Көкжалдың көз жасы
25.04.2015 0 3 158
Мінуар Әкімханов
1943 жылы туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Тұңғыш», «Шалқия», «Жалғыз арша», «Айғайтас», «Қош келдің, қоңыр күз», «Шалкөде», «Нарынқол нақыштары», «Кеусен» жыр жинақтарының авторы. Алматы облысындағы Райымбек ауданының Құрметті азаматы.
Қалған киім секілді емес бұл кірлеп,
Сырлы сөздер кеудемде тұр күмбірлеп.
Есіме алып өткен жылдар елесін,
Баяндайын байыппенен бір-бірлеп.
Танып білген аты-жөнін барша елі,
Нағашы атам атақты бір аңшы еді.
Көңілі түсіп әңгімеге берілсе,
Тарқайтындай көрінетін жан-шері.
Жүрген соң ба, ойымды атам нық танып,
Көрген емен, назарынан сырт қалып.
Қарлы қыста барғанымда үйіне,
Баласынбай мені де аңға шықты алып.
Жайлы қоныс болған елге көк төрі,
Есімде әлі орманды тау бөктері.
Қарға түскен ізге қарап: – деді атам –
Осы арадан өтіпті ғой көкбөрі.
Қасат қарды қақыратып, тік басып,
Ізге түсіп алға аттадық жұптасып.
Аңға деген аңсарымыз аршындап,
Кеттік талай шатқалдарды тіпті асып.
Ізін тастап бөрі ілгері озғандай,
Сен осында отыра тұр қозғалмай –
деді де, атам мені қырға қалдырды ,
Оған қарсы айта аламын сөз қандай?
Тоңдырды аяз отырғам жоқ, мен жырғап,
Бара жатыр денем суып, тер құрғап.
Құтырынған құйын соғып, сол сәтте,
Қойыныма тықты қарды жел бір қап.
Тұрған орным болса да орман түпкірі,
Естілмейді құс біткеннің тіпті үні.
Мен ішімнен, – деп қоямын атамның,
Атқан аңы кеткен емес, түк тірі.
Өн бойыма қалса жылы жетпей дем,
Үсік шалып,бұзылады-ау бет-бейнем, –
Деп ойлаған сәтімде осы гүрс етті,
Мылтық даусы қарсыдағы беткейден.
Аңшы атамның үні естіліп жуықтан,
Дем де арылды бүкіл денем суықтан.
Қасына оның келсем жетіп бөрі өліп,
Жатыр екен қардың бетін жуып қан.
Отырғанда тізелерім бүгіліп,
Бетіме атам қарады да үңіліп,
Құлағың сал әңгіме айтам қарағым, –
Кетпе – деді естігенде түңіліп.
Қойшы ауылдың қорасына көп кіріп,
Жүрді қанша малды қанға бөктіріп.
Тірсектерін қиып талай түйенің,
Кеткен, – деді көкжал қарға шөктіріп.
Шопан ұлы үй маңында жүрсе ойнап,
Көкжал кеткен оң жақ қолын бір шайнап.
Қапелімде қайғы шексе адамдар,
Қасірет қой, мәнін терең білші ойлап.
Адамдардың қарғысы өзін жүз ұрған,
Көкжал, – деді ниеті ерте бұзылған.
Денесіне ойда жоқта оқ дарып,
Жапты міне тұла бойын қызыл қан.
Бет қарыған суығына қыстың тас,
Қайратты бір кезім еді пысқырмас,
Есімде әлі оққа ұшқан көкжалдың,
Көздерінен қарға тамды ыстық жас
Оғым тиіп, дәл түбінен құлақтың
Балам міне, көкжалды атып құлаттым, –
Деді дағы атам барып отырды,
Жиегіне мұз құрсанған бұлақтың…
Жатқан мынау қар үстіне қан бүркіп,
Көкбөріден тұрған мені қатты үркіп.
Іштей аяп кетті ме атам сол сәтте,
Ойын түгел ақтармады, қалды іркіп.
* * *
Болғаным жоқ, алымды да, шалымды,
Аяқтарым тасқа талай шалынды.
Сәл ағаттық жасай қалсам жақтырмай,
Кейбір мықты қағып алды «шаңымды».
Оған бола омақасып ықпадым,
Қолға ұстаған арман туын жықпадым.
Әлдекімдер әлсіз санап жүрсе де,
Өзімді-өзім іштей шыңдап, мықтадым.
Міне осылай алға аттадым, тынбадым,
Жан қуантар жақсы әуенді тыңдадым.
Қалт еткенде жаза қалсам бір өлең,
Сөзім өткір, болсын дедім тіл батым.
Жүрме оқушы мықты ақынға жорып бір,
Олқы болса ойларымды толықтыр.
Жер тануға сапар шексем алысқа,
Деймін іштей жақсылыққа жолықтыр.
Бөлген жоқпын, мына туған ірге елден,
Пенде емеспін, жан дүниесі кірленген.
Сырды бүкпей айтам жұртқа қашанда,
Бұл көңілім қалар ертең кімдерден?
Іздей берем
Емес ем, бұрын кімсің сезіп білген,
Тағдыр-ай сені кештеу кезіктірген.
Жалт етіп қарағанда от жанарың,
Кетті ғой жүрегімді езіп бірден.
Мөлдіреп таңғы шықтай көзінде нұр,
Тұратын жан екенсің өзің де бір.
Сәл сәтке тілдесейін дегенімде,
Жан-жаққа жамырады сөзім небір.
Көп кіші болғанымен жасың мүлдем,
Демеймін, бағаңды өрге асыр бірден.
Көркіңмен көкірегіме орнап қалшы,
Айнымай жайлауда өскен жасыл гүлден.
Сөз деме, айта салған жағынып бір,
Көзіңнен кісілігің танылып тұр.
Ойыңды жұмбақ сөйлеп, жұта салмай,
Не сыр бар жүрегіңде айтып ұқтыр?!
Жаратқан тәңір сені ажарлы етіп,
Кеудеме осы көркің қалар бекіп.
Жырымды жыртып тастап, сәл ұмытсаң,
Сеземін қалатынын бағам кетіп.
Кездейсоқ кеткен іздей жаңбыр жуып,
Қолымнан алса сені тағдыр жұлып.
Су кешіп, дала кезіп, іздей берем,
Біткенше соңғы демім жалғыз жүріп.
* * *
Тал-терек өсірмедім сені бағып,
Қаусатты қара күздің желі қағып.
Бұлақтың екпіні де басылыпты,
Жататын арнасында желіп-ағып.
Жиылып болмай дәннің бар піскені,
Бұл несі, қоңыр күзде қар түскені.
Қарашы көп жуылған шүберектей,
Бозарды ағаштардың тал-түсте өңі.
Жусанын жұла қашып желі күздің,
Әжімін тереңдетті жеріміздің.
Талпынып тауға өрлесек самайдағы,
Белгілі мұз болары теріміздің.
Толтырған мөлдір суға шұңқыр сайды,
Өзеннің бетін ертең мұз құрсайды.
Қар түкірген жаңбырдың беталысы,
Алдағы арқыраған қысқа ұқсайды.
Ойқастап, көрсетті әне бұлт елесін,
Қалайша ол көктің жүзін бітемесін?
Сұрланып суық боран қыр кезіп жүр,
Жоғалтып алған жандай бірдемесін.
* * *
Жалт етіп, көз алдымнан өтсең кей күн,
Жан еркем, тағы қайта көрсем деймін.
Талабым талай мәрте ұшты желге,
Соңғы үміт ақтала ма, көп сенбеймін?!
Есімде көзді арбаған сұлу тұлғаң,
Жандай ем, бақытына шын ұмтылған.
Қолыңа жыр боп тиген жасырмаймын,
Кеудеме өзің жайлы сырым тұнған.
Қалып па ең сен де мені сүйіп шын-ақ,
Тұратын көздеріңнен түсіп шуақ.
Сол күндер көрген түс боп, жыл құсындай,
Аяулым кеткенің бе, ұшып жырақ?
Ажырап алыстады бұл күнде ірге,
Азайды өзіңді ойлап күлкім мүлде.
Көкірек көк тұманнан айығар-ау,
Алдымнан шыға келсең шіркін бірде!
Көнермей тұрған
Кездестік жаным кешінде суық сұр күздің,
Есімде сонда ерніңнен ептеп сүйгіздің.
Тұрсақ та қанша теректің түбін паналап,
Айтылмай қалды іштегі біраз сыр біздің.
Өзіңді іздеп шарладым талай сол қырды,
Көрсетті келіп бейтаныс бірде жол құрбы.
Өшкен жоқ мүлдем көз алдымда баяғы,
Төгілген мөрдей қара шаштарың толқынды.
Ойға алсам қазір қашықтап кеткен сұр күзді,
Суытпапты ғой,айтылмай қалған сыр бізді.
Көнермей тұрған көңілім деп ұғарсың,
Өзіңе арнап жазылған мынау жырды ізгі.
Наурызға наз
Дос болсаң игілікті іс бастаған
Алдымнан аш Наурыз із баспаған.
Мінеки, қол алыстық сен келгенде,
Сеземін қосыларын бір жас маған.
Көп күткен мейманымдай асыл дара,
Төрге оздың есігімді ашып жаңа.
Ақ жүзің албырап тұр, менде өзіңдей,
Жас едім күні кеше шашым қара.
Бар шығар бізге әкелген құптар ісің,
Арала аймағымды жұрт танысын.
Бастауы бақытымның өзің болып,
Ізіңе басып өткен құт дарысын.
Сыйлағың келсе егерде жарқын ғұмыр,
Нұрыңа шомылдыршы халқымды бір.
Осынау кең далаға сені еске алар,
Ескірмес орнатайық алтын тұғыр.
Өзіңдей кез-келгенде жылға құтты,
Айқындап алайықшы шын бағытты.
Мейлінше мейіріңе тойынған соң,
Қандырам қалауынша жырға жұртты.
Бойыма ұялатып серпін-жігер,
Наурыз әңгімеңді шертіп жібер.
Аймақты аралауға аттанарда,
Сен маған ел қатарлы еншімді бер.
Айғайтас
Жасырып кешегі ізін қанды айқастың,
Қапталын қар басады «Айғайтастың».
Жеткенде ашаршылық зобалаңы,
Көп қазақ бас сауғалап шалғайға астың.
Ой-қырын араласам «Айғайтастың»,
Көнерген көрем ізін қанды айқастың.
Кім білсін тобылғылы шатқалдарда,
Жатқанын қаңсып қазір қандай бастың.
Баурыңнан бастау алған Сүмбе өзені,
Санайды сені биік қыр көсемі.
Суынан сол өзеннің сезіледі,
Аштықтың ащы дәмі, сүр кезеңі.
Шаруалар баурайыңды қоныс қылды,
Дүниеге келген еді көп іс құнды.
Аштықтың салдарынан шекара асқан,
Қазақты қаруланған орыс қырды.
«Банды» деп басын кескен «кеңес» тақыр,
Кім сірә Мергенбайды демес батыр?
Тарихтың қойнауына сіңіп кеткен,
Көп сырды толқынға орап Текес жатыр.
Демегін керегі не маған мұның?
Қашан да арзандатпас бағаңды ұлың,
Байқаймын басқан ізін Мергенбайдың,
Өзенін өрлей қалсам Қабандының.
Өжеттік өн бойына жақсы дарып,
Жататын атқан оғы тасты жарып.
Қызылдың қысымынан сол Мергенбай,
Қытайдың топырағын басты барып.
Кешегі қызылдардың заң кесімі,
Тимеді бұл қазаққа қай кесірі?
Бостандық жолында өлген Мергенбайдың,
Халықтың көкейінде қалды есімі.
Шәлкөде
Сөзіммен бет-бедерін салам жердің
Дедім де бүгін міне саған келдім.
Жарқ етіп алдан шыққан Шәлкөдеден,
Жұпарын жұтайыншы самал желдің.
Жерімсің аттың басын қалап бұрған,
Сәлем ал, өзіңде өскен талапты ұлдан.
Есен бе, еңселі тау Айғайтасым,
Қасқайып қарсы алдым да қарап тұрған!
Тереңде тарихым бар, түсін батыр.
Дегендей Шәкірамбал тұсыңда тұр.
Ол жәйлі көп естіген сырлы әңгіме,
Жыр болып ақ қағазға түсіп жатыр.
Өзіңсің ата-қоныс, көне аймағым,
Іске асты сенде жүріп көп ойдағым,
Естігем ескі көзден өзеніңе,
Райымбек суарыпты «Көкойнағын».
Тарихын бұл аймақтың көп біліп қал,
Алдымен үлкендерден тектілікті ал, –
Дегені әкеміздің есімде жүр,
Өсірген жәй кісі еді төрт түлік мал.
Тұзкөлдің қабылдауға бір кез емін,
Байпақтың басып өтем қыр кезеңін.
Құйқалы құтты қоныс Жабыр бүгін,
Тигізіп жатқан шығар елге себін.
Атақты Ойқарағай көмір кені,
Ауылға айналыпты ең іргелі.
Әнеки, қол бұлғайды бізге кел деп,
Ақтандай адамының көңілдері.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.