ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ
13.03.2019 0 14 904
Сейдін БИЗАҚОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
«Мемлекеттік тіл» қоғамдық ұйымының мүшесі
Тіл – әр ұлттың өзіндік ерекшелігі. Ал мемлекет ұлт атын иеленгеннен кейін оған ұдайы назар аударып, ғылыми негізде дамуына ықпал етуі керек. Бұл тұрғыдағы мемлекетіміз атқаратын іс-шараны бірауыз сөзбен «Тіл саясаты» дейміз. Ал ол саясат Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуі тиіс. Мемлекемітіз ұстанып отырған осы тіл саясатына орай біз оқырман назарына ұсынып отырған мақаламызда Қазақстан Республикасында «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» басшылыққа алдық. Атап айтқанда:
-Мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру және стандарттау;
-мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту;
-мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру;
-мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру;
-мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;
-қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу;
-тіл мәдениетін жетілдіру;
-коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі орыс тілінің қызмет етуі;
-Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау;
-ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену.
Жалпы қай тілді алсақ та оның байлығы сөздікте қамтылған сөз санымен аңғарылатыны белгілі. Сөздік шығару дегеніміз – үлкен мемлекеттік іс. Көпшілік қауым сөз санына қарап, сөздікті бағалап жатады. Осы ретте В.И.Ленинің Луначарскийге «Нағыз орыс тілінің, айталық, қазір қолданып жүрген және Пушкин мен Горькийге дейін классиктер қолданған сөздердің сөздігін жасайтын мезгіл жеткен жоқ па? Егер осы іске қызыл әскерлердің паегын беріп, 30 ғалымды отырғызсақ қайтер еді? Бұл пікірге Сіз қалай қарар едіңіз?», – деп жазған хаты еске түседі («Лениншіл жас», 25.10.1962). Әрбір тілдің лексикалық қазынасын барынша түгендеп, соған орай оның әлеуітін, күй – қалпын әр алуан сөздікте танытып, қалың жұртшылыққа, білім – ғылым әлеміне өз мәнінде көрсету қай уақытта да ең өзекті де маңызды міндет болып табылады. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамдық жүйесі, сөз тудыру мәселесі, сөзжасам тәсілі, сөзжасамдық түрлері т.б. да мәселелерінің ғылыми айналымға түсіп, оқулыққа, ғылыми грамматикаға енуі – тіл білімі ғылымының үлкен жетістігі. Қолдану өрісі кеңейген ана тіліміздің сөздік құрамы жан–жақты молыққан, әр алуан нормасы орныққан, ұлттық табиғаты сақталған сындарлы тілге айналып отыр. Сөздік құрастырудың өзіне тән принципі мен әдісін жете меңгеріп, мол байлық көзі тіл мәйегін, сарқылмас қор мен ұлттық мұраны танытатын тіл байлығымызды хатқа түсіріп, ұрпаққа ұлағаттау – басты мақсатымыз. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап көрсеткен болатын.
Халық тілінің сөз байлығы әлі де болса өз мәнінде жиналып теріліп біткен жоқ деп жүрміз. Әдеби тіл лексикасының әлі де болса молығып баю үстінде екенін ескеріп, көнеріп архаизм аулына ауысқан, сондай – ақ таралу шегі (изоглосы) бар, қалың көпшілікке танымал бола қоймағанымен, жергілікті жерде сәл – пәл мағыналық реңкімен ерекшеленетін әдеби тілде баламасы жоқ белгілі бір ұғым мен зат атауларының біразын балама сөздер сөздігінде көрсеттік. Атап айтқанда, сөз тіркесімен берілетін кейбір ұғымның жергілікті жерде атауыш нұсқасы кездеседі. Сондай – ақ ана тіліміздің грамматикалық түрленістерін мұқият тізбелеп, олардың қызметін жан – жақты анықтау арқылы әралуан атаулардан туындаған сөз тұлғаларының қалыптасуына әлеуметтік – тарихи жағдай, тұрмыс – тіршілік әсер еткенін байқатар едік.
Ана тіліміздің қазіргідей мәртебелі тұсында сөздіктерінің маңызы бұрынғыдан да арта түсерін ескеріп, Қазакстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жұртшылық сұранысын ескеріп, халқымыздың мәдени–рухани өміріндегі айтарлықтай оқиға болған он томдық түсіндірме сөздікті толықтырып, он бес томдық сөздік баспадан шығып отыр. Баспасөз бен әлеуметтік тұрмыс саласы, радио мен теледидар, мектеп пен басқа да оқу орындары үшін ауадай қажет, қалың жұртшылық зәру боп отырған түсіндірме сөздіктің жаңа басылымын сұрыптап, толықтырып, мазмұнын байыптап, сапасын арттырып, ұқыпты өңдеп даярлау – жауапкершілігі зор ортақ міндет.
Бұл сөздіктің құрылым–құрылысы мен алдына қойған мақсаты жағынан өзіндік ерекшелігі баршылык. Баспасөз дәнекерлігімен айтыла бірте–бірте орнығып, қолданыс айналысына кірігіп, сіңіп кете алған, тіліміздің икемді, көпқырлы бола түсуіне септігі тиер жаңа атаулардың жаңа орфографиялық сөздікке енгізілгені – құптарлық жәйт (лек, зертас, талқы, тақылдақ, жолбике, жидашы, шерік, самайла т.б.). Болымсыз етістікпен омонимдік қатар құрайтын мінбе сөзінің мінбер нұсқасының алынуы да оңды өзгеріс.
Бұрын сөзтізбеге енбей қалған сөздер мен тіркестердің, бірқатар ғылыми–техникалық, қоғамдық–саяси терминнің енгізілуі, бірге жазылатын сөздердің айқындала түсуі жаңа сөздікті ыңғайлы, сындарлы етері анық. Жаңа сөздік құраушылардың жұмысын жеңілдетіп бағыт–бағдар беретін әр алуан инструкция мен жинақтар, мақалалар, екі тілді және түсіндірме сөздіктер сияқты теориялық–практикалық еңбектер жарық көрді. Жергілікті ерекшелік, кәсіби сөздер, сөз нұсқалары, жаңа атаулар да зерттелді.
Бұл үлкен ұжымдық жұмыстың осы аталғандай жетістіктері аз емес. Ал біздің айтайық деп отырғанымыз қазіргі таңда күрделі жағдайды бастан кешіріп отырған тіліміздің сөздіктерін одан гөрі жетілдіре түсуге септігі тиер деген пайымдаудан туған кейбір ой –толғамдарымыз. Орыс тілінің 1980 жылғы орфографиялық сөздігі 110 мың сөзді, түсіндірме сөздігі 120 мың сөзді, орысша–қазақша сөздігі 65 мың сөзді қамтыса, қазақ тілі сөздіктеріндегі реестр сөздер саны одан екі есе, кейде үш–төрт есе аз болуы неліктен деген сұраудың көкейде тұратыны белгілі. Көп жылғы лексикография саласында істеген кезімде байқағаным бұған кінәлі біздер, сөздікшілер екеніне көзім жетті. Өйткені қай сөз табын алып салыстырсақ та, ұлттық ерекшелігімізге, тіліміздің табиғатына сай сөз тудырудың сан қилы өзіндік тәсілдері қалыптасқанын байқар едік. Соны өз мәнінде пайдаланып, тіл байлығын өз мәнінде көрсету жағы кемшін. Орыс ғалымдары 1960 жылдан бері әрбір он жыл сайын «Новые слова и словари новых слов» аталатын жинақ шығарып отырады екен деп естиміз. Мұндай тәжірибені біздің де ескергеніміз жөн болмақ. Жаңа саясатқа орай біздің де Ел бірлігі доктринасында мемлекеттік тіл жалпыұлттық және рухани бірліктің басты факторы, негізгі басымдығы ретінде айқындалған. Оны меңгеру әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті саналып, жеке өзінің бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге араласуының белсенділігін айқындайтын ынталандырушы тетік болуға тиіс.
«100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» ұлт жоспарындағы негізгі бағыттардың бірі «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру, сондай-ақ қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың түйінді факторы ретінде үштілді білім беруді дәйекті түрде дамыту болып табылады.
Қай тілде болмасын тіл байлығы мен оралымдығы етістіктен басымырақ байқалады. Шет тілін үйренушілер көбіне-көп етістіктің түр-түріне ден қойып жаттығу арқылы оң нәтижеге жете алады. Сондықтан сөздік құрастырарда етістіктен түрленген сөз формаларын жүйелі түрде қамтып көрсете алу – басты міндеттің бірі болмақ. Осымен байланысты туындайтын сұрақ та аз болмай отыр. Барлық тілде түбір етістік алдымен алынады. Отыр, сөйле, жүр сөздерін қалдырып, оның тұйық етістік формасын ғана алуымыз дұрыс па?
Жұрнақтар арқылы түрленген сөздер ғана лексикалық мағынаға ие болатындықтан, оларды сөздік құрастыруда реестрге алып жүрміз. Ал грамматикалық мағынаны танытанын жалғаулар арқылы түрленген сөздердің де ішінара реестрде көрсетілуге тиістілері кездеседі. Бірлі – жарым тәуелдік жалғаулы сөздердің лексикалық мағынаға ие болатынын ескеріп, реестрге алып, сөздікте көрсеткен тиімді. Мысалы, ер (еркек) – ері (күйеуі), бай – байы (күйеуі), күйеу – күйеуі, әйел (женщина) – әйелі (жена), қатын (әйел) – қатыны (әйелі), жалғыз – жалғызы, бермегі де бар секілді сөздердің білдірер мағынасында айырмашылық жоқ емес. Уақыты – уақтылы, ешқайсы – ешқайсысы, тәңірі – тәңірісі, көбісі – көбі, бірісі – бірі жұрнақтары да сөздікте көрсетілмек.
Болымсыз етістікті де реестрге алмайтынымыз белгілі. Дегенмен олардың да ішінара өздігінен лексикалық мағынаға ие болатыны кездеседі. Мысалы, білмегенсу, көрмегенсу, байқамағансу, естімегенсу деп айтылғанмен, мұндай сөздердің болымды түрлері білгенсу, көргенсу, байқағансу, естігенсу деп айтыла қоймайды. Септік жалғауымен түрленген сөздердің лексикалық мағынаға ие болатындары мына сияқты: қашаннан, заманнан, баяғыдан, күнімен, түнімен.
Көсемше мен есімшенің білдірер мағынасының өзгешеленетіні белгілі. Орыстар причастие мен деепричастиені, совершенный мен несовершенный видтерін қалдырмай алады. Отыршы, отырғын сөз формаларының білдірер мағыналық, лексикалық ерекшелігін ескеріп, орфографиялық сөздікте көрсетуіміз керек шығар. Сөз қазынасын жинастыру жүріп жатқандықтан болар, тіл қойнауында тұнып жатқан әдеби тілге сұранып тұрған асыл сөздеріміздің көбі әлі терусіз жатқандай әсер қалдырады (қышкер, жарын (келесі жыл,) дабылкеш, далдам, муалы, пес, жырғау, әпкіш, мосы, елгезер).
Қазақ тілінің жан-жақтырақ, байырақ келетін тұстарына әр алуан топтан көптеп мысал келтіре алар едік. Өкінішке орай, әр алуан туынды сөз тұлғаларының сөздікке енбей қалғаны аз емес. Жай ғана көз жүгіртіп қарағанның өзінде мұндай кемшілік көптеп байқалады. Мысалы, моделизм мен мораль сөздерінің аралығындағы бір томдық «Қазақ тілінің түсіңдірме сөздігінде» қатарынан берілген 95 сөз 1989 жылғы орфографиялық сөздікке алынбай қалып қойған. Етістіктің етіс формасы т.б. туынды сөздерден де қалып қойғаны аз емес. «Ажар» сөзінің ықшамдалған нұсқасы «әр» сөзі де мағыналық реңкімен қолдану жарасымдылығын табуда. Мысалы, «Ажарынан әр таймай, жүз жасасын қартаймай». Алайда ажарландыру, ажарлылық, ажарсыз, ажарсыздану, ажарсыздық сөздікке алыныпты да, әрлендіру, әрлілік, әрсіз, әрсіздену, әрсіздік сөздіктен тыс қалған. Әпке сөзі әдеби норма десек, одан түрленген сөздердің де сөздікке алынғаны жөн. Екі қыздың біреуі әпкесі, біреуі сіңлісі екенін ескеріп, үйлесімін дұрыс келтіріп, әпкелі–сіңілі деудің орнына апалы–сіңлі деп бергеніміз дұрыс бола қоймас. Сондай–ақ әпке–жездесі (апа–жездесі емес).
Бұрынғы сөздікке әдеби тілде баламасы бар диалектизм, әралуан мотивсіз жарыспа тұлғалар, тар көлемдегі терминдер енбеді. Әр сөзге құрмалас сөйлем түріндегі әлденеше мысал алынбайды. Мысалдың ықшамды, жинақы болып келуі көзделді. Көп реестерде мысал сөз тіркесімен ғана берілді. Көпшілікке түсінікті кейбір атауларға жаппай мысал ала берудің кажеттігі шамалы екені ескерілді. Сондай-ак көп томдықка қатысты азды–көпті сын ескертпелерді ескере отырып, бұрынды–соңды жарық көрген сөздікке ілінбей қалған сөздерді мүмкіндігінше жинап–теріп жаңа сөздікке енгізу көзделді. Сан мың сөз тұлғасын сөздікке енгізбеудің мәнісі неде? – деген сауалдың көкейде тұратыны белгілі. Қазақ лексикографиясында теориялық та, практикалық та түбегейлі шешімін таппаған негізгі мәселені бірі граматикалық түрленістің шегін анықтау, туынды тұлғаларды қамтудағы тұжырымды критерийдің болмауы көптомдык түсіндірме сөздіктен де байқалды емес пе. Түсіндірме сөздіктің жаңа басылымының түсіндірмесінде тіліміздің сөз байлығын өз мәнінде көрсете алмауымыз, шығып жатқан сөздіктердің даму қарқынын бәсендетіп, сапасын жақсартуға көпе-көрнеу қол байлау болатыны айтылған-ды.
Бұрындары сөздікке енетін сөздерді елеп-екшеп алайық деуші ғалымдар мына жайларды тілге тиек еткен еді. Баршаға белгілі қайсыбір туынды тұлғаларды кім керек қып іздей қояр дейсің деген тұжырым келтірілді. Алайда түсіндірме сөздік тілді толық меңгергендерге ғана емес, тілді орташа білетіндерге, нашар сөйлейтіндерге де, тілді тереңдеп үйренушілер мен жаңадан үйренушіге де, ересектерге де, мектеп оқушылары мен студенттергеде – жұртшылыққа түгелдей арналған оқу құралы екенін есте тұтқанымыз абзал.
«Анау-мынау сөз тұлғаларынан гөрі, сөздікке қазақтың небір әдемі сөздерін іздеп тауып, көбірек қамтығанымыз жөн» деп айтылғандай, атауыш сөздер ғана құнды тілдік материал саналып, туынды тұлғаларға мұрнымызды шүйіріп, қорашсына қарасақ, сөздіктің сапасы қандай болмақ.
2001 жылы баспадан толықтырылып, түзетіліп шыққан қазақша–орысша сөздікте апа сөзіне бес мағына берген (60–бет).1) старшая сестра, 2) тетя, 3) форма обращения к старшей родственнице, 4) мама, 5) бабушка. Міне, осы аудармадан қазақ тілін үйреніп жүрген орыс тілді бала не түсінеді. Шындығында, апа сөзінің бір ғана білдірер мағынасы бар. Ежелден барша халық шешесін апа деп атаған. Апа сөзі орыс мектебіне арналған оқулықтарда 1) старшая сестра, 2) мама 3) бабушка 4) обращения к женщине старшей по возрасту делініп әрқалай аударылып жүр. Мұны оқыған орыс баласы қазақ тілінде әйел жынысының үлкенін жалпылама апа деп қана атайды екен.
Бұл тіл сөзге кедей екен деп ойлап қалуы мүмкін ғой. Керісінше, біздің тіліміз басқа тілмен салыстырғанда туыстық атауларға аса бай. Әдеби тілімізде сөз тіркесімен айтылып журген кейбір ұғымның жергілікті жерде атауыш баламасы кездессе, оны әдеби тілдің сөздік құрамын байытатын жаңа атау ретінде кәдеге жарату – тәжірибеде бар нәрсе. Үйренбегендіктен алғашында жатырқай қарағанмен, ондай сөздердің әдеби тілде орнығуы жылдам. Жалпы «біздің ауыл олай деп айтпайды» деген дәлел емес.
Мәселен, бір қаламдасым айтқандай, бұрын көбіміз естіп білмеген, бірақ жергілікті жерде айтылатын шайлан, шайлану атаулары – орыс тіліндегі чаевничать, чаепитие сөздерінің балама атауы ретінде әдеби тіл нормасына айналдыруға сұранып тұрған сөздер. Бұл бағыттағы проблемалы мәселелер, ең алдымен, халықаралық коммуникациялар, демалу мен ойын-сауық саласында мемлекеттік тілді белсенді қолдану аясының кеңеюіне, оны заңның, ғылымның және жаңа технологиялардың тілі ретінде дамытуға байланысты болып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде таныту сияқты мәселелердің маңызды тізбесі проблемалы болып табылады, сондай-ақ тіл саласындағы кейбір келеңсіз дақпырттар мен таптаурын пікірлер де осы проблемалардың қатарынан орын алып отыр.
Көрсетілген аспектіде терминология, антропонимика және ономастика салаларындағы проблемалар, сөйлеу және жазу мәдениетін жетілдіру, сондай-ақ үйлесімді тілдік орта құру қажеттілігі лингвистикалық кеңістікті одан әрі өрістетуде айтарлықтай қиындықтар тудырып отыр.
Осы ретте тіл мәдениеті нормаларының сақталуы бойынша шаралар ұйымдастыру көзделеді.
Бұл аспектіде қазақстандықтардың бәсекелестік басымдығы ретінде орыс тілін меңгеру деңгейін сақтауға, Қазақстан мәдениетінің тілдік әралуандығын қалыптастыратын этностардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасауға және халықаралық іскерлік қарым-қатынас құралы ретінде ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуге байланысты проблемалар жиынтығы бар.
Жаңа басылым он томдықтан жай көшіре салу емес, оның олқылықтарын ескеріп, өңдеп, жүйелі түрде түзілген сөздік болмақ. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір жәйтке тоқтала кетелік. Сан есім небәрі жиырма төрт қана сөз болғандықтан, олардан түрленген туынды тұлғаларды салыстыра тізбелеп шығу қиын емес.
Орфографиялық сөздікте сан есімнен туындаған сөз тұлғаларын беруде бірыңғай жүйе сақталмаған. Атап айтқанда сан есім мен одан туындаған сөздердің сөздікте қамтылуы мына төмендегідей. «Бір», «екі» түбірінен басталатын 14 сөз, «үш» түбірінен 9 сөз, «бес» түбірінен 8 сөз, «төрт», «жүз» түбірінен 6 сөз, «жеті», «елу» түбірінен 5 сөз, «алты», «мың» түбірінен 4 сөз, «сегіз», «тоғыз», «он», «жиырма», «алпыс», «тоқсан», «қырық» түбірінен 3 сөзден, «отыз», «жетпіс», «сексен», «миллион», «миллиард» түбірінен 2 сөзден, «триллионнан» 1 сөз беріліпті, «биллион» сөзі берілмепті. Барлығы 102 сөз екен. Он бес томдық сөздікте де осы деңгейлес. Сөздікте берілмей қалған сан есімге қатысты туынды сөздер бұл аталғаннан бірнеше еседей көп болып шықты. Олар мына төмендегідей.
Сөз тудыратын жұрнақтардың көп бөлігінің ортақтығына қарамастан, екі түбірлес отыздан астам реестр сөз беріліп, ал төрт сегіз, тоғыз, он, отыз, алпыс, жетпіс, сексен, т. б. атаулардан бір–екі ғана сөздің алынуы біртектес атауларды түрлендіруде бірізділік сақталмай, әрбір сөздің түрлену шегі қатаң тәртіптелген бір жүйелікпен есепке алынбағанын айғақтап тұрғандай.
Қазақ тілі айналып – толғануды, еркелету мен ізет мағынасын білдіретін арнайы сөздерге басқа тілдерге, соның ішінде туыс тілдерге қарағанда да әлдеқайда бай. Әрі ондай мағынаны білдіретін амал – тәсілдері де сан алуан. Мұндай сөздерді пайдалануды түркітанушылар ұлттық мінез – құлықтың ең бір маңызды ерекшелігі деп таниды. Еркелету мағынасындағы сөздердің көптеп қолданылатынын көрсету мақсатымен оларды былайша топтап беріп отырмыз:
1. Жарық сәуле түсіру ұғымымен байланысты шырағым, шырақ, жарық дүнием, жарығым, сәулем, сәулетай, сәулетайым, сәулем, сәулешім, айым, күнім, күнтайым, жұлдызым, жарқыным, жарықтығым.
2. Үй жануары, төрт түлік мал төлдерімен байланыстырып ботам, ботақаным, ботажаным, боташым, ақ ботам, қозым, қоңыр қозым, қошақаным, құлыным, құлыншағым, құлынтай, құлынтайым, ақ тайлағым.
3. Құс атауымен байланысты қарғам, қарғатайым, қарғашым, қарлығашым, балапаным, аққуым, көгершенім.
4. Шыбын сөзімен байланысты шыбыным, шыбынтайым, шыбын жаным.
5. «Айнал» және басқа атауыш сөзбен байланысты: айналайын, айналып кетейін, айналдым, айнам, айнашым, жаным, жарықтығым, жарқыным, аяулым, айым.
6. Садағаң кетейін, садағаң болайын, тіліңнен садаға кетейін, құлдығым, құлдығың болайын, құрбаның болайын, құлың болайын, зекетің кетейін, сенің табаныңа кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын, аппағым менің, далдам, далдашым, базарым, бауырым, жалғызым, жаным, пышыным, қуатым, шүкірім, бүлдіршінім.
7. Әке, көке, бөпе сөздерімен байланысты еркелету: әкетай, әкетайым, әкебас, әкем, әкежан, әкежаным, әкешім, көкем, көкетай, көкетайым, көкешім, көкежан, көкежаным, бөпем, бөпетайым, бөпешім, бөпежаным.
8. Қалқа, қарақ сөздерімен байланыстырып еркелету: қалқа, қалқам, қалқашым, қалқатай, қалқатайым, қалқабас, қалқаш, қалқажан, қалқажаным, қарақ, қарағым, қарашығым.
Бұл келтіріп отырған еркелету мағынасындағы сөздердің бірлі – жарымынан басқасы түсіндірме сөздіктің соңғы толықтырылған басылымында берілмепті.
Туыстық атаудан түрленген сөздердің де сөздікке енбей қалғаны аз болмай отыр. Оған мына төмендегідей туынды сөздер айғақ болады.
Осыған ұқсас шеше, ата, әже, көке, ене, қайнаға, жиен, нағашы, бажа, жезде, күйеу, жеңге, қайны, балдыз, құда, құдағи, келін тағы басқа туыстық, сондай – ақ адам атауларынан туындаған сөздердің сөздікке енбей қалғаны аз болмай отыр.
Халық атауынан түрленген сөз тұлғаларының саны жағынан қазақ тілі әлем тілдерінің ішіндегі ең бай тіл десек, жаңылыса қоймаспыз. Мәселен 1978 жылғы орыс тілінің орфографиялық сөздігінде казах түбірінен туындаған казахский, казашка, казачонок секілді төрт сөз ғана берілсе, ана тіліміздегі «қазақ» атауынан түрленген сөздерді жинақтап көріп едік, оның саны жетпіске жуықтады. Басқа халық атауынан туындаған сөз тұлғасы да аз емес. Алайда мұндай сөздерді сөздікке белгілі бір жүйені, бірізділікті сақтап беруді ескеретін тұс аз болмай отыр.
Ол үшін: 1) мемлекеттік тілді меңгеруді қамтамасыз етудің тиімді тәсілдеріне қол жеткізу;
2) мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу;
3) дамыған тіл мәдениеті — зиялы ұлттың әлеуеті;
4)қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын дамыту қажет.
Соның ішінде түрленген сөздерді сөздікке алу принципін айқындау – арнайы сөз етуді қажет ететін күрделі мәселе. Өйткені етістік жұрнақтары, сондай – ақ – сы, – сымақ, – дай, – сыз, – ша, – шылық, – лы, – еке, – тық, т.б. жұрнақтар дүркінділік сақтай отырып, бір сөзден өрбіген әлденеше тұлғаға жамылып, әр алуан туынды түбір жасауға ықпал етеді.
Халық атуынан өрбіген туынды тұлғадардың түсіндірме сөздікке алынуы ол сөздердің картотека қорына түсуімен байланысты болса, кездейсоқтық элементін туғызар еді. Алайда аталған тұлғадардың сөздіктен орын алуындағы шешуші фактор олардың лексикалық ерекшелігі болса керек. Мәселен, – тық (–лық, – дық) жұрнағы арқылы түрленген сөздің сөздіктен орын алуына олардың мынадай айырым белгісі дәлел болмақ; 1) – тық жұрнағының әр алуан түбірге жалғануында айырмашылық бар. Мыс., қазақ – тық, қазақы – лық, қазықи – лық, қазақтанған – дық, қазақсынған – дық, қазақшыл – дық, т.б.. 2) – тық қосымшалары бір сөздің әр алуан мағыналық реңкі болуы ықтимал. Мысалы: Уақытша үкіметтің тас – талқаны шыққан соң, Жайлыхановтар жанұшырып алаштың бүкіл қазақтық III съезін шақырған еді (Д.Әбілов). Неге, аға туған әдебиетімізді оқымасақ, қазақтығымыз қайда? (Ә.Сәрсенбаев) контексінде қазақтық сөзінде екі түрлі мағыналық реңк аңғарылады.
Әсіресе, етістік формаларының саны да, білдірер мағынасы да көбірек. Мыс.: Абросимов Торғай ауданының ішкі жағында көп жыл қызмет істегесін қазағуарланып, дәрігерлігін ұмытыңқырап кетті (Ж.Молдағалиев). Қажымұқан оның сөзін қазақшатлатпай – ақ ұқты (Х.Есенжанов). Марксизм – ленинизм классиктері шығармаларының ана тілімізге аударылуына байланысты сол еңбектердегі көптеген қанатты сөздердің қазақшалануы игі іс болды (М.Әлібаев). Саясатты қазақыландырған боп Жағыпар отыр (А.Жүнісов). Орыс сөздерін әдейі қазақыландырып айтқан бұл өлең «Сүйген қалқам» деген атпен жалпақ елге тарап кетті («Қаз.әдеб.»). Шыңғыстың өзін қазақсына атағанына Дабашинский аса разы болып, көңілденіп қалушы еді (С.Бегалин). Кеілн сөз арасында: – Осы екі кемпірді көргенде қазақбайшылап ететін шығар деп едім, жоқ, комсомол тойы болды, – деді («Лен.жас») мәтіндері қазақ түбірлі етістіктердің нақтылы сөйлеу тілінде қолданылып жүргенінің шегін ажырату да оңай емесінің айғағы тәрізді. Демек, мәселенің ең өзекті жағы аталған тұлғалардың сөздікке енетін бөлігінің шегін анықтау, принципін белгілеуге барып тіркелетіні хақ. Жалпы көркем әдебиетте де сөйлеу тілінде де ұшыраса беретін көптеген туынды тұлғалардың сөздікте қамтылу жағы қалай болмақ деген мәселенің басқа сөздерге де қатысы бар.
Сөйтіп, халқымыз этнонимика саласында қыруар сөз тудырып, тілдің сөздік құрамының болсын, көркемдік тәсілінің болсын молая түскенін көреміз. Халық атауының түсіндірме сздікте берілуі қазақ лексикографиясының ғылыми проблемалық мәселелерімен тығыз байланысты. Халық аттарын сөздікте беру тәсілі қазақ тілі орфографиясымен де, лексикографиялық ерекшеліктерімен де, семантикалық даму жүйесімен де тығыз байланысты қаралуға тиіс. Халық аттарынан жаңа сөз тудыратын өнімді аффикстер қатарында зат есім, сын есім, үстеу, етістік, есімше, көсемше, етіс жұрнақтары бар. Түсіндірме сөздік қазақ тілінің сөз байлығын, оның лексико – семантикалық үлгі – өрнектерін толық көрсету мақсатын көздейді. Ендеше түсіндірме сөздікте көпшілік халық атауларына тән туынды түбірлер де, жеке сөз орамдары да мол қамтылуға тиіс.
2013 жылы баспа көрген 100 мың атау сөз бен 48,3 мың сөз тіркесі барлығы 154,3 мың лексикалық бірлік қамтылған қазақ тілінің біртомдық түсіндірме сөздігінде халық атауын беруде мынадый олқылық орын алған. Біріншіден, әзербайжан, татар, қырым татары, алтай, тува, ноғайбах, салар, қырымшақ, сары ұйғыр, шахсеван секілді туыс халықтар атаулары сөздікте беріліпті. Екіншіден, америкалық, аргентиналық, бразилиялық, уругвайлық, чилилік, мексикалық, канадалық, беларусь, австриялық, даниялық тағы басқа көп санды халық атауларын да көре алмадық. Үшіншіден, халық атауынан түрленген туынды сөздерді беруде белгілі бір жүйе сақталмаған. Атап айтқанда туыс халықтардан өзбек атауынан 11 сөз, қырғыздан 5 сөз, ұйғырдан 3 сөз, ноғайдан 3 сөз сөздікте аталса, түрік, түрікмен, башқұрт, қарақалпақ, қарашай, балқар, құмық, гагауз халықтарынан бір ғана атауыш сөз беріліпті.
Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде бес жүзден астам халық атауы болса, қазақ тілі сөздігінде одан он есе аз. Әрі орыс сөздігінде «испанцы, испанка, испанский» деп ірі халық атауын да, сондай–ақ саны бес–алты мың ғана, көпшілік біле бермейтін халық атауы ительмены, ительменский, ительменка деп бір жүйені сақтап түрлендіріп отырады. Ал қазақ тілінде «испан» түбірінен туындайтын зат есім, сын есім, есімше, етістік, етіс формаларын тізбелесек, 20-дан асып жығылады екен. Алайда олар түгелімен сөздіктен тыс қалған. Осы тәрізді мысалды басқа да сөз табына қатысты көптеп келтірер едік. Мұндай әдіспен, әрине, тіл байлығын өз мәнінде көрсете алмасыңыз анық. «Түсіндірме сөздік – сөз байлығының сақталған ең үлкен қоймасы» деп айтып қана қоймай, оны нақты іспен дәлелдеп, сөз тұлғаларын тірнектеп жинап–теріп қағазға түсіру – сөздік құрастырушылардың абыройлы міндеті. Ерінбей еңбек етіп, жаратылыс болмысымызды айғақтайтын, тіліміздің қырық қатпар, жүз белгісін ашатындай, танымдылығы мол сөздік түзгенде ғана қалың оқырман үмітін ақтай алмақпыз. Сонда ғана біз мемлекетіміз ұстанып отырған тіл саясатына орай:
1) мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру және стандарттау;
2) мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту;
3) мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру;
4) мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру;
5) мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;
6) қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу;
7) тіл мәдениетін жетілдіру;
8)коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі орыс тілінің қызмет етуі;
9)Қазақстандағы тілдік әралуан-дықты сақтау;
10) ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуге қол жеткізе аламыз.
Қазақ этномәдениетін сипаттайтын өзекті арқаудың бірі – төрт түлік малға қатысты атаулар мен сөз орамдары. Төрт түлік малдың әрқайсысының жасын, жынысын, тағы басқа ерекшелігін анықтайтын саны отыздан жетпіске дейін жететін атауБиенің сауылуына қатысты түрлі атаулары бар: бас саулық, жебей сауу, боз емшек. Сүтіне қарай биелер: мама бие (өте сүтті бие), мәнерсіз бие (сүт шығымы аз бие), ақтандыр бие (сүт шықпайтын би), исіншек бие т.б. түрлерге бөлінеді. Қысырақтардың (бойдақ биелердің) өзі де бірнеше түрге жіктеледі: қысырақтар, тұмса қулық, көбең бие, ақжілік бие, қаракемік бие, нәкүс (құтамсыз) бие, құйма тұяқ бие және басқалар.
Айғырлар: жасамалы (үш – төрт жастан асқаны): сәурік (үш – төрт жастағы, үйірге салынбағаны); күр айғыр (өмірі құрық – жүген тимеген); сыңар ен (тумысында бір ен боп туған); шартық ен (екі енінің бірі піштірілмей қалған); азбан деп бөлінеді. Саяқтың (бойдақ жылқылар): ат; сақа ат (он бір, он екіге келгені); арда емген (құнанына дейін енесін емген, ақ жілік болған); тел тай (өз енесі мен телінген енені бірдей еметін бір жасары); қысыр емген (құлын тастаған биенің екі жасқа дейін енесін емген бұрынғы төлі); шобыр (мініске, күш – көлікке өте мықты шабан ат); сетер ат т.б. түрлері бар.
Жылқы: маңқа, қара өкпе, шығу (сақау), шойырылма, қарақаптал, киеңкі, жамандат, сары ауру, қарын ауру, арқа кету, лоққы, мандық, тышқаншық, қыршаңқы, желінқұрт сияқты ауруларға ұшырайды.
Түйе малына қатысты атаудың бірқатары мынадай: бота, тайлақ, буыршын, буырлыш, бұзбаша, атан, бура. Ол тұқымына қарай бір өркешті, қос өркешті түйе, айыр түйе, таза айыр, қоспақ өркеш, нар түйе, лөк, қылағай інген, жөпек, жонбай болып түрге бөлінеді. Оңбақ нар, ләйлек нар, лөкір нар, кез нар, қырысты нар, ара нар болып түрге бөлінеді. Қасиетке қарай желмая, аруана, жампоз, қоспақ, бекпатша, біртуған, мая, құлпатша, балқоспақ, мырзақоспақ аталады.
Атанша – айыр түйенің бес жасқа дейінгі ақтасы. Нарша – нардың бес жасқа дейінгісі. Тайлақ, нар тайлақ – түйенің бір жасқа дейінгісі. Құнанша – бір жастан асқан түйе. Нарбота – аруанадан туылған бота. Бура – таза айырдың келеге түсетін еркегі. Нар бура – қоспақ не бір туманың келеге түсетін еркегі. Лөк – нардың таза тұқымды бурасы. Буыршын – жас бура. Түйені – қызыл нар, сары атан, сары інген, боз інген, құба інген, қара нар, ақ түйе т.б. деп түстейді. Түйе өнімдері: жүн шуда – түйенің өркеш үстіндегі, тізеден жоғары жерде мойнының астындағы ұзын қылшықты жүні. Боздақ – түйе түлеген соң шыққан жаңа жүн. Қымыран, шұбат – түйе малының сүті. Түйе малының тобын – келе, өрісін матау деп атайды. Түйеге қатысты заттар – қом, қом ағаш, ашамай, ноқта, бұйда, мұрындық. Қазақта түйеге айтылатын кейіс сөздердің де біраз тізбегі бар. Мәселен, Ақ шелек келгір, қатпа келгір! Қышыма келгір! Терің жайылғыр! Сойылғыр! Жайрағыр!
Қой малы жасына, дене бітіміне, басқа да түр – түріне қарай былайша аталады: қозы, кебе, көбей, көрпеш, көрпелдес, көбеген, бағлан, марқа, сырбаз қозы, саулық қой, дөнен қой, құнан қой, ісек қой, тұсақ, тоқты, қошқар, азбан, үкі бас қой, тұлымды қой, топал қой, тегене құйрық, қалақ құйрық, таңқы құйрық, салпы құйрық қойлар, жанбақы қой, жеруік қой, қатыбас қой, бедіреуік қой, балажан қой. Қой малында ұшырасатын ауру түрлеріне мыналар жатады: топалаң, күл, сарып, секіртпе, сары буын, бөгежек, баспақ, қара түйнек, алаң, жарғыш, қара сүйел.
Ешкі малының жасы мен жынысына қатысты мынадай атаулар айтылады: лақ, шыбышың, шыбышша, лақ теке, серкешік, текешік, шыбыш, тушашық, теке, туша, сақа ешкі, ту ешкі, серке, құнан серке, дөнен серке, азбан теке, бас серке. Ешкілер түсіне қарай: бөрте ешкі, жағал ешкі, сұр ешкі, ақ сұр ешкі, қара сұр ешкі, қара көк ешкі, бурыл ешкі, сондай – ақ қара, қара ала, қара бас, қара мойын, ала мойын, боз ешкі т.с.с. түстеледі. Ешкі малы қойда болатын топалаң, күл, сарып, бөгежек, баспақ, қара түйнек, жарғыш, қостақ, қызылшу сияқты аурулармен аурады. Топалаң індеті ешкіде кебенек деп аталады. Ешкіге: шек бы–лай (бытырап, шашау шыққанын қайыру), шек (кетіру мағынасы), шеге – шеге (бір орнында тұрғызу, немесе лағына келтіру үшін), шөре – шөре (лағына, қораға шақыру), қуай – қуай (суғаруға шақыру), ыр – һайт шек – шек (суға тоғыту үшін), теке – теке (текелерді сүзістіру, күйлеген ешкіні текемен шағылыстыру үшін)… деген одағай сөздер қолданылады.
Сиыр малы жасына қарай бұзау, торпақ, тана, баспақ, қашар, тайынша, құнажын, дөнежін, бесті сиыр, сақа сиыр дейді. Еркегі бұқа, бұқашық, бұқаша, тайынша бұқа, құнан бұқа, дөнен бұқа, бесті бұқа деп бөлінеді. Сиырдың күй – жайына қарап момырлаған сиыр, шайлаған сиыр, қауқа бұзау, ту сиыр, босалаң сиыр, бітеу сиыр деп аталады. Сиыр түлігінде болатын ауруларға қарасан, қарашолаң, мәлік, шұрық, сарып, аусыл, қызылшу болу, қаратүйнек, айырбақай, ізгек, бұзаутаз, азтышқақ, тентек, оқыра жатады. Сиырдың күнібойғы жеген шөптерін аузына қайта әкелуін күйсеу, жусау дейді. Сиырды ұстау үшін – әукім – әукім, ішуге шақыру үшін – шәугім – шәугім, суға шақыру үшін – ауқау – ауқау, оны тұрғызып, өргізу, айдау үшін – әк – әк деген одағай сөздер қолданылады.
Сөздік құрастыру барысында белгілі қаламгер Нұркен Жандәулетұлының құлаққа тағатын әшекейлі зергерлік бұйым сырғаның ай сырға, қыспа сырға, ағыл сырға, санақ сырға, зер сырға, зере сырға, көз сырға, күпек сырға, тіл үзбелі сырға секілді түр–түрін атағанын оқығанымыз бар. Ет тағамы – қазының өзін табалдырық қазы, табан қазы, ала бұлт қазы, би қазы, дөңбек қазы, бұжбан қазы, шынашақ қазы, қылыш қазы деп, оны да әлденеше түрге бөліп тастайды. Алайда мұның бәрі ғылыми негізде ғана қалып қойды. Сондықтан бізге озық технология мүмкіндігін пайдалану қажет. Сондай-ақ қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды мемлекеттік қолдау жүйесі арқылы қазақ тілді БАҚ-тарға жүйелі қолдау көрсету де маңызды аспект болып саналады.
Қазақ тілінің сөз тудыру, сөзжасамдық жүйесінде аударманың атқарар қызметі елеулі. Соған орай аудармадағы асығыстыққа жол бермей, ойланып толғануды, ыждағаттықпен ізденуді, білімділік пен біліктілікті бағдар еткеніміз абзал. Аудармада балама іздегенде сөзді бей – берекет бұра бермей, ойға қонымдысын табуға талпыну керек. Туынды тұлғалардың берілу принципін анықтап, белгілі бір жүйені сақтауда ойланатын жәйттің аз еместігін барлық дерлік сөз табының жеке лексикалық тобынан өрбіген тұлғалардың көптомдық түсіндірме сөздікте қамтылуын салыстыру арқылы анық байқаймыз.
2007 жылғы орфографиялық сөздіктің «а» әріпінен басталатын сөз тізбесіне көз жүгірте отырып, туынды тұлғаларды беруде бір жүйенің сақталмағанын байқадық. Атап айтқанда төменде келтірген жұрнақтар арқылы туындаған сөз тұлғаларының басым бөлігі сөздікке енбей қалған екен. Аталған қосымшалар арқылы түрленген сөздердің аралас буындылары көбірек.
– гер, – кер: жауапкер, жиһангер, құныкер, бапкер, баспагер; – қор: жемқор; – қой: қаскөй; – сіз, – сыз: қаперсіз, ибасыз, айғайсыз; – ар: кереғар; – лы, – лі: айбалталы, ажалды; – қыда: алғашқыда; – и: қазақи, қоғами; – гез: қатыгез, жиһангез; – лы: ибалы, жималы; – гөй: батагөй; – тар: кіріптар, кемтар; – паз: жеңімпаз, сезімпаз; – шы: итаршы; – нікі, – дікі: мұнікі, онікі, менікі; – сымақ: серісымақ, мырзасымақ, сопысымақ, дәлелсымақ, кітапсымақ; – су: мырзасу, сәнсу, жақынсу, үлкенсу, тілмарсу; – сіну, – сыну: мырзасыну, сопысыну, тәттісіну; – ыңқы: тозыңқы, ойыңқы, қатыңқы; – дай, – дей, – тай, – тей: теңгедей, қашқындай, бақадай; – дағы, дегі: анадағы; – дағыдай: анадағыдай; – шаң – шең: тақияшаң; – ыңғы: алдыңғы; – ша, – ше: солдатша, тасша, балуанша, балықша; – шыл, – шіл: қауіпшіл, аумашыл; – гөй: ақылгөй; – сыз, – сіз: кітапсыз, қалтасыз; – сыздық: аяусыздық секілді біраз сөз берілгенмен, мұнда белгілі бір жүйені сақтап, мүмкіндігінше туынды тұлғаларды толығырақ қамту ескерілмеген.
Өз биігі мен тұғырынан көрінуге тиіс мемлекеттік тіліміздің құдіреттілігін, әлемдегі ең бай тілдерден еш кемістігі жоқтығын көрсету басты міндет болса, оны сапалы сөздік құрастыру арқылы дәлелдеп бере аламыз. Сол арқылы тілімізді теңіздей тасытып, оздырып, шіркін қазақтың тілі–ай дегізіп, ұлттық мақтанышымыз бен мерей – мәртебебімізді де асқақтата түсер едік. Орыс тілді қандастарымыздың ана тіліне деген құрмет сезімін оята алар едік. Қалың жұртшылық, шетелдегі қандастырымыз бен түркітанушы ғалымдар асыға күтіп отырған, әр шаңырақтың төрінен орын алатын, қолдан түсірмей пайдаланатын оқу құралын бұрын-соңғы сөздіктерде жіберілген олқылықты қайталамай, сапалы етіп шығару жайлы ой-пікірімізге тіл мамандары не дер екен? Осы мәселелерді ескерсек энциклопедияларды, ғылыми-публицистикалық, іскерлік, көркем және басқа да әдебиеттерді түпнұсқа тілінен қазақ тіліне аудару ісін ұйымдастыру және көп таралыммен шығару мемлекеттік тілдің қазіргі қолданбалы ғылым тілі ретіндегі рөлін барынша күшейтуге мүмкіндік берер еді.
ТИЯНАҚТАЛҒАН ОРФОЭПИЯ –
ТІЛ ДАМУЫНА СЕРПІН
Әдеби тіл нормасын бір жүйеге түсіріп, тіл мәдениетін жетілдіріп, сөз тұлғаларын дұрыс қолдану тәсілін анықтап, тілімізге қиянат қателіктен арылу төңірегінде баспасөз бетінде көптеген пікір, ой – толғам айтылып жүр. Бүгін таңдағы сөз мәдениетіне қатысты кездесіп жүрген қателіктің төрт түрін атауға болады. Олар – орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық және стилистикалық дәлсіздіктер. Мұның ішін де орфоэпиялық нормадан ауытқу бәрінен жиі кездесетіндіктен, әңгімемізді осы тақырып төңірегінде өрбітпекпіз. Жасыратыны жоқ, қарапайым оқырманды айтпағанның өзіндетіпті ғалымдар мен оқытушылардың, журналистер мен дикторлардың, тағы басқа ана тілінің білгірде жетік деп есептейтін айтулы мамандарының да ауызша сөйлеу үрдісінде білместіктен бе, әлде немқұрайдылықтан ба қынжылыс тудырар ақаулардың мүлдем етек алып бара жатқанын байқап жүрміз. Қай тілді алсақ та әдеби тіл екі сипатта, ауызша және жазуша түрде қызмет етеді. Сөздің ауызша айтылу нормасы орфоэпия деп аталады. Мұндай жүйе тілдің ұлттық ерекшелігі ретінде ғасырлар бойына жалғасып қалыптасады. Қазақ тілінде сөз бен сөз тіркестері ауызша сөйлеу барысында табиғи түрде үйлесіп, бір–бірімен үндесіп, ыңғайласып айтылуынан олардың жеке тұрғандағы дыбысталуы мен сөйлеу кезіндегі айтылуы әрдайым бірдей болып шықпайды. Орфоэпия – грекше orthos – дұрыс және epos – сөз, демек, дұрыс сөйлеу деген мағынаны білдіреді. Әдеби тілдегі сөздердің, сөз тіркесі мен қосымшаның белгілі бір ережеге сәйкес бірізді дыбысталуын қамтамасыз ететін жалпыға бірдей қалыпты айтылу нормасын, екінші сөзбен айтқанда, дұрыс сөйлеу үлгісін орфоэпия дейміз. Сондықтан да орфоэпияны тіл мәдениетінің өзекті саласына жатқызамыз. Қазақ терминологиясын жүйелеу жөніндегі жаңа талаптарды әзірлеу, терминдерді және атауларды негізгі қағидаларға, қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру жұмыстары қажетті шаралар болып есептеледі.
Аталған жұмыс әлемдік тәжірибені, туыстас тілдердің үлгілерін, халықаралық терминдерді және терминологиялық атауларды пайдалану арқылы, сондай-ақ жаңадан бекітілген терминдерді бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану жиілігіне тұрақты мониторинг жасау жағдайында жүргізілуге тиіс.
Терминологиялық қорды жаңа терминдермен жаңарту тілдік тарихи мұраны қайта жаңғыртуды, сондай-ақ терминтану мен терминография жөніндегі арнайы жұмыстарды жүргізуді талап етеді.
Сөздің орфоэпиялық нұсқа-сы халық тілінің фонетикалық құрылымын, оның даму, өзгеру тенденциясы мен сипатты ерекшелігін танытатындығынан. Бұл жағдай қазақ тіліндегі дыбыстардың табиғаты мен ерекшелігіне қоса, сөйлеу барысындағы олардың түрлі өзгеріске ұшырау бағытын зерттеуді керек етпек. Орфоэпиялық сөз нұсқаларының қалыптасуының негізгі себебі берік жазу дәстүрінің, орфоэпиялық норма-ның болмауы, жалаң сөйлеу тілі ауанымен сөздерді еркін қолданудың әсері екені анық. Өйткені сөйлеу тілі әдеби тілдің кодификацияланбаған (бір жүйеге түспеген) саласы ретінде танылады.
Тіл-тілдегі сөздің орфоэ-пиялық сөз нұсқаларының қалыптасу ерекшелігі әр басқа. Орыс тілінде орфопиялық сөз нұсқаларының екпінге байланыстылары көп. Түрік тобындағы тілдердегі жағдай одан өзгеше. Оның ішінде әрбір жеке тілдегі орфоэпиялық сөз нұсқаларының түзілуінде де елеулі айырмашылықтар болатыны белгілі. Оның себебі орыс тіл білімінде сөздің дыбысталу нормасының маңызы емле нормасынан кем емесін қатты ескеріп, одан ауытқуға еш жол берілмейді. Соған орай оқу орындарында орфоэпияға өз дәрежесінде үлкен мән беріліп, оқушылардың сөзді қате жібермей айтуға дағдыландыру дұрыс жолға қойылған. Соның арқасында радио мен теледидар хабарында, басқа да жиындарда орыс тіліндегі сөзді нормадан ауытқымай, ешқандай қате жібермей дұрыс дыбыстайды.
Өкінішке орай, қазақ тіл білімінде орфографияға ғана баса көңіл бөліп, орфоэпиядан ауытқуға жете мән бере қоймай келгеніміз белгілі. Қазіргі тіліміздегі сөздің орфоэпиялық вариантының болу жағдайы мен даму, өзгеру заңдылығын анықтау олардың әдеби ретке келуі үшін өте–мөте маңызды болмақ. Мұның өзі тарихи фонетикаға, ауызекі сөйлеу стиліне, нормативтік стильге қатысты мәселеде де зор табысқа жеткізер еді. Сөздің әдеби тілде дұрыс айтылу нормасын саналы түрде үйрету сөйлеу тіліне емле ережелерінің тигізер ықпалын еске алып, жүйелі түрде жұмыс жүргізуді қажет етпек. Тілдің реңін бұзып, ажарын кетіретін, құлақты тырнап тұратын қолданыстарға орфоэпиядан да мысалдардың жеткілікті екені белгілі.
Әр тарихи кезеңде шыңдалып, тұрақталған ауызекі сөйлеу тілінің нормасына бүгінгі таңда үлкен міндет пен талап қойылуда. Демек, оқушылар қауымы үшін емле нормасы мен грамматика ережесін білу қаншалықты қажет болса, сөздің дыбысталу заңдылығын меңгерудің маңызы да соншалық. Сөйлеу тілінде кездесетін жергілікті ерекшелік я түрлі жаргондар болсын, сөздің әдеби нормаға жатпайтын қарапайым варианты болсын, орфоэпия нормасынан ауытқудың басқа да түрі болсын, тіл мәдениетіне нұқсан келтіретіні белгілі. Сондықтан ана тілінің сөйлеу нормасын саналы түрде үйрету қазіргі таңдағы ең актуалды мәселе ретінде аталып жүр. Орфоэпиялық ережені сақтамау салдарынан сөзді дұрыс дыбыстамай, ақаулықтар жіберудің түрлі себебі бар. Орфоэпияның тұрақтылығы, сөйлеу нормасы ұзағырақ уақытқа сақталады дей тұрсақ та, тілдің дыбыстық құрылымының дамып жетілуіне орай және орфографияның тигізер әсеріне қарай орфоэпиялық анықтама мен ережелер де сәл-пәл өзгеріске ұшырап отырған. Қазақ тілінің орфоэпиялық жүйесі ХІХ ғасырдағы қалпымен салыстырғанда елеулі өзгеріске ұшырады. Мұндағы ең басты себеп – емле ережесінің сөздің айтылу қалпына түбегейлі әсер етуі, сөздің жазылуы мен дыбысталуының сәйкестенуі. Сөз нұсқасының жазу нормасына айналғаны ғана орфоэпияда орнығады. Белгілі бір ғана әріппен белгілеуге негізделген қазақ тіліндегі сөздердің жазылуының фонематикалық ұста-нымы арқасында көп сөздердің айтылуы мен жазылуындағы сәйкестік басым Ал жазу нормасы тарихи дәстүр принципіне негізделген ағылшын, француз сияқты тілдерде орфография мен орфоэпия мүлдем бөлек екені белгілі. Оның үстіне сөздің орфоэпиялық сөз нұсқалары халық тілінің фонетикалық құрылымын, оның даму, өзгеру тенденцияларын танытатындығы да күмәнсіз. Бұл тұрғыда қазақ жазуын одан әрі жетілдіру сауаттылықты арттыруға бағытталған конкурстық іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу арқылы іске асырылатын болады. Сонымен бірге мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын мерзімді баспа басылымдарын мемлекет тарапынан қолдауды талап еткен жөн.
Ауызша сөйлеу мәдениетін жетілдіріп, сөзді табиғи заңдылығын сақтап, дұрыс дыбыстап, дұрыс айту көптен–көп орфографияға, демек қалыптасқан жазу нормасына байланысты. Тіліміздің дыбыстық құрылымының жетіле түсуі тұрғысынан қазақ сөзінің түр–тұрпатын айтылуы бойынша түгелімен өзгертіп жазу, сөздің дыбысталуы мен жазылуын бірдейлестіру дұрыс бола қоймаса керек. Өйткені тілдің дыбыстық жүйесі де біржола мәңгі жасалып қатып қалмайды деп жүрміз. Әйткенмен Ә.Жүнісбековтың: «Сөйлеу сауатын көпе-көрнеу жазу сауатының қанжығасына байлап бермей, сөйлеудің әдеби үлгісін тұрақтандыру керек», – деп атап өткеніндей, жазу айтылуға икемделіп, жарасымдығын тапса, тілдің шырайына кіреуке түспегені («Ана тілі», 10.05.1990).
Тілдің дамып жетілу заңдылығына орай сөздің айтылымы мен жазылымына нұқсан келтірмеудің тәсілі қандай. Сөзді ауызекі тілде айтқан кезде көршілес дыбыстың әсері нәтижесінде пайда болатын орфоэпиялық сөз нұсқаларының сипаты сан алуан. Қазақ тілінің дыбыстық құрылымына тән сипатты ерекшеліктің бірі – дауысты дыбыстардың, сондай–ақ сөз ішіндегі я сөз аралығындағы ұяң, сонор дыбыстардың келу ыңғайына қарай дауыссыздардың да ассимиляциялануы, яғни ішкі үндестігі, өзара гармониялы болып келуі. Соған орай тіліміздегі қ, к дыбыстарынан басталатын сөздер екі, кейде одан да көп орфоэпиялық вариантта айтылып жүр: кел/гел, көл/гөл, құрт/ғұрт, қазан/ғазан, қыр/ғыр, қаш/ғаш, көз/гөз, қой/ғой, кері/гері. Мысалы: жас қазақ, қазағ жігіті, қара ғазақ, қыр ғазағы (жазылуы: қазақ жігіті, қара қазақ, қыр қазағы). Мұнан сөз аралығында қатаң дауыссызды сындырып, ұяңдататын, үндестіріп айту заңдылығына сәйкес сөйлеу тілінде бір сөздің вариант қатарының түзілу мүмкіндігін көреміз. Сөз аяғындағы мұндай дыбыс алмасуы жазуда ескеріледі. Айталық, қазақы мен қазағы – әртүрлі грамматикалық формадағы сөз тұлғалары. Қатаң дауыссызды көршілес дыбыстармен үндесуіне қарай сындырып (ұяңға айналдырып) айту арқылы сөйлеу тілінің әуезділігі, ырғақ өлшемі, дыбыстардың құлаққа жағымды үндестігі сақталады. Сондықтан бұл негізгі орфоэпиялық нормаға жатады. Мектеп оқушыларының, жұртшылықтың сөйлеу тілінде бұл ереженің ескеріліп, дұрыс сөйлеу нормасы ретінде насихатталуы, қалыпты дағды–әдет ретінде бұзылмауы көзделуге тиіс.
Қазіргі тіліміздегі сөздің орфоэпиялық сөз нұсқасының болу жағдайы мен даму заңдылығын анықтау олардың әдеби ретке келуі үшін өте–мөте маңызды болмақ. Мұның өзі тарихи фонетикаға, ауызекі сөйлеу стиліне, нормативтік стильге қатысты мәселеде де зор табысқа жеткізер еді. Қазіргі сөйлеу тіліндегі әдеби нормадан ауытқу үш түрлі жағдаймен көбірек байланысты. Олар: жергілікті ерекшелік, бөгде тілден енген сөздердің айтылуы, жазу дәстүрі. Жергілікті ерекшелікке жататын сөздің дыбыстық варианттары бірте–бірте қолданудан шығып қалмақ. Тілімізге орыс тілі арқылы енген сөздердің басым көпшілігі орыс әдеби тілі өлшемі бойынша айтылып та, жазылып та жүрген –ді. Біз сөйлеу тіліндегі сөз нұсқаларының қазіргі сөз қолдану тәжірибесінде күнбе–күн ұшырасып жүрген белгілі бір топтарының нормалану ерекшелігіне тоқталмақпыз. Олар тілімізде қолданылу сипатына қарай орфографияға қатысты варианттар (ресми–ресіми, байи–баи, тиын–тыйын), жалаң орфоэпияға қатысты варианттар (ұқсап–ғұсап–құсап–ұсап), бір сыңары орфографиялық, бірі орфоэпиялық нормаға жататын сөз нұсқалары (шайхана/шәйхана, жарайды/жәрәйді, кіналы/кінәлі) болып бөлінеді. Аталған орфоэпиялық варианттардың бәрі де әдеби тіл өлшеміне жатқанымен, қазіргі қолдану тәжірибесінде өзгеру, қалыптасу элементтерін байқатып жүр.
Орфоэпияның бүгінгі таңдағы ең күрделі мәселесі – кітаби стильде сөйлеу дағдысы, басқаша айтқанда, сөздерді өзара ассимиляциялық үндестік заңдылығымен үйлестірмей, сірестіріп, жазылуына сәйкестендіріп айту. Олай болса, сөздің айтылу қалпын әдеби нормаға сай тиянақтаудың бір жағы орфографиялық норманы жетілдіру талабымен жымдасып жатыр. Тілімізді құрмет тұтқызудың басты бір тетігі – оның әуезділік танытатын көркемділігіне ден қойғызу. Сөз көркемдігі деген ұғымға сөйлеу барысында дыбыстардың бір – бірімен үндесіп, тілдің табиғи әуеніне негізделген фонетикалық заңдылығына сәйкестендіріп сөзді айқын, анық, әсем де әсерлі айтуды жатқызамыз. Қазақ тілінің бейнелігімен қоса әуендік үндестікпен дыбысталу жүйесін атап өткен орыс түркологі П.М.Мелиоранский қазақтың «сөздері ырғақпен күмбірлеп естіледі дегенде, сөз бен сөздің тіркесіндегі айтылу сазы мен әуезділігін меңзесе керек» («Өркен», 1988, №7). Гүлдархан Смағұлованың атап өткеніндей, «сөйлеу тілі – тіл мәдениетіне барар жолдың бастауы». Өйткені тілдің жанды құбылыс екені сөйлеу тілінен басымырақ байқалады. Сөйлеу тіліндегі өзгерістер негізінде қазақ тілінің емле ережесіне өзгерістер де еніп отырған(«Ана тілі», 18.11.1994).
Қазақ тіліндегі қайсыбір сөздердің жеке–жеке дара тұрғанда айтылуы бар да, сөз тіркесінде дыбысталуы бар екенін ескермей, олардың бір–бірімен дыбыстық үйлесімін келтірмей, жазылуынша оқу немесе айту қарапайым оқырманды айтпағанның өзінде, тіпті тіл мамандарының арасында да белең алып барады. Сөз аралығы мен біріккен сөздердегі қ, к, п қатаң дауыссыздарын ассимилициялық үндестік заңы ықпалымен ұяңдатып айту нормасынан ауытқу, өкінішке орай, барған сайын белең ала түсуде. Мұның өзі – қазақ сөзінің айтылу әуезділігіне нұқсан келтіретін жағымсыз құбылыс. Сөзді анық, айқын, түсінікті жеткіземін деген ниетпен үндесім заңдылығына нұқсан келтіріп, сөзді жазылуына сәйкестендіріп сірестіріп айтуы өкініш тудырады.
Өкінішке орай, ауызша сөйлеу мәдениетіне жұртшылық назарын өз мәнінде аудармай отырғандықтан, бүгінгі ауызша сөйлеу үрдісіміз сын көтермейді. Теледидар мен радиодан берілген хабар сан мыңдаған тыңдаушыға арналғандықтан, олардың дұрыс сөйлеп, сөздерді дұрыс дыбыстауға дағдыландыруға тиісті дей тұрсақ та, қарапайым қатардағы тұтынушыларды айтпағанның өзінде филолог ғалымдар, журналистер, дикторлар, әншілер, мұғалімдер, тағы басқа ана тіліне жетік тіл мамандарының да орфоэпиялық норманы сақтай бермейтіні жиі байқалып, алаңдаушылық тудырып отыр. Сөз бен сөз тіркесін қалай жазылса солай оқып, айтып, қатаң дауыссызды сындырмай, сірестіріп айту уақыт өткен сайын белең алып барады. Үндестік заңы қазақ тілі фонетикасының басты заңдылығы болғандықтан, сөздерді дыбыстау жағынан бір–бірімен қиыстырып, табиғи түрде дұрыс айтуға мектепте өз мәнінде көңіл бөлініп, орфоэпия нормасын үйретпейінше іс өз нәтижесін бере қоймас.
Тағы бір келеңсіз жағдай, әншілердің қазақ тілінің артикуляциялық заң-дылығын сақтамай, дауыссыз дыбыстарды үндестірмей, кітаби стильмен сөздерді сірестіріп айтуы белең алып отыр. Әркім нақышын келтіре шырқалған әнді сүйсіне ұйып тыңдап, жақсы әсерге бөленгісі келеді. Бір жас әншінің сұлу ғыз – ау, сұлу ғыз деп айтылатын сөзді жазылуына ұқсатып, «сұлу қыз – ау, сұлу қыз» деп сөз тіркесін сірестіріп қылғына қайталап айта берген әнін ұйып тыңдау мүмкін бе. Әнді таспаға түсірерде бір адам ескертпе жасамаған ба деп те ойлайды екенсіз. Тіпті атақты әншілеріміздің өзі әнді құйқылжыта шырқау барысында «адамға жақсы көру керек екен» (адамға жақсы гөру герек екен деудің орнына), «әні болғым келеді, сәні болғым келеді» (әні болғымгеледі, сәні болғым геледі деудің орнына) деп қатаң дауыссызды өз ретімен үндестіріп ұяңдатпай дақпақтап айтуы өкініш тудырады. Әншінің әнннің сөзін дұрыстап дыбыстауының тыңдарманды орфоэпиялық нормадан ауытқымауға дағдыландыруда елеулі әсері болмақ. Соны ескеріп әрбір әнші өз репертуарындағы әндерді алдымен тіл маманына тыңдатып алса, мәселе өз шешімін табар еді.
Радио мен теледидар көпшілік қауымды ауызша дұрыс сөйлеуге, орфоэпия заңдылығын меңгеруге баулитын ақпарат құралы болғандықтан, тіл мәдениетіне қатысты өзекті мәселені тележурналистер мен дикторлардың, хабар жүргізушілердің, актерлердің сөзді құлаққа жағымды етіп бұзбай айту жағына баса назар аударып отырмыз. Жоғарыда аталған тіл мамандары, қаймағы бұзылмаған ана тілінің сөйлеу ортасында білім алап тәрбиеленгендіктен, ана тілінің табиғатын өз мәнінде сөзіне алмауы мүмкін емес. Тек орфоэпия заңдылығына өз тұрғысынан мән бермеушіліктің кесірі болу керек. Осыны ескеріп бірер рет олардың хабарын арнайы тыңдатып, орфоэпиялық қателерін тізіп көрсетіп, ескерту жасаса, олардың сөзді қатесіз дыбыстау дағдысы ешқандай қиындық тудыра қоймас еді. Өкінішке орай, ана тілімізде ауызша дұрыс сөйлеудің маңызына жөнді мән берілмей, бұқаралық ақпарат құралдарын басқаратын орындар тарапынан ешқандай іс – шараның жүргізілмей отыр. Мектепте, орта және жоғары оқу орындарында қазақ тілі мәдениетінің орфоэпияға қатысты нормаларын үйретіп, жастардың санасына ұялатып отыру – әлеуметтік мәні зор іс. Соған орай көрнекі және жарнамалық ақпарат құралдарында қазіргі қазақ әдеби тілінің тиісінше қолданылуын бақылауды күшейту де қажетті шаралар қатарына жатады.
Бір жолы радионы тыңдай отырып, үні құлаққа жағымды естілетін жас әйел диктордың сөз мәнерін, ырғағын дұрыс келтіргенмен, орфоэпиялық заңдылыққа мән бермей, мынадай сөздерді бұзып айтқанын байқадық. Диктор қайырлы гүн, шегера, қыргүйек, көгөніс, сонымен ғатар, немғұрайды, қолғойған, кәсіводақ, бір ғызығы, бір гезде, тұра ғалды, Алматы ғаласы, Астана ғаласы, әрғашан деп айтылуға тиісті сөздердегі қатаң қ, к, п дауыссыздарын сөздің жазылуына сәйкестендіріп, ұяңдатпай айтқаны өкініш тудырады. Атақты әншіміздің әнді құйқылжыта шырқау барысында жақсы гөрем сөзін дыбыс үндестігін сақтамай, жазылуынша айтуы да өкініш тудырды. Қысқасы, мұндай қателер шаш етектен. Ал орыс тіліндегі хабарда бір орфоэпиялық қате жіберіп көріңіз, мәселе елеусіз қалмай, міндетті түрде қаралып, шара қолданылады.
Қатаң дауыссызды көршілес дыбыстармен үндесуіне қарай сындырып (ұяңға айналдырып) айту арқылы сөйлеу тілінің әуезділігі, ырғақ өлшемі, дыбыстардың құлаққа жағымды үндестігі сақталады. Сондықтан бұл негізгі орфоэпиялық нормаға жатады. Демек, мектеп оқушыларының, жұртшылықтың сөйлеу тілінде бұл ереженің ескеріліп, дұрыс сөйлеу нормасы ретінде насихатталуы, қалыпты дағды–әдет ретінде бұзылмауы көзделуге тиіс. Сахнадан еститін сөзіміз, диктордың, мұғалім мен оқытушының тыңдарман алдындағы сөзінің, лектордың айтқан сөзінің дыбыс үндестігіне, демек, әдеби тілдің орфоэпиялық нормасына сай келуінің елеулі маңызы бар. «Ауызшасөйлеумәдениетініңбастыталабы – тілдің фонетикалық заңдылығын сақтап, сөзді дұрыс дыбыстау» деп, Р.Сыздықованың атап өткеніндей, сөз тіркесіндегі сөздерді өзара үндестіріп, ритмикалық ырғағын үйлестіріп айту қазақ тілінің басты орфоэпиялық ерекшелігі екені белгілі («Ана тілі», 29.03.1990).
Дей тұрсақ та, тіліміздегі орфоэпиялық өлшемге жататын фонетикалық құбылыстың бәрін бірдей еш өзгеріссіз қалуға тиіс деуге келмейді. С–ш, л–ң, н–м, н–ң дыбыстарының үндесуінен түзілген варианттар да өз әсерін жоғалтуы мүмкін. Атап айтқанда, орысша/орышша, қосшы/қошшы жауынгер/жауыңгер, күнгей/күңгей, сөзшең/сөшшең, түнгі/түңгі, бұрынғы/бұрыңғы, нанба/намба, ішсем/ ішшем, жұмысшы/жұмышшы, жалғыз/жаңғыз, сенбе/сембе типтес жарыспа тұлғаларын жоғарыда аталған қана/ғана, қара/ғара, күн/гүн орфоэпиялық варианттарымен теңестіру, дәл солар тәрізді заңдастыру асығыстық тәрізді. Рас, қазіргі таңда бұл – негізгі орфоэпиялық заңдылық. Алайда бүгінгі күннің өзінде ұшырасып жүрген «қосшы», «түнгі», «сенбі» деп, жазу өлшеміне лайықтап айту дағдысы онан әрі дами түссе, бұл процесс сөздің айтылу техникасын жетілдіретін ұнасымды өзгерісті танытпақ.
Белгілі бір дәуірде орфоэпия өлшеміне жататын фонетикалық тәсілдің кейін келе маңызын жоя бастауы көптеген тілдер тарихынан белгілі. Мысалы, аман келді/аман гелді/амаң гелді, ән құмар/ән ғұмар/әң ғұмар жарыспаларының бірі емле, бірі сөйлеу нормасы ретінде қалыптасып, ал соңғы ең қарапайым сыңары қолданудан шығуға бағыт алса, оны жазу дәстүрі әсерімен тіліміздің орфоэпия заңдылығының ретке келуін танытатын ұнасымды құбылыс деп қарауымыз керек. Тіліміздің дыбыстық жүйесінің өзіндік даму жолы, сөз қолдану тәжірибесі, лингвистикалық жағдайы осыны дәлелдейді. Жалаң сөйлеу тілі ауанымен с–ш, н–ң, н–м, з–ш, з–ж, ж–ш дыбыстарын алмастырып, жаппай айта беру тілімізді көркейтіп тұрмағаннан кейін, оған жармаса беру қажет пе деген сұрау туары сөзсіз. Өйткені сөзшең, жас ғалым, сенбі типтес кейбір сөздерді жазылуы бойынша айтуда қазірдің өзінде құлаққа ұрып тұрған қателік сезіле бермейді. Әрі жазу–сызу жоқ кезге тән сөйлеу тілі ауанымен орфоэпия заңдылығын шамадан тыс көбейте беру де тиімді болып тұрған жоқ. Вариант тұлғаларының орфографиялық сыңарының біртіндеп сөйлеу нормасына айналуы әр алуан лингвистикалық жағдаймен байланысты.
а) Атап айтқанда, көршілес тілдердің орфографиялық өлшемге де біртіндеп әсер ете алатыны белгілі. Мәселен, орыс тілі арқылы енген сөздер сингармонизм заңы бойынша түрленіп отырмайды.
ә) Буын, дыбыс үндестігіне қатысты өзгерістер аяқталып, шегі анықталып біткен жоқ. Олай дейтін себебіміз буын, дыбыс үндестігінің өзгерісі барлық сөзде бірыңғай емес. Кейбір сөзде үндестік өлшемі ықпалымен буын, дыбыс үндестігінің біршама кеміп, орфоэпиялық сөз нұсқаларының да шектеле түскенін көрсететін нақтылы айғақтар тілімізде жеткілікті. Айталық, бес жыл/беш жыл/ беш шыл, бес жас/бес шас/беш шас вариантының соңғы ең қарапайым сыңары жасөспірімдер тілінде ұшыраспайды дерлік. Жалпы сөз аралығындағы буын, дыбыс үндестігі қазіргі тілімізде ішінара өзгеріске ұшырады. Бұрын сөздің бірыңғай жуан не жіңішке буынды болу заңына сәйкес сөз тұлғаларының дыбыстық ауытқуға ұшырауы басым болатын. Ал тілдің жалпы даму барысында сингармонизм заңы ықпалының солғындай түсуі жазудағы алақұлалықтан арылуға, сөйтіп мотивсіз варианттың азаюына қолайлы жағдай тудырады. Сөз аралығындағы буын және дыбыс үндестігі әсерінен қалыптасқан сөз нұсқаларының кейбірі қазір сөйлеу тілінен де шығып қалды. Мысалы: Бұлай ету батыл, бір гәнә құдірет пендеде болған қуат (Абай. 38 сөзі, араб алфавитімен басылған шығ.). Осылайша алдыңғы сөздің ықпалымен түзілген «ғана» сөзінің дыбыстық варианты қазіргіден көп болды: Бір гәне/гәнә (ұяң, үнді немесе дауысты дыбысқа аяқталған жіңішке буынды сөзден соң), тек кәне/кәнә (қатаң дауыссызға аяқталған жіңішке буынды сөзден соң), адам ғана/ғане (дауысты, ұяң, үнді дыбыстардың біріне аяқталған жуан буынды сөзден соң), атақ қана (қатаң дыбысқа аяқталған жуан буынды сөзден соң). Қазіргі қазақ тілінде сөз аралығында буын үндестігі сақтала бермейтіндіктен, дыбыс үндестігіне қарай екі–ақ варианты айтылып жүр: ғана/қана.
Үндестік заңы ықпалынан ауытқу фактілері ертеректен басталса керек. Қазіргі сықылды/секілді жарыспаларының бір кездегі сөз тіркесіндегі буын үндестігі ықпалынан түрленген тұлғалар екені білінбей кетті. Себебі вариант түзуіне себеп болған жағдайдың өзгеруі олардың артық сыңарының қолданудан шығып қалуына әсер етпек.
Ертеректегі сөйлеу тілімізде ат сықылды, аң сықылды, жан сықылды, ағаш сықылды, сен секілді, ел секілді, өзен секілді деп буын үндестігі әсерінен сықылды/секілді сөздері жарыса қолданса керек. Қазіргі тілде «сықылды» вариант сыңары кейбір егде жастағы адамдардың сөйлеу тілінде ғана кездесіп қалып жүр. Емле ережесі ықпалымен сингармонизмнің темір құрсауының сәл де болса босауы, буын үндестігінен ауытқу түбір тұлғадан да, туынды және біріккен тұлғалардан да байқалады. Мысалы, мұғалім/мұғалым, шілдехана/ шылдахана, гүлзар/гүлзәр, неғып/нағып, даугер/дәугер, саудагер/ сәудегер, балгер/бәлгер сөз нұсқаларының алдыңғылары сөйлеу нормасы ретінде қалыптасты. Кейбір сингармонизмдік параллельдердің екі сыңары да сөйлеу тілінің элементіне жатады:
Сингармонизмдік параллельдер
орфографиясы
қата/кәте
қаталасу/кәтелесу
қайтып/кәйтіп
қадыр/кәдір
қазыр/кәзір
қатар/кәтер
қауып/кәуіп
қарып/кәріп
қадымғы/кәдімгі
жадығой/жәдігөй қате
қателесу
қайтіп
қадір
қазір
қатер
қауіп
ғаріп
қадімгі
жадыгөй
Буын, дыбыс үндестігі аға буын өкілдерінің тілінде жасөспірімдердің сөйлеу тіліне қарағанда айқынырақ. Алайда мейман, ғанибет, қабілет, қажет, қорек, қабір, мейрам, қазірет, қошемет, халі тәрізді аралас буынды сөздердің емлесіне күмән келтірмегеніміз жөн. Әрине, кітаби стильде сөйлеу дағдысы жалаң жас ерекшелікке ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайына, өскен ортасына, білім дәрежесіне, сауаттылығына да көбірек байланысты екенін тәжірибе байқатып отыр. Бұл мәселені шешу үшін салалық терминологияның бірыңғай электрондық базасын құрып, қазақ терминологиясының жалпы қорын жасап, веб-сайттар мен порталдарға орналастыру қажет.
Жаңа жазу дағдысының басқа сөздердің орфоэпиялық нормасына да ішінара өзгерістер енгізері даусыз. Бұған «и» әрпімен берілген кейбір сөздер айғақ бола алады. Қазіргі жасөспірімдердің сөйлеу тілінде дидар/дыйдар, қиын/қыйын, зиян/зыян, риза/рыйза, қырғи/қырғый, сақина/сақыйна, сипат/сыйпат, жиһаз/жыйһаз варианттарының соңғы сыңары қолданылмаса, оны тіліміздің орфоэпиялық нормасын бұзатын қателерге жатқызу тіліміздің қазіргі даму бағыты тұрғысынан дәлелді бола қояр ма екен. Сондай-ақ қаздию, қиқар, мұқият, қағида, жиһан, бәлиғат, уақиға, ықтимал, ылғи, ылди, яғни, бақи, жазира, ақиқат, қобди, жамиғат, жиын, жидыр, сиыр, шиыр, жиыс деп жазу нормасына сәйкес дыбыстау әуездірек, әдемірек естілетіндіктен, тілдің дыбыстық құрылымының жетіле түскенінің бір айғағы іспеттес. Сөздерді қалай жазылса, солай оқу дағдысын айта келіп зерттеуші М.Дүйсебаева: «Әдетте, жалғыз «и» әрпі жазылған сөз жіңішке айтылады, оның дифтонгоидтық қасиетін еске алмаймыз, жалғыз дыбыс деп түсінеміз» – деп ескертеді.
Жергілікті ерекшелікпен байланысты орфоэпиялық сөз нұсқасының тағы бір түріне кейбір атырап тұрғындарының сөйлеу тіліне тән жуан және жіңішке дауыстылардың (а–ә, о–ө, ұ–ү) алмасуынан түзілген жарыспа тұлғалар жатады. Мысалы, ұйғыр, қырғыз, өзбек, түрік, әзірбайжан, тағы басқа туыс халықтармен аралас немесе көршілес отыратын оңтүстік пен шығыс облыстары тұрғындарының сөйлеу тілінде жуан дауыстылар басым болса, туыс халықтар өкілі сирек батыс пен солтүстік облыстарда, біздіңше, қазақ сөздерінің табиғи дұрыс дыбысталуы басымырақ сақталған. Ал орфографиялық сөздікті түзгенде туыс тілдері әсері мол сезілетін атыраптың сөйлеу ерекшелігін біржақты ғана ескеру, біздіңше, ортақ игілігіміз – әдеби тілді көркейте қоймаса керек. Шаш / шәш, жарайды / жәрәйді, рақат / рәхат, шаруа / шәруа, сағат / сәғат, тоғыз / төғыз, жаңа / жәңа, шағын / шәғын, мархабат / мәрхабат, махаббат / мәхаббат, ақымақ / әхмақ, саған / сәған, маған / мәған, оған / өған, шапағат / шәпағат, ақын / әқын, тағы / тәғы, бағынышты / бәғынышты, шамдану / шәмдану, шашу / шәшу,бұған /бүған, садағам /садәғам, шығар/ шіғар, таңғажайып /тәңғажайып, жаннат/ жәннат,данышпан /дәнышпан, шайқау/шәйқау, шаршама /шәршәма, жаңағы/ жәңәғы, шаңырақ /шәңырақ, жаңалық/ жәңалық, жабық / жәбық жарыспаларының солтүстік пен батыс өңірдің сөйлеу тіліне тән екінші сыңарының естілуі әуездірек, әдемірек.
Екіншіден, осылайша сөйлеу ерекше-лігінен қ, ғ дыбысы бар сөздерде жіңішке дауысты айтылмасын, к, г дыбысы бар сөзде жуан дауысты айтылмасын, аралас буынды сөз қолданылмасын, сөз я кілең жуан буынды, я жіңішке буынды боп қана келсін деген секілді тіліміздің дыбыстық жүйесінің жетілуіне кедергі болатын әр алуан шектеу сезілмейді. Керісінше, тілдің дыбыстық жүйесінің дамып, күрделене түсу барысында сингармонизм заңына да өзгеріс енетін кездер болатынын, аралас буынды сөздер қатарының өсетінін аңғарамыз. Өкінішке орай, сөйлеу тіліндегі осы аталған ерекшелік өз әсерін жоғалтып, ұмыт болуға айналды. Өйткені солтүстік облыстардағы қазақ мектебінің бірлі–жарымынан басқасы жаппай жабылып, көп жылдар бойы жасөспірім орыс тілінде ғана білім алды. Ал қазақ тіліндегі басылымдарда солтүстік пен батыс өңірдегі сөйлеу ерекшелігі еске алынбады. Қазіргі таңда тек кейбір егде жастағы адамдар тілінде ғана аталған ерекшелік сақталған.
Мұны ескермегеніміз аз болғандай, барлық жерде бірдей шәйі(көйлек), шәйқау, тәбиғат, жәйлау, мәнсап, тәккәппар, әруақ деп айтылатын сөздердің дыбысталуын бұрмалап, шайы, шайқау, табиғат, жайлау, мансап, такаппар, аруақ түрінде жазатын болдық.
Сөйтіп, тіліміздің даму барысы буын, дыбыс үндестігінің шектеле түсуімен ерекшеленеді. Әрине, қазіргі сөйлеу тілінде байқалып жүрген бұндай фактілер сөз ішінде, сөз аралығында дыбыстардың белгілі бір үндестікте айтылатын басты ерекшелігіне елеулі өзгеріс ендіре алмасы даусыз. Ал жазу нормасы ықпалымен сөйлеу тілінде болатын өзгерістің күрделі сипат алуы бұл мәселені арнайы зерттеу объектісі ете алады. Р.Р.Гельгардтың «Дело языковеда определить, следует ли данное отклонение считать неправильностью, с которой должно бороться или его нужно признать явлением, в котором обнаруживаются живые тенденции языка» («Русский язык в школе»; №5, 1946), – деп атап өткеніндей, айтылу нормасын белгілейтін негізгі айырым белгі деп, тілдің ішкі даму заңдылығын қуаттайтын норманы мойындағанда ғана тіліміздің әсем ырғағын сақтап, қалыпты айтылу арнасына лайық дұрыс дыбыстап, сөйлей білу қағидасын насихаттау өз жемісін бермек. Сонымен қатар Қазақстанның коммуникативтік-тілдік кеңістігінде орыс тілінің қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмыстарды ескеруіміз керек.
Мұның аясында орыс тілін оқыту жүйесін оқу-әдістемелік және зияткерлік тұрғыдан одан әрі қамтамасыз ету, сондай-ақ оқытушы кадрларды кәсіптік тұрғыдан оқыту жөніндегі жұмысты қолға алған жөн.
Орыс тілінің қолданылуын ақпараттық қолдауға Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде орыс тілін пайдалануды қамтамасыз ету арқылы қол жеткізетін боламыз. Оның үстіне республикадағы үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген ересек тұрғындардың үлесі (2014 жылға қарай — 10%, 2017 жылға қарай — 17%, 2020 жылға қарай — 20%) болуы мүмкін ескерген жөн.
Сөйлеу тілінің әдеби нормасы мен орфографияның арақаты–насының айрықша маңызына тоқтала келіп, Р.И.Аванесов екі нәрсені атап өтеді: «Лишь явления улучшающие произносительную систему, и доказавшие свою жизненность, могут претендовать на то, чтобы войти в состав норм литературного языка… Сближение произношения с правописанием в тех случаях, когда между ними ранее не было закономерных соотношений, следует считать процессом целосообразным и прогрессивным». Бұдан шығатын қорытынды, тіліміздің орфографиялық, орфоэпиялық нормасына сәйкес тұрақты қолданылып жүрген жарыспа тұлғасы көп. Сонымен қоса халық тіліндегі сөйлеу элементтерінің бәрі бірдей орфоэпия өлшеміне жата бермейді. Бір аралықтағы орфоэпиялық заңдылық бертін келе көнелене бастауы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда сөздің жалпыға бірдей айтылу нормасын тиянақтандыру – тіл мәдениетін арттыру жолындағы маңызды міндет.
Сөздің әдеби тілде дұрыс айтылу нормасын саналы түрде үйрету сөйлеу тіліне емле ережелерінің тигізер ықпалын еске ала, жүйелі түрде жұмыс жүргізуді қажет етпек. Мұның өзі әдеби тілдің жазу нормасы мен сөйлеу тілі өлшемінің дәлдігін арттыруға септігін тигізбек. Қайсыбір дыбыстардың емлесін тиянақтау көптеген орфоэпиялық сөз нұсқасының әдеби тіл өлшемі негізінде дұрыс шешімін табуын жеңілдетті. Халық тіліндегі көптеген вариант қатарының орфографиялық сыңарының біртіндеп сөйлеу нормасына айналуы осыны аңғартады. Сөйтіп мұның бәрінде жазу дәстүрін жетілдіру, тіл мәдениетін арттыру мақсаты көзделді. Тіліміздің фонетикалық жүйесінің дамуына жаңа мүмкіндіктер тудырды.
Өткен дәуірдегі орфоэпиялық өлшемнің бәрі бірдей тілде тұрақтап қала бермесі анық. Ал қайсыбір дыбыс алмасуын тудыратын фонетикалық заңдылықтың мүлдем солғындап, жоғалуға бағыт алуы мүмкін. Қалып бара жатқан осындай ескі сөйлеу нормасы ерін үндестігінен анығырақ байқалады. Бұл процесс ХХ ғасырға дейін–ақ байқалғанмен, бұрынғы сөйлеу тілінде ерін үндестігінің сәл–пәл ықпалы қазіргіден айқынырақ болғаны белгілі. Алайда өткен ғасырдың 50 жылдарында – ақ отын/отүн, жұлын/ жұлұн, өркен/өркөн, күрес/күрөс, көтер/көтөр, көңіл/көңүл, көркем/ көркөм, қулық/қулұқ, өлең/өлөң, осы/осу, көзі/көзү, бөрік/бөрүк тұлғаларының бірі – сөйлеу, бірі жазу нормасы болып вариантталуы біртіндеп қалып бара жатқаны, бұл варианттардың соңғы сыңары жазу дәстүрінің, орфографиялық норманың ықпалымен келе-келе қарапайым сөйлеу тілінен де ығыса беретіні сезілген еді. Сол кездің өзінде аға ғалымдарымыз қазақ тілінде ерін үндестігі тек қосалқы рөл атқаратынын, оның ауызекі тілде сәл – пәл ғана байқалып қалатынын атап өткен. Одан бергі 50 – 70 жылда орфографиялық жазу нормасының әсерімен бұл заңдылық толықтай өз әсерін жойып алды. Қазіргі сөйлеу тілінде ерін үндестігі мүлде сақталмайды десек, артық айтқандық емес. Ал қазіргі адамдардың, әсіресе жас ұрпақтың, сөйлеу тіліне орфографиялық норманың ықпалы басымырақ екені даусыз. Олардың орыс тілін еркін меңгеруі де бұған әсер етпей қоймасы мәлім. «Әдеби тілде (жазу нормасын еске алғанда) ерін үндестігі тіпті еленбейді десе де болады. Осыған қарағанда ерін үндестігінің қазіргі қазақ әдеби тілі үшін айтарлықтай үлкен мәні бар деуге болмайды».
Екінші буында ерін үндестігін сақтау ертерек кезде аға буын өкілдерінің сөйлеу дағдысымен байланысты болса, жас ұрпақ бұл сөздерді жазу нормасына сай дұрыс айтуға дағдыланды. Мұның өзі аталған сөздердің айтылу өлшемі олардың орфографиясымен сәйкестенбек деген қорытынды жасауға негіз береді. Өйткені түркологтар ерін үндестігінің көп тілдерде, соның ішінде қазақ тілінде жойылып бара жатқанын мойындаса, қазіргі жазу нормасының бұл бағытты тереңдете, айқындата түскені анық. Көмір, күрек, үлкен, көген, құлпы, көрік, өлең сөздерін ерін үндестігімен айт деп талап қою қазірдің өзінде қиын. Әсіресе сөзге қосымша жалғанғанда ерін үндестігі тіпті еленбейді дерлік: құлыншақ, күректей (құлұншақ, күрөктей емес). Сондықтан қазіргі адамдардың сөйлеу тілінде ерін үндестігімен айтылған сөз варианты қолданылмаса, қайсыбір авторлардың оны «Тіліміздің орфоэпиялық нормасын бұзатын өрескел қателер» («Ана тілі» 02.07.1992) – деп бағалауы қазақ тілінің қазіргі даму бағыты тұрғысынан дәлелді бола қоймайды.
Академиктер І.Кеңесбаев, Н.Сау-ранбаев т.б. аға ғалымдарымыздың ерін үндестігін қазіргі қазақ тілі үшін айтарлықтай мәні жоқ, ескіріп қалған заң екенін ерте кезден–ақ ескергені – тілдің табиғатына тереңірек үңіліп, алға басушылық пен ауытқушылықты зерделей білгені, көңіл көзін әрірек жүгірткен ғылыми көрегендігі деп білеміз. Өйткені кейінгілер үлесіне ізгі ізденістер қалдырған аға буын ғалымдарымыздың күмән келтіруге болмайтын дұрыс тұжырымына ден қойғанымыз жөн. Ерін үндестігіне қайта оралу тілдің қадір–қасиетін арттыру былай тұрсын, оның тартымдылығын төмендетіп, дамып жетілу процесіне тежеу жасап, тосқындық келтірер еді. Өйткені сөздің айтылуы жақсармай, қайта көркемдігі солғындап, естілім жағымдылығы кеміп, қарадүрсінділік пен жұтаңдыққа ұрындырса, оған немқұрайды қарауға болмас. Айталық, түрөгөл, болұс, сүйрөтпө, соңғұ, бөлтүрүк деп айту керек деп үгіттейтіндей, тіпті солай жазуға қызығатындай қандай әдемілік, әуезділік болуы мүмкін. Тілдің де, оның дыбыстық жүйесінің де өскелең өміріміз сияқты үздіксіз дамып, жетіліп отыратын диалектикалық құбылыс екенін ескеруге тиіспіз.
Әуел баста түркі тілдерінің баршасына ортақ сингармонизм кейін келе елеулі түрде өзгеріске ұшырап, туыс тілдер үш топқа бөлінді. Кейбір тілдерде бұл үндестік заңы толықтай өз ықпалын сақтаса, екінші бір тілдер тобында аталған заңдылық өз ықпалын елеулі түрде әлсіреткен. Тағы бір туыс тілдерге қазіргі таңда сингармонизм тән емес. Қазіргі қазақ тілінде ерін үндестігінің өз әсерін жоғалтып алуы тіліміздің әуезділігіне септігін тигізді. Өкінішке орай, қайсыбір авторлар «Сингармонизмнің сәні кетпеу үшін аралас буынмен алысу керек. Ерін үндестігін сақтау керек», – деген біржақты пікір айтылған. Ескеретін жағдай ерін үндестігі тіліміздің әуезділігіне елеулі түрде нұқсан келтіретін артта қалған фонетикалық заңдылық. Ол ең ерте кезде тілдің дыбыстық жүйесінің жетілмей тұрған шағында қалыптасқан үндестік. Қайсыбір еуропалық түркітанушы –ларының ерін үндестік ауыз қуысындағы дыбыстау мүшелерін жан – жақты қозғалысқа келтіруге ерінетін рухани жалқаулыққа жатқызуы тегін емес. Соған орай тілдің фонетикалық құрылымының күрделеніп жетіле түсу барысында бұл заңдылық біраз тілде өз әсерін жойып алған. Қазіргі түркі тілдерінің басым көпшілігіне ерін үндестігі тән емес. Қазіргі таңда бұл аталған үндестік қырғыз тілі мен Сібір түркілер тіліне тән фонетикалық заңдылық. 1980 жылы Қырғызстанның кілең қырғыздар мекендейтін Нарын облысында болғанымызда қырғыз ғалымдарының ерін үндестігі тілдің дыбыстық құрылымын, естілім әуезділігін жақсартпайтынын ескеріп, қазақ тіліндегідей өзен, өлке, үгіт, үлкен түрінде жазсақ, солай айту қалыптасып кетер ме еді деген пікірін естігеніміз бар. Ерін үндесімін ауыз қуысындағы дыбыстау мүшелерін жан – жақыт қимыл қозғалысқа келтіруге ерінетін рухани жалқаулыққа жатқызған Батыс Еуропа ғалымдары бар екен. Атақты ғалым Штейнтальдің: «В тюркских и монгольских языках возникновение гармонии гласных связано с леностью ума, духовной пассивностью носителей этих языков», – деп тұжырымдауы ертеректе ерін үндестігінің бірсыпыра тілдерде ықпалы болғанын, кейін келе ол өз әсерін жоғалтып алғанын ескергендіктен болар.
Ал қазіргі қазақ тілінің басты фонетикалық заңдылығына жататын езу үндестігі тіліміздің әуезділігін кері келтірмей өз қалпында сақтайды. Дегенмен тіліміздің дыбыстау мүшелерінің жан – жақтырақ ететін ілгерілеушілік мұнда да байқалады. Тіл – жанды құбылыс дегендей тарихтың шеруімен, әлеуметтік жағдаймен халықтың рухани даму үрдесінде орай тілдің лексикалық құрамы, грамматикалық құрылымы секілді оның фонетикалық дыбыстық жүйесі де баяу түрде дамып жетіліп бүгінгі күнге жетті. Осы тұрғыдан шектеудің аты шектеу екенін атап өткен жөн. Шектеу атаулы – тіліміздің дыбыстық жүйесінің дамып жетілуіне кесе – көлденең болатын кедергі. Сөздердің бірыңғай тек жуан я жіңішке буынды болу заңдылығы тілдің фрнетикалық құрылымының кең ауқымды болуына қойылған шектеу болғандықтан, ұтымды емес. Қазақ тілінің ауызша айтылу жүйсесі үндесім заңдылығына толықтай бағынышты деу – артық кеткендік. Өйткені тіліміздің фонетикалық құрылымының жетілу барысында орфоэпиялық заңдылық та дамып, жан – жақтырақ болып күрделене түседі. Әуелгі кезде сөз құрамындағы дауысты дыбыстардың бір – бірімен үйлесіп, ыңғайланып айтылуы жаппай қолданылса, қазіргі таңда бұл заңдылықтан ауытқып, аралас буынмен айтылатыны да аз болмай отыр.
Салыстырып айтқанда қазіргі өзбек әдеби тілінде сингармонизм өз әсерін толықтай жойып алған. Мұны олар өзбек тілінің фонетикалық құрылымының күрделене түсіп, дамып жетілу барысында қалыптасқанымен түсіндіреді. Тіліміздің жоғын жоқтап, қадір – қасиетін сақтап, беделін арттырып, мерейін үстем етуде тыңбай еңбектеніп, еселеп күш – жігер жұмсайтын қазіргі таңда тіл ғылымының белді бір саласы орфоэпияға жүктейтін міндет пен қояр талабымыз еселеп арта түскені анық. Тіліміздің тұнығын бұзбай келер ұрпаққа жеткіземіз десек, сөздің тұлғалық тартымдылығын сақтап, құрылым – құрылысын жақсартамыз, әдеби тіл нормасын күшейтіп, жетілдіреміз десек, сөйлеу тілінің мәдениетіне жете көңіл бөлу керек.
Осы міндет аясында, ең алдымен, Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің ана тілдерін оқытуға жағдай жасау көзделеді. Бұл үшін жексенбілік мектептерге оқу-әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ ана тілдерін оқыту кезінде тілді білетін тәжірибелі педагог мамандарды тарту және халықаралық тәжірибені, заманауи технологияларды пайдалану жоспарланады.
Бұған қоса, этностардың тілдерін сақтау және мәдениеттерді өзара байыту үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету көзделеді. Кеңінен ақпараттық қолдау арқылы мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру, этностардың тарихи және қазіргі заманғы жазба мұрасын сақтауды қамтамасыз ету жұмыстары қажетті шаралар қатарына жатады.
ТІЛДІ КӨРКЕЙТУДІҢ
БІР ТӘСІЛІ – КЕМЕЛ ӘЛІПБИ
Өресі биік озық елдің жазу мәдениеті де биік, жоғары болуға тиіс десек, бұл тұрғыда ана тіліміздің емле заңдылығын тиянақтаудың бірінші кезектегі маңызы бар. Ал емле заңдылығын тиянақтауда жазу таңбаларын жетілдірудің бірінші кезектегі маңызы бар. Жаңа әліпбиге көшу әңгіме бола қалғанда, латын жазуына қайта оралу мәселесі ойға оралады. Осы жайында әртүрлі пікір айтылып, бір пәтуаға келе алмай жүрген жәйт бар. Қаламгеріміздің бірі әліпбиді бүтіндей жаңартып, латын жазуына көшіруді жақтаса, басқалары әліпбиді өзгертпей–ақ, қазіргі кириллица жазуын жетілдіруді маңыздырақ санайды.
Латын әліпбиі грек әліпбиінен шыққан этрус әліпбиінің бір тармағы. Оның шығу, қолданылу тарихы б.з.б. VII ғасырға саяды. Әріп таңбалары біздің заманымыздың I – V ғасырларында түпкілікті қалыптасқан. Латын әліпбиі әуелі Европа елдеріне тарады. Кейін оны Африка, Америка, Азияның бірнеше тілінде қолдана бастады. Қазіргі таңда ол дүние жүзіне кең тараған басты әліпби болып отыр. Жаңа әліпбиге негізделген қазақ жазуының жобасын Н.Төреқұлов, Т.Шопанұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Қ.Жұбанов қызу талқылау барысында даярлауымен 1929 жылы ресми түрде латын әліпбиіне 29 әріппен көшкен еді.
Бір бәйтерек бұтағындай қанат жайған исі түрік жұртына лайық кемел әліпбидің қажет екеніне мән берген, егемендікке ие болған түркі республикаларында латын жазуына қайта оралу мәселесі көтеріліп отыр. Ана тіліміздің тағдырын айқындайтын латын әліпбиі негізінде іске асуы тиіс жаңа жазу реформасының толғауы тоқсан қызыл тілдің толғақты мәселесін, оның қоғамдық–әлеуметтік қызметін қағажу қалдырмау тұрғысынан қолға алынғанын қалайтынымыз анық. Әліпбиді ауыстыру мәселесінің де Ассамблея дәрежесінде қойылғаны мәлім. Қазақтан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбдуали Қайдар 1990 жылдың басында алғашқылардың бірі болып қазақ халқының ұлттық жазуын латын әліпбиі негізінде қалыптастырудың қажеттілігін баспа бетінде көтерген болатын.
Қазақстан халықтары Ассам-блеясының XII сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тіл саясатын жетілдіруді, алдағы уақытта кезең–кезеңімен латын әліпбиіне көшу мәселесін қолға алуды үкіметке тапсырған–ды. Елбасы Қазақстан Халқына арнаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптақан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп, «біз 2025 жыллдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» десе, одан кейін отандық жетекші телеарналар өкілдерімен кездесу кезінде: «Латын қарпі бізге дүниежүзінің халқымен, әлемнің ғылым – білімімен қарым – қатынас үшін керек. Егер латын әліпбиін енгізуге ақылмен келе алсақ, біз көмпьютер тіліне көшеміз, балаларымызға және бізге экономикалық және ғылыми кеңістікке енуге оңайырақ болады. Бұл – келешектің талабы. Бұл мақсатқа біз үлкен сарабдалдықпен, байыптылықпен келіуіміз керек» деп атап өткен болатын. Соған қарамастан латын әліпбиіне көшу ұзаққа созылып, қиыншылыққа тап болуда.
Әлемдік жаңа технологияға көшуді жеңілдететін латын әліпбиіне өз тіліміздің ерекшелігін қатаң ескере отырып, бүкіл түркі халықтары тілінің дыбыстарын бере алатын, компьютердің мүмкіндігін толықтай ашатын етіп көше алсақ құба–құп. Әлеми ақпарат кеңістігіне шығудың бірден–бір төте жолы латын жазуы екендігінде. Латын әліпбиіне көшу–тіліміздің, ұлтымыздың жарқын болашағы. Латын әліпбиіне көшу ұлттық мүдде үшін тиімді. Ол тілді таза сақтап, өндіріс пен ғылымды төл тілімізде дамытуды жеңілдетпек. Латын әліпбиі– адамзат өркениетінің шамшырағы, басты белгісі деп жүрміз.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе; тілді түзеймін десең, әліпбиіңді түзе» деп айтуымыз тегін емес. Латын әліпбиі халқымыздың саяси – рухани тәуелсіздігін нығайта түсер тетік болмақ. Егеменді ел болғасын өзінің мемлекеттік кемел әліпбиі болуы керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Латын әліпбиі дүниежүзіндегі қазақтардың рухы да, тіні де, тілі де бір болуының кепілі деп жүрміз. Өйткені шетелдегі қандас қазақтардың дені латын жазуын қолданады. Қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жаңа технологияны игеруге мүмкіндік беретін, интеграцияға жақындататын дүние екені күмәнсіз. Шетелдік грузин, армян, жапондар өз төл әріптерімен-ақ компьютерді пайдаланып, интернетті игеріп жатыр емес пе.
Қазіргі таңда түрік елдерінде өткір қойылып отырған бірыңғай әдеби тілді қалыптастыру жұмысы ортақ әліпбиге көшуден бастау алмақ. Ортақ жазу туысқан халықтардың одан әрі шашырап, ыдырап кетуіне жол бермей оларды жақындастырып өркендеуіне зор ықпалын тигізбек. Латын әліпбиі түркі әлемінің басын құраушы. Туыс тілдердің жақындаса түсуі үшін олардың бәріне ортақ латын әліпбиіне көшуінің маңызы зор. Сол арқылы мәдени – рухани тұтастығымызды, тарихи сабақтастығымызды қалпына келтіреміз. Түркі тілдері бір – біріне айтарлықтай ұқсас болғанына қарамастан, ХХ ғасырдың 40–жылы кирилл әліпбиіне көшіп, көп әріптері әр тілде әрқалай таңбаланып, бауырлас елдер халқының тіл жағынан одан әрі алшақтай түскені белгілі.
Латын әліпбиіне көшуді жақта-майтындардың бірінші кезекте айтатыны: «Әліпбиді ауыстыру көп қаржыны керек етеді. Мемлекетіміз аяғынан енді ғана қаз тұрып келе жатқанда, мұның бәрі оңай іс емес», – дегенге саяды («Ана тілі», 18.07.2002 ж.). Бұған айтатынымыз, біріншіден, халқы кедейшілік пен жоқшылықтың зардабын тартып отырғанына қарамастан, латын жазуына көшіп үлгерген Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжаннан гөрі біздегі жағдай шүкіршілік. Екіншіден, латын жазуына көшу арқылы емлені ұштап өңдеу жолындағы өткен тәжірибенің озық үлгілерін жинақтай отырып, қазақ тілі орфографиялық ережелерінің ең соңғы өңделіп, жақсартылған нұсқасын ұсыну жүзеге асса деген игі мақсат көзделмек.
Латын алфавитіне көшсек, бұған дейінгі кирилл жазуындағы құнды–құнды дүниелерімізден айырылып қаламыз деу де орынсыз. Өйткені орыс тілі – республикамыздағы ресми тіл, ұлтаралық ортақ тіл.Мектеп оқушылары аталған екі әліпбиді де еркін пайдаланып дағдыланады. Тіл мықтап тұғырына қонбай жатып, оны аяғына нық қоймай тұрып латынға көшу мәселесін көтермегенді жөн санаушылар бар.Бүкіл түркі жұртының басын біріктіретін латын әліпбиіне көшуге асықпайық деп, ұзын арқан, кең тұсауға салуға да болмас, асығайық деп бір тарының қауызына сыйдыруға да болмайды.
Жиірек айтылып жүрген тағы бір пікір «Соңғы бір ғасыр бойы жазуымыздың бірінен соң бірін ауыстыру мен реформалаудан көз аша алмай келдік. Әліпбиді осылайша ауыстыра беру, қай жағынан алсақ та, тиімсіз. Мұның өзі баспа жұмысына қисапсыз қиындық келтіреді» деп есептеу. Расында да, Ресей империясының құрамында болып келген түркі халықтары сан ғасыр бойы араб жазуын тұтынып келген–ді. Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасырдың оныншы жылдарында араб жазуы негізінде жасаған 24 әріптен құралған «төте жазу» әліпбиі қазақ тілінің дыбыс жүйесіне дәл дұрыс түзілген ең оңтайлы жазу таңбалары еді деген пікір айтылып жүр. Дегенмен де, әліпбиді жетілдіріп өзгертудің өмірлік маңызы мен қажеттілігі өткен ғасырдың бас кезінен, тіпті, ағартушы–педагог Ыбырай Алтынсарин тұсынан бастап-ақ, өткен ғасырдың 40–жылдарына дейін айтылып келді.
Қазақтың ұлттық жазуына ұйтқы болып, халықтың сауатын ашуға үлкен көмегін тигізген бұл алфавит 1929 жылы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіргенге дейін қолданылды. Араб жазуына негізделген небәрі 25 әріптен тұратын әліпбидің бұл аталған жаңа жүйесін ҚХР Синьзцян ұйғыр автономиялы ауданындағы қазақтар қазіргі кезге дейін қолданылып келді. Бір кездегі ескі жазуды жақтаушылар араб жазуының тез оқылып, тез жазылатынын тілге тиек еткенімен, халықаралық ауқымдағы латын әліпбиінің артықшылығы күмән тудыра қойған жоқ. Араб әліпбиімен салыстырғанда, латын жазуының тез оқылып, тез жазылатын артықшылығын әлем халықтары мойындап отыр.
Оған латын жазуының көзбен көру мен қолға ыңғайлылығы, баспа ісіне қолайлығы, кіші әріп пен бас әріптерінің ажыратылып берілуі, әріптерінің анық таңбаланып, шатастыруға келмейтіндігі, компьютер жүйесіне жеңілдігі жатады. Сондықтан латын әліпбиіне көшу заман талабы болды да, XX ғасырдың 20-жылдарында латын жазуына көшу мәселесі көтерілді.
Ал кириллица әліпбиіне біз өз еркімізбен көшкеніміз жоқ. Латын жазуы екі, үш рет қырналып, жазу таңбалары толықтырыла бастағанына қарамай, тоталитарлық жүйе тұсындағы орталықтың өктемдігі дегеніне көндіріп, түркі халықтарының жазуының 1940 жылы кириллицаға ауыстырылғаны белгілі. Емле ережесі қайта түзіліп, оған 1957, 1983 жылдары түзетулер енгізді. Небәрі 20–30 жылда жазуын үш рет өзгерткен біздің халқымыздың әліпбиді өзгертудің қиындығы мен зардабының жеткілікті екеніне көзі жеткендей. Сондықтан да болар, уақыт тезіне төтеп берер шын мәніндегі әліпби қандай болу керек дегенде бір пәтуаға келе алмай жүрміз. «Латын жазуы, біріншіден, жаратылысы бөлек, бөтен жұрттың жазуы. Екіншіден, Батыстың отарлау құралы» («Ана тілі» 18.07.2002 ж.) деген пікірмен де келісе алмаймыз. Туыс халықтар түгелімен қабылдауды мақсат тұтқан латын жазуын оқып үйренбейтін ел жоқтың қасы екені белгілі.
Кириллица жазуы латын графикасынан кем емес, ол түркі халықтарының жазуын жаңа белеске көтеріп, жазуымызды айтарлықтай жетілдірді. Қазіргі 42 әріпті кирилл әліпбиінің фонетикалық артықшылығы басы-мырақ, ана тіліндегі дыбыстың ұлттық ерекшелігін беруде анағұрлым ыңғайлы деушілер бар. Расында да, кирилл әліпбиіне көшкеннен кейінгі тұста жазу жүйесі дұрыс қалыптасып, алфавитімізді жөнге келтіруде айтарлықтай жұмыс атқарылды. Қазақ тілі орфографиясы тіл табиғатына, ұлттық артикуляциялық базасына сәйкес өзгеру, икемделу, жетілу үстінде болды. Авторлар бұл әліпбидің өмірмен орайлас жақтарын, тиімділігін, баспада терілу жеңілдігін, ана тіліміздің өз ерекшелігін танытатын сипатқа ие екенін, тіліміздің даму жүйесіне лайықтылығын, соның көрінісін толықтай таныта алатынын дәлел ретінде келтіреді («Ана тілі», 14.05.1992). Орыс алфавиті негізінде қазақ тіліндегі сөздердің жазылу нормасы түгелдей тиянақталды. Осы жазу үлгісімен сөздердің мағыналық, тұлғалық даралану, стильдік жағынан сараланып, тіліміздің оралымдық сипатының арта түскені де ақиқат. Әлем халқының басым көпшілігі қабылдаған барша туыс тілдердің мүддесіне сай қызмет етуге, ортақтыққа ұмтылдыратын латын жазуыныңда да тиімділігі даусыз. Сондықтан латынға көшу – заман талабы дейді тағы бір топ ғалымдар. Төрткүл дүниеге кеңінен тараған латын жазуының туысқан түркі халықтарының бірлігі үшін керек екені анық.
Академик Әбдуали Қайдаровтың атап өткеніндей, бөлек–бөлек емле мен әліпбиге жүгіну – түркі тілдері орфографиясындағы үлкен сәтсіздік. Өйткені бұл туыс халықтар арасын ашып, бір–бірінен алшақтата түсті. «Жазу таңдау да оның ұлтаралық, халықаралық деңгейде, жалпы жержүзіне таралуы да ескерілуге тиіс» («Ана тілі», 22.03.1995). Аға ғалымымыздың «Кемел елге кемел әліпби керек. Түрік дүниесінің басын қосып, тұтастығын қалпына келтірудің үлкен бір шарасы – латын әліпбиіне негізделген ортақ түркі жазуын қалыптастыру. Бүкіл түркі елдері латын әліпбиіне көшіп, жеке бөлектенбей, бұрынғы жазумен қалып қоюына болмайды. Терезесі тең тәуелсіз мемлекеттер қатарында қоғамдағы прогрессивті үрдісті, замана талабын ескере отырып» әлем халқының басым көпшілігіне ортақ латын әліпбиін қазақ мемлекеттік ұлттық жазуына негіз етіп алған жөн» деген үндеуі жұртшылық тарапынан қолдау табуда («Ана тілі», 30.12.1993). Осман түріктері бірінші болып 80 жылдан астам уақыт бойы латын әліпбиін тұтынып келеді. Латын жазуының бір бәйтерек бұтағындай қанат жайған исі түркі жұртына лайық кемел әліпби екеніне мән берген, егемендікке ие болған басқа түрік республикаларында латын жазуына қайта оралу мәселесі көтеріліп отыр. Әзербайжан, Түрікмен мен Өзбекстан Республикалары латын әліпбиіне көшіп үлгірді. Басқалары даярлық үстінде.
Ендігі міндет – латын әліпбиіне көшкен елдердің тәжірибесін зерделеп, тілімізге нұқсан келтірмей, кирилл әліпбиіндегі жеткен жетістігімізді зая жібермей, жүйелі де сапалы зерттеу арқылы кемел әліпбиді қалыптастыру. Алдымен емлемізді бір ізге түсірсек, содан кейін латынға көшу сатысын бастау қиын емес дегенді алға тартады авторлар. Біз де осыған қатысты өз пікірімізді айтамыз. Қазақ әліпбиін, жазу таңбаларын жетілдіру қазіргі қолданымдағы емлені қырнап, ішінара өзгеріс енгізу арқылы жүзеге аспақ. Жаңа әліпбиге осындай айқындықпен көшу керек дегенде тілдің ғасырлар бойы қалыптасқан нормаларын бұзбайтындай, жеткен жетістігімізге нұқсан келтірмеу жағы ескерілмек. Латын мен кириллицаның бір үлгідегі жазу жүйесі екені, бір–бірінен алшақ кете қоймайтыны, олардың араб жазуымен салыстырғанда анағұрлым қолайлы екені, ортақ жақтарының басым екені белгілі. Араб жазуынан, иероглиф жазуынан, басқа да таңбалы жазудан латынға, кириллицаға көшу қиынырақ шығар. Ал латыннан кириллицаға көшу қиындық келтірмейтінін 1940 жылғы тәжірибе көрсеткен еді.Қазіргі таңда латынға оралу үлкен қиындыққа неліктен кезігіп отыр дегенде, оның бірден – бір себебі, біздіңше, әріп санын күрт азайтуға барып тіреледі.
«Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру қазіргі қолданып отырған кириллица әліпбиімізді қырнау, өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асуы керек» деп, мәселені дұрыс қоя отырып, кейбір қаламгерлер: «Әліпбиімізді латынға көшіру проблемасы түбегейлі шешілген күнде, сөз жоқ, кірме сөздердің орфограммасы бүгінгі қалпында қалмайды, қазақыланады. Жаңа әліпбидің негізгі мақсаты – тілімізге тән емес артық дыбыстардан құтылып, әріптер санын мейлінше азайту болмақ»,–деп ой түйеді («Егемен Қазақстан», 10.10.2000).
Әріп санын қайсыбір авторлар 28,26 тіпті, 24-тен аспауы керек деп жүр. Бір авторымыз «компьютер тек 26 латын таңбалы әріптермен жабдықталады. Сондықтан латын әліпбиіне көшкен кезде әріп саны 26–дан аспауы керек» деп дәлелдепті («Түркістан», 26.06.98.). Тек белгілі журналист, Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Сабыржан Шүкірұлы ғана: «Қазіргі қолданыстағы әліпбиімізді ең жетілген әліпби үлгісі десек болады, мұнда ешбір артық–ауыс белгілер жоқ, жазу мәнеріне икемді 42 таңбаны көпсіну орынсыз» – деп, өз ойын одан әрі тарихи, ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге тырысқан («Ана тілі», 07.09.2000 ж). Орыс тіліне қарағанда, қазақ тілінің әріптері көп. Демек, бай тіл деген пікірді де өзіміз оқытқан курсанттардан естіп жүрміз. Солтүстік Кавказдағы кабардин және басқа тілдерде әріп санының 54-55-ке жетуі әсерімен олардың шет тілін меңгеріп, сол тілде сөйлеп кетуі басқалармен салыстырғанда жылдамырақ екен дегенді де тіл зерттеуші ғалымдардан естігеніміз бар.
Әліпбиіміздегі әріптің үштен біріне дейін қысқартып тастау кириллица әліпбиі негізінде емле ережесін ұштай отырып жетілдірудегі жетістіктеріміз бен оң өзгерісті зая кетіріп, әдеби тілімізге қыруар қиянат жасап, оны кері кетіру болып шығар еді. Мұның өзі орфографияға, демек, оқу–ағарту саласына қисапсыз қиындық келтірер еді. Соның салдарынан тілімізді үйренуге икемделе бастаған қандастарымыз бен ұлты бөлек отандастарымызды шошытып алмаймыз ба? Баламды қай мектепке берсем екен деп жүргендер, енді орыс мектебіне ауысып кетпей ме деген сұрақтар қалайда маза бермейді, – дейді зейнеткер Сабыр Ғабдолкәрімов («Егемен Қазақстан», 03.11.2000.).
Ана тіліміздің тағдырын айқын-дайтын латын әліпбиі негізінде іске асуы тиіс жаңа жазу реформасы толғауы тоқсан қызыл тілдің толғақты мәселесін, оның қоғамдық-әлеуметтік қызметін қағажу қалдырмау тұрғысынан қолға алынғанын қалар едік. Атап айтқанда, «орыс тілі арқылы енген, еніп жатқан халықаралық сөздердің орысша дыбысталуына төзе алмаймыз. Себебі тілдің дыбыстық жүйесі бұзылады» дегенді алға тартып («Ана тілі», 13.02.1995), өткен ғасырдағы сөйлеу дағдысына жүгініп, сөз басындағы ұяң ғ, г, д дыбыстарының айтылуына жол бермей, ғашықты қашық, гүлді күл түрінде жазсақ не болғаны. X, ф, в әріптерімен жазу үйреншікті болып, дәстүрге айналса, оның несі айып. Керісінше, аталған әріптермен сөзді бастап жазу тіліміздің дыбыстық құрылымын жетілдіруде болсын, сөйлеу тілін бірыңғайлап, әдеби тіл мәдениетін көтеруде болсын тиімді болмақ. Проф. Қ.Жұбанов ұсынған ф, х, ч, э, ц, я, ю әріптерінің термин сөздерді жазуда да, төл сөздеріміздің тұлғалық даралығын сақтап жазуда да игі әсері болғаны анық. Әр халықтың танымы мен дыбыстауы әрқалай. Несібеміз кемімей, есеміз кетпесін десек, тіл саясатын кемелдендірейік.
Қазақ тілі әліпбиінің құрамындағы 42 әріптің он үшін (в, ё, ц, ч, щ, ф, х, һ, ъ, ъ, э, ю, я) өгейсітіп, жат дыбыстарға жатқызып, үрке қарауымыз, әліпби құрамынан шығарып тастау, соның ішінде в, х, ф, ч, э, ю, я деген дыбыс та, әріп те жоқ деп, оларды бүтіндей орыс тіліне теліп, шетқақпайлау шындыққа жанаспайтын, жартыкеш, жан–жақты дәлелденбеген, емлені шешуі қиын өте күрделі түйінге айналдыратын шешім демеске лаж жоқ. Ондай жағдайда орыс тілі арқылы енген халықаралық сөздердің орфографиясын тиянақтау мүмкін болмай қалар еді. Мысалы, химия, хирург, хлор, хром, хоккей, хор, центнер, цейтнот, цензура, цирк, чертеж, чемпион, щетка, щи, ягуар, ядро, ярус, якорь, яхта, эволюция, экология, экватор, экипаж, экономика, экран, электр, эмблема, фабрика, фактор, факулътет, фарфор, ферма, фирма, физиология, фильм дегенге ұқсас әбден қалыптасып, сіңісті боп кеткен неше жүздеген сөзді өзгертіп жазатындай еш ділгірлік жоқ.
Қайсыбір авторлардың кирилл әліпбиі негізінде «қазақ тілінің өзіндік сөйлеу мақамын қалыптастырып, орнықтыруға, жазу мәдениетін жетілдіріп, дамытуға ықпал еткен жағдайларды» қаперге алмай, қазақ алфавитінде 16 әріпті жат дыбысқа жатқызып, ойланбастан бір–ақ қырқып тастуға тырысқанына қарсы уәж айта отырып, белгілі мәдениет қайраткері Сабыржан Шүкірұлы бұл дыбыстардың тым әріден арна тартатынын, «орыс сөздерінің ықпалы емес, қазіргідей ашық, айқын, нақ сөйлеуге жеткізген, ұлттық тарихи даму жолында пайдаланған барша жазу тәжірибесі мен өзінің үнінің табиғи жетілу нәтижесі деп білген жөн.Үніміз өзгерген жоқ, тіліміз ұзарып не қысқарып кеткен жоқ. Сол баяғы қазақ дыбысы, қазақ үні, қазақ сөзі қалпында» екенін еске алып, ой қорытады («Ана тілі», 30.05.2002).
Сөздің үндестігін сәйкестіріп, жаңа қазақ жазуына емле ережені қоса қамтитын түбегейлі реформа керек дегенге де қарсы айтар уәжіміз бар. Өйткені өткендегі қазақ сөзінің үндесімі мен қазіргі үндесімінің арасында елеулі өзгешілік бар. Бұл – тіліміздің дыбыстық құрылымының күрделеніп, жетіле түсу барысында сөздің әуезділігі мен естілім жағымдылығын арттырған құптарлық өзгеріс. Тілдің даму диалектісі мен жазудың сөйлеу тіліне тигізетін әсерін ескеріп, мәселені «қазақ тілінің үндесімін бұзбайтын» деп емес, қазақ тіліндегі сөздің әуезділігін сақтап, оған нұқсан келтірмеу тұрғысынан қарастырғанымыз анағұрлым нәти-желі болмақ. Сөздерді үндесімге бағындырып жазу керек дегенді алға тартып, жазылуы қалыптасып кеткен кұю, сою, күю, сүю, ұю, ию, ою секілді сөздерді төрт – бес әріппен таңбаласақ, сауаттылықты кері кетірмейміз бе. У фонемасы өзге дауыссыздардың алдынан ұ дыбысын қосып айтумен ерекшеленетіндіктен алу, бару, келу сияқты сөздерді алұу, барұу, келұу түрінде қосарлы әріпппен жазу қазақ сөзінің дұрыс айтылу нормасын сақтауға көмектеседі деген пікірдің қисынсыздығы ойға оралады. Жазылу емлесі сөздің айтылу транскрипциясына жақындатылған байи (байый), кейи (кейій), көбейе (көбэйе), есейе (есэйе), еңкейе (еңкэйе), көркейе (көркэйе), күшейе (күшэйе) тәрізді сөздердің орфографиясы баи, кеи, көбее, есее, еңкее, көркее, күшее түрінде қалыптасуы да мүмкін еді. Орыс тілінде осыған ұқсас сөз тұлғаларын «более», «менее» деп жазып жүр емес пе. Сөз құрамында басы артық дыбысты үстемелеп жазу тіліміздің орфографиялық нормасы үшін де, орфоэпия заңдылығының қалыптасуы үшін де қолайлы емес. Өйткені басы артық әріппен тілдің табиғи әуезділігінің берекетін кетіруіміз мүмкін. Жазуда бірізділік сақтамай, ала – құлаққа жол беріп, жоқ жерден мәселе тудырудың тіліміздің дыбыстық құрылымының даму, тиянақталу үрдісіне тежеу жасайтыны белгілі.
Тағы бір өкініштісі, әріп санын күрт қысқартуды жақтаушылар көлем жағынан да үнем жасалатын ю, я, ц, ч, щ дыбыстарын айтпағанның өзінде ң, ш, ғ, тағы басқа әріптерді де екі таңбамен таңбалауды жақтайды. Мұның тиімсіз екенін орыс ғалымдары І Петр заманынан бері айтып келген. Бір дыбысты бірнеше қосарлы таңбамен белгілеу – сөздің жазылуы тілдің қазіргі күйіне сәйкес келмейтін, сөз үйреншікті болып кеткен дағды бойынша жазылатын орфографияның тарихи – дәстүрлік принципін ұстанған тілдердің емлесіне тән ерекшілік. Сауаттылықты қиындататындықтан, бір дыбысты бірнеше таңбамен берудің еш қажеттігі жоқ. Латын әрпімен мүмкін болмайтын кирилл әліпбиіндегі кейбір әріпті қосар әріп, диакриптикалық таңбамен бермей, сол күйінде қалдырған немесе қосымша таңба ойластырған ұтымды болмақ. Кирилл әліпбиінің бір артықшылығы таңба үстінен ешқандайда ноқат қойылмайды. Ноқат пен дәйекше дыбысты анықтайтын таңба табылмаған жағдайда амалсыздан қойылады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары «ұлы», «улы» секілді сөздерді ажыратып жазуды жеңілдету мақсатымен, «ў» таңбасын «ұ» деп өзгерткені мұның бір айғағындай. Сондықтан қайсыбір авторлардың ә, ө, ұ, ү әріптерін үстіне ноқат қойылған таңбалармен ауыстыруы тиімсіз.
Тілдің дыбыстық жүйесінің өзгермейтін құбылыс емес екені белгілі. Қандай бір тілді алсақ та ең әуелінде дыбыс саны аз болған. Кейіннен тілдің дамып жетілу барысында оның фонетикалық құрылымы да күрделеніп, жаңа дыбыстармен молығып отырған. Мұндай өзгеріс көршілес, аралас отырған халықтар тілінің әсерінен де қалыптасады. Мысалы XVII ғасырға дейін орыс графикасында да, тілінде де ч, щ, ц, х, э дыбыстары болмағанын, тек Петр бірінші патшаның тұсында шетелмен ара – байланыс жанданып, кірме сөздердің көптеп енуімен бұл дыбыстардың қолданыла бастағанын ғалымдар еске алады («Ана тілі»; 04.11.2013).
Түркітанушылар қазақ тілінің дыбыстық тұрғыда басқа туыс тілдерімен салыстырғанда айқын, анық естілетініне көңіл аударған еді. «Бізде анау әріп артық, мынау таңбаның керегі жоқ» деген сөз орынсыз. Бұл тек саясатқа сайғандық қана. 42 таңбалы әліпбиіміздің шыңдалғандығы сонша, мұнымен қай ел, қай жұрттың да дыбысталуы небір күрделі сөздерін бұлжытпай бейнелей алады», – деп айта отыра Сабыржан Шүкірұлы: «Біз тіліміздің бай дыбысын жоғалтпауымыз, кемітпеуіміз керек. Барыңды бұтарлап тастап, өз тіліңнің әуезді үнін мыңқылдатып қойғандағы табарың не, бәтір–ау?! Тіл тағдырын технократтық тұрғыдан да, саясатқа салынушылықпен де, дүрмекке ерген желбуаз қиялдармен де шешуге болмайды», – деп тұжырымдайды («Ана тілі», 01.04.1999). Ыбырай құрастырып, Ахмет Байтұрсынұлы сұрыптаған қазақ әліпбиінің бай дыбысын жоғалтпауымыз, кемітпеуіміз керек деген пікірді жақтайды.
Жаңа әліпбиді әріп санын күрт азайтумен қабылдаса, көпшіліктің латын әрпіне көшудің өзіне үрпиісе қарары сөзсіз. Қазіргі әліпбидегі 42 әріптің бірінен астамын қысқартып тастау, біріншіден, сауаттылықты кері кетіреді. Әсіресе орыс тілі арқылы енген кірме сөздерді сауатты жазу мүмкін болмай қалады. Екіншіден, тұлғалық дербестігі жоқ омоним сөздердің қатары көбейіп, сөздік құрамды оңтайлы етуге кері әсерін тигізеді. Үшіншіден, сөздің естілім жағымдылығын төмендетіп, тіліміздің әуезділігіне нұқсан келтіреді. Төртіншіден, кирилл жазуы арқасында жеткен қыруар жетістігімізді зая жібереді. Бесіншіден, тағы бір өкініштісі, орыстілділердің қазақ тілін үйренуде ыңғайсыздық тудырған тұстарын жөнге келтіруде қиындық туғызып, тілімізді құрмет тұтқызуға кесірін тигізеді. Оның үстіне тілі сынып жаттығып қалған жастарымызға в, ф, х, ц т.б. он төрт дыбысты бұрмалап айтыңдар десек, тілімізді құбыжық етіп көрсететін жасанды шара болып шықпай ма. Әр дыбысына бір – бірден әрпі бар, тіліміздегі бар сөзді түгелімен, соның ішінде шеттен енген сөздерді де анық, дұрыс таңбалап беруге қолайлы қазіргі әліпбиімізді нағыз жетілген, оңтайлы алфавит деушілер бар.
Қазақ тілінде «в» дыбысы жоқ деп, Еуропа, бәгөн, тауар деп жазып жүрміз. Ал мамандар өз бастауын латын тілінен алатын химия, биология, зоология, физика, математика, медицина т.б. ғылым саласына қатысты терминдердің в, х, ф әріптерінен басталатыны қаншама дей отырып, олардың бәрін өзгертіп жазу сауаттылықты кері кетіретінін айтып жүр.
Шынтуайттап келгенде, жоғарыда аталған дыбыстардың басым көпшілігінің қазақ тіліне де тән екені, ол дыбыстарды таңбалайтын әріптің керек екені даусыз. Ал «в» қазақ тіліндегі жиі айтылатын дыбыстың қатарына жатады. Сатып алды, сұрап едім, көп өнім, барып еді, оқып отыр (айтылуы сатывалды, сұравем, көвөнім, барыведі, оқывотыр) тәрізді тіркестерді айтпағанның өзінде көбірек, кібіртектеп, абайла, көбіне, тебінгі, әбігер, кебір, кебу, хабар, шыбын, абыр–сабыр, кәсіпорын, себеп, ыбырсу, шіби, ебелек, обыр, обал, өбу, нобайла сөз тұлғаларының айтылуы көвірек, ківіртіктеп, авайла, көвнесе, тевінгі, әвігер, кевір, кеву, хавар, шывын, авыр–савыр, кәсіворын, севеп, ывырсу, шіви, евелек, овыр, овал, өву, новайла екенін ескермейтін болдық. Бұл сөздерді в–мен дыбыстау жеңілірек болғандықтан, солай жазып–таңбалау қалыптасып кетер ме еді. Ал орыс тілінен ауысқан Европа, завод, авария, кавалер, адвокат, вокзал, вахта, еврей сөздеріндегі в әрпін жат дыбысқа жатқызып, Еуропа, зауыт, ауария, кауалер, адуакат, уакзал, уахта, еурей деп жазудың сауаттылықты кері кетіретіні анық. Товар сөзін айтылуына ұқсатып жазамыз десек, тавар деп жазар едік. Ғалым Ғайрат Сапарғалиев түркі тілінен ауысқан тавар сөзі жанды, жансыз мүлікке қатысты қолданылады, ол – сауданың көзі. «В.Радлов, В.Даль, И.Огниенко секілді орыс ғалымдарының пікірінше, тавардың төркіні «табу», «табыс» болуы күмәнсіз. Сондықтан мың жыл бойы өз атауын өзгертпеген сөзден бас тартуымыз орынсыз» дегенді айтады («Егемен Қазақстан 26.5.1993 ж.).
Қазақ әліпбиіндегі әріп санын күрт кеміту орфографияға қыруар қиындық келтірмек. Әріп санын азайтпау сауаттылық дәрежесін арттыра түсуді жеңілдетпек әрі сөздің тұлғалық даралығын сақтау үшін де қолайлы дейтін авторлардың дәлелі көкейге қонымдырақ. Мысалы, х эрпін қолдану арқасында хал–қал, хат–қат, халық–қалық, хас–қас, халайық– қалайық, хан–қан, ханым–қаным, хатым–қатым, хина–қина, хор–қор, хорда– қорда, хош–қош секілді көптеген сөз тұлғалық дербестігін сақтаған. Тіпті 40 әріпке қосымша құйрықты африкат җ (дж) әрпін таңбаласақ, Джордж–Җорж, Джон–Җон, джентелмен – җентелмен, джаз – җаз, джунгли–җунгли деп жазу мүмкін болар еді.
Қайсыбір қаламгер қазіргі қазақ әліпбиіндегі в, е, э, ы, х, һ, ц, ч, щ, ю, я әріптерін өз тіліміздегі сәйкес келетін дыбыстармен ауыстырып жазуымыз керек. Өйткені орыс тілін оқымаған қарттарымыз пәбіріике (фабрика), пұузыйа (фузия), бәгөн (вагон), барбарыйзым (варваризм), тұурызым (туризм), күйнө (кино), мәнтөр (мантер), бүйне (вино) деп айтқан. Сонда ғана тілдік заңымыз бұзылмай, өз қалыбын сақтайды дегенді тілге тиек ететінін қайтерсіз («Ана тілі», 9.07.09).
Тағы бір авторымыз «А. Байтұрсынұлы ұсынған әліпбидің соншалықты ықшам және дәл екенін математикалық жолмен дәлелдеп шыққан орыс мамандары «результаты вычисления по выведенной нами формуле для казахского языка являются еще более замечательными. Они дают возможность установить едва ли не самый «малобуквенный» алфавит в мире» деп бағалаған дәстүріне лайық өзіне тән дыбыстарға таңылып, жоғарыда орыс ғалымдары атап өткендей, әлемдегі ең таңбасы аз жазу мұның өзі, оның бетін ары қылсын, сөздің әуезділігі мен жағымды естілімін нашарлатып, тілімізді кері кетіретін пікір демеске лаж жоқ. Ең өкініштісі сөздің айтылуын дәл береміз деп жүріп, оның графикалық бет – пішімін тым ауырлатып жіберу ата – бабамыздың аманаттаған асыл қазынамыз ана тіліміздің әрқарай дами, кемелдене, көркейе түсуіне қойылған үлкен тосқауыл болар еді. Жалпы қай тілде болса да алғаш құрастырылған әліпби өзгеріссіз қалмай, біртіндеп емлені ұштай түсіп жетілдіру, толықтыру барысында тиянақталады. Қазақ әліпбиін алғаш құрастырған Ахмет Байтұрсынұлы кезіндішімен салыстырғанда қазіргі тіліміз – анағұрлым дамып жетілген тіл. Зор қарқынмен еселеп байыған сөздік құраммен қоса тіліміздің фонетикалық, морфологиялық құрылымы да күрделеніп дамып жетіледі. Мұның бәрінде кирилл графикасы негізінде қабылданған әліпбиіміздің игі ықпалы болғанын теріске шығару мүмкін емес.
Емле ережесін жетілдіріп, оны кем – тетіктен арылту мақсатындағы бірлі – жарым түзетулердің дұрыс – бұрысы туралы пікір алысқанда, ана тілінің мәртебесін өсіру, өрісін ұзарту, ауқымын арттыра беру жолын есте тұтпақпыз.
Белгілі тіл зерттеушісі Серік Молжігіттің «Сөздің айтылуын дәл береміз деп жүріп, оның графикалық бет-пішімін тым ауырлатып жібермеу керек»,– дегенін айта отырып, қ,к дыбыстарын бір фонеманың жуан және жіңішке формалары деп қарастырып, бір ғана k таңбасымен беріп отырмыз. Бірақ халықаралық сөздердегі «к» әрпін «с» таңбасы арқылы береміз» деуін әліпбиді де, сауаттылықты да кері кетіру демеске лаж жоқ деген уәжі орынды. Алайда әрі қарай автор «қысаң езулік «ы» дыбысымен жалғасатын сөздер түгел еріндікпен жалғасады. Мысалы, «құрұлдұ» деп, өткен ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы артта қалған сөйлеу дағдысына қайта оралуды қалай тынын жазыпты («Ана тілі», 01.04.2004). Кірме таңбалардың орынсыз екенін айтқан тіл жанашырларын алпауыт орыс тілінің игі ықпалын қолдаған саясатшыл топ жеңіп шықты дегенді әріп санын күрт азайтуды жақтайтындар тілге тиек етеді. Олардың «Қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды», «сөз соңында тұйық буын тұрмайды», «буын дауысты дыбыстан басталмайды» деген ережені ескерудің салдарынан тасымал жігі бұзылып тұр дегені де тіліміздің фонетикалық құрылымын дамытуға кесе-көлденең болатын шектеулер.
Мақсат – қазақ әліпбиін ұлттық үлгіге түсіру, мазмұны – қазақ сөзінің айтылым – жазылым үйлесімін орнықтыру дей келе қазақ сөзі ми емес мый, су емес сұу, у емес ұу, и емес ій, ки емес кій, ит емес ійт, өну емес өнұу, сүю емес сүйүу, ащы емес ашшы, хат – хабар емес қат – қабар, жиһаз емес жиқаз, құлын емес құлұн, жүрек емес жүрөк екенін оқырманға жеткізу керек деген де еш қисынға келмейді. Тіліміз жаңа дыбыстармен молығып, оның фонетикалық құрылымы XVII – XVIII ғасырдағы қалпымен салыстырғанда айтарлықтай дамып жетілді («Ана тілі»; 27.12.2013). Қазақ сөздерінде ешқашан дыбысталмайтын 16 әріптен құтыламыз деп, тарих доңғалағын кері айналдырып, өткен ғасырлардағы ана тіліміздің фонетикалық және морфологиялық құрылымының дамып, жетіле қоймаған қалпына қайта көшіру ана тілімізді кері кетіру демеске лаж жоқ. 42 әріпке негізделген кирилл әліпбиінің негізінде тіліміз бұрын соңды болмаған қарқынмен дамып жетіледі. Жаңа әріптердің қалыптасуымен тіліміздің фонетикалық құрылымы күрделеніп, жан – жақты үнді ырғақпен айтылып, тіліміздің әуезділігі артты. 26 әріпке негізделген жаңа әліпби сондай – ақ оқырманды бір күнде – ақ сауатсыздыққа итермелеп басқа ұлт өкілдерін де түсінбейтіндей етіп, қиындық тудырады. Қ.Жұбановтың «қазақ тілінің жай – күйін тек белгілі бір кезеңнің тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар тілдің пайда болуы және бірте – бірте дамуы тұрғысынан, оның да табиғат сияқты өмір сүріп, үздіксіз қозғалыс пен өзгерісте болатындығына сілтей отырып қарастыруы» үндеуі біраз нәрсені аңғартса керек. «Тілдің әрбір даму кезеңіне қандай да бір жаңалық тән, ол өз кезегінде дамудың келесі деңгейіне өтуі кезеңінде аңғарыла бермейтін одан әрі қалыптасып – жетілудің негізін қалайды», – деген еді ғалым («Ана тілі», 23.08.2002). Демек тілдің фонетикалық құрылымы да өзгермейтін құбылыс емес. Ол да күрделеніп жетіліп отырады.
Латынға көшуге қатысты тіл мамандарының істеп жатқан шаруасы да жоқ емес. Қазіргі таңда Тіл комитетінде латын әліпбиіне көшудің жүзден аса автор дайындаған 70–ке жуық нұсқасы бар екен. Олардың дұрыс деп табылғаны әзірге болмай отыр. Бұл істің тым ұзаққа созылып, билік басындағылардың жедел қам-қарекет жасамай, сенімсіздік пен самарқаулық танытуы өкінішті. Ең тиімдісі, біздіңше, жаңа әліпбиді латын әліпбиіне көшіріп, ішінара кириллица жазуындағы (я, ю, ц, ё, э), қазақ тіліндегі (ә, ө, ү, і, ұ) әріптерімен толықтырып беру. Сөйтіп құрама әліпби құрастыру.
Қорыта айтқанда, түркі тілдеріне ортақ латын жазуына көшкенде бейқамдыққа салынбай, тіліміздің ғасыр бойы қалыптасқан нормасын бұзбай, сөзді дұрыс, сауатты жазуға нұқсан келтірмей, емледегі қайшылыққа жол бермей, тыңғылықты даярлықпен көшуді мақсат тұтқанымыз жөн.
Сонымен қатар, құқықтық олқы-лықтарды жою мен тіл туралы заңнаманың бұзылғаны үшін жауапкершілікті күшейту тұрғысынан нормативтік құқықтық базаны жетілдіру қажет.
Осы кезеңде мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізетін, Қазақстанда тұратын этнос-тардың тілдерін сақтауға және оқып-үйренуге қолайлы жағдайлар жасайтын ұйымдастырушылық-практикалық шаралар кешені, сондай-ақ нәтижелердің тиімділігіне мониторинг жүргізу жүйесін енгізу көзделеді.
Тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтумен қатар, әзірленген норма-тивтік құқықтық базаның негізінде қазақ тілінің терминологиялық қорын ретке келтіру, ономастикалық кеңістікті жүйелеуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жұмыстар да өз өзектілігін жоймайды.
Сонымен қатар, қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілге қажеттілік болуына, оның басқа тілдердің тұғырын одан әрі сақтау жағдайындағы тиісінше қолданылу сапасына және меңгерілу деңгейіне жүйелі мониторинг жүргізу қажет.
Бұған қоса, ономастика, терминология, мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу, сондай-ақ толерантты тілдік ортаны сақтау жөніндегі жұмыстарды жалғас тыра берген жөн.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.