ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ
Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Үмбетбай Уайдиннің 85 жасқа толуына орай сықақшымен көзі тірісінде алынған сыр-сұқбат …Заманында зар еңiреген шешен көзiн жұмып, көңiлiнiң... ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Үмбетбай Уайдиннің 85 жасқа толуына орай сықақшымен
көзі тірісінде алынған сыр-сұқбат

уайдин

…Заманында зар еңiреген шешен көзiн жұмып, көңiлiнiң көк дөненiн босатып, ұрпағының болашағын қалай болжаған? Елдiң ертеңi не болмақ? Майқы би бабамыз қалай тiлiн безейдi…
“Әлi заман өзгерер,
Өзгергенiн көз көрер.
Мiнгенiң арба болар,
Бар құс қарға болар.
Жансыз арба – ат болар,
Өз балаң өзiңе жат болар.
Темiрден құс болады,
Ұрпағымның көргенi сұс болады.
Адам басы ауырып даң шатылар,
Базарыңда сұйылған сүт сатылар.
Еркек билiк тұл болар,
Сиыр пұл болар.
Еркек жасын и болар,
Қатын тұлданып би болар.
Алғаның арабы болар,
Құттып қорабы болар.
Төсекке есеппен жатарсың,
Жыныс зарпын ақшаға сатарсың.
Иекке тиер қызыл аз болар,
Адам шаштан айрылып таз болар.
Он бесте азуыңды аршырсың,
Тумысыңнан тамаққа таршырсың.
Баққаның өсек, сөз болар,
Қатының өзiңе көз болар.
Тастан аяқ болар,
Балық саяқ болар.
Сары судан ас шығар,
Балаң өзiңе қас шығар.
Жер тақыр болар,
Жұрт пақыр болар.
Осындай қилы заман болар.
Ендi төрт мың жылда
Дүние тәмәм болар”
Майқының айналасында аузымен құс ұстаған шешендерi болған, солардың бiрi – Аяз би мен Құмырсқа. Бiрақ екеуi қазылық құрудан гөрi елшiлiк-жаушылық жасаумен көбiрек әуестенiптi. Сондай бiр шаршылы топта Майқының алдын кес-кестеп, сөзiн бөле берген екi биге айтылған “Аяз би, әлiңдi бiл, Құмырсқа жолыңды бiл!” деген мәтелi де қалған ғой. Сол Жаман баласы Аязды әу баста бiр-екi жиындағы сөзiнен пайымдап, айтқыштығын аңғарып өзiне етене жақын би етiп алды – кемеңгерлiк емей немене?
Ал астарында ақыл мен парасат, адамгершілік пен ақиқаттың тамшылары тамып тұрған мына өлеңін зердесіне тоқыған жанның кеудесі қоңыраудай күмбірлеуі сөзсіз.
Қойдан қойдың несі артық,
Қос табақтық еті артық.
Қардан қардың несі артық,
Жылтыраған беті артық.
Маннан манның несі артық,
Бірі алпауыт, бірі шартық.
Аттан аттың несі артық,
Адымдап басқан ізі артық.
Қыздан қыздың несі артық,
Қылмыңдаған көзі артық.
Ерден ердің несі артық,
Ептеп айтқан сөзі артық.
Пұлдан пұлдың несі артық,
Тозғанда шұлғау, тозы артық.
Екі лақтан бір тоқты,
Шікірәдан қозы артық.
Жыпырлаған жұлдыздан,
Жартыкеш болса Ай артық.
Биік-биік жотадан,
Су сыйлайтын сай артық.
Митыңдаған есектен
Күзелген бөдес тай артық.
Қисусан салған ұлпадан,
Бір-ақ уыс жүн артық.
Тіршілік берген һәммеге
Барлығынан күн артық.
Осыларды оқығанда ойыма Шерхан Мұртаза түсті. Жаны сірі жазушы. Жүрдек журналист. Ауқымды аудармашы. Қоғам қайраткері. Халық қамқоршысы. Мен Шерағаңды Майқы биге баласам несі сөкет? «Лениншіл жас», «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газет-журналдарының биі, яғни редакторлығын былай қойғанда, аузы дуалы адамдарды алыстан, аяқ алысынан аңғарып, таланттарды тап басып тануы – Майқы билігі. Сонау жетпісінші жылдары «Лениншіл жаста» редактор боп тұрғанда Алтайдағы Оралхан Бөкейдің сөз саптауынан танып, Атыраудағы Фаризаның өлеңдерінен өріс көріп, бірден қызметке қабылдаған.
Қазір міне, бірі – Майқы бидің Аяз биіне айналды. Бірі – Құмырсқа биіндей халықтың қамқоршысы, елдің елшісіндей боп жүрген жоқ па?!
«Бір жылыңды ойласаң – күріш ек, он жылыңды ойласаң – ағаш ек, жүз жылынды ойласаң – адам тәрбиеле» дейді Шығыс даналығы. Тәрбиелеп өсірген шәкірттеріңізге тоқталсаңыз…
– Шәкірт?
Педагогикада көп жылдан бері келе жатырмын. Бір кездегі шәкірттеріміз: «Сіз бізге сабақ бергенсіз», – десе, құлаққа тосындау. «Ағай, біз сіздің шәкіртіңіз боламыз», – десе, жүрекке жылылау. Бұлай деуіміздің мәнісі: ұстаз – үлкен сөз. Бұл үлкен сөзге оқытушы, мұғалім атаулының барлығы да лайық па? Менің ұғым-түсінігімде нағыз ұстаз – шәкірттердің жүрегіне жол таба білген, шәкірт мойындаған, табынған идеал, тұлға.
… Ұзаймын әлде де әрі жолдас-еке,
Қарсылық сіз тараптан болмаса егер.
Шәкіртке білім беру әйдік парыз,
Ал көзге шырақ жағу – зор мәселе!

Бауырым, ренжіме «әзілге» сен,
Дауысым қатты шықса әсіресе.
Көзінен әр шәкірттің бақыт көру,
Айтпақшы, мәселенің мәселесі!
(«Мәселенің мәселесі». Үзінді).
Иә, ал әр шәкірттің көзіне шырақ жағу кез-келгеннің пешенесіне жазылған бақыт па? Ондайлар ілуде біреу. Ондай үлкен абыройға өзім де жеттім деп айта алмаймын. «Біз сіздің шәкірттеріңізбіз», – деп күлімсіреп сәлем беретіндер баршылық, жоқ емес.
Шәкірттерден хат-хабар алып тұрамын. Мен ол хаттарды бөтен көздерден құпия ұстаймын. Ол хаттар менің мерейім. Қажет деп тапсаң, хаттар тігіндісімен танысып шығуға саған ғана рұқсат.
Солай, бауырым, ұстаз – ұлы есім!
… Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары
Ұстаздардан көнбіс адам жоқ әлі!
Мектеп көрген әдептілер, айтпақшы,
Мұғалімнен шықпаңыздар жоғары!
Академик, министр бол тіпті сен,
Кім болсаң да мектеп көрдің кеп-кеше.
Кім болсаң да қарайлай жүр ұстазға,
Алаяқтар алдын орап кетпесін.
Орындалып, айталық, бір ойдағы іс,
Отырармыз қуанышта, тойда біз.
Сондай кезде есте болар бір нәрсе:
Мұғалімнен бұрын сөйлеп қоймаңыз.
Ақыл. Сана. Сабыр. Талас-тартысу –
Мұғалімнің табиғаты, жалпы, осы.
Бос уақыты: ойдан басқа ойы жоқ,
Бос уақыты: әрбір түннің жартысы.

Махаббаты: бала және Отаны.
Сүйікті ісі: қағаз-кітап қопару.
Демалысы: шәкірттерге хат жазу,
Ал кәсібі: от беру мен от алу!
(«Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!». Үзінді).
Сатирада кім кімді ұстаз тұтады, кім кімді шәкірт санайды – ол әркімнің өз жүрек қалауы. Бұл мәселеге өткенде кішкене кідіргенбіз. Сол келген жерден қайыра тұрайық.
Би-шешендер де халықтың ұстаздары ғой. Аяз би, Майқы т.б. бабалардың даналықтарын Шерхан Мұртаза аға-мызға әдемі иіп әкелдің. Төрелік айту, құдайшылық айту, билік айту, қара қылды қақ жарып, мәселені қақыратып айту – Шерхан Мұртазаға жарасады және бұның бәрі ол кісіде бар мінез! «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» десек, бұл да Шерағамыздан көп алыс емес. Өкініштісі, «жау жоқ кезде пайда болған батыр» деп, оны басқаша түсініп, түсіндіріп жүргендер бар-ay! Кімді тиярсың!
Сенің аузыңа Аяз, Майқы билер бекер түспеді-ау деймін. Досай би, Есенгелді би, Есей би, Жанкісі би, Едіге би, Бопан би, Саққұлақ би, Жетес би, Алшынбай би, Шөже би, Балпық би… – Бұлардан не білесің? Барлығын адақтап шығу, әрине, міндет емес. Сонда да қазақтың Нострадамусы атанған Мөңке биді қалай айналып өтеміз? Бұл бабамыздың «Болашақты болжауымен» таныссың ба? Кәне, еске түсірейік.
… Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бежірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.
Ертеңіңе сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады.
Дүдәмәлдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Бұхараны құм алады,
Төрткүлді су алады.
Халықтың қанын сорған
адамдар болады,
Қабағын түйіп қайыр тілейтін
адамдар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ
жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Сарылып келіп тосасың,
Құны жоқ қағазды судай шашасың.
Соның бәрін көресің,
Көріп барып өлесің.
Бай құрып, бақсы азады,
Кеп көбейіп, бейшара озады.
Қу моладан үйің болады,
Қу баладан биің болады.
Кебір – жерге теңеледі,
Әйел – ерге теңеледі.
Сиыр – өгізге теңеледі.
Көл – теңізге теңеледі.
Адам ақысыз жұмыс істемейді,
Дүниені түрлеп кестелейді.
Ащыны – ащы демейді,
Сағынып тамақ жемейді.
Шапқанын олжа дейді,
Алһам білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса көрші көршіге кірмейді.
Үй ішінде неше жан болса,
Бас-басына би болар.
Тұтам ағаш ту бие болар.
Бір жерде оншақты үй болса,
Ата-анасы аталып,
Бөлек-бөлек жүйе болар…
… Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ,
Лағнет қамыты мойнында,
Жұмыстан қолының босы жоқ,
Әрқашан да олардың
көңілінің хошы жоқ,
Бар шаруа түп-түгел,
Енді мұның иесі жоқ.
Бас қосылған жерде,
Әйел жағы дөң болар.
Жаман жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар.
… Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,
Ақылы жоқ санасыздың заманы болар.
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Адамның жақсысы кетіп жаманы қалар.
Қалай? Бұған не дейсің? Нағыз педагогика, нағыз оқулық, нағыз ұстаз осы емес пе?
Мөңке би бабамыз айтпақшы, бо-лашақтың тек көленкелі жағын емес, жарқын жағын да қалай тап басып айтқан:
… Күндердің бір күнінде,
Айтарлыктай заман туады.
Сол заман жоқшылықтың бәрін қуады.
Түрлі-түрлі халық болады,
Күндіз-түні жарық болады.
Рас па?
– Қай-қайдағы ойлар, тіркестер, теңеулер «қаңғып» келіп, көкейіне қонғанда өз-өзіңнен таңырқамасқа шараң жоқ. Сондай сәттe сорғалаған бөлшек-бөлшек ойларды өгейсітпей, қойын дәптеріме салмай, қазір өкініп бармақ тістеп жүрген жайым бар. Бәлкім салақтық, бәлкім олақтық. «Іштен шыққан шұбар жыландарымның» көбісі көрген түстей тез ұмытылып, ғайып болды. Өкінгенмен не пайда?
Жалпы, қойын дәптер ұстаған пенде емеспін. Бұл деген аңшының мылтықсыз жүргенімен бірдей нәрсе. Оқшау-окшау ойларды оқшантайға теңеуге де болатын сияқты.
Кеше мынадай сөздер тізбектеліп кеп, мені түртпектеді: «Күн күлімдесе, мұздың да іші жылиды». Мұнымен не айтуға болады? Астарында бұғып жатқан бірдеңе бар ма? «Керек тастың ауырлығы жоқ» деп есіме сақтадым.
Сіз, Үмбетбай аға, қойын дәптерді қолыңыздан тастамайтын қаламгерсіз. Оның рақатын да көріп жүрсіз. Сол дәптердің ішіне соңғы кезде не түсірдіңіз?
– Қағаз, қаламсыз жүрмеймін. Үйден сыртқа шығарда үйдің кілтін, содан соң келіп қалған ойларды жазуы жоқ жеріне түсіру үшін ең болмағанда ескі-құсқы газет ұстай шығамын. Ойыма келген бірдемені, не біреудің аузынан естіген жақсы сөзді мекен-жай талғамай түртіп аламын. Қайтыс болған жолдастың асында біреудің аузынан: «Бір дос бар – қия біткейге шейін, бір дос бар – қияметке дейін» деген сөз шықты. Жалма-жан түртіп алдым.
Бірде, «Қазақстан» дүкенінің қарсы бетіндегі аялдамада келіп қалған бір өлең жолдарын газеттің о жер-бұ жеріне бүкірейіп жазып жатыр едім, біреу «Үмбетбаймысың, әй?» дегендей болды. Жалт қарасам – ұстазымыз Шериаздан Елеукенов екен.
Қойын дәптер болсын, тартпадағы дәптерлер болсын – беті ашылмайтын күн жоқ.
– Ауылға барсам, әкемнің қабағы түксиіп, солып қалған қолын беріп амандасты.
– Не болды, көке?
– Өй, өкімет болған сиқыңнан айналайын.
– ?..
– Көкпарда аттан құлап, қабырғам зақымданды. Ауыл-аймақтың бәрі шөбін шауып, қорасына түсіріп алды. Сен әңгімені қой да, райкомдағы дәулерге барып, маған екі мәшине шөп түсіріп бер! – деді.
«Көпен келіп көк шөп сұрап жүр деген жақсы ат емес-ау!» – деп ойладым.
Үндемедім. Ойымды іркідім. Мойным салбырап аудандык партия комитетіне қарай аяңдадым. Жолым болар жігіт екем, қарсы алдымнан Қанжігіт жолықты. Мектепте бірге оқығам. Жақында ғана кеңшар директоры болыпты. Аман-саулықтан соң, шаруамды күйттедім.
– Ешкімге барма, шалдың шаруасын өзім бітірем! – деді ол.
Жаз өтті. Қара күздің қақ ортасы ауған шақ. Бір күні кешкілік әкем телефон шалды.
– Әй, шөп қайда?
– Әлі түсірген жоқ па?
– Жоқ!..
Енді қайттім? Жалма-жан Қанжігіт досты Ұлы Қазан Социалист революциясының мейрамымен құттықтап, бір шумақ өлеңді открыткаға жамап жібердім. Астарында мәселесі бар. Бір оқпен екі қоянды атқандай гәп қой баяғы.
Құрметті Қанжігіт!
Жақын қалған мейрамың құтты болсын,
Жүрегіңе жүн шығып, түкті болсын.
Совхоздың шөбін ешкімге бермей жеп жатқан,
Сиырларың сүтті болсын!
Бар-жоғы, ұзын-ырғасы осы. Арада апта өтпей Қанжігіт хабарласты.
– Шалдан ыңғайсыз болды, – деді ол телефоннан. – Тарс ұмытып кетіппін. Жаңа ғана екі мәшине жоңышқа жібердім.
Ол бірақ «Мені мерекемен құт-тықтағаныңа рақмет!» – деп айтқан жоқ.
Ойпырай, «Шөп те өлең, шөңге де өлең» деген осындайдан шықпады ма екен, ә?
Ұзын сөздің қысқасы Сіз осы тақылеттес пендешілік шығармаға қалам тербедіңіз бе?
– Қай рөл қай актердің жаратылыс-табиғатына жақын – оны режиссер біледі, режиссер шешеді. Құлқынның жолында әлдекімдердің кабинетіне кіріп алып, қуланып, әлдекімдердің төңірегінде неше түрлі анекдот қаулату, әлдекімдерді өтірік мақтап, бір шумақ, жарым шумақ өлең сүйкеп тастау менің жаратылысыма жат. Ол менің рөлім емес.
Шығармаларымда қитұрқысы, бақай есебі жоқ, шын-шынайы бірлі-жарым арнау, мақтау-мадақ кездесіп қалады. Олар өтірік күлкіден ада.
Күлкінің бір төркіні – Құлқын!
Авторының аты-жөні жадымда жоқ, үнді философы ғой деймін: егер құдірет менің қолыма скалпель берсе, өлтірмейтіндей қылып адамдардың өңешін кесіп тастар ем. Өйткені дүниедегі барлық сұмдық соған барып тіреледі дегенді бір әдебиеттен оқығаным бар.
Құлқын! Құлқын!
Сай-жырадан су ағып, көл толады.
Жеткілікті әңгіме-ән ол туралы.
Құлқын деген құдықты әркімдегі,
Мимілдетіп кім немен толтырады?..
Пендешілік дедің бе, пендешілік? Өлеңмен бұл мәселеге де бір қайырылғаным бар.
… Доп ойнайтын төбеңе кейде шығып,
Пендешілік деген бар, пендешілік.
Неге екенін, кей кезде мәселелер,
Ол келгенде кетеді демде шіріп!

Пендешілік келгенде, пендешілік,
Принциптің тамыры демде шіріп,
Ұят байғұс бозарып іштен тынып,
Жылжи-жылжи кетеді елден шығып!..
– Биыл жолым болмай-ақ қойды, «анда барсам – анданақ, мұнда барсам – мұнданақ» – қызыл итім қыңыр кете бастағанын анық сезіндім. Осыған дейін алдымнан арық кезіксе аттап, ор болса өрмелеп, «соп, сопсыз-ақ» соқасын сүйреткен өгіздей аяңдап, ойымдағыны орындап келген едім. Енді маған не көрінді? Соқасы сынып, өгізі өлген шаруадай күй кешкендеймін.
Сүзбенің сары суындай тамшылаған өлең жолдары жүрегімнен үзіліп түсе бастады…
Мұқалған ба намысым,
Өнбей қойды-ау әр ісім.
Тағдыр қалай же дейді,
Шашып тастап тарысын?

Досқа төнсе сор қалың,
Талай жебеп, қорғадым.
Қайда қалды жүрісім,
Жүрісіндей жорғаның?

Бұ тағдырдың қай мұңы?
Жігіт едім әйгілі.
Жора-жолдас жылыстап,
Қалайынша айныды?

Секілдімін көк алма,
Пісетіндей болам ба?
Топан судай тасқындап,
Тұйықталдым тоғанға.

Қай жақсыдан кем едім,
Енді неге теңедің?
Керегін ап кісілер.
Тастағандай кебегін.

Кеудем солай ентікті,
Түсінбеймін мен тіпті.
Бітеуге де жарамай,
Қалғандаймын кертікті.

Қызыққам жоқ шекпенге,
Тіреу едім текті елге.
Дүбірлеген заманым,
Дүние қуып кеткен бе?

Жо-жоқ, Көпен!
Жасыма!
Жараспайды басыңа.
Сүттей ұйып тұрғанда,
Айрандай боп ашыма.
Өз-өзімнен өлең жазғым келді. Қап-қараңғы түнде төсегімнен қасқырдай қарғып тұрдым да апыл-ғұпыл ақ қағазға «жылауық» жырымның көз жасын тырс-тырс тамшылаттым.
«Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» деген сияқты мәні жоқ мәселе ғой бұл әншейін. Жұрттың көкесі көке секілді де, менің көкелерім арбасы жоқ ат секілді жайдақ. Қарғып мінейін десең ертоқымы жоқ, сүйрейін десең шылбырын ұстатпайды! Құдды жуас қашағанның өзі. Бір сөзінде сатирик Садықбек Адамбеков ағам: «Сендер адам болмайсыңдар! Сонау ақ Жайықтың жағасынан Алматыға кесіртке алып келеді. Астына құм төсеп, аузына шөп тістетіп өлтірмеудің әрекетін жасап, бағып-қағады. Сол кесірткең бес жылдан кейін айдаһар боп шығады. Ал біздің ауылдың айдаһарын Алматыға алып келсең, бес жылдан кейін кесірткеге айналып кеткеніне қайран қалам!» – дейтін.
Бірді айтып, бірге кеткен себебім, мен де сол Сәкең меңзегендей айдаһар қалпымнан кесірткеге айналып бара жатқан сияқтымын. Ата-бабамыз бір кіндіктен тараған Өзбекәлі – туған немере ағам. Кәдімгі Жәнібеков, бұрынғы Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы. Ағама арқа сүйеп, «Ара» журналына бас редактор болғым келетінін сездірдім. Болмағанда немене, жаным да, жанрым да – сатира! Оның үстіне арам терімді «Арада» төгіп, он екі жылдай отырдым. «Інісін қойды!» деген пыш-пыштан қашқақтады ма қайдам, жанына жолатпады. Сөйтіп жүргенде коммунистік партия да тарқап, әркім тым-тырақай бет-бетіне кетті.
Ағам енді алпыста, зейнеткер. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дегендей, ағамның айтқанын ендігілер жүре тыңдайтын болды. Тіпті сөзіне құлақ аспайтындар да табылды. Екі-үш күн сайын хабарласып тұрушы ек, екі айдан бері үн-түнсізбіз. Ағам да – тым-тырыс, мен де мылқау. Оған себеп, Өзағама мені біреулер сыртымнан жамандап, арамызға сөз жүгіртіпті. Құрғақ өсекке Құдайдай сенген Өзағам «Е, онда кісі болмайын деген екен» депті. Пендемін ғой, мен де тырысып, хабарсыз кеттім. Екі айдан соң «Осы Көпен қайда жүр?» – деп біреулерден сұрастырыпты. Ағама өлеңдетіп хат жазып жібердім.
Ініңізден сезілмейді кісілік,
Кейбіреуде кем болғасын түсінік.
Асқар таудай аға, сізге амал не,
Бара алмадым қысылып.

Отызымда орда бұзбай ұласып,
Қырық жаста кете алмадым қыр асып.
Алшысынан тұрмай қойды-ау қайтейін,
Сіз иірген бір асық.

Бәсең жүріп бәйгеге қосылмадым,
Қосылмасам е, мейлі, тосылмадым.
Хат ж–азды деп қашықтан ойламаңыз,
Мен, аға, осындамын!
Пенденің ішкі иірімдері жер астындағы жанартауларға ұқсайды. Қашан атылады? Белгісіз. Қанша балмен сілкінеді? Беймәлім. Тағдырдың тауқыметін арқалап, Сіз де талай торықтыңыз. Білем. Талай зорықтыңыз. Білем. Бірақ бір білмейтін нәрсем – көңіл күйдін сондай сәттерінде қандай өлеңдерді дүниеге келтірдіңіз?
– Бір сауал-сұрақтың орайында: жазу үстеліме не күліп, не күрсініп барып отырамын дегенмін. Күрсініп отырып, қайдан енді көңілді шығарма жазасың. Немесе керісінше.
«Баланың қай жылағаны есте қалады»: ақ қағаз бетіне түсті ғой небір көңілді, көңілсіз жағдайлар.
Әкем дүниеден озғанда есімді білмеймін. Анам берігіректе, едде қайтыс болды. Топырақ салуға үлгірмедім. Әулетімізден басқа да орны толмас шығын болды. Олардың ішінде қатты дауыл боп соққаны – Ақтеңгеш пен Еркебұланның қазасы!
Еркебұлан 6-сыныпта оқып жүргенінде бейдауа қан ауруына тап болып, екі жыл шырмалды. 8-сыныпта көз жұмды. Екі жыл ауруханаға барып келген сайынғы біздің азап-бейнетімізді құдірет ешкімнің басына бермесін! Оның кластастары – Әбіштің (Кекілбаев), Асқардың (Сүлейменов), Төленнің (Әбдіков), Рымғалидың (Нұрғалиев) балалары. Биыл (2005 жылы) олар қырыққа толады! Еркебұлан болса – бақилық! Мына екі өлең сол қасіретті күндердің қара таңбасы!
Еркебұлан! Еркебұлан!
…Көрінбейді мына түс жай түс маған,
Мына жатыс ішті езген – қайғы іс маған!
Не сұрайсың қадалған көздеріңмен,
Не үмітпен қарайсың, байғұс балам?!
Сені бұлай жықты екен қандай дауыл?
Сұлқ жатысың, қарғам-ай, қандай ауыр?!
Тулап-тулап, бұлқынып шаршадың ба?
Құдайым-ай, күшті еді қандай жауың?!
Өтті неше күн мен түн – көз ілмедің.
Сұлқ жатырсың. Ох, қандай төзімді едің?!
(Тіл қозғалтып сөйлесу мүмкін емес,
Оқиыншы, не жазу көзіңдегі?!)
… Содан көп ұзамай Еркебұланның өлі денесін ауруханадан Балта Исаевтың машинасына салып, үйге алып келдік. 1965 жылдың 6-шілдесі оның жарық дүниеге келген күні еді. 8-шілде күні көз жұмды, екі күннен кейін денесі жердің астына түсті.
Еркебұлан, Еркешім – қалжыңбасым,
Қара жерге көміліп қалдың ба шын?!
Іші күйіп барады сорлы әкеңнің!
Күйінгеннен шайнаймын талдың басын!

Ішім күйіп барады, ішім күйіп!
(Бір қапталға тастадым ісімді үйіп).
Ішім от боп жанса да, денем мұздап,
Қалшылдаймын тісіме тісім тиіп.

Жаңа жанған от едің жалындаған,
Бір минутың жоқ еді дамылдаған.
Әл бермеді сұм ажал, әл бермеді,
Ерте сөндің, қайтейін, жаным балам!

Бақытымның басы едің, базарым ең,
Көп үмітім кетті ағып қазаңменен.
Демал енді, жан балам, демал енді,
Аз алысқан жоқсың сен ажалменен!

(Соңғы шумақ құлыптасында жазулы).
Солай, Көпен бауырым, өтті ғой бастан небір күндер!
Өте қиын бір күнім бір күнімнен.
Келем татып ащының түр-түрінен.
Бір күрсініп алам да, жүрегімнің,
Түбін шайып тастаймын күлкіменен.

Өте қызық бір күнім бір күнімнен.
Келем татып тәттінің түр-түрінен.
Омыртқалар үстімен кабель тартып,
Шам жағамын жағалай күлкіменен.
(«Ұлы мәртебелі күлкі». Үзінді)
– Ертеде бір жолаушы ауыл шетіндегі кісіден:
– Құдайы қонақ едім, Құдайға қараған иманы бар үй қайсы? – деп сұрапты.
– Анау үйге түсіп, ат шалдырыңыз. Ала жіпті аттамайтын адам. «Пайғамбар болам!» деп намазға жығылып жүр! – деп жөн сілтепті. Жолаушы алыстан аңғарса, үй иесі ат дорбасын сілкілеп, ұстатпай жүрген жорғасын «Моһ-моһ!» деп өзіне алдап шақырып тұр екен. Жемге дәніккен жануар желе жортып келгенде иесі шап беріп ұстап алып ноқталайды да, бос дорбаны лақтырып жібереді. Мұны байқаған жолаушы ішін тартып: «Арпасыз дорбаны ат та сыйламайды. Ат екеш атты да алдаған адамнан пайғамбарлық шықпайды» деп аулына қонбай кетіпті.
…Біздін біраз бикештер жылаңқы жігіттердің арпасыз дорбасына алданып, ноқталанып жүрген жоқ па?
– Тұспалыңды онша түсінбедім. Емексу? Емексіту?
Халық даналығы «малдың алдынан бос ыдыс ұстап шықпа» дейді. Неге? Емексіп қалады.
Қыздарымыз да емексиді. Енді қайтсін: екеу болғысы, жұп құрғысы келеді. Жапырақ жайғысы келеді. Ал көзі түскен, көңілі құлаған жігіті жеме-жемге келгенде оңашаға қарай, койкаға қарай бейімдейді… Содан болары болып, бояуы сіңген соң әлгі жылмақай жалт береді, не жағдай айтып жылайды…
Менің «Осколька» немесе бойжеткеннің мұңы» деп аталатын көлемділеу, көңілсіз өлеңім бар. Онда қазіргі қыздарымыздың басындағы трагедия сөз болады. Күрсініп жаздым. Күрсінбей ше, қаншама ару-ларымыз, сұлуларымыз, қаншама құндылықтарымыз көрінген «көрбақтың» етегінен ұстап, шетел асып кетіп жатыр! Ал біздің он мыңдаған, жүз мыңдаған салаңбайлар жүр отызға келсе де, қырыққа келсе де үйленбей.
Бірыңғай мақтамайық, ақтамайық, қыздарымыздың да бар ғой неше түрлісі. Қазақтың бір намысшыл ақыны, марқұм Шынболат Ділдәбаев қыздарымызға қаратып қалай деп еді:
Миымызға өрмекші тор құрған ба,
Көрсоқыр қып, құдай таза ұрған ба,
Қара көздер, кімге ғашық болдыңдар,
Өз батырың, өз арысың тұрғанда?..
(«Шындық туралы толғау»).
Нанасың ба, нанбайсың ба, кейде бар ғой, Көпенжан-ау кімді мақтарымды, кімді ақтарымды білмей, қиырман-шиырман оймен төсекке шарша-а-п жығыламын.
…Сүйеп қойып іс-тірлікті түнге мен,
Есеп берем өзіме өзім үндемей.
«Өмір» атты үлкен үйді құшақтап,
Ұйықтаймын кіп-кішкентай бөлмеде.
Сен ше?
– Ақшасы көп адамдар аса жоғары вольтты токтың үстінде отырғандай алмағайып күн кешеді. Ақшасы жоқ кедей-кепшік ше?
– Ақ тер-көк тер еңбекпен, ақыл-ой өлшемімен адамдардың тұрмыс түзегенін, күйленіп-байығанын бөтен көрмеймін. Әңгіме қылмаймын, күндемеймін. Сенің тұрмыс-жағдайың менен көшілгері. Маған одан не зиян? Жалпы, бардан, баршылықтан, байдан, байлықтан кімге не зиян?
«Кедей байға жетем дейді, бай құдайға жетем дейді». Бұл бардың, баршылықтың, байдың, байлықтың бір әңгімесі.
«Ғұмыр дүние – мал жинау үшін емес, мал – дүние ғұмыр рақаты үшін керек» (С.Сараи).
Ақылды байыса –
Аңқылдап болады.
Ақылсыз байыса –
Маңқылдап қалады.
(Ү.У.)
Бұлар бардың, баршылықтың, байдың, байлықтың басқа бір әңгімесі. Түсінікті сияқты.
Осы тақырыптағы мәселенің маған бір түсініксізі, Құтып: «Малы көптің қайғысы көп» десе, Ж.Баласағұни: «Байлық – нағыз дұшпан» депті. Сен мұны қалай түсінесің, сен мұны қалай түсіндіресің?
– Сөз бен ісіңді жалғап тұрған жалғыз жібің үзілсе, күретамырың қиылғандай қасиетіңнің қаны шүмектеп ағады.
Бір досым уәде берді «Қол – Құдайдың мөрі» деп қол алыстық. Бірақ сөзінде тұрмады. Айнып кетті. «Бұ қалай, пәтуаласып едік қой?..» – деп ем, ұры тазыдай жылтыңдады. «Уәде деген не? Қаласам – бердім, қаламасам – қайтып алдым!» – деді. Не дейін? Бір Құдайға тапсырдым да жөніме кеттім.
Үмбетбай аға, өз басыңызда осындай келеңсіз жайт ұшырасты ма?
– Жақында ержеткен бір баламызды бұрышқа қақшитып тұрғызып қойып, мәселесін қарап алдым. Ашу үстінде артықтау кеттім: «Қолыңнан келе ме – айт оныңды. Әкеңдей адамды күні бойы күткізіп қоюға қандай қақың бар? Сөзде тұру, уәдеден таймау, кісінің бұйымтайын тастай қып орындау деген бар емес пе?! Сұйық! Суқит! Шайма! Дәйіс! Пәтуасыз!»
Бұл баламыздың бір қиын жері – көңілшек. Кім өтініш, тілек айтса да аузынан шығатын сөз: «иә, жарайт». Содан бірін орындаса, бірін орындай алмай жүргені өкпе-наз сүйретіп.
Көңілшектік жағынан бұл бала, рас, әкесінен көп алысқа ұзамаған. Біреуге берген уәдесін қашан орындағанша әкесінде маза жоқ. Қойын дәптеріне жазып қояды, арбиған әріптермен үстелі үстіндегі үлкен қағазға түрте салады. Енді қайтсін, сенетін әкесі жоқ. Және басынан өтті ғой небір қым-қиғаш жағдайлар.
Баламыздың әкесінен артықшылығы – қақсауық әкесі бар. Соған сеніп кеткен.
Міне, тағы да телефон қоңырауы. Тағы да қақсауық әкенің ар-гүрі.
– Адамның күні – адаммен: кісінің күні кісіге түспей тұрмайды. Кіріптарлық дегенің не екенін білемісің, сен суқит?
Кіріптарлық, екеуміз, кіріптарлық,
Қаншама үйге еңкейіп кіріп бардық.
Кіріп бардық қанша рет боп-боз бетпен,
Қу тіршілік сирақтан іліп-тартып!

Кіріптарлық, о, қасқа, кіріптарлық –
Мұқатпадың кімдерді іліп-тартып…
Өтінішін, мұқтажың жеткізе алмай,
Қанша көздер жұмылды құрып қалғыр!
Түсіңдің бе? Түсінсең, үлкен болғаныңа, біреулердің қажетіне жарағаныңа, бі-реулерге керек болғаныңа қуан. Ешкімге, ешнәрсеге керек болмай қалсаң, ешкімге қажетің болмай қалса қайтер ең?!
– Ой мен сезім – Құдай жаратқан құрал-сайман. «Ұста – ұста емес, сайман ¬– ұста». Адамды адам дәрежесіне асқтатып көтеретін еңбектің құрал-сайманы – ой мен сезім. Ойың оңбаса еткен енбегің еш, сезімің сел секілді қауіпті.
– Академик Зейнолла Қабдолов қалам, қылқалам ұстайтын ақыл-ой, парасат адамдарының бойында шамамен сегіз түрлі қасиет белгілері болуы керек дейді. Олар: 1. Сезім. 2. Бақылау. 3. Қиял. 4. Интуиция. 5. Өмірбаян. 6. Парасат. 7. Шеберлік. 8. Шабыт.
Ұғым-мағына жағынан бұлар бірін-бірі толықтыратын, бірімен бірі сабақтас сөздер. Тұтастырып жіберсек, сол қалам, қылқалам ұстайтын ақыл-ой, парасат адамдарының жиынтық бейнесін көреміз.
Сезім.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде сезім, сезімталдық – тарам-тарам. Отан-шылдық, туысқандық, бауырмалдық, достық, сүйіспеншілік сезім. Соқыр сезім (инстинк). Жалпы атауы – жан-тән сезімі.
Адам оттан немесе қайнап тұрған судан қолын тартып алады. Сезіну. Ана сәбиін еміреніп, елжіреп сүйеді. Сезім. Аса сезімтал адамдар қас-қабақ танығыш. Сәл, болмашы нәрсе ондайлардың жүрегін ауыртады. Сәл, болмашы нәрсеге ондайлардың көңілі бұзылады. Олар сәл, болмашы нәрсеге қуанады, жұбанады.
Біреу күлгенге біреу күлмейді, біреу жылағанға біреу жыламайды – айнала-төңіректегі көрініс-құбылысты қабылдау сезімі әркімде әрқалай. «Мынаның мұрнына ештеменің иісі бармайды, мұнда түк сезім жоқ» – деп, біреулер біреулердің жер-жебіріне жетіп жатады. Иә, ал, мұрынына ештеменің иісі бармаса, жақсылық-жамандықты сезінбесе, ондай адам не жазып қарық кылады? Кейіпкер күлмесе, күрсінбесе, зынданнан, түрмеден, оттың ішінен жаны шыңғырып айқайламаса, ондай шығарма жүректен шығып, жүрекке жете ме? Ойланта ма?
Жайнайды елім, жайнайды,
Қызу еңбек қайнайды.
Бақшасында колхоздың,
Бұлбұл құстар сайрайды.
Өткен шаққа құрметпен қарай отырып, осы өлең жолдарына ой жүгіртіп көрейікші. Құр тамсанудан басқа сезімді қозғап, көңілге ой салатындай, баршаны арқа-жарқа қылып қуантатындай бұл өлең жолдарында не бар? Кезінде бірді-екілі өз оқырманы, тыңдарманы болса болған шығар. Сонда да…
Қазір ұйқасында мін жоқ, сырты сұлу өлең көп. Олардан тезек теріп жүріп аңырап жылаған бір кездегі аналардың зарлы даусы естілмейді. Ұлттың аңқау, аңғал өкілдері, аңқылдаған мінезі байқалмайды.
Түрікке ме, шүршітке ме – шетелдік біреудің етегінен ұстаған бір қызымыз: «Менің мұнда тамағым тоқ, көйлегім көп. Ешнәрсеге мұқтаж емеспін. Мұнда тек халқымыздың аңқылдаған мінезі жоқ» деп, үйіне жылап хат жазыпты. Сезім, ой, ойлану дегеніміз сол.
Көпен, екеуміз де өлең жазамыз. Біреу түсініп, біреу түсінбейтін өлең екеумізден де табылып қалар. Сондықтан бұл тақырыпқа тезірек нүкте қойып, Абай атамызға бұрылайық.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқты-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Қол соғайық!
– Жер-Ана! Ана – Жер-Ана! Жұмырына жүқ қонғандар түк ойламай түкіре салады. Қайда? Қара жерге! «Ау, ағайын, анаңның бетіне түкірген жоқсың ба?» – дегің келеді.
Табиғат қалай таралған?
Ана-жер күннен нәр алған.

Жер бетінен нәр алған,
Өсімдік өсіп, таралған.

Өсімдіктен нәр алған,
Бал жинап ара жаралған.

Бал жалаған адамнан,
Ағады қалай арам қан?
– Кемшіліктерімді бөліп-боліп айтамын. Бірден айтсам, жұрт менен безіп кетуі мүмкін. Сен, Көпен, менің тағы бір кемшілігімді есіме салдың.
Тамағымды дамылсыз қырнап, қақырынып-түкірініп жүретін бір жаман әдетім ес білгеннен күні кешегіге шейін өзіммен бірге еріп келді. Үлкендерден аз ескерту алғаным жоқ.
Мектепте, әлде 5, әлде 6-сыныпта ғой деймін, тақтаның алдында сабақ айтып тұрып, еденге былш еткізіп түкіріп жібердім. Жүсіпов Мейірхан деген мұғалім ағай «мынаның есі дұрыс па?» дегендей біресе менің бетіме, біресе едендегі ақ көбік түкірікке қарап, ақырып жіберді.
– Анау не?
– Түкірік.
– Жала!
– Жаламаймын.
– Сүрт!
Табаныммен сүрттім.
– Шық!
Шығып кеттім.
Балалық, білместік қой. Сол жаман әдетім, әлгінде ым, күні кешегіге шейін қыр соңымнан қалмады. Ана-у-у жылы, осы Алматыда, Қажымұқан мен қазіргі Сапар Байжанов атындағы көшелердің бұрышына жақындай бергенімде жөтел қысып, қақырынып-түкіріне бастадым. Сол мезетте қарсы келе жатқан егде жастағы бір әйел орысша: «Паразит, харкает как верблюд!» – дей беріп, шалқасынан түсті. Мен жетіп барып оны қолтығынан сүйеп тұрғызып жібердім де, «қырсығым» ұстап:
– Сіз жаңа менің адресіме бірдеме дедіңіз-ау деймін. Маған сөйлеуге болмайды. Маған сөйлеген адам осылай болады, – деп күле сөйлеп, ұзап кеттім.
Әрине, менікі дұрыс емес. Дұрыс болмаса да солай болды, қайтем.
Сондай-сондай ескертулер себеп болды ма, әлде есім кірді ме – кейін ол жаман әдетімнен арылдым. Қазір отырған-тұрған жеріне былш-былш түкіретін мәдениетсіздерге «Мынау не сұмдық? Қайда отырсыңдар?» – деп, түс суытамын.
Жер-көк түкірік деп, бірде «Жас Алаш» бұл мәселені жақсы көтерді. Біздің ұлттық университеттің кіре беріс-шыға берісі темекінің тұқылы мен түкіріктен аяқ алып жүргісіз. Студент-жастарға менің тарапымнан «Мыналарың не сұмдық?» деген мағынадағы талай қаратпа сөз айтылды. Одан өзгерген ештеме байқамадым. Осыны жазып «Жас Алашқа» үн қатқым келген, бірақ әр түрлі себеппен уақыт ұзатып алдым.
Көпен, сен жақсы ой салдың. Бұл мәселе менің жанды жерім еді, сенің де жанды жерің екен. Алдағы уақытта бұл әңгімені, бәлкім, әрмен қарай дамытармыз.
– «Бірінші байлық – денсаулық,
Екінші байлық – ақ жаулық,
Үшінші байлық – он саулық».
Бұл – қазақ қағидасы. Расында да солай. Ата-бабамыз «Ассалаумағалейкум!» – деп амандасқан соң, «Мал-жан аман ба?» – деп, әуелі малды, сосын барып халді сұраған. Ертедегі бабамыз оқымай-ақ экономист болған. Бүгінгі тірі жүрген ұрпақтарының тірнектеп жинаған байлығы басқаша ма, қалай? Мысалы?
Бірінші байлық – дүние-мүлік, алтын, күміс, жинаулы жиһаз, салтанатты сарай, маңғаз машина, бұраңбел бикеш, қылбұрау қызмет, майшелпек мансап…
Екінші байлық – жора-жолдас, дос-жаран, тамыр-таныс, алыс-беріс, бармақ басты бастықтар мен көз қысты көкелер…
Үшінші байлық – рухани байлық!
Көрер жарығы көп болмай талқаны таусылған пенделер бұ дүниемен қоштасқанда осы үш байлықтың алғашқы екеуі о дүниенің табалдырығында қалып қоймай ма? Бұ дүниедегіні о дүниеге арқалап барған ешкім жоқ. Адам баласы ақыретке өмір бойы жинаған рухани байлығын ғана өзімен бірге әкетпей ме?
– Таратып айтайық.
1. Рас, «Әуелгі байлық – денсаулық». Денсаулық болмаса байлығың да, басқаң да – бәрібір адыра.
«Екінші байлық – ақ жаулық». Яғни, әйел ер-азаматтың жан жары, қүдай қосқан қосағы, сыңары, балалары-ның анасы.
Әйелсіз үй – әйнексіз терезе.
Рас, халық айтса, қалт айтпайды: «Үшінші байлық – бес саулық». Күнкөріс.
Ақылының ұзындық өлшеміне қарай, ақылының жеткен жеріне шейін әркім әрқалай өмір сүреді. «Неге олай?», «Неге бұлай?» деген сықылды сауал-сұрақтар ақылдың сол ұзындық өлшеміне қаратып жиі қойылады. Бұл сауал-сұрақтың о жақ-бұ жағы бар. Бір ұшы заңдылыққа, бір ұшы қайшылыққа барып тіреледі.
2. Зандылықты айтсақ, біреулерге анау да керек, мынау да керек. – Таси береді, таси береді. Соның салдары: кішкентай үйдің іші де, үлкен үйдің іші де айналуға келмейді. Содан үй – үй емес, қоймаға, яғни складқа айналады.
Ертеректе жазған «Склад» деп аталатын шағын сықағымның объектісі осындай мәселе болатын.
Мнура дүкеннен дүкен қоймайды,
Бір жүріс алып кетсе –
Не Оралдан, не Омбыдан шығып,
Үйіне бір күн қонса, бір күн қонбайды.
«Әй, Мырық,
Әй, шірік, қатының қайда?» – деп мыжғылап,
Әркім оның жүйкесінің итін шығарады.
Сол мыжғылау түрткі болды ма,
Бір күні Мырық:
Мынау үй емес, – деді,
Бүріскен екі бетін ысқылап.
Мнура асүй жақтан атып шықты:
– Үй емес?
Сонда не?
– Склад!
3. Дүние-мүліктің қадір-қасиетін бі-летін бұрынғы-соңғы ақылгөйлердің айтқандарына қарағанда, қазынаның қазынасы – кітап көрінеді ғой. Максим Танк «Кітапсыз үй сұрқай да көңілсіз» депті. Келісеміз бе?
Аш болдық, тоқ болдық – жас кезден кітап жинадық. Плутарх «Кітап жинай берген мұрат емес, оқу мұрат» депті. Құлаққа кіретін сияқты. Ұлттық кітапхана қорында бес жарым миллиондай кітап бар екен. Оның бәрін бір адамның оқып тауысуы мүмкін бе? Ол түгіл үйіміздегі кітаптардың талайы оқылмай, ешкім сөйлеспей ұятқа қалып жүр емеспіз бе? Қазіргі адамдар теледидарды ғана жақсы оқиды. Біздің үйде менің өзім де күнделікті басылымдардан ауыспаймын. Көз де қиындап кетті.
Кітаптарымды санағаным жоқ. Бірталай. Бөлме тар. Сөреде екі қатардан тұр. «Бөлме тар» деуге құдайдан қорқамын.
Темір де тозады дейміз. Тұтынбай-ақ кітап та тозады екен. Шаң, күннің көзі, шам жеп, талай кітап қаралай тозып барады. Жанымыз шыр-шыр. Осындай реттерден дәптерге мынадай жолдар түсті.
…– Сонымен кітапты кім жейді?
Шам, шаң, күн жейді.
Шанды сүрт!
Жарқырап тұра берсін Күн мейлі!
– Шам ше?
–«Тауықсыз да таң атқан…»
(Сонда не дегені?
Күлмейді…)
Тұтынбаса мүлік неменеге керек? Техникалық кітаптар мен оқулықтарға жан-жақтан «спрос» бар. Өтініш-тілек бола қалса, студенттер мен мектеп оқушыларына кеңшілік жасап қоямын.
Бірде ашуланып, «тұтынбайтын болсаңдар бұл кітапхананы бір мектепке сыйға тартамын» деп едім, бала-шағам шу ете қалды. Рухани дүние-мүлкіміздің жалпы әңгімесі осы. Сұраған соң айтып жатырмын. Арасында үй-ішімнің құпиясы да кетіп қалды.
Ұмытып барады екем: кітапқа қатысты тағы бір сырымды айта кетейін. Әкемнің әкесі Қызылбас атамнан қалған жалғыз рухани мұра бар. Ол – құран. Ауылда, ағамның үйінде. Орнына басқа құран апарып беріп, бабамнан қалған сол мұраны биыл Алматыға алып келсем деймін.
Сауал-сұрақтың соңғы жағында: «Адам баласы ақыретке өмір бойы жинаған рухани байлығын ғана өзімен бірге әкетпей ме. Осыны ойлайтындар аз. Неге?» дейсің.
Түсінбедім. Ақыретке өзімен бірге кім не арқалап әкетеді? Бәрі қалмай ма?
…Өлу, жоқ болу – табиғат заңы десек те, бәрібір, ол – қасірет. Өлмейтіндей болу, жоқ болмайтындай болу одан да өткен қасірет. Мәселеге, бәлкім, осы жағынан келген дұрыс болар…
– Қасқырды көрген түйе есінен та-нып, қара жерге шөге қалатын жануар. Қашпайды. Айбарсыз. Қарсылығы жоқ түлікке қасқыр қарап тұра ма? Қас пен көздің арасында қара нардың үстінен қарғып өтеді де, арт жағынан айналып соғады. «Бітті!» – деген осы. Орақтай тісімен орып түсіп, көтеншегінен кеңірдегіне жеткенше кеулеп жей береді.
Осыдан он жыл бұрын «Қара нар секілді Қазақстаным-ай! Қасқырды көргендей шөгіп қалған жоқсың ба? Шетелдің «қасқырлары» қаптап кетті ғой!» деп ойлаушы ем. Қазір райымнан қайттым. Қателесіппін. Саясатқа саяз болғасын жаңсақ ойлаппын. Қазір кө-ө-өп елден көш ілгеріміз. Елімізде тыныштық, береке. Сіз ше? Қай мәселеден қателестіңіз, Үмбетбай аға? Саясатпен айналыспайсыз ба? Неге?
– Халықтың қас-қабағына қарап, өмір-тіршілікті ұдайы ұйымдастырып, жан-жаққа барыс-келістің есік-қақпасын айқара ашып дегендей қоғамымызды тұтас ұстап тұрған, әлбетте, ақылды саясат, дипломатия. Онсыз – Отан ойран! Біз журналист-қаламгерлер, белгілі дәрежеде сол саясаттың ішіндеміз: не жазып, не айтсақ та қоғамның сөзі, халықтың қам-қарекеті…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *