Зейне Оразбекова, Қауымдастырылған профессор, ф.ғ.к., PhD
06.11.2019 0 2 765
МҰСАБЕК БАЙЗАҚҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ДИДАКТИКАЛЫҚ САРЫНДАР
Мұсабек Байзақұлының (1849-1932) көп қырлы өнер иесі болғаны мәлім. Ол атақты ақын, шайыр болуымен қатар, жыр да айтқан. Ертеде қазақ ақындарының көбі кейде төкпе акын, кейде жыршы сипатында ел аралап, өнер көрсеткен. Оның репертуарында қандай жыр болды, қай кезде ел аралап қаншалықты жыр айтты деген мәселе де маңызды. Ақын туралы пікір айтушылардың көпшілігі Молда Мұсаның бірнеше ірі эпикалық жырларды айтып келгенін көрсеткен. Әсіресе, олардың бәрінің түгел қостап, тұжырып айтатыны – «Шора батыр» – жөнінде.
«Шора батыр» жыры қазақтың көп жерлеріне жайылған, түрлі варианттары бар үлкен эпикалық мұра. Соның бір нұсқасы Молда Мұсаның қолынан шыққан делінеді. Осы пікір көптен айтылып келген. 1935 жылы Молда Мұса туралы алғаш рет мақала жазған Өтебай Тұрманжанов та, одан кейінгі зерттеушілер де осындай тұжырымға ойысады. Молда Мұсаның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы арнаулы материал жинаған Рахымжан Малыбаев та ақынның тек «Шора батыр» ғана емес, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» секілді эпикалық аңыздауларды да өңдеп, дамыта жырлағанын айтады.
Белгілі фольклор зерттеушісі Әбубәкір Диваев ұзақ жылдар бойында Оңтүстік өңірінің халық ауыз әдебиетін жинастырып, жүйелеп, қыруар еңбек сіңірген. Әбубәкір Диваевтың әр өңірде, әр өлкеде фольклор деректерін жинап беретін тілшілері болған. Солардың бірі — Мұсабек Байзақұлы.
Молда Мұса эпикалық жырларды ғана емес, ауыз әдебиетінің түр-лі нұсқаларын, мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды, шешендік сөздерді, бұрынғыдан қалған аңыз-әпсана-ларды мол жинап Әбубәкір Диваевқа өткізген. Бұдан Мұсабектің ауыз әдебиетін жинаушылық еңбегі де елеулі екені көрінеді. Ақынның нәрленген үлкен қайнар бұлағы халық ауыз әдебиеті десек, Молда Мұса сол ауыз әдебиетін жинаушы да, айтушы да болғаны табиғи құбылыс.
«Ер Шора» жыры – қазақ ауыз әдебиетінің ең айтулы, көлемді көркем шығармаларының бірі. Зерттеушілердің пікірінше «Ер Шора» өзінің көркемдік бітімі жағынан «Алпамыс», «Қобыланды» жырларынан кейінгі ауызға алынатын тамаша туынды. Сол үшін алдымен осы жырдың тарихи негіздері, оқиғаның құрамы жөнінде тоқталуымыз қажет.
«Ер Шора» жырына негіз болған оқиғаның тарихи деректілігі, олардың белгілі дәуірге тән екендігі, Шора батыр тарихта жасаған адам екендігі туралы XIX ғасырдың орта тұсында ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов та тоқталып өткен. Содан бертініректегі зерттеушілердің бәрі де, атап айтқанда Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Қажым Жұмалиев т.б. Шораның тарихи қайраткер екенін дәлелдейді: Шора батыр ХҮІ ғасырдың Ноғай ордасында жасаған белгілі қайраткер ретінде көптеген еңбектерде аталады./41/ Жырдың түрлі варианттарында Шора батыр туралы оқиғалар Қазан қаласының төңірегінде өтетіні тегін емес.
Өйткені, ХҮІ ғасырда Ресей патшасы өзінің жаулаушылық әрекетінің жолында тұрған үлкен тосқауыл – Қазан хандығы екенін біліп, қалай да сол хандықты жойып, басып алуға күш салған. ХҮІ ғасырда Қазанды басып алуға Иван Грозный патша да әлденеше рет әскер жіберіп. жорық ұйымдастырғаны мәлім.
Сондай үздіксіз басқыншылық салдарынан 1552 жылы Қазан хандығы құлайды. Міне, осы оқиғадан кейін патшалық Ресейдің озбырлық экспансиясына кең жол ашылады. Патша әскеріне тегеурінді түрде қарсы тұрарлық күш қалмайды. Қазан хандығының құлауынан бұрын Алтын Орда, кейінгі Ноғай ордасы жерінде халықтың арасында алуан түрлі пікір тараған. Иван Грозный патшаның Қазанды алуы мұсылман жұртының арасында үлкен трагедия болып елестеген. Тарихи деректер бойынша Қазан хандығын жаулап алуды ұйымдастыру кезеңінде өмір кешкен Ноғай ордасы қайраткерлерінің бірі осы Шора Нәріков. Шора есімі орыс жылнамаларында, әсіресе Мәскеу мен Ноғай ордасы арасындағы қарым-қатынастарды шежірелеген құжаттарда жиі аталады. Соның кейбіреулерінде Шора Мәскеу патшалығының тілектесі, досы ретінде бейнеленген. Ал, Шора туралы эпикалық жырларда ол Қазан қаласын қорғаушы ретінде сипатталады. Бұл көрсетілгендерден тарихи шындық пен эпос шындығы бір ізбен жүре бермейтіндігін байқаймыз.
Тарихта жасаған Шора Нәріков нақтылы құжаттардың көрсетуі бойынша 1552 жылы, Иван Грозный Қазан қаласын басып алғаннан бұрын, 1546 жылы қайтыс болған тұрғыдан алып қарағанда Шораның патша әскеріне қарсы соғысқа шығуы мүмкін емес. Осыдан барып атақты батырдың тарихи және эпикалық тұлғасы екі түрлі болып қалыптасқан. «Ер Шора» жырындағы тарихи шындықтың елесі Шораның және оның әкесі Нәрік пен шешесі Құлқаныстың аттары ұшырайтындығында және тама руының қонысы Қазан Қаласының төңірегі болып көрінуінде. Міне, осы тарихи, аңыздық дерек үлкен эпикалық жырдың тууына себеп болған. Сондықтан, жырдағы Шора батырды тарихи қайраткер Шораның қайталамасы немесе көшірмесі деуге болмайды. Эпостағы Шора халық қиялынан туған, әсіреленген бейне. Бұл айтылғандар тарихта жасаған Шора мен жыр қаһарманының арасындағы байланыстың ерек-шелігін көрсетеді. Осы себептен Шора батырдың бейнесін эпикалық жырлардың зандылық өлшемі бойынша қарастыру қажет. Әлбетте, халық санасында тарихи Шораның ұнамды бейнесі сақталмаса, эпикалық аңыздаулардың да, әсірелеудің де жасалуы мүмкін болмас еді.
«Шора батыр» туралы соңғы жылдарда арнаулы диссертациялар да жазылды. Бұлар қамтыған материалының молдығы, көтерген проблемаларының нақтылығы, талдаулары мен қорытындыларының ғылыми дәйектілігі жағынан эпостанудың жаңа қадамдары болды.
Профессор Рахманқүл Бердібай өзінің «Эпос – ел қазынасы» кітабында «Ер Шора» жырына арнаулы тоқталған. Онда былай делінген: «Өзінің кұрылысы, көтерген күрделі шындығы және көркемдік кестесі, оқиғалық көлемі жағынан мұны классикалық қаһармандық жыр қатарында алып тексеру әбден лайық.
Сонымен қатар бұл жырда стадиялық жағынан алғанда тарихта белгілі болған қайсыбір дәуірдің елесін байқатарлықтай нышандар да жоқ емес. Эпоста аталатын адам, жер аттары түрлі нұсқаларда өзгермей, тұрақты қайталап отырғаны да, бас қаһарман есімінің Ноғай Ордасы заманында жасаған нақтылы қайраткерді еске салуы да жырдың әуел баста тарихи аңыз сипатында белгілі болғанынан хабар береді. Сол оқиғалық түбір бертін келе эпикалық әсірелеу, жинақтау шарттарына сәйкес өзгеріске ұшырап, дамытылған, бастапқы нұсқа жаңаша өрнектелген».
Жырдың аты «Ер Шора» бол-ғанымен, оның құрылысы бұрыннан көптеген басқа шығармаларда қайталанған кейбір сарындарды жаңғырта түседі. Соларды еске алғанда төмендегі жағдайларды көрсеткен болар едік:
«Ер Шора» эпосындағы ең көне сарын – қарт ата-ананың перзентсіздік зары. Бұл сарын әуел баста өмірдің нағыз ақиқат қажетінен туған сұрауларға байланысты көрінген. Көшпелі қазақ қауымында әрбір адам өзінің жиған мүлкіне, байлығына кім мұрагер болады дегенді қатты ойлаған.
Сондықтан, атаның аманатын, дәстүрін алға апаратын перзент мәселесі ең сағынышты, ең қалаулы арман болған эпикалық жырларда қарт ата-ананың жаратушыдан тілеуі, сол үшін әулие-әмбиелерді аралап, ол жерлерге мінәжәт етіп баруы айтылады. «Манас» жырында бай Жақып өзінің баласыздығынан зар илеп, мұңын шағатыны белгілі. «Алпамыс батырда да», тағы басқа эпикалық жырларда да болашақ батыр көп бейнет шегіп, құдайдан сұрап алған ұл болып көрінетіні бұл мәселенің аса маңыздылығынан туады. Жыр мәтіні бойынша Нәрікбай өзінің туған інісі Есімге өкпелеп, Қазан шаһарынан кетіп, түрікпендердің арасына қоныс тебуі, барған жерлерде сол елдің Әліби деген зорлықшы әкімінен қорлық көруі, перзентсіздіктің мүшкіл хал екенін айқындай түседі. Жырда қиял — ғажайып көріністер де аз емес. Нәрікбайдың көп жылқысының ішінен ерекше қадірлейтін Шұбар аты әдеттегі жылқылардан бөлек, су астынан шыққан жануар делінеді. Бұл арада халықтың дүние құрылысы үш қат әлемнен тұрады дейтін көне ұғымының ізі жатыр.
Нәрікбай мен Құлқаныстың әулие-ден әулие қоймай аралап, құдайдан перзент сұрап шыққан сапары мейілінше кең көрсетіледі.
Олардың аралаған жерлері көп-теген жырларда айтылатын Оңтүстік Қазақстан жеріндегі әулиелі мекендер боп көрінеді.
«Ер Шора» жырының алғашқы жырлаушысы немесе өндеушісі осы өлкенің дарынды адамдары болғанын дәлелдейтін бір мысал осы жер, су аттары. Егер жырды айтушы Қазақстанның өзге алыс қиырларының бірінде туып өскен жан болса, мына әулие аттарын мұншалықты дәлелді қайталап, сенімді түрде келтіруі екіталай болар еді.
Нәрікбай мен Құлқаныстың мінә-жат жолында көрген бейнеті, шеккен қиыншылығы жырда өте шебер суреттеледі. Ақырында Нәрікбай меы Құлқаныс өздерінің тілеген перзенті табатынына көзі жетеді. Оларға ұйықтап жатқанда әулие аян беріп, ұл бала болатынын хабарлайды. Міне, осы перзент тілеу әңгімесі өте кең, жан-жақты суреттелген. Осы тұста кейіпкердің арманы, үміті, мұңы барынша шебер ақындық суреттермен берілген.
«Ер Шора» жырындағы дәстүрлі сарындарының тағы бірі – болашақ қаһарманның жедел жетілуі, өзінің батырлық ерекшелік нышанын ерте бастан байқатуы. Бұл да батырлық эпосқа тән ортақ сарындардың бірі. Осы сарын жырда өте шебер тілмен кестеленген. Бұл тұста эпикалық әсірелеудің биік үлгілерін көруге болады. Шора алты жастан атқа мініп, түрікпендердің мың баласынан таяқ жеп қорлық көрген таманың қырық баласының кегін алады. Бұл арада, әлбетте, тарихи шындықтың ізі жоқ, бір ғана эпикалық жинақтау бой көрсетеді. Түрікпенді билеп отырған Әліби Шораның мұндай өжет қимылын есітіп, қатты ашуланып, жас баланың көзін жоюға бекінеді. Әлібидің көздегені Нәрікбайдың қолындағы туысы бөлек дүлдүл ат – Шұбарды алу болады. Намысты Нәрікбай Әлібидің каһарынан қаншалықты сескеніп тұрса да, Шұбар аттан айрылғысы келмейді. Көптеген тартулар беріп Әлібидің көңілін аулауды ойлайды. Осындай тартыстың ақыры Әліби мен Шораның арасындағы жекпе-жек ұрысқа апарады.
Жырда тартысты баяндауда эпи-калық дәстүр қайталау сөздер — формулалар орын алған. Әліби мен Шораның арасындағы сөз сайысы — диалогтан сол замандағы өмірдің суреті жалт етіп көрінеді. Өзінің көптігіне сүйеніп, аз ауыл тамаға зорлық қылмақшы болған Әлібидің өктемдігі және мұндай озбырлыққа көнгісі келмеген бала батырдың жалындаған жас қайраты айқын танылады. Шора ұрыста Әлібиді өлтіргенмен, бұл оқиғаның ақыры насырға шабатыны белгілі болады. Қырық мың үйлі түрікпендердің қырық үйлі таманы тыныш қоймайтынына көзі жеткен Нәрікбай Шораны үгіттеп Қазан қаласы маңындағы туысқандарына баруды көндіреді.
Бұл жерде ақиқаттың елесі жат-қанын көрмеуге болмайды. Шұбар атты ерттеп мінген Шора алыстагы Қазанға жол тартады.
Түрікпеннің қалың жатқан елі-нің аумағы осылайша кең болып көрінеді. Бұдан кейінгі оқиға да Шораның асқан ерлігін әсірелеп көрсету мақсатына сәйкес берілген. Шұбар аттың шабысының екпінділігі соншалық – Шораны өлтірмек боп айдалада тосып жатқан Тасыр мергенді мылтығын оқтауға үлгіртпей батыр қасына жетіп келеді. Бұл реалдық өмір шындығынан гөрі эпикалық шындық деп айтуға лайық. Осыдан кейінгі оқиғалар өте жылдам, жүрдек баяндалады. Атап өтер тағы бір мәселе – тама тайпасының дұшпаны, зорлықшысы ноғайлы-түрікпен болып аталуы. Бұл да қиялдан алынған тарихи шындыққа байланысы аз көрініс екені анық. Тарихи шындыққа жүгінсек, осында айтып отырган тама руы және басқа да көптеген қазақ рулары ноғайлы ордасының құрамындағы елдер. Әрине, ол рулардың арасында өзара тартыс, қайшылықтар болуы табиғи. Бірақ ешқашан да ноғайлы бірлестігіндегі рулар бір-біріне ата жау болып соғыспағаны белгілі. Жалпы алғанда, «Шора» жырының оқиғалық құрылысында белгілі болып өткен істердің сілемі емес эпикалық аңыздау жатқаны жырдың барлық тұсында да айқын көрінеді. Шораның Қазан қаласына жақындап барғанда кездескен жаулары басқа емес, қалмақ боп көрінуі де осы айтқанды дәлелдейді. Шора Қазан хандығын қоршап жатқан Көзбембет, Садыр деген қалмақ батырларымен соғысады. Қалмақ ханы Қараманға қарсы ұрысқа шығып, оларды жеңіп, қазақ хандығын қауіп-қатерден құтқарады. ХҮІ ғасырда тарихи Шора өмір сүрген кезеңде, Қазан маңында да, тіпті қазіргі қазақтың кең атырабында да қалмақ шабылуының елесі де болмағаны белгілі. Жоңғария тарихынан Қалмақ руы тұңғыш рет Ресейге ХҮІІ ғасырдың бастапқы тұсында көшіп барғаны мәлім. Бұдан жырды жаратушы ақынның немесе жыршының ноғай руларының арасындағы билік, қоныс үшін өзара таластарды қалмақ жаулаушыларымен болған соғыс деп көрсеткені аңғарылады. «Ер Шора» жырында жас батырға әрдайым қысылғанда қуат, тарыққанда медет беретін, төніп келгенде қауіп-қатерден құтқаратын құдіретті күш – Баба Түкті Шашты Әзиздің жебеуі болады. Бұл арадан да елдің жебеуші киелі күштерге сенетін көне ұғымының елесі аңғарылады. Қазан қаласының ханы Әліхан Нәрікбайдың інісі Есіммен одақтас, тілектес болып бір майданда қимылдайды. Ақыр аяғында, Шора батыр Қазанға қауіп төндірген қалмақты жеңіп, жалпы Ноғайлы елінің, соның ішінде тама жұртының арманын орындайды.
Шашыранды елдер бірігеді, жәбір көрген аз үйлі тама еңсесін көтереді. Халық өзінің ежелден аңсаған мұратына жетеді. Бір кезде Есімге өкпелеп көшіп кеткен Нәрікбай өзінің ауылына қайта айналып келіп, қалың тамаға қосылады. Қазан ханы Әліхан Шораны құрмет тұтып, оған өзінің қызы Түймебикені береді, қалмақ ханын жеңіп, оның Жерметөз деген қызын да Шора алады.
«Ер Шора» жырының басталуында да, оқиғаның өрістеуінде де, аяқталуында да қазақтың өзге эпикалық шығармаларымен, соның ішінде «Алпамыс батыр» эпосымен белгілі дәрежеде ұқсастығы, үндестігі байқалады. Бұл жағдайға таң калуға болмайды. Өйткені, «Ер Шора» секілді – Алпамыс батырды да ақындар мен жыршылар көптен бері жырлап, жетілдіріп келген. Шораның алыстағы түрікпен арасында қалған аз үйлі туысқандарына қайтып оралуы, оларды құтқаруы Алпамыс батырдың ұрысқа шығып, елді қуанышқа бөлеуімен, теңдік әперетін оқиғаларымен сарындас.
Енді, «Ер Шора» жырының көр-кемдік ерекшелігі жөнінде бірер сөз. Молда Мұса ақын айтуындағы осы эпостың көркемдік кестесі өте биік. Мұнда өзге жырлардағыдай ұқсас оқиғалық сарындар орын алса да, сөз кестесінде бұрынғы сарынды сөздерді жалаң қайталау кездеспейді деуге де болады. Нәрікбайды, Құлқанысты, Шораны, бұлардың ата жауы Әлібиді, қалмақ батырларын суреттегенде де эпос жырларының ізін бірыңғай қайталаушылық кездеспейді. Адам мінезін сипаттағанда ақындық, даралық қолтаңбасы сезіледі. Демек, бұл жырды ел арасында айтылып келген аңыздың қайта қорытылып, көркемделіп жасалған өзінше бір жаңа нұсқасы деп қарауға болады. Өзінің жазба шығармаларында реалистік нақтылыққа, тартымдылыққа толы өлеңнің алуан үлгісін жасаған ақынның ауыз ел арасында айтылып келген аңыздарды жырлауында қайшылық жоқ секілді. Өйткені, бұл шығармалардың әрқайсысының сұранымы, қоғамдағы орны түрліше болған. Ертеде халық арасында ақындығымен танылған дарын иелерінің бір аяғын жыршылыққа «тіреп тұруы» табиғи боп көрінеді…
Өкінішке орай, Молда Мұсаның «Ер Шорадан» басқа айтқан жырларының нұсқасы жазылып алынбаған. Тіпті, осы жырдың да қаншалықты толық күйінде жеткенін анықтай түсу қажет… Әдетте жыр нұсқасының өзі әрбір жырлаушының репертуарына түскенде түрлі өзгерістерге ұшырап отыратыны баршаға әйгілі. Сондықтан да, ол нұсқалардың әрқайсысы өзінше бағалы, құнды.
Молда Мұса нұсқасы боп таралған «Ер Шораның» басқа варианттардан елеулі айырмашылығы – жырдың екінші бөлімі. Мұнда Шораның Жерметөз атты қалмақ әйелінің еліне қашып келгені, Шорадан туған баласына Алып деп ат қойған, тамаларды жау деп көрсетіп, кек алуға тәрбиелегені, шын әкесінің Шора екенін жасырғаны; ақырында Алып ер жетіп орасан күш иесі болғаны, тама әскерімен алғашқы соғыста ешкімді бет қаратпай жеңгені, Есім батырды байлап алғаны баяндалады. Бұл кезде Шора Қазан қаласында болмағандықтан ғана Алыппен соғыса алмайды. «Ер Шораның» екінші бөлімінің оқиғасы осы жерге келгенде үзіледі, жырдың жалғасы табылмауы бұдан былайғы істердің қалай өрістейтінін болжауға мүмкіндік бермейді…
Дегенмен жырдың екінші бөлі-мінде бірер тың сарын (мотив) бой көрсетеді.
Қазақтың өзге батырлар жырларында кездеспеген сарынның біреуі – Шора батыр әйелдікке алған қалмақ қызы Жерметөздің өз елінің намысы үшін күресуге бел байлап, қашып кетуі. Осыған жалғас екінші мәселе — Жерметөздің баласы — Алыптың қалмақ кегімен қайралып, тамаларға аттануы, Шорамен жекпе-жек ұрысқа даярлануы… Жалпы алғанда түрлі себеппен әке мен баланың бір-бірін көрмегендіктен, сайысқа шығу сарыны әлем халқының аңыздауларында кездесіп отыратыны белгілі. Мұсабек ақынның өзіне жақсы таныс Фирдоуси шығармаларынан тағлым алуы мүмкін нәрсе. Қалай болған күнде де «Ер Шораның» екінші бөлімі Молда Мұсаның жыр желісіне қосқан сонылығы деп қарауға болады.
«Ер Шора» Оңтүстік Қазақстан жерінде кең тарап, сақталуының басқа да себептері барға ұқсайды. Қандай жырдың да «тағдыры» сол жырды сүйіп тыңдайтын қауымға байланысты. Эпос қаһарманын өзіне етене жақын санаған жұртшылық қана оны әрдайым сағынып отыратыны заңдылық. Мәселен, зерттеушілер «Манас» жырының негізгі бөлімінің сақталуына тыңдаушының әсері, ықпалы болғанын атап айтады. Тыңдаушылар «Манас» оқиғасының белгілі қалыптасқан желіден ауыт-қымай, қаз-қалпында айтылуын талап еткен. Өйткені, әрбір қырғыз тындаушысы «Манасты» өз руының, өз тайпасының төл батырындай етене жақын көрген. «Шора батыр» жырының негізгі қаһарманы тама руының адамдары болып келуі бұл аңыздың тамалар арасында айрықша құрметтелуіне себеп болғаны күмән туғызбайды. Жыр аңызының Оңтүстік Қазақстан өңірінде даңққа бөлепіп, көркем ескерткішке айналуының тағы бір себебі – бұл өлкеде тама руының үрім-бұтағы ерте заманнан жайлап келгеніне қатысты болып көрінеді.
Этникалық тамалар Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Жамбыл облысының Сарысу аудандарында шоғырлана қоныстанған. Тама тайпасының бұл өңірді мекендеуі ерте замандарда басталғанына заттық куәліктің бірі – таманың аты аңызға айналған түп атасы делінетін Қарабураның зираты Созақ кентінде қалғандығы. Қарабураны тек Оңтүстік Қазақстанның ғана, республиканың өзге жерлеріндегі тамалар да әулие тұтып, қастерлейді…
Қаратау, Сыр өңірінің көптеген жыршылары, соның ішінде «Алпамыс батырдың» ең көркем нұсқасын айтып келген Сұлтанбек Аққожаев репертуарындағы сүйікті жырларының бірі де – Шора батыр болатын. Оңтүстік Қазақстанның өзге ақын-жыршылары да Шора туралы аңыздарды өз репертуарына тұрақты енгізіп, халық арасында айтып келген. Мұсабек Байзақов өндеп, құлпыртып жырлаған «Ер Шора» жыры қазақ халқының ең сүйікті эпикалық ескерткіштерінің қатарына қосылады.
Молда Мұса мұрасының ішінде көркем де келісті жасалған, бас-аяғы бүтін бірнеше мысал-шығармаларды да кездестіреміз. Олар:
• «Тышқан мен түйе»
•«Жолбарыс пен түлкі»
• «Қайырымды қыз бен қайыршы»
• «Адам мен аюдың достығы»
• «Түзу терек»
• «Ағаш пен маймыл»
• «Семірген есек»
• «Адалдық пен арамдық».
Жанрлық сипат жағынан алып қарағанда бұлардың кейбіреулерінде мысал, тәмсіл, ертегі белгілерінің аралас жүргені байқалады. Қалай болғанда да, бұл мысалдардың танымдық, тәрбиелік мәні жоғары.
«Тышқан мен түйе» өлеңінде ақын өз шамасына қарамай, мақ-таншақтыққа салынған тышқанның сәл кедергіден өте алмай, мүшкіл халге түскенін шебер келтірген. Бұл мысал-өлең казақтың өз топырағында туған әңгіме боп көрінеді.
«Жолбарыс пен түлкі» мысалынан түрлі халық арасында кең тараған хайуан туралы ертегілерінің сарыны байқалады. Аңдардың патшасы болып саналатын Жолбарыстың тәкәппарлыққа салынып, қауіп-қатерді ұмытқанын арамза түлкі жақсы пайдаланып кетеді. Жолбарыс өзінің аңғырттығымен құдықтағы суға түскен өз бейнесін көріп, суға атылып мерт болады. Ақын бұдан «Жолбарыс өзін-өзі ажалға соқтырды» деп тұжырым жасайды. Бұл өлеңнің де тәрбиелік, ғибрат берерлік мәні айқын.
«Қайырымды қыз» ден аталған тәмсіл ертегінің де айтары бар. Мұнда адамның жасаған жақсылығы босқа кетпейді, әр істің бір қайырымы болады деген пікір берілген. Өзінің қайырымдылығы үшін зәбір көрген бір байдың қызының сахилығы босқа кетпей, ғайыптың күшімен кесілген қолы қайта қалпына келгені туралы аңыз адамды жақсылыққа, ізгілікке, сыпайылыққа шақырады.
«Адам мен аюдың достығы» туралы көп елдерде ұшырасатын сарынды Молда Мұса мысал ретінде жазған. Мұса ақын суреттеп отырған нұсқа орыс ақыны И.А.Крыловтан алынғаны күмән келтірмейді. Өте шебер аударылған, қазақтың төл шығармасындай әсер беретін бұл мысал өлеңнің түйіні мына сөздерде беріледі:
…Надан достың достығы аюдай-ды,
Достық қылдым дегені қастық болып
Басты жаншып кетуден тайынбайды.
Жаман парқы жақсыдан бөлек деген,
Тал барабар болмайды терекпенен,
Бұрынғы жақсылардың бір мақалы:
«Надан достан — дұшпанның зерек» – деген. Мұндай мысал-тәмсіл өзінің жасалу шеберлігі жағынан үздік туындылармен бір қатарда тұра алады.
«Семірген есек» өлеңінде жолбарыстың терісін жамылған есектен адамның, жан-жануардың зәре құты қалмай қорыққаны, ақырында есектің мұнша атақ-дақпырт есін шығарып жібергені, таудың бір шетіне барып, есекше ақырып, шер шығарғаны, жолбарыс деп жүргені есек екенін білген жұрттың есекті қуып шыққаны сөз болады.
Ақын шығармасында осы оқиға аңыздан үлкен мағына тудырады. Мансаптан есі шығып кететін кещелерді сынайды.
Құлқынның соңына түскен адамның кесірге ұшырап, еңбекпен күн көрген жандардың мұратқа жететіні «Адалдық пен арамдық» мысалында көрсетілген.
«Ұры мен жолбарыс» деген шығарманы поэма деп атаса да, баллада десе де лайықты көрінеді. Ұрлықты кәсіп еткен бір адамның жылқы деп жолбарысты мініп алғаны, аң патшасының зәресі қалмай қорқып, түні бойы шауып қалжырағаны, ақырында адамның айуаннан айласын асырып, құтылғаны айтылады. Қазақ кеңес әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің де осы тақырыпқа жазылған шығармасы барын білеміз. Бейімбет те, Мұсабек те бір оқиғаны өз сөзімен, өз мәнерімен жырлаған. Бір тақырыпты бірнеше ақынның жырлауы шығыс әдебиетіне тән нәзиралық құбылыс.
Сонымен, Мұсабек ақынның эпикалық жанрдағы шығармалары өз алдына қызғылықты, мазмұнды, ғибратты, өзгеше көркем әлем екенін көреміз. Бұл шығармалар ақынның өнер қырларының мол екенін, ауыз әдебиетінің сарынын жаңғырта жырлауға шеберлігін аңғартады. Сондықтан бұлар ақын мұрасының қадірлі, құрамды бөлігі болып қала береді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.