Бақытты болайықшы  бірауық біз… Бақытты болайықшы  бірауық біз…
Әмина АДАЙХАН 1984 жылы ҚХР Алтай аймағында дүниеге келген. Алтай аймақтық жазушылар одағының мүшесі. Шыңжаң университетінің журналистика мамандығын тәмамдаған. 2003 жылы атажұртқа оралған, қазір... Бақытты болайықшы  бірауық біз…

Әмина АДАЙХАН
1984 жылы ҚХР Алтай аймағында дүниеге келген. Алтай аймақтық жазушылар одағының мүшесі. Шыңжаң университетінің журналистика мамандығын тәмамдаған. 2003 жылы атажұртқа оралған, қазір Алматы облысы Талдықорған қаласында тұрады. «Жүректегі ағыстар», «Жастық жалын жыр», «Жүз өлең» жыр жинақтарында өлеңдері және Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Қалықта, қанатты хаттар» жыр жинағы жарық көрген. Түрлі жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

 

ӨКПЕЛЕДІМ

Мен саған өкпеледім,
Жүрегімде бүр жардың, көктем едің.
Арпалыстың арбасын жегіп беріп,
Керек еді ұмытып кетпегенң…

Мен саған ашулымын,
Табиғатқа сыя алмай тасу мұным.
Жанымды жеп жүргені-ай жегідей боп,
Сен сыйлаған жалғыз-ақ жасын мұңым….

Мен саған өшігемін,
Тағдырыма тағамын несіне мін?
Кінәнің бәрін іздеп бір өзімнен,
Өкпеге қимай-қимай кешіремін…

Мен сені сағынамын,
Алыстама жанымнан, жабығамын.
Періштенің тілінде өлең жазып,
Тәңірге шағынамын…
РҰҚСАТ ПА?

Сені көріп менің есім ауысты,
Тәтті қиял тағатымды тауысты.
Керуені кеудеме кеп қонақтап,
Күн мен түнім ауысты…
Өз ойына өзі жүрген масайып,
Аптығыңды, жүрек, қалай басайық?
Жүрек сүйсе сүйініңдер, адамдар,
Тақпаңдаршы бос айып.

Сұрақ толы жанарлардан жасқана,
Міскін халде дұшпанға да, досқа да.
Бастап кетіп өзің жайлы әңгіме,
Өзімді әрең тоқтатамын, масқара.

«Сүйе алады барлық адам» десек те,
Шын махаббат түсер сынға, есепке.
Жетсе саған балдай тәтті сезімім,
Айналып ап өсекке.

Онда маған одан өткен қорлық жоқ,
Еңсемді езіп ұят төнер «өлдің» деп.
Сағынуға рұқсат па екен өзіңді,
Тағы тұр ғой көргім кеп…

ӨТІНІШ

Жүрегіме баспалап ендіңіз де,
Сезімдерге мендегі сендіңіз бе?
Тағдырыммен күн сайын ерегісіп,
Өкпешіл болып барам, көрдіңіз бе?

Жасамаққа бел буып батыл қадам,
Жаныңызға жүгіріп жақын барам.
Қол созудан именем сосын тағы,
Бола қалып өзімше ақылды адам.

Бір күн от боп көңілім, бір күн ызғар,
Иемденіп алғанмын сыртыңыздан.
Алдыңыздан жымыңдап өте шықса,
Қызғанамын өлердей түлкі қыздан.

Шақырса да қылығын шығарып күз,
Бақытты болайықшы бірауық біз.
Көңілшек боп кеткенім түсініксіз,
Атанып кетер ме екем жылауық қыз?

Жанымды оқыңыз да жұбатыңыз,
Өшпестей боп оюлы тұр атыңыз.
Мен сізді жақсы көрем қатты-қатты,
Өтінем, сіз де мені ұнатыңыз…
ӨЗІМ ҒАНА

Көңіліңнің көк айдыны кең еді,
Мініп алып сезім дейтін кемені.
Қазынасын қарақшыға ұрлатпай,
Өзім ғана жүзіп жүргім келеді.

Тұңғиық тым көрінетін төзіммен,
Ғашықтықтың ғаламаты сезілген.
Қадалмасын хордың қызы келсе де,
Өзім ғана сүйем, жаным, көзіңнен.

Қызғаншақпын мен не деген, масқара,
Құшағыңды аша көрме басқаға.
Өзім ғана жұмақ көрген мекенім,
Одан өзге жердің бәрі тас мола.

Арманымнан алтын арай тарайды, ә,
Өзім ғана батырайын бал ойға.
Бар бақытты сенен ғана табайын,
Сен де сүйтші, Жарай ма?!

***

Неткен қиын тағдырыңа бас ұру,
Аласұрған сезімдерді жасыру.
Әрең жеткен бақытыңа қол бұлғап,
Қоштасуға асығу…
Неткен оңай құлай сүю, ұнату?
Оңай емес, ғашықтық дерт сұрапыл.
Үлбіреген үмітіңді өлтіріп,
Жүрегіңді жұбату…

Неткен тәтті еріндегі отты өбу,
Удай ащы өзегіңді өрт керу.
Өліп-өшіп сүйгеніңді ұмытып,
Бір-ақ сәтте жек көру…

Неткен ыстық еміренген құшақтар?
Жамылғанмен көңілімнің іші ақ қар.
Сағынышқа айналғаның мезгілсіз,
Жүрегімді пышақтар…

Неткен алыс көз жетпейтін арамыз,
Жанымызбен жақын болып барамыз.
Бақытсыздау тағдырымен күрескен,
Бақыттымыз, аға, біз…
СІЗДІ КҮТТІМ

Білесіз бе?
Мен бүгін сізді күттім,
Сізді күттім өлердей үздігіп тым.
Өкпеледім өзіме, өзіңізге,
Ізі қалмай кеудемде ізгі үміттің.

Қиялдағы қалқаның халін біліп,
Көрейін дедіңіз-ау сағындырып.
Періште сезімімнің қауырсынын,
Хат жаздым сағынышқа малындырып.

Деген ем «жібіместей тас қаттымын»,
Арманыңа асылып асқақтығым,
Сергелдең сезімімнің сері құсы
Жылады жалғыздықтың жастап мұңын.

Тағы бір ай келеді қияқтанып,
Жұлдыздар жатыр оған күй ақтарып.
Көрінесіз, о, ғажап, қалай-қалай
Мен адасқан бал бақыт сияқтанып.

Құбылтып құмбыл заман шырайын көп,
Тұрған шығар тағы өмір сынайын деп.
Бақыттың базарында жүрмін десем,
Сіз маған жабыстыңыз уайым боп…
ҚАШАН?

Жанымнан да жақын әрі бөтенсіз,
Мені қашан сағынады екенсіз?

«Сағындырсаң іздеп барам» дегенсіз,
Кеттік біздер неге үнсіз?

Түн келгенде тұман бүркеп етегін,
Сіз туралы сан түрлі ойға кетемін.

Тепкілейді жүрек көңіл төрімді,
Менен гөрі ай бақытты көрінді.

Кететіндей жанарымнан сізді алып,
Көрмей қойдым оны да іштей қызғанып.

Сізді қайдам, мені ұмытқан шығарсыз,
Мені мазақ етіп алды мұң арсыз.

Сезімдерді тұншықтырып сабылған,
Жаныңыздан кетпей тұрып сағынғам.

Биыл келген тым жылауық екен күз,
Мені қашан сағынады екенсіз?
КҮЗ ЕКЕУМІЗ

Толтырып ап тұнжыраған көзге шық,
Күз екеуміз қалдық бүгін кездесіп.

Жапыраққа жазып бүгін наласын,
Айырады ағаш мезгіл арасын.

Есін алған ерке жел мен есер мұң,
Жапырақты жерден биік көтердім.

Тағдыр жолын кешіп болып не түрлі,
Дірілдейді менің жаным секілді.

Алақаным сыйлайтындай бір үміт,
Соңғы демі сабағына ілініп.

Жаутаң қаққан жанарына сыр бүгіп,
Жүгіреді жапырыла дүрлігіп.

Жанғанымен жалын лаулап жанымда от,
Мың ғұмырды аялауға халім жоқ.
Мен де ұқсаспын, қаңбақ ғұмыр, сенімен,
Көшем бір күн тағдырымның желімен…
***
Өкпелеп тұрып,
«Өкпелемедім» дегенін
Жүрегімменен сеземін.

«Отырған шығар,
Өкпеге қимай мені» деп,
Өртеніп кетті өзегім.
Жазғыра берме, Өзіңді!

Жо-жоқ, мені де,
«Бұл өмір, – деме, – неге мұң?».
Мұңая көрме,
Уақыт өзі-ақ бір күні,
Түсіндіреді себебін…

Саяңда сенің,
Құлпырып тұрған мен едім,
Жаны қалмастан,
Аялап жүрген сен едің.
Сезіммен бізді,
Үзілмейтіндей матаған,
Табиғат деген шеберім.

Жадырайықшы,
Екеуміз бірге, кел, қане,
Көңілдің аршып шеменін…
***

Көңілім құлазып көктемсіз,
Жаз да жоқ, жәудіреп жеткен күз.
Несіне еске алам мен сізді,
Сіз мені сағынбай кеткенсіз.

Еніп ап бейуаз пішінге,
Мен жүрмін арпалыс ішінде.
Ойымнан оңдырмай өшірсем,
Кездесіп қаласыз түсімде.

Сыралғы досымдай түн менің,
Есігін қағады түрме мұң.
Жүрекке жармасар қандай бір
Ақыңыз кеткенін білмедім.
Өртейді отыңыз өбектеп,
Сергелдең сезімдер себеп боп.
Жоқ, әлде менің де дәл сіздей,
Қатыгез болуым керек пе еді?
***

Тәнті етіп маңғаздық, мәрттігің,
Шаршатты шарасыз шаттығым.
Алыстап кетейін десем-ақ,
Жолымды ториды әккі мұң.

Күндей боп көрінген еңселім,
Ешқашан бітпейтін ертегім.
Ұмытсам ба екен ә ,жүректің
Жұлып ап сен тұрған бөлшегін?

«Сырлы әлем» сияқты ашпаған,
Тамұқтай тағдырым тас маған.
Сәулеңе елітіп мен жүрмін,
Көре алмай өзіңнен басқа жан.

Өмір-ай өкінбей өтпейтін,
Арман-ай, жақынсың, жетпейтін.
Мен саған ашып ем жүректі,
Ал, сен ше,
Келмейсің, кетпейсің.
***

Арман боп алыстап кеткесің,
Сондықтан жерде емес, көктесің.
Мен саған қол созып қайтемін,
Білемін, онсыз да жетпесін.

Ақыл мен сезімнің таласы,
Жер менен аспанның арасы.
Сенімен сенделіп қайтады,
Қиялдың жүйрігін қарашы.

Көңілдің көктемін күз жуып,
Жүректі жаралап ізгі үміт.
Тым жақын жүрсек те, арманым,
Жете алмай келемін үздігіп.

Ұмытып өзге өмір шаттығын,
Күтумен жүздесер сәтті мың.
Арқалап ауыр ой мен жүрмін,
Тербетіп теңіздей тәтті мұң.
БӘРІНЕ КҮЗ КІНӘЛІ

Маған ұрысқан сіз емессіз,
Сіз емессіз жылатқан.
Жылатып ап абайсызда,
Шыр-пыр болып жұбатқан.

Айқайлаған сіз емессіз,
Үрейімді ұшырып.
Қарашаның желі ғой деп,
Тұрмын іштей түсініп.

Сағындырған сіз емессіз,
Сап-сары нұр атырап.
Сыбдыр-сыбдыр қоштасып ап,
Жабырқайды жапырақ.

Сүйдірген де сіз емессіз,
Сіз емессіз өртеген.
Күзбен мен де таныс ем ғой,
Сіз сияқты ертеден.

Ақталуға шарам болмай,
Қалып тұрмын тағы үнсіз.
Алмастырмас ашуына,
Менің аппақ жанымсыз.

Көңілімде қалып қойған
Бұлттар сыздап тұр әлі.
Ұқсағысы келген сізге,
Бәріне күз кінәлі.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *