Мәңгі сұлулықтың  сардары Мәңгі сұлулықтың  сардары
Мақалада ұлы суретші Рафаэль Сантидің «Сикстин мадоннасы» суретіне жан-жақты талдау жасалады. Оның Еуропа Жаңғыру дәуірін дамытудағы орны мен маңызы қаралады. Құдай-ана мен Әйел-ананың адамзат... Мәңгі сұлулықтың  сардары

Рафаэль

Мақалада ұлы суретші Рафаэль Сантидің «Сикстин мадоннасы» суретіне жан-жақты талдау жасалады. Оның Еуропа Жаңғыру дәуірін дамытудағы орны мен маңызы қаралады. Құдай-ана мен Әйел-ананың адамзат тарихындағы үшінші мыңжылдықтағы рухани жаңғырудағы рөлі анықталады. Картина кейіпкерлеріне философия-психологиялық сараптама жасалып, олардың таңқаларлық сұлулықтары мен адамсүйгіштігі, және адамды рухани тәрбиелеудегі орны көрсетілген. Кванттық әлем мен сана тұрғысынан өмір, өлім, мәңгі философия (пәлсапа) және мәңгі өмір мәселелері талқыланады. Мақала ұлы суретшінің фәниге кеткенінің 500 жылдығына арналады. Әлімсақтан бері адам әйелді Құдай-ана және Жер-анаға теңестіріп құдайдай құрметтеді. Адамзаттың алғашқы дінінде әлемді Жаратушы-Тәңірмен қатар жер мен өнімділіктің құдайы- Ұмай-ана тұр. Құдай-ана (Мария, Мадонна немесе Қасиетті Құранда Мәриям) – христианда қасиетті, құрметті тұлға және ұлылардың бірі, Иисус Христостың жердегі анасы.
Әйел-ана, адамзаттың тегін жалғастырушы ретінде, Адамның өзі мен мәңгі өмірін анықтайды. Сондықтан жер бетіндегі ең ұлы есерткіштер әйелдің құрметіне тұрғызылған.
13 баланың анасы Мұнтаз арудың құрметіне салынған Тәж-Махал кесенесі туралы белгілі өнертанушы Дюрант Вил, «…адамзаттың қай-ғысын білу үшін жер бетінде салынған ескерткіштердің барлығын жоқ қылып, тек Тәж-Махалды қалдырса жеткілікті» деген (2). Адамның өмірі ол тағдырының қайғысын түсіну болып табылады. М. Вебер, «Орта Азияның атты көшпенділері Қытай, Үндістан, Еуропаны… үстін-үстін жаулағанда адамзатты, оның өмірінің қайғысымен түсіндірді» деді. З. Фрейдтің пайымдауы бойынша, барлық тіршіліктің мақсаты – өлім. Өлімнің парадоксы, оның алдымен адамды қорқытатын ең қауіпті зұлымдық екенінде және осы зұлымдық арқылы оған мәңгі өмірге баратын қақпаны немесе көп қақпаның бірінің ашылатынында. Біздің өмір осындай парадокстарға толы. Азаттық пен бақытқа жету жолында адам тар жол, тайғақ кешуден өтіп, көп жағдайда мақсатына жетпейді. Бұл, қалай боғанда да оның өмірінің мәні. Қанша қайғылы болса да, өмір – керемет, сұлу, әрі гармония.

Рафаэль Сантидің «Сикстин мадоннасы» картинасы жаратқанның сұлулығы, мәңгі өмірдің гармониясы мен қайғысын сипаттайтын бейнелеу өнерінің ең ұлы туындыларының бірі.
Рафаэльдің шығармашылығы әлемдік даңққа және адамзаттың рухани өміріндегі ерекше құрметке ие. Сондықтан, 2020 жылы оның арамыздан кеткенінің 500 жылдығын дүние жүзінде ЮНЕСКО аясында атап өтеді. Оның өнері эстетикалық шеберліктің шыңы. Ренессанс өнерінде жаңа жол салу арқылы, ол гуманизм, сұлулықты пен өмірдің қызығын сезіну идеалдарын өмірге әкелді.
Оның туындыларында адамның бостандығы, жаны мен тәнінің жетілуі (совершенств) және қоршаған ортадағы оның ерекше орны туралы ренессанс гуманизмі ұғымы іске асты.
Рафаэльдің тарихи еңбегі, оның христиан және классицизм сияқты екі түрлі әлемді байланыстыруында. Оның, ренессанс неоплатонизмі негізінде пайда болған «элинденген христиандығы» итальян қайта өрлеу өнерінің дамуының озық үлгілерінен тұрды. Содан бері жаңа көркемдік идеал Батыс өнерінде орнығып, Рафаэльдің классикалық образын бес ғасыр бойы атақты етті. Оның туындыларында қарапайым өмір туралы түсінік пен философиялық ұғым тоғысқан бұлақтай таза, әрі айқын образдың формасының жетілген үлгілерін ендірумен қатар, антикалық өнер туындылары мен өз заманы идеяларының өзекті мәселелерін (негізін) түсіне білді. «Рафаэль адам көзіне жағымды дүние жасаудың тарланбозы еді» (3).
Рафаэльдің Ватикандағы фрескі-лері, оның ішінде бірінші кезекте «Станса делла Сеньятура» фрескісі, Леонардоның «Кештің құпиясы» (Тайной вечерей) және Микеланджелоның «Сикстин төбесімен» (Сикстинским потолком) бірге Қайта өрлеу монументальдық бейнелеу өнерінің шыңы болды. Өмірдің шаттығы мен терең үйлесімділікке толы ұлы образдарда, тамаша шынайылықпен бейнелеген ақиқат, мейірім және әділдік салтанат құрған эпикалық картиналарда өмірдің сұлулығы, адамның биік мұраты және оның рухани ісінің шексіз кеңдігі, адамзат тарихы туралы идеалды ұғым бейнеленген.
Әлемнің барлық Көркемсурет Академиялары өнерде классицизмді негізгі идеология ретінде қабылдағаннан кейін рафаэльдің туындыларын бірнеше ғасыр бойы үлгі ретінде қабылдады. ХІХ ғасырдың ортасына дейін бейнелеу өнерінің шеберлері Рафаэль шығармашылығы өнердегі жетілу мен адам данышпандығының шыңы деп сенді.
Немістің романтиктері Рафаэль шығармашылығында Жаратқанның жігері мен әлемді жаратқан күш бар деп сенді. Тек жаратқанның жігері арқасында авторға жаратылыстың негізіне көз жүгіртіп, оны өзінің ұлы туындыларында көрсетуге мүмкіндік туды.
Рафаэльдің тек өзінің қолнан шыққан ең үздік туындысы «Сикстин мадоннасы» –ол Ренессанстың барлық идеалдары мен мұраттарының жиынтығы. Ол пішіні, кескіні мен түсі аяқталған жетілудің жетістігі. Онда, Леонардо да Винчидің «сфумато» түтіні арасында жасырған құпия шиеленісі мен текетіресі жоқ – жаратқанның қарапайым мәңгі сұлулығы. Бұл картинаның ешқандай эскизінің қалмауы, оны Рафаэль жоғарыдан келген шабытпен салғанының дәлелі.
Бейнелеу өнеріндегі Жаңғырудың тарихи маңыздылығы, оның соңынан ғылым (Галилей, Коперник, Кеплер, Ньютон…), философия (Бэкон, Лейбниц…), техника мен өнеркәсіптің яғни ғылыми-техникалық өрлеудің барлық саласын қамтыған Еуропа Ренесансына жол ашуында. Бұл адамзат тарихындағы көне түркілердің (б.д.д. ІІІ-ІІ мыңж.) металл өңдеп, кремний алуы (4) және «Уақыт белдеуі» (5) кезеңдерінен кейінгі үлкен өрлеу болды.

ҚҰДАЙ-АНАНЫҢ АДАМДАРҒА КЕЛУІ

Ел аузында Папа Юлий ІІ-нің түсіне Құдай-ана сәбиімен енеді. Одан соң Рафаэльге «Сикстин мадоннасына» тапсырыс беруі… таңғажайып құбылысқа айналды. Рафаэль оны Құдай-ананың адамдарға келуіне айналдырды. «Сикстин мадоннасы» туындысының ұлылығы, ондағы ана мен бала, оның алып шығармашылығының шарықтау шыңы еді. Бұл картинада Рафаэль Жоғарғы Ренессанстың барлық сұлулығын, даналығын және жігерін жинады. Өзінің берілуі жағынан Леонардодан асып тұрған, көлеңке мен жарық және форманы құрастырудағы қайталанбас шеберлігі мен, ондағы, осы композоцияның қол жетпес пластикасы, сонымен қатар картинаның трагизмі мен философиялық мәні Микеланджело туындыларындағы драматизмнен кем түспейді.
Ол, бұл картинада өзін алып фреск жасаушы немесе шеберлігімен бәрін таң қалдырған тамаша портретист ретінде көрсетті. Рафаэль өнердегі синтездің қайталанбас, тамаша, әрі жалғыз шебері. Ол, «Сикстин мадоннасына» замандастарының ең озық үлгілерін, антиканың барлық тәжірибесі мен өз уақытының терең философиялық идеяларын енгізіп, іске асырды. Бұл нағыз данышпанның туындысы еді. Барлық рухани және шеберлік күшін бір бағытқа жинаған, шабыттанған шебер өзінің атын мәңгі еткен өлмес туынды жасады.
Картина туралы түпкілікті шешімге ол монументальдық композицияны құрастырудың үлкен тәжірибесімен келді. «…Платонның саусағының қимылы барлығын білдірген» (6), әлемдік өнердің классикалық гармониясының эталонына айналған «Афина мектебі» салынды.
«Сикстин мадоннасында» Урбинодан шыққан шебердің ғажап шеберлігімен қатар, оған барлық дүниетанымдық даналығын салды. Бұл картинада, алдымен жан дүниесімен және адамсүйгіштігімен баурайды. Бәрі қарапайым. Рафаэль адамдарға мұра етіп әлемдегі ең атақты картинаны қалдырды. Бейнелеу өнерінің осы ескерткіші оның атын мәңгі етті.
Рафаэльдің мадонналары табиғи, өміршең, сүйкімділіктерімен баурап алады. Адамгершілік пен нақты өмірді көрсететін бұл картиналар, сонымен қатар барлық әлемді сипаттайтын, бақытты өмірдің көрінісі, жарқын сұлулықтың келбетін суреттеген образдардың жиынтығы. Рафаэль ашқан екі дүниенің арасындағы бұл әлем, оның өзінен басқа ешкімнің қолы жетпейтін болып қалды.
«Бұл туынды картина ма, әлде икона ма?» деген сұрақ әлі күнге жауапсыз қалуда. Рафаэль адамдықты құдайландыруға, күнделікті өмірді мәңгі қалып өзгертуге тырысты. Ол, жоғарғы діни идеалды адамгершілік қырымен біріктіру арқылы Құдай-ананың ең тамаша образын жасады. «Суретші сүйгенде немесе сүйкімді болғанда талантты бола түседі. Махаббат данышпандықты екі еселейді» дейді Рафаэль.

МӘРИЯМ – ОЛ АНАНЫҢ БЕЙНЕСІ

Мәриям – ол адамның махаббаты мен қайғысына толы, Ананың жалпылама образы. Мадонна – ол адам бейнесіндегі Құдай және оның бейнесі әйел сұлулығы идеалының жиынтығы. Рафаэль «Сикстин мадоннасында» өз тағдырын жазды. Бұл жерде анасының аяулы бейнесі, сәбилерін құшақтаған жүздеген қайырымды, әрі нәзік аналар оның санасында болды. Сонымен қатар, қатаң, күрделі, соғыстың исі аңқыған, қайғылы, жарық пен қараңғылықтың күресінен тұратын оның заманы картинаның арқауы болды. Рафаэльдің қылқаламы өз дәуірін түсінуге талпынған күш пен адамдарға қаныпезерліктің қараңғы, теріс әсері мен қайырымдылық пен жарықтың жасампаздығын түсіндіруге талпынды.
Картинада ашылған пердеден көгілдір аспанның сәулесі жарқырайды. Бұлттардың үстінде қарда жүргендей, қорғансыз сұлу, тамаша Мәриям бізге жақындап келеді. Жалаң аяқ. Қарапайым. Жас. Мадонна аспаннан адамдарға түсті. Мыңдаған адам оның келуін күтуде. Оны көзбен іздеп, оған қолдарын созған адамдардың қуанышы Мәриямды бір сәтке тоқтатты. Ол есінен танғандай. Міне жер… міне оның сәбиін өлтіретін адамдар. Ол, оны біледі. Бәрі біледі!
Екі бала – қанатты Періштелер адамдарға немқұрайлы, кекесінмен қарауда. Олар біртүрлі, қораш, күлкілі, кейде өте қауіпті адамдардың талайын көрген. Жылауық, әрі берекетсіз. Аспаннан әрқашан да бір нәрсе сұрайтын.Әрқашан да риза болмайтын. Талай қайғыны басынан кешірген қасиетті Варвара қарап қалыпты.Ол да адамдардың бағасын жақсы білетін еді. Оның мазасын кетірген тобырдың шулағаны еді. Ол да адам болғанына ұялып тұр. Көне қария Папа Сикст Мәриямға жанарын бұрды. Ол өзінің күнделікті өмірін, жіберген сансыз қателерін ұмытты, енді міне өмір мен өлімнің арасында, алғаш рет сенді. Таңғажайыпқа сенді.
Бұлттарды жалаң аяқ басып, баласын кеудесіне басып, мадонна адамдарға қарайды. Ол, әлемнің осындай олқы-солқылығы, жердегілердің қайғысы мен толқуына алаңдаулы. Мәриям күнделікті періштелердің хорын естімейді. Оның керемет, қайырымды жанарынан таң қалғандық сезіледі. Ол баланы кеудесіне бұрынғыдан да қатты қысты. Мәриям оның тағдырын сезеді, және сондықтан оның аздап қайғылы, бота көзі ашық, жұқа иегі аздап көтеріңкі. Жас сұлудың ажары осындай қайғыда.
– Мен мұнда неге келдім? – деп сыбырлайды. Солай болу керек.
Жас, өркөкірек, өз екпінімен, ішті кернеп, жанын жеген құсаға қарамай жерге түсті. Оны адамдарға қарай біреу итеріп тұрғандай. Бірақ ол алда Голгофа күтіп тұрғанын біледі… бұл мүмкін Жаратқан адамдарға жіберген Пайғамбарға қарсы істелген бір топ діни фанаттардың қылмысы, адамзат тарихындағы ең ауыр қылмыс болар?!
Адамзат екі мыңжылдан бері оның санасына өшпестей дақ түсірген осы қылмысқа жауап бере алмай, не ақтай алмай келеді. Мүмкін адамзаттың санасы мен ойын руханидан техникалыққа немесе байлықты мұрат етуге өзгерткен бұл қылмыс адамзаттың қазіргі нәсілінің тағдырын шешетін болар?! Гамлеттің бұл сұрағына уақыт адамдардын жауап күтеді…!
«Сикстин мадоннасын» көрген әрбір адамды ондағы суретші тапқан адамгершілік пен ананың мейірімі таң қалдырады. Мәриям образындағы өміршеңдікітің сенімділігі мен оның таза, асқақ, әрі тәккапарлық ұлылығның идеалды көрінуі. Реалдық пен идеалдықтың үйлесімділігі «Сикстин мадоннасын» мәңгілік етіп, оны әлемдік бейнелеу өнерінің ең белгілі және сүйікті туындысы етуде (7).
«Сикстин мадоннасының» ерекше тартымдылығы мен сүйкімділігі, оған қараған адам күнделікті күйбің мен ұсақ-түйектен, жердегі өмірінде онымен болғандардың бәрінен арылады.
Біз реалды және идеалды – екі әлемнің шегарасындамыз: Мәриям асықпай, бұлттарға жұғыспай, түсіп келеді. Біз, бұл аспаннан жерге, жаратқаннан адамға асықпай, асқақ қадаммен келе жатқан бейнені көргеннен гөрі сезінеміз.

Она идет восторгом не внимает,
И стан ее смиреньем облачен,
И кажется: от неба низведен
Сей призрак к нам,
Да чудо здесь являет.
Такой восторг очам она несет,
Что, встретясь с ней,
Ты обретаешь радость,
Который не познавший не поймет.
(Алигьери Данте)
…Енді міне дауылдың алдындағы сәт сәбидің жанарында айнадағыдай көрінді. Оның жүзі қайғыға толы. Оның қатал, есейген жанарынан алдағы қайғының белгісі төніп келе жатқан бұлт пен найзағайдың жарқылындай болып сезіледі. Жел оның шашының ұйпа-тұйпасын шығарды. Анасының кедесіне жабысқан сәби қаптаған, сансыз адамдарға үреймен қарайды. Оны түсініксіз, сезініп болмаған толқу биледі.
Алдағы болатын қайғы алдындағы сәбидің жүзіндегі қорқынышты Рафаэль данышпандықпен көрсете білді. Суретші – тамаша драматург. Ол «Сикстин мадоннасында» жарық пен көлеңкенің қарсылығын асқан шеберлікпен көрсетті. Қараңғылық пен жарықтың бітпес күресі, суретті мәңгі етті (8).
Гогольдің айтуы бойынша, бұл шебер «асқақ өнердің аңызы», «Сикстин мадоннасын» салу арқылы қолдан келмейтінді жасады. Өзі ойлап тапқан аңызды. Елесті. Таңғажайыпты бейнеледі. Біздерді де оған сендірді: холстың психологиялық қыры өте нәзік өңделген, соншама қарапайым, оның пластикасының тілі сенімді. Варвараның ұялуы, періштелердің ирониясы, және папа Сикстің нағыз қалаймақандығы Мәриямның мейірім-ділігі мен қайғысын және сәбидің көзіндегі үрейді алыстатады.
Осындай, нақты сеніммен белгілеп, өнердің өміршең шындығымен берілген сезімдердің тым күрделі реңі таңғажайыпты жасайды. Біз шынымен беріліп қарап, зерттеп, картинаға сүйсіне қарап яғни осы таңғажайыпқа сене бастаймыз!
«Сикстин мадоннасының» әлемі аса күрделі.
Бір қарағанда картинада ешқандай қайғы көрінбейді. Бірақ, оған мұқият қараған сайын бізді де алда болатын қайғы санамызды билеп, біраздан кейін толығымен сол сезімнің тұтқынына айналамыз.
Холстың фонында – аспанды то-лығымен жапқан жұмсақ дауысты періштелердің ән шырқауда… Олар мадоннаны мадақтайды. Өмірге мойын сұнған, ақсақал Сикст Құдай-Анадан таңқалған жанарын алып кете алмайды. Варвара да жүзін төмен салып, келіскен. Мәриям мен оның сәбиіне ешқандай қауіп жоқ сияқты.
Киім мен жабынның қырларында үрейлі көлеңкелер бірінен соң бірі жүгіруде. Мадонаның аяғы астындағы бұлттар да шоғырлануда.Мәриям мен оның ұлының айналасындағы жарықтың өзі дауылға айналғалы тұр. Рафаэльдің полотносына қараңыз.
Ақ қарға ұқсаған бұлттар шоғыр-лануда. Оларды жел айдайды. Картина түгелдей ішкі қозғалысқа толы, барлығын қамтыған жарықпен ерекше нұрланып, шебер туындысына ерекше өміршеңдік пен жасампаздық нышан беруде. Мәриямның келуін күннің күңгірттеу жарығы мен көгілдір бұлтсыз аспан қарсы алуда. Картинаның холстысы ерекше, құпия жарық шығаруда. Жарық болар болмас сәуле шашуда.
Қараңыз. Қараңғы, Мәриямның етегіне жасырынып жабысқан көлеңке бірден қысым жасап, жақындап келе жатқан қайғыны білдіреді. Қатты соққан желдің екпіні Сикстің алтын шапанының ауыр қырларын көтеруде. Мадоннаның басындағы жеңіл орамалын жұлуда. Салмақты жасыл перде теңселіп тұр. Картинадағы кескіндер мен көлемнің ассиметриясы сезімдегі мазасыздық пен ішкі қозғалысты күшейтеді. Полотнода қатысқандардың барлығы шектеулі шеңбер аясында жан-жаққа қараған. Тек мадонна мен сәби ғана бізге тіке қарауда. Осы толқулы, әрі бейтарап көзқарастар, әркімді еріксіз осы оқиғаға қатысушы етеді. Рафаэль өз еркімен көрерменді басқа уақытқа көшіреді және өз ойлап тапқан таңғажайыптың куәсі етеді. Картинаның шындықтан айырмашылығы жоқ. Суретші бізді, оның сурет екенін ұмыттырады. Біз шебердің еңбегінің ізін де байқамаймыз.
Дәл есеп, отты жүрек, толқыған жүрегінің қиялы Рафаэльға осы таңғажайыпты жасауға мүмкіндік берді. Қайталанбайтын және Леонардо да Винчидің «Джокондасынан» да атақты. Урбино шебері жаққышының әрбір қимылы дәл, әрі өз орынында. Бұл жерде Рафаэльдің өзін түгелдей баураған көлемді, ұлы ойды адамдарға жеткізу. Бейнелеуші бұл жерде оған дейін жүздеген рет қайталанған сюжетте композициялық шешімнің жаңа формасы – мадонна мен сәбиді ойлап табады. «Сикстин мадоннасында» Леонардоның «құпиясы» мен контрапостосының ізі болғанымен, Рафаэль бұрын болмаған жаңа пластикалық тіл табады. Рафаэль үшін ерекше қуатты Микеланджеломен қатар итальян Ренессансы классиктерінің Рафаэльге әсері аз болған жоқ.
Бірақ біз Рафаэльдің «Сикстин мадоннасында» венециандарға ұқсаған төгілген байлық пен көрерменнің көз жауын алып, таң қалдыратын ракурстарды көрмейміз. Бұл картинада барлығы тамаша гармониялық сезім, өлшем, жоғарғы міндеттерге бағынған.
Сондықтан, холстың форматы тым үлкен болғанымен, Рафаэль шеберлігінің сиқыры бізді мадоннамен диалогқа түсуге мәжбүрлейді.
Біз қай жерде тұрсақ та, Мәрияның қырағы көзімен кездесесің, және біз, «Мені бақытсыз қылатынның біреуі сен емес пе?» деген сұрақты еститіндей боламыз.
Ақылың, бұл суреттің сағым, суретшінің қиялы ғана екеніне қанша сендіргісі келсе де, сонымен қатар сенің бұл оқиғаға және Мәрияның қайғысына ешқандай қатысың жоқ болса да, ананың бұл қатал көзқарасынан көз алмай қарап қаласың. Рафаэль бейнелеуінің сенімділігі шектен асқан.
Қарапайымдылықпен шегаралас оның тілінің қолжетімділігіне ештеңе тең келмейді.
Жасыл перде ілінген кергішек, мадоннаны ұстап тұрған бұлттарға, ой үстіндегі, аздап немқұрайлы отырған періштелерге қарасаңыз – бейнелеудің осындай әртүрлі детальдарын Рафаэльдің осы болып жатқан таңғажайыптың шыншылдығы сон-
шама жеңіл, таңғаларлықпен, ба-қытты етіп барлығын сендірген.
Шебер бізге ешқандай жасан-дылығы жоқ, артық ешнәрсесіз осы таңқаларлық оқиғаны суреттеп берді. Біз де ерекше оқиғаның куәгері болғандай біз де Рафаэльге сенеміз. Суретшінің пластикалық шеберлігі таңқалдырарлық.
Бейнелеушінің тілі бір қарағанда қарапайым болып көрінетіндей емес, күрделі. Рафаэльдің қарапайым-дылығына бір сәт те сенуге болмайды. Біздің алдымызда тәжірибелі режиссер, психологияның білгірі және композицияның ұлы шебері. Киімдер мен кенептердегі қыртыстардың қимылын байқап көрсеңіз, сіз кездейсоқ сызықтар мен байқалмайтын айырмашылықтардың өзі үлкен заңдылықтан тұрады.
Барлығы бір мақсатқа – көрермен мадоннаны көріп, оны түсінуіне бағытталған. Айналадағы барлық бейнебояулар – тек күрделі, әрі қажетті рама, ол картинаның ортасындағы Мәрияның жанарына бағытталған аккомпанемент. Сызбаның тез қимылы, бейненің барлық күрделі абрисі – барлығы бізді міндетті түрде мадоннаға алып келеді. Шебердің есебі дәл. Біз мадоннаның тұтқынымыз. Ол өмірдің өзі.
Рафаэльдің «Сикстин мадоннасында» тамаша іске асқан, жалпылама образының күші осындай. Мадонна тек сұлу ғана емес, ол дана. Оның жанары құбылыстың ең тұңғиығын көретіндей. Ол туралы, Сервантестің поэзияяға арналған өлеңіндегі, «Ол құбылыстың данышпанға қараңғы жерін көре алады…» дегенін келтіруге болады.
«Бейнелеу өнерінің формасы көз алдымызда толықтай қалыптасқанымен, ол поэзияға қарағанда әлдеқайда түсініксіз өнер. Ол ұлы таңқалудың бір түрі» дейді Эжен Делакруа.
«Сикстин мадоннасы»! Бұл жерде Гоголдің: «Оның алдында суретшінің таза, періште, қалыңдық сияқты тамаша туындысы тұрды… Барлық картина бір сәт –адамның барлық өмірі соған дайындалған бір сәттегі сәуледей» дегені еріксіз еске түседі.
«Сикситин мадоннасында» Рафаэль шеберліктің шыңына жетті. Ол туралы Вазари, «Оның картинасындағы кейіпкерлер бояу мен суреттерден емес, қан мен ақуыздан істелгендей» дейді. Ұлы суреткердің туындасына замандастарының таңқалысында шек болмады. Оны Құдай тектес деп санап, оған тәнті болғандар Рим көшелерінде топ-тобымен оның артынан ерді.

КАРТИНАНЫҢ ГАРМОНИЯСЫ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ ИДЕАЛ

Картинадағы бейнелер үшбұрыш қалыптастырған. Перденің екі жаққа ашылуы композицияның геометриялық формада ойланғанын көрсетеді. Бұл, көрермен кездесіп тұрған алғашқы композицияның бірі: мадонна аспаннан көрермендерге тіке түсіп және олардың көздеріне қарап тұрғандай. Мәрияның образында діни – (триумф) таңқалу (суретші Византия Одигиритінің иератикалық композициясына оралады) ананың сүйіспеншілігі мен сәбидің тағдырына алаңдаған, адамға ортақ қайғыру сияқты сезімдер үйлесімділік тапқан. Рафаэл, қолында мұңайған сәбиі бар, адамдарға түсіп келе жатқан – қол жетпейтін, асқақ, қайғылы аспан патшайымын көрсету арқылы жоғарғы діни идеал пен жоғарғы адамгершіліктің қырларын қоса білді (10).
Бұл, ренесанс өнеріндегі ана тақырыбына арналған туындылардың ішіндегі ең терең және ең тамашасы болар. Көрермендер храмға келгеннен бастап шәркеу интерьері алыстан ашылуын бейнелейтін жерде Рафаэль монументальдық алтарь композициясының мүмкіндіктерін шебер пайдаланды. Ең шеттегі перде ашылатын уәж, оның артынан сәбиін қолына ұстап елестей болып келе жатқан мадонна көрерменге қатты әсер етеді. Сикст мен Варвараның қимылдары, жоғарға қараған періштелер, кейіпкерлердің жалпы ритмикасы – осылардың барлығы көрермендердің көңілін түгелдей мадоннаның өзіне аударуға арналған (11).
Ренессанстың басқа туын-дыларындағы бейнелермен қатар
Рафаэльдің бұрынғы жұмыстарынан «Сикстин мадоннасы» картина-сының маңызды жаңа қыры және айырмашылғы, ондағы кө-рермендермен арадағы рухани байланысының ерекшелігінде. Сикстин мадоннасының жанарында, оның ішкі дүниесін көруге болатындай бір қасиет бар. Мадоннаның аздап көтерілген қасы мен көзқарасы, кең ашылған көзіндегі – тағдырын көз алдына елестетіп тұрған адамның мұңының ізін образдың психологиялық экспрессиясы немесе эмоциональдық эффект деп айтуға болады ма?
Бұл, оның баласының қайғылы тағдыры алдына келген және оны құрбандыққа шалуға дайын сәт. Ана образының драматизмі, суретшінің жас Христосты есейген және көріпкел қылып бейнелей алғандығында.
Сезімді сонша терең етіп көрсеткенімен мадоннаның образы қандай да жасандылық пен экзальтациядан аулақ – онда гармониялық негіз сақталған, бірақ Рафаэльдің бұрынғы туындыларына қарағанда, бұл қасиетті рухани бояулармен байытылған. Рафаэльде әрқашанда оның фигурасының өзінің пластикасы образдардың эмоциональдық мазмұны өте жарқын көрінген.
«Сикстин мадоннасы» картинасы рафаль образдарындағы қарапайым қозғалыс пен меңзеудің өзіндегі «көпмағыналылықтың» мысалының үлгісі. Мадоннаның өзі бір уақытта алға жүріп келе жатқандай немесе бір орында тұрғандай; оның денесі бұлттардың ішінде ұшып жүргендей және сонымен қатар белгілі салмағы бар адамның нақты денесіндей.
Баланы көтерген қолының қи-мылынан, сәбиді өзіне қысқан ананың инстинктивті жігерін байқаймыз, сонымен қатар – бұл бала оныкі емес, ол оны адамдарға құрбандыққа апара жатыр. Образдары жоғарғы мазмұнды Рафаэльдің осындай мотивтері, оның заманындағы және басқа дәуірдегі, оның ізбасарлары санаған суретшілерде кейіпкерлердің идеалды бейнесі сыртқы эффектен басқа ештеңені жасырмағанын көреміз.
«Сикстин мадоннасының» композициясы бір қарағанда қарапайым болып көрінеді. Шындығында бұл қарапайымдылық ол бетперде. Себе-бі, картинаның жалпы құрылымы өте нәзік және картинаға ұлылық пен сұлулық беріп тұрған өлшемі, линиялық және кеңістіктегі мотивінің арақатынасында тепе-теңдік сақ-талған. Ондағы жасандылық пен схематизмнен ада, мүлтіксіз теңдік, фигуралардың табиғи қозғалысы мен бостандығына шектеу қоймайды.
Мысалы, кең мантияға оранған Сикстің денесі Варвараныкінен ауыр және одан төменірек орналасқан, бірақ Варвараның үстіндегі перде Сикстікінен ауыр қылу арқылы салмақ пен силуеттің арасындағы қажетті теңдік орын алады. Картинаның бір бұрышына, парапеттің үстіне қойылған папаның тиарасы сияқты бір қарағанда байқалмайтын жәй мотив картинаға аспандағы дененің шындығын сезіну үшін, жердегі тұрақтылықты көруге қажетті образдық және композициялық тұрғыдан маңызды.
Мадоннаның сұлулық пен қимылға толы, оның еркін және жігерлі силуетін көрсеткен бейнесінің контурының өзі Рафаэль Сантидің сазды сызықтарының айқын екенін көрсетеді.
Мадоннаның образы қалай жасалды? Оның нақты прототипі болды ма? Ол туралы картинасы туралы бірнеше аңыз бар. Зерттеушілер мадоннаның бет-жүзінде Рафаэльдің «Шүберекке оранған әйел» («Дамы в покрывале» («La Donna Velata», 1516, галерея Питти) картинасындағы модельмен ұқсастық туралы айтады. Бұл мәселені шешуде Рафаэльдің алдымен бәріне белгілі, досы Бальтассар Кастильонеге жазған хатында келтірген, оның жетілген әйел сұлулығының образын жасауда суретші көрген көптеген сұлулардан алған әсерден пайда болатын белгілі ұстанымды басшылыққа алатынын ескеру керек. Басқалай айтқанда, бейнелеуші Рафаэль Сантидің творчестволық әдісінің негізі нақты өмірден көргенді сұрыптау және саралау болып табылады.

МӘҢГІ МУЗЫКА ЖӘНЕ ПӘЛСАПА

Леонардо «музыканы бейнелеу өнерінің қарындасы» деді. Контрапостоның мағынасы мен
дыбысының контрапункт заңды-лығына жақын болуы тегін емес. «Сикстин мадоннасы» шынымен симфониялы. Бұл холстың сызықтары мен салмағының кездесулері мен тоғысулары өзінің ішкі ритмі және гармониясымен таң қалдырады. Бұл картинадағы ең таң қалдыратыны, – ол бір мақсатқа қызмет етуге, суретшінің басты арманы – біздің бәрімізді Мәриямның мұңды көзіне қарату үшін, ондағы барлық форма мен түсті сондай таңқаларлық сәйкестікке келтіруінде. Рафаэльдің картинасы шүбәсіз заманауи. Шебердің сол кезде қойған этикалық міндеттері осы күні де маңызын жойған жоқ.
Мыңдаған адам Мәриямның көзінен көздерін алмай, картинаның жанында тұрып өз тағдырларын ойлайды… Рафаэль және қазіргі заман… Бұл жәй риторикалық сөз емес. Бүгін, өркениет пен гуманизмді құтқару мәселесі шиеленіскен жағдайда, «Сикстин мадоннасы» миллиондаған адамдарға соғыс пен бейбітшілік, адамның өзін құтқару туралы теңдессіз этикалық міндет қояды (12).
Суретші Крамской, «Рафаэльдің мадоннасы шынымен ұлы және мәңгі туынды, ғылыми зерттеулер ол екеуінің де тарихи шындықтарын ашқаннан кейін, адамзат оған сенбегеннің өзінде де… картинаның рөлі өзгеріп, ол құнын жоймайды» дейді.
«Бір рет адамның жаны осылай ашылды, ол екі рет болуы мүмкін емес» дейді таң қалған В. Жуковский. Олар одан тек өнердің жетілген туындысы ғана емес, адамгершіліктің ең жоғарғы өлшемін көрді.

ӘЛЕМДІ КІМ ҚҰТҚАРАДЫ?

Рафаэль «Сикстин мадоннасында» адамзат нәсілі трагедиясының шарықтау шегін көрсетеді! Сәби әлемді құтқара алады ма? Адам денесіне қонған жан азған жерде қысқа уақыт болғанда не істеп үлгере алады? Мәңгі философияның бұл сұрағы екі мың жылдан бері жауапсыз қалуда?! (13). «Әлемді сұлулық құтқарады» деді Ф. Достоевский.
«Күзгі мұң мен қайғыдай, шабытымның бар арманы Өзіңсің. Махаббаттың мәңгі екенін сендіретін сенің ғана әміріңді естимін». Ақынның аруға осы арнауы адамзаттың бар арманын айқындайды.
Бұл мәңгі Махаббат және мәңгі Өмір немесе Мәңгібақилық. Адамның дін, өнер, философияны ойлап табуы – ол мәңгібақилықты іздеуі.
Оған жету үшін Ғаламның заңдылығын және Жаратқанның ойын түсіну керек болар?!
«Адамзаттың қайғысы, – ол Әлем құрылысын және Ғаламның бір бөлігі адамның өзін түсінбей тұрып құрған қоғамдарының немесе «…измдерінің» барлығы әрқашан да тығырық, жаппай қыру, террор…».
Қазіргі құрған технократиялық өркениет адам мен қоғамды дамытпай, табиғат пен қоршаған ортаға қауіп төндіруде. Бұл тығырық! «Иемденуге ұмтылу – адам өмірінің қарғысы» дейді Будда.
Қоғамдық нормаға айналған миллиондаған адамның эгоизмі мен іштарлығы түбінде жердің бетін өлі кеңістікке айналдырады. Соңғы 40-50 жылда су тасқыны, вулкан, дауылдар көбейіп, Жердің климаты күрт өзгерді. Жыл сайын ондаған млн. га жер құмға айналуда. Бұл қоршаған ортаға жабайылықпен қараудың қорытындысы.

АДАМ АЯҚ БАСПАҒАН ҒАЛАМДАҒЫ ГАРМОНИЯ ҚАЛАЙ САҚТАЛАДЫ?

Барлық 70 миллиардтан астам галактика мен екі триллиондай жұлдыздар, оның ішінде Жер де қатаң өз орбитасымен жүреді. Егер Жер Күннен 2 мм алыстаса суиды, ал сонша жақындаса ысиды. Жерді, оның магнит жүйесі мен атсмосфера ғарыштан келетін қауіпті сәулелер, кратерлер т.б. қорғайды. Планетаның 2-3 градусқа жылынуы мәңгі мұздардың еріп, судың деңгейінің бірнеше метрге көтерілуіне әкеледі.

Жердегі тіршілік те шектеулер ішінде өмір сүреді. Жердегі адамның өмірі (биологиялық қабығы беріктігінің қоры) 120 жылмен шектелген және оның организмінің температурасы 35-тен 39 градус Цельсияға дейін. Оның арғы жағында өлім күтіп тұр. Қоршаған Табиғатпен гармонияда өмір сүрмегендіктен адамның өмірі 50-70 жасқа қысқарды. Адам да жұлдыздармен бірдей атомдардан тұрады. Адамның атомдарының 10%-ы Үлкен жарылыстан кейінгі алғашқы сағаттарды (13,8 млрд жыл бұрын) және қалған 90%-ы ғаламның эволюциясы нәтижесінде пайда болды. Әр секунд сайын адам денесінен трлн. нейтрино өтеді…
Тәңір жаратып және реттейтін Ғаламның ұлы гармониясы мәңгі өмір сүреді (тағы 15 млрд жылдай), ал Күн жүйесі -5 млрд жыл болса, Жер бетінде ХХІ ғ. аяғында қазіргі тірі жануарлардың жартысына жетпейтіні қалады.
Адам Құдайдың өзіне ұқсатылып жаратылған. Адамның санасы мен ойы уақыт пен кеңістіктен тыс. Егер жарық ең алыс галактикадан бізге дейін миллиондаған жылдардан кейін келсе, ой бірнеше секундта жетеді. Сонымен қатар, Жоғарғы сана материяның жаратты, яғни Ғаламды және оны басқарады. Неге екенін адамның санасы жаратылған гармонияны қиратуға жұмыс істейді?!
Ғалам мен Жердегі өмір осы сұлу гармония арқасында сақталуда.
Рафаэль «Сикстин мадоннасында» Құдай-ана мен Әйел-ананың сұлулығын және мәңгі өмірді қамтамасыз етіп отырған гармонияны көрсетті.
Гете Хафиз туралы, «Ал, сен жан мен әлемдегінің бәрін құштың…» деді. Бәрін құша білген Рафаэльге де осы сөзді айту орынды!
Сондықтан, данышпанның қолынан шыққан ұлы туынды бірнеше ғасырдан кейін де, ешқашан өшпейтін мәңгі өмірдің сәулесіндей миллиондаған адамды өзіне тартады!

Пайдаланған еңбектердің тізімі:

1. Акатай С. Тенгризм // Культурные контексты Казахстана: история и современность. -Алматы, 1998.
2. Дюрант Вил. Восток – колыбель цивилизации. Т.2. С.853.
3. Вельфлин Г. Классическое искусство. Введение в изучение итальянского Возрождения. СПб., 1912, С. 66.
4. Әкім Ж. Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы, Алматы, 2007.
5. Ясперс К., Смысл и назначение истории: Пер. с нем.- М.: Политиздат, 1991.
6. Винкельман И.И. Избр. произв. и письма. М.-Л., 1935, С.90.
7. Дажина В.Д. Рафаэль и его время. 1983, М.,С. 50.
8. Вильямс Агния. https://www.syl.ru/article/174346/new_sikstinskaya-madonna-rafaelya-opisanie-kartinyi
9.https://5sec.info/kartiny/kartina-rafael-santi-sikstinskaya-madonna.
10. Гращенков В.Н. Об искусстве Рафаэля // Рафаэль и его время. М.: Наука, 1986. С. 28.
11.Синичкин П., http://www.vokrugsveta.ru/article/206841/
12.Долгополов И. «Сикстинская ма-
донна». Рассказы о шедеврах Рафаэль Санти https://museumsworld.ru/rafael/213sistl.html.
13. Хаксли О. Вечная философия, М., Профит Стайл, 2010, С. 145-147.

 

жанзак-0

Жанұзақ ӘКІМ – Халықаралық Адам институтының президенті,

Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары Академиясы мен

КОНКОРД Академиясының корреспондент-мүшесі,

Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі

 

жанузак-1

Азина КАРАБЕКОВА –
Педагогика
ғылымдарының магистрі,
Тараз Мемлекеттік педагогика университеті

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *