ҚОҢЫЗ ҚОҢЫЗ

ҚОҢЫЗ

24.06.2020 0 1 605

ЫРЫСБЕК ДӘБЕЙ, 1979 жылы Алтай аймағында туған. «Шық тұнған жолдар» атты өлеңдер, «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер, «Мөлтіл» атты әңгімелер мен хикаялар жинағының, «Жылқы... ҚОҢЫЗ

ЫРЫСБЕК ДӘБЕЙ,

1979 жылы Алтай аймағында туған. «Шық тұнған жолдар» атты өлеңдер, «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер,

«Мөлтіл» атты әңгімелер мен хикаялар жинағының, «Жылқы атылған жаз» романының авторы.

«Жалын», «Жұлдыздар отбасы», «Ақ желкен» журналдарында,
«Қазақ әдебиеті», «Астана ақшамы»
газеттерінде жұмыс істеген.

Жалғасы.

Тоғызыншы тарау

1

 

Есікті қақыратып жіберетіндей қатты соқы үсті-үстіне ұрылды. Дина кішкентай қызын кеудесіне қыса түсті. Бір шетте анда-санда ақылап-үкілеп енесі, ештеңе естімегендей түксиіп атасы отыр. Зал үйдің төрінде ойнап отырған екі ұл елеңдеп, есік жаққа жалтақ-жалтақ қарайды.
– Есікті ашайын ба? – деді Дина дауысы дірілдеп.
– Ашпа! Әдірам қалғырлар сөз түсіне ме, айттық қой жоқ деп.
– Бұзып кіреді.
– Бұзсын. Соған дәті жетсе, көрейік, – деді енесі.
Дина қабағынан қар жауып, үнсіз отырған атасына қарады. Өзімен өзі, ештеңе естімеген адамдай қыбырсыз. Сырттағылар боқтанып, есікті төпелей берді. Әлден уақытта есікті бұзып, ішке сау етіп беттерін тұмшалаған бір топ қарулы ОМОН жасағы кірді. Еңгезердей бес жігіттің бірі кірген бойы залда отырған үлкен кісінің жанына жетіп барды.
– Блять! Есікті неге ашпайсыңдар! Мұрат қайда, Мұрат?!
– Айттық қой, үйде жоқ, – деді үлкен кісі.
– Сен кімсің?
– Әкесімін.
– Қайда қашып кетті?
– Кенже ұлымды сендер аттыңдар! Жамбасының күл-талқаны шығып, больницада жатыр. Мұрат соның қасында, Аққалада. Өзіміз енді-енді әрең хабар алып отырмыз. Керек пе, сонда барыңдар! Тапа-тал түсте есікіті бұзып кіріп, не масқара бұл! Жаусыңдар ма?!
Еңгезердей жігіт автоматтың дүмімен үлкен кісіні иықтан салып қалды. Қаперсіз отырған ол шалқасынан құлады. Дина құшағындағы кішкентай қызын кілем үстіне қоя салды да, атасына жүгірді.
– Әкелерің жоқ па еді?! Қойсаңдаршы, құлдығым! – деп кемсеңдеген кейуана үлкен кісіні екінші жағынан келіп сүйеді.
Үрейі ұшқан балалар бақырып жылады. Үй іші азан-қазан болды.
– Мына күшіктеріңді алып, мына жаққа тұр! Бәріңді атып тастасақ та, сендерді қазір ешкім сұрамайды! – деп еңгезердей жігіт автоматын Динаға кезеді. – Тез бол!
Аяқ-қолы қалтырап, Дина орнынан тұрды. Шырқырап жылаған екі жастағы кішкентай қызды жерден іліп алды. Екі ұлына:
– Жүріңдер, – деп залдың есік жақ бұрышына барып тұрды.
Аңырап жылап атып тұрған екі ұл Динаның етегіне барып оралды. Басын көтерген үлкен кісі аяғын созып, көсіліп отырды. Оны сүйеген кейуана кемсеңдеп, көз жасын сүрте берді.
– Үйді тінтіңдер! – деді еңгезердей еркек.
Жасақтар үйдің әптер-тәптерін шығарып, тінте бастады. Әп-сәтте үш бөлмелі пәтердің қорыс-қопасы шықты. Дина шашылған заттарды басып-жаншып ерсілі-қарсылы жүргендерге бұрылып қарады.
– Бұрылма артыңа!
Алпамсадай еркек автоматын кезеп, Динаның жанына жетіп келді. Балалар шешесінің етегіне тығыла түсті.
– Күйеуіңді шақыр! Ертеңге дейін келмесе, өзіңді алып кетеміз! – деп ақырды ол.
Дина теріс қараған күйі басын изей берді.

2

Мұрат түс әлетінде үйіне оралды. Үй ішіндегілер топырлап, есік көзіне жиналып алыпты. Балалары балағына оралып, мәре-сәре болды. Дина жасқа шыланған көзін сүртті де, ас үйге кіріп кетті. Көзі ісіп, қалжыраған шешесі:
– Келдің бе, жарығым! Қуатым қалай? – деп тағатсыздана сұрады.
– Жақсы боп қапты. Бағана жолдас жігіт ішке кіріп, жағдайын біліп шықты. Мә-ә… Есікті кәдімгідей сындырыпты ғой, – деді Мұрат.
– Жау шапқандай шапты айуандар. Қуатқа өзің кірмедің бе?
– Жоқ, мама. Іште полициялар өріп жүр, сол жерден-ақ алып кетеді мені. Үйге бір соғайын дедім.
– Ой, жарығым сол. Дина, шайың дайын ба? – деп шешесі ас үйге қарай жүрді.
– Дайын.
Сырт киімдерін шешіп босағадағы киім ілгішке ілген Мұрат:
– Әй, жігіттер! Мен жуынып шығайын, – деп балағына оралған балаларын басынан сипады.
Мұрат жуынып-шайынып алды да, үстелге келіп отырды.
– Магазинның бәрі жабық, нан алып жей алмай қалдық. Көшенің бәрі әскер, албаты жүргізбейді. Бір-ақ күнде Ауғанстан болдық, – деп шешесі кейи сөйледі.
– Әкем ұйықтап жатыр ма? – деді Мұрат.
– Қайдағы ұйқы, жаназаға кеткен.
– Кімнің?
– Кімдерің бар ма, балам. Күнде еститініміз өлім, халық қырылып жатыр. Бүгін жиырмасы ма? Оқ тигендердің сүйегін енді-енді беріп жатыр.
– Мені көп іздеді ме полиция?
– Полициясы бар, КНБ-сы бар маза бергенді қойды. Түнімен топырлап терезенің алдында бет-аузын тұмшалаған қара адамдар жүреді. Түн ортасында ішке прожектордың жарығын түсіріп, терезеге жабысып тұрғанын көргенде зәрең қалмайды. Үйдің бірінші қабатта болғаны мұндай жаман болар ма?! Солардың түрінен балалар қорқып, шошып оянатын болды. Жау шапқаннан жаман болды. Кешегісі анау, есікті қиратып, үйді төңкеріп кетті.
Мұрат алдындағы ыстық сорпадан бір-екі қасық ұрттады. Қарсы алдында отырған Дина:
– Қуаттың жағдайы қалай? – деді.
– Бір ажалдан қалды ғой, кім біледі енді қалай болатынын. Оқ жамбасын талқандап, қуық тамырларын үзіп алдынан бір-ақ шығыпты. Жендеттер тиым салынған автоматтың айналып ұшатын оғын атқан деп жатыр.
– Құлыным-ай, не жазығың бар еді!
Мұраттың шешесі ебіл-дебілі шығып егілді. Оған Дина қосылды. Ас үйге кіріп-шығып, асыр салып ойнап жүрген балалар жәутеңдеп, тұрып қалды.
– Тамағыңды іше ғой, – деп шешесі күрсініп Мұратқа қарады. – КНБ-ның бастығы ма, біреуі нөмірін қалдырған, кейін хабарласарсың.
– Қазір хабарласайын.
–Деміңді алып, асықпай хабар-лассаңшы.
– Хабарласа берейін, мама. Менен не сұрап, не білгісі келіп өліп барады екен, білейін, – деп Мұрат бетін сипап, орнынан тұрды.
– Күні-түні звондай берген соң телефонның сымын суырып тастағанбыз. Әлгі тастап кеткен нөмірлері телефонның қасында тұр, – деп Дина да орнынан тұрды.
Мұрат қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасына телефон шалды. Он бес минутта басқарманың екі қызметкері жетіп келді. Мұрат апыл-құпыл киініп, оларға ерді.
–Қосмағамбетов, не істедіңдер? Қиратып, шағып, өртеп қаланың күлін көкке ұшырдыңдар! Не жағдай болды мынау? – деді Мұратты даңғарадай кабинетте күтіп алған Ұлтық қауіпсіздік комитеті қызметкері.
Мұрат оның суық жүзіне қарады. Қара мұрты тікірейіп, қысық көзін жиі-жиі қысады.
– Оны мұнайшылар жасаған жоқ. Біз жеті ай бойы ағаштың бір бұтағын да сындырмадық, оны өздеріңіз білесіздер.
– Енді кім?
– Арандатушылар.
– Арандатушы кімдер? – деді қара мұртты.
– Оны мен білмеймін.
– Видеоға түсіп қалғаныңды білесің бе?
– Не істеппін?
– Не істедіңдер деп сұрап тұрған жоқпын ба?!
Қара мұртты алдындағы үстелді тарс еткізіп ұрды. Орнынан тұрып, мойнын соза:
– Қосмағамбетов, шыныңды айт! Ештеңе жасырып қала алмайсың! – деп айқайлады.
– Біз бейбіт тұрдық.
– Полицияның жағасынан алып, кеудесінен итергеніңді қалай түсіндіресің?!
– Жағасынан алғам жоқ. Мереке күні адам көп. Халық бірін-бірі итеріп, бір-бірімізге соғылдық.
– Өтірік айтпа! Видеода бәрі бар.
– Көрсетіңізші.
– Көрсетеміз керек болса. Сен соны айтшы, неше күннен бері қайда жүрсің? Қылмысыңнан қорқып, қашып кетпекші болдың ба?!
– Ешқайда қашпадым. Ініме оқ тиді, соның соңынан бардым. Ешқандай қылмысым жоқ, несіне қашам? – деді Мұрат.
Бөлмеге жас жігіт кірді. «Не шаруа?» дегендей қара мұртты оған иегін көтеріп, басын шұлғып қалды.
– Прокуратура, ішкі істер басқармасы қайта-қайта звондап жатыр.
– Нағыл дейді?
– Қосмағамбетовті сұрап жатыр.
– Шақыр әлгілерді, алып барсын.
Қара мұртты Мұратқа ежірейіп бір қарады да, бөлмеден шығып кетті. Бөлмеге еңгезердей екі жігіт кірді. Екі иығынан бүріп ұстаған тегеурінді қол Мұратты орындықтан жұлып алды.
– Сука!
Еңгезердей жігіттің бірі боқтанып, оны іштен бір тепті. Мұраттың тынысы тарылып, бүрісіп отыра кетті. Екінші соққы сақ етіп, тақыр қолтықтың астынан тиді. Дәу етіктің тұмсығы қабырғасын қақыратып жібергендей болды. Мұрат қалпақша ұшты. Көз алды тұманданып, естен тана жаздады.
– Тұр орныңнан!
Алпамсадай жігіт құлап жатқан Мұраттың білегін бір басып өте шықты. Ол жан дауысы шығып ойбайлап, орнынан атып тұрды.
– Жүр бол!
Алпамсадай екеу Мұратты дырылдатып сүйреп, сыртқа алып шығып, көлікке отырғызды. Жеңіл машина лезде ішкі істер басқармасына жетті. Мұраттың бүйірі шаншып ауырып, оң қолы ұйи берді. Басқарма алдында күтіп алған үш қарулы жасақ оны ішке алып кірді. Іште автомат, дубинка, бита ұстаған жасақтар ерсілі-қарсылы жүр. Көзі ғана жылтырап, беттерін тұмшалап алғандары да көп. Мұраттың мұрнына қанның иісі келіп, лоқси жаздады. Мұқым ғимарат Мұратқа қан теңізінде қалқып тұрғандай елестеді. Қарулы жасақтар оны алдына салып айдап, екінші қабатқа көтерілді. Басқарма бастығының кабинеті. Кабинетке шенді-шекпенділер жиналыпты. Мұрат бұрын өзі көрмеген адамдарды көзімен бір тінтіп өтті.
– Келдің бе, Қосмағамбетов?! – деді басқарма басшысы ызбарланып.
Мұрат үндемеді. Кабинеттегі жеті-сегіз адам іздегені табылып, жоғалғаны оралғандай жамырай қарады.
– Қосмағамбетов деген осы ма? Аты шулы, атағы жер жарған соң дәу біреу екен десем, – деп погонында үш жұлдыз жарқыраған ұзын бойлы, қараторы еркек Мұратқа сұстана қарады.
– Осы. Түріне қарамай, шегіртке-нің айғырындай секіреді. Тергеуге апарыңдар. Мен сосын сөйлесем, – деді басқарма басшысы.
Желкесінен төніп тұрған екі жасақ Мұратты сүйрей жөнелді. Есігі ашық тұрған бөлменің бірінен Мұрат Раушанды көрді. Беті бүркеулі жасақтар оның басына пакет кигізіп, орындықтың арқалығына шалқайтып тартып тұр. Раушанның дыбысы шықпай, тыпыр-тыпыр етеді. Жасақтар дәлізбен аз жүрді де, Мұратты кабинеттің біріне кіргізді. Кішкентай қоңыр үстелден басқа, ештеңе жоқ шағын бөлменің қабырғаларына қан дағы жұғыпты. Төрде шіреніп отырған тергеуші орнынан атып тұрды. Дембелше, қырықты орталаған қырма сақал тергеуші Мұраттың жанына жетіп келді. Шікірейіп киініп алыпты. Үстінен әтір иісі шығады.
– Қосмағамбетовсің бе?
– Иә.
– Не істедіңдер?! – деп ақырды ол.
– Ештеңе.
– Ештеңе дейді.
Тергеуші суық жымиды да, көз ілеспес жылдамдықпен Мұратты бүйірден бір соқты. Бүйрек тұстан орай тиген жұдырық оның өкпе-бауырын солқ еткізді. Бір тізерлеп отырып қалды. Басына тақ етіп дубинка тиді. Ол еденге екпеттей құлады. Екі жасақ дубинка-битамен төпелей жөнелді. Мұрат басын құшақтап, екі аяғын бауырына қысып, әрі-бері аунап түсті. Қатты соққы білегі мен қыр жіліншігінің сүйегін үгітіп жібергендей болды.
– Мұнда алып келіңдер! – деп айқайлады тергеуші.
Екі жасақ Мұратты жұлқи тартып орнынан тұрғызды. Оның тізесі иіліп, табанын жерге әзер тіреп тұрды. Екеуі Мұратты сүйреп әкеліп орындыққа отырғызды.
– Осының бәрін ұйымдастырған сендер! Өртедіңдер, шақтыңдар, қираттыңдар! Қылмысыңды мойындап, қолыңды қой! – деп тергеуші бір парақ қағазды Мұратқа қарай ысырып, қаламын ұсынды.
– Мен ештеңеге қол қоймаймын, – деді Мұрат.
– Қой қолыңды!
– Істемеген ісімді мойныма алмаймын.
Тергеуші ашуланып, аузы көпірши:
– Блять! – деп орнынан ұшып тұрды. – Көрейін қоймағаныңды.
Ол Мұраттың жанына жетіп келді де, төбе шашынан уыстай ұстап, өзіне қарай шалқайта жұлқыды.
– Қоясың ба?!
– Жоқ.
Қыр желкесінде қыдиып тұрған тергеуші оны құлақ шекеден қойып қалды. Мұраттың көзінің оты жарқ етіп, орындықтан ауып құлады.
– Тұрғызыңдар! – деп бақырды тергеуші.
Бөлмеге тағы бетін тұмшалаған алпамсадай үш жасақ кірді.
– Мынаны ақылына келгенше сабаңдар! – деп тергеуші орнына барып отырды.
Жасақтың бірі тізесі бүгіліп, жерге аяғын әзер тіреп тұрған Мұратты автоматтың дүмімен иық тұсынан ұрып құлатты. Екі жасақ оны жерден тік көтеріп, қайта тұрғызды. Қарсы алдында тұрған жасақ қуық тұсынан тепті. Дәу етіктің темірдей ұшы найзадай қадалды. Мұраттың мойны сылқ етті. Көк желкесіне сарт етіп, бита тиді.
Мұрат есін жиды. Көзі алдымен үстінен төніп, талтайып тұрған жасақтың жалпақ қара белдігіне түсті. Екі мықын жағына оқшантай ілініпті. Оқ өтпейтін кеудешесі қоңыз қабыршағы тәрізді көрінді. Өңіріне жұққан қан дағы байқалады. Оң қолындағы дубинкасын сол қолының алақанына ұрып, шіреніп қарап тұрған жасақтың қап-қара маскадан көзі жылтияды. Мұраттың қуық тұсы ашып ауырып, кіші дәреті қысқандай қиналды. Ол ыңырсып бір қырына аунап түсті. Аяғын бауырына жиып, бүкшие берді. Талтайып, төбесінен төніп тұрған жасақ арқасына дубинкамен салып-салып жіберді. Мұраттың жанына жетіп келген тергеуші еңкейіп:
– Қолыңды қоясың ба енді?! – деді қатуланып.
– Мен ештеңе ұйымдастырмадым. Бұлап-талаған, өреген, қиратқандармен ешқандай қатысым жоқ. Он алтыншы желтоқсан күні алаңда болғаным рас. Он алтысы күні ғана емес, жеті ай бойы сонда тұрдым, – деп Мұрат қинала жауап берді.
– Қосмағамбетов, қырсықпа енді! Қолыңды қой, қылмысыңды мойында! Әйтпесе бұдан да жаман болады. Мынаны орындыққа отырғызыңдаршы! – деп тергеуші орнына барып жайғасты.
Екі жасақ сұлап жатқан Мұратты қолтығынан тік көтеріп, орындыққа апарып отырғызды. Оның басы мең-зең болып, қол-аяғы сырқырап ауырды. Іші тесілердей шаншып, шалқайып-еңкейіп мазасы кетті.
– Ал, Қосмағамбетов! Не істедің? Не істейсің енді? – деп тергеуші қаламсабымен үстелді тықылдатып ұрды. – Бәрін жасырмай айт, қолыңды қой. Киіз үй өртедің бе? Банкомат тонадың ба? Жоқ, әлде магазин үптеп, қонақ үйді жағып жібергендердің ішінде болдың ба?
– Басқасы басқа, біздің өңірдің адамдары киіз үй өртемейді. Соның ішінде жаңасулықтар.
– Неге?
– Оны өзіңіз де білесіз. Бізде салт-дәстүр ұстанған халық, ондайға бармайды.
– Онда мен өртедім бе?! Былжырамай қолыңды қой, блять! – деп тергеуші орнынан атып тұрды.
– Ондайға қол қоймаймын.
Тергеуші жасақтарға қарап, басын бұлғаң еткізді. Олар Мұратты сүйрелеп, тепкілеп әкетті. Оның бет-аузы қанға боялып, қабырғасы күтірлеп сынып кеткендей болды. Допша домалап, жан дауысы шыққан Мұратты екі жасақ тік көтеріп, екі жаққа кере тартты. Үшіншісі сақ еткізіп, қуықтан тепті. Ол қайта талып кетті.
Күбір-күбір сөйлескен дауыстар күңгірлеп естіледі. Мұрат көзін ашты. Басы зеңіп, жер көшіп бара жатқандай сезілді. Төбеден түскен лампочканың күшті жарығы көзін қарықтырып, мойнын оң жағына бұрды. Басқа бөлме. Қоңыр есік тарс жабық. Есік босағасында автомат ұстаған жасақ тұр. Ол ыңырсып, сол жағына аунады. Төрдегі шағын үстелде сөйлесіп, бір-біріне қарама-қарсы отырған екі полицей бұған қарады. Мұрат қолын тірей басын көтеріп, көсіліп отырды. Көзі қарауытып, құлағы шыңылдап кетті. Мұрнынан аққан қып-қызыл қан еденге тамшылады. Қасына жетіп келген полицияның бірі:
– Өзіңді сонша қинап не қыласың, айтқанды істесеңші, – деп мейірлене сөйледі. – Бостан босқа таяқ жеп, жарты күн өткіздің. Мә, қаныңды сүрт!
Мұрат оның қолындағы шытын алып, мұрнын сүрте бастады. Шыт лезде шылқып, сығып алардай қан болды. Ол бұғағы салбырап, өзіне мүсіркей қарап, бүйірін таянып тұрған семіз полицейге:
– Мені жазықсыз сабады, проку-ротураға шағымданамын, – деді.
– Не?!
Бүйірін таянған полицей қолын сілтеп, тістене сөйледі. Дауысындағы мейірім ит жүніне ілінген қыраудай бірдемде ғайып болды.
– Шағымданғанды көрсетеміз саған!
Ол Мұраттың қолындағы шытты жұлып алып, құлаштап құлақ шекеден күсіп қалды. Көзінің оты жарқ еткен Мұрат сол жағына қисайып барып түзелді. Аузынан қан аралас түкірігі ыршыды. Босағада тұрған жасақ жетіп келіп, Мұраттың екі иығынан бүріп ұстап, тік тұрғызды.
– Пиздец шығар мынау!
Үстелде отырған полицей боқтанып Мұраттың қарсы алдына келді де, оны қуықтан бір тепті.
– Қырсықпа блять!
Иығынан бүріп ұстап тұрған жасақ Мұратты дедектетіп бір-екі айналдырып, басын қабырғаға ұрды. Ол есінен танды.
Тастай суық еденде шалқасынан жатқан Мұрат көзін сығырайта ашып, аяқ-қолын қыбырлатты. Шелектей болып іскен қуығы қозғалған сайын ауырып, екі бұтын екі жаққа кере ышқына ыңырсыды. Таңдайы кеуіп, өңешіне біреу ұнтақталған әйнек сеуіп қойғандай жұтына алмады. Бөлме іші жым-жырт. Ол сенделектеп орнынан тұрып, қан дағы жұққан қабырғағаға барып сүйенді. Оның есін жиғанын күтіп тұрғандай бөлмеге екі адам кірді. Қаракөлден тігілген бас киім киген, погондарында екіден-үштен жұлдызы бар шенділерді Мұрат жазбай таныды. Бірі басшы, бірі орынбасары. Екі иығына екі кісі мінгендей, жалпақ бет, дәу қара орынбасардың түріне қарап-ақ, жылаған бала уанатындай. Қолына тапанша ұстаған басшы тебітіп жетіп келді де:
– Атып тастайын ба?! – деп айқайлап, тапаншасын Мұраттың басына тіреді.
Мұрат қабырғаға сүйеніп, үнсіз тұрды.
– Мен саған «тұрма алаңда, кет» деп талай айттым, неге тыңдамадың?! Не істедіңдер енді?! Қазір сені атып тастасам да, ешкім сұрамайды. Көптің ішінде кетесің. Қырсыға бермей, қылмысыңды мойында! – деді ол.
– Сіз кет дедіңіз, мен кетпедім. Неге кетпейтінімізді дөңгелек үстелде бірге отырып талай тыңдадыңыз. Атсаңыз да, ұрсаңыз да өзіңіз білесіз. Бірақ мен «қылмыс жасадым» деп ештеңеге қол қоймаймын.
Мұрат қинала сөйлеп, қанға боялған жемпірінің жеңімен аузы-мұрнын сүртті.
– Қолыңды қоймай көр, блять!
Басшы тапаншаның артымен Мұратты құлақ шекеден ұрды. Көзінің оты жарқ етіп, Мұрат сенделектеп барып, құлап түсті. Көз сүйектен тиген соққы етін жыртып, сол жақ бетін қан жауып кетті. Ол қабырғаға арқасын тірей орнынан тұрды. Дәу қара оны иық тұсынан орындықпен бір салды. Оң қолы салбырап, бос қалған Мұрат бір-екі аттап барып, екпетінен жығылды. Буырқанып, боқтанған екеу тепкілеп әкетті. Мұрат жиырылып, созылып, бір-екі аунап түсті де, сұлық қалды.
Бөлме іші күбір-сыбыр. Тұла бойы күп болып ісіп, сіресіп қатып қалған сықылды. Бір жақ беті қанға малшынып, екпетінен жатқан Мұрат аунап түсті. Құлағы шыңылдап, басы зеңіп кетті.
– Сағат қанша болды?
– Бір.
– Мынаны подвалға апарыңдар.
Екі жасақ Мұратты қолтығынан көтеріп, тік тұрғызды. Қарсы алдында қатулана қарап тұрған басшы:
– Қайта айналып келем. Мұнымен ештеңе біткен жоқ әлі. Мен сенің буындарыңды, сүйектеріңді, денеңнің әр бөлігін санап, сындырып берем! – деді де, орынбасарын ертіп, бөлмеден шықты.
Екі жасақ Мұратты дедектетіп сүйрей жөнелді. Коридорда қарулы жасақ, полицейлер ерсілі-қарсылы жүр. Бөлмелердің кейбірінен бақырған, ойбайлаған дауыстар шығады. Мұратты подвалдағы камераға алып келген екі жасақ, оны былқылдаған темір төсектің үстіне лақтыра салды.
Камера іші күңгірт. Сұп-сұр, қалың қабырғаның есік маңдайшалығынан сәл жоғары жағында кішкентай ойық бар. Ойық тор темірмен жабылып, ішіне жарығы әлсіз шырақ қойылыпты. Мұрат жарылған қабағын ұстап, басын көтерді. Ісіп, жұмылуға шақ қалған сол көзін алақанымен басып, демін ішіне тарта әлсіз ышқынды. Қарсындағы темір төсекте өңкиіп, кірпік қақпай қарап отырған орта жастағы ер кісі:
– Жаман сабапты ғой сені. Жуынатын болсаң, ана жерде су бар, – деп есік жақ босағадағы раковинаны нұсқады.
Талыстай болып іскен қуығы ашып, Мұрат бүкшиіп раковинаға барды. Сарылдап аққан мұздай суға саусақтары тигенде тұла бойы қалтырап, тістері сақылдап кетті. Бет-аузына қатқан қанды жуып, тазалаған ол темір төсекке барып отырды. Камераның төр жақ бұрышында қанға малшынып, тағы біреу отыр. Қоянның көжегіндей қалтырап-дірілдеп, қатты үрейден көзі шарасынан шыға бақырайып кетіпті.
– Ішетін, жейтін бірдеңе бар ма, жігіттер?
Мұраттың өз дауысы өзіне күңгірлеп естілді.
– Ана жерде тәңертеңнен қалған аз нан бар, – деді қарсы алдында отырған орта жастағы кісі төсегінің бас жағын нұсқап. – Шәйнекте шай бар.
Мұрат орнынан тұрып, еденде шашылған ыдыстардың жанына барды. Темір тостағандағы бір кесек қатқан нанды алып, ыдысқа шай құйды. Әбден қарайып, бояуы шыққан шайдан сыздықтатып, аз ішті. Суық шай тістерін сырқыратып, әрең жұтынды. Қатқан нанды аузына апарып бір-екі қажап көрді. Қарысқан жағы аштырмай, нанды темір ыдысқа тастай салды.
– Қатып қап па? – деді орта жастағы еркек.
– Тас боп қапты. Мына шайды да ішу қиын екен, – деп Мұрат қолындағы темір тостақты еденге қойды. – Мұздай.
– Күн қатты суық секілді ғой. Үш-төрт күннен бері іш пана болмай кетті.
– Сіз қашан түсіп едіңіз мұнда?
– Он бес күн болды. Забастовкаға қатысым жоқ, – деді орта жастағы еркек. – Жай бір іске шатылып қалдым.
– Ана кісі ше? – деп Мұрат бұрышта бүрісіп, қалтырап-дірілдеген, қырық жас шамасындағы жігітті иегімен нұсқап, төсекке келіп отырды.
– Осына қыдырып келген қонақ екен. Он алтысы күні түнде темекі алмақшы болып, магазинге шыққан. Содан алып кетті. Оны да жаңа сенің алдыңда әкелді, күнде таяқ жейді.
– Маған көмектесіңіздерші! Қайда жүргенімнен туыстарым да хабарсыз, – деп бұрышта отырған жігіт боздап қоя берді. – Оралман едім.
– Қайдан келдің? – деді Мұрат.
– Өзбекстаннан.
Шақыр-шұқыр етіп есік ашылды. Ішке бетін тұмшалаған екі жасақ кірді. Олар бұрышта бүрісіп, жылап отырған жігітті сүйреп алып шығып кетті.
– Қайда апарады? – деді Мұрат.
– Жұмыс істетеді.
– Жұмыс?
– Иә. Полдағы, стенкадағы қанды көрдің бе? Соны жуғызады.
Мұрат еденнен қабырғаға қарыс бойы көтеріліп, айнала жұққан дақты көрді.
– Забастовкаға қатысып па едің?
– Алаңда жеті ай бойы тұрған мұнайшымын, – деп Мұрат төсекке шалқалап жата кетті.
Оның көзі шағып ауырып, басы айнала бастады. Өн бойы қалтырап, бойы мұздап кетті. Бүріскен сайын сіресіп іскен қуығы ашып, кіші дәреті қыса берді. Есік жақ бұрыштағы картонмен аласа қылып бөлген әжетханаға қайта-қайта барды. Ес кетіп, жан шыққанда қан аралас зәр шықты. Түйе құсап қажетін бөліп-бөліп әзер өтеген ол қалжырап, төсекке құлады. Көзі ілініп кетті.
– Тұр!
Мұраттың аяғына сақ етіп, дубинка тиді. Ол төсектен басын жұлып алды. Қара маскадан көздері жылтырап, үстінен төніп тұрған жасақтар оны дырылдатып сүйреп, абақтыдан сыртқа алып шықты. Дала қараңғы, таң атпапты. Полиция көлігіне жеткенше қатты аяз Мұратты күзгі жапырақтай қалтыратты.
Көзді ашып-жұмғанша жеңіл көлік прокуратура ғимаратының алдына келіп тоқтады. Шағын, екі қабат ғимараттың бүкіл терезесі самаладай жарқырайды. Есік алдында автомат асынған жасақ жүр. Полиция қызметкері Мұратты ішке алып кірді.
– Қосмағамбетов келді, – деді ол іштегі күзетшіге.
– Жүр!
Күзетші Мұратты коридордың сол жақ түкпіріндегі кабинетке алып барды. Кең кабинеттің есігі шалқасынан ашық. Төрдегі үстелді айнала бір топ адам әңгімелесіп тұр.
– Ол келді! – деп күзетші табал-дырықтан аттай бере Мұратты желкесінен итеріп қалды.
Мұрат екпетеп жығыла жаздап барып, бойын түзеп алды.
– Кім?! – деді көптің бірі.
– Қосмағамбетов!
– Қосмағамбетов пе?!
– Келді ме сука?!
– Құйтақандай біреу ғой мынау!
– Құйтақандайыңызбен талай сөйлескенбіз! Қасарысып, заңды шашатын адамдай аузыңды аштырмайтын блять!
Бір кабинетке жиналған алты тергеуші Мұратты көріп білектерін сыбанып, тістерін қайрап, дабырласып кетті.
– Не істедіңдер? Не жағдай болды мынау?! Айт!
Бүйірін таянып, Мұраттың жанына келген етті-женді, алпамсадай тергеуші сұқ саусағымен оны маңдайынан шұқыды.
– Бүлік бастаған біздің жігіттер емес, – деп Мұрат іскен көзін бір сипады.
– Не дейді?! «Біздің жігіттер емес» дейді блять! Көр видеоны! – деп тергеуші оның жағына шапалақпен тартып жіберді.
Етті-женді тергеуші жалпақ сары үстелді айналдырып, Мұратты ескі компьютердің алдына алып келді.
– Қос видеоны!
Мұрат монитор бетінен сағаттың таңғы бес жарым болғанын көрді. Компьютер алдында отырған жас жігіт видеоны қосып, орындықтың арқалығына шалқайды.
– Ой, елки-палки! Жарты сағат бұған концерт көрсетіп отырасың ба?! Қай жерінде еді бұлардың секіргені? – деді тергеуші.
– Он үш, он төртінші минуттарында.
– Енді соған апарсайшы!
Тергеуші айқай-шуға басып, полиция қызметкерлерімен жағаласқан адамдар ішінен:
– Мынау сен ғой! – деп Мұратты тауып, мониторды саусағымен шұқыды.
– Иә.
– Мынау сен ғой! Төбелесейін деп жатырсың ба полициямен?!
– Жоқ.
– Енді?
– Түсіндіріп жатқам.
– Нені?
– Адамдар толқып, бірін-бірі басып-жаншып, солай боп кетті.
– Қалай боп кетті?!
–Полициялармен соқтығысып қалдық. Бірақ төбелес болған жоқ.
– Қоршауды бұзып, сахнаны өртеген кім?
– Біз емес. Арандатушылар болды.
– Арандатушы деген сендер! Мереке-нің шырқын бұзып, қаланы өртеп, бұлап-талап, қираттыңдар! Қылмысыңды мойында! Өзіңнің, біз айтқан адамдардың бүлікке қатысқанын растап, қолыңды қой! Содан кейін сенімен басқаша сөйлесеміз! – деп тергеуші Мұратты сүйреп, ортаға алып шықты.
– Мен ештеңеге қол қоймаймын!
– Ебтвою мать! Мынаны шешін-діріңдер!
Тергеушілер жабылып, Мұратты тырдай қып шешіндірді. Бетін дуалға жабыстырып, екі қолын екі жаққа керіп, екі аяғын екі жаққа талтайтты. Жуан етік май құйрыққа сақ етті. Етіктің темірдей ұшы салбыраған қалтасына қоса тиді. Мұрат жан дауысы шыға бақырып, есінен танды. Бір есін жиғанда жерге аунатып, бита-дубинкамен бытырлатып сабап жатқан адамдар бұлдырап көрінді.
– Қойсаңдаршы, жігіттер.
Өне бойы дуылдап ашып, сіресіп қалған Мұрат әрең сөйлеп, басын құшақтай берді. Тергеушінің бірі еңкейіп оның аузына құлағын түсеп:
– Не?! – деп бақырды.
– Қойсаңдаршы, қазақ емессіңдер ме? Сұрақтарың болса, сұраңдар. Ұрмаңдаршы.
– Қазақ-мазақ деген әңгімеңді қой, біз приказ орындаймыз! Қол қоясың ба, жоқ па?!
– Сұрақтарың болса, сұраңдар.
Мұраттың үні тұншығып, құмығып шықты. Оны екі жігіт жерден тік көтеріп, орындыққа отырғызды. Автомат асынған жасақ сірі боп баттасып, сауыс-сауыс боп қан қатып, мыж-мыжы шыққан Мұраттың киімдерін жұмарлап, бетіне лақтырды. Қалшылдап, дірілдеп киімдерін әзер киіп жатқан оған:
– Сен бірдеңе тындыратындай шетелге дейін барған активист едің ғой. Сендерді кім қаржыландырды? Кім бүлік шығаруға үндеді? – деді қаумалап қарап тұрған тергеушінің бірі.
– Еңбек дауы шешілмей, сөзімізді ешкім тыңдамаған соң шетелге барып, профсоюздармен кездесіп, кеңес алғанымыз рас. Бірақ «бүлік бастап, лаң салыңдар» деп ешкім бізге нұсқау берген жоқ. Қаланы өртеп, қирататындай жынды емеспіз. Ештеңені бүлдірмей, сындырмай жеті ай бойы тұрдық. Біреудің айтағына жүріп, ақша алып, табыс табайық деген ойымыз ешқашан болған емес. Тек табан ет, маңдай терімізді дауладық.
Мұрат қинала сөйлеп шалбарын кимекке орындықтан тұра беріп, аяғын тірей алмай, тізерлеп қалды. Екі жағынан демеген екеу оны орындыққа отырғызды.
– Құтырған итсіңдер сендер, блять! Қылмысыңды бәрібір мойныңа алатын боласың! Серіктерің уже мойындап, шындығын айтты. Сен бұлтара алмайтын дәлелдер бар бізде. Қазір түсініктеме жаз, сосын тағы сөйлесеміз, –деп етті-женді тергеуші бөлмеден шығып кетті.
Оның соңынан іле-шала бөлмеде топырлап жүрген жеті-сегіз адам ілесе кетті. Мұрат өзінің фамилиясы аталса, есіктегі күзетшіге дейін жабылып келіп, тепкілеп кететінін түсінді. Киімін зорға киіп болған ол:
– Қағаз-қалам беріңіздер, түсініктеме жазайын, – деді.
Бөлмеде қалған бес тергеуші қолы қалтырап, қаламсапты әзер ұстап, түсініктеме жазуға кіріскен Мұраттың төбесінен төніп, үстелді айнала қоршап тұрды.
Мен Мұрат Қосмағамбетов ереуілге бастан-аяқ қатыстым. Жеті ай бойы алаңда тұрдым. Оқыған-тоқыған, көзі ашық адам ретінде мұнайшылардың ішінде белсенді болғаным рас. Еңбек дауы бойынша шетелде де болдым. Профсоюздармен кездесіп, арызымызды айттық, ақыл-кеңесін тыңдадық. Бірақ ешкімнен ақша алып, айтағына ермедік. Шетелге барған жолақымыз өзім секілді неше ай бойы жұмыссыз алаңда тұрған мұнайшылардың қалтасынан құралған болмашы тиын-тебендер. Жеті ай бойы алаңда қалай бейбіт шеруде тұрсақ, он алтыншы желтоқсан күні де солай тұрдық. Сол күні полициялармен азырақ келісіп қап, ерегескенімді мойындаймын. Бірақ төбелес шығарып, ешкімнің жағасын жыртқам жоқ. Арандатушылардың жасаған әрекетін, бүлігін «мен жасадым» деп мойныма алмаймын. Мен қылмыскер емеспін.
Мұрат түсініктеме жазып болып, қолын қойды да:
– Бүгін нешесі болды? Жиырма бірі ме? – деп төбесінен төніп, анталап тұрғандарға қарады.
– Иә. Жиырма бірі, – деп оң жағында тұрған орта бойлы, бадырақ көз тергеуші қолындағы степлерімен үстелді тықылдатып ұрды. – Болдың ба?
– Иә.
Түсініктемені шолып шыққан ол:
–Сұмдық шығарсың, блять! – деп Мұраттың құлағын степлермен қысып, бар күшімен екі қолдап басып қалды.
Мұрат баж етіп, орнынан ұшып тұрды. Тергеушінің қолындағы степлер тақ етіп, жерге түсті. Жан дауысы шығып, құлағының сырғалығын тесіп өткен жіңішке шегені ұстаған Мұраттың қолын қан жауып кетті.
– Қазір сен ішкі істер басқармасына барасың, сосын тағы сөйлесеміз. Айтып қояйын, қылмысыңды мойнындамасаң, көретінің осы! – деп бадырақ көз тергеуші залда тұрған жасақтарды шақырды.
Екі жасақ Мұратты сүйреп, сыртқа алып шықты. Таң атып, жерге жарық түсіпті. Есік алдында қалың киінген оншақты әйел әлдекіммен сөйлесіп тұр. Мұрат олардың жылаған, жалбарынған дауыстарын естіп, тұтқынға түскендерді іздеушілер екенін білді. Полиция көлігі Мұратты лезде ішкі істер басқармасына алып келді.
– Қосмағамбетовті 105-ші кабинетке апарыңдар, сонда күтіп отыр, – деді есікте тұрған күзетші.
Жасақтар оны күзетші айтқан бөлмеге алып барды. Босағада бетін тұмшалап, автомат асынған екі жасақ қақиып тұр. Төрдегі үстелде отырғанының өзі тұрған адамның бойымен барабар, алып денелі, қара киімді ақсары жігіт отыр. Ол Мұратты көріп, тікірейген қысқа шашын астаудай алақанымен бір сипап қойды да, орнынан тұрды.
– Қосмағамбетов сен бе?! – деп ол үстелді айналып, Мұраттың алдына келіп тоқтады.
– Иә. Мен.
– Мені танисың ба?
Мұрат өзіндей төртеу шығатын, иықты, кеудесі жалпақ жазықтай оған шалқая қарап:
– Жоқ, танымаймын, – деп басын шайқады.
– Атым Жанат. СОБР-лардың басты-ғымын. Қазір тергеушілер келеді. Айтқандарының бәріне келісіп, қол қой дегеннің бәріне қол қоясың. Егерде оған келіспесең, пресс-хата дегенді білесің бе? Соған барасың.
– Мені қайда жіберсеңіздер де қолдарыңызда, пресс-хатаңызды біл-мейді екенмін, – деп Мұрат тесілген құлағын сипап қойды.
– Мен қазір сені бір ұрам. Оған шыдасаң, тергеушілер келгенше камераға барасың. Оған шыдамасаң…
Ол жуан жұдырығымен Мұратты төсінен қойып қалды. Мұраттың екі аяғы тік көтеріліп, допша қалқып барып қабырғаға соғылды. Аузынан қара қан атып, екі көзі дым көрмей, тізерлеп отырып қалды. Өкпе-бауыры үзіліп түсіп, ішіне қан толып кеткендей болды. Тыныс ала алмай, бір қолымен жер тіреп, бір қолымен ауа қармалай берді.
– Мә-ә… Мынау өлмепті. Қалай тірі қалды? Мүмкін емес, – деп жасақ бастығы қолдарын бір-біріне үйкеді.
Мұрат жаңа туған ботадай тәлтіректеп, орнынан тұрды. Жасақ бастығы оған:
– Менің бір ударыма адам өледі. Сенің тірі қалғаныңа таң қалып тұрмын. Темекі тартасың ба? – деді.
Мұрат қинала басын шайқады.
– Арақ ішесің бе?
– Жоқ, – деп сыбырлады Мұрат.
– Спортпен айналыстың ба?
– Иә.
– А-а… Бәсе. Менің алдыма келмейді шамалы адам. Келсе, өледі. Так што, мен қазір кетіп бара жатырмын. Тергеушілердің айтқанын істейсің, – деп жасақ бастығы бөлмеден шығып кетті.
Бұрын жеген таяғы мұның бір жұдырығымен салыстырғанда шыбын шаққандай ғана сезіліп, кеудесі қысып, тынысы тарылған Мұрат жасақ бастығының кеткеніне қуанды. Бөлмеге екі тергеуші кіріп келді.
– Кел, мұнда отыр. Сосын мына қағазды оқып шық та, қолыңды қой, – деді төрге барып жайғасқан тергеушінің бірі.
Сүйретіліп барып, тергеушіге қарама-қарсы отырған Мұрат екі бет парақты қолына алып, шолып шықты.
– Андағы адамдардың бәрін танисың ғой? – деді тергеуші.
– Иә. Бір қалада тұрған, бірге жұмыс істеген, бірге ереуілге қатысқан азаматтар бәрі.
– Ендеше солармен бірге бүлік ұйымдастырып, бұлап-талап, өртеп, қиратқаныңды растап, қолыңды қой!
– Мені осы жерде өлтіріңдер, бірақ қол қоймаймын.
– Онда өлесің! Апарып қайтыңдар мынаны! – деп бақырды тергеуші.
Босағада тұрған екі жасақ Мұратты коридорға алып шықты. Коридордың екі жағына қаз-қатар қарулы жасақ тізіліпті. Ары өткен, бері өткен тұтқындарды ұрып-соғып, тепкілей жөнеледі. Баж-бұж, ойбайлаған дауыстар шығады. Жасақ:
– Жүр! – деп Мұратты желкесінен итеріп қалды да, май құйрықтан бір тепті.
Мұрат дедектеп барып, бойын түзеп алды. Алдыға аттап жүргені сол еді, коридордың екі жағында сап түзеген қарулы жасақтың соққысы жаңбырша жауды. Автомат, бита-дубинка сарт-сұрт тиді. Аяқ-қолын аямай сермеп, оны аз сынғандай орындық алып, айбат шеккендер де аянып қалмады. Мұрат жоғары қабатқа көтерілетін баспалдаққа дейінгі қарға адым жерді қаны тамшылап, жүріп өтті. Соңынан келе жатқан жасақтың бірі:
– Үстіге көтеріл! – деп бақырды.
Баспалдақтың екі жағы да қаз-қатар тізілген қарулы жасақ. Мұрат тісін тісіне басып, қан жұққан сұп-сұр баспалдақтарды аттады. Төбесінен төніп тұрғандар оң жақтан ұрып, сол жаққа, сол жақтан ұрып, оң жаққа қақпақылша қақты. Мұрат қауырсынша қалқып, салмағын жоғалтып алғандай сезінді өзін. Екінші қабаттың соңғы баспалдағын аттай бере ол теңселіп тұрып қалды. Қолына темір киген жасақ оның бетін көздеп, періп қалды. Үшкір темір бетінің шошақ сүйегіне кірш етіп қадалды. Мұрат есінен танып, күрс етіп құлап түсті.

3

Анда-санда ары өткен, бері өткен бірлі-жарым әйелдер болмаса, қала көшесі қаңырап, бос қалған. Көше қиылыстарынан мұздай қаруланған полиция жасағы көзге түседі. Әредік қаңыраған жолдан сап түзеп жедел іс-қимыл тобының арнайы жасағы өтеді. Жан-жағына қарап, ілбіп келе жатқан Дина орталық алаң тұсына келіп тоқтай қалды. Алаңда тірі жан жоқ. Кірпіш сынықтары, темір-терсек, пластикалық шөлмектер шашылып жатыр. Шетте полицияның арнайы жасақ тобының үш автобусы тұр. Одан әрі өртенген автобуыстың қаңқасы қаңқияды.
– Сәлеметсіз!
Дина селт етіп, артына жалт қарады. Мойнына фотокамера, сөмке асынған ер адам өзіне тақау келіп қалыпты. Баса киген қара түсті шапкасының маңдайындағы «Karl» деген ақ түсті, кесек жазу бірден көзге түседі. Ретті қойған әппақ сақал-мұрты бар, ақсары кісі Динаның көзіне жылы ұшырады.
– Сәлем бердік!
– Хал жақсы ма, айналайын? Мен «Бостандық» радиосының журналисі едім, бір-екі ауыз сөйлеп бере аласың ба?
– Не айту керек? – деді Дина жан-жағына қарап.
– Не айтқанда, – деп журналист мойнына асқан сөмкесінен диктафонын шығарды. – Ешкімнің сөйлегісі келмейді, қорқып қалған. Өзің осы қаланыкісің бе? Қайда бара жатсың?
– Иә. Осы жердікімін. Күйеуімді кеше осы уақытта үйден алып кеткен. Полицияға барып, жағдайын біліп қайтайын дегем.
– Ереуілге қатысып па еді?
– Бастан-аяқ қатысқан. Мереке күні інісіне оқ тиіп, Аққалаға апарған. Содан кеше келді. Мұндағылар «күйеуің қашып кетті» деп бізді үркітіп, қорқытып, есігімізге дейін шағып кетті. Полицияда болып қайтқандар онда түскендерді қылмысты қып, мойындатқызу үшін қорлық-зорлық көрсетіп жатқанын айтады. Алаңдап, үйде отыр алмадым. Жағдайы не болып жатыр екен? Өз халқына оқ атқан бұларды қарғыс атсын, – деп Дина көзіне жас алды.
– Сені онда кіргізе ме?
– Білмеймін. Барып көрем. Масқара боп жатыр ғой, аға. Дүкеннің бәрі жабық. Ашықтарының өзін де азық-түлік жоқ. Халық қиналып жатыр. Жаназаға бара алмай, туғанына бір уыс топырақ сала алмай отыр жұрт.
– Аты-жөнің кім?
– Аты-жөнімді атамай-ақ қойыңыз. Онысыз да қиын боп жатыр бізге.
Журналист басын изеп, сөмкесінен газет алып шықты.
– Халыққа басқаша ақпарат тарап жатыр, – деп ол бүктелген газетті Динаға ұсынды.
– Теледидардан көріп жатырмыз. Неге сонша елдің көзін бақырайтып қойып, өтірік айтады бәрі? Құдайдай көретін ақын-жазушы, танымал тұлғалардың біразы бейуаз халықты сөкті. Мұнда келіп көрмей ме көздерімен! Мен кеттім, аға. Полициялар келе жатыр, – деп Дина бүктеулі газетті алып, жүріп кетті.
– Сәттілік. Сендерге Құдай жар болсын!
Журналисттің дауысы дірілдеп шықты.
Екі сағаттан кейін келген ізімен кері қайтқан Динаны енесі кіреберіс алдынан күтіп алды.
– Барып қайттың ба, айналайын? Мұратымнан не хабар?
– Бардым, мама. Полиция есігінен сығалатпады. Тұрып-тұрып қайттым. Әйтеуір көшеде әйелдерді көп тексермейді екен. Әйтпесе шал ма, бала ма, еркек атаулының бәрін тексеріп, көшеден жүргізбейді. Мына қаланы жау басып алған секілді. Ішке кірейік, мама. Бүгін де қатты аяз екен, суық тиіп қалмасын, – деп Дина енесінің қолтығынан демеп, ішке енді.
– Жарығым, құлдығым-ай! Не күй кешіп жатыр екенсің? Ит қапты ғой сені, түлкінің боғы болсын сол түс.
– Иә, мама. Қуат аман болсын, Мұратқа ештеңе бола қоймас, – деп Дина пәтердің есігін ашты. – Жолай нан-пан ала келем бе деп ем, ашық бір магазин жоқ.
Кейуана ақылап-үкілеп бөлмесіне кірді. Дина есіктен кіре етегіне оралған кішкентай қызын еркелетіп, емірене сүйді. Залда асыр салып, аталаған екі ұлдың дауысы шығады.
– Атаңа бара ғой, – деп Дина кішкентай қызды жерге қойды да, залды нұсқады.
Ол томпаң қағып, залға қарай кеткен қызына сүйіне қарап тұрды да, сырт киімдерін шешті. Пальтосының қалтасынан бүктелген газетті алып, бөлмесіне кірді. Төсегіне отыра беріп, табақтай газетті жазып, числосына қарады. Аты батпандай көк жазумен жазылған бас газет, екі күн бұрын басылыпты. Бірінші беті мерекелік суреттермен безендіріліп, мемлекет басшыларының салиқалы, алқа-қотан отырған отырыстары беріліпті. Ол газеттің келесі бетін ашып, «Бүлікшіл әрекеттері айыптаймыз» атты мақаланы оқыды.
Бұрын хабарлағанымыздай, 16 желтоқсанда Жаңасу қаласының орталық алаңында бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану, төңкерістер, тонаулар мен жеке және заңды тұлғалардың мүлкін өртеумен ұштасқан жаппай тәртіпсіздіктер болды. тәртіпсіздіктер, белгілі болғандай, бұзақы жас жігіттер тобының, мерекелік шараларды өткізуге белсенді түрде кедергі жасаған мұнайшылар әрекетінен басталған. Бұзақы элементтер әдепсіз сөздер айтып, қаланың бейбіт тұрғындарының мерекелік шеруінің жолын кесуге әрекет жасаған.
Бұл кезде алаңда сегіз жүзден артық бұзақы ниеттегі адам болған. Қоғамдық тәртіпті небәрі жүз жиырма полиция қызметкері ғана қамтамасыз еткен. Қару олардың кокомандирінде ғана болған. Сол кезде бұзақылардың ішінен біреуі полиция қызметкерлерінің болғанына қарамастан, олардың қоғамдық тәртіпті сақтау туралы заңды талаптарын елемей, қоршаудың жанында мереке үшін жеткізілген азық-түлікпен тұрған УАЗ автокөлігін белгісіз затпен соққан. Полиция қызметкерлерінің ескертуін бұзақылар бірден жаңжал тудыруға пайдаланған.
Қоршауды бұзып, полиция қызмет-керлеріне шабуыл жасаған. Жаңа жылдық шыршаны төңкеріп, киіз үйлер мен сахнаны бұзған. Полиция автобусын өртеп жіберген. Жаппай тәртіпсіздік одан әрі ушығып, бұзақылар бейбіт тұрғындарды ұрып-соғып, алаң жанына қойылған автокөліктерді қиратқан. Алты полиция қызметкері түрлі дене жарақатын алған. Шабуылға тап болғандарына қарамастан полиция қызметкерлері жазықсыз қан төгілмес үшін қару мен арнайы құралдарды қолданбай, ауаға оқ атумен шектелген. Алаңды тастап, шығып кеткен.
Жаппай тәртіпсіздік нәтижесінде 46 нысан тоналып, өртелген. Атап айтқанда, 8 банк нысаны, 20 дүкен, 2 кафе, 1 нотариалдық кеңсе, 2 ломбард, 2 әкімдік ғимараты, 1 фтосалон, 2 полиция бекеті, 1 қонақ үй, «Сумұнайгаз» компаниясының ғимараты, 3 жеке меншік үй, 20-дан астам автокөлік өртелген және зақымдалған. Сахна, киіз үйлер, музыкалық аппаратура және орталық алаңдағы жаңа жылдық шырша жойылған.
Тәртіпті қалпына келтіру үшін қалаға қарумен және арнайы техникамен жабдықталған ішкі әскерлер мен полицияның қосымша құрылымдары тартылды. Халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету нысандары күшейтілген күзетке алынды. Қазіргі кезге дейін жаппай тәртіпсіздіктер мен тонауға қатысқан 70 адам ұсталған. Тәртіпсіздіктің белсенді қатысушылары анықталып, оларды ұстау жөнінде шаралар қарастырылып жатыр. Тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар заң бойынша қатаң жазаланады.
Дина қолындағы газетті төсекке тастай салды да:
– Отырып ап, жазады. Теледидарға шығып ап, сайрайды. Бізде не боп жатқанын білмек түгілі, елестете алар ма екен осылар? – деп күбірлеп орнынан тұрды.
Ол Мұратты ойлап, күрсініп жіберді.

4

Жыршының дауысы жоғарыдан талып естілді. Ол үстіртке бар пәрменімен өрмелей берді. Әредік аңғар тағанындағы өзі түсіп шыққан жер асты мешітіне қайырылып қарап қояды. Төңірегі құж-құж ақсұр тастар. Мүк басып, меңірейген меңіреу тастар. Бала кезінен көкейінде сақталып қалған таныс суреттер мұның бәрі. Жайқалған жусан да, балаққа жұғып, бұрқылдаған боз топырақ та.
Үстірттің ұшар басына таяған ол зәу биіктен арбиған мүйізінің сақиналарына дейін саналып, басын кекжитіп, өзіне қарап тұрған арқардың құлжасын көрді. Жыршының да жыры анық естілді.
Егер қатын қалса бір,
Туар мендей баланы.
Сізді қайдан табады?
Қамықпа, жаным, қамықпа,
«Әр асқанға, бір тосқан,
Мына алапат басылып,
Жұлдызың ертең жанады.
Соны неге білмейді,
Көк бөрілер манағы?!
Бұралқы итті асырасаң,
Түбі өзіңді қабады…
Ол еш алқынбай, қалқып ұшып кетердей жеңілдеп үстіртке шықты. Үрікпей, қасқайып қарап тұрған арқардың арбиған мүйізінен ұстап, басын өзіне қарай тартты. Көзінде қатқан шердің табы бар жануардың жасы да біразға келген сықылды, мүйізінде сансыз сақиналар бар. Аузынан жұпар иіс аңқиды. Ол арқардың басынан сипады да, әріректе малдасын құрып, домбырасын сабалап отырған жыршының жанына барды.
– Сізге оқ тимеп пе еді. Мен сізді өліп қалған екен десем.
– Мені баяғыда да өлтірмекші болған, – деп жымиды жыршы. – Жылқы бағып жүрмін, өлгем жоқ.
Ол үстіртте жайылып жүрген торқа жалды, серке санды үйірге қарап, тамсанып қойды.
– Пах! Не деген асыл текті тұқымдар! Мен бұларды тура жанынан көрем деп ойламаппын.
– Сенің де жылқың бар мұның ішінде, – деп жыршы домбырасын тыңқылдатып, қағып-қағып қойды.
– Менің бе?! Менің жылқым бар ма мұнда?..
– Ей, інім! Көзіңді аш! Ей, інім!..
Мұрат көзін сығырайта ашты. Ол маңдайын алақанымен сипап, аузына су тамызып отырған орта жастағы еркекті көрді. Қабырғасы қақырап, омыртқасы опырылып кеткендей еш қыбырлай алмады. Көзі қарауытып, әлсіз ыңыранды.
– Бетіңнен қан тоқтамай, дәрігер келіп зеленка жағып, бірдеңе істеп кетті. Адамды осынша қорлап, сабай ма екен. Осы жасқа келгенше мұндай жауыздықты көрмеппін, – деп орта жастағы еркек күйзеле сөйледі.
– Су-у…
Мұрат ернін жыбырлатты.
– Не? – деп орта жастағы еркек оның аузына құлағын төседі.
– Су-у..
– Су дейсің бе? Міне, міне.
Орта жастағы еркек қолындағы темір ыдыстағы суды үлкен қасықпен орталап алып, Мұраттың аузына бөліп-бөліп құйды. Ол кезеріп, көгерген ернін жалап, баяу жұтынды.
– Неше сағат ес-түссіз жаттың. Мен сені оянбай кетер ме екен деп ем, әйтеуір көзіңді ашттың. Температураң түспей жатыр. «Өледі-ау» деп қарап жатқан ешкім жоқ. Не деген жауыздық! Дегенмен жаның сірі екен, мен мына таяқтың біреуіне де шыдамаймын. Басыңды езіп тастапты.
Мұрат оның бір сөзін естіп, бір сөзін естімеді.
Екі күн орнынан тұра алмай, үшінші күні тәлтіректеп аяғын әзер басқан Мұратты прокуратураға алып келді. Оны бас қаладан арнайы келген, елу жастар шамасындағы ер адам жеке кабинетте күтіп алды.
– Қосмағамбетовсің ғой? Менің атым Садырәлиев Ғабдырасул. Әскери шенім подполковник, – деді ол қарсында отырған Мұратқа.
– Иә. Қосмағамбетовпін.
– Обал ғой, – деді ол артына қайырған ұяң шашын қайыра сылап. – Сен Жаңасуда тұрасың, 82 жылы туғансың. Әбден тексердік. Бұрын өткізген бірде-бір қылмысың жоқ. Ішкі істерде отпечаткаң, суретің жоқ. Тым құрығанда бір рет арақ ішіп ұсталғаның туралы дерек болсашы. Дым таппадық. Шынымен солай болдың ба?
– Менің енді не істеуім керек еді? Әкем бала күнімнен «өтірік айтпа, ұрлық істеме, біреудің ала жібін аттама» деп өсірді. Солай өстім.
– Оны түсіндік. Мына іске біреу айдап салып, арандап қалған шығарсың? Шыныңды айтып, соны жазып, қолыңды қойып бер.
– Қалай өсіп, есейгенімді айттым ғой. Біреу үшін жауап бермеймін, бірақ артымның таза екеніне, ешқандай қылмыс жасамағаныма, қысқасы өзіме жауап бере алам. Мені ұра ма, өлтіре ме, басқа қыла ма, ол – сіздердің шаруаларыңыз. Біреуге жала жабуға, біреудің үстінен қол қоюға, болмаса бір затты мойныма алуға жоқпын, – деді Мұрат.
Тергеуші оның сау тамтығы қалмай жараланып, күп болып іскен бетіне қарап үнсіз қалды. Қолындағы қаламсабымен үстелді тықылдатып ұрып, басын болымсыз изеді. Ол үстелдің шетінде жатқан газетті алып:
– Міне, мемлекет басшысы мұнда келіп кетті. Бұл істі тексеріп, жауаптыларды тауып, қатаң жазалауды бізге тапсырды. Мұнайшыларға көңіл бөлуді ескертті. Бірақ ол кісі мұнайшылар наразылығының осындай күйге жеткенін білмеген, – деп газеттің бірінші бетін Мұратқа қаратты.
– Мемлекет басшысы елінде не боп жатқанын білмесе, жағдайымыз қиын екен онда.
– Сен енді жұмсақ сөйлегенге олай қатты кетпе. Бұл өзі қандай жағдай болды? – деп тергеуші газетті үстел үстіне қойды. – Біздің қателігіміз халыққа оқ атқандығымыз болды. Әйтпесе бәріңді қамап, таратып жіберуге шамамыз келіп тұр еді.
– Енді қателіктеріңіз бар екен. Мемлекет басшысы келіп кетіпті, айтқанын айтып отырсыз. Бүлік тудырған үшінші жақтың барын білесіз. Сонда біз не үшін күнде таяқ жеуіміз керек? Егер менің нақты қылмысым болса, мойныма іліңіздер де, соттап жіберіңіздер. Қайда жіберсеңіздер, сонда барам. Мен ештеңеден қорықпаймын. Қорқып-қорқып болған адаммын, – деп Мұрат жұмылып, еті жырылған көзін сипады.
Тергеуші басын шайқап, орнынан тұрды. Үстелді айналып, Мұраттың қасына келді. Бір қолын оның иығына қойып:
– Мен кетіп барам. Қазір сенен басқа тергеушілер келіп жауап алады. Саған адам ретінде, азамат ретінде ескертейін. Қасарыспай, қол қой деген жерге, қолыңды қой. Жігіттерің мойындады. Сен және бір әйел бар, алты адам осы бүлікті ұйымдастырғандарыңды ол жігіт растап, бәрін жазып, қолын қойып берді. Босқа арам таяқ жегеннен енді пайда жоқ, – деді.
– Ескерткеніңізге рақмет. Біреу үшін жауап бермейтінімді айттым ғой, өз басым істемеген ісімді мойныма алмаймын.
Тергеуші кабинеттен шығып кетті. Іле-шала ішке екі жасақ ерткен, қарны қабақтай жігіт ағасы кірді. Ол Мұраттың алдына қағаз-қалам қойды да:
– Қылмысың толық дәлелденді. Оқып шық та қолыңды қой! – деп бұйыра сөйледі.
Мұрат үш парақ қағазды қолына алып, бастан-аяқ оқып шықты. Соңына толық аты-жөнін жазып, бадырайтып қолын қойған мұнайшының есім-сойы жүрегін сыздатып жіберді. Ол:
– Бұл өтірік, жапқан жала. Мен қол қоймаймын, – деді.
– Андағыда бәрі анық жазылған. Өзімен де бетпе-бет сөйлестіреміз сені! Таңатты ертіп кел! – деп бұйырды ол жасақтың біріне.
Жасақ лезде Таңатты ертіп жетті. Ол Мұраттың жүзіне тура қарай алмай, көзін тайдыра берді.
– Мына жазғандарың рас қой. Алтауың мереке күніне туралап, бүлік ұйымдастырдыңдар! Өз аузыңмен айт! – деді семіз тергеуші.
– Иә, рас, – деп міңгірледі Таңат.
– Тәке, басыңды кесіп алса да шыныңызды айтсаңызшы. Біз қашан бүлік ұйымдастырдық? Жеті ай бойы бірге тұрдық. Сіздің де, менің де активист болғанымыз рас. Бірақ сіз жазғандай жағдай ешқашан болған жоқ қой. Неге бүйттіңіз?
– Бала-шағам бар, бала-шағам бар, – деп Таңат кібіртіктеп, көзімен жер сүзе берді.
– Сізде бар бала-шаға менде де бар. Ер-азамат емессіз бе? Мен бүйтіп біреудің мойнына істемеген ісін ілмеймін. Мына жазғаныңыз жала, мойындамаймын.
– Мынаны алып кетіңдер, – деп бұйырды семіз тергеуші.
Жасақтың бірі Таңатты кабинеттен алып шығып кетті.
– Көрдің, бетпе-бет сөйлестің. Енді жалтаратын жерің жоқ. Давай, қолыңды қой! – деді семіз тергеуші Мұратқа.
– Қоймаймын.
– Қой!
– Қоймаймын.
Семіз тергеуші Мұраттың жағына салып қалды. Ол орындықтан басымен жер сүзе құлады. Босағада тұрған жасақ адымдап келіп Мұраттың арқасынан тепті.
– Балағын түр!
Жасақ Мұраттың бір аяғын тізесімен нығарлай басып, екінші аяғының балағын жыртып, тізесіне дейін түрді. Семіз тергеуші үстел шетінде тұрған кеңсе тауарларының арасынан ине алды.
– Қолыңды қоймай көр, блять!
Ол тұрқы бес сантиметрге жуық инені Мұраттың тізесіне пісіп-пісіп алды. Мұраттың жан ұшыра бақырған дауысы шықты.
– Қылмысыңды мойындайсың ба енді?!
– Мен қылмыскер емеспін!
– Саусағын әкел! – деп айқайлады семіз тергеуші жасаққа.
Жасақ Мұраттың қолын қысып, жұмылған саусақтарын ашты.
– Осы ма ручка ұстағысы келмей тұрған қасиетті саусақтарың! Көрейік әуселесін! – деп семіз тергеуші Мұраттың саусақтарына ине піскілеп әкетті.
Саусақтарынан қан сорғалап, бойы жиырылып, созылған Мұрат:
– Жауыз жендеттер! Басымды кесіп алсаңдар да ештеңеге зорлап қол қойдыра алмайсыңдар! – деп айқайлады.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *