бұл әңгімені қала әмірі де естіп тұрды. Жамағаттан Ханафи (Әбу Ханифа – ан-Нұғман бин Сабит әл-Имам әл-Ағзам – 699-767) мазһабын ұстанатын бір топ кісі (әлігі) имамға: «Сен біздің арамызда көп уақыттан бері имам болып жүрсің, неге бізге бұл мәселе жайлы айтпадың?» — деп наразылық білдірді. Имам абыройын түсіріп алудан қорқып нақты жауап қайтармай, әншейін: «Бұдан Әбу Ханифа мазһабында намаз бұзылмайды», – деп жауап берді, бірақ оған дәлел ретінде қосымша ешқандай риуаят келтірмеді. Біз оған Макхул ан-Насафи деген ғұламаның Әбу Ханифа мазһабы бойынша намазда қол көтерсе, оның бұзылатындығы жайлы айттық. Имам мен біздің арамыздағы дау Махмұд ибн Ахмад әл-Кунауи әл-Ханафи осы мәселеге байланысты рисала (трактат) жазғанға дейін созылды».
Бұдан шығатын қорытынды ХІІІ-ХIV ғасырларда-ақ Орта Азия жұртшылығы сияқты Отырарлықтар да Имам Шафиғи емес, Әбу Ханифа мазһабында болған. Сол себепті де Отырар имамы — Әмір Катиб әл-Фараби Дамаск имамына намаз бұзылғандығы жайлы ескерту жасаған.
Отырарлық имам соңыра Египетке кетеді. Онда оны Мысыр әмірі Сүргатмиш жақсы қарсы алады.
Отырар имамы Египетті мәмлүктер билеп тұрған кезде келген. Сол себепті де арғы тектері түркілер боп табылатын Мысырдың бірқатар әміршілері ата жұрттан келген Әмір Катибті сый-құрметпен қарсы алған.
Отырарлық жерлесіміз тек дін адамы ғана емес, сондай-ақ ақын да болған. Оның «Ас-Сафа фи дарура аш-шиғр» – «Өлеңдегі тазалық жайлы» деген қасыдасы (поэмасы) болған. Оған өзі түсіндірме де жазыпты. Сондай-ақ ол Әбу Ханифа мазһабын ұзақ өлеңмен де жырлаған. Отырар имамы – Әмір Катиб бабамыздың бірнеше бөлімдерден тұратын «Би-ғаййати-л баян уа надира аз-заман фи ахар әл-ауан» – «Түсіндірменің түпкі мақсаты және заман ахырдағы дәуір жетістігі» деп аталатын Орта Азиялық – (Марғұландық) Бурһан ад-Дин әл-Маргинанидің (?-1197) «әл-Һидаясына» – «Басшылыққа түсіндірме» атты еңбегі де бар. Ол Египеттің қолжазба қорында сақтаулы.
Хусам ад-Дин әл-Йағи Отырари жайлы деректі арабтың атақты саяхатшысы Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Баттутаның (1304 — 1377) «Тухфат ан-нуззар фи гараиб әл-амсар уа аджаиб әл-асфар» – «Қалалар мен саяхат таңғажайыптарын пайым-даушыларға сый» атты еңбегінен оқыдық. Ибн Баттута Орта Азияны Шыңғыс хан ұрпақтары бөліп алып билеп тұрған кезде келген. Ол әуелі жолай Жайық бойындағы Сарайшық қаласына тоқтаған. «Бұл қалада түркі текті қарияның забия (мешіті) бар. Қартты олар ата деп атайды. Ол әке дегенді білдіреді. Забия мешітте бізге ол дәм таттырып, бата берді. Бізді онда қаланың қазысы да қабылдады. Бірақ оның аты есімде қалмапты» деп жазады ол. Сонан соң Ибн Баттута Үргеніште, кейін Бұхара, Самарқанда болып Насаф – Нахшабқа (қазіргі Қаршы маңындағы ежелгі шаһар) да ат басын тірейді. Қала шетіндегі лагерьде ол фарабтық тақуа фақиһ, шейх, Маулана Хусам ад-Дин әл-Йағимен кездеседі. «Оның есімі (Йағи) түркі тілінде «көтерілген, қарсы шыққан» (?) дегенді білдіреді. Ол отырарлық» деп еске алады атақты жиһанкез.
Ибн Баттута Отырарлық дін қайраткері туралы өзге дерек келтірмеген.
Шауғарлық хадисшілер
Шауғарды археологтар Сырдария бойында, Түркістан маңында болған қала деп есептейді. В.В.Бартольд: «Шауғар Кедерден бір асу жерде. Ол ауқымды аймақты, үлкен бекіністі, базар жанында күмбезді мешіті бар қала еді»,- дейді. «Қазақстан тарихында» ол жайлы: «Шауғар, Түркістанның батыс шығысында 8 шақырым жерге орналасқан Шойтөбе қаласының орнында болған. Соғд тілінен аударғанда ол «Қара тау» деген мағынаны білдіреді. Қаланың Қаратау етегінде орналасуы Шойтөбенің Шауғарға балануына қосымша дерек бола алады» (1 том, 351 бет) деп жазылған.
Әбу Саъд ас-Самани осы Шауғардан көптеген ғалымдар шыққан дей отырып 2 кісінің атын атайды:
Әбу-л Хасан Әли ибн әл-Хасан аш-Шауғари. Ол қазы, әрі тамаша оқымысты болған. Әбу-р Рабина әл-Хасан ибн Абд әл-Карим аш-Шимали ас-Сахилиден хадис риуаят еткен.
Әбу Мұхаммед Абдалла ибн Мұхаммед аш-Шауғари әл-Мүстамли. Ол Әбу Абдалла әл-Хусайын ибн Исмайыл аш-Шайбанидің шәкірті болған. Ол туралы хадисші, тарихшы әл-Хаким Әбд Абдалла әл-Хафиз (?-1014) өзінің «Тарих-и Нисабур» – «Нишапур тарихы» атты еңбегінде: «Әбу Мұхаммед аш-Шауғари бізде, Нишапурда бірнеше жыл тұрды, сонан соң Ираққа кетті. Содан кейін ол жайлы ештеңе естімедім» деп жазған.
Ия, Әл-Хаким ибн әл-Баййъ әл-Хафиз деген атпен көбірек мәлім Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Абдалла ан-Нишапури (Нисабури) хадистанушы, белгілі тарихшы болатын. Оның «Тарих-и Нашапур» – «Нишапур тарихы» атты араб тілінде жазылған еңбегі біздің заманымызға жетпеген. Әбу Саъд ас-Самани оны кезінде көп пайдаланған. Әр жылдары Нишапурге келген Орта Азиялық 50 ғалым жайлы әңгімелер мен дәйектемелерді осы еңбектен алған. Әуелде «Тарих-и Нишапур» үш томнан тұрса керек. Соңыра парсы тіліне қысқартыла аударылған. Сол нұсқасы біздің заманамызға жетіп 1961 жылы Теһранда басылып шыққан. Олай болса осы кітаптан шауғарлық қана емес, сондай-ақ қазақ жерінің өзге де зиялылары жайлы мәліметтер табуға болатын сияқты.
Түркістан, Шауғар маңындағы ежелгі Иқан (мүмкін Итқан) шаһары да ғалымдар мекені еді. Осы жерден шейх Камал Иқани атты дана шыққанын білгенімізбен, ол жайлы материалдар қолымызға түспей-ақ келеді.
Женд дарабоздары
Сырдарияның сол жақ жағалауында болған Женд шаһарынан шыққан бес ғұлама туралы Египеттік орта ғасырлық Ибн әл-Фуати атты тарихшы және Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің «Муъжам әл-булдан» – «Елдер жайлы анықтама» һәм Ташкент пен Ресей қолжазба қорларындағы жәдігерліктерге сүйеніп «Қазақ даласының жұлдыздарында» жазғанбыз. Солардың ішінде Йағқұб ибн Ширин әл-Жанди де бар еді. Әбу Саъд ас-Самани де «Китаб әл-Ансабта» оған бірнеше жол арнапты. Ол да Йағқұб әл-Жендидің «тамаша ғалым, қадірменді шейх» екенін және оның ғажайып һәм өте терең сезімге құрылған өлеңдері барлығына» көңіл аудара келе: «ол һижри 548/1153 жылы Хорезмнен бізге, Бұхараға елші болып келіп еді. Содан соң Самарқанға кетті. Кейін онымен кездесудің сәті түспеді» деп жазады. Олай болса, Йағқұб ибн Ширин әл-Женди қазақ жерінен шыққан тұңғыш елші де. Әбу Саъд ас-Самъани: «Женд Сайхун атырапындағы түркі халықтары тұратын шаһар. Ол қаладан көп ғалымдар шыққан» дей отырып осы қаладан шыққан бізге белгісіз барып келген Әбу Насыр Ахмад ибн әл-Фадл ибн Мұса әл-Мұзаккар әл-Жандиді атайды.
Әбу Саъд Женди деген атауға екі рет тоқталған. Әуелі ол «бұл сөздің аталмыш қаланың (балад) атауы» екенін айтумен қатар, осы шаһардан Йағқұб әл-Женди шыққан дейді. Ал екіншісінде «әл-Жанди (деген сөз) Жендтік түркімендерге (түркілерге) ұқсас тайпа нисбасына қатысты»,- дейді. Әбу Саъд әлігі тайпаның Бұхараның әл-Қарийа әл-джадида ауданында (нахийа) қоныстанғанын, ал Әбу Насыр Ахмад ибн Фадл ибн Мұса әл-Мұзаккар әл-Жандидің осы тайпадан шыққанына тоқталады.
Ол өте шешен, жоғары білімді имам болған және Бұхаралық Әбу Бәкір ибн Исхақ әл-Калабазимен қатынасып тұрыпты. Қасиетті Құранға түсіндірме жасаушылардан тағлым алып, хадистер те жазып алған. Әбу Саъд Әбу Насыр әл-Жанди жайлы осындай деректерді өзіне сол кездегі озық ойлы Бұхара ғұламаларының бірі, хадистанушы, Әбу Ханифа мазһабы бойынша шариғатшы, тарихшы, филолог, «Әл-Мудахат уа-л мудафат фи-л асма уа-л ансаб» – «Есімдер мен нисбаларға түзетулер мен қосымшалар» атты еңбектің авторы Әбу Камил Ахмад ибн Мұхаммад әл-Бусайри әл-Анбардувани әл-Бухаридің (?-1057) айтып бергеніне ризашылық білдіреді. Әбу Саъд өз еңбегін жазуда осы оқымысты туындысын да пайдаланса керек.
Исфиджаб-Сайрамдық даналар
Ежелгі Исфиджаб (Сайрам) қаласының да өзіндік тарихы бар. Ол да қазақ жеріндегі діни-рухани, мәдени-ғылыми орталықтардың бірі еді. Ол жайлы да араб, парсы дүниесінің бірқатар тарихшы, шежіреші, саяхатшылары жазба деректер қалдырған. Әбу-л Аббас әл-Балазури Муслим ибн Құтайбаның Шашты тізе бүктірген соң Исфиджабқа аттанғанын айтады. Сөйтсе Исфиджаб одан бұрын алынып қойылған екен. Соңыра жергілікті тұрғындар Исфиджабты Шаш (Ташкент) жамағаты көмегімен арабтардан қайтып тартып алады. Бірақ шаһарды Аббастық халифа Мұғтасим биллаһ тұсында саманилік Нұх ибн Асад 840 жылы жаулап алып, қаланы қоршай қорған тұрғызған.
Әл-Истахри, Әл-Мұқаддаси, Әл-Идриси еңбектерінде де Исфиджаб туралы мағлұматтар ұшырасады. Әбу Саъд ас-Самани Исфиджабты Шығыста, түркілердің шекаралық облысындағы үлкен қала деп көрсетсе, ІХ ғасырда түзілген «Китаб худуд әл-алам мин Машриқ ила-л Мағриб» – «Шығыстан Батысқа дейінгі дүниенің (шеті) мен шегі туралы кітап» атты еңбекте осы кенттің ІХ ғасырдағы тіршілік-тынысы туралы: «Исфиджаб мұсылмандар мен өзге діндегілер шекарасындағы уәлайат. Ол Түркістан шекарасындағы кең жазық жер. Түркістанда өндірілетін заттардың бәрі осында әкелінеді. Ол өңірде қалалар мен аймақтар, елді мекендер көп. Онда киіз басылып, қой өсіріледі. Уәлайаттың бас қаласын да Исфиджаб деп атайды. Ол молшылық мекені. Ол сұлтан ордасы, көптеген мәдени орындары бар, әлем көпестері жиналатын үлкен шаһар» деп жазылған.
Исфиджаб-Сайрамның өмір-тіршілігі іргетасы қаланғаннан күні бүгінге дейін үзілген емес. Ол аталмыш ғасырдан бастап арабтың, соңыра парсы дүниесінің де тарихшы, географ, саяхатшы, шежірешілерінің жазбаларында үнемі аталып отырады. Олардың кейбірінің қазақ жері қалаларының арасы қанша шақырым екенін де шамалап болса да көрсетіп кеткеніне қалай риза болмассың. Пошта қызметкері (сахиб әл-барид) парсы текті Әбу-л Қасым Убайдалла ибн Абдалла Ибн Хордадбеһ Қазығұрт пен Исфиджабтың арасы 4 фарсах (1 фарсах – 2250 метр) десе, Ахмед Әбу Йакуб әл-Йакуби (?-897) Орта Азия қалаларын саралай келе «Шаштан (Ташкенттен) Исфиджаб (Сайрам) қорғанына дейін 2 күндік жол» деп жазған.
Ибраһим ибн Мұхаммед Әл-Истахри «Исфиджаб – Бинкеттің үштен біріндей қала, рабатында баулар мен сулар бар. Қала балшықтан салынған, базары жеміс-жидектерге толы, бейпіл, онда бай астық қоры мен көптеген пайдалы заттар бар. Мауараннаһрде Исфиджабтан басқа харадж (салық) алынбайтын қалалар жоқ. Исфиджаб төңірегінде шаһарлар мен елді мекендер көп» деп жазса, Әбу-л Қасым Ибн Хаукал «Исфиджаб Бинкеттің шамамен үштен біріндей. Ол мадина, қамал мен рабаттан тұрады. Қамал бұзылған. Мадина мен рабатқа жұрт қоныстанған. Мадина дуалмен қоршалған, сондай-ақ рабат маңында да бір фарсақтай қорған бар. Рабатта баулар мен сулар бар. Рабат балшықтан тұрғызылған.
Исфиджаб тегіс жерде. Қала мен оған жақын таулар арасы үш фарсақтай. Мадинаның Нуджикет, Фарған, Сауакрас және Бұхара секілді төрт қақпасы бар. (Қала) базары мадина мен рабатта. Билік үйі, абақты және күмбезді мешіт мадинада. Бұл жұрт көп тұратын және аумағы үлкен қала. Мауараннаһрде Исфиджабтан өзге қалалардың бәрінен де салық алынады» деп толығырақ сыпаттама жасаған.
Мұхаммед ибн Ахмед Әл-Мақдиси де Исфиджаб туралы маңызды да мәнді деректер қалдырған. Ол «Исфиджаб үлкен аумақты қала. Оның рабаты және тұрғындары бар мадинасы бар. Мадина базарларының төбесі жабылған. Мадинада мата базары мен күмбезді мешіт бар. Мадинаның 4 қақпасы, әрбір қақпаның рабаты бар. Олар Нуджикет, Фархан, Шакран, Бұхара қақпалары. Рабаттары: Нахшаб рабаты, Бұхара рабаты, Самарқан рабаты, Қаратегін рабаты. Ал соңғысында (Қаратегінидің) оның мазары мен ай сайын жеті мың түсім беретін базары бар. Ол жарлы-жақыбайларға нан мен ас-су беріп тұруды өсиет еткен. Қалада 1700 рабат бар делінеді.
Исфиджаб шекаралық атақты қорған, бұл дін үшін соғыс болған жер. Рабатын дуал қоршап жатыр. Ал рабаттың өзіндегі қамал бос қалған. Олар ас тапшылығы дегенді білмейді және салық төлемейді. Олардың жемістері үлкен емес, бірақ жақсы және тәтті. Қала тап-таза және жанға жайлы» деп жазады.
Сөйтіп осындай жазба деректерден байқағанымыздай сөз болып отырған ғасырларда Исфиджабта мешіттер мен медреселер, керуен сарайлар, шуы үзілмеген базарлар жеткілікті болған. Сол себепті де бұл шаһарға Шаш, Самарқан, Бұхара ғана емес, сондай-ақ Таяу және Орта Шығыс елдерінен де зиялы қауым өкілдері келіп-кетіп тұрған.
Исфиджаб та моңғол шапқын-шылығынан соң қайта көтерілген. Ол ортағасырлық қалпын күні кешеге дейін сақтаған-ды. ХІХ ғасырда қаланың қоршаған дуалы, Қарамұрт қақпасы (шығыс жағында), Беклік қақпасы (солтүстік жағында), Шымкент қақпасы (батыс жағында), Базар қақпасы (оңтүстік жағында) деп аталған бұрынғыдай 4 қақпасы болған.
Исфиджабтың тағы бір аты – Сайрам. Махмұт әл-Қашғари «Диуан лұғат ат-түрк» атты еңбегінде: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ шаһардың аты» (Мадинат әл-Байда)», — дейді. Біз «Қазақ даласының жұлдыздарында» осы шаһардан шыққан Ахмад әл-Исфиджаби, Әбу-л Хасан әл-Исфиджаби, Әли әл-Исфиджаби іспетті үш кемеңгер туралы қалам тербегенбіз. Бірақ одан кейінгі ізденістеріміз Сайрамнан өзге де бірқатар ойпаздар шыққанын көрсетті.
Әбу Саъд ас-Самани Исфиджаб шаһарынан көп хадис айтушылар мен ғалымдар шыққанына тоқталады да нақтылы екі парасат иесінің атын атайды:
Әбу Әли әл-Хасан ибн Мансур ибн Абд Аллаһ ибн Ахмед әл-Муаддиб әл-Мұқри әл-Исфиджаби. Өз аты Әбу Әли әл-Хасан. Әкесінің есімі – Мансур. Атасының ныспысы Абдалла, бабасының аты Ахмет әл-Муаддиб. Әуелгі білімді ол өз отанында алған. Соңыра ілім қуып Самарқан мен Бұхараға келеді. Бұл кездері онда хадис жинаудың бел алып тұрған кезі болса керек. Ол да осы іске бел шеше кіреседі. Самарқандық әл-Хасан ибн Әли әл-Майдани ас-Самарқанди мен Мұхаммед ибн Йусуф ас-Самарқандилерден хадис жазып алады.
Әбу Саъд ас-Самани Исфиджабтық бұл жерлесіміз туралы жоғарыда аталған Әбу Саъд Абд ар-Рахман ибн Мұхаммед әл-Идриси әл-Астрабади әл-Хафиз ас-Самарқанди (?-1015) ныспылы белгілі тарихшы және хадисшінің (мухаддис): «Ол, яғни Әбу Әли әл-Хасан әл-Исфиджаби, өте ыждаһаттылықпен хадистерді зерделеді және оларды көп жазып алды. Біздің достарымыз оның өзі (жинаған хадистерінің) санын өсіріп айтқанын, хадистерді ұрлағанын және өзі көрмеген кісілерден хадистер риуаят еткенін айтып еді» деген ыңғайсыз сөзін келтіреді. Әбу Саъд ас-Самани сондай-ақ Исфиджабтық ғалымның Зафар ибн әл-Лайс әл-Исфиджаби, Муджтаһид ибн Аъйан әл-Фарғани және Ирақ пен Хорасанның көптеген тұрғындарынан хадис риуаят еткенін айта келе Әбу Әли әл-Хасан әл-Исфиджабиді һижраның 380/990 жылы қайтыс болған»,-деп көрсетеді.
Зафар ибн әл-Лайс әл-Исфиджаби жайлы да Әбу Саъд ас-Саманидің аталмыш кітабында бірер жолдық дерек бар. Соған қарағанда ол да Сайрамдық. Кейбір деректерде бірақ оның аты-жөнінде Исфиджаб уалайатына қараған Усбаникас (Усбаникет) қаласының аты да қоса көрсетіледі, яғни оның толық аты-жөні Зафар ибн әл-Лайс ибн әл-Фадл ас-Сугри әл-Усбаникаси әл-Исфиджаби. Ғалымның өз аты Зафар. Әкесінің есімі әл-Лайс. Бабасының ныспысы әл-Фадл.
