Еркінбек СЕРІКБАЙ,
Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ақпарат саласының үздігі
Қазақстанның Латын әліпбиіне көшу үдерісін әлем жұртшылығы әртүрлі қабылдады. 1991 жылы Тәуелсіздік алған мемлекет ретінде түрлі салада реформалар жүргізді. Соның бірі көп талқыланғаны латын әліпбиіне көшу. Әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлігі болғандықтан шетелдік ақпарат құралдары Қазақстанның латын әліпбиіне көшін талқылауға алды. Оның ішінде бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттері мен түркі тілдес елдерінің ақпарат құралдарын бұл мәселені Қазақстанмен ортақ мүдделері үшін жан-жақты қадағалап, зерттер отыр. Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі тек Қазақстаның үшін ғана емес, Ресей, Батыс және Түркия немесе Түркі тілдес мемлекеттері үшін өте маңызды. Бұрын одақтас республика болғандықтан Ресей әлі де болса, Қазақстанды өзінен алыс жібергісі келмейді. Қай салада болмасын… Қазақстан латын әліпбиіне көшу арқылы тек орыс әлемінен бойды алыс ұстау үшін емес, бүкіл әлеммен бірге болуды 1991 жылдан бері мақсат етіп келеді. Кеңес одағының тарауының нәтижесінде Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркіменстан мемлекеттері латын әліпбиіне өтті. Қазақстан да латын әліпбиіне өтуде нақты қадамдар жасай бастады. Ең алғаш болып Түркияның ұсынысымен 1992 жылдың ақпан айында Әзірбайжан 1993 жылы сәуірде Түркіменстан, қыркүйекте Өзбекстан латын әліпбиіне өтуді бастады. Қазақстан бұл тақырыпта біршама кеш әрекет етіп отыр. Басты себептерінің бірі 1989 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы жергілікті қазақтардың саны 50% төмен болған. 1991 жылдан бері бірнеше рет мемлекеттік және басқа деңгейде бұл тақырып талқыланды. Солардың ішіндегі айрықшасы Елбасы Н.Назарбаев 2006 жылдың қазан айында Қазақстан Халқы Ассамблеясының 12 съезінде Қазақстанның латын әліпбиіне өтудің уақыты келгенін айтқан еді. Осы жолғы мәлімдемесінен кейін Қазақстан қоғамы латын әліпбиіне дайындала бастады. Қазақстан көп этносты мемлекет болғаннан кейін өзге этнос өкілдерінің пікірі өте маңызды. Сол себепті де Ассамблеядағы айтылған пікірдің қоғам жақсы қабылдады. Елбасы Н.Назарбаев Латын әліпбиіне өту арқылы жаңа технологияларды қолдануды жеңілдететін боламыз. Осы ретте бұрынғы кеңес одағын елдерінің латын әліпбиіне біртіндеп көшуі кездейсоқ жағдай емес. Сала ғалымдары мен мамандары бұл мәселені жан-жақты зерттеп, көңілге қонымды жоба ұсынуы керек – деді.
Сонымен, Қазақстан латын әліпбиіне өтуді алдына мақсат етіп қойды. Жоғарғы деңгейде уақыт жоспарын белгіледі. Ең алғашқылардың бірі болып, орыс баспасөзі пікір білдіре бастады. Ресей баспасөзі Қазақстан орыс әлемінен бас тартып, латын әліпбиіне көшетін болды, тарихи достықты бағаламай отыр дегендей пікірлерді айта бастады. Алайда, әлемдік өркениеттің қайда кетіп бара жатқанын, кімдердің ықпалды екенін білетін орыс зиялылары Қазақстанның бұл әрекетін өте жоғары интелектуалдық деңгейде қабылдаған. 21 ғасырдың өркениеті ағылшын тілінде жасалуда, Тәуелсіз Ел болашағы үшін өзі әрекет етуі керек дегендей оң пікірлер де білдірген.
Ресейдің танымал баспасөзінің бірі газета.ру «Әріп рухқа қарсы» деген тақырыпта жарияланған мақалада: Ресей үшін бұл үлкен мәселе емес, кез келген Егеменді мемлекет қалаған әліпбиін таңдауға құқықты. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың елдегі ең үлкен ресми «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласы арқылы латын әліпбиіне көшудің заманауи қажеттілігі мен жаңа технология, халықаралық байланыстағы латын әліпбиінің үлкен маңызға ие екенін көрсеткен. Бұрынғы одақтас елдің бұл қадамы орыс тілінің қолдану аясын тарылуына айтарлықтай болса да әсер ететінін жеткізген. Қазақстанның латын әліпбиіне өтуін 2017 жылдың сәуірінде «The Financial Times» жариялаған мақаланы негізге ала отырып, салыстырып жазған. Соңғы 20 жыл көлемінде орыс тілі басқа тілдерге қарағанда географиялық жағынан қысқарғаны айтылады. «The Financial Times» дерегі бойынша Қазақстандағы орыс тілді қолданушы орта 1994 жылы 33 пайыз болса, 2016 жылы 20 пайызға дейін төмендеген. Мұндай көрсеткіш тек Қазақстанда ғана емес, басқа Орта Азия мемлекеттерінде да байқалған. Халықтарының көпшілігі ағылшын тілін үйренуді, білуді басты назарды ұстайтынын да жазған. Мұндай әлемдік тенденцияға Ресей қарсы тұра алмайды. Себебі, орыс азаматтарының өзі де ағылшын тілі «қажетті тіл» десе кейбіреулері басты тіл деп бағалайтынын көрсеткен. Оған қоса, орыс тілін қолдаушы елдердің экономикасы – ағылшын тілді мемлекеттерге қарағанда экономикалық жақтан өте әлсіз. Мәдениет саласында да орыс тілінде жазатын ақын, жазушы, режиссер, ғылымдардың шығармалары әлемді қызықтырудан қалды. Осындай критерийлерден кейін кирилл әліпбиін қолдану ешбір мемлекетке қызық емес – деп ресейдің ықпалды газетінің өзі жазып отыр.
Ресеймен Еуразиялық эконо-микалық одақ аясында болғанына қарамай, Қазақстан Латын әліпбиіне көшуді қолға алды – деп басталған мақала «Ұлттық стратегиялық мәселелер» журналының бас редакторы Аждар Куртов «Бүгінгі экономика» басылымына берген сұхбатында заман ағымы, интернет қолданысы және бүгінгі өркениеттің ағылшын тілінде жасалып жатқанын ескерсек Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі дұрыс. Алайда, бір қатар саяси және мәдени сәттерді естен шығармауы керек. Әлемде тек ағаылшын тілі ғана емес, басқа да өркениеттің бара екенін ұмытпау керек. Әліпби өзгерту өте маңызды саяси әрекет. Өту барысында түрлі әлеуметтік теңсіздіктер мен ұрпақтар арасындағы арақатынастың алшақтауы байқалады. Посткеңестік елдер ішінде кириллден латын әліпбиіне көшуде Қазақстан бірінші ел емес – депті Аждар Куртов. Молдова, Әзірбайжан, Түркіменстан және Тәжікстан мемлекеттері латын әліпбиіне көшкенімен кирилл әліпбиін мүлдем керексіз етіп тастамады. Аталған елдерде кирилл әліпбиі орыс тілімен бірге өмір сүріп, латын әліпбиімен жақсы бәсекелес болып отыр деп көрсеткен. Қазақстан Түркі әлемі үшін маңызды мемлекет болғаны үшін де басқа түркітілдес мемлекеттері түркі бірлігі қалыптастыруды мақсат етіп, Қазақстанның латын әліпбиіне өтуін күтіп отыр. Әсіресе, ресми Анкара 1991 жылы Тәуелсіздік алған Орта Азиядағы түркітілдес мемлекеттерге М.К.Ататүрік кезіндегі Түркияның тәжірибесін ұсынуда, осыған байланысты 1993 жылы Түріктер бас болып Түркі мемлекеттерінің құрылтайын өткізіп, ортақ әліпбиді де ортаға шығарды – депті. Сарапшының айтуынша түркі халықтарының арасында ортақ тіл болмағандықтан ортақ әліпби бос сөз ретінде қалды дейді.
Ресейлік сарапшының пікірі бойынша Қазақстан әлемдік аренаға ұмтылудан бұрын орыс баданында болғанын естен шығармасын деп тұрғандай. Тәуелсіз Молдова, Әзірбайжан, Түркіменстан және Тәжікстан мемлекеттері латын тіліне көшкенімен орыс тілінің ықпалы әлі де болса бар. Аталған мемлекеттердегі орыс тілді мектептер мен ЖОО-да білім беру кирилл әліпбиі негізінде жүреді. Қазақстанда да осындай жағдай орын алмақ. Ең бастысы жыл өткен сайын қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолдану аясын кеңейіп келе жатқанын ескерсек және 2025 жылы латын әліпбиін ресми жазу ретінде қолданатын болсақ қазақ руханияты жаңаша дамитын болады.
Назарымызды аударған келесі ақпараттық сараптамада орыс тілді мақаланың талдануы өте қызық. 1929-1940 жылдары Қазақстанның жазу латын әліпбиінде болғанын алға тартып, бұл тақырыптың талқыланып жүргеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Тіпті кеңес үкіметі кезінде 1989 жылы «Тілдер туралы заң» қабылданар тұста да негізгі талқылау латын төңірегінде жүрген еді. Латын әліпбиін қолдану арқылы қазақтардың ағылшын тілін тез үйренуіне жол ашылады, екіншіден, 48 мемлекетте өмір сүретін этникалық қазақтардың рухани байланысының артуына себеп болады. Қазақстан халқы саяси көзқарастарына қарамай, биліктің латын әліпбиіне өту туралы ұсынысты жақсы қабылдады. Бұл үдеріс қазақ тілді әлеуметтік желі қолданушылары қаншалықты латын әліпбиіне тез ауысатын болсақ, соншалықты мемлекеттік тілдің дамуына да жол ашылады деген үмітте.
Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшуге қарсы қазақстандықтардың бар екенін олар қаржылық шығын мен осы уақытқа дейін жазылған жазбалардан ажырап қалатыны туралы алаңдайтынын бұған қатысты Қазақстан билігінің жауабы дайын екенін көрсетеді. Бұл үдерісте Қазақстан – Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан және Өзбекстанның тәжрибесіне сүйенетіндіктен аталған бауырлас мемлекеттердің латынға өту кезеңіндегі экономикалық жағдайы қазіргі Қазақстанмен мүлдем салыстыруға келмейтін жағдайда еді. – деп айрықша баға береді. Бұл пікірге қатысты айтарымыз мынадай: Орыс баспасөзінде осы типтес мақалалар мен пікірлер өте көп. Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан бауырластарын ешуақытта назардан тыс қалдырмаған. Тарихи отанына оралушы бауырлары үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама жасаған үш мемлекеттің бірі. Латын әліпбиіне көшуде де Қазақстан ұлтаралық, аумақтық пікірлер мен тепе-теңдікті ұстап, бейбітшілік жолынан айнымайтын болады.
Ең алғаш апострофпен қабыл-даған латын әліпбиінің үлгісі лингвисттер мен филологтар тарапынан біраз сынға ұшырады. Ғалымдар тарапынан апостроф заман жүгін арқалай алмайды, компьютермен және қолмен жазуға өту қиын екені айтылды. Көпшілік құптай қоймағандықтан төл дыбыстарды таңбалау үшін ұқсас әріптердің төбесіне сызықша таңба қойылған нұсқаны бекітті. (мысалы á, ń), онымен қоса екі диграф бар, олар: (sh, ch). Ең үлкен қауіптің бірі 1940 жылдан бастап қағаз бетіне түскен тарихты болашақ ұрпақ оқып, танысуы қиын болады. Осы арқылы жастар тарихын білмей соның салдарынан кітап оқуға қызығушылықтары болмайды деп топшылапты. Қазақстан үкіметі сайтында көрсетілген ақпаратта 192 мың мұғалім қайта оқудан (даярлаудан) өтуі тиіс. Бұл 2 млрд. рубл. көлеміндегі шығын, ал қабылданар латын әліпбиіне сәйкестендіріп оқулық шығару үшін тағы да 350 млн рубл. қаржы керек деп жазыпты. Сонымен қатар, Ресейдегі «Орталық Азия және Қазақстан» деген институт әліпби ауыстырудың әлегі үлкен жемқорлыққа жол ашады деп те пікір білдіріпті.
Ресей сарапшысы ТМД Институты директорының орынбасары В. Евсеевтің пікірінше бұл республика азаматтарының яғни, салық төлеушілердің есебінен жүргізіледі. Салық төлеушілердің ішінде орыс тілді азаматтарда бар деп ерекшелей түседі. Қазақстанның бұл әрекеті геосаяси бағыттарын өзгерту дабылы екенін айтып, бұл әрекет тек биліктің ғана қалауы емес, бүкіл ел азаматтарының тілегі, қазақ тілінің әлемдік өркениет дамуынан қалмай, дамуға ұмтылысы, бұл арадан ешқандай қара ниеттің ұшқыны жоқ деп бағалапты.
Әрине, Қазақстанның әлемдік даму легінен қалмай, бәсекеге қабілетті қоғам құруына ешкімнің кедергі келтіруге хақы жоқ. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болғандықтан қай салада болмасын өзіне ыңғайлы жолды таңдауға еркі бар екенін жеткізгіміз келеді.
Қазақстанда 1930-дан қолда-нылған кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне өту мәселесі талқыланып жатыр. 1990 жылдары көшуді Өзбекстанның сәтсіздік жолына қарап, мәселені ұзақ зерттегендей. Қазақстан латын әліпбиіне өту үдерісін үш кезеңге бөліп қарастыруда. 1-ші кезең: 2018-2020 жалдары арасы дайындық кезеңі, 2-ші кезең: 2021-2023 жылдарда арасында оқыту, әдістемелік жақтан жұмыстарды бір ізге келтіру, 3-ші кезең: 2024-2025 жылдар арасында ресми мемлекеттік мекемелерде латын әліпбиінде жаза бастайтын болады – деп ақпараттық мәлімет берген. Қазақстанның латын әліпбиіне өту мәселесі бойынша ақпар берген бұл мақалаға түзету жасағымыз келеді. Қазақстан 1930 жылдан емес, 1940 жылдан бастап қана кирилл әліпбиін қолданып келе жатыр.
Көп жылдан бері талқыланып келе жатқан латын әліпбиі төңірегіндегі мәселе соңына келіп жеткендей. Қазақстанда 80 жылға жуық қолданылған 42 әріптен тұратын кирилл әліпбиінен бас тартып 32 әріптен тұратын латын әліпбиін қолдануды бастады. Қазақстанның Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылдан бастап латын әліпбиіне өту туралы тапсырма берген болатын. 2025 жылына дейін дайындық жұмыстарын жүргізіп, ресми рәміздерде кирилл әліпбиінде көрсетілген жазуларды латын әліпбиіне көшіру керектігі айтылған. Осылайша, орыс тілі Ана тілдерімен қатар ресми тіл ретінде қолданып латын әліпбиіне өткен Әзірбайжан, Түркіменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің қатарына Қазақстан да қосылды. Аталған басқа мемлекеттерге қарағанда орыс этносы көп болғандықтан Қазақстан біршама кештеу әрекет етті. Республика астанасында пилоттық жоба ретінде бірнеше мектептерде латын әліпбиімен сабақ өтуді бастады. Орыс мәдениетінің ықпалында қалған халық саны 18 миллионнан астам мемлекет билігінің мұндай қадамы қоғам тарапынан біршама қарсылыққа ұшырады. Оның себебі, Ресеймен жақындығы және орыс мәдениетінің символына айырылғысы келмейтіндер баршылық екен. Бұған қатысты Н.Назарбаевтың да пікірі бар. Жас ұрпақ шет тілдерін тез үйрену үшін және интернет қолданудың ыңғайлы жағын қалыптастыруда латын әліпбиінің маңызды екенін ескертті.
Түркияның баспасөзіндегі бұл мақаланың идеясы латын әліпбиіне қарсы шыққандардың әрекетін алға шығарыпты. Мақалада алаң-даушылықпен қатар қолдау және үміт бар. Бауырлас Түрік баспасөзі Қазақстанның өз азаматтарының жаңа дәуірге, жаңа символикаға қарсы шығу әрекетін басты назарға алып оның себебін айтпай кетеді. Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздік алған басқа Түркі мемлекеттері сияқты бұдан да ерте әрекет етуіне болар еді. Алайда, әлемдегі ең ұзын шекараның бір шетінде Қазақстан ішіндегі өзге этностың, шекараның арғы жағында қолдаушылары Қазақстанға бұл тақырыпта ерте әрекет етуге мүмкіндік бермегендей. Қазақта «ештен – кеш жақсы» деген мақала бар. Осы мақала аясында әрекет етіп, бар күш-жігерімен жақсы нәтиже көрсететін болады. Себебі, қоғам шын мәнінде латын әліпбиіне көшуді қалап отыр.
Ал, Еуропа баспасөзі бұл Қазақстанның бұл әрекетін өте жоғары деңгейде қабылдаған. Қазақстанның бұл қадамы саяси ерік-жігерінің күшейгенін көрсетеді. 70 жылдан астам уақыт қолданған кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшуді бастады. Бұрынғы кеңес одағы мемлекеттері тәуелсіздік алған соң, әліпби ауыстыруды талқылай бастады. «Біз Ресей емеспіз» деп әлемдік ортақ әліпбиді қолдануды жөн санады. Тіпті, қазіргі Ресей Федерациясының құрамындағы мемлекеттердің өзі ара-тұра латын әліпбиі туралы сөз айтатын болып жүр. Ал, Қазақстанның бұл тақырыптағы мәселесі дұрыс. Осы себептен де Қазақстанның бірнеше мектептері мен университеттері сынақ (пилот) режимде қолдануды бастап кетті.
Қазақ мектептерінде тіпті қазақ тілді мектепте де ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылғандықтан латын әліпбиіне өту кезінде қоғамда үйрену жағынан үлкен мәселе туындамайды. Түркияның негізін қалаушы К.М.Ататүрік те тілді дамытудағы реформасын латын әліпбиінен бастаған. Латын әліпбиі Қазақстан үшін таңсық (бөтен) дүние емес. Қазақстан өз тарихында латын әліпбиін қолданған және жаңа әліпбиді қолдану мен қабылдауда сауатты халық деп көрсетіпті.
Әрине, Республика ретінде Қазақстан көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілді қоғамның қабілеті артты. Билік бұрынғыдай орыс тілді қоғамның ойына ғана мән бермей, қазақ тілді аудиторияның пікірімен де санасатын болды. Байқап көргеніміздей, Ресей баспасөзі толықтай болмаса да қазақ қоғамының әрекетін дұрыс деп бағалауды үйренген. Түркия баспасөзі: Түркі бірлігінің қалыптасуына бір қадам болса да жақындадық қуанышпен жазуда. Батыс баспасөзі де Қазақстан әрекетін жақсы қабылдаған. Бұл үдеріс осылай жалғаса беретін болады. Себебі, Қазақстан – аймақтағы бейбітшілік және тұрақтылық дәлізіне айналған мемлекет!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.