Конституция талаптары және  қазақстандық патриотизм Конституция талаптары және  қазақстандық патриотизм
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ, 1947 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Ақтоғай селосында туған. ҚазМУ-нің заң факультетін бітірген. ҚазССР Ғылым академиясының философия жəне құқық институтында ғылыми қызметкер,... Конституция талаптары және  қазақстандық патриотизм

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,

1947 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Ақтоғай селосында туған. ҚазМУ-нің заң факультетін бітірген. ҚазССР Ғылым академиясының философия жəне құқық институтында ғылыми қызметкер, ҚР Юстиция министрлігінде бас кеңесші, ҚР Жоғарғы Кеңесінде құқықтық ақпарат тобының жетекшісі, «Туранбанк» заң департаменті директоры қызметтерін атқарған. «Этико-правовые нормы и культура поведения», «Намыс пен парыз», «Познание и сознание», «Елестер мен белестер» кітаптары мен оншақты әңгімелері жарық көрген.

       Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында мына ойларға жіті көңіл бөлген: «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.». Осы пайымдардың қазіргі жағдайда өзектілігі айрықша екендігі айқын. Ұлттық сананы сақтау мен жаңғырту қазақстандық патриотизм ұстанымын шынайы қалыптастыру мен оны нығайту мәселелерімен ұштасып жатқаны анық.
Мемлекетіміздің ең басты құнды-лықтарының бірегейі – Тәуелсіздік. Сондықтан, Тәуелсіздігімізді күннен-күнге нығайту, қазақи ұлттық мүддені естен шығармай күнделікті қорғау, ана тілімізді тиянақты жетілдіріп, тиесілі тұғырына қондыру, нағыз толықсып жетілген ұлттық ой-сананы қалыптастыру – көкрегінде намысы оттай лаулап тұрған Қазақстан азаматының үлкен мақсаты мен парызы. Осы мақсаттағы кезек күттірмес іс-шаралардың бастысы – Елімізде шынайы патриотизмді қалыптастыру және оның ігілікті істерін жетілдіру. Осының барлығы көкейдегі жегі-дей жеп жүрген ойлар. Аталған мақсаттарды жүзеге асырудың негізгі де түйінді қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясында толық қамтылған. Тек оларға жіті мән беріп, басшылыққа алып, талаптарын бұлтартпай орындау басты борыш.
Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз Еліміздің құқықтық актілерінің ішінде ең жоғарғы санаттағы Негізгі Заңы болып табылады және Республика аумағында оның пәрменді заңды күші тікелей қолданылады. Бұл ең маңызды қағидат. Сондықтан, Елімізде қабылданатын барлық заңдар Қазақстан Конституциясының қағидаттарына сай қабылдануға тиіс және басқа құқықтық актілер оған ешбір қайшы келе алмайды, ал келген жағдайда, ол сол мезеттен күші жойылған болып саналады. Қоғамдағы құқықтық тәртіп пен заңдылықтың орнығуы, еліміздің азаматтары мен мемлекеттік органдарының Ата Заңымыздың нормаларын талаптарын қалтқысыз орындауы, Еліміздің одан әрі баянды да өрлеп жетілуінің басты шарты болып табылатыны анық. Қазақстан қоғамының даму процесі Негізі Заңының қуатты жасампаздық әлеуетінен бастау алады да жүзеге асады. Бұл айдан айқын ақиқат.
Бірақ, айта кетер жәйт, Ата Заң нормаларының қағидаттары мен талаптары әлі де болса толығымен жүзеге асырылмай келеді. Өйткені қоғам мүшелерінің бірқатары оларды әлі жіті зерделеп, терең ұғынып, басшылыққа алмаған. Оған дәлел өмір мысалдары біршама кезігетіні қырағы көзді қауымға аян.
Тәуелсіздік, патриотизм мен азаматтылық ұстаным егеменді Қазақстанның дамуы мен нығайуының маңызды негіздері болып табылады. Сондықтан қоғамымыздың әр мүшелерінің бойында патриотизм сезімдерін қалыптастырып, оның денгейін көтеру қазіргі жағдайында өте өзекті мәселе болып отыр. Егеменді Еліміздің идеологиясының басты тұтқасы – аспандағы жарқыраған жұлдыздай азаттық идея, тәуелсіз даму жолынан таймау болып саналады. Сондықтан, Негізгі Заңның қағидаттарының маңызын насихаттау азаматтардың ұлтжандылық сана-сезімін оятып, отаншылдық ұстанымдарын қалыптастырудағы ролі аса зор болып табылады. Ата Заңымыздың құқық-тық нормаларын терең білу, жете түсіну қоғам мүшелерінің Отанға деген сүйіспеншіліктерін көтеріп, оны қорғауға бағытталған азаматтық борыштарын арттырады.
Осы қазақстандық патриотизм мәселесін талдап, мән беріп, зерделеп отырған мақсатымыз, көп себептердің саларынан қоғамда нағыз отаншылдық пен отансүйушілдіктің, атамекен мен туған жерге деген адалдық әлсіреп бара жатқаны алаң тудырады. Елдігімізге қауіпті келеңсіз жағдайлар орын алып келе жатқаны анық.
Қоғамымызда отандық патриотизм толық қанды өз денгейінде орын алған болса, мемлекеттік тіл қазіргі төмен итқорлық дәрежеде, жасыған-жалтақ, жабырқау кейпідегі өгей баланың күйін кешпей, заң талаптарына сай тиесілі ресми және жаппай еларасы ауыз-екі қолданысы үстем болар еді. Жастар шегара асып шет мемлекеттерден өз бағын іздемес еді. Жас қыздарымыз мемлекеттің алдындағы парызын орындамай, әке-шешелерінің батасын алмай, келер-кетерін толық ойламай, шет мемлекетердің азаматтарына тұрмысқа шығып, туған Ел, қара шаңырақ, ыстық ұядан аластамас еді. Тағысын-тағылар…
Ал, Қазақстан Республикасы Кон-ституциясының «беташар» ретінде қабылдауға болатын, сондықтан да аса маңызды 1 бабында былай атап көрсетілген: «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; …қазақстандық патриотизм».
«Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық» қалың жұртшылыққа түсінікті ұғымдар деген ойдамыз. Ал, бір қарағанда «патриотизм» сөзінің мәні әркімге түсінікіті сияқты. Бірақ, бұл ауқымы кең сөздің, терең мағынасын түсіну үшін тиянақты құқықтық, психологиялық тәсілдермен неге зарделеуді талап ететін себетерін атап өттік. Сондықтан, «патриотизм» деп нені түсінеміз және оның азаматтық-құқықтық мағынасы неде? Патриотизмнің ұлттық мүддеге, қоғам мүшелеріне қандай маңызы бар? Бұл сұрақтарға жауап ретінде патриотизмнің ішкі мазмұны мен сырт көзге түсетін іс-әрекетінің сипаты немен ерекшелетінін анықтау керек.
Патриотизм – гректің «patris» сөзі-нен шыққан түсінік. Әуелгі мағынасы «отан, туған жер», қазіргісі – отанға деген сүйіспеншілік, туаған жерге, халықыңа делген адал берілгендік (Словарь иностранных слов. Москва, «Русский язык»,1986, стр.367- аударған — автор Н.С.). «Патриотизм зат Өз отанын, халқын шексіз сүюшілік, барша күш-жігерін Отан мүддесіне арналған адамға тән терең сезім.»( Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 7 том, «Ғылым» баспасы, Алматы-1983, 639 бет). Сонымен, бастапқы аталған түсініктемелерді талдай келе, қазіргі дүниетанымдық ілім бойынша – «патриотизм» бүкіл Қазақстан мен халыққа деген таза ақпейілдер сезіне, олардың мүдделерін қорғауға шынайы адал берілгендік болып танылады. Патриотизмге байланысты түсінкітерді талдай келе оның мынадай сипаттарын атап өтуге болады. Шынайы патриот әрдайым жоғары құлықтылық пен Елге деген шынайы сүйіспеншілік танытып, оның өткенін, бүгінгісін, келешегін зор мақтаныш тұтып, жан-жақты көркейіп, гүлденіп дамуына қажымас адал еңбегін арнайды. Патриоттық талпыныстың басты мақсаты Елдің тыныштығын, халықтың берекелілігін нығайту, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты орнықтыру, ұлттық мүддені қорғау болып табылады.
Патриоттық іс-әрекеттердің қол-даныстағы заңдарда қамтылған елеулі сипаттарын атап өтсек, Ата Заңымыздың 36-бабында: «1. Қазақстан Республикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. 2. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.» делінген. Осы талаптарға сай «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабы-ның 2 тармағында Қазақстан Рес-публикасының азаматтары:1) әскери мiндеттілiкті орындауға; 2) азаматтық және аумақтық қорғаныс жөнiндегі iс-шараларға қатысуға; …міндетті» деп көрсетілген. Сондықтан Отанды қорғау Қазақстан азаматтарының бірден-бір қасиетті борышы болып саналады.
Қазақстанның Негізгі Заңының 37-бабында «Қазақстан Респуб-ликасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті» деп атап көрсетілген. Сондықтан, қазақстандықтар үшін тарихи ескерткіштерді қорғап, сақтау және болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру азаматтық парыз болып саналады.
Ата Заңның 38-бабында «Қазақс-тан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті.» делінген. 2007 жылы «Қазақстан Республикасының Эко-логиялық кодексі» қабылданған. Осы кодекстің 13 бабына сәйкес жеке тұлғалар «қоршаған ортаны сақтауға, табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға; табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған шараларды iске асы-руға жәрдемдесуге; өз кiнәсiнен экологиялық қауiпсiздiкке төнуi мүмкiн қатердi болдырмауға; өз қыз-метiн Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi» деген талаптар қаралған. Табиғатты қорғап, аялап, келешек ұрпақтарға жәйлі күйінде қалдыру – отансүйгіштіктің тағы бір қыры.
Негізгі Заңымыздың 34-бабында азаматтардың бірден-бір патриоттық іс-әрекеттерінің жағымды сипаты ретінде боларлық, орындауға міндет артатын мынадай маңызды талаптар қамтылған:
«1. Әркім Қазақстан Республи-касының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
2. Әркім Республиканың мемле-кеттік рәміздерін құрметтеуге мін-детті». Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздері ретінде танылатын Туы, Елтаңбасы және Гимнi конституциялық заңмен айқындалған. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртiбi белгiленген. Қазақстан Республикасының мемле-кеттік рәміздерін құрметтеуді тия-нақты түрде тәрбиелеу, сондай-ақ, олардың мәні мен маңызын кең түсіндіру отасүйгіштікті, қазақстандық патриотизмді қалыптас-тыратыны сөзсіз. Кімде-кім Қазақстан мемлекеттік рәміздерін пайдалануды реттейтін заңнамасын бұзса, ол белгіленген әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қазақстан Республикасы Конс-титуциясының 7-бабының 1-ші тар-мағында былай деп атап көрстілген: «Қазақстан Республикасындағы мем-лекеттік тіл – қазақ тілі.» Қазақстан-
ның ең жоғары санаттағы Заңында осылай анық та қанық та жазылған.
Айқындығында күмән жоқ. Сонымен, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Респуб-ликасының Заңының 4 бабында Ата Заңның осы аталған бабы қаз қалпында қайталанған. Одан әрі Заңда: «Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi» деген шаралар анық жазылған.
Қазақстандағы мемлекеттік тілді, қазақ тілі аталатын ана тілімізді жан-жақты қамқорлығына алған ҚР Конституциясы мен басқа да Заңдар сайрап тұр. Заң талаптарын орындау мемлекеттік қызметкерлерге бірінші жауапкершілік. Бұл талаптарды орындау Қазақстан азаматтарының барлықтарына бірдей ортақ қажеттілік. Осы тұста қазақстандық патриотизм, отансүйгіштік сезімдер неге көрініс таппаған? Аталған Заң талаптарының неге орындалмайтынын Прокуратура мен Сот органдары айқындауға міндетті. Олар құқық қорғау органдары болып саналады.
Дегенмен, ана тіліміздің қазіргі хал-ахуалы мүшкіл екені айдан айқын. ақиқатқа жүгінсек, ана тіліміздің тағдыры, қасіреті қабырғамызды қайыстырып жүргені анық. Мемлекеттік қызметте де болсын, басқа салаларды алсақ та, орыс тілі үстемдік жүргізіп келеді. Оған қазақтардың өздері кінәлі екендігі құпия емес. Қазақстанда болған бір француз туристі жерлестеріміз туралы: «Қазақтар қытайлықтарға ұқсайды екен, бірақ барлығы орысша сөйлейді» депті. Осыған орай, қазақ тілінің шынайы жанашыры, «сырт көз» Герольд Бельгер кезінде былай жазған: «…Қазақ еліндегі қай ұлт пен ұлыс өкілдері оларға (қазақтарға-Н.С.) неге өз тілдеріңде сөйлесесіңдер дей қояр ма екен? Намыс кәне? Әлемдегі қай мемлекетті алсаң да көпұлтты, тіпті, баз бірі Қазақстанды жолда қалдырады емес пе? Мәселен, Германияда қазір кемі 6 млн түріктер бар. Қытай, кәріс, жапон, қазақтар да бықып жүр. Әне, немісше білмесе, әлгілердің бірде-бірі онда жер басып жүре алмайды. Қайда да ел мен жер иелерінің үстем болуы табиғи құбылыс (!!!-Н.С.). Және заңды. Қазақтарға не болған? Жалтақ па, сорлы ма? Қазақтардың ондайға жүректері дауаламайтыны қызық. Бүкіл халық басшыларға қарайды. Өз-өзіңді тұқырта берме. Қарсылық жоқ, өзгелермен санас, сыйла, бірақ, жөні болады. Сен өзіңді сыйламасаң, сені де ешкім сыйламайды. Оян, қазақ! Бұл сөздерді айтып отырған мен, Бельгер, неміс десең неміс, қазақ десең қазақ!». Белгілі жазушының әр сөздерінен шындықтың самалы есіп тұр.
Қазақтың белгілі мемлекет және қоғам кайраткері, аса көрнекті ғалым, қазақ тіл білімінің және әдебиеттану ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің бірінде былай жазған: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – т і л і. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.» Жүрегіміздің төріне қондырып, жадмызда сақтайтын сөздер! Сонымен, шын мәнінде қазақстандық патриотизм талаптарына лайықпыз ба? Жауабын саралап, нақты шешімін анық айтарсыздар, ағайын.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *