Қазақ дипломатиясы қалыптасу жылдарында
18.09.2018 0 3 364
Рафия Дербісалиева,
ҚР сыртқы істер ардагері
1992 жыл. Қазақ елі өз шаңырағының уығын шаншып, керегесін бекітіп, зайырлы да тәуелсіз мемлекет құруға құлшына кіріскен кез. Жер-жерден жаңа құрылымдар ашылып елімізде кең ауқымды игі бастамалар басталып та кеткен. Бірде сыртқы істер министрлігінде білікті кәсіби комиссия, мамандар іріктеп алып жатыр екен деген әңгіме естдік. Ол кезде Қазақ ССР-інің Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінде Бухгалтерлік есептеу және есеп басқармасын басқаратынмын. Мен де құлағым елеңдеп, жүрегім дүрсілдеп емтиханға қатысып, бағымды сынауға бел байладым.
Ол кезде Сыртқы істер министрі – Төлеутай Искакович Сулейменов, бірінші орынбасары – Сәлім Әлмағанбетович Құрманғожин, орынбасары – Сайлау Батыршаұлы еді. Ал Тоқаев Қасымжомарт Кемелұлы, 1992 жылы наурыздан – Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Құрманғожин С.Ә. Венгриядағы жаңадан ашылған Қазақстан елшілігіне елші болып тағайындалған кезде, орнына қазан айынан бастап Қасымжомарт Кемелұлы министрдің бірінші орынбасары, 1994 жылы қазаннан министрі болып бекіттілді.
Қ.К.Тоқаев тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының бағыты мен оның жүзеге асырылуына, кәсіби де, білікті, мамандандырылған байырғы министрлік болуына өзіндік үлкен үлес қосты.
Ол өте кішпейіл, қарапайым, биязы, ешқашан дауыс көтермейтін, парасатты, үлкен жүректі, абзал азамат. Кабинетіне кірген кезде үлкенді-кішілі қызметкер демей, әрқашан орнынан тұрып, қарсы жүріп келіп күтіп алатын. Сыйлайтынымыз соншалықты, алдына кіруге бата алмай, кібіртіктеп қалатынбыз. Министрліктің кәсіби дипломаттарынан бастап, күзетшілерге дейін оны сыйлап, қадірлейтінбіз. Бірде, құрылыс жөндеу инженеріне жөндеуді қабылдау актісіне қол қойыңыз десем: «Мен күрделі жөндеу инженерімін, жай жөндеуге қол қоймаймын», – деп шіренді. Болмаған соң, Қасымжомарт Кемелұлына жүгінуге тура келді. Сонда ол кісі екеумізді тыңдап алды да «Менімше, бас есепкер дұрыс айтады деп» бір ғана ауыз сөз айтты. Ол жұмған аузын аша алмады.
Төлеутай Ысқақович Кеңес өкіметі тұсында кеңестік партия комитеттерінің түрлі салаларында қызметтер атқарды. 1980-1981 жылдары – КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің бірінші хатшысы. 1981-1985 жылдары – КСРО-ның Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы Бас өкілдігінің консулы, 1985-1988 жылдары – КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі, 1988-1991 жылдары – КСРО-ның Ирандағы елшілігінің кеңесшісі болды.
1991-1994 жылдары – ҚР сыртқы істер министрі болды,
Төлеутай Искакович – тәуелсіз еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі. Елім, жерім деп барын салып, барлық істерімізге екпін беріп, сыртқы саясатымыздың қазығын қағып, керегесін бекіте түсуге құлшына кіріскен азамат. Алға қойған мақсаты да зор болды. Жаңадан қабылданған әрбір қызметкерді жеке қабылдап, жұмысына бағыт, бағдар беретін. Оны Кеңес өкіметі тұсында КСРО сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған білікті маман екендігін жоғарыда айттым.
Төлеутай ағамыз, тәуелсіздігіміз мерекесі кезінде: «Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ғимаратын, Францияның сыртқы істер министрлігінің ғимаратынан артық етіп саламын, көресіндер әлі», – дейтін.
Сол үшін өкіметіміз СІМ-ге орталық музей жанынан арнайы жер де бөлді. Бұйырмаған екен. Астана Ақмолаға көшіп кетті. Ол жерге қазір рамстор жайғасқан.
Сайлау Батыршаұлы – 1990 жылдардан бастап сыртқы істер министрлігінде министрдің орынбасары, 1993-94 жылдары Өзбекстандағы Қазақстанның елшісі қызметін атқарды. 1994 жылдан министрліктің түрлі саласында еңбектеніп жүр. Ол ұлтжанды, үлкен жүректі азамат. 2017 жылы жетпіс бес жылдығын атап өтті.
Комиссия төрағасы министрдің бірінші орынбасары Құрманғожин Сәлім Әлмағанбетұлы болғанын жоғарыда айттым. Ол Мәскеуде КСРО Сыртқы істер миниістерлігінде ұзақ жылдар лауазымды қызметтер атқарған кәсіби маман. Сөйтіп, комиссия мүшелері осал емес, кілең өз ісінің шеберлері еді.
Сайлау Батыршаұлы, басқарма басшылары Қайрат Исағалиев және өзге де басқарма бастықтары жиналды. Не керек тамыз айында комиссиядан сүрінбей өттім. Содан кейін екі ай министрліктің бас есепшісі Клавдия Ивановна Якунина, әрең дегенде бас маман ретінде, босағадан орын тауып берді. Сәлім Әлмағанбетович жиі келіп, бухгалтерияның тыныс тіршілігіне жанашарлықпен қарап, тіршілік тынысынан, хабардар болып жүрді. Шамасы екі ай өткен соң: «Мына кісіні неге жоғары өткізбейсіз? Ана жай бухгалтер мен кассирді отырғызыңыз бұл орынға»,- деп әрең дегенде орын ауыстыртқызып бергізді.
Алғашында, министрлік Абай даңғылынан төменірек Желтоқсан көшесінің бойындағы, кезінде жеке меншік үй болған шағын екі ғимаратқа орналасқан-ды. Бас ғимаратта министр және оның орынбасарлары, бірнеше басқармалар (қазіргі Департаменттер), канцелярия, ал шаруашылық бөлімдері төменгі қабатқа орналасқан-ды. Дәліздерінен басқа бас ғимарат жанындағы төрт-бес бөлмелі кішілеу үйде бухгалтерия, Валюта Қаржы және кадр бөлімі, Азия, Таяу Шығыс, Құқықтық-Келісім шарт басқармалары жайғасты. Бір бөлмеден екінші бөлмеге баса көктеп өтуге тура келетін. Орынның тапшылығынан бүкіл кездесулер аула ішіндегі орындықтарда өтіп жүрді.
Тәуелсіздіктің дәмін татқан алғашқы кезең біз үшін әрі қызық әрі, қымбат та еді. Сол кездері өтіп тұратын түрлі бас қосулар өз ерекшеліктерімен әсер қалдыратын. 1992 жылы халқымыздың бас мерекесін тойлау үшін, Төлеутай Ысқақұлы бүкіл ұжымды, негізгі ғимараттың ұзыннан ұзақ дәлізіне жиды. Екі-үш кісіден тізіліп дәлізге әрең сыйдық, сыймағандар мойындарын созып, сығалап сыртта да тұрды. Соған да қуанысып, бір-бірімізді құттықтап мәре-сәре болғанбыз. Өйткені, ол егемен еліміздің, яғни төл мерекеміз болатын.
Сол кезде бухгалтерияның штаты: Бас есепкер, орынбасары — Татьяна Пахомова, бас маман — мен, бухгалтер — Лариса Артемова, кассир – Людмила Григореьвалар еді. Валюта –қаржы бөлімінің орынбасары жалғыз Ерлан Жанаев-ты. Бухгалтериядағы қызметкерлердің ішінде жоғары білімді маман Т. Пахомова (бұрын материальный бухгалтер болған) екеуміз ғанамыз. Бірнеше жылдан бері СІМ-де бас есепкер болып қызмет атқарып келген кісі банк жүйесінің екіжылдық кәсіптік – училищесін ғана бітірген, кәсіби бухгалтерлік есептен хабары жоқ-ты. Басқа да есеп-хисап бөлімі мамандарының білімі тіпті тиісті деңгейде де емес еді. Әйтсе де, Якунина оларды әуелі кассир, артынан бухгалтерлік орынға ауыстыра салатын, комиссияны ылғи да айналып өтетін.
Бір нәрсеге таң тамаша қаламын. Бухгалтерлік есепке байланысты алпыс бірінші санды ереже болатын. Онда бухгалтерлік әдістемелік есепті егжей, тегжейіне дейін қалдырмай бастан аяқ қалай жүргізу, қолмен қойғандай етіп баяндалып, түсінікті түрде тұжырымдалған-ды. Сол кезде бүкіл министрліктер, басқа да ірілі уақты кеңестік мекемелерде тексерулер ұдайы және жүйелі түрде жүріп тұратын. Аталмыш ереже тағлымдама талаптарын жіті қадағалап, мүлткісіз орындалуы талап етілетін. Сол бойынша жұмыс істемейтін мекемелерді тәртіпке шақырып, тіпті жазалайтын да. Нормативке сай емес есептерді (отчеттарды) тиісті, сәйкес министрліктер қабылдамайтын да. Мамандардың білімі, бухгалтерлік регистрлердің толтырылуы сияқты тағы басқа қыруар жұмыстар жүргізілетін. Соған қарамай бұл кісі ондаған жылдар бас есепкер қызметін атқарып келген.
Сыртқы істер министрлігінде бухгалтерлік есеп жүйелі түрде жолға қойылмаған екен. Дәстүрлі ордерлі-мемориальдық бухгалтерлік есеп мүлдем жоқтың қасы еді. Қызметке кіріскен бойда осы мәселемен айналысуыма тура келді. Бухгалтерлік «Бас кітаптан» (гл.книга) бастап мемориальды- ордерлер журналдарының (1, 2, 3, 4, 5, 6, 8, 9, 10) санын жаңадан ашып, регистрлерлі толтыруыма тура келді. Бұл істе Татьяна маған әжептеуір көмек берді. Өзі бір ақкөңіл, ақжарқын жан еді. Кейін ол Ресейге, яғни тарихи өз еліне қоныс аударды. Министрлікте қыруар жұмыстың жиналып қалуына қарамастан, бұл жұмысты ойдағыдай атқарып, есеп-қисаптарды түгендедім. Есептеу үшін бухгалтерия кәдімгі қолмен санайтын есепшотпен жұмыс жасайтын. Неге есеп машинасымен есептемейсіз десем бас есепкер: «Ол машинка МК-44–лар дұрыс есептемейді» дейді. Оның да жөні бар. Кеңес өкіметі тұсында шығарылған есеп машинкалары бөлшек бөлінділерді мүлдем дұрыс есептемейтін. Ол кісі емделуге, немесе демалысқа шыққан сәттерді қалт жібермей министрлікке керекті құрал – саймандарды, заманауи жапон есеп машинкаларын сатып алатынмын. Мамандарды іріктеуге де, көңіл аударуыма да тура келді. Министрлікке және де жаңадан ашылатын елшіліктерге көптеген мамандар керек-ті. Бюджеттік бухгалтерлік салада қызмет жасап жүрген білікті, кәсіби мамандардың біразын қызметке тарттым.
Олар негізінен Гүлзия Көшербаева, Мейрхан Мырзаханова, Татьяна Архипова, Татьяна Цыбызова. Кейін ол кетіп қалды, Жамал Балмағанбетқызы, Зухра Хасенова, т.б. Осылай біртіндеп 1993 жылдары Шайзада Тұрсынова, Шолпан Омарова, Рима Бельгужанова, Лейла Мусайбекова, Алтынай Сабырғалиева, Эльмира Биалиева, Сәуле Тұрлыбекова, Светлана Искаховна, Галина Осипова, Анара Дуйсенбекова, Салтанат Ибраимова, Бақытгүл Биманова, Анар Ерубаева, Любовь Шимшикбаевна Крашенниникова, 1994 жылдары Оксана Маврина, Нұрлан Ахметов, Ғалия Сәлімбаева, Сәкен Төлеуович, Қалима Әбенова, Талгат Жаханов, Нұрлан Есенкұлов, Әділ Үстенов, Раушан Карерова, Светлана Ахметова тағы басқалар қызметке келді. Аталған шәкірттерім біраз тәжірибе жинақтаған соң, түгелдей шет елдегі елшіліктерге қызметке кетті.
Ал, Ерлан екеуміз ашқан Валюта-қаржы бөлімі аты бар да заты жоқ еді. Жанаев Ерлан негізінен жоспарлы-финанс жұмыстарымен айналысты. Өзі бір жан баласына зияны жоқ, адал қызметкер-ді. Тек өз жұмысымен айналысатын. Кейін екеуміз осы айтылған бөлімде қоян-қолтық қызмет еттік. Бауырымдай болып кетті. Ол — жоспарлы-финанс жағында. Барлық жаңадан ашылатын елшіліктердің штат кестесі мен сметасын Жанаев Е. Н., ал бүкіл бухгалтерлік есепті жүргізу мен оның жүйелі де, мақсатты орындалуы менің құзырымда болды. Және де елшіліктерге есепкерлер дайындау, Ұзақ мерзімді іс сапарға шығатын дипломаттар мен әкімшілік-техникалық қызметкерлердің есеп-айыру аттестаттарын беру, ашылатын елшіліктерді материальдық-техникалық құралдармен жабдықтау сияқты қыруар жұмыстарға да мен жауапты едім. Оның барлығы айтуға ғана оңай. Бұл істермен айналысу оңайға соқпады. Олай дейтінім, елшіліктерді ашу, Сенім грамотасын тапсыра салу емес. Осыған дейін көзге көринбейтін қаншама қыруар шаруалар тындырылады. Әрбір елшілігіміз ашылған сайын, Ерекең екеуміз, тақыр жерден тың бір мемлекет жасағандай күй кешетінбіз. Шет елге шыққан кез келген қызметкердің қалай жолға шығуы, өзімен қанша жүк алуы, қайда тұруы, не жасау керек деген сауалдардың саны ұшан теңіз??? Бұл сұрақтар жай ғана күнделікті тұрмыстық шаруалар мәселесіне байланысты. Ал олардың барлығының нормативтерін белгілеп, егжей-тегжейіне дейін анықтап бекіту оңай іс емес-ті. Әрбір елге арналған сметаның нормативтерін белгілеу, кезінде көңіл аударатын негізгі мәселелер төмендегідей болатын. Қай құрылықта, климаты, орналасқан жері, ұлттық ерекшелігіне дейін, бәрі-бәрі түгелдей назардан тыс қалмай жеке-жеке қарастырылатын. Жалға алынатын Кеңсе ғимараты мен қызметкерлерге арналған тұрмыстық үйлер және көліктер, жиһаздар тағы да басқа да мәселелер жіті назарда болатын. Жиһаздар демекші, әрбір елшілікті түгелдей кеңсе, үй жиһаздары, ыдыс- аяқтар, кілемдер, терезе, есік перделер тағы басқа да шаруашылыққа керек жабдықтардың барлығын осы Алматыда жинақтайтынбыз. Негізінен, жиһаздар барған елден алынатын. Ол кезде бар білетініміз Баку желдеткіші, сондықтан олардың талайын алдық. Қайдан білейік олардың күні өткенін. Олар тек жазда ғана істейтін. Сөйтсек, шет елдерде қысы-жазы істейтін осы замандық, нешетүрлі жаңа үлгідегілері бар екен. Іс сапармен Анкара, Боннға барғанымда елшілікке алынған сол желдеткіштеріміз бір бөлмеде жинаулы тұрды. Елге қайтарайық десе, өте ауыр, оның үстіне ол істі атқаруға қыруар валюта қажет, Алматы кілем, Қапшағай фарфор фабрикаларының ұлттық нақышпен өрнектелген тауарлары, Қарағанды кондиттер фабрикасының кәмпитері Ұлттық мақтаныш ретінде елшіліктерге жөнелтіліп тұрды.
Қызметкерлердің жалақысының өзі екі жақты-тын. Біріншісі, ұзақ мерзімді іс сапарда барғандарға сол ел валютасымен төленетіні. Бұл негізінде жалақы емес. Іс сапарға берілген қаржысы болып есептелінеді. Ал, теңгемен төленетіні тек бір бірлік айлықтың жартысы ғана. Осы жалақыдан барлық түрлі салықтар мен он пайыздық зейнет ақы мөлшері ұсталатын. Сол себепті, әрбір зейнеткерге тағайындалған зейнет ақы мөлшері де әлі күнге дейін осы жарты бірлік мөлшерінен есептелінеді. Соған байланысты зейнетке шыққан ардагерлеріміздің жағдайы мүшкіл деуге болады. 53000 теңгеден басталатын зейнетақы мөлшері, осы сомаға толыққанды өмір сүруге бола ма? Осы бір келеңсіз мәселе шешілсе дұрыс болар еді.
Кез келген мекемеде бухгалтерлік есеп жолға қойылмаса, қаншалықты жұмыс жасалғанмен нәтижесі дұрыс шықпайды емес пе?. Небір мүдделі жоспардан асып, не жетпей қалуы мүмкін. Бұл жағдайда, мақсатсыз жұмсалған қаржы болады. Ол мемлекеттік бюджеттің кезінде дұрыс орындалмағанын мегзейді. Сол үшін, жәйлап айтсақ, талай басшылардың абройына нұсқан келген. Тіптен сол үшін орындарынан кеткендер де болды.
Бухгалтерлік есепке мән бермеуді, орны толмас үлкен олқылық деп санаймын. Әлі де боса осы жағына мемлекетіміз, жалпы қоғам болып, бірінші кезектегі, кезек күттірмейтін, мәселе ретінде қарастырған жөн.
Қоғамымызда келеңсіз орын алған жайтың бірі — есепкерлерге (бухгалтерлерге) немқұрайды, бейне бір, екінші сортты маман ретінде қарайтындар аз емес. Осы бір кемшілікті жойып, есепкерлерді негізгі маман ретінде қараса екен деймін. Данышпан халқымыздың «есепті дос айрылмас» деген қанатты сөзі тегін айтылмаса керек. Соны естен шығармасақ ләзім.
1992-93 жылдары құнсызданып, «сабанға» айналып жұртта қалған рубльмен жұмыс жасадық. Ол кезде жалғыз Ұлттық банк жұмыс істейтін. Банкте қолмақол, нақты ақша мәселесі қиын еді. Оны банк кассасынан алу қиынның қиыны. Ұзын сонар кезекте тұратындар — әралуан мекеме бас есепкерлері мен кассирлері. Кассаларға жақындау мүмкін емес. Сондай да күн кештік.
1993 жылы 15 қарашада өзіміздің төл теңгеміз айналысқа енді де рубльмен хош айтыстық. Қуанышымызда шек жоқ. Әрбір жеке адамның 100000 рубльден артық айырбастауына болмайды деген шектеу болды. Паспортқа 100000 айырбастады деген белгі қойылды.
15 қарашаға арнайы бухгалтерлік есеп баланысын жасадық. Өзіміз өз болғалы қуанышпен, шаттықпен, қуана, рахаттана тапсырған есебіміз (отчет) осы еді.
1992-93 жылдары Қазақстан біртіндеп шет елдерде елшіліктерін аша бастады Түркияда – Қанат Саудабаев, Қытайда – Мұрат Әуезов, Францияда – Тлеухан Қабдрахманов, Бельгияда – марқұм Әуезхан Қырбасов, Германияда — Сағымбек Тоқабаев, Индияда – Исаев, Пакістанда – Томас Айтумхамедов, Малайзияда – Амангелдиев, Жапонияда Уақытша өкіл қызмет етті.
Жақын шетелдерде: Өзбекстанда – Сайлау Батыршаұлы, Қырғызстанда – Мұхтар Шаханов, Украинада – Клочков Ю., Түркменстанда — Темірбаев Валерий, Әзірбайжанда – марқұм Ибраһим Амангалиев. Көбіне қаражат тапшылығынан бұл жақын шет елдегі Елшіліктердің ашылуы кешеуілдеді. Әсіресе, Украинаға, Түркменияға және Әзірбайжанға елшілер де тағайындалып қойған еді.
Темірбаев Валерий Батаевич, Клочков Ю. және марқұм Амангалиев Ибрагим Әжеевич үшеуі күнде сағат онда сап түзеп келіп «Рафия, қызым, бізге ақша бөлінді ме дейтін-ді?»ден бастап басқарма бастықтарына біртіндеп кіріп шығып үйлеріне қайтатын. Күнде солай. Оларды әне «Үш батыр» келеді деп атайтын едік. Солай олар жарты жылдан аса сап түзеді. Қырғызстанға Мұхтар Шаханов, Өзбекстанға Сайлау Батыршаұлы. Бұл елшілерде де жағдай солай болды. Елімізде қаражат жағы қиынның қиыны еді. Соған қарамай елшіліктерді ашу тоқтаған емес-ті.
Өзім, Шымкенттегі Қазақстанның 40- жылдығы атындағы №12 қазақ мектеп-интернатын бітірдім. Мектебіміздің орны менің өмірімде айрықша болды. Кеңес өкіметінің малшы, шаруа, қарапайым қазақ ауылдарының балаларына деген ықыласының арқасында, сол мектеп-интернатта тәрбиеленіп, терең білім алып шықтым. Жақсы оқығанымның арқасында Артекке де бардым. Мектепке сіңірген еңбегі еленіп, мектебіміздің директоры Маржан Тасова апайымыз Социалистік Еңбек Ері атанды. Керемет, кішпейіл, адамгершілікті жоғары бағалайтын. Кез келген оқушыны назарынан тыс қалдырмайтын. Алты жүз баланы жатқа білетін, Асыл азамат, тәрбиеші еді. Бізді бес жыл бойы, әрі тәрбиеші, әрі сынып жетекшісі — марқұм Айтбай Айғабылов ағайымыз басқарып, 28-30 баланың ыстық-суығын мойнына алып, орасан еңбек сіңірді. Жатқан жері жәннаттан болсын.
Біз 1966 жылы мектеп бітіріп кеткен жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бірінші сыныпқа келген еді. Оның ағасы Байсейт Түймебаев пен менің інім Қынабек Нәлібаев екеуі сол мектепте сыныптас дос еді. Қазір екеуі де марқұм болып кетті. Айналып кетейін, екеуі бір ерекше жан болатын. Алла Тағалам, олардың иманын жолдас етсін.
Ал, Жансейт, ұзақ жылдар дипламатия саласында қызмет етті. Түркияда біраз жылдар елші қызметін аброймен атқарды.Ол қәзір Түркістан обылысының әкімі.
Сонымен әңгіменің басына оралайын. Әуелгіде орысша жетік емеспін-ау деген ой маза бермеді. Соған байланысты, өзіме жазумен емес, цифрмен қызмет жасайтын мамандық таңдаған едім. Алла Тағалам, қолдап қазақша айтқанда соның ризығын қорек еттіп келем. Бухгалтерлік есеп өте қызық. Оны егжей-тегжейіне дейін орындап, әрбір ұсақ түйегіне немқұрайды қарамасаң болды. Еш жерден мүлт кетпейсің. Кешегі кеңес өкіметі тұсында алғашқы орында мекеме басшысы, келесі орында бас есепкер тұратын. Айтарым, қалай болғанда да әрбір маманды дұрыс өз орнымен пайдаланған жөн деп ойлаймын.
1994 жылдың басында министріміз ауысты. Төлеутай Ысқақұлы Венгрияға елші болып кетті. Орнына Туркиядағы елші, Қанат Саудабаев министр болып тағайындалды.
Сол 1994 жылдан бастап, өкіметтің шешімімен, елшіліктерді тексеру қолға алынды. Оның құрамына үштік кірді. Олар: Қазақстан Қаржы министрлігінің бақылау комитеті, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті және біз, Сыртқы істер министрлігінің валюта- қаржы бөлімі. Айтылмыш жылдың мамыр айы. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігін тексеруге бет алдық. Сол үшеудің құрамында мен де бармын. Яғни, Сыртқы істер министрлігінің бірінші тексерушісі яғни, ревизоры.
Ерлан Нұрханұлы қолыма қызметтік паспортты салтанатты түрде тапсырды. Өмірімде алғаш рет шет елге шығуым. Көңлім әрине толқулы. Қалай мен шет елге шығамын. Әбекең қалай қарайды? Сансыз сұраулар… Себебі, басием, КазГУ-дың проректоры, профессор Әбсаттар Дербісәлиев Меккеге қажылыққа кеткен. Әрі бері ойланып, міндетім болғандықтан, жолға шығуға бел байладым. Қолымда ССРО сыртқы істерінің Валюта-қаржы департаментінің шет елдегі елшіліктердің қаржы-шаруашылық іс басқаруына нұсқаулық, тағлымдамасы. Оны қысқаша «Қызыл кітап» деп атайтынбыз. Сонымен, Алматы әуе жайы қайдасың деп жүрегім лүпілдеп келсек ұшағымыз үш-төрт сағатқа кешігетін болыпты. «Қызыл кітабымды» құшақтай үңіле түсе, күте бастадым. Серіктестерім қандай кісілер екен деген ой мені мазалаумен болды. Олар КНБ өкілі Ахмет пен Қаражат министрлігі өкілі Төлен (Фамилялары жадымда қалмапты) деген екі азамат. Екеуі шығарып салушы достарымен іс сапарларын кір қонбастай етіп «тазалауда». Аяқтарын әрең басып, менімен келіп танысып, чемодандарын «сенімді қолға» тапсырып, әрі қарай жууды жалғастыруға кетті. Біраз уақыт өткен соң, Стамбул-Алматы бағытымен ТУ-154 лайнерімен ұшып шықтық. Үшеуміз қатар отырмыз.
Бір кезде Қаржы министрлігінің өкілі маған бір бума ақша берді, іс-сапар қаржысы, сізде болса бүтін болады ғой деймін дейді. Мына түрімен тиісті қаржыны маған түгел берді ме? Өзі ұйқылы ояу. Ойым сансаққа жүгірді, қанша АҚШ доллары, қалай мынау ақшаны білдіртпей санаймын. Уайымым зор. Соңынан разы болдым, сенім артқанына. Кешкі жетілер шамасында Стамбулға қондық. Ары қарай Анкараға ұшуымыз керек. Ол кезде алдын ала билет алу дегенді білмейміз. Келген бойда Стамбулда күтіп алған әрі журналист, әрі консул Ержан Уәиісов ары қарай ұшақтарға орын жоқтықтан автобуспен баруға тура келетінін ескертті. Түнгі он бірде көлікке отыратын болдық. Біздегідей сықырлаған, иісі «жұпар» аңқыған автобустар көз алдыма келіп, жеті сағат бойы селкілдейтін болдық-ау деген ой мазалады. Соңынан ол ойымнан ұялдым. Бейне бір заводтан жаңа шыққандай, мұнтаздай тап- таза, екі қабатты автобус.
Мұндай кереметті естігеніміз болмаса көрген емеспіз. Жолға шықтық. Жарты сағат өтпей көлігіміз бұзылып қалды деді де, түсіңіздер деп өтініш жасады. Қап, енді не істейміз деп абыржып қалдық. Сөйтсек, Түрік ағайындарымызда қызмет көрсету мәселесі жолға қойылған екен. Қызмет көрсету (сервис) деген біздің түсімізге де, санамызға да жат. Небары он-он бес минут ішінде басқа көлікке ауыстырды. Жоғарғы қабатына орналастық. Түрік бауырларымызбен бетпе-бет кездесіп көрмеппіз. Түрлерін көріп шошып кеттім. Кәдімгі, өзіміз қорқатын кавказдықтар. Бір өзім отырған болатынмын. Жан шіркін тәтті ғой. Жылдам серіктестерімнің қасына барып жайғастым. Сонымен түнімен жүрдік.
Біраз уақыт өткен соң ыстық шәй мен ыстық бутербродтар таратты. Біз шошып, бұл не өзі, бұл шіркінді неге береді, қанша ақша сұрайды деген сияқты ойымызға неше түрлі қара бұлт төнді. Не керек керегі жоқ, деп әрең құтылдық. Осы уақиға есіме түссе, татар бауырларымыздың, «Дуния көрмәгән» деген мәтелі еріксіз ойға оралып езуіме күлкі оралады. Неткен аңғалдық. Өмірден мақұрым қала жаздаппыз-ау. Аллаға мың да бір шүкір. Тәуелсіздігіміздің арқасында бүгінгі күнге жеттік. Ертелеп Анкараға келдік. Елшіліктің уақытша сенімді өкілі марқұм Әбутәліп Ибіжанович Ахметов пен елшілік қызметкерлері, оның ішінде аға есепкер Мағира Рушановалар қарсы алды. Әбутәліп Ибжановичпен кейіннен де қызмет бабымен кездесіп жүрдік, жатқан жерің жәннәттан, топрағың торқа болсын, Әбутәліп Ибіжанович! Ерекше бір абзал азамат екен. Ол кісінің адамгершілігі, мінезі, кәсіби маман ретіндегі қызметі мен кісі сыйлаудағы ерекшелігі өзгеше еді. Елшілік қызметкерлері елді сағынып қалған екен, бізбен бейне бір туыс-бауырлары келгендей жамырасып жатты. Біздің не үшін келгенімізді ұмытқандай. Қанша дегенмен ревизорлар емеспіз бе. Онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Осы сапарда Мағирамен таныстым. Оған деген ниетім таза, адал болды. Ең бірінші болып Түркияға, қырыққа толғанында өлең жолдап ұжымымызбен қол қойып хат жолдадық. Ол да қарап қалмады бізге арнайы сыбаға деп сәлем сауқат жіберді. Елге оралған соң бір күні Мағира маған: «Түркиядағы елшіліктің архивін қабылдап алдым деп қол қойып бер. Саудабаев айтты»,- деді. Архив қайда десем үйде дейді. Онда әкел, қабылдап алып, сосын қол қоям дедім. Соған ренжіп қалды маған. Алмаған нәрсеге қалай қол қоям?
Келген күніміз демалыс күніне сәйкес келген соң Әбутәліп Ибжанович бізге Түркиянын Анкара аймағындағы біраз жерлерді аралатты. Кападокия Анкарадан біраз жер екен. Соған қарамастан апарып, тамашалатты. Арасында, Кеңес өкіметі Ресей елшілігінен еншілеп алған, ғимараттан кейбір қызметкерлерге бөлінген үйлер, автокөліктер туралы айтып отырды. Қазақстанның үлесіне бір Волга автокөлігі тиіпті. Олар: «Соған таңертең қызметке бару үшін барлығымыз көлік ішіне отырып аламыз. Анкара біздің Алматы сияқты таулы жерге орналасқандықтан, бірде қырға әрең көтерілсек, бірде ылдилай жөңкіле жөнелеміз. Ескі көлігіміз қырға қарай мықшыңдап, шыға алмай қалғанда, барлығымыз түсіп, жабыла итереміз. Оталған сәтте бір-бірімізді итермелей кабинаға жармасамыз. Алғашқыда 1992 жылдары солай күндер кештік» дейді жымия еске алысып. Сонымен белгіленген межелі іс сапарымыз аяқталып, келген ісімізді тындырып, елге оралдық.
Сол 1994 жылы июнь айында осы үштік тек, Қаржы министрлігінен Тоня Ким деген қызбен Бельгиядағы, соңынан ары қарай Франциядағы елшілігімізге іс сапармен барып қайттық. Сол кездегі елшіміз Бельгияда марқұм болып кетті. Ол Қырбасов Әуесхан ағамыз еді. Аға есепкер болып Шайзада (фамилясы есімде қалмапты) елшілік құжаттарын қарап отырсам кассаны жасап есептеген. Тек шығыстар. Кіріс атауымен жоқ. Шайзада мынауың не, осындай да бола ма екен деймін. Байқасам бухгалтерлік есептен хабары шамалы. Сөйтсем, ол қыз марқұм Ерік Асанбаевтың туған жиені екен. Жағдайың түсінікті болды дедім. Менімен барған ревизия мүшелері бухгалтерлік есептен хабары жоқ экономистер. Сондықтан елшіге тікелей ашық айтуыма мүмкіншілік болды. Тез арада ауыстырмасаңыз елшіліктің есеп- қисап жағдайы мүшкіл екенін түсіндірдім. Әуекеңе рахмет, тез арада басқа есепкер алып елшіліктің есеп-қисабын ретке келтірді.
Ол кісінің: «Нұреке, Қазақ жеріне осы жерді қостым»,- дегені бар. Олай деуі себепсіз де емес-ті. Қазақ елшілігіне арнайы Брюссельдің бір шұрайлы жерінен бір гектардан астам жері бар ғимарат сатып алған, соны мегзеп отырғаны ғой. Шын мәнінде керемет. Европа төрінде сондай жер ғимаратымен, шамамен екі миллионға жуық АҚШ долларына сатып алу өте бір сәтті, әрі орайы келген іс еді.
Парижде елші Кабдрахманов Тлеухан болды. Ол кісінің өзі елші қызметі өз алдына, мықты экономист, әрі білгір есепкер екен. Аға есепкері Мокшанованың екі аяғын бір етікке тығатын.
Тлеухан Самарханович, кәсіби маман ретінде де, басшы ретінде де темірдей тәртіп орнатқан, өзіне де қызметкерлерге де қатаң талап қоя білетін білгір азамат. Көзімізге оқшау ештеме көрінбеді. Елшіліктің ғимаратын Париждің дәл ортасынан ойып, атақты Елисей жазығы даңғылына таман үлкен бір ғимараттың бір подъезін түгелдей алған. Елшілік кеңсесі, кейбір қызметкерлер пәтері және қонақ үй бөлмелері түгелдей осында орналасқан. Әлі есімде, жазылған акті бойынша кемшіліктерді қарап жатқанбыз. Консулдық мәселелерге кезек келгенде консул Қазыбек Бейсебаевқа елші қатты шүйлікті. Оған жаным ашып кетіп, Тлеухан Самарханович, ренжи бермеңіз айтарлықтай бүлінген ештеме жоқ қой деп ара түсуім сол екен-ақ. Енді маған оның бүлдіруі қалып еді деп қатты кетсе болар ма. Кейін осы есіме түскеде ризашылықпен еске алам. Шіркін, бірінші басшылар осы Тлекеңдей азамат, ешбір бұрмалаушылығы жоқ, құйтырқысыз, адал, өз ісіне шебер, қарамағындағы қызметкерлерге талап қоя білетін және сұрай да алатын білікті болсайшы. Қазақ елі өркендеп, тез арада көркейе, алдыңғы қатарлы 20 елдің қатарында әлде қашан болар еді.
Сол жылы Үндістандағы Елші-лігімізге де тексеруге бардық. Солай дәстүрлі тексеру жұмыстары кесте бойынша жалғасын тапты. Әрбір тексеру жұмыстарына бөлімдегі қызметкерлерді кезегімен жіберіп отырдым. Осылай біртіндеп бөлім жұмыстары бірқалыпты жүре бастады.
1994 жылдары басқармалықтар біріктіріліп департаменттер ашыла бастаған кез болатын. Валюта-қаржы және шаруашылық департаментінің директоры, марқұм, Әнет Иманович Бектемисов бірде маған: «Рафия Бакировна, сіз маған іскерлігіңізбен, әрі жинақылығыңызбен, маман ретінде ұнайсыз. Сізді өзіме орынбасар етейін», — деді. Пысықтау болсам, ой рахмет, болайын келістім деудің орнына. «Әнет Иманович, оныңыз не? Қазір бүкіл Қазақстан бойынша қысқарту жүріп жатыр. Бізде штат кестесінде ондай лауазым жоқ. Сондықтан ол ойыңыз болмайды деп үзілді кесілді қарсылық білдірдім».
Қызметкерлердің арасынан етене жақын, әрі мықты маман ретінде танылған азаматтар да аз емес-тін. Солардың бірі Мейірхан Мырзаханова өте бір байыпты, адал кісі. Нағыз есепкер. Қабағын түйіп алып, ештемемен жұмысы жоқ, жан-жағына қарамастан жұмысын атқарып отыратын абзал жан.
Осылардың ішінде Бақытгүл Биманова мектеп бітіре сала қолыма келді. Өзі қазақи тәрбиелі, инабатты, еңбекқор, адал, үлкен жүректі қыз. Бухгалтерлік есепті жүргізуді бүге-шігесіне үйреніп, адал еңбегінің арқасында, жай кассирліктен сыртқы істер министрлігінің бас есепкеріне дейін өсті. Өте бір нәзік, ұяң еді. Қызымдай болып кетті. Әлі хабарласып тұрам. Қазір Испанияда елшілікте қызмет атқаруда.
Шайзада Тұрсыновнаны бірбеткей, қайсар жан дер едім. Бетің бар жүзің бар демей, тіке айтатын. Содан ол бастықсымақтарға жақпайтын. Өзім оның осы мінезін ұнататынмын. Оның қызметке келуіне тікелей қатысым болды. 1993 жыл жаз айы еді. Министрліктің ағылшын тілі маманы Роза Тлеубердиевна Саурамбаева бір қыз бар, соның қызметке кіруіне көмектессеңіз деп өтінді. Бас есепкер демалыста, негізгі жұмысты мен атқаратынмын. Егер бухгалтерлік тәжірибесі болса, түйіндемесін алып келсін дедім. О не дегеніңіз, оның түйіндемесі Клавдияның сейфінде жатқанына бір айдан асты деді. Қане, жүріңіз оның кілті менде. Сейфті ашсам айтқандай сонда екен. Тез шақырыңыз дедім. Келді. Сөйлесіп қарасам, тәп-тәуір есепкер. Содан жұмысқа кіріскен күні Людмила екеуі келіспей қалды. Кейін екеуі дос болып кетті. Бас есепкерге: білмеймін, бұйрыққа виза қой деді министр. Бар болғаны сол деймін. Шайзада Семейдің қызы. Министр де сол жақтан. Сондықтан шығар деп ойлады ол кісі. Одан көбіне аяғын тартып жүрді. Шайзада осылай қызметке келген болатын.
Тағы да бір қыздың орны ерекше. Білікті маман. Ол – Шолпан Омарова. Оның ең алғашқы ұзақ мерзімді іс сапары Қытайдың Ұрімші қаласынан басталды. Онда аспан асты елі Консульдык ашуға келіспеген соң, амалсыз Қазақстанның Паспорттық-визалық қызмет бөлімшесін ашуға тура келді. Ерекең штат кестесіне есепкер емес, хатшы(секретарь) лауазымын қойыпты. Соған байланысты хатшы жіберу керек. Мен оған хатшы етіп, Шолпан Омарованы жіберейік десем Ерекең біз есепкерді жоғалтамыз ба деп ренжиді маған. Оған штатқа есепкер қойуың керек еді. Оған барған хатшы қыз түскен қаржыларды игере алмайды. Босқа уақыт өткізіп, бухгалтерлік есеп кешеуілдейді деймін. Оның өзіндік себебі, Қытайдағы қандастарымыз Қазақстанға жиі келіп-қайтатын, ара қатынастар көбейді. Кейбірі тарихи Отанына қоныс аударды. Қытайлықтар да арлы-берлі жүрістерін көбейтті. Осындай пікірталаспен Ш.Омарова сапарға хатшы болып аттанды. Сол шешімнің дұрыстығын кейін уақыт дәлелдеді. Келесі жылы штат бойынша есепкер бекітілді. Қызы Әсел бақшаға баратын. Өсе келе бірінші сыныпқа барды. Томпиған сондай сүйкімді. Ол қызымыз да бой жетіп, тұрмыс құрып, ана атанды. Жұбайымен шет елдегі елшіліктердің бірінде қызмет атқаруда.
Айта берсем сол кездегі қыздарымды ешкімге айырбастамас едім. Зухра Хамитовна Хасенова, Ләйлә Мусайбекова, Алтынай Сабырғалиева, Эльмира Биалиева, Гүльмира Ақбиева, Сәуле Тұрлыбекова, Галина Осипова, Анара Дуйсенбекова, Салтанат Ибрагимова, Анар Ерубаева, Оксана Маврина, Нұрлан Ахметов, Ғалия Сәлімбаева, Қалима Әбенова, Светлана Ахметова және тағы басқалар.
Ұжымымызда сондай бір салмақты, байсалды, арқа сүйеуге тұрарлық, сенімді азаматшалар көп болды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыла еңбектендік. Сол кездегі қызметтес болған қыз-жігіттерге ризамын. Түгелімен сыйлас болдық. Осы күнге дейін біразымен араласып, хабарласып тұрам.
Оның үстіне қандай шешім қабылдасақ та, министірлік басшылығы министрлер Т.Сүлейменов, Қ.Тоқаев, министрдің орынбасарлары тікелей басшылық еткен: С.Құрманғожин, С.Батыршаұлы, М.Ғиззатов, А.Хамзаев, И.Адырбековтар тарапынан бір де бір ескерту, не бір көңіл толмағандық сезім білдірген емес. Керісінше есепкерлерді қолдаумен болды. Соған қарағанда кез келген мәселеде, қамшы салдырмай, дұрыс жасадық деп ойлаймын. Және де сол басшыларымызға алғысымыз шексіз.
1997 жылы 30 қарашада Сауд Арабиясындағы Елшілігімізге Қ.К.Тоқаев-тың нұсқауымен қызметке жол тарттым. Сөйтіп, төрт жылға жуық елшілікте аға есепкер болып қызмет атқардым. Елші Әміреев Бағдат. Тағдыр айдап Әбекең екеумізге сонда қызмет етуге тура келді. Әбекең бүкіл Республика арабистері және оның да ұстазы-тын. Түрлі кездесулер мен қабылдауларда шетелдік лауазымды кісілер бірінші Әбекеңмен сәлемдеседі дейтін дипломаттарымыз.
Елшілік қызметкерлері түгелімен жастар-ды. Олардың ішінде дипломаттар: Азамат пен Сая Бердібаевтар, Берік пен Бота Арыновтар, Нұрлан Сәрсенбаев отбасымен, Сергей мен Татьяна Жемковтар, Рүстем мен Сәуле Құрманғожиндер, әкімшілік және техникалық қызметкерлер: Мұхтар мен Алтынай Жақашевтар, Пердебек, Татьяна Әбілевтер болды. Әбекең екуміз солардың бейне бір ата-анасы немесе үлкен ағасы сияқты едік. Беріктің екінші қызы туылды. Барлық әйелдер жиналып, халқымыздың салт — дәстүрлері бойынша және де басқа да іс-шараларды ұйымдасқан түрде өткізіп жүрдік. Еліміздің Тәуелсіздік күніне орай қабылдаулар өткізетінбіз. Ондай кездері Халқымыздың киім киюі, ас-дәміміз сияқты жол- жоралғыларымызды көрсетіп, бағатынбыз. Қазақ халқының кеңпейілдігін, қонақ жайлығын, қой аузынан шөп алмас момындығын, яғни еш жанға қиянат жасамайтын, бейбітшіл ел екенімізді білдірейік дейтін едік. Өте бір көңілді өтетін.
Сауд Арабиясында ауа-райы өте ыстық. Түнгі сағат үштердің өзінде 30-дан төмен түспейтін. Желтоқсан-қаңтар айлары ғана салқын-ды. Ол кездері желдеткіштерді қоспайтынбыз. Жылдың басқа кезеңдері салқындатқышсыз тұру мүмкін емес. Әйелдер үстіне қара түсті абая (халат), басына қара түсті жібек шарф тартады. Араб әйелдері бетіне де бетперде жабады. Ер кісілер тек ұзын ақ көйлек киеді. Әйелдерге жеке, жалғыз дүкенге, не көшеге шығуға рұқсат жоқ. Әйел баласын сөзсіз ер азамат, немесе күйеуі, не туған бауыры, әкесі, кем дегенде ұл баласы алып жүруі керек. Лифтке мінгенде немесе дәрігерге барғанда да, әйелдерге мейлі қыз бала болса да жанында етене жақын ер азамат болуы тиіс. Әйел затына таксиге де алдына отыруға болмайды.
Аяғы ауыр әйелдер үшін жеке қыдыртатын арнайы орындар жасалған. Зайыптары оларды әлгі жердің шетіне апарып салып, екінші басында тосып алады. Кезекті бір қабылдау дипкорпуста болғандықтан абая кимей, етек-жеңі ұзын, көйлек костюммен барғам. Қайтарда қызым Мунираға мектепке торт алайық деп дүкенге кірген едік. Дүкенші арабтар осқырына, одырайып қарады. Қысылғаннан амалсыз жедел дүкеннен шығып кетуіме тура келді.
Балалармен парктерге тек шешесімен қыдырып, сайраңдауға болады. Әкелері парктерге апарып тастаған соң күтіп тұрады. Бір қызығы арабтар паркке кірісімен, жерге төсеніштерін төсей сала тамақ жеуге кіріседі. Айналада орындық, үстелдер болса да бәрібір жерге отырды. Оны ата-бабасының салттары шығар деп ойладық.
Арабтар негізі адамгершілігі мол, кішпейіл, жомарт жандар. Базарға, дүкендерге, не бір ас ішетін жерлерге барсаң біздегідей майдалап жатпайды. Бір кісілік делінгенмен мол асқа төрт кісі беймарал, тойаттап шығады.
Көшеде автомобильдер жол апатына түсіп, көліктерінің тұмсықтарын бұзса да, кабинадан шығып «Алла аман-есен сақтады бізді»,- деп бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатады. Егер қыдырып жүріп, не сөмкеңізді, не әмияныңызды ұмытып кеткен жағдайда, іздеп, қайтып келгеніңізше қойған жеріңізде тұрады. Егер біреу-міреу ұмытқаныңызды байқаса, артыңыздан қуып жетіп әкеліп береді. Алтын базарында сырға өлшеп жүріп, өзімнің сырғамды тастап кетіппін. Соны екі-үш махалла артымыздан қуып жетіп әкеліп бергендері әлі есімде. Тек қана, Сауд Арабиясы ғана емес, Эмиратта жүргенде де ұры болуы мүмкін екені естен шығып бейқам, емін еркін жүресің. Сол кездері есіме өзіміздің ауыл елестейді. Ауылдарымызда есіктерде құлып болмайтын. Шешелеріміз мал кіріп кетпесін деп есікке таяқша қыстыратын. Негізі, біздің халықта құлып, түрме, жамбас пұл деген ұғымдар болмаған ғой. Ата-бабамыз «Құдайы қонақпыз десе болды», есікті айқара ашып, барын аузына тосып, мінген көлігіне дейін жайғастыратын. Сөзге тұрған, тоқтаған халықпыз. Жоғарыда айтылғандай келеңсіз мәселелер бізге сырт өркениеті әкелді деп ойлаймын.
Банктерде көбіне әйелдер мен ер кісілер бөлек қабылданады. Елшілігіміздің шоты Британ банкінде-тін. Оған әйелдерге кіруге болатын. Дипдүкендердің ерлер мен әйелдер үшін есік бөлек. Ал дүкен ішіндегі тауарлар бірге қойылған. Әбекең екеуміз екі жақта тұрып ана затты, немесе мына заттың қайсысын аламыз деп дауыстап сұрауға мәжбүр болатынбыз.
Сауд Арабиясының осындай және тағы да басқа ерекшеліктері болды. Одақта көбінесе жұрт арабтарды менсінбей қарайтын еді ғой. Сонда барғанда көзім жетті. Сол 1997 – 2000 жылдары Сауд Арабиясындағы жағдайды көзбен көргеннен кейін, олардың бізден көп ілгері кеткенін байқадым. Онда не сұрасаң, жанға керек бәрі бар. Ол кезде біздің ел экономикасы тығырықта емес пе еді. Елде не жарық, не газ жоқ. Киім-кешек түгілі, ішетін тамақ та жоқтың қасы еді. Елді жұмыссыздық жайлаған кезеңнен, Алла Тағалам бетін аулақ етсін, Данышпан елбасымыздың арқасында біржола құтылдық қой.
2000 жылы жазда Әбекеңді Қазақстан мұсылмандары өз съездерінде бас муфти етіп сайлады. Діни басқарма Алматыда. Мен онда елшіліктегі қызметімді тастап шұғыл бара алмайтын болғандықтан, тек 2001 жылы Қасымжомарт Кемелұлы Алматыдағы «Сыртқы саясат және талдау орталығына» (ЦВПА) қызметке алынуыма нұсқау берді. Онда директор — Әлжан Қаратаевич Әбілхайыров, Бас менеджер — Карпышева Салтанат деген азаматшалармен таныстым. Жаны жайсаң өз ісінің мамандары екен.
Өкінішке орай, ол мекеме министрдің орынбасары Вадим Зверьковтың «арқасында» 2005 жылдың аяғында жабылып қалды.
Содан, менің бағыма, 2006 жылы Елбасымыздың бастамасы аясында Халықаралық форум «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (Азия кеңесі, АӨСШК)» Хатшылығы ашылды. АӨСШК-ні құру туралы идеяны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1992 жылғы 5-ші қазандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында ұсынған. Кеңестің негізгі мақсаты мен бағыты: Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған көп жақты тәсілдерді пысықтау арқылы ынтымақтастықты нығайту.
Осылай алғаш рет аймақтағы бірқалыптылықты қамтамасыз ететін нақты қимылдар мен іс-шараларға негізделген Азиялық қауіпсіздік жүйесінің заңдық негізі қаланды
Кеңестің тұрақты негізде қызмет ететін органы — Хатшылықты құру туралы шешім 2002 жылы II-басқосу кезінде қабылданды. Азия кеңесі хатшылығы туралы Келісімге сәйкес, Хатшылықтың штаб-пәтері Алматы қаласына орналасты.
Кеңеске 26 ел мүше. Олар: Ауғанстан, Әзірбайжан, Бангладеш, Бахрейн, Вьетнам, Израиль, Иордания, Ирақ, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Камбоджа, Корея Республикасы, Қазақстан, Қатар, Қырғызстан, Қытай, Монғолия, Мысыр, Өзбекстан, Палестина, Пәкістан, Ресей, Таиланд, Тәжікстан, Түркия, Үндістан.
Кеңеске бақылаушы ретінде 8 мемлекет кіреді. Олар АҚШ, Беларусь, Жапония, Индонезия, Малайзия, Украина, Филлипин, Шри-Ланка. Сондай-ақ оған, және 4 халықаралық ұйымдар кірді (БҰҰ, ЕҚЫҰ, АрМЛ, ТүркПА).
Хатшылық штаты екі бөліктен тұрды. Кәсіби персонал (Дипломатикалық) және әкімшілік-техникалық персонал. Кәсіби персонал ретінде мүше елдерден екі-үш жылға арнайы кәсіби дипломат мамандар жіберілетін. Олар түгелімен жіберген ел есебінен қаржыландырылады. Оларға Хатшылық атынынан іс-сапар шығындары төленіп отырады. әкімшілік-техникалық персонал түгелдей Хатшылық есебінен тұрады.
Ресми құжаттар тілі — ағылшын тілі. Жұмыс тілі ағылшын мен орыс тілі. (АӨСШК Хатшылығының ресми сайты: www.s-cica.org) 5 қазан АӨСШК-тің ресми мереке күні.
Жоғарыда айтылғандай, 2006 жылы бірінші қаңтарынан бастап ашылған АӨСШК Хатшылығының штаб-пәтері Алматы қаласында жайғасқан-ды.
2008 жылдың 25 тамызында Алматы да Азия кеңесінің ІІІ сыртқы істер министрлерінің отырысы өтті. Осы іс-шараға 19 мүше-мемлекетер, 7 бақылаушы-мемлекеттер, 6 халықаралық және өңірлік ұйымдар делигациялары қатысты. Азия кеңесі Хатшылығының штаб-пәтерін Алматыдан Астанаға көшірілуін көздейтін АӨСШҚ Хатшылығы туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы Хаттамаға қол қойылды. Осы келісім нәтижесінде, Хатшылық 2016 жылдың шілде айында Астана қаласына көшті.
Азия Кеңесін, мүше елдермен ортақ келісім бойынша сайланған басшылық (Төраға) басқарады. Төраға болып бекітілген ел, әрбір екі жылда ауысып отырады. Керекті жағдайда, өзара ортақ келісім бойынша уақыты, қосымша екі жылға созылады. Ал, Кеңес Хатшылығын Атқарушы директор басқарады.
Төраға болған ел, Кеңес Хатшылығына, Атқарушы директорлікке жоғары лауазымды дипломат етіп өз тұлғасының кандитатурасын ұсынады.
Қазақстан тарабынан, ең алғашқы Атқарушы директорлыққа Асанов Жандос мырза ұсынылды. Ол кісі екі жыл қызмет атқарды. Келесі екі жылға Бақышев Дулат мырза бекітілді.
Ең алғашқы атқарушы директор Асанов Жандос мырзамен бірге Хатшылықтың ұйымдастыру мәселесімен айналыстық. Жаңадан ашылып отырған Кеңес хатшылығының толық қанды жұмыс істеуі үшін аянбай, еңбек еттік.
Астанаға барып, Қазақстан Қаржы министрлігі, Генпрокуратура, Экономика министрлігі сияқты көптеген мемлекеттік мекемелердің табалдырығынан атауымызға тура келді. Біздің ресми мекемелердің бюрократиясы шаш етектен екені белгілі. Не сұрасақ Қауылылар, қарарлар, не нормативтерің, қайда деген сияқты мәселермен бас қатырады. Әлі ашылмаған, енді ғана дүниеге келген халықаралық формда, қандай нормативтер болуы мүмкін? Әйтеуір, өтпелі кезең дей деп жүріп, қаржы мәселесін шешіп, қаңтар айы басынан бастаған ісіміз мамыр айына дейін созылды. Не керек сол ай аяғында Хатшылық шотына Қазақстанның атынан бірінші мүшелік жарна түсті. Алғашқы екі-үш жыл бойы Кеңес Хатшылығын қаржыландыру түгелімен Қазақстанның мойнында болды. Әлі де Хатшылықтың 70 пайызнан астамы Қазақстан Республикасының мойнында.
Нормативті құжаттарды дайындау әсіресе Хатшылық бюджеті, яғни штат кестесі мен шығыс сметасы, есеп-шаруашылық сияқты қыруар жұмыстар жүргіздік. Жандос Асанов жақсы азамат. Кеңес Хатшылықығын ашу жолында аянбай еңбек етті.
Халықаралық ұйымдарда бюджетті жоспарлау жолы Қазақстанның бюджетті бекіту жолынан өзгешелеу.
Халықаралық ұйымдарда қызмет еткен, тәжірибесі мол Атқарушы директордың орынбасары болып, Туркия азаматы, Құртылыш Айкан деген дипломат келді. Сол кісі халықаралық есеп-қисаб жағын жақсы біледі екен. Хатшылыққа дейін Халықаралық ұйымдардың есеп-қисап саласында қызмет атқарған, тәжірибесі мол. Хатшылық бюджетін жоспарлауға бар ынта-ықыласымен кірісті. Алғашқы жылдық бюджетті Айканның басшылығымен бүкіл ұжым болып, талқыладық. Содан мүше елдердің қаражат бойынша арнайы жұмыс тобын Алматыға шақырып, саралап біржола бекіттік. Сонымен келер жылдарға Хатшылық бюджетін және жылдық есеп формаларын ешкімге, жалтақтамай Жоғарғы лауазымды тұлғалар келісімімен бекітіліп тұрды.
Келесі екі жылдыққа Қазақстанның Корея Республикасында Елші қызметін атқарған Бақышев Дулат келді. Ол кісі келген кезде Хатшылық жұмысы жүйелі жолға қойылып қалған еді. Дулат Хангерейұлы мәселелерді жүйелі шешетін, өз ісіне адал, әрі іскер, сабырлы, да тәжрибелі маман екенін айтқан жөн. Елшімен түсінісіп өте жақсы қызмет атқардым. 2010 жылдың көктемінде Жоғарғы лауазымды тұлғалар келісімімен, Қазақстан жағынан қаражат бақылау комитеті келіп, Хатшылықтың төртжылдық бухгалтерлік – есеп пен шаруашылық жағын түгелдей сараптап, тексерді. Оның нәтижесі Жоғарғы лауазымды тұлғалар комитетінде қаралып бекітілді де, келесі төрағаға өткізуге дайын тұрды.
Төрағалық Кеңестің тарихында бірінші рет Қазақстаннан Түркия Республикасына табыс етілді.
АӨСШК-ті 2010 жылғы маусымнан басшылық етіп келген Түркия төрағалығын 2012-2014 жылдары жалғастырды.
Туркиядан Атқарушы директор болып, Елші Әлдемир Мехмет Чинарбей мырза келді. Ол кісімен де Бас есепші ретінде түсіністікпен келесі төрт жыл да өте шықты. Қаражат мәселесінде сметаға қайшы келер кездері болса, ол кісі: «Рафия ханумға ұнамағанын қабағынан білем. Тез арада қабағы түйіліп қалады. Сосын дұрыс емес екенін түсіне қоям да, оның айтқанын мақұлдаймын» дейтін. Шетелдіктермен қызмет атқарған қызық екен.
2008 жылдың 25 тамызында Алматыда Азия кеңесінің ІІІ сыртқы істер министрлерінің отырысы өтті. Осы іс-шараға 19 мүше-мемлекетер, 7 бақылаушы-мемлекеттер, 6 халықаралық және өңірлік ұйымдардың делигациялары қатысты. Азия кеңесі Хатшылығының штаб-пәтерін Алматыдан Астанаға көшірілу көздейтін АӨСШҚ Хатшылығы туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы Хаттамаға қол қойылды. Осы келісім нәтижесінде, 2016 жылдың шілдесінде Астанаға біржола көшті.
2014 жылының шілдесінен Хатшылыққа Қытай Халық Республикасы елі (Атқарушы директор Елші Гун Цзяньвэй мырза) төрағалық етті.
Халықаралық форумды басқарған төрағалардың барлықтарының алғыстарына бөлендім. Қазақстаннан сайланған атқарушы директорлар Асанов Жандос пен Бақышев Дулат мырзалар да жұмысыма ризашылығын білдірді. Алдемир Мехмет Чинарбей мырза да мені марапаттау жайлы ұсыныс хат та жазып кетті. Ал, Гун Цзяньвэй мырза Сыртқы істер министрі атына өз атынан мен туралы алғыс-өтініш те жазды. Өкінішке орай, маған белгісіз себептермен ол аяқсыз қалды. Тіптен Қазақстан тәуелсіздігіне жиырма бес жыл мерекеләк медал де бұйырмады.
Астанаға көшкенге дейін «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығында» он жарым жыл Бас есепкер қызметін атқардым.
Қазір Алматыдағы сыртқы істер министрлігінің өкілдігінің төрағасы Дандыбаев Арслан мырзаның ұсынысымен Аймақтық қоғамдық бірлестігі «Қазақстан дипломаттары бірлестігі қоғамының» Алматы филиалында және «Алматы халықаралық дипломатиялық клубының» қоғамдық бірлестігінде бас есепкер-казначей болып қызмет атқарудамын.
Алматыдағы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдігі, қыруар қызмет атқарады. Алматы сияқты үлкен магаполистің қажеттілігін күнделікті орындау оңай шаруа емес. Соған қарамастан өкілдік, штат саны жағынан жылда қысқарту жүріп жатса да, қызметкерлері аянбай, талмай еңбек етеді. Төрағасы Дандыбаев Арслан мырза – адамгершілігі мол, әрі қарапайым, кәсіби дипломат. Алты баланың атасы, адал басие. Үлкен отбасы иесі. Өкілдікке кім келмейді. Үлкен де, кіші де келеді. Ардагерлердің өз қаншама? Басқа шет елден келетін Қазақстандық диплдоматтар ше? Сол дипломаттардың бірегейі — Алмаша Аренова, Дудар Жакенов, Бақыт Оспанов, Бағыт Абылғазин, Ақмарал Оразиман және т.б.
Алматы Халықаралық диплома-тиялық клубын ашу оңайға түспеді. Клуб ашу жолында Дудар Жакенов көп еңбек сіңірді. Қалалық Әділет департаментіне тіркеу, оған құжаттарды жасап дайындау, тау қопарып, тас жарғаннан қиын болды. Бізде заңдылықтардың барлығы негізінен неге екенін қайдам көп ретте бір-біріне қарама қайшы келіп жатады. Оның бюракратиясы қаншама. Бақандай жеті ай бойы осы тіркеу мәселемен айналысуға тура келді.
«Қазақстан дипломаттары ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі (Общественное объединение «Ассоциация казахстанских дипломатов»), соңынан оны Аймақтық қоғамдық бірлестік «Қазақстан дипломаттарының бірлестігі» Алматы Филиалы (Филиал Региональное общественное объединение «Объединение казахстанских дипломатов» в г.Алматы) болып өзгертті. Осы жоғарыда аталған бірлестіктерді Алматы қалалық Әділет департаментінде тікеу үшін еңбек ардагері, зейнеткер – Абылғазин Бағыт аянбай еңбектенді. Тіркеуге құжаттарды дайындаумен айналысып, Астанадағы СІМ-мен Алматы өкілдігімен арасында дінекер болды. Алып жатқан еңбек ақысы да жоқ. Күнде келіп өкілдікте қызмет жасайды.
Алмаша Аренова мен Бағыт Абылғазин ардагерлердің туылған күні, мүшел тойлары, мемлекеттік мерекелерді ұйымдасқан түрде аталып өтуі, Өкімет пен Министрдің алуан түрлі іс-шараға байланысты Құттықтаулары мен мерекелік медальдерін тапсырулары — осы өкілдік мойнында. Одан қала берді А.Аренованың жеке басқаруымен Алматы қаласындағы бүкіл дипкорпуспен, қалалық әкімшілікпен, дипломаттар дайындайтын жоғарғы оқу орындарымен және бүкіл баспасөз журналистерімен түрлі бағытта кездесулер, спорттық жарыстар, әрбір дипкорпустың тәуелсіздік күндерін атап өту сияқты алуан түрлі шараларды — осы ат төбеліндей бес-алты дипломаттар атқарады. Одан қала берді күнделікті қызмет бабындағы өз міндеттері ше?. Бұл айтылғандар «мұзтаудың» шеті ғана.
Қазақстан дипломатиясының қалып-тасу жылдары осындай еді. Қазір республикамыздың әлемге белгілі де беделді сыртқы істер ведомствосы ел тәуелсіздігінің өркендей беруі үшін ұлан-ғайыр ғибратты істер атқарып келеді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.