ГЕНДЕР ҰҒЫМЫ ЖӨНІНДЕ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК
26.07.2020 0 15 589
Гүлжан ШОҚЫМ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университеті,
Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
Гендер ұғымы адамның туа біткен жынысымен қатар қоғамда, əлеумет ішінде мəдени институттар (тіл, отбасы, білім беру, т.б.) ықпалы нəтижесінде қалыптасатын əлеуметтік мəдени жынысы тағы бар екендігін білдіреді. Жыныс – адамдардың биофизиологиялық айырмашылықты бітімін білдірсе, гендер – əйел мен ердің қоғам туғызған əлеуметтік бейнесі. Грамматикалық тек (род) категориясын білдіретін ағылшын термині «gender» лингвистикалық контекстен алынып, алдымен басқа ғылым салаларының – əлеуметтік философия, əлеуметтану, тарих жəне саясаттану ғылымдарының зерттеу нысанына айналды. Кейінірек гендерлік зерттеулер шеңбері кеңейіп, пəнаралық мəртебе алған кезеңде гендер термині тіл біліміне жаңа мағынада енді. Тұңғышрет гендер (тек) ұғымын ғылыми тіркеске американдық психоаналитик Роберт Столлер 1968 жылы енгізді, ғалым бұл сөзді өзінің «Жыныс жəне гендер» еңбегінің атына пайдаланды. Жыныс пен гендер арасындағы терминологиялық айырмашылықты нақты айқындап берген Г. Рубин мен Р. Унгердің еңбектері болды. Gender терминінің өзі лингвистикалық терминологияға кейіннен енді. Сондықтан тіл білімінде genus, sexus, gender категориялары айқын ажыратыла бермейді. Бұл категориялар тілдегі жыныс мəселесін зерттеудің тарихи ерекшеліктерімен түсіндіріледі. «Ағылшын термині гендер (gender) бекітілді, көптомдық сөздіктерде, өзге де қазақ сөздіктерінде аударылмаған да түсіндірілмеген, бірақ оның қазақша баламасы жыныс екені даусыз. Сырт көзге əр қилы мəтінде бұл балама гендерге барабар бола бермейтін сияқты көрінуі мүмкін. Бір қарағанда, солай. Ал, байыбына барсақ, гендер сөзінің əрқилы ғылым саласындағы əлеуметтік жүктемесіне сай, оның қазақша баламасы жыныс сөзін де екі мағынада қолдануға болады: 1) биологиялық, яғни жалпы мағынасы. Жыныс деген – еркек пен əйел арасындағы анатомиялық айырманы білдіретін термин. Биологиялық жыныс екеу, ол – еркек пен ұрғашы; 2) əлеуметтік мағына. Бұл жерде жыныс термині əлеуметтік топқа тəн құрылым екенін ескеріп, «əлеуметтік жыныс» деп атағанды жөн көрдік. Тегінде бұл өзі анатомиялық жыныс ұғымынан өрбіген, бірақ оған сəйкес келмейтін, əлеуметтік-мəдени құрылым. Гендер термині лингвистикалық əдебиеттерде жүйелі түрде қолданыла бермейді. Гендерлік ерекшеліктерді зерттеуші ғалымдардың көпшілігі жыныс (пол /sexus) сөзін пайдаланса, ағылшын тіліндегі еңбектерде екі термин де қатар жұмсалады. Кейде гендер термині мен жыныс сөзі қосарлана беріледі.
Мұның бəрі гендерлік зерттеулерде терминдік түсініктердің шатасуына əкеп соғады:
1. Қоғамның жыныстық жіктеліміне байланысты жазылған еңбектердің бірталайы гендер термині шыққанға дейін жарық көрген. Сондықтан ол зерттеулерде sex, sexus сөздерін пайдалану орын алған. Тіпті жыныстар арасындағы қоғамдық əрекеттестік жайы да аталған ұғымдарға сүйеніп түсіндірілген.
2. Гендер термині ағылшын тілді ортада пайда болғандықтан, сол тілдегі грамматикалық тек (род) категориясын білдіретін гендер сөзімен омонимдес. Мұның өзі кей реттерде, əсіресе, лингвистикалық талдауларда түсінбестік тудырады.
3. Бірқатар зерттеушілер жыныстың мəдениəлеуметтік рөлі туралы айта отырып, əлі де болса sex bias, sex role, sex difference, т.б. терминдерін ұстанады. Ағылшын тіліндегі еңбектердің көпшілігінде екі термин жарыса қолданылып келеді. Керісінше, кейбір зерттеулерде жыныс (пол/sexus) сөзін жаңа терминмен ауыстырып беру үрдісі байқалады. Бұл гендер термині пайда болған тұста жарияланған еңбектерде кездеседі.
4. Терминдік түсінбестіктердің туындауының тағы бір себебі: зерттеу еңбектердің қай тілде жазылып, қай тілден аударылғанына да байланысты. Мəселен, неміс тілінде gender ұғымымен қатарласа қолданылатын Geschlecht, das soziale Geschlecht тəрізді аталымдар бар. Ал ағылшын тілінен орыс тіліне аударылып жатқан еңбектерде sex gender (ағыл.) мен секспол (орыс.) ескеріле бермейді. Екінші жағынан, батыс елдерінің бірқатарында жыныс мағынасындағы sex сөзін ығыстырып, орнына гендер терминін (ғылыми дискурстан тыс) қолданып саяси түзетулер жасап отырады.
5. Термин таңдауда автордың көз-қарасының да өзіндік орны бар. Ерлер мен əйелдер тіліне тəн ерекшеліктердің болу себептерін адамның физио-логиялық жəне психологиялық табиғатымен байланыстыра қарайтын биодетерминизм бағытының өкілдері дəстүрлі атауды (жыныс) сақтап қалуды мақсат тұтады. Дей тұрса да, олардың еңбектерінен гендер терминін кездестіруге болады.
6. Орыс тіл білімінде гендер, жыныс, əлеуметтік (мəденигендерлік) жыныс, жыныстық диморфизм, жыныстық жіктелім, адамның биоəлеуметтік (биомəдени) мінездемесі терминдері қолданылып келеді. Алайда гендер терминінен гөрі туынды сөздер (гендерлік зерттеулер, гендерлік қатынастар, гендерлік жіктелім, гендеристер, гендерология) жиі қолданысқа түскен. Осыған ұқсас жайт: неміс тіліндегі еңбектерде гендер терминімен зерттеудің жалпы бағытын атаса, қалған жағдайларда жыныс ұғымы пайдаланылады. Зерттеушілердің пікірінше, орыс тілінде жыныс сөзінің мəн-мəтіндік мағынасынан оның қандай мəнде (биологиялық əлде əлеуметтік) жұмсалып тұрғандығын ажыратуға болатындықтан, кірме сөз гендермен қатарласа қолданыла береді [Словарь гендерных терминов 2002, 24, 25 бб.].
Гендерлік факторлар бұрыннан да назарға іліккен, бірақ тек қазіргі кезде арнайызерттеу нысаны бола бастады. Осы салада зерттеу жүргізіп жүрген белгілі ғалым Б. Хасанұлы еңбектерінде гендер термині басым қолданылатынын атап өткен жөн. Жыныс сөзі ішінара (əлеуметтік жыныстық жіктелу, əлеуметтік жыныстану) кездеседі [Хасанұлы 2003, 284 288 бб.]. Жыныс – адамзат бойына туа біткен айырым белгі, əйелдер мен ерлер арасындағы психологиялық жəне əлеуметтік айырмашылықтарды танудың түп негізі. Жыныс категория ретінде екі компоненттен тұрады: биологиялық жыныс (sexus) жəне əлеуметтік жыныс (gender). Жыныс категориясына қарағанда гендерлік мəртебе соған сəйкес гендерлік иеарархия, мінез-құлық ерекшеліктері табиғаттан берілмейді, қоғамда қалыптасады, əлеуметтік бақылау институттары мен мəдени дəстүрлер арқылы жүзеге асады. Сонымен гендер терминінің синонимі ретінде əлеуметтік мəдени жыныс ұғымы қолданылады.
Гендер ұғымы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап ғылыми қолданысқа еніп, жүйелі түрде зерттеле бастады. Оған себепкер болған: саяси-əлеуметтік жағдай – қоғамдық қатынастардың өзгеруі мен феминистік қозғалыстың өріс алуы; лингвистикалық жағдай – структурализмді сынға алу, тілдің прагматика саласына деген қызығушылықтың артуы жəне əлеуметтік лингвистиканың дамуы; философиялық жағдай – таным теориясының жаңа бағыт алуы, постмодернизм мен бейқұрылымдау (деконструктивизм) идеяларының кең таралуы [Кирилина 1999, 52 б.]. Гендер алдымен əйелдердің ерлермен салыстырғандағы əлеуметтік, мəдени, психологиялық ерекшеліктерін сипаттау үшін қолданылды, содан келіп қоғамда əйел, еркек деп тануға мүмкіндік беретін типтік мінез бітістері, нормалар, таптаурындар, рөлдер ажыратылып қарастырыла бастады. Адамның табиғи жынысы мен əлеуметтік дамуын ескеретін гендерлік факторлар тұлғаның маңызды сипаттамаларының біріне айналды. 80-ші жылдардан бастап гендерлік зерттеулерде əйел тарихы, əйел психологиясы мəселелерімен қатар «əйелдік», «еркектік» белгілерінің əлеуметтікмəдени мəніне де назар аударыла бастады. Ал 90-шы жылдары ерлерге қатысты маскулиндік зерттеулер бой көтерді. Алайда, ғылымда күні бүгінге дейін гендер табиғаты туралы тұрақты, біркелкі көзқарас жоқ. Бір жағынан, гендерді ойлау құрылымы немесе жыныстың биологиялық жəне əлеуметтік мəдени қызметін анықтап айырудың ғылыми үлгісі, екінші жағынан, гендер қоғамда қалыптасатын (соның ішінде тілдің көмегімен) əлеуметтік құрылым ретінде пайымдалуда [Кирилина 1999, 9-10 бб.]. О. А. Воронина гендер категориясын зерттеудің батыста қалыптасқан жалпы ғылыми тəсілдерін саралай келіп, қазіргі гуманитарлық парадигмада орын алған мынадай негізгі бағыттарды көрсетеді: – гендер – əлеуметтік-демографиялық категория; – гендер – əлеуметтік құрылым; – гендер – субъективтілік көрінісі; – гендер – идеологиялық құрылым; – гендер – желі (сеть); – гендер – технология; – гендер – мəдени метафора. Гендер мəселесі əлеуметтік құрылымдық теория, стратификациялық категория жəне мəдени метафора тұрғысынан қарастырылып келеді. Гендерлік қатынастар адам қызметінің көптеген саласын қамтитындықтан, гендерді зерттеу пəнаралық сипатта гендерологиялық тұрғыдан дамуы тиіс. Гендерология – қазіргі ғылым жүйесінде ерекше қарқынмен дамып келе жатқан саланың бірі. Ол əлеуметтану, психология, мəдениеттану, антропология, мəдениетаралық жəне бейвербалды қатынас (коммуникация), лингвистика, т.б. ғылым салаларымен бірлікте келіп, адамзат тарихы мен мəдениетін тануда кең көлемді зерттеулерге жол ашты. Еркек пен əйелге тəн мінез- құлық ерекшеліктері, олардың мəдени-əлеуметтік мəні, дəстүрге сай айырым белгілері, əлеуметтендіру жайы ғылыми зерттеулерде, соның ішінде антропология мен этнографияда ішінара айтылып келгенімен, биологиялық жыныс пен əлеуметтік жынысты (гендер) айырып қарау мəселесі тек гендерлік зерттеулер арқылы мүмкін болды. Гендерлік зерттеулер батыстық-гуманитарлық ғылымдардан бастау алып, қазіргі кезде кең тарай бастады. Оның пайда болып, дамуына таным мəселесіне деген жаңа көзқарас, ғылым философиясы, əлеуметтік философия, тұлғатану философиясы мен психологиясы, əлеуметтану мен антропологияның қарқынды дамуының сəйкес келуі жайдан-жай емес. Гуманитарлық ғылым салаларында антропоцентристік ұстанымға негізделген тұлғаның даралық өлшемдерін (параметрлерін) анықтауға деген қызығушылықтың артуы, тіл мен жыныстың өзара байланысын жеке-дара қарастырмай, кешенді түрде зерттеуге мүмкіндік береді. Кейінгі уақытта гендердің жүйелілік сипаты тілдесімдік жəне құрылымдық тəсілдердің жинақталуы, бірігуі мəселелеріне ерекше назар аударып келеді. Гендерлік жүйенің астарында институттар мен идеялар ұғынылса, енді жеке адамның мінез-құлқы мен барлық қарым-қатынастық тілдесімі қатар қарастырыла бастады. Мұндай тəсіл гендерді статикалық əрі динамикалық тұрғыдан зерттеуге жол ашады.
Зерттеудің гендерлік тəсілі – бұл жыныс факторының көптүрлілігі мен көпқырлылығын ашып көрсету. Сонымен гендер белгілі бір қоғамда, тарихи дəуірде қалыптасқан еркектік немесе əйелдіктің əлеуметтік-мəдени белгіленген үлгісіне жеке адамның ену үдерісі мен нəтижесін қатар бейнелейді. Тұлғааралық қатынастарда еркектік пен əйелдік белгілерінің қалыптасқан үлгілері (мінез-құлыққа, жыныс өкілдерінің қоғамдағы орнына, т.б. байланысты) мейлінше сақталып отырады. Осының нəтижесінде гендер үйреншікті, жалпылама қабылданған, таныс ұғымға айнала бастайды, əйел мен еркектің нақты белгілерін айқындап, қоғамда гендерлік қатынастардың қалыптасуына ықпал етеді. Гендерлік қатынастар əлеуметтік ұйымның маңызды қыры болып табылады, яғни қоғам дамуын айқындайтын əлеуметтік қатынастарға ықпал етеді. Олар тілде мəдени концептілер түрінде бейнеленеді жəне тұлғаның мінез-құлқы, сөйлеу ерекшелігі, тілдік əлеуметтенуіне ықпал етеді.
Гендерлік зерттеулер батыстық гуманитарлық ғылымдардан бастау алып, кең тараған. Оның пайда болып, дамуына таным мəселесіне деген жаңа көзқарас, ғылыми философия, əлеуметтік философия, тұлғатану философиясы мен психологиясы, əлеуметтану мен антропологияның қарқынды дамуының сəйкес келуі кездейсоқтық емес. Ғалымдар гендер мəселесін əлеуметтануда кең тараған əлеуметтік құрылымдау жəне символдық интеракционизм идеяларымен байланыстыра қарайды. Т. Парсонс ізбасарларының бірі И. Гоффман жыныстың мəдени-əлеуметтік мəнін ашып көрсету мақсатымен гендеризм жəне гендерлік дисплей терминдерін енгізді. Оны жыныстың мəдени құрылымын негіздейтін гендерлік таптаурындар, жыныстық рөлдік нормалар мен жыныстың рөлге сəйкестілігі арқылы түсіндіруді көздеді. Жыныстық рөлдік нормалар қоғамда қалыптасады. Ол тұлғаның гендерлік əлеуметтенуі үдерісімен тығыз байланысты. Əлеуметтендіру, яғни тұлғаның қоғамға бейімделуі отбасы, мектеп, дін, саясат, бұқаралық ақпарат құралдары жəне еңбек нарығы сияқты институттар арқылы жүзеге асады. Олардың əрқайсысы өз кезегінде гендерлік типтенуге, гендерлік таптаурындардың қалыптасуына негіз болады. Əлеу-меттену барысында адам (балалық шақтан бастап) қоғамда белгіленген мінез-құлық нормаларын игереді, соған бейімделеді. Сөйтіп, тұлғаның өзінөзі сəйкестендіруі негізінде гендерлік сəйкестілік қалыптасады. Ол адамның мінез-құлқына жас ерекшелігі сəйкестілігінен гөрі едəуір күшті ықпал етеді. Тіпті күнделікті өмір қажеттіліктерінің параллельдігі – еркек жəне əйел киімдерінің бөлімі, еркектерге жəне əйелдерге арналған журналдар, қыздар мен ұлдарға арналған ойыншықтар – барлығы гендерлік ерекшеліктерді құрайды. Ол адам өміріне етене еніп, жыныстың мəнін айқындайтын мұрат (идеал) ретінде сіңісіп кеткен. Ғалымның тұжырымдауынша, гендеризмнің қозғаушы күші – жыныстың институттандырылуы мен жоралануы, дəстүрленуі (ритуалдануы). Ал институттандыру мен жоралау гендерлік дисплейдің негізін құрайды. Гендерлік дисплей дегеніміз – əрбір адам өзінің жаратылысына қарай (əйел, еркек) дəстүрлі (əйелдік/ еркектік) мінез-құлық үлгілерін меңгеріп, соған бейімделуі. Кез келген қоғамға белгілі бір гендерлік таңбалар жүйесі (семиотика) тəн, сондықтан гендерлік өлшемдер таңба жүйесін зерттейтін пəндерде, оның ішінде лингвистикада қолданылуы тиіс. Жыныс мəселесіне қатысты сан алуан ғылыми пікірлер мен көзқарастарды саралай келе, С. Ушакин үш түрлі теорияны бөліп көрсетеді:
1) биологиялық фундаментализм теориясы. З. Фрейдтің «Анатомия – бұл тағдыр» деп келетін пікірі ең алдымен жыныстың биологиялық негізіне қатысты айтылған;
2) құрылымдық немесе рөлдік фундаментализм теориясы. Оның негізін қалаған американдық ғалым-дар Т. Парсонс пен М. Мид жыныс мəнін əлеуметтік құрылым тұрғысынан қарастырған жөн деп санайды. Əлеуметтік құрылым негізінде жыныстық рөлдер туындайды, ал əлеуметтену сол рөлдерді меңгеру болып табылады. Сөйтіп, жынысқа ие болу дегеніміз – дəстүрлі əйелдік не еркектік мінезқұлық үлгілерін қабылдап, оларды жүзеге асыру;
3) символдық фундаментализм теориясы.
Бұл – француз ғалымдары Мишель Фуко, Жак Лакан, Жак Деррида еңбектерінде ұсынылған, постмодернистік философияның бір тармағы. М. Фуконың пікірінше, барлық ұғымдар, сонымен қоса жыныс ұғымы да, жеке адам алдында табиғи түрінде емес, дискурстың нəтижесі ретінде танылады. Жыныстың жəне оған қатысты əрекеттердің тілдегі көрінісі (вербалдануы) ерте дəуірлерден бастау алады. Жыныстың биологиялық мəні де əлеуметтік сипатқа ие. Ендеше, ол табиғи құбылыс ретінде емес, мəдени құбылыс ретінде қарастырылуы керек дейді (М. Фуко). Бұл келтірілген философиялық ізденістер мен зерттеулер гуманитарлық ғылымдар аясында постмодернистік тұжырымдарға негізделген гендерлік зерттеулердің туындауына себепші болды. Бұл ретте тілдің басымдылығы неде десек, əлемдік лингвистикада қалыптасқан гендерлік бағыт бір жағынан, таптаурын белгілердің (фемининдік, маскулиндік) тілдегі көрінісін, екінші жағынан, еркек пен əйелдің сөйлеу əрекетіндегі гендерлік ерекшеліктерді зерттеуді нысанаға алды.
Гендерлік зерттеулердің филосо-фиялық тұжырымы мен əдіснамалық негізі лингвистикалық білімдердің дамуындағы тарихи факторларға тікелей қатысты. Ж. Деррида швейцар ғалымы Фердинанд де Соссюрдің тілдік таңбалардың еркіндігі туралы қағидасына сүйене отырып, «defferance» терминін қолдану арқылы мəтіндегі мағынаның еркіндігін түсіндіреді. Ғалым бейқұрылымдық талдаудың мақсаты – философиялық мəтінді оның формалық құрылымында зерттеу, оның мəтінді типтерінің өзгешелігін жəне көп нұсқалығын көрсету, философиялық мəтіннің сахналық кеңістігін, оның синтаксисін ұғынудептүсіндіреді.Гендерлікзерттеулердіңбатыстықдəстүрінде гендердің дерридиандық бейқұрылымдық талдау идеясы – негізгі əдіс [Гриценко 2005, 15 б.]. Бейқұрылымдық талдау – бұл философиялық ілім, ол мағынаның мəтін тілінде қалай құрылатынын анықтайды. Ницше мен Хайдегер идеяларын дамыта отырып, Деррида ақиқатты танудың дəстүрлі философиялық əдістерін сынға алады. Ол ойдың барлық жүйесі бір ғана орталыққа негізделген, қазіргі заман адамын қалыптастыруда еркектік бастаулардың, идеологиялар мен құндылықтардың басымдығы (жынысқа қатыссыз) ықпал етеді. Барлық мəтін иерархиялық дуализм элементтеріне, жұптық қарама-қарсылықтарға негізделген деп, олардың шынайы элемент ретінде қарастырылатынын айтады. Бейқұрылымдық талдауларда нақты мəтіндердің тиянақты зерттелуіне жəне басқа да мəтіндермен сəйкестендірілуіне баса назар аударылады. Қазіргі психоаналитикалық талдауларда да (Поллак) бейқұры-лымдау əдісі қолданылады. Психоана-литикалық тəсілдің мақсаты баланың бастапқы дамуындағы дəстүрлі тұжы-рымданудың бейқұрылымдануын анықтаудан тұрады.
