Менің құрдастарым немесе біз қалай еңбекке араласып есейдік
06.06.2019 0 2 397
Тұрсынбек Садирбеков
1950 жылы Талдықорған облысы, Алакөл ауданы, Қызылащы ауылында туған. 1979 жылы Алматы Политехникалық институтына түсіп, 1985 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын бітіріп «Инженер-құрылысшы» мамандығын алған. 1997 жылдан бастап Алматы құрылыс-техникалық колледжінде қызмет етіп келеді.
«Технология» пәніне арналған оқулықтары өндіріске енген. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасының» иегері.
Әңгімемеміздің арқауы қазіргі Талдықорған облысына қарасты Үшарал қаласымен Қабанбай (Андреевка) ауылы арасын жағалайтын тас жолдың бойында орналасқан, сырт көзге онша таныс емес, жолаушылар автобусы тоқтаса ғана «Ә, мына жерде елді мекен бар екен» деген, ілезде ұмыт болып кететін Қызылащы ауылы. Қызылащының қазіргі тұрмыс-жағдайы орташа елді мекендер қатарына жатады. Ал менің осы ауылдағы құрдастарым туралы толғауым, оқушым айып етпесе, алпыс жыл шегіністен басталады. Қазіргі ұрпақтан сұрайтыным:
– Ой, алпыс жыл бұрынғы әңгімеде қандай қызық болсын, оқитын- тоқитын не бар деген ойдан аулақ болсаңдар деймін.
Ауылдың атауына қарап кейде ойға шомыласың, мүмкін үлкендердің бірі білетін шығар деп сұрау салсаң тиянақты, дәлелді жауап бере алмаған соң өзімше шешуге тырысамын. «Қызыл» сөзіне тоқталып, ауылдың шығысы мен батысына, солтүстік пен оңтүстігіне қараймын. Шығысқа қарасам Ақсұғымның үшкірлеу келген тасты шыңы мен қоңырқай тартқан жотасы, батысына көз салсам жусан, ащы көк миясы аралас өскен, солтүстікке қарай еңістігі бар құмдауыт сар дала. Көз ұшында Қарасу елді мекені, одан ары қарай Сарықұмға ұштасып кете барады. Енді Қызыл атауын солтүстіктен іздейін деп бұрылып қараймын. Бұралаңдап барып жотадан асып түскен тас жол көзге түседі де, жота сол биіктікте Ақсұғымға қарай созылып тұтасып кетеді. Келбетінен қызыл түсті іздеймін. Жота да құмдауыт. Етек жағында аласа бойлы ши түптері, изен, кей жерлерде тобылғы аралас шөптесіндер. Жотаға қарай жусан, ащы мия, қоңырқай тартқан шыларжын, құмдауыт жерлерде бетеге басы желмен желкілдейді.
Ендігі жерде оңтүстік маған жауап тауып беретін шығар деген үмітпен көз жанарын алыс көкжиекке бағыттаймын. Көз алдымда созылып жатқан «Шыбынды» тауы. Ауыл орталығынан 8-10 шақырым жерде. Тауға дейінгі жазықтық егін алқабы. Құмдауыт. Қызыл атауына теңеу таба алмайсың. Ары ойлап, бері ойлап өзімше ой түйемін: «Яғни, ащысы – көк миясы да, қызылы құмда өсетін тамыры кермек дәмді қызыл миясы» болар деп тоқталамын. Кімнің таласы бар болса, мен осы тұжырымды дәлелге тартамын.
Ауылдың атауын анықтадық, ал құрдастар не сыр шертеді, тыңданыздар:
Сол кездегі білім ошағымыз ауылдағы жеті жылдық мектеп. Керегесі саман кірпіштен қаланған, бізге еңсесі биік болып көрінетін, қамыс шатырмен жабылған, ұзын дәлізден шығысқа қараған терезелері бар оқу кластары тарайды. 1957 жылы жасымыз жетіге толған ауыл балалары осы білім ошағының табалдырығын аттап, қара сырмен боялған ағаш парталарға екі оқушыдан отырып «Әліппені» ежіктеп оқи бастадық. Қолымызға қалам ұстататып, әріпті әдемі жазуға, кітап оқуға баулыған алғашқы да, өмір бойы ұмтылмайтын ұстазымыз Задан тәтәйміз еді. Алдыңғы қатардағы парталарда Төлеухан, Асаутай, мен және Шәріпхан отырады. Сабаққа деген ынтамыз жақсы, ұстазымыздың берген тапсырмалары мүлтіксіз орындалады. Екінші тоқсан аяқталар уақытта әжептәуір әліппенің әңгімелерін оқи алатын болдық. Бастауыш кластар түстен кейін оқимыз. Ойын ойнауға уақыт бола бермейтін. Күтетініміз жексенбі.
Ауылдың ортасынан ағатын, бізге үлкен өзен болып көрінетін шағын өзен суы қыс айларында қата қоймайды. Ауыз суы да, малды да осы өзен суынан ішіп, суғарамыз. Суы таза, түбіндегі тастары мен судың ішінде жүзіп жүрген мұртты итбалықтар (жергілікті балық атауы) анық көрініп жатады. Барлық балалардың тосатыны қарлы боранның соғатын сәті. Боран бір соқса бір тәуліктен аса соғады да, өзеннің аңғарып қармен бітеп, сіреп тастайды.
Келесі күні жайылған қызыл судан бұрқырап, буланып аспанға көтеріле алмай қалқып тұрған бозғылт туманға қуанамыз. Осы бір-екі күнгі қызыл судың жайылғаны балаларға таптырмайтын мұз айдынын силап, келесі күндері сол бұрынғы арнасына ауысқан өз бетімен жол тарта береді. Бізге де керегі осы. Сырғанақтың қызығы осы айдында. Ойнайтын ойынымыз «Шошқа таяқ». Басы имек келген, ыңғайлы да берік ағаш бұтағын табу оңайлықта кездесе бермейді. Ағаштан-ағашқа өрмелеп шығып, әйтеуір жарайды-ау деген бұтақтан жасалған шошқа таяқ ойынға кіріседі. Ал қуалайтын добымыз түйенің мұз болып қатқан құмалағы, ол табылмаса жылқының құмалағын қуалаймыз. Аяғымызда керзі етік, жылтыр мұз үстінде кәнкиден кем сырғанамайды. Ойынның қызығымен бұрқырап, буырқанып, үсті-басымыз су-су, құмалақтың жарылып немесе соққыдан түймедей болғанына дейін қуамыз. «Шошқа таяқтың» шебері Асаутай бола бастады. Оның бойы бізге қарағанда биіктеу, таяқты сермеп қалғанда құмалақ добымыз қақпадан-қақпаға жетеді. Негізгі ойынымыз осы. Екі командаға бөлініп жатырмыз. Телеухан көріндейді. Үй жағына қараймыз. Қолында қара конькиі бар Телеухан келді. Қысқы демалысқа Үшаралдан келген нағашысы ағасы алып келіпті.
Бәріміз қызығып тұрмыз.
– Ей, сен оны тебе аласыңба? – дейміз.
Ол мұздың шетіне шығып аяғына конькиді байлай бастады. Қайыс бауын кере тартып жақсылап байлап, мұздың үстіне шығып тәлтіректей басып құлауға айналғанда барлығымыз біреуіміз алдында, біреуіміз артында сүйемелдей жүріп сырғанай бастадық. Есіл дертіміз еді коньки тебу. Шошқа таяқ ойны екінші орынға ығысты. Тосатынымыз Телеухан. Сол жылы қызыл судың силаған мұз айдынында Телеуханның конькимен барлық балалар конькимен сырғанауды меңгеріп алдық.
Бірінші класты жақсы бітіріп екінші класқа көштік. Задан тәтейіміз әр оқушының қабілетіне қарай әртүрлі тапсырмалар бере бастады. Бір күні тоқсан аяқталар уақытта қолында жұқа кітапшалары бар, Телеуханға бір кітап, маған «Қаныбек» деген жұқа кітапты бері тұрып, жақсы оқыңдар деп тапсырма берді.
Балалық шақтың қызық күндері 1958-59 жылдық оқу жылына ұласты. Үшінші тоқсанның бастапқы күндері, түстен кейінгі сабақ жүріп жатқан. Кластың есігі ашылып ішке Күлсімхан тәтей, үстінде күпәйкесі бар қара домалақ баланы ертіп кірде де:
– Мына бала сендермен бірге оқиды, -деп шығып кетті. Үзіліс болысымен қара домалақпен танысу басталды.
– Үй, сен қайдан келдің, атың кім? – деп жатырмыз.
– Атым Қасымхан, біз Қытайдан келгенбіз, – деп жауап берді. Барлығымыз аң-таңбыз. Қытайдан қалай келеді деген ой мазалайды. Кейінірек ес білген уақытта ғана түсіне бастадық. Совет елімен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық қатынастарға байланысты өзара келісімге қарай қытайдағы қазақтарға туған Отанына қайтып ораламын дегендерге ішінара рұқсат берілген екен. Біздің ауылға көшіп келген ата-анасы мектепке оқуға алып келеді. Мектеп басшысы баланы бірінші класқа қабылдайды. Бір жұмадай оқыған Қасымханның зеректігі мен есепке жүйріктігін байқаған мұғалімі мектеп басшысынан баланы екінші класқа ауыстыруын сұрайды. Қытай елінде бірінші класты үздік оқып келген оны біздің класқа әкелген себебі осы екен. Шаруашылықта сол уақыттарда баспана жағы жоқтың қасы. Мектептің жанында шағын асхана мен малшылардың балаларына арналып салынған екі бөлмелі үйге Қасымханның ата-анасы қоныстанды. Күнделікті ойынымыз мұз үстінде немесе тапталып қалған жол табанында. Телеуханның конькиін кезектесіп тебеміз. Қасымызға Қасымқан келеді. Осылайша бір-бірімізгеи үйір бола бастадық. Бірде Телеухан Қасымқаннан:
– Сен қытайша білесің бе?
– Білемін, – дейді.
– Ал ендеше тамақ ішемін деген сөзді қалай айтады?
– Охирлям, – дейді. Мен де бір сұрақ қоямын. «Жүр ойнаймыз» деген сөзді қалай айтады деймін. Ол еш ойланбастан:
– Тоһирлям, – дейді. Сөйтіп біздің сөз қорымызға «Охирлям» мен «Тоһирлям» тіркесі жатталып қалды. Бұл сөздердің қаншалықты дұрыстығын ер жеткенде ғана Қасымқанның өзінен естіп, күлеміз де, соншалықты аңғал балалық шақты еске аламыз. Бастауыштың екінші класын үшеуіміз де үздік бітірдік.
1958-1962 жылдары Алматы-Өскемен қалаларын жалғайтын тас жол құрылысы біздің ауылды жанай өтетін болып, жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатты. Жол табанына төселетін ірілі-ұсақты қиыршық тасты қара эксковатор өзен аңғарынан қазып алып ағаш қорапты машиналарға тиеп жатады. Жүкті өзі аударып тастайтын көліктер саны шамалы. Бір жердің тасы бітіп қалса келесі жерге ауысып отырады. Үлкен шұңқыр болып қалған жерге суды бұрып толтырып, жаз бойы суға шомылып, күнге күйіп жатқан ауыл балалары. Түс мезгілі: суда жүзіп, таста қыздырынып жатырмыз. Суға түсуге ме, жоқ әлде балалармен танысуға ма, жанымызға екі бала келіп отырды. Бізді қызықтап біраз отырды. Бөтен балаларға біз де қарап қоямыз. Суға шомылуға батпады ма, жоқ әлде бізден именді ме орындарынан тұрып кете барды.
Осылай күнлелікті суға түсумен, құмға аунап, тасқа қыздырынып жүріп, сабақтың басталғанын да білмей қалдық. Жаңа оқу жылы да басталып кетті. Қоңырау соғылып, класқа кіріп үйреншікті орнымызға отырып жатырмыз. Ішімізде жазда суға түсіп жүргенде көрген баланың біреуі жүр. Танысып жатырмыз. Есімі Серік. Еңбекші ауылынан көшіп келіпті. Осылайша біздің класқа жылына бір-екі жаңа оқушылыр қосылып толысып жатты. Оқу басталған соң ниетіміз сабаққа ауып ойынымыз азайды. Бір-бірімізден түсінбеген, орындалмаған немесе шығара алмаған есептерді жазамыз. Жазуымыздың үлгісі көркем жазудан ешбір айнымайды. Әсіресе Асаутайдың жазуы бәрімізден көркем. Ал, Серіктің дәптеріндегі жазуы біздікінен өзгеше. Әріптерді тіктеп жазады екен. Тілінде «ң» дыбысының айтылуында сәйкестік жоқ екенін байқаймыз.Сұрап білсек бастауыш класты орысша оқыпты.
Осы уақыт аралықтарында яғни, 1958-1960 жылдары щағын шаруашылықтарды ірілендіру науқаны кезінде Көмек, Төңкеріс, Жаңажол, Теңлік шаруашылықтары орталығы Қызылащы ауылы, «Киров» колхозы болып біріктірілді. Алғашқы бастауыш мектептері ғана бар ауылдар Қызылащыға көшіп келе бастады. Бесінші класта оқушы балалар саны көбейді. Қарасудан біздің класқа төрт-бес бала қосылды. Бұрынғы кластағы үлгілі тәртібіміз өзгере бастады. У-шуымыз көбейіп, ойнайтын ойындарымыз түрленіп, бірнешеу болды. Сабақты бірінші аусымда оқимыз. Екі сабақтан соң он минуттық үзіліс беріледі. Үзіліске шыға салысымен Қарасудың бір тығыздау келген, бойы біздер шамалас, басы үлкендеу баласы;
– Шехарда ойнайық, сендер ол ойынды білесіңдер ме? – деп кірісіп кетті.
– Ойнайық, – дейміз біз.
Бес-бестен екі командаға бөлініп, бастапқы бала тік тұрады да төртеуі бүгіліп бірінің артынан бірі мықтап ұстайды. Екінші топ балалары бірінен- соң бірі олардың үстіне секіріп мініп, құлап қалмау қамына кіріседі. Балалардың салмағына шыдап көмбеге дейін көтеріп барса, келесі секіретіндер олар болады. Ал, көмбеге жеткізе алмаса қайтадан тұрады. Осы ойының бастаушысы, жетекшісі Меліс еді. Қалжыңбас балалардың:
– Осы сенің басың неге үлкен, -деген сөздеріне:
– Менің басымда Маркс, Энгельс, Ленин мен Сталиннің милары бар, сондықтан үлкен, -деп жауап қайтаратын. Неге екінін білмеймін Меліс екеуіміз бірден достасып кеттік. Алғашқы жылдары Меліс нағашысының үйінде тұрып оқып жүрді. Демалыс күндері Қарасудың балалары үйлеріне барып қайтады. Мелістің мақтайтыны Қарасуы. Қаратұмада жүзіп жүрген балық көп, қолмен ұстап аламыз, түнде ақсүйек ойнаймыз деп қызықтыра береді. 1-май мейрамы қарсаңында бізді Қарасуға баруға көндіріп, біраз балалар жәйаулап Қарасуға тарттық. Екі-үш күн бойы түнде ақсүйек ойнаймыз, көк шалғында жатып әңгіме айтамыз, балық аулауға барамыз. Осындай алаңсыз балалық күндеріміз жолдастыққа, достыққа, силастыққа, бір –бірімізге деген шынайы пейілге ұласты.
– Колхоздың тыныс-тіршілігіндегі шаруашылығына адам күші жетіс-пегеннен балаларды да жеңілдеу жұмысқа тартатын. Төртінші класты бітіріп демалысқа шықтық. Жаз айы басталысымен қырда егілген дәрілік шөп көкнәрді арам шөптен арылтуға он күнге алып кетті. Таудың ақтерегінен қиылған ағаштарды мосылай байластырып, талмен жауып, үстіне күннен, жауын-шашыннан қорғайтын қалың шөппен жабылған қоста жатамыз. Тамақты ересек кластың қыздары дайындайды. Бізді күн ұясынан шықтай тұрып оятады да, әр балаға ұзындығына қарай екі-үш жолдан бөліп береді. Арам шөпті қолмен жұлып тазартамыз. Қырда жер жұмсақ. Таудан ескен самал жел, сәулесін шашып арайланып шығып келе жатқан алтын күн, күн сәулесімен бірге ақ-қызылды, сарғыш түсті жапырақтарын қауызынан шығарып ашып жатқан көкнәрдің гүлді бастары қандай әдемі де әсерлі. Бір сәт ұйқыны да ұмытып, тамаша сезім күйге бөленесің.
Әр жылдың жазғы демалысы біздер үшін еңбекке араласуымызға, үлкендермен бірге жүріп, олардың әңгімесін, ісін, ақылын тыңдауға, тәжірибе алуға жетеледі. Міне, бесінші класты да бітірдік. Балалардың бірі ауылдарына, бірі ата-анасымен жайлауға шығып барады.
Жаздың бір жайдары күні Мелс келді. Мен шөп шабуға барамын, бірінші шалғыны алдым, қазір МТМ-да Чиканы майлап жатырмын. Ертең қырға барып шалғы саламыз. Жүр, менің шалғымды көр дейді. Екеуіміз МТМ-ға келдік. Чикасын көрсетіп мақтанады. Чика деп жүргеніміз орыс тіліндегі «Прицепная сенокосилька» шалғысы. Мелстің техникаға деген құштарлығы бала кезінен басталған еді. Егін орағы басталысымен мен қырманға кеттім. Дәнді дақылдардың алғашқы пісетіні арпа, он күн аралықта бидай, кейінірек пісетіні сұлы. Бір машинаға екі баладан оырып, бункері толған комбайнның ысқырған дыбысын ести салып жетіп келеміз. Машинаның қорабына лақылдай құйылған дәнді жазып, қырманға әкеліп астықты ағаш күрекпен жылдамдата түсіріп, қайтадан егіс алқабына шаңды бұрқырата артта қалдырып зырлаймыз.
Біздің кластағы ер балалар дерлік еңбектің қандай түрі болмасын шаруашылыққа қол ұшын берумен қатар шынығып есейді. Біздер оқуды еңбекпен қатар ала жүріп жетінші класқа көштік. Өзімізді ересектер қатарына қосамыз, бой түзейміз.
Түс мезгілі. Сабақтан үйге келе жатқан бетім. Үйге жете бергенде алдымнан жанында ерткен баласы бар, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрахмет ағай жолығып өзіне шақырды да:
– Әй балам, мынау менің Қожаным,сенімен жасты,енді сендермен бірге оқиды. Екеуің дос болып бірге жүріңдер, бірге ойнаңдар, – деп маған тапсырып жатыр.
Сол күннен бастап екеуміздің сабаққа баратын жолымыз да, қайтатын жолымыз да бір болды. Қожан от басында ортаншы бала болғанымен әексінің ең жақсы көретін еркесі болды. Ауылдағы жеті жылдық мектепке тағы бір жыл қосылып, сегіз жылдық мектепті бітіретін көктем де келіп жетті. Көктемгі егіс жұмысы уақыт күттірмейді. Күндіз-түні жер жыртылады, астық себіледі. Қара шынжыр табанды трактордың тіркейтін бес түренді соқасына отыратын адам жетіспейді. Мектептен көмек сұрайды.
Сондағы ересектері біздің кластың балалары. Шаруашылықта екі бөлімше. Бірінші бөлімше ауылдан алыс емес, ал екінші бөлімше Көмек пен Төңкерістің ортасында. Екі көрпе бір жастығымызды кенеп қапқа салып, он күндік демалысымызды көктемгі егіс басында өткіземіз. Тіркеме соқаның темір орындығында отырып, бұрылыста түренді көтеріп-түсіру, жыртыс тереңдігін жиырма сантиметр мөлшерінде қалыпты ұстау міндетеміз. Тракторист ағайымыз анда-санда артқы терезеден мойнын бұрып қарап қояды. Көктемнің күні бірде салқын, бірде ашық. Кейбір күндері қар ұшқындап суытып кетеді. Күн қанша құбылып тұрса да көк тракторда тоқтау жоқ, арттағы соқа мен бала еріксіз трактордың гүрілдеген дауысына соқасы темір дөңгелегінің шиқылын, баласы ылқылдап айтқан әнімен ілесе береді, ілесе береді.
Қызылащының сегіз жылдық мектебінің бастауыш кластарын үздік бітіргендеріміз жақсы деген деңгейде, қалғанымыз жақсы мен ортаның бел ортасында аяқтап, оқуды жалғастыруға аудан орталығы Үшаралдағы Абай орта мектебіне, көрші аудандағы Екпінді ауылындағы орта мектепке, Еңбекші тағы да басқа мектептерге аттандық. Шағын ауылдан басқа ортаға, жаңа ұстаздар мен оқушылар арасына бейімделіп есейдік, өзгердік, ашылдық. Алдымыздағы үлкен мақсатымыз, арманымыз жоғары білім алу. Асыға күткен 1967 жылдың мамыр айы. Мемлекеттік емтиханды жақсы деген бағаға тапсырып қолымызға көк аттестатты алдық.
Шілде айының басы. Үйге Қасымхан келді де:
– Ертең оқуға Алматыға жүреміз, дайындал! Бізбен баратын балалар болса жүр шақырайық, – дейді. Оқуға бірге барамыз деп жүргенбіз. Жоғарғы оқу орнына емтихан тапсыруға әлі бір ай бар, ерте ғой деймін.
– Ерте барып емтиханға дайындаламыз, құжаттарды өткіземіз,-деп қоймайды. Онда тәуекел, кеттік, дедім. Тас жолдың шетінде автобус тосып Қасымхан, Қожан, Жұмабай және мен тұрмын. Жотадан автобус көрінді де, әне-міне дегенше жетіп келіп тоқтады. Жаңа ПАЗ. Бағыты – Алматы. Сағат түскі екілер шамасы. Алғашқы ұзақ сапар, ұшқыр арман Алматыға, астанаға жетелейді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.