РЕКТОР МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН
18.09.2018 0 2 377
Бақтияр Сманов
ҚР ҰҒА академигі,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің
кафедра меңгерушісі, профессор
Бай да байтақ тарихы 1918 жылы сонау Ташкенттен бастау алатын қазіргі Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1928 жылы қазақтың жаңа астанасы Алматыда қайта ту тіккеніне де, міне, биыл 90 жыл толып отыр. Жиыны бір ғасырлық мерзімді қамтитын оқу ордасының ғұмырында телегей тарих тұнып жатыр. Осыншама уақыт ішінде онда қаншама асыл азаматтар ұстаздық еңбек етті, қаншама түлектер түлеп ұшты, олардың бәрі де туған елінің халық ағарту және басқа да қоғамдық өмір саласында аянбай қызмет жасады десеңізші.
Оқу орнының алғашқы басшылары әйгілі Алаш қайраткерлері, ұлағатты ұстаздары нахақтан-нахақ жала жабылып, жауапқа тартылды. Атылды, асылды, «итжеккенге» айдалып, көпшілігі сонда ажал құшты. Одан ілуде-біреу оралғандарының өзі Екінші дүниежүзілік соғысқа кетіп, сонда опат болды. Бүгінгі күнде сол боздақтардың ғазиз есімдері біз үшін ерекше қастерлі, айрықша қадірлі. Осы орайда, әділдік үшін қарашаңырақ жоғары оқу орнының Ташкентте алғаш негізін қалап ұйымдастырған Иса Тоқтыбаев, алғашқы жылдардағы ректорлары Сегізбай Айзұнов, Дәлел Сәрсенов, Темірбек Жүргенов сияқты ұлт мүддесі жолында құрбан болған алаш арыстарының аттарын атағанымыз абзал.
«Көргені жақсы көш бастар» деп атам қазақ айтпақшы, білім ордасының осынау 90 жылдық тарихында бүгінге дейін 15 адам ректорлық (алғашқы кезде директор деп аталған – Б.С.) қызмет атқарыпты. Атап айтқанда, олар – Санжар Асфендияров, Бәймен Алманов, Шәміл Сақаев, Шайхислам Бекжанов, Серғали Толыбеков (үш рет), Халел Әділгереев, Ахмеди Ысқақов, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин, Жүнісбек Жұмабеков, Құлжабай Қасымов, Тоқмұхамед Садықов, Серік Пірәлиев және бүгінгі ректор Такир Балықбаев.
Қарашаңырақ білім ошағының қалыптасып дамуы мен өркендеп нығаюында аталған басшылардың әрқайсысының өз орны, өз үлесі бар. Олардың білім ұясына сіңірген өзіндік еңбегі, әрбірінің өздеріне тән басқару ерекшеліктері болғаны белгілі. Қалай болғанда да әр ректор өз мүмкіндігіне қарай, өмір сүрген заманының ыңғай-талабына сай туған халқының руханиятына, оқу-ағарту саласына шама-шарқынша қызмет жасады. Олардың тарихи еңбектері оқу ордасының өмірінде өшпестей із қалдырды. Бұлардың әрқайсысы бүгінде 90 жылға толып отырған университет тарихы аспанында шоқ жұлдыздай жарқырайды.
Міне, осы шоғыр арасында менің университеттегі қадірменді ұстазым – Мәлік Ғабдулиннің жұлдызы да ерекше жарқырап көрінеді. Өйткені, аса көрнекті ғалым-ұстаз ғұмырының табаны күректей он жылын өзі түлеп ұшқан ҚазПИ-дің ректоры қызметіне арнады. Ол республика Оқу министрлігінің 1953 жылғы 8-маусымдағы №446 бұйрығымен С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ге ректорлыққа тағайындалған Асқар Закариннің орнына Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына ректор болып келді.
Бұл оның қырықтың қырқасына жақындап, өмірдің барлық майданында әбден пісіп-жетілген, нағыз ысылған шағы болатын. Ол тұста оқу орны «Абай атындағы Қазақ педагогикалық және мұғалімдер институты» деп аталды. Содан Мәкең институтты 1963 жылдың 17 қаңтарына дейін абыроймен басқарды.
Мәлік Ғабдоллаұлының өзінен бұрынғы болған басшылардың көбімен салыстырғанда мынадай ерекшеліктері болды. Айталық, ол, ең әуелі, қан майдан мен бейбіт өмірдегі, ерен еңбектегі сынақтардың барлығынан сүрінбей өтіп, сатылап өскен азамат. ҚазПИ-дің 1931-35 жылдары оқып білім алған өз түлегі, былайша айтқанда, ҚазПИ-дің өз адамы. Аспирантураны да осында бітірген. Одан соң сонда оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор, сондай-ақ Кеңестік Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының бөлім басшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, директоры сынды лауазымды қызметтерді ойдағыдай атқарған білгір де білікті басшы, белгілі әдебиеттанушы-фольклорист ғалым, майдангер жазушы, жалынды журналист, қазақтан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры атағын алған аты аңызға айналған даңқты қаһарман, қайсар қайраткер тұлға еді. Бұл аталған жайттардың барлығы да Мәкеңнің ректорлық қызметі барысында қаншама күрделі мәселелерді шешуде өз септігін тигізгені сөзсіз.
Оқу орнын өркендетіп дамытудағы келелі шаруаларды жүзеге асырумен бірге батыр-ректордың араласуы нәтижесінде бірқатар зиялы азаматтар қуғыннан құтылып, ажалдан аман қалды. Олардың көбісі ақталып, өз қызметтеріне қайта оралды. Мәселен, өзінің досы, тарланбоз тарихшы Ермұхан Бекмаханов, майталман әдебиетші Мұхаметжан Қаратаев, әйгілі тарихшы, институттың бұрынғы ректоры, профессор Халел Әділгереев, тағы басқалар Мәлік Ғабдулиннің қамқорлығының арқасында қайта қатарға қосылды. Бұл да ерлік іспеттес шаруа болды. Ұлы Отан соғысында екі аяқ, бір қолынан ажыраған ардагер, «КСРО халық мұғалімі» атағын алған шәкірті Құмаш Нұрғалиев, екі аяғынан айырылған 1-ші топтағы мүгедек студенті Жылкелді Баймағамбетов, осы топтағы мүгедек Әдепхан Керейбаев, профессор Халел Арғынбаев, Қазақстан халық жазушысы Герлоьд Белгер, әдебиетші ғалымдар – Атымтай Көшімбаев, Ерғали Дайрабаев, Қапаш Тасболатов, Серғазы Қалиев, Рымғали Нұрғалиев, Қабидаш Қалиасқарұлы сияқты көптеген танымал азаматтар ректор М.Ғабдуллиннің шапағатын көрген жандар. Мұндайларды санамалап тауысу мүмкін емес. Алайда, Мәкең өзі жасаған жақсылығын жарнамалап айтпайтын да, саудалап сатпайтын да, сосын онысын міндет қылмайтын, білмеген адам секілді жүре беретін әдеті болған. Мұны батыр-ұстаз қол ұшын беріп, көмек еткен адамдардың өздері айтып та, баспасөзде жазып та жүр.
Мәселен «Халық жауы» атанып 17 жылға айдалған Мұхаметжан Қаратаев 1955 жылы Алматыға оралады. Оны естіген ректор Мәкең академик Қажым Жұмалиевті ертіп, екеуі үйіне барып, Мұхаңды ҚазПИ-ге оқытушылыққа шақырып, орналастырады.
– Сонымен мен Мәліктің қамқорлығының арқасында 17 жыл бұрын қол үзген ҚазПИ-мен қайта табыстым, – дейтін Мұхаметжан Қаратаев.
Ал ауылдас құрдасы, көп жылдар бойы Көкшетау облысының бірқатар аудандарын басқарған Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов ағамыз:
– 50-ші жылдардың ішінде Алматыдағы теміржол вокзалына келдім. Мәлік те сонда жүр екен. Күн ми қайнатар ыстық болатын. Әбден қан сорпасы шығып терлеген. Зыр жүгіріп жүріп, бірден төрт тарапқа төрт билет сатып алыпты. Мен аң-таң қалып, «мұның не» деппін. Сөйтсем, ҚазПИ-де оқитын төрт студент бірнеше күн бойы билет ала алмай, ақшалары таусылып, тауы шағылып, қайырым-мейірімі мол институт ректоры Мәлікке көмек сұрап барыпты ғой, – деген естелік айтатын.
«Жақсыдан – шарапат» демекші кез-келген ректор, кез-келген Кеңес Одағының Батыры жасай бермейтін мұндай қайырымды істі институттың басқа да түлектері мақтанышпен үлгі етіп атайды. Мәлік ағайға байланысты мұндай жылы сөз, жақсы пікір, жарқын мысалдарды көптеп кездестіруге болады.
ҚазПИ-дің түлегі, Қазақстанның халық жазушысы, арқалы ақын Ғафу Қайырбековтің Мәкеңе арнаған «Асыл аға – ер ұстаз» өлеңінде:
Болысқыштық – бойға біткен көркі еді,
Басқа қонған бақты ұстау серті еді.
Отты туған адамдарды сақтаушы,
Ол өзі де үнсіз жанған өрт еді, – дегені осы шындықтан туған ойлар.
Тарих қойнауында жатқан сол бір жылдар жайлы Мәлік Ғабдуллинмен қызметте де, жеке адами қарым-қатынаста да көңілдері тым жақын, тығыз өзара сыйластық байланыста болған ҰҒА-ның Тіл және әдебиет институтын ұзақ жылдар бойына басқарған атақты тілші ғалым, академик Ісмет Кеңесбаев: «Мәлік соғыс кезінде маған әлденеше рет хат жолдаған еді. Мен де үш дүркін хат салғанмын. … Сонау 1952-53 жылдары солақай саясаттың кесірінен үрейленіп, араб жазуымен жазғандарды үйдегі фин пешіне түнде жағатын едік. Жоғарыдағыларға олардан ұлтшылдық исі аңқитындай көрінуші еді. Әрине, бұл ұлт мәдениетінің тамырына балта шапқандық қой. Мәлік КСРО Қорғаныс министрлігі Саяси Бас Басқармасы үгіт-насихат бөлімінің бастығы міндетін атқарып жүрген кезінде Республика Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мықтап араласуымен ғылым майданына қайта оралды. Ол 1946-51 жылдары Тіл және әдебиет институтында алғашқыда менің орынбасарым, соңынан директоры болды», – деп еске алады. Ісмет ағай Мәкеңнің студент шағында ҚазПИ-де сабақ берген, ал кандидаттық диссертация қорғағанда Ғылыми Кеңестің төрағасы болып, қолдау көрсеткен биік парасатты ғалым еді.
Мәлік Ғабдуллин басқарған жылдары оқу орны білім сапасын көтеруде, ғылыми зерттеулерді, әсіресе педагогика және психология ғылымдары саласын өркендетуде, тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыру мен институтты материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуде елеулі табыстарға жетті. Білім ордасы атына заты сай бола отырып, еліміздегі барлық жоғары оқу орындары арасында жоғары білікті (ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын) мұғалім мамандар даярлайтын, орта және жоғары мектептерге арналған типтік оқу бағдарламаларын, соған сай оқулықтар, оқу-әдістемелік еңбектер әзірлейтін, педагогикалық іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін басты және бірден-бір негізгі оқу орнына айналды. Бұл кездерде студенттер саны да жылдан-жылға артып отырды. Айталық 1946 жылы күндізгі бөлімге бірінші курсқа 362 студент қабылданса, 1956 жылы – 567 талапкер студент атанды. Сол сияқты сыртқы бөлімді 1946 жылы 60 түлек бітірген болса, 1956 жылы 594 адам институтты сырттай оқып тәмамдады. Ал алпысыншы жылдардан бастап, жылына орташа есеппен 500 түлек оқу орнының сыртқы бөлімін бітіріп отырған.
Бұл жылдары еліміздің жоғары білім беретін алғашқы оқу орнында 4 факультет, 27 кафедра жұмыс істеді. Онда Қазақ КСР Ғылым академиясының академиктері Қ.Жұмалиев, О.Жәутіков, М.Қаратаев, М.С.Сильченко, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшелері Н.С.Смирнова, Б.Оразбаев, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткерлер, әйгілі педагог ғалым, профессор Р.Г.Лемберг, профессор М.М.Маркович, профессорлар Х.Әділгереев, Ц.Л.Фридман, А.Темірбеков, Т.Нұртазин, Ш.Сарыбаев, М.Ақынжанов, Қ.Бержанов, Р.Ержанова, К.Айманов (кейіннен Жоғары білім министрі болды), М.Мұқанов, Е.И.Ривлин, Н.Д.Хмель, бүгінгі ҰҒА-ның академиктері С.Қирабаев, Ә.Бейсенова секілді тәжірибелі ғалым-ұстаздар жемісті еңбек етті.
1957 жылдың 1 маусымынан бастап ректор М.Ғабдуллиннің ұсынысы бойынша оқу орнының «Педагог» (қазіргі «Абай университеті») атты көптаралымдық газеті шыға бастайды. Оған белгілі әдебиетші ғалым, қаламгер ағамыз Төкен Әбдірахманов редакторлық етті.
Мәкең ректор болған тұста институттың республикамыздағы, қала берді бүкіл Кеңестер Одағындағы абырой-беделі өсті. Сонымен бірге басшы ретінде оның өзінің де, оқу орны профессор-оқытушылар құрамының да ғылыми-шығармашылық әлеуеті көтерілді, ғылыми атақ-дәрежелері артты. Ректорға елдің сый-құрметі бұрынғыдан да жоғарылады. Мәлік ағай осы жылдары филология ғылымдарының докторы, профессор атанды. Қатарынан үш дүркін КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Омырауына Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерін тақты. «Қазақ КСР-інің ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» деген құрметті атаққа ие болды.
Ол Василий Сухомлинский, Агния Барто, Сергей Михалков сынды аса көрнекті педагог, ақын-жазушылармен, Кеңес Одағындағы небір азуын айға білеген айтулы қайраткерлермен бірге Қазақстаннан тұңғыш рет РСФСР, кейіннен КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі болып бірауыздан сайланып, аталған академияның Төралқа мүшесі болды.
Мәлік Ғабдоллаұлы ректор-лық қызметіндегі мың-сан ұйымдастырушылық жұмысын атқара жүріп, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқу бағдарламаларын, оқулықтар жазуға да уақыт тапты. Мысалы, 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы 1953 жылы жарық көріп, одан соң жыл сайын он рет қайта басылды. 1958 жылы жоғары дәрежелі оқу орындарына арналған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқу құралын шығарып, 1959 жылы аталған оқу құралының хрестоматиясы жарық көрді. Осы жылы көркем әдебиет баспасынан «Майдан очерктері» атты кітабы шықты. 1966 жылы жарық көрген «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты кітабы да ұлағатты ұстаздың ректор кезіндегі көңілге түйген педагогикалық ой-пікірлерінің қорытылған толық нұсқасы десе де болғандай.
Мәлік Ғабдуллиннің таланты сан қырлы, жан-жақты, әр тарапты болды. Ол кісінің ержүрек батырлығымен қоса азаматтық келбеті, жазушылық қарым-қабілеті, сарабдал сыншылығы, ғұлама ғалымдығы, саяси-қоғамдық өмірдегі қайраткерлігі, ұстаздық шеберлігі, қайырымды да мейірімді қасиеті, қарапайым әрі кішіпейіл, ашық-жарқын, елгезек мінез-құлқы кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде жеке-жеке арнайы әңгімелеуді қажет ететін бүгінгі күндегі өзекті де мағыналы тақырыптар.
Ұлы ұстаздың бұл игі қасиеттерінің шет жағасын ҚазМУ-де қолында оқып жүргенде өзіміз де молынан көріп, мейлінше қанығып өстік. Шынында да Мәлік ағайдың тұла бойы тұнып тұрған ұлағат өнегесі болатын. Бұл 1968 жыл болатын. Ағай бізге қазақтың халық ауыз әдебиеті пәнінен сабақ береді. Батыр-ұстаздың әрбір оқыған дәрісі бейне-бір өмір сабақтарындай аса мазмұнды, өте әсерлі өтетін. Ол кісі шебер ұстаз, тамаша тәрбиеші, үлкен әдіскер болды. Оған қоса Мәлік ағайдың жүргізетін пәнінің өзі кілең дидактикалық шығармалардан, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарынан біз сияқты студент-жастарға үлгі-өнеге етуге, ақыл-кеңес беруге, ой салуға лайықты, танымдық-тәрбиелік мәні жоғары туындылардан тұратын. Оның үстіне пәннің бүкіл білім мазмұны, бітім-болмысы ұстазды сондай ізгі мақсаттарға, ұлттық мүдде, елдік-елжандылық мұраттарға жетелейтіндей толған дидактика еді. Бұл сабақ барысында берілетін тәрбиелік жұмыстармен қат-қабат астасып жататын.
Ағай өте мәдениетті, керемет кішіпейіл, көпшіл, аса қарапайым адам еді. Ол кісінің студенттерімен ұтымды юморы, астарлы әзіл-қалжыңдары, қызықты әңгімелері, өмірден көрген-білген, көкейге түйген терең сырлары майдан естеліктері әсерлі болатын. Кейде кешке сабақтан соң біздің Мәкен Әлібаев, Мұхтар Пернеқұлов сынды курстастарымызбен шахмат ойнауға бізбен бірге жатақханамызға келгенде бөлмеміздің «қалқозының» (бөлме студенттері колхоз ұйымдастырып тамақ жасайтын – Б.С.) көжесінен «…Әй, жігіттер, сендердің мына тамақтарың нағыз қызыл әскерлердің похлебкасы ғой» деп жорыта мақтап дәм тататыны, шахмат ойыны арасында бөлмедегі студенттердің төсегіне шалқасынан керіліп жатып: «…Ой-хой, шіркін, бойдақтардың төсегі қандай рахат! Қошқарлардың иісі бұрқырап жатыр… Қиялыңа қанат бітіреді ғой…» – деп төбеге қарап жататыны, немесе бізбен бірге үлкен қырлы стақанмен қою қара, өзі айтпақшы, «бойдақ шайдан» тамсана ішетіні еш ұмытылар емес.
Мәкеңнің әдемі әзілі, жеңіл қалжыңы дегеннен шығады, бірде мынадай жағдай болды. Сол 1968 жыл. ҚазМУ-дің филология факультетінің бірінші курсына түскенбіз. Алматының Никольск базарының түбіндегі №1 жатақханаға орналастық. Бұл жазушы Әзілхан Нұршайықовтың баяғы «Махаббат – қызық мол жылдар» романының оқиғалары өтетін Виноградов көшесіндегі тарихи 88-үй.
Қыс ерте басталды. Қар қалың жауған. Күн өте суық. Мәлік ағайдың 90 минуттық сабағының бірінші жартысы аяқтала берген. Бізден 6-7 жастай үлкен бір қызымыз қолын көтерді. Батыр-ұстаз:
– Иә, айта ғой, – деді ойында ештеңе жоқ. Біз де не айтар екен деп аң-таңбыз.
– Мәлік ағай, біздің бөлмеміз өте суық, – деп бастады әлгі қыз сөзін әрі қарай жалғап, – Үшінші қабатта тұрамыз. Бөлмеде 7-8 қыз жатамыз. Түнде жаураймыз. Содан екеу-екеуден жатамыз, ағай. Көмектесіңізші, – деді. Өзі өжет қыз болатын. Педучилищеден соң 2-3 жыл жұмыс істеп оқуға түскен. Әрі ағаймен жерлестігі де бар. Көкшетаулық.
Сонда Мәлік ағай аудиториядағы біздерге естіртіп:
– Е-е, айналайындар, осы бастан екеуден жатып үйрене беріңдер… Жылы жатасыңдар… Ертең отбасылы боласыңдар, – деді де үзіліске дәлізге шығып бара жатты. Бәріміз ду күлдік. (Біздіңше ағай қалжыңмен болса да дұрыс айтты. Өйткені, қақаған қыстың ортасында бүкіл көне жатақхананың жылу жүйелерін кім ауыстырып бере қояды? Бұл бәріміздің де басымыздағы жағдай.)
Содан дәлізге шықтық. Ортамызда ұстазымыз. Ағай жігіттермен тұрып майдандағы қыста көрген жағдайларын әрмен қарай жалғастырды:
– 1943 жылдың қаңтарының соңында Төлеген (Тоқтаров) екеумізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Біздің Панфилов дивизиясының жауынгерлері Мәскеуді азат етіп, жауды әрмен қарай түре қуып бара жатқанбыз. Осы қуанышты оқиғаға байланысты ақпанның басында Қазақстан өнер шеберлері жауынгерлерге концерт қойып кеткен. Артынша, іле-шала Қырғызстан әртістері өз өнерлерін көрсетуге келді. Өйткені, біздің дивизия қазақ, қырғыз республикаларының жауынгерлерінен жасақталған еді. Оларды жақсы күтіп алдық. Сонан әртістерді келесі деревнядағы блиндажға концерт қоюға апаратын болдық. Екі деревняның арасы 5-6 шақырым. Қонақтарды үш аттан жеккен үш шанаға отырғызып жолға шықтық. Басқа көлік жүре алмайды. Қар қалың. Қақаған аяз. Бірінші шанаға әртістермен бірге командир отырды. Екінші шанаға – комиссар, үшінші шанаға мен отырғанмын.
Ат айдаушы жауынгер алда отыр. Мен қырғыздың бір әнші қызымен екінші қатарда отырмын. Ол кезде менің әлі 28-ге толмаған кезім. «Қандай қыз екен» деген оймен көзімнің қиығымен ұрлана қарап қоямын. Үріп ауызға салғандай өте әдемі екен. Сурет секілді. Жасы 23-24-тер шамасында. Сұқтанып қайта-қайта қарауға ұят, әрі болмайды. Политрукпын.
Біраз жер жүрген соң әнші қыз маған бұрылып:
– Малик байке, менин бутым қатту-у усубатат, – деді.
Мен ұқпадым. Соны сезді ғой деймін ол қазақшаға көшіп:
– Мәлік аға, менің бұтым қатты жаурап жатыр, – деді.
Ойланып қалдым да, ізінше:
– О-о, айналайын, бұтың қатты жаурап жатса, сол жаурап жатқан бұтыңды қатты-ы қысып отыр. Жылынасың, – деп жауап бердім.
Әнші қыз менің айтқанымды орындады ғой деймін, әйтеуір келесі блиндажға жеткенше қайтып сұраған жоқ, – деп әңгімесін аяқтады.
Біз ішек-сілеміз қатып күліп тұрғанда қоңырау соғылды. Ағаймен бірге сабақтың екінші жартысына аудиторияға кірдік.
Ұстазымыздың мұндай әзіл-қалжың әңгімелері көп болатын. Бұл солардың бір ұшқыны ғана.
Ұлағатты ұстаз осы күнгі оқыту үдерісін демократияландыру, авто-ритарлық дәстүрді жою, оқытуды ізгілендіру мен мүмкіндігі шектеулі балаларды (инклюзивті) оқыту, оларды қоғамдық өмірге тартып, қатарға қосу сияқты мәселелерді сол замандарда іске асырып отырған. Осыларды еске алғанда «Мәлік ағайдай ертегі кейіпкері секілді ғажайып адамнан дәріс алып, бозбала-студент болсақ та жақын араласқан біздер қандай бақыттымыз» деген ойға қаламын.
Мұның бәрін шынайы педагог ғалымның еліміздің әр қиырынан келген қазақ жастарының – студенттердің тұрмыс жағдайымен жақын танысу үшін, мән-жайдан хабардар болып отыру ниетінен туындаған жанашырлық іс-әрекеттері деп ұқтық. Сөйтсек, бұл ұстазымыздың соғыс жылдарында әскердегі саяси жетекші, бөлім басшысы, институттағы оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор, ректор болып жүрген жылдарында берік қалыптасқан, дағдыға айналған әдеті екен.
Мәлік ағай біз университет бітіретін 1973 жылдың 2 қаңтарында 58 жасында өмірден озды. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт. Биыл оған да 45 жыл толыпты. Мәкеңнің есімін есте қалдыру мақсатында оның туғанына 100 жыл, Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына орай, өзі оқып, ұзақ жылдар ректорлық қызмет атқарған білім ордасы бас ғимаратының қабырғасына мемориалдық тақта қойылды. Қосалқы авторлықпен «Мәлік Ғабдуллиннің мұралары» атты екі томдық тарихи-танымдық кітап шығарылды. Университеттің «Тұлғатану» орталығына Кеңес Одағының Батыры, академик М.Ғабдуллиннің аты берілді. «Поэтика және өлеңтану мәселелері» тақырыбында мерейтойлық Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Оған АҚШ, Швеция, Швейцария, Польша, Болгария, Израиль, Ресей, Латвия, Эстония, Өзбекстан сияқты оннан аса шетелден ғалымдар қатысып, терең мазмұнды баяндамалар жасады. Пікір алмасты.
Қорыта айтқанда, ұстазымыз Мәлік Ғабдоллаұлының өмірі мен шығармашылық жолы жөніндегі жазбаларды қарастырғанда оның ректорлық қызметі жай ғана, жалғыз-жарым сөйлеммен аталып, арнайы сөз етілмегені байқалады. Біз сол мәселенің орнын аз-кем болса да толтыруды мақсат тұттық.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.