Мұхит МАХАЖАНОВ. 1965 жылы ОҚО Кентау қаласында туған. Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы кен байыту фабрикасында ұзақ жылдар еңбек еткен. 2005 жылы «Қаратау тәжі», 2010 жылы «Кентау маржандары» және «Кентау-Қаратау тәжі» атты ұжымдық кітаптарға бір топ әңгімелері мен өлеңдері енген. Бірнеше қалалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы
06.11.2019 0 2 725
ЗИЯРАТШЫЛАР
Бесін мезгілінде Алматыдан шыққан зияратшылар толы автобус Арыстан баб кесенесіне түн ортасы ауа жетті. Әулиелі жердегі қонақ қабылдайтын үйлердің біріне тоқтаған зияратшылар тобы әйелдері бір бөлек, еркектері бір бөлек боп өздеріне тиген екі бөлмелі мекен жайға орналасып, түннің қалған бөлігінде сол жерде түнеп шықты.
Жаңа күннің сәулесі айналаға шашырай бастағанда ұйқыларынан оянған бұл топ, дәреттеніп, шайланып алған соң іргедегі Арыстан бап жатқан кесенесіне келіп, бесік бейітке ақтықтарын жапқан. Ұзын саны елуге жуық адамды басқарушы топбасшы Мұрат жол бойы уағыз айтып зияратшыларды өзіне ұйытып алған болатын.
Дұға оқып болған соң , тәңірден тілеу тілеген топ адам Мұраттың басқаруымен тәртіпке бағынып, кесенеден шыққан бетте автобустарына келіп жайғасты. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің мазаратында жасалуы тиіс рәсімдерін атқарып, тағы бірнеше әулиенің басына барған зияратшылар Арыстан бапқа жақын жердегі «бесік төбеге» келді.
Төбенің басына қойылған бесік-терді қоршай отырған көпшілікті Мұрат тағы аузына қаратты.
– Өздеріңіз көріп отырған сәби-лердің бесіктері қойылған бұл төбе «Бесік төбе» деп аталады.
Ерте заманда бір перзентке зар болған екі мұңлық жаратқанға дұға етеді. Басты арманымыз артымыздан перзент ерсе деп едік, бірақ аңсағанымызға қолымыз жетпей жансебіл шыдаммен қарттыққа жеттік. Енді бізді жасытпай екеуміздің жанымызды бірге ал. Бірімізді қалдырып, бірімізді қырықсаң артта қалғанымыз мұң ішкен ойдан жынданып кетерміз. Сондықтан осы дұғамызды қайтара көрме, – деп жаратқанға қолдарын бірге жаяды. Бұл жолғы тілектерін Тәңір қабыл етіп, арғы дүниеге қатар аттанған екі жанды маңайдағы адамдар осы өзіміз тұрған төбеге жерлеген екен.
Жергілікті халықтың ішіндегі сәбиі шетінеген перзенттердің ата-аналары «көздері тіріде балаға зар болып еді, тым болмаса өлгендерінде біздің шетінеген сәбилерімізді құшақтап жатсын» деп арманда кеткен екі қарттың қасына дүние есігін ашпай жатып қайтқан балаларын қояды екен.
Қай кезде, кімдер әкелгенін кім білсін, осы жерде көздеріңіз көріп отырғандай бесіктер пайда болған. Ырымшыл қазақ емеспіз бе, балаға зар болғандар осында арнайы зиярат етіп, жаратқаннан өздеріне шарана тілейді. Құдай тілеулерін беріп, пұшпағы қанағандар бар – деп естиміз. Бала сұрағандарыңыз болса сіздер де дұға етіп, тілеу тілеңіздер. Жарылқаймын десе тәңірге оңай ғой. Бәлки тілектеріңіз қабыл болар?! Құран бағышталғаннан кейін тілеу тіленіп бола, топ арасындағы жетпістің деніне кеп қалған кейуана Мұратқа қарап сөз бастады.
– Қарағым, осы адамдар неге аз-ғындап барады? Біреулердің балаға қолдары жетпей жүрсе, енді біреулер іштерінен шыққан құрсақтарын далаға тастап кетіп жатады. Кейуана аузын жиып болғанша шеттеу отырған орта жастағы ақсары келіншек «қазіргі кезде көп адамның имандары итаяққа айналған»– деп өз ойын айтуға асықты.
Қалың қауымның жүздері енді сол әйелге қарай ошарылды. Жүрелей отырғандардың кейбірі әңгіменің ұзаратынын ұғынып аяқтарын созуға ыңғайланса, енді біреулері малдас құрып жайланып отыруға көшті.
– Ашаршылық жылдарында да бауыр еті баласын далаға тастамаған еді. Өкінішке орай бүгінгі жастардың көбі басына түскен тауқыметті көтеруге төзімсіз. Оның үстіне ата-аналардың басым бөлігі қайтсем күнкөрісімді табамын деп базарда жүрген жайлары бар. Үйдегі балалардың тәрбиесі назардан тыс қалды. Қоғамдағы әлеуметтік жағдайымыз болса да мәз емес. Қазіргі адамдар баладан гөрі қалтасына қалай ақша түсіруді көбірек ойлайды. Бауырыма басқан жетімді құжаттарын заңдастыру үшін «халыққа қызмет көрсету орталығына» барғанмын. Қобыраған қағазды көбейтіп әлгі жердегілер басымды шырғалаңға салып қойды. Сонан біреудің ақылымен тиісті адамға ақысын беріп едім, жұмысым тез-ақ бітті. Алдына жем тастамасаң қимылдамайтын жебірлер қаулаған заманда аналарға көрсететін қамқорлық болмағасын тастандылар көбеймегенде қайтеді. Оның үстіне «қызы көшедегі адамнан көтеріп қойыпты деген сөзді айтпасын ел» деп дүниеге некесіз келген баладан құтылуға асығатын жалған намыс бар көбімізде, ал арғы дүниеде сол баланың обал-сауабына жауап беретінімізді ойламаймыз.
«Бізге жетіспейтіні жүректің жұмсақтығы» деп Мұрат сөз кезегін өзіне аударды. «Махаббат жүрекке ізгі амалдар арқылы ұялайды» деген ұлылардан қалған қанатты сөз бар. Біздің көбімізде өкінішке орай жақсы істерге қарай ұмтылатын ниет жетіспейді. О бастағы адамдыққа тән жылуымызды жоғалтып алғандықтан талайымыздың жүрегіміз тасқа айналып, қатайып кеткен. Көп адамдар махаббатты төсектің аясынан, нәпсінің төңірегінен іздейді. «Нәпсі» дегеніміз жанып тұрған отпен бірдей.
Бір-бірімен жүре танысатын кей жастар ұғыса келе жеңіл желікке ереді. Нәпсінің қызуына өртенген алғашқы жақындықтан бастары айналып «махаббат деген осы екен» деп ашық күнде адасқандарын білмей қалады. Нәтижеде дүниеге келген сәбиді жақындарынан жасырамын деп тастанды ететін қылмысқа барады. Азғындықтан тыйылсын десек отбасында ұл-қыздарымызға обал-сауап жайында насихатты көп айтуымыз керек – деп Мұрат өзіне сауал тастаған кейуананың жүзіне қарады.
– Насихат дегеннен шығады. Ұрпағымызға жөн-жосықты түсін-діруге ерінетініміз рас – деп топ ортадағы егде кісі сөзге тартылды. Жетім былай тұрып жуырда дардай жігіттің нағашы атасының атын білмейтін жайттың куәсі болдым. Өзім қатысқан бір жаназада имам сап алдына мәйіттің жанашыры ретінде шыққан соқталдай жігітке «қайтыс болған анаңыздың әкесінің аты кім?» деді. Масқара болғанда әлгі жігіт білмейді екен. Мейлі ол нағашы атасын көрмеген шығар. Бірақ үлкендер айтып түсіндірулері керек еді. Ал енді сол баланы нағашы жұртын білмейтін деңгейде мәңгүрт етіп тәрбиелеген ата-анадан қандай үміт күтуге болады? Үш жұртының ішінде ер жігітке ең жақыны нағашы жұрты болса, сол нағашысының кім екенін білмейтін әлгіндей мәңгүртте туысқандық сезім қайдан болсын! Обал сауаптың не екенін білмейтін опасыздар әне сондай ештеңемен ісі жоқ мәңгүрттерден шығады.
– Қазіргі адамдардың көбінің ар-ұяттары арзандап кетті – деп ақ сары әйел сөзге қайта араласты. Айтсақ күнә арқалаймыз, айтпасақ ішімізге симайды. Біздің бір құдайы көршіміз қайтыс болды. Ақыреттік болған көршімнің балаларының ішінде өте тәрбиелі Марат деген кенже ұлы бар. Көрші отырған адамбыз, адам шығарған үйдің оны-мұны шаруаларына қарайласып, ел тараған соң өз үйіме қайтпақ болып дәліз арқылы шығар есікке беттегенімде қапталдағы бөлмеден Мараттың “масқара- ай ұят болды ғой” деп үнін қатты шығара сөйлеп, кейіп отырғанын естіп қалдым. Ізінше жеңгесінің «маған неге айтпаған жаңа кілем тұр ғой анда» деп әлденеге ақтала сөйлегенін естіп, «әй, тыныштық па, неге даурығып жатырсыңдар?» деп көмегім керек болса жәрдемімді тигізейін деген оймен есігі ашық бөлмеге кіріп, сөздеріне араластым.
«Ой апай, ұят болды» деп жоғарыдағы сөзін қайталаған Марат мені өзімсініп, үйлерінде болып жатқан әңгімелерінің мән-жайын түсіндірді. Сөйтсе әкелерінің мәйітін жуындырғанда молданың қасында басқа бауырлары болып, Марат тыстағы шаруамен жүргенде үйдегілер сыртқа шығарған табыттың үстіне ескі кілем жауып жіберіпті. Абыр-сабырмен жүрген Марат оны жердің басында көріп, кеш білген. «Елден ұят болды- ау, енді қалай қылсақ болады?» деп басын қатырған Мараттың сөзін елең қылмай жұмыстарын желеу еткен өзге бауырлары әкелерінің жамбасын жерге тигізген соң-ақ, жөн-жөндеріне пышырап кеткен. Ағаларының ештеңеге қарамай кеткендеріне налыған Марат жеңгесіне мұң шаққандай болып отыр екен.
«Енді былай қыламыз» деген Марат бір шешімін тапқанын білдіріп сөзін сабақтады. Жұрт бейсенбілікке келген күні жаңа кілемді ортаға алып шығып жосығымызды жұртқа түсіндіреміз. Сосын молдаға арқалатып жібереміз, ар жағын молданың өзі біледі. Қайтқан әкеміздің үстіне ескі кілемді әдейі жаппағанымызды жұрт та түсінер, қателігімізді солай түземесек бөгде жол жоқ» деп әлгі жерде өз шешімін айтып, «сен не дейсің?» дегендей сұраулы кейіпте жеңгесіне қарады. Мен де Маратқа қарап, «дұрыс айтасың, жолы осы» – деп көршілік жанашырлықпен оны құптай сөйледім. Неге екені белгісіз Маратқа жеңгесі жүзі бозарған күйде астыңғы ернін тістелей қарап тұрды да дұрыс-бұрыс деп ештеңе айтпады. «Бір жерің ауы-рып тұр ма? Өңің келісіпей тұр ғой» – деген менің сұрағымды жауапсыз қалдырған ол “шай қояйын” деп ас үйге қарай аяқтарын асығыс басып, бұрыла жөнелді. Негізі Марат бала- шағасымен қаланың басқа жағында тұрып жатқан жайы бар да, мен әңгіме етіп отырған шаңырақта Мараттың жеңгесі Сандуғаш үш баласымен тұрады. Сандуғаштың Таңат атты күйеуі ертеректе қайтыс болып кетіп, Мараттың ата-анасы сол Таңаттан қалған немерелерін қаңғытпаймыз деген оймен Сандуғаш келіндерін қолдарында қалдырған.
Көрші отырғасын көзіміз бар көреміз. Әке-шешесінің тірі кезінде Марат бос уақытының бәрін осы үйде өткізіп, ата-анасының жағдайын жасап, құрақ ұшып жүретін. Алдымен, осы үйдегі әке-шешенің қолында қалған төрт ұлдың ортаншысы Таңат бауыры, онан соң анасы, солардың ізімен міне әкесі қайтты. Осының бәрінде үлкен тірлікті Марат атқарғанына көрші отырған өз басым куә болдым. Алыстау қалада тұратын басқа екі бауыры келгендерінде көпке көрініп кеткеннен асып,бірдеңе бітіргендері шамалы. Адам танитын адамбыз, асыра мақтағаным емес, Марат дүниеден адамгершілікті биік қоятын азамат. Пейілі кең Мараттың жеңгесі Сандуғаштан әке-шешемнен қалған дүние – деп, сынық түйме дәме етпейтініне мен көрші ретінде кепілдік бере алар едім. Бірақ Сандуғаш Маратты түсінбеді.
Жеңгесінің үндемегенінінен-ақ айтқан ойымен келіспегенін ұққан Марат үндемеген күйі сыртқа шығып кетті. Ол кетісімен Сандуғаш:
– «Бермеймін кілемді, анамның көзі деп төркінімнен әкелген кілемді қайтқан әкелерінің үстіне жауып жіберді, енді менде қалған жаңасын алып молдаға бермекші, бермеймін, – деп долдана сөйлеген күйде ана кілемді жоғарыға іліңдер» – деп бұрышта өздерімен-өздері боп отырған ұлдарына қарата бұйыра сөйледі де, өлікке жабылмай қалған жаңа кілемді қабырғаға қақтырды. Мараттың ата-анасынан қалған үйді бүкіл дүниесімен алып қалып отырған Сандуғаштың бір кілемге іштарлық еткенін көргенде мен ол үшін қатты ұялдым. Бірақ «көрші отырып жүз шайысып қалармын» деп, ішкі істеріне араласа алмадым. Мараттың Сандуғашқа қарсы келмегені Таңаттан қалған үш бауырының көңіліне селкеу түсіргісі келмегені еді. Бір кілем деген азаматқа сөз емес қой, ол оны сатып-ақ алады. Тек Сандуғаштың жаңағыдай мінезін көргенде Таңаттың балаларын Маратпен және басқа бауырларымен араластыра ма, жоқ па? – деген сұрақ туады. Мәселе осында. Жаңа баласы нағашы атасының атын білмейді екен деп жатырсыздар ғой, баланы туысқа жақын ететін де, жат ететін де ананың тәрбиесі екенін ұмытпасақ екен деймін де.
– Сондықтан да адамдық тәр-биені дін арқылы қуаттап отырмаса адамдардың азғындауы етек алады – деген Мұрат енді ерте күнді кеш қылмай сапарымызды жалғайық. Бүгін де Арыстан бапта түнеп, ертең Укаша атаның кесенесіне барамыз деп автобусқа қарай жүрді. Ой орамына түскен зияратшылар да орындарынан тұрып Мұраттың соңынан жосылды.
…Адамдары жайғасып болған соң автобус орнынан қозғалды. Алдыңғы жақтағы өз орнына отырған Мұрат қалып бара жатқан «бесік төбеге» автобус әйнегінен қарап отырып, — иә, біреулер тәңірден бала тілеп, қолдарынан келген бар шараны жасап бағады. Шырын үмітпен әулие аралайды. Ал енді кейбіреулер керісінше баладан безеді. Неткен әділетсіз кереғар дүние деп ойлады. Елемес есімді немере ағасының қолында өскен Мұрат та жетім тағдырды сүттей сәби шағынан сезініп өскен. Екі күннің бірінде шарапқа тойып алып түннің бір уағында келетін Елемес шырт ұйқыда жатқан жерінен оятып алып мұны қыспаққа алатын. Әжесінің ара түскенін пайдаланып, сыртқа қашып шығатын бұл, көршілердің есігін қағатын. Есіктерін ашқанда Мұратты көретін олар үрдіске айналған белгілі жайтқа әбден көндіккендіктен бірден мұны ішке кіргізіп, жинаулы тұрған жүк төсектің артына жасыратын. Артынша іздеп келген Елемеске «бізге келген жоқ – нанбасаң үйге кіріп қара» – дейді. Біреудің үйіне тінту жүргізе алмайтынын түсінетін Елемес келген ізімен кері қайтатын. Ал бұл көршінің үйінде түнеп шығатын. Және осы жайттар қанша рет қайталанды десеңші. Арзанқол бірдемелер болмаса, басқа балалар киген жаңа киімдер бұған бұйырмады. Әр оқу жылы біте сала, жазғы демалыста ата-анадан алыс өскен бұл, ауылда қара шаңды кешіп бұрқыратып жүргенде,қаладағы бауырлары алыстағы нағышыларына барып аунап-қунап қайтатын. Кішкентайынан мұны ата-анасы кемпір-шалдың қолына берді де, әжесінің қолында өскен бұл анасының төркінін сырттай білгені болмаса ешқайсысының жүздерін көрмей өсті. Нағашы атасының есімін білмеген әлгі сорлы да мен секілді біреу де деп ойлады ішінен. Айырмасы бұл нағашыларын жүзбе-жүз көрмесе де олар жайлы үлкен кісі бірдеңе біледі ғой деген оймен өзін баққан әжесінен сұрап, біраз нәрсеге қаныққан еді. Несібесі тар адамдарды уызына жарымаған деп жатады. Бұл да сол уызға жарымағаннан ба, әлі күнге басына дәулет құралмай бір баспанаға қол жеткізуінің өзі мұң боп келеді. «Тәңір сүйген құлын қинап сынайды» – дейді ғой, күпірлік қылмайын деп ойлаған Мұрат ішінен жаратқанға тәуба айтты. Адамдықтан безген имансыздар қылмыстарын құдайдың үйі мешітте де жасап жатқан жоқ па – деген ойлар санасына қабаттаса келді. Бірде памдат намазын жамағатпен оқиын деген ниетпен таң қараңғысында мешітке келді. Мешіт ауласында тұрған жедел жәрдем машинасын көргенде шырақшы ауырып қалған болды – ау деп ойлаған. Ішке енгенде мешіт дәлізінің бойында көлденеңінен сұлап жатқан адамға көзі түсті. Расында бұл жатқан адам шырақшы еді. Қолдарының терісі сырылған, жарылған басынан аққан қаны бұл жерде оқыс оқиғаның орын алғанынан хабар беріп тұр. Шырақшының осы бір мүшкіл халдегі жатысын көргенде Мұраттың жүрегі дір ете қалған болатын. Ары қарай өтіп шырақшының бөлмесіне енгенде ақ халаттылармен араласа тұрған қылмыстық іздестіру тобының адамдарына әлденені қызу түсіндіріп жатқан намазхан таныстарын көрді. Кейінірек солардан сұрап білген. Сөйтсе қолдарына сом темір ұстаған белгісіз біреулер түнде мешіттің ауласындағы садақа салуға қойылған жәшіктерді ашпақ болған екен. Оларды терезен қарағанда тыстағы шамның әлсіз жарығынан байқап қалған мешіт шырақшысы айқай салып, сыртқа атып шыққан шамасы. Сонан әлгілер кішкене бойлы шалды қолдарындағы сом темірмен басынан ұрған. Және онымен қоймай мешіттің кіре берісіне дейін сүйреп әкеліп, дәлізіне тастап кеткенге ұқсайды. Жедел жәрдем алып кеткен сол шырақшы шал біраз күн комада жатып, ақыры ұйқысынан оянбады. Ал қылмыскерлер сол күйі табылмады. Басқасын былай қойғанда құқық қорғау өкілдерінің өзі сұғанақтық дертке шалдыққан бүгінгі қоғамның өмірі жайында не дуге болады?! «Балық басынан шіриді» демекші жемқорлық деген жегі құрт барлық жерді жаулап алған жоқ па… Ар-ұят жайында толғанып, біраз жайтты санасында саралаған Мұраттың жадына ел аузындағы аңыз оралды… Бір патшаға қарасты елде өмір сүретін әлдебір кейуана аяқ астынан байып кетеді. Қарамағына жұмысшылар топтаса бастаған сол кейуананың дақпырты ел басқарған патшасының құлағына жетеді. Уәзірлерін кейуананың үйіне жұмсаған патша «қалай байығанының сырын біліп келіңдер» – деп шабармандарына тапсырма береді. Патшаның тапсырмасымен жеткен уәзірлер кейуананың үйіндегі мән-жайға қаныққан соң-ақ қайтып оралып, патшаға көрген-білгендерін баяндайды.
– Патша ағзам, дейді бас уәзірі патшаның назарын өзіне аударып: – Ол кейуана қолына ақ құйған ыдыс алып, түн ортасы ауа сыртқа шығады да қолындағы ақ құйылған ыдысын үйінің іргесіне қояды. Әлдеқайдан шұбатылған үлкен жылан келіп, ыдыстағы ақты ішеді де, ыдыстың ішіне кесек алтын құсып кетеді. Бар гәп осында екен – дейді.
Патша уәзірлеріне аңдытып жыланның інін біліп алады. Жаңа күнде діттеген жерлеріне жеткен патша мен уәзірлері жыланның інін кеңейтіп қазады. Қазған жерлерін өндіре келе патшаның адамдары ордалы жыландардың үстінен түседі. Нәтижеде жылан шаққаннан адамдар өледі, патша уәзірлерінің қылыштарының жүзінен жыландар өледі. Не керек… Сол күнгі қиямет те бітіп түн келеді. Түннің бір уағында тірі қалған кекшіл жыландар патшаға қарасты қалаға жетіп, еңбектеген сәбиден, еңкейген қарттарына дейін қалдырмай ұйқыдағы жұртты шеттерінен шағып, қырып кетеді. Қортындысында бір патшаның ашкөздігі қарамағындағы қала жұртының түбіне жеткен екен. Иә-ә-ә «құдайдан қорықпағаннан қорық» – деген емес пе, адамдардың ынсапсыздығы асқынған сайын азғындық өршіп барады – деп ойлаған Мұрат іштей терең күрсінді.
…Күні бойы автобустың үстінде селкілдеген жамағат Арыстан бабтағы қонақ жайларына жеткен соң ас-суларын ішіп болып, шаршағандықтарын басу үшін ертерек жатуға қамданды. Ертеңіне сапарларын құла таңнан бастаған зияратшылар түске дейін Укаша атада болып, бесіннен соң Сайрамға қарай бет түзеді. Автобус ішіндегі дауыс күшейткішті қолына алған Мұрат екі қатар орындықтардың ортасында тұрып, жүріп келе жатқан көлікте уағызын бастады.
– Қадірменді жамағат, біз біраз жерді араладық. Енді Сайрамға қарай кетіп барамыз. Ол жақта да бірталай әулиелер бар.
Сіздерді әулиелі жерлерге зиярат етуге алып шыққандағы мақсатымыз қабірлерге табындыру емес. Барлық пайғамбарлар мен әулиелер сіздер мен біздер секілді Алланың құлдары. Яғни жаратқан тұрғанда жаратылғанннан тілек тілемейді. Біздің зиярат етуге шыққандағы мақсатымыз не? Енді осы мәселені қаузасам деп тұрмын.
Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.:
«Ең бақытты адам ақыретке дайындалған адам» дейді. «Қабірлерді зиярат етіңдер, зиярат ақыретті еске түсіреді» деген де хадис бар. Қазақта «аш болсаң базарға бар, тоқ болсаң мазарға бар» деген мақал да осы айтқандарымызды толықтыра түседі. Яғни біздің мақсатымыз сіздердің бойларыңызды рухани тазарту және ақыреттің барын естеріңізге салу. Сіздердің әрқайсысыңыз әр түрлі қиындықтарға тап болған соң, «суға кеткен тал қармайды» – деген үмітпен осы сапарға шықтыңыздар. Бірақ біз сіздерге осы сапардан соң жолы ашылмағанның жолы ашылып, балалы болмағаныңыз балалы боласыз деп айта алмаймыз. Өйткені әр пенденің көретін қуанышы мен қиындығы Жаратқанның жазмышымен болады. Жазмышты Алланың өзі ғана өзгерте алады. Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Аллаға жалыныңдар, Аллаға жалыну тағдырларыңды өзгертеді, ал құлшылық ғұмырларыңды ұзартады» дейді. Қасиетті құранның «Зарият» сүресінде «мен жындар мен адамдарды құлшылық үшін жараттым» – деген Алланың құлдарын құлшылыққа бұйырған қатаң ескертуі бар. Біз осыны естен шығармауымыз керек. Өкінішке орай топ-топ адамдарды зия-рат етуге алып шығып, қабірлерге табындырып, молалардың басында мал сойып, «әруақтармен сөйлесіп, бата әпереміз» — деп шариғи білімі таяз жандарды шатастырып, білгендерін істеп жүрген есіріктер көп. Оның бәрі надандықтан болып жатқан істер. Күнаның ең кешірілмейтін ауыр түрі Аллаға серік қосу екенін білсе ол адамдар өздері жасап жүрген амалдардан аулақ болар еді. Құранда «оның алдында, оның рұқсатынсыз, ешкім де ешкімге шапағатшы бола алмайды» — делінген. Құлдарын күнәлары үшін жазаласа қаһарына тән, кешірсе мейріміне тән, Жаратқанның өз сипаттары бар.Зиярат етудің рұқсат етілген амал екенін айттық жоғарыда, бірақ зияратты да тәртіппен жасамаса ауыр күнәға бату оп-оңай.
О бастан-ақ қазақ халқы әруақты құрмет тұтамыз. Өмірден өткен жанның тірлігінде жасаған жақсы істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтамыз және дүниеден озған жандардың соңынан «оларға Алланың рахметі болсын» деп дұға бағыштаймыз. Оқыған дұғамызды өлілер мен тірілердің арасындағы рухани жалғасу – деп түсінсеңіздер болар бәлки. Барлықтарыңыз бір-дей шариғат мәселесінде іздене бермейсіздер. Сондықтан біз өз білгенімізді сіздерге түсіндіріп бағуға тырысамыз. Басымызды тауға – тасқа соға бермей, қиындыққа ұрынсақ сабыр қылуымыз керек. «Алла сабыр етушілермен бірге» деп Құранда анық айтылған. Әр қиындықтың артында қайыр бар екені жайында тәмсіл, мысалдар көп. Кей адамдар бұрып айтқан пікірге құлақ түріп, күпірге бой ұрып жатады. Ол дұрыс емес.
Қасыретіміз қанша көп болса да адамдық қасиетімізді жоғалтпауымыз керек…
«Дүние қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса баста дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең дағы,
Күдер үзбе бір Алладан» – деп бұрынғылар бекер айтпаған.
Осы орайда мен сіздерге тағдыры ауыр бір жанның өмірінен шағын әңгіме айтып берейін. Менің Қуан атты танысым дүние есігін ашқаннан екі аяғы сал боп мүгедек туған жан. Осы Қуан әкесі өмірден қайтқанда өкіре жылап, «бар сенерім алдымен әкем еді, анашым-ау, мені енді арбадан кім көтеріп түсіріп алып, түнде құшағына мейіріммен кім қысып жатады?» – деп шешесіне қарата өмірге деген мұңын айтып еңірегенде айналасындағы жұртты түгел тебіренткен еді. Арбаға таңылған соқталдай еркектің бар бейнеті әкесі қайтқан соң анасына түсті. Жақын туыстары ақшадан тарығып жүрген бір отбасының қызына құда түсіп Қуанға алып бермек те болды. Бірақ Қуан: «ол қыз да біреудің мәпелеп өсірген қарлығашы, оның отбасындағы қиындықты пайдаланып, арбамның қасына қыздың бағын байлағым келмейді, не де болса тағдырдың артқан тауқыметін өзім арқалаймын» – деп қызды әйелдікке алуға көнбеді. «Өлейін деп жатқан әкемнің тілі байланғанда «құлыным-ау, ең болмаса сенің денің сау болғанда өлімнен үрікпес ем, ендігі күнің қалай болар екен» деп мені уайымдап жатқанын көздерінен оқыдым» дейтін Қуан әкесі жайында бізге әңгімелегенде ылғи сағына есіне алып. Өздеріңіз тыңдап отырғандай өмір дегеннің өзі біреуге жүзін берсе, біреуге сыртын береді. Сондықтан басты байлығымыз денсаулығымыздың бағасын білейік. Деніміздің саулығына, ешкімге салмақ салмай өз күшімізбен жүріп-тұра алатынымызға тәуба етсек, қалған мәселелер ақылмен іс жасау арқылы өз кезегімен реттеледі. Ал енді дұға, тілек жайына келсек сіздер, бала сұрасаңыздар да басқа сұрасаңыздар да Алладан ғана сұрайсыздар. Барлық жаратылғанның жәрдемшісі Алла ғана. Сіз бен біздің міндетіміз дініміздің бес тірегі иман, ораза, намаз, зекет, қажылық амалдарымызға берік болу болып табылады. Зекет пен қажылық дәулеті бар адамдарға бұйырылған. Ал алдыңғы үш амалды ниет еткен кез келген адам атқара алады. Дін дегеніміздің өзі Алланың заңдары мен ережелері.
Ал Алланың заңдары мен ережелеріне немқұрайлы қараған адамның ақыреті ауыр болатыны жайында шариғи кітаптарда ескертулер көптеп айтылған. Пайғамбарлар мен әулиелер біздерге дінді үйретуші және ескертуші ретінде келген, Жаратқанның алдында барлық пенделерден дәрежелері жоғары, тәңірдің сүйікті құлдары – даналыққа ие бол-ған ұстаздар. Олардың барлығы да «жарылқаушыларың Алла» деген. Сондықтан біз зиярат қағидаларында шатаспай оң мен терісін ажыратып алуымыз керек. Алаңдауға тұрарлық және бір жайт балақтарын тізеге дейін қысқартып, сақалдарын кеудеге дейін өсіріп алып, әруаққа шет қарайтын ағымдардың шығып жатқанын жақсы білесіздер. Біз о бастан — ақ әруақ сыйлап өскен ел екенімізді айттым. Оны жадымыздан шығаруға болмайды. Ең сорақысы сол ағымдардың жетегінде кеткен жастарымыз бабалары ұстанған дәстүрінен теріс айналып, «мұсылманмын – ұлтым жоқ» – деп, батаға қол жаймайтын теріс ниеттегілердің құрбандығына ұшырауда. Кейбіріміздің баламыз мешітке барып сабақ алатын шығар, баланың мешіттен сабақ алғаны жақсы. Бірақ баланы мешітке жібергенде артынан қадағалап отырғанымыз жөн. Өйткені теріс ағымдағы топтар балғын жастардың санасын тез азғырып, өздерінің тобына оңай қосып алады. Сол үшін баланы бір сәтке көзден таса қылуға болмайды және мешіттің ішінде жүріп пенделікпен тая басатындарды да байқап қалуларыңыз мүмкін. Бірақ «битке өкпелеп тоныңды отқа тастама» — деген сияқты «жаманның надан ісін көрдім» — деп Алланың үйінен сырт айналуға болмайды. Жақсыға да жаманға да істеген істеріне қарай ақыретте Алла өзі үкім айтады – деген Мұрат, қазір Сайрамға жақындап қалдық – айтылған насихатымызды саналарыңызда саралап алыңыздар деді де, сөзін үзіп, орнына жайғасты. Уағызға ұйыған зияратшылар көлік жүрісімен орындарында тербелген күйде ойға шомған. Алда шұбалаңдаған ұзын жол автобус доңғалақтарының астына жұтылып, кейін қалып жатыр.
…Жұмыс таппай ақшадан тарығып жүргенде бір танысы, «Сайран автобекетіне жақын жерде Ерсін деген емші бар – дұға оқып дем салады, барып көрсейші» – дегесін, «бәлкім бір себебі тиіп қалар» – деген үмітпен Мұрат айтылмыш емшінің алдына келген.
Бірнеше күн дем салдыруға келіп жүрген Мұратпен сөйлесе келе Ерсін мұның сөзге жүйрік екенін танып:
– Мен саған жұмыс ұсынғалы отырмын келіссең – деді.
– Сонда, қандай жұмыс ұсын-бақшысыз?
– Алдыма келген адамдарды топтастырып айына екі рет әулиелі жерлерге зиярат жасаймыз. Топты бастап алып жүре алатын адам болмағасын өзім басқарып апарып жүрмін. Егер сен мақұл десең қолымды ұзартар едің.
Мұрат ойланып қалды. Қабірлерге зиярат етушілер жайында көп естіп, олардың теріс әрекеттері жайындағы деректі фильмдерді бірнеше рет көрген. Оның үстіне адамдарды топтап мазараттарға зиярат ұйымдастыру арқылы емшілер көп ақша табады. Алланың ақ жолын да бизнеске айналдырды деген хабарлардан құлағдар.
Мұраттың басына бұларға ілессем мен де ауыр күнаға батпаймын ба? – деген ой келген.
Мұраттың қобалжығанын сезген Ерсін: – Сен қорықпа! Сабаққа баратын балаңның «жейдесі жоқ» деп әйелің құлағыңның құрыш етін күнде жеп жүрген жоқ па? Әлде мұным өтірік пе дегенде Мұрат ішінен «астағфирулла» – деді. Мұнысы рас еді. – Әйелің сені басқалардан қатты қызғанады екен. Сен мына бір әңгімені естіп пе едің? Сірә естімеген боларсың. Тыңдасаң мен саған айтып берейін деген Ерсін Мұраттың жауабын күтпестен айтқысы келген әңгімесін бастап кетті… Күйеуін өмір бойы қызғанып өткен бір әйел өлерінің алдында қасында отырған ерінің жүзіне қарап:
– Менің жағдайым белгілі болды. Енді көпке бармаспын. Көзім жұмылған соң топырағым кеппей басқа әйелге үйленбейтініңе және әр жұма сайын басыма кеп дұға жасап тұратыныңа уәде бересің бе? – дейді. Ақырет алдында жатқан әйелінің көңілін қалдырмауды ойлаған күйеуі «уәде беремін, топырағың кеппей ешкімге үйленбеймін және әр жұмада басыңа барып дұға оқып тұрамын» – дейді.
Әйелі мәңгілікке көз жұмған соң күйеуі өмірден қайтқан жұбайының жетісін, қырқын, жылдық асын қазақы дәстүрмен түгел өткізеді. Және әйеліне берген уәдесі бойынша жарының зиратына әр жұма сайын зиярат етуді де ұмытпайды. Бір қызығы әр жұмада барған сайын әйелінің қабірі су болып жататынын көреді. «Мұнысы несі екен» – деп ол ішінен ойлап зират басынан үйіне таңқала қайтып жүреді. Кезекті жұмада әйелінің зиратына баруға әдеттегі уақытынан ертерек шыққан күйеу жігіт қорымға жақындағанда әйелінің мүрдесіне су сеуіп жүрген балдызын көреді.
Балдызымен амандасқан ол: «Сен мұнда не істеп жүрсің?» дейді. «Көрмей тұрсыз ба, жезде? Әпкемнің қабіріне су сеуіп жүрмін. «Әр жұмада жездең келіп дұға оқиды. Ол келердің алдында сен қабіріме келіп су сеуіп қоятын бол» деп әпкем маған аманат айтқан» – депті. Жағдайды ұққан күйеуі «әйелдің қызғанышы өлгенде де басылмайды екен-ау» деп айран- асыр ойлана қайран қалыпты.
Әйеліңе Алла амандық берсін әрине. Жоғарыда айтылған әңгімедегідей жұбайың сені өле-өлгенше қызғанып өтетін болады дегенде Мұрат емші жайында «мына кісі әйелімнің қатты қызғаншық екенін де дәл айтты, бірақ өзі қалжыңқой екен-ау» деп ойлады.
Қабірлерге зиярат етудің артық-шылықтары жайында мен де біраз нәрсені білемін. Мен сені адамдарды молаларға апарып табындырып қайт деп отырғаным жоқ. Сенің міндетің оларға уағыз жасау және ешкімді ештеңеге ұрындырмай аман-есен апарып қайту деген Ерсін сөзін әрі қарай жалғады.
Егер пайғамбар с.ғ.с.-ның хадис-терін оқыған болсаң онда былай деген:
«Кімде-кім жақсылардың кесенесін зиярат етсе ол адамның абыройын Алла екі дүниеде асырады» «Өлгендерге зиярат етіп, олардың тәңір алдында жарылқануын тілеп дұға еткендер өзіне және өлгендерге сауап жасайды»
Бойыңда адамдармен сөйлесе алатын қабылет бар екенін таныған соң ғана мен саған ұсыныс айтып отырмын. Жоқ, бұл жұмысыңызды істемеймін десең зорлық жоқ. Қашаннан-ақ әруақ сыйлаған елміз, ендігі шешім өзіңде деп емші сөзін салмақпен аяқтаған. «Мың естігеннен бір көрген артық» дегенді есіне алған Мұрат «тәуекел» деп Ерсіннің ұсынысына келіскен.
Бірақ зияратқа шығар алдында адамдармен жұмыс істеймін. Бір сөзді қате айтсам, топ адамды өзіммен бірге адастыруым мүмкін ғой — деген оймен бұл сапарға шығар алдында бірнеше кітаптарды ақтарған. Бұрын да біршама білімі бар Мұрат, бойындағы білімін замануи технологияның көмегі арқылы жаңа ақпараттармен толықтырып, үш күндік сапарда соңына ілескендерге білгенінше бірталай уағыздар айтты.
Сайрамдағы әулиелерді ара-лағанда аталмыш жердің көне атауы«Исфиджаб» болғанын, жүре келе «Сайрам» деп өзгергенін айта келе «бұл жердегі әулиелердің негізі араб жерінен келген алғашқы дін таратушылардың мазараттары» — деген Мұрат тарихқа да біраз шолу жасады. Көне түрік тілінде «Исфиджап» «Екі дария аралығы» дегенді білдірсе, «Сайрам» сөзі «Тастақ сай» деген ұғымды білдіреді екен. Ал араб тілінен аударғанда «Сайрам» сөзінің мағынасы «Жаңа өмір» болып шығады – деген тарихшылардың тұжырымдары бар Бұл атаудың себебі Нұх пайғамбар заманындағы топан судан кейінгі жаңа өмірмен байланыстырады – деп зияратшыларға қасиетті жердің тарихы жайында қызықты деректер айтты.
Таразға, онан ары өздері шыққан Алматыға кеп тоқтағанда автобустан түскен зияратшылардың біразы – «сенің әңгімелерің арқылы зиярат тәртібін біліп, жүрген жерлеріміздің тарихымен танысып қайттық. Дін жайлы да жақсы деректер айтып, адамдыққа шақыратын сөздерді қозғадың. Саған Алланың разылығы болсын, Мұрат» – десіп жатты.
Автобустан түсіп жатқан жұрттың соңын ала түскен Перизат атты кейуана Мұратты оңашалап алып шығып; – Қарағым Мұрат, айтқан уағыздарыңның бәрі жақсы. Алладан басқа ештеңеге, ешкімге сыйынбау керек дегенің де жөн. Бірақ емшілік қасиетті де пендесіне Алла беретінін ұмытпауың керек, — деді. Алысқа бармай-ақ өз басымнан алайын деген Перизат апа сөзін әрі қарай сабақтады. Мен қатты ауырдым. Қаралу үшін бармаған жер, баспаған тауым жоқ. Ішпеген дәрім қалмады. Бірақ ешқандай дәрі де, дәрігерлер де көмектесе алмады. Болмаған соң осы емші кісінің алдына келгенмін. Түн баласы ұйқы көрмей аласұратынмын. Жаман түстер көремін. Сүйек-сүйектерімнің бәрі қақсайтын. Емшіге қаралған күннің кешінде қызуым көтеріліп қатты ауырдым. Түсімде кеудемді басып тұрған дәу қара жәшіктің түсіп қалғанын көрдім. Ертесінде бойымда бұрын соңды байқалмаған жеңілдік пайда болып, қунақ жүрдім. Содан бергі уақыттың ішінде «Алла» деп айтайын ауырғанның не екенін ұмыттым. Және жалғыз мен ғана емес, осында аяғынан жүре алмай қатты ауырып келген келіншекті көрдім. Менімен бірге емделіп емшінің алдында біраз уақыт жүрді.
Әлгі келіншектің туыстарына «дәу қара жылан әкеліңдер» деп емші тапсырыс берген еді. Келіншектің туыстары емші айтқан жыланды тауып әкелді. Айтуларынша Черняевка деген жерден тауыпты. Сол жыланды «уы шығады» деп қайнап тұрған ыстық суға салдыртты. Кейін жыланның терісін шәкірттеріне сыпыртып, қайта қайнатып сорпасын аяғынан жүре алмай жүрген келіншекке ішкізді. Құдайдың құдыреті әлгі келіншек сол күні борша-борша боп терлеп, ертесіне орнынан жеңіл тұрып аттай шауып кетті. Емшілер де пенде ғой, қателіктері бар шығар, бірақ емшіліктің де Алладан келетініне өз басым еш күмәнданбаймын деген Перизат апа сен сенерсің-сенбессің, бірақ мен өз көзіммен көргендерімді айттым — деп Мұраттың көздеріне көздерін тіке қадап тұрып, «қайда жүрсең де аман бол, қарағым» деп өз жөніне кетті. Десе де емшінің қарамағында Мұрат ұзақ уақыт жүре алмады. «Зиярат деген шамаға қарамай бала-шағаны, жұмысты тастап, қалтаңдағы соңғы тиыныңды сарқып қаңғып кету емес. Барлық амалдар өз орнымен жасалынуы керек. Көріпкелдерге де сене беруге болмайды» деген сөздері кезекті сапардан оралған соң әлдекім арқылы Ерсіннің құлағына жеткен.
«Мен сен жайында қателесіппін» деген емші Мұратты өзінен алыстатты.
МЫЛТЫҚ ОҚТАУЛЫ ЕДІ
…Ауылдағы он жылдық орта мектепті бітірер жылы мамырдың шуақты күнінде ұлдар мен қыздар бірігіп ұйымдастырып, табиғат аясына демалуға шықтық. Арамыздағы Марат деген досымыз » аң-құс кездессе атып алуға керек боп қалуы мүмкін» деген оймен үйіндегі көптен бері ұсталмаған мылтықты арқасына асып ала шыққан.
Өзіміздің діттеген межелі жерімізге жетіп жайғасқан соң , біріміз доп теуіп, енді біріміз өзен жағалап, мәре-сәре боп жүргенде » балалар, шәйға келіңдер» деген қыздардың жарыса шақырған дауыстарын естіген біз, бәріміз жиылып кеп, жерге төселген дастарханның басына айнала қоршай отыра бастағанбыз. Кенет, Мараттың ала шыққан мылтығын қолына алған Өмір атты досымыз әлгі мылтықтың аузын аспанға қарата шүріппесін басып қалғанда тырс еткен дыбыс шығып, мылтық атылмады. «Өй, мына мылтықтың оғы жоқ қой» деген ол, қорқытпақ оймен енді мылтықтың ұңғысын дастарханның басына дөңгелене жайғасқан бізге қарай кезеді. Үңірейген мылтықтың аузына қарау оңай ма, қыздар жағы «таста ана мылтығыңды шошайтпай» десіп, Өмірге қарата безектей айқайласып, ұлардай шулап кетті.
Мылтықта шынында оқ жоқ екен деп ойлаған біз қыздардың қорыққандарына мәзбіз. Марат досымыз да «мылтықта оқ бар-жоғын қарамаппын ғой» деп алаңсыз отыр. Мылтықта шынында оқ жоқ екеніне сенімді болған Өмір мылтықтың аузын төбемізден сәл асыра көтере бере шүріппесін басып қалғанда тарс ете қалғаны.
Тура сол уақытта уәделескендей-ақ топ ортада отырған Жәнділда деген досымыз алақанына сап ойнап отырған бір уыс майда тастарды әуелете уыстай шашады. Жұрт қорыққандарынан бірінің үстіне бірі құлап жатқанда «ойбай, өлдім» деген Төре атты досымыздың даусы жер жарғандай боп шықты. Оқ соған тиген екен деп ойлаған біз есімізді жиып, екі қолымен басын бүркеген күйінде етпеттей құлап жатқан Төренің үстіне үймелейік.
«Төре, әй Төре, тірісің бе?» десіп жан-жақтан жамырап жатырмыз. Көз тоқтатып қарасақ, ешқандай аққан қан, немесе оған оқ тиген белгі байқалмайды. Көзі тостағандай болған Төре досымыз бір уақта басын көтеріп, екі қолымен үсті-басын қайта-қайта сипалап, «мен шынымен тірімін бе?» дейді ғой.
Анадай жерде тұрған Өмір қолындағы мылтығын жерге тастамай ұңғысын төмен қарата салбыратып ұстаған күйі өң-түс жоқ ескерткішке ұқсап қатып тұр.
Бар айтатыны «мен аспанға қарата аттым ғой» дей береді. Кейін ойласақ Жәнділда досымыздың алақанындағы майда тастар әуеге қарата мылтықтың дауысымен қабаттаса шашылғанда әлгі уақ тастардың бір түйірі Төренің басына дөп түскен екен де, өзіне оқ тиді деп ойлаған ол, үрейлене шыңғыра құлаған екен ғой. Болып өткен оқиғадан жаңа ғана шошына қорыққан біз енді ес жиған соң төбемізден бұлт үйіріле жүріп өткенін ұмытып, «атқа мінсең аяғың жерге тиердей бойың ұзын болса да, өзің барып тұрған қоян жүрек қорқақ екенсің ғой» деп мазақ қылып Төрені әжуалауға көштік.
– Несіне күлесіңдер? Мылтықпен осылай ойнамақ болған екі бауырдың бірі-бірін атып алғанын да естігенмін – деген Төре өзінің қатты қорыққанына сыр беріп қойғанына намыстанып, біздің мазағымызға жауап айтып әлек.
Расында ойлаған адамға ол ойын емес еді-ау…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.