Басты назарда:  әлеуметтік мәселелер Басты назарда:  әлеуметтік мәселелер
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші тармағында әлеуметтік саясатқа айрықша тоқталып,... Басты назарда:  әлеуметтік мәселелер

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші тармағында әлеуметтік саясатқа айрықша тоқталып, жұмыспен қамту, адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту, халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында атап өтті. Жолдауда «Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады» деп еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтілетінін баса айтты. Отбасындағы кәмелетке толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленетін болады.
Сонымен атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі қандай талаптарға сай болуы керек? Әлеуметтік жәрдемақылар қалай тағайындалады? Бұған мамандардың пікірі қандай?

Динара ЕСІМОВА, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының профессоры:
– Әр отбасының мәселесіне жеке үңілу қажет – Біз тікелей отбасылармен жұмыс істейміз. Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында «Өрлеу» бағдарламасы қолданысқа енгізілген болатын. Аталған бағдарлама халықтың аз қамтылған санатын әлеуметтік қол-дауға арналған.
Бұл жоба – аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек төлеумен қатар, еңбекке қабілетті отбасының мүшелерін жұмыспен қамтуды мақсат етеді. Отбасының әрбір еңбекке қабілетті мүшесі шартты ақшалай көмек ала отырып, «Жұмыспен қамту-2020» бағдар-ламасына қатысады. Кейіннен жұмысқа орналастырылады, бұл өз кезегінде аз қамтылған отбасы құрамынан шығуға негіз болады. Алайда бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар өзгертіліп, кейбір отбасылар қатыса алмауда. Көптеген тұрмысы төмен отбасылар бұл бағдарламадан сырт қалып отыр. Яғни, жаңа талаптар бойынша әлеуметтік жәрдемақылар отбасының табысы ретінде есептеледі. Әр отбасының мәселесін жеке қарастыру керек деп ойлаймын. Шәкіртақы, зейнетақы, мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақылар, балаға төленетін жәрдемақылар отбасының кірісі болып есептелмеуі керек қой. Балаға жұмсалатын ақша болады. Әр отбасының жағдайын, мәселесін жекеше түрде қарастыру керек.
Отбасының бір мүшесі жұмыссыз отырса, оның жұмысқа тұруына, не кәсібін бастауға да уақыт, ынталандыру қажет.
Кейбір отбасылар мұндай бағдарламалармен тіпті таныс емес. Отбасыларды аралап, жағдайларымен танысқанымызда кірістен гөрі шығыстың көп екенін аңғардық. Жуықта бір көпбалалы отбасында болдық. Анасы бала күтіміне байланысты жұмыс істемейді, отағасы балаларды қарауға көмектесу үшін жұмысынан уақытша шыққан. Арнаулы білімі жоқ болғандықтан, түрлі кәсіппен айналысқан отағасы соңғы үш айының айлығын ала алмай отыр екен.
Осындай әр отбасының ішкі мәселелеріне үңілуі қажет. Себе-бі, арнайы талаптарға сәйкес келмегендіктен, тұрмыс деңгейі төмен отбасылар ешқандай бағдарламаға ілікпей, жалпы әлеуметтік төлемдерден де қағылғалы отыр. Ең өкініштісі – осы.

Серік БЕЙСЕМБАЕВ, Әлем-дік экономика және саясат институтының сарапшысы:
– Басты назарды әлеуметке бұрғанымыз абзал – Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында әлеуметтік мәселелерге қатысты бірқатар басымдық берілген.
Біріншіден, Қазақстанның өзін әлеуметтік мемлекет деп таныстырып, осы бағытты ұстануымен байланысты.
Екіншіден, соңғы екі-үш жыл ішінде орын алған экономикалық қиындықтар салдарынан халықтың әл-ауқатының төмендегені белгілі. Осыған орай, Үкіметтің бұл бағытта қандай іс-шаралар атқаруы қажеттігі Жолдауда нақты айтылған. Өткен 2017 жылы «Сізді қандай мәселе толғандырады?» деген сауал қою арқылы арнайы әлеуметтік статистика жүргізіп, өзекті бес мәселені анықтаған едік.
Біріншіден, азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауардың қымбатшылығы көпшілікті жиі мазалайды екен. Халықты толғандыратын басты мәселенің бірі – осы.
Екінші мәселе – ақшаның жетіспеуі, яғни айлық пен зейнетақының аздығы да мазаны алып тұр. Бұл – 46 пайыз халықты ойландырып отырған дүние.
Үшіншіден, жұмыссыздық пен жұ-мысқа орналасу мәселесі. Бұл нұсқаны халықтың 43 пайызы таңдаған. Оның ішінде, жақсы қызмет табу – бірінші кезекте тұр.
Төртінші мәселе – коммуналды төлем. Коммуналды төлемақысының қымбаттығы да – көпшілікті жиі алаңдататын мәселенің бірі.
Бесіншіден, тұрғын-үй мәселесі. «Өз үйі – өлең төсегі» болғанын армандайтындар көп. Оған қол жеткізу әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға оңай тимейтіні анық. Жылу мәселесі, қылмыс, көлік, білім беру, дін саласы да тізімде болды. Дегенмен, жоғарыда біз мысалға келтірген дүниелер – негізгі әлеуметтік ахуалды анықтап тұр. Соңғы екі-үш жыл ішінде экономикалық дағдарыстың әлеуметке өз әсерін тигізбей қоймағанын осыдан аңғаруға болады.
Күнделікті табыс табу, тұрмыс-тіршілікті сақтап қалу – басты назарда. Сол себепті де, Елбасы биылғы Жолдауында әлеуметтік мәселелерге негізгі басымдық беріп отыр. Көпшіліктің әлеуметтік деңгейін белгілі бір мөлшерде сақтап қалу үшін нақты іс-шаралар атқару керегін де Мемлекет басшысы Жолдауында айтып өтті. «Биылғы жылдан бастап, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көшеміз» дегені де сондықтан. Жалпы, 2000 жылдан бері экономиканың өсуіне байланысты халықтың әл-ауқаты да артқан болатын. Өкінішке қарай, теңгенің құнсыздануы тұрмысқа өз әсерін тигізбей қоймады. Халықтың біршама бөлігі, азық-түлік, киім-кешек тұрғы-сынан болсын, белгілі бір тұтыну деңгейінде қиындыққа кезіккені рас. Табыс мөлшері бүгінгі күнге дейін көп өспегендіктен, қажеттілік мөлшері де бұрынғы деңгеймен қалып отыр. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға кейбіреу-лердің табысы көтермейді. Сондықтан бүгінгі кезеңде халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына мемлекет тарапынан әлі де болса көмек көрсету жағын дамыту керек сияқты. Оның ішінде, көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне жәрдемақы мөлшерін көбейту қажет. Айлық табысы 30-40 мыңнан аспайтын отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетудің қажетті бағдарламасын жасағанымыз дұрыс. Сол үшін түрлі қайырымдылық қорлары, түрлі мемлекеттік емес ұйымдар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарға әлеуметтік көмек қорын ұсынғаны жөн.

Мейіржан ОТЫНШИЕВ, Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар-масының басшысы:
– Жаңа жобаның берері мол – Мемлекет басшысының «Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру» атты 84-ші қадамын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде. Аталған көмек осыған дейін көрсетіліп келген үш түрлі әлеуметтік көмекті өзіне біріктіреді: – 4,16 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
– отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы) төмен 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға, әр балаға 1,05 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленетін жәрдемақы;
– отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы) төмен аз қамтылған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек. Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.
2018 жылдың 1 тоқсанына ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі – 27 326 теңге болса, айлық есептік көрсеткіш – 2 405 теңге. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндіктері шектеулі адамдардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғызбасты ана) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес. Шартты ақшалай көмек еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы. Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.
Сонымен қатар биылғы жылдан бастап төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалмайды. Алайда аталған жәрдемақыны алып келе жатқан көпбалалы отбасыларға баласы кәмелеттік жасқа толғанға дейін немесе оқу орнын бітіретін уақытқа дейін (бірақ әрі дегенде жиырма үш жасқа толғанға дейін) төленеді.

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеу-меттанушы:
– Жәрдемақы отбасылық табыс көзі болмауы керек – Әлеуметтік төлемдер төленген кезде «кедейлік қақпаны» деген ұғым бар. Яғни, кейбір азаматтар әлеуметтік жәрдемақы аламын деп осы қақпанға түсіп қалады. Әлеуметтік жәрдемақы бір жағынан халықтың жұмыс істеуіне мотивация бермейді. Осы қаражат күнкөрісіме жетеді деген шектеулер пайда болады. Әлемдік тәжірибеде, әлеуметтік саясатта халықты әлеуметтік төлеммен ұстап отыру дұрыс емес. Дүниежүзінде түрлі тәсілдер бар. Мысалы, АҚШ-та белгілі әлеуметтік топтардан басқасы мемлекетке сенім артпай, өз күнін өзі көреді. Әлеуметтік төлем негізгі күнкөріс көзіне айналмауы керек, ол керісінше мотивация ғана болуы тиіс. Биылдан бастап енгізіліп жатқан әлеуметтік төлемдердің жаңа жүйесіне көшу – сол жұмыстардың алғышарты болып отыр. Көп отбасылар үшін жәрдемақы негізгі күнкөріске айналғаны бел-гілі жайт. Қазір түрлі жұмыспен қамту бағдарламалары бар. Осы бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асып, жұмыссыздар жұмысқа орналасса, бұл мемлекет дамуы үшін дұрыс қадам болатыны анық. Көпбалалы отбасылардың жағдайына тоқталып көрейік. Отбасында бес бала болса, әке-шешесімен жеті адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы әр адамға 14 мың теңге құрағанда, жалпы табыс 98 мың теңгеден асса, мемлекет әлеуметтік төлем тағайындамайды.
Бір ескертетіні, отбасының жалпы табысына әлеуметтік төлемдер кірмеуі керек. Ауылды жерлерде әлеуметтік төлемдерсіз жалпы отбасының кірісі 98 мың теңгеден асатын көпбалалы отбасылар аз. Ал қалалы жерлерде отбасының табысы 98 мың теңгеден асқанымен, бұл қаражатқа бес баласы бар отбасының күн көруі қиынға соғары анық.
Сондықтан бұл санаттағы азаматтар мемлекеттің әлеуметтік төлемдерінен қағылатын болса, онда басқа әлеуметтік жеңілдіктер, балаларын балабақшаға жеңілдікпен қабылдау, оқуға түсуіне жеңілдіктер, отбасылық кәсіп ашуына қолдау сынды ынталандырулар қарастырылғаны жөн. Көпбалалы отбасы кәсіп ашатын болса, салық жағынан жеңілдік болса игі. Яғни, көпбалалы отбасылар көбінесе кедей, әлеуметтік төлем алып қана күнелтеді деген стеоретиптен арылуымыз қажет. Жаңа төлем жүйесі осы механизмдерді жасап алған соң енгізілгені дұрыс болар еді. Жаңа төлем жүйесі бойынша көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жәрдем отбасының табысына орай белгіленеді. Бұл мәселе осыдан 3-4 жыл бұрын айтыла бастады.
Яғни, егер отбасында ата-ананың біреуі жұмыссыз болса, онда міндетті түрде жұмыспен қамту орталығына баруы қажет. Бұл орталықтарда тіркеліп, арнайы курстардан өтіп, жұмыс табуына болады. Мұндағы мақсат – халықты жәрдемақыға сенім арттырмай, еңбек етуге үгіттеу. Десе де, осы жұмыспен қамту орталықтарының насихатталуы әлі де кемшін түсіп отыр. Халықтың да мемлекеттің әлеуметтік бағдар-ламаларына қызығушылығы төмен екенін аңғару қиын емес. Бұған бірте-бірте келуіміз керек. Бала тууына байланысты тағайындалатын бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы 38 АЕК немесе 91 390 теңге болса, бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы – 13 852,8 теңге. Демографиялық жағдайды жақсартамыз десек, бұл төлем мөлшері өте төмен. Меніңше, бала тууға төленетін жәрдемақы мөлшерін көбейтіп, ынталандыру қажет. Министрлік не дейді?

Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕК, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек – табысы аз отбасылар үшін қолданыста болған үш әлеуметтік төлемдерді біріктірген бірыңғай жәрдемақы. Оның құрамына:
а) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен отбасылардың әрбір мүшесіне ұсынылған атаулы әлеуметтік көмектің ескі жүйесі;
ә) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болатын 1,05 айлық есептік көрсеткіш немесе 2017 жылы 2 383 теңге мөлшерінде 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалған жәрдемақы;
б) төрт немесе одан да көп баласы бар отбасыларға ұсынылатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған отбасылар үшін бұл төлем оны алуға құқықтың жойылуына дейін, яғни балалардың кәмелетке толуына дейін сақталады).
Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген үш төлемнің орнына төленеді және оның мөлшері көрсетілген үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болатындығына назар аударамын. Жаңа жүйенің негізгі ерекшеліктері:
Біріншіден, кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін көтерілген болатын. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің көтерілуін (24 459 теңгеден 28 284 теңгеге дейін) есепке ала отырып, кедейлік шегінің артуы аталған әлеуметтік қолдау мөлшерінің өсуін білдіреді.
Екіншіден, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі қарастырылады: шартсыз және шартты ақшалай көмек.
Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мысалы, мүгедектер немесе қария зейнеткерлер отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартыла алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғызбасты ана) ұсынылатын болады. Шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісімшарт жасасу және барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шартымен, құрамында кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға ұсынылады. Шартты атаулы әлеуметтік көмек – кешенді және оның құрамына қолдаудың келесі үш түрі кіреді:
1) атаулы әлеуметтік көмек төлеу (ақшалай түрдегі жәрдемақы) қазіргі таңдағы сияқты ай сайынғы негізде немесе жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға әлеуметтік келісімшарт жасасу шартымен 6 айға тағайындалатын біржолғы төлем түрінде;
2) келесі шараларды қолдану арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу;
а) жұмыс берушілермен ұсынылған бос жұмыс орындарына жіберу арқылы;
б) оқуға, тұратын жерді жалдауға, жол жүруге, бір реттік ыстық тамаққа шығындарды толтырумен бірге, оқуға жіберу және мемлекет есебінен стипендия төлеу арқылы;
в) еңбекақыны мемлекет есебінен төлеп, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу;
г) өз ісін ашуға немесе оны кеңейтуге микрокредит ұсыну арқылы.
3) қажет болған жағдайда мүгедектерді оңалту шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер, медициналық қызметтер, тұрғын үй коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек кіретін әлеуметтік қызметтер пакетін ұсыну арқылы қолдау көрсетіледі.
Үшіншіден, жүгіну және төлемдердің жаңа түрлерін тағайындау процесі оңтайландырылады. Жа-ңа шарттарға сәйкес жоғарыда көрсетілген қолданыстағы әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау үшін үш құжат пакетін ұсынудың орнына бір құжаттар пакетін жинап, Халықты жұмыспен қамту орталығына (ауылдық жерде – ауылдық округ әкіміне) жүгіну жеткілікті.
Біздің байлам: Әлеуметтік жеңілдік – көпшілік әлеуметтің барлық мәселесін шешіп тастайды деген сөз емес. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау – ұлттың көбеюіне, дамуына, әлеуметтің әл-ахуалының жақсаруына сеп. Қалай десек те, қоғамнан әлеуметті ажыратып қарай алмаймыз. Демография өссін десек, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартайық. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындай алса, әлеуеттің де әлеуеті артар еді. Лайым, солай болғай!

P.S. Ол мәліметті толығырақ http://www.enbek.gov.kz/kk сайтынан біле аласыздар.

Дайындаған: Гүлзина БЕКТАС,
Ақбота ИСЛӘМБЕК

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *