МЕМЛЕКЕТ ПЕН КӘСІПКЕРДІҢ АРАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР МЕМЛЕКЕТ ПЕН КӘСІПКЕРДІҢ АРАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР
Райгүл Досжан, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Экономика және бизнес жоғары мектебі, Қаржы кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы... МЕМЛЕКЕТ ПЕН КӘСІПКЕРДІҢ АРАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР

Райгүл Досжан,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Экономика және бизнес жоғары мектебі, Қаржы кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы 2014 жылы халқына «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» жолдауында таяудағы жылдардың жаһандық сынақтардың уақыты болатыны жөнінде ой толғап, әлемде экономикалық өсім баяулап келе жатқанын ескертуі ел экономикасының барлық салаларында туындауы мүмкін жайсыз әсерлерге қарсы құралдар мен тиісті шараларды қолданатын алдын ала дайындықты бастаудың қажеттілігін көрсетеді.
Шағын және орта кәсіпорындардың жобаларының тәуекелдерін басқару ел экономикасына шағын және орта кәсіпорындардың қызметіне кері әсер тигізетін тәуекелдерді жетік басқарып, ішкі және сыртқы тұрлаусыздық жағдайларына, дағда-рыс жағдайларына төтеп беріп, бәсекелестік қабілетін арттыруға ықпал етеді.
Үдемелі индустриалды-инновация-лық даму бағдарламасы аясында «Бизнестің жол картасы-2020», «Өнімділік-2020», «Экспорт-2020» т.б жобалары еліміздегі кәсіпкерік саласын мемлекеттің барынша қолдап, оларға салық салуда жеңілдетілген режимін қолданып, тіпті қаржыландыру мәселесінде біршама тәуекелдерін бөлісіп, қолпаштап отырғаны анық. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың дұрыс бағытта жүріп жатқаны әлемдік деңгейдегі көрсеткіштерде кейбір көрші мемлекеттердің алдында екенімізден байқауға болады.
Алайда, қазіргі уақытта шағын және орта бизнес субъектілерінің ЖІӨ-дегітүлесінің 20% аз мөлшерде болуы, кәсіпкерлеріміздің және жалпы халықтың белсенділігінің төмендігін байқатады. Сондай ақ, елдегі жобаны басқару ісінің және жобалар тәуекелдерінің қандай деңгейде орындалып жатқандығының кепілі. Бұл ШОБ субъектілерінің белсенділігі төмен, және жобаларды басқаруда, бизнесі ашуда тәуекелдерді бағалау мен талдау мәселелері дұрыс шешілмеген, немесе мүлдем ескерілмеген себебінен деп түсіндіруге болады.
Жалпы жобаларды басқару, олардың тәуекелдерін басқаруға Қазақстанда соңғы он жылда назар аударыла бастады. 2014 ж. қарашасында елде жобалық менеджмент аясында ұлттық стандарты СТ РК ISO 21500-2014 – Жобаларды басқарудың құралы қабылданды. Яғни, осыған дейін елде жобаны басқарудың бірегей ұлттық стандарты болмаған еді.
Ірі компаниялар әлемдік стан-дарттардың негізінде-ақ, жобаларын және тәуекелдерін жүйелі түрде басқарып жүрсе, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жобаларында ондай белсенділіктің жоқтығын байқауға болады. Сол белсенділіктің бәсеңдігінің себебіне көз жүгірту, жалпы шағын және орта кәсіпкелік субъектілерінде тәуекелдерді бас-қару жүйесі қандай деңгейде, кәсіпкерлеріміздің тәуекелдерін бас-қарып, оларға тойтарыс бере алатын әлеуеті қаншалықты, осы сала аясындағы білімі мен біліктілігі тиісті деңгейде ма деген сауалдарды алдымызға қояды.
Кәсіпкер – бұл ерекше ұйым-дастырушылық және басқару қасиетіне ие, кәсібінің мәнін жаңашылдыққа тоғытқан, ойлау және іс жүргізудің өзгеше қырынан қарайтын, өндірген өнімі мен көрсеткен қызметі үшін жауапкершілікті аса маңызды деп санайтын, пайда көру мақсатында аса жоғары тәуекелдерге бармайтын тұлға.
Ал, «кәсіпкерлік» белгілі бір кәсіптің аясында жүзеге асатын, ұйымдастырылуының, басқарылуының ерекшелігімен, жаңашылдығымен, бас-тамашылығымен өндірілген өнімдер мен көрсетілген қызметтермен байланысты экономикалық қызмет ретінде қарастыруға болады.
Осылайша, «бизнестің» ерек-шеліктерінің қатарына, бизнесменнің алып сатуға ниеттілігі, оның бизнесті өзі бастағаннан көрі дайын істі жүргізуге құлықтылығы, жылдам әрі мол пайдаға кенелуге, жоғары тәуекелдерге баруға ниеттілігін атап өтуге болады.
Кәсіпкерлік сипаттамасына келесі түсініктер тән екенін анықтадық: тәуекел, тәуелсіздік, шығармашылық, дербестік, белсенділік, бастамашылық, жетекшілік, жауапкершілік, эко-номиканың қозғаушы күші, қажеттіліктерді қанағаттандыру, мінез-құлық стилі, өмір сүру тәсілі, қызмет түрі.
Шағын және орта кәсіпорындар болсын, ірі кәсіпорындар болсын бір ортада қызмет етеді дегенімізбенен, шағын және орта кәсіпорындардың қызметі тұтынушыларының ыңғайына қарай бейімделу қасиеті жағынан өміршең келгенімен, сыртқы өзгерістер мен тербелістерге өте сезімтал келеді.
Алдымен шағын және орта кәсіпорындар субъектілеріне анықтама беріп, елімізде оларды заң талабымен бөлінуіне назар салайық.
Күнделікті тәжірбиеде «Шағын бизнес», «Орта бизнес», «Ірі бизнес», сияқты терминдерді пайдаланып жүреміз, ал шындығына келгенде олардың шегі қайда жатқанын біле бермеуіміз мүмкін. Кез келген экономикалық сөздіктерде немесе энциклопедияларда олардың түсіндірмелерін табу оңай емес. Экономикалық энциклопедияларда «Ірі кәсіпорын» үлкен өндіріс мөлшерін қамтитын кәсіпорын, немесе өнеркәсіп деген мағынаға саяды. «Шағын кәсіпорын» меншіктің әр түрлі нысанында кездесетін, қызметкерлер санымен шектелетін кәсіпорын. Ол өндіріспен, коммерциялық, кеңес беру қызметімен, бөлшек саудамен, қызмет саласымен айналысатын кәсіпорын болуы мүмкін .
Кәсіпорындағы қызметкерлер саны бойынша жіктеу Қазақстанда Ұлттық Статистика Агенттігінің жіктеуішінде және Қазақстан Республикасының Салық Кодексінде берілген. Қазақстанда кәсіпорындар көлеміне қарай шағын, орта және ірі деп бөлінеді. 2007 жылы қабылданған кәсіпорындардың қарамағындағы жұмысбастылар саны бойынша классификаторда жалпы кәсіпорындарды жұмысбастылардың орташа санын құрайтын үш топқа бөледі. Шағын кәсіпорынға 50 адамға дейін, орта кәсіпорынға 51 ден 250 ге дейін, ал ірі кәсіпорынға 250 адамнан жоғары жүмыс орны бар кәсіпорындар жатқызылады.
Кәсіпкерліктің қай саласы болмасын, тәуекелдердің алатын орны маңызды. Кәсіпкерлік қызметтің күнделікті жағдайы, шаруашылық жүргізуші субъектілерінің нарық жағдайындағы әрбір әрекеті, кәсіпкер қабылдаған шешімдердің басым бөлігі тәуекелдердің пайда болуына ықпал жасайды.
Кәсіпкерліктің қызмет етуі барысында тәуекелдің туындауы нарықтық экономикаға тән дүние, оны нарық экономикасының кемшін тұсы деуге болмайды. Ал, керісінше, нарықтық шарттарда тәуекелдің болмауы, кәсіпкерлік қызметке кері әсерін тигізіп қана қоймай, кәсіпкерлік қызметтің түбегейлі мағынасын жояды.
Экономикалық теорияда тәуекел нарықтық субъекттің белгілі бір өндірістік және қаржылық әрекеттерді іске асыру нәтижесінде табысының бір бөлігін жоғалтуы қауіпі ретінде түсіндіреді.
Кәсіпкерлік тәуекелдердің осылай кең мағынандағы түсінігімен қоса тар мағынада түсіну де маңызды. Бұл көзқарас, кәсіпкерлік тәуекел түсінігін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында немесе нәтижесінде шығынға ұшырау қаупі ретінде түсіндіріледі.
Ал, тәуекелдердің пайда болу көздері неде деген сұраққа оның қызмет етіп отырған сыртқы және ішкі ортасын, кәсіпорынның үздіксіз байланыстар желісін түзетін контрагенттерін, жетілдіру немесе пайда табу мақсатында жаңашылдыққа баратынын ескеру керек.
Сыртқы ортамен байланысты жағдайлар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында орын алып, валюта бағамының өзгеруі, жалпы нарықтағы бағалардың өзгеруі, әсіресе шикізаттың бағаларының көтерілуі тәуекелдерді туындатуы мүмкін.
Сондай ақ, кәсіпкерлікке қатысты салық заңнамасының өзгеруі де кейбір тәуекелдерді туындатып, ал кейбірін жою мүмкіндігі бар. Бұл тек салықтық заңнамаға қатысты емес, кедендік болсын, азаматтық — құқықтық, тіпті қылмыстық заңнамадағы өзгерістерге де кәсіпкерлік тәуекелдер сезімтал болып келеді.
Кәсіпкерлік қызметтің ішкі ортасымен байланысты қарым қатынастар, жағдайлар, немесе келеңсіздіктер көбіне ағымдағы операцияларды жүзеге асыру барысында пайда болады да, олар өз кезегінде кәсіпкерлік тәуекелдерін туындатады.
Кәсіпорынның ішкі операциялары қаншалықты көп болса, соншалықты тәуекелдері де түрлі болып туындайды. Себебі, әрбір операцияның қалыпты жағдайдан ауытқуы немесе, тұрлаусыз жағдайға ұшырауы тәуекелді туығызып, оны басқарудың қажеттігін талап етеді. Ол тәуекел сәтті басқарылмаған жағдайда, кәсіпорынның қызметі сын сағатын бастан кешірмек. Тіпті, шағын кәсіпорындарда еңбек капиталының әр бірлігінің алатын орнының ерекшелігі сондай, жауапты тұлға жүмысқа шықпай қалған жағдайда кәсіпорынның қызметіне едәуір нұқсан келуіне әкеліп соғуы мүмкін.
Қандай шағын, орта немесе ірі кәсіпорын болсын, оның қызметі барысында контрагенттермен жұмыс жасау шарттары туындайтын кездер болады. Сондай шарттар орын алуы барысында шешімдерді тек кәсіпкер ғана емес, басқа тұлғалардың немесе өзге шаруашылық жүргізуші субъектілерінің де қабылдауы мүмкін. Контрагенттердің кәсіпкермен жасасқан келісім-шарт мерзімін қысқарту немесе ұзартуы, серіктестердің көзқарастарында келіспеушіліктердің туындауы тәуекелдерді пайда болдырады.
«Инновациялық технология», «жаңа өнім», «инновациялық қызмет түрі», «инновациялық үдеріс» т.б жаңашылдықпен байланысты терминдер күнделікті өмірде құлаққа жиі естілетін таныс түсініктерге айналды. Кәсіпорынның қызметінде осы түсініктердің орын алуымен байланысты тәуекелдер де туындайды. Себебі, бәсекелестік күрес шарттары өнімдер мен қызметтерге заманның жаңа талабына сай жетілдіруді қажет етеді, ол дегеніміз, кәсіпорынның инновациямен байланысты тәуекелдерді басқара білу қабылетімен бағаланады.
Кәсіпорындардың өміршеңдігі, олардың қызметінде тәуекелдерді сауатты бағалап және басқарудың ең қолайлы әдістерін таңдап, тәуекелдермен күресуіне байланысты.
Кәсіпкерлік тәуекелдерін «жағымсыз» және «жағымды» деп екі топқа бөлуге болады. Жағымсыз тәуекелдер олар іске асқан жағдайда кәсіпорын үшін қолайсыз салдарға әкеліп соғуымен сипатталса, тәуекелдердің жағымды түрі орын алған жағдайда кәсіпкер пайдаға кенелмек, немесе басқа да тиімділікке қол жеткізбек. Ал, тәуекелдің бір түрі әр кәсіпкерге әр түрлі әсер беруі мүмкін. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының құлдырауы кәсіпорындарда валюталық тәуекелді туғызады. Бұл тәуекел біреуіне жағымды болса, енді біреуі оның кері әсеріне тап болды. Яғни, ақша қаражаттарын теңге валютасында сақтағандар қомақты қаражаттарын жоғалтып, жағымсыз жағдайға қалса, қаржылық резервтерін долларда ұстағандар үшін, керісінше қолайлы жағдай орнығып, біршама пайда көрді.
Тәуекелдің «жағымсыз» эконо-микалық түсіндірмесі кәсіпорынның қандай да бір жобаларын жүзеге асыру барысындағы қолайсыз жағдайлармен, мерзімінен ауытқуымен, бюджетті жүзеге асыруы барысындағы келеңсіздіктермен байланысты. Айта кетерлік жайт, жалпы кәсіпкерліктің қызметінде жағымды тәуекелдерден көрі жағымсыз тәуекелдер басымырақ.
Барлық жағдайды кәсіпкер болжай алмайтыны белгілі, тұрлаусыздық тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар шығын, тіпті банкроттықтың себебіне айналуы мүмкін.
Тұрлаусыздықтың ерекшелігі ретінде, тұрлаусыздықтың болашақта болуын жою мүмкіндігі жоқ екенін түсіну қажет.
Кеңес үкіметі тұсында, шаруашылық жүргізу мен басқарудың әкімшілік — әміршілік жүйесінің құрылып, даму шарттарында тәуе-келдер бірте-бірте жойылады деген түсінік болған. Себебі, жоспарлы экономика мен тәуекелдер – бір біріне үйлесімсіз деген түсінік қалыптасқан еді.
Кеңес заманында тәуекел түсінігіне айтарлықтай мән берілмегенін «тәуекел» терминінің Үлкен кеңес энциклопедиясында және басқа Кеңес заманындағы сөздіктерде жоқтығымен түсіндіруге болады.
Алайда, тәуекелдің бар екендігін мойындамау, оның жоқтығының кепілі емес. Кеңес дәуірінің экономикасы қаншалықты жоспарлы, қатаң қадағаланатын болғанымен, іс жүзінде жоспарлардың орындалмауы, келісім-шарт міндеттемелерінің бұзылу фактілері, өнімді соңына дейін жеткізбеу, ережелерді және шаруашылық қызметтің нормаларын сақтамау сияқты тәуекелдер орын алып отырған. Ал, олармен күрес ретінде шешімдер туындауы мүмкін тәуекелдерді ескере отырып қабылданып, статистикалық шешімдер теориясының әдістерін қолдану арқылы жүзеге асырылған.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарық экономикасы шарттарын қабылдап, елде кәсіпкелік қызметі пайда болып, дами бастады. Кәсіпкерлік қызмет тәуекелден тыс емес екенін ескерсек, тәуелсіздігіміздің басталуымен тәуекелге деген қарым-қатынастың өзгеруі де түсінікті құбылыс. Кәсіпкерлердің қызмет етуі, бүкіл елдің экономикасына әсер ететіндіктен жалпы мемлекеттік деңгейде бұл мәселеге көңіл бөлу қажеттігі туындады. Себебі, нарық экономикасы шарттарында өндірісті, бөлуді, айырбасты, тұтынуды ұйымдастыруда тәуекелдерді елемеу немесе жоққа шығару тек табысты жоғалтуға ғана емес, сонымен қатар, кәсіпкерлік құрылымдарын толық банкротқа алып келуі мүмкін еді.
Жоғарыдағы кәсіпкерлік тәуекел-дерінің табиғатын, түсінігін зерттеп, мәнін ашып, одан қорытынды шығарсақ, кәсіпорынның тәуекелдің келеңсіз әсерлеріне қарсы бірегей әрекеті тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу болып табылады.
Демек, кәсіпорынның шаруашы-лығын жүргізу барысында тәуекелдері басқару қажет, яғни оларды анықтау, бағалау, басқару, олардың ықпалын, кері әсерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кәсіпкердің өз ісіне деген жауапкершілігін нығайтып, болашақта жарқын жоспарлар құруға ынталандырады.
Тәуекелдерді басқаруды кәсіби жүйелендіріп, оның механизмдерінің уақтылы және кезең кезеңімен құрылымдануын қамтамасыз ету кәсіпорынның қызметін және тәуекелдерді басқару үдерісінің тиімді жұмыс істеуіне алып келуі тәуекелді басқарудың жүйеленген, құрылымданған болып келетінін дәлелдейді.
Кәсіпорын ішіндегі тұлғаларлың өзара қарым қатынасы, олардың қызметіне деген қөзқарасы кәсіпорынның ортақ мақсаттарына жетуге немесе қол жеткізе алмауға себеп болатын бірден бір фактор. Ол тәуекелді басқаруда кәсіпорындағы ұйымдық мәдениет үлкен рөл атқаратындығын көрсетеді.
Тәуекелдерді анықтау кезеңінде кәсіпорынның жауапты тұлғалары кәсіпорындағы тарихи мәліметтерге жүгінеді. Сондай-ақ, кәсіпорынның тәжірибесіне байланысты, кәсіпо-рында жүргізілген бақылаулар, зерттеулер, қызметкерлермен жасалған сұхбатқа негізелген ақпараттар тәуекелді басқару жүйесінің негізін құрайды. Тәуекелді басқарудың кәсіпорынның бастан өткен, ағымдағы және орын алуы ықтимал ақпараттарға негізделуін тәуекелді басқару жүйесінің ерекшелігіне жатқызуға болады.
Тәуекелді басқару кезінде кәсіпо-рынға тұрлаусыздықпен ұшырасуға тура келеді. Тұрлаусыздықтың таби-ғатын барлап, оған баға беріп, оларды қандай тәсілдермен басқарудың мүмкіндігін қарастырады. Сондықтан, тұрлаусыздық жағдайының ықти-малдығы тәуекелді басқарудың тағы бір ерекшелігін растайды.
Кәсіпорынның құрылымына қарай, оның сыртқы және ішкі факторларының әсеріне қарай тәуекелдерінің түрі де оны басқару да дәл қайталанбайды, бірегей болады. Сол себепті, тәуекелді басқарудың моделі әр кәсіпорында өзінше ерекшелікке ие.
Бірде жаңа тәуекелдер түрі анықталып жатса, енді бірде басқа тәуекелдер түрі жойылады. Тәуекелді басқарудың ашықтығын оған қатысты барлық ақпараттар мен деректердің кәсіпорынның жауапты тұлғалары арасында сараланып, нәтижесі жөніндегі ақпараттың барлығына қол жетімділігінде. Тәуекелдерін уақтылы анықтап, олармен үнемі күрес жүргізіп отыратын кәсіпорын қызметіне кері әсерін тигізетін ішкі және сыртқы факторлардың күшін азайтады, сөйтіп, оның дамуына мүмкіншіліктер туады. Кәсіпорын қызметіне кері әсерін тигізетін факторлармен күресуді жетік меңгерген кәсіпорын жетілу механизмдеріне де қол жеткізеді. Яғни, тәуекелді тиімді басқару тәуекелдерді басқарудың жаңа жолдарын іздестіріп, жетілдіріп отыруды қажет ететін үдеріс.
Тәуекелді басқару жүйесінің ерекшеліктеріне қарай тәуекелді басқарудың жүйесі деп кәсіпорынның қызмет ету барысындағы және болашақтағы ықтимал бүкіл ақпараттарды саралап, жүйелеудің нәтижесіне негізделіп жасалған, тәуекелдерді анықтау, бағалау, және бақылауды қамтитын, құрылымданған, үнемі үздіксіз жетілдіруді жүзеге асыра отырып, басқару мен кәсіпорын мәдениетінің үйлесімін қажет ететін үдерістерімен байланысты қатынастар жиынтығын атайды.
Экономиканың ұрымтал секторы, шағын және орта бизнес субъектілеріне ерекше назар аударуды талап етеді. Шағын және орта кәсіпкерліктің әлсіз дамуының себептеріне кәсіпкерлердің ой өрісінің әлі күнге дейін қысқа мерзімді даму аясынан шыға алмауын, сондай-ақ кейбір бағаланбаған факторлардың ықпалын жатқызуға болады.
Шағын және орта бизнес қызметінде тәуекелдерін басқара білу кәсіпорын менеджментінің маңызды элементі болып табылады. Қазіргі заманғы қатаң бәсекелестік және дағдарыстан кейінгі жағдайда дамуы үшін шағын және орта бизнеске тәуекелдерін тімді басқара білу керек.
Шағын және орта бизнес кәсіпорындары санының артуы оң динамика көрсетсе де, статистика олардың қызметінде 30 пайыздан астамы залал шегіп, тоқырауға ұшырайтындығын көрсетеді. Қазір-гі қазақстандық экономикалық жүйеде шағын және орта бизнес кәсіпорындары маңызды орын алады. Шағын формадағы кәсіпорындардың ірі бизнеспен субъектілерімен салыстырғандағы бәсекелестік артық-шылығы кәсіпорынның аз капитал көлемімен, қысқа мерзім аясында өндірісті ұйымдастыру мүмкіндігімен, материалды – техникалық, еңбек және табиғи ресурстарға аз қажеттіліктің болуымен негізделеді.
Шағын және орта кәсіпкерліктің елдің шаруашылық жүйесінде маңызды рөл атқаратыны даусыз, бірақ дамыған елдердегідей экономикалық процестерге әлі де болсын әсері едәуір болып отырған жоқ. Соған қарамастан, шағын және орта кәсіпкерліктің маңызы жыл санап артып келеді. Олардың экономикаға үлесін келесідей атап өтуге болады:
— республикалық және жергілікті деңгейдегі бюджеттердің салықтық түсімдерін қамтамасыз етеді;
— елімізде жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа жұмыс береді;
— бәсекелестік ортаның қалып-тасуына, нарықтық тепе-теңдікті орнатуға ықпал етеді;
— қоғамдағы әлеуметтік мәселе-лерді шешуде өз үлесін қосады;
— жаңашылдықты, ииновацияларды ашып немесе қолдана отырып, қоғамды дамытуға өзінше ат салысады.
Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігі деректеріне сәйкес ШОБ субъектілерінің ЖІӨ-дегі үлесі 2008 жылы 16,7%, 2010 жылы 20,6% болса, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 16,9%- ға дейін төмендеді.
Дамыған елдермен салыстырғанда (Германия – 54%, Ұлыбритания – 50%, АҚШ – 52%, Франция – 56%) Қазақстанның ШОБ — қа ЖІӨ-дегі төмен үлесі тиіс болса, елдегі ірі бизнес (мұнай және тау-кен металлургиялық секторындағы кәсіпорындардың 7% ЖІӨ-нің 70% қамтамасыз етеді) оның жоғары үлесін құрайды. Бұл жағдай жалпы экономиканың құрылымының шикізат бағытында жоғары дәрежеде шоғырланғанын көрсетеді.
Бизнесті ашуға және құруға кәсіпкерлер интуитивті, түйсігінің жетегіне сүйене отырып бет бұратыны мәлім. Бизнесті ашу – бұл аталған жобаның дамуы мен жобаның өмірінің түрлі кезеңдерін қамтитын жобалық қызмет деп те тануға болады. Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің 2014 жылғы жағдай бойынша деректерінде тіркелген субъектілерінің саны 1536 мың бірлікті құрады, олардың ішінде ШОБ белсенді субъектілерінің саны 57,8% құрады. ШОБ субъектілеріне біз барлық шағын және орта кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа-фермерлік қожалықтарды жатқыздық. Тіркелген ШОБ санының өсу серпіні оң трендті көрсетеді, ал белсенді ШОБ саны ауытқымалы сипатқа ие.
Ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны бойынша ШОБ белсенді субъектілерінің құрылымында 2013 жылы Республика бойынша (888233) ШОБ белсенді субъектілерінің жалпы санынан 70% немесе саны 2013 жылы 660262 бірлікті құрайтын [80] жеке кәсіпкерлер нысанында қызметін жүзеге асыратын субъектілер басым болып келеді. Шаруа-фермерлік қожалықтары (ШФҚ) саны 158583 немесе 20% құрады, бұл ретте алдыңғы кезеңмен салыстырғанда төмендегенін байқауға болады. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғаларының үлесі 8% (69 388), орта кәсіпкерлікпен айталысатын заңды тұлғаларының үлесі 1,3% құрайды.
Байқап отырғанымыздай, ШОБ–тың жағдайы тұрақсыз. Бизнестің белсенділік көрсеткіші нарықтағы нақты жағдайды бейнелейді. Оған мысал ретінде кәсіпорындардың жаңадан ашылып, біраз уақыт қызметін жасайды, одан соң қызмет жасауын тоқтатқанменен, жабылмайтындығын айтып өтуге болады. Бұл Қазақстанның кейбір кәсіпкерлерлік субъектілеріне тән теріс бейнесін көрсетеді. Оның себебі – қазіргі кездегі бизнесті жабудың күрделілігінде.
Қандай да бір жобаны бастау — кәсіпкердің тәуекелге бел байлауымен астасып жатыр. Алайда, барлық жобалар сәтті бола бермейді, ал сол сәтсіз жобаны аяқтап, яғни компанияны жабу оңай шаруа емес.
Деректерге сәйкес елдің халқы неғұрлым көп болса, соғұрлым ШОБ субъектілерінің саны да көбірек болатынын түсінеміз. Аталған параметрлер бойынша (белсенді ШОБ саны) елдер тобына «Дамушы елдер» жатқанымен, біздің елдегі ШОБ саласынының тиімділігі біршама төмен.
Деректерді талдау арқылы, бизнес пен кәсіпкерлікті дамытудың негізгі тұжырымын жасайық. Халық саны субъектілер санына және жалпы экономиканың дамуына тікелей әсер ететіні белгілі. Алайда, егер мұндай параметрді ШОБ субъектісінің қызмет етуінің әсері ретінде қарастырсақ, онда біз шағын елдер тобында (Норвегия, Финляндия, Дания және т.б. елдер кіретін) жатамыз. Алайда, қарастырылған мемлекеттердің деректері өмір сүру деңгейінің ең жоғары межесін көрсетеді. Ол, халық санының аздығына қарамастан, өндірістің жақсы дамуына, ШОБ тиімділігінің жоғары тиімділігіне қол жеткізген мемлекеттер.
Қазақстанда бизнес ашу кейбір мемлекеттерге қарағанда анағұрлым оңай және жеңіл екенін атап өту қажет. Әлемдік Банктың мәліметтері бойынша (2014 жыл) бизнесті реттеудің Дуинг Бизнес рейтингінде бизнесті ашу мен жүргізу бойынша Қазақстанның көрсеткіштері 189 елдің ішінде, тіпті көршіміз Ресейді (92 орында) озып, 50 орынды иеленген еді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 2011 ж. бері 58, 47, 49, 50 орынды алып отыр.
Бұл көрсеткіштердің жақсы деңгейде болуы, мемлкеттің шағын және орта кәсіпкерлік саласына ерекше мән беріп, барынша қолдап отырған саясатының көрінісі. Мемлекеттің бұл саясатын елдегі үш бағыттан көруге болады:
1. Шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған арнайы салық режимдері қабылданған.
2. Шағын және орта бизнесті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жүргізілуде.
3. Шағын және орта бизнесті қолдау көрсетудегі бірлестіктер мен ұйымдар қызмет етуде.
Арнайы салық режимі бойынша, әлеуметтік салықты және жеке табыс салығын төлеуде жеңілдіктер қарастырылған, әрі төлеу әдісі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне барынша жеңілдетілген, есептелінген салықты төлеуді кәсіпкерлер тек жылына екі рет, әрбір жартыжылдықта төлеу мүмкіндігіне ие. Сондай ақ, салық ставкасы бар жоғы үш пайызды құрайды. Салық салудың бұл әдісі көрші мемлекет Ресейде болғанымен, салық ставкасы біздің еліміздегі ставкадан екі есеге артық. Патент негізінде қызмет ететін шағын кәсіпкерлік субъектілері тіпті өзі тапсырыс берген сомадан бар жоғы екі пайыз жеке табыс салығы мен, әлеуметтік салықты төлейді.
ШОБ – ті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында «Бизнестің жол картасы 2020» атап өтуге болады. Ол бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлер экономиканың басым-дыққа ие салаларында қызмет ету арқылы жеңілдікпен несие алу мүмкіндіктеріне ие болады. Шағын және орта бизнесті қолдау көрсетуде бірлестіктер мен ұйымдар соңғы он жылда белсенді қызмет атқаруда. Әсіресе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кәсіпкерлік субъектілеріне жан жақты қызмет көрсетіп, мемлекет пен кәсіпкердің арасындағы мемлекеттік бағдарламаларды кәсіпкерлерге насихаттап қана қоймай, оған қол жеткізудің әдістерін үйретіп, екінші деңгейлі банктер арқылы бағдарламаларды тиісті кәсіпкерлерге жеткізуде дәнекер болып отыр. Алайда, мемлекеттік қолдаудың жан жақты болуы кәсіпкерлік сектордың дамуына оң әсер еткенімен, ағымдағы экономикалық жағдай, қызметке жан жақты әсер ететін түрлі тәуекелдер, адами капиталдың біліктілік деңгейі және т. б көптеген факторлар кәсіпорын қызметінің нәтижесіне өзінше кері әсерлерін тигізуі мүмкін. Оның көрінісі ретінде, келесі суретте келтірілген мәліметтерге назар аударайық.
ШОБ ретінде тіркелген субъек-тілерінің жартысына жуығы (42,2%) белсенділік танытып отырмағанын көріп отырмыз, яғни Қазақстан Республикасының экономикасына өз үлестерін қосып отырған жоқ. Жеке кәсіпкерлерді мысалға алсақ, бұл көрсеткіш егер 2008 жыл көрсеткішіпен салыстырсақ 41,2% тең болған жағдайда белсенді емес ЖК көрсеткіші 25% болған. Белсенді шағын және орта кәсіпорындар саны тек 30% құрайтынын атап өту қажет.
Республика бойынша 2013 жылы ШОБте жұмыспен қамтылғандар саны 2 576 мың адамды құрады. Осылайша, ШОБ –те жұмыспен қамтылғандар үлесі экономикалық белсенді халықтың 27% астамын құрады.
Бүкіләлемдік Банктің зерттеуі бойынша, егер ШОБ ЖІӨ-нің 40% -нан төмен өнім өндірсе, ондай экономикаға салған инвестициялар қажетті экономикалық әсерді қамтамасыз ете алмайды екен.
Осылайша, статистикалық деректер соңғы жылдардағы Қазақстан экономикасындағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарының үлесінің азайғанын көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстанның ШОБ секторының салалық құрылымы дамыған шет елдердегі құрылымнан едәуір ерекшеленеді. Қазақстанда шағын және орта бизнес негізінен үлкен капиталдар мен айналымдар шоғырланған сауда, ауыл шаруашылық және құрылыс секторларында белсенділік көрсетеді.
ШОБ субъектілерінде жоба тәуе-келдерінде туындайтын жағдай-ларды түсіну үшін ҚР әр түрлі салаларындағы проблемалық жоба-ларының нәтижелерін қарастырайық.
Ақпараттық технология секторы мемлекеттік саясаттағы экономиканы әртараптандырудың ең маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Елде жүзеге асырылған жобалардың арасында сәтсіздікке ұшырағандар қатарының жоқ еместігі де анық. Жобаның басым сәтсіздігінің себептері — оларды жүзеге асырудың жеткіліті мұқият жоспарланбауында жатыр.
Оған мысал ретінде, «Ақпараттың теңсіздікті азайту» (АТА) мемлекеттік бағдарламасының ең маңызды жобалардың бірі – халықты компьютерлік сауаттылыққа оқытуды атап кетсек болады. Қазақстандағы 2005-2006 жылдарда халықтың компьютерлік сауаттылығының көр-сеткіші белсенді халықтың 5% немесе 750 мың адамды ресми түрде құрады, осыған байланысты 2008 жылға дейін бағдарламаны жүзеге асыру аясында бұл көрсеткішті 21,3% — ға (3 млн. астам адам) жеткізу міндеті тұрды. Бағдарламаны жүзеге асыруда 15 млрд-тан астам теңге бөлу жоспарланды.
Жоба аяғына дейін жүзеге асырылмады, үш жыл орнына екі жыл жұмыс істеп және одан кейін жұртшылық қысымымен тоқтатылды.
Жобаны жүзеге асырудың бірінші жылының қорытындылары тек сандық көрсеткіштерімен беріліп, сапалы нәтижелер туралы ақпарат ұсынылмады. Аталған жобаны жүзеге асыруды үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ және басқа қоғамдық бірлестіктер қадағалады, алайда бүгінгі күнге дейін жобаны жабу себептері ресми анықталмаған күйде қалды.
Сарапшылардың пікірі бойынша сәтсіздіктің негізгі себептері:
Бағдарлама туралы халықтың жеткілікті ақпараттандырмау.
2. Бағдарламаны жүзеге асыру сапасын бақылаудың жеткіліксіздігі. Қоғамдық мониторинг жазғы кезеңде өте көп сыныптар бос болғанын көрсетті.
3. Кластардың техникалық нашар жабдықталуы. Бірінші оқу жылында халық оқыған кластардың басым саны ғаламторға қосылмаған не бір компьютерде ғана қосылған еді. Оқыту Windows 3.11 операциялық жүйесімен (95 жылғы нұсқа) компьютері негізінде жүргізілгенімен, оқыту бағдарламасы Windows ХР (2003 жылғы) нұсқасы негізінде құрылған болатын.
4. Қаражаттың аздығы. Курс оқытушылары 3-6 ай бойына еңбекақы алмаған жағдайлар орын алған еді, бұл әдіс оқытушылардың ынта жігерін төмендететіні анық.
5. Бағдарлама авторларының пікірі бойынша курс аяқтағаннан кейін берілетін сертификат курсты өткендерге компьютерлер мен ІТ-әдебиеттерін сатып алғанда жеңілдіктерді алуға мүмкіндік беруі керек еді, алайда іс жүзінде ешқандай жеңілдіктер берілмеген.
6. АТА бағдарламасын құру кезінде әлемдік тәжірибе, оның ішінде Эстонияның тәжірибесі кеңінен қолданылды. Алайда, бұл тәжірибе жергілікті ерекшеліктерге бейімделмеді.
Аталған бағдарламамен қатар «NIIT» компаниясымен бірлесіп Халықаралық институтпен әзірленген «Futurtech» ақпараттық технологиясының «Бүкіл халықтық ІТ-білім беру» жобасы ұсынылды. «Futurtech» ұсынылған деректерге сәйкес 2008 жылдың бірінші жартысында бұл бағдарлама бойынша компьютермен жұмыс істеуге 210 адам оқытылды.
АТА бағдарламасының бойынша курсты бітіріп сертификат алған адамдарға жұмыс істеуге арналған құрал ұсынылуы қажет болған: ғаламтормен және электронды үкімет сервистерімен жұмыс істеу үшін жеткілікті, техникалық сипаттамалары орташа, әрі қымбат емес компьютер болуы керек еді. «Халық компьютерлерін» шығаруды «Логиком» және Glotur сияқты бірнеше ірі қазақстандық өндірушілер жоспарлады, сондай-ақ жобада ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі, «Қазақтелеком», Intel және Microsoft компаниялары қатысты.
2007 жылдың жазында Glotur компаниясы 350 АҚШ доллары тұратын Tecata сауда маркалы компьютер шығару жоспарлары туралы хабарлады. Жобаның мақсаты компьютерлерді пошта бөлімшелері арқылы халықтың тұрмысы төмен топтарына және мектептерге қолжетімді ету болған еді. Жарты жылдан кейін, 2008 жылдың наурыз айында ең бірінші Tecata компьютерлері Glotur Production компаниясының өндірістік базасында жасалып шықты. 2009 жылдың соңында тәулігіне 300 компьютерге дейін, немесе жылына 100 мың жеке компьютерге дейін жинау болжамданды. Аталмыш халық компьютері орташа нарықтық құнмен бағаланды.
Уақыт өте келе өндірушілерде қаржылық қиындықтар туындап, «халық» компьютерінің бағасы алдымен 400 долларға, кейін одан да жоғарылай бастады. Сарапшылардың пікірі бойынша орын алған сәтсіздікке келесілер себеп болды:
1. Компьютерлерге нақты сұраныс «халық компьютерін» сатып алушылар саны 400 000 адамға жетеді деп күтілген болжамнан анағұрлым төмен болды. Шындығын айтқанда, жүз есе аз болды. Өндіріс ауқымды болғандықтан компьютерлер құнын төмендету мүмкін болмады.
2. «Халық компьютерлерін» еліміздің өңірлерінде және ауылдарында таратумен компьютерлік техниканы сатумен және қызмет көрсетумен жұмыс істеу тәжірибесі жоқ «Қазпошта» айналысты. Тұтынушылар ол саладан хабары жоқ ұйым арқылы компьютерлерді сатып алуға ниет білдіре қоймады.
3. Ауылдық жерлерде ғаламтор кейінірек пайда болғандықтан компьютерлердің аса қажеттігі болмады.
Тағы бір мысал ретінде, отандық планшеттер жобасын атауға болады. Ақтау қаласындағы «CaspiyElectronics» компаниясы 2011 жылдың соңында арнайы ұйымдастырылған ашылу рәсімін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев телемост арқылы бақылады.
Кәсіпорында теледидар, монитор және планшетті компьютерлер өндірісі басталуы – елде нағыз жаңалық болды. Сонымен қатар, өндірушілер, «Аққу» сауда маркалы планшетті жәй ғана жинап қоймай, жергілікті бағдарлама негізінде қызмет етеді деп әуде берген еді.
Бизнес-жоба «Морпорт Ақтау» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорында планшет жинауды бастамаға алды. Жиынтықтаушы кеден баж салығынан және табыс салығынан босатылды. Сөйтіп, планшеттің құны 500 АҚШ долларына (нарықтық бағадан жоғарырақ) бағаланды.
Зауыт жобасы шығынға ұшырап, ақырында планшет өндіріске шықпады, қаржы полициясы «Каспий ӘКК ҰК» АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу 600 млн.теңге сомаға берілген жабдық іс жүзінде 20 млн. тұрғанын анықтады.
2006 жылдың қыркүйек айында Алматыдағы Алатау кентінде Қазақстандағы ұлттық деңгейдегі технопаркті құру бойынша бірінші жоба «Alatau IT City» ақпараттық технология паркі (АТП) ашылды. АТП қызметі Қазақстанның АТ-индустриясын құруға, бекітуге және дамытуға бағытталған. «Alatau IT City» паркінде сұйықкристалды панельдер өндірісі бойынша зауытты іске қосу жоспарланды, радиожүйе мен қосымша керек-жарақтарды жөндеу, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу жұмысы алға қойылды.
Біршама компаниялар қатары технопарк аумағында өнімінің өндірісін жөнге салды, 2013 жылы жұмыс істейтін 135 компанияның тек 60 пайызы ғана белсенді әрекет ететінін көрсеткен. Қазақстандағы ІТ-секторды дамыту мақсатында шамамен 10 млрд. теңге көлемінде қаражат салынғанымен, бұл сектордың ілгерілегені байқалмайды.
2007 жылы Қазақстанда көлік құралдарын жүргізушілерінің жол жүру ережесін бұзғаны жөніндегі жазбасы жазылатын микрочипті пластикалық картаны енгізу жос-парланған еді. Сонымен қатар, бұл картамен айыппұлды да төлеуге де болатын. Карта шығарумен «Зерде» холдингінің құрамына кіретін «Процессингтік орталық» АҚ айналысты.
Жобаның қателігіне, жобаның басталғаннан нақты мақсаты болмағанын жатқызуға болады, себебі аталған жүйенің қажеттілігінде күмән болды. Қазақстанда 2008 жылы шамамен 3 миллион көлік жүргізуші тіркелген болатын. Тек талондардың дербестендіру бойынша қызметтер үшін «Процессингтік орталық» АҚ 6 миллион теңге алды. Қоғамда талондар идеясы біржақты қабылдаған жоқ. 2008 жылдың аяғына қарай жоба өз қызметін тоқтатты.
Бүгінгі таңда ІТ-секторында отандық бағдарламалық қамтамасыз етудің қажеттілігі туындап отыр. Себебі, көптеген салаларда батыстық «софттқа» тәуелділік, әсіресе қарулы күштердің, ІІМ, мемлекеттік мекемелер мен қаржылық институттардың тәуелділігі қиындықтар туғызуы мүмкін.
2007 жылы Астанада ұлттық қорғалған операциялық жүйелерін (ҰҚОЖ) құру мүмкіндігі талқыланған «дөңгелек стол» өтті. Ұлттық операциялық жүйені ұлттық электронды үкімет бағдарламасының бірінші кезеңінің аясында құру жоспарланды. Бұл жоба да сәтсіз жобалардың қатарын толықтырды. Жоба сәтсіздігі себептерінің бірі — бинарлық кодты бөлшектеп және оны қайта жинай алатын мамандардың болмауында еді.
Техникалық тапсырмаларды жазуға Ресей мамандары шақырылды. ҰҚОЖ құру конкурсына Ресейден, Белоруссиядан, Оңтүстік Кореядан және Қазақстаннан компанияларды шақыру жоспарланды. Алайда, бұл жобаның бюджетін есептеу кезінде ұлттық ОЖ бұрыннан бар жобалардан әлдеқайда қымбатқа түсетінін анықталды. Сарапшылардың пікірінше, ҰҚОЖ идеясының кемшіліктерінің бірі, е-үкімет жобасына бағытталғандығы болды. Бұл жоба әскер, ІІМ немесе білім беру мекемелерінің игілігіне сәтті қызмет істеуі әбден мүмкін еді.
2008 жылы ARTA Software қазақстандық компаниясы Arta OS атауымен Linux ядросының негізінде операциялық жүйесін жеке әзірленімін ұсынды. Операциялық жүйе басынан мектептер мен ЖОО-ларға бағдарламалық қамтамасыз етудің құнын төмендету мүмкіндігі ретінде қарастырылған еді. Сол уақытта Arta OS тәжірибелік жағынан көрі имидждік жоба ретінде көбірек қарастырылды, сол себепті де жоба сәтсіздікке ұшырады.
Индустриалды-инновациялық жобалар ретінде ашылған ондаған қазақстандық зауыттар мен кәсіпорындар бірнеше жылдан кейін дағдарыс ықпалына ұшырап, өнімін шығармастан жабылғаны да шындық.
2003 жылы жыл сайын 100 мың тонна мырышқа дейін шығару жоспарланған зауыт пайдалануға енгізді. Балқаш мырыш зауыты «Қазақмыс» корпорациясының басты жобаларының бірі болған еді. Зауыт құрылысына 120 миллионнан астам доллар шығындалды. 2009 жылдың маусым айында зауыт жұмысын тоқтатты.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2004 жылы мақтаны қайта өңдеу бойынша кешен ашылып, оның жалпы құны 19,3 миллион АҚШ долларын құрады, олардың ішінде 13 миллион доллар Қазақстанның Даму банкінің несиелік желісімен бөлініп, 6,3 миллион доллары IntrexWorldwide Британ компаниясы қаржыландырды. Жоба өсіруден иірілген жіптер және жіптерді алғанға дейін – шикізат мақсатын қайта өңдеудің толық технологиялық циклін қарастырды. Есептеу бойынша кәсіпорынның жобалық қуаты жыл сайын иірілген жіптің алты мың тоннасын шығаруға мүмкіндік берді. Аталған зауыт 2011 жылдан жұмыс істемейді.
«КазСат» серігі Қазақстанның тапсырысы бойынша 65 миллион АҚШ долларына Ресейде жасалып, 2006 жылдың маусым айында жіберілді. 2008 жылдың маусым айында серік қатардан шықты.
Солтүстік-Қазақстан облысындағы «Биохим» компаниясы өз қызметін 2006 жылы бастады. Жоба құны 88,6 миллион АҚШ долларын құрады. «ТМД елдерінде теңі жоқ» аталған кәсіпорын жыл сайын биоэтанолды шығаратын болады деп жоспарланды. Өнімнің 30 пайызы Қазақстанда, 70 пайызы – сыртқы нарықта өткізілетін болады деп болжамданды. 300 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланды. 2012 жылы аталған кәсіпорынды сот банкрот деп шешім қабылдады.
Жоспарлау кезеңінде сәтсіздікке ұшыраған жобалардың мысалы да бар. 2007 жылы Батыс-Қазақстан облысындағы Тасқалы ауданында жоспарланған зауыт индустриялық-инновациялық жобалардың бірі ретінде ұсынылды. Жоба 210 миллион долларға бағаланып, құрылысы 2009 жылы аяқталуы тиіс зауыт жыл сайын екі миллионға дейін цемент шығару жоспарланды.
2010 жылдың басында Батыс-Қазақстан облысының әкімі цемент зауытының жобашылары басынан ең басты – электр қуатының үлкен жобасын қамтамасыз етуді қарастырмағанын, сондай-ақ бұл үшін қажет қосымша ресурстарды және шығындары есептемегенін мәлімдеді. Осы себептен жоба жүзеге асырылмады.
2008 жылы Қарағанды облысының Теміртау қаласында кремний зауыты ашылды. Қазіргі уақытта зауыт жұмыс істемейді.
2010 жылдың наурыз айында Шымкентте «Азия Керамик» керамогранит өндірісі бойынша зауыт ашылды. Зауыттың жыл сайынғы өндірістік қуаты керамогранитті плиткалардың 2,5 миллион шаршы метрді құрады. Кәсіпорында барлығы 250 адам жұмыс істеуі керек еді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша салынған бұл зауыт 35 миллион доллардан астам сомаға бағаланып, қаражаттың негізгі бөлігі – 31,8 миллион долларды – несие түрінде Қазақстан Даму банкі бөлді, төрт миллион долларды түрік инвесторлары салды. Қазіргі уақытта кәсіпорын жұмыс істемейді.
2011 жылы ауыл шаруашылығына арналған ұшақтарды шығару бойынша зауыт ашылды. Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасы бойынша салынған зауыт 1,648 миллион теңгеге бағаланған еді. Мемлекет аталған жобаға «Жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша 750 миллион теңге бөліп, «ҚазАгро» холдингі жеңілдікпен 846 миллион теңге несие бөлінді. Жыл сайын 36 ұшақ өндіру жоспарланғанымен, алайда, осы уақытқа дейін бір де бір ұшақ шығарылмады.
Жобалардың дамуын талдауда еңбек ресурстарының жүктемесін немесе еңбек өнімділігін бағалау маңызды. ҚР Статистика агентігінің деректері бойынша ҮИИДМБ бойынша есеп беру аясында соңғы жылдары экономикалық қызметтің негізгі үш түрі бойынша еңбек өнімділігінің төмендеуі байқалады. Егер, қызметтің басқа түрлерін қамтитын әрбір бағытты қарастырсақ, онда көрсеткіштің төмендеуін іс жүзінде барлық қызмет түріне қатысты екенін байқаймыз. 2014 жылы жалпы экономикалық көрсеткіштердің төмендегені анық, алайда, мұнда мақсаты экономиканы әртараптандыру болып табылатын бағдарламалар аясында жүзеге асырылған жобалардың мәселелері қозғалып отыр. Мұндағы жобалар ел экономикасын тұрақтандыруға бағытталуы қажет еді, ал іс жүзінде, олар мемлекеттің қаржыландыруына тәуелді болып, мемлекеттік протекционизм аясынан шыға алмады.
Жобалардың дамуы 2010-2012 жылдардағы жалпы экономиканың жандануымен тұспа тұс келеді. Ал, мемлекет қаржыландыруы арқылы жүзеге асып отырған жобалардың мақсаты оң бағытқа ие болып қана қоймай, салаларды дамытуда өз үлестерін қосатын көшбасшы жобаға айналу болып табылады.
Кез келген жоба ірі инвестициялармен байланысты, біршамасы жергілікті инвесторлармен қаржыландырылатын жобалардың жағдайын қарастыра отырып, оларды жүзеге асыру жолында қандай мәселелердің туындайтынын көреміз. Сондай ақ, Қазақстанның инвестициялық климаты өте қолайлы екенін сыртқы көздерден тартылатын инвестициялар да дәлелдейді. Қазақстандағы қызмет түрі бойынша тартылған тікелей инвестицияларды талдау, шетел инвесторларының елдегі кен өндірісіне қызығушылық танытатынын көрсетеді.
Инвестициялардың жартысынан көбі геологиялық барлауға және іздеулерге, одан әрі кен өндіру, қаржылық, көлік инфрақұрылымы және өндіруші салағы тиісті. Қызметтің аталған түрлері бойынша қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі жүзеге асу көрсеткіші бойынша тәуекелі төмен болып саналады, Қазақстан энергия және ресурстардың басқа түрлері бойынша алдыңғы орында тұр, сол себепті пайдалы қазбаларды өңдеу бойынша жобаларды жүзеге асыру табысты молайтудың ең сенімді тәсілі болып табылады.
Инвесторладың жобаға қатысуының тағы бір көрсеткіші ретінде инвестицияны қайтарудың тәуекелі немесе коммерциялық сәттілікті қарастыруға болады. Геологиялық барлау жұмыстары толығымен қарыздық құралдар арқылы қаржыландырылады, яғни бұл қызмет түрі уақыт факторымен шектелгендігін, сол себепті ұзақ мерзімді дамуды талап етпейтіндігімен түсіндіріледі. Сондай ақ, осы салалардың қатарына білім беру, денсаулық сақтау, көлік және қоймалау, құрылыс, ғылыми техникалық қызмет жатады. Ал, басқа салаларда тартылған қаражаттар капиталға қатысады, яғни инвесторлар кәсіпорынның менеджментіне қатысады.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *