МАҚАЛДЫҢ МӘНІ
15.05.2020 0 4 513
Құдияр БІЛӘЛ, жазушы, ҚР «Мәдениет қайраткері»
Жалпы мақалдап сөйлеу барлық ұлтқа тән. Мәселен, мордва халқында: «Махаббаттың төлеуі – махаббат» деген мақал бар. Ал француздар болса: «Бірін-бірі сүйсін дегенше, бірін-бірі білсін де» деп қояды. Сол француздар тағы да: «Айырылысу – махаббаттың ажалы» дейді. Өзімізге келсек, бұл тұрғыда хакім Абай былай дейді:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті».
Хакім Абай танымынан махаб-баттың әу бастағы иесі Алла екендігін ұғамыз. Себебі, жаратылысымыз солай. Демек жердегі махаббат иесі бізбіз. Яғни, махаббатқа махаббатпен жауап қату – адамзаттың міндеті. Мордва халқының: «Махаббаттың төлеуі – махаббат» деуі сондықтан. Француздардың да адам баласының бірін-бірі сүйгенінен, бірін-бірі білгенін артық қоюы, сол махаббат мәнін ұғынса деген ойда жатыр. Олар соған орай: «Айырылысу — махаббаттың ажалы» дейді. Себебі, ажырасу кезінде адам баласы өзіндік болмысынан ажырайды. Соған орай мақал да өз мәнін жоғалтады. Мақал өз мәнін жоғалтқан соң Карл Маркстың: «Егер сен біреуді сүйіп, ал ол сені сүймесе, онда сенің махаббатың әлсіз және ол қасірет» деген сөзі алға шығады. Мән берсек, бұл деген махаббатқа деген материялды түсінік. Осылайша махаббат бастауы жоққа шығарылған соң «әлсіз махаббат иелері» Алладан қол үзе бастайды. Болмаса, қуатты махаббат иесі екендіктерін дәлелдеу мақсатында өздеріне қол жұмсайды. Сондықтан да кімнің де болсын Қожа Ахмед Яссауидың: «Махаббат дәмін татпаған, жар сүйіп, қызығын көрмеген, үйін ойлап дүние таппаған, ойсыз-қамсыз шайтандыққа бой алдырғаннан иман қашады» деген даналығына құлақ асуына тура келеді.
Солай бола тұра махаббатқа деген материялды түсінік ғылыми мәнге ие бола бастады. Соған орай Архимед: «Махаббат – күн сайын дәлелдеуді талап ететін теория» десе, Виссарион Белинский: «Мөлдір кіршіксіз алғашқы махаббаттың алғашқы сәті ынтызарлықтың жоқтығы емес, өзін-өзі көрсетуден сескеніп жатқан ынтызарлық. Алғашқы махаббат осыдан басталады» дейді. Бұл ойды Б. Шоу: «Тексіз адамдар – махаббатсыз өмір сүріп жүргендер» деп одан әрі өрістете түседі. Алайда өмірдің мәні махаббат екенін ұлы тұлғаларың қай-қайсысы да жоққа шығармаған. Мәселен, Р. Браунинг: «Махаббатты өлтіру – адамзаттың соңғы күні» десе, К. Форнере: «Махаббат үшін өлу – өмір сүру деген сөз» дейді. Ал Р. Ингерсолл болса: «Махаббат – жалғыз нұрландырушы» деп негізгі мәнге жақындай түседі. Ребе: «Махаббат – жанымызды тыныштандыратын Құдайдың тілі» деп бұл ойды одан әрі нақтылай түседі.
Махаббаттың алғашқы мәніне жақын ойлар барлық халықтың мақал-мәтелдерінде бар. Мәселен татарлар: «Махаббатқа тұтқын болсаң, көз жасың құрғамас» дейді.
Сондай-ақ татар халқында: «Ғашық-тардың иманы – жылап-сықтау» деген де мәтел бар. Бұл ой да Яссауи бабамыздың: «Ғашықтыққа көз жасың ғана куә» деген даналығымен үндесіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, ол сөзді біз емес, хакім Абай айтсын:
«Махаббатсыз – дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар».
***
Еврей халқында: «Шашыңызға ақ түссе даналықтың емес, қартайғаныңыздың белгісі» деген мақал бар екен. Ал бізде, бізде ғана емес, жалпы адами түсінікте: «Жасы келген адам – ақыл-ой иесі» деген түсінік қалыптасқан. Соған орай: «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп қоямыз. Енді қалай десек те көпті көрген адамның тәжірибелі болатыны рас қой. Алайда бұл түсінікке де сәл-пәл түзету қажет сияқты. Себебі, көпті көрген мен көп жасаған адам бір емес. Оның үстіне әлгі еврей халқында: «Тәжірибе деген – адам өзінің жіберген қателіктерін айтатын сөз» дейтін де мақал бар. Демек, біз малданып келген түсініктер мен мақалдар мәнінде кәкір бар. Бәлкім өзге елдердің кенжелеп, еврей халқының алға шығуы осы түсінік-пайымында жатса керек.
Жасыратыны жоқ, біз данышпанға балайтын жасы келген кісілер өзгеге ақыл айтуға бейім тұрады. Еврей халқы бұл орайда да: «Егер ақымаққа ақыл үйретіп отырған данагөйді көрсең, екі ақымақ көрдім деп есептеуіңе болады» депті. Соған қарағанда жасы келген адамның бәрінен даналық күте беру әбес-ау деймін.
Оның үстіне бүгінгі өркениет көшбасшыларының бірі – жапон халқының өзі бұл орайда: «Он жасыңда – керемет, жиырма жасыңда – данышпан, ал отыздан кейін қарапайым адам боласың» дейді. Соған қарағанда даналықтың өзі сол қарапайымдылық болса керек. Әрине, егер шынайы болса. Себебі, бұл тұрғыда Карло Гальдонидің: Жалған қарапайымдылық даңққұмарлық се-кілді сасық нәрсе» дегеніне құлақ аспай болмайды. Әйтсе де Демокрит: «Мен үшін даналық әлемнің бар байлығынан да қымбат» депті.
Жалпы ақыл-ой иелері айтқан даналықтан біз де кенде емеспіз. Оның үстіне Геродоттан қалған: «Адамзат баласы данышпандарға өте бай. Солардың айтқан насихатын еппен пйдалана білелік» деген сөз бар. Егер мән берсек, данышпандар айтқан насихаттар – ата-бабаларымыздан бізге жеткен мақал-мәтелдер. Әйтсе де бар кәкір Эсхилдің: «Дана сөздерді тек санасында сәулесі бар адам ғана түсініп біле алады» деген даналығында жатса керек. Сол даналықты түсініп, артына сөз қалдырған ата-бабаларымыз:
«Заман қамын ойлаған –
Саналықтың белгісі.
Адам қамын ойлаған –
Даналықтың белгісі» – депті.
Сонымен аталарымыз айтпақшы, даналықтың белгісі – адам қамын ойлау екен. Солай бола тұра бағзы дәуірден бері артына сөз қалдырған ұлы тұлғалардың кей даналық сөздерінің мәні ашылмағандықтан ол ойлар жалпы адамзат түгілі олардың өздеріне де қызмет ете бермейді. Себебі… Жалғыз-ақ себеп бар.
Білген жөн. Барлық даналық негізі – Алладан бастау алады. Ал одан тыс айтылған «даналық» адам баласын басқа бағытқа бұрып жібереді. Егер шынайы мәні ашылмаса. Шынтуайтына келгенде, ол мәнді айтушының өзі де ұқпайды. Себебі, хакім Абай айтпақшы: «Толық мұсылман болмай – толық адам бол-майды». Біз ол «толық адамды» діни тілде «кәміл инсан» (кәміл адам) деп атаймыз.
Бұл орайда Омар бин Абдулазиз: «Кәміл адам мақталса да, айыпталса да, халі өзгермейтін адам» деген. Сондықтан да Мақтымқұлы:
«Мақтымқұлы, өлшеп сөйле бойыңа,
Асыңды бер қарай-қарай жайыңа.
Дана тапсаң – басыңды қи жолына,
Сонда өзің де кәміл адам боларсың» деген.
Түптеп келгенде біз жоғарыда тілге тиек еткен мақал-мәтелдер мен даналық сөздердің де айтар ойы осы.
***
Өмір – сынақ. Оны білеміз. Сынақ болған соң, әрине, жаңылыс басатын кездер аз болмайды. Соған орай аталарымыз: «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген мақалды өмірге әкелген. Сол «үрлеу» – діни тілде шариғат деп аталады. Солай бола тұра шариғатты ұстанып жүрген адам аз. Аз емес, жоққа тән. Егер аузымыз шынымен-ақ күйсе бар ғой… Ал ол міндетті түрде күйеді. Аталыш мақал да соған орай шыққан. Себебі, өмір жолы бұралаңды. Соған орай біз тағы да: «Баспаған жердің ой-шұңқыры көп» деп қоямыз. Сол әр «ой-шұңқыр» миналы аймақ іспетті. Соның әрқайсысында құрылған шайтан торы бар. Алайда біз оны жай ғана өмір соқпақтары деп қабылдаймыз.
Солай қабылдағандықтан да шариғатты қаперге алмаймыз. Мәсе-лен, оң жағымызда мешіт, сол жағымызда шарапхана бой түзді делік. Егер мән берсек, шарапхана – біздің бұралаңды өмір жолымыздағы «ой-шұңқыр». Біз оны миналы аймаққа баладық. Жалпы жер беті сынақ алаңы болғандықтан айналамыз ондай «миналы аймаққа» толы. Егер мән берсек, біз шариғатты содан аман өту үшін ұстанамыз. Өкінішке қарай біз шариғат мәнін жете түсінбей, оны тек құлшылық деп қана қабылдаймыз. Сондықтан да оны қорған деп білмегендіктен шарапханаға міндетті түрде бас сұғамыз. Ал ол – күнәнің басы. Бұдан шарапхананың күнәлі (миналы) аймақ екендігі мәлім болады. Соған орай аталарымыз тағы да: «Ащы мен тұщыны татқан білер, алыс пенен жақынды жортқан білер» деп қояды.
Сонымен шарапханаға бас сұқтық. Ащының дәмін алдық. Соған орай жанашыр ағайыннан ащы сөз естідік. Бірақ шарапханада айтылатын жүрекжарды сөздер өзіне баурай береді. Себебі, аталарымыз айтқандай: «Ақ сөз ащы болады, ғайбат сөз тәтті болады». Не керек, біз шарапханадан аузымыз күймей шықпаймыз. Аузы-мыз күйген соң, әрине, қай нәрсені де әуелі үрлемей ауызға салмайтын боламыз. Бұл «үрлеу» – шарапханадан мешітке қарай мойын бұру деген сөз. Ал ол, хадисте айтылатынындай: «Жақсылыққа үміт арту да Аллаға құлшылық ету болып табылады». Себебі ол аузы күйген соң өткен ісіне өкініп, тәубе етеді. Ал «Кім көп тәубе етсе Алла соған қамқор болады, қиындықтардан құтқарады және күт-пеген жерден сый береді». Бұл да хадис. Жалпы Платон айтпақшы: «Ешкім кездейсоқ жақсы адам болып шыға келмейді». Кімнің де болсын бір түсіп шыққан «ой-шұңқыры» бар. Рас, шарапханада қалып қойған да адамдар аз емес. Олар тұрғысында Гераклит: «Егер рухы жабайы болса, оның көзі мен құлағы жаман хабар береді» деген екен. Демек, рух тазалығы болмай, қай істен де қайыр болмайды. Бұл жерде де аталарымыздың: «Сөз – сүйектен, таяқ – еттен өтеді» деген даналығы еріксіз ойға оралады. Алайда әр адам Адам Смиттің: «Маған менiң қалағанымды берiңiздер, сонда мен сiздерге сiздердiң қалағандарыңызды беремiн» дегенін өзінше түсінеді.
Қорыта айтқанда, егер біз ата-бабаларымыздан қалған: «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген мақал мәнін дұрыс түсінгенде бар ғой, онда Марк Твеннің мысығы сияқты «тахуа» болып шыға келер едік. Себебі, Марк Твен айтпақшы: «Ыстық пешке бiр рет отырып қалған мысық, қайтып ыстық пешке отырмайды. Суық пешке де».
Әйтсе де ата-бабаларымыздан қал-ған:»Басыңа іс түссе жақсы көмек етеді, жаман күліп өтеді» деген де даналық бар. Адам баласына келген сондай көмектің бірі – «Қабуснама». Сондықтан сөз соңын сол кітаптың бірқатар ғибраты мол сөздермен түйіндейік:
«Ешқашан биік шыңға шықтым деп асып тасудың керегі жоқ, аяғың сәл тайып кетсе жерден табыласың…
Кiмнің кiм екенін басыңа іс түс-
кенде білесің…
Ешқашан ешкімнен кек алма, жәй ғана кешіре сал. Өмір оған өзі-ақ жазасын береді.
Қиындықтар – өткен өміріңнің жазасы емес, жарқын болашағыңа берілген сынақ.
Көп адамдардың бетiндe – көрінбейтiн маска бар…
Адамды кедейлік немесе байлық құртпайды, көреалмаушылық пен қызғаншақтық құртады.
Өзгені төмендеткеннен өзің биік боп қалмайсың.
Жаның ауырып тұрса да, күлімде Сенің жағдайыңды өзіңнен басқа ешкімтүсінбейді.
Адамның сәттіліке жетуін оның қанша жетістікке жеткенімен емес, оның осы жолда қанша қиыншылықтан өткеніне қарап бағалау керек!
«Адамдар не ойлайды?» деген сұрақ ең соңғы орында тұруы керек. Бәріне бәрібір. Өмір – сенікі ғой.
Өзін өзгеден жоғары қойған адамдарды тағдырдың өзі төменге түсіреді.
Бағың жанып, тасың өрге домаласа, арзанқол достар мен дұшпандарың көбейеді.
Ешқашан ақталма. Достарың ақталуыңды талап етпейді. Дұшпандарың бәрібір сенбейді
Уақыттың қадірін өлім түсіндіреді, Өмірдің қадірін көрің түсіндіреді. Сезімнің қадірін сенім түсіндіреді. Сөзінңің қадірін білім түсіндіреді. Бардың қадірін жоғың түсіндіреді. Бақтың қадірін сорың түсіндіреді.
Жақындарыңызға айтқан ауыр сөздеріңіз олардың жүрегіне шегедей қағылатынын біліңіз. Ол шегені кешірім сұрап алып тастасаңыз да, орнында ойық қалады. Сондықтан шын жақсы көретін адамдарға көңіліне тиетін сөздер айтпаңыз.
Өмірдің қиындығын көп көрген – көп нәрсеге қол жеткізеді.
Өмірдің ащысын көп татқан адам – тәттінің қадірін біледі.
Өмірде көз жасы көп төгілген адам – шынайы күле алады.
Өмір – ең үлкен ұстаз…
Егер құдай басыңа қиыншылық берсе – сенің жеңе алатыныңа сенгені
Біреуді өсектемес бұрын, оның киген аяқ-киімің киіп, оның жүрген жолымен жүр. Оның жолдағы шалынған әр тасына шалын. Оның бар ауыртпалығын сезін. Сондан кейін ол туралы өсек айт.
Сен күн болсаң да, тас секілді адамдар болады. Олар- жүрегіңді жаралайды, күйе жағып қаралайды. Олардың алдында ақталма! Себебі, күнге күйе жағалмайды!
Мен әлемдегі ең керемет ананың перзентімін «Ана» – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы ақ сүтін беріп аялаған жанын да аямаған ардақтысы.
Егер сізді өсектесе, қамықпаңыз. Біліңіз — құрттар тек дәмді жемістерге жабысады!
Неліктен жылаған кезде, адам жеңілдеп қалады?! Себебі көз жастармен бірге қайғы, өкпе мен реніш шығып кетеді.
Реніш кетеді, ашу басылады. Бірақ көңілің ешқашан баяғыдай болмайды
Ең бастысы – өзіңе сен. Маңыңдағы адамдардың көзқарасы күнде өзгереді
Ауыздан шыққан әрбір сөзге ие бол.Ол сөз – біреудің кеудесін тесер оқ болса, енді біреуге жан-жарасын емдейтін шипа болады.
Адамның санасы қаншалықты төмен болса, ол мұрнын соншалықты аспанға шүйіреді.
Ұлың болса ұрының үстінен күлме! Қызың болса жезөкшенің үстінен күлме!
Кедейге күлме, сақауға сауал беріп,күліп жауап күтпе! Кереңді керең деме, жындыға тас атпа, қайтымы болады, күнәға батпа! Жылап жүрген бейшараға күлме, алдыңнан келуі ғажап емес. Шын ниетпен жақсылық жаса, қайтымын күтпе! Біреудің киіміне қарап өз бағаңды көтерме, мүмкін оның жан дүниесі бағалы шығар! Сені жаратқан Алла оны да жаратқанын есіңнен шығарма! Ешкім ешкімнен артық емес!
Біреуден жәбір көрген жанның дұғасын Алла қабыл етеді! Ешкімге тіліңмен де, іс-әрекетіңмен де зияныңды тигізбе!».
***
«Бай – байға, сай – сайға құяды» деген мақал бар. Бір жағы бұл мақалда бизнестік мән басым сияқты. «Бизнес» деп бүгінгі тілмен айттық. Болмаса ол сөздің байырғы тілі – сауда-саттық қой. Біз бұл мақалда бизнестік мән басым дегенді «құяды» деген сөзге қатысты қолдандық. Шынтуайтына келгенде, байға бай өз дүниесін қайтарымы болатын болған соң құяды. Егер мақалда ондай мән болмағанда, онда «құядының» орнына, «береді» деген сөз қолданылар еді. Бұл – бір.
Екіншіден, мақал мәнін негізінен екінші жол ашып тұр. Ол: «Сай – сайға құяды» деген тіркес. Енді сауал. Неге сай сайға қүяды? Себебі, сайда тойым бар. Сонымен қатар ол жоғарыға емес, өзінен төменге құяды. Ал бай, жалпы қай бай да өзінен жоғары тұрғандарға құрмет көрсетіп бағады. Соған орай аталарымыз: «Екі бай құда болса –арасында жорға жүреді, Екі жарлы құда болса – арасында дорба жүреді, Бай мен жарлы құда болса – айырылыса алмай зорға жүреді» деген.
Себебі, «Қалтасы жұқа адам кедей емес, көпті қалайтын адам кедей» деген Сенеканың сөзіне ешкім де мән бермейді. Егер мән берсе, кім де болсын «Кедей – жомарт» деген бабаларымыз даналығы мәніне көз жеткізер еді. Болмаса, Бион айтпақшы: «Көзі тоймайтын жандар өз байлығына көп қарайды, ал, жаратуға келгенде өзгенің дүниесіндей қорқады». Сірә, Клод Гельвецкий: «Егер бай болғыңыз келсе, қызғаншақтықтан аулақ болыңыз» дегенді соларға қарата айтса керек.
Жалпы бай мен кедейге қатысты түсінік әр елде әрқилы. Мәселен еврей халқы: «Егер құдай кедейді сүйсе, ол кедей болмас еді» дейді. Соған орай болса керек: «Кедей туыстар – алыс туыстар» деп қояды. Соған қарағанда олар Сенеканың: «Қалтасы жұқа адам кедей емес, көпті қалайтын адам кедей» деген даналығын қабылдай қоймайтын тәрізді. Енді қалай десек те көп нәрсе адамның өзіне байланысты екендігі рас қой. Бұл тұрғыда аталарымыз: «Жарлы атанар жігіт – байталын атқа айырбастайды,
Жалғыз қалар жігіт – ағайынын жатқа айырбастайды» деген. Содан болса керек: «Бай байлығын Құдайдан көрсе,
Кедей кедейлігін байдан көреді».
Ал құдайшылығын айтқанда:
«Бай да мінер бір атқа,
Кедей де мінер бір атқа.
Сабыр түбі – сары алтын,
Сабырлы жетер мұратқа» де-ген даналыққа кім де болсын бас шұлғығаны жөн. Соған орай аталарымыз: «Ай – ортақ, қайырлы болса – бай ортақ» деген. Түптеп келгенде, Иүгінеки Ахмед айтпақшы: «Бай болу, кедей болу – тағдыр ісі».Солай бола тұра: «Бай қанша кедейленсе де, талтаңдауын қоймайды.
Кедей қанша байыса да, жалтаңдауын қоймайды».
Қорыта келгенде айтарымыз, бай мен кедейді теңестіретін – иман. Себебі… Ол сөзді хакім Абай айтқан екен. Ендеше біз де айтар ойымызды сол сөзбен түйіндейік:
«Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі
Тән қалып, мал да қалып,
жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?».
***
Тілімізде бақытқа қатысты айтылған мақал-мәтелдер аз емес. Қанатты сөздер де баршылық. Соның бәрі бақыт мәнін ашуға қызмет етеді. Әйтсе де бақытты танып-білуге деген түсініктің әрқилы болуына байланысты айтылар ой да әрқалай болып келеді. Мәселен «Өнерлі қол — бақытқа жол» деген мақал бақытқа жету жолы еңбекте тұрғанын аңғартса, «Бақыт шыбын сияқты – бірде гүлге қонса, бірде көңге қонады» деген мәтел кімді де болсын философиялық ойға шомдырады. «Ер бақыттың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі» деген мақал да осы ойға үндес. Сірә, бақыттың қүсқа телінетіні содан болса керек. Дегенмен бұл тұрғыда нақтылы мәнге ие мақалдар да бар. Мәселен: «Өзін өзі білген ер бақытты, өзін өзі билеген ел бақытты» деген мақалдың айтар ойы анық. Дегенмен «Өзін өзі білген ер» дегенге шамалы түсінік қажет. Жалпы адам рухты танығанда өзін біледі. Сонда ғана ол ерді әруақ жебейді. Ел де сол сияқты. Қай ел де өзін танығанда тәуелсіздікке қол жеткізеді. Әрине, ондай ел бақытты болады. Соған орай Білге қаған: «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген.
Жалпы байырғы қазақы түсінікте бақыт дегеніміз:
«Азын-аулақ малың болсын,
Орта ғана халың болсын,
Кіршіксіз арың болсын,
Жүк көтергіш нарың болсын,
Басың аман, денің сау болсын —
Бақыт деген сол».
Себебі:
«Бақыт кетсе басыңнан:
Әуелі досың мен құдаң кетер.
Бидай еккен жеріңе
Мия мен тікен бітер.
Бақыт, байлық басыңа қайта оралса:
Кеткен достар әр жерден жылмаң етер». Соған орай ата-бабаларымыз мынандай дала философиясын өмірге әкелген:
«Бақыт – қолға қонған құс.
Байлық – қолға ұстаған мұз.
Құс ұшып кетеді
Мұз еріп кетеді,
Дүниенің қызығы – сіз бен біз».
Бірақ қалай десек те Владимир Короленко айтпақшы: «Құстың ұшу үшін жаралғаны сияқты, адам да бақыт үшін жаралған». Бірақ сол бақытқа қол жеткізу жүдә қиын дә. Бұл тұрғыда Мұқағали Мақатаев былай дейді:
«Қарға адым жерде тұр еді.
менің бақытым,
Ұстай алмадым,
Өткізіп қойып уақытын.
Сансырап, шаршап жүргенде,
Біреу тап келіп,
Қақты да кетті,
Айылы мықты, аты тың.
Тұратын еді,
Қол созым жерде, қарға адым
Қамсыздығымнан, қайтейін,
Ұстай алмадым.
Ғанибет етіп, тірлікке
мына алданып.
Өлген жоқ бірақ, бақытқа
деген арманым.
Ырзамын өзім
тіршілік етіп жүргенге,
Кімдерге жақпай.
Аяулы болып кімдерге
Бақыт дегенің — өмір кешу
ғой білгенге,
Келуі де оңай,
Кетуі де оңай бір демде…».
Демек, адам баласының мына өмірде тіршілік етуінің өзі бақыт екен. Бірақ кім де болсын тұтастай өмірін бақытқа балай алмайды. Ол өзі бір сол ұзақ өмір жолындағы «қас-қағым сәттер» дегенге келетін тәрізді. Бұл орайда Марк Твен: «Балалық шақта бақыт алдымыздан күтіп тұрғандай көрінетін, қартайғанда оның тек өтіп кеткендігін сезінумен ғана шектеледі екенбіз» дейді.
Жалпы Николай Рерих айтпақшы: «Бақытты жанның жанында дос болмайды. Бақытты кезінде адам өте жоғарыда жүреді, ал біздің жүрегіміз тек төменде ашылады».
Соған орай аталарымыз:
«Бақытың артқан шағыңда,
Жапалақ салсаң, қу ілер.
Бақытың тайған шағыңда,
Сұңқар салсаң, аз ілер» деген.
Алайда бұл да материялды түсінік. Бақыт туралы рухани түсінікті Блез Паскаль айтыпты. Ол кісі:
«Адамдардың үш тобы бар: бірінші топ Жаратушысын іздеді және тапты. Бұлар ақылды әрі бақытты адамдар. Екінші топ Жаратушысын іздеп жүр , бірақ тапқан жоқ. Бұлар ақылды, бірақ әлі бақытсыз адамдар. Үшінші топ Жаратушыны іздеп те жүрген жоқ, тапқан да жоқ. Бұлар бақытсыз әрі ақымақ адамдар» дейді.
Бұл даналыққа да еріксіз бас шұлғисың. Себебі, рухани көкжиекке екінің бірі көтеріле бермейді. Ол жол өте қиын. Соған орай Далай-Лама:
«Егер Құдай сені бақытты еткісі келсе, қиын жолдармен жүргізеді. Өйткені бақытқа оңай жолмен жету мүмкін емес» дейді.
Сірә: «Бақытты сырттан емес, жүрегіңнен таба біл» дегенді Аристотель соған орай айтса керек. Егер жүректегі бақытты таба білсек бар ғой, онда хакім Абай айтқандай:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», – екендігіне кімнің де болсын көзі жетеді. Түйінді сөз осы. Әйтсе де Аристотельдің: «Қанағаты бар адамға бақыт бұйырған» деген даналығын қаперге ала отырып, осы ойды өлең тіліне түсірген Мұхтар Шахановтың бақыт туралы өлеңін назарларыңызға ұсынамыз:
«БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?»
Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған,
Жомарттығы өзгелердің ырысынан жасалған.
Талайларға байлық жинау болса дағы бас арман,
Кейде Бақыт байларға да қолын бермей қасарған.
Әлде Бақыт сұлулық па, олай дейін десем мен,
Сұлулар жүр бай аяққа кілем болып төселген.
Әлде Бақыт билік пе екен қылыш мүдде ұстаған,
Тіпті қайсар қырандары рұхсатсыз ұшпаған,
Жағымпазы сырт көздерді шошындырып сұрқымен,
Бастығының көн етігін шөткелеген мұртымен.
Шын парасат иелері бірақ оған бармаған,
Олар өзін жаудан бұрын жағымпаздан қорғаған.
Иә, биліктің қадамы тоқ, қамалы жоқ алмаған,
Кей қасқалар биліктен де бақыт таппай сорлаған.
«Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене
Көрсет маған, құшақтайын, көтерейін төбеме»
Деп едім мен, дәл сол сәтте ойы, бойы сымбатты
Әбден қажып шашы ағарған ШЫНДЫҚ келіп тіл қатты:
– Бақыт дәйім санасы мен ұғымында әркімнің
Қанша ғасыр осыны елге ұқтыра алмай сарқылдым.
Қане менің соңымнан ер…
Мынау үйге қарашы
Нақ осы үйде жүріп жатыр Бақыт пен Сор таласы.
Yй иесі – жас жұбайлар тілек, ойы қосталған,
Билік, байлық қатар қонып, иықтымен дос болған.
Бірін-бірі сүйгенімен көңілдері тобасыз,
Тобасыздың есігінен кірген ырыс бағасыз.
Келген әрбір жақсылыққа игіліктің басы деп
Шын жүректен қуана алмау – ең қауіпті қасірет!
Солай, солай… Енді, ақыным, мұнда бұрыл деп мені
Шындық тағы ертіп барды жұпыны үйге шеткері:
– Терезеден қара – деді, жақын тұрып қарадым,
Төрде отырған қос жұбайға түсті кенет жанарым.
Бөлме іші тым қарапайым, ортада ақ дастархан
Дастарханда тек қара нан, қос түйір қант тасталған…
Күйеуі айтты: жалақы алдым, ертең базар баралық
Саған, жаным, ерекше әсем көйлек іздеп табалық!
— Көйлегім бар, — деді әйелі
(қабағына мұң қонды) —
Бір бешпетпен жүрсің өзің, міне, қанша жыл болды…
Екеуі де менен бұрын оған шаттық қонса деп,
Алдыменен ол қуансын, оның көңлі толса деп
Бір-біріне сый ұсынып, бірін-бірі жақтады,
Бірін-бірі ардақ тұта ортақ ойға тоқтады.
Көрші аулада баласы өлген жалғыз кемпір бар екен,
Шетсіз, шексіз кең дүние ол сорлыға тар екен.
Бұлар қатар шуақ төге ізетті іске өрісті
Сол кемпірге қыстық киім әперуге келісті.
«Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?»
Деп қиялдап әр биіктен көрсетіппіз бекер бой,
Қымбаттым-ау, сөйтсек бақыт қанағатта екен ғой.
Егер бүгін аласарса мекеніңнің шоқтығы,
Оған себеп, қанағатсыз адамдардың көптігі…
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
О, тәңірім,
Қанағатпен басар болса аптығын,
Мүмкіндік бер қадірлеуге жауымның да шаттығын!
***
Қазақ атам айтқан даналықтың бірі — «Аңқау елге – арамза молда» деген мақал. Бұл өзі мақал дегеннен гөрі, ұлттық идеология дегенге келіңкірейді. Жалпы қай мақал-мәтелдің де ұлтқа атқаратын қызметі бар. Себебі, мақал-мәтелдер – бір халықтың өмірлік тәжирибесінен жинақталған мәйек сөздері. Алайда біз оны негізінен сөз айшықтары деп түсінеміз. Соған орай: «Сөздің көркі – мақал» деп қоямыз. Мән берсек ол сөздің ғана емес, өмірдің де көркі. Сондықтан да ендігі жерде мақал-мәтелдерге жаңа көзқарас қажет. Себебі, біз оны ұлттық қазына ретінде бағалай бермейміз. Мәселен, әлемдік бір ұлы тұлғаның аузынан шыққан қанатты сөзін біреу иеленіп көрсінші, сол сәтте-ақ дау-дамай шығар еді. Шынтуайтына келгенде, әлем жұртшылығы әлдеқандай көріп жүрген әлгіндей ұлылардың сөзі қазақ мақал-мәтелдерінің қолына су құюға да жарамайды. Оған өз мақалдарымыз мәніне үңілу барысында көзіміз жетті. Тіпті аталарымыз айтқан бір мақал мәнін ашу үшін әлгі әлемдік тұлғалар айтқан сөздерді іздеп, қоңыз теріп кете жаздадық. Қаншасын түкке алғысыз етіп тастағанымызды айтпай-ақ қоялық.
Енді сауал. Осы біз біреудің қаңсығын қашанғы таңсық көреміз? Бұл сауалға сөз басында келтірген «Аңқау елге – арамза молда» деген мақал жауап береді.
Сонымен қойылған сауал жауабы айқын. Себебі біз аңқау елміз. Ал ел дегеніміз – мемлекет. Сондықтан да ондай аңқау елді кім көрінген басынғысы келеді. Басынғандықтан да бізге билігін жүргізу үшін арамза «молдаларын» жібереді. Біз молда сөзін әдейі тырнақшаға алдық. Себебі молда – жалпы атау. Мән берсек, ондай арамзалар барлық салада бар. Олардың негізгі қызметі – адам иманын ұрлау. Соған орай біз молданы – оқыған сауатты адам деп түсінеміз. Сонда сыртта арамзаларды дайындайтын арнайы жоғары оқу орындарының бар екендігі мәлім болады. Кейін ондай мектептер біртіндеп өз ішімізде де орныға бастады. Ал біз ол мектептердің шынайы мәніне ешқашан бас қатырған емеспіз. Себебі… Дұрыс. Аңқаумыз. Оның үстіне бұл кезде «арамза молдалар» құзыретті күшке айналып үлгерген. Соған орай Мақтымқұлы былай дейді:
«Молдалардың ілімменен ісі жоқ,
Бір-бірімен айтысады кісінеп,
Пиғыл жаман, түсінетін кісі жоқ —
Ақырзаман қалмады ма жақындап?»
Ұғынықтылық үшін айтайық. Бәріміз білеміз. Өмір – текетірес. Текетіресетін: ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, нәпсі мен рух, періште мен шайтан, адал мен арам… Осылай жалғастыра беруге болады. Енді осыдан кейін қазақ атам қаперге алған мақалдағы «арамза молданың» кімге қызмет ететінін өздеріңіз-ақ бағамдай беріңіздер. Сондықтан да кімді де болсын сыртына қарап бағамдауға болмайды. Соған орай Тұрмағамбет Ізтілеуұлы:
«Адамы бұл заманның әрбір түрлі,
Сөзі жұмсақ, жайдары сегіз қырлы.
Осындай сырты ажарлы болса-дағы,
Зәррә қарар ағы жоқ, іші кірлі.
Іші зұлмат болған соң, керегі жоқ,
Қаншама болса-дағы жүзі нұрлы» дейді. Адам баласының «қарар ағы жоқ іші кірлі» болатындығының себебін Қарасақал Ерімбет былайша түсіндіреді:
«Тура жол, қисық жолға салмақ үшін,
Періште шайтанменен бізге талас.
Қылады осуасы адамзатты,
Азғырып тура жолдан лаһин ханнас»
Бойымызда шайтан бары рас. Ешкімге өкпе арта алмаймыз. Себебі, Сейітжан Бекшентайұлы сынды:
«Ғапылықпен өткіздім,
Басымнан тұман арылмай.
Арқалап жүріп семірттім,
Әзәзіл, шайтан, залымды-ай» дегенді біз де айтамыз. Айтып қана қоймай, барша халықты тура жолға бұрғымыз келеді. Бірақ Дүр Оңғардың:
«Мына заман жылдан-жылға түрленіп,
Нәпсі қаулап, кеуіл сарай кірленді.
Барша халық мазақ етіп күледі,
Ақ жолында иман іздеп жүргенді» дегені біздің де басымызға келіп тұр. Әйтсе де бұл күрес тоқтамақ емес. Сондықтан біз ең әуелі әлгі «арамза молдалардың» кімдер екендігіне көз жеткізуіміз керек. Көз жеткізгенде, олардың кімдер екенін бізден бұрын хакім Абай айтып қойған екен. Оқып көрелік:
«Кейбірі пірге қол берген,
Іші залым, сырты абыз.
Кейбірі қажыға барып жүр,
Болмаса да қажы парыз.
Мұсылмандық ол ойлап,
Өтеген қашан ол қарыз?».
Хакім Абайдың «арамза молдаларға» берген мына анықтамасынан кейін оларды танып-білудің мүлде мүмкін еместігіне көз жеткізгендей боласың. Себебі олар Пірге қол беріп, өздерін тура жолда жүргендер сияқты көрсете алады екен. Тіпті қажыға да солар барады. Осы жерде хакім Абай олардың кәпір екендігін ашық айтады. Себебі қажылық кәпірлерге парыз емес. Сондай-ақ олардың мұсылмандық өзге амалдарды да ешқашан орындамайтындығы осы өлеңде ашық аңғарылып тұр. Әйтсе де біз оған осы уақытқа дейін жете мән берген емеспіз. Болмаса олардың солай екенін қазақ атам: «Аңқау елге – арамза молда» деп баяғыда айтып қойған. Соған орай хакім Абай да:
«Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде» дейді.
***
Мақалдар мәнін саралағанда аңғарғанымыз, көп ұлттың мақал-мәтелдер арқылы айтқан ойы бір-бірімен үндес болып келеді. Мәселен біз:
«Шақырмаған жерге барма,
Шақырған жерден қалма», -десек, татарлар: «Шақырған жерге ерінбе, Шақырмаса көрінбе», дейді. Себебі: «Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады». Бұл да бабаларымыздан жеткен даналық.
Жалпы біз қонақжай халықпыз. Соған орай:
«Қонақ келсе есікке ,
Жүгіріп шық , кешікпе;
Қарсы алмасаң қонақты ,
Кесір болар несіпке», — деп те қоямыз. Себебі аталарымыз:
«Қонақ келсе есіктен
Пәлекет шығар тесіктен», — деген. Соған орай пейілді де кеңге саламыз. Пейілді кеңге салатынымыз: «Қонақ ырыздығын Тәңір жеткізеді». Оның үстіне бізде «Қырықтың бірі — қызыр» болатындығына деген сенім бар. Соған орай:
«Қызырлы қонақ қыдырып келер,
Қызыры артынан шұбырып келер», — деп те қоямыз.
Әйтсе де аталарымыз:
«Қонақ таңертең – алтын,
Түсте – күміс,
Кешке – мыс» — дегенді де айтқан екен. Сірә:
«Қонақ бір күн қонса – құт,
Екі күн қонса – жұт,
Үшінші күні – зыт», – дейтіні де содан болса керек. Осыған келетін ойды еврей халқы да айтқан екен. Олар: «Қонақ пен балықтың үш күннен кейін исі шыға бастайды» дейді. Біз: «Шақырылмаған қонаққа шайдан өзге тамақ жоқ», — десек, еврей халқы: «Қожасы көп үйдің қонағы аш жатады» деп қояды.
Жалпы: «Мен сені көруім үшін сөйлегін» деп Сократ айтпақшы, қай мақал-мәтелден де ұлттық болмыс аңғарылып тұрады. Оның үстіне біз мұсылманбыз. Мұсылман болған соң, әрине, пайғамбарлардың өмір салты бізге өнеге. Мәселен Ибраhим пайғамбар үйіне қонақ кемесе, алдындағы дәмге қол созбайтын болған. Себебі қонақ — үйге келген жын-жыбыр, бәле-жаланы аластайды.
Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедке (сғс) бір әйел күйеуінің қонақ шақыра беретіндігіне шағымданып келеді. Сонда оған Пайғамбарымыз: «Бүгін біз сіздің үйге қонаққа барамыз» дейді. Айтқандай сол үйде қонақта болып, қайтарда әлгі әйелді өзімен бірге есік алдына алып шығады да: «Енді үйіңізге көз салыңыз» дейді. Сонда әйел қонақтармен бірге үйінен не бір құбыжықтардың қашып шығып бара жатқанын көреді.
Біздің де ас дәмдісін қонаққа ұсынатынымыз сондықтан. Мәселен бірде Пайғамбарымыз үйінде жүзім жеп отырады. Ол кісінің жүзімді төменгі жағынан бастап жеп отырғанын аңғарған жұбайы Пайғамбарымыздан жүзімді бұлай жеуінің себебін сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Жүзімнің төменгі жағы ұсақ, әрі қышқылтым екен. Ал жоғарғы жағы ірі, әрі дәмді болғандықтан үйге достарымның бірі келіп қалса, соларға ұсынармын деп жемей отырмын», — дейді. Сірә біздің де: «Қонақ қойдан жуас, май берсе де жей береді» деп қоятынымыз содан болса керек. Себебі қазақтың қай қонағы да тек май (өз аузынан жырып алып қалған ең тәтті дәм) жейді. Ол – қонақтың сыбағасы.
***
1 сәуір – күлкі күні. Себебі, күлу – адами болмыс. Сондықтан да оны (орынды күлкіні) дініміз де, дәрігерлер қауымы да қош көреді. Мәселен, күлкінің шипалық қсиеті туралы Кристоф Вильгелм: «Барлық дене қимылдарының ішінде — күлкі ең келістісі, ол ас қорытуға, қан айналымына қолайлы әсер етіп, барлық ағзалардағы өмірлік күшке серпін береді», — дейді . Әйтсе де күлкінің де күлкісі бар. Соған орай күлкі туралы айтылар мақал-мәтелдер де әрқилы. Бұл орайда Сейіт Кенжеахметұлы: «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім», — деген.
«Қалай күлгеніне қарап кісінің – әдептілігі, неге күлгеніне қарап – оның ақыл-өрісі танылады» демекші, қазақ атамыз айтқан үш арсыздың бірі – күлкі. Оны төменде біз келтірген бірқатар мақал-мәтелдерден де аңғаруға болады. Олар: «Малсызға малға балап ұйқы берер, арсызға арға балап күлкі берер», «Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас», «Санасы жоқ – ұйқышыл, ақылы жоқ – күлкішіл», «Ит мезі болса үреді, кісі мезі болса күледі» «Орынсыз күлкі – ұрыс шақырар», «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиреніш қоздырады».
Жалпы күлкіге қатысты мақал-мәтелдерді саралағанда аңғарғанымыз, ата-бабаларымыз күлуге жете мән берген екен. Содан болса керек, тілімізде қолданыста жүрген күлкінің түрлері жүдә көп. Олар: қарқылдап күлу, тарқылдап күлу, сақылдап күлу, жырқылдап күлу, кеңкілдеп күлу, селкілдеп күлу, сықылықтап күлу, жымиып күлу, кекесінмен күлу, миығынан күлу, мысқылдап күлу, мырс-мырс күлу, өтірік күлу, жылмиып күлу, сыпайы күлу, ішек-сілесі қатып күлу, мазақтап күлу және бос күлкі, бояма күлкі, орынсыз күлкі немесе кісі қадір-салмағына лайық мәнді-мағыналы күлкі т.б.
Осы ыңғайдағы күлкі түрлеріне Әбіш Кекілбаев ағамыз да жете мән беріпті. Мәселен Әбіш ағамыз шығармаларында кездесетін күлкі түрлері былай болып келеді: тәкәппар күлкі, жұмбақ күлкі, сиқыр күлкі, монтаны күлкі, жымсиған күлкі, болмашы күлкі, жымың күлкі, жымысқы күлкі, күмілжі күлкі, сылқ-сылқ күлкі, ду-ду күлкі, қыран-топан күлкі, қылмыңқылмың күлкі, жымың-жымың күлкі, бүлк-бүлк күлкі, ашық күлкі, ұры күлкі, сілімтір күлкі, жымиған күлкі, қарқ-қарқ күлкі, әдемі күлкі, сыпайы күлкі, қақақу күлкі, сақ-сақ күлкі, дуылдаған күлкі, кекесін күлкі, тыжырынған күлкі, жексұрын күлкі, қарқылдасқан күлкі, жайдары күлкі, жайраң күлкі, қуақы күлкі, кеукеу күлкі, лақылдақ күлкі, сылқылдақ күлкі, лекілдек күлкі, мәз-мейрам күлкі, марғау күлкі, масаттанған күлкі, зірк-зірк күлкі, т.б. Күлкінің мәні туралы хакім Абай да артына сөз қалдырған. Мәселен бір өлеңінде:
«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін,
шын күлерлік,
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат», — десе, келесі өлеңінде:
«Жастықта бір күлгенің — бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық.
Той болса, тон киелік, жүр, баралық,
Бірімізді біріміз аударалық.
Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,
Күлкіні онша күйлеп, шуламалық», — дейді.
Осы ойын қара сөзінде былайша түйіндейді:
«Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкінің өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат етіп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау – құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен келмейді, қолдан жасап, сырты менен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі».
«Сүтке сүт қасылса – сүмесін, сөзге сөз қосылса – демесін», — демекші, тілімізде күлкінің әзіл, оспақ, әжуа, сықақ, қалжың, келеке, кекесін, келемеж, мазақ, мұқату, мошқау, шенеу, қағытпа секілді толып жатқан реңктері бар. Олардың бәрі де күлкінің түрлері болғанымен мәні әрқилы. Соған орай күлкі түрлерін білу және күле білу әр адамның өз ортасында абыройлы болуына септігі тиері кәдік. Сондықтан да күлейік, бірақ орнымен күлейік. Соған орай Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Көп күлме, өйткені күлкі жанды өлтіреді» десе, хакім Абай өзінің төртінші қара сөзінде: «Әрбір байқаған адам білсе керек; күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек…», — дейді.
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) қатты күліп отырғандардың қасынан өтіп бара жатып: «Менің білгенімді сендер де білгендеріңде, күлмей, жылар едіңдер», — деген екен. Ал Омар ибн Хаттаб (р.а.) болса: «Кімнің күлкісі көбейсе, айбаты азаяды, кім көп қалжыңдаса, абыройы азаяды, кім бір әрекетті көп қайталаса, сонымен танымал болады, кімнің сөзі көбейсе, қатесі көбейеді, қатесі көбейгеннің ұяты азаяды, ұяты азайғанның тақуалығы азаяды, тақуалығы азайғанның жүрегі өледі, өйткені күлкі кісінің ахиреттен бейхабар екендігін көрсетеді» – депті.
Қалай десек те Марк Твен айтпақшы: «Адамзат ең қуатты қаруға ие, ол — күлкі». Соған орай Гёте:
«Адамдардың мінезі олардың нені күлкілі санайтындарынан бәрінен гөрі жақсы көрінеді», — дейді. Бұл тұрғыда Ф. Достоевский де: «Кей адам күлкісімен әбден сыр алдырып қояды, сіз табан астында оның бүкіл қатпар-қалтарыстарын біліп аласыз. Тіпті даусыз ақылды күлкі де кейде жиіркенішті болады. Күлкі ең алдымен шынайылықты талап етеді», депті.
Жалпы: «Итпен ойнасаң — үрерсің,
Баламен ойнасаң — күлерсің», — демекші, біз де күлкіге қатысты әңгімені осымен доғарып, сөз соңын Мұқағали Мақатаевтың:
«Ақылыңа айырбаста күлкіңді,
Қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?!
Бейқам күліп өспеген соң өз басым,
Бос кұлкіні ұнатпаймын бір түрлі…» – деген өлең жолымен түйіндегенді жөн көрдік.
***
Патша – шексіз билік иесі. Біз кезінде ол билік құзыретіне де бас иген қалықпыз. Оның үстіне «Патша — Алланың жердегі көлеңкесі» деген де хадис бар. Алайда ол «көлеңке» мәнін түсініп жатқан адам аз. Себебі… Себеп көп. Ең бастысы, біз бүгінгі билік иелерін патшаға баламаймыз.
Жә, ол бөлек әңгіме. Мақалымызға келейік. Әуелгі мақал:
«Патша залым болса, жұрт тозады,
Патша ғалым болса, жұрт озады».
Бұл мақал мәнінен халықтың патшадан биік тұрғанын аңғаруға болады. Әйтсе де: «Патшаң соқыр болса бір көзіңді қысып өт» деп те қоямыз. Себебі, біз биліктің халықтың пейіл-ниетіне сай келетініне сенген халықпыз. Оның үстіне Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар» деген.
Мынандай бір тәмсіл бар. Омаядтар дәуірінде елді Хажжаж деген бір залым патша басқарған екен. Әлгінің залымдығы сондай, елді қан қақсатыпты. Шыдамы таусылған халық оған: «Ислам елінің патшасы ретінде хазреті Омар сынды әділ болыңыз» деп өтініш айтыпты. Сонда Хажжаж оларға: «Сендер Омар заманындағы халық секілді болғандарыңда, сөзсіз, мен де Омар секілді болар едім»,– деген екен.
Сірә Қожа Ахмед Яссауи бабамыз: «Заман азар уағында — патша айналар залымға» дегенді соған орай айтса керек. Алайда бәріне тарих төреші. Бұл тұрғыда Мұстафа Шоқай:
«Тарих рақымсыз. Ол – ғұламаны да, бiлгiрдi де, өнер иесiн де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердiң бәрiн езiп-жаншып жүре бередi. Тарих заңдары керi қайтуды бiлмейдi және оны жаратпайды», – дейді.
Соны білген аталарымыз: «Бөтен елге патша болғанша,
Өз еліңде шопан бол», — деп қояды. Себебі, тағы бір даналығында айтқандай:
«Бақа – көлінде патша,
Балық – суында патша,
Жігіт – елінде патша».
Көрші болған соң ба, қырғыз халқының мақал-мәтелдері де бізбен үндес келеді. Мәселен олар бұл тұрғыда: «Тақ үшін соғысқан патшаға емес, жер үшін соғысқан патшаға қызмет етіңдер», — дейді. Соған орай біз де: «Патша дана тұлға болғанда дүние шырайлана түспек», — деп қоямыз. Себебі, Шал ақын айтпақшы:
«Тәңірі алдына барғанда бәрі бірдей,
Патша болып мінсең де алтыннан тақ».
Жалпы қалай десек те Артур Шопенгауэр айтпақшы:
«Өмір сахнасындағы патша, уәзір, қолбасы, әскер, қызметші және басқалар сыртқы ерекшелік жағынан ғана бір-бірінен өзгеше, ал, түрлі образдардың мәні бірдей: жұрттың бәрі әлденені аңсаған және өз тағдырынан алаңдаған актер».
Соған орай біз негізінен шын патшаны Құдайдың өзі деп білеміз. Сондықтан да хакім Абай:
«Патша құдай, сыйындым,
Тура баста өзіңе», — дейді. Себебі, халықтың билікке айтар арман-тілегін қай кезде де ақындар жеткізген. Бұл тұрғыда Қадыр ағамыз былай дейді:
«Қанша аруақ аты түгел аталмаған!
Жалтарсам,
Қарайды олар қатал маған.
Тұрғанда ақын тірі
Ешбір патша,
Ешбір хан
Тыныш ұйықтап жата алмаған!».
Осыған үндес ойды неміс халқы да айтыпты. Олар:
«Өсер елдің ақыны көп,
Өлер елдің әкімі көп», — дейді.
Бұл ойды хакім Абай:
«Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» — деп түйіндейді.
Қорыта келгенде Платон айтпақшы:
«Патша дана тұлға болғанда дүние шырайлана түспек».
Біз келтірген мақалдар мәні де осы ойға саяды.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.