Зафар да алғашқы білімді өз шаһары Усбаникас медреселерінің бірінде алған. Соңыра хадис ілімімен айналысқан. Шамамен һижраның 380/932 жылынан кейін дүниеден өткен. Соған қарағанда ол Әбу Насыр әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фарабилердің тұстасы.
Зафар ибн әл-Лайс те өз кезінің белгілі адамы болған. Мұхаммед ибн Аслам әл-Қадиден хадис риуаят еткен. Фиқһ ғылымын да біршама тәуір білген.
Бұл исфаджабилер Х ғасырда өмір сүрген ғұламалар болса, Сайрам одан кейін де ХІ-ХІІ ғасырларда Қожа Ахмет Йасауи секілді бүкіл түркі халқының рухани атасы, белгілі ойшыл, ақын, сопыны дүниеге келтірді. Ал одан кейін ше?
Өзбекстан Ғылым академиясы Шығыстану институты қолжазба қорындағы бізге шығыстанушы Ж.Төлебаева берген авторы және жазылған жылы да белгісіз «Рисалай-и аулйиа мадинат әл-Байда уа-л Исфиджаб» – «Әл-Байда қаласы мен Исфиджабтың әулиелері туралы трактат» атты жарияланбаған жәдігерліктен осы көне мәдениет ошағы Исфиджаб-Сайрам-Мадинат әл-Байдадан шыққан 14 әулие, дін қайраткерлері мен сопылар, дәуір даналары және өзіне шаһардың жоғарыда аталған тағы бір аты – әл-Байданы ныспы еткен 7 қазы туралы деректер ұшыраттық.
Солардың бірі Маулана Имад ад-Дин Исфиджаби Саъад ад-Дин Нишабури (Нисабури) хула-фаларының (орынбасарларының) бірі болған. Ол Сайрам маңындағы ежелгі Джумишлагу (Төрткөл) қаласында (кентте) дүниеге келген. Ауғаныстандағы Гератта білім алған. Соңыра туған мекеніне оралып Исфиджабта қайтыс болған соң Қазйиан махалласындағы мешіт жанында жерленген.
Саъд ад-Дин Нишапуридің ХІ ғасырда өмір сүрген ойшыл екенін айттық. Олай болса Маулана Имад ад-Диннің осындай ірі ғалымның орынбасары болуына қарағанда ол да өз кезінің озық ойлы білімпазы болған және араб, парсы тілдерін де жақсы білген. Еңбектері де болуы мүмкін. Ұстазымен Иранда тұрғанына қарағанда оның шығармаларын осы елдің кітапханалары мен қолжазба қорларынан іздеу керек сияқты.
Қожа Абд ас-Самад Сайрами кейде Көк Түңлік Ата деп те аталған.
Маулана Абд әл-Шаһид Исфиджаби Сайрамдағы хазреті Ыдырыс пайғамбар мешітінің имамы болған және сонда ұстаздық еткен.
Маулана Райис ад-Дин Исфиджаби хазреті Сұлтан Хамит Ата тұсында өмір сүрген.
Хазреті шаһ Абд әл-Таби Атаи Сайрами.
Хазрет Қожа Хусейн Сайрами хазреті Зеңгі Ата ізін (жолын) қуушылардың бірі.
Тадж ад-Дин Исфиджаби Сай-рамның 400 мүфтиінің бірі болған.
Шейх Исхақ Вали Сайрами хазреті шейх Нұр ад-Дин Шаши (Ташкенти) хулафаларының бірі болған.
Хазрет шейх Шиһаб ад-Дин Исфиджаби.
Хазрет Маулана Лутфуллаһ Сай-рами қазы Байдауидің (?) шәкірті еді.
Қажы Абдаллаһ Сайрами шейх Сайф ад-Дин Бахарзи (?-1261) хулафаларының бірі болған. Соған қарағанда қажы Абдалла ХІІІ ғасырда өмір сүрген. Өйткені Бұхара, Самарқанды мекен еткен Бахарзи Шыңғысхан ұрпақтарының бірін Исламға кіргізген атақты шейх.
Хазрет Сайид Бадр ад-Дин Исфиджаби XV ғасырда өмір сүрген, яғни ол атақты ақын, Маулана Әбдірахман Жамидің (1414-1492)тұстасы еді.
Маулана Хаким Исфиджаби.
Хазрет қожа Абд әл-Қаһһар Сайрами.
Енді өзіне Сайрамның әл-Байд атты атауын ныспы еткен парасат иелеріне тоқталайық:
Хазрет шейх Камал ад-Дин Байдауи хазірет Исмаил Атаның тұстасы еді (?)
Маулана Садр ад-Дин Байдауи хазірет қожа Мир Баһа ад-Дин Уали йекпа мүриттерінің бірі болған.
Хазреті Латиф қожа Хасан Байдауи.
Хазрет қазы Байдауидің шын аты Қазы қожа еді.
Хазрет Аллама Кутб ад-Дин Байдауи.
Малана Хисам ад-Дин Байдауи.
Қожа Хамед Ата Байдауи.
Әлі әзір аты ғана белгілі аталмыш Сайрами, Исфиджаби, Байдауилер туралы зерттеулер алда.
Усбаникас кемеңгерлері
Егер Исфиджаб туралы араб, парсы бұлақ көздерінде мәліметтер жиірек кездессе, ал осы Сайрам уәлайатына қараған Усбаникас (Усбаникет, Усубаникас, Арсубаникет) туралы деректер аздау ұшырасады.
Исфиджаб туралы сөз еткен Ибн Хордадбеһ, Ахмед әл-Йакуби, Құдама ибн Джағфар Усбаникас туралы ештеңе айтпаған. Бірақ бұл шаһардың аты Х ғасыр тарихшылары ішінде Ибраһим ибн Мұхаммед әл-Истахри еңбегінде ұшырасады. Ол «Исфиджабтан Усбаникетке дейін 2 күндік жол, Усбаникеттен Фараб өңірінің бас қаласы Кедерге екі күнде оңай жетесіз» десе, Әбу-л Қасым Ибн Хаукал Усбаникасты Исфиджаб уәлайатындағы қалалар қатарында ғана атап кеткен. Дегенмен Мауараннаһр өлкесінің тарихы, шаһарлары мен кенттері туралы көбірек, әрі толығырақ жазған Йақұт әл-Хамауи ар-Руми Усбаникасты жай ғана атап кетпей, ол туралы «Мауараннаһрдегі қала. Исфиджаб шаһараларының бірі, Исфиджаб пен Усбаникет арасы бір күндік жол» деп көрсеткен.
Ал әл-Мақдиси «Арсубаникет – үлкен, таза, бекіністі қала, күмбезді мешіт мадина ішінде, салынған ғимараттар рабатта» деп Йақұт әл-Хамауи ар-Руми жазбаларын толықтыра түскен.
«Қазақстан тарихында» (1 том, 498-499) бұл шаһар жайлы «Исфиджабтан шыққан керуен жолы Арыстағы Арсубаникетке, одан әрі Сырдария бойымен төмен жүріп отырып, Арал өңіріне жеткен», немесе «Отырардан Арсубаникет арқылы… Қаратаудың аласа тауларынан асып» деп шаһардың Арыс бойында Отырарға жақын жерде екенін айтады. Ал М.Байпақов «Севернее Исфиджаба находился округ Кенджида, центром которого был Усбаникет (Субаникет, Арсубаникет)… В персидском географическом сочинении Х в. «Худуд әл-Алам»» сказано, что «Саникес (Субаникет) – приятный, процветающий и богатый город»… В послемонгольское время Усбаникет не упоминается. В.В.Бартольд округ Кенджида с городом Усбаникетом локализовал в среднем течении Арыси. Что касается Усбаникета, то город, по мнению ряда исследователей, отождествляется с городищем Джуван-тобе. Археологические откры-
тия последних лет позволяют предложить еще один пункт местом расположения Усбаникета. Это средневековое городище Шор-тобе, расположенное рядом с Джуван-тобе и дожившее до XIV в. Видимо, Шор-тобе соответствует Усбаникету ХІ-ХІІ вв.» деп қала жайлы толығырақ жазады.
Ал В.В.Бартольд қаланың мықты қорғаны және күмбезді мешеті болғанына назар аударады.
Енді осы Арыс бойындағы Усбаникастың рухани өмірі жайлы да сөз етейік. Әбу Саъд ас-Самани Усбаникастың да бірқатар парасат иелерін дүниеге келтіргенін айтады.
Әбу Насыр Ахмад ибн Захир ибн Хатим ибн Рустам әл-Адиб әл-Усбаникаси. Оның өз аты Әбу Насыр Ахмад. Әкесінің аты Захир. Бабасының есімі Хатим. Арғы атасы Рүстем. Усбаникас мешіт, медреселері бар орта қала болғандықтан Әбу Насырдың алғашқы білімді өз шаһарында алғандығында күмән жоқ. Әбу Саъд ас-Самани оны «тамаша ғалым, шыншыл, игі іс жасауға бейім кісі еді» деп жазады. Әбу Насыр да замандас өз жерлестері сияқты хадис ілімімен айналысқан. Соңыра Абдалла ибн Мұхаммед ибн Йағқұб әл-Бұхари әл-Ұстаздан хадис риуаят еткен. Өзі де атақты Самарқандық тарихшы, хадисші Әбу Саъд әл-Идриси әл-Хафизге (ХІ ғ.) хадис айтып беріпті. Әбу Саъд оны Самарқанда тұрып, сонда һижраның 360/970-971 жылдары қайтыс болған дейді.
Әбу Әли әл-Хұсайын ибн Мұхаммед ибн Захир ибн Хатим әл-Фақиһ ас-Самарқанди жоғарыда айтылған Усбаникастық Әбу Насыр Ахмад ибн Захир ибн Хатим ибн Рүстем әл-Усбаникаси бауырының баласы. Фиқһ ғылымынан (мұсылман правосы) Самарқанда тағлым алған соң Усбаникасқа қайтып келген ол туған шаһарында фиқһ саласы бойынша қызмет етіпті. Әйтсе де Самарқанға сауда-саттық мәселесімен барып тұрған.
Жоғарыда аталған Әбу Саъд Абд ар-Рахман ибн Мұхаммед әл-Идриси әл-Астрабади әл-Хафиз ас-Самарқанди: «Ол бізге (Самарқанға) жиі келіп хадис жазып әкетіп тұрушы еді. Ол тамаша ғалым, есеп жүргізудің және бал ашудың шебері еді. Самарқаннан Усбаникасқа кетті де, һижраның 390/1000 жылы сонда қайтыс болды. Бараб (Фараб — Ә.Д.) қаласында Сиддиқ ибн Саиид ас-Сунақи (әл-Фарабиден), Исфиджабта Ахмад әл-Хаззама әл-Маруазиден хадис жазып алып жүрді. (Соңыра) біз одан хадис жазып алдық» деп еске алады.
Әбу Саъд ас-Самани Усбаникасқа қатысты тағы бір кісіні атайды. Ол Самарқандық Әбу-л Хасан Саид ибн Хатим ибн Ада әл-Фақиһ әл-Усбаникаси. Әбу Саъдтың айтуынша ол да тамаша ғалым, тақуа имам болған. Біраз жыл Самарқанда тұрып, Имам Шафиғи мазһабының фақиһі Әбу-л Хасан ар-Рабхиден фиқһ ғылымынан тағлым алған. Баласы әл-Хасан да Самарқанда туылыпты. Әбу Саъд «һижраның 380/990 жылы ол түркілер еліне кетті де сонда дүниеден өтті. Ол Исфиджаб тұрғындарының бірі – шейх Абдалла ибн Мұхаммед ибн Махмұд ас-Самарқандиден хадис риуаят етті. Ал одан Әбу Саъд Абд ар-Рахман ибн Мұхаммед әл-Идриси әл-Хафиз дәріс алды» деп еске алады.
Усубаникас перзентінен атақты Әбу Саъд Абд ар-Рахман ас-Самарқанидің өзі тағлым алғанына қарағанда жерлесіміз шынында да үлкен ғалым, ойпаз болған.
Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Суфиан әл-Усбаникаси – Имам Шафиғи мазһабы бойынша фақиһ болған. Кейінірек мемлекет қызметіне ауысып, қазіргі Насаф қаласында әкім боп істеген. Усбаникастық азамат өте тамаша да тақуа, әділ адам болған көрінеді. Әбу-л Аббас Джағфар ибн Мұхаммед әл-Мустагфири ан-Насафи (961-1041) өзінің «Насаф тарихы» атты еңбегінде: «Ол фиқһ ілімін Әбу Бәкір Ахмад ибн әл-Хасан әл-Фарисиден оқып еді және (Мауараннаһрдегі) Имам Шафиғи мазһабының көрнекті өкілдерінің бірі болды. Біздің қаламызда ол көп хадистер зерделеді және риуаят етті. Мен әл-Хаким Әбу Мұхаммед Абдалла ибн Әбу Шуджа әл-Усбаникасидің: Шаш шаһарында Әбу Бәкір әл-Фарисидің шәкірті болған Әбу-л Хасан Әли ибн Закарийа әл-Фақиһ әл-Мүфти: Әбу Бәкір әл-Фарисидің бірде-бір шәкірті Әбу Бәкір әл-Усбаникаси секілді фиқһ, калам және оның ғылымын үйрене алған жоқ. Кімде-кім дуалдың арғы жағынан оның сөзін естісе, оның Әбу Бәкір әл-Фариси екеніне күмәнданбайтын» дегенін естідім депті.
Әбу Бәкір әл-Усбаникаси һижраның 347 яки 376/985-986 жылы Соғдыда қайтыс болды. Абдалла ибн Әбу Шуджа әл-Усбаникасидің: осының бәрін Самарқанда Әбу-л Фадаил Мұхаммед ибн ан-Насафиден жазып алған Әбу-л Аббас әл-Мустагфири әл-Хафиз айтып еді дегенін естідім» деген.
Әбу Мұхаммед Абдалла ибн Әбу Шуджа әл-Усбаникаси де өз заманының парасат иелерінің бірі еді. Ілім, біліммен айналысқан ол да сол заман тарихшыларының жоғарыдағыдай әңгімесіне ілік болған. Ол жайлы қолымызда өзге дерек жоқ.
Түлкібас өрені
Жоғарыда арабтың тарихшы, шежірешілерінің Исфиджабты үлкен уәлайат деп жазғаны, оның солтүстігі, оңтүстігі және батысында да үлкенді-кішілі қалалар мен кенттер болғандығы жайлы айтқанбыз. Ал шығысында ше? Исфиджабтан шығып шығыстағы Тараз, Баласағұнды басып өтетін Жібек жолы бойында да керуендер тоқтап, түйелерін суарып, ауып қалған жүктерін жөндеп, қонып та кететін қорғандар мен қамалдар, елді мекендер болған. Солардың ішінен Ибн Хордадбеһ Шараб пен Будухкетті (Бадухкет, Будухкас) атайды. «Тамтаджға дейін 4, Абарджаджға дейін 4 фарсах… Абарджадж маңында төбе бар. Одан мың бастау шығып, өзен құрайды да шығысқа қарай ағады. Оны Барку-аб яғни теріс ағатын өзен деп атайды. Бұл жерде қара қырғауыл ауланады» деп жазады ол.
Ал Құдама ибн Джағфар «Исфиджабтан Шарабқа дейін дала арқылы жүрсе 4 фарсах, онда 2 үлкен өзен бар. Біреуінің аты Мауа, екіншісінің аты Юран. Шарабтан Бадухкетке дейін құдықтар арқылы жүріп отырса 4, Бадукеттен Тамтаджға дейін құдық арқылы жүріп отырса 5 фарсах. Тамтадж далада. Онда үлкен өзен бар, (өзен маңы) қамысты боп келеді. Тамтадждан құдықты даламен жүрсе Абарджаджға дейін 4 фарсах» деп Ибн Хордадбеһ мәліметін біршама толықтыра түскен.
Әл-Истахри «Исфиджабтан соң Будухкет, ал Будухкеттен Таразға дейін 2 күндік жол», – десе, Ибн Хаукал Шараб шаһары туралы ештеңе айтпаған. Бірақ Будухкетті атап кеткен.
Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич және К.М.Байпақов Шарабты Шымкент-Тараз тас жолы кесіп өтетін Түлкібас ауданындағы қазіргі Балықшы селосы маңындағы қираған Төрткөлтөбе қалашығына, ал Будухкетті содан бес-он шақырым жердегі қазіргі Азатлық селосына сәйкестендіреді. Мауа мен Юранды Ақсу мен Арыс өзендері деп қабылдайды және Азатлықты ІХ-ХІ ғасырларда болған Қазатлық қаласы деп есептейді.
В.В.Бартольд Тамтаджды Арыс
өзенінің сол жағалауындағы Түлкі-
баспен, ал Абарджаджды Шақпақ маңындағы Мыңбұлақпен сәйкес-тендіреді. Мыңбұлақтан шығысқа қарай ағатын және Ибн Хордадбеһ Барку-аб – теріс ағатын өзен деп көрсеткен өзенді қазіргі Жуалы ауданын кесіп өтіп шығысқа қарай ағатын Теріс өзені деп есептейді.
Сөйтіп Будухкас-Қазатлық Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов селосының батыс жағында – Құлан өзенінің Арысқа құяр сағасында жатыр. Әбу Саъд ас-Самани осы шаһардан Әбу Саид Микаил ибн Ханифа әл-Будухкаси атты ғалым шыққан деп жазады. Түлкібастық ғалымның өз аты Әбу Саид Микаил. Әкесінің есімі Ханифа. Будухкаси – Будұхкастық, яғни Азатлықтық дегенді білдіреді. Ғалым ислам ғылымы білгірлері бірінің отбасында дүниеге келген сияқты. Өйткені әкесі Ханифаға бүкіл түркі халқының діни жолының негізін салған Әбу Ханифаның аты берілсе, ал ол өз кезегінде ұлына Мекаил періштенің атын қойыпты.
Әбу Саид та хадис ілімімен айналысқан. Салих ибн Мұхаммед ат-Теримизиден хадис риуаят етіпті. Ал Түлкібастық ғалымнан Сайрамдық жоғарыда сөз болған әл-Хасан ибн Мансұр әл-Мұқри әл-Исфиджаби хадис жазып алған.
Әбу Саид ұрыс, қақтығыстар болып тұрған кезде өмір сүрген секілді. Әбу Саъд ас-Самани оның һижраның 324/935 жылы соғыстардың бірінде қаза тапқанын айтады.
Тараз тарландары
Тараздың тіршілігі де іргетасы қаланғаннан күні бүгінге дейін біржола үзілген емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана 2000 жылдығын тойлаған қаланың тарихы шынында да тереңде. Ол еліміздің рухани, мәдени өмірінде ғасырлар бойы елеулі рөл атқарып келеді.
Ибн Хордадбеһ Исфиджабтан Таразға дейін 26 фарсах дегеннен басқа ештеңе айтпаған. Ал Құдама ибн Джағфар «Джувикаттан (қазіргі Бектөбе) жайлау мен елді мекендер арқылы жүрсе Таразға дейін 2 фарсах» дейді. Әл-Истахри «Будухкеттен Таразға дейін 2 күндік жол, екі ортада рабат та, елді мекен де жоқ» деп жазады. Ибн Хаукал «Тараз – мұсылмандардың түркілермен сауда жасайтын жері» десе, ал әл-Мақдиси (әл-Мұқаддаси) Таразға біршама тоқталған. «Тараз деп жазады ол, үлкен бекіністі, көптеген бау-бақшалы қала. Жұрт жиі қоныстанған. Оны ор қоршап жатыр. 4 қақпасы бар. Рабатта халық тұрады. Мадина қақпасы жанынан үлкен өзен өтеді, оның арғы жағына қаланың бір бөлігі орналасқан. Оның өткелі бар. Күмбезді мешіт базарлар арасында».
Әл-Мақдиси деректерін әл-Идриси біршама толықтырған. «Тараз, — дейді ол, мұсылмандар мен түркілердің сауда орны. Мұнда мұсылмандарға да, түркілерге де қатысты қамал бар. Тараздың солтүстік жағын түркі-карлуктер мекендейді. Олардың арасында жиі қақтығыстар болып тұрады, ал бейбіт бітімге келген кезде олар өзара сауда-саттық жасайды, түрлі заттармен, жан-жануарлар, аң терілерімен алмасады».
Абд ар-Рашид әл-Бакуи (XIV ғ. екінші – XV ғ. бірінші жартысы) «Китаб талхис әл-асар уа аджаиб әл-малик әл-қаһһар» – «Ескерткіштер» жайлы (кітапты) қысқарту және құдіретті патшаның ғажайыптары» атты еңбегінде: «Тараз Шаш (Ташкент) өлкесінің алыс бөлігіндегі Түркістанға кіріге жатқан қала. Бұл ислам елдерінің шекарасы. Оның құнарлы жері, жақсы суы, тамаша ауасы бар және ол жаннат бағын еске түсіреді. Тұрғындары, еркегі және әйелдерді болсын өту сұлу болып келеді. Олардың шырайлылығы туралы мәтел де шығарылған», — дейді.
Әбу Саъд ас-Самъани: «Тараз түрік шекарасындағы Исфиджабқа (Сайрамға) жақын шаһар. Бұрын да, қазір де бұл шаһардан көп имамдар мен ғұламалар шыққан… Исфаһанда (Иранда) Тараз деген белгілі көше бар. Байқауымша бұл жерге көпестер келіп тұрғандықтан көшеге осы атау берілген», — дейді.
Ұлы Жібек жолы бір тармағының бойында жатқандықтан Тараз бен оның маңындағы Шелжі, Жікіл, Түймекент, Құлан, Мерке, Аспара шаһарлары мен қорғандарында да кезінде мешіт, медреселер болды. Онда шәкірттер дәріс алып, ислам өркениеті қайнарларынан сусындады.
Әбу Саъд ас-Самани тек Тараз тарихы ғана емес, сондай-ақ одан шыққан парасат иелері жайлы да жазған. Ол Х – ХІ ғасырларда Таразда туылып, кейінірек Орта Азияның бірқатар қалаларындағы діни-рухани орталықтарында қызмет еткен бірнеше ойшылдардың атын атайды. «Йағкуб ибн Ибраһим ат-Тарази ал-Хажжаждың Мұхаммад және Махмуд атты екі ұлы һижраның 400 (1010) жылы Бұхарада хадис жазып алған еді», – дейді ол. Соған қарағанда аталмыш кезеңде Таразда жоғарыда айтылғандай жақсы білім беретін дін ислам ошақтары және олардың Таяу және Орта Шығыс елдерімен де игі қарым-қатынаста болғаны байқалады.
Абд Әмір Усман ибн Мұхаммед ат-Тарази де осы шаһарда туылған. Әуелгі білімді туған қаласында алған ол кейінірек ілім іздеп Джейхунның арғы жағындағы Балх шаһарына келіп, соңыра сондағы мешіттердің бірінде имам хатиб болып істеген. Жерлесіміз араб тілін жақсы білген сияқты. Себебі ол Әбу-л Маали Мухаммед ибн Мухаммед ибн Зайд әл-Хұсайни әл-Бағдадидің «Шараф әл-ауқат» – «Уақыттардың ұлығы» атты кітабын өз аузынан риуаят етіпті. Сөйткен Әбу Әмір һижраның 520/1126 жылынан кейін қайтыс болған.
Имам Әбу-л Қасым Махмуд ибн Әли ибн Әбу Әли ат-Тарази тамаша фақиһ және фиқһ ғылымындағы қарама-қайшылықтар мәселесі жөнінде де күшті маман болған. Біз «Қазақ даласының жұлдыздарынды» Тараздық осы Махмуд бин Әли ат-Тарази туралы Йақұт әл-Хамауи ар-Руми деректеріне сүйеніп жазған едік. Әбу Саъд бірақ оны Әбу-л Қасым Махмуд ибн Әли ат-Тарази деп көрсетіпті, яғни Йақұт пен Әбу Саъдтың айтып отырғаны бір адам деуге болады.
Имам Әбу-л Қасым жылы жүзді, үнемі Құран оқып жүретін салих кісі екен. Ол Әбу Сиддиқ Ахмад ибн Хұсайн аз-Занди әл-Бұхари (?-1100) мен Әбу-л Хасан Әли ибн Мухаммед әл-Хидами әл-Бұхариден (?-1100) хадистер жазып алған. Әбу Саъд ас-Самани «мен оны тірі кезінде көрдім, менде ол берген иджаза (ұстазына сілтеме жасауға берілетін рұқсат) бар. Ол Тауауис маңындағы елді мекендердің бірінде дүние салды. (Бірақ) Бұхараға әкелініп, сонда һижраның 535/1141 жылы жерленді» деп жазады. Әбу Саъд сондай-ақ имам Әбу-л Қасымның «имам, ғалым перзенттері бар еді, бәрі Әбу Ханифа мазһабында болатын. Оларды Мерв, Бұхара және Самарқанда ұшыраттым», — деп есепке алады.
Тараздық Әбу-л Футух Абд әл-Уахид ибн Имран ибн Исрайыл ат-Тарази туралы мағлұматты Орта Азиялық тамаша тарихшы Наджм ад-Дин Умар ибн Мұхаммед ибн Ахмад ан-Насафидің (1070-1142) атақты «әл-Қанд фи зикри уламаи Самарқанд» – «Самарқан ғұламалары жайлы қанттай тәтті кітап» атты еңбегінен ұшыраттық.
Тараздың бұл перзенті де дін қайраткері болған. Әуелгі білімді Тараз медреселерінің бірінде алған соң Шаш, Самарқан, Бұхараға сапар шеккен. Самарқан ғұламаларынан хадис бойынша тағлым алған. Наджм ад-Дин ан-Насафи Раис Әбу Мұхаммед Абд ар-Рахим ибн Абд әл-Карим ибн Ахмад әл-Кармини һижраның 451/1058 жылы шаууал айында оған айтып берген хадис еді деп төмендегі әңгімені келтіреді: «Әбу Мұса (Алла оған разы болғыр) былай деді: Расул Алла (с.а.ғ.с.): «Жақсы және жаман сұхбаттас миск (хош иісті зат) сатушы және теміршінің көрікшісі сияқты. Бірі хош, жұпар иіс таратса, екіншісі шоқ шашып тұрады. Миск сатушыдан алған нәрсең тамағыңды қыздырса, теміршінің көрігінен шыққан шоқ денеңді, немесе киіміңді күйдіреді, яки бірер жағымсыз иіс әкеледі» деп еді», — дейді.
Осындай талай зиялылар шыққан Тараз шаһарының мәдени-рухани өмірі ХІІІ-XV ғ. түрлі шапқыншылық, соғыс, қақтығыстар әсеріне ұшырамай қалмады. Сол себепті де оның тіршілік-тынысының осы кезеңдерін сөз ететін мағлұматтар араб, парсы деректерін былай қойғанда Орта Азиялық Мұхаммед Захир ад-Дин Бабыр (1483-1526) мен Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) еңбектерінде де өте аз ұшырасады.
Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и рашидиінде»: «Кітапта айтылатын қалалардың бірі – Тараз. Онда моғолдар Таразды «Йанги» деп атайды делінген. Бұл «Йангидің» Моғолстанда орналасқаны айқын. «Йангидің» адамдары Мауараннаһрде де көп, оларды «йангиліктер» деп атайды. Өздері Йанги деп атайтын сол далада бірнеше қалалардың іздері, мұнаралардың, күмбездердің қалдықтары, ханака және медреселердің орны сақталып қалған. Осы ескі қалалар ішінде дәл қайсысының Йанги деп аталғаны һәм басқа қалалардың қалай аталғаны бізге беймәлім» деп жазады. Соған қарағанда XVI ғасыр басында баяғы үлкен Тараз орнында кішігірім ғана елді мекен ғұмыр кешсе керек.
Ал XVII ғасырда өмір сүрген Махмұд ибн Уәли Тараз жайлы: «Бұдан жүз алпыс жыл бұрын Тараз өте бай және көркейген (қала) еді. Бірақ қазір ол арқылы қазақ және қырғыз қолдарының жиі өтуіне байланысты уәлайат құрдымға кетті, дәлірек айтқанда сағымға ұқсап кетті» деп М.Х.Дулати дерегін толықтыра түскен.
Қазақ хандығы құрылар XV ғасыр ортасында осы Таразда туып, өсіп әдебиетке қатысты шығарма қалдырған Шейх Ахмет ибн Құдайдат Тарази атты кемеңгер белгілі болып отыр. Ол туралы мәліметті біз белгілі шығыстанушы ғалым Ислам Жеменейден алдық.
Шейх Ахмет өмір сүрген кезде Отырар мен Түркістан, Исфиджаб-Сайрам, Тараз бен Баласағұн, яғни қазақстанның оңтүстігі Моғолстан атты мемлекетке қарайтын. Ал оның басында дулат тайпасының белгілі бектері, яғни М.Х.Дулатидің ата-бабалары мен Шағатай ханның ұрпақтары тұрды. Олар Орта Азияны билеп тұрған Ақсақ Темір (1336-1405) әулетімен тығыз байланыста болды. Моғолстан тағына 6 хан отырғызған және Қашғария өлкесін ұзақ жылдар билеген М.Х.Дулати бабаларының бірі Әмір Құдайдат 97-ге келгенде Меккеге бармақ болады. Бірақ мемлекет басшысы Уәйіс хан оған қарсы болады. Әмір Құдайдат Самарқандағы Әмір Темірдің немересі Ұлықбектен (1394-1449) көмек сұрайды. Ұлықбек қалың қолмен Тараз арқылы Шуға келгенде Әмір Құдайдат алдынан шығып, әскерді тоқтатып, ақырында Ұлықбекпен бірге Самарқанға, соңыра әрі қарай Меккеге кетеді. Содан Мадинада қайтыс болады.
Бұны айтып отырған себебіміз осы шейх Ахмет ибн Құдайдат Тарази сол Әмір Құдайдат ұлдарының бірі емес пе екен? Өйткені өмір сүрген жылдары, Құдайдатұлы болуы, өз шығармасын да Ұлықбекке арнауы, бәрі-бәрі сәйкес келіп-ақ тұр.
Бірақ өкінішке орай шейх Ахметтің өмірі жайлы деректер жоқ. Оның біздің заманымызға «Фунун әл-бәлаға» – «Шешендік өнері» атты еңбегі ғана жеткен. Қазір ол Ұлыбританияның Азия музейінде (Оксфорд қаласы Бодлян кітапханасында) сақтаулы.
«Фунун әл-бәлаға» – «Шешендік өнері» шағатай тілінде жазылған 139 парақтан (278 бет) тұратын әдебиеттанытқыштық теориялық еңбек. Онда парсы, араб тіліндегі өлеңдерден мысал келтіріліп оты-рылады.
«Фунун әл-бәлаға» Кіріспе және бес бөлімнен тұратын жалпы өлең өнері туралы, ұйқас және редифті ұйқас, әрі Аруд (Аруз) өлең уәзіндеріне арнаған мысалдарымен ғылыми талданып, анықтамалар берілген шығарма. Шейх Ахмет сөз өнерінің адамзат үшін аса құнды байлық екенін былай баяндайды:
«Алла тағалаға шүкір, адамзат болмысында Ол керемет нұрымен қатар ақыл шырағын да жандырды. Сөйтіп қараңғылықтан жарық сәулені көре, қиыншылықтар түйінін шеше білу үшін, яғни көре алатындай да, ұға білетіндей де күш берді, әрі сөзбен ішкі жан дүниенің тереңде жатқан ұғымдарын көркем түрде парақтар бетінде тарту етіп, түрлі қырларын баян ете білді» (1-бет, қолжазба). Сондай-ақ ол:
Сөзден артық гауһар болғанда,
Ол сөздің қай жағында тұрар еді»,-
деп өз ойын бір шумақ өлеңмен де қорытып кеткен (2-бет, қолжазба).
Шейх Ахмет Тарази сөз өнерінің екі түріне (қара сөз, өлең) мынадай баға берген: «Алланың сөзіне де, пайғамбардың хадистеріне де қара сөз дәнекер болғандықтан, өлең жанрынан абыройы биік екені анық болса да, Дана Хаким (Алла тағаланың сипаттарының бірі) үшін өлең де бір Хикмет. Өйткені әрбір надан оған жол таппас» (2-бет).
Өлең көркем сөздің бағында жайнаған тауысқұс,
Кемел көрінісіне кемел сана ғашық болар.
Қара сөз көңіл гүлзарында хош дауысты тотықұс,
Оның арасында түсінік берекесі пайда болар. (26-бет).
Шығарма парсы мен түркі әдебиеті теориясын көптеген өлең жолдарынан мысал келтіре отырып, егжей-тегжейлі айқындауға тырысқан аса құнды зерттеу, талдауларымен қатар мол мағлұмат беретін теңдессіз туынды.
Тараздың XV ғасырдан кейінгі ғасырлардағы діни-рухани, мәдени, ғылыми тыныс-тіршілігі және одан шыққан ойпаздары туралы мағлұматтар әлі әзір қолымызда жоқ. Десек те ХІХ және ХХ ғасыр басында. Таразда туылып елі мен жерінің атын шығарған таразилер де жоқ емес. Солардың бірі Мұхаммедхан ибн Мұхаммедғазыхан әл-Хұсейн ат-Тарази. Ол Таразда ХІХ ғасырда туылып, сонда өмір сүрген, көзі ашық, көкірегі ояу, діни білімді азамат болған. Тараздық дана туған шаһарында медресе ашып, шәкірттерге дәріс берген. Өзі де дін исламның сан-салалары туралы еңбектер жазған. Ғұламаның ондай дүниелерін Ташкент, Бұхара, Самарқан кітапханалары мен қолжазба қорларынан және ұрпақтарынан да іздеу керек сияқты.
Ұрпақтары демекші Египетке қоныс аударып, бар ғұмырын сонда өткізсе де туған мекенін ұмытпай Тараздың атын шығарған оның бір ұлы Әбу Насыр Мүбашшир ат-Тарази (1896-1977) еді.
Ол ХІХ ғасыр аяғында Тараз қаласында дүниеге келген. Сауатын Таразда ашып, діни білімді әкесі және өзге де білімпаздарынан алған. Кейінірек Ташкенттегі Әбу-л Қасымхан медресесін бітірген соң Бұхарадағы Көкелташ медресесінде оқып, оны Қазан төңкерісі қарсаңында бітіріп шығады.
Әбу Насыр медресе ашып, шәкірттер оқытады, қазылық қызмет атқарады. Ол Кеңес үкіметіне қарсы шығып, қабылдамаған. Сол үшін бірнеше рет абақтыға да жатып шығады. 1930 жылы отбасымен Ауғаныстанға кетуге мәжбүр болады. Кабулде ұстаздық еткен ол шаһ тапсырмасымен Сауд Арабиясына барып, тапсырмаларын орындап қайтады, сол үшін мемлекет басшысы оны патша сарайы әкімшілігінің редакция және аударма үйінің директоры етіп тағайындайды. Тараз перзенті Ауғаныстандағы түркістандық эмигранттардың рухани жетекшісіне айналады. 1943 жылы Кеңес үкіметі Ауғаныстаннан күресті тоқтатпаған Әбу Насыр Мүбашширді қамауды талап етеді. Содан ол 5 жыл абақтыда отырып, босаған соң әуелі Пәкстанға барып, соңыра 1950 жылы Египетке біржола қоныс аударады. Әбу Насыр Мүбашшир сонда 1977 жылы дүниеден өткенше тұрған.
Әбу Насыр Мүбашшир ат-Тарази Ислам діні мен мәдениетінің сан қырын сөз ететін қырықтан астам кітаптар жазған.
Насрулла ибн Мүбашшир ат-Тарази (1922-2003) Әбу Насыр Мүбашшир ат-Таразидің отбасында дүниеге келген. Сегіз жасында әкесімен бірге Ауғаныстанға кетеді. Сонда орта мектепті тамадаған соң Кабул университетінің парсы тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, бітіріп шығады. 1949 жылы Кабулде парсы тілі бойынша зерттеуін аяқтап, докторлық диссертация қорғайды. 1950 жылдары әкесімен бірге Каирге қоныс аударады. 1951 жылы Каирдегі «Дар әл-кутубте» – «Кітаптар үйінде» шығыс тілдері бойынша каталогшы болып тағайындалады. Осы қызметті ол 2003 жылы бақилық болғанға дейін атқарған.
Насрулла араб, парсы, ежелгі түркі, түрік, араб және парсы тілдері мен әдебиетінің, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, жазба жәдігерліктерінің үлкен білгірі еді.
Ғылыми жұмыспен қатар Египеттің Айн Шамс, Каир және әл-Азһар аш-шариф университеттерінде ұстаздық та еткен. Түркия, Татарстан, Өзбекстан, Қазақстанға арнайы шақырумен келіп, әкесі өмір бойы бір көруді армандап кеткен туған жері Таразда да болды.
Шейх Хибатулла ат-Тарази жайлы мәліметті осы Насрулла ат-Таразидің 1995 жылы 27 қыркүйекте «Егемен Қазақстан» газетінде (№187) жарияланған «Түркістан түркілері тарихынан» атты мақаласынан ұшы-раттық.
Насрулла ат-Тарази: «Қазақ топырағында дүниеге келген… көп-теген көрнекті тұлғалардың қатарында шейх Хибатулла ат-Тарази де бар. Ол Тараз (кейінгі Әулиеата, қазіргі Жамбыл) қаласында дүниеге келген», — дейді.
Ал Тараздық екінші қайраткер Махмұт бин Назир ат-Тарази туралы сол мақаласында «Қазақстанда және одан тыс жерлерде есімдері кеңінен машһүр болған басқа да көптеген адамдарды мысалға келтіруге болады. Олардың кейбіреулері елді орыс коммунистері басып алғаннан кейін отанын тастап кетуге мәжбүр болды… Солардың бірі – Махмұт бин Назир ат-Тарази. Ол қасиетті Құран Кәрімге өзбек тілінде түсіндірме жазған адам. Оның араб және парсы тілдерінде жазған басқа да кітаптары бар» дегенімен екеуі туралы да өзге деректер келтірмеген.
Егер Тараз Талас алқабындағы ірі қала болса, оның маңында орта ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ орта және кіші түрлі шаһарлардың да болғаны белгілі. Олардың қатарында Құлан, Меркі, Аспара, Шелжі, Жікіл, секілді т.б. шаһарлар аталады.
Ибн Хордадбеһ «Тараздан төменгі Нушаджанға дейін 3, сонан соң Қаср Басқа дейін 2 фарсах. Бұл ыстық жерлер, мұнда карлуктар (әл-харлукийа) қыстайды, олардың қасында халадждардың (әл-халад-жййа) қыстауы бар. Әрі қарай Құл Шубаға дейін 4, ал одан соң Джул Шубаға дейін 4, Асфараға дейін 4, үлкен Нүзкат кентіне дейін 8 фарсах» деп тәптіштеп кетеді.
Тарихшылар (А.Н.Бернштам) тө-менгі Нушаджанды Талас өзенінің оң жағалауындағы қираған Үшқорған қалашығымен (105 разъезд маңында), Қаср Бас пен Құл Шубаны Сөгеті мен Қайыңды өзендерінің маңындағы мекендермен, Джул Шубаны Құл Шубамен сәйкестендіреді. Ал Құлан мен Меркі, Асфара тіршілігі түгілі, атын да жоғалтпай күні бүгінге дейін жетті.
«Китаб худуд әл-алам мина-л Машриқ ила-л Мағриб» – «Шығыстан Батысқа дейінгі дүниенің (шеті) мен шегі туралы кітап» атты еңбекте де Мауараннаһрдың өзге де қалалары санатында Меркі мен Шелжі де аталған. «Бұл кішігірім шаһаралар, онда мұсылмандар мен түркілер тұрады. Ол көпестердің тоқайласқан орны» деп жазылған онда.
Меркіден Саййд Мирки деген парасат иесі шыққан. Бірақ ол туралы қолымызда әлі әзір деректер жоқ.
Шелжілік парасат иелері
Шелжіде алтын мен күміс кеніші болған, сол себепті де осындай бағалы заттардан білезіктер мен шолпылар, сырғалар жасалған. Кен орны болған соң, әрі ол іске жаратылуына байланысты сол маңда, әрине, қалалар мен қорғандар болатыны күмәнсіз. Соның бірі – күміс өндіру орталығы болған Шелжі шаһары.
Бұл қала Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Абдалла ибн Идристің «Китаб нузхат әл-муштақ фи-хтирақ әл-афак» – «Әлем аймақтарын аралап шаршағанның көңіл көтеруі» атты еңбегінде аталады. Ал Әбу Саъд ас-Самани оны «түркілердің шекаралық уалайындағы Тараздық қалаға (булайда) ұқсас елді мекендерінің бірі» деп көрсетеді. Тарихшылар Тараздың оңтүстік шығысы, Талас өзенінің сол жағалауындағы қираған Садырқорған қалашығын осы Шелжі шаһары деп біледі.
Отырар мен Сайрам, Түркістан мен Тараз ойшылдарын білгенімізбен осы Шелжіден шыққан бірде бір ғалымдарды білмейтінбіз. Бірақ араб тілді кейбір дерек көздерінен осы шаһарда туылып, өзіне ныспы етіп Шелжіні алған парасат иелерінің бірнешеуін таптық. Солардың бірі Абд әл-Маджид ибн Йусуф ибн Шұғайб ибн Бунан аш-Шалджикаси. Наджм ад-Дин ан-Насафи (1070-1142) оны «шейх және имам» деп жазады. Шелжілік бұл отандасымыз да алғашқы білімді Шелжі, Таразда алған соң Орта Азияның Бұхара, Самарқан қалаларына ілім іздеп барады. Әбу Саъд ас-Саманидің айтуына қарағанда Самарқанда ол фиқһ бойынша дәріс алған. Сөйткен ғалым сонда ұзақ жылдар қызмет істеп, һижраның 457/1064 жыл жұмада әл-ахира айының 19-да, сенбі күні 80 жасында дүниеден өткен. Соған қарағанда Абд әл-Маджид һижраша 377/987 жылдары дүниеге келген деп шамалауға болады.
Абд әл-Маджид тек фиқһ ғылымымен ғана айналысып қоймай, сондай-ақ хадис шәріптер де жинаған. Наджм ад-Дин Насафи ол имам әрі мударрис Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Абд ар-Рахман ибн Халаф ал-Футухиден риуаят етілген хадис еді деп: «Хазреті Усман ибн Аффан (Алла тағала одан разы болсын) айтқан: «Мен Расул Аллаһтың (с.а.ғ.с.) «Кімде-кім Алла тағала үшін мешіт салса, Алла тағала да ол үшін жаннатта дәл сондай мешіт салады» деп мархамат еткенін естідім» деген хадисті келтіреді.
Осы шаһардан шыққан екінші бір Йусуф ибн Йахия аш-Шалджи туралы деректі де Әбу Саъд ас-Самъанидің «Әл-Ансабынан» – «Шығу тек шежіресінен» кездестірдік. Оның айтуынша Йусуф ибн Йахия да имам, яғни дін қызметкері болған. Ол да отандасы Әбд әл-Маджид секілді дін ислам ғылымын таңдапты. Әбу Әли Хұсайын ибн Сүлеймен әл-Балхидан хадис ілімінен Самарқанға келіп тағлым алған. Соңыра өзі жинаған хадистерінің бірін Ахмад ибн Абдалла ибн Йусуф ас-Самарқандиге риуаят еткен.
Әбу-л Хасан Әли ибн Абд әл-Маджид ибн Шуғайб аш-Шалджи һижраның 442 /1051 жылы Шелжіде туылған. Әкесі жоғарыда айтылған Абд әл-Маджид аш-Шалджикасиден дәріс алған хадисші Һижраның 523/1130 жылы шаууал айында дүниеден өткен. Соған қарағанда ол 79 жыл өмір кешкен және БұхарадағыДжакардиза мазаратында жерленген.
Шалдж де, Шалджикас та бір қала. Йақұт әл-Хамауи ар-Руми осы екі түрлі атаумен берілген бір қалаға екі мақала арнаған. Шелжі туралы ол: «Таразға жақын, кішкене кентке ұқсайтын (тушбих булайда) елді мекен, ол түркілердің шекаралық аймақтарының бірі» десе, ал Шелжикас жайлы: «Сайхун өзені бойындағы Түркістан шекарасы Тараз шетіндегі қаланың (мекеннің) бірі» деп жазады. Сөйтіп Шалдж да, Шалджикас та бір жер деуіміздің себебі осы.
Жікіл перзенті
Жікіл де Талас алқабындағы орта шаһарлардың бірі болатын. Әл-Истахридің айтуынша Жікіл Та-
раз маңында еді. Оның күмбезді мешіті, қамалы болған. Қала дуалмен қоршалған.
Қазақстан тарихшылары оны Тараз төңірегіндегі Жалпақтөбемен сәйкестендіреді. Ал Йақұт әл-Хамауи ар-Руми Жікілді: «Сайхун өзені жағасындағы Түркістан еліндегі Таразға жақын қала» деп жазады. Сөйтеді де Самарқанды Боғра хан Һарунның баласы Қарахандық Қадыр хан Йусуф ибн Ибраһим билеген кезде Әбу Мұхаммед Абд ар-Рахман бин Йахия бин Йунис әл-Жикили осы шаһардың (имам) хатибы еді» деп үстеп қояды.
Аталмыш әмірші ныспысына қарағанда Қарахан әулетінен шыққан. Қарахандықтар Х-ХІІ ғ. қазіргі Қазақстанның Оңтүстігі мен Шығыс Түркістан және Мауараннаһрде билік еткен. Олар өздерін боғра хандар деп атады. Ең алғашқы хан Сатұқ Қарахан (?-955) еді. Оның немересі Һарун Баласағұнды астана етті. Оның ұрпақтары кейде Қашғарда да отырды. Олар исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Елдің негізі қаңлылар мен карлуктер, шігілдер мен яғмалар болатын.
Жікілдік бабамыз да сөйтіп ислам діні қайраткерлерінің бірі болған. Ол да өзге де жерлестері сияқты хадис ілімімен айналысып, хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис шәріптерін жинаған. Йақұт әл-Хамауи Жікілдің бұл перзенті туралы мәліметті Әбу Саъд ас-Самъаниден алған сияқты. Өйткені ол Әбу Саъд дерегін қайталайды.
Әбу Мұхаммед Самарқанда қызмет ете жүріп Әбу-л Қасым Убайдалла ибн Умар әл-Кушанидан хадис риуаят еткен. Ал одан Әбу Хафс Умар ибн Ахмад ан-Насафи хадис жазып алған. Сөйткен ғалым Самарқанда һижраның 516/1123 жылы шағбан айының 8 күні дүниеден өткен.
Атақты «Китаб әл-қанд фи уламаи Самарқанд» – «Самарқанд ғұламалары жайлы қанттай тәтті кітаптың» авторы Әбу Хафстың өзі Жікіл перзентінен хадис жазып алғанына қарағанда, жерлесіміздің шынында да үлкен хадистанушы ғұлама болғаны күмәнсіз.
Жікілдік дана жайлы өзге дерек жоқ.
Баласағұн ғұламалары
Баласағұн да Тараз секілді үлкен шаһар болатын. Ол жайлы да араб, парсы, шағатай тілді бұлақ көздерінде бірқатар деректер бар. Әбу Саъд ас-Самани «Китаб әл-Ансабта» – «Шығу тек (жайлы) кітапта» әл-Баласағұни деген тақырып-сөз бере отырып оны «Сейхун (Сырдария) өзенінің арғы жағындағы Қашғарға жақын түркілердің шекаралық уалайындағы қала (балда)» десе, Хафизи Абру (?-1430) оны өзге қалалар қатарында ғана жай атап өтеді.
Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің Баласағұн жайлы мағлұматты бұларға қарағанда біршама толықтау. Ол қала туралы Әбу Саъд ас-Самани жазбасын қайталағанымен, осы шаһардан бір топ зиялылар шыққан дей отырып, соның бірі «ат-Түрік» деген атпен белгілі болған Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Мұса әл-Баласағұниге тоқталған. Біз Йақұт дерегін пайдаланып ол жайлы «Қазақ даласының жұлдыздарында» жазғанбыз.
Орта Азияның ғана емес, сондай-ақ қазіргі Қазақстанның оңтүстігі мен Сыр бойында болған қалалардың тарихы мен олардың өзі көрген тыныс-тіршілігі, рухани, мәдени өмірі, оның зиялы қауымы жайлы өте құнды еңбек жазған, бірақ ол дүниесі біздің заманымызға түгел жетпеген авторлардың бірі Жамал Қарши (1230-1315). Ол қазіргі Құлжа маңында болған Алмалық қаласында 1230 жылы туылған. Ол моңғол текті жергілікті уалаят әміршісі Ил-Аларгу Сунақтегі баласының тәрбиешісі болып, сарай өміріне араласан. Сол себепті «Қарши – Сарайлық» деген атақ алған. Ол көп саяхат жасаған. Жоғарыда айтылғандай Орта Азияның көптеген қалаларын аралап, көзбен көргендерін хатқа түсіре берген. Жамал Қарши Отырарлық Исмайыл әл-Жауһари әл-Фарабидің «Тадж әл-луға уас-сихах әл-арабийа» – «Тіл тәжі және нағыз араб тілі» атты түсіндірме сөздігін парсы тіліне аударып, оған «Мулхахат ас-Сурах» – «Ас-Сурах» сөздігіне «Қосымша» атты еңбек жазған. Жамалдың бұл дүниесіндегі Сыр бойының қалалары мен одан шыққан ғұламалар жайлы материалдарды біз «Қазақ даласының жұлдыздарын» жазу үстінде пай-даланғанбыз.
Бұрындары Баласағұндық Жүсіп Баласағұниді ғана білсек, сосын Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің «Муъджам әл-булданынан» – «Елдер жайлы анықтамасынан» Әбу Абдалла әл-Баласағұни жайлы дерек тапсақ, Жамал Қарши бізге белгісіз тағы бір Баласағұндық ғалым, дін қайраткері Аййуб бин Ахмад ибн Аййуб әл-Баласағұни жайлы айтады. Ол шамамен ХІІ ғасырда өмір сүрген секілді. Өз аты Аййуб, әкесінің ныспысы Ахмед, бабасының есімі Аййуб, яғни ғалымға Аййуб пайғамбардың атын алған бабасының есімі берілген. Осыдан-ақ олардың ата-бабаларының зиялы қауымнан шыққаны көрініп тұр.
Жамал Қарши Аййуб жайлы Алмалықтағы патша сарайы өмірін сыпаттағанда айтады. Ол әуелі өзінінің Алмалықта туылып, сонда өскенін, білім алып жетілгенін еске алады. Сонан соң Алмалық әміршілерінің де тарихын сөз етумен қатар сарайда тұрған түрлі мемлекет және қоғам, діни-руханият, мәдениет, ғалым қайраткерлерін саралайды. Әрқайсысы жайлы өз ойын ортаға салады. Солардың ішінде автор Баласағұндық Аййуб әл-Баласағұниге үлкен баға берген. Ол Жамал Қаршидің ұстазы болған екен. Баласағұн ғұламасын ол ұстазым, қорғаным, «иман мен дін (исламның) ұстыны» десе, тағы бір жерде «ұлы шейх, тақуа, құрметті, өзінің қадір, қасиеті бар, ақиқат пен иманның күні» дей отырып, «қартайған шағымда оны жиі еске алдым» деп жазады.
Соған қарағанда Аййуб ибн Ахмед әл-Балсағұни өз заманының терең ойлы, аса білімді, қасиетті Құран мен хазреті Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис шәріптері, фиқһ ілімін жақсы білген, әрі білгенін жұртқа үйретіп, шын мәнінде ұстаз деген атқа лайық болған парасат иесі деп ойлаймыз.
Жамал Қарши бірақ Баласағұндық өзге зиялылар жайлы ештеңе айтпаған.
Жамал Қаршиден 200 жылдай кейін өмір сүрген М.Х.Дулатидің «Тарих-и рашидиінде» де Баласағұн жайлы деректер бар. Баласағұнды ол Афрасиаб салған қалалардың бірі деп есептейді. «Моғолдар Баласағұнды Қаралық деп атаған», -дейді М.Х.Дулати. Сөйтеді де «Сурах әл-луғат» – «Тіл айқындығы» кітабының авторы (яғни Жамал Қарши) «Мулхахат ас-Сурах» (сөздігіне) – «Қосымша» атты еңбегінде: «Менің әкем Баласағұн хафиздеріне жататын», – деп жазады. Ол (Жамал Қарши) өзінің «Қосымшада» әр қала ғалымдарының есімдерін атаған. Самарқан шаһарынан шыққан оннан аз ғалымдарды атайды. Бірақ Баласағұннан шыққан соншама көп ұлылар мен ғалымдарды санап, олардың кейбіреулері туралы әңгіме де келтіреді, осы ғалымдардың барлығы бір қалада, бір заманда өмір сүргеніне ақылың қайран қалады. Қазіргі кезде олар туралы Баласағұнда ешнәрсе мәлім емес. Сондай-ақ мен Қаралық деген жер туралы да ештеңе ести алмадым» деп үстеп қояды.
Өкінішке орай, М.Х.Дулати оқыған Жамал Қаршидің аталмыш еңбегінің үлкен бөлігі күні бүгінге дейін жоғалдыға саналып отыр, егер табыла қалса Баласағұн сияқты қалаларымыздан шыққан талай ғалымдар жайлы мол деректерге кене-лер едік.
М.Х.Дулати әрі қарай: «Моғолстанда басқа да көптеген қалалар болған. Биік ғимараттардың кейбірінің іздері ғана сақталып, онша бүліне қоймаған. Шуда (Жудта) бір үлкен қаланың ізі бар, бірнеше жерде мұнаралары, күмбездері, медреселері сақталған. Ол қаланың атын ешкім білмегендіктен моғолдар оны Мұнара деп атайды. Сол жерде және бір күмбез бен бір тас тақта бар. Сол тас тақтада насх жазу түрімен мына сөздер қашалып жазылған. «Бұл қабір ұлы ғұлама имам Мұхаммед фақиһ Баласағұнидың мазары. Ақиқатты іздеуші, өз бойына ертеден келе жатқан әрі ақыл мен (ақиқатты) танып білуді жинақтаған шейх дүниетану заңдылығының негізі мен салаларының білгірі еді. (һижраның) 711/1311-1312 жылы қайтыс болған. Мұны жазған Омар Қожа Хаддад» деп жазады.
Шу бойынан кесенесін М.Х.Дулати көрген бұл қай Баласағұни? Жамал Қарши жазған Аййуб әл-Баласағұни ме, жоқ әлде Йақұт әл-Хамауи ар-Руми еңбегінде айтылған Әбу Абдалла әл-Баласағұни ме? Бұл мәселелер, әрине, зерттеуді қажет етеді.
Баласағұн туралы қызықты материалдарды Махмұд ибн Уәлидің (1595-?) «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар» – «Игі жақсылардың батырлығы жайлы теңіз құпиясы» атты еңбегінен ұшыраттық. Автор Ауғаныстанның Балх қаласында туылған. Өз кезіне лайық жақсы білім алған. Үндістан, Цейлон және Мауараннаһр өлкелеріне саяхат жасаған. Діни-руханият, этика-дидактика, тарих және әдебиетке қатысты бірқатар шығармалар жазған. Аталмыш еңбегінде ол: «Баласағұн – Моғолстан деген атпен белгілі Түркістан өлкесі қалаларының бірі. Оның халқы моңғол шапқыншылығына дейін түгел мұсылман болатын. Одан көп ғалымдар шыққан. Мұстауфи (Хамдаллах Мұстауфи әл-Қазуйни (1280-1350) – парсының белгілі мемлекет қайраткері, географ ғалым): Баласағұн алтыншы-жетінші ықылымдағы ауқымды және жанға жайлы, өте салқын ауалы ел. Кейбір шежірелерде оны қоршаған алып дуалдың екі жарым кез екендігі айтылады. (Баласағұнның) қырық күмбезді және екі жүз забия мешіттері, жиырма ханакасы және он медресесі болған, оның халқы (Әбу) Ханифа мазһабындағы сунналық жамағат-ты. Ол шаһарда ғылымдар ішінде фиқһ пен хадис кеңінен тараған.
Моңғол шапқыншылығынан соң
моңғолдардың заңы (тураджат) зия-нын тигізгенше ол жайнаған жасыл өлке болды. Содан бері ол күні бүгінге дейін ойрандалып, иесіз қалған мекенге айналды. Балх шаһарында осы еңбегімізді жазу үстінде бізге қашғарлық бір саяхатшы былай деді: «Базбірде Қашғар әмірі қалмақтарды жазалау үшін Моғолстанға жорық жасады. Екі ай өткен соң шығыстан солтүстікке қарай жүріп отырып бір жерге жеттік. Ол жерде құм астынан төрт-бес зирадай (зира – ұзындық өлшемі. 1 зира, яғни 1 шынтақ, шамамен 65-81,2 см. тең) үлкен ғимараттар мұнаралары мен сарайлардың, медреселердің төбесі төрт фарсах жерден көрініп жатты. Сол жерден алыс емес тұста біз қалмақтарды қуып жеттік. Арада шайқас болды. Кәпірлер ішінен көп тұтқын қолға түсті. Қайтарда біз ғимараттар жұқаналарын көрген баяғы жерге жеткенде тұтқындардан бұл жердің атын сұрадық. Олар: бұл жерде бұрын Баласағұн деген қала болғанын ғана білеміз. Шыңғыс хан ұрпақтары бірінің билік еткен кезінде Баласағұн құм астында қалды.
Ал қазір оның құм астында қалған кейбір жерінен үй заттары: қазан, қыш пилайлар мен көзелер, ыдыстар мен вазалар жатқан бөлмелерді көруге болады. Ал паластар мен өзге заттар жоқ болды. Кейбір бөлмелерде адамдар денесі жатыр» деді. Сөйтіп Баласағұн бұрындары сол өлкенің (худуд) ең жақсы қалаларының бірі еді. Бірақ қазір оның аты да ұмыт болды» деп жазады. Бұл XVII ғасырда жазылған мәлімет. Содан Баласағұн қайтып бас көтермеді.
Ия, бір кездері гүл жайнаған абат қалаларымыз орта ғфасырлар соңында осылай түрлі жаугершілік салдарынан қирап, бірте-бірте «пәлен төбе, түген төбе» аталып топырақ пен құм астында қала берді.
Еліміздің көрнекті ғалымы, белгілі тарихшы, археологы, профессор Уахит Шалекенов «осы күнгі Жамбыл облысы Шу ауданындағы, қазір Ақтөбе деп аталатын қираған шаһардың осы ортағасырлық Баласағұн қаласы екендігінде күмән жоқ» деп жазады.
Шынында да Алматы-Тараз тас жолымен бара жатып 280 шақырым көрсетілген бағана жанына тоқтап қарасаңыз, жоғарыда әл-Мустауфи айтқан Баласағұн шаһарын қоршаған, аумағы атшаптырым алып дуал жұқаналарын көресіз.
***
Міне IX-XIV ғасырларда өмір сүрген, ұлы даланың мерейін тасытып, даңқын асырып, асқақтатқан перзенттері мен олардың туған мекендері, шаһарлары мен кенттері жайлы қолда бар деректерге сүйеніп айтылған ойлар осы еді.
Зерттеу нәтижесінде Отырардан шыққан бұрынғы біз тапқан 10 фарабилерге тағы да 8 фарабтық ойпаздар, бұрын-соңды белгісіз болған 2 шауғарлық, 1 женттік, бұрынғы 4 исфиджаби-сайрамилерге тағы да 22 парасат иелері, бұрын белгісіз болып келген 5 усбаникастық, 1 түлкібастық, бұрынғы 3 таразиге 10 тараздық, 2 шелжілік, 1 жікілдік, 2 баласағұндық, яғни барлығы 55 данышпандар қосылды. Бұлар да соңғылар емес. Үндістан мен Пәкстан, Иран мен Түркия, араб елдері мен Ресей, Ташкенттің қолжазба қорларындағы жазба жәдігерліктерді ерінбей, табандылықпен іздей берсе, зерделеп, зерттей берсе, қазақ жерінің бізге белгісіз әлі де талай ғұламалары, ойшылдары мен сөз өнерін пір тұтқан кемеңгерлері табылары күмәнсіз.
Ия, Орта Азияны былай қойғанда қазіргі қазақ жерінде болған қалалар мен кенттерден тек аталмыш бірнеше ғасырлар ішінде ғана осынша ғалымдар шыққанының өзі, аталарымыздың Ислам дінін тек қабылдаушы ғана болып қалмай, оған өзіндік үлес қосып, Ислам діні ғана емес, сондай-ақ әлем мәдениетін, тіпті өркениетін де байытқанын, оның өсіп өркендеуіне, кемелденуіне үлкен үлес қосқанын көрсетеді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.