Махамбеттің «Қара нарға» артқан жүгіне қазіргі уақытта мен өз тарапымнан қандай міндеттерді жүктер едім?
14.06.2018 0 11 269
Жансерік СЕРИКБАЙ
11-сынып оқушысы Республикалық ғылыми жобалар сайысының жеңімпазы;
Республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» атты мектеп оқушылары арасындағы ақындар айтысының,
Республикалық «Ақберен» сайысының жүлдегері
Махамбет пен Исатай – қазақтың ержүрек басшы батырлары, адал достықтың символы, қазіргі жігіттерге өр кеуде мен биік рухтың керемет үлгісі. Махамбет әрі ақын, әрі батыр, бір сөзбен айтқанда, заманының озық туған азаматы, қазақ халқының маңдайына біткен бағы. Ендеше, Махамбет «Қара нарға» өлеңінде қара нарға қандай жүк артады?
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға.
Қас түлектен туған қатепті,
Қара нар керек біздің бұл іске, — деп жырлаған өр ақын, елдің келешегіне, ұрпақтың бақытына қатты алаңдады. «Қас түлектен туған…» деп Махамбет сыңар өркешті аруанадан туған қара нарды меңзеп отыр. Демек, сөзінің төркіні ел жүгін арқалайтын азаматтың текті, намысты болуында жатыр. Осындай «қара нар» секілді елдің бар ауыртпалығын мойнына көтеріп, жауапкершілікті алған ерлердің арқасында бүгінгі тәуелсіз өмірге қадам бастық.
Ал бүгінгі күннің «қара нары» не көтермек? Мен оған қандай міндеттемелер жүктер едім? Осынау қаншама жылдық Ресей патшалығының бодандығынан әупіремдеп жүріп босанып, кеше ғана тәуелсіздігін тойлаған жас мемлекетіміз үшін менің «қара нарға» артатын міндеттемелерім аз емес. Менің ойыма бірден сап ете түсетін үш нәрсе бар. Біріншісі Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз айтқан «шыр етіп дүниеге келген сәтімізден» анамыздың ақ сүтімен, атамыздың қанымен бойымызға дарыған туған тіліміздің шұбарлануы. Екіншісі – қызды қырық үйден тиып, ер балаларымыздың арқасын қағып өсірген ата дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың құлдырауы. Үшіншісі – ұлттық санамыз бен мінез-құлқымыздың өзгеруі. Осы айтылған нәрселерді еліміздің дәл қазіргідей өтпелі кезеңінде «толарсақтан саз кешсе де, тоқтамай тартып шығаратын» қара нарға мұқтажбыз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.