Білім беру жүйесіндегі актуальды мәселелерді шешуге бағытталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 13 қазанда қол қойып бекіткен 10 Ұлттық нақты жобаны іске асыру жұмыстары...

Білім беру жүйесіндегі актуальды мәселелерді
шешуге бағытталған

1

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 13 қазанда қол қойып бекіткен 10 Ұлттық нақты жобаны іске асыру жұмыстары басталып кетті. «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысының күші жойылып, оның орнына «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жобаны іске асыруға жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар анықталып, Білім және Ғылым министрлігінің тікелей бақылауында жүзеге асатыны нақтыланған. Ұлттық жобаны әзірлеудегі ең басты мақсат: Барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру. Жоба аясында білім сапасын арттыру, мемлекеттік тілді дамыту, жастардың білім алуына барлық мүмкіндіктерді заманға сай ойластыру т.б. маңызды іс-шаралар қарастырылған.
Ұлттық білім жобасы нақты 5 тапсырмадан, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады.
1-міндет. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету;
2-міндет. Орта білім беру сапасын арттыру: Қазақстанның өңірлері, қалалық және ауылдық мектептері арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту (PISA);
3-міндет. Мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету;
4-міндет. Қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету;
5-міндет. Қазақстандық ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Бірінші міндет — Мектепке дейінгі тәрбие мен білім. Мектеп жасына жетпеген әрбір бала мектепке дейінгі тәрбиеге құқылы. Мектепке дейінгі тәрбие муниципалдық және отбасылық балабақшаларда жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бала ата-анасының бірімен бірге балалар алаңдарындағы сабақтарға қатыса алады. Егер ата-анасы жұмыс істесе немесе оқыса, бала мектепке дейінгі мекемеде аптасына 20 сағаттан немесе одан көп бола алуына жағдай жасау. Мектепке дейінгі тәрбиенің мақсаты баланың дамуы мен әл-ауқатына ықпал ету болып табылады. Мектепке дейінгі мекемелерде балада қарым-қатынас және шағын моторика дағдылары қалыптасады, сондай-ақ басқа да білімдер мен біліктерге ие болады.
Сондай-ақ бала оқуға көмектесетін дағдыларды меңгереді. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады. Бала дамуының жаңартылған моделін енгізу жұмыстары да қолға алынуда.
Мектепке дейінгі кезеңде балада өзіндік логикалық ойлауы, санасы, тілі қалыптасады, әлеуметтік тәжірибені игереді, түрлі практикалық дағдыларды игере отырып, іс-әрекеттің субьектісі ретінде қалыптасады. Осыған байланысты қазіргі жағдайда мектеп жасыгна дейінгі балалардың қызығушылығын, танымдық дағдыларын қалыптастыру үшін педагог оқытудың жаңа әдістерін меңгеруі қажет.
2021-2025 жылдар аралығында мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосу мен ашудың жоспары әзірленген. 2021 жылы 33,5 мың орынға 442 мектепке дейінгі ұйым ашылған. 3 пен 6 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балаларды қамту 99,1%-ға, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 88,9%-ға жеткен.
Екінші міндет – Орта білім беру сапасын арттыру: Қазақстанның өңірлері, қалалық және ауылдық мектептері арасындағы оқыту сапасын алшақтықты қысқарту (PISA). Оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында 12 жылдық оқытуға көшу жоспарлануда. Білім және ғылым министрлігі 2022 жылы Қазақстан алғаш рет ЭЫДҰ PBTS (PISA-based Test for Schools) зерттеуіне қатысатынын хабарлаған болатын. Бұл сынақтан өту үшін дайындық мақсатында республиканың 17 өңірінен 200 білім беру ұйымы апробациялық зерттеулерден өткен.
Білім беру саясатында сапа, тиімділік және теңдік сияқты ұғымдар – аса маңызды. Мектептердің географиялық орналасуына, тілдердің әртүрлілігіне, ұлтқа, әлеуметтік қабатқа және жынысына қарамастан барлық оқушыларға сапалы білім берілу керек. Аймақтық, облыстық білім басқармалары, мектеп әкімшілігі оқушылардың білім сапасы, оқуға әсер ету факторлары, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, психо-эмоционалдық дағдылар т.б. туралы мәліметтер алынып, зерттелетін болады.
Президент тапсырмасы бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары үшін оқушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгеннен кейін «Цифрлық мұғалім» жобасы іске асырыла бастайды.
Яғни, қосымша білім алу мүмкіндігі артады. Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаменті өкілдері: «Мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде, оның ішінде жекеменшік ұйымдарда орналастырылатын болады. Балаларды қосымша біліммен қамту 2021 жылы 70,5%-ды құрады. 2022 жылы оқушылардың 75,5% қамту жоспарлануда», деген болатын.
«Білімнің бастауы – мектеп болса, келешек ұрпақтың алғашқы баспалдағы – бастауыш білім беру саласы» екені баршамызға белгілі. Қай кезде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Заманның дамуына қарай еліміздегі білім беру үдерісі де даму үстінде болмақ. Сол себепті оқушыларға берілген білім мен тәрбие үдерісінің қорытындысы баланың білімін бағалаумен айқындалады. Баланың мектеп табалдырығындағы алған білімі мен тәрбиесін бағалау үдерісі оның азаматтық қоғам мүшесі ретінде қалыптасып, дамуына әсерін тигізеді. Мектеп оқушыларының білімін, тәртібін бағалау үдерісі баланың жан-жақты дамуымен қоса мектептің рейтінгісіне де қатысты. Мектеп рейтингісінің жоғары дәрежеде болуы әрине мұғалімдердің біліктілігіне байланысты. Сол себепті де, пән мұғалімі өткен сабағындағы әдіс-тәсілдеріне ғана емес, сондай-ақ оқушылардың білімінің дамуына аса көңіл бөлуі тиіс. Мектеп оқушыларының білімін бағалау үдерісінің қазіргі білім беру жүйесіндегі маңыздылығы да осыда. Оқушылардың білімін бағалау үшін тексеру жұмыстары жүргізілетіні анық. Білімді тексерудің дұрыс ұйымдастырылуы оқушы білімінің сапалы бағалануына жол береді. Білімді тексеруге қойылатын талаптар:
• тексерудің және бақылаудың жүйелілігі, тұрақтылығы, міндеттілігі. Бұл талапты орындамау оқушылардың оқуға деген қатынасын нашарлатып, білімнің сапасына кері әсер етеді;
• әрбір оқушы өзінің білімінің, іскерлік дағдысының бағаланатынын түсіну керек. Егер білімді тексеру және бағалау оқыту процесінің құрылымына тұрақты түрде енсе, онда оқушы мұғалімнің сұрақтары мен тапсырмаларына жауап беруге дайын болады.
• оқушылардың білім, іскерлік және дағдылары мемлекеттік .оқу бағдарламаларына сәйкес тексеріледі. Бағдарламаны меңгеру — білімді бағалаудың негізгі өлшемі. Мұғалім оқушының қосымша біліміне, оқыған қосымша әдебиеттеріне кеңес, нұсқау, беріп, баға қоймайды.
• оқушылардың теорияны және фактілерді білуін тексеру және бағалау арқылы, білімдерінің жалпы және ақыл-ой дамуына, жеке тұлғалық сапаларын қалыптастыруға ықпалын, оқуға әсерін білу;
• білім, іскерлік, дағдыларды түрлі тәсілдер арқылы тексеру;
• байқалған кемшіліктерді оқу-шының өзі түзетуі;
• мұғалімнің оқушыларды бі-лімдерін бақылап, бағалауға, кемшіліктерді жоюдың әдістемесі мен тәсілдерін білуге үйретуі;
• бағаны әділ қойылуы;
• оқушының өзін-өзі және басқаны бақылауы және бағалауы;
• әр тақырыпты оқудың нәтижесіне мұғалімнің және оқушылардың баға беруі;
• бақылау-бағалау процесінің әрбір баланың оқу үлгерімінің төмендемеуіне, көңіл-күйінің жақсы болуына көмектесуі.
Әр мектепте заңды түрде қам-қоршылық кеңес құрылып, іс жүзінде екі жақ бір бағытта жұмыс атқарса, мектеп мен ата-ана арасында қазіргі қоғамда туындап жатқан түсінбеушіліктер санын азаяр еді. Осы мақсатта бүгінгі күні әр мектепте Білім министрінің заңды қолдауымен қамқоршылық кеңестер құрылып жатыр. Бұл кеңес – мектептің оқу және тәрбие ісінде қолдау көрсетіп, атсалушы, өзін-өзі басқару жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуші, мұғалім-оқушы-ата-ана үштігінің бірлесе жұмыс жасауына жағдай жасаушы кеңес болып табылады.
Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Білім беру жүйесінде инфрақұрылымдық мәселелер әлі де өзекті болып қалуда. Бұл мақсатта 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Мың мектеп жобасы іске сәтті асып кетсе, үш ауысымды мектептер және апатты мектептерден құтылатын едік. 2025 жылға дейін аймақтар мен шағын қалаларда, аудан, ауылдарда 5000 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, техникалық-материалдық база қайта жаңғыртылып, сапалы білім алу үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Қазіргі уақытта 1015 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілген.
Министрліктің қазіргі жоспары бойынша: «2022 жылы 1003 мектеп жаңғыртылады. 2022 жылы мектептердің 70%-ы пәндік кабинеттермен жабдықталатын болады, 2021 жылға көрсеткіш – 65,9% орындалды. Бүгінгі күні білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен толықтай қамту жоспарланған: ішкі – 64% (жоспар – 60%), сыртқы – 41% (жоспар – 30%)».
Ауыз сумен, жабдықталған дәрет-ханалармен және қол жууға арналған базалық құралдармен қамтамасыз етілген мектептердің үлесі 85,5%-ды құрайтынын жеткізді. 2022 жылы бұл көрсеткішті 89%-ға жеткізу жоспарланған. Инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету үшін мүмкіндіктері шектелген балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу нормативін 50 мың балаға 1 ПМПК (Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация) есебінен жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастарды қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен толық қамту қамтамасыз етіледі. Кәсіптік білім практикаға көбірек бағытталғандықтан, білім алушы оқу процесінде белгілі бір мамандық бойынша жан-жақты біліктілік алып шыға алатындай жағдай жасалуы керек. Орта кәсіптік білім алғаннан кейін қалаған жағдайда жоғары оқу орнына түсуге болады.
Адам қызметінің әртүрлі салаларында болып жатқан өзгерістер кәсіби білім беруді ұйымдастыруға және оның сапасына қойылатын жаңа талаптар қояды. Кәсіби оқу орнының заманауи түлегі тек арнайы білімге, дағдыға ие болып қана қоймай, жетістіктер мен жетістіктерге деген қажеттілікті сезінуі керек; оның еңбек нарығында сұранысқа ие болатындығын біліңіз. Кәсіби білім беру ұйымдарының студенттеріне білім жинауға, өз бетінше белсенділік пен үздіксіз өзін-өзі тәрбиелеуге қызығушылық ояту қажет. БҒМ Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысының дерегінше, 2021 жылы мемлекеттік тапсырыс 2020-2021 оқу жылының 9-сынып базасында қабылдаумен салыстырғанда 20 205 адамға ұлғайтылған. Квота бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға 37,5 мың адам қабылданды, бұл жалпы қабылдаудың 39,3%-ын құрайды.
Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Соңғы жылдары жоғары оқу орындарының академиялық және ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелілігін айғақтайтын университеттердің әлемдік рейтингтері белсенді түрде дамып келе жатқандығы мәлім. Бұл рейтингтер университеттерді түрлі көрсеткіштер арқылы салыстыра отырып, әлемдегі орнын анықтайды. Рейтингте көбінесе университеттің ғылыми жарияланымдары, зерттеулер деңгейі, шетелдік студенттер мен оқытушылар саны, академиялық беделі және жұмыс берушілер ортасындағы абыройы сынды жан-жақты көрсеткіштер қарастырылады.
Қазіргі уақытта кез-келген жоғары оқу орны осы талаптар негізінде жұмыс істеп жатыр. Соның бірқатары университеттердің халықаралық имиджі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Бұл бағытта «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасын іске асырылып жатыр. 2025 жылға дейін 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны) құрылады.
Әрбір білім беру жүйесінің нақты экономикалық және саяси ортада жұмыс істейтіндігі мәлім, ендеше, әлемдік рейтингтердің метрикалық жүйесіне толықтай мойынсұнып, солар қойған стандарттарды ұстану керек пе, керек емес пе? Бұл да ашық сұрақ. Өйткені рейтингке қатысушы білім беру жүйелерінің тарихи, экономикалық және әлеуметтік бэкграунды (өткен тарихы) алуан түрлі — жоғары білім беруді қаржыландыру көлемдері мен тетіктері де, қаржыландыру мөлшері де, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер саны да әртүрлі.
Рейтингпен қатар, универ-ситеттердің басты мақсаты сапалы маман даярлап шығу. Білім алушының зерттелетін пәнге деген қызығушылығы тек оқу материалын кәсіби көрсетумен ғана емес, оқытушының жеке қасиеттерімен де анықталады. Сондықтан білім беретін оқытушылардың да өздерін жетілдіріп отыру қажеттілігі туындайды.
Қазақстан бір студентке шамамен 9 мың доллардан қаржы бөле отырып, соншалықты артта қалмағандығын, тіпті бірқатар елдермен салыстырғанда алда келе жатқанын сарапшылар анықтаған.
Қазақстан ЖОО-ларының рей-
тингімен қатар білім сапасын арттыратын тағы бір фактор – университеттердің интернационализация деңгейі (шетелдік студенттер мен оқытушылар). Жыл сайын бұл көрсеткіш артып келе жатқаны, университеттер тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесі деп бағалауға болады.
Қазіргі уақытта оқыту нәтижелерін бағалаудың дәстүрлі құралдары аясында білім беру сапасын бағалаудың қазіргі заманғы тәсілдеріне бағ-дарланған өлшеуіштердің жаңа түрлері пайда болды. Жылдам даму үстіндегі Жаңа бағыттағы – Жаңа Қазақстанның жастарына білім беріп, бәсекеге қабілетті маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілді. Сондықтан да еліміздің экономикасы жақсарып, білім беру жүйесінде өзгерістер мен қайта жаңартулар орын алуда. Білім алушылардың оқудағы жетістіктерін бақылау — әр түрлі бақылау тапсырмаларының негізінде белгілі бір пән бойынша студенттердің білім нәтижелерін бақылау (жазба жұмыстары, тестілеу, практикалық жұмыстар, портфолио, ауызша сұрақтар және т.б.); ол ағымдағы бақылау, аралық бақылау және қорытынды бақылау болып бөлінеді.
Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, білім саласын зерттеушілер: халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жоғары білімді қол жетімді етуге арналған төмендегідей ұсыныстар берген.
Гранттар беру кезінде студенттердің үлгерімін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық факторларды да ескеру керек («need-based system»). Табысы жоғары отбасынан шыққан талапкерлер грант алмауы керек. ҰБТ-ның шекті балы – 50 балды еңсерген жағдайда, отбасының табысы төмен барлық талапкерлерге гранттар берілуі керек (мысалы, Ұлыбританияның жетекші университеттері, соның ішінде University of Oxford және University of Cambridge, 2020 жылдан бастап алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттердің үлесін 7% -ға дейін көбейтуді жоспарлап отыр екен).
Сонымен, ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады. Ол мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім, техникалық және кәсіптік білім, сондай-ақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтиды. Жобаның мақсаты- жас ұрпаққа сапалы білім беруді көздейді. Сонымен қатар, ұлттық жобаны іске асыру мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға, мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еліміздегі заманауи өзгерістер, тұрақты дамудағы жаңа стратегиялық бағыттар, қоғамымыздың жедел ақпараттандырылуы және жүйелі дамуы білімге қойылатын талаптарды күннен-күнге күшейте түсуде. Осыған сәйкес білім беруді модернизациялау, білім саласында нақты жобалар енгізу қажеттілігі айқын көрініс тапты. Бұл өз кезегінде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасының жасалынып, жоспарының бекітіліп, жүзеге асуына жетеледі. – Білім беру үдерісін ұйымдастыру, шетелдік озық тәжірибелер, мектептердің жетіспеушілігі, мектепке дейінгі балабақшалардағы орын тапшылығы, кәсіптік білімнің практикамен ұштаспай қалуы, университеттердің лицензияларынан айрылып, халықаралық рейтинг түгілі, ішкң рейтинг талаптарына жауап бере алмауы мемлекеттік деңгейде жүзеге асатын Ұлттық жоба аясында жүзеге асатындығына сенім мол. Нақты жоба аясында ғана білім сапасын жақсартуға, білім деңгейін көтеруге қарқынды жұмыстар жүргізілетінін айтуға болады.
Қазіргі уақытта икемділік пен бейімделу, позитивті ойлау, оқушылар мен мұғалімдердің бірізділік тобын құру, қиын балалармен жұмыс жасау қабілеті, өз өкілеттіктерін жүргізе білу, тұрғылықты жердің деңгейінде әрекет жасау, болашақта пайдасы болатындай жүйелі түрде әрекет ету сияқты құзыреттіліктерге ие мұғалімдер қажет. Кез келген бастаманы жаһандандыру үрдісі және халықаралық деңгейге жеткізу қоғамның барлық аспектілерінің маңызды ерекшеліктері болып табылады, соның ішінде білім беруге де ерекше мән беріліп жатқаны әрине қуантарлық жағдайлар.
Көрнекті ағартушы, ұлт ұстазы атанған А. Байтұрсынұлының «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ» деген керемет айтылған сөзі бар.
Мектепті қаншалықты керемет құрылыстармен салып, әлемдегі озық технологиялармен, компьютер, ақылды тақталар, зертханалармен, кітапханалармен жабдықтап қойғанмен, білікті, білімді, заманауи тұрғыда өзін жетілдірген мұғалімдер тобы болмаса, мәселе сол шешілмеген күйі қалары анық.
Қазіргі заманның ұстазға қояр басты талабы – ақпараттандырылған, жан – жақты, дүниетанымы кең, тәрбиелі әрі саналы шәкірт сомдауы. Сапалы білімге жету жолында ұстаздың аянбай еңбек етуі керек. Оқытудың тиімді әдіс–тәсілдерін, қазіргі заманауи инновациялық технологияларды меңгеруі шарт.

Қарлығаш ТАЛДЫБАЕВА,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірлестік жетекшісі,
№30 мектеп, Алматы қаласы
Жанна ИМАНКУЛОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ, Филология және көптілді білім беру институты, С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы
Аружан ДҮЙСЕНБАЕВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Филология және көптілді білім беру институты, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығының
3-курс студенті

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *