Бұл шығарманың атын кейбір түркітанушылар «Екі тілді жауапқа тарту» немесе «Екі тілді талқылау» деп те аударған екен. Ондағысы араб тіліндегі «Мухәкәмә» деген сөздің «жауапқа тарту», «соттау» деген мағына беретіндігін алға тартып, солай тәржімалаған болса керек. Алайда кейбір араб кірме сөздерінің орта ғасырлық түркі жазба тілінде сол қалпында қолданылмастан, қосымша мағынаға да ие болатынын ескерсек, онда бұл жәдігерді «Екі тіл туралы пікір» деп берген түпнұсқаға барынша жақын келетін секілді.
Науаи шығармаларының ішінде парсы мен түркі тілінің сөздік қорын, поэтикалық қуатын талқылауға арналған «Екі тіл туралы пікір» атты еңбегінің алар орны ерекше. Қараһандықтар тұсында өмір сүрген Қашқари, Баласағұн, Жүйнеки секілді ақындар өз шығармаларында тіл мәселесін айтумен ғана шектелсе, Науаи бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан барды. Екі тілді, атап айтсақ, парсы мен түркі тілдерінің грамматикалық құрылымынан бастап, фонетикалық ерекшелігіне дейін зерделеген ол: «Мен түркі сөздері жайында ойлануға қол жеткізгенімде менің көз алдымнан он сегіз мың әлемнен артық дүние көрінді» деп жазды. Өзінің мұндай еңбекті жазуға не себеп болғанын ақынның өзі: «Түркі мен сарт лұғатының сапасы мен ақиқатын баяндайтын бұл рисаланы түзіп жаздым, және оған «Екі тіл туралы пікір» деп ат қойдым…. Өздерінің сөздік қоры мен тіркестерінің шынайылығын білместен, (тілдерінен) ұялып қымтырылатын түркі ұлысының ділмарларына ескерткіш орнаттым» деп ашып көрсетті. Науаидың бұл жазғандарынан сол кездегі ауам (қара) халық тұрмақ, тіпті елдің арқасүйер шешендері мен көсемдерінің өздері өзге тілде көсілуге жақын болғанын аңғару қиын емес. Ақынның бұл айтқан сөздері ащы да болса шындық болатын. Басқа мәдениетті артық санайтын оқымыстылардың қашан да өзге тілге бүйрегі бұрып тұратыны қай қоғамда да кездесетіндігі өкінішті. Түркі ұлысының жанашыр ұландарының бірі Әлихантөре Сағунидың «Түркістан қайғысы» атты еңбегінде отарлаушы халықтың қармағына бірінші болып оқымыстылардың ілінетінін ашына отырып жазуы да содан болса керек.
Науаиды ортағасырдағы тіл мәселесі бейжай қалдырмаған. Оның «Екі тіл туралы пікір» атты еңбегінен түркі ұлысының келешегі ана тілінде жатқанын түсіндіруге тырысқанын аңғару қиын емес. «Алайда түркінің ұлығынан кішісіне дейін, нөкерінен бегіне дейін сарт (парсы – Т.Қ.) тілін біледі. Әркім өз шама-шарқынша сөйлеу былай тұрсын, қайта кейбірі көркем де шешен сөйлей алады. Тіпті түркі шайырлары парсы тілінде тамаша жыр жауһарларын жазып, шешен сөйлей біледі. Алайда сарт (парсы – Т.Қ.) ұлысының шаруасынан ақсүйегіне дейін және сауатсызынан оқымыстысына дейін ешқайсысы да түркі тілінде сөйлей алмайды, сөйлегеннің (сөздің – Т.Қ.) мағынасын да түсінбейді. Егер жүзден тіпті мыңнан бірі бұл тілді үйреніп сөз айтса да, оны естіген кез-келген адам оның сарт екенін (бірден) пайымдайды» деп қалам тербеген шайыр түркілердің өзге тілді игеруде алдарына жан салмайтынын мақтаныш сезіммен жазса, енді бірде: «Өнерсіз түркінің әлсіз жігіттері оңайлыққа бола, парсы тілінде өлең жазуға бой алдырыпты. Ал, ақиқатында, егер адам жақсылап ой таразысына салып қараса, бұл (түркі – Т.Қ.) тілде соншалықты мүмкіндік, (сөз) әлемінде мұншалықты көркемдік табылады, сондықтан да мұнымен (түркі тілімен – Т.Қ.) ой жеткізу, шешен сөйлеу, өлең жасау, ұйқас құрастырудың оңай әрі тиімді болары анық. Ендеше түркі тілінің мүмкіншілігі осыншалықты дәлелдермен белгілі болды. Енді осы халық ішінен пайда болған құрметті жандары өз ойларын өз тілдері бола тұра өзге тілде айтпаса болар еді және іске асырмаса игі еді. Және басқа тілмен айтуға қабілеттері болса да, өз тілдерімен көбірек айтып, басқа тілмен азырақ айтса еді. Егер әсірелеп айтса, екі тілмен бірдей айтса болар еді. Түркі ұлысының сөз зергерлерінің бәрі сарт тілімен өлең шығарады, бүтіндей түркі тілімен айтпайды деген де орынды емес. Қайта айта алмайды. Айтса да (парсының) түркі тілінде өлең шығарғанындай, шешен түркілер қасида оқып, жеткізе алмайды. Оқыса да әр сөзінен жүз айып табылады, әр тіркесінен жүз кемшілік кездеседі» деп, түркі шайырларының өз ана тілдерінде өлең жазуға талпынбайтынын, жазған күннің өзінде де қателікке жиі бой алдыратынын ашына отырып жазған. Науаидың осындағы: «Енді осы халық ішінен пайда болған құрметті жандары өз ойларын өз тілдері бола тұра өзге тілде айтпаса болар еді» деген сөзін бүгінгі қазақтілді оқырманға талдап, түсіндіріп жатудың өзі артық.
Науаидың түркі шайырларын өз ана тілдерінде шығарма жазуға шақыруы – оның негізгі жанайқайы деп ұққан дұрыс. Әсілі, шайыр бұл еңбегін жазарда қолына қалам ұстаған жазба ақындарды басты назарда ұстаған. Себебі шығарма, негізінен, тек ұлттық мәндегі жалаң ұрандардан ғана тұрмайды, ең бастысы түркі тілінің бай сөздік қоры мен поэтикалық қуаты анық мысал-дәлелдермен беріледі. Соның жарқын мысалы – Науаи өз еңбегінде жүз етістікті санамалап шығады да, соның бірде-бірі парсы тілінде кездеспейтіндігін алға тартады. Бұл етістіктердің парсы тілінде тура мағынасының жоқтығын, олар бұл сөздерді жеткізерде қосымша етістіктерге жүгінетінін немесе араб кірме сөздерін жиі қолданатындығын айтады. Кейбір сөздердің тіптен баламасы да жоқ болғандықтан, парсы тілінде ондай ұғымның да жоқ екеніне тоқталады. Ал түркі тілінің сөздік қорының бай екенін шайыр түркіде синонимдес сөздердің көптігімен байланыстырады. Әр заттың жеке-жеке атауы, әрбір қимыл іс-әрекетті бір кейде бірнеше ұғыммен жеткізуге болатындығын дәйектейді. Атап айтқанда, бір ғана жылаудың жыламсынмақ, еңіренмек, сіңремек, сықтамақ, жыламақ, өкірмек, іншкірмек, һай-һай жыламақ деген түрлерінің бар екенін алға тартады да, әр сөзге жеке-жеке бәйіт арнап, мысалдар келтіреді. Ал, парсы шайырлары мұның бәрін бір ғана атаумен беретіндігін тілге тиек етеді. Сонымен бірге ішу деген сөздің де түркіше сипқармақ, тамшымақ, бохсамақ деген түрлері бар екенін де ұтымды жеткізеді.
Расында, парсы тілінде жылауды жалпы атаумен «герие кәрдән» деп күрделі етістікпен ғана жасаса, ал ішудің түрлері былай тұрсын, ішу мен жеуді «хурдән» деген бір-ақ атаумен береді. Мысалы «шәй ішу» дегенді «чой хурдән» десе, «тамақ жеу» дегенді де «ғәзо хурдән» деп, екеуін де бір етістікпен жасайды. Науаидың жазуынша, қымсынмақ, қызғанмақ, телмірмек, безенмек деген сөздердің де парсы тілінде баламасы жоқ. Соған байланысты мысалды түркіше бере отырып, мұндай сезімдерді парсы тілінде сол қалпында жеткізуге болмайтынына тоқталады. Тіпті әрбір ойын түйіндеген сайын ол: «Парсытілді түркі бектері мен мырзалары бұл сөзді парсы тілінде жеткізуді қаласа, не істер екен?», «Парсытілді шайырлар мұндай әдемі мағынаны жеткізуден мақұрым», «парсыда мұндай сөз жоқ» дейді.
Түркі халықтары үй жануарларын жеке-жеке атап, олардың дыбыс шығаруын ат кісінемегі, түйе бозламағы, үй (сиыр) мүңгремегі, ишек (есек) инграмағы, ит ұлымағы деп атаса, парсылар аттың кісінеуін ғана «шиһе» деп атап, қалғандарына сөз қолданбайтындығын да ашып көрсетеді. Ал, ат әбзелдері, аттың түрлерінің бәрін де парсылар түркіше атайтынын жазады. Әрине, қашан да отырықшылықпен күн көрген парсылардың ат құлағында ойнап, көшпенділік өмір салтын ұстанған түркілерден жылқы малы мен киіз үйге қатысты сөздерді алуы қалыпты жағдай. Алайда аңдар мен құстарға қатысты көптеген атаулардың парсы тілінде кездеспейтіндігіне де Науаи нақты дәлелдер келтіреді. Мысалы, түркі халықтары үйректің аталығын «сона», ал аналығын «барчын» деп атаса, парсылар екеуін де бір-ақ сөзбен «морғәк» деп атайды екен. Шайыр ағайын-туысқа қатысты атауларды да санамалап шығып, түркі тілінің бай сөздік қорын көрсетеді. Түркілер үлкен бауырды «аға» десе, кішісін «іні», үлкен қыз туысты «әпке», кішісін «сіңлі» деп атайтынын, алайда парсылар ер-азаматтың бәрін «бродар» деп, әйел затына «хохәр» сөзін қолданатындығына тоқталады. Расында, бүгінгі парсы тілінде «ағаны» – «бродар-е бөзөрг» (үлкен бауыр), «ініні» – «бродаре-кучек» (кіші бауыр), «әпкені» – «хохәр-е бөзөрг» (үлкен әпке), «сіңліні» – «хохәр-е кучек» (кіші әпке) деп айтады.
Зерттеуші бұл шығармасы арқылы түркі тілінің парсыдан артық болмаса, ешбір кем түспейтіндігін ғылыми түрде дәлелдеп берген. Көзі қарақты оқырман шығарманы оқыған бойда-ақ түркі тілінің бай сөздік қорына қанық болары анық. Әсіресе, шығармада бұл күндері түркі тілдерінде қолданыстан түсіп қалған көне сөздердің қайта жаңғырып отыруы түркі дүниесі үшін ортақ термин жасағысы келіп жүргендер үшін таптырмас дереккөзі десек те болады. «Мухәкәмәтул-луғәтәиндегі» жүз етістікті былай қойғанда, сөз жасаушы жалғау-жұрнақтарға (мақ/мек, чы/чі, дық/дік, ж, л, лар/лер, ул/үл және т.б.) дейін беріліп, әрқайсысына бірнеше мысалдан келтіруі Науаидың түркі тілін терең зерттегенінің белгісі. Ең бастысы, орта ғасырда кеңінен қолданылған көне сөздер бұл шығармада сол қалпында берілген. Мысалы, ағайын-туыстық атаулар – абаға, аға, әтәкә, игечі, інеке, іні, көкелташ, сіңіл, тағайы; киіз үйге қатысты сөздер – ақ үй, бағыш, басрұқ, босаға, чығ, гөзүнек, іркене, қанат, торлық, түңлүк; үйректің түрлері – ілбесін, сона, барчын, ала лұға, ала пөке, алма бас, бағчал, чақыр қанат, чөрке, ірке, соқсұр, темүр қанат; құстың түрлері – чағрұқ, чайлақ, чығчығ, қара құс, қылқұйрық, құладу, құла пұрға, леглек, тілбеқұс, тоғдақ, тоғдары, йапалағ; аттың түрлері – арғымақ, тату, тобұчақ, йабұ, йәкә; аттың жастарына қатысты – құлын, тай, ғұнан, дөнен, тұлан, чырғауланға; ат әбзелдері – жазлық, ғанжұға, хана, иер, қом, құшқұн, олаң, оланчағ, тоқа, тоқұм, жібілгер, қантар, чылбұр, қамчы, бүлдүрге, чұпчұрға. Бұлардан басқа және қару-жарақ, тамақ және ішімдіктің бірнеше түрлері мен олардың атаулары берілген. Осында келтірілген біраз сөздер бүгінгі сөздік қорымызда болғанымен де, кейбірі қолданыстан мүлдем түсіп қалған. Әсіресе, бір ғана үйректің он үш түрінің берілуі түркі жазба тілінің байлығын көрсетсе керек. Осыншалықты бай сөздік қоры бар түркі тілі «поэзия тілі» атанған парсыдан ешбір кем түспейді дейді автор.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Науаи бұл еңбегін өзінің «фарсигуи» яғни парсытілді замандастарына арнап жазған. Түркі тілінің бай сөздік қорын терең зерделеген ғалым түркіше өлең жазудың кейбір артықшылықтарын ғылыми тұрғыдан түсіндіріп береді.
Өлең сөздің, негізінен, ұйқастан тұратыны белгілі. Әр жолдың соңындағы рәдиф пен қафияның өзара ұйқасқа құрылуы классикалық шығыс мұсылман поэзиясының басты шарты. Осы жағына жіті назар аударған Науаи фонетикалық жағынан да түркі тілінің парсыдан анағұрлым артық екендігіне тоқталады. Әдетте әр тармақтың соңғы сөзі қандай дыбыспен бітсе, келесі жолы да сонымен үндес дыбыспен аяқталуы тиіс. Бұл қағида, әсіресе, аруз ұйқасына түсетін өлең жолдарына тікелей қатысты. Дауысты дыбыстарының ұзақ әрі қысқалығына байланысты ұйқасатын араб һәм парсы өлеңдерінде рәдиф немесе қафия бірдей дыбыспен аяқталуы қатаң сақталады. Мәселен, ұзақ «йәй» – «ى» мен қысқа «кәсра» – «ِ» екеуі де түркі тілінде «и» дыбысын беретін болғандықтан да, өзара ұйқасқанымен де, арузға түсетін парсы тілінде бұлар арқылы ұйқас жасалмайды. Себебі біреуі созылыңқы болса, екіншісі қысқа. Сондай-ақ, «Әлеф» – «ﺍ» пен «һәмзә» – «ﺀ» да түркі тілінде «ә» болып ұйқасқанымен де, парсы тілінде «әлеф» «а» немесе «о» болып оқылса, «һәмзә» жіңішке «ә» болып дыбысталады да, өзара ұйқаспайды. Ал, түркі тілінде қолдануға бола беретіндігін Науаи: «Сондықтан да «әлеф» пен «һәмза» арасында өзара байланыс бар, (сол үшін де) бір сөздің соңын «әлеф» пен қафия жасаса болады. Мысалы, «ара» – «ارا» сөзін «сәра» – «سرا» және «дәра» – «درا» деп қафияласа да, немесе «сәрә» – «سره» және «дәрә» – «دره» деп қафия жасаса да бола береді. Тағы бір мысал «йәда» – «يدا» сөзін «сада» – «صدا» мен қафия жасаса да болады, сондай-ақ «бадә» – «باده» деп қылса болады» деп ой тастайды. Мұны «уау» – «ﻮ» мен «замма» – «ۥ»-ға қарата да қолдануға негіз бар.
Науаи түркіше өлең жасау техникасының тағы бір артықшылығы ретінде түркі тілінде омонимдес сөздердің көптігімен байланыстырады. Мысалы, араб әрпімен жазылған «ﺍﻮﺖ» деген сөзді «ұт», «от», «үт» және «өт» деп оқуға болатынын, әрі әрқайсысы жеке-жеке мағына беретінін айтады. Біріншісі «ұту» етістігінің бұйрық райы болса, екіншісі «от» яғни жалын, үшіншісі үту, яғни жағу етістігінің бұйрық райы болса, төртіншісі «өту» етістігінің бұйрық райы. Осындай бай сөздік қорымен тамаша ұйқастар жасауға болатынын талдаған.
Ортағасырлық шығыс мұсылман әдебиетінде төрттағанның бірнеше түрі кездесетіндігі белгілі. Олар рубаи, қытға, тұйық, дубәйти және т.б. Сол кезеңде кеңінен қолданылған осы қысқа жанрлардың генезисін зерттеген ғалымдар бұл төрттіктердің дүниеге келуіне қай халықтың көп еңбек сіңіргендігін анықтауға күш салған. Бір ғана рубаи жанрының генезисі төңірегінде көптеген пікірталастар өрбіген. Әр халық өзіне қарата тартқан. Тура осындай мәселе басқа жанрларға да қойылған. Алайда тұйық жанрының дүниеге келуіне түркі шайырларының тікелей ықпал еткенін әдебиет теоретиктерінің бәрі де бірауыздан мойындаған. Себебі бұл жанрдың табиғаты түркінікі. Тұйықтың басқа төрттіктерден басты айырмашылығы – оның ұйқасының яғни қафиясының омонимдес сөздермен бітуі дер едік. Науаидың бір ғана «ﺍﻮﺖ» сөзінің бірнеше мағынаға ие екенін дәлелдеп жатуының сыры да осында. Өзінің пікірін дәлелдеу үшін шайыр:
Чүн пәри-у хурдур атың бегім,
Сурәт ічрә дию ерүр атың бегім,
Һәр хәдің кім улус әндин қачар,
Натәуан жаным сәрі атың бегім.
Осы тұйықтағы үш рет қайталанған «ат» сөзі үш түрлі мағынаға ие. Бірінші қатарда ат, есім болса, екінші жолда ат, яғни жылқы, төртінші қатардағы ату етістігінің бұйрық райы. Науаи осы әдеби жанрды талдап көрсету арқылы түркі тілінде кез келген төрттікпен өлең жазуға бола беретінін, алайда парсы тілді шайырлардың тұйыққа келгенде тығырыққа тірелетінін нанымды жеткізе білген.
Науаидың «Екі тіл туралы пікір» атты еңбегінде кездесетін тағы бір әдеби өрнектің бірі – тарсиғ өлең құрылысы. Әдебиет теоретиктерінің жазуынша, бұл шығыс мұсылман әдебиетіндегі ең күрделі ұйқас болып есептеледі. Тарсиғтың басқа ұйқастардан басты айырмашылығы – мұнда тек қафия мен рәдифтің ғана ұйқасы жеткіліксіз, сонымен бірге әр бәйттің әр жолы, қатары да өзара іштей ұйқасқа құрылуы керек. Тарсиғ – төрт аяғын тең басқан ұйқас. Сондықтан да бұл ұйқасқа әдебиет айдынында әбден төселгендер ғана ат басын бұратын болған. Алайда олардың бәрі де өлең жолдарын сәтті шығара алмаған. Науаидың қасида жанрының шебері Хожа Кәлимиддин Салманның осы өлең құрылысымен қалам тербегенін, алайда ұйқастарын сәтті шығара алмағанын талдап көрсетуі, сондай-ақ өзінің де тарсиғпен төрттаған жазуы да түркі тілінің парсышадан артықшылығын дәлелдеуден туса керек. Тіпті ең қиын саналатын шайырлық шеберліктің өзін де түркі жазба тілімен оңай жеткізуге болатындығын уәждеген.
Парсы мен түркі тілін терең зерттеп, ғылыми тұжырым жасаған Науаи осы шығармасы арқылы түркі тіліне немқұрайдылықпен қарап, өзге тілде қалам тербейтін ақын, шайырларға қатты соққы берген. Ол бір тілдің екінші тілден айырмашылығы жоқ, алайда әрбір жан өз ана тіліне шынайы жанашырлықпен қарау керек деген қағиданы ұстанған. Шайырдың бұл еңбегі жазылған уақытта сол ортада біраз қозғау салғаны анық. Себебі, ол заманда ғылым, біліммен айналысқысы келген мұсылман үмметі өз еңбектерін араб тілінде жазса, әдебиет әлемінде із қалдырғысы келген ақын, шайырлар парсы тіліне жүгінетін. Мәураннәһір мен Хорасан аймағынан шыққан ғалымдардың басым бөлігі өздерінің ғылыми еңбектері мен көркем туындыларын сол тілдерде жаратуға тырысатын. Сондықтан да құр жанайқай емес, нағыз ғылыми дәлелдермен жазылған «Мухәкәмәтул-луғәтәин» («Екі тіл туралы пікір») ұзақ уақыт бойына өз тілін сүйетін жандардың жастанып оқитын еңбегіне айналғаны ешбір талас тудырмаса керек.
Төрәлі ҚЫДЫР,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
доценті, филология
ғылымының кандидаты
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.