Жаһандану жағдайында қaзipгi заманғы қоғамның саяси өмipi бұқаралық ақпарат құралдарынсыз, ақпараттық технологияларсыз, интернетсіз, әлеуметтік желілерсіз мүмкін еместігіне көзіміз әбден жетті. Ақпарат ағыны білімі жетік...

Жаһандану жағдайында қaзipгi заманғы қоғамның саяси өмipi бұқаралық ақпарат құралдарынсыз, ақпараттық технологияларсыз, интернетсіз, әлеуметтік желілерсіз мүмкін еместігіне көзіміз әбден жетті. Ақпарат ағыны білімі жетік маманның өзінің бағыт-бағдар табуы қиын нағыз «ақпарат тасқынына» айналып бара жатыр. Ал бұл жағдайда Қазақстан Республикасы үшін БАҚ пен қоғамның саяси саласының өзара ықпалдастығы аса өзекті мәселе болып отырғаны даусыз.
Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен стратегиялық тұрақтылығының қоғамды билік, БАҚ және азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл механизмінің қаншалықты сауатты жетік реттелуіне тәуелді екені түсінікті. Бұл фактор қоғамның жүйелі жаңартылуына да, Жаңа Қазақстанның жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына да әсерін тигізеді.
Қазіргі заманғы БАҚ-қа қолдау көрсету, кездесіп жатқан кедергілер мен қиыншылықтарды шешу, жаңалықтар мен реформаларды мемлекеттік деңгейде қабылдау, қолдау көрсету екпінді түрде кеңейіп келеді.
Өйткені, ХХІ ғасырда масс-медиа біздің өміріміздің, мәдениетіміздің, күллі әлемнің экономикасы мен саясатының орталығына айналды. БАҚ пен қазіргі саясат әлемдегі барлық адамның өміріне ене, қабаттаса ере жүреді.
Сондықтан еліміздегі белсенді журналистердің қазіргі БАҚ жайлы пікірлерін, журналистикадағы жаңа ұғымдар, жаңа көзқарастар, бағыттар туралы тұжырымды ойларын ұсынамыз.

 

ГУЛНАРА
Гүлнарa Бажкенова
Esquire.kz cайты, шеф-редактор

ӘЛЕУМЕТТІК ТАҚЫРЫПТАР – ӘРҚАШАН ӨЗЕКТІ

Америкалық журналист Марта Геллхорн – ХХ ғасырдағы Америка қоғамына ең көп ықпал еткен бес журналистің бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери журналист ретінде аты шықты, ал одан бұрын, Ұлы күйзеліс жылдарында әлеуметтік репортаждарының арқасында танымал болған. Ескі америкалық газеттердің тігінділерін көтерсеңіз немесе оның үздік мақалалар жинағын алып қарасаңыз, біріншіден, жарты ғасыр өтсе де, олардың әлі де қызықты оқылатынын, екіншіден, онда сандар мен деректер келтірілген «фактаж» аз екенін байқайсыз.
Батыс әскерінің аса маңызды шабуылы туралы репортажында Марта Геллхорн материалдың көп бөлігін сол маңдағы ауылдардың балаларына арнайды. Ал президент әкімшілігі және Элеонора Рузвельт өзі аса жоғары баға берген (Марта Геллхорнның саяси карьера жасауға мүмкіндігі бар еді, бірақ ол журналистиканы таңдады) кедейлер мен жұмыссыздар саны туралы мақалада статистикалық деректер де, эксперттердің пікірі де жоқ – олардың орнына очерктерде кедейлер мен жұмыссыздардың өзі сөйлейді. Марта Геллхорн қай кезде де алдыңғы орынға адамды шығаратын. Сөйтіп, тарихта ұлы журналист болып қалды. Журналистикада табысқа жеткісі келетіндер үшін бұдан артық мысал жоқ деп ойлаймын.
Бір сөйлем қағидасы. Тозып кеткен су құбырларынан бастап, ірі қара малдың санына дейінгі әлеуметтік мәселелерді шиеленіскен детектив, қызықты оқиға немесе әдемі төгілген эссе түрінде, сарыжағалдық пен аудиторияға көз қысуға ұрынбай-ақ беруге болады. Алдымен, сюжетіңіз не туралы, осы оқиғаны баяндай отырып әлемге не айтқыңыз келеді, соны түсініп алу керек.
Репортаж, очерк, эссе, баған, телесюжет, кітап немесе фильм – кез келген туындының идеясы қорытылған күйде есімхаттың арғы бетіне сыйып кетуге тиіс. Ал жазғыңыз келген мақала мен түсіргіңіз келген сюжеттің идеясын бір сөйлеммен жеткізе алмасаңыз, материалыңыз не туралы екенін өзіңіз де түсінбейсіз деген сөз. Ендеше, ол материал шықпайды. Материалыңыздың басты идеясын анықтап алғаннан кейін жұмысқа кірісеміз.
Ендігі жерде кейіпкеріміз кім екенін түсіне аламыз. Журналистік материалда ашылатын мәселе кімнің мүддесіне тікелей қатысты? Ол адам қандай әлеуметтік, гендерлік немесе басқа топқа жатады, жасы нешеде? Осы сұрақтарға жауап беріп болған соң кейіпкер іздейміз. Кейіпкер «Кейіпкерді қайдан іздейін? Көшеден бе?» – деп сұрады менен жазуды жаңа бастаған журналист. Бұл сұрақты шеберлік сабақтарында да, редакциядағы күнделікті жұмысымда да жиі естимін.
Несі бар, көшеден де іздеуге болады, тек, кездейсоқ жолым болар деп үміттенбей, барынша мақсатты әрекет еткен абзал. Сіз қойып отырған мәселенің мәнін ашатын, көрнекі ете түсетін, растайтын тәжірибесі бар кейіпкерді нақты орындардан іздеу керек. Олар жиналатын, мекен ететін, жұмыс істейтін, демалысын өткізетін, көмек сұрайтын жерлерден іздеңіз. Ол үшін кейіпкер қандай әлеуметтік топқа жататынын анықтап алу керек.
Жалғызбасты қариялар туралы репортаж жасайтын болсаңыз, әрине, алдымен ойға оралатыны – қарттар үйі; тұрмыстағы зорлық-зомбылық жөнінде жазсаңыз – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының дағдарыс орталықтары және оларға көмек көрсетумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар арқылы іздеген дұрыс. Сондай-ақ, оқиғаның ортасына бару керек. Мысалы, 2013 жылы үкімет бала тууға байланысты берілетін төлем мөлшерін азайтып тастаған кезде, Алматыда жас әйелдер флэшмоб-ереуіл ұйымдастырып, телерепортаждар мен салмақты басылымдардағы мақала авторлары журналистердің кәсіби слэнг тілінде аталатындай «профиль» кейіпкерді сол жерден тапты. Бала тууына байланысты берілетін төлем мөлшерін азайту туралы үкімет шешімі – объект – жас аналар – қайда жүреді – ереуіл/перзентхана/балабақша/әлеуметтік желілер Профильсіз әлеуметтік материал солғын шығады, ал тақырып ашылмай қалуы ықтимал.
Кез келген сан, заң, құбылыс, апаттың артында адам тұрады. Журналист сол адамды ірі планда көрсетуі керек. Әңгіме ғаламдық жылу туралы болса, осы табиғи құбылыстың зардабын тікелей тартып отырған халық өкілінсіз материал абстракт және жалпылама болады. Ол халық Гималай немесе Амазонка тұрғындары, полюстегі зерттеуші немесе суғарма суға тәуелді өзбек дихан болуы мүмкін. Елдің солтүстігіндегі өзендерді оңтүстікке бұру жөніндегі Қытай жоспары туралы билік басындағылардың алпауыт жоспарының жолында тұрып қалғандар, ал биржадағы кезекті «қара жұманың» өкінішін кокаиншы-блогердің жеке оқиғасы жақсырақ түсіндіріп бере алады. Анализ, инфографика, деректер деген жақсы, әрине, алайда, адамсыз оның бәрінің мәні жоқ.
Болып жатқан оқиғаның қыр-сырын адамдар мен олардың басынан кешіріп отырған оқиғасынан артық ештеңе түсіндіре алмайды. The Guardian өзендерді солтүстіктен оңтүстікке бұру жөніндегі Қытайдың алпауыт жобасына арналған жобасында кейіпкерлер – ұлы өзендердің суы бар тіршілігін, қора-жайы мен тұрмысын жер бетінен шайып кетіп, дымсыз қалған шаруа отбасы. Жоба аясында 345 мың ауылды су шайып кеткен, алайда The Guardian журналистеріне жай ғана сандарды тізіп шығып, өзге деректерді келтіре салу аз. Миллиондаған зардап шеккен шаруа арасынан олар біреуін ғана алып, алдыңғы планға шығарды.
Тек, бұл ретте қалыптан шықпай қалу қаупі бар: зердеңіз мен қиялыңызды іске қоспасаңыз, жеке адамның жағдайы штампқа айналып кетуі мүмкін. Өз тәжірибеме сүйене отырып айтсам, телевизиядағы жаңалықтардың бәрінде осы жағдай бар – оған форматтың техникалық шектеулері мен уақыт тығыздығы ықпал етеді. 1,5-3 минут эфирде мәжіліс қабылдаған жаңа заң туралы айтып, түрлі көзқарасты көрсететін тәуелсіз эксперттердің пікірін беріп, сол жаңа заңнан пайда көретін немесе зардап шегетін сол бір кішкентай адам туралы айтып үлгеруің керек.
Осының бәрін бір күн ішінде жасап, кешкі 21.00-де эфирге шығатын жаңалық сюжетіне сыйғызуың керек. Кеше басқа сюжет жасағансың, ертең тағы басқасын жасайсың. Нәтижесінде көретініміз – даладағы түсірілім, жалпы планда камера алдында жүрген кейіпкер, міне, кейіпкер отбасымен үйінде отыр – бұның бәрі мың рет өткен дүние, әр жолы шығармашылық шешім іздеу керек. Қалыпты көрініс пен қойылымдардан қашу үшін сюжетті алдын ала жоспарлап, дайындалу керек, заң ресми қабылданып, сюжетті эфирге беретіннен бір күн бұрын кейіпкерді түсіріп алған дұрыс. Сонымен қатар, қалыптан тыс кейіпкер тауып, реал уақыт режимінде, кейіпкерді әрекет үстінде түсіру керек: айталық, аспаз болса – асүйде камера алдында оператордың бұйрығын орындап емес, өзінің күнделікті үйреншікті жұмысын істесін, шахтер болса – жер астына түсіп, кен өндірсін, қасында камера ұстаған журналистер баржоғын ұмытып кетсін.
Интернет пен әлеуметтік желілер заманында, әрине, БАҚ осы бір алып бәсекелесі мен көмекшісінен бас тарта алмайды. Сізге мақала жазуға көмектесе алатын адамдар сізден қол созымда отыруы мүмкін – арнайы топтар мен форумдардың тұрақты қатысушыларымен достасып алыңыз.
Өз тәжірибемнен. Кейіпкер табу, олардың әлеуметтік тақырыптарды ашудағы көмегі жөнінде өз тәжірибемнен мысалдар келтіре кетейін. АИТ шалдыққан адамдар туралы бізде мыңдаған мақала жазылып, өзекті репортаждар түсірілген. Әдетте, СПИД-ке қарсы күрес күнінде БАҚ статистикалық деректерді – биыл қанша адам ауырғанын, былтырғыға қарағанда көрсеткіш қаншаға артқанын, өкімет күреске қанша қаражат бөлгенін санамалай жөнеледі. Бұл сандардың артынан адам көрінбей қалады. Кімді айтып отырмыз? Қазақстандағы АИТ жұқтырғандар кімдер? Жай ғана статистикалық деректерді тізіп шыққаннан оқырманның жана-*шырлығын оятпақ тұрмақ, тақырыпқа деген қызығушылығын да тудыра алмайсыз. Қоғамның мәселеге деген қызығушылығын өлтіргіңіз келсе – жалпылама фактілер мен құрғақ сандарды жаңылтпаш сияқты судыратып айтып шығыңыз. Кейіпкер болады-ау деген адамдарды тапқа журналистика практикалық нұсқаулық нымда, оларға осыны айттым.
Материал әзірлеудегі тағы бір қиын сәт – кейіпкерді сөйлеуге көндіру. Мен АИТ жұқтырған адамдарды тауып, олардың өмір үшін күресін баяндап бергім келді. Алғашқы кейіпкермен кездескенге дейін-ақ, сау адамның өзіне өмір сүру қиын Қазақстанда «СПИД тасымалдаушы» атағын арқалап жүру өте ауыр екенін білетін едім.
Бұл фоторепортажды кезінде аса танымал болған қазақстандық Voxpopuli.kz сайтына арнап әзірлегенмін. Кейіннен сол репортаж туралы сұрақтардың арасында ең көп қойылғаны – тіпті журналистерден емес – диагнозын жасырып өмір сүріп жүрген кейіпкерлерімді қалай тапқаным және сонша адамды камиң-аут жасауға бірден қалай көндіргенім жайында болды. Алғашқы сұрақтың жауабы оңай: кейіпкерлерімді жоғарыда айтылған жоспармен таптым. Ауруға шалдыққан адамдарды қайдан табуға болады? Оларға көмек көрсетілетін жерден.
Бұл ретте ол орын – үкіметтік емес, коммерциялық емес ұйым, АИТ жұқтырған адамдардың басын қосып, оларға көмек көрсетіп, оқытып, қорғаумен айналысатын қауымдастық болды. Оны осы аурудан өзі зардап шегіп жүрген адам құрып, басқарған. Ол өзі де ашық түсірілімге, шынайы сұхбатқа келісті, қауымдастықтың өзге мүшелерін де жобаға қатысуға көндірді.
Бәріміз өмір бойы жасырынып жүруге болмайды деген қорытындыға келдік. Сөйтіп, олар маған оқиғаларын айтып берді: жүрек сыздатар, ашық та шынайы, сөйте тұра үмітке толы адам тағдырлары кімге болса да сабақ болуға лайық. Voxpopuli сайтындағы қаралым саны, пікірлер, цитата мен ортаға салу санына сенсек, бұл репортаж дер кезінде жазылған. Онда статистика мен цифр мүлде жоқ, тек ресми органдардың есебінде аталатын адамдар ғана болды. Бұл – Қазақстандағы жазылмас аурудың азабымен алысып жүрген көп адамның жұрт көзіне алғаш көрінуі еді. Олар Қазақстанда иммунитет тапшылығы вирусын арқалап жүру қаншалықты қиын екенін, вирус жұқтырғанын алғаш білгенде қандай күйде болғанын айтып берді.
Осы сайтқа арналған тағы бір репортажда фотограф Николай Судаков екеуміз хиджаб киген қыздар туралы айттық. Бұл да сол кезде жұрттың бәрі – қарапайым жұрттан президентке дейін сөз етіп жүрген адамдарды ірі планда көрсетіп, сөз берген Қазақстандағы алғашқы материал еді.
Бұл 2011 жыл болатын, мәселе жұрт назарына іліккен кез, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқтын-оқтын студенттер мен оқушылардың хиджабына қатысты шу шығып жататын, алайда, ол қыздардың өзін көрмейтінбіз. Олардан ешкім, айталық, неге бұлай киінуді қалағанын сұрап көрген емес. Кейіпкер іздеп тағы да үйреншікті жолмен жүрдім – олар көп жүретін жерлерге – медресе, мешіттерге, мұсылман киімін сататын жәрмеңкелерге бардым. Танысамын, кәсіби қызығушылығымды ашық айтамын, фотосессияға қатысып, сұхбат беруге қолқа саламын. Қыздардың келісімін алу оңай болған жоқ, алайда, журналист мамандығы сендіре, көндіре білуді талап етеді.
Біреудің артынан аңдып, қорқытып, бопсалауға болмайды! Бар-жоғы адамша сөйлесіп, сеніміне кіріп, психотерапевтің рөліне ену керек. Кейіпкер болуға лайық деген адамға оның жобаға қатысуы неліктен маңызды екенін түсіндіре білу керек: «Сіз ештеңе айтқыңыз келмесе, сізді ешкім естімейді, ешкім түсінбейді – жұрт тек сізге қарсыларды ғана тыңдай береді! Бізге бір-бірімізді түсінуге ешкім көмектеспейді, мәселемізді өзімізден басқа ешкім шешіп бермейді!».
Өзім осылай ойлағанмын, ойлаймын да, әрі адамдарды репортаждарымның кейіпкері және, айналып келгенде, авторларының біріне айналуға көндіру үшін осындай уәж айттым. «Люди со статусом» репортажынан, ондағы кейіпкерлердің айтқандарынан (мен автор ремаркасын қоспай, кейіпкерлердің өзін сөйлеттім) Қазақстандағы АИТ жұқтырған адамдар үшін тұрмыс және саясат тұрғысынан ең қиыны не екенін түсінуге болатын еді. Ол – надандық пен соқыр сенім. Сондай-ақ, вирус жұқтыру қаупі кімге төніп тұрғанын да көруге болатын: жұрт ойлағандай емес, есірткіге тәуелділер мен олардың әйелдері екен. Ал «Кто ты, девушка в хиджабе» репортажы кейіпкерлерімнің – Қазақстан қоғамының түрлі қабатынан шыққан, бір-бірін мүлде танымайтын қыздардың хиджаб киюі Құранды тереңдей оқудан басталғанын көрсетті.
Фичер. Фоторепортаждан бөлек, аудиторияға мәселенің төркінін жеткізе алатын басқа да көптеген форматтар бар. Олардың бірі – фичер – кейіпкерлер де, эксперттер де, сыншылар да, автордың дауысы да бар үлкен, терең репортаж. Бұл – нарратив, автордың атынан айтылатын әңгіме. Esquire Kazakhstan үшін жазылған «Кулаками не машут» атты мақаламда өзі шыққан әлеуметтік топ үшін революциялық өзгерістерге күш жұмсамай қол жеткізген адамдар туралы айтқым келді. Олар мені ереуілге шықпай-ақ, өзіме құлақ салып, мұқтаждықтарыма назар аударуға үйретті. Олардың жұмыс тәсілі – адвокаси, күнделікті бір тарапта адамдармен, бір тарапта – барлық деңгейдегі – үкіметтен бастап парламент пен әкімдерге дейін – билік өкілдерімен жұмыс істеу.
Бұл жолы жұмысты деректерді сараптаудан бастадым: қай әлеуметтік топ өзі үшін артықшылықтарға қол жеткізгенін және қай топ керісінше, жағдайын еш өзгерте алмағанын зерттедім. Заңдардағы, қоғамдық пікірдегі, құқық қорғау жағдайындағы өзгерістерді сараптау негізінде біздегі ең ілгері жылжыған топ – мүмкіндігі шектеулі адамдар, атап айтқанда, қоларбаға таңылған мүгедектер деген қорытындыға келдім. Мүгедектердің жағдайы әлі де қиын болып келе жатса да, дәл осы топ өз жағдайын жақсартуға біраз ілгерілеуге қол жеткізген – оны байқау үшін осы ортадағы қарсылық көңіл-күйінің өзгеруін бір шолып шығу жеткілікті. 90-жылдары мүгедектердің ереуілдері тұрақты түрде өтіп тұратын, олар кез келген қарсылық шеруінің алдыңғы сапында тұратын.
Кейінірек, 2000-шы жылдары олар өздерінің қоғамдық ұйымдары арқылы, билікпен келіссөздер жүргізе, заңмен жұмыс істей отырып өздеріне жеңілдіктер, жәрдемақы, артықшылықтар берілуіне қол жеткізе алды.
Мысалы, мынандай дерек: жақсы болсын, жаман болсын пандустар ғимараттарды салушылар мен олардың иелеріне пандус салуды міндеттейтін заң шыққаннан кейін салына бастады, ал сол заң мүгедектер ұйымдарының қысым көрсетуімен қабылданды. Олар бұл заңды аса белсенді түрде қолдады, түгел өздері жазып шықты десе де болады. Мен өзі мүгедек бола тұра, Қазақстандағы барлық пандустарды салды деуге болатын адаммен кездесіп, сұхбат алдым. Физика-математика ғылымдарының кандидаты Қайрат Иманәлиев адвокаси, заңдық қарсылық қозғалысының басында тұрған адам. Қайрат Иманәлиев кейіпкер болған «Кулаками не машут» атты мақаланы өзге басылымдар көшіріп жариялады, кейбір үкіметтік емес ұйымдар есептеріне кіргізді, оның ізімен мен екі рет ток-шоуға шақырылдым, ал сайтта оны 100 мыңға тарта адам оқыған. Ал айналып келгенде материалдың өзі журналистердің көбі қолын бір сілтейтін, ең қызықсыз саналатын тақырыпқа арналған болатын.
Бірақ мен алдыңғы қатарға цифр, статистиканы, не болмаса, жұлдыздар мен әлеуметтік қорғау министрін емес, адамдарды шығардым. Өз тәжірибемнен тағы бір мысал келтірейін. Білім беру жүйесі туралы «Мучат в школе» деген шартты атаумен шыққан мақалалар топтамасы. Мыналар негізге алынған: 1) құжаттар; 2) сұхбат; 3) деректерді сараптау. Құжаттар – халықаралық білім беру саласындағы рейтингтер ұйымы – PISA есептері. Оларда қазақстандық оқушылар дамыған және орташа дамыған көптеген елдердегі қатарластарынан артта қалып келеді делінген. Бұл есепті менің қолыма жеке байланыс арқылы келіп түсті. Бұл журналист үшін жеке байланыс қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондай-ақ, есепке сәйкес, қазақ мектептерінің оқушылары орыс мектептерінің оқушыларынан екі жылға артта келе жатыр екен, ал орыс мектептерінің оқушылары Ресейдегі орыс мектептерінің оқушыларынан қалып келеді. Сондықтан, бас кейіпкерді қазақ мектептерінің орыс тілін білмейтін түлектері арасынан іздеуді ұйғардым.
Сөйтіп, іріктей отырып, 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының бір ауы-лында орта мектеп бітірген Құртқақыз Нәбиеваны таптым. Алдымен одан сұхбат алдым, одан кейін әлеуметтік байланыстарын зерттедім. Құртқақыз Нәбиева – қазіргі тұратын жеріндегі ортасы – жұмысындағы ортасы – отбасы – бұрынғы сыныптастары Осы ақпараттың бәрін жинап, сараптау үшін алдымен Құртқақыз қазір тұрып жатқан Алматының шетіндегі Алтынбесік ауылына, содан кейін Мақтаарал ауданындағы шалғай ауылға сапар шегуге, Құртқақыз жұмыс істеп жүрген құрылысқа барып, ондаған адаммен сұхбаттасуға тура келді. Есесіне, нәтижесінде жағдай айқындалды: Құртқақыздың айналасындағы адамдардың бәрі қазақша сөйлейді және орыс тілін білмейді, 80% жағдайда құрылыста қара жұмысшы болып жүр, қалған 20% ыдыс жуушы, жүк тасушы, қарауыл болып жұмыс істейді. Осылайша, кез келген әлеуметтік репортаж зерттеу журналистикасының және әлеуметтік зерттеудің элементтерін қамтиды деуге болады. Мұндай репортаж әзірлеп, тақырыпты ашу үшін, тақырыпты терең зерттеп, сараптама жүргізу, ең бастысы – өз кейіпкеріңізді табу керек.

АСХАТ

Асхат Еркімбай
“Мінбер” Журналистерді қолдау орталығы, Жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі

ДАТА ЖУРНАЛИСТИКА: САНДАРМЕН ӘҢГІМЕЛЕСУ

Ең әуелі келісіп алайық. Бұл мақалада «дата» деген сөздің орнына компьютер есептей алатын кез келген мәліметті қолданамыз. Ол сан, сөз, сурет немесе Facebook-тегі хабарлама да болуы мүмкін. Бастысы компьютер бағдарламасы арқылы оны сараптап, анализ жасай алуымыз керек. «Дата журналистика» деген ұғым соңғы елу жылдың көлемінде пайда болғанымен, негізгі бастауын «Зерттеу журналистикасынан» алады. Сондықтан бұл кейбіреулер ойлағандай журналистиканың жаңа түрі емес. Бар болғаны – интернеттегі ауқымды деректі сараптап, ішіндегі оқиғаның жай-жапсарын түсіндіру.
Бұған дейін инвестигейтив (ағыл. investigate, зерттеу) журналистер құпия құжаттың астарына үңіліп, ішінен қоғам үшін маңызы бар дерек тауып, соны баяндайтын. Қазіргі дата журналист анализ жасаумен қатар, күрделі сандардың арасынан қызықты оқиғаны көре білуі керек. Ол үшін көбіне компьютер бағдарламаларының көмегіне сүйенеді. Дата журналистика – кең көлемдегі мәліметті жинақтап, сараптап, визуализация құралдары арқылы немесе мақала көмегімен көпшілікке баяндау. Әрбір мәліметтің кішкентай бөлшегінің мағынасын ашу. Соқыр журналистке бәрі «дата».
Интернет күл-қоқысқа толы. Ішінде жүрген соң аңғара бермейміз. Көзіміз үйреніп кеткені сонша, кейбір журналис-тер деректің анық-қанығына үңілмейді. Сондықтан дата журналист аса ұқыпты болуы тиіс. Дата жобаға деректерді жинастыру кездейсоқ бір ойдан басталса, кейде бір деректің соңынан екіншісі шығып, қызықты оқиғаға ұласып жатады. «Дата жобамыздың» фокусы бір тақырыпқа тоғысуы үшін әдетте массивті деректі сараптап, бір сауалға келген жөн. Өйтпейінше, үлкен датаның ішінде адасып кету оңай. Тіпті кейбір жағдайда журналист өзінің көргісі келген шындығына көз жеткізу үшін мақсатты түрде сондай деректерді жинақтап, өз пайымына өзі разы болып, онысымен оқырманды жаңылдыратын жағдайлар кездеседі.
Бұл әдетте дата журналист жиналған дерегін толық түсінбеген жағдайда болады. Дата журналистер әдетте шағын топта жұмыс істейді. Бірі деректі тапса, екіншісі сұрыптайды, үшіншісі оны бір ізге келтіріп, ішінен қызықты оқиға іздейді, төртіншісі статистика формуласымен сандардың маңызын есептейді, бесіншісі оқиғаны визуализациялайды. Аталған қадамның әрқайсысы сәтті орындалған жағдайда дата жоба түсінікті, маңызды қалыпқа келеді. Дата жоба сол себепті әдетте үш аптадан бастап үш жылға дейін созылуы мүмкін. Нәтижесінде майға қуырылып, суда қайнаған дерек ең соңында дәмді тамаққа айналып, оқырманға ұсынылады. Датаны қайдан табамыз? Датаға қойылатын айрықша талап бар. Датаны компьютер бағдарламалары түсіне алуы тиіс.
Көбіне дата журналистер .xls, .csv немесе .json тәрізді сандар мен кестелерге толы құжаттармен жұмыс істейді. Оны әдетте компьютердегі файлдың сипаттамасынан анықтайсыз. Мысалы, Google іздеу жүйесіне «мектеп .xls» деп жазсаңыз, интернеттен «мектеп» сөзі кездесетін Excel кестесіндегі файлдарды көресіз. Енді тура осы сөзді жазып, соңына .csv деген сөзді қосып көріңіз. Файлдың түрлері деректерді сараптаудағы ерекшеліктері тұрғысынан ажыратылады. .xls кестелі деректермен жұмыс істесе, .csv үтір арқылы бөлінген мәліметтерді саралайды, ал .json интерактивке көбірек мән береді.
Бұдан бөлек, журналистер датаны шартты түрде ашық, жабық, жүйеленген және жүйеленбеген деп бөледі. Ашық деректерге ресми сайттардағы барлық мәліметті жатқызуға болады. Мысалы, data.egov. kz жүйесіндегі барлық мәліметті ашық датаға жатқызамыз. Ол сайтта еліміздің ресми ұйымдары жинақтаған деректер тақырыптар бойынша бөлініп, ұсынылған. Жабық деректерге заң жүзінде жүгінуге тыйым салынған. Дата журналистер қауымдастығы бұл тұрғыда жабық деректерді қолданғанда «журналист әдебіне» қатысты ұстанымдарды ескерген жөн деп санайды. Себебі жабық деректерді арнайы бағдарламалау тілін білетін адам жинақтай алады.
Бірақ бұл әрекетті заң бұзушылыққа жатқызатындар бар. Мәліметтер кестеде рет-ретімен, атауымен жүйеленіп тұрса, онымен жұмыс істеу жеңіл. Бұл жүйеленген дерекке жатады. Алайда ашық дереккөздегі мәліметті кейде қолмен реттеп, бір жүйеге келтіретін кездер де болады. Мысалы, ашық дереккөзде Алматы қаласындағы көлік апаты туралы мәлімет болмауы мүмкін. Бірақ ондай ақпаратты интернет сайттардан, газеттерден жиі көреміз.
Дата журналист осы мәліметті бір кестеге жинақтап, жүйелеген соң Алматыда қай айда, қай көшеде көлік апаты жиі болатынын анықтай алады. Kino.kz сайтындағы Алматы кинотеатрларындағы киноның кестесі мен атауы ашық дерек болғанымен, жүйеленбеген. Ондай жағдайда Python, MySQL тәрізді деректерді сұрыптайтын компьютер бағдарламаларын қолдануға болады. Нәтижесінде сайттағы деректер кесте күйінде түзіліп, әрі қарай есептеуге дайындалады. MRF (Machine Readable Format) – дата журналистикада жиі естілетін сөз. Себебі дата компьютер түсінетін форматтың бірінде болмаса, онымен анализ жасау мүмкін емес.
Сүлейман Демирел универси-тетіндегі студенттеріме ашық дерек-көзден дата тауып, оны сұрыптауға тапсырма бердім. Бұған дейінгі сабақта деректерді сұрыптаудың мысалы ретінде Open Refine (бұрынғы Google Refine) бағдарламасымен жұмыс істеген едік. Одан бөлек Google-дың Drive қосымшасында датаны картаға түсіріп, визуализациялау функциясын қарастырдық. Төртінші курс студенті Баубек Сағындықтың жұмысына тоқталсақ. Баубек ең әуелі data.egov.kz сайтынан Атыраудағы қылмыс файлын .xls форматындағы нұсқасымен жүктеп алды. Бір қызығы, «Атырау қылмысы» файлында 2016 жылдың алғашқы жарты жылында қылмыскер қандай баппен жазаға тартылғаны, қылмыс қай айда жасалғаны, тіркелген уақыты, мекені көрсетілген. Кейін ол файлды Open Refine бағдарламасының көмегімен реттеді. Датаны реттеу дегеніміз – ұқсас мәліметтерді бір ізге келтіру. Бір кестедегі санды да кейде үтірмен, ал кейде нүктемен жазады. Open Refine осы әртүрлілікті оңай жолмен табуға көмектеседі.
Нәтижесінде тізімдегі барлық атау бірдей жазылады. Мәселен, бір кестеде «Атырау қаласы» деп тұрса, енді бір жерде «қ.Атырау», «город Атырау», «Атырау қ-сы» деп әртүрлі кездесуі мүмкін. Кейбір жағдайда кестеге мәлімет дұрыс түспеген болуы мүмкін немесе нүкте, үтір ұмытылған болуы мүмкін. Бұдан кейін датаның ішіндегі көше атаулары мен үйдің нөмірі тәрізді географикалық мәліметті реттестіреміз. Себебі біз Google-дың картасымен жұмыс істейтін болғандықтан, атауларымыз Google Map атауымен сәйкескені жөн. Excel кестеміз реттелген соң ішіндегі сандарды салыстырамыз. Әдетте ең үлкен, ең аз, орташа көрсеткіші қайсы деген тәрізді статистикалық амалдарға жүгінеміз. Бұл арқылы орташа көрсеткіштен ауытқып тұрғаны қайсы немесе ең кіші мәліметке иесі қайсы екенін көреміз. Бұны Excel кестесінде жасауға болады. Қажетті бағанды ерекшелеп, AZ фильтрі арқылы өзгертесіз. Нәтижесінде ең кіші және жоғарғы көрсеткішті көресіз. SPSS, R тәрізді бағдарламалар көрсеткіштердің статиcтикалық маңыздылығын (pva-lue) есептеп береді. Тұжырымды практикалық түрде тексеріп көрмес бұрын деректердің статистикалық маңызы бар-жоғын анықтайды.
Сол себепті дата журналист статистиканың күрделі деңгейін оқымаса да, статистиканың кіріспе курсынан хабары болғаны дұрыс. Қажетті жағдайда арнайы маманға барып, кеңес сұрай алады. Деректеріміз статистикалық сүзгіден өткен соң арасындағы қызықты жайттарды көре аламыз. Егер дайын визуализациялау құралдары болса, соған салып көруге болады. Мәселен, Баубек өзінің деректерін Fusion Table көмегімен Google Map картасына салды. нәтижесінде Атыраудың қай ауданында қылмыстың жиі тіркелгенін көрдік. Бұл картаны осы күйінде жарияласақ, оқырман «Атырау қаласы қылмыстан аяқ алып жүргісіз екен» деген ойда қалады. Шындығында бұл бір сәтте осынша қылмыс болды деген сөз емес. Әр қылмыс әртүрлі уақытта, әр мезгілде болғанын ескеруіміз керек. Ол үшін визуализациялағанда қылмыстың түрі, уақыты, мезгілін әртүрлі түспен бояп, оқырманның өзіне деректі түсінуге мүмкіндік беру керек. Дата жобамен жұмыс істегенде жиі кездесетін шатасудың бірі осы статистикалық есепті дұрыс ескермегендіктен болып жатады. Мәселен, қылмыс санының көбеюі мен өлім санының артуы арасында статистикалық байланыс болғанымен, шынайы байланыс болмауы мүмкін. Яғни, өлім санының артуына қылмыстың көп болуы қатыссыз болуы мүмкін немесе өлім көп болғандықтан қылмыс жиі болады деген қорытынды жасауға болмайды.
Дата журналистке жеті кеңес:
1. Датаны жинамастан бұрын ойыңызда белгілі бір тақырыптың сұлбасы болғаны дұрыс. Мәселен, «Оқу бағасының қымбаттауы». Енді осы тақырып аясында дата жоба жасайтын болсаңыз, оқу бағасы туралы мәліметтермен танысып, оқу орындарынан деректер жинастырасыз.
2. Датаны жинақтаған кезде бөлек кестеге «Датаның өмірбаянын» жазған дұрыс. яғни, қағазға немесе құжат файлға деректі қайдан алғаныңызды, оны кім жариялағанын, қашан жариялағанын, т.с.с. деректерді тізіп отырасыз. Бұл кейін мәліметті саралағанда не себепті өзара үйлеспей тұрғанын түсінуге көмектесе алады.
3. Датамен жұмыс істемес бұрын негізгі нұсқасын бір жерге көшіріп, сақтап қойыңыз. Себебі жұмыс барысында файлдағы кесте өзгереді. Ең соңында негізгі нұсқасына қайта оралатын жағдай туындағанда түпнұсқасын таппай қалуыңыз мүмкін.
4. Датаны сараптағанда жасаған әрбір өзгерісті «өзгеріс парағына» жазған дұрыс. Әсіресе, Excel файлындағы бағандарды өзгертсеңіз немесе категория атауларын өзгертсеңіз, т.с.с. әрекеттерді түртіп алып, жазып отырған жөн. Кейін есептеуден қате туындаса, «өзгеріс парағына» көз жүгіртіп, қай жерден сүрінгеніңізді көре аласыз.
5. Датаның ішінде оқиға табылуы үшін деректерді белгілі бір уақыт аралығындағы көрсеткішпен салыстыру керек. Мысалы, Алматыдағы көлік апаты болса, онда кем дегенде жарты жылдық деректі қараған жөн. Себебі бір айдың ішіндегі дерек арқылы тұжырым жасау қате қорытындыға әкелуі мүмкін.
6. Датаны визуализациялағанда қарапайым әрі түсінікті болуды естен шығармаңыз. Оқырман «Бұның маған не керегі бар?» деп сұрап тұр деп ойлаңыз да, датаңыз нақты жауап беріп тұрғанына сенімді болыңыз.
7. Датаның көзін көрсетіп қойыңыз. Сізден кейін де дата журналистер қолдансын.

МИХАЙЛО
Михайло Кольцов
Stopfaкe.org жобасы, администратор

ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЖАҢА ҰҒЫМДАР

«Фактчекинг» және «верификация» ұғымдары журналистердің лексиконына жақында ғана енгенімен, олардың астарында журналист мамандығына тән шынайы фактілерді ұсыну және бұрмаланбаған ақпаратты жеткізу сынды негізгі машықтар жатыр. Ендеше, осының бәрін «фактіні тексеру» деп атай салып, бұл ұғымдарды кәдімгі сәнге ілесу және кірме сөздер деп тануға болмай ма?
Алайда, мәселенің тамыры тереңде, ең алдымен, «журналист» түсінігінің аясын анықтауда. Он жыл бұрын ғана журналист деп тек басылымның редакциясында жұмыс істейтін және соған сәйкес кәсіби білімі бар адам аталатын. Бірақ, әлеуметтік желі платформаларының дамуы мен мобайл құрылғылардың кең таралуы бұл ұғымға біршама өзгеріс енгізді. Әлеуметтік желілер платформалары адамның нені біліп, нені білмейтінін анықтай бастаған ақпараттық сүзгіге айналды. Онда әр күннің ақпараттық хаттамасын жасап қана қоймай, шартты түрде қабылданатын ақпараттық көзқарас қалыптастыра бастаған «пікір көшбасшылары» мен «блогерлер» мәдениетін жасады.
Смартфондардың таралуы қандай да бір оқиғаның еріксіз куәгері болған адамдар түсірген фото мен видеоны редакцияның фототілшісі түсірген фотосуреттерге қарағанда анағұрлым құнды етті. Ақпарат арналарының дәл осылай өзгеруі фактчекинг пен верификацияның маңызы артуына алып келді.
Өйткені, енді сіз ақпаратты жарияланбай тұрғанда емес, ол әлеуметтік желілерде, электрон медиада, тіпті, телеарналар эфирінен лезде таралып кеткеннен кейін барып қана тексеруге мәжбүрсіз. Әйтсе де, осы тарауда сипатталатын верификация алгоритмдері мен фактчекинг техникасын материалдарды жариялағаннан кейін емес, жариялағанға дейін көбірек қолданарсыздар деген үмітім бар. Фейк деген не және олар қандай болады?
Көбінесе жалған ақпарат мәтін, фотосурет немесе видео (не болмаса, осы аталған тәсілдердің қосындысы) түрінде таралады және ол не жаман ниеттен, не біліксіздіктен шығады. Ондай жалған ақпараттың кез келген түрін фейк деп атаймыз және былай жіктейміз: — Өсек. Оны көбінесе «сарыжағал» басылымдар пайдаланады және негізінен танымал тұлғалардың жеке өміріне қатысты болады. Өсек рас та, өтірік те болуы мүмкін, бірақ, басты сипаты – оның шын не өтірік екенін растайтын сенімді ақпарат көзі болмауы.
Ойдан шығарылған. Аудиторияның эмоциясына әсер етуге арналған, ешқандай шынайы негізі жоқ толықтай өтіріктен құралған ақпарат. Әлеуметтік эксперимент жүргізу, жеке бас деректерін жинап алу мақсатымен немесе сатира үшін қолданылуы мүмкін.
Мұндай ойдан шығарылған жалған ақпаратқа мысал ретінде үш омырауы бар әйел туралы жаңалықты атауға болады. Ол Крейг Сильверманның әлеуметтік желілерде фейк ақпарат оларды жоққа шығаратын жарияланымдарға қарағанда көбірек таралатынын дәлел-деген зерттеуіне негіз болды.
Насихат және жаңылдыру. Ойдан шығарылған ақпарат коммерциялық немесе зерттеу жүргізу мақсатын көздесе, насихат тек саяси мүдде үшін жасалады. Үш омырауы бар әйел туралы ойдан шығарылған өтіріктен ешкімге зиян келмеді, ал насихат пен ақпараттан жаңылдыру әлдекімді өлтіріп тынуы да мүмкін. Ақпарат көздеріне, ең алдымен журналистерге деген жаппай сенімсіздік туғыза отырып, насихат факт пен ойдан шығарылған өтіріктің ара-жігін өшіріп қана қоймай, қандай да бір әлеуметтік институттарға деген сенімді жойып, саяси оқиғаларға деген белгілі бір көзқарасты аса танымал ететіні соншалық, демократия құралдары қызметін атқара алмай қалады. Насихаттың 14 сипаты жайында «Медиакритика» басылымы жариялаған материалдан оқи аласыздар. (http://mediakritika.by/article/3579/14-priznakov-propagandy-kotorye-dolzhen-znat-kazhdyy).
Түптеп келгенде, фейктер адамның дүниені қабылдауындағы осал тұстарды – ең алдымен, жаны ашу, дүниені тұтас қабылдау қажеттігі мен көмектесу ниеті сынды қасиеттерін аңдиды. Фейк жасауда мынадай тәсілдер қолданылады: Біріншіден, эмоцияға әсер ететін тақырып қою. Мысалы, «Украин радикалдары Харьковта орысша сөйлегені үшін балаларды сабап кеткен», «Клинтон ісін тергеген ФТБ агентінің өлі денесі табылды» және т.б. Бұл тәсіл жалған ақпаратты әлеуметтік желілер платформасында тарату үшін қолданылады, өйткені мұндай тақырыптар адамның эмоциясына әсер етіп, ақпараттың қайдан шыққанын тексеру қажеттігін тұншықтырады. Эмоцияны пайдаланатын тағы бір тәсіл негатив нарратив деп аталады. Оған идеологиялар (фашизм, расизм), радикал діндерді (секталар, діни фанатизм, радикал ислам), ұлттық немесе тілдік сипатына қарай геноцид, әскери қылмыстар (терроризм, қинау, бейбіт тұрғындарға зорлық көрсету) аталатын фейктер жатады.
Мысалы, «Бірінші арнаның» «Славянскіде ашаға керілген бала» туралы атақты фейк жаңалығы әлі күнге дейін насихатта негатив нарративті пайдаланудың ең жарқын көрінісі болып келеді. Фейк жасауда эмоциялық акценттен бөлек тағы екі тәсіл қолданылады: уақыт пен кеңістікті жылжытып жіберу (мысалы, Югославиядағы соғыс кезінде түсірілген фотосуреттер Донецкідегі оқиға туралы ақпарат ретінде берілуі) және материалды ұсынуда баланс болмауы (оның ішінде дәйексөздердің іріктеліп берілуі).
Бұл жағдайда мәтіннің не сөйлемнің бір бөлігі жұлып алынып, белгілі бір тезистің дәлелі ретінде ұсынылады. Көріп отырғандарыңыздай, фейк жасаудың аса қиындығы жоқ, өйткені, шындықтың интерпретациясы, оның үстіне, ол эмоциямен күшейтілген болса, қай кезде де шындықтың өзінен күштірек болады.
Әйтсе де, бұл, қанша қиын болғанына қарамастан, фейкті жоққа шығаруға болмайды деген сөз емес. Верификация туралы сауалдардан ең көп еститінім – «Фейктерді жоққа шығарған ақпарат тиімді ме?». Зерттеулер көрсетіп отырғандай, фейктерді жоққа шығарған ақпарат фейктің өзіне қарағанда нашар таралады, ал фактчекингтің өзі фейкті қайтадан өзекті ете түседі.
Өзім байқағандардан айтар болсам, «фейк-жоққа шығару» жұбын алсақ, фейкке көбірек назар ауады. Ал «фейк-жоққа шығару-фейк» тіркесін алсақ, екінші фейк біріншісіне қарағанда нашар таралады. Түптеп келгенде, фейктерге қарсы күрес одан кейінгі ақпаратты бұрмалауға деген талпыныс нашар таралуына әкеліп соғады, сөйтіп, шартты түрде айтқанда, «фейкке қарсы вакцинаға» айналады.
Бұл тезис ғылыми зерттеу арқылы да дәлелденген. Верификация алгоритмі Материалдың шынайылығын тексеру үшін мынадай верификация алгоритмін ұстану керек:
1. Ақпараттың кімнен шыққанын тауып, онымен байланыс орнату.
2. Оны тексеру (ресурстың беделі, жарияланған уақыты, авторы).
3. Аталған фактілерді (атауларын, қатысушыларды, күнін, сандарды) тексеру.
4. Хабарлама мен шындықтың сәйкестік деңгейін анықтау.
5. Осы оқиға туралы немесе мазмұны осыған ұқсас басқа да хабарламалар бар ма?
6. Басқа да ақпарат көздерін табу. Бұл алты қадамның бәрін жасау міндетті емес екеніне назар аударыңыз. Көбінесе, алғашқысының өзі жеткілікті болады. Ал көбірек қадам жасау керек болған жағдайда, олар дәл осы ретпен жасалғаны абзал. Ақпараттың кімнен шыққанын тауып, онымен байланыс орнату Верификация ең алдымен коммуникация пәні, ал коммуникация адамдармен де, материалмен де қарым-қатынас жасауды меңзейді.
Айталық, «парламент сары шалбар киюге тыйым салыпты» деген хабарлама шықса, дәлелдеу күші жағынан тең бірнеше коммуникация стратегиясын құра аласыз. Біріншіден, парламенттің ресми сайтына кіріп, осыған сәйкес бөлімде жарияланған материалдарды тексере аласыз. Бұл – түпнұсқа материалмен қарым-қатынас болады. Екіншіден, осы ақпаратты растайтын не жоққа шығаратын жауапты тұлғаның пікірін ала аласыз. Бұл – бастапқы дерек көзінің өкілімен қарым-қатынас. Бастысы – ақпараттың алғашқы шыққан көзімен байланыс орнату. Осы ереженің бұзылуы ақпараттың бұрмалануына себеп болуының мысалы ретінде австриялық қонақүйге хакерлік шабуыл жасалуы туралы оқиғаны атауға болады. Ол «Медуза» басылымында толық сипатталған және жаңалықтың негізгі ақпарат көзін дұрыс түсінбеудің салдары ақпаратпен манипуляция жасауға соқтырғанына анық дәлел бола алады. Оны тексеру (ресурстың беделі, жарияланған уақыты, авторы) Дәл осы оқиға верификация алгоритмінің екінші қадамы да маңызды екенін баса көрсетеді: ақпараттың түпкі көзінің беделін тексеріңіз.
Ресей медиасында ақпараттың түпкі көзі ретінде сатира сайттары немесе Тайландтағы бұрынғы ағылшын тілі мұғалімдерінің жеке блогтары пайдаланылған жағдайларды да көргенбіз. Сондықтан, жаңалықтар ресурсының беделіне назар аударыңыз: олардың арасында ақпаратпен манипуляция жасау және фейк жариялаудан ұсталып қалғандары да кездеседі. Сонымен қатар, материалдың авторын, оның кәсіби тәжірибесін, тарихын және бұрынғы жарияланымдарын да тексерген жөн.
Ал жаңалықтың жарияланған уақытын тексеру осы ақпарат қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. Аталған фактілерді (атауларын, қатысушыларды, күнін, сандарды) тексеру Келесі қадам – аталған фактілерді тексеру, өйткені бұл – ақпарат жеткізудегі баланс қаншалықты сақталған деген сұраққа жауап берудің аздаған тәсілдерінің бірі. Материалда аталған адамдар шынымен сол күні сол арада болды ма? Шынымен сол елдің өкілі осы сандарды атады ма? Ол адам шынымен сол ұйымның өкілі ме? Хабарлама мен шындықтың сәйкестік деңгейін анықтау Фейк жасау үшін дәйексөзді іріктеп қолдану немесе контекстен жұлып алу тәсілі пайдаланылғанда, сәйкестік деңгейін анықтау сол хабарламаның қаншалықты дәл жеткізілгенін анықтауға мүмкіндік береді.
Мысалы, ресейлік медиа құралдары «Порошенко Ресейге қарсы санкцияларды тоқтатуға үндеді» деп хабарласа, ақпарат көзіне жүгінгенімізде, бұл хабарлама контекстен жұлып алынғанын көреміз: «Санкцияларды тоқтатуға бәрін бұрын кім мүдделі екенін білесіздер ме? Президент Порошенко. Алайда, алдымен Украина аумақтық тұтастығы мен егемендігін қалпына келтіре алуы үшін Ресей біздің жеріміздегі әскерін шығарып әкетуі керек». Осы оқиға туралы немесе мазмұны осыған ұқсас басқа да хабарламалар бар ма?
Сондай-ақ, осыған ұқсас хабарламаларды тексеру де маңызды, тек, оны верификацияның алғашқы сатысында жасамаған дұрыс, өйткені ақпараттың шынайылығын тексеруге ерінген ақпарат құралдарына тағы алданып қалуыңыз мүмкін. Ең алдымен ақпараттың негізгі түп көзін табудан бастаңыз, содан кейін барып осыған ұқсас мазмұнды іздеуге кірісіңіз. Басқа да ақпарат көздерін табыңыз Ақпараттың басқа көздерін іздеу осы оқиғаның егжей-тегжейі толық сәйкес келе ме немесе сәйкессіздіктер бар ма деген сұраққа жауап беруге көмектеседі.
Ақпарат ұсынуда баланс сақтауға деген ұмтылыс журналистің де, аудиторияның да сын тұрғысына ойлау дағдысын қалыптастырады. Бастысы, журналистерден басқа бұл жұмысты ешкім істемейтінін және верификация мыңмен жалғыз алысатын майдан емес екенін естен шығармаңыз. Бұл – командалық жұмыс. Ол қаншалықты дұрыс ұйымдастырылса, сіздің фейктерді жылдам тануыңыз да соншалықты жылдам болмақ. Нәтижесінде, өз материалдарыңыздың сапасын жақсартасыз. Верификация құралдары Әрине, көрсетілген алгоритмді жүзеге асыру үшін құралдар керек, солардың біразын атап өтеміз. Алдымен, бір ғана міндетті орындау үшін кем дегенде екі құралды қолдану керек екеніне назар аударсаңыздар. Айталық, алыс аймақтағы бір жердің көрінісі қандай екенін тексеру үшін Google Maps пен Яндекс. Карта көмегіне қатар жүгінген абзал. Осылайша, құралдан қате кетуінен сақтанып, түрлі құралдарды қолдану арқылы бірдей нәтиже ала алатыныңызға көз жеткізесіз. Google.com және Yandex.ru қажет ақпаратты табуға мүмкіндік беретін жалпыға белгілі іздеу жүйелері. Екеуінде де кеңейтілген қызметтері бар, солардың көмегімен белгілі бір сайттардан белгілі бір уақыт аралығында жарияланған материалдарды табуға болады. Семантикалық алгоритмдердің дамуы арқасында, сұраныс тілі қаншалықты қарапайым болса, ұсынылатын нәтиже де соғұрлым жақсырақ болады. Facebook.com, vk.com және Instagram Ақпаратты алғаш таратқан адам болып шығуы мүмкін қолданушыны, сондай-ақ, оқиға куәгерлерін табуға көмектеседі.
Ақпаратты алғаш таратқан аккаунт бот болуы мүмкін деп күмәндансаңыз, оның профайлын мына параметрлерге сәйкес тексеріңіз:
• Аты-жөні өзінікі ме?
• Ол адам туралы қандай ақпарат белгілі?
• Аккаунт қай кезде құрылған?
• Фотосуреттері және белсенділік сипаттары қандай? Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің түрлі плат-формаларындағы уақыт қалай көрінетініне де назар аударыңыз, бұл оқиғаның хронологиясын дұрыс реттеуге мүмкіндік береді:
• Twitter – уақытты сіздің бап-тауларыңызға сәйкес көрсетеді.
• Facebook пен VK – сіздің компьютеріңіз немесе смартфоныңыз көрсететін уақытпен жүреді.
• Youtube пен Instagram – тек Pacific Time (-8:00) көрсетеді.
Archive.org/web Бүкіл Интернеттің мұрағаты, сондықтан да оны «Уақыт машинасы» деп атайды. Жаңалықтар ресурсының тарихын, оның қашан пайда болғанын және қандай белсенділік танытатынын тексеру үшін аса пайдалы. Wolfram Alpha Есептеме түрінде құрылған фактілер жинағы. Дата, мекен, ауа райы және кейіпкерлермен жұмыс істеуге ыңғайлы. Network-tools.com Жаңалықтар ресурсының иесі туралы деректерді және серверінің техникалық сипаттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Өкінішке қарай, соңғы кезде оның пайдасы азайып кетті, өйткені фейк ресурстардың иелері өзі туралы ақпаратты ешкімге көрсетпей бұғаттайтын сервистердің көмегіне жүгіне бастады. Google Image Search және TinEye Әлеуметтік желі платформаларындағы фейктердің көбі фотосурет болғандықтан, олардың тарихын осы құралдар көмегімен тексеруге болады. Көбінесе өзге оқиғаға қатысты фотосуреттерді жариялау етек алғандықтан, кері іздеу фотоның алғаш жарияланған нұсқасын тауып, тарихын білуге мүмкіндік береді. Фотографияның растығын тексеру кезінде мына сауалдарға мұқият жауап іздеңіз:
• Алдыңыздағы сурет түпнұсқа ма?
• Бұл фотоны/видеоны кім түсірген?
• Фото/видео қай жерде түсірілген?
• Қай кезде түсірілген?
• Ол неліктен және қандай жағдайда түсірілген? Fotoforensics.com Фотосуреттердің метадеректерін (өкінішке орай, көбінесе олар өшіріп тасталады) сараптауға да, өңдеу белгілерін (көбінесе Photoshop кө-мегімен) анықтауға да мүмкіндік береді. Файлдарды сараптау алдында модификацияламауға тырысыңыз, әйтпесе нәтиже бұрмаланып шығуы мүмкін. Фотосуреттің метадеректері мен геотегтері жоқ болса, мына детальдарға мән бере отырып, суреттің қай уақытта және қай жерде түсірілгенін анықтап көруге болады:
• Белгілер мен жазулар (телефон нөмірлері, тілі, сайт адрестері).
• Суреттегі адамдардың киімі (ұлттық, маусымдық).
• Жер бедері (тау, көпір, өзен, ағаш).
• Ғимараттар (ескерткіштер, биік ғимараттар, су жинайтын мұнаралар).
• Ауа райы (бұлт, тұман, жаңбыр, қар).
• Жалау, ту.
• Көлік (жол белгілері, ерекше көлік маркалары). YouTube Data Viewer Youtube арнасында жарияланған видеоны сараптауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, әрдайым толық ақпарат бере бермейді, алайда, бұдан өзге жалпыға қолжетімді верификация құралы әлі пайда болған жоқ. Фактчекинг және верификация нәтижелерін талқылау Фактчекинг пен верификацияны кем дегенде екі жағдайда қолдануыңызға болады: өзіңіз материал әзірлеп, оның шындыққа сәйкес екеніне көз жеткізуіңіз керек болғанда және фейкке тап болып, оны жоққа шығарғанда. Бірінші жағдайда болсаңыз, екінші жағдайдағыдай дәлелдеу стратегиясын құрудың қажеті жоқ, алайда, сіз баяндайтын оқиғаның растығы адам болсын, зат болсын – ақпарат көздеріңізді қаншалықты тексергеніңізге байланысты болмақ. Ақпарат көздерімен жұмыс істегенде барынша көбірек деталь табуға тырысыңыз, өйткені олар ақпараттың растығын тексеру үшін керек болуы мүмкін.
Детальдардың бәрін хронологиялық тізбекке салып отырыңыз, ол кейіннен қандай ақпарат жетіспейтінін және оқиға қандай ретпен өрбігенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, географиялық профиль жасаудың да, яғни негізгі оқиға өткен орындарды картаға салып отырудың да маңызы зор. Бір фактінің өзін бір-біріне тәуелсіз екі ақпарат көзінен тексеріп алуға тырысыңыз. Барынша күш салсаңыз да еш нәтиже шықпаса, материалыңызда осы ақпаратты тек бір дерек көзінен алғаныңызды жазуға әзір болыңыз. Сол арқылы материалыңыз тартымдырақ бола түседі деп ойласаңыз да, оған жоқ нәрсені қосудан сақ болыңыз.
Материалда «басшылыққа жақын жүрген аноним» деген ақпарат көзін көрсету оны фейк деп есептеуге негіз бола алады. Австриялық қонақүйге хакерлік шабуыл жасалғаны туралы материалды естеріңізге сала кетейін. Басылым ойынан қосып жіберген шағын ғана деталь оның беделін күл-талқан етті. Жақсы ниетпен айтылған өтірік те өтірік болып қала береді.
Өзіңізге де, оқырмандарыңызға да адал болыңыз. Ал фейкті жоққа шығармақ болсаңыз – ешкімді айыптамаңыз, тек дәлел келтіріңіз. Дәлел біреу емес, бірнешеу болғаны жөн. Мысал ретінде, Stopfake.org журналистері «Украина ӘТК кемелері мұзға қатып қалғанын» жоққа шығарғанын атап өтуге болады. Осы материалда келтірілген дәлелдерге назар аударыңыздар.
Атап айтқанда: алғашқы ақпарат көзінен алынған материалдың дұрыс жеткізілмеуі, вебкамераға уақыты көрсетіліп түскен видео, кемелердің қозғалысын бақылап отыратын сайтқа жүгіну, балама ақпарат көзінен алынған фотосуреттер. Осы дәлелдер ақпараттың өтірік екеніне оқырманның көзін жеткізеді, өйткені олардың кез келгенін қайта қалпына келтіруге болады. Осы оқиға фактчекинг барысында қолдануға болатын құралдардың да көп екенін көрсетеді. Олардың бәрін қолдану міндетті емес, бар екенін түсіне білу маңызды. Одан бөлек, ақпаратты жеткізу тәсіліне де назар аударыңыз: мәтін және визуал блоктар кезектесіп келіп, дәлелді күшейте түседі. Мұндай тәсілді өз материалыңызда да қолдансаңыз болады.
Сонымен қатар, саяси салада тұрақты түрде фактчекинг жүргізетін болсаңыз, Politifact қолданатынға ұқсайтын тізбек жасап алу артық болмайды. Әсіресе, фактчекинг нәтижелерін әлеуметтік желіде жариялауды жоспарласаңыз, соңғысы пайдалы болады. (https://medium.com/graph-commons/the-year-2016-marked-the-post-truth-era-what-now-5b20e4e5c16a#.v58eviqqd) Қорытынды Бурак Арикан (https://medium.com/graph-commons/the-year-2016-marked-the-post-truth-era-whatnow-5b20e4e5c16a#.v58eviqqd) атап өткендей, 2016 жыл шындықтан кейінгі дәуірдің бастауы болып отыр. Бұл ұғымға өтірік жаңалықтар бұрынғыдан да жиірек пайда болып, аз уақыт ішінде кең таралып кететіні ғана емес, олардың саяси, экономикалық және мәдени салаларға ықпал етуге қабілетті екені де кіреді.
Ендігі жерде фейк жай ғана бүгін бар, ертең жоқ ермек емес, қоғамда әлеуметтік ширығу туғыза алатын қуатты әлеуметтік фактор да. Осы жағдай журналист рөліне де өзгеріс ензізіп отыр. Ендігі жерде сіз оқиғаны баяндап қана қоймайсыз, бұдан былай сіздің иығыңызға қоғамды бұрыннан бар құралдармен жеңуге келмейтін қауіптерден қорғау міндеті де жүктеліп отыр.

ВИКИНТАС
Викинтас Пугачаускас
Литва радиосы және телевидениесі, халықаралық жаңалықтардың аға редакторы

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТІҢ ЖҰМЫСЫ

Қарқынды жаһандану процесі әр журналисті белгілі бір деңгейде халықаралық санаттағы маман етеді. Қазір кем дегенде ағылшын тілін білмейтін және халықаралық әлеуметтік желілермен жұмыс істеу машығын меңгермеген тілшіні елестетудің өзі қиын. Әйтсе де, халықаралық оқиғалар мен тақырыптар аз ғана журналистің күнделікті жұмысының бір бөлшегіне айналып отыр. Және ол жұмыстың өз ерекшеліктері бар. Халықаралық журналистің қасиеттері Келешегін халықаралық журналистикамен байла-ныстырғысы келетін адамға не керек? Бастысы – энтузиазм, төзімділік және қызығушылық. Әріптестеріңіз сияқты, мақаланы тапсырған соң редакцияның есігін жауып кете берем десеңіз – бұл жұмыс сізге қол емес.
Халықаралық журналист үнемі дүниеде болып жатқан маңызды дүниенің бәрінен хабардар болып отыруы керек. Ұшақ құлап, келіссөздер бұзылып, төңкеріс жасалатын кез жұмыс уақытымен сәйкес келмеуі мүмкін, бірақ, халықаралық журналист таңертең жұмысына оқиғаның желісін біліп бару үшін бәрін қадағалап отыруға тіис. Кез келген журналист жағдайға бейімделе білуі керек, алайда, халықаралық оқиғалар туралы ақпарат таратқанда бұл әсіресе маңызды. Халықаралық журналист өзіне үйреншікті дүниеден бөлек елдермен, мәдениеттермен істес болады. Оның үстіне, ол түрлі сағат белдеуімен істес болады, бәрін қойғанда, аяқ астынан бір елде дауыл тұрып, Twitter-дегі бір сөзден дүниенің астаң-кестеңі шығуы да мүмкін.
Бір сөзбен айтқанда, халықаралық журналист бәрін жіті қадағалап отыруы және ештеңеге таңғалмайтын болуы керек. Тосынсыйдан сақтануға дер кезінде орындалған «үй жұмысы» да, өз басындағы стереотиптермен күрес және өзіне сын көзбен қарау қасиеті де көмектесе алады.
Тағы бір маңызды қасиет – ғаламдағы өзара байланыстарды түсіне білу және оларды аудиторияға түсіндіре білу. Журналист әлемнің басқа бір шетіндегі қандай да бір оқиға, тенденция немесе процесс жариялауға лайық екенін жылдам (тіпті лезде) анықтай алу үшін көп машықты меңгерген және көп оқыған болуға тиіс.
Сонымен қатар, оқиғаның маңыз-дылығын ештеңеден хабары жоқ аудитория үшін де түсінікті болатын тілмен, болып жатқан процестің күрделілігін, тарихы мен контексін қоса отырып баяндай білу керек. Сондықтан, халықаралық журналист қазіргі әлемдегі түрлі жағдайлармен бетпе-бет келуге үнемі әзір болуы, әр шешім қабылдаған сайын өзінен барынша сапалы әрі салмақты өнім шығару үшін керектің бәрін жасадым ба деп сұрап отыруы керек.
Өзге салаларда жұмыс істейтін журналистер бомба түсіп жараланған балаларды қалай көрсету керек, қақтығыс туралы хабар таратқанда территория тұтастығы және өзін-өзі тану құқығы принциптерінің қайсысын басшылыққа алу керек, үдере көшкендер туралы айтқанда гуманитарлық құқық ұстанымын басшылыққа ала ма, әлде жергілікті халықтың қауіпсіздігін айта ма, ньюсмейкер өтірік айтып тұрғанын айту керек пе, әлде жай ғана соның сөздерін жеткізе салған дұрыс па деген мәселелерге өмірінде бір рет те тап келмеуі мүмкін.
Ал халықаралық журналист осының бәрін бір күнде басынан өткізеді. Оның үстіне, дүниежүзіндегі БАҚ беделінен айырылып келеді, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат көбейді, ал аудитория бөлініп-жарылып, тек өзіне идеологиялық тұрғыдан жақын ақпаратты ғана тұтынуға бейім болып барады. Қай елде болсын, оқырмандар журналистердің беделіне күмән келтіріп жатыр, ал халықаралық журналист кейде не жақсы, не жаман екенін өзі де түсіне алмай қалатын жағдайға өзгелерге қарағанда жиірек тап болады. Демек, өзінің шешімдері мен сөздерін қорғауға қабілетті болуы керек.
Не нәрсе маңызды болып көрінетіні ең алдымен өз елінің қоғамдық-саяси құрылысына, тарихына және мәдени дәстүріне байланысты. Мысалы, Грекиядағы еуро дағдарысын Швейцария БАҚ-қа қарағанда, Бавария БАҚ толығырақ жариялады: бұлар қатар жатқан елдер болғанымен, Германия Еуроодақ пен еуроаймақтың мүшесі болуы ортақ валютаның тұрақтылығына қатысты тіпті екінші кезектегі жаңалықтарға да сұранысты арттырады. Жаңалықтарды іріктеу шарттары география мен геосаясат ерекшеліктеріне де байланысты.
Көбінесе маңыздылық жаңашылдық пен географиялық жақындыққа тура пропорционал. Көбінесе алыстағы елдерге қарағанда көрші елдерде не болып жатқаны қызығырақ. Алайда, алдыңғы қатарлы елдер қашықтығына қарамастан, өзгелеріне қарағанда көбірек айтылады. Мысалы, Бельгия ішінде голланд тілінде сөйлейтін Фландрия БАҚ француз тілінде сөйлейтін Валлонияның саясатына аса қызықпайды, есесіне, Вашингтонда болып жатқанның бәрін бүгешігесіне дейін қадағалап отырады. Көрші елде үсіп өлген бірнеше адам Ауғанстанда қар көшкіні астында қалған жүз елу адамға қарағанда көбірек қызығушылық тудырады.
Алыстағы Жаңа Зеландияда алғаш рет премьер-министр болып әйел адам тағайындалуы жаңалық болады, ал одан кейінгі үкіметтегі ауыс-түйістер тіпті назарға ілінбей де қалуы мүмкін. Қабылданған (кейде бейсана түрде) нормаларға қайшы келетін оқиғалар географиялық қашықтықтан да маңыздырақ болып жатады. Көрші елде құрылыс краны құлап, бірнеше адам мерт болғаны жаңалыққа айналмауы мүмкін, алайда, мұндай жағдайлар сирек болатын, айталық, реттілігімен таңғалдыратын Берлинде болса – атаусыз қалмайды. Тіпті, Нью-Йорктағы Times Square алаңында болайын деп болмай қалған теракт бірнеше күн жаңалықтардан көрсетіледі, ал Нигерияда екі кішкентай жанкешті қыз өздерін жарып жіберіп, бірнеше адамды ілестіре кеткен нағыз теракт тіпті елеусіз қалады.
Жақсы БАҚ өзгелерінен жаңалықтар іріктеудегі тағы бір фактор – жүйелілік немесе бірізділігімен ерекшеленеді. Аса даулы сот процесі басталып, ол айыптау емес, ақтап алу үкімімен аяқталса – бұл жаңалықтар ағынында көріне ме? Фукусимада атом электр станциясындағы апаттан кейін дабыл қақпаған БАҚ бірнеше жылдан кейін, радиацияның салдары көріне бастаған кезде осы тақырыпқа қайта айналып соға ма? Жаңалықтарды іріктеу кезінде, сондай-ақ, өмір саналуан екенін және саясат, экономика мен төтенше оқиғалармен шектелмейтінін де есте ұстау керек. Кометаның үстіне қонған зонд, ұлы композитордың бұған дейін қойылмаған операсының премьерасы, не болмаса, көйлектің қаракөк не ақ-сары екені туралы пікірталас – шетелден келетін «кәдімгі» маңызды жаңалықтарды ығыстырып шығара алады. Ақыр аяғында, «шұғыл жаңалықтар» өзі қалай көрінетіні де редакция саясатына байланысты: ақпарат агенттігі Бангкок орталығында жарылыс болғаны туралы «найзағайды» таспасына қоя ма, жоқ, алғашқы ресми растау ақпаратын күтіп отыра ма? Токио биржасында өткен саудалаудың алғашқы минутында акциялар курсы құлап кетсе, оны радиодағы бірінші жаңалықтар шығарылымында айту керек пе, әлде тенденцияны тұтас хабарлау үшін өзге биржалардың ашылуы мен жабылуын күткен дұрыс па?
Әйтсе де, жалпы жаңалықтарды іріктеу, оның ішінде халықаралық жаңалықтарды іріктеу – ғылымнан гөрі өнерге жақын. Аталған шарттар мен сипаттар – алда қолдану үшін берілетін ұсыныс емес, журналистік шешімдердің ақырғы сараптамасы.
Айтқандай, шарттардың өзі көбінесее саяси пікірталас нысанына айналып келеді. Мысалы, тіпті АҚШ Президентінің өзі «БАҚ бір терактілер туралы ақпарат таратылады, енді біреулеріне тіпті назар аударылмайды» деп кінәлайды. Оқиға аз болатын күндері басты жаңалық болып көрінуі мүмкін нәрсе, келесі бір, анда да, мында да түрлі оқиғалар болып жатқан күні редактордың назарына ілінбей қалуы мүмкін. Бір де бір жақсы редактор көз алдына мына шарттар тізімін іліп қойып отырып жаңалық іріктемейді. Оның тәжірибесі, машықтары, көп оқығандығы мен дүниеге деген сыни көзқарасы осы арада және көбінесе лезде күшіне енеді.
Ақпарат көздерімен жұмыс. Халықаралық журналист өзге әріп-тестеріне қарағанда өзі тексеруден қиналатын ақпаратқа көбірек тәуелді. Сондықтан, аудиториясына хабарлайтынының шынайылығы мен растығы ол басшылыққа алатын ақпарат көздеріне байланысты. Көбінесе олар екінші кезектегі ақпарат көздері болып шығады.
Бір қызығы – ақпарат көздерінің саны мен ақпаратты жеткізу тәсілдерінің түрлері жыл санап артып келе жатқанымен, негізгі ақпарат көздері ондаған жылдар бойы өзгермей келеді және олар үшеу – үш түрлі көзқарас аясын және үш журналистік мектептің өкілі болып отырған ағылшынның Reuters, америкалық Associated Press және француздардың Agence France-presse (AFP) ақпарат агенттіктері. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдарындағы алдыңғы қатарлы әлемдік газеттердің порталдарынан бастап, аудандық радиостанцияларға дейін – халықаралық мазмұнның көп бөлігі түптеп келгенде осы үш агенттік хабарлайтын ақпаратқа сүйенеді.
Үш агенттіктің таспасының стилі де, мазмұны да бір-бірінен ерекшеленеді – тіпті кейде олар хабарлайтын сандар мен фактілерде де айырмашылық бар, сондықтан бұлар бір-бірін қайталайтын емес, толықтыратын ақпарат көздері болып саналады. Үш агенттік те шұғыл ақпаратқа баса назар аударылатын Twitter желісінде бар.
Сондай-ақ, олардың жаңалықтарын iPhone және Android жүйелеріне арналған мобайл қосымшаларда ашық оқуға болады. Лондон, Париж және Нью-Йоркте отырған редакторлар іріктеп ұсынатын жаңалықтарға сүйену, дүниеге олардың көзқарасымен қарау және қателерін қайталау қауіпті. Алайда, бұл – әлемдік, коммерциялық кәсіпорындар, демек – қайда отырғаны мен қандай көзқарас ұстанатынына қарамастан, жазылушыларынан айырылып қалмау үшін ақпаратын барынша салмақтап, объектив түрде ұсыну олар үшін де маңызды. Оның үстіне, кез келген елдегі оқиғаларды олар біркелкі стандарттарды ұстана отырып хабарлайды. Әрине, бұл үш ақпарат көзі – бастама ғана. Дүниені тіреп тұрған осы «үш киттің» айналасында «екінші санатты» ақпарат агенттіктері жүйесі бар.
Олар да «әлемдік» деген атқа таласы бар, алайда, іскерлік ақпарат тарататын Bloomberg пен Dow Jones сияқты арнайы маманданған немесе қытайдың Синьхуа, немістің dpa, Ресейдің ТАСС және РИА, жапонның Киода Цусин, испанның ЕҒЕ агенттіктері сияқты әлемді тек бір мемлекеттің немесе мәдениеттің көзқарасы тұрғысынан көрсетеді. Бұлардың сізге қажет тақырыптар бойынша хабарламалары веб-сайттарында жарияланбаған болса да, Google News және Yahoo News сынды жаңалық агрегаторларының сайттарынан таба аласыз.
Бұдан басқасының бәрі халықаралық журналистің шеберлігіне және материалды даярлауға жұмсай алатын уақытына байланысты. Интернеттегі ресурстарда шек жоқ, әйтсе де, салқынқандылық танытып, ақпаратты қайта-қайта тексеріп, бүкіл әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарының тенденция қалыптастырып, әлдекімге жақтас болуы ереже емес, одан ауытқу екенін ескере білу керек.
Екінші деңгейдегі ақпарат көздерінің мүддесіне де сын тұрғысынан қарау керек: коммерциялық БАҚ табысты көздейді, мемлекеттік БАҚ ресми көзқарасты ұстанады, ал қоғамдық бұқаралық ақпарат құралдары сапалы жұмыс істеуге ресурс тапшылығынан зардап шегеді, ал үкіметтік емес БАҚ насихат идеяларын тықпалайды. Кез келген журналист екі шоқып бір қарауы керек, алайда халықаралық журналист түрлі елдермен, мәдениеттермен және нарықтармен істес болады, ал өз еліндегі ақпарат көздерімен жүмыс істеп отырып, өзге елдердің ақпарат көздері кімнің мүддесін көздейтінін жазбай тану қиынырақ. Әлеуметтік желілердің ақпарат көзі ретіндегі қызметіне де арнайы тоқтала кеткен жөн. Әлеуметтік желілердегі кейбір бастамалар тіпті революцияға ұласып жататынын байқамау мүмкін болмай барады.
Алайда, әлеуметтік желіні тексеру, тіпті тұтас қарап шығудың өзі мүмкін емес. Уақыт болса, кәсіби журналистер ақпараттың растығын тексеру үшін жасап қойған бірнеше платформаны қолдануға болады, алайда бұл жағдайда да платформалардың бәрінің жұмыс стилі де, мүддесі мен мақсаттары да әр алуан екенін ескерген дұрыс.
Тұтастай алғанда, жалпы жур-налистикаға ортақ мына ережені ұстанған дұрыс: шынайы екеніне жауап бере алмайтын жаңалықты жарияламасаңыз, оны аудитория білмей де қалады, ал жалған нәрсені жариялап жіберсеңіз – ұзақ уақыт ұмытпайды.
Ақпаратты тексеру. Әлеуметтік желілердегі ақпаратты тексеруге арналған коммерциялық және ерікті қызметтер, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде нақты тақырыптар бойынша деректер жинайтын кәсіпқойлар мен әуесқойлар желілері бар. Ондай қызметтерге де толық сенім артуға болмайды.
Солардың кейбіреулері: 1. Storyful; 2. Checkdesk; 3. Bellingcat; 4. Observers арнасындағы France 24; 5. StopFake; 6. Лапшеснималочная; 7. Disinformation Review; 8. Emergency Journalism; 9. Politifact.
Халықаралық жаңалықтарды қалай жазу керек? Аудитория үшін алыстағы оқиғалар ағыны арасынан халықаралық журналист маңыздысын не қызығын таңдап алуы керек. Жұрттың көбі әлемде не болып жатқанын әлеуметтік желілер арқылы өз бетімен біліп отырса да, халықаралық журналистика – тілші-жетекшінің рөлі аса үлкен сала болып қала бермек. «Үйіндегі» оқиғалармен жұмыс істейтін журналист ең алдымен оларды нақты сипаттай білуі керек; аудиторияның тәжірибесі мен контентті түсінуі оның не үшін маңызды екенін, ол бұрыннан таныс шынайылыққа қаншалықты сыйымды екенін түсінуге жетеді. Ал халықаралық журналистер бұдан бөлек, көбінесе аудитория үшін не маңызды екенін анықтап, әлемде болып жатқан оқиғалардың қайсысы оқырманның өміріне көбірек әсер ететінін айтып беру жөніндегі жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс.
Халықаралық журналистің жауап-кершілігі аудиторияға бұл жаңалық неліктен маңызды екенін тікелей немесе жанама жолмен түсіндіру міндетімен тікелей байланысты. Картоп бағасы қымбаттағаны туралы мақала газетте неліктен жарияланғанын оқырман өзі-ақ түсінеді деуге болар, ал Қытай Президенті АҚШ басшылығын Оң-түстік Корей теңізіндегі қадамдардан сақтандырғаны туралы жазбадан осы мәселе оны неліктен толғандыруы керек екенін түсіндіріп беру керек.
Яғни, «үйдегі» журналистикада журналист тақырыпты бүге-шігесіне дейін ашудан сақ болып, аудиторияның таным-түйсігіне қалдырғаны абзал. Алайда, халықаралық журналистикада мұндай шешімтал қорытындысыз жаңалық аудиторияның басым бөлігі үшін мағынасыз болып қалады. Түсіндіру мен өз көзқарасын таңу арасындағы шектен шығып кетпеу қиын.
Бұл міндетті тіпті алдыңғы қатарлы әлемдік БАҚ қинала атқарып келеді. Түсіндірме қаншалықты егжей-тегжейлі болуы керек екені, әрине, БАҚ аудиториясына және тақырыптың танымалдығына байланысты. Алайда, әрбір халықаралық журналист өзі үшін мына теңдеуді шешіп алуы керек: кез келген маңызды халықаралық оқиға кез келген үйдегі оқиғаға қарағанда күрделірек, ал оны баяндау үшін үйдегі оқиғаны баяндауға қолданылатын тілге қарағанда қарапайымдау, сөйте тұра, болып жатқан оқиғаның күрделі екенін түсінуге бөгет болмайтын тілді қолданған жөн.
Қазіргі заманғы оқиғаларды жариялау маманданумен немесе оның жоқ болуымен байланысты. Үлкен жаңалық ұйымдарында журналистер аймақтар, елдер және тақырыптар бойынша маманданады, оның үстіне редакциядағы редакторлар мен жер-жердегі тілшілер арасындағы еңбек бөлінісі де бар. Алайда, әлемде бір ел немесе аймақпен шектеліп қана қоятын оқиға мен тенденция азайған үстіне азайып барады, сондықтан кез келген халықаралық журналистің дүниетанымы барынша кең болуы керек.
Айталық, жоғалып кеткен МН370 ұшағының қанаты Реюньон аралында табылғаны жөніндегі қысқа ғана хабарламаның өзінде қанаттың қалай табылғаны баяндалып қана қоймай, ұшақтың иесі Малайзияның, ұшақтағы жолаушылардың басым бөлігі қытайлар болғандықтан, Қытайдың, мұхит ағыстары арасындағы іздеу амалдарын жүргізген Австралияның, сараптама жүргізілетін Францияның және ұшақты өндіруші орналасқан АҚШ пікірін де қоса беру керек.
Бұл тізбектегі кез келген журналист – жергілікті тілшіден бас редакторға дейін – осы оқиғада бастанаяқ не болып жатқанын біліп отыруға тиіс. Қарапайым, бірақ, қарабайырламай қалай түсіндірсе болады? Үйіндегі оқиғаларды шыншыл баяндап жүрген журналистер мұндай қиындықпен сирек кездеседі: олар аудиторияға таныс дүниелерді айтады. Алайда, екі минуттық ТВ репортажда Оңтүстік Судандағы президент пен вице-президент арасындағы азаматтық соғыс туралы айтып беру керек болса, халықаралық журналист жағдайды екі тараптан да бірер ауыз сөзбен сипаттап беру керек, демек, сөздер қысқа да нұсқа, жауласудың түп-негізін түсіндіре алатындай, сөйте тұра, «жақсы», «жаман», «құтқарушы» және «сатқын» деген атақ таңбайтындай болуға тиіс. Айналып келгенде, халықаралық журналистиканың болмысы – қызықты оқиғаларды жариялау болса, жақсы репортер оны аудиторияға жеткізе алады.

ШОЛПАН

Шолпан Елеусізова,
КТК АҚ, жүргізуші-диктор, медиатренер
ЖАҢАЛЫҚТАР ШЫҒАРЫЛЫМЫН ЖҮРГІЗУШІ: «СӨЙЛЕЙТІН БАСҚА» АЙНАЛМАУ

Ақпараттық шығарылымдардың «роботтандырылған» жүргізушілерінің дәуірі келмеске кеткен. Көрермен ендігі жерде қағазға қарап жаңалық оқып отыратын қимылсыз қыздар мен жігіттерді көргісі келмейді. Қазір бүкіл дүниежүзінде жүргізуші орындығына ақпарат айдынында жұмыс істеген, кезінде өздері де микрофон ұстап жүгірген, жаңалық қалай жасалатынын жақсы білетін бұрынғы тілшілер отырып жатыр.
Алайда, қазақстандық арналар эфиріне жүргізушілер әлі де сырт келбетіне және жасына қарай таңдалатынын мойындауымыз керек. Айталық, журналистикада жұмыс тәжірибесі жоқ сіз де телевизияда диктор болуды армандайтын шығарсыз. Жаңалықтар шығарылымы аясында лайық көрініп, көрерменнің сеніміне ие болу үшін не істеу керек?
Реттеу. Мен қызмет ететін республикалық арнада жаңалықтарды реттеу әдетте шығарылымға екі сағат қалғанда жасалады. Оған жүргізушінің қатысқаны жөн, бірақ міндетті емес. Әйтсе де, қандай тақырып бірінші болып айтылуы керек, одан кейінгі кезек қай жаңалықтікі, он жетінші тақырып неліктен хронометражға сыймай қалса да болатынын талқылау барысына қатысқаныңыз жөн дер едім. Әрине, бас редактор мен шығарушы редактор және тілшілер желісінің жетекшісі бәрін дұрыс реттейтініне күмән жоқ, алайда, жүргізуші де ұсыныс айта алады. Сөйтіп, шығарылым қандай қисынға сүйеніп құрылғанын түсінесіз және әр сюжеттің қысқаша мазмұнын біліп аласыз.
Шығарылымның реті анықталған соң, компьютеріңізге отырып, келісілген ретпен сюжеттердің кіріспесі мен кадр сыртындағы мәтінді эфир кезінде сіздің алдыңызға суфлерге шығарылатын документке жазасыз. Ақындар шығармасына лайын ырғақ пен өлшемді қалай таңдаса, жүргізушінің де әрқайсысының өз сөйлеу ырғағы болады.
Айталық, мен диктор ретінде «Ақсудағы ашық тұрған кәріз құдығына бала түсіп кетті» десем, Артур Платонов: «Қаланың ортасында кәріз құдығына түсіп кеткен баланың обалы кімге?» деуі мүмкін. Сондай-ақ, редакциядағы әр тілшінің де өз баяндау стилі бар және ол көп ретте сіздікімен сәйкес келмеуі де мүмкін.
Автор сюжетін өзіне ыңғайлы ырғақта жазып, дыбыстайды. Сонда да, сіз айтатын дүниенің бәрін (кіріспе немесе кадр сыртындағы мәтін) мұқият оқып, хабарламаның мағынасын өзгертпей, өз ырғағыңызға салып алу керек. Ырғағыңызға сай келмейтін, баяндау стиліңізге қайшы мәтінді оқысаңыз, қолайсыздықты сіз ғана емес, көрермен де сезеді.
Практика. Мәтінді редакциялауды үйрену үшін кез келген ақпараттық порталдағы мақаланы өз ырғағыңызға лайықтап өзгертіп көруді ұсынамын. Сан есімдер құлаққа аса жақсы естілмейді. Сондықтан, мүмкіндік болса, сан есімдерден құтылған абзал. лақтырып тастауға келмесе, дөңгелектеген дұрыс. Күрделі сан есімдерді сөз арасында сыдырта оқып шығудан қиналсаңыз, цифрлердің бәрін сөзбен жазып алыңыз. Оның үстіне, телевизияда көп дүниені суретпен беруге болады, дизайнерлер сандардың бәрін графикаға айналдыра алады.
Жер-су атаулары. Мәтініңіздегі жер-су атауларына қатысты жағдай Google.maps сияқты: сіздің арнаңыздың таралу аясы неғұрлым кең болған сайын, шартты жерсерігіңіз де соғұрлым биіктей береді де, көше, тіпті, қала атаулары да көрінбей қалады. Қытайдағы тасыған өзеннің, су басып қалған ауылдың атын атаудың қажеті жоқ, Қытайда дей салсаңыз жеткілікті. Бірақ! Қазақстанда бұған дейін Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының маңындағы Шахан кенті туралы ешкім білмесе де, жаңа жылдың алғашқы күнінде онда көпқабатты үйдің кіреберісі қирап, адам шығыны болды, мұндай жағдайда бәрін егжей-тегжейлі атап отырып айтамыз. өйткені, өз аумағыңыздың үстінде жерсерігі төменірек ұшуы керек. Әсіресе, төтенше жағдайлар болғанда бәрін толық атау міндетті. Ономастикалық комиссиялардың бар-лық шешімдері мен жер-су атаулары өзгерістерін қадағалап жүріңіз.
Суфлер. Бұл бағдарлама – сіздің бірінші көмекшіңіз. Біз көрерменнің көзіне сенімді қарайтынымыз сондай, көбі әлі күнге дейін біз мәтінді жатқа айтады деп сенеді екен. Алайда, тікелей эфир кезінде түрлі күтпеген жағдайлар болып жатады: шұғыл жаңалық келіп қалып, оны параққа басып шығарып әкеп береді, сюжеттердің реті өзгеріп кетеді, суфлер жұмыс істемей қалады, т.б. Бәрін қойғанда, суфлерді тірі адам айналдырып отырады, ал ол сіздің ырғағыңызды «ұстай» алмай қалуы, тіпті, эфир кезінде ауырып, есінен танып қалуы да мүмкін.
Сондықтан, мәтінмен жақсы таныс болуыңыз, міндетті түрде мәтіннің қағазға басылған нұсқасы қолыңызды болуы және суфлерден параққа жылдам ауыса алуыңыз міндетті. Интернетте тегін көшіріп алуға болатын бірнеше телесуфлер бағдарламасын табуға болады. Солардың көмегімен суфлерден оқып жаттығуға болады.
Тікелей қосылу. Жаңалықтар барысында оқиға орнындағы тілшімен тікелей қосылу жоспарланған болса, сұрақтардың бәрін алдын ала суфлерге енгізіп қоюдың реті келе қоймас. Парағыңызға қарап отырсаңыз да ештеңе етпейді. Тілшіге қоятын сұрақтарыңызды алдын ала келісіп алған да дұрыс болады. Оны шығарушы редактор келісіп, бекітіп, ішкі байланыс арқылы сізге айтып отыруы мүмкін. Тілші жауаптарын алдын ала жазып алуы міндетті емес, оның үстіне, әзірленген мәтінді оқып тұрғанын көрермен байқап қояды. Суырып салуға да орын бар.
Алайда, қандай тақырыпта сұрақ-жауап алмасатыныңызды алдын ала белгілеп алу да керек. Артикуляцияға арналған жаттығулар Шығарылымға әзірлену барысында міндетті түрде сөйлеу аппаратын дамытуға арналған жаттығуларды орындау керек. Сөйлеу аппаратын «оятудың» ең қарапайым әрі жылдам тәсілі – жағыңызды ашпастан қысқа мәтінді оқып шығу. Жағыңыз жабық, алайда ерін, бет, ұрт – бәрі қозғалып тұрады. Содан кейін тура сол мәтінді кәдімгідей оқыңыз. Жаттығу жасауды тоқтатпаңыз. Бетіңіз, аузыңыз жүйелі жаттығу жасауды қажет етеді. Студия Енді жаңалықтар шығарылымын жүргізу үшін студияға кіруге әзісіз. Кірісімен, алдымен студияны түгел аралап шығыңыз. Онда өзіңізді үйдегідей жайлы сезінуіңіз керек. Тек, артық сөйлеуге ғана болмайды – микрофон қосулы тұруы мүмкін. Алғаш рет күрделі кастингтен өтіп, тікелей эфирге емес, трактіге ғана жіберіліп, студияға кіргенімде, үлкендігінен қорқып кеттім. Жарық жүргізушіге түсірілген, ал қалған аумақтың бәрі қап-қараңғы. Даңғарадай студия мені жұтып қойғандай сезіндім. Сонда редактор Ирина Маликова менің күйімді сезіп, студияға «айғайлауға» кеңес берді. Түпкі бұрышқа барып тұрып алып, даусым жеткенше айғайладым. Бүкіл кеңістікті даусыммен толтырмақ болып бақыра бердім. Осы бір тәсіл студияға бой үйретуге, өзімді жайлы сезіне бастауыма көмектесті. Бұл кеңестерім сіздерге де көмектеседі деп сенемін.

МАРИЯ

Мария Гордеева
Reuters ақпарат агенттігі, тілші

ЭКОНОМИКА ЖУРНАЛИСІ ДЕГЕН КІМ?

Экономикалық журналистика клас-сикалық журналистика түсінігінен түбегейлі ерекшеленеді. Мұнда тілшіге қойылатын басты әрі негізгі талап – сандарды есептеп, салыстыра білу, формулаларды талдап, қандай да бір мемлекеттік орган немесе компанияның мұндай сандарға қалай қол жеткізгенін сараптап түсіну қабілеті.
Экономикалық процестерді сипаттаумен айланысатын журналист тек цифрларды талдап қана қоймай, оларды қарапайым жұртқа қысқа да нұсқа түсіндіре алуға тиіс. Экономикалық журналистика әлемінде time management қолдану аса маңызды, өйткені қаржы журналисінің әр күні ел экономикасына ықпал ететін бағамдарды қараудан басталады. Ондай журналистің күні негізгі валюта саудасы ашылуы және жабылуына, компаниялар мен банктердің қаржы есептілігіне қатысты басты деректердің лондон биржасына шығарылуына, сондай-ақ, Қазақстан қор биржасындағы ақпараттық хабарлар ретіне қарай жоспарланады. Экономикалық журналистика әлемінде эксклюзив түсінігі екіұшты және қандай да бір ақпарат қашан және қайдан табылғаны, бір алаңда жұмыс істейтін әріптестерден ерте не кеш жарияланғанымен байланысты. Эксклюзив жаңалық алу ақпарат көздеріне тікелей байланысты, оның ішінде жария болғысы келмейтіндері де болады.
Экономика жаңалықтары үшін ақпаратты қайдан іздеу керек?
• Қазақстан қор биржасы;
• лондон қор биржасы;
• Гонконг қор биржасы;
• Қазақстанның Ұлттық банкі;
• Қр Ұлттық экономика министр-лігінің статистика комитеті;
• Қр Энергетика министрлігі;
• Қр Экономика министрлігі;
• Қр Қаржы министрлігі;
• Қр Үкіметі;
• Қр президентінің ресми сайты.

Экономиканың құлдырауы мен өркендеуін қалай қадағалап отыруға болады? Әр цифрды назарда ұстауға тура келетін жағдайда жұмыс істеп жүрген журналистерге ақпарат ағынын қадағалау қиындап барады. Экономика журналистикасының ең маңызды қағидаларының бірі – цифрлардан қорықпай, оларды мүмкіндігінше бірнеше дерек көзінен қайта тексеріп отыру. Экономиканы бірнеше тәсілмен өлшеуге болады.
Бастысы – Қр Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ай сайын жариялайтын статистикалық деректердің шығу уақытын өткізіп алмау. Журналистерге көмек болсын деп, ведомство негізгі цифрларды қамтитын ақпараттық материалдардың шығу кестесін жыл басында жариялап қояды. Оның үстіне, Қазақстанның экономикасына жауап беретін Үкіметтегі басты спикерлерді есептен шығарып тастауға да болмайды. Көбінесе, бастапқы ақпаратты сол саланың министрі береді, тек оны ресми жариялар алдында бір тексеріп алу жеткілікті болады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында экономиканың өсуі алғаш 1996 жылы тіркелген. Ол кезде елдегі ЖІӨ 0,5%-ға дейін өсті. Қазақстанда ЖІӨ ең төмен көрсеткіші 1994 жылы болды. Негізгі көрсеткіштер динамикасы туралы деректерді Статистика комитеті мен Ұлттық банктің сайттарынан on-line алуға болады.
Сонымен қатар, Президент пен Үкімет айтатын болжамдарды ескеру керек. Халықаралық журналистика тәжірибесінде үкіметтің болжамдары халықаралық қаржы банктері мен қорлардың болжамдарымен салыстырылады. Еуропа қайта құру және даму банкі, Халықаралық валюта қоры, сондай-ақ, рейтинг агенттіктері жыл аяғында немесе басында жариялайтын баяндамаларында ел экономикасы дамуына болжамдарын сипаттап, ЖІӨ өсуі немесе кемуінің негізгі индикаторларын егжей-тегжейлі есептейді. Қазақстанның ЖІӨ үшін, жалпы, шикізатқа тікелей тәуелді басқа да кез келген ел үшін лакмус – өнеркәсіптік өндіріс. Елде жүріп жатқан процестерді классикалық түрде түсінетін болсақ, өнеркәсіптік өндіріс құлдыраған кезде ел экономикасы өсу деңгейін көрсете алмайды.
Өз кезегінде, халықаралық қаржы қорлары мен банктердің болжамдарына сәйкес, Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің өсуін электр энергиясын тұтыну деңгейінің артуынсыз елестетуге болмайды. Экономика дамуына қатысты ұзақ мерзімді трендтерге ие бола отырып, журналистер экономикалық конъюнктура өзгерісін байқауға көмектесе алатын салыстырмалы деректерді қолдану маңызды. Былтыр ел экономикасы өскен-өспегенін есінде сақтамауы да ықтимал оқырманға Қазақстанның ЖІӨ 2009 жылдан бері алғаш рет 2016 жылы 1% ең төмен өсу деңгейін көрсеткенін білу қызығырақ болады.
Қазақстан экономикасы үшін маңызды әлемдік баға жүйесінде адасып қалмау үшін мынандай қағиданы ұстануға болады: дүниежүзілік биржалардағы мұнай мен басты металдар фьючерстерін күніне кем дегенде бір рет қарап отыру керек. Одан бөлек, әлемдік нарықтардағы жағдайды экспорт тауарларына деген баға трендтеріне болжам жасайтын ірі агенттіктер, оның ішінде рейтинг агенттіктері қадағалап отырады. Экономиканың негізгі циклдары – құлдырау (депрессия) – елдегі өнеркәсіп өндірісінің және халықтың жұмыспен қамтылуының ең төменгі көрсеткіштерін анық-тайды. Экономистердің айтуынша, «экономиканың түбі» ұзаққа созылмайды. Алайда, тарихта болған 1930-жылдардың Ұлы депрессиясы, іскерлік белсенділік оқтын-оқтын өзгеріп тұрғанына қарамастан, 10 жылға (1929 жылдан 1939 жылға дейін) созылған.
Төмендеу (рецессия) – әдетте өнеркәсіптік өндіріс көлемінің қысқа-руымен, іскерлік және инвестициялық белсенділіктің құлдырауымен байланысты және негізінен дамыған елдерде жұмыссыздық деңгейі артуына алып келеді. Халықаралық валюта қорының нұсқасы бойынша, экономикалық құлдырау кезеңі деп іскерлік белсенділік төмендеуі алты айдан астам созылғанын айтады.
Көтерілу (тірілу) – экономика тү-біне жеткеннен кейін аз уақыттан соң болады. Бұл цикл халықтың да, бизнестің де белсенділігі біртіндеп артуымен, сондай-ақ, өнеркәсіптік өндірістің аз ғана өсуімен ерекшеленеді. Экономистердің айтуынша, бұл циклда инфляция дүмпуі байқалмайды. Ел экономикасына инновациялар енгізіледі, сонымен қатар, алдыңғы төмендеу кезінде кейінге қалдырылған сұраныс жүзеге асырылады.
Экономикалық өркендеудің жоғарғы нүктесі немесе іскерлік белсенділіктің шыңы. Бұл циклда көбінесе жұмыссыздық толық дерлік жойылады немесе өте аз мөлшерде қалады, өндіріс қуаты толық жүктемемен жұмыс істейді, іскерлік белсенділік шырқау шегіне жетеді. Бұл экономикалық цикл кезінде елде инфляция қарқынды өсуі байқалады. Нарықтардың біртіндеп қанығуы елдегі бәсекелестікті күшейтеді, өз кезегінде ол табыс көлемін төмендетіп, экономикадағы жобалардың өзін-өзі ақтауының орташа мерзімін ұлғайтып жібереді.
Валюта девальвациясын өткізіп алмау үшін не істеу керек? Тарихи қалыптасқандай, бұрынғы КСРО елдері экспортталатын тауарлар бағасы төмен болғандықтан және көрші елдер экономикасының құлдырауы ықпалымен монетарлық ұстанымдарын өзгертіп немесе түзету енгізіп отырады. Монетарлық саясат ұстанымдары өзгеруінің өзі экономика журналистері үшін жаңалық. Қазақстан да бұл үрдістен шыға алмай, ұлттық валютасын үштен бір мөлшерінде девальвациялап, инфляциялық таргетинг ұстанымына көшті. Шетелдік терминдерді тек елдегі экономистер ғана түсінді. Ал шын мәнінде, Ұлттық банк ең алдымен елдегі баға өсуін белгілі бір өлшем аясында ұстап тұруға және валютаны Қазақстан үшін үйреншікті аяда қолдамауға маңызды шешім қабылдады.
Түптеп келгенде, Ұлттық банктің жаңа саясаты елдегі инфляция деңгейін бақылап отыратын монетарлық шаралар кешенін көздейді. Сонымен қатар, инфляцияның жоспарланған деңгейін ұстап тұруға бағытталған ақша-несие саясатының негізгі құралы – есептік пайыз мөлшерлемесін ойнату болып отыр.
Есептік мөлшерлеменің өзгеру динамикасын Ұлттық банктің сайтынан қадағалап отыруға болады. Есептік мөлшерлеменің өсуі банктердегі депозит мөлшерлемесін жоғарылатады және ақшаны жұмсаудан гөрі үнемдеудің тартымдылығын арттырады.
Сәйкесінше, есептік мөлшерлеменің төмендеуі коммерциялық банктердегі депозит мөлшерлемелерін төмендетіп, ақша үнемдеудің тартымдылығын азайтады. Құбылмалы валюта курсы жағдайында дамыған елдерде ұлттық валюта құнын тікелей ресми тағайындау болмайды. Валюта вағамы төмендеген жағдайды сипаттау үшін «құнсыздану», валюта бағамы жоғарылаған жағдайды сипаттау үшін «қымбаттау» терминдері қолданылады. Ұлттық банк тек жанама әдістермен (валюталық интервенция, ол туралы деректерді Ұлттық банк ресми сайтында ай сайын жариялап отырады) валюта бағамын өзгерте алады. Мұндай жағдайда валютаның құнсыздануы немесе қымбаттауы ресми құжат қабылдануының емес, валюта құнының нарық механизмдері ықпалымен өзгеруінің нәтижесі болады. Ұлттық валюталардың құны өзгеруін есептеуде Reuters қолданатын формула мынадай: Айталық, Ұлттық банк теңгенің жаңа бағамын 1 долларға 70 теңге деңгейінде белгіледі, ал бір күн бұрын 50 теңге болған. Долларға қатысты теңге қаншалықты құлады? (70-50)/70*100= 28.57% Доллар теңгеге қатысты қаншалықты нығайды? (70-50)/50*100=40%
Экономикалық журналистикада қан-дай терминдер қолданылады?
Валюта – ел ішіндегі нарықта да, халықаралық нарықта да тауар алмасу кезінде төлем құралы қызметін атқара алатын ақша бірлігі немесе кез келген құнды тауар.
Бағам (курс) – ақша бірлігінің өзге елдің ақша бірлігіне, бағалы металдарға, құнды қағаздарға шаққандағы котировкасы (бағасы).
Өзгермелі айырбас бағамы – негізгі факторлар: әлемдік мұнай бағасының, сондай-ақ, басты сауда серіктесі болып отырған елдердің валюта бағамдары өзгеруі ықпалымен қалыптасатын котировка.
Еркін өзгермелі айырбас бағамы режимі сыртқы ықпалдарды тиімді сіңіруге мүмкіндік береді.
Өзгермелі айырбас курсының артықшылықтары: нарықта шынайы айырбас курсына қол жеткізу, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалу, ағымдағы операциялар есебі бойынша айтарлықтай тепе-теңдік бұзылуының алдын алу және халықаралық резервтердің азаюына жол бермеу. Заң жүзінде Ұлттық банк бағам қалыптастыру процесіне теңге бағамының шектен тыс өзгеруінің алдын алу және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін интервенция жүргізу жолымен араласа алады.
Интервенция – елдің орталық банкі валютасын көп мөлшерде сату немесе сатып алу жолымен жүзеге асыратын валюта нарығы мен валюта бағамына шетел бір реттік және мақсатты ықпал ету шарасы.
Валюталық интервенция әдетте мемлекет мүддесі үшін шетелдік валюталар бағамын реттеу үшін жүзеге асырылады. Кейбір елдерде валюталық интервенция нарықтағы белгілі бір ойыншылардың мүддесі үшін де жүргізіледі.
Конвертация – валюта айырбастау. Валютаның конвертациялану деңгейі валюта операцияларын мемлекеттік реттеу механизмімен анықталады.
Девальвация – экономикалық саясат талабымен шынайы валюта бағамын төмендету (Халықаралық валюта қорының термині).
Монетарлық саясат – мемлекеттің баға тұрақтылығын, халықтың түгел жұмыспен қамтылуын және шынайы өндірістің өсуін қамтамасыз ету мақсатымен айналымдағы ақша мөлшеріне ықпал ететін саясаты. Классикалық түрде орталық банктің ақша-несие саясаты елдегі қаржы тұрақтылығына қол жеткізуге және оны сақтап тұруға, ең алдымен, ұлттық валюта бағамын нығайтып, елдегі төлем тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталады.
Инфляция – тауарлар мен қызметтер бағасының жалпы деңгейінің өсуі. Инфляцияға іскерлік белсенділік деңгейі, нақты ЖІӨ мен оның әлеуетті деңгейі арасындағы айырма, еңбек өнімділігі, халықтың ақшалай табысы, еңбекпен қамтылу деңгейі, нарықтардағы бәсекелестік дәрежесі, тауарлар және қызметтермен қамтылу, әлем нарықтарындағы бағалар және басқа да факторлар ықпал етеді. Инфляцияны есептеу үшін тұтыну бағалары индексі – халық тұтыну үшін сатып алатын тауарлар мен қызметтер (тұтынушы себеті) бағасының жалпы деңгейінің өзгеруі қолданылады. Тұтынушы себеті халықтың табысының құрылымын көрсетеді, тұтынуда ең көп үлес салмағына ие тауарлар мен қызметтерді қамтиды. Ол тұтынушы себетінің қазіргі кезеңдегі бағалармен өлшенетін құнының алдыңғы кезеңдегі бағалармен өлшенетін құнына қатынасы ретінде есептеледі.
Инфляциялық күту – халықтың және нарық қатысушыларының елдегі баға өсуінің ары қарайғы динамика жөніндегі болжамдары. Болжам деректері экономикалық қызметке тікелей ықпал етеді. Көбінесе, елдің инфляциялық күтуі недәуір төмен болса, нарық қатысушылары ақшасын өндіріске, инвестициялық жобаларға, қаржы операцияларына салуға тырысады. Халықтың инфляциялық күтуі артып жатса, нарық қатысушылары ақшасын тауарларға, жылжымайтын мүлікке, шетел валютасына, сондай-ақ, өзге, бағасы елдегі инфляция деңгейіне тәуелді емес құндылықтарға салады.
Инфляциялық таргеттеу – ақша-несие саясатының орта – үш жылға дейінгі мерзімде инфляцияның белгілі бір көрсеткішін орнату және соған жетуге бағытталған режимі. Бұл режимнің ерекше сипаты – ақша-несие саясатының мақсаты мен басымдықтарын нақты белгілеу. Инфляциялық таргеттеу режимінде маңызды рөлді Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемелері саясаты нарық мөлшерлемелеріне ықпал ету үшін қолданатын пайыздық арна атқарады. Ұлттық банктің ақша-несие саясатының негізгі құралы – базалық мөлшерлеме. Базалық мөлшерлеме – ақша нарығындағы банкаралық атаулы пайыздық мөлшерлемелерді реттеуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өз бағалауынша орта мерзімдік кезеңде инфляцияның мақсаттық бағдарына жетуге мүмкіндік беретін деңгейде тағайындайды.
Базалық мөлшерлеменің өзгеруі – ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемелер және айырбас бағамдары арқылы инфляция деңгейіне ықпал етеді. Жыл басында Ұлттық банк негізгі мөлшерлеменің өзгеру кестесін ашық жариялайды. Сондай-ақ, Ұлттық банк басшысы жыл барысында мөлшерлеменің болуы мүмкін өзгеруінің негізгі трендтерін атап отырады. Ашық нарықтағы операциялар – Ұлттық банктің ақша нарығындағы ликвидтілікті ұсыну немесе алып тастау үшін қысқа мерзімді ноталар аукционы түріндегі оқтын-оқтын жүргізетін операциялары. Ашық нарықтағы операциялар жүргізу кезінде кепілзат ретінде өтімділігі жоғары және тәуекелі жоқ құнды қағаздар қолданылады. Мұндай операциялар Ұлттық банктің бастамасымен жүргізіледі.
Тұрақты қолжеткізу операциялары – ақша-несие саясатының ашық нарықтағы операциялар нәтижелері бойынша қалыптасқан ликвидтілік көлеміне түзету енгізу құралдары. Тұрақты қолжеткізу операцияларының негізгі мақсаты – ақша нарығындағы қысқа мерзімді пайыздық мөлшер-лемелердің волатильдігін шектеу. Мұндай операциялар банктердің бастамасымен жүргізіледі. Минималды резервтік талаптар – орталық банктер банк жүйесіндегі ликвидтілікке деген сұранысты реттеу үшін қолданады. Резервтеу көлемін өзгерте отырып, Ұлттық банк резервтелетін активтер көлеміне ықпал етеді, сол арқылы экономиканы несиелендіру процесіндегі банктердің белсенділігін реттейді. Орталық банк міндетті резервтер нормасын арттырса, ол банктердің экономиканы несиелендіру үшін қолдануына болатын артық резервтерінің азаюына алып келеді. Орталық банк міндетті резервтер нормасын кемітсе, экономикадағы ақша ұсынысы көлемі артады.

ПАВЕЛ
Павел Банников
MediaNet ХЖО,
Factcheck.kz, контент-инженер

МЕДИАДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК МАРКЕТИНГ

Әлеуметтік желідегі маркетингтің жалпы ережелері кез келген сала немесе өнім үшін шамамен бірдей болып көрінуі мүмкін. Алайда, сандық медиамен жұмыс істеу тәжірибесі бұл тұжырымды жоққа шығарады. Неге десеңіз, медианың нақты та-уары жоқ, олар әдетте қызмет немесе өнімді сатпайды, интернет БАҚ ұсынатын өнімнің тұтынушыға пайдасы қаншалық екенін бағалау өте қиын.
Ал ондаған мың ақпарат көзі бар заманда, оның ішінде жүздеген, мыңдаған тақырып ұқсас кезеңде, медианың әлеуметтік желіде өз-өзін көрсете білуі айрықша шешімдерді талап етеді. Көп жағдайда әр БАҚ үшін жеке шешімді қажет етеді.
Яғни, бәріне ортақ рецепт жоқ. Дегенмен, жақсы жаңалық: медиа өнімдерді өткізудің стратегиясын құрудың жалпы заңнамасы мен рецептері жоқ емес. Біздің мақаламыз да сол туралы. Бірінші міндетіміз интернет басылымда қызмет ететін СММ маман жұмысының құралдарын көрсету, екінші міндет – СММ маман, редакция және медиаменеджерді бір арнада тоғыстыру. Қазақстанның медианың аудиториямен жұмысы тұрғысынан күллі әлем елдерінен қалыс қалып отырғанын ескерсек, жұмысты соңғысынан бастауға тура келеді.
Медиаменеджерге арналған СММ Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер соңғы екі-ақ жылдың ішінде әлемдегі бүкіл интернет БАҚты «жұтып қойды» десек, қателеспейміз. Facebook айлық аудиториясы – 1,9 млрд, Instagram – 700 млн, Whatsapp – 1,2 млрд, ВКонтакте – 1,2 млрд адам, Одноклассники – 300 млн. Facebook желісінің тәуліктік аудиториясы миллиард пайдаланушыдан асып түскен. Мұндай аудитория әлемдегі кез келген БАҚ үшін арман, Alexa ғаламдық рейтингінде 50 көшбасшының арасында бар болғаны екі медиа (Netflix и NTD TV) алғашқы 40 көшбасшы қатарына енген және олардың рейтингі әлеуметтік желілерден әлдеқайда төмен.
Қазір жаңалықтар сайттарда емес, әлеуметтік желілерде өмір сүреді, басқа контент те тұтастай сол желілерде өмір сүреді және талқыға түседі.
Медиаменеджер бұдан қандай ой түюі керек?
1. Егер сіздің ресурсыңыз әлеуметтік желідегі аудиториямен жұмыс істе-мейтін болса, нарықта жеңілдіңіз деген сөз. Қазір мен Айқындық капитанының рөліндемін, соған қарамастан, неге бұлай екеніне тоқталу маңызды деп санаймын. 2000 жылдың өзінде Пойнтер университеті жүргізген зерттеу нәтижесі пайдаланушылардың веб-сёрфингтегі мінез-құлқын зерттей келіп, пайдаланушылардың мақа-лаларды оқыған уақытта бір мезгілде бірнеше терезені ашып, түрлі ресурстан бірнеше материалды қатар оқитынын анықтаған. Орташа статистикалық пайдаланушы нақты бір дерек көзіне байланып қалмайды. 2016 жылғы пайдаланушылардың мінез-құлқын зерттеу нәтижесі орташа пайдаланушының жаңалықты қай сайттан оқығанын есінде де сақтамайтынын көрсеткен. Пайдаланушы үшін ол желідегі нақты бір ақпарат көзімен байланысты емес, интернетпен байланысты контент. Бұл сіздің контентіңіз тек сайтта ғана емес, пайдаланушы күн сайын пайдаланатын ортада да қолжетімді болуы керектігін көрсетеді, яғни көзге түсу үшін күн сайын пайдаланылатын ортада болу керек.
2.Әлеуметтік желілер сіздерді «жұтып жібергеніне» қарамастан, олар – сіздердің достарыңыз. Барлық ірі әлеуметтік желілер (кейде мессенджерлер де) медиа үшін құралдар жасап қояды. Оларға да пайдаланушы зерігіп, аккаунтынан шығып кетпеу үшін кәсіби мамандар жасаған контент керек. Мықты маман осы құралдарды өз медиасы үшін қызмет етуге мәжбүрлейді.
3. Ешқандай аутсорсқа жол жоқ. Сіздің СММ маманыңыз тек қана сіздікі болуы керек. Аутсорстағы маман мұндай қызмет көрсететін компанияның ішіндегі үздігі болуы мүмкін, туиттердің «құдайы» және фейсбуктің жебеушісі болуы мүмкін, бірақ сіз оның кішкентай (егер маман жақсы болса) немесе үлкен (егер орташа болса) клиенттер гаремінің бір кішкентай бөлшегі ғана боласыз. Аутсорстағы маманды/компанияны «бір сағатқа жалдайтын күйеу» секілді пайдалануға болады, яғни егер ресурсыңыз үлкен болса, өзіңіздің жеке СММ маманыңызды немесе СММ редакцияны дайындау үшін пайдалануға болады.
Неге олай екенін білу үшін СММ маманыңызға арналған осы мақаланың соңғы бөлімін оқығаныңыз жөн. Әлеуметтік желілер және редакция Тексерістен өткен тәжірибемізбен бөліссек, редакциялар, соның ішінде әсіресе жуырда ғана желіге шыққан мерзімді басылымдардың редакциялары әлеуметтік желілерді не істейтінін білмейді. Соған қарамастан, кәсіби ортада қазақстандық (тек отандық қана емес) әріптестерге қатысты «О, Құдайай, тағы да Фейсбуктен жаңалық жасапты» деген айыптауды жиі кездестіреміз. Бұл күлкілі айыптау, ол үшін мақаламыздың басында келтірген әлеуметтік желі пайдаланушыларының статистикасын есімізге қайта бір түсіріп қойсақ жетіп жатыр.
Егер редакция жұмысын жалғас-тырғысы келсе, бірнеше фактіні қабылдауына тура келеді. Әлеуметтік желі қоғамдық санаға кез келген медиадан гөрі күшті әсер етеді Трендсеттерлер, жұлдыздар мен спортшылар өздерінің Facebook және Instagram аккаунттарында өте белсенді. Егер қазақстандық сегментті алатын болсақ, Ержан Рашевке медиаресурс ретінде қарамасқа лаж жоқ (Facebook желісінде 29 000 жазылушысы бар), ол «Время» газетінен гөрі 15 есе тиімді және танымал (дәл осы кезеңдегі жазылушы саны – 1800).
Немесе, «Время» газетінің колумнисі Төлеген Байтүкенов (5000-нан астам жазылушы) медиа есебінде өзі қызмет ететін газеттен гөрі тиімді. Осыдан келіп аса маңызды тармақ туады: Әлеуметтік желідегі әр адам – жеке медиаресурс. Халық брендтерге қарағанда адамдарға сенеді. Яғни, Facebook желісінде сіз аудиторияның назары үшін саны жағынан әрі кеткенде жиырма-отыз болатын бір ақпараттық кеңістікте қызмет етіп жатқан әріптестеріңізбен емес, миллиондаған, бәлкім жүздеген миллион жеке медиаресурстармен бәсекеге түсесіз, барлығы жазба-ларыңызды жариялау тіліне ғана байланысты. Бұл бәсекенің шеңберінен, егер клингон тілінде жаза бастамасыз, ешқашан шыға алмайсыз. Сіздің СММ маманыңыз осыны түсінген уақытта «өз бетіңіз бар медиаңызды» әрбір белсенді әлеуметтік желіден ашып береді.
Сондай-ақ, ол әлеуметтік желідегі трендтерді де бақылап отырады, сондықтан күйіп тұрған тақырыпқа өзгеше материал дайындап беруді өтінсе, ойлануыңызға тура келеді.
Мәселен, Facebook желісіндегі кезекті вирусқа елігу басталған уақытта бәсекелес әріптестеріңіз нақты осы вируспен қалай күресу керектігі жөнінде материал жариялайды. Ал сіздердің сайтта лайфхактар бөлімі бар, СММ маман Facebook желісіндегі аса танымал вирустар мен оларды жою жөніндегі нұсқаулық тақырыбында материал жазуды ұсынады.
Егер СММ маманын тыңдасаңыз, Google іздеу жүйесінде «Facebook желісіндегі вирустан қалай құтылуға болады» деген сұрау бойынша үшінші орын аласыз және ондаған мың пайдаланушы сізге алғысын айтатын болады. Редакцияның белсенділігі Әлеуметтік желі тек жазатын материалыңыздың дереккөздерінің бірі ғана емес, сонымен қатар ре дакция мүшелерінің тіршілік етер аумағы да.
Журналист жазған материалдарын пайдаланушыларына тұрақты түрде ұсынып отыруы тиіс. Егер бұлай жасамаса, журналистің өз жұмысына көңілі тола ма, толмай ма деген сұрақ туады. Өз парақшасында редакцияның үздік мақалаларымен бөліспейтін бас редакторға күмәнмен қарауға болады.
Редактор мен журналистер – басылымның әлеуметтік желідегі бет-бейнесі, бейіл аудиторияны қайтару да осылардың қолында. Сондықтан, аудиторияның қалауына бей-жай қарамау керек. Редактор СММ маманнан не сұрауы керек? Редактор әлеуметтік желі жөніндегі маманға қоюы тиіс сұрақтардың бір парасы төмендегідей:
1. Аудиторияның бір айлық көр-сеткіші қандай? Оның саны маңызды. Дегенмен, сапасы одан гөрі маңызды: жынысы, жасы, географиясы, қызығушылығы. Қандай өзгерістер болды және ол немен байланысты болуы мүмкін? Маусымдық тренд пе, «жаға ұстатар» жаңалықтың болуы ма? Егер аудитория азайған болса, ол қалай әсер етті? СММ маман осы сауалдардың бәріне жауап бере алуы тиіс.
2. Редакцияның үздік материалдарын насихаттауда негізгі және ақылы (сапасы жөнінен) қамтылудың үлес салмағы қандай? Егер жақсы материалдың оқылымы аз болса, маманмен бірлесе отырып сәтсіздіктің себебін анықтауға тырысыңыз. Оның себебі тақырыбының ұзақ болуы, мәтінге сәтсіз жазылған комментарий, суретінің сәтсіз болуы, автордың мақсатты аудиторияны дұрыс бағамдай алмауы, СММ маманының да аудитория жағынан қателігі болуы мүмкін.
3. Әлеуметтік желідегі оқырманды сайтқа қызықтырып, оны кор-аудитория құрамында қалдырудың жолы қандай? Ол үшін олармен бірге жобаның идеясына сай келетін мәтін жаза аласыз, сонымен бірге бейіл аудиторияны қызықтыра аласыз. Тіпті, конкурс секілді тетіктің өзін медианың идеясына сай жүргізуге болады. Барлық деректерді редакциямен бөлісіңіз. Бір-біріңізді алмастыра алмассыздар, бірақ редакция өзінің шынайы аудиториясын және олардың қызығушылығын білуі тиіс. Кикілжің де болады. Одан қашып құтыла алмайсыз және ол жаман да емес. Редакция жұмысына араласпайтын СММ маманы медиа үшін нашар маман екенін естен шығармаңыз. СММ маман үшін Өкінішке қарай, бір мақалада СММ маманның жұмысын егжей-тегжейлі көрсетіп, кейстерді ұсыну мүмкін емес. Бір жақсысы, ол керек те емес. Өйткені, мақсаты айқын әрбір медиажобамен жұмыс өзінше бөлек және әрдайым жаңа шешімдер ойлап табуға тура келеді.
Сондықтан келесі бөлімде СММ маманының медиадағы жұмысының негізгі принциптерін, негізгі технология-лар мен болашақ бағыттарын айтамын.
Принциптер.
1. Медиадағы СММ маманы – редакцияның бір бөлшегі. Әрине, ол таңнан кешке дейін редакцияда отырмауы да мүмкін, өйткені оның негізгі құралдарының барлығы да желіде. Оның үстіне, жұмысын дұрыс жолға қойып алған СММ маманына смартфон мен 4G жеткілікті, осылардың көмегімен-ақ ақпарат толқынына ілесіп отырғанымен, бәрібір редакциямен байланыс керек. Кез келген медианың негізі (қажетті идея мен миссиядан бөлек) – адам, яғни мәтін жазатын, СММ маманының нақты пайдаланушыға қажет екенін түсіндіріп беруімен контент жасайтын журналистер. Ең кемінде аптасына екі рет СММ маман редакцияға келіп, лездемеге қатысып, тақырыптарды талқылау кезінде өз ойын білдіріп, программистпен және аналитикпен әріптестік байланыста болуға (немесе өзі веб-аналитик болуға), қажет болған жағдайда редакцияда түнеуге де дайын болуға тиіс.
2. Сіздің негізгі міндетіңіз – желіде медианың бет-бейнесін қалыптастыру. Мақсатты оқырман сенетін, сұрақ қоя алатын және басқаларға да ұсынатын кәдімгі тірі адам. Екінші негізгі міндет – идея, стилистика, сөйлеу мәнері арқылы оқырманның күткен үдесінен шыға білу. 3. Бас редактордікі әрдайым дұрыс. Сайттағы мәтіндерге қатысты осылай. Ал әлеуметтік желіге қатысты мәселеге дауласуға болады және дауласу керек те.
4. Безендіру және таргетинг ережесі – бұлжытпай орындауға тиіс алты ереже: Егер мақсатың алматылықтар болса, басқа қалаларға жарнама жасама және вегандар үшін ет зауытын жарнамалаудың керегі жоқ. «18-65 жас. Қазақстан» деген деген аудитория жоқ екенін, болмайтынын есте сақта. Әрдайым жазбаларға редакцияның қосымшасын жазу керек. Сенбі күннің ерекшелігін есте сақта, ерте уақытта хабарлама жіберме, сондай-ақ, кешкі мезгіл мен мейрамдарды да ұмытпаған жөн. Аздаған ирония мәжілістің отырысы туралы көңілсіз есептің өзіне назар аудартуы мүмкін екенін ұмытпа. Ал қалғанының бәрінде эксперименттен қашпау керек.
Технологиялар мен құралдар.
1. Бізге керек технологияның бар-лығын дерлік мамандар әлдеқашан жасап қойған. Яғни, әлеуметтік желідегі ресми қосымшалар, жарнамалық мен және Facebook, VK желілеріндегі корпоративтік аккаунттар, видеоканалдар мен тікелей трансляциялар, чат-боттар және браузердің пуш-хабарламасы. Бастысы, оқырманды жалықтырып алмай, барлығын бақы-лауда ұстау керек.
2. Бір әлеуметтік желі (ең көп дегенде екеу) аудиторияны жинайтын, оның қаңқасын қалыптастыратын, оларды әлпештейтін, сақтайтын және санын арттыратын негіз бола алады. Қалғанының барлығы осыған қосымша ретінде жүреді.
3. СММ үшін ақылы шешімдерден еш кемдігі жоқ тегін шешімдер де толып жатыр. Дегенмен, аса қымбат емес бір шешімді сатып алуға тура келеді – novapress.ru. жарияланымдардың жоспарлаушысы. Егер СММ бөлімінде бір ғана адам болса және ол бір негізгі желімен жұмыс істейтін болса, бұл сервис РСС арқылы автоматтандырылған жарияланымдардың көмегімен басқа негізгі арналардың барлығын сауатты түрде қамтуға мүмкіндік береді. Егер екеу және одан көп болсаңыздар, автоматикадан бас тастыңыз, қолмен жасалатын дүние әрқашан жақсы екенін ексеріңіз.
Парақшаның жарнамасы. СММ ма-манының негізгі міндеттерінің бірі – ресурстың парақшасына бейім аудиторияны тарту. Фейктер мен мультиктерді қаптатудың керегі жоқ, тірі пайдаланушылар керек. Бюджеті 50 доллар болатын жарнамалық хабарландыруды сауатты жазу мен таргетинг сізге жаңа 1500 пайдаланушы береді. Хабарландыру лентада ерекше көзге түсіп, назар аудартуы тиіс. Қарапайым мысал: ішіне әлдебір зат тұрып қалған адамның рентген суреті. «Тақырыптан да маңызды» деген жазу. «Ең маңыздысы – детальда» деген комментарий.
Таргетинг: жазылушыларыңыздың достары. Тиімділігі: аптасына 1300 тірі жазылушы және 35 доллар. Жазбалардың жарнамасы. Тек қана cornerstone articles. Тек мақсатты аудиторияға бағытталған жазбаларды ғана жарнамалаңыз. Ақша үшін жаңалықтар агрегаты үшін трендтегі жаңалықты жарнамалаудың қажеті жоқ, тек журналист оған мүлде жаңа көзқараспен келсе ғана назар аударуға болады.
Жарнаманың мақсаты – жазылушыларды арттыру, олар үшін сіздердің медиа маңызды ақпарат көзі болуы тиіс, оларға мақалалардың көрілімін арттырушы деп қарамау керек. Таргетинг парақшаға жазылушылар (олар барлық жазбаны көреді) мен олардың достарынан бастап, мақаланың тақырыбы қызықтыратын немесе сіздерге географиясы керек аудиторияға дейін өзгеруі мүмкін.
Перспектива және қазақстандық БАҚ игермеген ресурстар • ВКонтакте. Бұл желі Қазақстандағы кіру көрсеткіші жөнінен YouTube пен Google іздеу жүйесінен кейінші үшінші орында. Facebook тек 26-орында. Алайда, жасөспірімдерге арналған желі деген көзқарастан ба, әлде пабликтерге арналған интерфейстердің көп уақыт дамымауынан ба, көптеген қазақстандық медиа бұл желіде жұмыс істеуге үрке қарады. Әзірге ВКонтакте желісінің қазақстандық сегментінде тек аймақтық БАҚ пен ашықтан-ашық трэш қана бар.
Ал онда ең аз дегенде 25 жастан 35 жасқа дейінгі 400 000 қазақстандық отыр, БАҚ үшін ең керек аудитория. Оларға дәл сол жерде керек болуға талпынып көріңіз. • T Осы мақаланы жазу кезінде ең ірі канал TengriNews сайтына тиесілі болды, олардың 600-ге жуық жазылушысы бар. Яғни, кеңістік бос деген сөз.
Бұл аудиториямен өзара байланыс орнатуға ең тиімді канал, конверсия (жазбаны көргендер мен сілтеме бойынша өткендердің ара қатынасы) 80%-ға дейін. Тек мұнда сіздің басылымды оқуға толығымен бейіл кор-аудиторияны жинай білуіңіз керек.
Соған сай, бұл мессенджердегі стратегия да бөлек – редакция ұялмай көрсете алатын және мақсатты аудитория үшін маңызды деген тақырыптық контентті ғана бөлісуге тырысу керек. Олай болмаса, лояльді оқырманды жоғалтып, каналдағы аудиторияны үнемі алмастырып отыруға тура келеді.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *