ҰЛЫ ДАЛА ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
29.07.2019 0 3 175
Тыныштық Ермекова
1966 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Кемерши ауылында туған.
Филология ғылымдарының докторы,
профессор
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен оның логикалық жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – жаһандануға бет түзеген қоғамға сана сілкінісін туғызған шын мәніндегі қайнар бұлақ. Қайнар бұлақ болатыны: біріншіден, оның бастауының тым тереңде жатуы, екіншіден, оның суының қуатында. «Су анасы — бұлақ», «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыздың тілдік санасына орныққан бұл ұғымның астарында өткен мен бүгінді жалғаушы қандай да бір қасиет сақталғанын аңғарамыз.
Жалпы мәдениет әлемінде ренессанс деген ұғым бар. Мағынасы қайта өрлеу, жаңғыру деген мағынаны береді. XIVғ. Алдымен Италияда басталып, кейін Батыс Еуропа елдерінде өріс алған білім, ғылым, өнер, әдебиет, сәулетсалаларындағымәденитөңкерісдәуірі, кезеңі. Олантикалық идеалдармен құндылықтарды жаңғырту және ортағасырлық схоластикаданарылу негізінде қалыптасты, сондықтан Қайта Өрлеу, Қайта Өркендеу (фр. Ренессанс) деп аталды.
Дәл қазір бізде де осындай сәт туып тұр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?» деген сұрақтың тамаша жауабын береді: «Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» [1](Назарбаев Н., 2017).
Экономика мен технология қарқынды дамып бара жатқан кезде рухани тамырға бет бұру, ұлттық санада қалыптасқан игі салт-дәстүр мен тарихи, мәдени, әдеби, тілдік құндылықтарды жаңа заманның ағымына сай жаңғырта дамыту «Мəңгілік Ел» болуды мұрат еткен еліміздің əрбір азаматының санасына ой салары сөзсіз. Өйткені Елбасының бұл мақаласы қоғам және мемлекет қайраткері М. Құлмұхамет айтқандай, «бұл – мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын 21-ғасырдың биігіне шығаратын үлкен бағдарламалық құжат».
Олай болса, Италиядан бастау алып, бүкіл Европа мәдениетіне ықпал еткен ренессанстың оң әсеріндей рухани жаңғыру да Қазақстаннан бастау алып, бүкіл түркі жұртына ықпал ететіндей ғаламат күшке ие болу, болмауы қазақстандық түркітанушылардың, төл тарихына, түп тамырына теріс қарамайтын зиялы қауымның іс-әрекетіне тікелей байланысты. Осы мәселеге қатысты бірқатар сұрақтарға жауап іздеп көрейік:
Рухани жаңғыру жағдайындағы өзекті мәселелеріміз қандай?
Ұлы даланың мұрагері кім?
Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы былай дейді: «Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады» [2].
Біріншіден, қазіргі Қазақстан мен Орта Азияның байырғы тұрғындары – сақтар мен ғұндар. Олардың бүкіл мәдени-рухани құндылықтары евроцентристік көзқараспен бірде неміске (сакс – Саксония), славянға (Зарина -заря), соңында парсыларға телініп келгені жасырын емес. Бірақ ғылым әрдайым ақиқатқа табан тірейді. Веналық Хаммер, В.В.Григорьев, Л.Н.Гумилев, А.Н. Бернштам т.т.беделді ғалымдар дәлелдеген олардың түркілік негізін лингвистикалық тұрғыдан дәйектеу қазақстандық ғалымдар тарапынан мардымсыз екенін мойындауымыз керек.
Бұл жағынан белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің жан-жақты эрудициялық біліміне ризашылық танытып, оның идеяларын тарихи-салыстырмалы әдіспен линвистикалық терең талдаулармен жалғастыру қажеттігі анық. О.Сүлейменов сияқты өзге де түркологтар (М.Закиев, П.Гасанов т.т.) дәлелдегендей, «скиф» атауы «ič-oɣuz» деген бабатүрік атауы екеніндігі, өзге де скифтер қолданған жүздеген атаулардың ежелгі бабатүркі лексиконы екені лингвистикалық тұрғыдан дәйектелуі, Ю.Немет, В.В.Латышев, К.Т.Лайпанов, М.Закиев, И.М.Мизиев іспетті зерттеушілер ежелгі іч-оғуздардың (скиф=сақ) этномәдениетіне, палеоэтнографиясына, этникалық құрамына сараптама жасау нәтижесінде айқындаған Сібір, Орта Азия, Еділ бойының түркі тектес тұрғын халықтармен ұқсастығы, сондай-ақ соңғы кездері Сібірде, Қазақстанда жүргізілген антропологиялық және генетикалық сараптамалар нәтижелерінің қоры-тындысына сүйенсек, ежелгі сақтар (скиф=іч-оғуз) түркітектес халық екеніне күман болмауы тиіс(Сартқожаұлы Қ., 2018). М. Мағауин өзінің «Мен» атты роман-эссесінде айтқандай: «Қазіргі әлемдегі ең дамыған жұрттар тілінің өзі біздің түркі текті ана тіліміздей әрі бай, әрі айқын, және осыншалық ұзақ тарих кешуін өткермеген… Қазір бүкіл әлемге тараған ағылшын тілінің де, жарты дүние тұтынып тұрған испан тілінің де, өткен ғасырда ұлы әдебиет жасаған орыс тілінің де тарихи ғұмыр жасы біздің жарым жолда ғана», – деген тұжырымын ескерсек, қазіргі түркі халықтарының рухани бай мұрасының тарихи маңызын әлемдік қауымдастық алдында дәйектей білу абыройлы іс болары анық[3]. (Мағауин М., 1998).
Түркілер номадтар ма?
Екіншіден, әлемдік ғылыми-танымдық кеңістікте стеоротипке айналған кейбір қасаң көзқарастарға басқа қырынан қарау керек. Мысалы: түркілер бірыңғай көшпелі-номадтар деген тұжырым орныққан. Бұл жөнінде белгілі түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы былай дейді: «Гректің «namados» (көшіп жүретіндер) деген атауы туралы ғалымдар мынандай түсінік берген: «тұрақты мекені жоқ, белгілі шаруашылықпен айналыспайтын, тек қана күн көріс мақсатында қоректік азық іздеп тынымсыз көшіп жүретін кезбелер». Бұл – әлемдік Антропологиялық сөздік пен Британ энциклопедиясының анықтамасы.
Еуропалықтар бізді «номад» (көшпелі кезбе тобырлар) десе, біз бас изеп ыржалаңдап, «иә, біз номадпыз (көшпелі тобырмыз)» деп келдік. Түркология ғылымы енді осы мәселеге нүкте қоятын биікке көтерілуі керек»[4] (Сартқожаұлы Қ., 2018). Біздің ойымызша, бұл мәселеге қатысты түркітанушылардың алдында екі түрлі міндеттің бірін шешіп алу парызы тұр.
Бірі – әлемдік деңгейдегі номад ұғымына берілген анықтамаға өзгеріс енгізу немесе екіншісі – түркілердің бірыңғай көшпелі халық болмағандығын дәлелдеу. Көне түркілердің отырықшылық өмір салтын кешкендігін баяндайтын деректер өте көп. Халық арасында; «Бесқаладан Сауранға, Саураннан Сайрамға, Сайрамнан Таразға дейін бір үйдің төбесіне секірген лақ тұяғын жерге тигізбей жетеді» деген аңыз қалған. Ғалымдардың айтуынша, бір ғана Сырдарияның орта және аяқ шенінде 300-ге дейін қалалар мен елді-мекендер болған. Бау бақша өсіру мен мыс өндіру, Ұлы Жібек жолындағы қалалар мен сауда-саттық кәсібі түркілердің тек көшпенді халық болмағандығын дәлелдейді.
Қыпшақ тілінің халықаралық мәртебесін насихаттаудың
маңызы бар ма?
Үшіншіден, өзіміз тікелей мұрагері боп саналатын орта ғасырдағы қыпшақ ескерткіштері, қыпшақ тілінің халықаралық мәртебесін зерделеу мәселесі. Көрнекті түркітанушы, «Кодекс Куманикус» пен орта ғасырдағы қыпшақ ескерткіштері тілін зерттеген білгір ғалым Ә. Құрышжанұлы нақты ғылыми дәйектемелер арқылы қыпшақ тілінің Батыс пен Шығысты, Таяу Шығыс пен Кіші Азияны, Монғолия мен Қытай жұртшылығын, Кавказ халықтары мен Қырым далаларын өзара байланыстырып тұратын «алтын көпір» болғандығын көрсетеді.
Одан әрі «Мамлюк қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер» атты еңбегінде арабтардың да қыпшақ тілін меңгергендігі туралы былай деп жазады: «ХІІ-ХІҮ ғасырларда Сирия мен Египет аймақтарын мекендеген қыпшақтар – мамлюктер мен оғыздардың жергілікті халықтарды барынша билеп-төстеуі де ол өңірдегі саяси әлеуметтік және ғылыми-мәдениеттік әрқилы ағымдарға, әрине әсерін тигізбей қалған жоқ. Түрік сұлтандарының үкіметі айбынды еді. Олар өз ана тілінде сөйлейтін. Басқару биліктерін де осы тілде жүргізетін. Түркі тілі туған тілге лайықты құрметте ие болатын.
Мемлекет басшылары мен түркі халықтарының ұйтқысы негізінен қыпшақтар болғандықтан, сұлтан сарайының маңындағылар қыпшақ тілінде жазып, қыпшақ тілінде сөйлейтін. Қыпшақ тілі мамлюктер мемлекетінде түркі тайпаларының ауызекі сөйлеу тілі, жазба тілі – іс қағаздары, ғылыми еңбектер, әдеби шығармалар жазылатын тіл болып тұрды.
Ол әдеби тіл есебінде, әсіресе поэзия әлемінде шырқау биікке көтеріліп, кең шарықтады. Көптеген туындылар осы тілге аударылып та жатты. Араб тіл білімпаздары өз жұртшылығының мақсаты үшін қыпшақ тілін оқып үйрену мақсатымен алуан түрлі сөздіктер, грамматикалық оқулықтар, үлкенді-кішілі анықтамалар (справочники) және талдаулар жазды. Бұл, әрине сол кездегі өмір талабымен қабысып жатқан қадірменді іс еді[5](Құрышжанұлы Ә., 2011).
Бұл кезең туралы ғалым Мурад Аджи келтірген төмендегі дерек те ғалым пікірінің қисынды екенін айғақтайды: «…V ғасырдың аяғында қыпшақтар Европаның жартысы мен түгел Орта Азияға орнықты. Түркі сөзі Евразия континентінде кез келген басқа тілді өшірді (заглушала). Түркілер әлемнің ең күшті және саны көп халқына айналды. .. Қыпшақтардың күшімен ежелгі әлем Евразия деп аталатын бір кеңістікке бірікті»[6]. (Аджи М., 2015, с.11).
Қыпшақ тілінің халықаралық мәртебесі туралы тұжырым қазіргі қазақстандық қыпшақтанушы ғалымдардың көшбасшыларының бірі А. Гарковецтің еңбектерінде жалғасын тапты[7] (Гарковец А.Н., 2002). Көп ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы саудамен қатар халықтардың өзара мәдени алмасуына зор ықпал етті. Ұлы Жібек жолының Енисейден Дунайға дейінгі бөлігі қыпшақтардың иелігінде болып, ол Дешті Қыпшақ деп аталды. Осы аралықтағы халықаралық қатынас тілі қыпшақ тілі еді. Александр Николаевич оған мынандай бір мысал келтіреді. ХІV ғасырдағы италияндық көпестің Қырымдағы Федосия қаласында ұлына арнап құрастырған сауда жөніндегі оқу құралында Ұлы Жібек жолымен керуенге ілеспес бұрын сақал өсіріп, шашты тақырлап ал, екі әйел, бір еркек малай жалдап, қыпшақ тілін үйрен деп өсиет қалдырыпты[8].(Серікқали С., 2009).
Бұл мәселе қазіргі орта буын ғалымдардың да қызығушылығын тудырды. Мәселен, ғалым К. Күркебаев бұл турасында былай дейді: Сол дәуірдің тарих сахнасында батырлық пен ерліктің, жауынгерліктің нағыз символын танытқан қыпшақтармен достық қарым-қатынаста өмір сүру Еуропаның көптеген мемлекеттері мен орыс князьдарының, Қап тауы ақсүйектерінің арманына айналған еді.
Бұл мүмкіндікке қол жеткізуге тырысқан әр алуан мемлекет басшылары қыпшақтармен саяси одақтар мен әскери бірлестіктер құруға, қыз алысып, күйеу болып, құдандалық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал жасады. Олар қыпшақтардың шап-қыншылығына ұшырамаудың айла-әрекетін жасап, орайы келгенде олардың әскери қуаты мен жауынгерлік шеберліктеріне арқа сүйеп, өздерінің ішкі және сыртқы саяси жағдайларын реттеуге пайдаланғаны да белгілі.
Қыпшақтар бұл жерлерде тек саяси үстемдік жасап қана қойған жоқ, өздерінің ата салты мен ділін, дінін, тілін дәріптейтін үлкен рухани-мәдени ошақтар қалыптастырды.
Бұл мәдени ошақта қыпшақтардың этникалық менталитеті мен дүниетанымы, этностық тілі мен этностық санасы, этникалық моралі мен салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ерекше қарқынды дамыды. Әсіресе, «төрткүл дүниенің жарты әлемін» билеген әйгілі Алтын Орда мемлекеті тұсында қыпшақтардың мәдени кеңістігінің өрісі кеңейе түсті [9]. (Күркебаев К., 2012).
Бұл мәселені насихаттау қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қатысты жұртшылық арасында жақсы мотивация туғызатын рухани әлеуеті зор құрал бола алады деп санаймыз.
Түпнұсқа мәтін оқудың, тіл білудің маңызы қандай?
Төртіншіден, көне түркі, орта ғасыр ескерткіштерінің түпнұсқа мәтінін оқу мәселесі. Рас, қазір бұл ескерткіштерді түпнұсқадан оқи алатын азғантай шоғыр бар. Бірақ олар тым аз. 10.02.06 – түркология шифрімен қорғаған ғалымдарымыздың өзі аударма мәтінмен жұмыс жасайды. Түркология мамандығын даярлайтын жоғары оқу орындары да саусақпен санарлық. Филология, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша маман даярлап жатқан оқу орындарында таңдау пәні ретінде енгізген пәндеріміз сипаттамалық шеңберден шыға алмай келеді. Осы арада әсіресе Түркия, Қытай мемлекеттеріндегідей білімгерді белгілі бір кезеңнің тарихи ескерткіштерін түпнұсқа мәтінде оқи алатын құзыреттілікке жеткізу міндетін мойнымызға алу керек деп есептейміз. Міне, бұл нағыз рухани жаңғыру болар еді. Рухани тамырымыздан қашықтай бастағанымыз соншалық – күні кешегі Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуымен жазылған мәтіндерді де оқи алмайтын шамаға жеттік.
Ә. Құрышжанұлының «Қыздар университеті» баспасынан шыққан «Тіл тарихы туралы зерттеулер» (ҚұрышжанұлыӘ., 2011) атты еңбегінде зерттелгені, зерттелмегені бар көптеген орта ғасыр мұраларының бірқатарына жалпы сипаттама мен тілдік талдаулар берілсе, бірқатарының қолжазбасы қайда сақталғаны, алғашқы мәліметтерді кім бергені, тіпті әлі күнге дейін табылмай жүрген еңбектердің аты аталып көрсетіледі. Бұл – бүгінгі түркітанушылар, қыпшақтанушылар үшін бағдар болуы тиіс.
Ғалым М.Қ.Ескеева айтқандай, «Тiл лингвоэволюциясындағы мираскерлiк сабақтастық адам ағзасындағы, қанындағы генетикалық жалғастықпен пара-пар жүретiн феномендiк құбылыс» болатын болса[10] (Ескеева М., 2012), жоғарыда аталған еңбектердің барлығы – түркітанудың, оның ішінде қыпшақтанудың құнды мұралары, бір кездері халықаралық мәртебеге ие болған қыпшақ тілі, жалпы түркі түркі тілдерінің бүгінгі мираскерлері бұл мәселеде немқұрайылық танытпауы тиіс. Оны зерттеп-зерделеу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Олар жай ғана жәдігерліктер емес, Елбасының арнайы тапсырмасымен тарихымызды түгендеп жатқан қазіргі кезеңде құнды дереккөз, төл тарихымыздың, тіліміз бен мәдениетіміздің айшықты бөлшегі. Осыған байланысты алаңдаушылық туғызатын бір мәселе бар, ол – жоғарыда айтқандай, елімізде түпнұсқа мәтінді оқитын маман тапшылығы.
Екінші бір ескеруге тиісті мәселе қазір тіл біліміндегі жаңа бағыттарға бет бұрған ғылыми бағытты ұстанушылар, тіпті кез келген филолог маман тіл тарихына немқұрайы қарамауы керек. Қазіргі кезде еліміздің білім, ғылым жүйесіндегі оң өзгерістердің бірі – академиялық ұтқырлық мәселесі болса, еліміздің филолог маман даярлайтын оқу орындары осы мәселені аталған бағытқа бұруы қажет. Тіл ғылымы бойынша шақырылып жүрген шетелдік түрколог ғалымдардың көпшілігінің артықшылығы – олардың мәтін танитындығы, мұны мойындауымыз керек.
Сондықтан таңдау компоненті есебінен барлық жоғары оқу орындары филолог мамандарға үш деңгейде де түркітану мен тарихи мәтінтануға байланысты пәндерді көбірек енгізіп, кәсіби-ғылыми кадр даярлау мәселесін естен шығармауы керек.
Еліміздегі саусақпен санауға да жетпейтін осындай мамандар мен шетелдік (әсіресе Түркия мен Қытай) әріптестерді осы істе шоғырландыру арқылы, түрлі дәрістер мен семинарлар, басқосулар өткізу арқылы келешек ұрпаққа бұл істің қаншалықты маңызды екенін насихаттай білуіміз қажет.
Латын әліпбиіне өту не үшін қажет? Енді бірауыз сөз латын графикасына қатысты. Бүгінде латын әліпбиіне көшу – түркі тілдес халытардың бір-бірімен толық ынтымақтастық орнатуға жасалатын нақты қадам. Түркі тілдес елдердің ұлттық тілдерінің латын графикасына өтуі бұл елдердің ұлттық бірегейлігін қамтамасыз етететін әлеуетті фактор. Латыншаға өту технологиялық, жаһандық прогрестерге жол ашып қана қоймайды, бұрын өткені бар, кейін қабылдағаны бар әлемдегі 200 миллионнан астам түркі халқының 55,5 пайызының латын әліпбиін қолдануы – түркі әлемінің көрнекті қайраткері Гаспыралы Исмаил аңсаған «Тілде, пікірде, істе бірлік» болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берері анық.
Бесіншіден, жаһандануда бәсекеге қабілетсіз, ұлттық тамырынан қол үзген мемлекеттердің болшағы күмәнді. Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. синхронды зерттеумен айналысатын филолог ғалымдар да өз пәнін түркілік, халықтық рухани құндылықтармен сабақтастыра өтуі қажет.
Әсіресе, біз оқып жүрген пәндердің негізгі өзегі әлемдегі озық білім мен түркілік дүниетанымды насихаттауға бағытталса құба-құп. Бұл, әсіресе, артымызда өсіп келе жатқан бізден де гөрі білімді, бізден де гөрі ақылды жастар үшін қажет. Олардың артықшылығы – біріншіден, олардың табиғи биологиялық, физиологиялық мүмкіндіктерінің кеңдігі.
Екіншіден, көптілділігі, құдайға шүкір, олар – кемі үш-төрт тілді еркін білетін, өз ойын осы тілдерде еркін жеткізетін, ертең әлемге түркілік өркениетті насихаттай, дәлелдей алатын тегеурінді күш.
Үшіншіден, олар – бабалар мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізер ең әлеуетті тасымалдаушы-трансформатор. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасының негізгі мақсаты – жастарға лайықты білім беру.
Қорыта айтқанда, технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін ұлттық кодты жаңғырта жетілдіруге мемлекет баса мән беріп отырған қазіргі кезде түркітану ғылымын жаңа биікке көтеру барлығымыз үшін қасиетті мұрат болуы тиіс деп санаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Назарбаев, Нұрсұлтан (2017), Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Алматы, 2017.
2.Назарбаев, Нұрсұлтан (2017),Ұлы даланың жеті қыры. Алматы, 2018.
3.Сартқожаұлы, Қаржаубай (2018), Әлем түркологиясының өзекті мәселелері: ізденіс, іркіліс, жаңаша тұжырым // https://www.enu.kz/downloads/lichnie-stranici/turkology.doc
4.Мағауин, Мұхтар (1998), Мен. Ғұмырбаяндық хамса. – Алматы.
5.Құрышжанұлы, Әбжан (2011). Тіл тарихы жөніндегі зерттеулер. Алматы.
6. Мурад, Аджи (2015). Великая степь. Приношение тюрка (сборник)
7. Гарковец, Александр (2002). Кыпчакские письменное наследие. – Алматы.
8. Серікқали, Сандуғаш (2009), Әлемге үстемдік еткен қыпшақ тілі.“Қазақстан-Заман” газеті 05 мамыр.
9.Күркебаев, Кенже (2012), Қазақ тілі көне қыпшақ тілінен шыққан ба?// «Ана тілі» газеті. 3-Мамыр
10. Ескеева, Мағрипа (2012), Қазіргі қыпшақ тобындағы тілдердің қыпшақтық белгілерінің қалыптасуы жəне этногенез мəселелері // Вестник Карагандинского университета.Серия «Филология» №2 (66).
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.