ЕСІМІ ЕЛЕНГЕН ЖАС КӘСІПКЕР
15.05.2020 0 2 328
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі
Сырым ЕРТАЕВ
2017 жылдың сәуірінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланып, онда көтерілген келелі мәселелер халықтың ерекше қолдауына ие болды. Осы мақалада келешек ұрпақтың үлгі алуына, әлемдегі озық елдермен иық тіресе алатын, бәсекеге қабілетті, заманауи Қазақстанды танытатын «100 жаңа есім» жобасы ұсынылған. «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» дей келе, Елбасы «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп ескерткен болатын.
Содан бері «100 жаңа есім» жобасын қалың қауым іліп алып кетті. Республикаға танымал үздіктермен бірге, әр өңірдің, облыстың, ауданның, ауылдың, тіпті ұжымның үздіктерін анықтау сияқты шаралар да көрініс берді.
Бұрын ел ішінде адал еңбектерімен тапқан дәулетін қайырымдылыққа арнаған тұлғалардың көпшілігі өздерінің атын шығаруға құмартпай, елеусіз қалып келген болатын. Жан дүниесі бай, адамгершілігі мол жандардың көпшілігі қарапайым болып келеді. Ал бұл жоба арқылы халық осындай игілердің «жақсылығын айтып, нұрын тасыта алатын», солайша өз ризашылықтарын білдіретін тамаша мүмкіндік. Соңғы жылдарды жүз есімді анықтау мақсатында әр өңірден ағылған ұсыныстар, елімізде дарынымен, білімімен, еңбекқорлығымен, қамқорлығымен, адамгершілігімен айналасын мойындатқан тұлғалардың көбейіп келе жатқанын дәлелдейді. Бұған қалай қуанбассың?
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. 2017 жылы 102 жеңімпаз анықталса, 2018 жылы – 29, 2019 жылы – 32 адам жеңімпаз атанды.
Білім-ғылымы толысқан үздік-терді үлгі етіп, халыққа насихаттайтын жобаның ішінде Түркістан топырағынан туғандар да баршылық. Осы жоба арқасында қазір бүкіл республикаға танымал болған сондай жанның бірі туралы сөз қозғамақпыз.
Қазық жұрт – Қазығұрт тауының етегі бүгінде дүбірлі де думанды. Дүбірлі болатыны-мұнда ала жаздай, тіпті жыл он екі ай еңбек ырғағы бір толастамайды. Думанды болатыны-бесенеден белгілі, қасиетті жерде тұрғандықтан ба, осы өңірдің адамдары өнерге өлердей ғашық, әу демейтін жан таппайсыз.
Халқына берекелі, думанды өмір сыйлап отырған құнарлы да, шұрайлы өлке. Мұндай тамаша өлкенің тұрғындарының жасынан жасамысына дейін еңбек пен тірліктің қадірін жақсы біледі. «Қазығұрт» атауының ең ежелгі түркілік нұсқасы – «қаңғұқ-урт» болған деседі. Мұндағы «Қаңғұқ» (қуыс, үңгір, шұңқыр) сөзі «бастапқы тіршілікті жаратқан құрсақ, Ұлы ана» дегенді білдіретіні айтылады. Тағы бір пікір бар. «Қазығұрт» атауы «Қазық» сөзіне «йурт» (жұрт) деген сөз тіркесу арқылы жасалған, яки адамзаттың «Қазық жұрты» дегенді білдіреді. Мұнда небір дүлдүлдер ғұмыр кешкен. Қазір де атағы алысқа кеткен атпал азаматтар аз емес. Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген дала қаһармандары қаншама! Солардың бірі-«Қайып ата» ЖШС-інің директоры Сырым Ертаев. Қарапайым ғана кәсіпті диірменше шыр айналдырып, үйіріп жүрген оның атағы бір-ақ күнде аспандап шыға келді. Тіпті, жас кәсіпкердің өзі де алғашқыда бұған айран-асыр қалған. Мұндайлық мәртебеге мыңнан жалғыз ғана ілігеді. Осы ретте Елбасы сөзі еске түседі. «Ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістіктерінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр» деп еді көреген көшбасшымыз. Сырымның да айтар сыры көп, оның да тағдыры әр алуан. Әуелі ол кәсіпкерлікке қалай келді? Табысқа жетуінің құпиясы неде? Міне, әңгіме желісін осы жерден таратқан жөн.
Сырым Махамбетұлы «Қайып ата» ЖШС директоры қызметін атқарып жүрген азамат. Ол сондай-ақ мүмкінідігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, қаржылай көмек беріп жүр. 1982 жылдың 22-ші қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округінен «Мал сою бекеті» және «Ет өнімдерін тереңдетіп өңдеу цехы» құрылысын 2014 жылдың қазан айында бастап, 2016 жылдың шілде айында іске қосқан. «Қазақстан Халық Банк» АҚ ОҚФ-нан құрылыс жұмыстарына 231 миллион теңге, құрал жабдықтар алуға 115 млн.теңге несие қаржы алынып, бүгінде белсенді түрде жұмыс атқарып келеді. Жоба қуаттылығы күніне 30 тонна өнім өндіріліп, 28 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген.
Рас, ол дәулетті отбасының шаңырағында өмірге келді. «Не « ішемін, не киемін» дейтұғын жағдайы жоқ еді. Бірақ, ол байлықты өз қолымен жасағанды жөн көрді. Жуырда «Рухани жаңғыру» Түркістан облыстық жобалық кеңсесі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген бірегей тұлғалармен жастарды жүздестіргенде Сырым жиналғандармен өз тәжірибесін былай деп бөліскен:
«Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мен қаржы көздерін қалай табу керек деген сауалға жауап іздеп, өзімше әрекеттенетінмін. Сыныптас достарыммен бірігіп, алғашқында интернет-клуб аштық. Біздің ойынханада бірнеше компьютер болды. Ауыл балалары осы ойынханада алғаш рет компьютер дегеннің қандай болатынымен танысты. Кейін балалардың барлығы түрлі ойындар ойнайтын болды. Ал, институтты бітіріп келген соң өз кәсібімді ашқым келді.Бұған жастайымнан қолымда бар қаражатпен кез келген істің көзін тауып, одан табыс табуды үйренуім да себеп болған шығар. Сонымен, тағы да сыныптастарымды жинап, сыры беймәлім жұмысқа жегіліп кете бардық. Әуелі аудан орталығындағы мейрамханаларға, асханаларға, ауыл тұрғындарына мал бордақылап, өткізіп жүрдік. Ауылда өстік. Мал шаруашылығымен әке-шешеміз, одан бұрынғы аталарымыз айналысты. Жалпы, қазақ қазақ болғалы малмен өмірін егіз өрбітіп келеді емес пе? Сондықтан, мал шаруашылығын дамытып, қоғам арасында оны кеңінен насихаттауды жөн санадым. Қазіргі айналысып жүрген кәсібіме мен осылай келдім. Түптеп келгенде мен ата-бабалар кәсібін жаңа қырынан дамытушы ғанамын. Тіптен, қораның өзін алғашқында өз жобамыз бойынша жасадық. Қораға күн көзі молырақ түсуін көздедік. Өйткені, күннің көзін, жердің нәрін алған малдың еті құнарлы да дәмді болады. Кейіннен біздің қорамызды көруге келген шетелдіктер қайраң қалысты. «Қораны осылай да жасауға болады екен-ау» деп бас шайқасты, таңырқады. Бұл бір өте күрделі құрылыс жүйесі емес-ті. Бар болғаны қораның күн жолы жағы шыныланған болатын.
Адам арманшыл болуы керек. Армандамаған адамның нақты ұстанымы, ертеңгі күнге жоспары, үміті болмайды. Арман адамның жарық жұлдызы – темірқазығы, нақты бағдары, онсыз алға қадам басу жоқ. Армандаған соң мақсат та, жоспар да құрылады. Осы арқылы көздеген мақсатыңа жете аласың. Кез келген істің өз қиындығы болады. Бірден арманды бағындырып, шыңның басына шығып кеткен ешкім жоқ. Ақ қанат арманға жету жолындағы қиындықтар мен кедергілер адамды шыңдап, бойында жеңіс рухын қалыптастырады. Ең бастысы бастаған істі бүгін бітіру керек. Ертеңге қалдырған еріншектің ісі. Оның жұмысының берекесі жоқ. Шұлғауы қашан да шұбатылып жатады».
Міне, арман арқалаған жастың сөзі. Кездесуде жастардың бизнеске деген әуесқойлығы көптеп оянғанын сезіндік.Олар бизнесті ашу мен бренд қалыптастыруға қалай қол жеткізу керектігі жөнінде де кеңінен сұрақтар қойып жатты. Осы кездесуде жас кәсіпкер кәсіп ашуға ынтасы барларға тегін шеберлік класын ұйымдастырып беруге уәде берген. Ал, жастар қауымы пайдалы кеңес айтып, тәжірибесімен бөліскен Сырым Ертаевқа алғыс айтты.
Ертаев қалай ерекшеленді? Ең әуелі бұл жерде оның қолы ашық меценант екенін айта кетуіміз керек.
Біздің халқымызда тұрмысы төменге қамқорлық жасау, жетімді жылатпау, қайыр сұратпау, сонау атам заманнан қалыптасқан игілікті істердің бірі болып табылған. Қазақ халқында дәулеті асқан, халқын сүйер азаматтар өз қолынан келер көмегін жақыны түгілі бөтеннен де аямаған. Бұндай кең жүректі жандарды халық «Атымтай жомарт» деп ардақ тұтқан. Халықтың арасындағы тұрмысы, денсаулығы нашар отбасыларға көмек қолын созуды біздің кейіпкеріміз де өзінің бір борышты ісі санап келеді. Ол елге жасап жүрген қайырымды істері жөнінде мүлде ауызына алмайды. Шындығында мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, қар-жылай да көмек беріп жүргенінін басқалар білмесе де түркістандықтар жақсы біледі. Сондай-ақ ол көпбалалы, жалғызілікті аналарға баспана салып беріп, бала тәрбиесімен алаңсыз айналысуына жағдай жасап қойғанын шешіліп айта салмайды. Кәсіпкер жылына кемінде 3-4 баспана салып, оны мұқтаж отбасыларға тегін сыйлайды. Қазір ол өз ауылынан да тысқары шығып, көршілес ауыл тұрғындарына да көмек қолын созып жүр. Осылайша, ол әріптестеріне үлгі көрсетуде. Осы тірліктерімен қатар ол кәсіпкерлікті үйренемін деушілерге өз тәжірибесін көрсетуден қашпайды.
Міне, туған жерінде еңбек көрігін осылайша қыздырып жүрген жас ел дамуына да елеулі үлес қосып келе жатқанын былтырғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» айқындалғанда бірақ сезінді. Жалпы, жобаға 1376396 адам дауыс берген екен. Сол дауыстың нәтижесінде «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Ертаев танымалдылыққа кеңінен ие болды.
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген Сырым соңғы жылдары киелі тау баурайын малға толтырған еді. Қазір оның шаруашылығында мал бордақылайтын кешен, жемшөп әзірлейтін арнайы бригада бар. Сырым Махамбетұлы кейінірек Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округінен мал сою бекетін және ет өнімдерін тереңдетіп өңдейтін цех ашты.
Бүгінде күніне 30 тонна өнім өндіретін цех толық қуатында жұмыс істеп тұр. Мұнда 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар ең бірінші сапаға көңіл аударады. Сапа бар жерде табыс бар. Шетелдіктер,әрине, біреудің қаңсығына таңсық емес. Олар қай жерден нені алу керектігін сіз бен бізден кем білмейді.Осы ретте өзгелердің озық тәжірибесінен үйрену, олардың жақсы жетістіктерінен сабақ алу, қанағаттандырарлық істерді қабылдай білу табыс көзі екенін ұмытпауымыз керек. Ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі ретінде де адам жаңалықтарға ұмтылып отыруы қажет. Осы қағидатты басты мұрат санаған серіктестік ұжымы мал сою пункітін ашарда шетелдерді аралап, осы саладағы озық технологиялармен жыға танысты.
Осылайша өздері өндірген өнім-дерді шетелдерге экспортқа шығаруды мақсат етті. Жиған-терген тәжірибе бар, үйренген, көңілге түйген жәйттер бар, соларды ортаға салып сараптай келіп, өл цехтарын іске қосты. Тынымсыз тірлік, үзбей іздену өз жемісін берді. Олардың өндірген өнімдері шетелдерге ағыла бастады. Әуелі Иран елінен сұраныс түсті. Олар қойды алмас бұрын осында келіп, малдың бағым-күтімін көрді. Осыдан соң сұраныстары да көбейді. Бірінші кезекте 10 мың қойды қалап алды. Осыдан соң күніне 2-3 мың қой Иран мемлекетіне жөнелтіліп тұрды. Ирандықтардың ит өлген жерге тегіннен тегін келмейтінін сезген Қытай мен Ресей кәсіпкерлері де Қазығұрт тауын жағалап жүріп, Сырымды тапты. Олар аса семіз малды алмайды екен. Қой әрі кетсе 10 немесе 20 келіден аспауы тиіс. Ал, серіктестік ет сапасына жіті мән береді. Қойдың семіз болғанын қалайды. Сұранысқа орай серіктестік ұжымы олардың тамақтану мәдениетін де зерттеп, зерделеді. Сөйтіп, сұранысқа сай қой жіберуге бейімделді.
Дәл қазір «Қайып ата» ЖШС ет өнімдері экспорты көлемін ұлғайта түсуді көздеп отыр. Корея, Жапония мемлекеттері «құда түсіп» олар отыр. Одан беріде өз ішімізде де серіктестік өніміне сұраныс азаймаған. Қазығұрттың баурайындағы мал бордақылау бекетінде 5000 ірі қара бар. Оның бағым-күтімімен ауылдас-тары айналысады. Тұрақты жұмыс табылғаны үшін ауыл жастары дән разы. Дегенмен, серіктестікке білікті технолог керек-ақ. Сырым жастармен кездескенде «технолог мамандығын меңгеріңдер» дегенді жиі атады. Өйткені, ауылға қажетті мамандар соңғы кездері тапшы. Ол талапты жастарды өз кәсіпорынына көптеп тартқысы келеді. Шаруаға бейім жастарды Еуропаға оқуға жіберуге дайын отыр.
Әрине, оқу қаржысын өзі көтермек. Жас директор сонымен қатар мал шаруашылығына мал дәрігері, зоотехник сияқты мамандардың жетіс-пей жатқандығын алға тартады. Біздің еліміздегі мал өнімдері Араб елдерінде жоғары бағаланады екен. Олай болатыны, жеріміз шуақты, шөбіміз құнарлы, табиғатымыз, климатымыз мал өсіруге қолайлы. Қазақстан кең байтақ өлке. Оның қай түкпірінде болсын мал өсіруге болады.
Ендеше, жастар жағы жалқаулыққа салынбай, ата кәсіпке бет бұрғаны мақұл. Кәсіпке деген махаббат барлық қиындық атаулыны жеңеді. Мал шаруашылығы көзін таба білсе табысты сала. Мал өнімдерін тереңдете өңдеуді жетік меңгергеніміз өзімізге пайдалы. Мал өнімдері сапалы болуы үшін жемшөп сапалы болуы керек. Бұл жағына да тиісті көңіл бөлгеніміз жөн. Әрине, жемшөп, жайылым мәселесі күрделі. Сондықтан бұл салаға да білікті мамандар қажет.
Сырымның айтуынша, көрші-лес облыстардан, аудандардан мал шаруашылығы бағытында кәсіп-керлікті меңгеруге қызығушылық танытушылар көп. Егер олар ықылас танытып жатса, оқып-үйренуге барлық жағдай жасалмақ. Оқыту тегін жүргізіледі. Кәсіпкер өз шаруашылығын осылай дөңгелетумен бірге кәсіпкерлік мектебін де қалыптастырмақ. Осы орайда ол қазақстандық өнімді әлемге танытуды мақсат етіп отыр.
Сырымның шаруашылығы Қазы-ғұрт, Сайрам аудандарында ғана емес, Батыс Қазақстан облысында да қанатын кеңге жая түсуде. Кәсіпкер Орал қаласының маңайынан жер алып, қора салып үлгерген. Енді осы жерге 2-3 мың ірі қараға арнап мал бордақылау алаңын салмақ. Ірі қарамен қатар ұзақ малды да көбейтпек. Бұл жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.
Халыққа етене танылған мақалада Елбасы: «…ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр» деген еді. Шынында да, өздерінің арманын бағындырып, елінің болашаққа қарыштай дамуына үлес қосқан жандардың өткен өмір жолдарында қаншама тер төгілді. Алдыда қаншама мақсат-міндеттері бар.
Еңбекқорлық пен ізденімпаздықты бойына сіңірген, осы қабілеті арқасында «Қазақстандық 100 жаңа есімге» енген Сырым Ертаев бүгінгі табысты місе тұтпақ емес. Ол кәсібінің ауқымын кеңейтіп, туған жерге терін сіңіре беруді ойлайды. Елін сүйген, туған жерге деген махаббатын паш еткен жан ғана биіктерді бағындырады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын жақ-сы атап көрсетті. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу-шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-гигеникалық кодының негізі. Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуіктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек» деген еді. Осы тұрғыда туған жерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Сырымдайын сырбаз жігітіңіз шағын және орта бизнестің өркендеуімен қатар ауыл жастарының жұмыспен қамтылуына да септігін тигізіп келеді. Ел дамуына дамылсыз үлес қосып келе жатқан мұндай атпал азаматтар қай кезде де бағалауға лайықты.
«Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Ертаевты табу оңай болмады. Екі ауданда фирмалары бар ол кейде шетелдерге де сапарлап кетеді екен. «Іздеген жетер мұратқа» деген бар емес пе, Сырымды Қазығұрттағы мал бордақылау бекеті басында жолықтырдық.
«Қазір бізден Өзбекстан Республикасы да ет өнімдерін ала бастады. Иран Ислам Республикасына 300 тонна ет жөнелттік. Өзбекстан мемлекеті 2000 тоннаға жуық ет сатып алды. Біздің арнайы цехтарда шұжықтар, тұзды-ысталған өнімдер және консервілер шығарылады. Шұжықтың пісірілген және шала пісірілген, шикілей немесе кептірілген түрлері болады. Тұздалған-ысталған өнімдерге пісіріліп, тұздалған (пісірілген сан еттер мен орамалар), ысталған-тұздалған түрлеріне (сан еттер, төс, мойын еттер) пісірілген өнімдер жатады. Ет консервілеріне қалбырға салынып, бекітілген, өте жоғары температурада зарарсыздандырылған дайын өнімдер жатады. Біз оларды тапсырысқа сай кезең-кезеңімен дайындаймыз. Қазір тәулігіне 10 тоннадай дайын ет өнімдерін шығаратын цехымыз жұмыс істер тұр. Шетелдіктер көбінесе ет өнімдерін шикілей алғысы келеді. Олар қабырға, бауыр, үлпершек, ащы ішек, өкпе, жүректі қалайды. Ал, болашақта қой және сиыр терілерін тереңдете, өңдейтін цех ашу да жоспарымызда бар. Бұдан тыс, жүнді жуып, иіріп, барынша өңдеуден өткізіп, сұраған жерлерге өткізбекпіз. Теріден түрлі сападағы былғары жасап, ат әбзелдерін, аяқ киімдер жасайтын шағын фабрика ашсақ па деген де ойымыз бар. Қаншама қой мен сиыр сойылып жатыр. Олардың терілері үлкен шикізат көзі емес пе? Оларды бостан босқа лақтырып тастай салмайсыз ғой. Шетелдерде малдың тұяғына дейін кәдеге асады. Біз де болашақта қалдықсыз технология талабына сай еңбек етеміз. Сонда табысымыз бүгінгіден де еселене түседі», деді ол.
Қазығұрттың ұшар басына шө-кімдей бұлт байланыпты. Иә, қоңыр күз де жуан ортасына жақындады. Алда қыраулы қыс тосып тұр. Бірақ, оған «Қайып ата» ЖШС ұжымы қорықпайды. Өйткені, қорасы жайлы, жемшөбі сайлы.
ТЕРІСКЕЙДІ ТҮЛЕТКЕН
ЖОБАЛАР
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлімінде, міндеттерді саралай келе: «Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар» деген болатын. Туған жерінің тарихын құрметтеп, өткенінен сабақ алған өңір белсенділерінің өнегелі істерін қанша дәріптесек те көп болмас. Туып-өскен жерінің экономикасын, тұрғындардың тұрмысын көтеруге бағытталған істер мен оң нәтиже беріп жатқан жобалар туралы тоқталып өтпекпіз.
Қабырғалы қарт Қаратаудың баурайы мен Арқа, Бетпақдалаға дейін көлбей созылып жатқан Созақ ауданы кезінде Қазақ хандығының астанасы ретінде танымал болса, кеңес үкіметі тұсында қойнауы төрт түлік малға толы құтты мекенге айналды, одақ көлеміне балғын былғарысымен, сапалы етімен, жібек жүнімен, түрлі терісімен, шипалы қымыз-қымыранымен дараланды. Бүгінде түрленген Теріскей республика бойынша дотациясыз өмір сүріп келе жатқан бірден бір аймақ ретінде белгілі. Мұнда уран өндірісі жақсы жолға қойылған. Бұдан бөлек, аудан тұрғындары атакәсіп-мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қабат дамытып отыр. Өндірісті, өнеркәсіпті ауданда бірнеше ірі зауыт жұмыс істеп тұр. Экономикасы қуатты, жайлауы суатты, табиғаты шуақты өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі талайларды сүйсіндіреді.
Созақ ауданыны соңғы жылдың қорытындысы бойынша, 129 млрд. 629 млн. теңгенің өңірлік өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылдардың тиісті мерзімімен салыстырғанда 9 млрд. 919 млн. теңгеге артық деген сөз. Есепті кезеңде бюджеттің контингент бойынша жоспары 5 млрд. 434 млн. 617 мың теңгені құраған. Демек, жоспар 103,1 пайызға артығымен орындалған. Яғни, бұл 2018 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 103,3 пайызға немесе 171 млн. 304 мың теңгеге көтерілген.
Соның ішінде жергілікті бюджетке 3 млрд.883 млн. 888 мың теңге қаржы түскен. Яғни, жоспар 103,7 пайызға асыра орындалған. Есепті мерзімде бюджеттің шығыс бөлігі 7 млрд. 597 млн. 247 мың теңгені құрап, қаржы 100 пайызға игерілген. Әрине, осынау толағай табыс жергілікті өнеркәсіп орындарының жемісті еңбектерінің арқасында құралып отыр.
Елбасы әкімдердің жұмыс сапа-сының рейтингісін салыстырғанда олардың қаншалықты деңгейде инвестиция тарта алғандарымен бағалайтынын атап көрсеткен болатын. Бұл шалғайдағы Созақ ауданына да тиесілі тапсырма екені белгілі. Бұл жағынан да Созағыңыз ұялмайды енді. Мысал керек пе? Мінекейіңіз.
2019 жылы Созақ ауданы экономикасына 18 млрд. 855 млн. 400 мың теңге инвестиция тартылған. Бұл 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 млрд. 709 млн. 800 мың теңгеге артық. Демек, жоспар 110 пайызға артығымен орындалып отыр. Енді тартылған инвестицияны тарқатып көрелік. Жергілікті бюджеттен 601 млн. 400 мың теңге, кәсіпорындардан, ұйымдардан және халықтың өз қаржысы есебінен 18 млрд.106 млн. 800 мың теңге, банктердің кредиттері, шетел инвестициясы 78 млрд. 400 млн. теңге, қарыз қаражат көлемі 68 млн. 800 мың теңге.
Көріп отырғандарыңыздай, теріс-кейліктер шетелдерден 78 миллион теңгеден астам инвестиция тартып отыр. Бұл өндірісті ауданға жеткілікті көрсеткіш.
Мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлік субьектілеріне өнеркәсіп нысандарын орналастыру және пайдалану үшін инфрақұрылыммен, коммуникациялармен жабдықталған учаскелер беріле бастады. Жеке кәсіпорын ашамын деушілерге бұл мол мүмкіндік болды. Нәтижесінде аймақтарда өндірістер ошағы молайды. Дәл бүгінде Теріскей топырағындағы индустриалды аймағында 1 млрд. 204 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жұмыстарын жандандыра түсуде. Олар биылдың өзінде 644,7 млн. теңгенің өнімін өндірген. Соның нәтижесінде аудан қоржынына 41 миллионнан аса қаржы түскен.
Бүгінде индустриалды аймақтың тиімділігі мен табысын тасқындата түсу үшін тағы да 3 жоба қолға алынып отыр. «Тағай ата» ЖШС-нің тұз өңдеу цехы іске қосылды. Созақтың сапалы тұзы қазір республикадан тыс жерлерде саудаланады. Сонымен қатар, «ЮКСЭС-50» ЖШС-інің «Күн электростанциясының» құрылысы басталды. Бұларға қосымша «Централ Азия Маркетинг» ЖШС-інің «Асыл металлдар өңдеу зауыты» өз жұмысын әне-міне бастағалы тұр.
Іс мұнымен де шектеліп қалмақ емес. Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың айтуынша, алдағы уақытта тағы да екі жоба қолға алынбақ. Соның бірі «Теріскей» ЖШС-ының «Асыл металлдар өндіру» жобасы. Оның жалпы құны 18 млрд. 500 млн. теңге. Бұл жоба 2020 жылдары толық қуатында жұмыс істей бастайды. Жаңа жоба жүзеге асырылғанда 400 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Тағы бір қуанышты хабар, келесі жылдан бастап құны 1,5 млн. АҚШ долларын құрайтын «Стандарт Угле Хим» ЖШС-інің «Таскөмірсай» кен орынынан «тас көмірді өңдеу» (фенал, бензол, толуол, ксилол, нафталин) жобасын іске қосу көзделуде. Осы орайда Ресейде арнайы бизнес-жоспар жасалынып жатыр. Осы кәсіпорын іске қосылғанда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сырлы Созақтың экономиялық табыс көзінің бірі-мал және егін шаруашылығы. Ауданда есепті мерзімде ауыл шаруашылығы сала-сындағы жалпы өнім көлемі 6 млрд.257 млн. 800 мың теңгеге жеткен. Бұл былтырғы 7 аймен салыстырғанда 861 млн. 700 мың теңгеге артық. Демек, жоспар 116 пайызға асыра орындалып отыр. Нақты көлем индексі 102,9 пайызды құраған.
Аудан бойынша 13100 гектар жерді игеру межеленген екен. Қазір 100 гектар жер артығымен игерілген.
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша 2070 тұсақ, «Құлан» бағдарламасы бойынша 197 бие, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 837 ірі қара алынған. Жыл соңына дейін сатылып алынатын мал басы көбейе түспек. Қазір аудан бойынша 35093 сиыр, 15581 жылқы, 11273 түйе, 336088 қой-ешкі, 28688 құс өсірілуде. Айта кетерлігі, ауданда төрт түлік малдың барлық түрі бойынша былтырғы жылдың кезеңді мерзімімен салыстырғанда 104-106 пайыз өсім бар. Бір айта кетерлігі, Теріскей топырағында өндірілген мал өнімдеріне республикамыздан тыс алыс-жақын шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Араб, Түркия, Ресей елдерімен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан республикаларынан сұраныс бар. Жалпы, созақтықтар шетелдерге өз өнімдерін көптеп экспортауды басты мақсат тұтқан.
Сайын даланың сары алтыны, бейбітшілік мақсатта қолданылатын ураны, көл-көсір күмісі, мыңғырған малы бар теріскейліктердің табыс теңізінде желкенін керіп, алыс жағалауларға жете беретініне күмән болмаса керек. Сондықтан сырлы Созақтың тұрғындары жарқын болашаққа сеніммен қарайды.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.