АБАЙ ТОЙЫН ДҰРЫС ӨТКІЗЕ БІЛЕЙІК АБАЙ ТОЙЫН ДҰРЫС ӨТКІЗЕ БІЛЕЙІК
       Досым ОМАРОВ, Абайтанушы, философ, теолог, профессор   Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде 09.01.2020 жылы жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан»... АБАЙ ТОЙЫН ДҰРЫС ӨТКІЗЕ БІЛЕЙІК

       Досым ОМАРОВ,

Абайтанушы, философ, теолог, профессор

 

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде 09.01.2020 жылы жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Биыл Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек… Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз» деп жазды. Бұл тың ой. Бұрын мұндай дәрежедегі лауазымды адам айтпаған ой. Себебі, шынтуайтына келетін болсақ, бұрынғы тойлардың көпшілігі «той тойлау үшін» өткізіліп келді.
Бұрынғы көшпенділік өмір қалыптастырған ұлттық дәстүр әлсіреп, табиғатпен байланыс үзіле бастаған біздің дәуірде мерейтойлардың «той тойлау үшін» өтуі, әрине, таң қаларлық жағдай емес. Осылай бұл тойлар қанша көп қаражат шығарылып, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылғанымен, келешек үшін тиімділігі әлсіз боды. Мұндай ойды бұрын өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойы ғана емес, сонан кейінгі Шәкәрім, М.Әуезов мерейтойлары туралы да айтуға болады. Оларға арналған қанша қаражат пен ауқымды іс-шаралар осылай өздерінің лайықты нәтижесін бермей, халықтың рухани дәрежесіне көп ықпалы болмады.
Мұның себебін білу үлкен мерейтойлар ғана емес, күнделікті тіршілік үшін де керек.
Қытай данышпаны Конфуций «Ата-бабалар аруағына құрбандық шалуды олар әлі тірі жүргендей жасау керек» деген екен. Аруақтарды өлі адамдар емес, әлі тірі, өзіміздің ортамызда жүргендер деп қабылдайтын болсақ, сонда біз олардан бөлінбей, үнемі есте ұстап, байланыста боламыз. Бірақ атеистік коммунистік дәуір бізге аруақтың нағыз болмысын ұмыттырды. Біз аруақтардың өзімізге, қоғамға келтіретін маңызды әсерін білмей, сондықтан ескермейтін болдық.
Бүгінгі күндері адам қайтыс болған соң жетісінде, қырқында, жылында құрбандық шалу, жылдар өткен соң тасаттық беру тәрізді шаралар көбейіп, оларға жұрт көп жиналады. Үйлену тойы мен адамды о дүниеге шығарып салу шарлары кейде бірдей салтанатпен өтіп, үлкен шығын жұмсалатын болды. Ел осыған үйрене бастады. Кейбір жағдайларда бұл іс-шаралардың тіпті түпкі мақсаты ұмытылып, аруақтар үшін емес, жасаған адамның абыройын көтеру, немесе «елден қалмау» үшін жасалатын болды.
Ал барған адамның негізгі мақсаты – сойылған малдың етін жеп, әңгіме-дүкен құру. Дінімізге де, салт-дәстүрімізге де келмейтін мұндай қарекеттер бүгінгі тапшылық заманда рәсуашылық тудырып, халықтың жағдайын одан сайын төмендетіп барады.
Алдымыздағы үлкен мерейтойды өз дәрежесінде дұрыс өткізу үшін президентіміздің айтқан салиқалы ойын кеңінен талдап, мағынасын тереңірек түсінуге ұмтылайық. Себебі, бұл ойдан маңызды сұрақ туады. Жасалып жатқан ауқымды іс-шаралардың нәтижесін толық көріп, рухани тұрғыдан дамый алуымыз үшін мерейтойды қалай өткізуіміз керек?
Мерейтой алдында көпшілігіміз үшін бұл өте маңызды сұрақ.
Абайтанушы және теолог ретінде бұл өзекті мәселе төңірегінде қысқаша болса да өзімнің ойымды бөлісуді жөн көрдім.
Әуелі мерейтойдың маңызы мен керектігін түсініп алайық. Бұл мерейтойды дұрыс өткізу кімге керек? Бізге ме, әлде Абайға ма? Сұрақтың жауабына байланысты біздің мерейтойға деген көзқарасымыз, оған деген ынта-жігеріміз қалыптасады.
Аруақтың кім екеніне қысқаша тоқталайық.
Болмыстың бұл көрнеу әлемінен басқа, көрінбейтін қатар нәзік әлемдері бары белгілі. Қатар әлеммен шұғылданатын спиритулизм ілімі бұл әлемдер туралы молынан мәлімет береді. Әрбір әлемде соған сәйкес жан иелері өмір сүреді. Аруақтар басқа бір жан иелері емес, бір кездерде осы әлемде өмір сүрген жан иелері екені, олардың өздерінің тәндерін тастап, енді ғарыш кеңістігінде жүргендерін спириттер анықтаған. Аруақтардың тәні қалып, бірақ жандары рухтарымен әлі де болса бұрынғы кезіндей өздерінің жақындарын көріп-біліп, олардың арасында жүргендерін, оларға жақсылық ойлап, көмектескілері келетінін айтып, олар көптеген дәлелдер келтіреді.
Аруақтар әлемі көрнеу әлемге қарағанда табиғаты бөлек, өте нәзік, ауа, леп, дем тәрізді көрінбейтін, сондықтан адамдардың көріп-білуіне болмайтын әлем. Бірақ көрнеу әлем мен көрінбейтін әлемдер бір-бірімен тығыз байланыста. Олар бір-біріне үнемі әсер етіп, керек уақытында қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Әсіресе адамзат өмірінің қиын-қыстау кездерінде аруақтардың көмегі өте зор. Оларға көңіл бөліп, көңілдерін риза еткен жағдайда олар әрқашан да көмекке келіп, адам өміріне дұрыс бағыт беріп, қателіктерден қорғайды. Аруақтардың адамзатқа көмегі туралы барлық қасиетті жазбаларда, көптеген халықтардың ауыз әдебиетінде, әсі-ресе қазақ халқының аңыздарында молынан берілген.
Біздің халқымыз көшпелі дәуірде табиғатпен үйлесімді өмір сүргендіктен, олар болмыстың түрлі деңгейлерін жақсы біліп, өзара байланыстарын жақсы сезініп отырды. Сондықтан қазақ халқында тәңіризмнен қалған аруақ ұғымы бұрыннан бар. Аруақтармен байланысты үзбей, оларды үнемі ескеріп отырған. Қиын-қыстау замандарда жауға да «Аруақ!» деп шауып, оны қастерлеген.
Әулие Шәкәрім атамыз өзінің «Үш анық» атты дүниетанымдық шығармасында аруақтар туралы көп мәлімет беріп, олардың іс-әрекеттері, фәни әлеммен байланысы жөнінде көптеген мысалдар келтіреді. Адам өмірінде аруақтардың алатын орны үлкен екенін дәлелдейді. Шәкәрімнің жазуынша, аруақтар адамдарға ақыл беріп, кейде олардың іс-әрекеттеріне араласып, қателіктері болса жөнге салып, көмектесіп, тіпті басқарып та отырады екен. Себебі, екі әлемнің байланысы тығыз.
Яғни аруақтармен дұрыс байланыс жасай білсек, олардың бізге деген көмегі мол. Бірақ жасай білмей, керісінше, аруақты ұмытып, не болмаса оған қарсы әрекет ететін болсақ, онда олар реніш білдіріп, көмегінен айырады. Өзінің қарсыласы болса, оған үлкен кедергі жасап, өмірін зардапқа айналдырады. Тіпті кейде өлтіріп тастауы да мүмкін. Бұған спириттер өмірден көптеген мысалдар келтіре алады.
Аруақтар көбіне көмектесуге ұмтылады. Көмектің шамасы мен маңыздылығы аруақтың жетілу дең-гейіне байланысты. Абай тәрізді данышпандар аруағының көмегі өте зор болады. Ал бүгінгі өтпелі заманда ондай көмектің біз үшін ауадай қажеті бар емес пе?
Ендеше бірінші сұрақтың жауабы осылай өзінен өзі пайда болады. Мерейтойды дұрыс өткізу ең әуелі бізге керек. Бүгінгі өтпелі кезеңде бізге Абай бабамыздың көмегі ауадай қажет. Сондықтан оның аруағын риза ету үшін бұл мерейтойға толық дайындалып, дұрыс өткізуіміз керек.
Аурақтарға керегі біздің сойған малымыз бен шығынымыз емес, ынта-жігеріміз бен адал ниетіміз. Мұндай жағдай болмағанда аруақтың разылығын ескермегендіктен, жасаған іс-шараларымыздың пайдасы емес, олардың зияны көп болып кетуі әбден мүмкін.
Алдымыздағы мерейтойды ойдағы-дай өткізу үшін осыдан 25 жыл бұрын өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойына көз жіберіп көрелік. Өткен мерейтойдың тәжірибесі үлкен.
1995 жылы болған бұл мерейтойды дұрыс өткізе алдық па, нәтижесі қандай болды?
Бұл мерейтой ЮНЕСКО аумағында халықаралық деңгейде үлкен салтанатпен өтті. Семейде түрлі жиындар, әр елден келген делегаттар, Абай ауданында көп мал сойылған үлкен той, тағы сондай іс-шаралар мен ресми көріністер жеткілікті болды. Алматыда өткен қорытынды салтанатты ғылыми конференцияда егемендік алған елімізде абайтануға жаңаша көзқарас туралы көп айтылды. Абай ұлы ақын ғана емес, ұлы ойшыл екені жөнінде ой бөлісіп, енді оны осылай қабылдауымыз керек деген тұжырымға келгендей болды. Абайды елімізде және халықаралық деңгейде көрсету үшін түрлі шаралар бекітіліп, оны халық толық мақұлдағандай болды.
Осындай маңызды шаралардан кейін мерейтой абайтануға жаңа серпіліс беруі керек еді. Ғылыми зерттеулер көбейіп, абайтану саласын жаңа көзқараспен саралап, атеистік заманнан өткен халық жүрегін рухани сусынмен қандыруы керек еді. Семейде шығатын «Абай» журналы ең оқылымды басылымға айналып, Абай мұрасын кеңінен талқылаған мақалалар көбейеді деп күтілді.
Бірақ бұлай болмады. Тіпті, барлығы керісінше болды десек те артық болмайды. Себебі, ғылыми конференцияда айтылған ойлар сөз ретінде ғана қалып, жаңа көзқарас ғалымдардың арасында да, көпшілік арасында да қалыптаспады. Бұрыннан келе жатқан ескі көзқарастың салдарынан Абай мұрасын зерттеу мәселесі тығырыққа тірелді. Абайтану саласы тығырықта деген ойды бүгінгі күндері қарапайым халық қана емес, ғалымдар мен абайтану саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың өздері де сезіп, мойындап жүр.
Дәлел үшін біраз мысалдар келтірейік. Кеңес дәуiрiнде, 1985 жыл-ға дейiн, абайтану саласында жиырма төрт докторлық және кандидаттық диссертация қорғалған екен. Енді еркіндік алғаннан кейін Абай мұрасын зерттейтін жұмыстар көбейіп, бұл көрсеткіш одан да үлкен болуы керек еді. Бірақ барлығы керісінше! Егемен болған бұл отыз жылдың ішінде қорғалған диссертациялар саны күрт төмендеген. Тіпті саусақпен санауға болады. Оның өзінде бұл диссертациялар Абайдың ойшылдығы емес, оның ақындығын зерттейтін ескі көзқарастағы филологиялық жұмыстар. Абай мұрасын халықаралық деңгейде насиқаттауға келетін болсақ, жағдай тіпті нашар. Көрші елдің адамдары Абайды танымақ түгілі, оның кім екенін білмейді. Бұл жағдайға мен өзім ерекше көңіл бөліп, анығын білдім. Ал өз елімізге келетін болсақ, көпшіліктің арасында кейбір адамдар данышпан бабамызды блогермен салыстырып, қарапайым адамға теңестіретін болды. Бұған таң қаларлық ештеңе де жоқ. Елімізде абайтануды насиқаттау құлдырап кетті. Мектепте арнайы «абайтану» сабағы жабылып, ол қосымша сабаққа айналды. Арнайы оқулық болмағандықтан бұл сабақтың өзі өз дәрежесінде өткізілмейді, формальды түрде, тек қана қағаз жүзінде. Нәтижесінде мектеп қабырғасында түсінбеген Абайды жас бала өсе келе мүлде ұмытып кететін болды. Осылай халықтың материалдық жағдайы ғана емес, рухани деңгейі де төмендеп барады. Үкіметтің бір-екі жыл бұрын қабылдаған маңызды бағдарламасы «рухани жаңғыру» бүгінгі күндері ұмытыла бастаған тәрізді.
Осындай ауыр жағдайлар Абайдың өткен мерейтойы өз дәрежесінде өтпегенін көрсетеді. Абай аруағы разы болмай, көмегінен айырды десек те болады. Тойдың нәтижесі осыны көрсетеді. Бұл тойды біз Абай аруағы үшін емес, өзіміз үшін жасадық. Шын жүректен шықпай, той тойлау үшін жасалған мұндай мерейтойды аруақтар қабылдамайды. Наразы болып, бізді өздерінің қолдауынан айырады.
Әлемдерді аруақтар байланыстырады. Үлкен бұлттың одан бөлінген бөлігі тарап, жоғалып кетеді. Сол сияқты, аруақтардың қолдауынан айырылған ел де әлемдік процесстерден бөлініп, құлдырау жолына түсіп, артынан мүлде жойылып кетуі мүмкін. Әлемдер байланысын үзбеу үшін аруақтардың разылығын алу керек. Бұл мерейтойды Абай тәрізді данышпанды берген әуелі Алла тағаланың разылығы үшін, сонан кейін Абай аруағының разылығы үшін өткізу керек. Осылай мерейтойды ойдағыдай өткізу бізге керек екен.
Мерейтойды дұрыс өткізу Абайға да керек. Шәкәрім өзінің шығар-масында кейбір аруақтардың өзіне көмек беретін артында ешкімнің қалмағанын, сондықтан жетіле алмай, қиналып жүргендерін жазады.
Аруақтарға қандай көмек керек? Бізге қорек қандай керек болса, оларға да қорек сондай керек. Осы көрнеу әлемде де, көрінбейтін жоғары әлемде де Жан қорексіз өмір сүре алмайды. Бірақ олардың қоректері бірдей емес, әртүрлі. Аруақтардың қорегі біздікі тәрізді емес. Оларда тән жоқ. Сондықтан олардың тамағы біздікіндей дөрекі заттық емес, нәзік тамақ. Олар нәзік болмыста, сондықтан денелері де нәзік болмыстан құралады. Нәзік болмысқа ақыл-ой, түйсік, ниет пен тілек, сезімдер жатады. Аруақтардың қорегі де осылар. Сондықтан аруақтарды қанағаттандыру үшін оларды осылармен қоректендіру керек. Яғни, олардың қорегі артында қалғандардың жақсы ой-тілегі, естерінде сақтаған жақсы істері, Алла тағаладан олар үшін сұраған тілектері. Абай айтқан «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген сөздің осындай терең мағынасы бар. Аруақтар артында қалғандардың жақсы ой-тілектерімен қоректеніп, күш алып, әрі қарай өрлеу жолымен шырқайды. Қазақта өлген адам туралы жаман сөз айтуға тиым салынады. Себебі, мұндай әрекет аруаққа үлкен зияндық жасап, оның наразылығын тудырады.
Сөз соңына келетін болсақ, Абай аруағына көмектесіп, сонымен бірге, өзімізге оның мол рухани қуатынан қолдау алу үшін бұл мерейтойға саналы түрде дайындалуға тиіспіз. Сонда іс-шараларымыз сәтті болып, өз дәрежесінде нәтижесін береді. Ол үшін биылғы жылды «Абай жылы» деп атап, данышпан бабамыздың рухани мұрасына көңіл бөліп, тереңірек зерттеп, кеңінен түсінуге ұмтылуымыз керек. Ал мерейтойда өтіп жатқан шаралардың барлығы «той тойлау үшін» емес, аруақты риза ету үшін екенін ұмытпай, есте ұстауымыз керек. Сонымен бірге, ең бастысы: діни рәсімдерді толық орындап, Алла тағаладан Абай аруағына Өзінің шапағат нұрын жаудыруды сұрауымыз керек. Алла тағаланың шапағат нұры жауса, Абай бабамыздың аруағы әрі қарай жетілудің шыңына қарай шырқай түсіп, артында қалған қазақ еліне өзінің мархабатын аямайтыны анық.
Осылай бұл мерейтойдан, Прези-дентіміз жазғандай, өзімізге Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға мүмкіндік тумақ.
АБАЙ ІЛІМІ ЖӘНЕ КОММУНИЗМ

Фәни әлемде коммунизм орнату – коммунистердің утопиялық идеясы болып табылады. Дәлел келтірейік. Коммунизмнің қысқаша мәні – қоғамның әрбір мүшесі дүниеден өзіне қалауынша алады, сонымен бірге, оның өмірі қиыншылықсыз бақытты болу керек. Мұндай өмір дінде айтылатын Жұмақпен ұқсас. Дін бойынша бұл өмірде дұрыс өмір сүрген адам келесі өмірінде Жұмақта болады. Бірақ коммунистер Жұмағы мен дін Жұмағының үлкен айырмашылығы бар. Дін бойынша адам Жұмаққа келесі өмірде ғана және зорлықсыз өз еркімен баруы керек. Ал коммунистер Жұмақты адамға осы өмірде Құдайсыз жасап, сонымен бірге, халықты еріксіз, оның өзінен сұрамай, түгелдей жұмаққа әкелмек болды. Сондықтан, біріншісі адамның өз еркімен жүретін рухани жол болса, ал екіншісі адамның еркінсіз зорлықпен апаратын таза материалдық жол еді.
Бақыт сезімі жүректен шығатын болғандықтан, адам ешуақытта өз еркінсіз бақытты бола алмайды. Адамның өзі бақытқа ұмтылуы керек. Сонымен бірге, бұл материалдық өмірде Жұмақ орнату мүмкін емес екені де белгілі. Оның бірнеше себебі бар.
Біріншісі, адамның қалауы шексіз болғандықтан, оның қалауын ешуақытта толық қанағаттандыруға болмайды. Себебі адамның тән құмары нәпсіге бағынады, сондықтан оның қалауы үздіксіз өсе береді. Мұндай адамды ешқандай қоғам толық қанағаттандыра алмайды. Ойсыз адамның шексіз өскен қалауын толық қанағаттандыру мүмкін емес.
Тіпті, коммунизм орнап, адам алаңсыз тән құмарына берілген жағдайда, ол жан құмарын ұмытып, ақыры азып кетеді. Бұл туралы Абай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп нақтылап, айтып кеткен. Алаңсыз бейберекет өмір енжарлыққа, жалқаулыққа, нәпсіқұмарлыққа баулиды. Осылай адам өзі де байқамай, жүнжіп, әлсірей бастайды, ал қоғам құлдырау жолына түседі.
Адамның қалауын қанағаттан-дырудың бірақ жолы бар. Ол – рухани жаңғыру барысында жан құмарын өсіріп Абай көрсеткен тән құмарын жеңе білу. Рухани жаңғырған адамның ой-өрісі өсіп, ұят сезімі толығады.
Мәселенің екінші жағына келейік. Мысалы, адам өте бай қоғамда өмір сүреді делік. Ол өзінің қалауын толық қанағаттандыра ала ма? Өткен заманда ондай қоғамдар болған. Рим империясы, Осман империясы тәрізді елдер басқа халықтарды жаулап, өздеріне шексіз қанағаттануға жағдай жасады. Римде архитектура, театр, поэзия дамып, кереметтей зәулім ғимараттар салынып, адамның ой-өрісін тәрбие-лейтіндей жағдай болды.
Бірақ олардың ой-өрісі уақыт өткен, сайын төмендеп, тән деңгейіне құлдырады. Империяның құлдырау дәуірінде адамдар мөлшерсіз тамақ, ұйқы, жыныс қатынасы тәрізді істермен айналысып, азып кетті. Мұндай жағдай аз ба, көп пе, бірақ барлық империяларға тән қасиеттер. Сондықтан Рим және Осман империялары қандай жойқын күшті болса да, ақыры әлсіреп, құлады.
Шексіз қанағаттанған адамның азып кету себебі неде? Бұл сұрақтың жауабын Абай береді.
Оның себебі – жалығу. Өмірде жалығу деген бар. Жалыққан адам өмірдің қызығын көре алмайды. Ол қандай ойлы болса да, бақытты бола алмайды. Бұл туралы Абай жиырмасыншы сөзінде былай дейді: «Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?
Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тірші-ліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.
Жалығу ойлы адамнан шығады екен. Ал ойсыз адам тән құмарына беріліп, өмірін өткізеді. Оларды Абай малмен теңейді, не болмаса «жарым адам» деп атайды. Ондайлар коммунизм құрып, бақытты бола алмайтыны белгілі.
Сонымен, фәни әлемде ойлы адам да, ойсыз адам да бақытты бола алмайды екен.
Жер бетінде коммунизмнің болуы мүмкін емес екеніне тағы бір себебі – түрлі қиыншылықтар. Фәни өмір қиыншылықсыз болмайды. Қиыншылық – фәни әлем қасиеті. Ол қиыншылықтар: адам болмысынан шығады – дене кемшілігі, ауырады, кәрілік келеді; қоршаған ортаның әсері – адамдармен қарым-қатынас қиыншылықтары; табиғат қиыншылықтары – құрғақшылық, су тасқыны, жер сілкінісі тәрізді табиғи апаттар.
Сондықтан адамның өзінің кінәраттығынан және табиғат құбы-лыстары әсерінен жер бетінде қиыншылықсыз өмірді, яғни ком-мунизмді орнату мүмкін емес. Бірақ, адам бұл қиыншылықтардың азабынан толық құтылмаса да, оларды азайта алады. Ол үшін рухани жаңғыру жолына түсіп, ой жүйені өзгерту керек. Сонда жан құмары тән құмарымен үйлесіп, адам өмір көріністерінің сырын басқаша түсініп, дұрыс қабылдап, қиыншылықтар азаяды.
Бірақ Кеңес дәуірінде атеистік идеология рухани болмысты жоққа шығарғандықтан, жан құмарын жетілдіруге мүмкіндік болмады. Жан құмарын жоққа шығарған мұндай идеология болмыстың ішкі сырына мән бермей, тек қана оның сыртқы көрінісіне көңіл бөлып, өмірді мәнсіз қуыршақ ойынына айналдырып жіберді. Ал жұмақ, яғни коммунизм дегеніміз қуыршақ емес, адам өмірінің негізгі мақсаты. Бұл мақсатқа бүкіл қоғам болып, тобырмен емес, жеке адам ғана жете алады. Ол үшін өзінің қалауы бойынша Абай көрсеткен рухани жолға толық түсу керек. Мұндай адамды Абайдың өзі «толық адам» деп атап, «Бірақ бұл жол – бек шетін, бек нәзік жол» деп бұл жол көпшілік үшін емес екенін ескертеді.
Осы себептерден коммунизм идеясы утопия еді деп еркін айтуға болады. Тарихтың өзі де осыны дәлелдеді. Утопиялық идеяны іске асыру жолында халық не көрмеді! Адамзат тарихында мұндай көп қиыншылықты көрген елді табу қиын шығар! Тарихтың мұндай зобалаң кезеңі адамзат үшін үлгі және адам жанын тазартуға арналған үлкен сабақ болуға тиісті. Сондықтан бұл кезеңнің мән-мәнісін дұрыс түсініп, одан ғибрат алу кімге болса да зор маңызы бар. Алғашқы рет адамды бақытты өмірге өзінің еркінсіз, қатаң тәртіп арқылы жеткізу керек болды. Тіршілікте адам баласы жарқын болашаққа сенсе де, күнделікті өмірде оны ұмытып, қазір өмір сүргісі келеді.
Сондықтан оның сенімін бір қалыпты жоғары деңгейде ұстау мүмкін емес. Кеңес Одағының коммунизм туралы үгіт-насихатын халық әуелде жан дүниесімен жақсы қабылдағанымен, уақыт өте келе ол сенім азайып, ақыры жоғалып кетті деуге болады. Коммунистер жарқын болашаққа сенімнің жоғалмауы үшін барлық жағдайды жасап, көп күш жұмсады.
Бірақ утопияның аты – утопия. Ол болмыс үйлесімділігіне келмейтін қиял. Ал қиял ешуақытта орындалмайды. Бұл қиялға халықты сендіріп, қоғамның рухани жағын бір қалыпқа келтіру үшін қатаң тәртіпке жүгіну керек болды. Осылай революцияның алғашқы кезінен бастап қатаң тәртіпке көңіл бөлінді. Пролетарият диктатурасы орнады.
Бірақ мұндай еріксіз өмір құлдық сана-сезімді өсірді. Еріксіз өмір әуелде өзінің нәтижесін бергенімен, уақыт келе құлдырау дәуіріне жолығып, ақыры жойылып кетті.
КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ЫДЫРАУЫ АБАЙ ІЛІМІ АЯСЫНДА

Келешекті өткен өмір құрастырады. Сондықтан еліміздің бүгінгі рухани-әлеуметтік жағдайын түсініп, оның келешегін болжау үшін өткен өмірімізге көз жіберейік. Бүгінгі өтпелі кезеңде бұл өте маңызды мәселе. Демократия заңдылығын Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, өткен өміріміз ғана емес, бүгінгі күнімізді дұрыс түсініп, болашағымызды болжай аламыз.
Абай ілімі аясында қарайтын болсақ, еліміздің тарихы мүлде басқа қырынан көрінеді екен. Солардың бірі – халқымыздың бүкіл болмыстық деңгейдегі тәжірибеден өткендігі. Жетпіс төрт жылға созылған атеистік тіршілігіміз бұрын тарихта болып көрмеген көрініс болып, бүкіл адамзатқа берілген тәжірибе, әрі сабақ болды. Бұл тәжірибенің негізгі ғибраты – рухани болмысын ескермеген мемлекет ешқашан да ұзақ өмір сүре алмайды. Өркениеттің жан құмары мен тән құмарын қанағаттандыратын рухани және материалдық құндылықтарын бірдей ескеріп, екеуін үйлесімде, тең ұстау керек еді. Бірақ мұндай үйлесімділік бұзылып, бір кездері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) деп аталып, жер жүзін дүрліктірген алып мемлекет жетпіс жылдан аз-ақ асқан өмір сүріп, тарап кетті. Осылай ол өзіне тең империялардың арасындағы ең аз өмір сүрген ел болды.
Не себептен КСРО-ның өмірі осынша қысқа болды?
Бұл сұрақтың сырын заттық ілім арқылы түсіну мүмкін емес. Сол себептен, бұл мәселе туралы бүгінгі түрлі саладағы ғалымдардың көзқарастары бір-бірімен сәйкес келмей, әртүрлі, тіпті кейде қарама-қарсы пікірлер айтылады. Кейбір сондай ойлар мынандай: «КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі – экономикалық дамуда артта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасының технологиялық жағынан артта қалуы, сондай-ақ оның өндірісі шығарған тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсу қабілетінің төмендігі еді.
Сонымен қатар, соғыстан кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп және капиталистік елдермен әскери-стратегиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қорғаныс ісіне аса көп қаржы шығарды. 1950-1990 жылдар арасындағы 40 жылда әскери шығын 20 триллион долларға жеткен. Мұндай зор шығындар экономиканы орасан зор зардаптарға ұшыратты», не болмаса «Халықтар достығының салтанаты» орнаған көпұлтты федерация орнына Кеңес Одағы біртіндеп əкімшілдік-əміршілдік басқару жүйе-сі қалыптасқан, тоталитарлық сипаты бар коммунистік империяға айналды. КСРО құрылған кезде федерацияда терезесі тең болады деген одақтас республикалар барлық жағынан Мəскеуге бағынып, онсыз бір мəселені шеше алмайтын «қуыршақ» құрылымдар болып қала берді», немесе «КСРО-ның ыдырауындағы басты себеп – ол 1986 ж. Қазақстанда басталып, Украина, Латвия, Литва, Эстония, Грузия жəне Əзербайжанда жалғасын тапқан ұлт-азаттық қозғалыс болды деп айтуға болады». Осы тәрізді ойларды көптеп келтіруге болады. Бірақ бұлардың барлығы заттық көзқарастан шыққан ойлар. Таза заттық ғылым болмыс сырын біржақты ғана көріп, оның заңдылықтарын толық аша алмайды. Мысалы, тарих ғылымы көбіне құбылыстың қалай, қай жылы болғанына көңіл бөліп, оның себебі мен келешекте болатын салдарын талдап ашпайды. Әрбір құбылыстың ішкі сыры оның сыртқы көрінісінен, яғни себебі оның салдарынан әрі, тереңде жатыр. Абай сөзімен айтқанда «екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат», сондықтан олардың «тереңіне бойламай» ешқандай құбылыстың сырын түсіне алмаймыз. Тереңі рухани болмыста жатыр.
Сондықтан заттық ғылымды зерттейтін ғалымдардың мұндай тұжырымдары біржақты, құбылыстың алғашқы себебін емес, тек қана сыртқы көрінісін, яғни салдарын ғана көрсететін тұжырым болып жүр. Еліміздің тарихын дұрыс түсіну үшін мұндай пікілер жеткіліксіз. Тарихымызды енді заттық көзқарас қана емес, оның рухани болмысын да қамтитын, жаңа тұрғыдан, толық білім арқылы қарастыру керек. Бұл – Абай ілімі.
Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, бұл әлемдік тәжірибенің сәтсіз болған себебі – өркениеттің жалпы заңдылығын толық ескермеуден екенін көреміз. Өркениет қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы болғандықтан, атеистік дәуірде бұл жетістіктер үйлесімді болмады. Атап айтқанда, материалдық жетістіке аса көңіл бөлініп, рухани жетістік екінші орында болды. Рухани болмыс мүлде жоққа шығарылып, жетілу заттық деңгейде ғана түсіндіріліп, адам болмысының сыртқы көрінісіне ғана көңіл бөлінді. Қоғамда атеистік идеология болғандықтан, бұл заңды құбылыс еді. Рухани жетілу болмай, жан күйзеліске түсті. Нәтижесінде адамның жан құмарын тән құмары жеңіп, еркіндікті қатаң тәртіп тұншықтырып, қоғам құлдырау жолына түсті. Әуелде утопиялық идеямен қанаттанып, жақсы жетілгенімен, уақыты келгенде екі қанаты әлсіреген құстай, қайта құлдырап, өмірі қысқа болды. Ақыры бұл жүйе құлады. Себебі жүйені құрайтын адам болмысы құлдырау жолына түсті.
Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, осының барлығын анық көріп, түсінуге болады. Ол он жетінші сөзінде адам болмысы мен дұрыс өмір сүру сырларын береді.
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол – менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңіл-діктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті.
Бұл арада ескеретін жағдай – Абайдың ғылым деген сөзі қазіргі қалыптасқан заттық ғылымды ғана емес, рухани білімді де қамтитын толық білімді білдіреді. Бізге енген «ғылым» араб сөзі. Ислам діні арқылы кірген араб сөздері Алла тағаланың хикметтерін білдіретін болғандықтан, олардың барлығы да рухани деңгейде. Сондықтан Абайдың бұл арадағы «ғылым» деген сөзі заттық білім емес, жаннан шығатын рухани білімді білдіреді. Рухани білім – жан қасиеті болып табылатын сананың бір көрінісі. Сондықтан, Абайдың «ғылымға жүгініпті» деген сөзі «санаға жүгініпті» деген ұғыммен бірдей түсінік береді. Шын мәнінде адам өмірін оның санасы басқарады. Не бұрыс, не дұрыс екенін сана анықтайды. Сананың жетілуіне байланысты сананың түрлі көріністері – адам өмірінің түрлі деңгейлері.
Қайрат, Ақыл, Жүрек – бұл үшеуі де жанның заттық әлеммен байланысатын құралдары. Жан солардың көмегімен бұл өмірдің ыстық-суық, қуаныш-қайғы тәрізді екіұдайылық қарсылықтарын көріп, әрекет етеді.
Қайрат – адамның өз болмысын пайдаланып өмір шырғалаңдарын шешу қабілеті, адам өмірінің қуаты. Қайраттың «дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейді» деген сөзі осыны білдіреді. Әрі қарай ол адамның рухани жолдағы жетістігі де, дүниелік ісі де Қайратқа байланысты екеніне дәлелдер келтіріп отыр. Жүректің тазалығына байланысты қайрат жақсылыққа да, жамандыққа да бірдей қолданылады.
Әрі қарай Ақылдың сөзін келтіреді.
Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» – депті.
Ақыл сезімдерден түскен ақпараттарды реттеп, оларды талдап, жүйелеп, пайда-зияндығын анықтайды. Оның «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен» деген сөзі осыны білдіріп тұр. Шәкәрім «Ақылдың басы мыйда, аяғы жүректе» деп ақыл мыйды және жүректі бірдей қолданатынын білдіреді. Сондықтан ақыл заттық әлемнің мәселесін мыймен, ал рухани мәселені жүрекпен шешеді. Ол екі дүниеге де керек. Кей адам мыйымен, кей адам жүрегімен өмір сүреді. Екеуінің өмір құндылықтары, ой-өріс, тіпті мінез құлықтары да мүлде басқаша болады. Сондықтан олар кейде бір-бірін түсінбей жатады.
Онан соң Жүректің сөзін келтіреді.
Онан соң жүрек айтыпты: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті.
Жүрек дененің бір мүшесі. Бірақ оның адам өмірінде маңызы өте зор. Жан жүректе орналасқан. Сондықтан, жүрек адамның денесін ғана емес, оның рухани болмысын да басқарады. «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ» дейді Жүректің өзі.
Сонымен, адам өмірінде – Қайрат, Ақыл, Жүрек – бұл үшеуінің маңызы зор екен. Ақыл жаман-жақсыны айырады, Қайрат жанның ниетін іске асырады, ал Жүрек адамға рухани болмыс пен заттық болмысты айыруға мүмкіндік береді. Адам өмірі, яғни бүкіл қоғам өмірі осылардың үйлесімді әрекетіне байланысты жетілу жолында, не болмаса, құлдырау жолында болады. Оның себебін әрі қарай Абай былай деп көрсетеді:
Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:
– Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, – депті.
– Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұ-
ғыны да рас. Жаратқан Тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, – депті.
– Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім, – депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады.
– Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, — деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам — сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті.
Абай рухани жетілудің екі шартын көрсетіп отыр. Біріншісі – «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ — менің ісім» деген ғылым сөзі. Яғни, Қайрат, Ақыл, Жүрек – бұл үшеуін Сана үйлестіріп, басқарып отыруы керек. Екіншісі – «Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды». Яғни, Қайрат пен Ақылды Жүрек басқаруы керек. Бұлар адамның рухани жаңғыруының шарттары. Егер осы шарттар дұрыс орындалатын болса, адам рухани жетілудің жоғары деңгейіне көтеріле алады. Бұл жолды Абай «жарым адам», «адам» және «толық адам» деп бөлетінін білеміз. Жоғары жетілген адамды Абай «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол» деп анық көрсетіп отыр. Абай оларды отыз сегізінші сөзінде Кәміл мұсылман, Хакім, Әулие және Пайғамбар деп бөледі.
Ғылымның «Сен үшеуіңнің басың-ды қоспақ – менің ісім» деген сөзінен адам өмірін оның санасы басқаруы керек екенін көреміз. Сана жаннан шығатын болғандықтан, ол жанның бір қасиеті. Бүкіл болмыс өмірін Жан, яғни Сана басқарады. Адамды Санасы басқаратын болса, оның өмірі болмыспен үйлесімді болады. Заттық өмірден бастап, рухани болмысқа дейінгі аралықты қамтитын Сананың түрлі деңгейлері болады. Бұл деңгейлерді «Шәкәрім шыңы» атты еңбекте толық көрсеткенбіз. Санасы жоғары болса, адам өмірі де жоғары деңгейде. Бірақ атеистік өмірде сананың жоғары болуы мүмкін емес еді, себебі рухани ашығудан жан күйзеліске түсіп, жүрек көзі жабылып, адам санасы төмендеді. Кеңес дәуірінде сана ең төмен деңгейде – тән деңгейінде болды. Келесі деңгей, өмірдің нәзік болмысын түсінетін эзотерикалық деңгей жоққа шығарылды.
Бұл деңгейдегі адамдар бақсы-балгер, емші, экстрасенстар тәрізді болмыстың нәзік сырларын түсінетін адамдар. Кеңес дәуірінде олар ғана емес, намаз оқитын қарапайым иманды адамдардың өзі қуғынға ұшырап, қоғам рухани жұтау көрді. Мұндай қоғамда Абайдың көрсеткен «толық адам» дәрежесіне жету мүмкін емес еді. Мұндай рухани надан қоғамда адамның Санасы өмірді басқарып, Қайрат, Ақыл, Жүректің басын қосып, бір үйлесімге келтіре алмайды. Керісінше, Сананы оның құралдары Қайрат пен Ақыл басқарып кетеді. Осылай нәпсі күш алады. Үйлесімге келе алмаған олар өздерінің қасиет-қалауларына байланысты жан-жаққа тартып, өмірдің берекесін кетіреді. Кеңес Одағы осындай берекесіз өмірдің көрінісі болып, тез ыдырап кетті. Яғни, Кеңес Одағының құлдырау себебінің бірі – атеистік идеология салдарынан адам санасының төмендігі болды.
Рухани жетілудің екінші шарты – Қайрат пен Ақылды Жүрек басқаруы керек. Не себептен? Абай әрі қарай оның себебін түсіндіреді. Басқару болмаса Қайрат пен Ақылдың Абай сөзімен айтқанда « пайдаң да мол, бірақ залалың да мол». Қайрат туралы Абайдың «кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман» деген сөзі қолдануына байланысты қайраттың пайдасы да, зияны да болатынын көрсетеді. Мысалы, қайраттың қуатымен халқымыз орасан зор қиыншылықтарды көріп, жеңе білді. Кеңес үкметі қатаң тәртіп орнатып, Азамат соғысында жеңіске жетіп, бұзылған шаруашылықты кейіннен қалпына келтіріп, Отан соғысын абыроймен аяқтады. Сонымен бірге, қатаң тәртіптің үлкен зияны да болды. Оған репрессияға түскен адамдардың және олардың туған-туыстарының тағдырын жатқызуға болады. Олар халық жауы, не болмаса халық жауының ұрпағы ретінде өз елінде қуғын-сүргін, зорлық-зомбылықтан зардап шекті.
Ақыл туралы Абайдың «амал да, айла да – бәрі сенен шығады» деген сөзі ақылдың жанның құрал екенін, қалай пайдалануына байланысты оның пайдасы да, зияны да көп екенін білдіреді. Егер жан таза болса, Абай сөзімен айтқанда «Жаратқан Тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің». Ал жан фәни өмірдің жылтырағымен былғанса, Абай сөзімен айтқанда «Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман». Егер имандылық жолда пайдаланса – Ақыл адамның досы, ал егер нәпсі жолында пайдаланса – үлкен жауы. Ақылдың көмегімен адам үлкен ғалым-академик, бизнесмен, қоғам қайраткері болады. Бірақ жүрек көзі ашылмаса, бұл жетістіктердің адамның өзі ғана емес, бүкіл қоғам үшін үлкен зияны бар. Мұндай құбылысты өмірден жиі көріп жүрміз.
Не себептен Қайрат пен Ақылды Жүрек басқаруы керек? Себебі оларда жан жоқ. Жан Жүректе орналасқан, сондықтан Жүрек жанды. Жандыны жансыз басқара алмайды.
Керісінше, жансызды жанды басқарып, өз қажетіне пайдаланады. Бүкіл дүниенің көзі – Рух. Ендеше дүниені Рух, яғни рухани күш басқаруы керек. Рухани жетістіктер әрқашанда материалдық жетістіктердің алдында болуы керек. Рухани, жанды дегеніміз – оның санасы бар деген сөз. Санасызды тек қана сана басқарып, дұрыс қолдана алады. Міне, сондықтан жансыз Қайрат пен Ақылды саналы Жүрек басқаруы керек.
Жүрек былғанса оны нәпсі билеп кетеді. Былғанған жүрек Ақыл мен Қайратты нәпсінің ықпалына беріп, күнәлі істерге қолданады. Қоғам құлдырау жолына түседі. Рухани жаңғыру арқылы жүректі тазартып адам болмысын дұрыс пайдалану керек.
Бірде Қайрат, бірде Ақыл басымдық алып, Жүрегі былғанған адам түрлі шырғалаңға түседі. Дұрыс жолды табу қиын. Осындай жағдайда санаға жүгіну керек. Ғылымның «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым» деген сөзі осыны білдіріп, сана жүректі алға қоятынын көрсетеді. Жүректі рухани жаңғыру арқылы тазартуға болады, ал Қайрат пен Ақыл тазаруға келмейді – оларда жан жоқ, олар тек қана дүниелік құрал. Жүрегін тазартып, оны тыңдай білген адам қандай қиыншылықтан болса да дұрыс шыға алады. Себебі жүректе жан орналасқан, яғни ұят бар деген сөз. Ұят адамды дұрыс жолдан шығармайтын негізгі қуат болып табылады.
Қайрат, Ақыл, Жүректің үйлесімді болуына Абай үлкен көңіл бөледі. Ол он төртінші сөзінде былай деп толықтырады:
Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, Ақылдың сөзін ұғып аларлық Жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік Қайрат қазақта кем болады.
Бұл сөздерден адам өмірінде Жүректің қандай үлкен маңызы барын көреміз. Адамгершілік қасиеттердің барлығы Жүректен шығады. Жүректі алға қою керек. Бірақ Қайрат болмаса Жүректің көмегі шамалы, ол өзінің мақсатына жете алмайды.
Коммунистік дәуірде бәрі кері-сінше болды. Атеистік идеология жүрекке орын бермей, бәрін Қайрат пен Ақылдың көмегімен шешуге ұмтылды. Ақыл көбіне жүректі тыңдамай, мыйдың ықпалымен кетіп, Қайратты дұрыс пайдалана алмады. Рухани басқарудан қалған қоғам осылай іріп-шіріп, құлдырау жолына түсті. Нәтижесінде Ақылдың Қайратпен жасаған дүниесі дұрыс пайдаланылмай, быт-шыт болып, құмға сіңген судай жоғалып, азып кетті. Рухани болмысты жоққа шығарғандықтан, бұл елге бүкіл әлем дүрлігіп, қарсы болды. Сыртқы жауы көбейіп, ішкі дүниесі іріп-шіруге айналған мемлекет әлсіреп, ақыры ыдырады. Осыдан «Кеңес Одағының ыдырауының екінші себебі – атеистік ой-өрістің салдарынан Қайрат пен Ақылды Жүректің басқара алмауы еді» деген екінші қорытынды жасауға болады.
Рухани болмысты қабылдамайтын тек қана заттық өмір Жүректі былғап, сананы төмендетеді. Былғанған жүрек Ақыл мен Қайратты дұрыс пайдалана алмай, кінәрәтті істерге қолданады. Осылай адам азып, қоғам құлдырау жолына түседі.

КЕҢЕС ОДАҒЫ АБАЙ ІЛІМІ АЯСЫНДА

Тарихымызға көз жіберетін болсақ, еліміз коммунистік қоғам орнату жолында бірнеше кезеңдерден өткен екен. Бұл кезеңдерді Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, оның мән-мәнісі, Кеңес Одағының тарау себептері кеңінен ашылып, түсінікті болады. Бүгінгі өтпелі заманда келешегімізді дұрыс анықтап, бұрынғы қателіктерімізден аулақ болу үшін бұл мәселелердің маңызы зор.
Қандай өркениет болса да толқын тәрізді жетілу кезеңіен өтіп, құлдырап барып, жоғалады. Мұны синусоида құбылысы деуге болады. Синусоиданың жоғары өрлеу мен төмен құлдырау бөлігі, және оларды жалғастыратын өтпелі кезеңдері болады.
Кеңес Одағы да осындай заңдылық ықпалында болды. Осылай Кеңес дәуірі төрт кезеңнен өтті. Олар: Бірінші өтпелі кезең – 1917-1932 жылдар; Тұрақты өркендеу кезеңі – 1932-1953 жылдар; Екінші өтпелі кезең – 1953-1985 жылдар; Тұрақты құлдырау кезеңі – 1985-1991 жылдар.
Бірінші өтпелі кезең – 1917-1932 жылдар. 1917 жылы әуелі Буржуазиялық, сонан соң пролетарлық революция болды, монархия толық жойылды. Кеңес дәуірі басталды. Бұл кезең қағаз жүзінде халық билігі болғанымен, іс жүзінде коммунистік партияның диктатын орнатқан пролетариат диктатурасынан басталды. Пролетариялық диктатура адамның еркін ескермей, коммунизм идеясын тек қана қатаң тәртіп арқылы жүзеге асыру үшін керек болды. Басқа жол да жоқ еді. Осылай тоталитарлық жүйенің негізі құрылды.
Революциядан кейін ел бейберекет болды. Қоғам өзгеріп, экономика құлдырап кетті. Қоғамдағы тәртіп пен адам еркіндігінің бұрынғы үйлесімділігі бұзылды. Эсерлер мен анархистар тәрізді түрлі саяси топтар көбейіп, қоғам бөлшектеніп, тыныштық кетіп, хаос пайда болды. Халықтың тіршілігі тозаққа айналды. Ел «қызылдар» мен «ақтарға» бөлініп, Азамат соғысы (1918-1924 жж.) басталды. Осылай қоғам өмірі түзелудің орнына, құлдырап, ел күйзеліске түсті. Мұндай жағдай барлық төңкеріс, революцияларға тән еді.
Коммунистік партия үшін бұл капитализмнен социализмге қарайғы өтпелі кезең болды. Бұл дәуір революциядан кейінгі азамат соғысы мен елдің жағдайын бір қалыпқа келтіруге арналған «соғыс коммунизмінен» (военный коммунизм) басталды. Коммунизм идеясы бойынша қоғамды халық басқарып, адамдардың барлығы бірдей болуы керек. Адам толық еркінді. Революциядан кейін ешкім өз еркімен утопиялық қоғамды, коммунизмді құрғысы келмеді. Сондықтан бұған халықты күшпен көндіру керек еді. Жер помещиктерден тартып алынып, шаруаларға, ал өнеркәсіп орындары жұмысшы өкілдеріне берілді. Жеке меншік қоғамдық меншікке ауысты. Ауылда артық өнімнің барлығы тартып алынды, бүкіл өнеркәсіп пен банк қоғамдық меншік болды. Сонымен бірге, коммунистік идеяны насихаттауға зор көңіл бөлінді. Коммунизм идеясы сақталды, бірақ ол күшпен енгізілді. Адам баласы үмітпен өмір сүреді. Коммунистер халықты жарқын болашаққа күшпен сендіруге кірісті. Осылай күштің көмегімен адамды коммунизм идеясына сендіріп, өз еркімен қатаң тәртіпті сақтауға мәжбүр етті. «Соғыс коммунизмі» деп аталған бұл жағдай коммунистерге Азамат соғысын тыныштандыру және елде қатаң тәртіп орнату үшін керек болды.
Осыдан кейінгі кеңес дәуірін түгелдей адамың еркі мен қатаң тәртіптің арасындағы күрес тарихы деуге болады. Бірде ерік, бірде қатаң тәртіп күш алып, бұл жүйенің жағдайы әуелі дәуірлеу кезінен өтіп барып, құлдырады да, ақыры жойылып кетті. Кеңес дәуірінің тарихы – ерік пен тәртіптің өзара байланысының көрінісі болды. Бұл өмір адамзатқа тағдырдың берген үлкен ғибраты еді. Коммунистер жарқын болашақ жолында түрлі тәжірибелер жасауға мәжбүр болды. Мұндай утопиялық идеяны күшпен іске асыру мақсаты бұрын тарихта болмаған.
Елді қатаң тәртіп құрсауында ұстау үшін билік бір орталықта болуы керек. Сондықтан, бүкіл экономикалық жүйе бір орталықтан басқарылды; халық шаруашылығын жоспарлап, орындауға нұсқаулар жасалды; сауда-саттық қысқарды, нәтижесінде ақша құнсызданып, ел ақшаны қабымен тасығанымен, ол ақшаға керегін сатып ала алмай, ақша айналымы тоқырауға түсті. Аштық, зорлық-қысымға шыдамаған халық көтеріліп, көп жерлерде қарсылық көрсетті. Сондықтан соғыс коммунизмі идеясынан бас тартуға тура келді. Коммунистік идея қалай күшті дәріптеліп, насихатталса да, ол шешуші рөл атқара алмады.
Осылай коммунизмнің алғашқы тәжірибесі сәтсіз аяқталды.
Бұл сәтсіздік коммунизм идеясының утопия екенін көрсететін бірінші жағдай еді. Адам сеніміне күш жүрмейді. Күшпен зорлап ешкімді сендіруге болмайды. Енді коммунистердің алдында бір-біріне қарама-қарсы екі жол жатты. Біріншісі – коммунизм идеясынан бас тартып, табиғи заңдылық аясында жетілетін ерікті капиталистік жолға көшу. Екіншісі – қатаң тәртіп арқылы адамды жарқын болашаққа жеткізетін коммунизм идеясын әрі қарай жалғастыру.
Коммунистер екінші жолды таңдады. Себебі, тарихты тоқтату мүмкін емес. Көп шығын шығып, іс-әрекет басталып кетті. Алғашқы идеядан утопия болса да бас тартуға мүмкіндік жоқ болды. Жаңа жоспар жасалды. Бұл жоспарда коммунизм идеясы толық қамтылмады. Себебі әлі толық күшіне енбеген коммунистер партиясы капиталистік қатынастардан толық бас тартып, коммунистік идеяға берілуге әлі дайын емес еді. Сондықтан өтпелі дәуір ретінде аралас қатынас қабылданды. Бұл жоспар Жаңа экономикалық саясат (Новая эконическая политика), тарихта НЭП деп аталып, маңызды тәжірибе берды.
НЭП 1920-1929 жылдар арасында болды. «Соғыс коммунизмі» идеясы тек қана қатаң тәртіп өмірдің барлық мәселесін шеше алмайтынын көрсетті. Бұл ақиқатты түсінген билік енді ерікке жол ашты. Осылай капиталистік қатынасқа, аз да болса, жол берілді. Саясат үшін бұл қадам кейін қарай бағытталған қадам еді.
Экономика бағыты өзгеріп, бір бөлігі жалға берілді, жеке меншікке жол ашылды; сауда-саттық жанданды; шаруалардың алған өнімін толық тартып алмай (продразверстка), бір бөлігін өздеріне қалдырды (продналог). Салық 2-3 есе азайып, шаруалардың кеудесі ашылып, өндіріске деген ынтасы пайда болды. Өз еріктерімен олар ынталана жұмысқа кірісті. Осылай мемлекет пен жеке меншік араласқан, яғни социалистік және капиталистік бейнесі бар аралас экономика өзінің жақсы нәтижесін беріп, құлдыраған экономика жандана бастады.
Бірақ экониканың тез қарқынмен өрлеуіне коммунистер жол бермеді. Олар жеке меншікті өз қарамағына алып, үнемі жаншып, бақылауда ұстады. Жеке меншікке үлкен салық салып, оның капиталын өсірмеуге тырысты. Салықтың үлкендігі соншалықты, қазынаға өнімнің тіпті жартысынан көбі кетіп отырды.
Шаруалардың жағдайы да қиын болды. Өздерінің шаруашылығын жетілдіру үшін жабдық, құрал-сайман керек еді, бірақ бағасы өте жоғары болғандықтан, оларды сатып алуға мүмкіндіктері болмады. Қалай дегенмен де, осындай қиыншылықтарға қарамастан, елде жағдай жақсарып, қоғам жандана бастады. Молшылыққа жол ашылды. Адамдар еркіндік сезініп, еңсесі көтерілді. Еркіндіктің маңызы осындай еді.
Бірақ бұл бақытты өмір ұзаққа созылмады. 1927 жылдың аяғында нан тапшылығы болып, экономикалық тағдарыс басталды. Халық ашығып, экономика тағы құлдырап кетті. Әуелде жанданып, жақсы нәтижесін берген экономика осылай тоқырауға түсті.
Мұның себебі не еді?
Жаңа экономикалық саясаттың сәтсіз аяқталу себебі – елде қарама-қарсы екі (қоғамдық және жеке) меншік пайда болды. Олар үнемі бір-біріне бөгет болып отырды. Капиталистік қатынастан қауіптенген үкімет жеке меншікті үнемі тежеп, тұншықтыруға ұмтылды. Мұндай зорлықтан ақыры адамдардың ынтасы сарқылып, жеке меншік капиталы жеңілді. Ал қоғамдық капиталды алатын болсақ, ол әлі жетілмеген, әлсіз еді. Сондықтан қоғамдық капитал халық мұқтажын толық қанағаттандыра алмады. Нәтижесінде халық шаруашылығы тығырыққа тіреліп, елді аштық жайлады.
Экономиканы жетілдірудің өз заңдылығы болады. Оны бұзуға болмайды. Экономиканың екі жолы бар: бірі – толық ерік, екіншісі – толық қатаң тәртіп. Екеуі араласып кетсе, нәтижесінде екеуі де жетілмей қалады. Бірішісі – демократия жолы, ал екіншісі – тоталитарлық жол. Бұл екі әдіс өзара қарама-қарсы. НЭП бұл қағиданы толық дәлелдеді. Экономиканың эволюциялық заңдылығын ескермей, оны дөрекі бұзу, міне, осындай кері нәтижесін береді. Кейіннен Н.С.Хрущев дәуірінде тәртіп пен еркіндік жарысқа түскені белгілі. Тәртіп Кеңес Одағында, ал еркіндік демократия орнаған АҚШ-та болды. Бұл жарыста АҚШ экономикасы жеңіп шықты, еркіндіктен шығатын жан құмары өзгергіш тән құмарынан жоғары тұр. Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, Кеңес Одағының ыдырауының негізгі себебі – жан құмарын ескермей, жалаң тән құмарына берілуден екенін түсінуге болады.
Сонымен, күшпен ендірмек болған коммунистердің Жаңа экономикалық саясаты да сәтсіз аяқталды.
Шаруашылықты жандандыру үшін олардың алдында бір-біріне қарама-қарсы тағы екі жолы жатты. Бірі – толық ерік, демократиялық жол болса, екіншісі – қатаң тәртіп, тоталитарлық жол болды. Коммунистер, әрине, қоғамдағы жағдайды жақсы түсінді. Қоммунизм идеясы бойынша –адамдардың барлығы тең және толық ерікті, толық демократия болу керек. Іс жүзінде коммунизм орнату утопиялық идея болғандықтан, оны халық толық қолдамайды, сондықтан оған демократиялық ерікті жолмен жету мүмкін емес. Бұл қағиданы олар жақсы түсініп, екінші жолды, қатаң тәртіпті қабылдауға мәжбүр болды. Қоғамда қағаз жүзінде коммунизм идеясы, бірақ іс жүзінде бәрі керісінше, қатаң тәртіпке бағытталды. Осылай пролетариат диктатурасы барлық билікті өз қолына шоғырландырып, тоталитарлық қоғам орнатуға кірісті.
1922 жылы желтоқсанның 29 жұлдызында КСРО құру туралы келісім шарт жасалды. Қағаз жүзінде Кеңес Одағына кірген мемлекеттер барлығы тең праволы, ерікті болды, бірақ іс жүзінде орталық жасаған қатаң тәртіпке бағынып, басқарылды. Ең жоғарғы билік Коммунистік партияның Политбюросында болды. Оның шешімдері ешбір талқыға түспей, мүлтіксіз орындалуы керек болды. Политбюро мүшелері де өзара тең құқықты деп есептелгенімен, бірақ іс жүзінде билік әуелі Ленин, сонан соң Сталиннің қолына көшті. Әуелі Политбюро бір-біріне қарсы екі топқа бөлінді. Бірін – Сталин, екіншісін – Троцкий басқарды. 1923 жылдың аяғында Троцкий партиядағы теңдікті талап ете бастаған еді. Троцкий Сталинді, және оның жақтастарын ашық сынға алды. Бірақ бұл күресте Троцкий мен оның жақтастары жеңіліп, «халық жауы» аталып, 1927 жылы олар толығымен жойылды. Бұл кезде Сталиннің беделі күннен күнге өсті, ал 1929 жылы билік Сталиннің қолына толық көшті. Осылай Сталин өзінің барлық қарсыластарын жеңіп, билікті толық өз қолына алды. Бұл заңды құбылыс еді.
Себебі Троцкий ұсынғандай Политбюроның мүшелері тең болып, бір адам басқармайтын болса, онда билік тобырға айналып кетер еді. «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?» деп Абай айтқандай, әркім өз жағына тартып, елді бір жұдырыққа біріктіру мүмкін болмас еді. Бұл – демократиялық жол деуге болады. Бірақ адамдардың саяси санасы жетілмеген, сондықтан демократиялық принциптер әлсіз. Мұндай жағдайда елдегі күйзелісті демократия жолымен шешу мүмкін емес. Анталаған жау қоршаған шешуші кезеңде тоталитарлық жолмен халықты біріктіруге лайықты бір адамның болуы тарихи қажеттілік еді. Бұл адам Сталин болды. Партия мүшелері де бұл өзекті мәселені жақсы түсінді, сондықтан көпшілігі Сталин жағына шығып, оған толық қолдау көрсетті.
Осылай Кеңес Одағының тағдыры шешілді. Тоталитардық әдіспен қатаң тәртіп орнатып, көпшілікті бір арнаға салуға, елде күшпен социалистік қоғам орнатуға мүмкіндік туды. Халықтың тағдыр берген жасампаздық қуатын бір бағытқа шоғырландырып, жылдам қарқынмен өркендеуге жол ашылды. Кім білсін, елде Сталиндей адам және оның жасаған саяси-әлеуметтік жүйесі болмаса, Кеңес Одағы мүмкін жетпіс төрт жыл да өмір сүре алмас еді. Бұл тағдырдың адамзатқа берген үлкен тәжірибесі болды.
Қатаң тәртіп қорқыныш сезімімен байланысты. Қоғамда террор басталды. Коммунистер ревоюция жауларын ауыздықтап, қоғамды бір қалыпқа келтіру мақсатымен осындай қатаң шараларға барған еді. Қызыл террор Азамат соғысымен қабаттасып, 1924 жылға дейін созылды. Осы жылы Азамат соғысы «қызылдар» жеңісімен аяқталды. Азамат соғысынан кейін коммунистер билікті толық өз қолдарына алу үшін өздерінің идеясын дәріптеп, бөгет жасай бастаған эсерлер мен меншевиктерді толығымен құртуға кірісті. НЭП кезінде байыған помещиктер мен байларды жер аударып, не болмаса түрмеге қамады. Осылай ГУЛАГ, КарЛАГ, АЛЖИР тәрізді лагерлер көбейіп, мыңдаған адам азап шекті. Тұтқындардың көпшілігі Беломорканал тәрізді өндіріс орындарында, не болмаса Сібірде алтын рудасын өңдеу, ағаш кесу тәрізді ең ауыр жұмыстарда өмірін кешті.
Қоғамның синусоидалық дамуында төмендеуі мен өрлеу бағыттарын жалғастыратын доға (сызбанұсқаны қараңыз) он бес жыл уақытқа созылды. Бұл өтпелі кезең 1917 жылдан басталып, 1932 жылмен аяқталды деуге болады. Оның ең төменгі нүктесі 1924 жылға сай келіп, осы жылдан бастап әрі қарай еліміздің өркендеу қарқыны жылдан-жылға өсе бастады. Бұл жыл мемлекеттің құлдырауының ең төменгі нүктесі деуге болады. Себебі, осы жылы Ленин қайтыс болып, биліктің басында Сталиннен артық адам қалмады. Сонымен бірге Азамат соғысы аяқталып, енді коммунистер мемлекетті толық өз қолдарына алып, оның құлдыраған жағдайын қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Осылай ел өркениеті өтпелі кезеңнің ең төменгі нүктесінен өтіп, жетілу сызығының синусоидасы біртіндеп жоғары қарай бағыт алды.
Террордың көмегімен елде толық тәртіп орнаған соң 1928 жылы бірінші бесжылдық жоспары қабылданды. Бұл жоспар мезгілінен бұрын 1932 жылы орындалды. Елде жеке меншіктен қоғамдық меншікке толық ауыстыруға бет алынды. Ол үшін ауылда шаруаларды колхозға толық біріктіріп, ал қаланы индустриялау керек болды. Индустриясыз елді өркендету де, қоршаған жаулардан қорғану да мүмкін емес екені анық еді. Сондықтан индустриялауға бар күш жұмсалды, бірақ көп қаражат керек болды. Оны шаруалар есебінен шешті. Бұл шаралар үлкен аштық тудырып, елде көп адам тағы қырылып қалды. Қазақстанда малынан айрылған халық ашығып, жартысына жуығы аштан өліп, не болмаса басқа жаққа жер ауып, бас сауғалап кетті. Украина, Волга бойында көп адам аштыққа шалдықты. Ауылшаруашылық өнімі құлдырап, көп жерлерде қарсылық, көтерілістер болды. Халық бұл ауыртпашылыққа да шыдады.
Тұрақты өркендеу кезеңі – 1932-1953 жылдар. 1932 жылы өтпелі кезең бітіп, елдің тұрақты өркендеу кезеңі басталды деуге болады. Себебі Коммунистік партия бұл жылды «капитализмнен социализмге өтпелі дәур бітіп, социалистік қатынастың толық жеңісімен аяқталды» деп жариялады. Қатаң тәртіп орнағандықтан осы жылдан бастап еліміз бірқалыпты үлкен қарқынмен дамый бастады. Саясат бір бағыт алып, еліміздің өркендеу дәуірі басталды.
Нәтижесінде мемлекет бір кездегі аграрлы елден жетілген индустриялы елге айналды. Бұл жетістіктің екі себебі болды. Біріншіден – қатаң тәртіп орнады, екіншіден – марксизм-ленинизм ілімінің негізі болған коммунизм идеясы жүйелі түрде насихатталып, халықтың санасына енгізіле бастады. Осылай жоғары идея мен қатаң тәртіп бір-бірімен үйлесіп, мемлекеттің үздіксіз дамуының іргетасы қаланды, яғни еркіндік пен қатаң тәртіп үйлесімге келді. Бұл жетістіктің негізгі себебі – коммунизм идеясынан шабыт алған жан құмары өзіне қарсы болған тән құмарын жеңе білуі еді. Абай ілімі арқылы жан құмары мен тән құмарының өзара байланыысы бойынша бұл құбылысты жақсы түсінуге болады. Осылай коммунистік идеяға сенген халықтың жан құмары тән құмарын шектеп, қатаң тәртіп орнады, мемлекеттің тез қарқынмен өрлеуіне жағдай жасалды. Коммунистер бұрынғы күйреген халық шаруашылығын тез арада қайта қалпына келтіріп, үлкен қарқынмен әрі қарай жетілдіре бастады.
Осылай еліміз бұрын болып көрмеген экономикалық өрлеу жолына түсті. Мұндай өрлеу сол кездегі алдыңғы қатарлы елдердің өздерін таң қалдырды. Еліміз басқа елдерден экономикалық тәуелсіз деңгейге жетті. Анталаған жаулардан қорғануға мүмкіндік алды. Кеңес Одағы өзінің өмірін сақтап қана қоймай, тіпті бірқалып үлкен қарқынмен әрі қарай өркендей бастады. Бесжылдықтар мезгілінен бұрын орындалды. Бұл қарқын халықаралық деңгейде көрініп, Кеңес Үкіметінің беделі өсті. Бір кездегі Еуропа елдерінің соңындағы Ресей империясы енді Кеңес Одағына айналып, әлемнің шешуші күшіне айналуға бет алды. Отан соғысында жеңіске жетті. Жеңістен кейін соғыс кезінде күйреген шаруашылықты үш-ақ жылда қалпына келтіріп, елдің дамуын әрі қарай жалғастырды. Ұлы идея мен қатаң тәртіптің нәтижесі осындай болды.
Қатаң тәртіпті террор арқылы ғана бірқалыпта сақтауға болатындықтан, халықты үнемі қорқынышта ұстады. Ең үлкен террор 1937-1938 жылдары болды. Осы жылдары ұлттық саясатты көздегендер, не болмаса коммунизм идеясына күмән келтіргендер қатаң жазаға ұшырап, аяусыз қуғын-сүргін көрді. Қазақстанда Алаш Орда мүшелері толығымен атылып, не болмаса жер аударылды.
Сыртқы саясатта Сталин басқа елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. 1939 жылы Кеңес Одағы Батыс Украина, Батыс Белоруссия, Прибалтика елдерін өзіне қосып алды. Германия мен Кеңес Одағының арасында бейбітшілік келісімі жасалып (Молотов-Риббентроп пактісі), коммунистердің басқыншылық саясатына Гитлер қарысылық көрсетпеді. Бірақ бейбіт келісімді бұзып, Германия 1941 жылы Кеңес Одағына басып кірді.
Осы арада үлкен сұрақ туады. Германиядан халқы жағынан да, жер байлығы жағынан да көп үлкен Кеңес Одағына Гитлердің шабуыл жасауға батылы қалай барған?
Бұған Финляндия себеп болған екен. Сталин Финляндиямен өзара көмек туралы келісім жасамақ болады. Бірақ Финляндия ешбір келісім жасамайтынын білдіреді. Нәтижесінде екі арада төрт айға созылған соғыс басталып, ақырында Москвада екі ел арасында бейбітшілік туралы келісім жасалды. Соғыста Кеңес Одағы адамнан да, техникадан да үлкен шығынға ұшырайды. Финляндиямен салыстырғанда орасан зор ел КСРО оны жеңе алмағанын көргенде Гитлер Қызыл Армия оған үлкен қауып тудырмайды деп шешеді. Міне, ол осындай шешімге келіп, үлкен қателік жібереді. Кеңес Одағына шабуыл жасайды.
Бұл қателіктің негізгі себебі не еді?
Оның негізгі себебі – адамның рухани болмысынан шығатын патриоттық сезімін ескермеу болды. Финляндия соғысы жаулап алу соғысы болып, адамдарды мұндай әділетсіз соғысқа зорлықпен қатыстырды. Сондықтан Қызыл Армия өзінің қаһармандығын толық көрсете алмай, азғантай ел Финляндияны жеңе алмады. Ал Отан соғысында жағдай мүлде басқаша еді. Ол жерді қорғауға арналған әділетті соғыс болды. Жауынгер «Отан үшін! Сталин үшін!» деп жауға ұмтылды. Себебі, ол отанын, отбасын, өзін қорғауға жанын аямады. Осылай олар жан құмарынан шыққан қайрат-ерлікке ие болды. Ал немістер соғысы әділетсіз болды. Олар басқа елдерден өздерін жоғары қойып, жаулап алуға кірісті. Осылай жан құмары мен тән құмары беттесіп, ақыры жан құмары жеңіп шықты. Жан құмары шексіз, сондықтан отанын қорғаған адам өмірін қиып, шексіз ерлікке баруға дайын. Ал басқа елді жаулаған адам ондай ерлікке бара алмайды. Себебі қандай қатаң тәртіп болса да, тән құмарының өз шегі бар. Гитлер бұл жағдайды ескермей, үлкен қателік жіберіп, ақыры соғыста жеңіліс тапты.
Бұл қателік немістердің ұлттық мінезіне байланысты. Олардың мінезі – не нәрсе болса да дәл орындайтын педант, қатаң тәртіпті сүйеді. Осылай қатаң тәртіп арқылы экономикалық жетістікке ие болып, басқа елдердің алдына шығып отырады. Бірақ жан құмарын ескермей, тек қана тән құмарына ұмтылған мұндай заттық мінез адамның көкірегін көтеріп, басқалардан артықшылық сезім пайда болады. Осылай олар көршілерінен өздерін артық сезініп, оларды алакөздеп, жаулап алуға ұмтылады. Өздерінің тәртіпті сүйетін осы жақсы мінезін дұрыс түсініп, пайдалана алмаған неміс халқы тарихта бірнеше қателік жіберді. Олардың Екінші дүниежүзілік соғысты ғана емес, Бірінші дүниежүзілік соғысты да бастап, ақыры өздері жеңіліс тапқаны белгілі. Тарихқа көз салатын болсақ, немістердің осындай заттық көзқарасы өздері ғана емес, бүкіл адамзатқа қиыншылықтар тудыратынын көреміз.
Бұл тарихи құбылыс жан құмары мен тән құмарының өзара байланысын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Қатаң тәртіп тән құмарынан шығатындықтан, жан құмарын ескермей, оны тұншықтырып, жетілдірмейді. Қатаң тәртіп өркениеттің заттық құндылығын ғана жетілдіреді. Ал адамның рухани болмысы шет қалады. Қатаң тәртіптің көмегімен Германия бүгінгі күндері де Еуропа елдерінің алдыңғы шебінде шығып отыр.
Жан құмары мен тән құмарының соғыстағы көрінісіне тағы бір мысал келтіруге болады. Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысын салыстырып көретін болсақ, Ұлы Отан соғысына қатысқан адамдар жандары тазарып, көкіректері ашылғандай, үлкен шабытпен оралды. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіруде олар алдыңғы қатарда болып, өздерінің ерен ерліктерін де көрсеттті. Олардың арасында психикалық ауруларға шалдыққандар жоқтың қасы. Ал сексенінші жылдары болған екінші соғыс, Ауған соғысын алатын болсақ, бұған қатысқан адамдардың арасында түрлі ауруларға, әсіресе психикалық ауруға шалдыққан адамдар өте көп. Көпшілігі күнделікті өмірге бейімделе алмай зардап жегуде.
Не себептен?
Себебі, біріншісі – әділетті соғыс, ал екіншісі – әділетсіз соғыс болды. Әділетті соғыс адамның жанын тазартып, оны келесі рухани деңгейге көтереді. Ал әділетсіз соғыс адамның жанын күйзелтіп, оған тек қана зардап әкеледі. Әрине, соғысқа қатынасқандар бұған кінәлі емес, олардың әрқайсысын батыр деп есептеуге болады. Бірақ екі соғыстың үлкен айырмашылығы бар екенін өмір көрсетеді. Отан соғысы әділетті соғыс болып, сондықтан, оған қатынасқандар әділет үшін соғысты. Олар Отаны үшін жанын беруге дайын болып, өлімнен қорықпады, сондықтан олардың психикасы аман. Ауған соғысы жаулап алу, әділетсіз соғыс болды. Сондықтан бұл соғысқа адамның ынтасы болмады. Әрине, мұндай соғыста адамның мақсаты жанын сақтап, өлімнен аман қалу болады. Өмірі үшін үздіксіз қорқыныш адамның психикасын бұзады. Осылай Ауған соғысы орасан зор материялдық шығын ғана емес, адамның психикасына да үлкен зардап әкелді. Бұл арада екі соғысты салыстыру оған қатысқан адамдарды емес, әділетті және әділетсіз соғыстың, яғни жан құмары мен тән құмарының, адам болмысына әсерін көрсету үшін ғана келтіріліп отыр.
Отан Соғысынан кейін Еуропаның көп елдерінде коммунистік жүйе орнап, енді социализм бір ел емес, әлемдік сипат алды.
Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарының айырмашылықтарын өмірден осылай жақсы көруге болады. Экономика рельсі халық шаруашылығын үздіксіз өрістетіп, бірқалыпты ұстады. Сондықтан бұл дәуір еліміздің ең тиімді кезеңі болады. Бірақ бұл қарқынды дәуір 1953 жылға, яғни Сталинның қайтыс болған кезіне дейін созылды.
Екінші өтпелі кезең – 1953-1985 жылдар. 1953 жылы Сталин қайтыс болды. Кэт Чиж и Ко сөзімен айтқанда «Сталиннан екі пар көйлек-көншек, екі етік, бірнеше китель, төрт теңге қырық тиын ақша және зор империя қалды». Осылай бұл зор империяның тағдыры өзгеріп, осы жылдан бастап өркендеу қарқыны өзінің шегіне жетіп, енді саябырлады. Өркениет жетілуінің қарқыны саябырлап, синусоида өзінің үздіксіз көтерілуінен, енді екінші өтпелі кезеңге бет бұрды. Бұл екінші өтпелі кезең – еліміздің өрлеу мен құлдырау дәуірін жалғастыратын кезең еді.
Үкімет басына Н.С.Хрущев келді. Ол түрлі саяси-әлеуметтік реформалар жасап, бұрынғы қалыптасқан жүйеге жаңалықтар енгізіп, елдің жағдайын өзгертіп жіберді. КПСС-тің 20-шы съезінде Никита Хрущев Сталинның жеке басына табынуды сынға алып, түрлі құжаттар көмегімен өткен кездегі репрессия азаптарын Сталинге жа-уып, оған кінә тақты. Осылай Сталинге, сонымен бірге коммунизмге деген сенімге дақ түсіріп, халықтың ынтасын жоғалтты. Жарқын болашаққа, коммунизмге деген сенімге үлкен соққы болды. Репрессияға түскен тұтқындар босатылды, бұл елдегі тәртіпті әлсіретті. Елді демократиялауға әрекеттер жасалды. Осылай қатаң тәртіптен ерікке жол ашылды. Олар біріне-бірі сәйкес келмей, экономика заңдылығын бұзып, жетілу қарқынын одан сайын төмендетті. Бұл реформалар мен өзгерістер Сталин жасаған жүйеге соққы болып, жетілу қарқынының одан сайын саябырлауына әкеліп соқты. Себебі бұрынғы қатаң тәртіп әлсіреді. Сондықтан бұл кезең «саябырлау» (орысша – оттепель) деп аталды. Бұл саябырлау кезеңі 1964 жылғы Л.И.Брежнев заманына дейін созылды. Сонымен бірге, соғыс, өнеркәсіп пен космосты игеру бағытын қамтитын суық соғыс (холодная война) деп аталған АҚШ пен КСРО арасында текетірес басталды. Бірақ И.В.Сталин жасап кеткен жүйенің инерциясы әлі де күшті еді. Сол инерциямен шабыттанған Н.С.Хрущев «Американы қуып жетіп, басып озу» идеясын көтеріп, 1980 жылы (яғни 20 жылдың ішінде) коммунизмнің материалдық базасын құрмақ болғаны белгілі. Тіпті 1961 жылы Ю.Гагаринді космосқа ұшқан бірінші адам етіп, елдің даңқын көтерді. Осының өзі және атом қаруын игеруі бұл жылдары Кеңес Одағы басқа алдыңғы қатарлы елдермен әлі де тең дәрежеде болғанын көрсетеді.
Бірақ қатаң тәртіптің әлсіреуі күшпен сендірген утопиялық коммунизм идеясына сенімді әлсірете бастады. Осылай сенім мен тәртіп бірдей әлсіреп, елдің даму қарқыны одан әрі төмендей берді. Бұл төмендеу 1964 пен 1982 жылдардағы Л.И.Брежнев дәуірімен жалғасты. Бұл дәуірде өркениет қарқыны саябырлаудан өтіп, тоқырауға жеткен еді. Сондықтан Брежнев дәуірі «тоқырау» деп аталғаны белгілі. Бұған дейін елдің жағдайы инерциямен әлі де жоғары көтеріліп келе жатыр еді, бірақ тоқыраудың әсерінен бұл инерция бітті деуге болады. Осылай еліміздің екінші өтпелі дәуірінің жетілуі аяқталып, енді құлдырау жолына түсті. Синусоида сызығы бұл нүктені өрлеудің ең жоғарғы нүктесі ретінде 1970 жылмен көрсетеді. Осылай Сталин қанша шығынмен қатаң тәртіп орнатып, қуатты империя құрса да, жан құмарын ескермей, жалаң тән құмарына қызмет еткен бұл жүйе ұзаққа бармай құлдырау жолына түсті.
Болмыс заңдылығына қайшы қандай әрекет болса да, өз кезінде ашылып, күшін жояды. Сондықтан утопиялық идеяға халықтың сенімі де жылдан жылға әлсірей бастады. Ақыры сенім жойылып, қатаң тәртіп қана қалды. Еркінен айырылған адам қандай қатаң тәртіп болса да өзінің ынтасын жоғалтып, азып кетеді. Кеңес Одағының тез ыдырап кету себебі де осы еді деуге болады.
Тұрақты құлдырау кезеңі – 1985-1991 жылдар. 1985 жылы үкімет басына Михаил Горбачев келді. Ол «қайта құру» (перестройка) саясатын ұсынды. Адамдарға көп ерік берілді. Бірақ нәтижесінде КСРО ыдырап кетті. М.Горбачев көптеген реформалар жасады, бірақ олардың көпшілігі іске аспады, елге зиянды болып шықты. Ерік пен тәртіп әлсіреп, ғылым, медицина, білім беру салалары құлдырап, елдің экономикасы одан әрі төмендей берді. Ауыл шаруашылығы бір қарқынмен құлдырауын тоқтатпады. 1989 жылы Горбачев елде кризис келгенін мойындады, ал түрлі қалалар мен елдерде ұлтаралық қақтығыстар басталды. Соның бірі 1986 жылғы Қазақстандағы Желтоқсан қозғалысы болды. Борис Елцин қарсылық көрсетіп, Горбачевті сынға алды. Ол Ресейді КСРО-дан бөлуге ұмтылып, көптеген жақтаушылар тапты. Бұл КСРО-ның ыдырауының басы болды.
1991 жылы желтоқсанның 8 жұлдызында Белоруссияда Беловеж келісіміне қол қойылды. Бұл құжатқа Ресей, Украина және Белоруссия, яғни үш республиканың басшылары қол қойды. Құжатта КСРО өзінің өмірін тоқтатады, оның орнына (ТМД) Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы (Союз Независимых Государств, СНГ) құрылады деп көрсетілді.
Осылай бір кездегі қуатты империя синусоидалық жолмен өзінің өмірін аяқтады. Егемендік алған республикаларда құлдырау барысы тоқтамай, әрі қарай жалғасып, көпшілігінде көптеген төңкерістер болды. Түрлі түсті революциялар осының көрінісі еді. Бірақ ешқайсысы да бірден түзеліп кете алмады. Себебі, күш алған тән құмарын бірден жан құмарына жеңгізу мүмкін емес. Уақыт керек.
Біздің елде болып жатқан өзгерістер осы құбылыстардың жалғасы болып табылады. Сондықтан бұл өзгерістер көп ерекшелігі жоқ, басқа елдерге де тән жалпы табиғи құбылыс болып табылады.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *