Оңтүстіктегі oт қала
26.09.2019 0 2 790
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі
Екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ерекше маңызға ие «Туған жер» бағдарламасы енген. Бағдарламаның жалпы маңызы мен мәні өлкетану, экологияны жақсарту, елдімекендерді абаттандыру, жергілікті тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Жаһандық өзгерістер кезеңінде ұлттық ерекшеліктерді, құндылықтарды, тарихты сақтап қалуға арналған жоба негізінде жазылған мақала оңтүстік өңірдегі бұрын Баладж, одан Қарғалық, кейін Бабата аталған қаланың атауы мен тарихы туралы талай сырды ақтарады.
Қабырғалы қарт Қаратауды бөктерлей жүріп, Теріскейге табан тірегенде талайлардың жүректері алқына бұлқынып, атқақтай соғары анық. Өйткені, Қаратаудың әр биігі, әр жотасы, әр шыңы шежіре болып сыр шертеді. «Алпамыс батыр» жырын оқып көрелік.
Әзіреті Қаратау,
Әулиенің кені еді.
Өзен сайын тастамай,
Бәріне бір-бір түнеді.
Әзіреті Ысқақ баб,
Бабатада дер еді.
Ол уақытта Бабата,
Томпайып жатқан жер еді.
Атбесік жасап басына,
Қабірін бұлар түзеді, – деген жыр жолдарына үңілсек, қираған кесенені алғашқы түзетушілердің бірі Алпамыстың әкесі Байбөрі болып шығады.
Сырлы Созақтың қақпасы іспетті жотадан асқанда күншығыстан менмұндалап Бабата ауылы көрінеді. Тылсымға толы Тәкен Әлімқұлов жарық дүниемен қоштасарда өзін осы Бабатаға әкеліп жерлеуді аманаттаған. Неге? Өйткені, ол осы көне кентте дүниеге келді. Жамбасы да қасиетті жерге тиді. Жазушының ата-бабаларының сүйегі де осында жатыр. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Тәкен Әлімқұлов 1960 жылдары Созаққа келгенде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге Бабатаға соғады. Сонда Мұхтар Әуезов «Үміт оқиғасын» осында естіген. Кейіннен «Өскен өлке» романында «Үміт оқиғасы» желісін пайдаланғаны белгілі.
Міне, осындай әр тасы сөйлеп тұрған Теріскей тарихы тым-тым шыңырауда жатыр. Біз Созақ ауданына кіре берістегі оң қапталда жатқан сол Баладж қаласына сапарлап көрелік.
Көне кент Испиджаб алқабындағы Х ғасырдағы географ әл-Макдисидің қалалар тізімінде бар. Зерттеушілер Баладж қаласын Баба-Ата қалашығы деп те көрсетеді. Осы Бабатаның арғы бетіне өтсеңіз, Алтыағаш деген өзен сарқырап ағып жатыр. Ал қала іргесінен Бабата атты өзен өтеді. Алтыағашты айтып отырғаным, осы өзен бойына кезінде Құмкент кеңшарының қырқым пункті орналасқан еді. Осында жұмыста жүргенде Бабата ауылының дүкеніне келіп тұратынбыз. Мүжіліп шөккен көне қорған-қамалдар бізге сұмдық қорқынышты көрінген. Көненің көздері бекініс-қорған осыдан мың жыл бұрын салынған дейтін. Расында, көне бекіністің сыртқы қабаты соны растай түсетін. Кейіннен осындай бекініс қалдығын Саураннан көрдім.
Ысқақ бабтың тұрағы болған көне қалашыққа таяу жерден ХVІ-ХVІІ ғасырларға жататын кесененің қирандылары табылды. Десек те, жазба деректерде Баладж қаласы туралы деректер сараң сөйлейді. Өйткені, ежелгі қала сауда жолынан алыстау жатқан. Жан-жағы таумен көмкерілген кент саяхатшы, географтардың көзіне түсе де қоймаған шығар.
Десек те, Ұлы Жібек жолы Талас жазығынан Қаратауды бөктерлей өтіп, Саудакент, Құмкент (Қойкент), Созақ қалалары арқылы Дешті Қыпшақ қаласына керуен тартады. Негізінен Құмкент пен Бабатаның арасы бар-жоғы отыз-ақ шақырым. Қызылкөлдің төбесінен тіке тартсаңыз, Қаратауды қақ жарып жатқан үлкен аңғар кездеседі. Осы аңғарды қуалай аққан су Қызылкөлге құятын. Ұлы Жібек жолындағы сауда орындары аталғанда Баладждың кездесе бермейтіні ойландырады. Осы қаланы Қазақстан Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, археолог, тарихшы, өнертанушы әрі фольклоршы Әлкей Марғұлан да арнайы келіп көрген. Ол Орталық Қазақстанға, Сырдария, Талас және Шу өзендері аңғарларына жасаған Этнографиялық-археологиялық экспедицияларға жетекшілік еткен. Кеңестер Одағы кезіндегі белді мамандар С.И.Руденко, А.А.Миллер, Н.И.Репников, М.П.Гряз-нов басқарған археологиялық экс-педицияларға қатысқан. Дегенмен де, Әлкей Марғұлан еңбектерінде де Баладж қаласы туралы деректер аз. Есесіне Бабата-Баладж қаласы туралы Карл Байпақовтың «Қазақстанның ежелгі қалалары» («Аруна» баспасы, 2005 жыл) мен Дулат Тұранұлының «Ысқақ бап» («Сөздік-Словарь» баспасы, 1999 жыл) кітаптарында кеңірек жазылады. Бұған қарап «Баладж қаласы туралы бұған дейін ешбір еңбекте кездеспейді» деуге негіз жоқ. Мәселен, ибн Назым жазған «Әлі-Фахрист» жазбасында, ғалым М.Мырзахметовтың редакторлығымен шыққан «Иассауи тағылымы» (Түркістан. 1995 жыл) кітабында Ысқақ бабтың Түркістанға кіретін Иассы, Сүйірі, Қарнақ, Иқан, Темір қафқан, Бақстан, Жетікент, Алтмыш, Отырар, Сығанақ және басқа көптеген түрік тайпаларын мұсылман етіп, Теңіз деп аталатын үлкен айлаққа жеткені айтылады. Бұдан әрі шежіреде Ысқақ бабтың Қойкент (Құмкент), Қарғалық қалаларынан келгенін айтып өтеді. Зерттеушілер Қарғалық қаласын бүгінгі Бабата бекінісінің көне атауы деп те жазады.
Қарғалық қалашығының көлемі 43 гектарға жетеді. Қалашық аумағына 1953 жылдары қазба жұмыстары басталып, ол жеті жылға созылады.
Қазақстанда қала орныға қоймаған VI-VIII ғасырларда мұнда екі қабатты сарай салынған. Қаланың ең көне бөлігі ішкі қамал екені осы қазба жұмыстарында белгілі болған. Жоғарыдағы екі қабатты сарайдың көлемі 240 шаршы метрді құраған. Ол шикі кірпіштен қаланған ғимараттың ортасында сегіз бұрышты зал болған. Ал, сол залдың ортасында іші таспен өрілген құдық қазылған.
Баладж – ежелден діни орталық. Сарайдың сегіз бұрышты залында отқа табынушылыққа байланысты діни салт-дәстүрлер, жоралғылар жасалған. Жоспарлы қазба жұмыстары кезінде үлкен ошақ табылған. Ол ошақта күл сақталған. Зал сегіз бұрышты болғанымен оған бір ғана есіктен кіруге болады.
Екі қабатты сарайдың үстіңгі бөлмелері тұрғындарға арналған. Екінші қабатқа үш жағынан бұрамалы (айналмалы) баспалдақпен көтерілген. Баспалдақ шатырға дейін алып шығады.
Жоғарыдағы алты бөлмеге күм-бездерде арнайы жасалған ойық-тар арқылы сәуле кіретін болған. Баспалдақтарға жарық қабырғаларда қалдырылған тесіктер арқылы түсіп тұрған. Мұндай тесіктер сырт жағынан қарағанда тар. Ал, ішкі жағынан кеңейе береді де бөлмелерге түсер сәулелер молая түседі. Осыған қарап-ақ сарайды шеберлер мен сәулетшілер дәлдікпен тұрғызғанын көруге болады.
Үлкен сарай сегізінші ғасырларда-ақ құлай бастаған. Жел бөлмелерге құм мен топырақ толтырып тастаған. Кейіннен күмбездер опырылып құлайды да орнына жаңа ғимарат тұрғызылған. Жаңа ғимарат көтерілерде бұрынғы бөлмелерді арнайы дайындалған балшықпен толтырған. Есіктер сабан аралас кірпіштермен бекітілген. Сосын ғимараттың шатыры тегістеліп, аумағы 304 шаршы-метрді құрайтын жаңа бір қабатты үй тұрғызылған. Сол жерде бұрынғы шатыр тұрған жер жаңа үйдің едені болып қалған.
Бұл ғимараттың сегіз бөлмесі болды. Орталық бөлмесі бұрынғы күмбезден жабылған сегіз бұрышты зал еді.
Алғашқы кезде ғимараттың жартылай дөңгелек пішінді екі мұнарасы болған. ІХ ғасырда ғимаратты кесекпен тұрғызылған қабырғалармен қоршаған. Бүкіл қалашықты дерлік қоршап тұрған бекіністердің қалдығы әлі де бар. Бекініс үстінде қарсыластарға оқ ататын арнайы орындар қалдырылған. Мұнда сондай-ақ қарауыл бөлмелері, мұнаралар болған. Шахристанның айналасына тереңдігі 4 метрлік ор қазылған.
ХІ-ХІІ ғасырларда Баладж қаласы гүлденгені көрініп тұр. Қала айналасында бірнеше рабаттар салынған. Осы тұста қаладағы ішкі қамал қайта тұрғызылған. Ол бұрынғысынан екі еседей үлкен екен. Жаңа ғимараттың ортасында да сегіз бұрышты үлкен зал қалдырылған.
Қала маңындағы рабаттар да кеңейе түскен. Құрылыстың дамығаны сондай, көп бөлмелі, шатырлы үйлер көп. Бөлмелер тандырдан шығатын ыстық ауамен жылытылды. Бұл үшін арнайы құбырлар жасалған.
Қазба жұмысы барысында археологтарды су құбырларының өте дәлдікпен салынғаны таң қалдырған. Құбырлар бастауларға дейін жеткізілген. Бұлақ суы таспен қаланып жасалған арнайы шұңқырда жиналып, одан кейін барып қалаға ағатын болған. Білкім, бұл суды тұндыру, залалсыздандыру үшін керек болған шығар. Қыштан күйдіріліп жасалған құбырлар арқылы су қаланың барлық керекті жерлеріне таратылған.
Көне кентте қол өнері барынша дамыған. Жергілікті шеберлер зергерлік дүниелерді дайындауда бойындағы бар өнерін аямаған. Қазба жұмыстары кезіндегі табылған зергерлік бұйымдар, тандыр нан жабатын пештер осыны айғақтайды. Қыш ыдыстардағы және басқа да бұйымдардағы ою-өрнектер қазіргі қазақтардың ағаш, сүйек, металл, тігін бұйымдарына салатын оюларымен сәйкес келетіні де таңырқатады.
Археологтар сол 1953 жылы ортасында төрт бұрышты тесігі бар дөңгелек мыстан жасалған бұйым тапқан. Оны татынан тазартқан кезінде айналасына тышқан, сиыр, жолбарыс, қоян, айдаһар, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз бейнелері салынғаны көрінген. Демек, сол кездің өзінде бабаталықтардың күнтізбесі болған деп жорамалдауымызға негіз бар.
Шахристанның архитектуралық құрылыстары да өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Ішкі қамалдағы сегіз бұрышты бөлмелердің әр кезеңдерде бір үлгіде салынуы, сабан қыштардың бірқалыпты құйылуы, құрылыс тәсілдерінің бірізділігі сол замандардағы құрылысшылардың қолтаңбасын көрсе-теді. Олар осы өнерлерін ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдырып отырған.
Ұсынықты ұсталар, хас шеберлер ғимараттардың сыртқы сұлулықтарына да ерекше көңіл бөлген. Айталық, сарайлардың шатырлары жарты шар үлгісіндегі күмбездермен жабылған. Олардың біреуі – үлкен, біреуі – кішілеу, үшеуі төрт бұрышты етіп жасалған. Осы стиль ғимараттың сыртқы көрінісін ерекше ажарландырып тұрған, күмбездерді жасаған шеберлер ғимараттың жалпы ауданын, дәл ортасын анықтай алған. Сондықтан да мөлшерлі өлшем дәлме-дәл қолданылған. Ғимарат төбесіндегі күмбездер жерден қараған адамдарға да анық көрініп тұрған.
«Баба-Ата кесенесінің ішкі қорға-нының әу бастағы жобалануы – өнердің бірегей туындысы. Орта Азия мен Қазақстандағы жергілікті ғимараттар арасынан оған тең келер құрылыс табылмайды. Алайда мұндай архитектуралық құрылыстың «ізашарын» табуға болады. Ондай өнер туындысына, біздің ойымызша, қола дәуіріндегі (б.з.д. 2000 жыл) және IV-II ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария өзенінің етегінде орналасқан сақтар кесенелері жатады» деп жазады ғалым К.Байпақов.
Қола дәуірінің соңғы кезеңдерінде кездесетін бұл ең үлкен кесене – сыртынан қарағанда дөңгелене келген, ішкі жағынан шар пішімді ғимарат. Оның диаметрі 15 метрдей, қабырғаларының қалыңдығы 4 метрдей. Орталық ғимараттың биіктігі 6 метрге жетеқабыл. Ол сабан қышпен қаланған дуалмен қоршалған. Зерттеушілер мұндай құрылыстар Орта Азия даласындағы құрылыс салу әдісімен үйлесетінін айтады. Сақ кесенелері ежелгі Теріскей кесенелерінің даму жолын жалғастырған. Бабата қалашығының ішкі қамалының салынуындағы ұқсастықтарды анық-тауда Баланды-2 кесенесі еске түседі. Ол орталық дөңгелек пішінді залдан және оның айналасындағы бір-біріне қабырғалас салынған бір деңгейлі бөлмелерден тұрады. Баланды-2 кесенесі бүгінге дейін бүлінбей жеткен. Ғимараттың жалпы диаметрі – 16 метр. Қабырғаларының биіктігі – 4,5 метр.
Осы кесенелерді салған адамдардың өмірінде отқа табынушылық үрдісі қалыптасқан. Кезінде кесенелер олардың тұрмыс салттарында түрлі қызмет атқарған. Мұнда Құдайға табынушылықтан бастап, жерлеу рәсімдері, басқа да салт-жоралғылар өткізіліп отырылған.
Теріскен кешеніндегі «Жақсы тілек ғибадатханасы», «Күн ғибадатханасы» өзіндік ерекшеліктерімен ғалымдар назарын өзіне аударған. Сондықтан ғалымдар мен зерттеушілер Бабата құрылысын да әу бастан «Күн ғибадатханасы» үлгісінде салынған деп болжам жасап отыр. Баладжды от қала деп те атайды ғалымдар.
Ысқақ баб кесенесінің де өзіндік тарихы бар. Оның да салыну тәсілі тың, құрылысы ерекше. Ол кесененің екі күмбезі бар. Бірі үлкен де, екіншісі кішілеу. Кіші күмбездің астында Ысқақ баба әйелі және баласы жатыр. Күмбездердің көлемі де әртүрлі. Үлкен күмбездің диаметрі 36 метр де, кішірегі 25-27 метрдей. Үлкен күмбездің астында «Жаназа намазы оқылады» деп есептелген.
Аңыз бойынша Аппақ ишан құрылыс басталарда түйе әкеліп шөгереді. Түйе Темірқазық жұлдызына қарай шөгіпті. Демек, солтүстікке қараған. Түйенің үзеңгісі құбыланы көрсеткен. Осы тұсқа намазға жығылу үшін белгі орнатқан.
Кесене құрылысын Бұқарадан алдырылған шеберлер жүргізген. Оны Ысқақ бабтың ұрпағы Нұрмағанбет молда шақыртқан. Бұқаралық шеберлер Ысқақ бабтың жатқан жерін көріп, бұрынғы кесене жобасын сақтай отырып құрылысты бастаған. Бұқарадан келген шеберлер мешітті Ысқақ баб кесенесінің тозған топырағын-сыпасын жөндеуден бастаған. Топырақты алыстан тасымапты. Топырақ алынған жер ойпаң қалпында әлі жатыр.
Ұзақтан келген ұстаздар кірпішке қосатын балшықты басқа жерден дайындаған. Балшыққа ақ керіш әкті майдалап қосыпты. Оны «гәнш» деп атайды екен. Қыш барынша берік болсын деп аттың, түйенің, серкенің қылын, шудасын, жүнін турап салған. Әк тасты өртеп барып пайдаланған. У тасты Құмкент жақ бетінен алған. Мешітпен бірге мұнда бала оқытатын медресе де салынған. Онда Саудакент, Шолаққорған, Созақ, тіпті сонау Арқадан шәкірттер келіп білім алған. Білетіндердің болжауынша, онда бес жүзге дейін шәкірт оқыған. Осы медресені салуға Жетісу, Өскемен имам қауымдары көмек берген деседі. Тіпті осы медресе үшін Өскеменнен 2000 жылқы айдалынып келген көрінеді.
Құрылыс қоңыр күзге дейін созылған. Алда қыраулы қыс бар еді. Жауын-шашынға ұрынбас үшін шеберлер жұмысты күндіз-түні істеулеріне тура келген. Күмбезді ағаш шегемен біріктірген. Медресе үшін күйдірілген қыш дайындалған жердің орны әлі де бар. Құрылыс жұмыстарына кететін шығынды күнгей-теріскейдің 33 байы көтерген. Өйткені, олардың балалары да осы медреседен білім алады екен. Медреседе 1923 жылға дейін бала оқытқан. Отызыншы жылдардағы ашаршылықтан соң мешіт өз жұмысын тоқтатқан.
Заман ағымымен Қарғалық, Баладж, Бабата атанған бекініс-қалашықтың сәулеттік сән салтанаты соншалықты көркем де әсерлі болғаны уақыт тезінен аман қалған жәдігерліктерден анық көрінеді. Айталық, ХІ-ХІІ ғасырларда мұнда монша жұмыс істеп тұрған. Оған өзен, бұлақтардың таза суы пайдаланылған. Қарғалықтың қорғаны туралы аңыз-әпсана ел аузында әлі де көп айтылады.
Ысқақ бабтың кесенесі салынғанда әулиенің ұрпақтары аянбаған. Мәселен, Шолаққорғанда тұратын Әлмет Тома деген кісі өте қайратты екен. Диқаншылықпен айналысқан. Осы кісі Бабата мешіті салынып жатыр деген хабарды ести сала 2 қап тарыны 30 шақырымдық жерге арқалап жеткізген ғой. Сөйтіп, кері қайтып кетпестен, 60 түйеге жүк болатын баялыш шапқан. Осы отынмен қышы күйдірілген.
Әрине, кесене бірнеше рет жөндеуден өткен. 1929 жылы Ысқақ баб кесенесі мен мешітті қоймаға айналдырыпты. Қоймаға айналмас бұрын бұл қасиетті мекенге Әлкен дамолда деген оқыған азамат иелік еткен. 1931 жылы осы Әлкенді тығылып жатқан жерінен НКВД жендеттері ұстап әкетіпті. Оны Жартай деген інісі ұстап берген, яғни тығылып жатқан жерін көрсеткен. Әлкен сол кеткеннен оралмайды.
Сол жылдары Жәкел сағанасы қиратылады. Кезек Бабата кесенесіне де келіп қалады. Осы кезде Ащысайда кенші болып жұмыс істейтін бір азамат Созаққа алып-ұшып жетіпті. Оның қолында В.И.Лениннің мәдени мұраларды сақтау туралы мақаласы бар екен. Енді «күн көсемнің» өзі жазып кеткеннен соң орындалмасқа шара бар ма? Ысқақ баб кесенесі, мешіт пен медресе осылай аман қалған деседі көнекөз қариялар.
Соғыстан соң Дадақожа Бәкіқожаұлы мешітте шырақшы болып отырған. 1987 жылға дейін Қартқожа Назарұлы, одан кейін Әріп Үсенұлы мешітке бас-көз болды.
Азапты 1937 жылы мешітке бас-көз болған 8 имам, 3 шырақшы ұсталып кеткен. Бұл кісілердің ұрпақтары Мәш, одан Орынқожа балалары, Әзінай балалары, Әблаз, Мүсілімқожа балалары, Сейфолла қалған. Ауданда түрлі басшылық қызметте болған Мелдебек Әтенов те ғимараттың бүгінге аман жетуіне ықпал жасаған. Ол ғимараттарға жөндеу жүргізіп, шарбақтарын түзулеген.
Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз бен Әзірет Әлінің тікелей ұрпағы Ысқақ бабтың елдің мәдени, рухани өрлеуіне қосқан үлесі, сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол VIII ғасырдың соңында, IХ ғасырдың басында ислам дінін Түрік уәлатына ең алғашқы болып таратқан адам. Ислам діні елімізге жаңа серпін әкелді.
Адамдар өзінің болашағын мүлдем жаңа мәдениетпен жалғастырды. Осы уақытқа дейін манихей діні, одан қалса христиан дінін уағыздаушылар мысықтілеулі күймен ұлы даланы кезіп жүрді. Түрік қағанатының ыдырауына байланысты Будда, лама діндерін Қытай империясы өз қалқаны етті. Міне, осындай алмағайып, аласапыран кезде қазақ даласына Ислам діні Алланың нұрын төкті. Халық қараңғылықтан құтылды.
1999 жылы қазақты Алланың хақ жолына салған Ысқақ бабтың кесенесі күрделі жөндеуден өтті. Ауданның белгілі кәсіпкері Амангелді Нұрлаев бастама көтеріп, қор құрды. Ысқақ баб кесенесінің жөндеуден өтуіне байланысты үлкен ас берілді. Кейіннен кесенемен қатар мешіт-медресе де қалпына келтірілді.
Жоғарыда сөз басында айтып өткеніміздей, осы мекенге Мұхтар Әуезов жиі ат басын бұрып отырған. Ол Бақсайыс қожалардан тараған ұрпақтарды көбірек сұрастырған деседі. Өйткені ол ХVІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген Бақсайыс бабаның 13-ші ұрпағы екен.
Бақсайыстың шын аты-жөні Хазірет Сейд Камал-ад-дин. Бұл кісінің кіндігінен өрбігендер аса талантты ақын-жазушылар, хандар мен батырлар болған. Тікеш, Өтеш, Шәріп шейхтардан «Айқап» журналын шығарушы Мұхамеджан Сералин, Мұхтар Құл-Мұхаммед жалғасады. Қазақтың зиялы өкілдерінің төл тарихымызда өзіндік орындары бар.
Бұрынғы Баладж, одан Қарғалық, кейіннен Бабата аталған қаланың атауы қалай қалыптасты? Біздің қазақ қашан да өздері құрмет тұтатын әулиелерге «ата» сөзін қосып айтады. Ұлан-байтақ жерімізде Қошқар ата, Асық ата, Ұзын ата, Укаша ата, Шолпан ата, Жыныс ата, Әулие ата деген елді мекендер, рабаттар, қалалар көп. Ысқақ бапты да жергілікті халық аса құрметтеп «Бап ата» атап кеткен. Осылай бірте-бірте Бабата атауы қалыптасқан. Мұны бұрынғысынша қайта қалпына келтірсек, «Бап ата» атауы шығады.
Бұл жолы біз Оңтүстіктегі от қала тарихына аз-кем тоқталдық. Ал, Ысқақ бап туралы алдағы мақаламызда қайта ораламыз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.