ГАЗЕТТІҢ ҚЫЗМЕТІ  МЕН СИПАТЫ ГАЗЕТТІҢ ҚЫЗМЕТІ  МЕН СИПАТЫ
Шолпан ИСАҚҰЛОВА, 1981 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында туған. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әлем тілдер факультетін бітірген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті... ГАЗЕТТІҢ ҚЫЗМЕТІ  МЕН СИПАТЫ

Шолпан ИСАҚҰЛОВА,
1981 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында туған. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әлем тілдер факультетін бітірген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті

 

Газет – басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының түрлері сияқты, үнемі даму үстінде болатын жанды жүйе. Оның әдеби тіл тармақтарына, тұтастай алғанда қоғамға жасайтын ықпалы зор. Газет тілі де ғасырдан ғасырға ұласу барысында молығып, шыңдала түседі, жаңарады. Газет тілінің өзіндік эстектикалық сипаты бар соған сай, оның да өзіндік міндеттері мен қызметі айқындалған.
Ол – айрықша ерекшелік, айрықша эстетика, айрықша заңдылықтар мен мүмкіндіктерге ие. Газет тілі идеологиялық және саяси терминдерді, ережелерді насихаттап қана қоймайды, тұлғаның әлеуметтік мінезін сипаттауға, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, қоғамдық сананы қалыптастыруға да ықпал жасайды. Газет тілінің дамып-толығуына, өзгеріске ұшырауына қоғамда болып жатқан өзгерістер де тікелей әсер етеді. Демек, қоғамдық жағдаят пен газет тілі өзара бір-бірімен байланысты, тіпті бір-біріне тәуелді. Қоғамдық жаңару газет тіліне өз қолтаңбасын қалдырып отырады. Басқаша айтқанда, газет тіліндегі лексикалық қор мен сөздік құрам, түрлі стильдер әр кезеңнің қоғамдық-әлеуметтік ахуалының айнасы болып табылады. Демек, қоғамда болып жатқан кез келген оқиға сол кездегі газет тілінде өз көрінісін табады және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тілдік бірліктер ретінде орнығып жалпыхалықтық қолданысқа түсуі ықтимал.
Қазақстандағы газет тілінің тарихы өзінің бастауын ХХ ғасырдың екінші жартысында шыққан «Түр-кістан уәлаяты» мен «Дала уәлаяты газетінен» алғаны белгілі. Дәл осы басылым беттерінде корреспонденция, мақала, очерк, фельетон сияқты баспасөз жанрларының түрлері пайда болуына орыс журналистикасының ықпал болғаны мәлім. Осы газеттер қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына негіз қалады. Кейін олардың ізін «Айқап», «Қазақ», «Садақ», «Серке», «Сарыарқа», «Абай» сынды газет-журналдар жалғастырды.
Бүгінгі тәуелсіздік кезеңі тұрғысынан қарайтын болсақ, бұқаралық ақпарат құралдарының халық алдындағы міндеті орасан зор. Ол қоғам ішінде жаңа сипаттағы әлеуметтік көзқарасты қалыптастырып, оны орнықтыруды мақсат етеді. Коммуникацияның ең басты құралы – баспасөз тілі де, халық тілінің сұрыптан өткен, әбден жетілген әдеби нормасымен жазылуға тиіс.
Қазақ баспасөзінің негізгі міндеті мен бағытын анықтауда А.Байтұрсынұлының рөлі ерекше. Ол қазақ баспасөзі қызметінің қаншалықты міндет арқалайтындығын терең түсініп, газеттің қоғамдық қызметі туралы: «Газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығандары көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады», – деп атап көрсеткен еді.
Әдеби тілдің тармағы – БАҚ тілі, біріншіден, қарым-қатынас құралы, екіншіден, әлемнің бейнесін жеткізуші, сипаттаушы таным құралы, үшіншіден, таным арқылы түйсінген мағынаны, мәнді жеткізуші құралға айналды.
Тіл мен қоғам әрқашан бірлікте көрінеді және тіл қоғамдық қатынастар негізінде жүзеге асып отырады. Бұқаралық қатынас та осы тілдік қатынастың бір түрі. Бұқаралық қатынастың газет, радио, теледидар т.б. арқылы жүзегемасатыны белгілі. Бұқаралық қатынас адамзат қоғамыеның дамуымен бірге дамып, өзгеріп отырады. Бірақ мұндағы ерекшелік – кері қатынастың болмайтыны. Дегенмен бұқаралық қатынас түрлерінің барлығына ортақ болатын оның кез келген аудиторияға ортақ болатыны, мәтіндерінің функционалдық және мазмұендық бірлігі, тақырып ауқымының кеңдігі және жан-жақтылығы. Газет материалдарының осындай ма-ғыналық жағынан толыққанды болуы оның өміршеңдігіне игі ықпал жасап отырады.
Публицистика жанрларының туып, дамуы тілдік стильдердің тармақтарын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Яғни тілдік стильдердің пайда болып, жеке өріс алуы тілдегі белгілі жанрлардың дамуымен, өзіндік өріс алуымен тығыз байланысты. Мысалы, ХХ ғасырдың бас кезінде публицистика жанрының өркендеуі газет-журналдардың көп-теп шығарылып, олардың өзіндік тіл ерекшеліктері қалыптасуымен тығыз байланысты болды.
Газет материалдарының негіз-гі талаптары болып саналатын, біріншіден, ондағы ойдың бүгінгі күн үшін өзекті болатыны және бұдан бұрын болып кеткен оқиғаның жаңалық сипатын жоятыны. Екіншіден, ондағы материалдың белгілі бір мақсатты көздеп жазылатыны (оның бір әлеуметтік топқа ғана қажетті болуы да мүмкін). Публицистикалық материалдардан оның авторының өзі, саяси көзқарасы, осы мақала арқылы оқырманның назарын қандай мәселеге аударғысы келіп тұрғаны, оны қандай әрекетке итергісі келетіні байқалып отырады.
Газет мәтіні аудиторияға түсінікті болу үшін оқырманның қажеттілігі мен мүддесін ескереді. Осыдан келіп мәтіннің сипаттамасы анықталады. Ақпарат арқылы ақиқат болмысқа, хабарлама маз-мұнына, адресатқа көзқарасы, қарым-қатынасы анықталады.
Басқаша айтқанда газет сөйлеушінің дағдыларын оқырманның дағдыларына қарай бейімдейді. Газеттің негізгі міндеттерін былайша жіктеп көрсетуге болады:
1. Оқырманды әлемде болып жатқан маңызды оқиғалардан хабардар ету;
2. Оқырманның газетке деген қызығушылығын ояту, яғни басылымға назар аударту;
3. Оқырманды баяндалған оқиғалар мен фактілердің дұрыстығына, шынайылығына және оларға берілген бағаның объективтілігіне сендіру;
4. Мәтінде баяндалып отырған оқиғалар мен кейіпкер ретінде алынған тұлғаларға деген оқырман көзқарасын белгілі бағытта қалыптастыру.
Заманауи публицистиканың міндеті – елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуына орай, белгілі бір мәселеге, оның шешілуіне пікір-көзқарастардың көп болуына айрықша мән беру. Оның себебі біздің ғасырымыз – ақпарат ғасыры. Елімізде болып жатқан сан алуан жаңалықтар мен қол жеткізген жетістіктерді тарату, қалың оқырман қауымға жеткізу бүгінгі күні ақпарат кеңістігінің алдында тұрған басты міндет – осы.
Журналистика саласы, басқа кәсіби сфералар сияқты, тілдік құралдардың арнайы жиынтығын құрап, олардың ерекшеліктерін тиімді көрсететін адам әрекетінің айрықша түрі және ол публицистикалық стильді басшылыққа ала отырып, тікелей қатынаста қызмет етеді. Кәсіби журналистика жаппай бұқараға арналады да, автордың пікірімен қоса, қоғамдық-әлеуметтік пікірді де білдіреді. Публицистика – журналистік шеберлікті ұштастырумен, баспасөз бетінде жарияланған әрбір материалдың сапасын арттыру арқылы оқырманды белгілі бір мақсатқа жұмылдыра білу.
Газеттік–публицистикалық стиль: таза газеттік жанр – ақпараттық жанр және әсер ету функциясын атқаратын – аналитикалық жанрлар болып бөлінеді. Бұлар өз ішінен хабар (информация), шетелдік корреспонденция, есеп, үгіт-насихат мақалалары, проблемалық мақала, очерк, сұхбат (интервью), репортаж, фельетон, пікір (рецензия) боп топтасады.
Соңғы кезде баспасөз бетінен ақпараттанудың жаңа көріністері байқалып жүр. Күнделікті баспасөз беттерінде ірі жанрлар жиі ұшыраса бермейді, олар апталық басылымдарға, журналдарға ойыс-қан. Жаңа техникалық мүмкіндіктер, қоғам өміріндегі жаңалықтар БАҚ-та жаңа жанрлар түрлерінің пайда болуына алып келеді және бұл процесс тоқтамайды да. БАҚ-тың тәжірибесінде ақпарат берудің жаңа тәсілдері іздестірілуде. Бұл үрдіс ескі, көзге таныс жанрларды ығыстырып, жаңа жанрлардың пайда болуына әкеліп жатыр. Баспасөз бетінде жаңа жанрлардың пайда болуының себебі, біріншіден, адамдардың ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыру болса, екінші жағынан, олардың назарын маңызды фактілерге, оқиғаларға аударып, қоғамдық пікірге ықпал жасау. Алайда ескілері мүлдем жойылып кетпейді, жанр түрлерінің қорын толықтырып тұра береді.
«Қазақ әдебиеті» газеті заманауи қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді, көркем туындылардан көлемді үзінділер, ақындардың жаңа өлеңдері, танымал тұлғалардың естеліктері сияқты көлемді материалдарды жиі жариялап отыратын болғандықтан, басқа жанрдың үлес салмағы аз болады.
Ал, «Ана тілі» газетін қысқа, нақты ақпарат беретін шағын жанрлардың қайнар көзі десе де болады. Мысалы, «Ана тілі» газетінің бір ғана – санында онда 1 жарнама, 8 ақпараттық мақала, 5 шағын мақала, 2 хабарландыру және 1 хат-эссе бар.
Шағын жанрлардың міндеті – жаңа оқиғалар жайлы, бар фактілер жайлы жылдам хабарлау. Ол үшін басты ақпарат – оқиға, ал, оның жаңалығы жеткізілетін факт болады.
Шағын жанрдың мазмұн-міндетін сараптай келе, оның өзіне тән ерекшеліктері анықталды:
— ақпараттық функцияны жүзеге асыруға тікелей қажетті тың оқиғаның болуы;
— ақпараттық жанрдың сапасын байыту үшін бейнелеудің оперативтілігі;
— нақты шегі бар оқиғаның жылдам аяқталуы.
Шағын жанр стилінің композициясы негізінен автордың ойына байланысты, мұнда кез келген құбылыс факт арқылы көрсетіледі.
Шағын жанр стилінің басты функциялары жинақылық пен ақпараттық функция болып табылады. Жинақылық газет стилінің лингвистикалық белгісі ретінде адамдар категориясының ерекшелігінен (жалпылама түрде 1 және 3 жақтан сөйлеу немесе жазу) және біз, сіздер, біздің, сіздердің сияқты жіктеу есімдіктерінің салыстырмалы түрде жиілігі мен қолданылу ерекшелігінен көрінеді.
Ақпараттық функцияның өзіндік стильдік ерекшеліктері бар, олар былай топтастырылды:
— ой білдірудің шынайылығы мен деректілігі. Бұл ерекшеліктер деректі фактіге негізделген нақты сөздердің терминденуінен, кәсіби сөздердің кең қолданылуынан көрінеді;
— фактілердің, ақпараттың маңы-зын айқындайтын ұстамдылық пен ресмилік. Бұл қасиеттер ой жеткізудің айрықша сипатымен фразеологияның өзгешеліктері ар-қылы жүзеге асады;
— баяндаудың абстракциялығы мен ұғынықтылығы оқиғаны талдаудың қорытындысынан көрінеді.
Шағын стиль де, көркем әдеби стиль сияқты, өзіндік ерекшеленеді, ал, бұл шағын жанр стильдерінің тұтастығын көрсетеді. Газеттегі шағын жанр түрлерінің әрқайсысына мына тұрғыда сипаттама берілді.
Хабар жанры (басқаша айтқанда – «ақпараттық шағын мақала») – газет материалдарының ең шағын, қарапайым және жеңіл жазылатын түрі.
Ол өмір шындығының нақты фактілері мен құбылыстары туралы дәлме-дәл тұжырымды хабарлайды. Баспасөздің бұл қарапайым да шағын жанры үгіт-насихатты факті арқылы жүргізетін, оқырманға әсерлілігі жағынан ең бір қонымды да ыңғайлы жанр болып саналады. Шағын мақалада хабарланған жаңалық оқырмандар санасына, зердесіне қона қалу үшін ол қарапайым, ұғынықты тілмен баяндалуы керек. Бұл жанр бейнелеу құралдарын көп пайдаланбайды, ол, негізінен, хабарлау түрінде жазылады.
Сөйтсе де, ойды айқын, нақты етіп жеткізеді, екі ұшты пікірге, теріс ұғымға негіз қалдырмайтын дәл де түсінікті сөз бен сөйлемдерді қолдану – оның басты міндеті. Оларды стилистикалық, грамматикалық жағынан дұрыс байланыстыру да шарт. Шағын мақалаға қойылар тағы бір талап – нақтылық. Шағын көлемді бұл жанр жалпылай айтуды, күңгірт айтуды мүлде көтермейді. Сондықтан да хабар (ақпараттық шағын мақала) жанры ыңғайлы жанр ретінде газет бетінен әр кезде де елеулі орын алып отырған. Хабарды жеткізуші тілдік құрал ретінде кез келген жанрдың негізін құрайтын әдеби және сөйлеу тілі элементтері қатысады, тек қана қоғамдық-саяси лексиканың алынуы шарт емес. Осының өзінен-ақ хабарға тән конструктивті принципті тануға болады. Бұл – шағын жанрдың үлесіне жататын фактор.
«Ана тілі» газетінде «Аптаның айшықты оқиғалары», АнАқАй («Ана тілінің ақпараттар айнасы») атты айдармен көлемі шағын бірнеше ақпараттар беріледі (мысалы газеттің 1-нөмірінде 10, 2- нөмірінде 5, 3- нөмірінде 9, 4-нөмірінде 8, сол сияқты 43-нөмірінде 7 ақпараттың бар екендігін айтсақ та жеткілікті). Ақпараттардың тақырыптары да әр қилы болып келеді. «Шенеуніктер неге шашыла береді», «Даңқ деген де түрме бар», «Жаңа үкімет – жаңа істердің бастамашысы», «Ниваның атын қазақшалау қиын ба?», «Тыңның зардабы тасада қалмасын», «Бұл – болашағымызға балта шабу», «Біздің дерек», «Мәссаған!», «Байқауға қатысыңыз!» деген қысқа ақпараттар берілген. Олардағы сөздердің саны – 33 пен 215-тің аралығында. Фактінің жаңалығы мен қысқалығы, ондағы оперативтіліктің жоғары деңгейі, хабарламаның өзектілігі шағын жанр материалы үшін маңызды. Ақсүйектік және жанжалдық хабарлар, саяси, экономикалық, спорттық ақпараттар кездейсоқ оқиғалармен қатарласа келіп, газет бетін әрдайым толтырып, тіпті жарасым тауып отырады.
Ал, «Қазақ әдебиеті» газетіндегі ақпараттық шағын жанрдың табиғаты өзгеше. «Шежіре: сыр сандықты ашып қара» айдарымен берілетін шағын көлемді ақпараттар кездеседі, олар оқырмандарға драматургия, поэзия, Қазақстанның көркем өнері, көркем аударма, алғашқы оркестр т.б. мәселелер жайлы ұлы тұлғалардың (М. Әуезов, К. Байсейітова, С. Мұқанов, А. Жұбанов,Қ. Жұмалиев, С. Талжанов, Ш. Мұртаза, Қ. Қайсенов т.б.) ертеректе айтқан пікірлерінен қысқа үзінділер береді. Газеттің мақсаты – «коммунистер билеген қоғамда бесжылдықтардың беделі жайлы ғана жазған газет беттерінде уақыт тудырған тұлғалардың жүрек дүрсіліндей болған» үзік сырларымен оқырман қауымды таныстыру. Бұл ақпараттың шағын жанрға жатуының себебі, оның көлемі шағын болса да, берері мол терең мағыналы ақпараттар болғандығында.
Аталмыш басылымдағы «Жас қалам» айдары оқырмандарды әдебиет әлеміне қадам басқан жас ақын-жазушылармен таныстырса, «Айтыс» айдары қайта жаңғырған айтыс өнерінің бүгінгі тынысынан хабардар етеді. Ал, «Руханият» айдары қазақ өнері мен мәдениетіндегі танымал тұлғалар мен өнер көкжиегінде көріне бастаған жұлдыздардың (Л. Ғалымжанова, А. Жорабаева т.б.) шығармашылық табыстары және жыр мүшайрасы жайлы сыр шертеді. Бұларды «Қазақ әдебиеті» газетінің жеке өзінің тақырыптық аясындағы ақпараттық шағын жанры деп атасақ та болады.
Ақпараттық мақалаларға «Ана тілі» газеті бетінен үнемі орын алып отыратын «Сөзтаным» айдары да жатады. Бұл да бүгінгі жас оқырманның таным көкжиегін кеңейтіп, ұмытылуға таяу қалған қазақтың байырғы сөздерінің мән-мағынасын ашады. Мысалы,
«Қанық» сөзі жайлы С. Шүкірұлы: «Қанық, бояуы қанық деген сөз қану, қандыру дегеннен шығады. Ол тек бояу сөзімен ғана тіркеспейді. Суы қанық – темірдің суғарылуы, егіннің, малдың суарылуы, оты қанық – малдың тойынуы, иі қанық – қамырдың, терінің жақсы иленуі, әңгіме-оқиғаға қанық болу, жер-ел жағдайына, мамандық-кәсіп сырына қанық болу дегендей, көптеген қолданыстары бар. Сусыны қанық, сөзге қанық, іске қанық, жайға қанық деп айтылады» деп жазады. Автор «Қандыру», «Қаңқу», «Қарабасу», «Қараспанды жаудыру», «Барымта, сырымта» сөздеріне де талдаулар жасап, олардың ішкі мағынасын ашуға тырысады. Бұл оқырмандардың қай легіне болса да танымдық жағынан қызықты болып, сөз өнерін шыңдауға ықпал етері анық.
«Сөзтаным» айдарының 10-санында дұрыс қолданылмаған сөз тіркестері (айтатұғым, бар-ғамыз, бейбастық, данагөй қария-гершілік, екеміз, жатырған т.б.) мен «ақша жілік» сөзіне, тағы 8 сөзге (көкейтесті, ішік, тон, көген, көгентүп, жүрекжарды, кигізқазық) сипаттама беріледі.
Шағын ақпараттық жанрдың ендігі бірі – аналитикалық есеп, ол қазіргі жағдайда көп қолданылып жүр, олар – қоғамдық, әлеуметтік мәселелер сөз болған жиналыс, мәжіліс, кеңестер, конференциялар, әр түрлі спорттық жарыстар, бұқаралық мерекелер туралы баспасөзде жиі жазылатын хабарламалар. Оның міндеті – болып өткен жиындардың қалай басталып, қалай жүргізілгенінен, қалай аяқталғанынан оқырманға мағлұмат беру, онда қандай мәселенің әңгіме болғанынан, олардың мән-маңызынан, қабылдаған шешімінен жұртты хабардар ету. Аналитикалық есеп оқырман назарын жиналыс барысында талқыланып отырған нақты бір өзекті тақырыпқа арнайды. Оқиғаға комментарий бере отырып, аудиторияны қызықтырып отырған мәселенің қалай шешіліп жатқанына көңіл аударады. Әрине, кез келген кездесу, бас қосу, жарыс пен қабылдау есеп боп жазыла бермейді. Олардың оқырман назарын аударар жаңалығы, мәні барлары ғана есептің нысаны бола алады.
Хроникалық мақала – ең қысқа хабарлама, оның тақырыбы да болмайды, авторы да көрсетілмейді. Ол «Не?», «Қайда?», «Қашан?» деген сұрақтарға жауап береді. Хроникалық мақаланың қысқа және толық түрлері бар. Хроникалық мақала жазудың тәсіліне жататындар – журналист фактінің жаңалығын «аяқталды», «ашылды», «бірінші», «бүгін» т.б. сөздермен береді. Жалпы тақырыпшасы – айдарлар, «Қысқаша», «Алаш-ақпарат: мәдениет», «Әдеби-мәдени әлем» деп беріледі.
Ал, «Болар елдің баласы» деген айдармен берілген мына хроникалық мақала қысқа ақпаратқа жатады.
Қазіргі қоғамдық өзгерістерге байланысты газет жанрларының қызметі мен дамуында да белгілі бір өзгерістер бар. Мұндай өзгерістер қоғамдық өмірдегі жаңалықтарға байланысты екендігі сөзсіз. Қазіргі нарықтық экономика кезінде газетке материал дайындап, басып, оқырманға жеткізгенге дейінгі атқаратын қызметтің барлығы қаржы мәселесіне тікелей байланысты. Сондықтан газет ұжымы экономикалық жағдайларға байланысты газет беттерінен «жарнама», «құттықтау», «еске алу», «пресс-релиз немесе баспасөз хабарламасы», «түйіндеме», «дайджест немесе шолу», «жұлдызжорамал», «сауалнама», «хабарландыру», «қазанама», «хат», «пікір» т.б. жаңа жанрларға орын беруге мүдделі болып отыр.
Нарық жағдайына өтуге байланысты жарнамалау міндеті де ақпараттық (шағын) жанрға жатып отыр. Жарнама – кең түрде әр түрлі амалдармен жарыққа шыққан заттарға халықтың назарын аудару үшін жариялау. Жарнама жанры шығармашылық әрекеттің публицистика түрінен алынатын болса да, қазір бұл жанрдың өз жүйесін зерттеуге мүмкіндік бар. Жарнама жанрының өзіндік белгілері – қысқалық, айрықшалық. Дегенмен жарнамалардың мүмкіндігі шектеулі, онда автор эмоциясы, көзқарасы, пікірі мүлдем көрсетілмейді. Жарнама тілінің басты ерекшелігі – бұл әдеби тілді ерекше жағдайлардағы нақты мәселелерді шешу құ-ралы ретінде қолдану. Жарнама мәтіндерінде тілдік мәнерлеу құралдарын дұрыс, ұтымды қолдана білудің қоғамдық үлкен маңызы бар. Жарнама мәтіндерінің басты ерекшелігі сөзді аз қолданып, бірақ мол мәлімет беру.
Мысалы: «Қазақстан Республи-касының қаржы министрлігінің мем-лекеттік мүлік және жекеше-лендіру жөніндегі Батыс Қазақстан аумақтық комитеті акциядағы пакетті сату жөнінде хабарлайды…».
Газеттерде шығып жатқан жарнамаларда публицистикалық стильде, ғылыми стильде кездеседі.
Мысалы: Қазақстан Халық Банкі корпоративтік клиенттермен жұмыс істеуін жалғастырады және мынадай қызмет түрлерін ұсынады:
— Қазақстан бойынша «дәл сол күні» жүйесі бойынша есептесуді жүзеге асыру;
— басымдықпен кредит беру;
— жедел конвертация және валюталарды мынадай режимдерде аудару:
— «экспресс» — 12 сағат,
— «стандарт» — 24 сағат,
— «порт» — 62 сағат. Есепшоттың жеке менеджері; республиканың бүкіл аумағы бойынша барлық корпоративтік ұйымдар үшін субшоттар ашу».
Қазақ тілді жарнама өмірге еріксіз еніп, кәсіпкердің де, тұтынушының да тіршілігінен тұрақты орын тапты. Бұл – жаңа заманғы, жаңа келбетті, нарық заңына бейімделген өзіндік бір делдал сала.
Жарнаманың үлкенді-кішілі кей-
бір мәтіндері қате жазылады. Мемлекеттік тіл мәртебесінің талабы көп жағдайда сақталмайды, ұлттық салт-дәстүр, әдеп ескерілмейді. Шет тілділері басымданып барады.
«Ана тілі» газетінде «Жарымжан жарнамалар, мүгедек маңдайшалар» атты айдармен «Жарнама заңнамаға бағынып жүр ме?» тақырыбында шағын мақала берілген және онда үлкен қаланың орталық көшелерінде ілініп тұрған жарнамалардың заманауи талаптарға да, мемлекеттік тіл мәселесіне де, эстетикалық талғамға да сай келмейтіні сынға алынады.
Соңғы жылдары газет беттерінде фирмалардың немесе кейбір адамдардың (мысалы, депутатқа кандидат т.б.) жетістіктері туралы айтатын материалдар – пресс-релиздер (баспасөз хабарламасы) басылып жүр. Пресс-релиздің мақсаты:
– барлық бұқаралық ақпарат құ-ралдарына өздері, өздерінің нарық жағдайындағы белсенділігі жайлы мағлұмат беру, қалың көпшілікті өз жаңалықтарынан хабардар ету. Пресс-релиздің мәтіні аналитикалық және жарнамалық сипатта болады. Онда ең маңызды мәселе – таяуда болатын және болып өткен оқиға жайлы айту, яғни «Осыдан екі ай бұрын…» деп емес, «Бүгін біздің …» деп бастап, осы оқиғаға байланысты мәселелер жайлы баяндап өту.
Пресс-релиздің басты мақсаты болатын оқиға жайлы толық мағлұмат беру. Дегенмен қазіргі кезде қоғамдағы әлеуметтік-ұйым-
дастырушылық іс-шаралар түр-лерінің көбейе түсуіне орай, пресс-релизді баспасөз хабарламасы ретінде (конференцияға, кездесулерге шақыру, тұсаукесер рәсімінің өтетіні жайлы ақпарат т.б.) қолданып отыру кездеседі. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде «Бәйге! Бәйге! Бәйге!» және «Құлаққағыс» айдарларымен берілетін түрлі кештердің, фестивальдардың, жарыстардың өткізілетіні жайлы пресс-релиздер басылып тұрады. Олардың құры-лымдық өзгешелігі – онда іс- шараның өткізілу мақсаты, мерзімі, жүргізілу тәртібі көрсетіледі.
Репортаж латынның «reportare» – жаңалық хабарлаушы, жеткізуші, әкелуші деген сөзінен шыққан. Репортажға тән нәрселер: репортер болған оқиғаның басы-қасында болып, оны бақылап отырады. Ол сол оқиғаны болған қалпында суреттеп жазады, оны өз әсерлерімен, өз пікірлерімен толықтырады. Автор өз түйсігі арқылы өмір суреттерін дәлме-дәл күйінде баяндайды, оның баяндауы публицистикалық мәнермен әсерлі де әдемі келіп, болған оқиғаға автордың өзінің қатысқаны шығарманың бүкіл өн бойынан сезіліп тұрады.
Белгілі бір қаланың немесе өлкенің кешегісі, бүгінгісі және ертеңі жайлы жазылатын репортаждар болады. Ол, әрине, оқиғалық репортажға жатады. Ал, проблемалық репортаж оқиғаның болуын ғана емес, оған автордың қатысын да білдіреді. Бұл репортердың оқиғаның өту үрдісі жайындағы мәтін композициясын құруына тікелей байланысты, оқырман миникомментарий жүргізе отырып, осы құбылыстың даму мүмкіндігін бақылайды, яғни бұл өзекті мәселені жылдам ашуға көмектеседі. Репортаж-эссе мәтінінде автор өтіп жатқан оқиғаға байланысты жеке өзінің эмоционалды әсерге толы көзқарасын білдіреді. Автордың бағасы мен сезімі оқырман аудиториясы үшін аса қызықты болып есептеледі.
Сұхбат – ағылшын сөзі, «әңгіме», «әңгімелесу» деген мағынаны біл-діреді. Сұхбат ғылым, өнер, қоғам қайраткерлерінің қай-қайсысымен де жүргізіліп жатады.
Газет қызметкерлері жасына, білім дәрежесіне, наным- сеніміне, жасы мен ұлтына қарамастан, кез келген адаммен сұхбаттасады. Сұхбат газеттегі әдеби нормадан ауытқу, кәсіби, диалект, арготизмдер мен жаргондар көп кездесетін жанр болып саналады. Шағын жанрларда неғұрлым көп қолданылатын түрі – сұхбаттың диалогтік формасы. Соңғы жылдары бұл жанр мазмұны, тақырыбы жағынан да, түр-формасы жағынан да үнемі жетіліп, байып келе жатыр. Сұхбат сұрақ-жауап ретінде алынады.
Шағын жанрдағы комментарийдің негізі болатын – талдау әдісі, онда жаңа факт негізгі ақпаратпен сәйкес келіп отырады. Комментарийдің мақсаты – дәлелдерді жүйелеу, құбылыстың, оқиғаның, процес-тердің мәнін ашу және осылайша қоғамдық пікір тудыру.
Біріншіден, комментарийде маз-мұнын құрайтын оқиға немесе құбылыс туралы хабарлама кіріспеде беріледі. Екіншіден, комментатор оқырманның көңілін аударатын нақты мәселені айқындап көрсетеді. Үшіншіден, журналист өзінің мақ-
сатын анық көрсетеді, соның негізінде қорытынды жасайды.
Журналистік зерттеу мәтіндері – «кейбір адамдар мен ұйымдар тіпті жасырын ұстайтын жұмысқа, маңызды тақырыпқа» негізделген аналитикалық жанр. Журналистік зерттеудің басты элементтері үшеу: басқа адам жүргізбеген зерттеуді журналист жүргізеді; материалдың тақырыбы оқырман үшін маңызды болады; басқалар қоғамнан жасырын ұстайтын фактілер журналистік зерттеудің нысаны болады.
Журналистік зерттеуге дайындық үшін болжам құру, оларды белгілі фактілермен, пікірлермен тексеру және олардың шығу көзін табу қажет.
Шетелдік газеттерде дайджест (ағылшын сөзі: digest – анықтағыш, жинақ, тізім, каталог, шолу) деген жанр бар, ол қысқа аннотациялар мен мақалалардың басты ережелерінен тұрады және онда белгілі бір кезеңдегі ең қызық жарияланымдардың мазмұны беріледі. Газеттегі шағын жанрлардың бұл түрінің басты нысанасы – белгілі бір тақырып бойынша айтылған басты жаңалықтармен таныстыру. Осы жанр қазақ газеттерінде де белгі беріп келеді.
«Дайджесті» «анықтамалық шо-лу» деп атаған жөн деп есептелді. «Ана тілі» басылымында әртүрлі айдарлармен берілетін шағын ақпаратты осы дайджест деп қабылдауға да болады.
«Қазақ әдебиеті» газетінде «Баспалар, басылымдар» атты айдармен беріледі және онда баспадан шығатын жаңа кітаптар аталып, оларға қысқаша сипаттама беріледі.
Шағын жанрда жаңалықтарды ықшам әрі дәл береді. Онда басы артық сөз, сөйлем болмайды. Берілген деректер нақты өмір фактілері болып отырады және оның берілу формасы да оқырманның көңілін өзіне тартып отырады.
Хаттар да шағын жанрдың бір бөлігін құрайды. Шағын жанрдың бұл түрі «Ана тілі» газетінде көп кездесіп отырады. Хаттарды ішкі мазмұнына қарай, «Тапқыр хат», «Ойлы хат», «Ұсыныс хат», «Ышқынған хат», «Сүйсініс хат», «Мақтан хат», «Ренішті хат», «Ұсыныс хат», «Сауал хат», «Намысшыл хат», «Ызалы хат», «Өкпелі хат» сияқты айдарлармен берген. Хаттарда ауылдағы кітапханалардың жайы, қостілділік мәселесі, қазақ газетіне деген құрметтің аздығы, жер сату, бала сату сияқты мәселелерге оқырмандардың тікелей ат салысуы сөз болады. Сондай хатардың бірі – сүйсініс хат.
Бұл хаттың «сүйсініс хат» аталу себебі – автордың еліміздегі адам сату сияқты күнәһар әрекетке тыйым салынуын қолдаған билік адамдарының шешіміне деген ризашылығы болса керек.
«Қазақ әдебиеті» газетінде де «Ашық хат», «Ұсыныс хат» басылып отырады, бірақ олар арнайы тақырыптармен (тіл, ұлт мәселелері) берілген.
Сондай-ақ, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Оқырман отауы» айдары беріліп, онда «оқырманмен арадағы байланыстың алтын өзегі» болатын хаттар сұрыпталады.
Сауалнама – газетте соңғы жылдары кездесетін шағын жанр түрі. «Ана тілі» газетінің бір сандарында арнайы бір бет «Сұраңыз – жауап береміз» атты айдармен берілген сұрақ-жауаптарға арналып тұрады. Айталық, түрлі сауалдарға заңгер тарапынан дәл осылай 5 түрлі жауап беріледі.
Қазанама – зерттеу жүргізіп отыр-
ған басылымдардың барлығы-ның беттерінде кездесетін шағын жанр түрі. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінде «Аза» деген айдармен беріліп, онда өмірден озған жан туралы біршама толық мағлұмат жазылады. Хабарландырулар да жиі жарияланатын шағын жанр түрі болып табылады. Оның тақырыптық ауқымы да үлкен. Өнер жұлдыздарының концерттеріне шақыру, шығармашылық кеш ұйымдастыру т.б. іс-шараларға шақыру газеттің мағыналық аясын кеңейте түседі.
Бүгінгі күні шағын жанрлардың тілі де халық танымы, психологиялық күй-қалып үшін айрықша маңызды, ол халықтың сана-сезіміне, ой толғамына әсер етеді. Осы ретте шағын жанр стилінің де пәрменділігі – оның тілінде, ал көркем де әсерлі тіл – авторлық шығармашылықтың жемісі. Өйткені шағын жанрлардың тілі ақпараттық сипатта ғана деп, оның көркемдік деңгейіне мән берілмесе, газет тартымсыз болып, оқырманын жоғалтып алары сөзсіз. Газеттегі жанрлар:
— жалпы публицистикалық жанр-дың мазмұнын қамти отырып, жаппай үгіт-насихаттық сипатта болады;
-публицистиканың негізгі табиғаты, оның маңызы мен мағынасы нақты ашылады.
Газет – жаппай ақпарат пен үгіт-насихаттың неғұрлым қара-пайым құралдары және оған көп ықпал жасайтын оқырман мен автордың қатынасындағы жаппай коммуникациялық сипат. Оқырман мен автор құрылымы газет тілін қалыптастыруда әрдайым айрықша орын алып келді. Журналист (автор) оқырман аудиториясының ерекшелігін, мәдени, білімдік деңгейін, тіпті жас ерекшеліктерін ескере отырып, соған лайықты мақсатты көздейді. Алайда, бұрын автор оқырманға ықпал жасайтын нысан болып танылса, соңғы кезде газет адресантпен тікелей байланыс жасауға, сұхбаттасуға тырысады. Бұл үшін түрлі тәсілдер қарастырылады: әлеуметтік сауалнама жүргізу, оқырман хаттарын жариялап, оған жауап іздеу, газет беттерінде оқырманмен тікелей сұхбаттасу т.б.
Газет пен нақты тілші өз позициясын бір адамның немесе бір шағын топтың атынан емес, ереже бойынша, миллиондаған ниеттестерінің атынан білдіреді. Бір ескертетін жайт: газеттегі шағын жанрлар бір қалыпта қатып, семіп қалған, өзгермейтін, өспейтін, өшпейтін нәрсе емес. Әр кез жаңа мазмұн өзіне лайық, өзін бар қыр-сырымен ашатын жаңа түр, форма іздейтіні белгілі. Сол сияқты шағын жанрдың да бірі ескіріп, бірі жаңарып, тағы бірі жаңадан туып, толығып, молығып жатады. Өйткені, қоғам ілгері дамыған сайын оның алға қойған міндеті, мақсаты, шешуге тиісті проблемалары жаңғыра түседі, жаңа мазмұнға ие болады.
Бұқаралық ақпарат құралдары – ХХ ғасырдағы мәдени-коммуникативтік жүйенің бір бөлігі, ал, оның тілі – адамның мәдени деңгейін халыққа жеткізудің құралы. Қандай бір рухани әрекет болмасын, ол адамның санасында ұзақ жылдар сақталады, ақырында ол белгі, символ, дыбыс немесе сөз түрінде материалданады.
Осылайша қоғам өмірінің барлық саласындағы өзгерістерді газет тілінің мәтіндері мен ондағы сөздік құрам кең түрде және тез жеткізеді. Сондықтан, жоғарыда айтылған ойлар негізінде, бүгінгі газет тілінде ішкі және сыртқы экстралингвистикалық (әлеуметтік мәдени) факторлар негізінде шұғыл өзгерістер болады. Қазіргі қоғамдағы өмірдің рухани өрісін қамтитын әлеуметтік мәдени өзгерістер кезінде газеттегі шағын жанрлар да мағыналық жағынан жедел дамып, қоғамның әлеуметтік институты ретінде, сөздік қордағы өзгерістерді анағұрлым толық және жылдам көрсетіп отыр.
Газет әрдайым әдеби тілдің барлық лексиконын қабылдайды, дегенмен онда тілдік құралдар қалай болса солай қолданыла бермейді, оларды таңдау мен қолданудың бас-
ты критерийі – сөздің жалпыға түсінікті болуы. Газет тілі екі түрлі қызмет атқарады, олардың бірі – белгілі бір жай туралы хабар беру болса, екіншісі – газет оқырманына ықпал ету. Ел ішіндегі «көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып отырады» деп А. Байтұрсынов баға берген осы газет тілі қазір «газет лексикасы» деп аталып жүр. Бұл мәселе шағын жанрлар тіліне де тән. Сондықтан газеттегі шағын жанрлар тілінің атқаратын қызметі қандай, оның стильдік ерекшеліктері бар ма, болса, ол қандай факторлар негізінде жүзеге асады деген мәселе зерттеу жұмысы үшін маңызды.
Газет тілі – аса күрделі және көп қырлы құбылыс, ол зерттелгенде, тұтас күйінде емес, әр түрлі қырынан – логикалық, құрылымдық-жүйелік немесе психологиялық қырларынан зерттеледі. Шағын жанрлар тілінің лексикасын зерттеу барысында, ең алдымен, газет тілінің мәдениетін тілдік норманы сақтап, дұрыс жазу ретінде қарастырған абзал. Бұл ұғым – түсінікке тереңірек ой жүгіртсек, сөздік қоры дамыған оралымды, бай тілдің ұлт мәртебесін асқақтатуға, қарапайым сөйлеу тілінің сан түрлі бояуға қанығып, көркем, әдеби тілге айналуына да мән беріледі.
Журналистің шығармашылық қуаты да шынайы контекстік образ жасауында ғана емес, қолда бар тілдік материалды жаңарта немесе өзгерте білуінде. Бұл ой газеттік-публицистикалық стильге де тән.
Газет ақпарат жеткізіп, үгіт-насихат тарататын болғандықтан, оның қызметі әлеуметтік ортамен тығыз байланысты. Сондықтан газет тілін әлеуметтік лингвистикамен де ұштастыра зерттеген жөн. Расында да, әр газеттің белгілі бір әлеуметтік топтың, қоғамдық-саяси ұйымдардың идеологиясын жүргізетіні аян, соның нәтижесінде, газеттерді оқырмандардың жас ерекшеліктеріне, кәсібіне («Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» т.б.), әкімшілік-территориялық аймағына («Алматы ақшамы», «Астана ақшамы» т.б.), жалпы қазақ қоғамына («Егемен Қазақстан», «Түркістан» т.б.) арналуына қарай топтастыруға болады.
Шағын жанрда жазылған шы-ғармалар – коммуникацияның түрі ретінде ең көп таралған шығармалар және олардың атқаратын қызметтері де әркелкі. Олар шағын жанр тілінің:
— ақпараттық және үгіт-насихат-тық;
— деректілік және көпшілікке түсі-ніктілік;
— экспрессивтік және әсер ету-шілік;
— бағалауыштық;
— танымдық;
— пікір қалыптастыру мен тәрбие-леу қызметтері деп атап көрсетілді.
Газеттегі шағын жанрлардың қызмет аясы тікелей қоғамдық пікірге ықпал жасауға бағытталған. Бұл жанрдың тілі әрдайым қоғам мүшелерінің дүниетанымын сипаттайды, қоғамдық идеологиямен біте қайнасып жатады.
Журналист халықтың ауызекі сөйлеу тілін орынды пайдалана отырып, баспасөз тілінің талабынан (деректілік, ақпараттық сипат) алшақтамайды. Қалай болғанда да, оның басты мақсаты – идеялық көзқарас пен адамгершiлiк бағыттың айқын болуы, өмірде белең алып отырған аса маңызды мәселені көтеруі мен оны шешуге ат салысуы.
Шағын жанр тілінің қоғамдық ой-сананы қалыптастырудағы пікір қалыптастыру мен тәрбиелеу сынды функциялары да айрықша мағынаға ие. Сондықтан да болар, бүгінгі таңда бұл жанр әрі ұжымдық үгіт-насихат жүргізуші, әрі ұйымдастырушы, әрі тәрбиеші, бағыт беруші, идеологияны қалыптастырушы болып, сан алуан қызмет атқарады.
Қазақ газеті өмір, тіршіліктегі болмыстың, құбылыстың, оқиға мен факт атаулының бәрін қамтиды, жұмыста әлеуметтік мәселелер жалпы баспасөз жұмысымен байланыста қаралады. Газеттің алдында тұрған міндеттерінің ең бастысы ол, алдымен, хабардың сарқылмас бұлағы, жаңалықтың жаршысы.
Газеттегі бас мақала немесе корреспонденция, репортаж, очерк болсын барлығы публицистикалық, яғни ең жоғары әдеби формадағы қоғамдық-саяси мағынада жазылуы керек.
Соңғы жылдары газет шығару темпінің аса жылдам болуы оның тілін «механикаландырып», тіпті «автоматтандырып» жіберді. Әдетте күнделікті өмірде неғұрлым көп қолданылып жүрген газет тілі (бас мақала, жеделхат, интервью) дайын шаблон бойынша, газет өндірісі үрдісінде қалыптасқан сөздік штамптармен, сөздік формулалармен, тілдік клишемен жасалады.
Журналистер фактілерге, оқи-ғалар мен құбылыстарға арнайы баға беру үшін белгілі бір жайды қалай, қандай жағдайда айтарын немесе жазарын алдын ала жоспарлап алады. Мына мақала да арнайы мақсатсыз, қалай болса солай түзілмеген, газет мәтіні ішкі – мағыналық жағынан да, сыртқы – көркемдік жағынан да тартымды болып шыққан.
Осылайша «меннен» гөрі «бізді», «сеннен» гөрі «сізді» көбірек айту, ауызша айтылатын әңгімені де хатқа түсіргендей, түсіргенде, сауатты түсіргендей етіп, артық-ауыс сөзбенен шұбарламай, жып-жинақы, татымды етіп жеткізу автордың тілдік бірліктерді аса ұқыпты қолдана білетін, сөйлеу мәдениеті жоғары адам екендігінен хабардар етеді.
Адамзат тілі – тек ақпарат алмастыру құралы ғана емес, оның диапазоны шексіз. Белгілі бір тілде сөйлейтін адамдар қауымының танымдық тәжірибесін көрсететін сөздердің мағынасы адамды әлем жайлы конвенционалды мағлұматпен қамтамасыз ете алады. Сондықтан да газет оқырманды әлеуметтік мәдени өзгерістер жайында хабардар етіп қана қоймайды, оның өзі де сол мәдени әсерге бағынады. Мысалы, қазіргі кезде жастардың мәдени өрісінің жалпы басылымдар тіліне әсер етіп бара жатқанын байқаймыз. Осылайша, бұқаралық ақпарат құралдары мәдени жаңалықтарды көрсететін мүмкіндік болып отыр.
Публицистиканың басты және
өзіндік бір ерекшелігі – ол журналистің өзі жүзеге асыратын, дамытатын, нақтылайтын, оның түрлі сипаттарының шығуына көмектесетін ойдан туады. Публицистика, әсіресе, образ-фактілерді пайдаланады. Образ-факт көркемдік заңдарына сәйкес туады және ол гносеологиялық (дүниетанымдық) фактілер сипатында болады.
Бұл фактілер түбегейлі қойылған нүкте немесе шындықтың кесіндісі емес, ол сол шындықтың белгілі бір уақытта және кеңістікте лайықты орны бар дүниелер. Екінші рет қайталанып отырған фактілер де образ-фактілер болып саналады. Журналист образ-фактіні жасағанда, өз бақылауына ғана сүйеніп қоймайды, ол газеттердегі, мұрағаттардағы және құжаттардағы баға жетпес құнды деректерді де пайдалана алады. Журналист әрдайым баяндап отырған оқиғаға деген өзінің көзқарасын оқырманға жеткiзу үшін түрлі тілдік құралдарды қолданады және осы тілдік құралдарды жүйелі пайдалана отырып, дербес авторлық бейнені қалыптастырады. Ол бейне, бір жағынан, кейіпкердің өзіне тіл бітірсе, екінші жағынан, оқиғаға деген авторлық көзқарасты айқындайды.
Қазақ халқының ұлы перзенті журналистиканың белгілі теоретигі Ахмет Байтұрсынов өзінің еңбек-терінде сәулет, мүсін және кескін өнерін, музыка мен әдебиетті, өнердің көрнекі және жинақталған түрлеріне жатқызады. Бұл қазақтың біртуар ұлының жалпы өнер атаулының барлық түріне дерлік жасаған ілтипаты, оларға берген шынайы бағасы дерлік.
Публицистика, ең алдымен, ком-муникацияның жаппай ақпарат пен үгіт-насихаттық журналистика деп аталатын саласын пайдаланады. Осылайша ол мемлекеттік және мемлекеттік емес газеттер, радио мен теледидар сияқты кең және көп тармақты жүйе арқылы өмір саласын барлық қырынан қамтитын «бүгінгі күннің тарихын» жасайды.
Журналистік еңбектер шынайы өмірдегі заңдар мен қоғам да-муының бағыт-бағдары ғана емес, бүгінгі күннің көп қырлы және түрлі бейнелі күнделікті тіршілігінің де бағыт-бағдары.
Суретші образдармен ойланса, журналист өзінің ойын логикалық пікірмен береді. Сондай-ақ көркемдік те публицистиканың ең басты қаруы болып табылады.
Мерзімді баспасөздің қызмет аясы қоғамдық санаға ықпал жасауды мақсат ету болғандықтан, бұқаралық ақпарат құралдары – мәдени-коммуникативтік жүйенің бір бөлігі, ал, оның тілі – адамның мәдени деңгейін халыққа жеткізудің құралы.
Қазіргі қоғамдағы өмірдің рухани өрісін қамтитын әлеуметтік мәдени өзгерістер кезінде, газет-журнал беттерінде кең орын алып жүрген публицистикалық стильдің «шағын жанрлар» деп аталатын тармағы да мағыналық жағынан жедел дамып, қоғамның әлеуметтік институты ретінде, сөздік қордағы өзгерістерді анағұрлым толық және жылдам көрсетіп отыр.
Газеттерге қолдау бүгінгі күні, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, келелі мәселелердің бірі болып отыр. Мерзімді баспасөздің қызмет аясы қоғамдық санаға ықпал жасауды мақсат ету болғандықтан, бұқаралық ақпарат құралдары – мәдени-коммуникативтік жүйенің бір бөлігі, ал, оның тілі — адамның мәдени деңгейін халыққа жеткізудің құралы. Қазіргі қоғамдағы өмірдің рухани өрісін қамтитын әлеуметтік мәдени өзгерістер кезінде, газет- журнал беттерінде кең орын алып жүрген публицистикалық стильдің «шағын жанрлар» деп аталатын тармағы да мағыналық жағынан жедел дамып, қоғамның әлеуметтік институты ретінде, сөздік қордағы өзгерістерді анағұрлым толық және жылдам көрсетіп отыр.
Газеттегі шағын жанрлар, газеттік-публцистикалық жанрдың басқа түрлері сияқты қысқа да нұсқа жазылуымен қатар, көркемдік бояуын қалыңдатып, өз ойын неғұрлым анық, нақты, дәлелді етіп жеткізу мақсатында көркемдік тәсілдерді қолдануымен ерекшеленеді.
Бұл журналистерден аса бір шеберлікті, білімділікті, жылдам-дықты қажет етеді. Бүгінгі күнгі жарияланымдардың бір-біріне ұқса-майтын жеке-дара ерекшелігінің болуының себебі де осында. Өйткені оларда сезімге әсер ететін, сөзді жандандырып, тілімізге өткірлік сипат, ұлттық ажар беретін құралдар баршылық.
Соның нәтижесінде бір мә-тіндерде аз сөзбен көп мағына беріліп, айрықша эмоциялы сөздерді аз қолданылып, негізінен тек нақты фактілер арқылы ғана сөйлейтін болса, екіншілерінде, керісінше, қалыпты емес лексиканы батыл қолданып, автор айтар ойын әжуа-мысқылмен жеткізіп отырады. Ал, үшіншілерінде автордың адресатқа деген құрметі аса жоғары болады, сондықтан ол ойын көркемдеп, әсерлендіріп жеткізудің амал-тәсілдерін іздейді. Қалай болғанда да, шағын жанрлар стилі үшін қандай жол-тәсілді таңдау журналистің өз құзырында, өзінің кәсіби шеберлігі мен интеллектуалдық ерекшелігінде болмақ.
«Төртінші биліктің» рөлі үл-кен, өйткені журналистер тіл мәдениетінің нормасына өздері жауапкер. Журналистің сөзімен оқырман күнде танысады, сондықтан ол тілдің бағытының нақты қалыптасуына үнемі ықпал жасап отырады. Тіл білетін адамдар үшін, әрине, бұл табиғи нәрсе, өйткені журналист нормадан ауытқып кетсе, мәтінді ұғу тыңдарманға да, оқырманға да қиындық туғызды.
Қандай да бір газет материалы болмасын, оның ішінде шағын жанрлар тілі оқырман түсінігіне қиындық әкелетін сөздерден аулақ болғаны абзал.
Газеттің, онда жарияланатын шағын жанрлардың қоғам дамуын-дағы рөлі аса маңызды. Ол күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің барлық саласында барынша қызмет етіп келген, қазір де қызмет етуде. Газет тілі – көпшілік назарындағы көрнекі тіл. Қазіргі кезде ол ұлтымыздың әдеби тілін, жалпы тіл мәдениетін дамытуға үлесін қосып отыр. Бүгін тіл білімі ғылымы саласында газет тілінің әдеби дәстүрлі нормаларын сақтау, оның дамуындағы негізгі үрдістер бойынша теориялық қағидалар жасап, басты ғылыми ұстанымдарын айқындау қазақ сөз мәдениетіндегі өзекті мәселеге айналып отыр.
Адамзат баласы өз әрекеті барысында өнер туралы, ғылыми-техникалық жаңалықтар, күнделікті тіршілік т.б. жайлы өз ойын үнемі ортаға салып отырады. Жаппай коммуникация – әлеуметтік қарым-қатынастың айрықша түрі. Бұл қатынастың маңыздылығы – оның өзіндік ішкі үрдісі мен мәдени сипаты бар адам қоғамының қызмет ететіндігі. Мұндай коммуникативтік қарым-қатынас әрдайым адам болмысының рухани және ақыл-ой өрісіне тікелей қатысты болып табылады. Газет мәтіндерінің өзіндік ерекшеліктері көп және олар әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Газет мәтінінің күрделілігі олардың жанрлық жағынан айқындалмауында, ауызша және жазбаша тілдің аралас қолданылатынында.
Газет тілі мен оның жазба әдеби тіл ретіндегі ерекшеліктерін талдап көрсету барысында «газет публицистикасының» көп қырлылығы анықталды. Әсіресе газеттегі шағын жанрдың түрлерін анықтап, олардың өзіндік стиль ерекшеліктеріне, мағыналық-құрылымдық сипаты мен толығуына, көркемдік ерекшеліктері мен лексикалық сипатына кешенді талдау жасаудың қажет.
Газеттегі жанрлардың міндеті – жаңа оқиғалар, бар фактілер жайлы оқырманды жылдам хабардар ету, ал, оған жататындар – хабар немесе шағын ақпараттық мақала, аналитикалық есеп, репортаж, сұхбат, хроникалық мақала, комментарий, журналистік зерттеу, жарнама, сауалнама, пресс-релиз, дайджест немесе ақпараттық шолу, еске алу, қазанама, хабарландыру, хат, пікір. Олардың әрқайсысының функционалдық ерекшеліктері бар.
Баспасөз бетінде жаңа жанр-лардың пайда болуының себебі, біріншіден, адамдардың ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыру болса, екінші жағынан, олардың назарын маңызды фактілерге, оқиғаларға аударып, қоғамдық пікірге ықпал жасау. Алайда ескілері мүлдем жойылып кетпейді, жанр түрлерінің қорын толықтырып тұра береді.
Газеттегі шағын жанрлар тіліндегі ең басты мәселе коммуникация, яғни тіл арқылы байланыс, қарым- қатынас жасау. Халықтың тұрмысы, ұлттық мәдениеті мен тарихы жайлы материалдар баспасөз тілінің лексикалық құрамын байытып келді. Дегенмен басылым материалдардың негізі қазақтың төл сөздері болды және олар әр қилы заманға сай өзгеріп, толығып отырды. Газет тілінің де тілдік жүйе мен оның құрылымын қалыптастыруда, сол арқылы тіл мәдениетін арттыруда рөлі зор. Ал, тіл нормасы мәселелерін қарастыру оны стилистика мәселесімен сөзсіз байланыстырады. Публицистикалық стилистиканың мақсаты ақпаратты хабарлау, бір нәрсеге оқырманның көзін жеткізу болса, ол да әдеби тіл нормасының қалыптасуына нақты ықпал жасайды.
Сонымен қатар, қоғамдағы өзгерістер нәтижесінде шағын жанрда да жаңаша сөз қолданыстардың пайда болатыны қарастырылған.
Еліміз егемендік алғаннан бастап, қалыптаса бастаған термин сөздердің шағын жанрларда қолданылуы да орынды. Терминдік жүйе мен оны түзу – ұлттық тілдің ресми және мемлекеттің бүкілхалықтық тіл дәрежесіне көтерілуінің негізі. Шағын жанрларда қолданылатын термин сөздер – осының дәлелі. Дегенмен, бұл орайда да шет ел тілімен араласып ана тілімізді шұбарлаған терминдердің кездесетіні – келеңсіз жай болып отыр.
Газеттегі жанрдың лексикалық құрамын байытуда орыс сөздерінің, орыс тілі арқылы басқа тілден енген сөздердің ықпалы зор болды. Орыс және басқа шет ел тілдерінен енген сөздердің қолданылу жайы мағыналық тұрғыдан орыс сөздерін төл сөздері ретінде қолдану, орыс сөздерін пуристік бағытқа лайықтап қолдану, орыс тілі арқылы басқа шет ел тілдерінен енген сөздерді пайдалану, орыс сөздерін автор эмоциясын білдіру мақсатында қолдану деп жіктелді. Сонымен қатар, орыс сөздерін қазақ тіліне тікелей аударудың екі жолы анықталды.
1) қазақ тіліндегі байырғы мағы-надағы сөздерді қосымша реңк беру арқылы жаңа сөз ретінде қолдану (екі жұлдыз);
2) сөз арасына біреу айтқан орысша сөйлемді тұтастай кірістіріп айту.
Орыс тілінен тура аударылып қолданылған сөздердің барлығы бірдей қазақ ұғымына дәл келіп жатпайтыны анықталды. Мұндай аудармалардың көпшілігі қазақ тілін байырғы тілден гөрі балама тілге, «аударма, кірме тілге» айналдырып жіберетіні анық. Баспасөз тілін осындай қолданыспен толтыра беретін болсақ, ана тіліміздің бай сөздік қорына нұсқан келтіріп, оның орнына әдеби тіл нормасына жат сөздердің белең алуы мүмкін екендігі атап көрсетілді.
1. Публицистикалық стильде түрлі типтегі фразеологизмдер қолданылады. Оларға кітаби және ауызекі сөйлеу фразеологизмдер жатады. Фразеологиялық тіркестердің экспрессиялығы да әркелкі бола береді. Шағын жанрларда фразеологиялық тіркестер тұлғалық өзгерістерге де ұшырап қолданылады (отына май құя түскендей болды, балықты басынан шірітейін деген), бұл автордың түрлі модальдік көзқарасын, құптауын, құптамауын т.б. қатысын білдіреді.
2. Газеттің шағын жанрларындағы мақал-мәтелдердің қолданылуы, біріншіден, тіліміздің осынау асыл нұсқалары арқылы ақпараттық мағлұматтардың шұрайын келтіру. Екіншіден, кей жағдайда мақал-мәтелдер автордың әр түрлі стильдік мақсатты көздеуіне орай өзгертіліп те қолданылады.
Осының бәрі мақал-мәтелдердің ақпаратты материалдың шұра-йын келтіру үшін, автордың стильдік мақсатын көрсету үшін қолданылатына нақты дәлел болып табылады.
3. Газеттегі шағын жанрда да шығарманың сәнін келтіріп тұратын көркемдегіш құралдар (синонимдер, теңеу, эпитет, метафора, перифраз, әсірелеу, ирониялар) қолданылады.
4. Газет тілі, сонымен қатар, тіл мәдениетінің бағдаршамы, айнасы іспеттес. Ол тілдік элементтердің орын-орнымен, талғампаздықпен
және нормаға сай қолданылуын тексереді. Газет тіліндегі тіл мәдениетіне жатпайтын құбы-лыстарға диалект сөздер, қара-пайым және ауызекі сөйлеу тілі бірліктерінің, әдеби тілде баламасы бола тұра, орынсыз қыстырмалануы, әр түрлі әлеуметтік диалектілердің (жаргон, варваризмдердің) кездесуі, бір сөзбен айтқанда, әдеби тіл нормасының бұзылуы жатады.
Газеттік-публицистикалық стильде жазылған шығармалардың ішінде шағын жанр материалдарының өзіндік стильдік-құрылымдық және лексика-грамматикалық ерекше-ліктері бар, олардың мағынасы терең және олар оқырманмен тікелей экспрессивті-эмоционалдық қатынаста болатын аса құнды газет жанры.
Еліміз егемендік алған уақыт көлемінде заманауи әлеуметтік ақпараттың көптігіне орай, публицист оқырман аудиториясына ықпал жасайтындай етіп мәтін құрастырады және сол мәтін арқылы күнделікті болып жатқан саяси үрдістердің шұғыл, деректі – эмоционалдық көрінісін сипаттайды.
Басылым бетіндегі мәтіндер бүгінгі жаңа ақпараттық дәуірде түрлі мағыналық өзгерістерге ұшырап әрі дамып отыр. Газет материалдарының өз оқырмандарының тілін қалып-тастыруға көп ықпал ететіні белгілі. Газеттегі шағын жанрлардың оқырмандарымен ара қатынасының аса нанымды әрі жиі болуы оларды өздігінен ойлауға, мәселені түсіндіре алуға үйретері және осы негізде «стиль–жанр–мәтін» рөлін нақтылай түсері анық.
Кейінгі кезеңдерде әдеби тілімізден орын алып, белгілі қажеттілікті өтеп жүрген тілдік құбылыстардың көбі ең алдымен мерзімді баспасөзде қолданыс тауып, қалыптасып, нормаланып барып, әдеби тілге еніп отыр.
Газет – бұқаралық қатынас құралдарының ішіндегі ең көнесі. Бұқаралық қатынас құралдары жаңа идеялар мен көзқарастар таратудың қуатты құралы, интеллектуалдық және рухани әсер етудің құралы, сондай-ақ адамдар арасындағы әлеуметтік және мәдени қарым- қатынастың ұйымдасқан түрі болып табылады. Жазба әдеби тілдің қалыптасуымен қатар дүниеге келген ақпарат құралдарының алғашқы түрі болғандықтан, газет жазба тілдің формасын көрсетеді, сөйтіп, тілдің жаңа құрылымдық элементтерін қолданысқа түсіреді
Қазіргі қазақ газеттерінің идеялық-тақырыптық, лексикалық, стильдік тұрғыда жаңаруы, сандық-сапалық тұрғыдан өзгеруі сияқты теориялық, практикалық мәселелер тәуелсіздік алғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аралықтағы қазақ баспасөзінің қарқынды дамуына арқау болған мынадай құбылыстарды атауға болады:
-газет бетінде жаңғырған ұлттық сана;
-тәуелсіздік идеясы мен мемлекеттік тіл мәртебесі;
— экономикалық-саяси өрлеу мақ-
саттарының айшықталуы т.б. Осыған орай, қоғамда туындаған тың тақырыптарға байланысты мен жаңа қолданыстар, жаңа терминдер дүниеге келе бастады.
БАҚ тілі шектеуліктердің көбінен арылып, жеке ағзаға айнала бастады. Бұл ағзаның өмір сүруін қамтамасыз ететін түрлі ресурстар жеткілікті. БАҚ-қа деген сұраныс деңгейі де жоғары, ақпараттық жанр газеттердің күнделікті ісінде өте маңызды орын алады. Ол қоғам өмірінде болып жатқан жайларды дәл және дер кезінде қалың оқырманға жеткізеді. Ақпараттық жанр жаңалықты жариялағанда, өмірде кездесетін кез келген фактіні хабарлай салуға тиісті емес, ол көпшіліктің назарын аударарлық, қоғамдық пікір туғызатын, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, аса құнды мәні бар құбылыстар мен оқиғаларды уағыздайтын ұтымды фактілер болуға тиіс.
«…Онда баяндалатын ой бүгінгі күн үшін аса өзекті. Яғни бір-екі жыл бұрын немесе өткен айда орын алған оқиға, яки саяси жағдаят, бүгін таңертең болған оқиғамен салыстырғанда, жаңалық сипатын жоғалтатыны сөзсіз.
Газеттегі жанрлары мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты, ел ішіндегі, әлемдегі маңызды оқиғалармен қатар, көбінесе қоғамның әлеуметтік және рухани-мәдени контексіндегі бүгінгі газеттің шығармашылық сипатын да көрсетеді.
Газет ұжымының қоғамдық өмірге белсене араласып, туған жерінің түрлі аймақтарында болып жатқан жайттарға дер кезінде үн қосуының арқасында көпшілікке хабарланатын ақпараттар ағымы тым кең ауқым алған. Газет қызметкерлері аз көлемді материалдарда маңызды мәлімет береді, оны оқырманға әсерлі жеткізеді. Бұл – еліміздің егемендік алған 30 жылдан аса уақытта газетке қойылған шектеулердің бұзылғаны, қоғамда демократиялық көзқарастың еркін қалыптасқанының көрінісі.
Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған бүгінгі таңда қоғамдағы өзгерістерді оқырмандарға жеткізуде баспасөздің басты тұлға болып отырғаны рас. Осы мақсатты жүзеге асыруда газеттің, оның тілінің де орны ерекше. Тілдік қолданымдардың үнемі жаңарып немесе өзгеріп отыруына орай, газет тілі де біртіндеп өзгеріп, толысып, бір үлгіге түседі.
Публицистиканың аса маңызды қызметтерінің бірі – ақпараттық. Алайда газеттің осынау ең әуелгі тарихи қызметі бірте-бірте үгіт- насихаттық (немесе әсер етушілік) қызметке жол берді. Осыған орай публицистиканың ықпал етушілік қызметі айқын және анық көрінетін болды журналист әлеуметтiк шындықты терең түсiне отырып, шұғыл ойлауға, ой-тұжырымын да жылдам жасап, халыққа әсерлі жеткізуге міндетті.
Газет мақалаларында сөздің эстетикалық күш-қуаты, кейде көркем әдебиетте баяндалған қарабайыр сөз оралымдары мен сөйлемдерден де артық қызмет атқарады.
Журналист оқырмандарға әлеу-
меттік маңызы бар фактілер – оқиғалар мен құбылыстар туралы ақпарат беруді ғана емес, сол ақпаратқа өз тарапынан баға беру міндетін де қояды.
Түрлі әлеуметтік жағдайларды, құбылыстарды дер кезінде оқыр-манның құлағына жағымды, ойына сіңімді етіп жеткізу автордың дүние танымдық деңгейіне, оның заманауи мәселелерді қаншалықты ой елегінен өткізіп, бейнелі сөздермен көркемдеуіне байланысты.
Бұқаралық ақпарат құралдарының ең көнесі – газет қоғамдық қатынастарға, саяси идеологияға, қоғамдық-экономикалық, мәдени қатынастарға әлі де үздіксіз қызмет ете береді.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *