Көкірегімнен құйыл, көркем күй-ырғақ Көкірегімнен құйыл, көркем күй-ырғақ
Мінуар Әкімханов,  ҚР Жазушылар одағының мүшесі. Онға тарта жыр жинақтардың авторы. «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясына және бірнеше ұжымдық кітаптарға өлеңдері,... Көкірегімнен құйыл, көркем күй-ырғақ

Мінуар Әкімханов, 

ҚР Жазушылар одағының мүшесі. Онға тарта жыр жинақтардың авторы.

«Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясына

және бірнеше ұжымдық кітаптарға өлеңдері, естелік, эсселері енген.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Қысқы бақ

Теректің басын қар бүркеп,
Майысып тұр бұтағы.
Алақарға қайтып кеп,
Шықылықтады бұл тағы.

Ышқынып боран соғады,
Кезі сирек тыншитын.
Аяз бетті сорады,
Қылығы қызық шымшитын.

Аппақ қарға оранып,
Сұрланды бақтың түр-түсі.
Шашбауы түгел тоналып,
Салбырап тұр сүңгісі.

Аяз үдеп, қар қаптап,
Қырдың қысып тұр қысы.
Маңдай тері тайғақтап,
Қар күреп жүр бір кісі.

Ақ қар жаусын бір апта,
Қаймықпайды бұл кісі.
Қиналғанын бірақта,
Келмейді ешкім білгісі.

Аяды бақты ақ түсті,
Жұлмады боран құтырып.
Мүлгіп тұр міне, бақ қысқы,
У-шудан бір сәт құтылып.

Қасқырға қарсылық
(Баллада)

Аш бөріден шошынған алабұртып,
Бір топ елік зымырап, барады үркіп.
Енесінен кейіндеп қалған лақ,
Боталаған көз жасын алады іркіп.

Таңғы нұрға жатқанда дала кілкіп,
Жайылымнан топ елік барады үркіп.
Әлгі нәзік лақты көре сала,
Көтерілді аспанға қара бүркіт.

Қиын сәтті салған соң тағдыр басқа,
Қос өкпені амал жоқ талдырмасқа.
Алаңдайды артына елік-ана,
Жау қолына лағын қалдырмасқа.

Ақ қойын өрістеткен жалғыз өзі,
Жігіттің топ елікті шалды көзі.
Ойы бар, қасқырды ұрмақ тұра шапты,
Болатын атыныңда әлді кезі.

Дәнігіп, жеген талай жас құлынды,
Өкшелеп жетті жігіт қасқырыңды.
Ұрмаққа ұмтылғанда құлақ түптен,
Тұяғы тұлпарының тасқа ұрынды.

Болса да жігіт аулақ жасық езден,
Көңілін кім жұбатар жақсы сөзбен?
Әнекей ат жығылды үзілді үміт,
Өкініп жерге тамды жасы көзден.

Жас лақты демеңіз мықты шығар,
Қуаты жоқ қуғынға тіпті, шыдар.
Осы сәтте қиқулап бір бүйірден,
Қасқырға қарсы шапты жылқышылар.

Қамшы ұстап атқа қонған дүйім мықты,
Қасқырды құлақ түптен ұрып жықты.
Жылқышы жігіттердің жігерлі ісі,
Бөледі қуанышқа мұқым жұртты.

Тыныштық бұзылмасын қайталап бір,
Дегендей жадырай қалды ай қабақ қыр.
Ашбөріден құтылған елік-ана,
Лағын бауырына алып аймалап тұр.

Шөктіре алмас даңқыңды

Ақын едің ой өрісі іргелі,
Арман қудың, қадам бастың ілгері.
Сырт теппедің маңдаймнан сыйпадың,
Жарты ғасыр мен жаныңды білгелі.

Айтар ойын жан – дүниесін жұрт ұққан,
Ақын едің оқырманы пір тұтқан.
Аламанға қосылғанда шығарман,
Талай мәрте оза шауып жүлде ұтқан.
Деген адам емеспін ғой білем көп,
Бере алмаймын бар ісіңді түгендеп.
Қатарыңнан оза шауып сен кеттің,
Биіктерге қанат қағып тік өрлеп.

Болмасаңда елге билік жүргізген,
Жан емес ең жүрегінен жырды үзген.
Алаңдама абыройға жеткізер,
Келеді ұлың өзің салған нұрлы ізбен.

Көңіл көзін саған қарай бұрсам бір,
Ақ қағазға жазыпсың ғой мың сан жыр.
Жақұттайын жарқылдаған ойыңды,
Түсінуге балаң күшін жұмсап жүр.

Сүйдің жастан қара ормандай халқыңды,
Оған арнап жазған жырың бар құнды.
Алға озса да алақұйын замана,
Шөктіре алмас сенің таудай даңқыңды.

Азаматпын еңселі

Асыл анам тұрмын саған жыр жолдап,
Ақ тілеуің қуат беріп, жүр қолдап.
Маған қарай қол көтерсе бір мықты,
Қалар дейсің сенен өзге кім қорғап?

Болса дағы бауыр аман, бас бүтін,
Ақталған жоқ әзірге анам ақ сүтің,
Бұлт бүркеп, қарауытса күн көзі,
Тілейсің сен жан ұлына жақсы түн.

Көксегенмен күнде көріп тұрсақ деп,
Бермейді өмір оған рас мұрсат көп.
Табысқанда қуанамын, анашым,
Тау бұлағын тапқандай бір сусап кеп.

Өттің талай, ауыр сыннан, белестен,
Жадау күндер шықсын оңай неге естен?!
Жолыңа енді гүл егуді көксеп жүр,
Қос құлының сенен өрбіп, тел өскен.

Неге керек, көкірекке мұң таңып,
Оң мен солын ұлың бүгін жүр танып.
Ести қалсаң жақсы әңгіме мен жайлы,
Кетер білем, жанарыңнан нұр тамып.

Қолында бар жауға сілтер семсері
Қайраты мол азаматпын еңселі,
Бақытты боп жүрер едім, жан ана,
Қуанышыммен жасарта алсам мен сені.

Көктерек

Сағындым туған ауылым көктеректі,
Өзіме содан алдым көп керекті.
Жаныма жақын тартқан ару бірақ,
Кеудемнен кері итеріп өкпелетті.

Серуендеп жүргенімде қырмен кешкі,
Сол ару көп жылдан соң бір кездесті.
Есейіп, егделікке бой ұрғанда,
Оңаша ой бөлістік сырмен де ескі.

Шомылған ай нұрына қыр сілемі,
Тілдестік ұйып қалған тылсым еді.
Көріскен ескі таныс сол арада,
Ақтарды талай-талай сыр сүбелі.

Көненің терек сырлы бейне көзі,
Жан сырым осынау бір жерде ме өзі?
Тыншимын сол теректің саясында,
Болғанда тіршіліктен кейде мезі.

Қол үзбейін

Жүргенің белгілі алыс шақырымда,
Сені іздеп көңіл шіркін шарқ ұруда.
Түсті ме аяғыңа тұсау бәлкім,
Келмедің телефонға шақыруға,

Есімнен көрген жоқсың шығып бір күн,
Қадірін сағыныштың шын ұқтырдың.
Кеудемнің түкпіріне орнап қалдың,
Үстіне өскендей бір шыбық құмның.

Білемін кеттің үнсіз шалғайға ұзап,
Демедің жолға қарап сарғайды ұзақ.
Жыр арнап, жария еттім газеттерге,
Бір сәтке қиялымды қалмай тұсап.

Жүректі сағыныштың шырмағаны,
Тағдырдың шығар бәлкім шыңдағаны.
Кешіргін, кеш түсіндім, амалым не,
Мен үшін жан екенсің шын бағалы.

Өзіңе жолығатын жол іздейін,
Тамаша табыстырса сол із кейін,
Бейнеңді күнде есіме түсіретін,
Әйтеуір сағыныштан қол үзбейін.

Ой ұшқындары

Қалған жоқ кеудемдегі бітіп арман,
(Секілді селдірі жоқ бітік орман).
Кей кезде асығамын алыстарға,
Тұрғандай мені біреу күтіп алдан.

Сүйенген диқаншыдай кетпеніне,
Қараймын алысқа ұзап кеткеніме.
Бұл күні аз ұйқтаймын, ерте оянам,
Шынымен мазасыздық жеткені ме?

Ақтармай құпиямды буып сақтап,
Жүргем жоқ әлде кімді сұйық мақтап,
Ерте-кеш алды-артыма көз жіберіп,
Тартамын өмір сырың суыртпақтап.

Кейбіреу көзімді алдап, күлсін жалған,
Жанымды емес қайғы бұлты шалған.
Елемей қиындықты көкірегіме,
Сенемін арманыма бүршік жарған.

***

Демеймін қайда барып тұрақ тапты,
Есімде қалған жансың ұнап қатты.
Жоқтығың осы күні қасымда өзің,
Жаныма жарақаттай шын-ақ батты.

Жыр ғана сағыныштың деме шегі,
Арманның болады ұзақ келешегі.
Есімің жүрегімде жазулы тұр,
Мен тірі жүрген кезде неге өшеді?!

***

Бір демде ашу қысып, алабұртып,
Көрмедім жақыныммен жаға жыртып.
Қаладан қашып шықсам ызғар буып,
Алады өзім өскен дала жылытып.

Жүрген жоқ, дос-жаранға сыйым кетіп,
Сөз айттым өз бойыма, сыйымды етіп.
Табысқа теңестірем бір танысқа,
Тұрса егер жыр арқылы сырым жетіп.

Еске алып, өткен күнді тізбектесем,
Мен саған талас-тартыс кіл беттесем.
Тырбанып қарапайым тірлік кештім,
Болмадым мықты мансап іздеп көсем.

Тартсам да тапшылықты жан қысыла,
Мықтының бас ұрмадым жарғысына.
Өнбойды өңмеңдемей таза ұстап,
Ешкімнің қалған жоқпын қарғысына.

***

Ұсынған жырдың сырын тамаша ұққан,
Қыз едің он сегізге жаңа шыққан.
Ежелгі ескі таныс сияқтанып,
Емессің қалжың айтсам қабақ шытқан.

Келбетін елестетіп тұнық қырдың,
Кездессем жылы сөйлеп күліп тұрдың.
Жасқанбай жаста болсаң жанымды ұғып,
Ат басын маған қарай біліп бұрдың.

Ағаңның емес еді ол жасаң шағы,
Тереңге жібермеді жас алшағы.
Жанарды жалт қаратқан дәл өзіңдей,
Келмеді отқа орағым жас аршаны.

Мен жазған демесем де жырды шын сүй,
Сөзіңнен байқалатын сырлы бір күй.
Айтқызбай ақиқатты жылмен бірге,
Арамыз алыстай ма сырғып ылғи.

Өзіңдей көркем мінез ізгі аруды,
Демеймін білмей өттің қызғануды.
Ақ қанат махаббатқа ортадағы,
Ойладым жыр арқылы із қалуды.

***
Бір сәтке атыңды атап хабарласпай,
Кеттің ғой біздің жаққа қадам баспай.
Шықпайсың түнде түстен, күндіз естен,
Жабыстың сағыныш боп маған жастай.

Ұшқан жоқ сезім гүлің желге сенің,
Кетпеді көңілімдегі селге сенім.
Кездейсоқ ұшарассаң бақытты боп,
Салмағын сағыныштың сезбес едім.

***

Есейдім мен уақыт өтіп сырғанап,
Тарлан тарттым, мазасыз ой жұлмалап.
Көп адамға аға екенмін аңғардым,
Жігіт болған жан ұлыма бір қарап.

Болмаса көп кеудеме арман тұнғаны,
Аздау әлі жазған жырым тұлғалы.
Талай жылды өткеріппін алда енді,
Белігісіз ғой қандай сындар тұрғаны.

***

Қиялыма қым-қуыт ой тастаумен,
Оқтай зулап өтіп кетті жас дәурен.
Алар кезде ала-алмадым бәйгені,
Өзімді-өзім кейін тартып жасқаумен.

Асуынан асқан жоқпын көп өрдің,
Есігін де кештеу қақтым өнердің.
Жақсы өлеңдер жазбаған күн қиналам,
Талғамына татыр мынау өр елдің.

Жыр талабы кетті мүлде қиындап,
Арман, мені зула зәулім қиырға ап.
Көне әуенді қайталамай, жаңаша,
Көкірегімнен құйыл, көркем күй-ырғақ.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *