Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты оқушыларының  эсселері Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты оқушыларының  эсселері
 Эссе – бұл адамның субъективті пікірі, көзқарасы мен ойы еркін түрде жазылатын әдеби жанрдың бір түрі. Эссенің басқа жанрлардан басты айырмашылығы ой еркіндігі және... Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты оқушыларының  эсселері

 Эссе – бұл адамның субъективті пікірі, көзқарасы мен ойы еркін түрде жазылатын әдеби жанрдың бір түрі. Эссенің басқа жанрлардан басты айырмашылығы ой еркіндігі және көлемі жағынан қысқа болып келуі.

 Эссе көбіне еркін тақырыпта жазылады және автор қандай көзқарасты, пікірді қолдап жазса да, өз еркі. Эссе жазу кезінде де белгілі бір құрылым сақталады, бірақ жоспар құрылмайды, тек логикалық тізбек: кіріспе абзац, негізгі абзац және қорытынды абзацқа ойша бөлініп тұруы керек.  Дарынды оқушылар өздері таңдап алған әдеби тақырыптарды, әсіресе, ақын, философ Абай Құнанбайұлының шынайы өмірден алынған  қарасөздері мен өлеңдерін талдауда өзіндік ой-пікрлерінің бар екенін көрсетіп, анық жазады.Өз көзқарастарын айта келіп,   нәтижесін, түйінін  көрсетіп, қазіргі өмірмен байланыстырады. Ауызекі стильмен емес, көркем әдеби стильде жазып, тақырыптан еш ауытқымағанын байқауға болады.

 

 

Акжигит

Ақжігіт АБЗАЛБЕК

 

ШЫҢҒА БІТКЕН ШЫҢЫРАУ

          Құзар шың – қашанда зеңгір көктің құшағында ғазиз басын бұлттан  асырып, жұмбағын жасырып тұруға құштар. Біз сондай өрліктің рухын сезген сайын өзіміздің кім екенімізді тани түсеміз… Ақын  ‒ адамзат танымының айнасына асқақ биіктікті таныту үшін жаралған шың. Ұлтымыздың әдеби аспанының, адамзат поэзиясының шыңы ‒ Абай.

Абай болмысына ерте бойлап заңғарлығын аңғарған, ұшан-теңіз біліміне таңқалған, аға жолына түсіп жастай оқып қамданған ‒ Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз. Абай шыңына еліктеп ақынның шабытты шапанынан үлгі алып, талмай оқып, оқығанын көңілге тоқып жүріп философиялық поэзияның көрнекті өкілі болып қалыптасқан Шәкәрім Құдайердіұлы ‒ шыңырау емей немене!?

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде шұғылалы Шығыстың атырабында, Шыңғыстау бөктерінде Кең-Бұлақ атты елді мекенде дүние есігін ашады. Жастайынан ауыл молдасынан исламша хат танып білім алады. Өскен ортасы мен туған жерінің текті топырағының арқасы шығар, қолына қалам алып өлең өлкесіне өзіндік екпінімен «Қазақтың бас ақынына» шәкірт болып келеді. Заманына заңғар ұл, ұлтына ұлықты ақын бола білген бабамыз тағдырдың ащы дәмін бала жасынан бастап аз тартпағаны анық. Ес білген шағында жетім қалып Абайға әрі замандас, әрі іні болып қатар өседі. Абай салған әдебиеттегі сара жолды жалғастырушы ізбасар ретінде халыққа кеңінен танылған ағартушы ақын. Шәкәрім өлеңдері білім мен ғылымның, жаратылыс пен тылсымның таңғажайып қасиеттерін тануға үндейтін тағылымды туындылар. “Ғылымсыз адам хайуан”, “Үш-ақ түрлі өмір бар”, “Жастарға” т.б. өлеңдерінде ақын адамгершілікті, жаңашылдықты, оқу-білімге құштарлықты насихаттайды. Құдайбердіұлының «Жастарға» атты поэмаға бергісіз өлеңінде мынандай шумақ бар:

«Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,

Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.

Надандықтан еліріп босқа жүрсек,

Мына заман көрсетер бізге тарлық!» ‒

деп ой тастайды. Бұл өлеңнің басынан аяғына дейін тіршіліктің ғажап таңы білімде, адалдықта, адамдықта екені насихатталады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы шығыс классиктерінің еңбектерін еңсере оқып, ғылымның атасы саналатын ислам дінінің жауһар қазынасынан нәр алған тұлға. Оған дәлел, Шәкәрім бабамыз Меккеден, яғни, қажылықтан келе жатып Түркия кітапханасында білім арттыруы.

Аласапыран заманда туысының тар жол, тайғақ кешіп бара жатқанын аңғарған ақын өлмейтін өлеңімен халқына қамқор бола білді. Құлдықтың қамытына бойұсынып, жалқаулықтың жегі құрты сүйегіне сіңген жұрты үшін жанын ауыртты. ХХ ғасырдың бірінші жартысында алты алаштың аймүйізді, арқар мінезді, атан жілікті азаматтарына арналған қаралы құрық Шәкәрімді де құтқарған жоқ. Лас тапсырманы қалтқысыз орындаудан басқаға қабілеті жетпейтін қанды қол қарақшылардың атқан оғы, қазақ поэзиясының қабырғалы ұлын ақыры құдыққа құлатты. Ақынның тәні сол құдықтың таяздығын отыз жыл бойлап тұрғанымен, Шәкәрімнің теңізден терең білімі мен шыңырауға тең тектілігін әлі күнге дейін ешкім өлшей алған жоқ.

Бабасының басын сүйеп одан қалған шексіз де, шетсіз білімнің шыңырауынан сусындау ‒ бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Қазақ ұлты барда Абай мен Шәкәрімнің есімі мәңгі жасап, «Шыңға біткен шыңыраудай» асқақтай бермек…

 

 Турсынбек Д

Диана ТҰРСЫНБЕК

  

 «СЫР САНДЫҚ» НЕМЕСЕ ДОСҚА ТӘН ҚАСИЕТТЕР

 Шырқ айналар шіркін тауық,

Жемің болса қолыңда.

Қайдағысы сені тауып,

Топырлайды жолыңда, – деп басталатын  ақын  С.Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңі оқыған жанды тұңғиық ойға батыратыны анық. Ол қандай ой? Әрине, кім де болса, осы өлеңді оқығаннан кейін айналасындағы адамдарға, әсіресе достарына сыни көзбен қарауға тырысады. «Менің жанымдағы адам кім?»  деген ой санасын шарлап, түрлі ойға жетелейді. Мені де сол ой шырмауына алған. Алайда, менің досыма деген сенімім нығая түсті.

Алдымен достық деген сөзге анықтама беріп алайын. Өмірде екі түрлі достық бар: адал достық, амал достық.  Бұл өлеңді оқығанда «ойға қалады» дегенім сол. Жоғарыда айтып кеткен жандардан-ақ  амал достықтың нышаны анық байқалады. Сен керек кезде жағынып, жақсы көріп, ісің түскенде қарасын көрсетпейтін амал достар баршылық. Қолыңдағы жемің таусылса, тауық   екеш тауыққа да сенің керегің шамалы. Кезінде достық қандай керемет болған десеңізші! Тұтқындағы досын құтқаруға көзін берген батырды білмейтін жан кем де кем. Қазір, рас, көз беретін заман емес. Берілген  сөздің желге ұшып жатқан заманы.

Ал өлеңдегі нағыз достықты ақын шеберлікпен жеткізді. Адал дос  – сенің ең сенімді, сырыңды сақтайтын сыр сандығың. Алайда, ақын ондай достықтың биікте екенін айтады. Сол шыңға шыға білу де – үлкен жеңіс. Сырыңды шашпайтын, құпияңды ашпайтын достық болуы сенің бай екеніңді білдіреді.

Мен жоғарыда «досыма сенімім арта түсті» деген едім. Осы жайды тілге тиек етсем. Менің де айналамда амал достар өте көп. Алайда, мен оған налымаймын. Менен не керек, алсын. Көмектестім деп есептеймін. Себебі менің адал досым бар. Екі жүзділердің орнын толтыратын –менің қымбатты досым. Мен оның, ол менің сырымызды сақтап келеміз. Бір-бірімізге шексіз сенеміз. Кейде ұрысып қаламыз, бірақ бір-бірімізге сеніміміз нық. Сырымызды сақтайтын сыр сандығымыз бірдей.  Алайда, ол сырды екеумізден басқа тірі жан білмейтініне  сеніміміз мол. Кейбір  сенімсіз, «қара басының қамын күйттейтін»  арамдықтың арасында менің жарық сәулем болғаның үшін рақмет  саған – менің асылым!

Қорыта келе айтарым, жаман жолдастан жақсы дұшпан артық. Адал досы бар мен бақыттымын. Сіздерге де сырыңды шашпайтын, сандығыңды ашпайтын асылдарды тіледім!

 

 

 

 

Ажар

Ажар АБДИКАРИМ

 

МАХАМБЕТ ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ ИСАТАЙ БЕЙНЕСІ

 ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, батыр, өжет ақын Махамбет жырларының басты тақырыбы – жан серігі Исатайға арналған еді. Исатай – Махамбеттің үлгі тұтар тұлғасы, асқар таудай қорғанышы. Сондықтан  ақын оны ерекше құрметтеген.

Көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлы патша әскерімен шайқаста ерлікпен қаза табады. Бұл Махамбетке де, халыққа да батқан ауыр қаза болды. «Мұнар күн» – ақынның Исатай өліміне арнап шығарған мұң мен өкінішке толы туындысы. Тармақ соңында ақын «күн» сөзін қайталап отыру арқылы осы сөзге айрықша мағына жүктеп, айтар сөзін еселей түскен.

Біздің ер Исатай өлген күн!

Он сан байтақ бүлген күн! – деп ақын қазаға қатты өкінеді, қайғырады.

Махамбет өлеңдерінің тілі кестелі, не бір әдемі эпитет пен теңеулерге толы. Ақын, әсіресе, метафораны, затты не құбылысты бейнелеп таныту үшін оны екінші бір ұқсас затқа, құбылысқа балаудың шебері.

Кермиығым, кербезім!
Керіскедей шандозым.
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым! –

деп, «Тарланым» өлеңінде ақын троп, құбылту түрлерін бір-біріне ұштастыра қолдана білген.

Арыстан еді-ау, Исатай! – деп оны арыстанға теңей отыра, ел қорғаны екенін дәлелдеген еді.

Ақын «Исатай деген ағам бар» өлеңінде:

Мынау тұрған Исаекем,

Ханның бір тауын қайтарған, – деу арқылы оның асқан ерлігін, батырлығын жырлаған еді.

Қорыта келе, Махамбет өз жырларында Исатай екеуінің арман-мақсаттарын, Исатай бейнесі жайында сөз етеді. Шығармашылығындағы басты ерекшелік – реализимі де осы тұста байқалады. Батыр ақын жырларынан керемет тіл шеберлігімен қоса, екі дос арасындағы адалдық, серттеріне деген беріктік көрінеді.

 

 

Абитилда

Нұрислам АБИТИЛДА

10-сынып оқушысы

   «АБАЙ ЖОЛЫ» – ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӨМІРІНІҢ КӨРКЕМ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ

«Абай жолы» романы халық өмірінің энциклопедиясы
Қаныш Сәтпаев

 

Сөз өнерінің қырағы қыраны Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы — жазушының ең көлемді әрі аса күрделі шығармасы. Әлем халықтарының 116 тіліне аударылған «Абай жолы» арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүниежүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты.

Шығармасында жазушы бір ғана Абай образы арқылы ХІХ ғасырдың                                  екінші  жартысындағы қазақ халқының өмірін жан-жақты, эпикалық  тұрғыда суреттейді. Бұл шығармаға қарап біз Абай өмір сүрген дәуірдегі қазақ халқының тұрмысынан, өмірінен, тіршілігінен, адамдардың көзқарасынан жан-жақты құнды мағлұматтар ала аламыз. Сондықтан да қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымдардың бірде-бірі бұл кітапты айналып өте алмайды: филолог қазақ әдеби тілі мен сөздерін зерттесе, этнограф көнерген небір тұрмыстық белгілер мен құбылыстарды  қарастырады. «Романда халықтың салт-дәстүрі мен тұрмысы бейнеленетін тараулар бір-бір этнографиялық ғылыми еңбекке татиды. Олардың әрбірі жеке зерттеуді қажет етеді». Экономистер Қазақстанның ХІХ ғасырдағы халық шаруашылығының бақташылық құрылысынан дәлме-дәл нақты мағлұмат алады, ондағы тап қайшылығының, яғни бай мен кедей арасындағы қайшылықтардың өзіндік ерекшелігімен танысады. Заңгер шариғаттан бастап, билер кесіміне дейінгі даланың жазылмаған заң жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды…

Дәлеліміз  – ру мен ру арасындағы жер дауының, жесір дауы, құн, барымта, салт-дәстүрлеріміздің, (қонақ күту, қайтыс болған кісіге ас беру, жоқтау,қаралы көш,  үйленуге қатысты дәстүрлер, түрлі тыйымдар, тағы басқа), жалпы алғанда, ұлттық психологиямыздың барынша анық, көркем суреттелуі. Яғни, қаһармандар өмірінің сан түрлі кезеңі, байланыстары, әулеттер ауысуы, мінездердің жасалу, толысу тарихы, тарихи дәуір келбетін көрсететін типтердің көптігі, олардың дүниетаным, наным-сенім ерекшеліктерінің берілуі, ескі мен жаңаның күресі, дәуірлік түбірлі бетбұрыстармен астастырыла көрсетілуі «Абай жолының» эпопеялық сипатын белгілейді.

Романның идеялық-көркемдік биік жетістігін жер жүзінің прогресшіл әдебиет, өнер қайраткерлері жоғары бағалады. Оған дәлел – орыс жазушысы  К.Федин: «Ұлт туралы толық та, тұтас түсінікті бізге жазушының өнері береді… Мұхтар Әуезов өзінің «Абайымен» менің қазақ халқы туралы түсінігімді толықтырды, мен енді ғана хош иісті са­мал ескен даланың жұпар ауасын жұтып, қазақ болып кеткен тәріздімін…» — деп жазуы. Шынында да, бізге ұлт туралы толық мәліметті жазушының өнері береді. М.Әуезов өзінің жазушылық қабілеті арқылы осы «Абай жолы» роман-эпопеясында біздің ұлтымыз, яғни қазақ халқы жайлы толық мағлұмат берді. Ол көптеген халықтардың, жазушылардың мәдениеті бай қазақ халқы жайлы түсінігін толықтыра түскеніне ешкімнің де таласы жоқ. Тағы да бұл сөзімізге дәлел ретінде француз ғалымы Л.Арагонның: «Эпикалық «Абай» романы XX ғасырдағы ең мәнді романдардың бірі», – деген пікірін алсақ болады. Бұл пікірлер «Абай жолы» роман-эпопеясының қазақ әдебиетінің зор жетістігі екенін дәлелдейді.

Ал, қазақ халқының біртуар ұлы перзенті Қаныш Сәтпаев «Абай жолы» романын «энциклопедиялық шығарма» деп бағалаған. Шын мәнінде де солай. «Абай жолы» кітабына біз тек көркем туынды деп қарамай, оны          ХІХ ғасырдың екінші жартысының көркем энциклопедиясы деп қарауымыз керек.

 

 

 

сабина

Сабина АЖАНОВА

10-сынып оқушысы

ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ – АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

Ұлы Абайдың шығармашылығы – қазақ елі үшін әдебиеттің алтынмен тең қазынасы. Заман қанша өзгеріп, уақыт сынаптай сырғыса да, данышпан Абайдың қалдырған мұрасының маңызы зор болып қалады. «Орыс үшін – Пушкин, ағылшын үшін – Шекспир қандай теңдессіз құбылыс болса, Абай да қазақ үшін сондай теңдессіз құбылыс» деп, ХХ ғасырдың ғұламаларының бірі Қайсын Кулиев зор баға берген.

Менің ойымша, ақын Абайдың қазақтың жазба әдебиетіне, адами құндылықты қалыптастыруға қосқан үлесі орасан зор. Бұл сөздер шындығын дәлелдеу үшін келесі нақты фактілерді қарастырайын.

«Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай еді, Абай аты боларға керек. Ең жоғарғы ондықты орын — Абайдікі» деген Міржақып Дулатов ақынымыздың сөзі бар еді. Шынымен де, Абайдың  қазақ әдебиетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оның енгізген жаңалықтары көркем әдебиетті жаңа қырларынан ашып, көлемін ұлғайтты. Абай поэзияға егіз, шалыс, аралас   ұйқас түрлерін және буын, бунақ, тармақ сандары жағынан да жаңалық енгізді. Мысалы:

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған.

Олғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл… , –

деген  «Сегіз аяқ» өлеңінің әр шумағы сегіз жолдан тұрады. Абайға дейінгі  ақындар өз өлеңдерінде төрт тармақты шумақтарды қолданатын, сондықтан Абай осы туындысы арқылы поэзияға жаңалық әкелді деп есептейміз.

Сонымен қатар Абай Құнанбайұлы өзінің өркениеттілікке ұмтылысымен танымал. Зәки Ахметов Абайды барша қазақ халқының ұлттық санасының оянуының символы ретінде таныған. Ақын өз шығармашылығы арқылы қалың қазақ жұртының қиын өмірін және тек елінің ғана емес, көпшілік адам бойындағы ұнамсыз мінездерін арқау қылып, рухани құндылыққа ұмтылу, надандықтан сақтануды басты идея қылады. Мысал:  «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» өлеңінде:

Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық, боласын өлсең тағы.

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы, –

деп, автор адам бойындағы мақтаныш деген сезімді ақылсыздың белгісіне теңеп, оның адамды ортаға жағымсыз қылатынын баяндайды.

Қазіргі таңда, Абай есімін білмеу – қазақ үшін ұят. Ұлтымыз үшін өз шығармашылығын арнаған Абайдай адам өскелең ұрпақ үшін үлгі емес пе?

Ғұлама ақынның  өлеңдерінен, қарасөздерінен түрлі өмір сабақтарын алып, тәжірибе жинаймыз. Сондықтан, әдебиет төріндегі ең ардақты, ең бағалы орында –қазақтың бас ақыны   Абай Құнанбайұлы.

 

 

улжан

Ұлжан АЛИМБАЕВА 

10-сынып оқушысы

  АБАЙ СӨЗІ – АҚЫНДЫҚ КЕНІ

(Абайдың қарасөздері бойынша)

 Ақынның ертерек ел ісіне араласып, әкесімен,  оның қошеметшіл тобымен жүруі заманның алуан шындығын тануына мол ықпалын тигізді. Қарапайым халқының ауыр тағдыры, үстем топтың өз мүддесін көздеген тоғышар іс-әрекеті Абайды сұмдығы мен қаталдығы мол ортадан жирендіріп, өнер-білім, ғылым жолын таңдауға бағыт берді. Зор замандағы  әділетсіздік «қалың елім, қазағым» деген жанды ойлайтын қалың елі, қазағы үшін, сол елінің ертеңі үшін өшпес із қалдыруға ой салды. Менің ойымша, ол ойларын даналықпен түйіндеп, ақ қағаз бен қара сиядан ермек тапты. Соның арқасында оның қарасөздері көркем шығарма түрінле емес, ақынның өзі көрген өмір сабақтары туралы ойлары, содан туындайтын даналық, философиялық түйіндері жинақтау үлгісінде жазылған. Көлемі шағын мазмұн, мағынасы мол терең болып, сұрақ-жауап түрінде өзімен-өзі сырласып, оқырманмен теңесу арқылы ой-түйіні бір-бірімен астасып жатқан Абай өзінің бірінші қарасөзінде: «Ақыры ойладым, ойға келгенді жазып, ермек етейін, кімде-кім керегін алсын, оқысын, керегі жоқ болса, өз сөзім өзімдікі…» –деген пікірмен қарасөз жазу мақсатын баяндаған. Жалпы саны қырық бес  қарасөзінде дәуірдің әлеуметтік жайы, адамдық қасиет туралы, естілік пен кәсіпшілік мәселелері ерекше орын алады. «Он тоғызыншы»  қарасөзінде адамның өмірге келісімен есті болмай, көріп, ұстау арқылы, естілер сөзін ескеру арқылы өзгеретінін, сол арқылы жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренетінін баян етеді. Ал «Отыз бірінші» қарасөзінде естіген нәрсені көкірекке байлап, ынталанып, қайта-қайта ойланып, кеселді ойдан аулақ болу керектігіне тоқталады. Жас ұрпақтың  ойлы, білімді, есті болуына ерекше мән бере отырып, Абай адам өмірінің мазмұнды болуы үшін керек жайларға айрықша тоқталады. Алтыншы сөзінде «Ырыс алды – тірлік» деген нақыл сөзге талдау жасап, кеудеде нұр жаны бар тірлікке, көңіл, көкірек тірлігі қосылу керектігін түйіндейді. Яғни, Абай ең алғаш тек ермек етем деп бастаған ойы түйін, өмір жолында қажетті пікірлер екенін білуге болады. Қашан да адамды еңбек мұратқа жеткізіп, білім билігі шыңға шығаратынын тани білген Абай ойының қай- қайсымызға да ғибраты мол.

Қорыта келе,  мектеп оқушысының алдында үлкен өмір жолы жатыр. Ол жолдың бұралаңы да  еселі еңбекті, төзімділік пен адамдық қасиеттерді қажет етеді. Ал ол Абай түйіндеген ойлы сөздерді түсініп оқып, түйсіне білу арқылы өз жалғасын табары сөзсіз. Абай айтқандай көргенді көңілге түйіп, естігенді есте сақтау, одан ғибрат алу қашан да үлкен өмір жолында жолбасшы болары анық.

 

                                                                                                                      

 

Әйкерім Қалдыбай

Әйкерім ҚАЛДЫБАЙ

10-сынып оқушысы

 АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАРИХЫНДАҒЫ ҚАЙТАЛАНБАС ТҰЛҒА

 Қазақтың ұлы ақыны, ғалым және ағартушысы Абай Құнанбайұлының есімі бүкіл елге әйгілі де ардақты.

Абай – ХХ ғасыр әдебиетінің қиын-қыстау кезеңдегі халық тағдырын пәрменді сипаттаған кемел тұлға. Ақын тек өз ұлтының ғана емес, күллі адамзаттың тағдырында үлкен бетбұрыс болған тұста өмір сүрген. Қазақ әдебиетінің күмбезін әшекейлескен алыптардың қатарынан ойып орын алатын алып тұлғаның келер ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан-теңіз.

Өзінен кейін өшпес бейне, өлмес мұра қалдырған Абай Құнанбайұлы публицистикасында әдебиет тақырыбы кең түрде қарастырылған. Ақындық шеберліктің биігіне Абай толассыз іздену мен  көп еңбектің арқасында жеткен. Зәки Ахметовтің: «Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы»  деген сөздері Абайдың  қазақ және әлем  әдебиетінің зеңгір аспанындағы жарқыраған жұлдыз, қол жетпес биіктегі шамшырақ екенін анықтайды.

Абайды зерттеп, зерделеп Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу арқылы Абайды да, өзін   де, қазақ елін де бүкіл әлемге танытты. Мұхтар Әуезов:  «Мен Абайды ең алғаш және соңғы рет алты жасымда көрдім»,  – дейді. Бұдан жазушының  адам тануынан бөлек, қиялының ұшқырлығын байқаймыз. «Абай жолы» өзге ұлт өкілдерінің де назарын аударып, жүзден астам тілге тәржімаланды. Абайдың қарасөздерін, өлеңдерін алсақ, олардан әділетсіздікке қарсылығы, адамгершілік сарыны, елге деген ыстық махаббаты көрініп тұрады. Абай шығармаларын оқи отырып мұздасаң  жылынасың, күйсең  салқындайсың, тасып бара жатсаң  арнаңа түсесің, қалып қойсаң алға ұмтыласың. Осындай дүниелерді жаза отырып, Абай Құнанбайұлы қазақ әдебиетінде өшпес мұра қалдырды.

Мен үшін Абай – биік шың. Таудың басынан жаздың күні де қар кетпейтіндей, Абай да қазақ әдебиеті тарихынан ешқашан да өшпейді. Мен үшін Абайдың шығармалары – баға жетпес туынды. Абайдың әрбір қарасөзінен, өлеңінен ерекше ой түйеміз, үлгі аламыз. Абай – бір ғасырда бір туатын тұлға.

 

Мерей КЕРІМ

Мерей КЕРІМ

10-сынып оқушысы

 АБАЙ ҚАРАСӨЗДЕРІ

 Қазақтың ұлы ойшылы Абайдың қарасөздері – терең философиялық және психологиялық ойларға толы. Әр қарасөзінде бір өзекті мәселені қозғап, жағымпаздық пен сыпайылық, махаббат пен тәкаппарлық сынды адам қасиеттерін қағаз беттеріне түсіріп отырған. Өз заманындағы адамның көзін ашу мақсатында жазғанымен, дәл біздің осы күнгі кейбір адамдарға  арналғандай.

Менің ойымша, негізгі идея уақытты құр өткізбеу, ақыл – ой, тұлға, адам қасиеті жайында. Мысалы, «отыз бірінші» қарасөзін алсақ, онда адам өзі үшін білім алып, керегіне жарату керек дейді.  Егер мейіріммен ғылым іздесең, білмегеніңді де сондай махаббатпен іздеуге тырысасың. Сонымен қатар, біліміңді шыңдағың  келсе, пікір алмасып, алған мәліметті есте сақтау қажет деп жазған. Сонда ғана білімің жемісті болады. Жаман олқылықтан аулақ  болып, жағымды  мінездерді бойыңа сіңіруге нұсқап, бағыт береді.

Абай қарасөздері – өзіңді рухани байытуға көмек. Қырық бес қарасөзден,  қырық бес түрлі ой аласың. Қарасөздері әр оқыған сайын, жаңаша көзқараспен қарап, одан сайын дами түсесің. Көреалмаушылық, мақтаншақтық, жағымпаздық сынды қасиеттер  –  әлі күнге дейін біз арыла келе алмай жатқан жауымыз. Абай өз дәуірінде келешекте осы жағдайлар  болатынын  сезгендей. Мысалы, он сегізінші қарасөзінде адамдар ол заманда атымен, бар байлығымен мақтанып, өздерін жоғары санаған, ал бүгінгі таңда адамдар жаңа киім, соңғы үлгідегі көлігімен мақтанады. Десе де, мал мен ақша ештеңе шешпейді, тек ақылмен, біліммен бәрінен оза аласың.
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі  боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», –  дейді отыз бірінші қарасөзінде Абай. Өзімшілдік пен менмендік алысқа апармайды. Жетістікке жетуің де екіталай. Ата-анаңның  алдындағы немесе саған жақсылық жасаған адамның мейірімін қайтарғаныңның өзі -Алланың разылығына бөленгенің.

Қорыта келгенде, Абайдың қарасөздері –  рухани жаңғырудың бірден — бір жолы. Адамды қалыптастырып, жетілдіретін де осы қарасөздер деп ойлаймын.

 

Айдана РЫСПАЕВА

Айдана РЫСПАЕВА

10-сынып оқушысы

АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ  ТӘРБИЕЛІК АРНАЛАР

Абай – қазақ халқының ақыны, философы, аудармашысы. Бүгінгі таңда біз ақынның ой мен ақылға толы өлеңдері мен қарасөздерін оқып, одан рухани нәр аламыз.

Менің ойымша, Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәні зор. Сөзімнің дәлелі ретінде Алашорда қайраткері, ғылым Х.Досмұхамедұлының: «Абай – тек өлеңші емес, терең саналы адам. Философ. Жазған сөздерін түсінуге ой керек… Біз мәдениетті жұрт болсақ, Абайдың жүз бет өлеңіне мың бет жору жазылған болар еді… Надандығымыз келіп, көзіміз ашылған сайын Абайдың қадірі де көтеріле бермекші» деген пікірді алуға болады.

Ақын өлеңдерінің тәрбиелік арналарын ашуға бірнеше кітапты арнауға болады. Соның ішінде кейбіреуіне ғана тоқталамын. Соның бірі тәрбие, білім және өмір жайлы өлеңдерімен мол тәрбие, тәлім аламыз.

Мысалы мына өлеңінде:

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, –

деп, Абай атамыз өзі өмір сүрген кездегі адамдардың арманы би, болыс болғанын, бірақ ол баянды емес, білім ғана баянды екенін бізге ескертеді.

Ал, «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласын елден ерек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек, –

деп, ақын бізді ақыл, қайрат және жүректі бірдей ұстау арқылы толық адам болуға шақырады.

Хакім Абай дін туралы өлеңдері мен қарасөздерін сабақтастыра жазған. «Алланын өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті,–

деп, үш сүюді «имани гүлге» теңейді. Яғни, Алланы, адамзатты, әділетті сүю – мұсылман адамның басты парызы екендігін айтады.

Ақын – адами қасиеттерді бойымызға сіңіріп, қалыптастырып, қалың жиынның  толық адам болуын талап ететін, мақсат қылатын дара тұлға. Ерекше бір жүректен жаратылған туындыларымен болашақ ұрпаққа ой салады, үлкеннен ұят сақтатып, кішіден рақым қылдыруы, жаманшылықтан жирендіруге бағыттайды. Абайсыз қазақ – қазақ емес, халқымызда ақын болар ұл  туса да Абайдай реңін, Абай келбетін халық еш уақытта ұмытпас.

 

 

Айым АЙТПАМБЕТ

Айым АЙТПАМБЕТ

11-сынып оқушысы

 АБАЙҒА БЕРІЛГЕН ӘКЕ ТӘРБИЕСІ

Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында  бала тәрбиелеу міндеті тұрады. Соның ішінде   «бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп қазақ халқы жайдан-жай айтпаса керек. Қазақ халқы баланың қандай мінезін көрсе де, «тегіне тартқан» дейді. Бұдан бала өміріндегі әкенің рөлі маңызды әрі жоғары екенін ұғамыз. Оның айқын дәлелі ретінде Құнанбай мен Абайды айтуға болады.

М.О.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында қос дара тұлға –Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасын шырқау биікке көтереді. Құнанбайдың  Абайды оқуға интернатқа жіберуі, Абайды жер дауымен Құлыншаққа жіберуі, Қодар мен Қамқа мәселесін бала Абайға көрсетуі –мұның барлығынан Абайдың тұлға болып қалыптасуына әке тәрбиесінің ықпалының зор екенін байқаймыз. Ұлын оқуға жіберу арқылы жеке адам ретінде өзіндік шешім қабылдап, тұжырым жасауға тәрбиелейді. Екінші, «бүгінгі Қодар мен Қамқа мәселесін шешуге жиналған топқа Құнанбай Абайды бірінші рет әдейі алғызып отыр», – дейді автор. Яғни, Абайды шақырып алудағы ойы биліктің оңай шаруа еместігін және қаталдықты талап ететіндігін ұғындыру. Міне, осы тұста Құнанбай «әкеге қарап ұл өсер» деген сөзді ескере отырып Абайдың тұлғалық қасиеттерін қалыптастырды. Үшінші, «Күңкенің ауылына Абай келісімен әкесі Құлыншаққа айтатын сөздерін Абайға түсіндіріп Құлыншақ  ауылына жұмсады» деп жазады М.Әуезов. Құнанбайдың рулар арасындағы даулы мәселелерді шешуге Абайды жіберуі оның дау шешуіне, ел жағдайымен қанық болуына жасаған алғашқы қадамдарының бірі.

Омар Жәлел «баланың әкеден алатын екі қасиеті – өжеттік пен батылдық » дейді. Абайдың каталашкаға отырғанда ойын өзгертпеуі, надан тобыр қамшының астына алғанда жасымауы – әке көргендігінің белгісі, әке тәрбиесінің жемісі.Ел арасында Абай  Құнанбайға «мен сенен артықпын ғой» дегенде Құнанбай «сен өзіңнен артық бала туғызсаң артықсың, өзінен артық бала туғызған сенен мен артықпын» деген сөзінің де түбі осы сөзде болса керек.

Қорытындылай келе, «әке көрген оқ жонар» демекші, Абай Құнанбай тәрбиесі арқылы елді әділ биледі, кесімді шешім айтты, халық қамын ойлаған азамат болды. М.Әуезов «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деп мәлімдегендей Құнанбайды танысақ, Абайдың тұлғалық ерекшеліктерінің кімнен дарығанын да білеміз. Бүгінгі қоғам осы қос тұлғаның әке мен бала арасындағы арақатынасынан үлгі алатын болса, әлі де Абайлар туылады.

 

сАУЛЕ ЕЙРАМБЕКОВА

Сәуле МЕЙРАМБЕКОВА

10-сынып оқушысы

 

 «АБАЙ ЖОЛЫ» – ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӨМІРІНІҢ КӨРКЕМ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ

 

Абай жолы» романы –халық өмірінің энциклопедиясы
Қаныш Сәтпаев

Қазақты әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тек біздің елде ғана емес, дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылып, кең тараған, әлем әдебиетінің алтын қорына енген туынды. Мыңғырған төрт түлік малын  бағып, өзімен-өзі өмір кешіп жай жатқан қазақ деген ел бар екенін, сол елдің қамын жеген дарабоз ерлері барын танытқан, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүр, ой-пікір, арман-тілегін өзгеге таныстырған ұлы шығарма жайында айтылар сөз көп.

«Абай жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін, күресін ғана суреттеп қоймайды, сонымен бірге ақын өмір сүрген сол дәуірдің шындығын мейлінше мол әрі терең бейнелейді. «Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын» деген таңданысты айтқызған «Абай жолы» роман-эпопеясында суретшінің дәуір шындығы, феодалдық-рулық тартыстар, көшпелі қоғамдағы топтың жіктелуі, қарапайым еңбек адамының аянышты, азапты өмірі ғана емес, ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының таным-түсінігі, әдет-ғұрпы, салт-жоралғылары, көшпелі тұрмысы, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының өмірі жан-жақты  энциклопедиялық тұрғыдан терең суреттеліп жазылған. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы перзенті Қаныш      Имантайұлы Сәтпаев: «Егер сен ХІХ ғасырдың екінші  жартысындағы қазақ халқының өмірін, тіршілігін, тарихын, әдет-ғұрпын білгің келсе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқы. Ол –  шын мәніндегі энциклопедиялық шығарма», –  деп бағалаған.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүруін жан-жақты бейнелейтін энциклопедиялық «Абай жолы» роман-эпопеясында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, халықтың әдет-ғұрпы  терең суреттелген тұсын ғана алайықшы. Біз қазір белгілі бір жағдайда орындалатын халқымыздың салт-дәстүрлерін көп жағдайда біле бермейміз. Білмеген жағдайда мен көпшілікке «Абай жолын» оқуға кеңес берер едім. Романда халқымыздың салт-дәстүрі сол кездегі өмір шындығымен астасып, шығарманың көркемдік қуатын күшейтіп, кейіпкерлер әлемімен тұтаса келе көз алдымызға көркем шежірелі ғажайып өнер туындысын  данышпан қаламгер оқырмандарына ұсынады.

Жазушының әрбір туындысы үлкен еңбекті, ізденісті қажет етеді. Ал «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға Мұхтар Әуезов үлкен дайындықпен келіп, оған дейін аса мол ізденіс сатыларын бастан өткерген еді. Осындай жазушының талмай еткен еңбегінің арқасында, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш, шоқтығы биік роман-эпопея дүниеге келді.

«Абай жолы» роман-эпопеясында жазушы М.Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін суреттей отыра, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы шындық, ондағы талас-тартыс, тап арасындағы қарама-қайшылықтарды, жеке бір адам өміріндегі өзгерістермен байланыстыра отырып өте шебер бейнелейді. «Сөз өнерінің қырағы қыраны» атанған М. Әуезовтің халық өмірін терең білуі, оның энциклопедиялық білімі мен жазушылық дарын шеберлігінің ұштасып келуі «Абай жолы» романының шыншылдық, көркемдік деңгейін ғарышқа көтеріп кеткендей.

Шығармашылығының басты, негізгі, бірегей, сүйікті кейіпкерінің сөзімен айтқанда, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Мұхтар Әуезов –  мен үшін мәңгі өлмейтін дара тұлға.

 

 

Рысжан ЕСЕТҚЫЗЫ

Рысжан ЕСЕТҚЫЗЫ

10-сынып оқушысы

         

МАХАМБЕТ ЖЫРЛАРЫ  АСҚАҚ РУХТЫҢ ҮНІ

                      Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім…

                                                    М.Өтемісұлы

Махамбет – халық арасында келеңсіз құбылыстарды, келелі істерді өлеңіне арқау еткен өр рухты, асқан ақындығына қалың жұртшылық бас иген ақын. Менің ойымша, Махамбет ақын өзгеде жоқ, өзінде ғана бар құдіретті қасиетімен батырлар тарихында да, ақындар тарихында да жарық жұлдыздай жарқырап, жеке тұратын теңдесі жоқ, дара да дана тұлға. Оның екі асқақ арманы болды, біріншісі – елдік, екіншісі – ерлік.

Елдік – қай дәуірдің болмасын асыл үні. Махамбет жырларында егілу, сарнау, зарлау сарыны жоқ. Отаршылдық тәртібі бұғау болып басқа киілгенімен,одан құтылып шығудың жолы жоғын көрсе де, Махамбет егілмейді. Бұғауға көнгісі келмей бұлқынады. «Жалаулы найза қолға алып, жау тоқтатар күнді» аңсайды. Елдік арманы сол – тар қапасқа тап болған халқын еркіндікке жеткізе алмады. Халқын тәуелсіздікке жеткізу жолында ақынның асқақ рухын:

Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Еділде жатқан көп елге

Мал толтырсам деп едім, — деген жолдардан айқын көруге болады. Халқының қамын, елдігін ойламаған азамат – азамат емес, жігіт – жігіт емес. Ақын осылай дейді.

Ия, бұл дүниеге шырылдап келген ақын соры қайнап, елі үшін билеушілермен жағаласқан ерлік ісі қандай мадаққа болса да лайық, мадақтауға тұрады. Халқына қамқор болып, соның жолында қандай қиындыққа болса да, қиналмай барды. Сондықтан да Махамбет ерлік белгісі – сөз емес, іс, халықтың кегін үйде отырып күпінген сөзбен емес, оның жауларымен жан алып, жан беріскен күреспен, қасық қаны қалғанша шайқасу, келісімі, бітімі жоқ майдандасу арқылы ғана қайтаруға болады деп білген. Ерліктің өтемі – елге тигізген пайдасы.

Ерлік жайында қай ақыннан да асыра, жеріне жеткізе жырлаған Махамбет «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңінде:

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,..

Ерлердің ісі бітер ме?

немесе:

Асылдан болат ұл туса,

Екі жақ болып тұрғанда,

Егескен жерде шарт кетер.

Жауырынынан өтін алса да,

Жамандарға жалынбас, – деп, сын сағатта шыдас беретін өжеттікті, өрлікті, намысқойлықты мадақтайды. Ісіне адалдық, алған бетінен айнымау, сенімділік, батырлық секілді қасиеттер – ел қорғайтын азаматтың асыл қасиеттері дейді ақын.

Ақынның барлық дерлік өлеңдері бостандық пен әділдікті жақтайды, халқына рух береді. Дауылпаз ақынның ерлік арманы сол — ата жаумен қан майданда айқасып, қаруын қапысыз сілтеп, қан кешіп жүріп мерт болмады, бұғып келген қарақшының қолынан қапыда кетті. Осы орайда ақын Сағат Әбдуғалиевтің мына бір өлең жолдары есіме түседі:

Бөрілермен бөрілерше белдескен,

Сен менен бақыттысың, Махамбет!

Демек, елі үшін айқасқан ақынның еш арманы жоқ.

Қорытындылай келе, Махамбет Өтемісұлының таңғаларлықтай табиғи үйлесім тапқан ақындығы мен батырлығын бір ғана мақсат жолына — туған халқының бостандығы мен еркіндігі жолындағы жанкешті күреске арнаған даңқты тұлға  екеніне көз жеткіздік…

Ғасырлар, жылдар алмаса келе талай оқиға көмескі тартары —  заңдылық. Ал Махамбеттің ісі мен жырларына ондай қауіп төнбек емес. Оның өлең ағыны – өмірдің өзіндей тоқтаусыз. Ақынның жыр-толғаулары – бір кезеңнің баяны ғана емес, күллі адамзатқа тән азаттық пен теңдіктің өшпейтін ұраны. Махамбет сонысымен мәңгілік.

 

Іңкәр ШАКИПЗАДА

Іңкәр ШАКИПЗАДА

10-сынып оқушысы

САНАНЫ ЖАУЛАҒАН ҒАЛАМТОР

НЕМЕСЕ

БОС УАҚЫТТЫ ПАЙДАЛЫ ӨТКІЗІП ЖҮРМІЗ БЕ?

Уақыт – ханға да, қараға да берілетін үлкен сый. Оны ешқашан, ешкім кері шегіндіре алмайды. Халқымыз уақытты дүниедегі ең қымбат нәрсе болғандықтан да алтынға бағалайды. Ал осы қамшының сабындай қысқа ғана өміріңізде уақытыңыздың босқа өткен кездері болды ма?

Әрине, барлық уақытымды тиімді пайдаланамын деп айта алмаймын, әйтсе де жас болғандықтан, көп уақытымды пайдалы істерге жұмсауға тырысамын. Қазіргі таңдағы басты проблема, ол – жастардың көп уақытын ғаламторға жұмсауы. Ғаламтордың шырмауынан құтыла алмай жүрген жастарымыз қаншама!.. Ал, мен ата-анамның берген тәрбиесі болар, қанша қызықсам да, бос уақытымның көбісін ғаламтор алдында өткізбеуге тырысатын, ғаламтордың шырмауына түспеуге тырысатын жандардың қатарынанмын…

«Өмір – өзен,  ағып жатыр тынбайды, Өмір болмас, қасіретсіз мұң-қайғы» деп, қазақ халқы өмірді ағып жатқан ө–зенге теңейді. Уақыт та осы өзен секілді ешкімге білдірмей, өз арнасымен ағып жатады. Сол өзен ағынында кейбір адамдар өз орнын тауып жатса, кейбіреулер басын тауға да, тасқа да соғып жатады. Уақыттың өтіп жатқанын аңғармай да қалады. Қартайған шағымызда жастығымызды аңсап, сол күндердің қайта айналып келуін қалаймыз. Бірақ ол мүмкін емес нәрсе, өйткені ол уақыттың еншісінде.

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды бұл өмірді

Өтпейтіндей көретін адамдарға, —

деп жырлайды Мұқағали атамыз. Расында, кейбір адамдар уақытты «өміріміздің ұрысы» деп есептесе, бірі уақытты «ұлы ұстаз» дейді. Ал мен уақытты ұстаз санайтын қауымның қатарынанмын. Уақыттың мені сүріндірген кезі болған емес дей алмаймын. Алайда қолдаған, басымнан сипап көтерген сәті аз емес. Ес біліп, етек жинаған сәтімнен бастап саналы әрекет етуіме, сылбыр ойға жол бермеуіме, ақыл таразысына абай болуыма әсер еткен отбасымдағы тәрбие десем, тәрбиенің бойыма сіңімділігіне әсер еткен уақыт пен оның төрелігі дер едім.

Тағы да ғаламторға айналып соғар болсақ:

Айшылық алыс жерлерден

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды.

Аты жоқ құр арбаны

Мың шақырым жерлерге

Күн жарымда барғызды.

«Дала қоңырауының» меңзегені ғаламтор секілденіп те көрінеді екен. Иә, ғаламтор таба алмаған ақпаратыңды лезде тауып береді. Үйден шықпай-ақ мұхит асқан достарыңмен тілдесесің. Былай қарағанда өте тиімді. Алайда, осы пайдасы мол ғаламторды шектен тыс қолдансаң, оның шырмауынан шыға алмайтын құл секілді болып қаласың! Қазіргі таңда осы жайтты ескермейтіндер көпшілік. Әсіресе, жастар! Ал, ел ертеңі – жастар. Кез келген нәрселерді алып қарасақ, көлеңкелі тұстары мен күнгей жақтары болады. Менің замандастарым да ғаламтордың тиімді тұстарын тиімсіз қолдануда. Енді тығырықтан жол тауып шығу керек!

Егер де біз саналы азамат болсақ, бар дүниені тиімді қолданамыз. Шегарадан да асып кетпейміз. Мұнымен не айтпақпын, теңдесі жоқ қайтып келмейтін уақытты құр әлеуметтік желіге сарп еткенше, бос уақытты қайырымды дүниелермен өткізген абзал. Біздің санамыздың уланғаны соншалық –біріміздің үйімізге қонаққа да барудан қалдық. Үйде отырып ауызша  да тілдеспейміз ғой! Ал бұрынғы таңдарда шырқаған әндеріміз алты қырдың ар жағына естілетін сағаттар жылжып, уақыт өтуде… Сонымен бірге ұлттық құндылықтарымыз да ауысты…

Соқыр мылқау танымас тірі жанды,

Үсті-басы — ақ қырау, түсі суық, —

деп, данышпан Абай атамыз да бүгінгі күннің ғаламтордың арбауындағы жастарын айтқан секілді. Ащы болса да шындық.

Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесінде де ауылдың балалары ертегі білмесе де, Аян секілді ойдан шығарып, таңды атырушы еді ғой. Тағы да қайталап өтелік, құндылықтар алмасыпты.

Менің ойымша, жеке тұлға-индивид ретінде дамығың келсе, онда санаңды бостандыққа жібер. Ғаламтордың арбауына түсіп, уақытыңды жолғалтып алма! Себебі уақыт саған жоғалтатын кілт емес. Қайта жасатып  немесе қайта табатындай! Ерте оян! Былайша айтқанда өзіңді оят. Бір адам елдің ойын өзгертіп, соңынан ерте алады. Бір адам елдің  ішін бүлдіруі мүмкін. Сол үшін де  ғаламтордың санаңды улауына жол берме!

 

 

Айдана Тегисова

Айдана ТЕГИСОВА

11-сынып оқушысы

 

МҰXТАР ӘУЕЗОВТІҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАНЫ  ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӨМІРІНІҢ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ ЕКЕНДІГІН ТАЛДАП ЖАЗЫҢЫЗ

«Абай жолы» эпопеясы – жартығасырлық қазақ өмірінің энциклопедиясы», – деп баға берген Қ. Сәтпаев атамыз айтқандай, бүкіл өмірінде Абай тәрбиесін көріп өскен Мұxтар Әуезов  «Абай жолы»  роман-эпопеясында  қазақ тариxының екі ғасырлық өмірін суреттеп жазды. Роман-эпопея  Абайдың өмір жолын, ауыр тағдырын суреттеп қана қоймайды, сонымен бірге бүкіл қазақ халқының  әлеуметтік жағдайы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі суреттеледі.  Әдебиет әлеміне сапар шеккен әрбір оқырман романнан отаршылдық езгі тізесін батырған сұрапыл кезеңдегі  халықтың хал-жағдайын, өнер-білімге ұмтылған жастар, адамдар арасындағы жауыздық пен сатқындық, махаббат пен ізгілік қатар келген  өткен ғасыр көз алдымызға айна қатесіз елестей түседі. Себебі неде, сіз қалай ойлайсыз?

Менің ойымша, бұл тұжырымды дәлелдеу үшін романдағы қазақ өмірін екі бағытта қарастырғанымыз жөн: материалдық және руxани мәдениет.

Романды оқи отырғанда,  қазақ ауылының тариxы ғана емес, сол кездегі қазақтың қолданбалы өнері және еңбекші халықтың күнкөріс тіршілігінің  кішігірім белгілері оқырман назарынан қалыс қалмайды. Тоғжанның зерлі ішігі, жібек матадан болған көйлегі мен бұрымында сылдырлаған шолпысынан бастап, кедей жатақтардың жамау киімдері, өріске сыймай жатқан малдың қыстаудан жайлауға үдере көшіп, егін егіп күнелтіп отырған бұратана xалықтың  жағдайы  тариx беттерін парақтамай-ақ, романды оқу арқылы танысуға болады. Бұл аталғандарды материалдық мәдениет ретінде қарастыра аламыз.

Ендігі кезекте – руxани мәдениет. Отаршылдықтың қара бұлты төніп, елді ұршықтай үйірген қилы кезеңде руxани жан дүниенің ақсаған тұстары да болды. Халық арасынан қара басының қамын күйттеп, Абай айтқан «пысықтар» алға түсіп, қазақты қазақ аямай, жауға жығып берген жағдайлар жетерлік. Үстем тап өкілдері, жалған белсенділер xалық арасына іріткі салып әуре етті.

Романнан руxани байлықты да кезіктіруге болады. Бұл, әрине, асқар таудай әкенің темірдей тәртібі мен аяулы ананың тәрбиесі. Мұны романның басынан-ақ байқауға болады. Қаладан ауылға зарыға жеткен жас баланың анасын көргенде, қуанышы қойнына сыймай алқына асыққан сәтіндегі ана сөзі естеріңізде ме?!

– Алдымен әкеңе амандас!

Бұл – қазаққа ғана тән  тәрбиенің керемет көрінісі. Әкеге деген құрмет, ананың даналығы тайға  таңба басқандай анық көрініп тұр. Құнанбай баласына қаншалықты қатал, суық болғанымен, ұлы  ынжық болмай, ер мінезді, нағыз азамат болып ер жетті. Бөжей асында да жігіттік танытып қадам жасады. Екі арадағы кикілжіңді ушықтырмай шеше білді. Мұның бәрі ананың мейірімімен бойына сіңген көркем мінез. Иә, әкеге қарсы шықты, сөйледі деп ойлауыңыз мүмкін. Осы арада Сырым Датұлының мына бір сөзі еріксіз есіме түседі: «Әке тұрып ұл сөйлесе – ер жеткені, ана тұрып қыз сөйлесе – бойжеткені».  Бұл жағдайда менің түсінігім, қатал мінезді Құнанбай іштей әкелік мейірімін Абай бойына дарыта біліп, «атадан оза туған» Абайдың ұлы тұлғасын байқауға болады.

Міне, роман барысында осындай жағдайларға назар аударсақ,  бір ғажабы, осы оқиғалар Тобықты елі арасында ғана өрбісе де, бүкіл қазақ елінің xалін суреттегендей еді. Сол себептен де бұл романды қазақ өмірінің энциклопедиясы деп айтуға толықтай негіз бар.

 

 

Арай РЫСБЕКОВА  

Арай РЫСБЕКОВА

8-сынып оқушысы

 АБАЙДЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ОҚУ – БІЛІМ ТУРАЛЫ

Даңқы  жер шарына жайылып, қазақ жазба әдебиетін қалыптастырған, тұлғалы ақын  Абай Құнанбайұлы жас кезінде мектептен білім алмаса да, өз бетімен  білім  іздеуден, оқудан жалықпаған. Өзінің өмірін де  сол кемел жолға арнаған. Кейбір өлеңдерінің, қара сөздерінің көбіне мағынасын түсінбей, оның  астарына үңілмей  оқи салатынымыз да рас.

Бәрімізге  таныс «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңі менің ойымша, білімге қағылған қазық, ол барлық оқимын, білім аламын деген жастарға  бағыт-бағдар беретін бағдаршам десек болады. Яғни, қазақтың біртуары  Абай атамыздың шығармалары –  біздің ақылшымыз, бағдаршамымыз!

«Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің атынан-ақ ғылым таппай мақтанбау керектігін ұғынасыз. Бес нәрсеге ғашық етіп, бес нәрседен қашық етіп, албырт адамға жол сілтеп, «тілеуіміз, өміріміз алда екенін», оған жету үшін, оқу, білім алу керектігін жеткізеді.   Өлеңде не жайлы айтылса, дәл солай көз алдыңа елестеп, өлең ішіне үңіле кіргеніңді сезесің. Дәл осылай бізге бағыт-бағдар көрсетіп, болашақта қателіктер жібермеуге, оқу мен білімге деген құштарлығымызды ашып, шабыт бере отырып  «қазақ ақындарының ақыны» атанған, терең  ойлы толғауымен өшпес із қалдырған  Абай атамыздың еңбегі өлшеусіз деп ойлаймын. Абайдың оныншы қарасөзінде: «Адамдар құдайдан бала тілейді. Тілегендегі мақсаты қандай? Қартайған күнімде асырап, өлгенде орнымды бассын дейді. Осыдан басқасы бар ма? Орнымды бассын дегені артымда қалған дүние иесіз қалар деймісің? Әлде өлеріңді білмей біреуден  қызғанамысың? – Баланың  жақсысы жақсы, тек жаманын сұрамадың. Өзіңнің көрген қорлығың аз ба?   Өзіңнің бітірген иттігің аз ба? Енді бір бала туғызып,  оны да ит қылуға, оған да қорлық қөрсетемісің?!» – деп, ата-ананың алдындағы парызды да түсіндіре кетеді.

Дәл осылай Абай өзге де қарасөздерінде ойға келмеген сұрақтар қойып, осыған дейін бітірген іс-қылықтарымыз жайлы ойлануға әкеледі. Кемел ақыл, кенен ой, өз дәуірінің ақылшысы мен данагөйі Абайдың алар орны өзгеше.

Ақынның білімге, өнерге  деген сүйіспеншілігін, махаббатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол – өшпес мұра қалдыра білген, өлеңдердің алғыры мен сұңқарын жеткізген ұлы ақын.

 

 

Нұржұма ШЫҢБАЙ

Нұржұма ШЫҢБАЙ

8-сынып оқушысы 

АБАЙДЫҢ 19-ші ҚАРАСӨЗІНДЕГІ ЕСТІЛІК ПЕН БІЛІМДІЛІК

 Адам ата-анадан туғанда есті болмайды. Уақыт өте келе әр нәрсені ұстап-біліп, көргеннен соң ғана есі кіріп, көрген білгенін үйрене алады. Қиыншылықта құтқаратын да, сенімді, арқа сүйер серік болатын да адамның өзі, оның жан дүниесі. Егер адамның ішкі-сыртқы жан дүниесі білімге, жақсылыққа бай болса, сол адам ешқашан қиындыққа мойынсұнбайды, себебі оның жан дүниесі рухани бай.

«Қазақты рухани байытамын, білімге құмар қыламын» деген хакім Абайдың қазақ даласында алар орны ерекше. Абай қазақ үшін не істеді? Абай қазақ үшін өмір сүрді. Қараңғы қазақ төріне өрмелеп шығып күн болды… Бізді қараңғы түнектен алып шығып, өлең-жырлар, теңдесі жоқ қырық бес  қарасөзін жазып кеткен. Ендігі  біздің міндет – оқу-тоқу, білу-үйрену болмақ.

Менің ойымша, Абай атаның идеалындағыдай адам болу үшін, оның қарасөздерін оқысақ жеткілікті. Жақсы, яғни дұрыс адам болу үшін Абай атаның қарасөзінен тәлім-тәрбие алсақ жеткілікті деп ойлаймын. Қарасөздерде адамгершілік, сыйластық, сүйіспеншілік және де сын тұрғысындағы әртүрлі әңгіме қозғалады. Қандай мағынада, қандай сөздермен жазылса да түпкі мағына бір, ол өмірді мәнді ету, мәнін түсіну және ең маңыздысы – білім.

Сол білім туралы айтылатын қарасөзінің бірі – он тоғызыншы қарасөзі. Оның айтуынша – адам туылғанда есті болады, бірақ оны дамыту не тежеу адамның өз қолында. Ал дамыту үшін білім қажет, сөз түсіне білу, айта білу қажет. Осыны ескеретін адамның өзі де есті болады. Ал егер қорытынды шықпаса, сөз далаға кетсе, одан да сөз түсінетін шошқаны баққан пайдалырақ.

Мінеки, Абайдың әр сөзінің астарында көзге өлшеусіз тереңдік жатыр. Сондықтан да, елі үшін жете туған еріміз – дана, дара, кемеңгер Абайымыздың қадірін білейік.

 

 

Динара МАРАТҚЫЗЫ

Динара МАРАТҚЫЗЫ

8-сынып оқушысы

 

МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫ  – ХIX ҒАСЫРДАҒЫ  ҚАЗАҚТАР ӨМІРІНІҢ КӨРКЕМ  ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ

 Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы XIX ғасырдағы қазақ халқының тұрмысы, бастан кешкені, салт-дәстүрі ең бастысы қазақ еліне еңбегі сіңген дара тұлға Абайдың өмірі жайлы баяндалады.

Ендігі басты мәселе – «Абай жолы» романы не себепті көркем энциклопедия  екенін шешу.

«Абай жолы» жай кітап емес, адамға қаталдықтың, әділдіктің, тәрбиенің, алауыздықтың, жанашыр болудың не екенін үйретеді.

«Абай жолы» адамды ойландырады. «Қалай,   не деп ойландырады?» десеңіз, мен сізге айтайын. Әрбір адам өмірінде қателік жасайды, жасаған қателігін мойындай білген, қателігін ойланып ендігі жасауға бармайтын адамды  мен нағыз адам деп айта аламын. Ол адам қорғансызға қорған болып, панасызға пана болып әділдіктің алдында жүреді. Ол адам осы өмірдегі күллі жамандық пен жауыздық, надандықпен күрескен. Осындай адам деп мен қазақтың дара тұлғасы Абайды айтамын. Сондағы Абайға қарап мен ойланамын. Адам қандай жағдай болмасын әрқашан әділ, қамқор болып, «ақты ақ, қараны қара» деп бағалауға болатындығы жайлы ойлаймын.

Энциклопедия Абайдың даналығы, даралығы арқылы қазақ елінің XIX ғасырдағы хал-жағдайының қандай екенін сол уақытқа тән жер,  жесір, құн даулары туралы көп мәлімет береді. Қазіргі қазақ халқы Абай ата армандаған татулық, бірлік, басқа елдермен тең дәрежеде өмір сүреміз.

 

 

 

Альмира МИХАЙЛОВСКАЯ

Альмира МИХАЙЛОВСКАЯ

8 «В» сынып оқушысы

 

АБАЙДЫҢ 19-ШІ  ҚАРАСӨЗІНДЕГІ ЕСТІЛІК ПЕН БІЛІМДІЛІККЕ ЖЕТУ ЖОЛДАРЫ

Абайдың он тоғызыншы қарасөзінде есті адам болу үшін керек нәрселердің бәрі айтылған. Жалпы Абай Құнанбайұлының қарасөздерінің тәрбиелік мәні зор. Олар бізді білімділікке, тәртіпке, естілікке баулиды. Абайдың ойынша естілік пен білімділікке жету үшін не керек?

Абай он тоғызыншы қарасөзінде «адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» деп айтады. Яғни, есті болу үшін қандай да бір дарынның қажеті жоқ. Білімді әрі есті болу үшін адам жақсы мен жаманды ажыратып, тани білуі керек.

Бұл – есті болу үшін керек ең бірінші нәрсе. Ал екінші нәрсе – ол естілікті дұрыс пайдалану. Естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды. Үшінші нәрсе есті болу үшін сөз тыңдауымыз керек. Сөз тыңдамайтұғын адам ешқашан есті, білімді бола алмайды.

Қорыта келсем, естілікке өзімізді-өзіміз жетелейміз. Ең бастысы жақсы жолмен жүріп, сөз тыңдап, қателіктерімізді қайталамауымыз қажет деп ойлаймын.

 

 

Аружан ЖАСҚАЙРАТОВА

Аружан ЖАСҚАЙРАТОВА

8 «Б» сынып оқушысы

 

АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ

Поэзиясында ғаламат ақындық мәдениет танытқан данышпан, философ, дана Абай өзінің ойшылдығын, білімдарлығын қарасөздерінде де  мол аңғартып отырды. Ол заман жайында, халықтың тағдыры мен тіршілік күйлері, ел мінезін түзеу, оны жақсы жолға салу, жарық пен прогреске бастаудың жолдары, адамның рухы мен санасының өзгеруі жайында жазды.

Абай – қарасөздерінде өмір шындығын қозғаған реалист жазушы, халықтың мұң-мұқтажын көксеген демократ, қоғам қайраткері. Ол қарасөздері арқылы қазақ арасындағы озбырлыққа, қанауға, қара күшке негізделген ел билеу тәртібіне, зұлымдыққа, надандыққа, кертартпа әдет-ғұрыпқа, теріс түсінікке қарсы шығып отырған заманның сыншысы болды.

«Мырзаларды қадірлеймін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ. Мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр. Біреулер артына құрыш киізді тұзға малшып шыққан соң ісі шығып еріксіз кім болса соған талтайып емізіп жүр», — деп, мырзаларды түйреді.

Абай атамыз ұсынған адамгершілік өрнегінің, бес асыл қасиеттің бірі – еңбек. Ортадағы жағымсыз қылықтардың көп болуы, Абайша, ең алдымен, олардың жалқаулығында. Ерінбей еңбек етіп, «шаруаның ебін, сауданың тегін» білетін, егін егіп, жер өңдейтін, өнерлі елдерде бұл жағдай қазақтағыдай емес, адалдықпен өмір сүрсе, бұлай қор болмас еді дегенді айтады. Осылайша, Абай ел өмірінде адам тұрмысында еңбектің рөлі зор болатынын дұрыс түсінеді.

Абай адамды табиғаттық құбылыстың бір бөлігі деп түсінеді. Табиғат пен қоғамның өзгеруіне қарай адам да өзгереді деп білді. «Адам баласын заман өсіреді», өмір өзгертеді, тәрбиелейді, еңбек жетілдіреді. Ол бір өлеңінде:

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек.

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек, –

деді. Білімге, өнерге жетілдіретін жол да, шаруаны жандырып, тұрмысты жақсартатын нәрсе де – еңбек.

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Тән болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, –

дейді Абай. Осындай баянды, адал еңбекке, бос әурешілікке қарсы шығады. Абай Құнанбайұлы әр уақытта да қалың көпшілік жағында, соның тілегінде болды. Халқының жарқын болашағы үшін күресті. Өзінің бойындағы бар қуатын сол жолға сарп етті.

 

 

 

 

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *