Қазақ мәдениетіндегі негізгі ұстанымдар
19.08.2018 0 4 849
Тұрсын Ғабитов
1947 жылы ШҚО Көкпекті ауданы
Биғаш ауылында туған. Философия ғ.д., әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры
Қазақтың дәстүрлі мәдениеті табиғат пен адамның етене тығыз байланысты болғандығын және олардың бір – бірінен ажырамас күйде өмір сүргендігін куәлайды. Мұның негізінде көшпелілер өздерін табиғаттың тікелей жалғасы, өзін табиғатың перзенті ретінде сезінуі жатыр. Игерілмеген қуаң дала мен шөлейтті тек көшпелі ғана меңгере алды. Қазақтар көк шөпті жұлмаған, шыбықты сындырмаған. Өйткені жас өмірдің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі болып саналған. Көк жұлсаң көктей орыласың, қарғыс атады деп ырымдалады. Қазақ баласы бастауды, бұлақты ластамайды. Барлық тіршіліктің көзі сол бұлақ, сол бастау деп біледі. Қазақ халқы беталды жер шұқып, жер қазбайды. Бұндайды теріс қылық деп санайды, оны өліммен, ажалмен байланыстырып, жаман ырымға балайды.
Көшпелі қазақ қоғамында табиғат тек сыйыну, ләзаттану, сенудің объектісі болып қана қоймай, сонымен қоса ол өз қоғамында әлеуметтік мәдени реттеуші қызметін атқарады. Көшпелілер табиғатты тірі, әрі ақылды деп санаған. Табиғатты қастерлеу, қорғау қазақ халқының мәдени дәстүрі болып табылады. Көшпелі өмір сүрген қазақ елі табиғат сырын терең ұғынған, табиғатты игерудегі білімі жан – жақты болған.
Қазақтардың ілкі тектерінің сеніп келген діні – тәңіршілдік табиғатты құрмет тұтудан,оған сыйынудан туындаған. Бұл діндегі басты құдай – Көк тәңірі, көк дегеніміз тіршілікті, өмірдің бастауын білдіреді. Қазақ елі үшін қоршаған орта деген ұғым өте маңызды, мағыналы. Ол өскен орта қасиетті де, қастерлі.
Көшпелі мәдениет әлемде өз орнын таба білген. Адам шексіз кеңістікте өзімен — өзі және табиғатпен жеке қалып, сұхбаттасқан, сырласқан. Өзінің табиғатпен шынайы жақындығын сезінген.
Көшпелілік шаруашылық тылсым табиғат жөніндегі даналылықты талап етті, табиғат құбылыстарына болжам жасау, оларға алдын – ала бейімделу көшпелілерде жақсы дамыған.Номадтардың өзін қоршаған ортаны жақсартуға күш салғанын, жақсартудың жолын ойластырғанын тарихи дәстүрлерінен көруге болады. Осыған қатысты олардың жайылым мен өрісті жылдың төрт мезгіліне бөліп пайдалануы, яғни ауыстырып отыруы, жерді үздіксіз пайдалану оның құнарлылығын жоятындығын білуі.
Қазақтың дәстүрлі мәдениеті тазалық ұғымының тікелей мазмұнына сәйкес келеді және ол табиғатты бағындыру принципіне негізделмейді. Оның басты ұғымдарына атамекен, жерұйық, жарық дүние жатады. Қазақы дүниетаным әлеммен үйлесімді болуға шақырады [1].
Қазақтың тарих философиясы туралы пайымдағанда, көшпелі мәдениеттегі өркениеттілік деңгейі туралы кемсітушілік көзқарастардың бар екендігі жөнінде айтуға тура келеді. Олардың арасында адамдық өркениеттіліктің тек батыстық типін мойындайтын еуропаорталықтық тұғырнамалардан бастап, көшпелі қауымнан тек қиратушылық пен «жабайылық» белгілерін көретін «ілімсымақтар» туралы айтып өтуге боладыКөшпелілер туралы Э. Дюркгейм номадтардың сегментарлық, тұлғалық ерекшеліктері бөлінбегендігі және организм сипаттас тұтас қауымда ғана өмір сүре алатындығы туралы айтады.
Қазіргі номадологияда көшпелі қоғам кеңістік пен уақыттан, тарихтан тыс, олар тек отырып қозғалады, тамырсыз ризома рәмізінде бейнеленеді. Ризома деп орталығы жоқ, кеңістікте қалқып жүретін, түп тамырсыз әлеуметтік құрылымды айтады. Көшпелілер кеңістікті бөлмейді, олар өздері осы кеңістікте бөлінеді. Осы бейнеге мағынасы жақын тағы да бірнеше мәдени – әлеуметтік ұғымдарды қарастырсақ: «рулық дәстүрлі адам» (М.Мид), «сегментарлық қоғам» (Е. Дюркгейм) т.б. Сонда номадалық адам тарихтың тарихтың келте бейнесіне айналып кетеді. Оған «варвар» немесе «туземец» деген айдарлар да жараса берер. Тым болмаса үйреншікті марксизмдегі «азиялық өндіріс тәсілі» мен «дала феодализмі» құлаққа жағымды естілер. Немесе Г.Гачевтің номада өз атының үстіне мініп алып, әлемдік қозғалыстан тыс тұрады дегені неге тұрады? [2].Объективті позициядағы ғалымдар көшпелі қауым туралы көптеген теріс «тұжырымдарды» бекерге шығарады. Мәселен, «ет жеушілерге тән қиратушылық» жөнінде белгілі ғалым Э. Фромм мол деректерді талдау нәтижесінде бұл «идеограмманың» жалған екендігін дәлелдейді. Садизм адамға туа біткен қасиет емес, ол әлеуметтік ортаның жеке адамға қысым жасаған жағдайында пайда болады [2,456].
Еуропа орталықтық мәдениеттану көшпелілер мәдениет пен өркениеттен жұрдай, қоршаған ортаны қиратушы «варварлар» деп, үзілді–кесілді үкім шығарып қойған. Жаңа замандағы еуропалық ғұламалар ұстаған ілім бойынша көшпелілер жағрафиялық ортаға жау, олардың бар арманы бүкіл дүниежүзін жайылымдарға айналдыру [3]. Енді басқалары көшпелілерді жасыл желек даланы, бау –бақшаны, жан–жақты жалмап қоятын шегірткелермен салыстырады екен. Бұған жауап ретінде не айта аламыз? Көшпелілер қиратушылар емес, қайта олардың мәдениетінің терең экологиялық сипаты бар, қатал даланың табиғатын игеру, оның заңдылықтарын жақсы білу, болжам жасай алу, осының бәрі көшпелілер мәдениетіне тән нәрсе. А.Тойнби құрғақ даланы тек бақташы ғана меңгере алатындығын, бірақ сол далада тіршілік етіп, табыстарға жету үшін ол өзінің шеберлігін ары қарай шыңдауы қажет екендігін және оған адамгершілік, парасаттылық қасиеттер тән екендігін жазады.
Көшпелілер жайлы айтатын болсақ, олар тек өз қандастарына ғана емес, сонымен қатар бүкіл тіршілік атаулыға аса құрметпен қараған. Оны жарқын дүние деп атаған. Т.Гоббстың атақты «адам адамға қасқыр» немесе «табиғи жағдайда адамдар бір — бірімен соғыс жағдайында болады» дегенін этнографиялық деректер жоққа шығарады.
Бір орында тұру, қозғалмау көшпелілікке тән нәрсе емес. Олардың кең даланы игеруі табиғатты, қоршаған ортаны өзгертуге емес, керісінше жер-ананың бір бөлігіне айналуға бағытталған.
Адамзат тарихында шаруашылық экономикалық саласы жоқ, ештеңе өндірмей тек басқаларды қанаумен ғана өмір сүрген қоғамдар болған емес. Сондықтан көшпенді қоғамдар «алым салықпен», яғни өздерінің отырықшы көршілерін қанаумен ғана өмір сүрді деген көзқарастармен келіспейміз.
Тек отырықшы өркениеттерге ұқсамағандығы негізінде көшпенді қоғам өз өркениетін қалыптастыра алмады деу дұрыс емес. Өкінішке орай, көшпенді өркениетін тану отырықшы өркениеттануымен салыстырғанда енді ғана қалыптасып келеді. Тіпті, көшпенділер өз өркениетін қалыптастыра алды деген пікірдің өзі кеш қалыптасты. Сондықтан көшпенді қоғамына қатысты өркениет ұғымының танымдық мүмкіндігін айқындау, осы қоғам типінің өркениеттік сипаттамаларын талдау отандық әлеуметтік, гуманитарлық ғылымның жаңа және өзекті мәселесі болып табылады [3,].
Э. Фромм «қатал табиғатқа икемдену жағдайында адамдық қауымдастық приматтарға тән бәсеке мен өзара күресті шектей алды. Жаулық орнына кооперация мен туысқандық қатынастар келді. Ынтымақтастық, сексуалдықтан, мораль бағындырудан жоғары болып шықты [46].
Бұған Шоқанның мына пайымдауы үндес болып келеді: «Далалы ортаның тұрғыны – қазақ өзінің моральдық қасиеті, ақыл – ойы, қабілеті жөнінен отырықшы татар немесе түркі шаруаларына қарағанда әлдеқайда жоғары тұр. Осынау дала көшпенділерінің ақынжанды болып келетіні, ой –қимылының жүйрік болып бітетіні мұңсыз –қамсыз көшпелі тіршіліктің арқасы болу керек немесе ұдайы ашық аспан астында, шет –шегі жоқ шүйгін дала құшағында ғұмыр кешкен соң табиғат шіркінді Тәңірі тұтқандықтан да болар? Татар атаулы халықтар арасында өзінің ақылдық қабілеті – дарыны жөнінен қазақтар бірінші орында блолса керек [4].
Шынайы мәдениет табиғат пен адамзаттық қоғамның үйлесімді бірлестігінің болуын қарастырады. Мәдениеттің ондай түсінігі адамзат тарихында тек фрагмент түрінде ғана болды, христиандық – европалық өркениеттерде ондай үйлесімділік болған жоқ. Бұндай үйлесімділік шығыс мәдениетінде көрініс таба білді.
Негізінен, Шығыс медитациямен айналысып, адамның психикалық қуаты мен қабілетін дамытуға көңіл бөлсе, ал Батыс болса адамнан тыс жатқан табиғатты игеріп, материалдық және физикалық күштерді дамытумен айналысқан.
Сонымен,“шығыстық” адам өз ішіне бойлайтын, өзінің шынайы “Меніне” жетуге ұмтылса, “батыстық” адам – табиғатты ғылым мен техниканың арқасында билеуге ұмтылып, сол арқылы өзінің меншікті, адами “Менінің” салтанатын бекемдеуге тырысады.
Дегенмен бұл жерде, Шығыс пен Батыстың өзгешелігі біршама шартты болатыны байқалады. Іс жүзінде мұндай ерекшеліктерді жоққа шығаруға болмас және олар өзара қарама – қарсы қоятындай өзгешеліктер де емес.Барлық артық не кемшін тұстарын ескерген жағдайда олар адамның шексіз даму үрдісіндегі бір арнада тоғысады.
Тарихқа жүгініп, XI ғасырға дейінгі еуропаның тұрмысына тоқталатын болсақ, ол кезде еуропада көшелердің арасы тар, үйлері бір – біріне жақын, тығызорналасқан болды, тіпті арасынан адамның өтуінің өзі қиынға соққан. Үйлердің көбісінің төбесінен су ағып, дымқыл тартып тұрған. Қалдықтар, жуындылар көшеге төгілетін болған. Ондай жерде әр түрлі аурулар пайда болды. Яғни, экологиялық тазалық жоғары деңгейде болды деп айтуға келмейді. XX крест жорығы кезінде тұрмыстық экологиялық мәдениетке байланысты Азия елдерінен көп нәрсе үйренген. Моншаны пайдалануды еуропалықтар сол жорық барысында араптардан көріп барып, пайдаланған.
Ресейлік зерттеуші П.П. Гнедич көптеген араб ғалымдарының артына топографика, статистика, философия, фармакопея, химия, хирургия, астрономия бойынша шығармалар қалдырып кеткендігін жазады. Сонымен қатар қазіргі сөздіктердің өзі араб терминдеріне толы екендігін, арабша атаулар осы күнге дейін дәріхана саласында өте көп қолданылатындығын, арабтар медициналық практикаға күйдіруші құралдар мен хирургиялық жабдықтарды енгізгендігі туралы айтады.
Енді көшпенділердің тұрмысына келетін болсақ, олар үнемі тұрағын ауыстырып тұрған, бір жерде ұзақ тұрып, табиғатқа зиян келтірмеген. Тағы да айта кету керек, тіпті жерді пайдалануды төрт мезгілге бөлген, яғни табиғаттың өзін – өзі қалпына келтіругемүмкіндік берген. Киіз үй ары – бері көшкенге өте тиімді болды, әрі ол тазалық сақтаудың таптырмас құралы болды.
Киіз үй тек баспана болып қана қойған жоқ, сонымен қатар халықтың салтының, дәстүрінің таңбасы, белгісінің қызметін атқарды. Киіз үй қатал үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғады. Тез жинап, тез тұрғызуға ыңғайлы болды. Шаңырақтың төбесінен жабылатын түндіктің жартылай ашық тұруы біріншіден түтін шығу үшін, жарық түсу үшін, таза ауа кіру үшін болса, екіншіден, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол сияқты. Шаңырақтың өзі күнге, ал уық, керегелері болса оның сәулелеріне ұқсайды.
Атақты саяхатшы А.Вамберидің «Сенің халқың неге көшпенді өмір сүреді?» деген сұрағына қарапайым қазақ әйелі «Біз сендер сияқты жалқау емеспіз. Сондықтан күн ұзаққа бір жерде отыра алмаймыз. Адам қарекет ету керек, ойлап қараңызшы күн, ай, жұлдыздар, су, жануарлар, құстар, балықтар — барлығы қозғалыста, тек ғана жер мен өлгендер бір орында болады» деп жауап берген екен. Қысқа да мәнді жауап. Бұдан көшпенділер өмірінің мәні барлық тіршілік сияқты қозғалыста екенін және табиғатпен етене байланысып жатқанын көреміз [5].
Дәстүрлі қазақ дүниетанымында табиғат батыстық бағындырылуға тиісті түсінігінен мүлдем басқаша қабылданады. Белгілі ғалым Ш.Ыбыраев өзінің эпикалық кеңістік концепциясында тел (бинарлық) оппозицияға негізделген көшпелі қазақтардың тіліндегі табиғат туралы түсініктерінің ұтымды болғанына назар аударады. Табиғат көрінісі, кеңістік бітімі әрекет пен бірлікте ғана көрінеді дейді.
Көшпенділік дәуірдің алғашқы кезінде аттың жүгенін, соңынан қылышты ойлап тапқан да Ұлы даладағы тайпалар немесе тұрандықтар. Екі аяқты соғыс арбасының да Ұлы далада пайда болғаны белгілі. Енисейдегі, Қаратаудағы, Таңбалы шатқалындағы, Алтайдағы петроглифтер екі аяқты соғыс арбасы мен садақтың алғаш рет сол жерде тұрған тайпаларда пайда болғанын дәлелдейді [6].
Көшпенділердің адамзат өркениетін дамытудағы рөлі туралы Л.Гумилев: “Неправильно думать, что в кочевом обществе невозможен технический прогресс. Кочевники вообще, а хунны в частности, изобрели такие предметы, которые ныне вошли в обиход всего человечества как нечто неотъемлемое от человека. Такой вид одежды, как штаны, без которых современному европейцу невозможно представить себе мужской пол, изобретены кочевниками еще в глубокой древности. Стремя впервые появилось вЦентральной азии между 200 и 400 гг. Первая кочевая повозка на деревянных обрубках сменилась сначала коляской на высоких колесах, а потом вьюком, что позволило кочевникам форсировать горные, поросшие лесом хребты. Кочевниками были изобретены изогнутая сабля, вытеснившая тяжелый прямой меч. Усовершенствованный ими длинный составной лук, метал стрелы на расстояние до 700 м. Наконец, круглая юрта в то время считалась наиболее совершенным видом жилища.
Не только в материальной культуре, но также и в духовной кочевники не отставали от оседлых соседей, хотя литература их была устной. Конечно, было бы нелепо искать у хуннов научные теории: их даже греки заимствовали у древних вавилонян. Кочевники создали два жанра сказаний: богатырскую сказку и демонологическую новеллу. И то и другое было ближе к мифологии, нежели к литературе в нашем смысле слова, но они этим способом воспринимали действительность и выражали свои чувства. Иными словами: мифология несла у них те же функции, что у нас литература.
Подобным образом, т.е. непохожие на нас, кочевники воспринимали и историю. Она представлялась им в виде развернутой генеалогии рода; эталоном было не событие или институт, а мертвый предок. Для европейца такой счет поколений кажется бессмысленным, но ведь он тоже отражает течение времени, как и любая принятая в науке система отсчета” [7].
Экология мәселесінде экологиялық жағдайды бақылайтын басшының да рөлі үлкен. Талап қоя білу және оны орындата білу, өз қызметін шын ықыласпен істеу басшыға тән қасиет болу керек деп ойлаймыз. Осыған байланысты әл – Фараби өзінің еңбектерінде айтып кеткен болатын. Кісілік қасиеттер әл – Фарабидің «Қайырымды қала» ілімінде арнаулы қарастырылады. Оның пікірінше, кісілік белгілер, әсіресе, елбасыға тән болуы қажет. Осындай кісіге қойылатын талаптар: «Біріншіден, бұл кісінің мүше¬лері мүлдем мінсіз болуға тиіс: жаратылысынан өзіне айтылғаның бәрін жете түсінетін және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын ділмар болуы шарт; өнер – білімге құштар болуы, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын ең¬бектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек; тағамға, ішімдік ішуге, сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болуы керек; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көруі керек; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жараты¬лысынан пысық істердің бәрінен жоғары болып, игі істерге ынтазар болуға тиіс; дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жи¬рене қарауы керек; жаратылыстан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көру керек; қыңыр болмау керек; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек», – дейді [8].
Көшпелі қазақ мәдениетінде «обал» және «сауап» түсініктерінің моральдық реттеуші қызметі жоғары болған және бұл ұғымдар діни мазмұн шеңберінен шыққан.
Обал – жақсы нәрсенің қадірін біл, оны тастама, түбінде оның зарын тартасың деген ұғымды білдіреді. Бұл – қоршаған ортаға зиян келтіруге, жамандық жасауға, яғни жындыны жәбірлеуге, жансызды бүлдіруге болмайды деген сөз. Мәселен, біреуге қиянат жасау – обал. Нанның түйірін аяққа басу, не оны рәсуа ету де обал. «Судың да сұрауы бар» дегендей тамақты босқа ысырап ету, соны жасау үшін төгілген терді, қажырлы еңбекті бағаламау деген сөз. Көргенсіздік пен әдепсіздіктің осындайлардан шығатынын түсіну қиын емес. Сөйтіп обал ұғымы біреуге қиянат жасаған жағдайдың бәрінде де орын алады.
Сауап – бұл айналадағы жанды-жансыздың бәріне бірдей жақсылық жасауға, қамқорлық көрсетуте байланысты айтылатын ұрым. Мәселен, құстың ұясын түзеу, жетім-жесірге қарайласу, аяқ астындары нан қалдықрын көтеріп алу – бұл сауап [9].
Обал мен сауап ұғымдары қазақ ырымдарында жан-жақтыкөрініс тапқан.
– «Қазақ шашты далага тастамайды, жерге көмеді. Құс шашты ұясына салса – бас ауруға шалдырады, бас айналғыш болады, ұмытшақтық, жеңілтектік дертке шалдырады деп пайымдайды.Обал мен сауап нормалары ауызекі мәдениетте киелілік түсінігімен астас келеді. Оның негізінде анималистикалық, тотемистік және фетишистік көне нанымдар да жатыр [9,58].
Жақсылық пен жамандықты айыру табиғат құбылыстарына табыну, олардан мейірім күту, әсіресе, бата беру, сыйыну, құрбандық шалу сияқты қазақы рәсімдерде, бәдік өлеңдерде анық байқалады. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше дерек сілтемелер келтірейік.
Аспан шырақтарына табынудың үлгісі:
Ай көрдім, аман көрдім,
Баяғыдай заман көрдім.
Ескі айды есірке,
Жаңа айды жарылқа [10].
Жазусыз ақпараттық аяда қалыптасқан кісілік құндылықтарда діни, этикалық және қауымдық бастауларды үйлестіру мәселесі маңызды. Мысалы, «киелі» түсінігін кейбір зерттеушілер христиан халықтарындағы «сакральды», «қасиетті» (священный) сөздерімен тели салады және аталған ұғымды тек діни мағынада түсіндіреді. Бұл, әрине, көшпелілік тұрмысты жете білмеуден шығады. Кезінде Шоқан Уәлиханов қазақтар екі тылсым күшті: «киелі» мен «кесірді» мойындайды деген. Дәстүрлі мәдениеттегі ырымшыл қазақ үшін киелі нәрселер мнемоникалық рәміздер қызметін атқарды. Батыстық бағыттағы зерттеушілер үшін «киелі» діни әдет-ғұрып¬тармен ғана байланысты болса, номадалық тіршілік тынысын терең зерделе¬ген ғалымдар киелілік деген деңгейден табиғи тылсым оқиғалар, құбылыстар мен нәрселерден көрінетіндігін атап өтеді. Мысалы, аспан шырақтары, жапан даладағы жалғыз ағаш, бұлақ, қолдан жасалған балбалдар, пұттар, қорғандар және т.б. [9,64].
Осы мәселеге қатысты қазақ даласын жете білген поляк саяхатшысы Б.Залесскийдің «Қазақтардың киелі ағашы» деген суреттемесінен ақпарат алуға болады. Оның бейнелеуі бойынша,қазақтар киелі ағаштың жанынан өткен кезде түйелерін шөгеріп, аттың жабуын немесе кілемшені жайып қояды да тізелерін бүгіп, немесе малдас құрып отырып дұға оқиды екен. Содан кейін өздері де ағаш бұтақтарына киімінен жыртып алған шүберек немесе қой терісінің қиындысын, болмай бара жатса, ат құйрығынан кесіп алған қылды ақтық ретінде байлап кетеді. Олардың ойынша киелі ағашқа ақтық байлау бақыт әкеледі, ауру-сырқаудан қорғап-қоршайды, өмір жастарын ұзартады. Сондықтан да, тек биік ағашта қана емес, шөлдегі жол бойында кездесетін аласа бұталарда да ақтық байлаулы тұрады.
Мұндай ағашты кесу қазақтар үшін күнәнің ең ауыры болып саналады, сондықтан оның тіпті қураған бір бұтағын сындырар бір жан болмайды. Мұғалжар тауына жақын жазықтардың бірінде өсіп тұрған бірнеше діңді жабайы өрік ағашын көргенім бар, әбден қурап қалған көптеген ірі бұтақтардың біреуіне қол тигізуге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Ілінген ақтық шүберек¬тер мен қой терісінің қиындыларының көптігіне септік жоқ, ағаш басына са¬лынған ой бүркітінің ұясына да адамдар тарапынан келер еш қиянат жоқ, себебі, киелі ағашқа салынған ұя да киелі» [9,65].
Тірі атаулының барлығына жан ашу, аяу және махаббат идеясы өте ежелгі идея болғанымен, қазіргі заманға өте қажет, оларды қазіргі заманның идеясы десек болады. Гуманизмнің қайнар көзі де осында, кез-келген тіршілік иесінің өмірдің әрбір көрінісіне деген сүйіспеншілік, әрбір тіршілік иесінің азабын түсіне білу, оған жанашырлық таныту – адам мәнінің, адам жанының негізгі қыры. Соларқылы адамның табиғатқа деген, қоғамға деген қарым-қатынасы қалыптасады.
Осындай қасиеттерді Асан Қайғының бойынан көруге болады.Асан табиғаттың барлық сұлулығын сезіне білу, оны өмiр игiлiгiне пайдалану кез келген адамның қолынан келе бермейтiнiне мән береді. Табиғатты қадірлеу қайсысымыздың болса да парызымыз. Өйтпесек «табиғат жетiмсiреп – өз әсемдiгiн жоғалтпай ма?» – деген сұрақ қояды халыққа.
Асан Қайғы iздеген «Жерұйық» – адамзат үшiн, оның ішінде қазақ үшін өмiр сүруге ең қолайлы болатын жер жәннаты. Қазақ жерінде де еуропаны дүр сiлкiндiрген Т.Мордың «Утопиясы» сияқты «Жер ұйық» идеясы шарлаған кезең болды. Халық Асанмен бiрге армандады, онымен бірге жаңа жерлердi iздеді. «Жер ұйық» жоқ дегенге ешкімнің сенгiсi келмейдi. Сондықтан да болар Асан «Жер ұйық» – бақыт пен дәулет, тыныштық пен бейбiтшiлiк әлемi, оған жету үшiн халық сабырлылыққа, шыдамдылыққа үйренуі, өзiн iскерлiгiмен таныта бiлуі керек, сонда ғана жер жәннатына жетесiз, басқаша айтқанда, өзiңiздiң жеке «Жер ұйығыңызбен табысасыз». Асан Қайғының мақсаты – халықтың бiрлiгiн нығайту, дала мен таулы аймақтың халқын бiр – бiрiне жақындату, табиғаттың қыры мен сырын қауымға паш етiп, өзiн – өзі танып бiлуге шақыру. Халықтың береке –бiрлiгі болғанда ғана мықты, бiртұтас болғанда ғана өзiн – өзі сақтай алатынын, дамыта алатынын жақсы білді.
Асан үшiн адамға табиғаттың ортасынан орын табу шешiлмеген мәселе болса, ал қазiргi экологиялық апат пен дағдарыс заманында тек қана географиялық орта ғана емес, сонымен қоса адамдардың ниеті мен пейiлі, ар мен ұят нарық салмағын көтере алмай сыр беруде.
Экологиялық сананың қалыптасуы кешеуiлдегенi белгiлi. Өткен социалистiк дәуiрде, қазiргi өтпелi кезеңде (өркениеттi қоғамға) әзiр жарытып экологиялық бiлiмдер таратқан емес, ешкiмнен еш нәрсе талап еткен емес. Бұрын жоспар қуу болса, қазiр пайда табу көзiн iздеген пысықтардың құрбандығына айналуда даламыз да, қаламыз да, жануар да, адам да. Шетелдiк инвесторлар iшiнен қатаң талаптарды сақтап отыратын, шарттарды орындайтын фирмалармен ғана жұмыс iстеген жөндi. Себебi, келесi ұрпаққа да табиғат керек емес пе? [9,201].
Табиғатты ретке келтіру үшін көптеген жылдар керек екенін ескертіп,ғаламдар дабыл қағуда. Кез–келген адамның өмiрi бұл дүниедегi қайталанбас керемет. Осы орайда Қ.Нұрланованың пiкiрiн келтiре кетуге болады.
«Табиғат анадан ажырамаған, оған қарсы тұрмаған, керiсiнше табиғатпен бiр туған, бiте қайнасқан адамның байыптау әрекетi де табиғи.
Бұл байыптау – табиғатты игеру, әлемтану әдiсi өзiнiң таңғажайыптығымен тұқыртпай, қайта шабыт берер, шарықтатар сұлулығын түйсiну, ғаламның тылсым әнiн үздiксiз қозғалысы үстiнде тыңдау.
Осының барлығында да Ғалам сырымен түсiнiстiк деңгейiндегi өз қатынасыңды шындық мәндi әдiспен құрудың маңызы зор» [9].
Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі, ата – бабаларымыз жырлап, айтып кеткен табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар мен нанымдар, салт – жораларды бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесіне пайдалану аса қажет.
Мақал-мәтелдер – халықтың өмір тәжірибесінен алынған рухани мәдениеттің қалыптасуының қайнар көзі. Ол халық санасынан, дүниетанымынан орын алатын құндылықтар жүйесі. Мақал-мәтелде халықтың өмір сүру құбылыстары мен ойлау табиғаты, болмыс бітімі, тіршілігінің мәні мен мақсаты көрініс табады. Олардың құрылымы ойдың көркемдігін көрсетумен бірге, қысқа да нұсқа, мағынасы жағынан терең ой мен мазмұнды қамтиды. Мақал-мәтелдер асқан аса шеберлікпен жасалған сөз өрнегі, әбден орныққан ойдың нәтижесі.
Халық даналығы – саналы ойдың көрінісі, білімділіктің кені. Белгілі ғалым, философ Д. Кішібеков: «Қазақ ежелден ойшыл, не айтса да мәселенің байыбына жетіп барып айтатын, сөздің түйініне мән берген халық. Біздің мақал – мәтелдеріміз тұнып тұрған философия. Сондықтан да шешендеріміз сөзін дәлелді, уәжді ету үшін әманда мақал –мәтелдерге жүгініп отырған. Асылы шешен, дәлелді, қисынды сөйлеу қазақ халқы арасында ерте заманнан дәстүрге айналған» деп жазады [11].
Әр елді танытатын өзіндік ерекшеліктер болады. Батыстық, шығыстық, қазақы дүниетаным ерекшеліктері жөнінде Т.Ғабитов: «Қазақ халқының ойлау жүйесі мен мәдениеті бай тілінде, тіршіліктің мағынасын түсініп, уақытты бағалай білетін терең даналығында жатыр» дейді [12].
Мақал-мәтелдегі халықтық таным-түсініктер негізі: өмір, тіршілік, қоғам, табиғат жайлы. Халық өзінің болмыстық ойлау тегінен бастап өрістейтін дүниелік таным -түсініктерін күнделікті тұрмыс-тіршілігіне ла-йықты қалыптастырған. Мақал-мәтелдер халықтың ойлау жүйесінің, санасының, өзіндік ерекшелігі мен әлеуметтік тіршілігіне орай дүниелік көзқарастарының жиынтығы болып табылады [13].
Тәрбие беруде мақал-мәтелдің маңызы зор. Өскелең ұрпақтың табиғатқа жан ашырлық сезімін оятуда, экологиялық санасын қалыптастыруда халық тың даналық сөздерінің, мақал-мәтелдердің орны ерекше. Қазақ халқы табиғатқа аса мән беріп, онымен үйлесімділікте өмір сүрген, табиғат құбылыстарына табынған. Мұны ата-бабаларымыздың табиғатқа іс-әрекетінен, ырым-тыйымдардан көруімізге болады. Оған мысал келтіретін болсақ, көшпелілер айға сәлем беріп, жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке деп айға табынатын болған.Көшпенділер табиғатты тірі, әрі ақылды деп есептеген. Ертеде қазақтар санасында Жер–Ана, Аспан–Әке түрінде бейнеленді. Жерге егін егу мал бағумен қатар құрметті іс саналды. Жерді орынсыз жарақаттама, жерді теппе деген тыйымдар болған. Олар ертеректе ұстанған тәңіршілдіктің негізінде аспанға табыну жатыр, яғни табиғатты құрметтеуден туындаған. Бұл діндегі басты құдай – Көк тәңірі, көк дегеніміз өмірдің бастауын, тіршілікті, шексіз әлемді білдіреді. Тәңірі сол көк аспанның әміршісі. Ол түрік халықтарының бастапқы тарихында Күн бейнесімен беріледі. Көк тәңірі жеке адамдардың және қоғамның ісіне араласқанда, оларды тікелей жетектемейді, тек аспан ырқын хабарлап отырады. Ол Көк тәртібін адамзат тәртібі қылуға тырысады. Сол себептен де, өздерінен алым-салық төлеуді талап еткен қытай жаушыларына қазақ билері былай деп жауап берді дейді: «аспан шөп пен суды жаратқан, мал да соның сыйы, оны бағамыз да күн көреміз, не үшін біз оны беруіміз керек?» [14].
XXI ғасырда Бұқар дінбасылары қазақтардың Ай мен Күнге табынуына байланысты оларды «кәпірлер» деп есептеп, оларға қарсы ғазауат соғысын жариялаған.
«Жазға салым бие байлап, қымыз ашытқанда қазақтар киіз үйінен шығып келе жатқан күнге қарап, алғашқы қымызды соған қарай шашады. Көгеріп тұрған шөпті Алла емес күн өсірген деп түсінеді. Шөпті таптауды, жұлуды құдайға қарсы әрекет деп білген. Қазақтар күнге табынатын болғандықтан, оларды кәпір деп түсініп, мұсылман дініне қарату мақсатымен оларға ғазауат соғысын жариялау дұрыс», – деп жазады осы соғысқа өатынасқан орта азиялық тарихшы Рузбихан өзінің «Бұқар мейрамының жазбалары» атты еңбегінде [15].
Сонымен бірге қазақтар аққу, қарлығаш сияқты құстарды қасиетті санап, оларға тисуге, атуға тыйым салған. Бұдан ата-бабаларымыздың табиғатты құрметтеп, қастерлегенін, аялағанын байқауға болады.
Табиғатқа байланысты «бір тал кессең, он тал ек», «су ішетін құдығыңа түкірме», «бұлақ көрсең көзін аш», «көкті жұлма» және т.б. көптеген мақалдар көп. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде суды қорғау парыз деп есептелген. Су – бүкіл тіршіліктің көзі. Ол болмаса астық шығымдылығы, өсімдік әлемі де болмайды. Адамдар су көздерін ғана тірі организмге балап қоймай, сонымен қатар оған әр түрлі жан иелерінің, су перілерінің, су иесі Сүлейменнің өмір сүретіндігіне сенген. Бақсылар жырында :
«Су басында Сүлеймен.
Сізден де медет тілеймін.
Су ішінде су пері,
Сұмырайға ұқсаған қу пері» деген тіркестер жиі кездеседі [16].
«Судың да сұрауы бар» деп, халық оны тіршіліктің бастауы, тазалықтың рәмізі ретінде санаған. «Бастау су алса, бақыт су алады», «құлазыған шөл – жетім, құс қонбаған көл – жетім, сортаңға құйған сел – жетім», «ағын су – өмір, тоқтау су – өлім» деген нақыл сөздер оған куә.
Жылан – қазақұғымында зұлым-дықтың рәмізі болғанымен, ол киіз үйге кіріп кеткен кезде оған тиіспеген, басына ақ құйып шығаратын болған. Киелі жануарлардың ішінде түйе ең таза мал саналды, оны ұруға, жүнін аяқ асты етуге болмайды [17].
Адамгершіліктің «алтын ережесінің» кейінірек «өзіңе не тілесең, табиғатқа да соны тіле» деген экологияның «алтын ережесіне» айналуынан,біз қазіргі кезде экологиялық мәселелердің өзекті болып отырғандығын көреміз.
Халықта «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейді қазақ. Біреуге риза болғанда «көсегең көгерсін» деп айтатын болған. «Жерге шыққан жемістен жетіссең де жеті аса» деген мақал көшпелілердің көкті қастерлегенін білдіреді. Қазақ жалғыз өсіп тұрған ағашты кеспейді, оған зақым келтірмейді.
Ұлан-байтақ жерде мал бағып, ұзақ күндерді кең табиғат құшағында, мал өрісінде, түндерді жұлдызды аспан астында өткізген қазақ халқы табиғат құбылыстарын бақылаудан туған көп жылдық тәжірибелерін қорытып, жұлдызыды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен ілім жасаған.
Табиғат құбылыстарының айналып келіп отыруын – күн мен түннің, жыл мезгілдерінің, ай жаңалануының алмасып отыруына мұқият бақылау жасап, есептеп ұғынудың қазақ халқының шаруашылық өмірі үшін орасан зор тәжірибелік маңызы болған еді. Қазақтар осы есеп арқылы жайлауға қай уақытта көшукерек екенін, күзеу және қыстауға қай уақытта келу, қой мен қозыны қай уақытта қырқу қажет екенін, қай мезгілде мал төлдету, соғымды қашан сою, егінді қай мезгілден бастап салу, шөпті қашан шабу сияқты шаруашылық мезгілдерін біліп, оларды өз уақытында жүзеге асырған.
Қазақтар шетсіз, шексіз кең далада мал бағу, көшіп қону, жолаушы жүру, түн қату және аң аулау, төрт құбыланы анық айыру, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап, бағыт-бағдарды белгілеп отырған және өткел, суат, қоныс, құдықтарды дәл табу сияқтыларды ұрпақтарына үйретіп отырған.
Қазақ арасында тәжірибе метеорологиясымен және уақыт есебімен шұғылданатын арнаулы есепшілер болған екен. Әр айдағы ауа-райының шұғыл өзгерістерін, кезеңдерін, амалдарын есептеп, жұртқа алдын ала хабарлап отырған.
Абайдың дүниенің дамуы жөніндегі көзқарасында диалектикалық сарын басым. Ол табиғат құбылыстарын өзара бір-бірімен байлынста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адамды қоршаған ортаның – табиғаттың ішкі сырын білім-ғылым арқылы білуге болады деп қарастырады.
Қазақ халқының өз рухани бастаулары мен даналығының қайнар көздері өз тарихында, мәдениетінде, тілі мен ділінде тұнып тұр. Ұлт даналығын ұғынып, сөзін қадірлеп, мақал – мәтеліндегі асыл ойды түсіне білсек, қазіргі қоғамдағы ұлтқа жат көп теріс қылықтардан арылар едік [13,6].
Әлеуметтік-мәдени бағыт бойынша экологиялық мәдениет – әлемге қарым-қатынастың түрі және коэволюция принциптеріне сәйкес әлеуметтік және мәдени тәжірибені игеру тәсілі. Көптеген ғылыми жарияланымдарға тән қоғамды мәдениетпен теңестіру қоғамның өмір қарекеті үшін маңызды «мәдениет» түсінігінің негізіндегіні анықтауға мүмкіндік бермейді. Оның негізінде адамдардың өмір тарихи даму формасының көрсететін, кең мағынадағы табиғаттан бөлінген материалдық әлемнің бір бөлігі түсініледі.
Руханилық, яғни қиял, саналы түрде мақсатқа бағытталушылық, идеалды тұрмыстың болатынына сену адамдарды Жердегі басқа тіршілік иелерінен ерекшелейді. Сол себепті моральдықты адамзаттық руханилықтың негізгі элементі ретінде қарастыруға болады. Анығырақ айтсақ, мораль – руханилықтың аса қажетті шарты, ол руханилықтың абсолютті жалғыз шарты болып келеді. Оның орнына руханилықтың басқа құндылықтық элементтері – ғылыми таным, эстетикалық, саяси, құқықтық сана баса алмайды. Білім, жоғары біліктілік, ғылымдардан хабардар болу – адамдық сананың маңызды элементтері болғанымен, олардың жоқтығы немесе әлсіз дамуы индивидтерді адамдар қатарынан шығармайды. «Надан» анықтамасы адамды адам емес қылмайды.
Қазіргі ғылыми-техникалық жетістіктер өнегелілік прогрестерге негізделмейді. Соған қоса, дамыған эстетикалық сезімнің болмауы, табиғаттағы, адамдағы, өнердегі әдемілікті сезінудің болмауы индивидтің адамзаттан алыстауына себеп болмайды. Қазіргі кезде көбісі саяси және құқықтық сауаттылыққа ие емес, бірақ ол адамдарды адамзат қатарынан шығармайды.С.Ф.Анисимовтың ойынша «адамды адамдық қасиеттен айыратын, адамзаттық болмыстан айыратын, аңмен бірдей қылатын – өнегелілік сананың дамымауы. Өнегелілік адамдық сананың басқа қасиеттеріне тікелей тәуелді болмайтын, адамның негізгі қасиеті. Ғылыми қызмет өзін моральдық жауапкершіліктен азат сезініп, кейбір жағдайларда пайданың орнына зиян келтіруі мүмкін, адамдар үшін қауіпті болуы, экологиялық апаттардың себебі болуы мүмкін. Қазіргі уақытта биотехникадағы, медицинадағы эксперименттердегі бірнеше бағыттардың өнегелілік құндылықтары күмән туғызады.
Саяси сана туралы айтатын болсақ, ол өнегелілікке тәуелді болмайды десек болар, саясат өнегеліліктен алыстаған сайын, жетістікке жетеді. Егер өнегелілік пен саяси қызмет шынайы жүзеге асса, олардың болмысы сәйкес келмейді деуге негіз бар.
Жалпы адамзаттық моральдық нормаларға негізделген дін де саяси, конфессионалдық және тағы басқа қызығушылықтардың әсерінен өнегелілік негізін жоғалтса, жағымды жақтарынан айырылуы, діни соғыстардың себебіне айналуы мүмкін.
Адамзаттық интеллект, кеңірек айтсақ адамзат руханилығы бізге белгілі эволюция кезеңдерінің жоғарғысы болады. Руханилық ішкі және сыртқы байланыстардың күрделілігімен, қозғалғыштығымен ерекшеленеді. Эволюцияның бұл сатысында да ерекше факторлар руханилықты салыстырмалы тұрақтылық жағдайында ұстайды. Ойлау қабілетіне қатысты, психиканың бұзылу қаупінің белгісі, оның жануарлық деңгейге сәйкес келуіне ессіздік, логикалық талдау, логикалық сана қабілетін жоғалту болады. Бұл қабілеттердің тұрақтандырғышы ретінде дұрыс ойлаудың саналы және санасыз нормалары, логиканың жалпы адамзаттықуниверсалды заңдылықтары болады. Не ғылыми таным, не эстетикалық, не саяси және тағы басқа сананың элементтері адамзаттық болмыстың еркше белгісі ретіндегі руханилықтың барлық жүйесі үшін абсолютті қажетті жағдай болып табылмайды.
Құндылықтық бағыттар – адамның қоршаған әлемге қарым-қатынасын, мінез-құлқын анықтайтындықтан адамның жеке даралығын білдіретін маңызды сипаттамасы.
Тұлғаның құндылықтық бағыттарының қалыптасуы – ұзақ жәнекүрделі үдеріс. Оған әлемдегі, елдегі, аймақтағы жағдай, бұқаралық ақпарат құралдары, аз топтың (жанұя, достар) құндылықтары әсер етеді. Тұлғаның әлеуметтену үдерісінде оған қоғаммен өңделген құндылықтық ұстанымдар беріледі.
Құндылықтық ұстанымдар – әлеуметтік субъектінің берілген объектке, затқа, адамға, құбылысқа, жағдайға және т.б. деген алдын-ала белгіленген қарым-қатынасқа детерминделген бейімділігі көрініс табатын, іс-әрекеттің және қарым – қатынастың өзіндік бағдарламасы. Адамның жүйелі түрде әрекет жасауына, немқұрайлы қарамауына себеп болатын адамзаттық талпыныстардың, қызығушылықтарының, тілектерінің, үдерістердің, шынайылық фактілері тұлғаның құндылықтары болады.
Келешек ұрпақты тәрбиелеу, оның интеллигенттілігі мен мәдениетінің қалыптасуы экологиялық сананың қалыптасуымен тығыз байланысты. Экологиялық мәдениеттің өнегелік – рухани құндылықтарды сақтаумен байланысты сұрақтары арнайы қарастыруды қажет етеді. Экологиялық тәрбие биологиялық экологияны саналау және тәжірибелік меңгерумен шектелмейді. Тек қана сыртқы ортаның ластануы, экологиялық тоқыраудың қаупі ғана емес, сонымен бірге адамның ішкі дүниесінің, рухани жадысының, санасының ластануы тұлғаның күйзелісін білдіреді. Бұқаралық мәдениет жасандыларынан, адам санасы мен рухының әрекетсіздігінен, оның жайбарақаттығынан, немқұрай-лылығынан, ар-ұяттың жоқтығынан патриоттық сезімдер жоғалады. Шынайы гуманистік-өнегелілік құнды-лықтар рухани және материалды мәдениеттер жадысында көрініс тапқан, мәдени ортаның дәстүрінің негізінде пайда болады. Адамдардың өнегелілік қасиетін сақтауда қажет болатын мәдениет ескерткіштерін сақтау үшін еліне, жеріне деген махаббат аздық етеді, сол махаббатың нәтижесі болу керек. Экологиялық сана феномені адамға оның пайда болғанынын бастап тән. Бірақ, экологиялық сананы тәрбиелеу мәселесі біздің заманымызда анағұрлым маңызды бола бастады. Н.Ф.Реймерс пен А.В.Яблоков экологиялық сананы терең, автоматтылыққа жеткізілген, адамның табиғатпен ажырамас байланысы, адамдардың жағдайының жақсы болуы олардың мекен ететін табиғи ортасының салыстырмалы түрде өзгеріске ұшырамауы, тұтастығына байланыстылығы ретінде анықтайды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатына жетуде тұлғаның экологиялық санасының дамуы маңызды рөл ойнайды. Оның ішіне экологиялық заңдардың мәнін түсіну кіреді; « адам–қоғам –табиғат» жүйесіндегі қарама-қайшылықтардың себебін түсіне білу, табиғи және әлеуметтік заңдардың сәйкессіздігінің себебін түсіну; локальды экологиялық тоқыраулар мен ғаламдық экологиялық апаттардың қауіптілігін сезіну; экологиялық императивпен сәйкес келетін мақсатты іс – әрекеттің моральдық әдісін таңдау; адамның өзін тануы, қоршаған әлемге өзінің бір бөлшегі сияқты қарау. Егер адам өзін-өзі сақтау үшін табиғатты сақтау керек болса, онда табиғатты қорғау үшін өзін-өзі дамыту керек. Адамдардың белгілі бір биосфералық функцияны орындауы керек екендігін түсінуі экологиялық дүниетанымның басты парадигмасын құрайды және экологиялық мәдениеттің негізі болып келеді. Әр түрлі деңгейдегі әлеуметтік – экологиялық мәселелерді шешу қажеттігі экологиялық дүниетанымның қалыптасуын қарастырады, эколо-гиялық дүниетанымның құрамына мыналар енеді:
— халықтың рухани, өнегелілік тәрбиесі, білімі;
— «табиғат–адам–қоғам» жүйесіндегі өзара әрекеттің жаңа табиғатты қорғау стандарттарын меңгеру;
— Адамның денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғауға байланысты қоғамның, мемлекеттің, азаматтардың ынтымақтастығы;
— Экологиялық жарамды технологияларды ендіру, табиғи ресурстарды рационалды пайдалану;
— Әрбір азаматтың қолайлы және қауіпсіз қоршаған ортаға деген құқығын жүзеге асыру;
— Бұның бәрін экологиялық мәдениеттің қалыптасу үдерісінде, ғаламдағы өмірдің сақталуын қарастыратын, экологиялық қажеттілік шеңберіндегі тұлғаның еркіндігінің өлшемі ретіндегі экологиялық жауапкершіліктің қалыптасу барысында ескеру қажет.
Экологиялық жауапкершілік
көрініс табады:
— өмір қарекеті барысында адам өзінің қайсыбір әсерін тигізетін, адам өмірінің жағдайын анықтайын табиғи ортаның жағдайына жауапкершіліктен;
— өзінің және басқаның денсаулығына жеке және қоғам-ның құндылықтары ретінде жауап-кершілікпен қараудан;
— қоғам мен табиғаттың өзара әрекетінің гуманизациясы идеясын насихаттаудан, адамның қоршаған ортаға әсерінен негативті салдардың болуын ескертуінен.
Адамзат өзінің табиғат алдындағы жауапкершілігін сезінгенде, заңмен белгіленген тыйымдар мен шектеулер тәжірибеде қатаң ескерілгенде ғана, адамдар өздерінің моральдарын жетілдіре отырып, тұрақты даму жолына түсе алады.
Қоғамдық сананы экологияландыру үдерісін бірнеше деңгейге бөліп қарастыруға болады: біріншіден адамның табиғатқа деген қарым–қатынасының әр түрлі сезім формасында көрініс табуы (немқұрайлылық, қорқыныш, үрей, байбалам салу); екіншіден экологиялық мәселеге деген қызығушылықтың қалыптасуы (биосферадағы эволюциялық өзгерістердің мәнін ашу, оның тұтастығын детерминациялау); үшіншіден, табиғи құбылыстарды түсінуден, ұғынудан әлеуметтік әрекетке,өнегелік іс-әрекетке көшу; төртіншіден, табиғатқа қатысты адамның жауапкершілік деңгейін көтеру, экологиялық сананың тұлғаның ішкі мәдениетінің элементі ретінде қалыптасуы. Бұл аспектте экологиялық сана мен мәдениеттің деңгейі бұл – табиғатты тану және оның дамуын тәжірибелік пайдалану негізінде қоғамның қаншалықты жан–жақты, терең әлеуметтік маңызды функциялауға енгізуінің көрсеткіші болып келеді. Н.А.Агаджанян адам экологиясы – медициналық – биологиялық, географиялық, әлеуметтік-экономи-калық емес, нақты ғылым еместігін, биосферадан ноосфераға өтуде, ойлау жүйесін қайта құруда шексіз маңызды болып табылатын адамның рухани және өнегелілік әлемін білу мен тәрбиелеу екендігін айтады. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп әл – Фараби айтқандай, алдымен тұлғаның рухани әлемін байыту, оған жан-жақты тәрбие беру керек, осы тұрғыда Н. А.Агаджанянның ойымен толық келісуге болады.
Өз заманында Ф.Энгельс тәжірибелік саладағы, санадағы барлық радикалдық өзгерістердің бастамасы болып философиялық көзқарастар табылады деп жазады. Қазіргі кезде адамның өзінің қоғамдағы орнын, өзінің өмір сүру ортасын ұйымдастырушы ғана емес, оған қоса табиғи құндылықтарды сақтаушы ретінде сезінуі қажет. Бұл мәселенің актуалдылығы, тарих бойында адамзат ешқашан өзінің мәдениетінің жағдайына тәуелді болып көрмегендігінен туындайды. Қазіргі уақытта табиғи ортаның жағдайы үлкен мәселе тудыруда және адамдар қоршаған ортаға әсер етуде қателеспеу керек. Экологиялық жағдайдың қоятын талабы – адамның барлық іс-әрекеті бір мақсатқа, міндетке бағынуы қажет, ол – адамзат дамуының басты шарты, негізі табиғи ортаны сақтау. Қалыптасқан жағдайда қоғамды сақтау әдісінің бірі болып, табиғи өзгерістерге бейімделу ғана емес, табиғатпен үйлесімділікті қамтамасыз ету табылады. Эколог-зерттеушілердің, философтардың, саясаттанушылардың, мәдениеттанушылардың мақсаты адамзаттың экологиялық мәселелерді шешуінің жолдарын табу, өнегелілік құндылықтарды қайта жаңғырту, салауатты өмірді негіздеуді жүзеге асыру. Қазіргі кездегі экологиялық жағдай қоршаған ортаны толық түсіну негізінде адам мен табиғатты біріктірудің тәсілі нақ мәдениет болу керек екендігін анықтайды.
Экологиялық мәдениеттің қалып-тасу технологиясы тұлғаны тәрбиелеуде кешенді амал-тәсілдерді жүзеге асыруды қарастырады, үдеріс барысында табиғи ортаның құндылығын сезіне білуді дамыту арқылы адамның экологиялық жауапкершілігінің қалыптасуы іске асырылады.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың табиғатқа деген қарым-қатынасында саналы алғышарттардың қалыптасуына баса назар аудару керек, қарапайым тәжірибелік дағдыларды үйретуде, сонымен қатар балаларды тәрбиелеп отырған үлкендердің экологиялық санасының, мәдениетінің дамуына да көңіл бөлу керек. Қазіргі кезде жастардың экологиялық мәдениетінің деңгейі жеткілікті дәрежеде емес. Тұлғаның экологиялық мәдениетін қалыптастыруда тек теориялық білім беріп қана қоймай тәжірибелік білім беру өте қажет және анағұрлым тиімділігі жоғары. Конфуцийдің «менің ұмытып кеткенімді қаласаң, мен үшін өзің істе, есте сақтағанымды қаласаң, оны маған көрсет. Менің үйренгенімді қаласаң, сол нәрсені өзіме істет» дегеніндей, белгілі бір нәрсені үйретуде, жете түсіндіруде тәжірибенің маңызы зор. Мектептерде полевые және экспедициялық жұмыстар жүргізу, экологиялық лагерьлер, мектептер ашу қажет деп есептейміз. Экологиялық мәдениет деңгейін көтеру негізінде мектептерде, жоғары оқу орындарында экологиялық білім беруде қазіргі заманғы білімнің инновациялық технологияларын пайдалану арқылы адамдардың табиғатқа әсерін түсіндіру, экологиялық жағдайға немқұрайлы қараудың салдарын адам санасына жететіндей түсіндіру. Экологиялық әлеуметтену үдерісіне технологиялық көзқарас бұл — әлеуметтенуді оптимизациялау, қоғамда және табиғаттағы саналы мінез–тың әдістері мен тәсілдерін, жолдарын табу және анықтау. Технологиялық үлгіні құрастыру бірнеше сипаттамаларды анықтауды қарастырады:
-экологиялық білім және тәрбие беру үдерісінің нәтижесін;
-тәрбие беру үдерісінің басқарылу деңгейін жоғарылату.
Бұнда әлемде маңызы артып келе жатқан инновациялық, тәрбиелік, білім беру технологиялары шешуші рөлді атқару керек. Олар басқарушы және әлеуметтік – технологиялықпен байланысы бар, жалпы қоғам мәдениетінің бір бөлігі болып табылатын экологиялық мәдениеттің қалыптасу үдерісінің оптимизацияланддыруға бағытталу керек.
Білім және тәрбие беру үдерісін технологизациялау мүмкіндік туғызады:
• үдерістің әрбір кезеңінде білім және тәрбие берудің мақсатын нақтылауға;
• үдерістің аралық нәтижелерін бағалауға;
• тәрбие беру мақсаттарының орындалуына бақылау жасауға.
Жастардың эколологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселесі нақтылауды, оны іске асыруды қажет етеді. Адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастарды толығымен, жан-жақты зерттеу және осы қарым -қатынастарға нақты – тарихи анализ жасау басты философиялық-әдістемелік принцип болып табылады. Бұл принциптің негізін адам мен табиғаттың бірлігі құрайды. Ғылымға, сонымен бірге адамның басқа да қызмет салаларына басты бағытты белгілейтін мәдениет, абсолютті құндылық ретінде болады.
Әдіснамалық маңызы бар, білім және тәрбие беру үдерісін оптимизациялау технологиияларын қарастырсақ:
-когнитивті – ақпараттық оптимизация технологиясы;
-байланыс оптимизациясының технологиясы;
-топтық бірлесу технологиясы.
Когнитивті-ақпараттық бағыттағы технологияда негізінен төрт мәселені бөліп қарастырады: ақпараттық жүктеме, ақпаратты бұрмалау және оның жоғалуы, кері байланыс каналдарында ақпараттың жетіспеуі, ақпараттық ағымдардың жылдамдығының төмендігі.
Байланыс оптимизациясының технологиясы өзара түсіністікті жақсартуға бағытталған, эмпатия, рефлексия, идентификацияның психологиялық механизмдеріне негізделген. Байланыс оптимизациясының көптеген әдістері қолданылады. Экологиялық әлеуметтенудің сапасын анағұрлым арттыратын байланыстық қосылу әдістерінің маңызы үлкен.
Топтық бірігу технологиясы топтың ұйымдасуын жоғарылатуға бағытталған. Топтың бірігуі оның ішіндегі байланыстарды дамытудың белгілі бір процесі ретінде көрініс табады. Яғни, топтың бірігіп қызмет жасауына негізделеді. Экологиялық әлеуметтенуді оптимизациялауға қа-тысты осы технологияның неғұрлым тиімді екенін айта кету керек. Зерттеулер тұлғаның өзін-өзі дамыту технологиясының рөлі де күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Адам «Мен» концепциясын құру арқылы, саналы түрде құндылықтар жүйесін қалыптастыра отырып, өмірін мәнді ете алады. Соның ішінде табиғатқа зиян келтіруге байланысты адамның қарама-қарсылығын жоғарылататын табиғатқа жанашырлықты туғызатын мінез-құлықты қалыптастырудың да маңызы зор.
Ғылым мен техникаға қатысты қазіргі заманғы білімге сүйене отырып, антропогендік мәдениет және табиғи эко жүйелердің үйлесімді өмір сүруіне мүмкіндік жасау керек.
Қазіргі кезде де қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар, нанымдар, салт – жоралар өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Қалыптасып отырған күрделі мәселені шешу мақсатында жас ұрпаққа тәрбие беруде мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді қолдану тәрбие беру үдерісін барынша тиімді етпек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ежелгі көшпелілер дүниетанымы. Жиырма томдық. 1-том. 65б. Астана: Аударма.
2. Т. Ғабитов, Б. Сатершинов, Қ. Бегдаулетова Көшпелі қазақ қоғамының тарихи санасы және оның дүниетанымдық мәселелері. Қазақ халқының философиялық мұрасы. 454б.
3. Қазақ мәдениетінің типологиясы. Мәдениеттану оқу құралы. Алматы: Қазақ университеті, 1998-23б.
4. Уалиханов Ш.Ш. Таңдамалы шығармалары. Алматы : Жазушы, 1985.560б.
5. Вамбери А. Путешествие по Средней Азии. — СПб.; 1865.
6. Жанұзақ Әкім.Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы. 16б.
7. Гумилев Л.Н. «Поиски вымышленного царства», — М.; Наука, 1970, С.38-39.
8. әл – Фараби әлеуметтік – этикалық трактаттар. Ғылым баспасы. Алматы 1975, 28 – 29 бет.
9. Т.Ғабитов, Ә.Нысанбаев, С.Нұрмұратов, Қ.Әлжан. Қазақ философия-сы (жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы). Астана: Аударма, 2008.57б.
10. Молдабеков Ж. Ж. Тектілі тұрағы – тұлғалыққа тірек // Адам әлемі. – № 2 — 1999. – 87 б.
11. Кішібеков Д., Кішібеков Т. Қазақ –философ халық //Ақиқат. -1995. №3. 29б.
12. Ғабитов Т. Мәдениеттану. Алматы: Раритет, 2005. 416б.
13. Рысбеков Қ.Қ. Қазақ мақал –мәтелдерінің тарихи –философиялық мәні.
14. Левшин А. Описание киргиз — казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. Алматы: Санат, с.162.
15. Қазақ халқының салт – дәстүрлері. 46.
16. Қазақ бақсы – балгерлері. Алматы. Ана тілі., 1993. 224б.
17. Сыздықова Г.М. Ислам және оның Қазақстандағы даму ерекшеліктері.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.