БАП ПЕН БАҚ (Спорттан әлемдік деңгейде мемлекетіміз абыройын асқақтатып жүрген кәсіпқой боксер – Г.Головкин хақында) БАП ПЕН БАҚ (Спорттан әлемдік деңгейде мемлекетіміз абыройын асқақтатып жүрген кәсіпқой боксер – Г.Головкин хақында)
Несіп ЖҮНІСБАЕВ, белгілі спорт журналисі, Алматы облысының Құрметті азаматы Мына дүбірлі дүние тағы да көк дөненге мінгізіп отыр. Сонау мұхиттың арғы жағындағы Америкада Канело... БАП ПЕН БАҚ (Спорттан әлемдік деңгейде мемлекетіміз абыройын асқақтатып жүрген кәсіпқой боксер – Г.Головкин хақында)

Несіп ЖҮНІСБАЕВ,
белгілі спорт журналисі,
Алматы облысының Құрметті азаматы

Мына дүбірлі дүние тағы да көк дөненге мінгізіп отыр. Сонау мұхиттың арғы жағындағы Америкада Канело Альварес пен өзіміздің Геннадий Головкиннің шайқасы болады дегелі жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүр. Біздің ғана емес, әлемнің спорттың осы бір түрін жақсы көретін, ол үшін жаны ауыратын, жанкүйері болған күллі адамзат баласының тең жартысынан астамы дәл осы Лас-Вегастағы шайқасты қашан болады деп құлағын тосып, алақанын маңдайына қойып, көзін көлегейлеп қарап отырғанында дау жоқ. Біз де бұл бәсекенің болатынын немесе болмайтынын кейінгі үш жылдың көлемінде айтып келе жатырмыз. Екеуінің шайқасы болса бұл бір ғаламат кездесу болады. Әй, қайдам бірақ, екі мықтының шайқасы болмай қалуы да ықтимал деген пікір айтқаным есімде. Мұны мен көпшілік қарайтын фейсбуктегі парақшамда да жаздым. Неге десеңіздер, оның үлкен себептері болды. Біріншіден Геннадий Головкин бүгінге дейін 37 кездесу өткізіп, бірде-біреуінде жеңілмей отыз төртінде қарсыласын тізерлетіп, шалқасынан түсіріп жеңіп келе жатқанын білесіздер және де бұл жігіт жас емес. Бүгінде жасы 35-тен асты, яғни өзінің спорттық ғұмырының менің ойымша соңғы жылдарын өткізіп жатыр. Күш-қуат бәрінің бойында мәңгілік сақталмайды. Кейбір асыл туған адамдар болмаса, қырықтан кейін шаршы алаңға шығып жұдырықтасуы сұрақ белгісінің астында қалады. Бірақ ұзақ шайқасқан боксшыларды да білеміз. Әсіресе, Эвандер Холифилд елуге келгенше шайқасты. Бес салмақта жеті дүркін әлемнің чемпионы Мейвезер Флойд қырыққа келгенше шаршы алаңнан түскен жоқ. Тағы да басқа ақша үшін рингке шығып, мұрны бұзылып, алған ақшасына мәз болып кетіп жатқан боксшыларды айтып отырған жоқпын. Шын мәнінде қарсыласынан саспай оның жұдырығына жұдырықпен жауап беретін боксшыларды айтып отырмын. Бұлар екінің бірі, жүздің, мыңның бірі. Геннадий Головкин ондай бола ма, болмай ма біз әзірге білмейміз. Бірақ, бұл жігіттің бүгінде бокстың тағында тұрғанына еш күмән келтірмейміз. Сондықтан да, өзінің спорттық ғұмырының соңына қарай жеңіліс тауып, төмен қарап кету бұл менің ойымша өзін-өзі сыйлайтын, бағалай білетін боксшыға тән емес. Олай болса, спорттың аты спорт, жеңіс бар жерде жеңіліс бар. Ондай жаныңды ауыртатын оқиғалар болмай жатқан жоқ. Оны кеше ғана жеңіл атлетикадан Лондонда өткен әлем чемпионатында көрдік. Мен өзім аса жоғары бағалайтын, бүкіл әлем талантына тамсанған желаяқ ямайкалық Усейн Болттың ең соңғы бәсекеме шығамын деп, қоштасарда екі бірдей қашықтықта сүрінгенін көрдік. Әрине, Усейн Болт бұл жеңілісімен өзінің бұған дейінгі жеткен биіктерін аласартқан жоқ. Жалпы жеңіл атлетиканың тарихында екі Олимпиада да ең қысқа қашықтық 100 м. 200 метрде қатарынан чемпион болған адам жоқ. Ал Усейн Болт үш Олимпиада чемпионы болды. Мұндай ғажап жетістікке менің ойымша болашақта ешкімнің қолы жетпейді-ау деп ойлаймын. Бұған дейін дәл осындай қолы жетпейтін адамдардың бірі деп АҚШ-тың суға жүзушісі Майкл Фелпсті айтатынбыз. Ол 21 дүркін Олимпиада чемпионы. Әрине, олардан қызғанып отырған жоқпын жеңісті. Бірақ…
Міне, мұхит асып, Лас-Вегасқа да келіп жеттік. Он бес мыңнан аса шақырымды артқа тастап табанымыз тиген қала бізге аса таныс емес деп айта алмаймын. Мен бұл жерге бұған дейін де сан мәрте келіп, небір ғажап оқиғаның куәсі болғанмын. Тіпті, Генаның бір шайқасын тамшалауға келгенде бір минутқа толар толмас уақытта қарсыласын сұлатып салып, аптығымды су сепкендей басып, құмарым тоймай қайтқан кезім де болған. Бұл жайында мен сіздерге баяндаған болатынмын. Әуелі Геннади жігітімізге өзімсініп өкпемді де білдіріп едім. Сонау жерден сағынып келгенде алдымда біраз ойқастап, қарсыласыңды ары-бері төмпештеп жүре тұрмағанына да кейігенмін.
Иә, ол өткен іс. Ал, бүгінгі айқас одан да жоғары. Мен өткенде ұшаққа мінбей тұрып, «Көрген де арманда…», – деп көлемді мақаламды жариялап кеткен едім. Расымен де көргенде, көрмеге де арманда болары хақ. Қазақ атам қалай қиыстырып айтқан десеңізші?! Дәл осы сөздің бүгінгі біздің тақырыбымызға арқау болғанына таңғаламын. Бір-біріне қабысып, бір-бірін толықтырып тұрғандай. Өйткені Геннади Головкин мен Сауль Альварестің шайқасын бүкүл дүние жүзі тосып отыр. Осы күллі әлем тосқан ғасыр жекпе-жегін көрген де арманда, көрмеген де арманда емес пе? Олай болса алапат шайқасты көру маған бұйырған екен. Мен көріп арманда қалайын, ал көрмей қалған ағайын болса, ол да арманда жүрсін.
Сонымен Лас-Вегас сол баяғы қалпы, түрлі дүбірді басынан өткеріп, қарбаласып жатқан ел. Сонау 2015 жылдан бері созбақтап келе жатқан «Голден бой промушен» компаниясы тағы қандай сыйлық дайындап отыр. Міне, бүгінгі әңгіме осы жайлы болмақ. Альварес пен Головкиннің арасындағы жекпе-жегін не себепті созып келгені туралы өткен мақаламда жазған болатынмын. Ендігі жерде алдымнан не күтіп тұр осы жайында болмақ. Темірді қызған кезінде соқ. Әйгілі компания екі мықтының арасындағы кездесуді толықтай мойнына алған. Олар кәсіпқой боксты өткізудің және сол арқылы мол табыс табудың түрлі жолдарын білетін комапния. Бұған дейін де қыруар қаражаттың астында қалған компания аутулы істі тындырмақшы. Мынадай тың ақпараттармен бөліспекшімін. Мәселен, тікелей таратылатын теле арналардан басқа интернет желісі арқылы таратылатын «PІPIBI» деген көрсетілім шыққан. Ол не? Енді тарқатып айтайын. Ол арнайы құрылғы. Сол күнгі кездесуді үйіңде отырып тамшалайсың. Оның арнайы пакеті болады. Шамамен құны 100 долларға дейін тұрады. Аталған қаржыны төлесеңіз болғаны, үйіңізге әкеліп қондырғыны орнатып береді. Сонда сіз болып жатқан жекпе-жектің ортасында отырғандай үйіңізден-ақ тамашалай аласыз. Кезіндегі Сауль мен
М.Коттаның шайқасында 900 мыңдай «PІPIBI» сатылымы іске асқан. Ал Канела мен Мейвезердің арасындағы жекпе-жекте 2,5 млн. сатылым болған. Кешегі Мейвезер мен Пакияоның арасында 5,5 млн. сатылымға шыққан. Енді осы 5,5 млн.-ды орта есеппен 100 доллардан есептеп көріңіз қанша дөңгелек болатынын. Осыдан-ақ, байқауға болады кәсіпқой бокста қыруар ақшаны суша сапырып, мықтылардың төбелесіне компаниялардың мүдделі екенін білуге болады. Кезінде біздің Головкинге Оскар Делахоя көп қаржы бергісі келмеді. Оның айтуынша 10 пайызын Головкин алсын, қалған 90 пайызды Сауль алсын деген. Оған Гена келіспеді. Одан кейін 10 млн. доллар ұсынды оған да келіспеді. Сол кездегі Головкин қашып жүр деген әңгіменің шығу себебі осында. Сонымен бүгінгі таңда менің ойымша 70-те, 30 пайыз болуы керек. Бұл жаман емес. Әрине, аздап көңіліңе тиеді. Бірақ, атам қазақтың тағы бір қанатты сөзі бар «Қазаншының өзі еркі, қайдан құлақ шығарса», – деген. Жарысты ұйымдастырушы «Голден бой промушен» өзі біліп жатыр қазір. Оның сыртында жаңағы мен айтқан сатылымнан да біздің Генаға қосымша қаржы түсетін болу керек. Бұл шайқас АҚШ-тың төрт жүздей кино театрында арнайы ұйымдастырылып, экраннан көрсетілетін болады.
Енді 15 қыркүйек күні журна-листердің қатысуымен екі боксшы соңғы рет салмақтарын өлшейді. Ол «Девид Коперфилд» театрында өтеді. Ол біткеннен кейін «MGM» гранд отелінің арнаулы залында екі боксшының бапкерлерімен бірлесіп баспасөз мәслихаты өтеді. Ол жайында алдағы уақытта баяндайтын боламын.
Одан кейін боксшыларға арналған төрттік киім дайындалған екен. Елден келгесін, Генаға жанкүйер болғасын мен де бір киімді алуға ниет білдірдім. Өкінішке орай ол ісім ойға аспады. Неге десеңіздер, ондай төрттік киім арнайы сатылымға шыққан билеттермен бірге беріледі екен. Ол билеттің құны 8 мың доллар. Біздің теңгемен шаққанда 2,5 млн. теңге болу керек шамасы. Егер сіз сол қымбаттық билетті сатып алсаңыз арнайы әуежайдан ұзындығы есік пен төрдей болатын әдемі көлікпен тосып алып, қымбат қонақүйге орналастырып, жаңағы мен айтқан киімді қоса беріп, арнаулы орынға отырғызады. Әрине, оған біздің шамамыз жетпейді. Журналист деген қарапайымдылығымыз тағы бар, ақпарат үшін бұл да керек деп, ары қарай тың деректерді іздестіріп жүре бердім. Ал жарнамалар оншалықты көп емес. Жарқ-жұрқ еткен теле экрандардың барлығынан көрсетіп жатыр деп айтуға келмейді. Бірақ «MGM» грант отелінің қасында, шайқас болатын ғимараттың жанында үлкен суреттері ілініп тұр. Мұнымен қоса кәсіпқой бокста өзіндік орны бар, жілігін шағып, майын ішкен боксшылар өздерінің болжамдарын да жасап үлгеріпті. Талай алапат айқастың ортасында жүріп ысылған, елудей кездесу өткізіп барлығында да жеңіске жеткен, кәсіпқой бокстың маңдай алды жарық жұлдыздарының бірі кіші Флойд Майвезердің жасаған болжамы біздің жүрегімізге қанжардай болып қадалды. Әрине, елден келгесін, Генаның жанкүйері болғасын ауыр тиетіні анық. Ол былай дейді: «Көптен күткен шайқас бұл. Әдемі тартысты кездесу болады, сол жекпе-жекте Сауль Альварес Геннади Головкинді накаудқа түсіреді», – дейді. Оны неге байланысты айтып отырғанын біз де саралап көрдік. Бір кезде әлемнің бокс мамандары Гена мен Майвезер шаршы алаңда кездесуі керек, бірі салмағын түсіруі керек, екіншісі көтеруі тиіс, сол арқылы кім мықтыны анықтаған жөн деген. Сол кезде Гена болса болар деп ишара танытып, мен ондай айқасқа дайынмын, жұдырықтасам деген қарсыласым қорқып қалмай ма екен деген еді. Ал Мейвезер жауап қайтпаған. Оның жауап бермеуінің арғы жағында менсінбегендік білінді. Сол кездегі Генаның сөзі шамына тисе керек, Саульға жақтасуының басты себебі де осы болар деп іштей шештік.
Головкин мен Альварестің жекпе-жегі олай болды, бұлай болды деп мықтымситын жөніміз жоқ. Оған бәріңіз куә болдыңыздар, жүз рет қайталап, мың рет кесіп-кесіп көрсеткен шығар, газет-журнал жазып, сымсыз телефондар айтқан болар, интернет деген әлемге ғарышқа ұшып шыққанда ұшып шығатын дүние бар, сол арқылы да біліп жатсыздар. «Болар іс болды, бояуы сіңді» дейді қазақ.
Маған салса, екеуіне тең деген нәтиже берер едім. Головкин өзіміздікі деп оған жеңісті сүйреп, тартпас едім. Бірақ ол менің есебім, төрешілер есебі бөлек. Қалай дегенмен қан майданнан біздің бала қансырап шықты. Тіпті, бір жағынан аяйсың да. Анау саржағалдың бет-аузы анасынан жаңа туғандай сол күйі албырап тұрса, біздің баланың бет-аузы, Құдай кешірсін бұл сөзімді, соқамен жыртқандай, қан-қан, ісік-ісік, тыртық-тыртық болып оралды. Мұның өзі біраз мәселені аңғартады. Тағы қайталап айтамын, мен нәтиже туралы сөз қозғамаймын, себебі, әркімнің өз ойы, өз әділеттілік патшалығы бар. Сол арқылы әркім шындыққа жетіп жатқан да шығар. Мен бүгін Геннадий Головкин әрі қарай не істеуі керек деген мәселеге қатысты сіздермен ой бөліспекпін. Кеше тонын отқа тастағандай, өкпелеген балаға ұқсап рингтен ешбір сұхбат бермей өз бөлмесіне қарай томсырап кетіп қалды. Баспасөз мәслихатына амалсыз келді. Ол жерде айтқанын да естіген боларсыздар. «Мен ораламын!» деген сөзі біреулерге ұран секілді естілгенімен, мен үшін үлкен сұрақ белгісін қойылды. Сондықтан өзіміз ұнататын, қолдайтын ұлымыздың болашағын сіз бен біз болып та тереңірек ойлануымыз керек дегім келеді.
Мысалы, Головкиннің бұл шайқастан соң екі-үш демалғаннан кейін бұрынғыай құлдыраңдап шыға келетіндігіне дау жоқ. 37-38 жас деген кәрілік емес, бірақ 27-28 еместігін де ұмытпаған жөн. Егер Головкин қайтып келсе, кіммен кездеседі деген сауал туындайды. Әрине, ол Альварестен қарымта айқас сұрауы тиіс. Сұрайды да. Азамат ретінде де, жігіт ретінде де. Ал Альварес жақ, оған қарсы жақ Геннадийге қарымта жекпе-жекті бере ме, бермей ме, ол үлкен мәселе. Қорыққаннан емес, әрине. Біріншіден, Головкиннің баспасөз мәслихатында айтқан сөздері бар. Одан кейін біраз басылымдарға берген сұхбатында «Қарымта кездесудің Америкада емес, басқа мемлекетте өтуін сұраймын, соны талап етемін» деген екіұшты ойлар айтты. Әрине, бұл шайқастың Монако, Франция, Германия, тіпті, ағылшындар елінде болғаны қызықты өтуші еді. Бірақ бұл жерде жүз пайыз білетінім, Альварестің командасы бұл шайқасты Лас-Вегастан басқа ешқайда жібермейді.
Біріншіден, олар өздерінің көз алдында барлық жағдаймен қамтылған, жан-жағын қоршаған тілектес адамдарымен бірігіп өткізеді. Мексикалық журналистен: «Америкада қанша мексикалық тұрады?» деп сұрадым. Ол «Мексика халқының 70 пайызы Америкада тұрады» деп жауап қатты. Есептей беріңіздер.
Америкада боксты «жатқызып-тұрғызып», өткізіп отырғандар тек мексикалықтар. Бір жағынан, Мексиканың мұндай әрекеттеріне риза боламын. Біз Қазақстанды бокс елі деп айтамыз. Кейінгі бес Олимпиада ойындарында алтын медальсіз қалған жоқпыз. Талай жарыстарда оза шаптық. Бірақ біздің бокстағы кереметтігіміз Мексиканың кәсіпқой бокстағы кереметтігінің жанында, тіпті, жоққа тән деп айтуға болады. Мексиканың екі баласының бірі боксшы, Мексиканың екі баласының бірі чемпион, Мексиканың екі баласының бірі үш дүркін чемпион. Бұлар да, Бразилияда баланың анасынан доп алып туатыны секілді, анасынан бокс қолғабын киіп туа ма деген ойға қалдым. Головкиннің үш бірдей шайқасына келіп, куә болып, соның бәрінің ыстық-суығынан өткеннен соң барып Мексиканың шын мәнінде балаларының бокста «мен мұндамын» деп туатынын көріп ерекше таң қалдым.
Осы «Golden Boy Promotion» компаниясын басқарып отырған Оскар де Ла Хойяның өзі неге тұрады. Қателеспесем, бес салмақта жеті дүркін чемпион! Де Ла Хойяның ағасынан туған жас боксшы бар. Ол – болашақ әлемнің бірнеше дүркін чемпионы. Өзі де денелі, салмағы бүгінгі таңның өзінде алпыс келіден асады. Оның өте мықты боларына дауым жоқ. Сөздің тоқетерін айтсам, Головкинге боксты осы жерден тоқтат дер ем. Бұған сіздер қарсы болатындығын білемін. Көбіңіз: «Мына Несіпке не жоқ, Головкин жеңілгені үшін әлсіз деп жүр ме» деп тіксініп те қалған боларсыздар. Жоқ, олай емес. Головкин жайлы репортаждарымда сонау 2004 жылы Афина олимпиадасының финалында Гайдарбек Гайдарбековпен шайқасқанда, мен сонда отырған адаммын. Гайдарбек Гайдарбековті бір бұрышқа тақап сабап, чемпион болады деп сенген адаммын. Өкінішке қарай, Гайдарбековтен ұтылғаны анық. Бірақ соның астында, тасасында құпия нәрселер тұр ма деп әлі күнге дейін ойлаймын. Содан бері Головкинді білетіндей болдым. Оның боксты білудегі талабы, құдіреті жағынан, әлемде бүгінге дейін 100 үздік боксшы бар десек, соның алғашқы 50-інің ішіне еркін кіреді. Олар: баяғы Мұхамед Әли, Хаглер, Фрейзер мен Кличколар секілді боксшылар.
Ал боксты қоюы керек деуіме не себеп? Оған кешегі жеңілісі себеп. Головкин Альварестің соңына біраз түсті, ақыры кездесіп, екінші айқасында жеңілді. Енді Головкин боксқа оралса, Альварес тұстас боксшылардан төмен былғары қолғап шеберлерінің бірде-бірімен кездесуге қақысы жоқ. Мен мұны спортты түсінетін, боксты білетін адам ретінде, әлемдік бокстың тәжірибесіне сүйене отырып айтып отырмын. Мартиросян секілді деңгейі төмендеу боксшыларды жеңіп, соған қолын көтергенге мәз болып, ақшасын алып әрі қарай кете берсе, күлкіге қалады. Мұндайды қазақ «Арыстан қартайса, тышқан аулайды» деп атайды. Сондықтан Геннадий тек Альварес тұстағылармен кездесуі керек! Олар кім десеңіздер, атайын. Олар: Билл Джо Сондерс, Джейкобс және Альварестің өзі немесе солардың қатарына жетеқабыл боксшылар. Дегенмен Геннадийдің оларды жеңу-жеңбеуі екіталай. Өйткені Генажан біраз жас биігіне шығып қалса, әлгілер күннен-күнге күш қосып, толысып келе жатқандар. Ал Альварестің командасымен қарымта айқасқа келіскен күйдің өзінде олар бұл кездесуді Қазақстан, Азия тұрмақ, Еуропаға да бермейді. Меніңше, тек АҚШ-та, оның өзінде Лас-Вегаста ғана өткізеді. Себебі бұл қалада өткізу шайқастың кұнын еселейді. Әлемдік бокс қызығының орталығы, ақша шоғырланған жер – Лас-Вегас. Екі сағаттық жекпе-жек үшін 25 мың долларын жұмсайтын кімдер?
Олар тек Лас-Вегастағы адамдар. Егер бұл кездесу қайта сол жерде өтетін болып келісілсе, оның ар жағында қыруар қаржы жатқандығына күмәнім жоқ. Ол үшін Геннадийді кінәлай алмаймын, осы кезеңде ақша тауып, бұдан кейін ешбір уайым-қайғысыз өмір сүруі үшін ұмтылғаны дұрыс-ақ. «Байдың малын байғұс қызғаныпты» дегендей, мен байғұс емеспін. Бірақ Альвареспен Лас-Вегаста қайта шайқасса, ол күні Геннадий рингтен өз аяғымен кетпейді-ау деп қорқамын. Бір жылдың ішінде Сауль Альварес осынша құдіретті дайындықтан өтіп, осынша құдіретті күш қосқан, осынша құдіретті тактикалық жоспар құрған. Оның командасы да мықты.
Осы жағынан келгенде мен Головкиннің командасына ренжулімін. Шынында, Альварес алғашқы жекпе-жекте төрт бұрыштың әр бұрышына қашып жүріп соғысты. Сөйтіп тең ойынға дейін жетті. Ал осы жолы бір қадам артқа шегінде ме? Жоқ. Тек алға ұмтылып отырды. Керісінше, Геннадий шегініп отырды. Альварестің соққыларының бәрі Геннадийге өте ауыр әрі дәл тиіп отырды.
Соның көрінісі екеуінің бет-бейнесінде тұрды. Көп мамандар Головкинге «сен оны әлсіз тұсынан, бүйір, бауырынан ұруың керек еді» деген секілді ақылдарын айтып жатты. Сырттан ақыл беру оңай. Мен де қазір ақыл айтып отырмын ғой. Рингке шыққандағы сенің не істеуің керектігін анықтап, сол бойынша жұмыс істеу өте қиын. Рас, Геннадий әлі ашық қалған жерлерінен ұруы керек еді. Бірақ «Канело» оған мүмкіндік берді ме? Геннадийдің қолы ұруға серпілген сәтте Альварестің соққылары бұр-шақша жауып, біздің баланы бір өлтіріп, бір тірілтті. Қандай соққылар жасалғанын өздеріңіз көрдіңіздер.
Сол соққылардың бәріне шыдап, рингте нық тұрып қалғанына Құдайға тәубе дедім. Головкинді елдің мақтанышы, батыры деп отырған елге менің бұл сөздерім ауыр тиюі мүмкін. Бірақ өмір бойы өзімнің білетін шындығымды, көргенімді, ойыма түйгенімді айтып үйренгенмін. Егер сөздерім қате болмаса, Геннадий ашуын басып, жан-жақтан берген ақылымыздан соң бір ғана жеңіліспен үлкен боксты тоқтатса деймін. «Жеңілген күреске тоймайды» деген сөзді мен емес, қазақ айтқан. Жеңілген сайын адамның бойындағы ашу өршіп, әлеуеттік мүмкіндігіне бағынғысы келмейді. Осы кездесуге Лас-Вегастағы 200 беттік спорт газеті бес беттік материал арнапты. Көп дүние айтылған.
Соның ішінде Альварестің орта салмақтағы чемпиондыққа үлкен боксты тастап кетпейінше ешкімге орнын бермейтіні туралы пікір мені қатты ойландырды.
Шын мәнінде, Америка – кәсіпқой бокстың орталығы, отаны, астанасы. Сондықтан 200 беттік газеттің материалын екі журналист жүгіріп барып жазбағаны белгілі. Олар талай адамдармен ақылдасып барып осындай дүниені жариялаған. Осы шайқасқа арналған отыздан аса пікірді оқыдым. Олардың арасында ой салатыны да, қынжылтатыны да, ашуландыратыны да, қуантатыны бар. Мысалы, Леннокс Льюис: «Головкин жеңілген жоқ, жеңді» деп айтады. Онысына рақмет! Сол секілді Американың атақты тележүргізушісі тікелей эфир кезінде: «Бұл не, Головкиннің жеңісін ұрладыңдар, ұяттарың қайда?» деп айқайлапты. Бірақ ақылды, ойлы пікірлерге көз жүгіртсеңіздер, Геннадий шайқастың тізгінінен айырылып қалғаны көп жазылған. Сөйте тұра мен бұл жекпе-жекке тең нәтиже берер ем, оны тағы айтамын. Басты мәселе – ұлымыздың, мақтанышымыздың батырымыздың абыройы. Мен айтқан сөздер жайлы жақсылап ойланып көрсеңіздер екен деймін.
Головкинді Альвареске қайта салып, жас жігіттің күн сайын толысып келе жатқан жұдырығынан оның бет-аузының дәл бүгінгідей адам танымастай болып қайтқанын сіздер қалар ма едіңіздер?! Оның кімге керегі бар?! Геннадийдің қалтасына 20, мейлі 50 млн доллар да түсер, бірақ абыройды сатып ақша тапқаннан кім ұшпаққа шығады?! Менің ойым осы еді.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *