18.09.2018 0 1 535
Дэн Браун
1965 жылы Нью-Гэмпширде (АҚШ) туған, оның әкесі математика профессоры болған, ал, анасы – кәсіпқой музыкант. Ол Филипс-Экзетер академиясы мен Амхэрст-колледжді бітірген.
«Да Винчи коды» романы жариялана салысымен алғашқы күннің өзінде оның 6 мың данасы сатылған. Оның 40 тілге аударылған бестселлерлерінің жалпы әлемдік тиражы 8 миллион данаға жуықтайды. Жазушы, сондай-ақ, журналистикамен де айналысады, «Newsweek», «TIME», «Forbes», «People», GQ, «The New Yorker» журналдарында мақалалары жүйелі түрде жарияланып тұрады, әртүрлі танымал радио-телебағдарламаларға қатысады.
Деректер
Сион Приораты* – құпия еуропалық қоғам, 1099 жылдан істеп келе жатқан ұйым. Қатарында сэр Исаак Ньютон, Боттичелли, Виктор Гюго және Леонардо да Винчи бар, Сион Приоратының көптеген мүшелерінің есімдері ашылып көрсетілетін, «Құпия құжаттар» деген атпен белгілі қолжазба орамдары 1975 жылы Париждің ұлттық кітапханасынан табылған еді.
«Опус Дея» ретінде белгілі Ватиканның жеке прелатурасы терең құдайшылдықты насихаттайтын католиктік секта болып табылады. Миды «жуу», зорлық-зомбылық және «тәнді өлтіру» сияқты қауіпті салттарымен осындай қайғылы атауға ие болған. «Опус Дея» сектасы құны 47 миллион долларды құраған Нью-Йорктағы Лексингтон-авенью, 243 үйдегі өзінің штаб-пәтерінің құрылысын енді ғана бітірген болатын. Кітапта өнер, сәулет туындыларының, құжаттар мен құпия салттардың дәл сипаттамалары берілген.
*Приорат немесе синьория – ортағасырлық коммуна-қалалардың бірқатарындағы қалалық басқару органы. Масондық дәстүрдегі Ұлы приорат – масондықтың (Шіркеу, Госпиталь) деноминациясының біріндегі басқару жүйесінің бөлімшесі. – Ред. ескертпесі.
Пролог
Париж, Лувр
21.46
Атақты тәлімгер Жак Соньер, шайқатыла басып, Үлкен галереяның күмбезді аркасының астынан өтіп, көзіне бірінші шалынған картина, Караваджоның суретіне қарай бет алды. Қолдарымен алтындатылған рамаға жармасып, керемет туынды қабырғадан жұлынып, өзінің астына жетпіс жастағы қарт Соньерді астына ала құлағанға шейін, өзіне қарай тарта берді.
Сонердің болжамдағанындай, жақын маңда, гүрсілдей келіп, осы залға барар жолды бөгейтін темір тор, төмен түсті. Паркет еден дірілдеп кетті. Әлдеқайдан дабылдатқыштың дауысы азынап қоя берді.
Тәлімгер бірнеше секунд қозғалмастан жатып қалды, ауа жетпей алқына демалып, қай әлемде жатқанын ұғуға тырысып бақты. Мен әлі-әзір тірімін. Содан соң ол суреттің астынан шықты да, жасырынатын жер іздеп, жанталаса жан-жағына көз жүгірте бастады.
Дауыс ол ойламағандай жақын жерден шықты:
– Қозғалма!
Төрт тағандап тұрған тәлімгердің денесі мұздап кетті, сосын жайлап артына бұрылды. Небары он бес футтай ғана жерде, тордың ар жағында, өзін өкшелеп келе жатқан жанның еңселі де ызбарлы тұлғасы тұрды. Биік, кең иықты, өліктей боп-боз және сирек ақсары шашты. Көзінің ағы қызарыңқы, ал қарашықтары өңменіңнен өтердей қою қызыл түсті. Альбинос қалтасынан тапаншаны алып, оның ұзын ұңғысын темір шыбықтардың арасынан өткізді де, тәлімгерге кезенді.
– Сен қашуға тиіс емессің, – деді ол ажыратуы қиын акцентпен. – Ал, енді айт: ол қайда?
– Мен айттым ғой, – сол дәрменсіз күйінде төрт тағандап тұрған тәлімгер, мүдіре күңкілдеді. – Сіздің не туралы айтып тұрғаныңызды түсінбедім.
– Өтірік! – Еркек тапжылмады және оған қызыл ұшқындары жарқылдаған қорқынышты көздерінің мызғымайтын назарымен қарады. – Сенде және сенің бауырларыңда сендерге мүлдем тиесілі емес бірнәрсе бар.
Тәлімгер қалтырап кетті. Ол қайдан білуі мүмкін?
– Ал бүгін сол зат өзінің шынайы иелерін табады. Сондықтан, оның қайда екенін айт, сонда тірі қаласың. – Еркек ұңғыны сәл төмен түсірді, енді ол тұп-тура тәлімгердің басын көздеп тұр еді. – Әлде, бұл сен өлуге даяр болатындай, құпия ма?
Соньер демін ішіне тартты.
Еркек басын әнтек шалқайтып, көздей бастады.
Соньер дәрменсіз халде қолдарын көтерді.
– Тұра тұрыңыз, – деп міңгірледі ол. – Мен бар білгенімді айтамын. – Сөйтіп, тәлімгер әрбір сөзін мұқият екшеп сөйлей бастады. Бұл өтірікке ол талай мәрте дайындалған болатын және қашанда оның көмегіне жүгінуге тура келмесе екен деп тілейтін.
Ол сөзін аяқтаған кезде, оның қуғыншысы өзіне разы болған кейіпте жымиды:
– Иә. Маған басқалар да дәл осыны айтқан.
– Басқалар? – Соньер ойша таң қалды.
– Мен оларды да іздеп таптым, – деді альбинос. – Бүкіл үштікті. Олар да, қазір ғана сенің айтқаныңды, растады.
Бұлай болуы мүмкін емес! Өйткені, тәлімгердің шынайы тұлғасы мен оның үш senechaux*-ының тұлғалары, олар сақтап келе жатқан ежелгі құпиядай, соншалықты қасиетті және дербес болатын. Бірақ, осы тұста Соньер түсіне қойды: оның парызға адал үш senechaux*-ы да, өлер алдында, бұл айтқан аңызды әңгімелеп берген. Ол түпкі ойдың бір бөлігі еді.
Еркек тағы да көздей бастады.
– Сондықтан, сен өлгенде, шындықты білетін әлемдегі жалғыз адам мен боламын.
Шындықты!.. Тәлімгер осынау сөздің сұмдық мәнін әп-сәтте түйсінді, жағдайдың бүткіл сұмдығы оған түсінікті болды. Егер мен өлсем, шындықты ешкім, ешқашан білмейтін болады. Сондықтан, өзін сақтау түйсігі шықпыртқан ол, қалқа болар жер іздеді.
*Ертедегі қызметшілер, жалшылар (фр.).
– Осы жерде және ары қарай аудармашының ескертпелері.
Қару гүрс етті, тәлімгер еденге ырықсыз сылқ етіп отыра кетті. Оқ оның ішіне тиіпті. Ол… төтенше ауырсынуды жеңе отырып, еңбектеуге әрекеттенді. Еппен басын көтерді де торкөздердің арасынан қанішерге көз тікті. Соньер көзін қыса жұмып алды.
Енді ол оның басын көздеп еді.
Соньер көзін жұмды, қорқыныш пен өкініш өзегін өртеді.
Тапаншаның құрғақ шыртылы дәліз бойына жаңғырық болып тарады.
Соньер көзін ашты.
Альбинос, ештеңе ұқпағандықтан күлкілі болып кеткен түрімен, қаруын тексеріп жатты. Оны қайыра оқтамақ болды да, бұл ойынан бас тартқан сыңайдағы кекесінді жымиыспен Соньердің ішін нұсқады:
– Мен өз жұмысымды істедім.
Тәлімгер жанарын төмен түсірді де, әппақ зығыр көйлегіндегі оқ тескен тесікті көрді. Ол қанды шеңбермен көмкеріліп, көкіректен бірнеше дюйм төмен тұр екен. Асқазан! Қатыгез мүлт кету: оқ жүрекке емес, ішіне тиіпті. Тәлімгер Алжирдегі соғыстың ардагері болатын және талай азапты өлімдерді көрген. Ол енді бір он бес минут өмір сүреді, ал, асқазаннан шыққан қышқыл, кеуде қуысына ене отырып, оны біртіндеп улай бастайды.
–Ауырғаны, білесіз бе, пайдалы, месье, – деді де, альбинос кетіп қалды.
Жалғыз қалған соң, Жак Сонер темір торға қарады. Ол қақпанға түсіп қалды, есіктерді ашқанға дейін жиырма минут бар. Ал, көмек келіп жеткен кезде, ол өліп жатады. Бірақ, дәл осы сәтте оның зәресін алып тұрған ажал емес-ті.
Мен құпияны беруге тиіспін.
Ол тұрмақшы болғанда, көз алдына қайтыс болған үш бауырының бейнесі келгендей болды. Құпияны кейінгілерге бере отырып, өздері атқарған миссия туралы, бауырларының ұрпағы туралы есіне алды.
Білімнің үздіксіз тізбегі.
Енді міне, барлық сақтық шараларына және қулықтарға қарамастан, ол, Жак Сонер, осы тізбектің жалғыз түйіні, құпияның жалғыз сақтаушысы болып қалды. Тұла-бойы дір-дір етіп, ол, ақыры, түрегелді.
Мен қандай да бір әдісін табуға тиіспін…
Ол Үлкен галереяға қамалып қалған еді, енді жарық жалғанда білім алауын өткізіп беретін жалғыз-ақ адам қалды. Соньер өзі қамалған салтанатты зынданның қабырғаларына шолып қарай бастады. Оларды бүкіл әлемге танымал суреттердің жиынтығы безендіріп тұрды, суреттер оған жоғарыдан, ескі достарындай, жымия қарап тұрғандай болып көрінеді.
Аурудан қабағын шытынған ол, бар күші мен ептейлілігін көмекке шақырды. Оның алдында тұрған міндет зор күш жұмылдыруды талап етеді және оған берілген өмірдің соңғы секундтарына дейін барлығын тартып алады.
1-тарау
Роберт Лэнгдон бірден ояна қоймады.
Әлдеқайдағы қараңғылықтан телефон шырылдады. Тек бұл қоңырау әдеттен тыс шұғыл, ащы шықты. Тумбочканың үстін сипалай отырып, ол түнгі лампаны қосты. Сөйтіп, көзін сығырайтып, айналаға айқындап қарады: Ренессанс стиліндегі, мақпалмен тысталған ұйықтайтын бөлме, Людовик ХҮІ кезіндегі жиһаз, қол еңбегімен істелген фрескалармен безендірілген қабырғалар, балдахинге лайықталған қызыл ағаштан жасалған кереует.
Мен қайдамын, сайтан алғыр?
Креслоның арқалығында монограммасы бар жаккард халат ілулі тұрды:
«ОТЕЛЬ «РИТЦ», ПАРИЖ»
Басындағы тұман біртіндеп тарай бастады.
Лэнгдон трубканы көтерді:
– Алло?
– Месье Лэнгдон? – деп сұрады еркек дауысы. – Сізді оятып жібермеген шығармын деп үміттенемін?
Лэнгдон көзін сығырайтып үстелдегі сағатқа қарады. Сағат түнгі 12.32-ні көрсетіп тұрды. Ол небәрі бір сағат қана ұйықтады, сондықтан, өлердей шаршап тұрған болатын.
–Бұл портье, месье. Мазаңызды алсам, кешіріңіз, бірақ сізге біреу келіп тұр. Шұғыл шаруам бар дейді.
Лэнгдонның ұйқысы әлі ашылмаған еді. Келуші? Оның назары тумбочкадағы умаждалған қағазға түсті. Бұл шағын жарқағаз (афиша) болатын.
ПАРИЖДІҢ АМЕРИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Сізді Гарвард университетінің діни символика профессоры Роберт Лэнгдонмен кездесуге шақырамын.
Лэнгдон ақырын ыңырсыды. Кешкі дәріс слайдтарды көрсетуге жалғасқан еді: Шартрдағы шіркеуді тастан қалау кезінде көрініс тапқан пұтқа табынушылық символизмі, – консервативтік профессурада ол, бәлкім, талғамға сай келмес еді. Тіпті, мүмкін, ең діндәр ғалымдар оның кетуін өтініп, Америкаға баратын алғашқы рейске отырғызып жіберер.
– Кешіріңіз,, – деп жауап берді Лэнгдон, – бірақ, мен қатты шаршадым және…
– Mais, monsieur*, – портье, дауысын сыршыл сыбырға дейін төмендетіп, жалғастырды. – Сіздің қонағыңыз – өте ықпалды тұлға.
*Бірақ, мырза (фр.).
Лэнгдонның бұған еш күмәні болған жоқ. Діни кескіндеме және табыну символикалары жөніндегі кітаптары оны өнер әлеміндегі өзіндік бір танымал тұлғаға, тек теріс жағынан, айналдырған еді. Ал, өткен жылы Лэнгдонның шулы атағы баспасөзде кеңінен әспеттелген, Ватикандағы аса бір астарлы уақиғаға қатысуының арқасында, керісінше, арта түскен болатын. Содан бері әр түрлі мойындалмаған тарихшылар мен өнер төңірегіндегі дилетанттар оны әбден шаршатқан болатын, тура, топ-тобымен келетін.
– Рахым етіңіз, – Лэнгдон барынша сыпайы сөйлеуге тырысты, – ол адамның аты мен мекенжайын жазып алыңызшы. Және оған айтыңыз, мен оған бейсенбі күні, Парижден кетер күні, қоңырау шалуға тырысамын. О,кей? Рахмет! – Сөйтіп, ол, портье әлдене деп қарсылық білдіріп үлгергенше, трубканы іліп қойды.
Ол кереуетке отырды, сөйтіп, қабағын түйе, үстелше үстінде мейманхана қонақтарына арналған, мұқабасында, дәл қазір өзін мазақтау үшін жазылғандай болып көрінген мына: «ОТТАР ҚАЛАСЫНДА НӘРЕСТЕДЕЙ ҰЙЫҚТАҢЫЗ, ПАРИЖ, «РИТЦ» МЕЙМАНХАНАСЫНДАҒЫ ТӘТТІ ҰЙҚЫ» жазулары бар күнделікке тесілді. Ол теріс айналды да, қабырғадағы биік айнаға шаршаңқы жүзбен көз салды. Одан көрінген еркек бейтаныс жандай боп көрінді. Ұйпа-тұйпа, шаршаңқы.
Саған жақсылап демалу керек, Роберт.
*Жоқ, месье (фр.)
Соңғы жыл ерекше ауыр болды, сол мұның сырт келбетінен көрініс тапты. Әдетте соншалықты сергек көк көздерінің оты сөніп, айналасына жабыға қарайды. Шықшыттары мен шұқыршасы бар иегін қылтанақтар көлеңкесі басқан. Самай шаштарын ақ күміс басқан, ол аздай, ақ шаштар қою шашының да арасынан жылтырайды. Әйел жынысты әріптестерінің барлығы да шашына ақ кіруінің оған сұмдық жарасымды екеніне және ғалымдық сипатын айшықтай түсетініне сендіргендерімен, оның өзі онша қуана қоймайтын.
Мені қазір «Бостон мэгазинде» көрер ме еді!
Өткен айда, Лэнгдонның таңырқанысы мен біршама сасқалақтауына орай, «Бостон мэгазин» журналы оны қаладағы ең «пәлеқор» он адамның тізіміне енгізіп қойды – күмәнді абырой, өйткені, бұл Гарвардтағы әріптестерінің тарапынан үздіксіз күлкі етушіліктің қайнарына айналды. Міне, қазір де, өз үйінен үш мың миль қашықтықта да оған журналдың көрсеткен құрметі, оны, тіпті, Париж университетіндегі дәрістерінде де қыр соңынан қалмайтын сұмдыққа ұласты.
– Ханымдар мен мырзалар, – деп жариялады кешті жүргізуші қыз, «Павильон дофина» атты аузы-мұрнынан шыға толған залға қарай отырып, – біздің бүгінгі қонағымыз таныстыруды қажет етпейді. Ол – көптеген кітаптардың авторы, олардың қатарында: «Құпия секталардың символикасы», «Интеллектуалдар өнері: идеограммалардың жоғалған тілі» бар. Және тағы да, «Діни иконология» да дәл осы кісінің қаламынан шыққандығын айтсам, сіздерге керемет жаңалық ашқандай да болмаймын. Сіздердің көпшілігіңіз үшін оның кітаптары оқулыққа айналып кеткен.
Студенттер келіскендіктерін білдіріп, жігерлене бастарын изесті.
– Міне, бүгін мен сіздерге осы адамның өте әсерлі curriculum vitae*-сін сипаттап, таныстырсам деп едім. Бірақ… – осы сәтте ол президиум үстелінің басында отырған Лэнгдонға ойнақылана көз тастады, – біздің студенттеріміздің біреуі жаңа ғана маған анағұрлым, егер солай деп айтуға болатын болса, назар аударарлық кіріспені ұсынды.
Сөйтіп, ол бостондық журналдың жаңа санын көрсетті.
Лэнгдон тыжырына қалды. Сайтан алғыр, ол мұны қайдан тауып алған?
Жүргізуші қыз барып тұрған нақұрыстық мақаладан үзінділер оқи бастады, ал, Лэнгдон сәт сайын креслоға тереңірек тығыла түсті. Отыз секундтан кейін бүкіл аудитория сықылықтап жатты, ал, ханымның алған бетінен қайтар ойы да жоқ.
*Өмір шеңбері (лат.).
– Мистер Лэнгдонның бұқаралық ақпарат құралдарына өзінің өткен жылғы Ватикандағы кеңестегі өзгеше рөлі туралы айтып беруден бас тартуы оның «пәлеқорлардың» алғашқы ондығына кіру үшін болған күресте ұпай жинауға көмектескені анық!. – Осы жерде ол тоқтай қалды да, аудиториядан сұрады: – Тағы да тыңдағыларыңыз келе ме?
Оған жауап ретінде ду қол соғылды
Жоқ, оны әлдекім тоқтатуға тиіс, деп ойлады Лэнгдон. Ал, қыз болса, жаңа үзіндіні оқи бастады:
– «Біздің кейбір жас үміткерлерге қарағанда, профессор Лэнгдонды анау айтқандай, естен тандырарлықтай сұлу деп санауға болмаса да, өзінің қырықтан сәл ғана асқан жасында ол жеткілікті дәрежеде ғалымдық тартымдылыққа ие. Әрі жұмсақ баритон үні, оның тартымдылығын толықтыра түседі, студент қыздардың пікірінше, ол тура «құлаққа майдай жағады» екен».
Зал іші күлкіден жарылып кеткендей болды.
Лэнгдон зорлана күлімсіреді. Ол әрі қарай не болатынын білді – «Твидтегі Гаррисон Форд Гарристен» тақырыбына пассаж. Әрі бүгін ол асығыстықпен Гаррис фирмасының твид пиджагі мен Берберидің созылмалы свитерін кигендіктен, дереу қандай да бір шаралар қабылдамақ болып шешті.
– Ризамын сізге, Моник, – деді Лэнгдон, орнынан тұрды да, подиумнан түсті. – Осы бір бостондық журналда расында да көркем сөзді меңгерген қабілетті адамдар жұмыс істейтіні анық. Олар роман жазса да артықтық етпейді. – Ол күрсінді де, залды шолып шықты. – Оның үстіне, егер мен бұл журналды мұнда кім әкелгенін білетін болсам, ол оңбағанды сыртқа қуып шығуды талап етер едім.
Тағы да барлығы қосыла ду күлді.
– Несі бар, достар, барлығыңызға белгілі, мен бүгін сіздерге символдардың билігі туралы әңгімелеуге келген болатынмын…
Телефон шырылы Лэнгдонның ойын үзіп жіберді.
Ол шарасыз күрсінді де, трубканы алды:
– Иә?
Күткеніндей, бұл тағы да портье болып шықты.
– Мистер Лэнгдон, мазалағаным үшін тағы да кешірім өтінемін. Бірақ, мен сізге қонақтың бөлмеңізге қарай бара жатқанын хабарлау үшін қоңырау шалдым. Мен сізге ескертіп қойғаным жөн болар деп ойлап едім.
Лэнгдонның ұйқысы толығымен ашылды.
– Сонда сіз оны менің нөміріме жібердіңіз бе?
– Кешірім өтінемін, месье, бірақ, мұндай дәрежедегі адам… Бар болғаны, оны тоқтатуға хақым жоқ қой деп ойладым.
– Ау, ол соншалықты кім еді?
Бірақ, портье трубканы іліп қойған еді.
Тап сол сәтте есік қатты қағылды.
Лэнгдон кереуеттен еріне көтерілді, жалаң аяқтары қалың, мамық кілемге сүңгіп кетті. Ол халатын жамылып, есікке бет алды.
– Бұл кім?
– Мистер Лэнгдон? Менің сізбен сөйлесуім керек. – Еркек ағылшынша акцентпен сөйлеп тұрды, дауысы қатқыл әрі бұйыра шықты. – Мен лейтенант Жером Коллемін. Сот полициясының Орталық басқармасынан.
Лэнгдон қалшиып қалды. Сот полициясының Орталық басқармасы немесе қысқаша СПОБ? Ол бұл ұйымның Францияда АҚШ-тағы ФТБ-мен бірдей екенін білетін.
Шынжырды ағытпастан, ол есікті бірнеше дюймге ашты. Оған жағы суалған, арық бет-әлпет қарап тұрған-ды. Оның үстіне, көк форма киген кісінің өзі де адам айтқысыз арық екен.
– Менің кіруіме бола ма? – деп сұрады Колле.
Лэнгдон, өзіне өңменінен өткізе тексере қарап қалған лейтенанттың назарын сезіп, күмілжіп қалды.
– Не болып қалды, өзі?
– Менің капитаныма сіздің көмегіңіз керек болып тұр. Бір жеке істегі сараптама.
– Дәл қазір ме? – деп таң қалды Лэнгдон. – Түн ортасынан ауып кетті ғой.
– Бүгін кешкісін сіз Лувр тәлімгерімен кездесуге тиіс болдыңыз, менің ақпаратым дұрыс па?
Лэнгдонның бойын алаңдаушылық сезімі биледі. Расында да, ол және қадірменді Жак Соньер дәрістен соң кездесіп, ішімдіктен ұрттай отырып әңгімелесуге келіскен болатын, алайда, тәлімгер сол бойы келген жоқ.
– Иә. Бірақ, сіз оны қайдан білесіз?
– Оның үстел күнтізбесінен сіздің фамилияңызды таптық.
– Оның жағдайы дұрыс шығар деп үміттенемін?
Агент күрсінді де, есік саңылауынан «полароидпен» түсірілген суретті ұсынды.
Фотосуретті көрген Лэнгдонның бойы мұздап сала берді.
– Сурет сағатқа толмас уақыт бұрын түсірілді. Луврдың ішінде.
Лэнгдон жантүршігерлік суреттен көз айырмады және оның жиіркеніші мен наразылығы ашулы дауысынан аңғарылып тұрды:
– Әйтсе де, мұны кім істеуі мүмкін?!
– Біздің де соны білгіміз келеді. Және діни символика саласындағы біліміңіз бен Соньермен кездеспек болған ниетіңізді ескере отырып, сіз бізге көмектеседі деп үміттенеміз.
Лэнгдон суреттен көзін айырған жоқ, енді наразылықтың орнын үрей басты. Көрініс жиіркенішті еді, бірақ, бұл жерде мәселе онда да емес еді. Оның бойында déjà vu* алаңдаушылық сезімі биледі. Бір жылдан сәл астам уақыт бұрын Лэнгдон мәйіттің суреті мен осыған ұқсас көмек сұраған өтініш алған еді. Ал, тағы бір жиырма төрт сағаттан кейін өзі де өмірімен қош айтыса жаздаған және бұл оқиға Ватиканда болған еді. Жоқ, мына сурет мүлдем басқа, бірақ, әйтсе де, жасалу жолындағы ұқсастық айқын болатын.
*Мен мұны әлдеқайдан көргенмін (фр.).
Агент сағатына қарады:
– Менің капитаным күтіп тұр, сэр.
Бірақ, Лэнгдон оны естіген жоқ. Көздері бұрынғысынша суретке тесіліп тұр еді.
– Мына бір жерде символ, сонан соң дене біртүрлі қызық жатыр…
– Ол уланған ба? – деп болжады агент.
Лэнгдон басын изеді, дір етті де, оған жанарын көтерді:
– Әншейін елестете алар емеспін, мұндайды кім жасауы мүмкін…
Агент түнеріп кетті.
– Сіз түсінбедіңіз, мистер Лэнгдон. Сіздің суреттен көріп тұрғаныңыз… – Осы жерде ол мүдіріп қалды. – Қысқасы, месье Соньер мұны өзіне-өзі жасаған.
2-тарау
«Ритц» қонақ үйінен шамамен бір мильдей жерде Сайлас атты альбинос, ақсаңдай басып, рю Лабрюердегі қызыл кірпіштен салынған салтанатты жеке үйдің алдындағы қақпаға қарай өтті. Оның беліне тағылған, адам шашынан өрілген тікенекті белбеуі терісіне ауырта батты, алайда, оның жаны қуаныштан ән салып тұрды. Енді ше, ол Құдайға жақсы қызмет етті ғой. Ауыртқанымен, пайдалы.
Ол жеке үйге кірді, қызарған көздерімен вестибюльді шолып шықты. Сонан соң өзінің ұйықтап жатқан жолдастарын оятып алмау үшін, ақырындап баспалдақпен көтеріле бастады. Оның ұйықтайтын бөлмесінің есігі ашық болатын, мұнда құлыпқа тыйым салынған. Ол кірді де есікті жапты.
Бөлменің жабдықталуы спартандық күйге жақын – жалаңаш тақтай еден, қарапайым қарағай комод, бұрышта төсек қызметін атқаратын кенеп матрас. Мұнда Сайлас бар-жоғы қонақ қана болатын, алайда оның Нью-Йорктегі үйінде де дәл осындай келья еді. Құдай маған баспана мен өмірдегі мақсатты сыйлады. Қалай болғанда да, бүгін Сайлас қарыздарын төлей бастағанын сезінді. Асыға басып комодқа келді де, төменгі тартпасын ашты, оның ішінен ұялы телефонды тауып, нөмірді терді.
– Иә? – Ер адамның дауысы шықты.
– Ұстаз, мен келдім.
– Айт! – әңгімелесушісі бұйыра сөйледі.
– Барлық төртеуінің де шаруалары бітті. Үш senechaux-тың… және Ұлы шебердің өзінің.
Трубкада тыныштық орнады, тап бір әңгімелесушісі Құдайға қысқа мінәжат жасап жатқандай.
– Олай болса, сен ақпаратты тапқан шығарсың деп ойлаймын?
– Төртеуі де мойындады. Бір-біріне қатыссыз түрде.
– Сен оларға сендің бе?
– Барлығының да айтқандары бір нәрсе. Мұның сәйкестік болуы мүмкін емес. Әңгімелесуші трубкаға қызбалана дем шығарды:
– Өте жақсы! Мен бұл жерде бауырластыққа тән құпиялыққа ұмтылыс күш алып кете ме деп қорыққан едім.
– Енді, өлім күтіп тұрғаны – қуатты уәж ғой.
– Сонымен, шәкіртім, енді менің соншалықты білгім келген нәрсені айтшы. Сайлас оның өз құрбандарынан алған ақпаратының жарылған бомбадай әсер ететінін түсініп тұрды.
– Ұстаз, олар төртеуі де clef de voute-нің… аңызға айналған маңызды тастың бар екендігін растады.
Ол желінің арғы басындағы адамның демін ішіне тартқанын айқын естіді, Ұстаздың бойын билеген қозуды сезді.
– Маңызды тас. Дәл сол, біздің болжамдағанымыз. Аңызға сәйкес, бауырластық clef de voute-нің картасын, немесе маңызды тасты жасаған. Ол бетіне бауырластықтың ұлы құпиясының қайда сақтаулы екендігін сипаттайтын белгілер ойып түсірілген тақта тас … Бұл ақпараттың қопарғыш күшінің қуаттылығы соншалықты, оны қорғау бауырластықтың өзінің тіршілігінің мәніне айналды.
– Ал, енді, тас қолымызға түскен болса, – деді Ұстаз, – небары бір ғана, соңғы қадам қалды.
– Біз сіз ойлағаннан да жақынбыз. Маңызды тас осында, Парижде.
– Парижде? Адам сенгісіз! Тіпті, тым оп-оңай.
Сайлас оған өткен кештің уақиғаларын әңгімелеп берді. Төрт құрбанның әрқайсысының өлерден бірнеше секунд бұрын бауырластықтың барлық құпиясын айтып бере отырып, өздерінің ұждансыз ғұмырларын сатып алуға тырысқандықтарын баяндады. Әрі олардың әрқайсысы да Сайласқа бір нәрсе айтқан: маңызды тас өте ақылды түрде оңаша орынға жасырылған, Париждің ежелгі шіркеулерінің бірі – Эглиз де Сен-Сюльписке. – Құдай үйінің қабырғаларына!
Ұстаз үні саңқ етті.
– Ау, олардың бізді мазақ етуге қалай ғана дәттері барған?!
– Олар мұнымен бірнеше ғасырдан бері айналысып келеді.
Салтанатты сәттен ләззат алуды қалағандай, Ұстаз үнсіз қалды. Сонан соң былай деді:
– Сен Жаратушымызға орасан қызмет көрсеттің. Біз бұл сағатты сан ғасырлап күттік. Сен бұл тасты мен үшін табуға тиіссің. Дереу. Дәл бүгін! Тігілер бәстің қаншалықты жоғары екендігін түсінген шығарсың деп үміттенемін?
Сайлас түсінді, әйткенмен, Ұстаздың талабы орындалмайтындай болып көрінді.
– Бірақ, бұл шіркеу нығайтылған қамал сияқты ғой. Әсіресе, түнгі уақытта. Мен оған қалай кіремін?
Сол кезде Ұстаз, қолында орасан билік пен ықпал бар адамның сенімді үнімен, мұны қалай істеу керектігін түсіндірді.
Сайлас трубканы ілді де, қозудың салдарынан терісін мың сан ине піскілеп бара жатқанын сезді.
Ол Құдай үйіне кірер алдында өзіне епитимья салуға мүмкіндік бергені үшін Ұстазына разы күймен, өзіне ескертті, бір сағат. Мен бүгін жасаған күнәларымнан жанымды тазартуға тиіспін. Дегенмен, оның бүгінгі күнәлары игі мақсатпен жасалған болатын. Құдайдың жауларына қарсы соғыстар ғасырлар бойы жалғасып отырған. Кешірім қамтамасыз етіліп қойылған.
Бірақ, соған қарамастан, күнәдан арылу құрбандықты талап ететінін Сайлас білді.
Ол перделерді жауып, жалаңаштанып шешінді де бөлменің ортасына тізе бүкті. Сонан соң жанарын төмен салып, мықынын орап тұрған тікенекті белбеуге қарады. «Сапардың» барлық шынайы жолын қуушылары осындай белбеу – әрбір қозғалыс сайын тәнге қадалып, Исаның азаптарын еске салып тұратын, үшкір темір тікенектері бар белдікті тағып жүретін. Оның ауыртқаны, сондай-ақ, тән құмарлығын тізгіндеуге көмектесетін.
Сайлас өзінің азап белбеуін белгіленген екі сағаттан артық тағып жүргенімен, бұл күн әдеттегіден тыс екенін түсінетін. Сондықтан, ол тікенектер тәніне ауырта кіре түскен сайын ауырсына тыжырынып, айылбастан ұстап, белбеуді қаттырақ тартты. Көзін жұмды да, тазарту алып келетін осы ауырсынудың ләззатына беріле бастады.
Ауырсынудың тек пайдасы ғана бар, Сайлас барлық ұстаздардың Ұстазы Хосе Мария Эскриваның қасиетті мантрдан айтқан сөздерін ойша қайталады. Эскриваның өзі 1975 жылы өлсе де, оның ісі жалғасын тауып, оның даналық сөздерін бүкіл жер бетіндегі мыңдаған шын берілген қызметшілері, әсіресе, тізерлей кетіп, «тәнді өлтіру» деген атауды иеленген қасиетті салтты орындаған кездерінде сыбырлауды жалғастыра түсетін.
Сонан соң Сайлас артына бұрылды да, кішкентай түйіншектері бар, ірі тоқылған, аяқ астына ұқыптап жинап қойылған арқанға қарады. Түйіншектер қатқан қанмен былғанған болатын. Алдағы анағұрлым күштірек тазартқыштық ауырсынудың дәмін түйсіне отырып, Сайлас қысқаша дұға қайырды. Сонан соң арқанның бір басынан алып, көзін тарс жұмып, өз арқасын, түйіншектердің терісін қалай тырналағанын сезіне отырып, иықтан асыра осып қалды. Тағы да осып қалды, бұл жолы қаттырақ. Сөйтіп, ұзақ уақыт бойы өзін-өзі қамшылады.
– Castigo corpus meum*.
Ақырында ол арқасынан қанның сорғалай жөнелгенін сезінді.
*Өз тәнімді жазалаймын (лат.).
3-тарау
Сәуірдің жан сергітер самалы «Ситроен ZX»-тің ашық терезесінен есіп тұрды. Міне, машина Опера ғимаратының жанынан өтіп, оңтүстікке бұрылып, Вандом алаңын кесіп өтті. Жолаушылар жақтағы орындыққа жайғасқан Роберт Лэнгдон көз алдынан зымырап өтіп жатқан қала көрінісіне бей-жай назар сала отырып, ойын жинақтауға тырысты. Кетер алдында ол шапшаң қырынып, душ қабылдағандықтан, сырт көзге толықтай байсалды көрінгенімен, ішкі алаңдаушылығы басыла қоймады. Көз алдынан әлгі сұмдық сурет, еденде жатқан мәйіт кетпей қойды.
Жак Соньер өліп қапты.
Лэнгдон оның өлімін жеке басына қатысты ауыр қазадай қабылдады. Тұйық, тіпті, саяқ адам атанғанына қарамастан, Соньер өнердің шынайы қадірлеушісі және білгірі ретінде орасан құрметке ие болатын. Онымен бұл тақырыпта тоқтаусыз әңгімелесуге болатын. Өзінің дәрістерінде де Лэнгдон Пуссен мен Тенирстің суреттерінде жасырылған құпия кодтар туралы оның кітаптарынан алынған үзінділерді жалықпастан мысалға келтіретін. Лэнгдон Соньермен болуға тиісті осы кездесуді асыға күткен еді және тәлімгер келмей қалғанда қатты қынжылған болатын.
Қиялында тағы да зақымдалған мәйіт қалқып шықты. Жак Соньер өзіне-өзі осылай жасаған?.. Біртүрлі сенімсіздеу. Лэнгдон сұмдық көріністі ойынан шығарып жібермек болып, тағы да терезеге бұрылды. Көшелер тарылып, барған сайын бұралаңдана түсті, саудагерлер қанттанып кеткен бадам тиелген арбаларды сүйретіп, даяшылар қоқыс салынған қаптарды есіктерден шығарып, жолдың жиектеріне қойып жатты. Ақжұпар иісі аңқыған көктемгі салқын ауада жылынғысы келгендей, кештеу қайтқан көңілдес екі жас тұра қалып, бірінің қойнына бірі кіріп кетердей құшақтасып тұр. «Ситроен» осы хаостың арасынан батыл түрде барған сайын алға ұмсына берді, сирена дауысы қозғалысты пышақпен жарғандай тіліп өтіп барады.
– Сіздің әлі Парижден кетпегеніңізді білгенде капитан қуанып кетті, – деді агент. Ол қонақ үйден шыққалы Лэнгдонмен алғаш рет тіл қатысты. – Бақытты сәйкестік.
Бірақ, Лэнгдон өзін титтей де бақытты сезінген жоқ, ал, сәйкестікке келсек, ол оған соншалықты сене бермейтін. Бүкіл ғұмырын салыстыруға келмейтін белгілер мен көзқарастар арасындағы өзара жасырын байланыстарды зерттеумен өткізген адам болғандықтан, Лэнгдон әлемге тарих пен уақиғалардың өзара шатысып-бытысқан торламасы ретінде қарайтын. Бұл байланыстар көзге көрінбеуі мүмкін, осылай деп ол Гарвардтағы сабақтарында жиі айтатын, алайда, олар міндетті түрде бар болса да, тек қана көзге көрінер беткі жағынан гөрі тым тереңге жасырылған.
– Менің түсінуімше, – деді Лэнгдон, – менің қалатыным туралы Париждегі Америкалық университеттен хабарлаған ғой?
Жүргізуші басын шайқады:
– Жоқ. Интерполдан.
Ах, иә, әрине. Интерпол, деп ойлады Лэнгдон. Ол еуропалық қонақ үйлердегі тіркелу кезіндегі төлқұжат сұрау сияқты елеусіз талаптың жәй ғана шарттылық емес екендігін мүлдем ұмытып кетіпті. Ол заң талабы еді. Әрі осы түнде Интерполдың қызметкерлері бүкіл Еуропада кімнің қайда ұйықтап жатқаны жөнінде толық хабардар болатын. Лэнгдонды «Ритцтен» табу еш қиындық туғызбайтын, олардың мұны білулері үшін бес секундтары ғана кетті, одан көп емес.
«Ситроен», жылдамдығын арттыра, қаламен оңтүстік бағытта зымырап келе жатты, әне алыстан, сәл оңға таман, төбесін көкке тіреген Эйфель мұнарасының түрлі шамдармен көмкерілген сұлбасы көріне кетті. Оны көргенде Лэнгдон Витторияны есіне алды. Бір жыл бұрын олар бір-біріне әрбір алты ай сайын жер шарының әлдебір романтикалық орнында кездесеміз деп әзілдей уәде берген еді. Лэнгдонның күдіктенуінше, Эйфель мұнарасы осы тізімге кіретін. Өкінішті, бірақ, олар Виттория екеуі Римнің шуға толы әуежайында қоштасып, сүйіскен еді және содан бері әлі көріскен жоқ.
– Сіз оған көтерілген бе едіңіз? – деп сұрады агент.
Лэнгдон оны дұрыс түсінгеніне сенімсіз кейіпте қасын керді.
– Кешіріңіз?
– Ол керемет қой, солай емес пе? – Агент иегімен Эйфель мұнарасын меңзеді. – Оған шығудың сәті түсіп пе еді?
– Жоқ, мен мұнараға шыққан емеспін.
– Ол – Францияның символы. Өз басым оны мүлтіксіз кемел дүние деп білемін.
Лэнгдон енжар түрде бас изеді. Символика саласының мамандары Францияға, өзінің белең алып тұрған феминизмімен, Наполеон мен Пәкене Пипина сияқты диктаторларымен даңқы шыққан елге, осынау ұлттық символ – биіктігі мың футқа жететін фаллостың біртүрлі жарасымсыздығын жиі атап көрсететін.
Міне, олар рю де Риволи көшесінің қиылысына келіп жетті, онда қызыл жанып тұрған, бірақ, «ситроен» тоқтауды да немесе жүрісін баяулатуды да ойлаған жоқ. Агент газды басты, автомобиль қиылыстан ызғып өтті де, Орталық парктің париждік нұсқасы – атақты Тюильри бағының солтүстік жақ кіреберісіне шұғыл бұрылды. Көптеген туристер неліктен екені белгісіз, онда гүлдеп тұрған мыңдаған қызғалдаққа бола осы парктің атауын Jardins des Tuileries деп қате аударады. Алайда, шын мәнінде «Tuilenes» сөзінің мағынасының мұндай романтикалық мәнге мүлдем қатысы жоқ. Парктің орнында бір кездері мұнда орасан қазаншұңқыр болған, одан париждіктер атақты қызыл шатыр жабындысын, яғни басқаша айтқанда, tuiles-тің өндірісіне арналған саз өндірген.
Олар иесіз паркке келіп кірді, агент бірден жылдамдығын азайтып, сиренаны қосты. Лэнгдон хош иісті көктемгі ауаны кеуде кере жұтып, тыныштыққа рахаттанып отырды. Галогендік лампалардың жарығымен жолдағы қиыршық тастар жылтырап жатты, дөңгелектер гипнотикалық ырғақпен әлдилей сыбдырлады. Лэнгдон Тюильри бағын әрқашанда қасиетті орын деп санайтын. Осы жерде Клод Моне гүл мен форманы тәжірибеге салды, сөйтіп, импрессионистер қозғалысының негізін қалаушы болды. Дегенмен, мұнда бүгін басқадай, біртүрлі аура – жаман нәрсе сезімі есіп тұр.
«Ситроен» солға бұрылды да парктің орталық аллеясымен шығысқа қарай тартты. Дөңгелек тоғанды айналып өтіп, тағы бір иесіз аллеяны кесіп өтті, Лэнгдон алдыңғы жақтан тастан өрілген алып арка көмкерген бақтан шығар есікті көрді.
Arc du Carrousel*.
*Карузель аркасы (фр.).
Ертеректе осы арканың іргесінде ең бір тағылық салттар, тұтас оргиялар жасалып жататын, бірақ өнерге табынушылар бұл жерді мүлдем басқа себептен ұнататын. Осы жерден, Тюильриден шыға берістегі эспланададан, әсемдік өнерлердің әр қайсысы әлемнің бір бұрышына қарап тұрған төрт музейінің көрінісі ашылатын.
Оң жақтан, Сенаның арғы беті мен Вольтер жағалауынан, Лэнгдон терезеден ескі теміржол вокзалының театрдағыдай шам жарықтарымен көмкерілген қасбетін көрді, енді онда өте қызықты д’Орсе музейі орналасқан. Ал, солға қарасаң, Осы заманғы өнер Музейі орналасқан орасан үлкен ультра қазіргі заманғы помпиду Орталығының жоғарғы бөлігін көруге болатын. Лэнгдон өзінің арт жағында ағаштардың ұшар басынан да жоғары асқақтап тұрған Рамсестің ежелгі обелискісі орналасқанын білетін. Ол Жё-де-Пом музейінің орналасқан жерін ойша анықтады.
Ақырында алдыдан, шығысқа қарай, Қайта өрлеу дәуірінен келе жатқан сарайдың монолитті сұлбасы арка астынан көрінді, онда, бәлкім, бүкіл әлемнің ең атақты музейі – Лувр орналасқан.
Лэнгдон сүйінішпен араласқан тамсаныс сезімін неше мәрте сезініп үлгерді. Осынау орасан құрылыстардың барлығын демарасында көзбен шолып шығу мүмкін емес-ті. Үлкен алаң, ал, оның артында – Луврдың қасбеті, ол цитадель сияқтанып, Париж аспанынан көкке ұмсынып тұр. Аса ірі ат тұяғы түрінде салынған Луврдың ғимараты Еуропадағы ең ұзын ғимарат болып саналатын, оның ұзына бойына үш бірдей Эйфель мұнарасы сыйып кететін еді. Осы бір ерекше құрылыстың қанаттарының арасындағы миллион шаршы фут алаңның өзі қасбеттің көлемін әлдеқайтіп кішірейтуге жеткіліксіз болатын. Бірде Лэнгдон Луврды периметрі бойынша айналып өтпек болып шешті, нәтижесінде, үш мильге жетер саяхат жасағанын біліп, таң қалды.
Жуықтап есептеулерге қарағанда, музейдің 65300 экспонатын зейін қоя қарап шығу үшін орташа келушіге бес апта керек болады екен. Бірақ, туристердің көпшілігі жүгіртіп қарап шыққанды тәуір көретін. Лэнгдон мұны әзілдей Лувр арқылы жүгіріп өту деп атады: туристер үш атақты экспонатты: Мона Лизаны, Милос Венерасын және Никаны – жеңістің қанатты құдайын көру үшін музей залдарымен сергек адымдап өте шығатын. Арт Бyxвaльдтың* бірде осы шедеврларды көріп шығу үшін оған небары бес минут және елу алты секунд қана қажет болды деп мақтанғаны бар.
*Арт Бухвальд – атақты америкалық журналист-фельетонист, оның еңбектері, тіпті, КСРО-да да басылған.
Жүргізуші радиосөйлесу құрылғысын алып, французша былай деді:
– Monsieur Langdon est arrive. Deux minutes*.
*Лэнгдон мырза келді.
Сізде екі минуттан соң болады (фр.).
Ол жауап орнына түсініксіз бірнәрсе деп арсылдады.
Агент құрылғыны орнына қойып, Лэнгдонға бұрылды:
– Сіз капитанмен негізгі кіреберісте жолығасыз.
Жүргізуші, алаңға кіруге тыйым салған белгілерді елеместен, газды күшейтті, «ситроен» парапеттен асып түсті. Луврға кіретін негізгі есік енді көрінді, алдан, жарықпен астасқан субұрқақтары атқылап тұрған, үш бұрышты жеті хәуіздің қоршауындағы, ғимараттың фронтоны асқақтай көтерілді.
La Pyramide.
Париж Луврының жаңадан жасалған кіреберісі музейдің өзіндей дерлік атақты болып кеткен. Оны дәстүршілдердің наразылығын туғызған, тегі қытайлық америка сәулетшісі И.М.Пей жасаған, модернистік әйнек пирамида безендіріп тұр. Олар бұл құрылыс Ренессанстың стилі мен абыройын бұзады деп есептейтін. Гете бұл сәулетті қатып қалған музыка деп атады, соған орай Пейді сынаушылар пирамиданы тамаша тақтаның бетін шиқылдатқан тырнақ ізі деп атап кетті. Санасы сергек табынушылар болса, мөп-мөлдір, биіктігі жетпіс бір фут пирамиданы бұрынғы мен қазіргі заманның арасын байланыстырып тұрған символикалық буын, ежелгі дәстүрлер мен осы заманғы технологиялардың таңғаларлық қорытпасы деп есептеді. Әрі осындай үлгіде безендірілген Лувр үшінші мыңжылдықта лайықты орынды иеленеріне сенімді болды.
– Сізге біздің пирамида ұнай ма? – деп сұрады агент. Лэнгдон қабағын шытынды. Байқауынша, француздар америкалықтарға мұндай сұрақтар қойғанды өте жақсы көретін сияқты. Сұрақтың, әрине, кекесіні бар. Пирамида ұнайтынын мойындай қалсаң болғаны, сені сол сәтте-ақ талғамсыз америкалықтар санатына жатқыза қояды. Ұнамайды десең, онда француздарды өкпелеткенің.
– Миттеран батыл және турашыл адам болған, – деп дипломатиялы сарында жауап қатты Лэнгдон.
Францияның қайтыс болған бұл президенті перғауындық комплекстен азап шеккен деседі. Соның қалауымен Парижді египеттік обелискілер мен ежелгі материалдық мәдениеттің өзге де бұйымдары басып кеткен. Франсуа Миттеран барлық египеттік дүниелерге деген жұмбақ құштарлыққа ие болған, сөйтсе де, ерекше талғампаздықпен ерекшеленбеген, сондықтан, француздар әлі күнге дейін оны Сфинкс деп атайды.
– Сіздің капитаныңыздың аты кім? – Лэнгдон әңгіменің тақырыбын өзгертпек болды.
– Безу Фаш, – деп жауап берді агент, машинаны пирамиданың бас қақпасына бағыттай отырып. – Бірақ, біз оны le Taureau деп атаймыз.
Лэнгдон оған таң қала көз салды:
– Сіздер өз капитандарыңызды Бұқа деп атайсыздар ма?
Бұл француздарда неғылған қызық құштарлық – адамдарға аңдардан лақап ат қоятын! Агент қасын керді:
– Ал, сіздің французшаңыз, месье Лэнгдон, өзіңіз мойындағаннан әлдеқайда жақсы.
Менің французшам түкке де татымайды, деп ойлады Лэнгдон, ал, енді Зодиак белгілерінің иконографиясынан бірдеңе білетінім анық. Таурус қашанда бұқа болған. Астрологиялық белгілер бүкіл әлемде бірдей.
Агент машинаны тоқтатты да, екі субұрқақтың ортасындағы пирамидадағы үлкен есікті көрсетті.
– Есік ана жақта. Табыс тілеймін, месье.
– Сіз менімен бірге жүрмейсіз бе?
– Бұйрыққа сәйкес, мен сізді осы жерде қалдыруға тиіспін. Менің басқа шаруаларым бар.
Лэнгдон күрсінді де, машинадан шықты. Ойын да, ереже де – сіздердікі.
Мотор гүрілдеді де, «ситроен» ары қарай зымырады.
Шапшаң алыстап бара жатқан габариттік шамдарға қарап тұрып, Лэнгдон былай деп ойлады: Шақыртуға мән бермесе не болар екен? Алаңды кесіп өтіп, шығаберісте такси ұстап, қонақүйге тартып отырса, ұйықтаса?.. Бірақ, көңіл түпкіріндегі әлдене бұл идеяның жарамсыз екендігін айтып тұрғандай болды.
Лэнгдон субұрқақтардың түтеп жатқан тұманына қарай адымдады, осы сәтте оның бойын өзі әлдебір, мүлдем басқа әлемнің табалдырығынан аттап өтіп бара жатқандай мазасыз сезім билеп алды. Осы кештегілердің барлығы біртүрлі түсіндегідей болып өтіп жатыр. Жиырма минут бұрын ол қонақүйдегі бөлмесінде тып-тыныш ұйықтап жатқан болатын. Енді, міне, Сфинкс тұрғызған мөлдір пирамиданың алдында, Бұқа деген лақап аты бар полицеймен кездесуді күтіп тұр.
Мен Сальвадор Дали картинасының тұтқынындамын, деп ойлады ол.
Сөйтті де негізгі кіреберіске – орасан айналма есікке қарай адымдады. Әйнектің ар жағындағы фойе әлсіз жарықтандырылған және иесіз сияқты көрінді.
Мүмкін, тықылдату керек шығар?
Қызық, деп ойлады Лэнгдон, Гарвардтың белгілі египтологтарының қайсыбіреуіне ашады-ау деген үмітпен пирамида есігін қағуға тура келді ме екен? Ол қолын көтерді, бірақ, осы сәтте әйнектің ар жағындағы бұлыңғыр қараңғылықтан әлдебір тұлға көрінді. Ол кісі айналма баспалдақпен асыға көтеріліп келе жатты. Неандертальдыққа ұқсайтын мығым денелі, дембелше және қара шашты екен. Бір қарағанда, қос қаусырмалы қара бешпетін кең иықтары қақ айырардай болып көрінеді. Аяқтары қисықтау, қысқа болғандықтан, жүрісінен өктемдік айқын аңғарылады. Ол жүріп келе жатып ұялы телефонмен сөйлесіп келе жатты да, есікке жеткен бойда әңгімесін аяқтап, Лэнгдонды кіруге шақырып ымдады.
– Мен Безу Фашпын, – өзін таныстырды ол, Лэнгдон айналма есіктен кірген бетте. – Сот полициясы Орталық басқармасының капитанымын. – Оның дауысы сырт келбетіне сәйкес еді, әйнек күмбездің астында күннің күркіріндей болып естілді.
Лэнгдон қолын созды:
– Роберт Лэнгдон.
Фаштың күректей алақаны оның қолын қатты қысты.
– Мен суретті көрдім, – деді Лэнгдон. – Сіздің агентіңіздің айтуынша, Жак Соньер мұны өзі жасаған және…
– Мистер Лэнгдон, – Фаштың қара көздері эбен ағашынан ойылып алынғандай еді, – сіз көрген суретте – бұл, өкінішке қарай, Соньердің істеп үлгергенінің кішкентай бөлігі ғана.
4-тарау
Сымбатымен және өзін ұстау нақышымен капитан Фаш шынында да ашулы бұқаны елестететін. Ауыр иегі кеудесіне кіріңкіреп, иығын сәл бүкірейте екпіндей адымдайтын. Қара шаштары артқа таралған және әлдебір лосьонды молынан жаққан, сондықтан, жалтырап алға қатты шығыңқы маңдайын ашып тұр. Кішкентай қара көздері талмастан жолдың әрбір сантиметрін шарлайды, оның үстіне, көздерінен жойқын мақсаткерлік сәуле ұшқыны көрінеді. Бәлкім, сондықтан болар, қатал және қандай мәселеде де шегінбейтін бірбеткей адам екені байқалады.
Лэнгдон капитанның артынан Әйнек пирамиданың тұғырындағы шағын ішкі аулаға алып баратын атақты мрамор басқышпен келе жатты. Түсіп келе жатқанда олар автоматпен қаруланған сот полициясының екі күзетшісінің қасынан өтті. Бәрі түсінікті: капитан Фаштың рұқсатынсыз бұл ғимараттан бүгін ешкім шыға да және кіре де алмайды.
Міне, олар жер үстіндегі қабаттан өтіп, ары қарай төмен түсе бастады, Лэнгдон жүйке дірілін әзер басты. Қасында капитанның болғаны біршама сабасына түсіріп тұрды, бірақ, бұл сағатта Луврдың өзінде моладағыдай қараңғы болатын. Басқышқа, кинотеатрдағыдай, әрбір баспалдаққа ойып орнатылған кішкентай шамдар жарық түсіріп тұрды. Лэнгдон әйнек күмбездердің астында әрбір қадамының жаңғырығып шығатынын естіді. Ол басын көтере бере пирамиданың әйнек шатырының ар жағынан әлсіз сәуле шашқан субұрқақтардың түрлі-түсті жарқылдарын көрді.
– Қалай, ұнай ма? – Фаш қысқа сұрақ қойды да, жалпақ иегін көтерді.
Лэнгдон күрсініп салды, оны бұл ойындар мезі ете бастады.
– Иә, пирамида кереметтігіне сөз жоқ.
– Париждің бетіндегі тыртық, – Фаш ашулана күңкілдеді. Бір де нөл, мұның пайдасына.
Лэнгдон бұл адамға жағудың қиын екендігін түсінді. Ол Франсуа Миттеранның қамқорлығымен салынған бұл пирамиданың 666 шыны панельден тұратынын, бұл ібілістің саны болып табылатындықтан, әсіресе, бұрынғы президенттің қарсыластарының арасында көптеген дау-дамай мен өсек-аяң туғызғанын капитан біле ме екен, деп ойлады.
Бірақ, Лэнгдон бұл мәселені қозғамаймын деп шешті. Олар тереңірек түсті, сөйтіп, жер астылық вестибюльден келіп шықты. Оны басып тұрған қараңғылықтан оның шынайы өлшемдерін бағалау қиын еді. Жер астына, елу жеті фут тереңдікке салынған Луврдың бұл ғимараты 70 000 шаршы футты алып жатты және ол шексіз үңгірді еске түсіретін. Әшекейленуі ғимараттың жер бетіндегі қасбетінің алтындай сары түске сәйкес жылы бояу өңі бар мрамордан жасалған, сондықтан, күндіз мұнда жарық және адам көп болатын. Ал, қазіргі мұндағы ауан, жұмсартып айтқанда, тіпті де мерекеліктей емес еді, алакөлеңке қараңғылық пен бос кеңістік өзіңді суық сағанадағыдай сезіндіретін..
– Музей қызметкерлері қайда кеткен? – деп сұрады Лэнгдон.
– En quarantaine*, – деп жауап берген Фаштың дауысында тап бір Лэнгдон оның командасының әрекет қабілетіне күдік келтіргендей сезіну бар еді. – Бүгін ғимаратқа бөгде адамның кіргені анық. Әрі Луврдың барлық түнгі күзетшілері қазір басқа қанатта еді, олардан жауап алып жатқан болатын.
*Карантинде (фр.).
Лэнгдон басын изеді де, Фаштан қалып қоймау үшін жүрісін тездетті.
– Сіз Жак Соньермен қаншалықты жақсы таныссыз? – деп сұрады капитан.
– Мүлдем таныс емеспін. Біз екеуіміз бір де бір рет кездескен емеспіз. Фаш таң қалды:
– Бірақ сіздер кешкісін кездесуге тиіс едіңіздер ғой?
– Иә. Америка университетіндегі дәрістерден соң бірден кездеспек болып келіскенбіз. Мен күттім, бірақ, ол сол күйі келген жоқ.
Фаш блокнотына бірдеңелер жазды. Олар әрі қарай жылжыды, осы кезде Лэнгдон көз қиығымен Луврдың, төңкерілген деп аталатын, тағы бір белгілі пирамидасын байқап қалды. Ол төбеден төмен салбырап тұрды және үңгірдегі сталактитті елестететін. Фаш Лэнгдонды аркаға ұқсап иілген туннельдің кіре берісіне алып баратын тағы бірнеше баспалдаққа көтерілуге ымдап шақырды. Кіреберістің үстінде «DENON» деген жазуы бар маңдайша ілулі тұрды. Бұл атау Луврдың өзінің атақты экспонаттарымен әйгілі ең атақты қанатына берілген еді.
– Кешке кездесуді кім ұсынған еді? – деп Фаш шұғыл сұрады. – Сіз бе, ол ма?
Сұрақ біртүрлі көрінді.
– Негізінде мистер Соньер, – деп жауап қатты Лэнгдон, туннельге кіре бере. – Оның хатшысы менімен электронды пошта арқылы бірнеше апта бұрын байланысқан болатын. Ол тәлімгердың менің алдағы уақытта Парижде баяндама жасайтынымды білгенін және соны пайдаланып кейбір мәселелерді талқылағысы келетінін жазған еді.
– Атап айтқанда?
– Білмеймін. Пайымдауымша, өнерге қатысты болар. Өйткені, біздің қызығушылығымыз шамамен бірдей.
Фаш күмәндана қарады.
– Сонда сіз шынында да осы кездесудің мәні туралы ештеңе білмедіңіз бе?
Лэнгдон білген жоқ. Жоқ, сол сәтте оны қызықтырғаны, Соньерге бұдан не керек болуы мүмкіндігі еді. Себебі, бейнелеу өнерінің көрнекті білгірінің тұйықтығымен және саяқтығымен аты шыққан болатын, дәрістер мен басқа да қоғамдық шараларға төтенше сирек баратын. Сондықтан, Лэнгдон осы бір айырықша адаммен әңгімелесудің мүмкіндігі туғанына қатты қуанған болатын.
– Дегенмен, мистер Лэнгдон, сізде біздің құрбанымыздың сізбен, онда да дәл кісі өлтіру болған күні, нені талқыламақ болғаны туралы, ең болмағанда, болжамыңыз бар ма? Мұның тергеу жұмысына көп көмегін тиігзер еді.
Лэнгдон сұрақтың екіұштылығын түсінді де, бірден күйгелектеніп кетті.
– Мен шынында да ештеңе білмедім. Сұраған жоқпын. Әрі мұндай адамның менімен кездескісі келгені жаныма жаға кетті. Мен, білесіз бе, Соньердің еңбектерінің үлкен табынушысымын. Оның айтқандарынан өз сабақтарымда жиі үзінділер келтіріп отырамын.
Фаш тағы да блокнотына бірнәрселер жазды.
Енді олар өздеріне қажетті қанаттың кіреберісіне апаратын жолдың ортасына жеткен еді, осы кезде Лэнгдон алдан екі эскалаторды көрді, екеуі де қозғалыссыз тұрған болатын.
– Сонда сіздердің ортақ мүдделеріңіз болды ма? – деп сұрады Фаш.
– Иә. Былтырғы жыл бойына мен месье Соньердің ғылыми ізденістерінің негізгі салаларымен байланысты кітаптың нобайын түсірумен болдым. Әрі оның миына қатты сенім арттым.
Фаш басын көтеріп алды.
– Кешіріңіз?
Идиоманың аудармаға көне қоймағаны анық.
– Мен оның осыған қатысты қандай ойы барын білмек болғам.
– Түсінемін. Ал, себеп ше?
Лэнгдон қалай дұрыс түсіндірерін білмей, тоқтап қалды.
– Негізінде еңбек Құдай-анаға табыну иконографиясына, әйелдік бастаудың қасиеттілігі тұжырымдамасына арналған. Сондай-ақ, осыған байланысты көркем бейнелеулер мен символдарға.
Фаш шашын етті алақанымен сипап қойды.
– Ал, Соньер мұның парқын білетін бе еді?
– Бәрінен артық білетін.
– Түсінемін.
Алайда, Лэнгдон капитанның түк те түсінбегенін сезді. Жак Соньер Құдай-ана иконографиясы саласындағы әлемдегі бірінші білгіш саналатын. Оныкі құнарлылық Құдай-анасы, Уитака* және қасиетті әйелдік бастаулар культтарымен байланысты жәдігерлерге тек жеке әуестік қана емес болатын. Жиырма жыл тәлімгер болып істегенде Соньер Луврдың қазынасын көбейтіп, Құдай-аналардың бейнелеріне байланысты өнер туындыларының әлемдегі ең бай жиынтығын: Дельфыдағы ең ежелгі грек қабірлеріндегі әшекейлерден алтын асатаяқтарға дейін; түрегеп тұрған періштелердің шағын тұлғаларын еске түсіретін жүздеген ежелгі египеттік айқышшалардан бастап Ежелгі Египеттегі жауыз әруақтарды қуалайтын сылдырмақтарға дейін құрап шықты. Ең ақырында, ол құдай-ана Исиданың өз баласы Горды** қалай әлпештегенін бейнелейтін мүсіндердің ғажайып коллекциясын жинады.
*Уитака («егіндерді сақтаушы») – чибча-муискілердің мифологиясындағы өсімталдық, құнарлылық құдайы.
**Исида – Египет мифологиясындағы құнарлылықтың құдай-анасы, әйелдік нәзіктіктің символы. Аңызға сәйкес, ол өзінің өлген күйеуінен сәби көтеріп, ұлы Горды туған. Ол әкесінің кегін алуға тиіс болған.
– Бәлкім, Соньер сіздің қолжазбаңыз туралы білген шығар? – деп болжамдады Фаш. – Сөйтіп, сіздің әлгі кітаппен жұмысыңызға көмектесу үшін осы кездесуді тағайындаған болар?
Лэнгдон оны жоққа шығара басын шайқады:
– Менің қолжазбам туралы ешкім білген жоқ. Оның үстіне ол бар болғаны нобайлық түрде ғана болатын. Бұған қоса, менің өз редакторымнан басқа ешкімге көрсетпеген долбарлы жоспар ғана бар.
Фаш үндемеді.
Лэнгдон қолжазбасын осы уақытқа дейін қандай себеппен ешкімге көрсетпегенін айтпады. Шартты түрде «Жоғалған қасиетті әйелдік нәзіктік белгілері» деген атауы бар үш жүзден астам беттен тұратын «Нобайлардың» бұл күнге дейін тұрақтап, бекіп үлгерген діни иконографияға берер өзгеше түсіндірмесі болды, сондықтан да аса даулы болатұғын.
Лэнгдон егіз эскалаторларға жақындап келді де, Фаштың қасында жоғын аңғарып кенет тоқтай қалды. Артына бұрылған ол, оны қызметтік лифтіден бірнеше ярд жерден көрді.
– Лифтімен барайық, – деді Фаш, есіктер ашылысымен. – Галереяға жету үшін өте көп жүретінімізді сіз түсінген шығарсыз деп үміттенемін.
Бірақ, өздеріне қажетті жақ екі қабат жоғары орналасқанын білетін Лэнгдон, орнынан қозғалған жоқ.
– Әлдене дұрыс болмай тұр ма? – деп Фаш, есікті ұстап тұрып, шыдамсыздана сұрады.
Лэнгдон эскалаторға мұңая қарап, терең дем алды. Мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ, деп ол өзін сендіруге тырысты, сөйтті де, лифтіге қарай батыл қадам басты. Бала күнінде, әлі кішкентай балақан кезінде, Лэнгдон қараусыз қалған шахта-құдыққа құлап кетіп, көмек келіп жеткенше, бірнеше сағат бойы суық судың ішінде тырбаңдап жүріп өліп қала жаздаған. Содан бері жабық кеңістікте қалу қорқынышы зәресін алатын, ол лифтілерден, жер асты жолдарынан, тіпті, төбесі жабық корттардан да қорқатын. Лифт – ең сенімді де қауіпсіз құрылғылардың бірі, деп Лэнгдон өзін өзі үнемі сендіруге тырысатын, алайда, сол айтқандарына өзі ешқашан сенбейтін. Бұл бар болғаны шахтаның жабық кеңістігіне ілініп қойылған шағын темір қорапша! Демін ішіне тарта тұрып, ол лифтіге қарай аттады, есіктер жабыла салысымен, өзіне жақсы таныс адреналиннің бойына құйылғанын сезінді.
Екі қабат. Түкке тұрғысыз он секунд.
– Демек, сіздер мистер Соньермен, – деп бастады Фаш, лифт жоғары жылжи жөнелгенде, – сол бойы бетпе-бет жолығып сөйлеспедіңіздер ғой? Әңгімелескен де жоқсыздар ма? Бір-біріңізге пошта арқылы ештеңе жолдамадыңыздар ма?
Тағы бір өте қызық сауал. Лэнгдон басын шайқап, жоққа шығарды:
– Жоқ. Ешқашан.
Фаш осы фактіні тап бір ой елегінен өткізіп жатқандай, басын әнтек қана жанына қисайтты. Бірақ, хромдалған есіктерді жанарымен үнсіз шола қарай тұрып, дыбыс шығарып, ештеңе демеді.
Олар жоғары көтерілді, ал, Лэнгдон болса өзін қоршап тұрған төрт қабырғадан басқа тағы да бір нәрсеге назарын аударып, ойын жинақтауға тырысты. Ол жарқыраған темір есікшеден капитанның галстук түйреуішінің шағылысқан сәулесін көрді. Ол қара оникс тастарын ойып орнатқан, күміс кергіш түрінде жасалған екен. Лэнгдон таң қалды. Бұл символ crux gemmata деген атаумен белгілі болатын – он үш тасты айқыш – Христос пен оның он екі апостолының христиандық идеограммасы. Әрі Лэнгдон полиция капитанының өзінің діни сенімін осыншалықты ашық көрсетіп жүргенін айтарлықтай қызық жайт деп тапты. Бірақ, тағы да бір ескеретін жайт бар: бұл – Франция ғой. Сондықтан, христиандық бұл жерде діннен гөрі туылуға берілетін құқық іспеттес.
– Бұл crux gemmata, – деді күтпеген жерден Фаш.
Лэнгдон селк ете қалды, жанарын көтеріп, капитанның қап-қара кішкентай көздеріне көздерін түйістірді.
Лифт тоқтап, есіктер екі жаққа ысырылды.
Лэнгдон алдынан ашылған, Луврдың атақты биік қабырғалары көмкерген кеңістікке асығып, дәлізге атып шықты. Алайда, ол қадам басқан әлем күткендегісінен мүлдем басқа болып шықты.
Лэнгдон не істерін білмей, тұрып қалды.
Фаш артына бұрылып:
– Менің байқауымша, мистер Лэнгдон, сіз Лувр жабылғаннан бері келіп көрмеген сияқтысыз ғой?
Өз сезімдерін анықтап алумен әуре болып тұрған Лэнгдон, ешқашан, деп ойлады.
Әдетте жарық сәуле төгіліп тұратын музей галереяларын қазір алакөлеңке басып тұр еді. Төбеден төгіліп тұратын үйреншікті сүттей әппақ жарықтың орнына еденнен жоғары қарай тұншығыңқы қызылдау сәуле шаншылып тұрған болатын. Лэнгдон үңіле қарап, плинтустарға кіріктіре орнатылған арнайы жарық шашқыш лампаларды байқады.
Ол күңгірт дәлізді жанарымен шолып шығып, мұндай жарықтандырудың әдеттен тыс ештеңесі жоғын бірдіндеп барып түсіне бастады. Әлемнің барлық дерлік музейлерінде түнгі уақыттарда көмескілеу қызыл жарық қолданылады, әрі мұндай жарықтандырудың қуат көзі төмен деңгейде орналастырылатындықтан, қызметкерлер мен күзетшілерге қайда бара жатқандарын көруге мүмкіндік туады, ал, суреттер болса, белгілі дәрежеде қаракөлеңкенің тасасында қалады. Мұндай жарық түсу бояудың күйіп кетуіне себепші болатын күндізгі жарық салмағының орнын толтыруға мүмкіндік беретін. Бірақ, бүгінгі түнде музей әдеттен тыс қараңғылықта мүлгіп тұр еді. Айналаның барлығында ұзын-ұзын көлеңкелер сұлап түсіп, биік төбелердің астына құдықтағыдай қараңғылық қоюлана түскендей.
– Бері қарай, – деді де, Фаш оңға шұғыл бұрылып, бір-бірімен байланысып жатқан галереялардың тізбегіне қарай адымдады.
Лэнгдон оның соңынан ілесті, көздері де күңгірттікке үйренді. Айналадағы қараңғылықтан майлы бояумен салынған ірі габаритті картиналар айқындала бастады – осының барлығы қараңғы бөлмедегі суретті айқындауды еске түсірді. Лэнгдонға суреттерде бейнеленген адамдар бұларды күдікті жанарларымен шығарып салып тұрғандай болып көрінді. Ақырында ол таныс, барлық музейлерге тән иісті сезінді – құрғақ, ионсыздандырылған ауадан көміртегінің әлсіз дәмі сезіледі. Бұл шамадан тыс ылғалдылықпен күресуге пайдаланылатын көмір сүзгіштері бар арнайы құралдардың жұмыстарының өнімі болатын. Олар тәулік бойы қосулы тұратындықтан, экспонаттар үшін бүлдіргіштігі жоғары, келушілер шығаратын демдегі көміртегінің қос тотығының зиянын қайтаратын.
Ал, қабырғаларға ілінген бақылау камералары келушілерге: Біз сіздерді көріп тұрмыз. Ештеңеге тиіспеңіздер! деп тұрғандай еді.
– Мыналардың барлығы шын ба? – деп сұрады Лэнгдон, иегімен камераларды нұсқап.
– Әрине, жоқ, – деп жауап берді Фаш.
Лэнгдон таң қалған жоқ. Мұндай үлкен музейлердегі бейнебақылау тым қымбат және тиімсіз. Музей алып жатқан акрларда не болып жатқанын қадағалау үшін Луврға бірнеше жүздеген техникалық қызметкерлерді жалдау керек болар еді. Сондықтан, ірі музейлердің көпшілігі күзетте тоқтату жүйесі деп аталатын жүйені пайдаланатын. Ұрыны сыртта ұстамаңдар. Оларды іште ұстаңдар. Бұл жүйе экспонатқа кез келген қол тиген жағдайда белсенділендіріліп, пультке сол сәтте дабыл белгісі түсіп, барлық кірер және шығар есіктер жабылып, қаскүнем полиция келгенге дейін-ақ торға қамалып қалатын.
Алдыңғы жақтан, мрамормен өңделген дәліздің түпкірінен дауыстар жаңғыра естіліп жатты. Байқауынша, шу оң қол жағында орналасқан, үлкен альков түрінде жасалған бөлмеден шығып жатыр. Сол жақтан дәлізге жарық сәуле түсіп тұр.
– Тәлімгердың кабинеті, – деп түсіндірді капитан.
Міне, ақыры Лэнгдон қасиетті жерде – Соньердің кең кабинетінде. Жылы реңкті ағашпен қапталған қабырғалар, оларға ежелгі шеберлердің жұмыстары ілінген, аумақты да ежелгі жазу үстелі, ал, оның үстінде – толық қаруын асынған және сауыт-сайманын киінген екі футтық рыцарьдың мүсіншесі. Бөлмеде бірнеше агент бар екен, олар ұялы телефондарымен сөйлесіп, әлденелерді жазып алып жатыр. Олардың біреуі Соньердің жазу үстелінде портативті компьютерде мәтін теріп отыр. Бұл түні тәлімгердың кабинеті Сот полициясы Орталық басқармасының нағыз штаб-пәтеріне айналып кеткен.
– Messieurs! – деп қатты дауыстады Фаш, барлық еркектер бірден бері бұрылды. – Ne nous derangez pas sous aucun pretexte. Entendu*?
*Мырзалар! Қандай жағдайда да бізді мазаламаңыздар, ешбір себеппен.
Түсінікті ме? (фр.).
Бөлмедегілердің барлығы түсінгендерін білдіріп бастарын қосыла изесті.
Лэнгдонның өзінің де қонақ үйдің бөлмесіндегі есікке «NE PAS DERANGER» деген жазуы бар табличканы талай рет іліп қоюына тура келген, сондықтан, капитанның бұйрығының мәні оған түсінікті еді. Фаш пен Лэнгдонды ешқандай жағдайда да мазалауға болмайтын.
Әріптестерін кабинетте қалдырып шықты да, Фаш Лэнгдонды жартылай қараңғы дәлізбен ары қарай ертіп әкетті. Алда, отыз ярдтай жерде, таусылмас дәліздей көрінген, қабырғаларына музейдегі ең құнды туындылар, итяльяндық кескіндеме шедеврлары ілінген Луврдың la Grande Gallerie деп аталатын ең танымал бөлігіне кіреберіс көрінді. Лэнгдон енді аңғарды: Соньердің мәйітін дәл сол жерден тапқан; «Полароидпен» түсірілген суретте Үлкен галереяның атақты паркет едені айқын көрініп тұрған болатын. Олар жақындап келді, осы жерде Лэнгдон кіреберістің биік те жуан құрыш тормен жабылғанын көрді, ортағасырлық қамалдарда тонаушы армиядан қорғану үшін осындай торлар пайдаланылған.
– Ұстау жүйесі, – деп ескертті Фаш, олар торға жақындап келгенде.
Тіпті, қараңғылықтың өзінде бұл кедергі қаһарлы және еңсерілместей, танкті де тоқтататындай болып көрінді. Лэнгдон жуан темір шыбықтардың арасынан Үлкен галереяның қаракөлеңке лабиринтіне назар сала бастады.
– Сізден кейін, мистер Лэнгдон, – деді Фаш.
Лэнгдон таң қала артына қарады. Менен кейін, бірақ, қалай және қайда?..
Фаш тордың төменгі бөлігін нұсқады.
Лэнгдон төмен жаққа қарады. Бастапқыда ол қараңғылықтан аңғармапты. Тор екі футтай көтеріліп тұр екен, астынан еңбектеп өтуге жетерліктей.
– Бұл секция әзірге Луврдың қауіпсіздік қызметі үшін жабық, – деп түсіндірді Фаш. – Менің полицияның ғылыми-техникалық бөлімінен құралған командам жаңа ғана тексеруді аяқтады. – Ол өзіне қарай шақырып ымдады. – Өтінемін. Өтіңіз.
Лэнгдон тордың табанындағы жіңішке саңылауға қарады, бұл жерден тек қарныңмен жер сызып, еңбектеп қана өтуге болады. Өзі қылжақтап тұр ма, немене?.. Салбырап тұрған тор кез келген сәтте құлап түсіп, шақырылмаған қонақты езіп тастайтын гильотинаны еске түсіреді.
Фаш французша әлдене деп күңкілдеді де сағатына қарады. Сонан соң тізерледі де, өзінің жеткілікті дәрежеде қоңды денесін саңылауға сұқты. Тордың арғы жағына өткен ол, тіктеліп, Лэнгдонға күте қарады.
Лэнгдон күрсініп салды. Тізерледі, сонан соң алақандарымен паркет еденге таянды да, екпеттеп жатып тордың астынан өтті. Жарты денесін өткізе бере ол твид бешпетінің жағасымен темір шыбықтың ұшына ілініп қалып, шүйдесін оңдырмай ұрып алды.
Айтары жоқ, керемет, Роберт, деді ол өзіне-өзі, сөйтіп, әзер дегенде орнынан тұрды. Осы сәтте ол өзін өте ұзақ түн күтіп тұрғанын анық түсінді.
5-тарау
Мюррей-Хилл-плейс – «Опус Деяның» жаңа штаб-пәтері мен іскерлік орталығы Нью-Йоркте, Лексингтон-авеню, 243 мекенжайында орналасқан болатын. Ғимараттың құрылысы 47 миллионнан астам долларға айналды, оны Индиана штатында өндірілетін әктас пен қызыл кірпіштен қаланған, 133 000 шаршы футтан тұратын мұнара асқақтатып тұрды. Жобаның авторлары «Мей және Пинск» бюросының сәулетшілері болатын, ғимаратта жүзден астам ұйықтайтын бөлме, алты асхана, кітапханалар, демалуға арналған қонақ бөлмелер, конференц-залдар, кеңселер орналасқан. Он жетінші қабат тұтасымен жеке резиденцияға арналды. Екінші, сегізінші және он алтыншы қабаттарда мрамормен өңделген және қашалған тастармен әшекейленген шағын мінәжатханалар орналастырылды. Ерлер ғимаратқа Лексингтон-авенюге шығатын бас есік арқылы кіре алатын. Ал, әйелдер бүйірдегі көше жақтағы есікті пайдаланатын, шпиниде болғанда олар еркектерден «акустикалық және визуальды түрде», үнемі бөлек болатын.
Сол кеште, сәл ертерек, он жетінші қабаттағы апартаменттердің иесі, епископ Мануэль Арингароса шағын жол сөмкесін әзірлеп, шығарда дәстүрлі қара сутананы киді. Әдетте, ол сутанасын қызыл күрең белбеумен буынатын, бірақ, бүгін қарапайым адамдардың арасында сапар шегетін болғандықтан, өзінің жоғары дәрежесіне назар аудартпағанды жөн көрді. Тек үйреніскен көз ғана оның ірі бриллианттар қоршаған қызыл күрең күлгінтас әшекейлеп тұрған епископтық он төрт караттық алтын сақинасын және қол еңбегінің аппликациясы бар митрасын бағалай алатын еді. Сөмкені иығына асқан ол қысқа дұға қайырды да, апартаментінен шығып, әуежайға апаратын жүргізуші күтіп тұрған вестибюльге түсті.
Енді, міне, Римге дейін коммерциялық рейспен баратын әуе кемесінің бортында епископ Арингароса иллюминаторға үңіліп, төменде қалып бара жатқан Атлант мұхитының қарайған суына қарап отыр. Күн батып кетті, алайда, епископ өз жұлдызының көп ұзамай туатынын білетін. Бүгін біз бұл шайқасты ұтып шығамыз, деп ойлаған ол, бұдан небары бірнеше ай ғана бұрын оның империясын талқан етпекші болып қоқан-лоққы жасаған жауының алдында өзін мүлдем дәрменсіз сезінгеніне тағы да бір таң қалды.
«Опус Деяның» – «Құдай ісінің» төраға-әкейі болып санала отырып – епископ Арингароса соңғы он жыл ғұмырын оның идеяларын таратуға арнады. 1928 жылы испан дінбасысы Хосе Мария Эскрива негізін қалаған бұл діни бауырластық байырғы католиктік құндылықтарға қайтып оралуды жариялады, өзінің мүшелерін барлығын, тіпті, өз өмірлерін құрбан етуге шақырды, әрі мұның барлығы бір ғана «Құдай ісінің» даңқы үшін деп насихаттайтын.
«Опус Деяның» дәстүршілдік пәлсапасы Испанияда Франко режиміне дейін туындаған болатын, алайда, 1934 жылы Хосе Мария Эскриваның «Сапар» атты кітабы жарияланған соң ғана – онда өз өмірін «Құдай ісіне» қалай арнау керек деген тақырыпқа арналған 999 ой-толғам тізбеленген болатын – оның әлем бойынша жеңімпаз шеруі басталды. Ал, енді, «Сапарды» қырық екі тілде, төрт миллионнан астам тиражбен шығарған «Опус Дея» сектасы санасуға мәжбүр боларлықтай күшке айналды. Жер шарының әрбір ірі қаласында осы ұйымның бөлімшесі, оқу орталықтары, тіпті, университеттері қызмет атқарды. «Опус Дея» әлемдегі ең шапшаң дамып келе жатқан және қаржылық жағынан жақсы қамтылған католиктік ұйым болды. Өкінішке қарай, Арингаросаның өзі мойындағандай, жалпыға ортақ діни цинизм, теледидар экрандарынан таратылатын күмәнді культтер мен дәл солардай күмәнді уағызшылардың танымалдылық ғасырында, «Опус Деяның» артып келе жатқан қуаты мен байлығы барған сайын негізсіз күдіктердің нысанына айналып барады.
– Көп адамдар «Опус Деяны» сананы тазарту культі деп атайды, – деп мәлімдейтін оған репортерлар. – Басқалары сіздерді ультраконсервативтік құпия христиандық қоғам деседі. Сонда сіздер кімсіздер?
– «Опус Дея» – ол да емес, бұл да емес, – деп шыдамдылықпен жауап беретін епископ. – Біз – Католиктік шіркеудің бөлігіміз. Біз – өзіміздің күнделікті өміріміздегі католиктік доктринаға шынайы қызмет ету жолын таңдап алған католиктер бауырластығымыз.
– Бұл пәктік сертін, шіркеулік десятина салығы мен күнәсінен өзін-өзі қамшылау арқылы арылуды тұспалдамай ма?
–Мұның барлығы «Опус Дея» мүшелерінің тек аздаған бөлігіне ғана қатысты, – деп жауап беретін Арингароса. – Біздің ортамызға тартудың бірнеше деңгейі бар. «Опус Деяның» мыңдаған мүшелері отбасын құрады, өз қоғамдастықтарында Құдайға қажетті жұмыстарды орындайды. Басқалары аскеттік өмірді таңдайды, монастырьлардағы оңаша тіршілікті жөн көреді. Әркімнің таңдау еркіндігі бар, алайда, «Опус Деяның» барлық мүшелерінің мақсаты бір: әлемді жақсарту. Әрі мұны олар Құдай ісін орындай отырып жетілдіреді. Біз қатарымызға қосылғысы келгендердің барлығына қуаныштымыз.
Дегенмен, ақылмен келу, сендіру бұл жерде пайдасыз болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары дау-дамайға қашанда құштар, «Опус Деяда» да, көптеген ірі ұйымдардағыдай, сұмырайлар әрқашанда табылып жататын. Бүкіл ұйымға таңба түсіретін бірнеше адасқан жандар.
Екі айдай бұрын «Опус Деяның» Орта Батыстағы бөлімшесі өте бір жағымсыз іспен көрініп қалды. Ол өз қатарына мескалин тарата отырып, неофиттерді тартқан. Бұл есірткілік зат адамдарды масайрау күйіне түсірген, ал оны, өз кезегінде, неофиттер қате түсінікпен діни экстаз деп қабылданған. Университеттің бір студенті өзінің тікенектері бар қамшысын күніне ұсынылатын екі сағаттан жиі қолданып, жарасына инфекция түсіріп алып, нәтижесінде өзі қайтыс болған. Жақында Бостонда әлдебір жас және өмірге өкпелі банкир өзіне-өзі қол жұмсаған, алайда, өлер алдында бүкіл дүние-мүлкін «Опус Деяға» жазып қалдырған.
Адасқан тоқтылар, Арингароса оларды осылай атады, әрі оның жүрегі бұл адамдарға деген аяушылық сезімнен қарс айырылды. Бірақ, сот үдерісі қалың бұқараға кеңінен жайылған ФТБ-ның барлаушысы Роберт Ханссеннің бүлдірген ісі ұйымның абыройын, әсіресе, төгіп кетті. Ханссеннің «Опус Деяның» беделді мүшелерінің бірі болғаны аздай, ол сондай-ақ, азғын болып шықты. Сотта оның азғындауының бұлтартпас дәлелдері келтірілді: бұл неме өз ұйықтайтын бөлмесіне бейнекамера орнатып, кейін достарына әйелімен жыныстық қатынасқа қалай түскендігін көрсетіп отырған.
– Мұндай адамды шынайы католик деп атау екіталай шығар, – деп судья кекете атап көрсетті.
Осы өкінішті фактілердің барлығы «Опус Деяның» арнайы бақылау тобын, қысқаша ОДБТ-ны, құруға итермеледі. Оның, тіпті, Интернетте өз сайты пайда болды – www.odan. org, – одан бауырластыққа кірудің қауіптерінен сақтандыратын, «Опус Деяның» бұрынғы мүшелерінің сұмдық оқиғаларын оқуға болатын. Осыдан кейін бұқаралық ақпарат құралдары «Опус Деяны» «Құдай мафиясы» және «Христос культі» деп барған сайын жиі атай бастады.
Біз өзіміз түсінбейтін нәрседен қорқамыз, деп ойлады Арингароса. Бұл сыншылар, осылар бауырластықтың қанша адамның өмірін рухани байытқаны туралы аздаған болса да бірдеңе біле ме екен? Ол Ватиканның батасы мен қолдауына ие! «Опус Дея» папаның өзінің тікелей қамқорлығында!
Алайда, салыстырмалы түрде таяуда ғана бауырластықтағылар, бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда, анағұрлым қуатты да қас ниеттегі күштің… күтпеген жаудың бар екендігін білді, Арингароса одан жасырынар әдісті таба алмады. Бес ай бұрын сол жау ойсырата соққы берді. Арингароса сол соққыдан әлі күнге дейін ес жия алған жоқ.
– Олар кімге соғыс ашқандарын білмейді, – деп, иллюминатордан төмендегі мұхиттың қап-қара суына үңіле отырып, ызалана және ақырын сыбырлады епископ. Бір сәт оның назары әйнектегі өз бейнесіне қадалды – ең айқын бөлігі қисая мыжылып кеткен мұрны болып саналатын қараторы сопақша жүз. Оның мұрнын бұл әлі жас, жаңа бастаған миссионер болып жүргенінде, Испанияда жұдырықпен сындырған. Бірақ, бұл дене кемшілігінің бүгінгі атқарар мәні аз болатын. Арингаросаның тәні емес, жаны сұлу еді.
Сутананың көп қыртысына жасырылған ұялы телефон діріл қаққанда әуе кемесі Португалия жағалауының үстімен ұшып келе жатқан. Арингароса ұшу кезінде ұялы байланысты пайдалануға тыйым салатын ережелерді білетін, алайда, ол бұл қоңырауды күтіп отырған. Жарық жалғанда бұл нөмірді бір ғана адам білетін, поштамен осы телефонды Арингаросаға салып жіберген де сол болатын.
– Иә? – Епископ трубкаға ақырын жауап қатты.
– Сайлас маңызды тасты тапты, – деп жауап берді оған дауыс. – Ол Парижде. Сен-Сюльпис шіркеуінде жасырылған.
Риза болған күлкіден епископтың жүзі жайыла түсті.
– Онда біз тым жақындап қалыппыз.
– Оны дереу ала аламыз. Бірақ, сіздің ықпалыңыз қажет.
– Иә, әрине. Не істеуім керек, айтыңыз.
Арингароса ұялы телефонын өшірген кезде, оның жүрегі дүрсілдей соқты. Барған сайын үдей түскен, бастамасын өзі бастаған уақиғалардың дүрбелеңінде өзін ойыншық сияқты сезіне отырып, тынышталу үшін ол тағы да түн қараңғылығына үңілді.
Одан бес жүз мильдей жерде Сайлас есімді альбинос, легенге еңкейген күйінде, губкамен арқасындағы жараларын жуып отырды. Қызыл-қоңыр тамшылар суды шапшаң лайлап жатты.
– Мені иссоппен шайындыр, сонда мен қайтадан таза боламын, – деп міңгірледі ол дұға сөздерін. – Мені алғысыңмен шайындыр, сонда мен қардан да әппақ боламын.
Сайлас бұдан бұрын ешқашан мұндай рухани сергектікті сезінген емес. Бұл оны әрі таң қалдырды, әрі елжіретті. Соңғы он жыл бойына ол «Сапардың» заңдарын ардақтай сақтап келеді, күнәларынан арылып, өз өмірін толығымен өзгертіп, санасынан бұрынғы өмірінде қолдануға мәжбүр болған зорлықшыл әрекеттерді сызып тастағысы келеді. Бірақ, бүгін соның барлығы қайта оралды. Оның ұзақ жылдар бойы күрескен өшпенділігі қайтадан сұранысқа ие болып шықты. Ол өткенінің өзіне қайтадан шапшаң үстемдік жүргізгеніне таң қалудан шаршаған емес. Сонымен бірге, әрине, оның дағдылары да қайтып оралды. Жиіркенішті және кейбірі ұмытылып қалған сол дағдылар қайтадан қажет болды.
Иисус бізді ынтымақшыл болу-ға үйретеді… махаббатқа… Ол зорлықшылдықты қабылдамайды. Осыған соңғы жылдары Сайлас та үйренді, әрі бұл сөздер оның жүрегінен орын тапты. Енді, міне, Христостың жаулары оның Ілімін бұзғылары, жойғылары келеді. Құдайға қылышпен қоқан-лоққы жасаған жан сол қылыштан қаза табады. Шапшаң да аяусыз қылыштан.
Екі мың жыл бойы Христостың сарбаздары өздерінің сенімдерін оны жойғысы келгендерден қорғап келді. Бүгін Сайласты олардың қатарына шақырды. Жаралары аздап кепкен соң, ол басшылығы бар жайылма етекті сутанасын киді. Ең қарапайым, дөрекі қара жүннен пішілген, оның аясында қолдар мен шаштар ақтығымен ерекше бөлектеніп көрінетін. Сутанасын жіппен байлап, басшылығын басына жауып, айнаның алдына келді. Қып-қызыл көздері өз бейнесін тамашалады. Уақиғаның дөңгелектері мен бұрандалары айналымға енді.
6-тарау
Тордың астынан өткен Роберт Лэнгдон, Үлкен галереяның кіреберісінде тұрды. Ол өзін ұзын да терең каньонның аранына қарап тұрғандай сезінді. Галереяның екі жағынан биіктігі отыз футтық жалаңаш қабырғалар бой көтерген, олардың жоғарғы бөлігі қараңғылыққа сүңгіп кеткен. Плинтустардағы түнгі шамдардың қызғылтым жылтылдауы арнайы сымдар арқылы төбеден төмен салбырап тұрған да Винчидің, Тициан мен Караваджоның суреттеріне құпия сырлы сәуле тастап тұр. Натюрморттар, діни көріністер, пейзаждар, мынау фәнидің ақсүйектері мен алпауыттарының портреттері.
Бір қарағанда, Үлкен галереяда итальяндық кескіндемешілердің әлемдегі үздік коллекциясы жинақталғанына қарамастан, келушілердің көпшілігінде ол, бәрінен бұрын, өзінің ерекше паркет еденімен атақты сияқты әсер қалдыратын. Диагоналды емен паркеттерден төселген ол тек өзінің ғажайып геометриялық суретімен ғана таңғалдырып қоймайтын, сонымен бірге, оптикалық иллюзия да туғызатын: ол келушілерде галерея бойынша жүзіп келе жатқандай әсер туғызатын, беткі жағы әр қадам сайын өзгеріп отыратын, көп өлшемді торлама жүйеге ұқсайтын.
Лэнгдонның назары күрделі сурет бойынша сырғанап келді де, кенеттен өзінен бірнеше ярд жерде, солға таман, еденде жатқан, бұл жерге мүлдем қатысы жоқ затқа барып тоқтады. Оның жатқан жерін полицейлер арнайы таспамен бөлектеп, қоршап қойыпты. Лэнгдон Фашқа бұрылды:
– Мынау немене… Караваджо ма? Анау жатқан, едендегі?..
Фаш бұрылмастан, басын изеді.
Картина, Лэнгдонның түсінуінше, екі миллион доллар тұратын, алайда, дәл бір қоқысқа тасталған плакат сияқты, еденде жатыр.
– Бірақ, неліктен, сайтан алғыр, ол еденде жатыр?
Оның дауысынан естілген наразылық Фашқа ешқандай әсер етпеген сияқты.
– Бұл қылмыс орны, Лэнгдон мырза. Біз өзіміз ештеңеге тиіскен жоқпыз. Картинаны қабырғадан тәлімгер жұлып алған. Сол арқылы дабыл қағу жүйесін іске қосқан.
Лэнгдон не болғанын ұғыну үшін торға қарай бұрылды.
Тәлімгерге шабуыл кабинетте жасалғаны анық. Ол жүгіріп шығып, Үлкен галереяға жетіп, суретті қабырғадан жұлып алу арқылы дабыл қағу жүйесін іске қосқан. Тор сол сәтте жолдарды жауып, төмен түскен. Галереяға басқа кірер-шығар жол жоқ.
Лэнгдон сасқалақтап қалды:
– Онда тәлімгерға шабуылдаушыны галереяға қамаудың сәті түскен бе?
Фаш басын шайқады:
– Жоқ. Тор одан Соньерді тек бөліп қана тұрған. Қанішер мына жерде, дәлізде тұрған, ал, Соньерге тордың арасынан оқ атқан. – Ол өздері жаңа ғана еңбектеп өткен тордың шыбықтарының бірін белгілеп қойған сарғыш көрсеткішті нұсқады. – Ғылыми-техникалық бөлім қызметкерлері бұл жерден оқ-дәрі бөлшектерін тапқан. Ол тордың арасынан атқан. Соньер мына жерде, жалғыз жатып көз жұмған.
Лэнгдон өзіне көрсеткен суретті есіне түсірді. Бірақ, олар мұны тәлімгер өзі жасаған деп еді ғой. Ол аумақты да бос жатқан дәлізді көзімен шолып шықты.
– Сонда мәйіт қайда?
Фаш кергіш түріндегі галстук түйреуішін түзеді де, ары қарай жүрді.
– Бәлкім, галереяның өте ұзын екендігі сізге белгілі болар.
«Ұзындығы, егер мен қателеспесем, – деп ойлады Лэнгдон, – он бес мың футты, яғни Вашингтон мемориалының* үш биіктігіне көбейткендегіге тең ұзындықты құрайды». Дәліздің ені де күшті әсер туғызатын, мұнда жолаушылар пойыздарының екі жақты қозғалысына арнап емін-еркін рельстер төсеуге болатын. Ортада, белгілі бір қашықтықта, тақырыптық экспозицияларды шектеуге, сондай-ақ, келушілер қозғалысының ағынын бөлуге көмек беретін мүсіндер немесе үлкен фарфор вазалар орналасқан.
*Джордж Вашингтон мемориалы – Вашингтонның орталығындағы биіктігі 169 метрлік тас обелиск, пошымы ақ мрамормен әдіптелген «қарындашқа» ұқсайды – бұл ескерткіштің лақап аты осындай.
Фаш дәліздің оң жағымен шапшаң да үнсіз адымдап келе жатты, ол назарын алға қадап алған. Лэнгдонға әлемдік ұлы шедеврлардың қастарынан, оларға қарау үшін бір сәтке болса да тоқтамастан, жүгіріп өтіп кету, жұмсартып айтқанда, әдепсіздік сияқты көрінді.
Әйтсе де, мынадай жарықтандыру жағдайында әлденені ажыратып көру мүмкін бе, деп ойлады ол.
Түнеріңкі қызғылтым жарық оған, нәтижесінде сәл болмағанда, өмірінен айыра жаздаған Ватикандағы құпия архивтердегі жұмыстары туралы естеліктерді есіне түсірді. Бүгінгі күн ішінде екінші рет оның есіне Виттория оралды. Айлар бойы ол туралы ойламаған еді – енді келіп, кенеттен. Лэнгдон өзінің Римде небары бір жыл ғана бұрын болғанына сенер-сенбесін білмеді; содан бері ондаған жылдар өтіп кеткен сияқтанатын. Басқа өмір. Витториядан соңғы хабарды ол желтоқсанда алған болатын. Ол ашықхат еді, онда ол Ява теңізіндегі аралға, физика саласындағы… Жер мантиясының флуктуациясын зерттеуге жер серіктерін пайдалануға қатысы бар, әлдебір өзінің зерттеулерін жалғастыру үшін ұшып бара жатқанын жазған еді. Лэнгдон осындай, Виттория Ветра сияқты әйел университет кампусында өзімен бірге бақытты өмір сүре алады деген елесті ешқашан малдана қоймайтын. Алайда, олардың Римдегі кездесуі оның жаны мен тәнінің бұрын сезінбеген зарығуын оятты. Оның бойдақтық өмірі мен жалғызбасты еркектің бостандығының жұпынылау көркемдігіне құштарлығының қадірі кетіп қалды. Сөйтті де, күтпеген жерден, өткен жылы күшеймесе кемімеген мағынасыздыққа ауысты.
Олар галареяны бойлап шапшаң адымдап келе жатқан еді, алайда, Лэнгдон әзірге ешқандай да мәйітті көрмеді.
– Шынымен де Жак Соньер осындай үлкен қашықтықты жүріп өткен бе?
– Оқ Соньердің ішіне тиген. Бұл ұзақ та өте азапты өлім. Ол он бес-жиырма минут бойы ажалмен арпалысқан. Оның ерекше жігер күшіне ие адам болғаны анық.
Лэнгдон таң қалғаннан, тіпті, тоқтап қалды.
– Сіз немене, күзетшілердің осы жерге жетуі үшін бүтіндей он бес минут қажет болған дегіңіз келе ме? – Әрине, жоқ. Луврдың күзеті, дабыл белгісі қағылысымен, дереу әрекет еткен, бірақ, Үлкен галереяға кіруге рұқсат жоқ болатын. Күзетшілер тордың қасында тұрып, дәліздің түпкір жағында әлдекімнің қозғалып келе жатқанын естіген, алайда, нақты кім екенін көре алмаған. Олар айғайлаған, бірақ, сол бойы жауап ала алмаған. Бұл қылмыскер болар деп ойлап, одан басқа кім болуы мүмкін, олар нұсқаулыққа сәйкес, сот полициясын шақырған. Біз он бес минуттан соң келіп жеттік. Сонан соң астынан өтетіндей етіп торды аздап көтерудің сәті түсті, сосын мен ол жаққа қаруланған он екі агентті жібердім. Олар тонаушыны іздеп бүкіл галереяны адақтап шықты.
– Сонымен?..
– Сонымен, ешкімді таппады. Мынадан… – осы кезде ол алдыңғы жақты көрсетті, – басқа.
Лэнгдон Фаштың саусағы нұсқаған жаққа қарады. Алғашқы сәтте оған капитан ортада тұрған үлкен мрамор мүсінді көрсетіп тұрғандай көрінді. бірақ, сонан соң, жақындап келгенде, қателескенін түсінді. Алдыңғы жақта, мүсіннен отыз ярдтай жерде, ашық жарық түсіп тұрған дақ көрінді. Штативке бекітілген лампа галереяның қызғылтым қаракөлеңкесіне сүңгіген жарықтың едендегі жалғыз-ақ аралын жасап тұрған еді. Осы жарық түскен дақтың ортасында, дәл бір микроскоп астында жатқан жәндіктей болып, паркет еденде тәлімгердың жалаңаш денесі жатты.
– Сіз суретті көрдіңіз ғой, – деді Фаш. – Ендеше сіз үшін бұл жерде кездейсоқ ештеңе де жоқ.
Олар жақындап келді, сонда барып Лэнгдон өзінің қалтырап бара жатқанын сезінді. Оның алдында өзі бұрын-соңды көрген көріністерінің ішіндегі ең сұмдық та қорқыныштысы жатқан еді.
Жак Соньердің денесі паркет еденде дәл суреттегідей қалпында жатқан болатын. Лэнгдон оның үстінен төніп және әдеттен тыс жарық сәуледен көзін сығырайта қарап тұрғанда, «өмірінің соңғы сәттерін тәлімгер осындай әдеттен тыс күйді ұстап қалуға тырысумен өткізген-ау» деп, санасында жалт еткен ойды ысырып тастай алмады.
Соньер өз жасына қарағанда таң қаларлықтай мығым көрінеді… Оның бүкіл бұлшық еттері, бейнелеп айтқанда, ойнап тұр еді. Ол үстіндегі киімдерін шешіп алып, қасына, еденге мұқияттап жинап қойыпты, сонан соң кең дәліздің, бөлменің дәл ортасына шалқасынан жатқан. Қолдары мен аяқтарын кеңінен соза жазып тастаған, балалардың қыста жасайтын қар адамының қолдары да тап осылай күлкілі күйде екі жаққа жайыла сорайып тұрады… Жоқ, дәлірек айтқанда, ол әлдебір көзге көрінбес күштер керіп, бөлшектемек болған адамға ұқсайды.
Кеудесіндегі қанды дақ оқтың денеге қай тұстан енгенін көрсетіп тұр. Қан таң қаларлықтай аз аққан, тек аздаған ғана көлшік болып ұйыған.
Сол қолының сұқ саусағына да, дәл бір жараға сұғып алғандай, қан жұққан. Бұл өлгелі жатқан адамның өз қанын сия немесе бояу ретінде, ал, өзінің жалаңаш қарнын – кенеп ретінде пайдаланған деген сұмдық ойға жетелейтін. Шынында да, Соньер өзінің қарнына қарапайым символды: айқаса келгенде бес бұрышты жұлдызды құрап шығатын бес түзу сызықты салған.
Пентакл ма?..
Қарынның ортасындағы қанды жұлдыз мәйітке шынында да үрейлі түр береді. Лэнгдон көрген сурет те естен тандырарлықтай әсер еткен болатын, бірақ, енді, бәрін өз көзімен көрген Лэнгдон, үдеп бара жатқан алаңдаушылықты сезінді.
Ол өзіне осылай жасаған.
– Лэнгдон мырза? – Фаштың қап-қара, бұрғыдай көздері бұған қадалып тұр еді.
– Бұл пентакл, – деген Лэнгдонға өз дауысы бөтен сияқты сезілді, галерея күмбездерінің астында ол біртүрлі қызық және дүңкілдей естілді. – Жер бетіндегі ең ежелгі символдардың бірі. Христос туардан төрт мың жыл бұрын пайда болған.
– Сонда ол нені білдіреді?
Оған осы сұрақты қойғанда Лэнгдон қашанда қобалжитын. Бұл символдың нені білдіретінін айту – қандай да бір әннің адамға қалай әсер ететінін түсіндіруге тең еді. Өйткені, бір әнді әркім өзінше қабылдайды ғой, ку-клукс-кланның ақ қалпағы Құрама Штаттарда өшпенділік пен нәсілшілдіктің символына айналса, Испанияда мұндай костюм бар болғаны христиандық сенімнің мызғымастығын айқындап тұратын.
– Әртүрлі жағдайларда қандай да бір символ әртүрлі мәнге ие, – деп сақтана жауап берді Лэнгдон. – Негізінде бастапқыда пентакл пұтқа табынушылардың діни белгісі болған.
– Шайтанға табыну, – Фаш басын изеді.
– Жоқ, – деген Лэнгдон, бірден түсінді, сөзді абайлап айту керек. Өйткені, бүгінгі таңда «пұтқа табынушы» немесе «пұтқа табынушылық» деген сөз, шайтанға табынудың синониміне дерлік айналып кетті ғой, ал, бұл – мүлдем қате. Бұл сөздің түбірі латынның pagan сөзіне барып тіреледі, ал, ол «ауылдық жерді мекендеушілер» дегенді білдіреді. Пұтқа табынушылар ауылдық және орманды өлкелердің тұрғындары және өздерінің діни көзқарастары бойынша политеистер болып табылатын, сондықтан, Табиғаттың күштері мен құбылыстарына бас иетін. Христиандық шіркеудің деревняларда тұратын бұл көпқұдайшылдардан қорыққандықтары сонша, «vilain-нан» шығатын «villes», яғни «деревняда тұрушы», «жауыз» дегенді білдіре бастаған болатын.
– Бес бұрышты жұлдыз, – деп түсіндірді Лэнгдон, – бұл Табиғатты құдайландыру мен соған бағынуға жататын, христиандыққа дейінгі символ. Ежелгі адамдар бүкіл әлемді екі жартыға – еркектікке және әйелдікке бөлген. Оларда күштердің тепе-теңдігін сақтайтын құдайлары мен құдай-аналары болған. Инь және ян. Еркектік және әйелдік бастаулар тепе-теңдігін сақтағанда, әлемде үйлесімділік билік құрады. Ал, баланс бұзылса, хаос туындайды. – Лэнгдон мәйіттің қарнын нұсқады: – Пентакл жер бетіндегі тіршілік атаулының әйелдік жартысын білдіреді. Діндерді зерттеуші тарихшылар бұл символды «қасиетті әйелдік бастау» немесе «қасиетті құдай-ана» белгісі деп атайды. Басқа-басқа, ал, Соньерге бұл жақсы белгілі болған.
– Сонда Соньер өзінің қарнына құдай-ананың символын салған ба?
Лэнгдон мұның біршама түсініксіздеу болуына орай Фашпен келісуге мәжбүр болды.
– Бұның анағұрлым өзіне тән түсіндірмесі бар. Бес бұрышты жұлдыз Венераны, махаббат пен сұлулық құдай-анасын символдаушы болып саналады.
Фаш еденде тіршіліксіз керіліп жатқан жалаңаш еркекке қарап, мұрын астынан әлдене деп күңкілдеді.
– Ежелгі діндер Табиғаттың тәңірілік бастауына негізделген. Венера құдай-анасы мен Венера планетасы – екеуі бір нәрсе. Құдай-ананың түнгі аспанда өз орны бар және көптеген атаулармен белгілі – Венера, Шығыс жұлдызы, Иштар, Астарте. Әрі олардың барлығы да Табиғатпен және Жер-анамен байланысты қуатты әйелдік бастауды бейнелейтін.
Фаш әлденеден мазасызданып кетті. Дәл бір шайтанға табыну идеясын артық деп тапқандай.
Лэнгдон егжей-тегжейіне бойламай-ақ қояйын деп шешті және бәлкім, жұлдыздың өзінің таң қаларлық қасиеті: оның Венерамен байланысының графикалық дәлелі туралы да ештеңе деген жоқ. Сонау астрономия факультетінің студенті болып жүргенде-ақ, Лэнгдон Венера планетасының әрбір сегіз жыл сайын көк жүзіндегі үлкен шеңбер бойынша абсолютті түрдегі дұрыс пентакл жасап айналып шығатынын үлкен таңқалыспен білген еді. Ежелгі адамдар осы құбылысты байқап, әсерленгендері сонша, Венера мен оның пентаклі олар үшін кемелдіктің, сұлулық пен сексуалды махаббаттың қайталанбалылық символдарына айналды. Осы құбылысқа көрсеткен құрметтері іспеттес етіп ежелгі гректер әрбір сегіз жыл сайын олимпиадалық ойындарды ойнайтын. Қазіргі таңда осы заманғы Олимпиадалардың Венераның жартылай циклына бағынатынын білетіндер саусақпен санарлық. Бес бұрышты жұлдыздың Олимпиадалық ойындардың символы бола жаздағанын, бірақ, соңғы сәтте ғана оны өзгерткендерін: жұлдыздың бес үшкір бұрыштарын, ұйымдастырушылардың пікір-лерінше, ойындардың үйлесімі мен қатысу рухын үздік байқататын, бес шеңберге ауыстырғанын білетіндер, тіпті, аз.
– Лэнгдон мырза, – деді Фаш, – байқауымша, сіздің мына пентаклыңыздың сайтанға да қатысы болса керек. Қалай болғанда да, сіздердің америкалық қорқынышты киноларыңызда ол тап сондай мәнге ие.
Лэнгдон қабағын шытынды. Үлкен рахмет саған, Голливуд! Бес бұрышты жұлдыз кісі өлтіруші-ібілісшілер туралы қорқынышты сериалдарда виртуалды клишеге айналып шыға келіпті. Мұндай жұлдыздармен ібілісшілер тұрағының қабырғалары боялған, олар ол жерде басқа да әзәзілдік символикамен қатар сап түзеп тұр. Лэнгдон бұл символдың дәл осындай мағынада қолданылатынын көріп торығып кетті, өйткені, әуел баста бес бұрышты жұлдыз тек жақсылықтың белгісі еді ғой.
– Сізді былай деп сендірейін, – деп жауап берді ол, – сіздің кинодан көргендеріңізге қарамастан, жұлдызды әзәзілдік тұрғыдан түсіндіру тарихи көзқарас тұрғысынан мүлдем қате. Ол ежелден әйелдік бастаудың белгісі болған, алайда, әрине, мыңдаған жылдар ішінде символдың мәні бұрмаланған. Бұл жерде – қантөгіс арқылы.
– Біртүрлі, түсінбедім…
Лэнгдон өзінің сөздерінің теріс түсінілуінен қауіптеніп, Фаштың галстугындағы түйреуішке қиғаштай көз салды.
– Шіркеу, сэр. Әдетте, символдар өте тұрақты болады, бірақ, пентаклды оның дамуының ерте сатысында Римнің католиктік шіркеуі өзгертіп жіберген. Ол Ватиканның пұтқа табынушылық діндерді жою және бұқараны христиандыққа бұру жөніндегі науқанының бір бөлігі болатын. Сондықтан, Шіркеу олардың қасиетті символдарын жауыздық символдары ретінде көрсете отырып, пұтқа табынушылардың құдайларымен және құдай-аналарымен белсенді түрде күресті.
– Жалғастыра беріңіз.
– Мұндай жағдай ұлы өзгерістер тұсында өте жиі болып тұрады, – деді Лэнгдон. – Кез келген жаңа күш өмір сүріп келе жатқан символдарды қайта жасауға, олардың беделін түсіруге, жоюға немесе бастапқы мәндерін бұрмалауға тырысады. Пұтқа табынушылар мен христиандық символдар арасындағы күресте алғашқылары жеңіліп қалды. Посейдонның үш тісті ашасы сайтанның айырына айналды, данагөйдің үшкіл төбелі қалпағы – мыстанның бас киіміне. Ал, Венераның бес бұрышты жұлдызы сайтанның белгісі болып шыға келді. – Лэнгдон үзіліс жасады. – Өкінішке қарай, тіпті, АҚШ-тың әскери ведомствосы да бес бұрышты пайдаланды: енді ол соғыстың басты символы. Біз бұл жұлдызшаның суретін жойғыш ұшақтарымыздың қанаттарына саламыз, генералдарымыздың погондарын әшекейлейміз. – Сөйтіп, қош бол, махаббат пен сұлулықтың құдай-анасы.
– Қызық, – деп созды үнін Фаш, сөйтті де паркетте керіліп жатқан мәйітке қиғаштай назар аударды. – Ал, мына дененің жатысы ше? Ол сізге ештеңені аңғартпай ма?
Лэнгдон иығын қушитты:
– Мұндай жатыс бар болғаны бес бұрыш пен әйелдік бастаудың байланысын баса көрсетіп тұр.
– Кешіріңіз, түсінбедім…
– Бұл репликация деп аталады. Символдың қайталануы – оның мәнін күшейтудің қарапайым тәсілі. Жак Соньер өз денесінің бес бұрышты жұлдызға ұқсағанын қалаған. – Бір пентакл жақсы, ал, екеу одан да жақсы.
Фаш Соньердің қолдарын, аяқтарын және басын ұзақ уақыт шола қарап шықты да, онсыз да тілмен жалағандай болып тұрған шашын сипай басып қойды.
– Қызықты талдау, – деп ескертті ол. Сосын сәл үзілістен соң былай деп қосты: – Ал енді оның жалаңаш жатқаны ше? – Фаш осы соңғы сөзді айтқанда, жалаңаш егде адамның денесі жиіркенішін туғызғандай әнтек тыжырынды. – Ол киімдерінің барлығын не үшін шешіп тастаған?
Өте жақсы сұрақ, деп ойлады Лэнгдон. Суретті көрген сәтте өзі де осыған таңқалған болатын. Алдымен ойға келетіні, жалаңаш адам денесі Венераға, сексуалдылық құдай-анасына жақындықты баса көрсетуге тырысушылық. Осы заманғы мәдениет еркек пен әйелдің тәндік одағынан туғызып әкеліп Венерамен бірқатар ұқсастықты алса да, «Венера» түбірінің мынадай да, мысалы, аурулар туралы сөз болғанда «венерологиялық» деген сөзде кездесетінін аңғару үшін лингвист-этимолог болудың қажеті шамалы. Алайда, Лэнгдон бұл тақырыпқа тереңдемей-ақ қояйын деп шешті.
– Мистер Фаш, мен сізге Жак Соньердің бұл символдың суретін неліктен қарнына салғанын да, неліктен мұндай қызық қалыпта жатқанын да айта алмаймын. Бірақ, сенімді түрде мұндай, Соньер сияқты адамның бес бұрышты жұлдызды ғажайып әйелдік бастаудың белгісі ретінде қарастыруы әбден мүмкін екендігін мәлімдей аламын. Бұл символ мен қасиетті әйелдік нәзіктік арасындағы байланыс символдарды зерттеп жүрген тарихшылар мен ғалымдарға жақсы таныс.
– Тамаша. Ал, өз қанын сия ретінде пайдаланғанын ше?
– Оның басқа жазатын ештеңесі болмағаны анық.
Фаш үндемеді, сосын былай деп ескертті:
– Менің жеке өзімнің ойымша, ол қанды полицияны нақтылы сот-медициналық сараптама жүргізуге мәжбүрлеу үшін пайдаланған.
– Кешіріңіз?
– Оның сол қолына қараңыз.
Лэнгдон әппақ қолды иығынан білезіктігіне дейін шола қарап шықты, бірақ, ерекше ештеңе байқамады. Сонан соң ол денені айналып шығып, еңкейді де, тәлімгердың саусақтарының ұшы фетрленген үлкен маркерді қысып жатқанын көріп таң қалды.
– Соньер оны біз мәйітті тауып алған кезде ұстап жатқан, – деді Фаш. Лэнгдоннан алшақтады да, құрал-саймандар, өткізгіштер, әлдебір электронды бұйымдар жатқан жиналмалы үстелшеге жақындады.
– Осының алдында өзіңізге айтқанымдай, – деді ол, үстелдегі заттарды аударыстырып тұрып, – біз қылмыс орнындағы еш нәрсеге тиіскеніміз жоқ. Сізге мынадай қаламсап түрі таныс па?
Лэнгдон әлі де төменірек еңкейіп, маркердегі жазуды оқыды. STYLO DE LUMIERE NOIRE.
Ол жанарын Фашқа таңырқай қадады.
Бастары арнайы фетрленген ұштармен жабдықталған мұндай маркерлерді, әдетте, заттарға көрінбейтін белгілер салу үшін музей қызметкерлері, қайта қалпына келтірушілер және полиция пайдаланады. Мұндай қаламсаптар спирттік негіздегі флуоресцентті сиямен жазады, әрі оларды тек қараңғыда ғана оқуға болады. Атап айтқанда, музей қызметкерлері осындай маркерлермен қайта қалпына келтіруді талап ететін суреттердің рамаларына белгі соғады.
Лэнгдон бойын тіктеді, ал, Фаш бұл аралықта лампаға жақындап, оны өшірді. Галерея толығымен қараңғылыққа сүңгіп кетті.
Әп сәтте «соқырға айналған» Лэнгдон өзін дәрменсіз халде сезінді. Әйтсе де, оның көздері қараңғылыққа бірте-бірте үйреніп, ол Фаштың сұлбасын қызғылттау жарықтан ажыратып алды. Ол бұған қарай жан-жағы қызғылт-күлгін түтінге орана, қолына әлдебір ерекше жарық көзін ұстап келе жатты.
– Бәлкім, сізге белгілі болар, – деді Фаш, – полицияда мұндай жарықтандыруды қылмыс орнынан қанның ізін және басқа да сараптауға жатқызылатын айғақтарды іздегенде пайдаланатынын. Сондықтан, біздің таңданысымыздың қандай болғанын елестете беруіңізге болады… Сөйтіп, ол лампаның жарығын мәйітке қарай бағыттады.
Лэнгдон қарады да, күтпеген жайттан селк ете қалды.
Жүрегі бұрынғыдан да қаттырақ соқты. Мәйіттің қасындағы паркет еденнен жарқыраған қызыл күрең әріптер көрінді. Тәлімгердің соңғы сөздері. Белгілерге үңіле тұрып, Лэнгдон осы оқиғаны ең басынан-ақ басқан тұманның қоюланып бара жатқанын сезінді.
Ол көргенін тағы бір рет оқып шықты да, Фашқа қарады:
– Сайтан алғыр, бұл нені білдіреді?
Фаштың көздерінің ағы жарқырай түсті.
– Дәл осы сұраққа сіздің өзіңіз жауап беруге тиіссіз, месье.
Жақын жерде, тәлімгердің кабинетінде, Луврдан жаңа ғана қайтып оралған лейтенант Колле, салмақты жазу үстеліне орнатылған тыңдау құрылғысына төніп тұрды. Егер де құлтемірге ұқсап, ашулы да күдікті көздерін бұған қадап тұрған ортағасырлық рыцарьдың фигурасы болмаса, Колле өзін әбден-ақ жайлы сезінер еді. Ол құлаққапты киді де, жазу жүйесіндегі қатты дискідегі ену деңгейін тағы бір мәрте тексерді. Бәрі де қалпынша жұмыс істеп тұр. Микрофондар қапысыз жұмыс істеп тұр.
Le moment de verite*, деп ойлады ол.
Сөйтіп, күлімсірей көзін жұмып, Үлкен галереяның қабырғаларында өткен соңғы әңгімеден ләззат алуға дайындалды.
*Ақиқат сәті (фр.).
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.