КӨПЕННІҢ КҮЛКІСІ…
01.05.2020 0 2 205
Автор – Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі
«Көпен келе жатыр…» дегенде езуіне күлкі үйіріле кетпейтін жан-пендені табуыңыз қиын. Сатираның сарбазынан сардарына, сұңқарына айналған Көпеннің көкшіл көзінен кезінде талай тоңмойындар, төрешілдер, топастар, тоғышарлар, жылпостар, жебірлер, мансапқорлар мен маңғаздар, мысықтілеулілер нөсерден қашқан торғайдай тоғай-тасаларға тығылып жүргенін білеміз.
Ол әзіл айта бастаса-ақ болды, «япырай, мені түйреп кетер ме екен?» деп өзінен-өзі қуыстанып отыратындар арамызда әлі де толып жүр.
Алдыңғы буын ағалары сияқты ол да қоғамның жел-құзы, меңдеген дерті, қалың қойыртпақтары десе делебесі қозып, қағынғанды қия бастырмауға күш салды. Кешегі кеңестік кезенейлі кезең үстемдіктің улы жебесін сұққылап тұрғанда таразының екінші жағында әлсіздердің зар-мұңы жатты. Осындай ауыр кезеңдерде ол қолына қару-қаламын алып, қырсыздарға қырғидай тиді. Қиын кезеңде де, құйын кезеңде де қаламына қылау жұқтырмаған оның алымдылығы мен шалымдылығына талайлар таңырқап, тамсанды.
Бүгінде Көпенді білмейтіндер жоқ. Қазақ елінің қай түкпіріне барсаң да «Көпен келе жатыр…» деп жадырап сала береді. Ол сатираға қалай келді? Кімдерді ұстаз тұтты? Өмір өткелектерінде өнегелі өрістері қаншалықты өркендеді? Білетіндердің де білмейтіні болады. Осы ретпен бүгінгі қазақ сатирасының сайыпқыран сардары һәм сұңқары Көпен Әмірбектің балалық шағынан бүгінгісіне дейін «саяхаттап» көрелік.
Сырдың жағалауындағы Қызылқұм қойнауында Балтакөл деген елді мекен бар. Осы Балтакөлдің маңында Ешкіқора деген қыстақта шыр етіп шекесі торсықтай перзенті дүниеге келгенде әкесі оған «Көпен» деген есім теліді. Көпеннің өзі бұл атаудың не мағына беретінін беріге дейін біле алмай жүрді. Сөйтсе, көпен деген көкқұрақ болып шыққан қалың шөптің бірінші орымы екен ғой. Екінші орымы көпене аталады. Үшінші орымы шөмеле. Шөмеледен соң мая. Көпен отбасыныңі тұңғышы. Сондықтан әкесі ырымдап төлбасы ұғымының орынына Көпен атады. «Көпен көбейіп, мая-мая шөптей үрім-бұтағым көп болсын» деген әзиз әкенің тәтті тілегі екен. Жаратқан Иеміз әкесінің бұл тілегін қабыл етті. Көпен көке он ағайынды.
Жеті жасқа толған жеткіншекті әжесі қолынан жетектеп мектепке әкелді. Төрт жылдық бастауыш мектеп бір ғана бөлмелі. Сол бір бөлмеде ауылдың барлық баласы білім алады екен. Басында бұл шағын үй мешіт болыпты. Сондықтан ауыл адамдары үйреншікті ауызекі сөздерінен арыла алмай, қалыптасып кеткен әдеппен оқу орнын «мешіт» атайды. Көпен сол «мешітке» кіріп келгенде көзі бірден төрде ілулі тұрған төрт шалдың суретіне түсті. Сақалдары қауғадай-қауғадай төрт шал түйіліп қарайтындай. Бала Көпен әжесінің бауырына тығылды.
– Әже, әже, мына аталар кімдер? – деп сұрады әжесінен.
– Қайдан білейін, қарағым! Мына мешітті қожа, молдалар басқарады деуші еді. Солар шығар, – деді әжесі.
Кейін білді ғой, сөйтсе бұлар коммунизмнің негізін қалаушы Маркс, Энгельс, Ленин және Сталин екен ғой. «Мешітке» келіп алғаш көрген суреті көңілінен кетпей-ақ қойды. Бәлкім, осы сурет әсер еткен шығар-ау, бала жүрегіне бір арман ұялады. Бұл суретші болсам деген арман еді.
Осы бала арман жетегінде ол талай парақты шимайлап, сурет салды. Салған суреттерін «Балдырған» журналына күн сайын дерлік аттандырып, басылымды бомбалап тастады. Журналдағы Николай Казанцевтің суреттері оны қатты қызықтыратын. Казанцевтей көрнекті суретші болғысы келді. Алайда, сызғандарының бір селкеулігі бар ма, кім білсін, ешқайсысы журналда жарияланбайды. «Балдырған» айына бір рет қана келеді. Журналдың соңғы нөмірі қолға тигенше тағат қалмайды. Қалай қолға тиді, солай журналды парақтап шығады. Өзіндей өрімдей жастардың суреттері жарияланады, арасында Көпендікі көрінбейді. Содан күндердің күнінде Көпеннің басына бір қулық келді. «Суретімнің мән-мағынасын журналдағы ағайлар түсінбей жүрген шығар. Сондықтан сурет сырын айшықтайтын бір ауыз өлең жазып жолдайын. Мұнан соң жарияламай көрсін» деп алдағы жоспарына астар тауып, «жілігі татиды-ау» деген бір суретінің соңына өлеңін тіркеп, жолдап кеп жіберсін. Тағы екі жыл күтті. Бір күні журналдың кезекті нөмірін ақтарып отырса, өлеңі жарияланыпты да суреті түсіп қалыпты. Сондағы «Құрама велосипед» деген суретіне тіркеп жіберген өлеңі мынау.
Спортшымыз Ардабек,
Велосипед құрап жүр.
«Сенде рама бар ма?» деп,
Көрінгеннен сұрап жүр.
Жинай-жинай әр тұстан,
Велосипед құрады.
Шықса бірақ жарысқа,
Орта жолда тұрады.
Суретші Көпен журналға жолдаған велосипед бейнесіне қошқардың мүйізін, доңғалағы үстіне есектің ерін салып, барынша әсемдеп-ақ еді, әттең бірақ, не керек, жарияланбай қалды. Десек те, бұл болашақ сатириктің алғашқы соқпағы еді. Сондағы бала ақынның қуанғанын көрсеңіз.
Ауыл баласы арқаланып, ару Алматыға арман қуып келгенімен, ә дегенде жолы болмады. «Журналист болсам» деген жос-пары қырдың қызыл түлкісіндей бұл жолы да ұстатпай кетті. Көңіл төрінде көктемдей жарқырап өнерге деген сүйіспеншілік жатқандықтан шығар, ол ауылға қайтып келгеннен соң аудандық халық театрына жұмысқа орналасты. Айналдырған бір жыл ішінде ол Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» драмасында – Сайын болыс, Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясында – Әубәкір ақын, Қалтай Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» комедиясында – басты рөлдегі Ережеп, өзбек драматургі Сайд Ахмед Файыздың «Құтырған ит» комедиясында басты рөлді сомдап үлгерді. Бұдан тыс Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы сынды сатириктердің сықақтарын сахнада оқып жүрді. Қай өнердің де өрісті жемісі болады. Сахна мәдениеті, сөз өнері, мәнерлеп сөйлеу машығы болашақ сатириктің бо-йында осылай қалыптасты.
Бір күні халық театры гастрольдік сапарға шықты. Қызылқұм ауданындағы «Шілік» кеңшары клубының сахнасында Асқар Тоқмағамбетовтің «Майшелпек» деген сықақ өлеңін бастай бергені сол еді, алдыңғы қатарда отырған бір әжей:
– Әй, шырағым! Осыдан басқа сықақ құрып қалды ма? Былтыр келген әртістер де осы сықақты оқыды. Одан кейін келгендер де осы сықақпен тұздықтап кетті. Енді сен де соларды қайталап тұрсың. Ешкім естімеген басқа сықағың жоқ па? – деп айқай салмасы бар ма?
Сонда он сегіз жасар Көпеннің жүрегі сахнада тоқтап қала жаздаған. Бұдан кейін ол «ешкім жазбаған, сахнада орындамаған сықақ таппасам ба, осыдан» деп бекінді. Ешкім жазбаған сықақ қайдан табыла қойсын, оны өзі шығаруға тырысып бақты. Сонда дейміз-ау, әлгі әжеміз айқайы мен ойбайын қоса салмағанда Көпен көкеміз әлі де сахнада сықағын оқып жүре берер ме еді?..
Демек, Көпен Әмірбекті сатира соқпағына түсірген, сықақшылар ауылына жетелеп әкелген ауылдағы ақ жаулықты әз әжеміз. Содан кейін Көпен бөтеннің дүниесіне жолауды қойған. Сықақтарды өзі жазып, өзі орындауға біржолата көшіп алды.
Келесі жылы асау арманына қолы жетті. Театрдың табалдырығын тоздырың-қыраған талант университеттің «Аққу» атты ансамблінің белді мүшесіне айналған. Сол ансамбль құрамында бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Оның республикаға танымалдығы осылайша университет қабырғасында басталды. Асқар Закарин, Өмірбек Жолдасбеков сынды ректорлар, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сынды декандар ғылым үшін жаралған жампоздар еді. Бұлардан бөлек, Бейсенбай Кенжебаев, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, Абдул-Хамит Марқабаев сынды ғұламалардан дәріс алғанын мақтанышпен айтып отырады.
Қазақ «ағаның алды – ақ жайлау» деседі. Расы солай. Көпен де ақ жайлау ағаларының қамқорлығын көп көрді. Оның бойындағы ұшқынды ұлағатты ұстаздары тани алды.
1969 жылдың қаңтар айы болатын. Сол жылдары той таң атқанша болушы еді ғой. Түні бойы бір тойда болған Көпен университет жанындағы ботаникалық бауда таңғы ауаны құшырлана жұтып, табиғат тамашаларына таңдана қарап келе жатты. Кенет ол ойда-жоқта Мәлік Ғабдуллинді көріп қалды. Япырай, мына сәйкестікке қарасаңшы, тап бүгін осы ағайдың қазақтың ауыз әдебиеті пәнінен алғашқы емтиханы бар емес пе? Ұлық ұстазға сәлем бергісі келді ме, басында басқа бір ой болды ма, іші біледі, Көпен профессорға қарай қарсы жүрген. Ұстаз мұны көріп қалт тоқтады.
– Сен журфактың бірінші курс студенті емеспісің? Таң атпай қайдан жүрсің?
Көпен осы жерде бір өтірік ойластырып еді, бірақ мұнысын тәпе-тенде қиыстыра алмады. Сосын шындығың айтуға мәжбүр болды.
– Ағай, тойдан шығып келе жатыр едім. Үйге барсам, ұйықтап қаламын ғой. Ал, университет есігі әлі жабық. Сосын осы жерде жүрмін.
– Зачеткаңды әкелші, – деді Мәлік ағайы күлімсіреп.
Көпен күтіп тұр. Профессор студенттің зачеткасына «5» деген баға қойды да қолына ұстатты. Студентке де керегі осы еді, жылыстап ұзай берген. Кенет, ағайы оны дауыстап шақырғандай болды. Бұл кілт бұрылып, ағайына қайта келді.
– Саған не үшін «бестік» қойдым, білесің бе?
– Білмедім.
– Онда біліп ал. Шындығыңды айтқаның үшін.
Ақеділ ағалары оны шындыққа осылай да тәрбиеледі.
Студент кезінде, сірә, 3-курстың соңы болар, «Оңтүстік Қазақстан» газетіне өндірістік тәжірибеден өту үшін келген. Газет редакторы Әмірсейіт Әлиев, орынбасары Мыңбай Ілесов, бөлім меңгерушісі Қалмахан Анарбеков, ақын Исраил Сапарбаевпен осы жолы танысып, тәлім-тәрбиесін көрді. Газеттің «Қақпан» атты сатиралық бұрышына атсалысты. Осында жүріп танымал сатирик Жолдас Ақбердиев туралы көп естіген. Бірақ, онымен кездесудің сәті түспеді. Асыл аға бұл кезде қайтыс болып кеткен екен. Өкініш өзегін өртеді.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенде Жау-лыбай Иманәлиевпен танысып, ағалы-інідей сыйласқаны бөлек әңгіме. Жаулыбай ол кезде газетте фототілші болып жұмыс істейді екен. Бірде сол Жаулыбай облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жұмабек Тәшеновпен іс-сапарлас болады. Екі-үш ауданды араласа керек. Содан бір үйге келіп отырғанда қабырғада ілінулі тұрған домбыраны көреді. Жұмекең үш-төрт күй тартыпты да Жаулыбайға қарап:
– Домбыра тарта алатын ба едің? – деп сұрапты.
– Ептеп шертетінім бар еді, – депті университетті жаңа бітіріп келген жас жігіт қысылыңқырап, – бірақ мен солақай едім.
– Солақайлар домбыраға жүйрік болушы еді, – депті әрнәрседен хабардар Жұмекең сүйсініп.
Жаулыбай домбыраның құлақ күйін өзіне ыңғайлап келтіріп алып, Қаратаудың шертпелерінен үш-төрт күй орындайды. Сонда Жұмабек Тәшенов оған қатты риза болғаны соншалық, Шымкентке қайтып келген соң оған үш бөлмелі пәтер береді. Жаулыбай осы пәтерін екіге бөліп, бір бөлмелісін корректор болып жүрген Кәрім Үкібаевқа береді. Ал, сол Кәрім ағамыз «Оңтүстік Қазақстан» газетін ұзақ жыл басқарды. «Қазағымның кеңдігі осындайдан танылады емес пе?» деп еске алады Жаулыбайдай дархан ағасын Көпен бүгінде. Осындай қазақтың кең жүректі адамдарымен бірге жүргендігінен, олардан үйренгендігінен де шығар-ау, Көпен де қайырымдылық істерге біртабан жақын жүрді.
Университетті бітірген соң ол Владивосток қаласындағы екі жылдық әскери-партия мектебіне жіберілді. Взвод командирі әрі саяси жетекші болды. «Инженерная подготовка», «Боевая стрельба» сабақтары сияқты саяси сабақтарды тілін бұрап, түрлі мысалдар құрап, Қожанасыр, Алдаркөсе әзіл-қалжыңдарымен тұздықтап 45 минутты жаны мұрнының ұшына келіп, өткеріп жүрді.
Сөйтіп жүріп ара-арасында Аристофанның комедиялары, Эзоптың мысалдары, Сервантестің шығармалары мен басқа да классиктердің кітаптарын қопара оқып білімін толықтырды. Соның ішінде сатира саласындағы кітаптарға көбірек назар жықты. Осылайша өзін де, өзгелерді де шыңдады, шынықтырды.
Жиырма бес жасында саяси-сатиралық «Ара» журналының табалдырығын аттады. Бірінші жазған фельетоны «Күйеу баланың күлкісі» аталатын. Бұл сөз қанатты күлкіге, әзіл-қалжыңға айналып шыға келді. Фельетоншы Көпен осылай қалыптасып, қанаттанды. Журналдың бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редакторы баспалдақтарынан өтті. Ара-арасында «Білім және еңбек» ғылыми-техникалық журналының жауапты хатшысы, бас редакторының міндетін атқарушы болғаны бар.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза Көпенді сатира және юмор бөліміне меңгеруші етіп қабылдады. Кейін «Егеменді Қазақстан» газетіне барғанда фельетон бөлімін ашып, соны басқаруға аттай қалап алдырды. «Ара» журналында жүргенде от шайнаса күймейтін, ауыздарын айға білеген ақ сауытты ағалары Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Оспанәлі Иманәлиев, Қалтай Мұхаметжанов, Қажытай Илиясов сияқты сүлейлермен бірге жүрді, тұз-дәмдес болды. Қойны-қонышы қалжыңға толы осы ағаларынан үйренгені көп.
1977 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев түйе шаруашылығын көтеру жөнінде мәселе көтерді. Осы мәселе бойынша кейіпкеріміз түйелі облыстардың барлығын аралап, шаруашылық жағдайларын зерттеп, зерделегені бар. Міне, қызық!
1927 жылы атышулы Голощекин Қазақстандағы мал санағын жүргізген кезде елімізде 2 миллионға жуық түйе бар екен. 1977 жылы ҚР Ауыл шаруа-шылығы министрі Моторико мал санағын жүргізгенде Қазақстандағы 2 миллион түйенің 64 мыңы ғана қалғанын анықтапты. Сонда басқа түйелер қайда кеткен? Енді кері шегініс жасап көрсе, алпысыншы жылдары КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущев доңыздың етіне жылқы мен түйенің етін қосып «Дружба» деген шұжық шығарғаны еске түседі. Осы мәселені көтеріп Көпен Әмірбек «Түйенің қай жері түзу?» атты атышулы фельетонын жазды. Осы фельетон үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі авторды арнайы жүлдемен марапаттап, Мәскеу түбіндегі санаторийге жолдама ұсынды.
Ал, келесі 1978 жылы Көпен Мәскеуде өткен бүкілодақтық жас сатириктер байқауында бас жүлдені иеленді. Артынша сатиралық шығармалары «Крокодил» журналында жарияланды. Бүкілодақтық жас сатириктердің «Надейся и жди» атты жинағына 17 сықағы енді.
Жалпы, қызметке келгенде Көпеннің аузының салымы бар. Ол ҚР Бас прокуратурасында, Жоғары сотта баспасөз хатшысы, «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиосында бас редактор қызметтерін абыроймен атқарды. Қазір «Ара» газетінің редакторы. «Нұр Отан» партиясы ұйымдасқан қылмысқа және жемқорлыққа қарсы іс-әрекет комиссиясының мүшесі.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, журналистика саласы бойынша Президент сыйлығының екі мәрте иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбектің «Аты жоқ кітап», «Қысыр әңгіме», «Тілім қышып барады», «Неменеге жетісіп күлесің?», «Ауызбастырық», «Па, шіркін пародия!», «Батпанқұйрық», «Сөйле десең, сөйлейін», «Мың бір мысал» сынды 20-дан астам кітабы оқырмандарынан лайықты бағасын алды. Ол, сонымен бірге кезінде «Көпен келе жатыр…» деген сатиралық театрымен де танылды. Халықаралық Күлкі жәрмеңкесін ұйымдастырып, С.Адамбеков, Ш.Смаханұлы атындағы әзілкештер байқауын өткізіп, талай таланттарға жол ашты. «Кімнің күлкісі басым болса, соның мысы басым» деген ұстанымын әрдайым өзі тәрбиелеген шәкірттерінің естеріне салып отырады. Сейіт Кенжеахметов ағасының «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген қағидасын темірқазық етіп алған Көпен Әмірбек «Сатира – қаһарлы қару. Оны қолдан түсіруге болмайды» деген ұран ұстанады.
Көпеннің Шәмші Қалдаяқов мұрасы мен мұрағатын жинақтап, кітап етіп бас-тырып жүрген еңбегін де айта кеткеніміз орынды. «Шәмші», «Шәмшінің әзілдері мен әндері» атты жинақтарда ол Шәмшінің ұлы композитор ғана емес, ауызекі айтқыштығы мен әзілкештігі, майдан қыл суырғандай әзілдері мен ақындық талантын ашып көрсетіп, дәлелдеп шықты. Ал, «Шәмші әлемі» атты жинақты Көпен аға екеуміз бірлесіп шығардық. Біздің шығармашылық байланысымыз сонау сексенінші жылдардан бері үзілмей келеді.
Жуырда күлкі күймесімен келе жатқан Көпен көкеммен жолығысып қалдым. Бәз-баяғы қалпы. Көзінде – күлкісі, аузында – әзілі, қолында – қаруы. Қунақ әрі ширақ. Япырмай, көкені қартайтпай келе жатқан қандай құдірет? Сөйтсем, Ешкіқорадан басталған кемел күлкі күні бүгінге дейін үзілмепті ғой. Ол осы жетпіс жылдық ғұмырының ширек ғасырдан астам уақытын көпшілікті күлдірумен келеді. Қолтығына қашан да күлкі қыстырып жүретін ол жұртты күлдіремін деп отырып, өзі де күледі. Ал, күлкі адамды қартайтпайды. Сенбесеңіз, шау тартпаған, шаршамаған Көпен көкеме қараңыз!
Ыстық лебіз
КӨПТІҢ АДАМЫ
Біздің қазіргі қазақ әдебиетінің бір өкілі – өзіміздің осы мынау азаматымыз – Көпен мырза. Көпен Әмірбеков десеңіз, жұрттың бәрі біледі. Неге десеңіз, бұл аузын ашса аузынан шоқ түседі. Ол шоқ адамды күйдірмейді, күлдіртеді. Оның өзі үлкен өнер. Жыртылған көңілді жамайды, мұңайған көзді жадыратады. Тіпті, қиын-қыстау кезеңнің өзінде де елге қуат береді.
Мінеки, осындай тұлға біздің қазақ халқына керек-ақ. Өйткені, оның көкірегінде, оның санасында халыққа деген жанашырлық сезім бар. Ал, ондайлар халықтың тірі тірегі, ірі тұлғасы болады. Егер де осындай азаматтар көп болса – біздің халықтың бақыты. Өйткені, оны білетінім көп жыл қызмет істестім. Өзі өтімді, сөзі жалынды, әрбір сөзінің салмағы бар.
Шерхан MҰPTAЗA
ЗАҢДЫ ҚҰБЫЛЫС
Акуланың түрі көп. Соның бір түрі уылдырықтан өспей, бірден акула боп туады. Өзі өте ірі, өте салмақты тұқым болса керек. Сондықтан да болуы керек, өмірге келе сала жүзіп, жүзіп жүріп өлетін көрінеді. Жүзбесе, судың түбіне кетеді. Өйткені, ауыр. Жүзіп жүргенде білінбейді. Сәл тоқтаса – қауіп, өлім…
Мен Көпен бауырымды көптен білем. Оның бір асықпай жүргенін, жұмыссыз жүргенін, алаңсыз тыныш отырғанын көргенім жоқ. Үнемі шаруа үстінде, үнемі іздену үстінде. Әйтпесе, әлгі акула секілді құрдымға кететін түрі бар. Жақсы қасиет, жақсы қылық! Жасыратыны жоқ, мен өзім де осындай адаммын. Демек, Көпенді жақсы көруім, табиғи туысым деп есептеуім заңды құбылыс…
Жақсы көрудің де жақсы көруі бар… Тіпті, Көпен өлеңдерін оқып отырып, сол дүниелерді өзім жазғандай сезінемін. Материалды игеруіне қызығамын. Таптанды нәрсеге табиғаты қарсы. Үнемі жаңалыққа ұмтылады. Ал, жаңалық шашылып жатқан жоқ. Оны іздеу керек! Іздеу аз. Міндетті түрде табу керек. Көпен соны қайтсе де табады! Ол табады – мен қуанамын.
Қадыр МЫРЗА ӘЛИ
ТАРАЗЫНЫҢ ТАСЫ
Бәзбіреулер Көпеннің бойынан кемшілік іздеуге тырысады. Қадыр ағам айтқандай, «Шын іздесе таздың басынан да бір-екі бит шығады». Бірақ, мен адамның бойындағы кемшілігінен гөрі керемет тұстарын іздеймін. «Осы Көпеннен бірдеңе біліп қалсам екен, ішкі дүниесіне үңіле алсам екен, танысам, үйренсем екен» деймін. Жасының, жолының кішілігіне қарамастан, өзінің істеп жүрген ісінде ұлылығы, жүйріктігі болса, соған ілесе шапқылағым кеп тұрады. Артында, қасында демеп жүргім келеді.
Көпен Отырарда дүниеге келген. Ал, мен «Отырардың күйреуі» фильмінде ойнадым. Ендеше, ердің жақсылығына елдің байланысы бар ма?
Әрине, тікелей байланысы бар. Өйткені, ерді ел туады ғой. Бұл – тарихи заңдылық. Ел өзіне керек кезінде ерін дүниеге әкеледі. Керегінде ел ерін туып береді де, ал, сол ер елдің керекті нәрселерін жасайды.
Көпеннің Отырарда туғаны да оның талантына тағы бір тас қосып, таразы басын басып тұр.
Тұңғышбай ӘЛ-ТАРАЗИ
БІР ӨЗІ – БІР ТЕАТР
Көпен Әмір-Бек – қазіргі қазақ әде-биетіндегі сатира жанрында ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан көрнекті қаламгеріміз. Қазіргі біздің қазақ әдебиетінде сатира жанры кенжелеп дамыған. Бұл орыс әдебиетіндегі сияқты оның үлкен, ұлы тұлғалары біздің әдебиетімізде аздау десек, артық айтқандық емес. Сондықтан бір өзі бір театрға айналған Көпен ол тек сатирик-ақын ғана емес, өзінің жазғандарын өзі орындаушы Петросянымыз. Көпен өз сатираларын сахнаға бейімдеп қоюшы ретінде де, оның қоғамдағы ең өзекті проблемаларын арқау ете білген публицист ретінде де қазіргі қазақ әдебиетінің айтулы тұлғаларының бірі.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.