«ҚУАТТЫ БИЗНЕС – ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ»
17.11.2018 0 2 351
Жанна ИМАНҚҰЛ,
«Жалын» журналының қызметкері
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының басты мақсаттары: микро және шағын кәсіпкерлік секторын қолдау және дамыту; қаржыландырудың тұрақты көзін құру; ақша ресурстарына және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына жеңілдікпен қатынауды қамтамасыз ету; клиенттер базасын кеңейту болып табылады.
Көп жағдайда бұл бағдарлама ірі кәсіпорындарға арналған деген ой қалыптасқан. Бірақ бұл бағдарлама шағын, орта, ірі кәсіп иелері мен енді жұмыс бастаймын деп жоспар құрған барша азаматтарға арналған.
Осы орайда «Бағдарламаға кімдер қатыса алады?» деген сауалға толығырақ тоқталсақ, ауқымды жобаға халықты жұмыспен қамту орталықтарына тіркелгендігіне қарамастан барлық жұмыссыздар; өзін-өзі жұмыспен қамтыған, кәсіпкерлік потенциалы бар азаматтар; ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері; кредит/микрокредит беру шарты бойынша кредит/микрокредит алушылар; ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген мерзімі кредиторға кредит/микрокредит алу үшін жүгінген сәтте кемінде 3 жылды құрайтын кәсіпкерлер; стартап жобалар – бағдарламаға қатысушыларының бизнес жобалары; оның заңды тұлға ретінде/ жеке кәсіпкер; ресми мәртебесі мемлекеттік тіркелуінің мерзімі несие берушіге кредит/микрокредит алу үшін өтініш білдірген уақытта 1 жылдан кем уақытты құрайды; әрекет етуші кәсіпкер, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі кредит/микрокредит алу үшін өтініш білдірген сәтте 3 жылдан артық уақытты құрайтын азаматтар.
«Қазақстан-2050» стратегиялық даму бағдарламасының негізінде іске қосылған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» республика көлемінде шағын және орта бизнесті кәспорындар мен жеке бизнес түрлерінің іске қосылуына бірден бір себепкер бола алады.
Шағын және орта бизнесті кәсіпорындар барлық дүние жүзінде жұмыспен қамту мәселелерін шешуде және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда барынша көп үлес қосатыны көп жылдық тәжірибелер негізінде дәлелденген.
Шағын және орта бизнес – мемлекетке үздіксіз салық төлеп отыратын тұрақты нысан. Шағын бизнес ілгері қадам басып, ары қарай ісін жалғастыру үшін өзін-өзі жаңартып, дамытып, үздіксіз үдерісте болады. Жүздеп, мыңдап кәсіпкерлер бір мезетте түрлі бағытта нарыққа араласады. Дегенмен олардың көп бөлігі сәтсіздікке де ұшырап жатады. Бірақ бұл мемлекеттік бюджеттік кіріс бөлігіне айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені, қанша кәсіпкерлер жолы болмаған соң, қайта тәуекелге барғысы келмей тоқтағанмен, олардың орнына басқалары көп ұзамай іске кіріседі. Бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың арасында табиғи түрде іріктелу болады. Сондықтан, шағын және орта бизнес дамуын ынталандыру мәселесі әлемнің барлық елдері үшін өзекті болып келеді.
Дамыған елдерде мемлекет тарапынан қаржы-несиелік қолдау арнайы құрылымдар мен қорлар арқылы» жүзеге асырылады. Олар, мысалы: «Шағын бизнес істері жөніндегі әкімшілік (АҚШ), «Шағын және орта бизнесті сақтандырушылық несиелеу корпорациясы» (Жапония), «Шағын және орта фирмаларға арналған несие» (Франция) және т.б.
Қазақстанға шағын және орта бизнесті дамыту қажет – бұл қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығының негізі. Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы жолдауымен сөз сөйлей отырып, соңғы Жолдауларында: жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі кем дегенде 2020 жылы 40% құрауы тиіс екендігін нақтылаған болатын.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дағдарыс жағдайында шағын және орта бизнес бюджетке түсетін салықтық түсімдердің тұрақты және салмақты көзі бола алады: әлемнің кейбір өңірлері мен қалаларында шағын және орта бизнес кәсіпорындарынан түсетін салықтардың үлесі олардың жалпы үлесінің 80%-на дейін жетеді. Дамыған елдерде шағын және орта бизнес кәсіпорындарының үлесіне ЖІӨ жартысынан астамы келеді; бұл кәсіпорындарда еңбекке жарамды халықтың 50-80% жұмыс жасайды (бізде бұл көрсеткіш 31% ғана құрайды; Алматыда – 51%). 2015 жылғы қаңтар-желтоқсандағы Жалпы ішкі өнімнің нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,2% көтерілді. ЖІӨ құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі 36,3%, қызметтер – 56,8% құрады.
Қазақстан Республикасындағы шағын және орта бизнестің мониторингісінде: 2017 жылғы қара-шадағы жағдайы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілер саны 2016 жылғы тиісті кезеңдегі сәйкес мерзіммен салыстырғанда 2,8% өсті.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы санында дара кәсіпкерлер үлесі 73,3%, шаруа (фермер) қожалықтары – 13,6%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 12,9%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 0,2%-ды құрады. Шағын және орта бизнес жұмыс істеп тұрған субъектілерінің санының барлығы 1 345 872 адам.
Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарында «шағын кәсіпкерлік» термині қолданылады. «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңға сәйкес жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны жүз адамнан аспайтын заңды тұлға құрмаған дара кәсiпкерлер және жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны жүз адамнан аспайтын және активтерінің жылдық орташа құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің үш жүз мың еселенген мөлшерінен аспайтын жеке кәсiпкерлiкті жүзеге асыратын заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.
Қазақстандық кәсіпкерлермен сауалнама алу нәтижелері бойынша:
— бизнес пен жергілікті билік органдары өкілдерінің антагонизмі жойылған жоқ; бизнес пен биліктің өзара іс-қимыл жасау саласында формальді емес қатынастар басым болып тұр; бюрократиялық озбырлықтың көптеген жәйттары атап өтілді; күштеп алушылық барынша жасырын сипатқа ие болды, бірақ негізгі «сыбайлас жемқорлықтың шоғырлану нүктелері» сақталып қалды – бұл жер меншігі, жерді пайдалану және құрылыс салаларындағы рұқсат беру рәсімдері;
— кәсіпкерлерге қолдау көрсететін ұйымдардың саны жеткілікті көп, алайда шағын бизнес саласының кәсіпкерлері олардың қызметі туралы жеткілікті хабардар емес; мемлекеттік бағдарламалар тек қана ірі және орта бизнесті дамытуға арналған деген пікір тараған;
— шағын бизнестің барынша өзекті мәселелері – өткізу нарығының шектеулі болуы, жосықсыз бәсе білікті қызметкерлердің жетіспеуі болып табылады.
2012 жылы «Атамекен одағы» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тапсырысы бойынша ресейлік компаниялар жүргізген сұрақ-жауап алуға қатысқан жауап берушілер, соңғы жылдары Қазақстанда әкімшілік-бюрократиялық жүктеме ұлғайғанын және мемлекеттің бизнес-үдерістерге араласу дәрежесі артқанын атап өткен.
Кәсіпкерлердің көпшілігі кәсіпкерлік қызметті жүргізуге арналған арнайы білімдердің, бизнес-білім берудің, қызметкерлердің біліктілігін арттырудың рөлін толық бағаламайды.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының пікірі бойынша қалыптасқан жағдайдың басты себептері келесілер болып табылады:
1) елде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша нақты бағдарламалардың және оны іске асыру механизмдерінің болмауы;
2) мемлекеттік және сайланбалы органдардың арасында шағын бизнес саласында заңнамалық актілерді қабылдауда үйлестірудің болмауы;
3) шағын және орта бизнес субъектілер шенеуніктердің жемқорлық және рейдерлік әрекет-терінен билік тарапынан қорғалмауы.
Сонымен бірге, көптеген зерттеулерде атап өтілгендей, қаржыландыруға қол жеткізу және несиенің құны Қазақстанда шағын бизнесті жүргізу үшін барынша маңызды екі кедергіні құрайды. Қазақстандағы шағын бизнес кәсіпорындары бетпе-бет келіп жататын басты қиындықтардың бірі – қаржыландыруға шектеулі қол жетімділік.
Бизнесті жаңғырту, әртараптандыру және кеңейту үшін қаржылық, материалдық, технологиялық және интеллектуалдық ресурстардың жетіс-пеуі шағын және орта бизнестің ұзақ уақыт шешілмей келе жатқан мәселеcі болып қалады. шағын және орта бизнесте жұмыс жасайтын қазақстандық кәсіпкерлердің тек 15% ғана күрделі жаңғырту және дамытуға дайын, 40% осыны қалайды, бірақ қаражат тапшылығын сезінуде.
Зерттеу мәліметтері бойынша Қазақстандағы банктік несиелеудің қол жетімділігін кәсіпкерлердің көпшілігі:
— банктік несиелерді уақыт пен күшті көп жұмсауды қажет ететін жұмыс ретінде бағалайды;
— банктердің жарнамаларындағы пайыздар, несиені рәсімдеу мерзімдері, талап етілетін құжаттардың саны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды деп есептейді;
— клиенттер қызметтерді бастапқыда есептеген шарттармен алмайтынына сенімді;
— жауап берушілердің 15% тіпті несиелерді байланыс пен таныс болған кезде ғана алуға болады;
— ресми емес сыйақы және байланыстар 35-41% жағдайда өтінімді қарау мерзіміне ықпал етеді деп есептейді
Қазіргі уақытта Қазақстанда шағын және ортабизнеске қолдау көрсететін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың саны жеткілікті көп. Әзірленетін және қабылданатын бағдарламалардың саны да жеткілікті. Бірақ, көбіне, олар туралы ақпарат кәсіпкерлерге уақытында жетпейді.
Мемлекет шағын және орта бизнес ті дамыту үшін: «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламасы», «Өнімділік – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», т.б. бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің едәуір бөлігі, бұл бағдарламалардан хабары жоқ, оның үстіне бұл бағдарламалар тек қана ірі бизнеске арналған деген пікір қалыптасып қалған.
Қазақстанда шағын және орта бизнес қаржылық-несиелік қолдау көрсету «Жеке кәсіпкерлік туралы» ҚР Заңының 19 бабының 3 тармағына сәйкес жеңілдетілген түрде несие берумен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсететін «Даму» АҚ арқылы жүзеге асырылады.
Тек қалаларда ғана ауылдық жерлерде де бағдарламамен дұмыс жасау оңтайлы жолға қойылған. Бұл үшін кәсіп бастау үшін шағын несие берудің барлық түрлері мен шарттары біріктіріліп ұсынылады. Кәсіп бастаушы өзіне қажетін таңдап ала алады.
Бұл әсіресе ауылдық жерде кәсіп бастаушыларға қолжетімді болып табылады. Бағдарлама бойынша алынған нессиені ең ұзақ мерзім 7 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік жасалған. Несиенің өсімақысы жылына 6 % мөлшерінде болады. Ал несие 16 млн. теңгеге дейін алу жағдайы жасалған.
Шағын қалалар мен ауылдарда бұл бағдарламаға ауыл шаруашылығын қолдау қоры, қаржылық ұйымдар да жәрдем бере алатындай жүйе жасалған.
Сондай-ақ нарықтың қатал талаптарына бейімделу, ысылу, кәсіптен пайда табу жолдарын кәсіп бастаушыларға түсіндіру мен үрету мақсатында «Бастау-Бизнес» атты тренинигтер мен дәрістер орталығы да жұмыс жасап жатыр.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына шағын бизнес кәсіпорындарын енгізуге біраз кедергілер кездескен. Мысалы, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының ақпараттық түрде жабық болуы. Шағын бизнес ақпараттық түрде жабық болу себептері жүйелік сипатқа ие. Бәсекелестікті қазақстандық кәсіп-керлер және шағын және орта бизнес саласындағы сарапшылар – қазіргі уақыттағы, сондай-ақ, болашақтағы түйінді мәселе. Бұл ретте, сарапшылар қазақстандағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарында басқару жүйесінің жалпы төмен деңгейін, «отандық бизнес-тәжірибесінде дәстүрлі тәсіл-дердің басым болуын» бір ауыздан атап өтеді. Таяудағы уақытқа дейін еліміздегі көптеген шағын және орта бизнес кәсіпорындарында қаржылық жоспарлаудың, сөздің тура мағынасында, мүлдем болмағаны құпия емес.
Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біз «Алдымен экономика – cодан соң саясат» деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Саяси реформалардың әрбір кезеңі экономика дамуының деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша ғана елді жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге болады» деген болатын.
Сонымен кәсіпорындардың үш түрін бөліп көрсетуге болады: ірі, орта және шағын. Олардың кешені бірін-бірі толықтыра отырып, экономиканың тұтас ағзасын құрайды.
Ірі кәсіпорындар – нарыққа негізгі өнім шығарушылар болып табылады. Ірі кәсіпорындар – мемлекеттің іргетасы. Шағын және орта кәсіпорындар, үнемі жаңарып тұратын номенклатурасымен және ассортиментімен, аз ғана партияда өнім дайындау, шектеулі тұтынушылар жағдайында елеусіз материалдар мен шикі затты қолдану қажет болған жағдайда пайда болады. Сонымен, шағын кәсіпорындар нарықтың салыстырмалы толған кезінде жекелеген тапсырыстарды есепке алып өнімді аяқтайды, яғни ұсақ – түйек өнімдер өндіріледі.
Шағын кәсіпорындар қызметтің барлық саласында нолдік нәтиже алумен байланысты жоғары тәуекелге ие болып табылады. Бұл әрі инновациялық қызмет, әрі жаңа технологияны игеру. Өнімнің жаңа түрін игеру. Шағын кәсіпорындардың капиталымен тәуекел, іріге қарағанда қоғамға аз шығындар алып келеді, сондықтан мемлекет шағын кәсіпорындарды құру және дамыту үшін арнайы жеңілдіктер тәртібін тағайындау керек.
Сондай-ақ шағын бизнес сферасына өздерінің тәуелсіз меншігі бар, шаруашылық еркіндікке ие және өз қызметі сферасында үстемдік етпейтін фирмалар жатады. Көптеген шетелдік зерттеулер шағын кәсіпорындарға 500 адамнан аспайтын жұмысшылар бар және сату көлемі 20 миллион долларға дейін болатын кәсіпорындарды жатқызады. Бірақ бұл көрсеткіштер шартты болып табылады. Біз шетелдіктер бекіткен мөлшерге әлі жете қойғанымыз жоқ.
Қазақстанда шағын және орта бизнеске бірнеше инвесторлардан құрылатын, шектелген аумақтарда қызмет ететін даму үдерісіне қатысты барлық шешімдерді өздері қабылдайтын кәсіпорындар жатады.
Қазақстан Республикасының аумағында:
Өндірістік – оның ішінде инновациялық, ғылыми-техникалық тауар өндіру, қызмет көрсету т.б.
Коммерциялық – сауда-саттық, делдалдық, сауда үйлері, тауар биржалары және т.б.
Қаржылық – банктік, сақтандыру, аудиторлық, лизингтік қор биржалары және тағы басқа.
Кеңес берушілік – басқармалық, әкімшілік, маркетингтік, ақпараттық, кадрлар дайындау және тағы басқа.
Мемлекет тарапынан осындай үлкен қолдау мен мүмкіндік жасалып отырған жеке, шағын, орта кәсіптердің барлық түрі алдағы уақытта зор қарқынмен дамитындығына сенім мол.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.