Мендегі аққу арман мамырлаған
17.02.2020 0 2 447
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕН,
1996 жылы Түркістан облысы Кентау ауданы Абай ауылында туған.
2013-2018 жылдар аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
Қазақ-Түрік университетінің жалпы медицина факультетінің бакалавр
мамандығын тәмамдаған. Бірнеше облыстық, республикалық
мүшәйралардың жеңімпазы.
Өлеңді күткен аруға
Көкте емес-ем ғой жердемін,
Өңім бе түсім сенбедім.
Тұңғиық тылсым ғайыптан,
Сәуле боп түскен сен бе едің?
Гүлімсің нәркес ең керім,
Күнімсің сөнбес сен менің.
Деп жүрген қанша ғашықтың,
Арманы болған, сен бе едің?
Теңізден інжу тергенім,
Емес қой еркем ермегім.
Тұншығып жатқан тереңде,
Жанымды ұғар сен бе едің?
Егілсем бордай ерге мін,
Жеңілсем болмай өлгенім.
Қыранның талмас қанатын,
Тілеген маған сен бе едің?
Ғұмырдан ұзақ ертегім,
Бүгінен бастау ертеңім.
Уақытты естен тандырған,
Талдырмаш ару сен бе едің?
Бойымды баурап сендегі үн,
Әлемді әсем тербедің.
Жанарың нұрдан жаралған,
Үр қызы сәулем сен бе едің?
Аңсарың айтып пенденің,
Жаралы жанға ем дедім.
Жұпары бақтың аңқыған,
Өлеңге құштар сен бе едің?
Кең дүние
Сыймаған соң дүние дейтін шіркінге,
(Сыймай қалу кең дүниеде мүмкін бе?)
Үлкен арман артып едім арқама,
Тыным табу мұңға айналды бұл күнде.
Беймазалық байлап алып санамды,
Қырық қырдан қырқа бастым қадамды.
Белгісіздік қайда барып тоқтайды,
Белгісіздік тырнайды ғой жарамды.
Еңсеремін,
Мен сенемін күн шығар,
Тәтті арманның қатты азабы кім шыдар?!
Кейде ақылға бойұрғанмен не шара,
Жүрек дайын күйдіруге құлшынар.
Алып болсам қуанышым бір сәрі,
Ғаріп болсам жұбанышым тұрса әрі….
Беу, дүние бебеулеген балаңмын,
Кесілмеген тұсауым да тұмсалы.
Кеңдігіңді көп те көрдім дегенмен,
Құлаш ұрып сермей алмай келем мен,
Қанатымды жайып тастап ұшар ем,
Әттең, бірақ, Кең дүние, сенен кең!
Қайда кетіп барады бар асылдар
Қайда кетіп барады бар асылдар?
Өлшеп, пішіп айта алман бағасын дәл.
Құнсызданар уақытта құны түсіп,
Қалды мекен қадірі жарасында әр.
Қайда ұшып барады, ана, сұңқар?
Қанатында қайсарлы жарасым бар.
Қасқыр алар қуаты тышқан іліп,
Кетпесіне О, Тоба, таласым бар.
Қайда шөгіп барады, ана, шыңдар?
Төбелердің тілегі-ау қара сұмдар.
Жаз көңілі жайлаудай жайсаңдардың,
Неге жүзін басты кеп санасын қар?!
Қайда? Қайда осыған жанашырлар?
Қолыңнан бер, ей, тағдыр аласым бар.
Бермесең жолыңда алам бір себебі,
Алақаны жайылған алашым бар.
Қайда кетіп барады бар асылдар?
Жолдар
Жолдар, жолдар жетеле алға мені,
Жарқын күндер бар мекен алда әдемі?!
Жортуылдап жүйткіген жан баласын,
Жығасың да қоясың жарға үнемі.
Жолдар, жолдар білемін шимағың көп,
Жолдан шықты біреуі қинадың деп,
Орға түсті біреуі сыймадым деп.
Жолаушыңды қайтесің жылап өтсе,
Мен жолымнан ештеңе жимадым деп.
Жолдар, жолдар талай жан шалыс кеткен,
Бірі озып, ал бірі қалыс кеткен.
Бірі тауып бақытын жақын қалып,
Ал біреуі қол сілтеп алыс кеткен.
Жолаушыңды қайтесің жыласа егер,
Жолаушыңды қайтесің ұнаса егер,
Жылату да жұбату өз қолыңда,
Көз жасынан есебін сұраса егер.
Жолдар, жолдар соқтырма соқпағыңа,
Адастырма көнейін тоқпағыңа,
Ізгіліктен ізімді салмайынша,
Ешқашанда хақым жоқ тоқтарыма.
Сондықтан да сен бе едің тұйықталған?!
Асылыма алып бар сүйікті арман,
Ғашығыма алып бар күйіп жанған.
Шексіздіктің қақпасын қағып тұрмын,
О, Жолдарым, таусылман, тұйықталман!
Бір тыныштық!
Бұғаудан босай алмай бұлқыныс қып,
Арманға асығамыз ұмтылыс қып,
Баянын таппаған соң бес күніңнен,
Жүрегің аңсайды екен бір тыныштық.
Әр атқан таңнан үміт құлшыныс қып,
Күтеміз алдан арай кіл дұрыстық,
Көңілді жүргеніңмен кей кездері,
Көңіл де аңсайды екен бір тыныштық.
Тәңірің тілегіңді мүмкін іс қып,
Жіберсе жадырайсың сол күні ыстық,
Әй, бірақ оның маған керегі жоқ,
Керегі жаныма тек бір тыныштық!
Сауығу
Маңдайымды тасқа ұрып,
Ауру-дертім асқынып,
Өзегімді өрт жалмаған қоғамда,
Бейдауалы сенімімді мас қылып,
Өзімді-өзім жұбатқаным жаман ба?!
Тілім-тілім жараланған тәнім бар,
Айта алмасам ең әуезді әнімді әр,
Ей, жан алғыш Әзірейіл періште,
Жұртта нең бар мына менің жанымды ал!
Бәлкім содан тынышталып қалармын,
Бәлкім содан мәңгі лаулап жанармын,
Жер бетінен табылмаған бақытты,
Көріңнен-ақ табармын!..
Ей, күнәһар тіршілік!
Өмірді артық сүйетіндер шектен көп,
Өлімді артық мен сүйейін құлшынып,
Есі ауысып кеткен боп…
Тама-тама көздің жасы құрғады,
Пенде біткен аяулы арын қорлады
Жолы неден болмады?
Жаны жайсаң сорлады…
Бұл заманның азуына ілініп,
Әне солай құрбан болды бір үміт,
Өлім барда өмір бары шын болса,
Қайта тұрам тіріліп!
Өміріңнен садаға!
Сеніміңнен садаға!
Ей, адамзат, сендік мұңды арқалап
Өле алмасам мені тірі санама!
Қаратауға хат
Ассалаумағалейкум қартаң тауым!
Ауыл-елім аман ба қойнауыңда?
Талай ғасыр өткерген тарпаң дауыл,
Көпті көрген көреген жайлауың да…
Сендегі тарих терең тамырлаған,
Мендегі аққу арман мамырлаған,
Төсіңнен тулап өскен тұлпарыңмын
Өзіңнен суат алам арындаған,
Өзіңнен қуат алам жалындаған..
Паңданған тұрпатың жоқ паң далаға,
Мұныңды өрелі жұрт аңғара ма?
Өзіне өне бойым тартқан болар,
Көңілім көктем болса. қар бола ма?!
Емессің көкке өрлеген қарлы шыңдай,
Қарлы шыңдай адамның тағысындай,
Биіктің биіктігі жақсы бірақ,
Кетпесе мұздағынан ары сынбай…
Қаншама тәкәппарлық туын тіккен,
Асқар аз ба, аяздай суық тіптен,
Сондықтан қара ұлыңмын дәл өзіңдей,
Сүйемін қарапайымдылықты мен!..
Аядай ауылым бар бөктерінде,
Алыстан асығып кеп жеткенімде,
О, қариям, құшақ сап сен тұрасың
Мейіріңді ұлыңа төккенің бей?
Атыңды әйгілермін бұйырмаған
Өлшенбес махаббатым құйындаған
Елімнің ақ үмітін ақтау үшін
Алдымен топырағыңды сүйіп алам
Қара ұлыңмын Қария қартаң тауым
Өзіңе өлеңіммен хат жолдауым
Ауыл-елім аман ба айналайын
Айналайын ауылдық ақ жандарым!
Жаза ғой!
Жаз!
Жаза ғой менің қаламым,
Дертті боп енді қаламын.
Қағазға түспес мұңыңды,
Жүрекке тиеп барамын.
Бір күні ол да ауырлап,
Қаз бауыр бұлттай бауырлап,
Таңдыры кепкен шөлдерге,
Жаңбыры болар жауындап.
Жаза ғой маған сол қымбат,
Көнерген көңіл,солғын бақ.
Жаралы жүрек емделсін,
Қаралы жүрек солқылдап!
Жаза ғой өшпес жырменен,
Жаза ғой өлмес жылменен.
Тоңсамда өзім жылытып,
Күлімдеп тұрам күнменен!
Жаза ғой жазмыш қарсылық,
Жан кірген бойдан жан шығып,
Кеткенше жазып үлгергің,
Сияңмен бірге тауысылып!
О, Аспан
Бір тылсым бар астасқан аспаныммен,
Бүгін тағы жыладың.
Жазылмас жарасы бар дастаның мен?
Сыршыл дос сыңарым.
Қою түннің көзінен үзіп алсам,
Мызғыған тіршілікті.
Жұлдыздардан моншақтап тізіп алсам,
Мендегі білші үмітті.
Ақ сеңгер сезімімнің шерткем күйін,
О, неткен құдіретті!
Соңынан жіпсіз байлап ерткен дейін,
Сыңарсыз жұмыр етті.
Бұлттарыңмен басқандай қайғы мұңым,
Ол енді кетті жырақ.
Махаббат тамшы ғұмыр әй,сыры мың,
Мөлт етіп кетті құлап.
Сен сезесің, білесің, ұғынасың,
Жаңына батқан сірә.
Шашып алсам жанымның шұғыласын,
Өзімнен тапқан кінә.
Сен түсіңсең жылама күрсінбегің,
О, Аспаным, қымбаттым.
Таң боп ататынымды білсін менің,
Мен әзірге жұмбақпын!
Келеді алдан сол бір күн!
Келеді алдан сол бір күн,
Самала сәуле шашылып.
Келеді менің толтырғым,
Жанымды нұрмен жасырып.
Келеді-ау деген сөз арман
Және бір жадау сенімдей.
Сенімсіз жырды жаза алман,
Өзімнен өзім жеңілмей.
Жалын боп қалар жазғаным,
Ғұмыры бәлкім ұзақтау.
Тіледім таудан қазғаным,
Болмасын дедім ұсақтау.
Өлместің берген сусынын,
Тәңірдің өзі сый қылып.
Сімірдім ұқпай қу сырын,
Жатса да оты күйдіріп.
Қайтесің қалқам,ой-ғаріп.
Бұл да бір ұшқан көбелек.
Ойсызым отыр ойланып,
Көбелек оған не демек?!
Зілмауыр мұңмен астасып,
Тағдырын қиып береді.
Түн қорып аймен қоштасып,
Күн болып таңда келеді.
(Бозарып, әне, келеді..)
О, Жалғыздық!
О, Жалғыздық!
Сен бе сүйген өлердей мен бе сүйген?
Жүрегімді қар-мұз ғып,
Сенен күйгем!
Досым бе едің, жоқ әлде қасым бе едің?
Меніменен мәңгілік ғасыр ма едің?
Керек-пе еді біреуге көсілгенім,
Алып кетші жалғыз қып…
О, Жалғыздық!
Шалған аяқ есебіне,
Өтіріктің көсеміне,
Бүгінгі мен кешегіге,
Қанша ұпай салғыздық?
О, Жалғыздық!
Бақытсыздың бағына,
Уақытсыздың уағына,
Арсыздардың арына,
Нендей үлес алғыздық?
О, Жалғыздық!
Тыныштықтын тылсымын,
Тіршіліктің дүрсілін,
Тамшылардың бір сырын,
Өзге кімге қалғыздық?..
О, Жалғыздық, жалғыздық!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.