«ЖАСТАР ЖҰМЫССЫЗДЫҒЫ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ»
19.08.2018 0 1 897
Кай Глейснер –
«GeKaVoC» (German-Kazakh Vocational education Center — Неміс-Қазақ кәсіптік білім беру орталығы) жобасының бас үйлестірушісі:
Жастар жұмыссыз болмауы керек. Бұл мәселені бір шешсе кәсіптік-техникалық білім жүйесі шешеді. Қазақстан Білім және Ғылым министрлігі және Германия Білім және Ғылым министрлігі тарапынан тағайындалған мамандардың осы аядағы зерттеу жұмыстарымен таныстық. Еңбек нарығындағы сұраныс, жаңа мамандықтар туралы сараптама, дуальды жүйе, түлектерді жұмыспен қамту, жастардың табысты болуы, қазақ-неміс қоғамының айырмашылық ұқсастықтары туралы жақсы әңгіме болды.
– Әңгімемізді бастамас бұрын өздеріңізбен, бастап отырған жобаларыңызбен таныса отырсақ.
– Менің аты-жөнім – Кай Глейснер GeKaVoC – German-Kazakh Vocational education Center (Неміс-Қазақ кәсіптік білім беру орталығы) жобасының Германиядағы бас үйлестірушісі боламын. Бұл кісі – Анико Мертен, GeKaVoC жобасының Германиядағы бас сарапшысы, ал, Тоқтар Керімбеков – GeKaVoC орталығының Алматы қалалық координаторы. Ғылыми жобаның мақсаты – эксперименттік неміс-қазақ кәсіптік білім беру және оқыту орталығын құру болып табылады. Тарқатып айтсақ:
• кәсіптік білім беруде жаңа мүмкіндіктерді құру және оқыту,
• неміс және қазақстандық компаниялар, мемлекеттік мекемелер арасындағы ынтымақтастықты қолдау
• осы екі елдің экономикалық дамуын нығайту.
– Жоба серіктестері, қаржы-ландырушы тарап туралы мағлұмат бере кетсеңіз?
– Жастардың еңбекке, оның ішінде сұранысы жоғары қызмет түрін таңдауын негізге алған жоба Германияның Білім және ғылым министрлігі арқылы қаржыландырылады. Бұдан бөлек Германия тарапынан:
WMU GmbH компаниясы. Экономика-адам-қоршаған орта деген үштікті негізге алып жұмыс жасайтын компания адам ресурстарын дамыту жөніндегі халықаралық жетекші ұйымдар арасында зор беделге ие. Соңғы жылдары жоспарланған, ұйымдастырылған, түрлі оқу бағдарламалары енгізілді және бағаланды. Азия елдеріне басты назар аударылды, атап айтқанда Қытай, Моңғолия, Вьетнам, Лаос, Корея енді міне, Қазақстан.
Магдебургтегі Отто-фон-Герике университеті. Технологияның дәстүрлі салалары бойынша табиғи сараптама орталығы, табиғи ғылымдар мен медицина саласы оқытылады. Сондай-ақ қазіргі заманғы ең маңызды пәндері экономика мен басқару, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша да мамандар даярланады. Университет тоғыз факультеттен тұрады, олар іштей институттарға бөлінеді. 14 мыңға жуық студент білім алады.
TÜV Rheinland. Бұл компания неміс бу қазандығы құрамында құрылған. Содан бері TÜV Rheinland индустриялық прогреспен бірге дамып келеді. Бу қозғалтқыштарынан бастап, күнделікті өмірді электрлендіру, цифрландыру, техникалық қызметтердің үздік тәуелсіз жеткізушісі болу, тестілеу, тексеру, сертификаттау сынды салаларды қамтып қызмет етеді.
Қазақстандағы серіктестеріміз:
• ҚР Білім және ғылым министрлігі;
• Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
• Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті;
• Ю.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті;
• Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті.
– Халықаралық жоба болған-дықтан, Қазақстаннан басқа қай елдермен қарым-қатынас жасадыңыздар?
– Әр елдегі даму мен еңбек нарығына сәйкес ғылыми-практикалық жоба да әртүрлі болады. Сондықтан бұл жоба тек Қазақстанға ғана арналған.
– Жоба туралы толығырақ мағлұмат бере кетсеңіздер.
– Бұған дейін айтқанымдай біздің басты мақсатымыз – Германия мен Қазақстан арасындағы кәсіптік-техникалық байланысты нығайту. Сонымен қатар екі басты мәселені нысанаға алып отырмыз. Теориялық білім мектеп, кәсіптік лицей қабырғасында берілетін болса, ал болашақ маман практикадан кемеліне келген, мықты компаниялардан өткенін қалаймыз. Біз үшінші тарап ретінде осы мәселені ұйымдастырамыз. Біз осы жобаның негізінде үш салаға ден қойып отырмыз. Оның біріншісі – логистика, екіншісі – машина жасау, үшіншісі – тұрақты энергетика саласы.
Көптеген компаниялар мен колледждер, кәсіптік білім беретін білім мекемелерімен қазір байланыс орнатып жатырмыз. Мысалы Алматы қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және «Kazlogistics» компаниясы. Сондай-ақ Германиядағы бірқатар оқу орындары да бұл жобаға қызығушылық білдіріп жатыр.
Дәл қазір Қазақстан нарығын түсіну үшін біз дәл қазіргі уақытта «Қандай мамандыққа сұраныс көп?» деген сұрақ төңірегінде аналитикамен айналысып жатырмыз. Биылғы жұмысымыз аналитикаға бағытталса келесі жылы кәсіптік білім беретін білім ошақтары мен сол кәсіп нақты іске асатын компания арасына дәнекер болатын орталықты іске қосу. Екінші жылдағы басты мақсатымыз орталықты бәсекеге қабілетті етіп, нарыққа кіргізу.
Үшінші жылдағы жоспарымыз – Қазақстандағы серіктестермен біріге отырып, пилоттық деңгейдегі жұмысымызды жоғарыда атап өткен үш сала бойынша іске қосу. Біздің бағдарламамыздың қысқаша нұсқасы осы.
– Сараптама дұрыс жасалмаса, жұмыстан нәтиже күту бекер. Сараптама жасау үшін деректерді қайдан алып отырсыздар? Қоғамдық институттардың көмегіне жүгінесіздер ме? Қазақстанның ішкі нарығын, қазіргі жастардың алып жатқан білімі мен мамандықтарын тіркеп, статистика жасап отыратын ұйымдар бар ма?
– Біз сараптама барысында көптеген мәліметтер базасын қарап, зерттеу жүргіземіз. Компаниялар мен колледждерде сауалнама жүргіземіз. Эксперттерден сұхбат аламыз. Алынған деректерден біздің эксперттер талқылай отырып, нәтижесін шығарады. Біздің басты мән беріп, акцент қоятын тұсымыз – колледждер мен компаниялар. Компаниялар экономикалық тұрғыдан аса маңызды.
Осы төрт аналитикалық қадам негізінде біз зерттейтін үш саламыз бойынша нақты ақпарат ала аламыз. Мүмкін 3 жылдан соң яғни, жоба аяқталғаннан кейін Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдерде де жоба бастауымыз мүмкін. Бірақ дәл қазіргі біздің жұмыс атқарып жатқан нысанымыз – Қазақстан.
– Неміс кәсіптік-техникалық білім беру моделін Қазақстанда енгізу бойынша «Назарбаев – Меркель» бастамасы қалай жүзеге асып жатыр?
– Соңғы жылдары Қазақстан-Герман компанияларымен бірлесіп құрылыс, сауда, өнеркәсіптік өндіріс және кен орындарын өңдеу салаларында 19 ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылған екен. Мұның өзі үлкен көрсеткіш. Біздің атқарып жатқан жұмыстарымыз да «Назарбаев-Меркель» бастамасының бір саласы деп толық айта аламыз. Бұл бастама – Қазақстанда дуальды білім беру жүйесін бірлесе дамытуға қуатты серпін беріп, аз уақытта өз нәтижесін беретіні анық.
– Қазақстанға келгендеріңізге қанша болды? Қазақстан мен Германияға салыстырмалы түрде қандай баға берер едіңіздер? Жастардың мамандық таңдауда қызығушылығында айырмашылық бар ма?
– Бұл өте ауқымды сұрақ. Германияда болсын, Қазақстанда болсын біздің мақсатымыз – жас мамандарды компанияларда жұмыс істеуге дайын етіп жіберу. Қазір Германиядағы басты проблеманың бірі – жұмысшы табу. Бұл мәселені өзімізде көріп отырғандықтан, біз басқа елдерде сол мәселе болмас үшін өз компанияларымызды ашып, жаңа мамандарды нарыққа дайындаймыз.
Қазақстан түрлі салада қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Бұл елдің болашағы жарқын деп ойлаймын. Дегенмен кейбір мәселелер, мысалы біздің еліміз бастан өткерген өзгерістер мен реформалар сіздердің алдарыңыздан шыққанда өз тәжірибемізбен бөлісіп, көмек беруге әзірміз.
Біз Германиядағы білім және ғылым министрлігінің семинарына қатыстық. Қазақстанның білім жүйесі туралы семинарларға қатыстық. Бұл семинарларда Қазақстан білім жүйесінің, еңбек нарығының қандай қажеттіліктері бары туралы мәлімет алдық.
Көптеген мәселе сараптама жұмыстары барысында анық көрінеді. Дегенмен қазірден айқын бір нәрсе – Қазақстанда жастардың кәсіптік білім алуға аз баратындары. Барлығы жаппай университетке ұмтылады екен.
Осы жерде Германия жастары мен Қазақстан жастарының айырмашылығы көрінеді. Біздің елде жастар кәсіптік білім алуға көптеп барады. Материалдық жағынан қарағанда кәсіптік-техникалық білім алған маман университет бітірген маманнан көп жалақы алады. Осы жағынан да айырмашылық бар. Қазақстан жастарының ойын өзгерту үшін нысанаға кәсіптік-техникалық білім алудың тиімділігін насихаттайтын жобаны қолға алып отырмыз.
– Германияда кеңінен қолданысқа енген дуальды білім беру жүйесі туралы тоқталып өтсңіз?
– Дуальды (қосарланған) жүйе дегеніміз – оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Дуальды оқыту әдісі тек Германияда ғана емес әлемнің көптеген дамыған елдерінде: Швеция, Оңтүстік Корея, Австрия, Дания, Нидерланды, Англия т.б. нәтижелі жұмыс істеп жатыр.
Жүйенің артықшылықтарына тоқталсақ, жастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғарылап, теория мен тәжірибені қатар меңгерген түлек дайын маман болып, оқу бітіре салысымен еңбекке араласады. Жұмыс беруші компаниялардың сұранысына сай маман дайындалады. Бұдан шығатын тағы бір ерекшелік – мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігі артады.
– Жастар жұмыссыздығының басты себептері қандай?
– Жастар жұмыссыздығы өте өзекті мәселе. Жұмыссыздық қоғамда, елдің дамуында үлкен дағдарыстар тудырады. Оның себептерін тек бір жақты қарауға болмайды, өйткені олар сан алуан. Біз өз тарапымыздан өзіміз шеше алатын себептің бірін атағым келіп отыр. Жастар жұмыссыздығының басты себебі – оқу орындарының еңбек нарығының талабына сай маман даярлай алмауы, мамандарды әзірлеу үшін онда қажетті инфрақұрылымдардың болмауы, жұмыс берушілердің жас – мамандарды бірден қабылдай қоймайтыны. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, көптеген елдерде көрініс беріп жатыр. Міне осы арада жоғарыда тоқталған дуальды жүйенің, біз іске асырып жатқан ғылыми жобаның мүмкіндігі өте зор.
– Қазақстанда кәсіптік-техникалық маман иелерін төмен санайтын қатып қалған стеоротип бар. Заңгер, халықаралық қатынастар маманы, экономист т.б. мамандықтарға бару ғана жоғары деңгей саналады. Ертең оқу бітірген соң жұмыс табыла ма, нарықтағы бәсекелес пен жаңашылдық туралы мүлде ойланбайды. Бұл ойдан арылудың қандай жолдары бар?
– Менің ойымша басты күш салатын нәрсе – кәсіптік-техникалық білім берудің сапасын арттыру. Нарықтағы компаниялардың сұраныстағы талабын арттыру. Талапты арттыру барысында кәсіптік білімнің орнын жоғарылатып, беделін көтеруге болады. Біз Германиядағы әріптестерімізбен ақылдасқан кезде бұл жерде мықты ұстаздардың да әсері жоғары болады деген тұжырымға келдік. Жастарды ақпараттандыратын – ұстаздар. Олар мектеп қабырғасындағы жеткіншектерге заңгер болсаң мықты боласың, экономист болсаң мықты боласың деп айтады. Бірақ инженер болсаң мықты боласың деген сияқты ой отбасында да, ұстаздар қауымы тарапынан айтылмаған соң, жастарда бұл туралы ой қалыптаспайды.
Біздің басты идеямыз институттарда білім беру жүйесін дамыту. Кәсіптік білім беру стандартын жасап іске кірісуге дайын отырмыз. Қазақстандағы тағы бір мәселе – көптеген ұстаздар зейнеткерлікке шыққан соң да жұмыс істей береді екен. Оларда өкінішке орай жаңашылдық жоқ. Соған орай жаңа мамандықтарды ақпараттандыра алмайды.
– Германияда зейнет жасына жеткен маман бірден қызмет орнын босатады ма?
– Бұл арада маңызды нәрсе зейнеткерлік жасы емес. Біздің елімізде де қатып қалған жүйе жоқ. Бірақ бізде мұғалімдерді оқыту, білімдерін жаңарту жүйесі жақсы дамыған. Мұғалімдер белгілі бір жасқа жетіп, өз мамандығының майталманы болған сәттен жас мамандарды даярлай бастайды. Сондай-ақ өмірге еніп жатқан, қажеттілікті өтеп жатқан жаңа технологиялар мен инновациялар туралы білім жаңартумен, жетілдірумен болады. Қоғамдық сараптамалар негізінде жасалған нәтижелер негізінде білім жаңартуға барлық жағдай жасалған. Біздің жоба бүкіл мемлекетке әсер етеді деп айта алмаймын, бірақ институттар мен колледждердің жұмысын жақсартады.
Жастарды жұмыссыздықтан арылтып, жылдам әлеуметтенулеріне жағдай жасайтынымыз анық. Біздің жасаған сараптама қорытындыларымыз, тренингтеріміз әлеуметтік желілерде, сайттарда ашық түрде жарияланып тұрады. Қазақстанға қандай жұмысшы мамандар керек екенін зерттеп алып, кәсіптік білім беруді соған қарай бағыттауға ат салысамыз. Бұл Қазақстан болашағы үшін маңызды рөл атқарады.
Орталық Азияда, Қазақстанда басқа да жобаларымызбен сегіз жыл бойы жұмыс жалғастырып келеміз. Бұл жоба былтырғы жылдың тамыз айынан басталды. Алда екі жыл уақытымыз бар. Бірақ компаниялар мен білім мекемелерінің ұсынысымен 3 жыл емес, одан ары да жалғасын табуы мүмкін.
Біздің жобамыз 3 жылда тоқтап қалмайтыны анық. Жұмысымыз жоба ретінде басталып, Сорбонна институтының қабырғасында тұрақты жұмыс істей береді.
– Қазақстан өндірісі мен техникалық жақтан Еуропа стандарттарына қашан қол жеткізеді деп ойлайсыздар?
– Қазақстан мен Германия арасында үлкен ммлекетаралық келісімшарттар бар. Олардың негізінде қаншама мәселе шешімін тауып жатыр. Қазақстан болашақта қалай дамиды деп емес, біз бір-бірімізге қалай көмектесе аламыз деген сұрақ төңірегінде ойласуымыз керек деп ойлаймын. Н.Ә.Назарбаев Қазақстан дамуының ерекше жобаларын ендірген лидер. Тек экономикаға ғана емес, білім жүйесін дамытуға қатысты да бастама жасағаны қуантады. Біздің жобамыз даму бастамасының бір бөлігі деп айта аламыз. Осы қатарлы жобалар арқылы екі елдің арасындағы байланысты одан ары бекемдеп жатырмыз. Екі елдің де компанияларының мақсаты бір. Ынтымақтастық екі ел үшін де пайдалы әрі тиімді.
–Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстан-2050» кең тынысты стратегиясы басталды. Осы жобаның негізгі өзегі жастар саясаты, жастардың қоғамдық ортаға бейімделуіне арналған. Бұл негізде оларға керегі білім және шет тілдерін игеру. Осы екі талап жастарға қойылып отыр. Жастарды жұмыссыздықтан, одан туатын күйзелістерден алып шығатын, қоғам дамуын жылдамдататын кәсіптік-техникалық білім алудың артықшылығын нақтылайтын жобаларыңызға сәттілік тілейміз. Алдыңғы қатарлы мойындалған неміс тәжірибесі негізінде кәсптік-техникалық сала мамандарын дайындау жұмысы Қазақстанда индустриалды-инновациялық даму үдерісіне өз үлесін қосады деп сенім білдіреміз. Екі ел арасындағы тұрақты, нәтижелі іскерлік қарым-қатынас жалғасты болсын.
Сұхбаттасқан –
Жанна Иманқұл
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.