СЫҢАР СЫРҒА
04.12.2019 0 2 886
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары
Сұрғылт қоңыр күз. Қазанның алтысы. Момышұлы көшесімен Аманат көшелерінің қиылысында Мадинаны күтіп тұрмын. Бұрындары қазан айында Нұр-Сұлтанда ауа райы бұндай жып-жылы бола қоймайтын еді, бүгін күн төбеге көтеріле қоймаса да шақырайып төбемнен өтіп бара жатқанын қарашы. Күн жарықтықтың жылуы жақсы-ау, бірақ бір жерде тапжылмай тұрған адамның бүкіл күш-қуатын тартып алып, бей-жай етіп әлсіретіп тастайтыны бар. Айналамнан уақытша көлеңкелей тұратын жер іздедім.
Жан-жағыма қайта-қайта қарап қоямын. Көшеде бірен-саран болмаса сапырылысып жүріп жатқан адам жоқ. Бүгін күн жексенбі қаланың халқы түске дейін ұйқысын қандырып дем алып жатқан болар. Мынау бір кейуана ғана болмаса. Көп қабатты үйдің алдында оңды-солды, ерсілі-қарсылы тоқтамай жүруін бір тоқтатар емес. Жасы сексеннен асқан-ау шамасы сонда да жүрісі жеңіл. Тура бір жарысқа дайындалып жүрген спортшылар сияқты. Көз алмай қарап тұрғанымды сезді білем маған қарай бет алды.
Мен тұрған жерге он метрдей қалған кезде даусын шығарып «Сенімен амандасайын деп едім» дегені. Үстінде қазақи тігілген ұзын камзолы өзіне шап-шақ, басындағы жаулығы тап-таза, бірақ жуыла-жуыла өңі кетіңкірепті, аяғындағы етігі мәсіден аумайды екен. Тосыннан сенімен амандасайын деп едім деген сөзді күтпеген басым сасқалақтап қалдым.
Іле-шала танитын адамның ыңғайын танытуға тырысып, кейуанаға қарай қадамдадым. Бір-екі метр қалғанда «Амансың ба? Сенімен амандасайын деген едім» деп қайталап екі қолын созды. Амандасып болды да бата бере бастады. Қолдары тарамыс тартып мүлдем ет қалмаған, жанарының нұры кетіп, қарашығы әбден сұр тартыпты. Әдемі қазақи кәрілік. Тас тамда отырып іші пысатын болар. Жағдайымды сұрап жатыр, «Жасым сексен тоғызда, жиырма тоғыз немерем, он төрт шөберем бар» деп мақтанышпен айтып самбырлап сөйлеп жатыр. Арасында «Қайда барасың көлігің бар ма?» – деп сұрап қояды. Түсім дейін десем түрегеп тұрмын, көзімді қайта-қайта сүртіп қоямын. Көшеде адамдар амандаспақ түгіл бір-бірін соғып кететін заманда алдымда тұрған кейуананың бейнесінде Қыдыр көргендей сезіндім. Не болса да танымайтын адамның амандасайын деген ниетін жақсылыққа жорыдым.
Сөйтіп тұрғанда Мадинаның қарасы да көрінді-ау. Міне бізді апаратын көлік те келіп тоқтады. Әлгі кейуана қайда екен? Міне қызық. Кейуана темір шарбаққа шоқиып отырып алыпты. Тура түздің кәдімгі қоңыр үкісінен аумайды. Үкіні әжем киелі құс деп айтып отыратын. Кейуана бізден көзін алмай ұзатып салды. Кейіннен бекер суретке түсіріп алмаппын деп іштей қынжылдым.
Астана мен Қарағандының арасы екі сағаттан асатын жол. Мадинаға шет жағасын білдірген болатынмын, ондағы ойым қайтар жолда Аршалыдағы ауруханаға соғу. Қарағандыдан такси жалдап Аршалы арқылы Астанаға қайтпақшымын. Лажы болса ешкімге салмағымды түсіргім жоқ. Мадина айтты-ау деймін жігіттер мені алып баратын болды. Аршалы кенті ықшам ғана екен лезде аурухананы тауып алдық. Ішім алай-дүлей. Аққұсым-баққұсым Ақеркем елестеді. Ақерке туылғанда басқа нәрестелердей қызылшақа емес, шашы қап-қара құлағын жауып тұратын, қасы қиылған, бет-аузы жып-жинақы болатын.
Әлі есімде Ақерке перделі болып туылған еді, шалалық жасап акушеркадан сол пердені сұрап та алмаппын. Палатаға нәрестелерді емізуге алып келгенде медбикелер «Мамаша, мамаша двенадцатая красавица идет» – деп айтушы еді. Аңғал басым перзентхана перзетхана болғалы он екінші рет қана әдемі нәресте дүниеге келген екен деп ойлаппын. Сөйтсем, он екінші дегені кереуетімнің нөмірі екен. Медбикелер әр үш сағат сайын шақалақтарды ұзын дәліз арқылы палаталарға әкеліп нәрестенің білегіне тағылған нөмірлері бойынша емізуге аналарына әкеледі.
Нәрестелердің біреуі шыр етіп даусы шықса болғаны қалғандары қосылып іліп алып кетеді. Перзентханадағы нәрестелер хоры дерсің. Қандай тәтті дауыс, өн-бойың шымырлап қоя береді. Тура бір маңыраған лақтар сияқты. Медбикелер ерекше әдемі құндақтайды, тура қасықтай етіп қолыңа ұстатады, ана сүтіне былқиып тойып алған шақалақтар балбырап тәтті ұйқыға басады.
Енді міне, сол Ақеркемнің ақырғы демі шыққан жерін көруге келдім. Ақырғы рет аузына кім су тамызды екен? Сол дәрігерлерді қазір кездестірсем ғой деп іштей ойлап келемін. Ауруханаға да жеттік-ау. Екінші қабаттағы дәрігерлер бөлмесіне кірсек екі дәрігер отыр екен, біреуі көзәйнекті орыс кісі, екіншісі қазаққа ұқсайды. «2016 жылғы 13 қарашада жол апатынан қайтыс болған студент қыздың анасы едім» деген кезімде әлгі екі дәрігер орындарынан ұшып-ұшып тұрды. Түрлері сұп-сұр болып зәрелері қалмады. Арызданып келді деп ойлады білем. Баласынан айрылған ана ешкімді аямайтыны түсінікті ғой. Орындық беріп қалбалақтап әлек. Кіп-кішкене аудандық аурухана бұнда қандай жағдай болсын. Орталықта болғанда тірі қалар ма еді? – деген ой келді.
Өкініштен өзегім өртеніп, көз жасыма ерік бердім. Алла-Тағалам қандай шебер, Сол күні осы екі дәрігер де кезекшілікте болыпты құдайдың құдіреті бүгін екеуі де осында кезекшілікте екен. Қазақ дәрігер жағасын ұстап жатыр.Стаканмен су беріп болған соң төрде отырғаны хирургия бөлімінің меңгерушісі Зеленов Геннадии Владимирович «Қызыңыздың құлағында сырғасы бар ма еді?» – деп сұрады. «Иә ромбик сияқты кішкентай бриллиант сырғасы болатын» дегенім сол еді, «Мынау ма?» – деп үстелдің тартпасынан қызымның сырғасының бір сыңарын шығарып бергені. Көзіме оттай басылды. Ақеркемнің сырғасы…
Қолым дір-дір етіп Сыңар сырғаны әрең ұстадым. Сыңар сырғаны бір сүйдім, бір иіскедім, соңғы демінің куәсі болған Сыңар сырғаны сипалап біраз отырдым. Екінші сыңары қайда түсіп қалды екен? Сұрауға шама жоқ. Көз алдыма 2012 жылдың шілдесі елестеді. Калифорнияда қызым мектепті бітірді де, қызымды алып кетуге өзім барған болатымын. Бір айға жуық Ақерке екеуміз Американың біраз жерін араладық қой.
Осы сырғаны Голливудтың қасындағы Онтарио қаласынан бірге барып алған едік. Жалпы қызым жылтыраққа құмар емес еді. Бижутерия тағып жүре беретін. Анда-санда ғана алтын тағатын. Ауруханада отырғаным есіме енді түсті. Ой, шіркін қандай жүйрік еді. Жансақтау бөліміне қарай бет алдық. Аяғым тәлтіректеп әрең басып келемін. Жансақтау бөлімі көп болса ені 5 шаршы метр ұзындығы 6 шаршы метр-ау шамасы.
Көзіме заманауи жабдықтар ілінбеді, ондай жабдықтар қай-дан болсын кішкентай аудан орталығында. Орталықта болса тірі қалар ма еді деген ой тағы келді. Бұл жерде екі науқас жатыр екен. Дәрігер «Мынау Сіздің қызыңыздың жатқан кереуеті»- деп есіктің аузындағы кереуетті көрсетті. Кереуеттегі бір науқас су сұрап жатыр. Медбике басын сүйемелдеп су ішкізді.
Менің қызым да су ішкісі келген шығар ана болып су да бере алмадым-ау деп егіліп қоя бердім. Даусымды шығармай құран оқыдым да орнымнан тұрып кереуеттің бас жағын, аяқ жағын сипалап өттім. Қолдарым дірілдеп қоя берді. Дауыс шығарып жылауға мүлдем болмайды, науқастар жатыр. Қызымды сағындым, кереуетті құшақтағым келді. Өзімді әрең ұстадым. Мені жансақтау бөліміне алып келген Шаяхметов Айтбақ Қожамсейтұлы тесіліп қарап тұр екен. Ұзақ аялдауға болмайды, аурулардың мазасын алармын деп орнымнан әрең тұрдым. Құр сүлдем. Уысымда сыңар сырға. Қатты қысқанымды енді байқадым. Алақаныма ізі батыпты. Ақеркеден айрылғалы үш жылға тақау уақыт болыпты. Қарағанды туралы шатты-пұтты түстерді көп көретінмін. Осы ауруханаға барғым келетін де тұратын, бірнеше рет баруға оқталсам да бірнәрсе жібермей тұратын, дәтім шыдамайтын.
Сөйтсем уақыты енді келіпті. Әлгі екі дәрігердің қызымның сырғасын әлі күнге дейін сақтап отырғанына, адамгершіліктеріне, Гиппократ антына нағыз адалдығына риза болдым. Неге біздер, адамдар осындай жандарды бағаламаймыз, қит етсе болды айқайға басып кінәліні іздеуге дайын тұрамыз? Соңғы минуттарында қызымның жанында адал жандар болыпты. Рахмет, Сіздерге ақ халатты абзал жандар. Халаттарыңыз қандай аппақ болса жүректеріңіз де сондай кіршіксіз таза екен. Мені осы жерге екі жарым жыл бойы Сыңар сырға шақырыпты. Көрген түстерімнің шешуін енді таптым. Сыңар сырғаға тағы да үңіліп қарадым. Сыңар сырғаның алақаныма батқан іздері әлі кетпепті.
Қызым-ау, мынау Сыңар сырғаңды сағынышыңды маған жеткізу үшін тастап кеттің бе? Сыңар сырға?. Мені мауқын бассын дедің бе? Сыңар сырғаны көріп суысын дедің бе? Не істесем екен? Сыңар сырғаны таға алмайсың. Жоқ, осыдан бара салып әжемнен қалған күміс білезіктің дәл ортасына сенің Сыңар сырғаңды шегендетемін де тастамай тағып жүремін. Сыңар сырғаң Сенің маған қалдырған сағынышың.
Ризамын мен саған құлыным,
Қуаныш сыйлағаның үшін.
Ризамын мен саған құлыным,
Көңілімді қимағаның үшін.
Ризамын мен саған құлыным,
Кіршіксіз адалдығың үшін.
Таза Отаншыл сезімің үшін,
Қазақы қалпыңды сақтап,
Шашыңды қимағаның үшін.
Көкірегіме басыңды қойып,
Мейірім сыйлағаның үшін.
Мен сені ұмыта алмаймын,
Көзімнің жасымен жазылған
Секірген тіркестермен
Сағынышымды жолдаймын…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.