Рухани жаңғыру шыңы Рухани жаңғыру шыңы
Досым Омаров, философ шәкәрімтанушы, теолог-ғалым Нағыз рухани жаңғыру жалындаған қуатты талап етеді. Шабытты оятатын ондай жалын рухани жаңғыру шыңынан табылады. Ондай шың – Шәкәрім... Рухани жаңғыру шыңы

Досым Омаров,
философ шәкәрімтанушы,
теолог-ғалым

Нағыз рухани жаңғыру жалындаған қуатты талап етеді. Шабытты оятатын ондай жалын рухани жаңғыру шыңынан табылады. Ондай шың – Шәкәрім жеткен әулиелік деңгей десек қателеспейміз.
Шәкәрім әулие болған. Оған дәлелдер керек. Түсіну үшін Шәкәрімнің әулиелік қасиеттерін білуіміз керек. Әулиелік қасиеттерді білсек – әулиенің кім екенін білеміз. Олар Шәкәрім бойында бар ма? Шәкәрім өзінің сырлы сөздерімен бұл туралы мол мәлімет беріп, сұраққа толық жауап береді. Осылай Шәкәрімнің өзінің әулиелік қасиеттерін көре аламыз. Бұл деңгей – рухани жаңғырудың шыңы.
Әулие қасиеттері: фәни әлем ықпалынан шыққан; Алла тағалаға толық берілген; болмысы мәңгілікке, ләззатқа және білімге бейім; шексіз мейірімді; барлық жан иелеріне бірдей көңілмен қарайды; оқшаулықты сүйеді.
Енді осыларға жеке тоқталып көрелік.
Фәни әлем ықпалынан шыққан. Әулие адам фәни әлемнің екіұдайылығынан шығады. Шәкәрім барлық жан иелеріне, өмірдің ыстық-суық тәрізді екіұдай, қарама-қарсы құбылыс, көріністеріне бірдей қарап, олардың айырмашылықтарын елемей, барлығын біртұтас болмыс көрінісі ретінде қабылдаған. Жар (Алла тағала) үшін затты ғана емес, жанын қиып жүргендер үшін фәни әлем құндылықтары оларды көп толғандырмайды. Мұндай дәрежеге жеткен әулиелер үшін алтын мен мыстың құны бірдей. Әулиелерге қай жерде өмір сүрсе де – мейлі жұмақта, мейлі дозақта – бәрі бір бәс, айырмасы шамалы. Олар қай жерде, қандай жағдайда болса да, өздерінің сүйікті Жарымен бірге, Оған үздіксіз құлшылықта. Жарының аясына толық еніп, сезінгендіктен олар ештеңеден сескеніп, абыржымайды. Еркіндікте, заттық әлемнің ықпалынан толық шыққан, сондықтан оларға күн-түн, қыс-жаз бірдей, олардың әсерін сезінбеуі де мүмкін. Шәкәрім өзінің мұндай халын былай деп білдіреді:

Дүние ісінен шошыман,
Басы жоқта сана жоқ.
Қорықпан дозақ отынан,
Санасызға жаза жоқ.

Енді маған, ойласам,
Дұспан да бір, дос та бір.
Терең ойға бойласам,
Адам менен шошқа – бір.
(«Жан денеден жалықты»)

Әулиенің бұл сөздерінен оның бұл әлемнің ықпалынан толық шыққан жағдайын көреміз. Осы жолдарды жазып отырғанда ол дүниенің ықпалын сезбей отырған тәрізді. Жар құйған шараптан, яғни шарапат нұрынан шексіз ләззат алып, нәпсіні қуып шығып, өзі рухани сезімнен мас болып отыр. Нәпсіден толық арылдым деген сөз, өлімнен бұрын өліп, тәнді тәрік етіп, Жарға басты шапқызып, тәнді өлтіріп, жанға Жарын тапқызған сәт. Жан мен оның Жары бетпе-бет қалды. Жан толық руғани болмыстың ықпалында, сондықтан оған бұл фәни әлемнің ықпалы жоқ. «Басы жоқта сана жоқ», яғни өлі денеде сана жоқ. Санасызға жаза жоқ, яғни мәжнүнге жаза жоқ, ол ауру, ауруға жаза кесілмейді. Мұндай мәжнүнге бұл фәни дүние боққа тән, сондықтан бұл дүниедегілердің қылып жүргендері бос әурешілік. Осылай дүниенің зардабынан шығып, азат жан болу керек. Бірақ азаптан шығу үшін Жар тауып, бас кескізу, яғни нәпсіден құтылу керек. Сөзін жалғастыру үшін ол Жардан тағы да рухани арақты, Шапағат Нұрын сұрап мас қылуды өтінеді. Бұл халге жетудің жолы біреу – бас алғызу, яғни нәпсінің ықпалынан құтылу. Ол үшін «Бас құлағын қалдыр, яғни лақтырып таста, сонда сөздің рухани мағынасын естисің. Сонымен бірге, мына көзді де лақтырып, көңіл көзін көзің қыл. Ал егер бас көзімен қарап, ұқпай, қаңғырып кетсең, онда өзің біл». Шәкәрім сөзінен, міне, осындай ғибрат көруге болады. Абай да «Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл, егер сәулең болмаса, мейлің тіріл, мейлің өл» деді емес пе? Әркімнің өз несібесі өзіне. Бақи әлемнің жандары фәни әлемнің жандарына барлық рухани білімді беруге ұмтылады, бірақ оларды зорламайды.
Алла тағалаға толық берілген. Сопылық жолда жүрген әулиелер Алла тағаланы «Жар», «Асығым» деп сүйіспеншілікпен атайтыны белгілі. Әулиелердің ең негізгі қасиеті, Шәкәрімнің өзі айтқандй – «Анық асық – әулие», яғни Алла тағалаға ғашықтық. Шәкәрім өзінің ғашықтық сезімін былай деп білдіреді:

Жүректен аққан қанымнан,
Жиіркенбе – нұр деп біл,
Сайраған бұлбұл зарынан,
Нұрланады қызыл гүл.
(«Жүректен аққан қанымнан»)

Жүрек көзімен оқыған адамға ақынның бұл өлеңінің әрбір сөзінде өте терең сырлы нұр бары көрінеді. Ол нұрды дайындығы жоқ қарапайым адам қабылдай алмауы да мүмкін. Бірақ бұл нұр ақынның жүрегінен жарып шыққан шапағат болғандықтан талпынған адамның жүрегіне өз әсерін бермей қоймайды. Жүректің нұр шашуы – ұзақ уақыт бойы үздіксіз талпыныстың арқасында пайда болатын қасиет. Жүректегі шыбын жан өзінің Ғазиз Жанын, Жарына үздіксіз ұмтылғанда еріксіз зар шығады. Ақын бұл рухани зарды қан деп атап отыр. Сондықтан, «Жүректен аққан қанымнан жиіркенбе – нұр деп біл» деп оқырманнан таза ақылмен көңіл бөлуді өтінеді. Жүректен шыққан жанның нұры қоршаған ортаны рухтандырып, өз шапағатын береді. Осылай жүрек тазарған сайын көкірек көзі ашылып, ақыры өзінің тәтті жемісін береді. «Сайраған бұлбұл зарынан, Нұрланады қызыл гүл» деп ақын шығыс шайырларының теңеуін алып отыр. Бұлбұл – ақынның өзі, Қызыл гүл – Алла тағаланың символы. Күні-түні Райхан гүлін аңсап, бұлбұл сайрап, зар жылайды. Ол Райхан гүлінің таң ата қауызын ашу сәтін күтеді.
Сол сияқты ғашық та өзінің Жарын аңсап, Оның көркем сипаттарын қайталап, зікір айтып, Оның өзіне шапағат нұрын түсіруін сұрап зар жылайды. Зікір айтқанды Алла тағала да ұнатады. Қасиетті Құранда Алла тағаланы дәріптеп зікір айту туралы көп ескертілетіні – бұл сөздердің дәлелі. Бұлбұл сайрағанда қызыл гүлдің нұрлануы олардың байланысын көрсетсе, Алла тағала мен ғашықтың арасында да сондай байланыс бар. Шәкәрім осыны меңзеп айтып отыр. Яғни шыбын жанға Ғазиз Жан қандай керек болса, Ғазиз Жанға да шыбын жан сондай керек. Ақын екі ғашықтың бір-біріне ынтығын осылай көрсетеді.
Шәкәрім өлеңде өзін осындай бұлбұлмен теңеп, мен де сондай ғашықпын дегендей болады. Осылай ол өзінің әулиелік сипатын анық білдіреді. Бірақ ғашығына жету үшін әуелі шексіз мұхиттай болып жатқан фәни әлемнен өту керек. Бұл фәни әлемнен өту үшін денені судағы қайықтай құрал етіп, ал ақылды ол кемені билейтін басқарушы ету керек. Осылай тәнді таза ақылға билетіп, фәни өмірдің шексіз суын кесіп өтіп, Жарға жетуге болады. Бұл жолда ол миллион жыл ақса да, оған разы. Себебі, бұл жол – өмірдің негізгі мақсаты. Шәкәрім үшін басқа мақсат жоқ. Бұл жол ерлік және әділ іссіз болмайды. Ол ерлік іс – нәпсіні тыйып, бұл фәни әлемнің ықпалынан толық босану. Осылай адам өзінің бұрынғы ескі иманын (сенімін) тастап, рухани тазарып, жаңа жан мен жаңа сенім алуы керек. Оның мағынасы «жалған менді» жоғалтып, оның орнына «нағыз менді» ал. Сол кезде рух жеңіп, әлемді билеп, барлық зұлымдық аяқ астында қалып, нәпсі құл болады.
Бұл сәтте өмір құбылысының барлығы да Жар көрінісі, Оның берген сабағы және пәк, мінсіз дидарының бір қыры болып көрінеді. Менің осы жағдайымды мін деп, түсінбей күндесең «Тіліңді кесем үндесең, мейлің жыла, мейлің күл» деп қатты ескертіп, білместерді күнәдан қорғағысы келеді. Міне, Алла тағалаға толық берілген адамның сипаты осындай болады.
Болмысы мәңгілікті, ләззатқа және білімге бейім. Жанның негізгі қасиеттері – мәңгілікті, ләззатты және білімге толы. Рухани жолда жүрек тазарып, жанның қасиеттері адам бойында біліне бастаған сайын әулиелік қасиеттер пайда болады. Жанның мәңгілігінің көзге көрінбейтін тылсымдық жағын айтпай-ақ, осы фәни әлемдегі сипатын алатын болсақ, әулиелердің адамзат қауымында ұмытылмай, есте ұзақ сақталуы жанның осы мәңгілігіне негізделген деуге болады. Таза жанмен байланысты оның болмысы да мәңгілікті таза. Сондықтан оның айтқан сөзі, істеген әрекеттері барлығы да мәңгілік сипатта. Ал таза жанның ләззатқа толы екені туралы әулиелердің өздері айтқан мысалдары да жақсы дәлел. Бұл ләззатты дүниеде сөзбен айтып жеткізуге болмайтындықтан, олар оны мастықпен салыстырады. Бұған Шәкәрімнің «Иманым» атты бір топ өлеңдері дәлел.
Шәкәрімнің әулиелік қасиеттерін оның осы жан сипаттары жақсы көрсетеді. Алла тағаланың шапағат нұры түскен кезінде жазған өлеңдерінен, оның қандай ләззат сезімде болғаны анық білінеді, ал жазғандары мәңгілікті жан қасиеттерін сипаттайтын болғандықтан, оның шығармалары да мәңгілікті екені даусыз.
Енді Шәкәрімнің жүрегі рухани білімге толы екенін көрстетін мысал ретін оның «Сорлы бұлбұл Жарға асық боп» өлеңін келтіре кетейік.

Сорлы бұлбұл Жарға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар.
Көбелек те шамды алам деп,
Отқа түсті боп құмар.

Жарға ғашық болғаныма
Таңданатын түк те жоқ.
Жер жаралмай тұрғанында
Менде Асықтың нұры бар.

Бұл өлеңдегі бұлбұл мен көбелек – Шәкәрімнің өзі, ал гүл мен шам – Алла тағала. Сопылар дәстүрімен ақын өзінің ғашықтығын осылай білдіріп отыр. Өлеңнің екінші шумағында бұл ғашықтыққа таңданатын ештеңе жоқ екенін түсіндіреді. Оның себебі – Жер жаралмай тұрғанында менде Асықтың нұры бар. Жер қашан жаралған? Бұл туралы адамзат баласында түрлі болжамдардан басқа анық дерек жоқ. Себебі, жердің жаралуы бүкіл әлемнің жаралуына байланысты, адамның ойы жетпейтін өте ертеде. Ал жан болса жерден де ертеде болған екен. Себебі ол мәңгілікті Алла тағаланың нұры. Онда оны біздің өлшеміміз жетпейтін мәңгілікті деуге болады. «Менде Асықтың нұры бар» деп Шәкәрім осыны білдіреді.
Жан – Алла тағаланың нұры. Жан Алла тағаланың бір бөлігі. Жандар Алла тағаладан тарағанда Алла тағаланың нұры болып тарайды. Бұл күннің сәулесі тәрізді. Күн сәулесі корпускул деп аталатын өте кішкене бөліктерден құралады. Сол сияқты Алланың нұры да Оның өзімен салыстырғанда өте кішкене жандардан құралады екен. Бұл рухани білімді ешқандай заттық құралмен біліп болмайды. Ендеше ол Шәкәрімнің жүрегінен шыққан. Осылай Шәкәрім жанның мәңгілік қасиетін анықтайды. Жан Ғашықтан (Асықтан) шыққандықтан, оның да ғашықтық қасиеті бар. Сондықтан жан үнемі өзінің Ғашығына ұмтылады. «Жан денеме кіргенінде бірге кірген осы дерт» деп бұл ғашықтық дерттің әрбір жан иесі үшін табиғи нәрсе екенін көрсетеді. Сондықтан адамның Құдайға ұмтылысы – табиғи қасиет. Ғазиз Жанға деген ғашықтық – шыбын жанның алғашқы қасиеті. Бірақ ол ғашықтық ұмытылған. Сондықтан оған таңданатын ештеңе де жоқ. Сонымен бірге, бұл дертке ешқандай да ем жоқ.
Яғни бұл дертті емдеп жазу мүмкін емес. Бұл дерт Алла тағала салған жанның табиғи қасиеті, оны Алла тағаланың өзінен басқа ешкім де жаза алмайды. Ол жан тәрізді мәңгілікті, одан адам өз бетімен құтылуы мүмкін емес. Ендеше ғашықтық бүкіл жан иелерінің, тіпті, бүкіл болмыстың қасиеті. Бұл тұжырымды «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деп Абай да қостайды. Ғашықтық барлық жан иелерінің қасиеті болғандықтан, олардың барлығы да ғашықтыққа бейім. «Менде бар да, тіпті сізде, жоқ емес бұл қасиет» деп ақын бұл қасиеттің барлық жан иелеріне ортақ екенін ескертеді. Бұл ғашықтық әрбір жан иесінде оның сана-сезімінің деңгейіне байланысты әртүрлі. Діннің міндеті – осы қасиетті ұштап, шыңына жеткізу. Өздерінің сүйіспеншілік ойындарында хайуанаттарды да осы сезім басқарады.
Бірақ адамдарда басқаша, жоғары деңгейде. Сана-сезімдері тәндік деңгейден аспай, жалған меннің ықпалында жүрген көпшілік қауым өздерінің ғашықтық сезімдерін өздерінің жақын адамдарына, жұбайларына бағыттайды. Олардың жандары осылай қанағат алуға ұмтылады. Бірақ мұндай жағдайда жан мен екінші жанның арасында тән бөгет болып, арада құрылған перде тәрізді олардың бір-біріне деген таза махаббаттары толық ашылмайды. Толық қанағат алмаған жан өзінің ғашықтығын қанағаттандыру үшін басқа объект іздеуге мәжбүр болады. Осылай ол бір жаннан екінші жанға ауысып, аяғы зардапқа айналады. Қазіргі замандағы адамзат қауымындағы отбасының жаппай бұзылуы, немесе «еркін махаббаттың» ықпалына түсуі осыдан. Себебі – «Оны (ғашықтық қасиетті) өшіріп бәріңіз де, дедіңіздер жауды (тәнді) Жар». Осылай адам баласы өзінің мәңгілікті жан екенін ұмытып, уақытша болмысқа бой ұрып, ғашығын іздеп сергелдеңге түседі. Ал Жарға деген ғашықтық – мүлде басқаша. Бұл ғашықтық – мәңгілікті және жоғары ләззатқа толы. Және Жарға ғашықтыққа жеткен адам барлық жан иелерін, әрине, оның ішінде өзінің жақын адамдарын да, жақсы көретін болады. Ақындар жырлайтын нағыз махаббат та осы деңгейді білдіреді. Сондықтан көкірек көзін ашып, рухани жаңғырудың шыңы болып табылатын Жарға ғашықтыққа ұмтылу керек. Бірақ бұл деңгейге әркім жете алмайды. Көпшілік қауым үшін бұл насана ғана. Оның себебін Шәкәрім әрі қарай былай деп түсіндіреді:

Алдағанға кеттің азып,
Әпсүн оқып үйреніп,
Берді сайтан дұға жазып,
Соны қылдың бойтұмар…

…Дүние өмірін мен сынадым,
Ешбірінде опа жоқ.
Қош, өмірім, қош, құмарым,
Қош, жәдігөй, нәпсі қар!

(«Сорлы бұлбұл Жарға асық боп»)

Болмысқа көңіл көзімен (жүрек көзімен ) қарамай бас көзімен (заттық көзбен) қарап, Жарын көрмей адасудың себебі алдағанға еріп, бұрыс жолға түсіп кеткендіктен екен. «Фәни» өмір дегеніміз осы. «Фәни» дегеннің мағынасы «жалған» дегенді білдіріп, бұл өмірдің хақиқатқа, нағыз шындыққа жатпайтынын, айқын емес, тек қана салстырмалы шындық екенін білдіреді. Ендеше бұл өмірдегінің барлығы да нағыз шындық емес, салыстырмалы, бүгін шындық, ертең өтірік болатын құбылмалы, өткінші. Оның себебі – өмір шындығын нәпсі соңында жүргендер жазады. Олардың жазғандарында нағыз шындық болуы мүмкін емес. Себебі, нәпсі барлығын өзінің санасынан өткізіп, бұрмалап отырады. Осылай айқындық жоғалады. Бұл жазылғандар «әпсүн» деп аталады (әпсәнa – адамдардың жазғандары). Міне, нәпсіден арыла алмай жүрген адамдардың осы жазғандарын оқып, «алдағанға кеттің азып» деп жазады ақын. Бұл адамдардың жазғанын сайтанның жазғанымен бірдей деуге болады. Себебі, әрқашан да нәпсі өз санасының тұрғысынан түсініп, өз құмары үшін жасайды. Нәпсінің қылғаны сайтанның қылғанымен бірдей. Себебі, нәпсі ықпалындағы адамды сайтан билейді. Оның жазғаны да, оқыған дұғасы да сайтандікі. Сондықтан сол жазғандарға еріп, соны бойтұмар қылып, адасу жолына түстің, деп ақын әркімнің көзін ашқысы келеді.
Осының барлығын жақсы түсініп, жалған өмірде опа жоқ екенін білгеннен кейін «Қош, өмірім, қош, құмарым, Қош, жәдігөй, нәпсі қар!» деп өзінің нәпсіні толық тәркі еткенін білдіреді.
Міне осының барлығы Шәкәрім жүрегінің нәпсіден толық арылғанын, оның орнына рухани білім келгенін білеміз. Сондықтан оның қалдырған рухани мұрасы айқын, тексеруді керек қылмайтын хақиқат білім.
Шексіз мейірімді. Шәкәрімнің әулиелік қасиеттерінің бірі – оның шексіз мейірімділігі. Бұл туралы оның ұлы Ахаттың жазғандарынан да, оның өзінің жазғандарынан да білуге болады. Шәкәрімнің өмірбаянымен танысқан кезде оның өзінің балаларына дұрыс тәрбие беріп, туыстарына, руластарына үнемі көмектесіп, сол үшін атқамінер, болыс болып та еңбек еткенін білеміз. Революцияның алғашқы жылдарында Алаш партиясына мүше болып ел бостандығы үшін күресіп, оған арнап өлең де жазды. Сол жылдары екі ғашық жастарды ескі әдет-ғұрып шырмауына бермей, оларды бір-біріне қосып, олардың махаббатын аман алып қалғанын да білеміз. Ол өзі көп оқып, көп білгенімен қоймай, ол білгендерін басқаларға жеткізуге ұмтылып, басқаларға үлгі болып, ақылын айтып отырған. Келешек ұрпақ қамын ойлап, жазғандарын соларға арнайды.
Міне, бұл Шәкәрім мейірімділігінің түрлі деңгейлерін көрсетеді. Себебі, мейірімділік те әртүрлі болады. Алғашқы мейірімділік – сана-сезімнің тән деңгейіндегі адамның тіршілігін қамтамасыз ету үшін жасалатын мейірімділік. Бұған тамақ, киім, жатар орын тәрізді адамның бұл дүниедегі өзін сақтау үшін керекті қажеттіліктермен қамтамасыз ету жатса, ал одан жоғары екінші деңгейге – оған білім беріп, ой-өрісін өсіру, өнер-білім үйренуге көмектесу тәрізді оның интеллектуалдық қабылеттерін өсіру жатады. Бірақ ең жоғары мейірімділік бар. Бұл мейірімділік – жан иесіне бұл фәни әлемнің зардабынан толық құтылуға көмектесу. Міне, бұл – ең жоғары да, ең сирек мейірімділік. Әулиелердің барлығы да осы деңгейде. Сондықтан, олар бір адамның, бір топтың, не болмаса бір халықтың ғана қамын ойламайды, олар бүкіл адамзаттың қамын ойлап, солар үшін еңбек етеді. Шәкәрім шығармаларын, міне, осы деңгейден көре аламыз. Бұған көзімізді жеткізу үшін оның мына өлеңіне тоқталайық.

Неге жандың, сұм жүрегім,
Өзгелердің дерті үшін.
Жарды сүй деп, бар тілегің,
Мен сияқты басқалар.
Мен жомартпын Жар нұрына,
Алса екен деп барша жан.
Жетсе көзің бұл сырыма,
Ой өрісін қылма тар.
(«Сорлы бұлбұл Жарға асық боп»)

Бұл фәни әлемде көпшілік жан рухани білімсіз тіршіліктің шырғалаңынан шыға алмай зардап шегуде. Осыны көріп отырған ақын оларға жаны ашып, күйінеді. «Неге жандың, сұм жүрегім, өзгелердің дерті үшін» деп зарлап жылайды. Сондағы зарлағаны – басқалардың да оның өзі сияқты Жарды сүюі үшін екен! Міне мұндай мейірімділік сезімі тек қана әулиелік қасиеттен шығатын, өте сирек кездесетін сезім. Өзге асықтар дінге бөлініп басқалардан өз Жарын қызғанып жүргенде Шәкәрім «Мен жомартпын Жар нұрына, алса екен деп барша жан» деп бүкіл адамзат қамын ойлап, өзінің шын әулиелік қасиетін паш етеді. Бұл рухани болмыстың шыңында тұрған адамның түсінігі. Ол енді Жардың көп емес, Бір екенін біліп қана қоймай, оны анық сезініп, Оның баршаға ортақ екенін толық түсінген. Егер осыны түсінсең соңыма ер дегендей «Жетсе көзің бұл сырыма, ой өрісін қылма тар» деп нұсқау береді.
Шәкәрім басқалар үшін өзін құрбан етеді. Асықтар Жарға өздерінің ғашықтық сезімдерін паш етіп, Алла тағаладан Өзінің нұрын беруді сұрап, тілек айтып отырады. Жардың берген рухани азабын қанжар деп атап, «Жар қанжары маған бал» дейді. Себебі, рухани деңгейдегі азап пен фәни әлемнің азабы екеуі екі басқа. Рухани әдемде азап пен ләззаттың арасында айырмашылық жоқ. Рухани әлемде барлығы да ләззатты. Сондықтан Шәкәрім «Жар қанжары маған бал» дейді.
Ал ол қанжардан ағатын қан дегеніміз – Алла тағалаға деген рухани сезім. Бұл сезімді асықтар бәйіт ретінде айтып, өлең ретінде қағазға түсіреді. Міне соларды оқып «Талай асық жаралсын» дейді. Осылай «Жер жүзіне таралсын, жүрегі таза есті жан» деп Шәкәрім өзінің Жарға деген махаббаты жер жүзіне таралып, бүкіл адамзатқа пайдасы тисін деп тілейді. Ол осылай бүкіл болмысты өзгерткісі келгендей «Бейіс болсын бұ жалған, Кеудеден кетіп сасық қан» деп өзінің рухани күші фәни әлемдегі барлық жан иелерін науқастан сауықтырсын деп тілейді. Осылай Шәкәрім мейірімінің шыңын, бүкіл адамзат игілігіне бағытталғанын байқаймыз.
Бәріне бірдей көңілмен қарайды. Шәкәрім әулиелік деңгейге жеткеннен кейін бұл әлемнің ықпалына берілмей, өзін еркін ұстаған. Бұған оның өмірінен мысалдар көп. Соның бірі – оны Алматыға үкімет қызметіне шақыру сәті. Шәкәрім Алматыға барса болашақтағы аштықтан, қудалаудан құтылатынын және оның барлық туыстарына да игілігі тиетінін жақсы біле тұра, өзінің өмірлік принципін берік ұстанған ол бұл пайдалы ұсыныстан бас тартады. Фәни әлем құмарын бақи әлем құмарына бас игізу – әулиеліктің бір сипаты. Жоғары рухани дәрежеде жан күшейіп, оның ықпалы өсіп, енді тәнді жан билей бастайды. Бұл деңгейде фәни әлемнің ықпалы азайып, адам өзінің құдыреттілігін сезініп, еркіндігі өсе береді.
Оның рухани білімі тіршілік құбылыстарын дұрыс түсініп, ал жанның қуаттылығы дүниенің сергелдеңін елемеуге мүмкіндік береді. Осылай жан иесі Алла тағалаға тура жолда барлық қайғы-қасыреттен арылып, өзіне бөгет болатын байланыстардан қол үзіп, толық бостандыққа жетеді және еркіндік алады.
Ол енді бүкіл болмыс көріністеріне бірдей қарап, өзімен қатарласпен достық қатынаста болып, жоғары тұрғанға құрмет көрсетіп, ал төменгілерге көмектесуге ұмтылады. Осылай әулие нағыз еркіндікке жетеді. Әулие – толық еркін адам. Ол барлық тіршілік иелері мәңгілікті жан екенін, ал олардың денелері уақытша киген киімдер тәрізді екенін жақсы біледі. Бұл білім олардың рухани болмысын көріп, барлығына бірдей қарауға мүмкіндік береді. Сондықтан оларға патша мен құл, әйел мен еркек, түрлі діндегі адамдардың барлығы бірдей жан. Ол Абай көрсеткен «толық адам» сатысының шыңында тұр. Шәкәрімнің осындай халін білдіретін бір өлеңін келтіре кетейік.

Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын, бер арақ!
Қайғы, рахат бәрі бір бәс,
Ешбірінде жоқ тұрақ.

Келсе бейнет – келді, кетті,
Болса уайым – болды не?
Ақ жолыңнан бұрма бетті,
Бас нығыздап мықтырақ.

Мен мешітке келмеді-ау деп,
Сөкпе сопы, молдалар.
Еркін аяқ кетті билеп,
Шын хақиқат жол ұнап.

(«Тура жолда қайғы тұрмас»)

Бұл өлеңінде Шәкәрім фәни әлемнің тұрақсыз екенін, тек қана рухани болмыстың мәңгілікті екенін сезген кезін жазып отыр. Фәни әлемнің өткінші уайым-бейнетінен құтылу үшін «Ақ жолыңнан бұрма бетті» деп ескертеді. Ол еркіндікке жеткен адам, сондықтан «Мен мешітке келмеді-ау деп сөкпе сопы, молдалар» деп ескертіп, себебі, «Еркін аяқ кетті билеп, шын хақиқат жол ұнап» дейді. Осылай Шәкәрімнің әулиелік деңгейдегі еркіндігі оған Хақиқатқа жетуге мүмкіндік берді деуге болады.
Әулие өзінің дұшпанына көзқарасын былай деп білдіреді:

Дұспаным атса маған тас –
Жар жіберген көз бен қас.
Ұстап сүйіп болам мас,
Бал ғой мені сөккен тіл.

(«Жүректен аққан қанымнан»)

Бұл сезім деңгейі Иса пайғамбардың «Сол жақ бетіңнен ұрса – оң жақ бетіңді тос» деген қағидасына сәйкес келеді.
Оқшаулыққа бейім. Бұл фәни әлемде оқшаулық барлық әулиелердің несібесі. Фәни әлем олар үшін барлық қызығынан айырылып, керексіз болып қалады. Сондықтан әулие адам енді бұл фәни әлемнен алыстап, бақи әлемге бет бұрады. Сөйтіп ол жалғыздыққа ұрынып, елден шет кетуге мәжбүр болады. Бұл Шәкәрім өмірінде ғана емес, Л.Толстой, Ахмед Яссауи тәрізді әулиелердің өмірінде де болған. Шәкәрім өзінің жалғыздығы туралы көп жазады.
Шәкәрім өзінің жалғыздығы туралы Сәкен Қасиманұлы деген адамға айтқанын қысқаша келтірейік: «…Жалғыздықтың тағы бір түрі – сөзіне құптаушы болмай, өз заманында тұрғыластарының сөзіне қосыла алмай, жалғыз қалғанды айтады. Осының бәрі менің басымда бар іс… Мен өзім қажы болып молдаларға жақпадым. Яғни, олардың шариғатына теріс болып, жалғыз қалдым,.. «Имамың кім?» дегенде «Имамымыз Көкбай молда» деп сіре тұра тамұққа баратын болса керек. Мен бұған қарсы болдым. Шылғи өтірік дедім. Шәкәрім қажы емес, дінсіз азғырушы деп жалғыздады молдалар. Мен болыс пен билердің елдегі көп ережелеріне қарсымын, олар да мені жек көрді. Алашорда қызметке шақырды, «уез бол, болмаса дін басқар» деді. Мен бармадым, олар да жақтырмады, «қажысың» деп совет өкіметі де мені жек көреді. Ең аяғы ғылым мен философияда да мен жалғызбын».
Бұл халін ақын өлеңмен былай деп білдіреді:

Дінің шатақ, әдетің арсыздық деп,
Жақпадың молдалар мен халқыңа да.
Ендігі жас: «Ескі иісің шығады» деп,
Олар да келмей отыр қартыңа да…

…Жалғанда сендей жалғыз адам бар ма,
Ешкім баға бермейді нарқыңа да,
Сені көрсе, бәрі де сырт береді,
Қарағысы келмейді қалпыңа да.

(«Жасыңда араластың малтымаға»)

Шәкәрім өзінің жалғыздығының себебі дүниенің сергелдеңінен алыстап, өмір бойы жинаған рухани байлығын бір жүйеге келтіріп, келешек ұрпаққа қалдыру екенін былай деп білдіреді:

Көрген соң ел жарасын анық сезіп,
Аңдайын айдалаға кеттім кезіп,
Ел емес, елге істеген қылығынан,
Қашқамын, шынымды айтсам, сонан безіп.

Елсізде неге жалғыз қалғанымды,
Қырық жыл нені жинап алғанымды
Сезбейсің тартпаған соң көп қайғысын,
Сен емес ұғатұғын арманымды.

Арманым байлық, мансап, мақтан емес,
Ойлы адам оны әсте олай демес.
Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы
Итше талап өз елін, жырып жемес…

…Айтамын, сөзімді ұқсаң, кейінгі жас,
Қиянатсыз адамға емеспін қас.
Жүректегі дертімді білер едің,
Өсекке ермей, менімен болсаң сырлас.

(«Кейбіреу безді дейді елден мені»)

Шәкәрім өзінің жалғыздық сырын «Қырықтан соңғы қырымды», «Кейбіреу безді дейді қатынынан» атты өлеңдерінде де түсіндіріп жазады.
Осы қысқаша шолудан Шәкәрімнің рухани сипаттарын, оның әулиелік биігін көре аламыз. Шәкәрімнің әулиелігін «Шәкәрім шыңы» атты кітапта толығырақ көрсеткенбіз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *