ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ КІТАПТАРЫ ҚАНДАЙ ХАЛДЕ?
25.04.2015 0 5 399
Мөлдір ТӨЛЕБАЙ
Бүгінгі қазақ кітап басу ісі – заманауи технологияны қолдана бастады. Біз мұны оқырман талғамына сай – талап пен сапаға деген жауапкершіліктің биік деңгейге көтеріле бастағаны деп білдік. Алайда, баспаханалар кітап басу ісінің бұл даму үдерісінде – жеке пайданы «төрге» оздырды. Кітап атаулы сынға ілікпей, мемлекеттік комиссияның сүзгісінен де сүрінбей өтіп баспадан шығып жатыр. Ой оғаштығы мен мағынасыз мәтіндерді былай қойғанда, әріп қатеcінен көз жаңылдыратын қазақ тіліндегі кітаптар сатылымда жүр. Тіпті, осындай орашолақ дүниеге пікір жазып, «батасын берген» доктор, академик, жазушылардың атағынан «ат үркеді». Бұл осы күнгі үш кітаптың бірінен табылатын дағдылы кемдік.
Білікті мамандар бұл кемшілікті – нарықтық қоғамның заңы, зары деп қысқа тұжырымдады. Алайда, тәуелсіз Қазақстанның баспа ісі – 22 жылда өркендеу мен өзекті мәселелері қатар өрілген салаға айналды. Кітап басу ісіне дизайн көркемдігі, технологиялық жаңарудың екпіні келіп жетсе де – кітап сыны кері шегіне бастады. Қазақ баспа ісінің қалыптасуы мен дамуы ХІХ-ХХ ғасырдан бастау алады. Ол кезеңде Алаш қайраткерлері баспа ісін – ұлттық сананы қалыптастыру, халықты ағарту, әдебиетті өркендетудің өзегі, қайнар бұлағы деп есептеді. Сол үшін, Алаш Орда көсемі Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, тағы басқа ұлт зиялылары кітап шығарушыларға жиі қалам тартып, сын жазды. Ондағы өзекті мәселелерді терең қаузап, кітап басу ісін сапалы әрі жүйелі арнаға түсіруді мақсат етті. Қазақ баспасөзіндегі кітап сынын қалыптастыруда «Қазақ», Айқап», «Еңбекші қазақ» газеттері елеулі үлес қосты. Аталған басылымдардың ХХ ғасыр басындағы жарияланымдарынан қазақ тілінде шыққан кітаптар жайлы сыни мақалаларды көптеп кездестіруге болады. Ал, бүгінде қазақ кітаптарына жазылған сын жоқтың қасы. Сондықтан, сыңаржақты, сындық сипаты жоқ, мақала жазудан шаршамайтын қаламгерлерді жөнге салып, әдеби сынды қайта жандандыруды қолға алу керек.
Кітап сыны кенжелеп, рухани биігінен аласарған саланың бірі балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті – жас қаламгердің жоқтығы, жаңа шығарманың жазылмауы, бар еңбектердің таралымы аз болып, тынысының тарылуы сынды қаз-қатар мәселелерге толып тұр. Бұл күрмеуі шешілмей отырған түйін рухани жады әлсіз, кітапқа құлқы жоқ, ой-санасы компьютерлік ойындарға уланған, ұлттың төл мәдениетіне, тарихына салғырт қарайтын бір буын ұрпақты «тәрбиелеуді» бастап кетті. Мәселен, біздің мемлекеттік тапсырыспен немесе жекелей қаржыландырумен жарық көрген балаларға арналған шығармалардың таралымы 2-3 мың данадан асқан емес. Сонда, кітап жетпеген кітапханалар мен мектептер, т.б. оқу орындары аз таралыммен шыққан кітаптардың көшірмесін жасап пайдалана ма? Электронды кітапханамыздың жайы да белгілі. Шалғай ауылдағы қазақ баласы – қандай шығармаларды оқып жатыр? Бұдан бөлек, балдырғандар әлеміне тың туындылардың келіп қосылып жатқаны да шамалы. Көбіне баспагерлер ескі кітаптарды сан мәрте қайталап басып келе жатыр. Ал, бұл ұрпақтың рухани шөлін қандыра ала ма?
Автор мен еңбектің аздығы оқырман талғамын да өзгертті. Отандық кітап нарығы салмақты әдебиеттен сырт айналып, жеңіл-желпі полиграфиялық өнімдерге ауысып кетті. Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті мақсат еткен баспа мен баспагер көп. Алайда, олардың қолына қолжазбасын беріп жатқан қарымды, қалталы қаламгер де, әдебиетке түрен салатын, тың жаңалық болатын туынды да кездесіп жатқан жоқ. Мұндай келеңсіздіктің себебін кімнен көруге болады? Бұл жайтты жазушыдан сұрай қалсаңыз, «әлеуметтік жағдайдың кесірінен қаламым тосылды, ойым бөгелді» дейтіні анық.
Мәселен, шетелдерде балалар әдебиеті мемлекеттік салықтан босатылғалы қашан. Ал, Қазақстанда қысыр бие сауғандай әрбір еңбекке 12 пайыз көлемінде салық салынады. Ал, баспагерге «мардымсыз қаламақыны көбейтіп, шығармашылық топқа қолдау көрсет» десеңіз, толып жатқан мемлекеттік салықтың, нарықтық қоғамның қымбатшылығын айтып азар да-безер болады. Ендігі сөзді мемлекетке бұрып көрелік, үкімет кез-келген қолдауды тендерлік жүйе арқылы жүзеге асыратын болды. Мұндағы қаржылық қолдаудың көлемі де шамалы. Оның өзінде жазылып біткен, баспаға берілетін әдеби еңбектерге, ғылыми жинақтарға ғана бөледі. Оның өзі тек саны шекті, идеялық мазмұны белгілі көлемде шектелген мемлекеттік тапсырыс аясынан аспайды. Ал, жоспарлы түрде шығармашылық қолдауды іске асырудың жүйесі де сын көтермейді. «Кітап сыны» деген ұғым бүгінде әдеби шығарма төңірегінде шектеліп отыр. Содан болар, біз жоғарыда айтқанымыздай ғылыми еңбектердің сапасы сын көтермейтін халге жетті. Бұл сала тіптен, бұрын-соңды сын айтылмаған, жазылмаған, сыннан сырт салаға айналып кеткендей. Біз айтқан ой оғаштығы, әріп қатесі көп кездесетін, тәржімасы тура мағына бере алмайтын кітаптар оқулықтар арасында жиі кездеседі. Ал, мұндай олқылықтың орын алуы орынсыз дүние. Себебі, ғылыми оқу құралы негізінде шыққан кітаптарды сынап, кемшілігі мен артықшылығын айту – ХХ ғасыр басындағы Алаш баспасөзінде жазылып, дәстүрі қалыптасқан еді. Бірақ, соңғы уақытта желісі үзіліп қалды ма деген қауіп бар.
Мәселен, бүгінде кітап палатасына бір жылда бес-алты мың кітап аталымы тіркеледі екен. Бірақ, бұл жаңалық оқырманға жетпейді. Ақпарат құралдары тек тұсаукесер рәсімдерінен ғана ақпараттық мағлұмат беруге дағдыланған, кітаптың ішін ашып, мазмұны мен мән-мағынасына тоқталуды жөн көрмейді. Бұл жағдай өз кезегінде оқырмандар қатарын сиретіп, кітапқа құштарлықтарын жойды. Осы келеңсіздік халықты өркениет көшінен қалдыратыны даусыз мәселе.
Бұл кемшілікті біз бүгінде тендерлік жүйе арқылы қайталап отырмыз. Бір қызығы, осы ғасыр бұрын көтерілген мәселенің түйінін бүгінгі тәуелсіз Қазақстан баспалары да тарқата алмады. Кітап шығарушылар «керексіз оқулық» пен «басы артық басылымдарға» шырмалып жатыр. Мәселен, Алматыдағы кітап дүкендеріне бара қалсаңыз сатылымдағы кітаптардың басым көпшілігі орыс тіліндегі Ресей баспагерлері шығарған еңбектер екенін көресіз. Ал, шетелден келетін газет-журналдарды айтпай-ақ қоялық…
Статистикалық мәлімет бойынша елімізде кітапқа құмар адамдардың саны 17-ақ пайызды құрайды. Оның басым көпшілігін зейнеткерлер мен оқу орындарының студенттері құрайды. Ал, әр адамның жарты жылда сатып алатын кітабы орта есеппен 3,7 пайыздан аспайды екен. Неге? Осы ретте жалпы жұртшылықтан қазіргі қазақ кітаптарына көңіліңіз тола ма, кітап оқисыз ба деген сауал да қойып көрдік. Өкініштісі сол, олардың басым көпшілігі кітапқа қол соза бермейтінін айтады. Алайда, оның да бірнеше әрі орынды себептері бар. Қандай? Уақыт өткен сайын заманауи техника түрлері де дамып, электронды оқу құралдарына да қол жеткіздік. Соның нәтижесінде кітаптарды электронды нұсқада немесе ғаламтор беттерінен қысқаша анықтамаларды оқуға әуестік басым. Онымен қоса, жастар кітап оқудан гөрі теледидар, радио, байланыс құралдары мен әлеуметтік желілерді қолдану5а құмар. Ал, ғаламтор әлемінен тыс жандар кітап дүкендеріне бас сұғатынын айтады. Бірақ, барған күннің өзінде қазақ кітаптарын таба алмайтын көрінеді. Енді бірінің қазіргі кітаптарға, авторларға, шығармаға көңілі толмайды, қала берді қымбатшылық. Осының бәрі жинала келе оқырман мен кітап арасын алыстататыны даусыз. Ал, осы аталған мәселелер мен баспа ісінің бүгінгі жай-күйі, жетістігі мен кемшілігі, жалпы, кітаптың баспа бетінен жарық көргеннен бастап оқырман қолына тигенге дейінгі аралықтағы жұмыс үдерісі жайлы арнайы мамандар не дейді?
Темірғали Көпбаев, «Қазығұрт» баспасының директоры:
– Баспахана мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанда полиграфия саласы әлі жүйелі жолға түскен жоқ. Себебі, бізде соңғы жылдарға дейін полиграфист-маман дайындайтын жоғары оқу орындары болған жоқ. Тек Мәскеуден, Санкт-Петербордан оқып келген мамандар еңбек етіп жүр. Өз мамандарымыз жеткіліксіз. Және баспагер, полиграфист, редактор дайындайтын оқу орындары саусақпен санарлық. Сондықтан біздің баспа ісі, полиграфия саласы, Ресеймен, Қытаймен салыстыруға келмейді. Оларда кітаптар әрі арзан, әрі сапалы. Бізде сапасы төмен, бірақ бағасы қымбат. Оның басты себебі, бізде қағаз комбинаттары жоқ, қағаз өндіріп шығармаймыз. Қағазды шетелден сатып аламыз. Ол бізге жеткенше үш-төрт есе қымбаттап кетеді. Қағаз қымбат болған соң кітап та қымбат. Ол аз болса, кітапты саудаға ұсынған кітап нүктелері түк істемей отырып, 35 пайыз үстеме баға қосады. Сөйтіп, оқырманға жеткенше баға шарықтап кетеді. Сондықтан ең әуелі елде қағаз өндіру ісін жолға қою керек. Кітап шығару ісіне қолданылатын полиграфиялық жабдықтар сақадай-сай болса, құрама бөлшектері өз елімізде шықса, кітап сапасы жақсарып, бағасы төмендер еді.
Әлия Бөпежанова, сыншы:
– Кітап неге оқылмайды? Кітапты тауар десек, оның маркетингтік, тарату және жарнамалық жұмыстары жүргізілуі керек. Бізде кітап шығару ісі мұндай жолға қойылмаған. Сондықтан кітап шығарудың мемлекеттік концепциясын өзгерту керек. Кітаптың көркемделуі, безендірілуі бұл да үлкен мәселе. Кітап оқырманға жетпейді. Қай кітап қалай шығып жатқаны зерттелмейді, маркетинг өз деңгейінде жүргізілмейді. Мәселен, баспа тұрақты зерттеу жасап отыруы қажет. Арнайы қызметкерлер, арнайы агенттіктер жұмыс істеуі керек. Өнім жақсы болуы үшін көп мамандар қажет. Қысқасы, кітап саудасына мол инвестиция салу қажет. Яғни интеллектуалдық және қаржылық капитал болуы тиіс. Интеллектуалдық капитал қашан болады, яғни қаржылық капитал болғанда. Бұл – үлкен механизм. Сондықтан кітап шығарудағы мемлекеттік саясатты түбегейлі өзгерту керек .
Бауыржан Жақып, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас директоры:
– Қазір баспа саласы, кітап басу ісі дамып, баспалардың саны ғана емес, сапасы да артып келеді. Бірақ кітапқа қойылар талап толық сақталмай отыр. Бұрын әрбір кітап екшеуден өтіп, кіші редактор, аға редактор, бас редактор, одан кейін директор тексеретін. Қазір нарық заңдылығына байланысты баспалар шағын ұжымдарға айналды. Кітап шығаруға ұмтылған жекеменшік баспалар, жеке адамдар көбейді. Соның салдарынан біздің атымызға кір келіп жатады.
Кітап сыны жоқтың қасы. Көбіне жаңа шыққан кітаптарды мақтау, мадақтау басым. Кемшіліктері айтылмайды. Яғни кітап сыны өз деңгейінде емес. Ал оның полиграфиялық безендірілуі, дизайны туралы сын айту мүлдем жоқ. Себебі, ондай мамандар бізде өте сирек. Дәл қазір дизайн, полиграфия саласын меңгерген мамандар баспа ісіне ауадай қажет. Бұрын газет беттерінде «Кітап сыны» деген арнайы айдарлар болатын. Шыққан кітаптардың жақсы-жаманын көрсетіп отыратын. Қазір «Кітап жаршысы» деген қазақ тілінде айына бір рет шығатын газет бар. Онда қай кезде, қандай баспадан, қандай кітаптар шыққаны жөнінде жарнамалық деректер ғана беріледі. Осыдан басқа насихат аз. Ал Ресейде кітапты тақырыптық жағынан да, мазмұны жөнінде де жарнамалау, тарату мәселесі бір жолға қойылған. Кітаптардың кемшіл тұстары да ашық көрсетіліп жатады.
Бізге қазақ теледидарында, Қазақ радиосында, қазақ баспасөзінде осы кітап сынын жолға қою керек. Жалпы, қазір кітапқа деген көзқарас өзгерді. Соңғы кезде бар назар Интернетке ауды. Мәселен, жастар кітаптан емес, Интернеттен бір шығарманың электронды қысқаша түсініктемесін оқи салуы мүмкін. Ал біз әлемдік әдебиет жауһарларын кітап күйінде оқып сіңірдік. Одан біз ұтылдық деп ойламаймын. Біздің толқынның рухани байлығы сол. Қысқасы, кітап сыны, әсіресе, әдеби сын болуы керек. Әдеби сын оқырман талғамын өсіріп, қаламгерлерді сұрыптаса, кітап сыны баспагерлердің сапалы кітап шығаруына ықпал етер еді.
Асқар Алтай, жазушы:
– Қазір кез келген адам кітап шығаратын болды. Ал кеңес заманында цензура бар еді. Кітапты белгілі бір сыни көзқараспен қарап, іріктейтін. Кез келген адамның жазғанын шығара бермейтін. Қазір демократиялық қоғам. Мұның да өз кемшілігі мен артықшылығы бар. Өкінішке қарай, жазушылыққа еш қатысы жоқ біреулер кітап шығарып жатыр. Бұл – оқырманның талғамын бұзады. Мұның алдын алу үшін баспа басшылары мен редакторлары сауатты әрі талапшыл болуы керек.
Көркем әдебиетке келетін болсақ, бізге бүгінгі күннің проблемасын көсемсөздік тұрғыдан емес, көркемдік тұрғыдан жаңа формада жеткізе алатын, терең философиялық ойларға толы кітаптар керек. Өкінішке қарай, ондай әдебиеттер аз. Ал барын талдап-таразылайтын әдеби сын жоқ. Сынға келген жас буын жоқ. Соның кесірінен «шөп те өлең, шөңге де өлең» болып, кез келген дүниені көркем шығарма деп қабылдау басымдыққа айналып кетті.
Кәдірбек Құныпияұлы, «Ан-Арыс» баспа-сының директоры:
– Қазір кітаптың сапасы, басылуы осыдан он-жиырма жыл бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Өйткені, қағаздың, кітап басатын техникалардың сапасы артты. Бәрі компьютерленді. Кітапты басу, өңдеу, оқырман қолына әдемі тауар ретінде жеткізу жақсарды.
Ал кемшілігіне келсек, әр баспа қаржысын үнемдеу үшін көп адам алмауға тырысады. Мәселен, корректор алмай тек редактор ғана алады. Ол корректордың, әрі редактордың жұмысын атқарады. Осыдан келіп кітап сапасы төмендейді. Себебі, корректор қолжазбаны оқығанда мазмұнына емес, грамматикалық қателері мен пунктуациялық қателерге назар аударуы қажет. Ал редактор мазмұнына назар аударады, автормен келіспейтін тұстары болса, бірігіп ретке келтіреді. Содан кейін аға редактордың қолына тиеді. Осылай үш рет оқылымнан өтпеген соң қате міндетті түрде кетеді. Сол күйі оқырман қолына тиіп, оларды адастырады. Ендігі бір мәселе – жастардың кітап оқымауы. Барлығы интернет қарайды, компьютермен жұмыс істейді. Тіпті, енді бес-он жылда электронды кітаптар баспа кітаптарын ығыстырып шығарады деген пікір бар. Бұл мүлде негізсіз, бос әңгіме. Еш уақытта электронды дүние тасқа басылған рухани әлемді ығыстырып шығара алмайды. Компьютер басқа жастанып, бетін қайырып қойып оқитын кітап емес қой. Сондықтан ол еш уақытта кітапты алмастыра алмайды.
Мадина Омарова, жазушы:
– Қазіргі кітаптардың сапасы өте төмен. Сауатты адамға қазіргі кейбір кітаптарды оқу өте қиын. Оның мазмұнына, оның тереңіне үңіліп, түбіне еніп кетудің орнына көз сүрінген қателерді көріп, ол кітапты оқуға деген ықылас жойылады. Ал көптеген жеке баспалар бұған мән бермейді. Грамматикасы, орфографиясы автордың өз еншісінде қалады. Біздің қазіргі кітап шығару ісінде осындай үлкен олқылықтар орын алып жатыр.
Дәрмен Смайыл, «Баспа ісі және БАҚ дизайны» кафедрасының мұғалімі:
Кітаптың жалпы сынына келетін болсақ, сын тек мазмұнды ғана емес, кітапқа қойылатын барлық талаптарды қамтуы тиіс. Мәселен, кітаптың мұқабасы, ішкі-сыртқы сапасы, халықаралық стандарттарға сәйкестігі, безендірілуі, қателері, бәрі-бәрі назарда болуы шарт.
Баспа ісін дамытуда біз жаңа мамандықтардың қыр-сырына үңіле алмай отырмыз. Өйткені, қазір баспаларда екі-үш-ақ адам жұмыс істейді. Біз баспа ісін, кітап дизайнын дамытамыз десек, бұған дейін болған үш редактор: әдеби редактор, көркемдеуші және техникалық редакторларды қайта орнына келтіруіміз керек. Кітап жарнамасын арттыру үшін маркетинг саясаты мен менеджмент саясатын жүргізетін мамандар аса қажет. Олар қоғам талап еткен сұранысты зерттеумен айналысады. Яғни кітапқа тауар ретінде қарау керек. Өйткені, ол рухани азық қана емес, кәдімгі тауар. Сондықтан баспа ісіне бизнес көзі ретінде қарау қажет, сонда ғана біз нарыққа бейімделеміз. Ол үшін бізде пиар технологтар, маркетинг саясатын жүргізетіндер, менеджмент мамандар аса қажет.
Кеңес өкіметі кезінде елімізде 1500 кітап дүкені жұмыс істеген екен. Қазір аудан орталықтарында бір кітап дүкені жоқ. Ал, негізінде, 10 мың тұрғынға бір кітап дүкені болуы керек. Мемлекеттік тапсырыс бойынша шығатын кітаптардың таралымы 2000 данадан аспайды. Ол еліміздегі жоғары оқу орындары мен кітапханаларға тегін таратылып, қалғаны баспа сөрелерінде қалады. Кітап дүкендеріне жетпейді. Яғни, баспалар кітап шығарумен айналысқанмен, кітап таратумен айналыспайды. Қазір Алматыда кітап сатумен «Книготорг» фирмасы ЖШС-ның Алматы филиалы, «Джагамбек и С» ЖШС, «Алматыкітап» ЖШС, «Атамұра-Мир кітаптар» фирмасы, «Эврика» фирмасы айналысады. Бары осы. Өкінішке қарай, «Алматыкітап» та, «Атамұра» да тек өз өнімдері үшін ғана жұмыс істейді. Оның үстіне жоғарыда аталған фирмалардың Алматы мен Астанадан басқа жерде кітап дүкендері де жоқ. Тек «Атамұра» баспасының ғана барлық облыс орталықтарында кітап дүкендері бар. Онда да, негізінен, тек өз өнімдерін сатады. Есесіне Алматыда Ресей баспаларының өнімдерін саудалайтын 43 кітап дүкені бар екен. «Гулянда», «Меломан» сынды кітап үйлері қазақ кітаптарын қоюдан қашқақтайды. Қойған күнде де белгісіздеу бір бұрышқа қоя салады.
Осындай олқылықтарды қалпына келтіру мақсатында 2013 жылдың 23-ші қарашасында Алматы қаласында өткен «Халық өкілдерінің құрылтайы» Қазақ Ұлттық Кеңесін құрып, ел билігіне бірнеше талап қойған болатын. Соның ішінде қазіргі кітап саласына қатысты айтылған талапты келтіре кетсек:
«Елімізде қазақ тілінде 500-ге жуық, ал орыс тілінде 2 жарым мыңға тақау газет-журнал жарық көреді екен. Егер тек Шымкент қаласынан өз ана тілімізде 300 газет-журнал шығатынын ескерсек, қалған 200 басылым бүкіл республикаға тиесілі. Әрине, бұл мақтанарлық жағдай емес. Ең күрделі мәселе мынада: Ресей мемлекетінен Қазақстанға 5500-ге жуық газет-журнал келіп тарайды. Кез келген дүңгіршекке барыңыз, қазақ басылымдары орыс баспасөзінің көлеңкесінде қалған. Тіпті, дүңгіршек иелерінің көпшілігі белгілі қазақ басылымдарының атын да атай алмайды. Енді республикамыздың қалаларындағы барлық кітап дүкендерінде 90, 95, 100 пайызға дейін тек Ресей баспалары өнімдерінің сатылуы, сондай-ақ Ресейдің 50-60 телеарнасының кабельдік жүйе арқылы әрбір үйде күндіз-түні көрсетілуі қазақ зиялыларын «біз осы Қазақстанда тұрамыз ба, жоқ әлде Ресей Федерациясының құрамына еніп кеттік пе?» деген ойға тартады. Сондықтан, Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін сақтау және еліміздің ұлттық мүддесін қорғау үшін Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы туралы ұлттық бағдарламасы қабылданып, шұғыл түрде жүзеге асырылсын.
Кітап сыны – тарихи тамыры терең, сара жолы бар сала екені айқын. Сондықтан, ХХІ ғасырда нарықтық қоғамды сылтауратып, кітап мәселесінен сырт айналуға хақымыз жоқ. Шетелдік алпауыт баспагерлердің жұмыс тәжірибесін қолдануға тиіспіз. Сол үшін, тәжірибелі қаламгерлер, сөзі сынадай сыншы, ғалым-зерттеушілеріміздің кітап сынын қайтадан қарқынды қолға алатын кезі жетті. Бұл тұрғыдан қоғамдық ұйымдар, үкіметтік мекемелер тиісті деңгейде қаржылық қолдау көрсетуі керек. Яғни, сыни мақала, еңбектерге қаламақы мөлшерлемесін көтеру, оқырманға сапалы кітап ұсыну, кітап дүкендерінде қазақ кітаптарының сатылуы сынды қоғамдық мәселелерді мықтап қолдар уақыт келді. Пайдалы кітаптарды қазақ тілінде көптеп шығару, бұл – жас мемлекетіміздің рухани өсуі мен білімді азаматтар қатарын көбейтуге басқа баламасы жоқ төте жол.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.