Бұл жерде сынға ұшырайтын мəселе – жеке адамның гендерлік сəйкестілікке ие болу əрекетіндегі əлеуметтік жағдайлардың абсолют-тенуі. Сондықтан гендер психологиясын зерттеудің жаңа тəсілдері бір жағынан, психологиялық субстратты айқындаушы гендерлік сəйкестілікті, екінші жағынан, белгілі бір гендерлік рөлге жеке адамның парапар болуын қарастырады. Бұл теория философия, тіл білімі, тарих, əлеуметтану, өнертану, т.б. ғылым салаларында қолданылатын жаңа əдістерді қалыптастыруға септігін тигізді. М. Фуконың билік қатынасын қолдау, қалыптастыру, өзгертудегі тілдің қызметі туралы философиялық идеялары тіл білімінің жаңа бағыттарының, яғни тілді сыни тұрғыдан зерттеудің (ал оның бір бөлігі – тілді феминистік сын немесе сыни дискурстық талдау тұрғысынан зерттеу) негізіне айналды. Бұл бағыттың мақсаты – əлеуметтік қатынастар жүйесіндегі жасырын ниеттер мен мүдделерді айқындау үшін əлеуметтік тілдесімдерден құралған лингвистикалық талдау жүргізу жəне олардың бұл жүйеге тигізген ықпалының нəтижесін анықтау. Бұл бағыттың өкілдері Н. Ферклоу, Т. ван Дейк, Р. Водак, т.б. тілді түрлі əлеуметтік мүдделерді (таптық, нəсілдік, этникалық, гендерлік, т.б.) үнемі қарама-қарсы тұратын экспликациялар ортасы ретінде қарастырады. Олар тілдің құрылымдық тұжырымдамасын қайта қарастырудан жəне əлеуметтік, мəдени мəн-мəтіндерден тыс жүйені зерттеуден бас тартты.
Осылайша тілді дискурс, əлеуметтік тəжірибе ретінде ұғыну тұжырымы келді. Бұл тұжырым əлеуметтік құрылымдармен негізделген (детерминденген) жəне оларды бір уақытта қалыптастырып, жүзеге асырады. Тілді сыни тұрғыдан зерттеудің негізгі мақсаты – тілде көрініс тапқан билік пен бақылаудың, үстемдік ету мен кемсітудің айқын, жасырын құрылымдық қатынастарын талдау. Бұл талдау əйел мен еркектің тілдік теңсіздігі көрінісін қарастыратын тілдік зерттеулерге сəйкес келеді. Бұл гендерлік зерттеулер тарихи кезеңдестіру барысындағы алғашқы екі кезеңге тəн: «дүрліктіру» (алармистік) кезеңі (дəстүрлі патриархат идеологиясын əшкерелеу кезеңі) мен «феминистік пайымдау» кезеңі (постмодернистік теория шеңберінде феминистік бағыттың қалыптасуы) [СМИТ 1997; Кирилина 1999, 27-28 бб.]. Сонымен, постмодернизм идеологиясының ықпалымен батыста гендерлік зерттеулердің қарқынды дамып, лингвистикада жаңа білімге жол ашу мүмкіндігі пайда болды. Постмодернизм идеологиясында жыныс мəселесі маңызды орын алды. Мұнда тұлғаның экзистенционалды мəртебесі ең алдымен жас пен жыныс категорияларына байланысты қарастырылды. Ж. Дерриданың идеясына сəйкес, болмыстытану, құндылықтар жүйесін игеру адам санасына əбден сіңісті болған сыңаржақты (жынысқа қатыссыз) яғни ер адамдық көзқарас тұрғысынан қабылданып, бағаланады. Бұл идеяның кең таралуына Симона де Бовуардың «Второй пол» («Екінші жыныс»), М. Фуконың «Воля к знанию» («Білімге талпыныс») еңбектері себепші болды. Олар əлеуметтіктің биологиялық жынысқа үстемдік етуі ежелден сақталып келе жатқан ер адамдық дəстүр деп көрсетеді. Феминистер қоғамда орын алған патриархаттыққа, яғни ер адамдық құндылықтардың мəтіндер мен дискурсивтік тəжірибеде жеке адам санасына күштеп енгізілуіне наразылық білдірді (Борнеман) [Кирилина 2004]. Сонымен, ілгеріде келтірілген философиялық ізденістер мен зерттеулер гуманитарлық ғылымдар аясында постмодернистік тұжырымдарға негізделген гендерлік зерттеулердің туындауына себепші болды. Бұл ретте тілдің басымдылығы неде десек, əлемдік лингвистикада қалыптасқан гендерлік бағыт бір жағынан, таптаурын белгілердің (фемининдік, маскулиндік) тілдегі көрінісін, екінші жағынан, еркек пен əйелдің сөйлеу əрекетіндегі ерекшеліктерді зерттеуді нысанаға алды. Қазіргі кезеңде гендерлік зерт-
теулердің өз ішінде бірқатар тұжырымды бағыттар орнықты. Олар авторлардың идеологиялық мақсаттары мен гендерлік зерттеулердің тарихи дамуына қатысты.
Тарихи тұрғыдан келгенде, гендерлік зерттеулердің қалыптасуының үш кезеңі ажыратылып көрсетіледі:
1. «Дүрліктіру» кезеңі. Қоғамдық ғылымдарда орын алған андроортақтық ауытқуларға назар аударылды; ер адамдық көзқарас тұрғысынан маз-мұндалған əлеуметтік теорияларды сынға алды; дəстүрлі патриархаттық эпистемологияның (ғылыми таным теориясы) кемшіліктері айқындалды.
2. «Феминистік тұжырымдану» кезеңі. Феминистік теория мен практиканың бағыт-бағдары анық-талды. Феминистік психология, феми-нистік лингвистика ғылыми бағыттары қалыптасты.
3. «Постфеминистік» кезең. Ерлерге қатысты зерттеулер жүргізіле бастады, əлеуметтік қатынастардағы гендер мəселесін зерттеу екіжыныс өкілін де қатар қамтып, олардың түрлі деңгейдегі қарым-қатынасын талдауға көшті. Ілгеріде келтірілген пайымдаулар мен жинақталған деректер негізінде гендерлік тұжырымдар жасалса да, оның ғылыми бағыт ретінде қалыптасуы постмодернизм тұсында ғана жүзеге асты.
Жыныстың мəдени-əлеуметтік мəнін тұжырымдау үшін алдымен қоғамның қатынастық құрылымын түзуші рөлдік қатынастар жүйесін интегралдық сипатта қарастырып, сол арқылы гендердің пəнаралық парадигмасын қалыптастырудың біртұтас үлгісін жасау қажет. Гендердің əлеуметтік құрылымы – ерлер мен əйелдер арасындағы əлеуметтік қатынастардың ұйымдасқан үлгісі. Оның даму негізіне: 1) гендерлік əлеуметтендіру, еңбек бөлінісі, қоғамда белгіленген гендерлік рөлдер жүйесі, т.б., 2) гендерлік сəйкестендіру жатады. Гендерлік стратификация əлеуметтік стратификациядағы негізгі категория болып саналады жəне тап, нəсіл, жас тəрізді өзгермелі стратификациялық категориялар қатарында қарастырылады. Сонымен бірге гендер еркек пен əйелге тəн белгілердің (мінезқұлықтық, ментальдік, эмоционалдық, мəдени, т.б.) қоғамдық құрылымдануын білдіретін күрделі мəдени əлеуметтік үдеріс ретінде ұғынылады. Д. А. Нечаевский жыныстың мəдени-əлеуметтік мəні белгілі бір қоғамда еркек пен əйелге тəн деп танылған, əлеуметтік (типтік рөлдер мен мəртебелер), табиғи, психикалық жəне мінез ерекшеліктерін қамтитын маскулиндік пен фемининдік дихотомия аясында тұжырымдалады дейді. Ол маскулиндік пен фемининдікті жұптық категорияларды құрайтын белгілеріне қарай екі деңгейде қарастырады. Бірінші деңгей екі факторды қамтиды.
Табиғи факторлар: 1) Биологиялық жыныс (морфофизиологиялық айырма-
шылықтар, бейімделу деңгейі, иммунитет); 2) Онтогенетикалық психи-
калық белгілер (ашуыза мен эмоцияға берілгіштік деңгейі, психомоторлы (қозғалысты) реакциялар, ойлау əрекетінің ерекшеліктері, өсіп-жетілу кезеңіндегі айырмашылықтар, танылмаған, белгісіз айырым белгілер.
Мəдени-əлеуметтік факторлар: 3) Гендерлік мұраттар (мұраттар мен антиидеалдар, əлеуметтендіру үдерісіндегі белгіленген сапалар, əлеуметтік бағалау өлшеуіштері;
4) Жыныстық рөл (əлеуметтік мəртебелер жүйесі, əлеуметтік рөлдер жүйесі). Екінші деңгей: мінез-құлық – интегралдық сипат, қарымқатынас стилі, мінез-құлық (іс-əрекет, жүріс-тұрыс), өмір сүру стилін қамтиды. Гендердің мəртебелік рөлдік құрамын талдау үшін, алдымен əлеуметтану мен əлеуметтік лингвистиканың тірек категориялары болып саналатын тұлға, тұлғаның əлеуметтік мəртебесі мен рөлі туралы негізгі тұжырымдарға тоқталған жөн. Тұлға – əлеуметтік өзара қимыл-əрекеттер мен қатынастардың бірінші өкілі. Ал тұлға дегеннің кім екенін анықтау үшін, əуелі «адам», «жеке адам», «даралық» («индивидуалдық») деген ұғымдарды түсініп алу керек. Күнделікті өмірде жəне ғылыми тілде бұл терминдер өте жиі кездеседі. Адам – жалпының, ерекшеліктің жəне жеке өзіндіктің диалектикалық бірлігі. Бұл жерде «жалпы» дегеніміз – адамзаттық, «ерекшелік» дегеніміз – қоғам құрылыстық, таптық, ал «даралық» дегеніміз – өмір сүрудің жеке түрдегі тəсіл-белгілері. Адамзаттың жекелеген өкілдерінің өмір сүруі «жеке адам» деген ұғыммен байланысты. «Жеке адам» дегеніміз – халық, тап, əлеуметтік қауымдастықтардың, жалпы адамзаттың жеке өкілі ретінде, нақты адам ретінде түсіндіріледі. Əлеуметтануда «жеке адам» ұғымы əлеуметтік қатынастардың жеке-дара алғандағы өкілі қарастырылған жағдайда қолданылады. Жеке адамдар қызметінің бірігуі нəтижесінде əлеуметтік қатынастардың жүйесі қалыптасады. Бұл жерде «жеке адам» ұғымы «нақтылы адам» мағынасында қолданылады. Ал енді «даралық» түсінігін (жеке адамның өзіне тəн) – жеке адамның басқаларда қайталанбайтын бірден-бір өзіндік ерекше қасиет сипаты, бір жеке адамды екіншісінен ерекшелейтін белгілердің жиынтығынқарастыруарқылыанықтауғаболады. Бұл ерекшеліктер биохимиялық, нейрофизиологиялық, психологиялық, əлеуметтік жəне, т.б. деңгейлерде байқалады. Тұлға ұғымы адамның жəне жеке адамның табиғи емес мəн-мағынасын айқын көрсету үшін енгізілген, яғни бұл ұғым оның əлеуметтік бастауларын айқындайды. Басқаша айтқанда, адамның тарихи дамуының əр түрлі деңгейлеріндегі жеке алғандағы жəне нақтылытарихи өзгешеліктерін көрсету үшін «жеке адам» деген ұғыммен қатар, «тұлға» деген ұғымды қолданады.
Тұлға дегеніміз – жеке адам дамуының қорытындысы жəне мұнда барлық адамдық сапалар неғұрлым толық көрініс табады. Тұлғаның өзіндік өзгешеліктері, саналылығы, бағалы бағдарлары мен əлеуметтік қатынастары, қоғамға қатысты бірқатар дербестіктері жəне өз іс-əрекеттері үшін өзінің жауапкершілігін түсіну, т.б. тұлғаның бойынан табылуға тиісті міндетті сипаттамалары болып саналады. Тұлға өзі өмір сүріп отырған əлеуметтік ортада болып жататын əлеуметтік елеулі ісəрекеттердің нəтижесі ғана емес, сонымен бірге олардың себепшісі де болып табылады. Тұлғаның əлеуметтік мəнін ашып көрсету тұтас күйінде емес, қайта оның нақтылы көріністерін зерттейтін жекелеген қоғамдық ғылымдар үшін өте маңызды. Ал əлеуметтануда тұлға көбіне көп қоғамдық, əлеуметтік қатынастардың субъектісі ретінде қаралады. Əлеуметтік қатынастар адамның ішкі дүниесімен қабыса отырып, айналадағы ақиқатқа деген оның тұлғалық көзқарасы ретінде көрініс табады. Əрбір тұлға қоғамда белгілі бір орынды иемденеді жəне нақты міндеттерді атқарады, ол үшін соған сəйкес, оның құқықтары мен міндеттері, яғни белгілі бір əлеуметтік мəртебесі болады. Əлеуметтік мəртебе – адамның үлкен əлеуметтік топтың өкілі ретіндегі (мамандық, тап, ұлт, жыныс, жас мөлшері) қоғамдағы орны. Əлеуметтік мəртебе ұғымы əлеуметтану шеңберінен шығып, қазіргі гуманитарлық ғылымдар арасында кеңінен қолданылып келеді. А. Д. Швейцер «мəртебе» мен «рөл» терминдерін əлеуметтік жарыспалылықпен байланыстыра келіп, оның ішінде тілдің əлеуметтік жарыспалылығы жəне сөйлеудің əлеуметтік жарыспалылығы деп бөліп көрсетеді. Тіл мен сөйлеудің əлеуметтік жарыспалылығы стратификациялық жəне жағдайлық (ситуативтік) өлшемде анықталады. Стратификациялық жарыспалылық қоғамның əлеуметтік құрылымымен тікелей байланысты, бұл тілдің əлеуметтік жіктелімі мəселесіне келіп тіреледі. Стратификациялық жарыспалылық əлеуметтік топтар мен жіктер арасындағы тілдік ерекшеліктерден көрінсе, жағдайлық жарыспалылық əлеуметтік жағдайға сəйкес қолданылатын функционалды стилистикалық, диалектілік, т.б. тілдік бірліктерді қамтиды. Ғалымның пайымдауынша, стратификациялық пен жағдайлық жарыспалылықтар өзара тығыз байланысты, өйткені қоғамның əлеуметтік құрылымына қатысты айырмашылықтар əлеуметтік жағдаймен де сабақтасып жатады. А. Д. Швейцер мəртебе мен рөл ұғымдарының арақатынасын анықтай отырып, мəртебе – əлеуметтік жарыспалылықты, рөл – жағдайлық жарыспалылықты сипаттайды. Мəр-тебе – адамның жас мөлшерін, жынысын, белгілі бір əлеуметтік топқа қатысын білдірсе, рөл – əлеуметтік жағдайға (оның жарыспалылығына) сəйкес адамдардың өзара қарым-қатынасы дейді.
Әлеуметтік мəртебені зерттеудің бірнеше қырларын атап көрсетті:
1) Əлеуметтік-экономикалық қыры адамдардың өмір сүру стилінде көрініс беретін əлеуметтік-экономикалық стра-
тификацияны зерттейді;
2) Əлеуметтік-өлшемдік қыры əлеуметтік топтар мен халықтарды кəсіп түрі, табыс көлемі, білімі, тұрғын үй типі, т.б. көрсеткіштер шкаласы бойынша бөліп көрсетеді;
3) Рөлдік қыры түрлі əлеуметтік рөлдердің жиынтығын сипаттайды. Əлеуметтік рөлдер адамға заң немесе басқа құқықтық актілер арқылы формалды бекітілуі мүмкін жəне ол көптеген моралдық тəртіп нормалары арқылы формалды емес болуы да мүмкін;
4) Алшақтық (дистанционный) қыры мəртебелердің сəйкессіздігі, əлеуметтік дəрежесі əр түрлі адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасындағы сəйкессіздікті объек-тивті жəне субъективті мəртебелік бағалау (жəне өзін-өзі бағалау) болып табылады. Бұл ретте адамның мінез-құлқы əлеуметтік деңгейімен сəйкес келуі ескеріледі; 5) Нормативтік (бағалауыштық) қыры қоғамда беделі жоғары адамды құрметтеу мен бағалауды көрсетеді (мұны əлеуметтік иерархияға қатысты мəртебеден ажырата білу керек); 6) Этномəдени қыры түрлі мəдениеттер мен тілдерге тəн мəртебелік қарым-қатынастар, дəлірек айтқанда, мəртебелік теңсіздіктің ашық (эксплициттік) немесе жасырын (имплициттік) белгілерін (қарым-қатынастық (коммуникациялық) ерекше жағ-дайлар, əдеп ережелері, қаратпалар, т.б.)) анықтайды. 7) Динамикалық қыры мəртебенің ауысып, өзгеріп отыруы жəне ол филогенетикалық жəне онтогенетикалық тұрғыдан қарастырылады. Филогенетикалық (немесе диахрониялық) мəртебелік қарым-қатынастарды талдау əлеу-меттік иерархиямен байланысты қоғамдық нормалар мен мінез-құлық ережелерінің тарихи өзгерісін бақылауға мүмкіндік береді. Онтогенетикалық мəртебелік қарым-қатынастарды талдау тұлғаның əлеуметтенуіне қатысты жəне билингвизм, социолектілер (маңызды, маңызсыз), тілдік жетіспеушілік (дефицит) феномені, т.б. мəселелерді қамтиды; 8) Типологиялық қыры əрбір адамдық қауымдастықтың даму деңгейінде байқалатын қажетті жəне кездейсоқ, алғашқы жəне қосымша, негізгі жəне жанама түрдегі мəртебелер, олардың өзгермелілігі, бейтараптануы мен күшейтілуін сипаттайды. Тұлғаның мінез-құлқынан, əсіресе сөйлеу əрекетінен аталған мəртебелік белгілердің барлығын да кездестіруге болады. Соның ішінде рөлдік белгілер гендердің мəдени концепт ретінде қалыптасуының əлеуметтік тетігі болып табылады. Сонымен рөл ұғымын қалай түсінуге болады? «Əлеуметтік рөл – бұл мінез-құлықтың нұсқасы, қоғамдық жүйедегі жəне тұлғааралық қатынастағы тұлғаның объективті берілген əлеуметтік ұстанымы». А. Леонтьев пікіріне сүйенсек, рөл ұғымының астарында бір-бірімен өзара байланысты, бірақ гетереогендік (əр текті) үш түрлі түсінікті аңғарамыз: 1) рөлдік күтіліс (ролевые ожиданий); 2) бейтарап рөл; 3) рөлдік мінез-құлық (ролевые поведение). Рөлдік күтіліс «ойын ережесіне» сəйкес рөлді күтеді, ал рөлдік мінезқұлықты адам өз рөлінің шеңберінде нақты орындайды [34]. Əлеуметік өзара əрекет барысында адамдар əр түрлі рөлдерді орындайды («ойнайды»), рөлдік қатынастарға түседі. Мысалы, «басшысы-қыз-меткері», «мұғалім – оқушы», «əке – ұл», «ері – əйелі», т.б. Сол сияқты тұлға екі немесе одан да көп əлеуметтік топтардың, институттардың, қауым-дастықтардың, ұйымдардың, т.б. субъектісі болып табылады. Мысалы, тұлға: еркек, əке, күйеу, бала, оқытушы, ғылым докторы, профессор, редколлегия мүшесі, т.б. Бір адам əр түрлі адамдарға қатынасына сəйкес қарама-қарсы мəртебені де иеленеді, айталық, тұлға өзінің балалары үшін əке, ал өзінің анасы үшін ол ұлы болады. Бірақ сол мəртебелердің бірі адамның қоғамдағы ахуалын анықтайтын негізгі, басты мəртебе болып саналады. Мұндай мəртебе көбіне көп негізгі жұмыс орнындағы қызметпен байланысты болады. Сонымен, қайсыбір мəртебелік рөлді алсақ та (əке, əйел, көрші, мұғалім, жолаушы, көрермен, т.б.), олардың əрқайсысының тілдік сипаттамасы бар. Тіпті қарапайым «атауының» өзінен-ақ адам санасында белгілі бір рөлге қатысты ұғым, түсінік туындайды, сөйтіп бірте-бірте рөлдік мінез-құлық таптаурыны қалыптасады.
Сондықтан адамның түрлі рөлдерді орындауы барысында немесе бір рөлден екіншісіне ауысуы кезінде байқалатын тілдік ауытқулар (стильдік, лексикалық, интонациялық, т.б.) рөлдік қарама қайшылықтар (эмоциялық) тудырады. Адамдар рөлдерді иемденуіне (кəсіби, отба-сылық, т.с.с.) əрі оларды орындау сапасына қарай ерекшеленеді. Қоғам жеке адамнан белгіленген əлеуметтік рөлдердің дұрыс орындалуын, əлбетте, соған сəйкес сөйлеу үлгісінің болуын талап етеді. Көбіне көп адам өз мінез-құлқында əр түрлі жағдайларды еріксіз ескеруіне тура келеді, мұндайда адамбір емес, бірнеше топқа бағыт-бағдар ұстайды. Рөлдік ережеден ауытқу қоғамдық пікір туғызудан бастап заң қорғау органдарына дейінгі арада əлеуметтік тыйым жүйесі қалыптасқан. Ол айыптаушылықтан бастап күштеп тоқтатуға дейін əкеп соқтыруы мүмкін. Алайда рөлдердің əртүрлілігіне қарамастан стильдің бір ғана түрі қолданылады. Мəселен, ресми іскер стиль басшыға да, оның қарамағындағы қызметкерлерге де тəн. Демек, бұл жерде рөл – екеу, субкод – біреу.
Кейбір жағдайларда əлеуметтік мəртебе үстеме стиль (доминант) қалыптасуына себепші болады. Рөлдік күтілген жіктелім өте қатаң сақталған деуге келмейді. Рас, рөл іс-əрекетке жалпы бағыт береді, оның мақсатын айқындайды, ал оларды орындау стилі əр түрлі нұсқада көрініс беруі мүмкін. Мысалы, қазіргі əйелдердің жеке ұстанымдарында əйел рөлі аса елеулі маңызға жəне құндылықтарға ие бола бермейді, бірақ қоғам алдында əйелдің атқарар өз қызметі бар. Əлеумет тұрғысынан алғанда, атқаратын қызметтен ауытқу, оларды мойындамау жөнсіздікке əкеледі. Сондықтан атқаратын қызметке қатысты мінез-құлық ережелерін мейлінше ұстану тұлғаның қоғамда өмір сүруін жеңілдетеді, оның баянды болуына негіз қалайды. Кей зерттеушілер рөлдерді мəртебелік, қалыптық (позициялық), жағдайлық деп ажыратады. Мұндай жіктелім əсіресе ұлттық-мəдени салыстыруларда тілдік əлеуметтену жайын (білімі мен соған сəйкес біліктілігін) зерттеу үшін тиімді. Мəртебелік рөлдер рөлдік теорияда көрсетілген «мұра болған рөлдерге» сəйкес келеді. Олар – адамның дүниеге келген сəтінен белгіленген, яғни субъектіге тəуелсіз, туғаннан сақталатын жыныстық рөлі, нəсілдік, этникалық, ұлттық, белгілі бір мемлекеттің азаматы ретіндегі рөлі немесе адамның өмірлік кезеңдерімен қатар жүретін жас ерекшелігіне қарай иемденген рөлдері, сонымен бірге көп өзгермейтін, дінге, əлеуметтік топқа, тапқа қатысын білдіретін рөлдер. Бір ерекшелігі, мəртебелік рөлдер ретінде ассоциацияланатын рөлдік жіктелім бірқатар этностарда айтарлықтай айырмашылыққа ие. Мысалы, жыныс пен жас мөлшеріне қатысты рөлдер.
Жыныстық рөлдер тұлғаның əлеуметтенуі (қай қоғамда болса да жыныстық рөлдер еңбек бөлінісімен байланысты), жас ерекшелігімен қатысты рөлдер (бала – жасөспірім – ересек – қарт) қалыптық рөлдердің орындалуымен сабақтасып жатыр. Қалыптық рөлдер – адамның иемденген орнына сəйкес атқаратын қызметі (рөлі). Мəртебелік рөлдер қалыптық рөлдердің орындалу түрін (модусын) анықтайды.
Айталық, мұғалімнің қалыптық рөлін кім орындайтынын (еркек/əйел, жас педагог/тəжірибелі педагог) салыстырудың өзі жеткілікті. Жағдайлық рөлдер басқаларымен (мəртебелік, қалыптық) салыстырғанда еркін орындалады, тұлғаның белгілі бір сəттегі мінез-құлқы мен іс-əрекетін көрсетеді (мысалы, сатып алушы, жүргінші рөлі, т.б.). Сөйлеушінің мəртебесі мен рөліне қатысты жан-жақты талдау əлеуметтік лингвистиканың категориялар жүйе-сінде басты орын алады. Адам кез-келген уақытта өзіне тəн құқықтар мен міндеттерді нақты түсінеді, тиісті əрекеттерді біледі, сөйтіп, төңірегіндегі адамдар күткеніндей, өз рөлін атқарады. Əйел мен ер жынысын даралайтын психологиялық белгілер, мінез ерекшеліктері, мамандық, кəсіп түрлері əлеуметтік-мəдени нормалармен реттеліп отырады. Демек, қоғамда əйел немесе ер болып өмір сүру – тек анатомиялық қабілетті болу ғана емес, белгіленген талаптарға сай, гендерлік рөл атқару деген сөз.
Гендерлік рөлдер – белгілі бір қоғамда, тарихи жағдайда қолданылатын əлеуметтік-мəдени нор-маларға сəйкес ерлер мен əйелдерге берілетін əлеуметтік рөлдер, соған сай, əрбір жыныс өкілінің қоғамда міндетті деп танылған сөйлеу əдебі, мінез-құлық, дене қимылы, т.б. талаптардың орындалуы. Гендерлік рөлдер əр қоғамда, əр түрлі этномəдени, діни, əлеуметтік топтар мен жіктер арасында бірдей емес. «Алғашқы қауымда əйел мен еркектің, қыздар мен жігіттердің топтық өзіндік тілі болған. Еңбек бөлінісі биологиялық айырмашылыққа құрылған. Қазақтың «ер адам – түздікі, əйел – үйдікі» деген сөзі ертеде айтылған болса керек. Осыдан келіп, əр жыныс өкілінің айырма сөздігі пайда болған. Аңшылық пен құрылыс лексикасын еркектер қалыптастырған, ал үй шаруашылығы лексикасын тек əйелдер түзген. Соның бір белгісі – көне əйелдер күнтізбесі (IV ғасыр күнтізбесі) болған» [Хасанұлы 2003, 284 б.]. Бір тіл аумағында əлеуметтік жынысқа – əйелдер мен ерлерге байланысты, олардың əрқайсысының сөз саптауында кездесетін тілдік бірліктер (сөз, сөйлем, сөйлемдер мен сөз тіркесі, фразеологизм, мақал-мəтелдер) гендерлект болып аталады. Гендерлект терминін ғылыми қолданысқа алғаш енгізген – лингвист Дебора Таннен. Бұл термин алғашқыда еркектер мен əйелдердің сөйлеу іс-əрекетіне тəн үнемі болып тұратын, үздіксіз белгілердің жиынтығы ретінде түсіндірілді. Сонымен байланысты «жыныс – қарым-қатынасты (коммуникацияны) айқындаушы фактор» деген феминистік көзқарастар қалыптаса бастады. Кейінгі жылдардағы бірқатар еңбектерде еркектер мен əйелдердің кез келген сөйлеу іс-əрекетінде айырым белгі бола бермейтіндігі айтылады, сондықтан «гендерлект» жөнінде түрлі пікірлер орын алып келеді. Əлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігінде: «гендерлект (ағыл. gender жыныс (dia) lektos диалект) ағыл. genderlect – бір этникалық тіл, ұлттық тіл, социолект көлемінде ер адамдар тілдерімен салыстырғанда əйелдер тілінің лексикалық, эмоциялы-экспрессиялы, грамматикалық, стильдік жəне басқа да ерекшеліктері». Əйелдер мен ерлер əр заманда əр түрлі мəденитілдік кеңістікте өмір сүре отырып, қоғамдағы əлеуметтік, экономикалық, т.с.с. өзгерістерді өздерінше қабылдап, сол қабылдағанын тіл арқылы əр түрлі белгілеген реттері анық байқалады. Бұған себепші жағдайлар жетіп артылады. Тілде көрініс беретін гендерлік ерекшеліктер еркек пен əйел атқаратын қызмет (кəсіп) түрлеріне қатысты қазақ санасында қалыптасқан. Халқымыздың тұрмыс тіршілігінде өзіндік орны бар аңшылық, саятшылық, өрімшілік сондай-ақ тұрманшы, зергер тəрізді кəсіп түрлері ерлер арасында кең тарағаны аян. Əйелдер көбінесе үй ішін жасақтау, киім тігумен шұғылданған. Атадан мұра болып қалған кəсіп түрлерін сипаттау арқылы біріншіден, қазақ қоғамындағы еңбек бөлінісінің, яғни еркек пен əйелге бөлінген гендерлік рөлдердің ара салмағын анықтаудың, екіншіден, сол арқылы тіліміздегі гендерлік лексиканың (кəсіби, тұрмыстық) қалыптасуы мен гендерлектілердің қолданылу деңгейін бағамдаудың гендерлік лингвистикалық зерттеулер үшін маңызы зор. Гендерлік қатынастарды мəдени əлеуметтік реттеудің маңызды тетігі болып табылатын дін өз қызметінде əйел мен еркектің əлеуметтік ортадағы орны мен рөлін белгілейді. Бұл сипатта діннің салтжоралық қызметініңмаңызызор. Гендерлік тұрғыдан келгенде, ислам дінінің əйел мен ер мəселесіне деген ұстанымы анық əрі берік тұжырымдалған. Ерлердің сөйлеу тіліне тəн мұсылманша сəлемдесу түрі – гендерлік ерекшелік. Гендерлік діндік белгілер əйелдердің сөйлеу тілінен де байқалады. Əйелдер тілінде жиі қолданылатын «алла», «жаратқан ием», «құдайау», «құдай үшін», т.б. діни сенімнен туындаған сөздер тек жалбарыну, сиыну мəнінде ғана емес, күнделікті қарым-қатынаста түрлі сезім-күй, эмоцияны білдіріп, əйелдердің гендерлік сөйлеу стилін қалыптастырған.
Гендерлік стратификация əлеу-меттік стратификациядағы негізгі категория болып саналады жəне тап, нəсіл, жас тəрізді өзгермелі стратификациялық категориялар қата-рында қарастырылады. Əлеуметтік лингвистикада сəйкестендіру – жеке адамның нақты бір этноспен, тілмен, мəдениетпен, дінмен, жас мөлшерімен, мемлекетпен, кəсіппен жəне т.б. өзін теңдестіруі деген мағынада жұмсалады. Дəстүрлі қоғамда адамның гендерлік сəйкестілігі оның өмірінің кезеңдерімен байланысты. Адамның табиғи негізін оның биологиялық ерекшеліктері құрағанымен, əлеуметтік жас адам дамуының əлеуметтік сапаларын анықтауда маңызды болып табылады. Ол бірнеше сатыдан балалық, жасөспірім, жастық, есейген, қартайған шақтан тұрады жəне өзара байланысты екі үрдістің бірлігінде қаралады: гендерлік əлеуметтендіру (социализация), гендерлік сəйкестендіру (идентификация). Адам өмірінің əр түрлі кезеңдерінде бұлардың əрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Жыныстар арасындағы гендерлік айырмашылықтың алғашқы белгілері бала жастан байқала бастайды.
Психолог ғалымдардың пікіріне сүйенсек, балалар өздерінің ұл не қыз екенін екі жастан бастап сезінеді. Үш жаста олардың 75%-ы қай жынысқа жататынын ажырата алады. Сонымен бірге айналасындағыларды ұл не қыз, əйел немесе еркек деп айырып қарауға бейімделеді, бірақ жыныстың өзге айырмасын біле бермейді. 3-4 жаста балалар «əке» мен «шеше», «əйелі» мен «күйеуі» ұғымдарынан гөрі «апа», «аға» ұғымдарын тез меңгереді. Ойын кезінде қыз əйел рөлін, бала еркек рөлін таңдайды. Ата-ана мен ересек жанұя мүшелерінің балаларға түсінікті бола бермейтін «құпия» тілі деген болады, ұл мен қыздың, өз жынысына орай сөйлер сөзі де ерекше болып қалыптасады. Жалпы алғанда, жас ұланды ана тіліне баулу ісі олардың жыныстық жастық ерекшеліктерін ескеру негізінде жүргізілуі шарт.
Қазірде жасөспірімдер арасында қатынастың электрондық жəне ұялы байланыс түрлері (SMS, интернет) кеңінен тараған. Ұялы байланысты қыз балалар да, ер балалар да бірдей пайдаланады. Алайда интернет тілін ер балалар жетік меңгерген. Демек, гендерлік лингвистикалық зерттеулерде электрондық қарым-қатынас ерекшеліктерін де ескерген абзал. Қазақ дəстүрінде ұл əкенің, қыз шешенің баулуына бөлініп, тəрбиенің түрі өзгереді, біртіндеп гендерлік дағдыларға бейімделе бастайды. Халқымыздың салтдəстүрімен біте қайнасып жатқан гендерлік ерекшеліктер тіліміздің інжу-маржандары халық ауыз əдебиеті үлгілерінде, мақал-мəтелдерде, тұрақты сөз тіркестерінде кең қамтылған. Жас, жыныс айырмасын сипаттайтын гендерлік сөздердің басым көпшілігі ұл балаға қатысты қолданылады. Мысалы: ат ұстар, ат байлар, ат қосшы, қазан бұзар, қыз теке (қыздармен қосылып ойнайтын ер бала), отау иесі, ашамай міну, тоқым қағар, т.б. Мақал-мəтелдерде көбінесе ұл мен қыз қатар қойылып, салыстырылып беріледі: Үй иесі – ұл, төр иесі – қыз; Қыздың ұяты – шешеге; Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұлы атадан үйренбей сапар шекпес; Қызы мінезді келсін, ұлы өнерлі келсін, т.б. Қазақ қоғамында қалыптасқан мəдени дəстүр бойынша балалық шақтың əрбір кезеңінде ересек өмірге бейімделу, əлеуметтену, дəлірек айтқанда, ұл – еркек, қыз – əйел болу қағидаларын игеріп, гендерлік нормалар мен рөлдерге машықтануы маңызды болып саналған.
Халқымыз қыздың əлеуметтік жасын көбірек ескерген. Ер жетіп, балиғатқа толған қызын ұзатылғанға дейін бойжеткен, ұзатылатын қыз, атастырылған қыз, қалыңдық деген гендерлектілермен атаған. Тілімізде қыз бейнесін айшықтайтын образды тіркестер жетерлік. Солардың ішінде беті ашылмаған, он екі де бір гүлі ашылмаған, салиқалы қыз, хор қызы тұрақты сөз тіркестерімен қатар көркем тілмен оюланған гендерлектілерді де атап өткен жөн. Мəселен, жас ерін, нəзік бел, сəбидің білегіндей торғын тамақ, мақпалдай екі беті үлбірейді, миуалы пісіп тұрған жас алмадай, т.с.с. Он бесте отау иесі саналған бозбала да есейіп, бойы да, ойы да өсіп, күш-қуаты артқан, жетілген, ер-азамат болып жігітжасына дажетеді. Халық ұғымындажігітжасына сай батыл, ер жүрек, өткір, бір сөзді, ақылды, білімді, яғни сегіз қырлы бір сырлы болуы шарт. Осы ретте мынадай гендерлектілер кездеседі: Жігітті жігерінен таны; Жақсы жігіт: он бесінде жас емес, жүзге келсе де, пəс емес, т.б. Бұл сияқты мақал-мəтелдер жігіттің гендерлік рөлін бекемдей түседі. Жігіттік шақты бейнелейтін жас жігіт, зіңгіттей жігіт, қылшылдаған жігіт, жігіт-желең, күйеу жігіт, сақа жігіт гендерлектілері жігіттің физиологиялық толысуы ғана емес, гендерлік əлеуметтенуін де білдіреді. Осы тəріздес гендерлік жас аталымдарын башқұрт тілінен де кездестіруге болады. Мəселен, башқұрт тілінде егет (жігіт) «айгыр тотоп менерлек егет» (айғыр тартып мінерлік жігіт), «типһə, тимир озорлок» (тепсе, темір үзерлік), «кэлэш эйттерерлек» (күйеу боларлық жігіт), т.б. түрінде келіп, жас шамасына қарай жігіт атқаратын істерді мегзейді.
Адамның кемел жасқа жетіп, есейген шағында белсенділігі артады, бұл кезеңде еркек те, əйел де жоғары əлеуметтік мəртебеге қол жеткізіп, соған сəйкес гендерлік рөл атқарады. Бүгінде де əйел мен еркектің жас деңгейін бағамдайтын гендерлік өлшемдер ұлттық дəстүрімізден алшақтай қойған жоқ. Замануи талаптармен сабақтаса келіп өмір салтынан, еңбектен жəне қоғамдық-саяси, мəдени-танымдық, отбасылық-тұрмыстық қатынастан көрініп отырады. Қорыта айтқанда, тілді біліктілікпен дамыту үшін тілдің əлеуметтік жіктелуі мен адамның жыныстық айырмасы арасындағы байланысты яғни гендерлік жіктелімді зерттеу керек.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.