Отбасы – алтын ұя
29.07.2019 0 5 752
Адамдар бар бағаламас барлығын,
Қабылдамай Жаратушы жарлығын,
Баста тұрған бағын сыртқа тебетін,
Деп айтатын: «Байлық – менің бар мұңым»
Бұл әрине жансақ пікір қоғамда,
Мұндай болсам әсте өзім оңам ба?!
Байлық аңсап, дүние қуып жүргенше,
Қолда барды бағалайын одан да.
Шүкір етіп, арайлы таң атқасын,
Тірі пенде тіршіліксіз жатпасын,
Біреу жұмыс, біреу мектеп деп кетеді,
Санасына сіңіп еңбек қатқасын.
Солай-солай жылдар өтер, күн өтер,
Ал отбасы құр күніңді нұрлы етер,
Бар кезінде отбасыңды бағала,
Айырылған соң ақырғаның құр бекер.
Дегенмен, бойда менің ойларым көп,
Дей алман отбасымды ойладым көп,
Аталы сөз алдында арлы болдым
Қолда барда алтынның қадірі жоқ.
Отбасым- бар байлығым, нұр-шаттығым,
Жанымды бір тербетіп, жырлатты мың,
Анашым мен Әкемнің күлкісі нұр,
Бауыр мен қарындасым жыр шаттығым.
Шаңырағым бақытымның айбыны,
Ол бар кезде мен сезбеспін қайғыны,
Отбасыңмен өткізген күн бөлек қой,
Дей алмаймын: «Ұқсас оған жәй күні».
Шуақ беріп, нұр себетін көңілге,
Бір ғажайып бар екен бұл өмірде,
Ол ғажайып мүлдем алыс емес те,
«Менің үйім» деп аталған өңірде.
Отбасы — алтын ұя, жанға шуақ,
Мәңгілік мекен етер тәнге тұрақ,
Отбасым мен жанұям бар байлығым,
Оларсыз қалар едім, жылап, сұрап.
Шыр етіп келген кезде бұл өмірге,
Жанұясыз толмайды жыр көңілге,
Мен-дағы өмір сүріп келе жатырмын,
Отбасы деп аталған нұрлы өңірде.
Баланың бастау бұлақ, қайнар көзі,
Адамның көзге түсіп жайнар кезі,
Отау тігіп отбасы құрған шағы,
Басына кеп бұлбұлы сайрар кезі.
Бірақ -тағы, бұл қоғам, оңып тұр ма,
Аяусыздық аязы соғып тұр ма,
Жетімі мен жесірін жылатпаған,
Қазақтарым «кереғар» болып тұр ма?!
Тастамаған баласын жау қолына,
Баласы үшін жан беріп қан жолында,
Бұрынғы алтын құрсақ аналарға,
Бүгінде тең таба алмай зар болдым ба?!
Бұл қазақта бар еді ғой тектілік,
Оның орнын басты ма әлде кекшілдік,
Өмір сүрсе жетім-жесір жыламай,
Қанағатын берік сақтап жоқ-жітік.
Өз баласын қалай қиып тастайды,
Мұндайлардың тасы өрге баспайды,
Отбасының ұйытқысы болсаңыз,
Бала-дағы, бақыт тағы қашпайды.
Бар кезінде отбасыңды бағала,
Ойыңнан да шығармағын жағаға,
Бұл өлеңді баян кеткен өзіңе,
Отбасыңнан түлеп ұшқан шағала!
Рүстем Рақышев,
11 «А» сынып оқушысы, «Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектебі», ШҚО
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.