ДӘСТҮРЛІ ДІН НЕГІЗІ — ПІРЛІК МЕКТЕП ДӘСТҮРЛІ ДІН НЕГІЗІ — ПІРЛІК МЕКТЕП
Құдияр Біләл жазушы, ҚР «Мəдениет қайраткері»   Кез келген мемлекет өзінің дін саласындағы саясатын тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторларын ескере отырып белгілейді.... ДӘСТҮРЛІ ДІН НЕГІЗІ — ПІРЛІК МЕКТЕП

Құдияр Біләл
жазушы,
ҚР «Мəдениет қайраткері»

 

Кез келген мемлекет өзінің дін саласындағы саясатын тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторларын ескере отырып белгілейді. Мемлекеттік саясатты орнықтырудың нысандары – белгілі бір діндерге мемлекеттік мәртебе беру түрі, белгілі бір конфессиялармен келіссөздер жасау түрі, діни бірлестіктердің мәртебесіне байланысты заңнамада арнайы нормалардың бекітілуінен бастап, барлық діни бірлестіктерге либеральды көзқараспен қарауды формалды түрде жариялау түріне дейін әр түрлі болуы мүмкін.
Басы ашық жәйт. Адам баласының аяғы жер бетіне тигелі соғыс өрті бір сәт те толастаған емес. Тарихта із қалдырған айтулы соғыстарды айтамыз. Ал «ауыл» арасындағы адамдардың бір-бірін түтіп жеуіне етіміз үйренген. Адам баласын жоюға арналған қаруларды санап түгесе алмайсың. Дамыған елдердің қарулы күштері әлемді тітіркентеді. Түн жамылып жүретін қарақшы, қаншерлер өз алдына бір әлем. Ол әлемнің сәнін кіргізетін ұры-қарылар, маскүнемдер, нашақорлар, қызтекелер адам баласы түзген қоғамның бір-бір бөлшектері.
Енді сауал. Осы қоғамдық ортадан тыс қалатын адам баласы бар ма? Жауап айқын. Жоқ.
Келесі сауал. Бізді осы қоғамдық ортадан аршып алуға діннің құзыреті жете ме? Тағы да жауап айқын. Ешқандай діннің құзыреті жетпейді. Бұл тұрғыда тек екі-ақ дінді қаперге алайық. Оның бірі — христиан, екіншісі — ислам діні. Тарихқа жүгінсек, христиан діні атын жамылған крест жорықтары аз болмаған. Ондай жорықтардан еврейлер де тыс қала алмайды. Сондай-ақ ислам дінін ұстанушылар да қаншама рет кәпірлерге қарсы жиhат жариялады. Соның бәрі бүкіл адам баласы өмір кешіп жатқан қоғам ішінде болып жатқан жәйттар.
Енді өзімізді (мұсылмандарды) ақтауға тырысайық. Сонда біз өршелене соғыс ашқан кәпірлер кім? Ұғынықтылық үшін Аллаға сенетін адамдарды — мұсылман, Ал Аллаға сенбейтін адамдарды — кәпір деп атайық. Осылайша екіге бөліну Адам атамыз бен шайтанның жерге түскен кезінен бастау алды делік. Сонда мұсылмандардың Адам атаға жақ, ал кәпірлердің шайтанға жақ екендігі мәлім болады. Демек мұсылмандар жиhат жариялағанда шайтанға қарсы соғысады екен дә?! Сонда ол шайтан қайда? Неге біз адам баласын шайтанға телиміз? Оның үстіне шайтан да Аллаға сенеді ғой. Сонда кәпір кім?
Міне, осы сауалдарға тек Пір ғана жауап бере алады. Сонымен қатар тажалдан келетін зұлматқа қарсы жиhат жариялауға тек Пір ғана құқылы. Себебі жиhат адам баласына емес, тажалға қарсы жасалады. Жиhаттың мәні — адам баласын тажал зұлматынан аман сақтап қалу. Сондықтан ол соғыс — рухани тұрғыда жүреді.
Енді осы айтқандарымызды сара-лайық. Басы ашық жәйт. Құран Кәрімде айтылатынындай, шайтан — адамның өз ішінде. Соған орай бізде адами ой мен шайтани ой ұдайы астасып жатады. Шайтани ой басым түскен сәтте әлемде соғыс өрті тұтанады. Соғыс қана емес, адам баласын тура жолдан айнытатын өзге де келеңсіздіктер алға шығады. Шынтуайтына келгенде, қай шайтан да өзі иелік ететін адамға «қызмет» етеді.
Нақтыласақ, шайтан адам баласы армандарының жүзеге асуына ұдайы көмек көрсетіп отырады. Тіпті сені мешітке де шайтан жетектеп апарады. Себебі, шайтан жетегіндегі адам мешітке материялды өмірдегі арман-тілектерінің оңғарылуын Алладан тілеу үшін барады. Барсын. Бірақ ол армандар ешқашан орындалмайды. Себебі ол — адами емес, шайтани қалау. Міне осындай орындалмайтын армандар әлемді жайлағанда Пірлер тажалға қарсы рухани жиhат жариялайды. Сол кезде Пір руханиятынан қуат алған әр жан бойындағы адами болмыс өзімен текетірескен шайтанға иман келтіртеді.
Соған орай қай мұсылман да кәміл инсанға айналады. Басын ашып айтайық. Шайтан — үйренген жау. Соған орай аталарымыз: «Үйренген жау — атыспаққа жақсы», — деп қояды. Ал тажал — сырттан келетін жау. Ол саған шайтани тұрғыда да қызмет көрсетпейді. Тажал — тек өзіне бас игізеді. Қазір — сондай кез. Ал шайтан — тажалдың басты сарбазы. Шайтан иелік ететін адамның тажал әскері сапына қосылып кететіні сондықтан. Ал Пір жариялаған жиhаттың мәні — адам баласын шайтаннан арылту. Ал ол арылу қалай жүзеге асады? Ол — тажалға рухани соққы беру арқылы жасалады. Басы ашық жәйт. Бүгінгі өркениет — тажал иелік ететін әлем. Соған орай ол әлемдегі құндылықтардың бәрі тажалға қызмет етеді.
Әдебиет те, мәдениет те, ғылым да, бәрі-бәрі (әлемдің деңгейде марапаттауға лайықтылары мен соған үміт артатындары), тіпті дін де. Алайда қай жаратылыстың да негізі руханият. Ал руханияттың иесі — Пір. Соған орай соққы да сырттан (руханияттан) беріледі. Сопылар сол берілетін соққыдан тыс қалмауы керек. Ол үшін бәрі де рухани әлемнен табылуы тиіс. Пірдің өз мүридтеріне: «Зікірлеріңе бекем болыңдар», — дейтіні сондықтан. Себебі әр сопы зікір арқылы тазарып, рухани әлемге пәк қалпында өтеді. Ал руханият дегеніміз — әруақ әлемі. Бұл тұрғыда нақышбанди тариқатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишан: «Бүкіл әлемді әруақтар қаптап тұр. Оның әруақтан бос кеңістігі жоқ. Алла Тағала барлық аумақты әруақпен толтырып қойған. Олар бүкіл әлемді біртұтас етіп, бүкіл әлемге қызмет көрсетіп тұр. Сондықтан да Алла Тағала Құран Кәрімнің: «Мужадала» сүресінің 22- аятында: «Уә айядаһум бирухим минһум» (Оларды өз тарапымыздан аруақпен қолдадық) — дейді. Соған орай қазақтар әруақ шақырып адасқанда — жол тапқан; қиналғанда — медет сұраған; жабыққанда — жұбаныш іздеген; тарыққанда — кеңшілікке кенелген; белдескенін — жығып салған; іздегенін — тауып алған; алыстағыны — көре білген; қалың қолды — түре қуған», — дейді.
Біздің де айтпағымыз осы. Тек Руми (қс) айтпақшы: «Сабыр ет! Қиын заман әдемі есіктерді ашады». Қазақстандағы тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторлар тек өзіне тән діни ахуалды қалыптастыратындығына байланысты, оның басқа елдермен, халықаралық ұйымдармен үн қатысуды жүзеге асыруы тек мемлекеттерге өз елінің мәдени, тарихи мұрасына сәйкес заңдар қабылдап, саясат ұстануына белгілі дәрежеде мүмкіндік беретін ұстаным ескерілгенде ғана мүмкін болады.
Бұл ұстаным Халықаралық құқықта қолданылып, ОБСЕ мен басқа да құрылымдар тарапынан ескеріліп жүр (атап айтқанда, 2004 жылы ОБСЕ-нің Венеция комиссиясы бекітілген «Діндер немесе сенімдер туралы заңнамаға талдау жасау нұсқамаларында» осыған сілтеме жасалады). Басы ашық жәйт. Алла Тағала өзі жаратқан 18 мың әлемді әруақ арқылы басқарады. Соған сенген, яғни иман келтірген мұсылмандар — тақуалар деп аталады. Бұл тұрғыда Құран Кәрімде: «Олар (тақуалар) көмес (бил ғайып) әлемге иман келтіреді», — делінеді. Құран Кәрімде айтылатын сол ғайып — әруақ әлемі. Біз де өз қалауымызды сол әлемнен аламыз. Бұл тұрғыда Ақтамберді жырау: «Бала берсе тезінен, – Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы, Артылып туса өзімнен!» — дейді. Атақты жыраудың осы толғауындағы Пір мен Шілтенді бір ұғым деп қабылдауға болады. Себебі олар — әруақ иелері. Ал әруақ — Аллалық қызметке дайын тұрған әскер. Оған Батырлар жырындағы: «Сол уақытта батырға, Атса, мылтық өтпеді, Шапса, қылыш кеспеді, Ғайып ерен, қырық шілтен,
Қолтықтан сүйеп, демеді», — деген жыр жолдары дәлел бола алады. Сондай-ақ: «Алпамыстың Пірі еді, «Баба Шашты Түкті Әзіз. Бүркіт болып келеді, Қолтығынан демеді», — деген жыр жолдарынан әруақ әлемінің, яғни Пірдің шексіз мүмкіндік иесі екенін аңғаруға болады. Ал Шілтенге келсек, Ғайып ерен қырық шілтен сөзі бір емес үш тілден құралған тіркес. Атап айтар болсақ, «ғайып» араб тілінен алынған «жоқ болу», «көзден таса болу» деген мағынада, «ерен» сөзі көне түркі тілінен алынған «ер» сөзі, ал «шілтен» болса, парсы тілінен аударғанда «қырық тән, немесе қырық дене» деген ұғымды береді. Шілтенді өзіміздің шілде сөзіне саятындар да бар. Себебі, шілде де қырық күн. Байыбына барсақ, мәселе тілдік атауда емес, негізгі мәнде. Ол мән — әруақ әлемінің ғайып екендігі. Егер біз соған жүгінсек, көмек те сол жақтан әп-сәтте келе қалады. Тіпті Қызыр пайғамбардың өзі бас болған қырық әулие (шілтен) шылауыңда жүреді. Біздің: «Қырықтың бірі — Қызыр», — деп қоятынымыз сондықтан. Сондай-ақ Батырлар жырында: «Қалмақтар атқан қалың оқ Жаңбырдай болып тиеді. Еті түгіл баланың Терісіне кірмеді Ғайып-ерен қырық шілтен, Баланы қолдап демеді», — делінеді. Мұндай жағдай жырдың бірнеше жерінде қайталанады. Мәселен, бірде: «…Ғайып-ерен, қырық шілтен Қылышты қолдан қағады», — делінсе, тағы бірде: «…Ғайып-ерен қырық шілтен Баланы жолда ұстады», — делінеді. Және де: «…Ғайып-ерен қырық шілтен,
Көтерді жерден қауғалап», — десе, тағы бірде: «…Ғайып-ерен пірлерім, Бұл бәледен өзің қақ», — дейді. Міне осылайша, жырдың өн бойында Алпамыс батыр Ғайып-Ерен Қырық Шілтен – пірлерге жалбарынып, көмек сұрайды. Пірлері Алпамысты үнемі қамқорлығына алып жүреді. Соған орай 40 саны қазақы ұғымда қасиетті сан санатына кіреді. Бұл тұрғыда ұлттық ұстаным ретінде сақталып қалған: «40 жас — қырдың басы; бір күн жолдасқа қырық күн сәлем; бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама; ана қырық шырақты; қызға қырық үйден тыйым; әйелдің қырық жаны бар; қырық шейіт; қырық қабат; қырық құрақ; қырық жамау; ханда қырық кісінің ақылы бар; отыз күн ойын, қырық күн тойын; қырық ру; қырық өтірік; сәбидің алғашқы қырық күні (қырқынан шығуы атап өтіледі); өлген адамның «қырқын беру» сияқты дәстүрлер қамтылған. Осы тұрғыда Абдулла ибн Мағсудтан р.ғ. жеткен рубаятта былай делінеді: «Алла елшісі с.ғ.с. айтты: «Алла Тағаланың әулиелерінің ішінде үш жүз (300) таңдаулы пендесі бар, олардың табиғаты хазіреті Адамға а.с. ұқсайды. Қырық (40) пендесі бар, олар хазіреті Мұсаға а.с. ұқсас. Жеті кісі (7) хазіреті Ибрахимге келеді. Бес кісі (5) табиғаты Жабрейіл а.с. періштеге ұқсайды. Үш кісі (3) Микайил а.с. періштеге ұқсаса және бір кісі (1) Исрафил періштеге ұқсайды. Уақыты келіп, осы кісілердің бірі о дүниелік болған жағдайда, Алла үш кісінің бірін алып орнына қояды. Ал егер үш кісі опат болса, жеті кісіден алып қояды. Міне осындай тәртіппен бұл үрдіс Қияметке дейін жалғаса береді. Алдыңғы үш жүз әулиені — Ахиар, қырық әулиені — Абдал, жеті әулиені-Абрар (Жеті тылсым иелері), бес әулиені — Аутад, үш әулиені — Ғаус десе, соңғы ұлық әулиені — Қутыб уа ғаус деп атайды. Бұл жамағат әрбір істе бір-бірінің рұқсатына мұқтаж болғандықтан бірін-бірі таниды. Сонымен қатар төрт мың (4000) әулие бар. Барлық жер-жақанның ашылу құпиясы, әлемдегі адамзат баласын алмастыру мен орналастыру, дарын мен қәбілет беру және көтермелеу мен төмендету осылардан болар. Себебі рухани үкім соларға тән. Бірақ олар бір-бірін танымайды. Бұл әулиелердің дәрежесі мынадай: пенделерге Алладан ризық алып береді, жауын жаудырып, жерден бәлені кетіреді. Осы ұлық зат иелері болмаса жер бетінен адамзат атаулы бір мезетте жоқ болады!». Нақышбанди тариқатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишан біз жоғарыда тілге тиек еткен мәселелердің бәрін саралай келе: «Әруаққа сыйынатын қазақ болайықшы», — дейді. Біздің де айтпағымыз сол.
Қазақстандағы діни ахуал.
Қазақстан үшін дәстүрлі әрі мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылатын едәуір ірі конфессиялар – исламның суниттік ағымына жататын ханафи мазхабы мен орыс православие сенімі болып табылады (оларды бірінші кезекте тарихи фактор айқындаған). Ислам Қазақстан территориясында 10-ғасырдың өзін-де-ақ (Қарахандықтар кезеңінде), ал православие болса, 18-ғасырда (Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейін) ресми дін болып танылған. Сопы Аллаяр: «Сана лил холиқи ғабра уа афлақ! Яратты қатраидин гаухары пак».
(Әлемдерді жаратқан Ұлы Жаратушыға мақтаулар болсын! Ол Өзінің Құдіретімен бір тамшы гауhарды жаратты) — дейді. Осы жаратылған гауhар сіз бен бізге, яғни барша адам баласына тән. Алайда, аталмыш гауhарға иелік еткен адам баласы үш топқа бөлінеді. Жә, әуелі біз тілге тиек етіп отырған гауhардың басын ашып алайық. Ол – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұры. Сол нұрдан 18 мың әлем, оның ішінде адам баласының рухы да жаратылады. Бұл жәйт хадиспен бекітілген. Біз тілге тиек етіп отырған гауhар — сол бізге тән рух. Ол гауhардың қандай қуатқа ие екендігін бағамдау үшін Шәді Төренің мына бір жыр шумағына назар аударайық: «Әлемнен он сегіз мың әуел бұрын, Жаратты Пайғамбардың Алла нұрын. «Әууәлу мә халақаллаһу нури»,- деген, Хақында дәлел болды хадис мұның! Аспан — Жер, Аршы — Күрсі, Лаухы — Қалам, Сидра мен Жәннат — Тозақ бәрі тәмам: Сол Нұрдың себебімен пайда болды! Жаралған он сегіз мың барша ғалам!».
Міне, осы рухқа иелік еткен адамдар үш топқа бөлінеді дедік. Оның біріншісі — мүшіріктер (атеистер); екіншісі — мұсылмандар; үшіншісі — мұнафықтар (екіжүзділер). Мүшіріктер жан мен тәнді бөлек жаратылыс деп қабылдамайды. Мұсыл-мандар болса, рухтың өздеріне Алладан берілген аманат екенін біледі. Ал мұнафықтар болса рухтың өздеріне Алладан берілген аманат екенін біле тұра, оған материялды тұрғыда иелік етеді. Бұл жәйт та хадиспен бекітілген.
Енді осы айтқандарымызды са-ралайық. Саралағанда, әуелі біз иелік еткен гауhардың бағасын білген жөн. Оның бағасы… Шынтуайтына келгенде, онда баға жоқ. Алайда біз «Баға жоқ» деген сөздің мәніне дендеп бойлаған емеспіз. Мәселен сіз жердің асты мен үстіндегі байлыққа иелік етіңіз. Оған жүз жер шарының асты-үсті байлығын қосыңыз. Қаласаңыз оған тағы да сондай байлық қосыңыз.
Соның бәрі сіз иелік етіп отырған гауhар құнымен салыстырғанда, тіпті сөз етуге де тұрмайды. Алайда ол гауhар құнын біліп жатқан адам аз. Оның қадіріне мүшірік пен мұнафықты былай қойғанда, мұсылмандардың өзі де жете алмайды. Себебі, ол — әруақ. Ал қай мұсылман әруақтың қадіріне жетіп жатыр?! Қадірін былай қойғанда, тіпті ауызға да алудан қалдық. Болмаса ол… Рух — әруақтың жекеше түрі. Алайда қазақы түсінікте рухтың бәрі — әруақ. Соған орай біз ата-баба әруағын қадір тұтамыз. Егер бізге берілген рухтың қадір-қасиетін шын мәнінде түсінсек бар ғой… Шынтуайтына келгенде оны Пірсіз ешкім де түсінбейді.
Бұл тұрғыда нақышбанди тари-қатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишан: «Рух – Исми Ағзам; мұқымадамзат баласының баяғы іздеп жүрген сиқырлы, сырлы, құпия, құдіретті, шексіз Күші осы – Исми Ағзам; Исми Ағзам – реалды бар нәрсе. Оны іздеу жолында — жаратылыстың ішіндегі әм ұлығы, әм әлсізі болған тек адамзат баласы ғана әуре болып келе жатқан жоқ. Оны іздеу жолында – жаратылыстың ішіндегі ерекше қасиеттерге ие болған: небір әспетті әулие-әнбиелер; небір жым-жылас жындар әлемі; небір пәруайсыз періштелер әлемі – сандалумен келеді. Олар Оны тапса болды, бітті – барлық мұрат-мақсаттарына жетер еді!». Иә, оны тапқан адам шынында да барлық мұрат-мақсатына жетеді. Себебі ол — сен қалаған нәрсені шығарып бере беретін «сыйқырлы қазан»; ол — Мұса пайғамбардың аса таяғы; ол — Сүлеймен пайғамбардың жүзігі; ол — Алладиннің шамы; ол — мәңгілік өмір сыйлайтын «су». Қайсыбірін айтарсың. Ол — сен қалаған нәрсені жарата беретін Аллалық болмыс. Соған орай Алла Тағала оған: «Менің халифам», «Менің орынбасарым», — деген ат берген. Рухтағы сол қасиетті сіз бен бізге ұғындыратын тек Пір ғана. Соған иелік еткен, дұрысы — соған иелік еткенін түйсінген қай жан да бірден әруақтанып шыға келеді. Кезінде мұқым қазақ соған иелік еткен еді. Жалғыз атты батырдың қалың қолға қылыш үйіретіні сол кез. Ал сол қуат, сол рухтан ажыраған кезді Қазтуған жырау өз жырына былайша арқау етеді:
«Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім
Аузы түкті кәпірдің
Күшті болған салдары-ай!
Кәпірден теңдік алуға
Қайта келер деймісің
Мұсылманның баяғы
Шыңғыстан туған хандары-ай?!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нәлет кәпірдің
Пайдасына қалмаса игі еді
Ноғайлы, қазақ жұртымның
Кейінгі туған балдары-ай».
Әруақтан ажырағаннан кейінгі кейпімізді дәл берген Қазтуған жырауға біздің де қосып аларымыз жоқ. Діни ахуалды айқындайтын екі басты фактор – Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи масхабын күшейту есебінен діни деңгейдің күннен күнге көтеріліп келе жатқаны және «жаңа» протестанттық бірлестіктер тарапынан белсенді түрде жүргізіліп жатқан інжілдендіру әрекеттері болып табылады. Исламдандыру табиғи себептердің ықпалымен жүзеге асуда.
Бұл ең алдымен, қазақтар мен басқа түркі халықтарының исламмен тығыз байланысты ұлттық мәдениет бастауына қайта бет бұрулары болып табылады. БАҚ-тардың исламның рухани құндылықтарын насихаттауға байланысты Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасымен бірге жүргізетін жұмыстары белсенді сипат алды. Сонымен қатар, аталмыш бағыт мемлекет пен исламдық діни бірлестіктердің (бәрінен бұрын Қазақстан Мұсыл-мандары Діни Басқармасының) Қа-зақстанда исламның рухани күшін нығайтуға арналған серіктестік қарым-қатынастарының әлі қолданылмаған күшіне ие.
Мұнымен қоса исламдандыру процесінің жаңа басталғанын, әлі аяқтауға алыс екендігі факторын ескергенде, бұл мәселеге мемлекеттің тұрақты өсу тұрғысынан ықпал етуі тиіс.
Әруақ туралы осыған дейін аз айтылған жоқ. Біз оны сыйқырлы қазанға баладық. «Исми Ағзам», «гауhар» деп те атадық. Енді сол бағасыз заттың бізге не үшін берілгеніне назар аударайық. Байыбына барсақ, ол назар кәлима шаhадатта тұр. Демек біз: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның құлы, әрі елшісі», – десек, әлгі назарды тапқан боламыз. Ал, дедік. Ол сөзді біз ғана емес, барша мұсылман айтады. Алайда жалпы мұсылмандар «Құл» (әбдіhу) сөзіне жете мән бере бермейді. Соған орай олардың қай-қайсысы да ислам дінінің үш ұстанымының бірі — Ихсаннан тыс қалады. Ал ихсан — тек Пірлер ғана иелік ететін әлем. Сондықтан «Құл» мәнін тек Пірге қол берген сопылар ғана түсінеді. Рас, оны барша мұсылман ғалымдары тілге тиек етеді. Бірақ Пірсіз болғандықтан ол әлем ішіне дендеп ене алмайды. Себебі…
Мәселен, жекелеген әр адамның бір-бір рух иесі екендігі мәлім. Ал әруақ әлемі оның сыртында тұтасып тұр. Біз кәлима шаhадатта тілге тиек ететін «Құл» сол әруақ әлемі. Ал Пір әр адамдағы жеке рухты сол тұтасып тұрған әруақ әлеміне қосатын жалғыз жан. Шынтуайтына келгенде, ол әлемге қосылмасақ, кәлима шаhадат мәнін түсінгеніміз бекер болады. Түсінбеген соң ол, әрине, жүрекке өтпейді.
Сонымен Пірге қол бердік делік. Ұғынықтылық үшін, біз иелік еткен рухты бізбен ұдайы қатар жүретін көлеңкеміз деп қабылдайық. Ал әруақты — саясы жер бетін жауып тұрған алып бір ағаш делік. Біз Пірге қол берген кезде рухымыз (көлеңке) әлгі алып ағаш (Құл) көлеңкесіне қосылып, жоқ болып кетеді. Міне сол кезден бастап біз де құлдық қызметті атқара бастаймыз.
Ал ол қандай қызмет? Ең бастысы, біз әруақ әлеміне қосылған кезде өзімізді бар етіп тұрған «Мен»-ді өлтіреміз. Нақтыласақ, жоқ етеміз. Соған орай біз жасаған барлық іс-әрекет ғибадат орнына жүреді. Иә, барлық іс-әрекетіңіз: тұрыңыз, жүріңіз, жұмыс жасаңыз, ұйықтаңыз,тіпті алған деміңізге дейін ғибадат орнына жүреді. Оқыған намаз, ұстаған ораза өз алдына. Байыбына барсақ, оған да сіз иелік етпейсіз. Соған орай Алла Тағала Құран Кәрімде: «Мен жындар мен адамды Өзіме құлшылық ету үшін жаратқанмын», — дейді. Ал ондай үздіксіз құлшылықты тек «Құл» ғана жасай алады. Бұған керағар құл емес адам — мүшірік (атеист) пен мұнафық (екіжүзді) адам барлық істеген іс-әрекеттеріне өздері иелік етеді. Рас, олар атқарған іс-әрекеттер, тіпті жасаған құлшылығына (мұнафықтар діни ғибадат жасайды) дейін өздері иелік ететін сыйқырлы қазанға түседі. Осы жерде мәселе мәніне шамалы ой жіберсек, әруақ әлеміне қосылған адамға Алла, ал жеке адам руханиятына (сыйқырлы қазанға) шайтан иелік ететіні мәлім болады. Ол — әр адамның өн бойындағы өз шайтаны. Нақтыласақ, сіз нәпсіге (қалау) айналған «Мен»-сіз де, шайтан сіздің қызметкеріңіз. Ал сіз иелік еткен «сыйқырлы қазан» арқылы өзіңіз жасаған сізге тиесілі әлем — тозақ деп аталады. Оны Алла емес, әр адам өзі жасайды. Мәселен, әр адам анасының жатырына түскен сәтте өзіне берілген рух (аманат гауhар) арқылы өз денесін өзі жаратады.
Тап сол сияқты мына әлем де ана жатыры іспеттес. Соған орай біз келесі барар әлеміміз — жәннат пен тозақты өзіміз жаратамыз. Бұл тұрғыда нақышбанди тариқатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишан былай дейді:
«Хазіреті Иса (ғ.с.) пайғамбардың мұғжизасы бәрімізге де мәлім. Соның бірі – құс жасауы. Ол (ғ.с.) балшықтан құс жасап «уф” деп үрлеп жіберіп еді, оған жан бітіп, ұшып кетеді. Осындай құдыретті біздің кез келгеніміз жасай аламыз.
Ол үшін: Рухани қасиетімізді – оятуымыз; Жан-дүниеміздің Рухани көзін – ашуымыз; Аруаққа сенуіміз керек.
Аруақ” деген қасиетті нәрсе: адам баласының ақылы жетпейтін; айтып жеткізуге жатпайтын Алланың хикметімен жаратылған бір болмыс. Тек осы сырға қалтқысыз, риясыз сенуіміз керек. Аруақты «анандай», «мынандай” десек, – қателесеміз. Өйткені:
бір ахуалда Ол – Иса (ғ.с.);
бір ахуалда Ол – Құран;
бір ахуалда Ол – Алланың Рахметі;
бір ахуалда Ол – Алланың Берекеті;
бір ахуалда Ол – қасиетті Періште;
бір ахуалда Ол – Катибайн-
Кираман;
бір ахуалда Ол – Жәбірейіл (ғ.с.);
бір ахуалда Ол – жасыл түсті Құс болып қызмет етеді».
Егер осы түсінікті қабыл алсақ, онда Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың мына хикметі мәні де ашыла түседі. Оқып көрелік:»Ей жер мен Көк, Ғашықтардан сақтанғайсың»
Отты «Аһы» шығар болса, қамданғайсың!
Көкке қарап айғайласа қорыққайсың,
Бір «Аһ» ұрса, Әлем жексен болады екен!».
Бұл хикметтегі тілге тиек етіліп отырған «Ғашықтар» — Пірге қол беріп, әруақ әлеміне қосылған сопылар. Құл да солар. Ал құл болу — ислам дінінің мәні. Құл болу үшін, оны 1856-1924 жылдары өмір кешкен Әріп ақын өлең тілінде айтып кеткен екен. Ендеше сөз соңын біз де сол өлеңмен түйіндейік:
«Құтып тап, кәміл мүршид,
жүрме босқа,
Дұшпанға ақыл, бұл сөзім
пайда досқа.
Тірі емессің, өлісің — Пір таппасаң,
Құр шыбыным тірі деп
санға қоспа».
Қазақстандағы діни ахуалдың дамуына шетелдерде болып жатқан процестер де үлкен әсер етеді. Мәселен, исламның қазір толықтай антагонистік болып табылатын әр түрлі ағымдарға бөлінуіне байланысты, біздің елімізде де ұқсас ағымдар жұмыс істей бастады. Дінді жаюдың шетелде дайындалған барлық жаңа әдістері Қазақстанға да ауысып келуде. Діндерге де байланысты жалпы әлемдік тенденциялардың ықпал ету саласы егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді. Ал бұл болса, белгілі бір уақыт бұрын ҚР-дағы ахуалдың даму болжамын жасау мүмкіндігін береді.
Әуелі мына бір керағарлық мәнін түсініп алу керек. Оның біріншісі — Алла мына әлемге араласпайды. Екіншісі — Алласыз жер бетінен тозаң да көтерілмейді. Біз осы айтылғанның екеуіне де сенім артамыз. Рас, өзгелер де сенім артады. Алайда ол сенімдер діни танымға, ғылыми негізге, жекелеген көзқарастарға байланысты тармақталып кете береді. Оның ішінде атеистік те сенім бар. Жын-шайтандар қалыптастырған сенім жетегінде жүргендер де аз емес.
Енді солардың әрқайсысының сенім-түсінігіне мән беріп көрелік. Әуелі діни сенімге назар аударалық. Ол — иман. Демек, Алладан басқа мына әлемге иелік ететін өзге Тәңір жоқ десең, онда мына 18 мың ғаламда қалайша Алланы жоқ деп айтасың?! Әрине, Алла бар. Ол Аршының үстіне орналасқан өз тағында отырып, мына әлемді басқаруда. Бұл енді әсіре діншілдердің сенімі. Алайда дәл осылай демесе де мұсылмандардың дені Алланың мына әлемге араласатындығын жоққа шығармайды. Ол тұрғыдағы әңгімені сәл кейінге қалдыра тұрып, әуелі әсіре діншілдер сеніміне орай қалыптасқан көзқарасқа жауап қайтара кетелік. Ол жауапты біз емес, Ұлы Имамымыз Әбу Ханифа берсін. Ол кісі былай дейді:
«Хақ Тағала Аршыға ешбір қажетсіз әрі оған орнығусыз истәуә қылғанына иман келтіреміз. Алла Тағала Аршыны да, одан басқаны да сақтаушы әрі оған мұқтаж емес. Егер Хақ Тағала Аршыға мұқтаждық танытса, Жаратылған жаратылыстың деңгейіне түсіп, әлемді жаратуға, басқаруға шамасы келмес еді. Егер Хақ Тағала оған отыруға, орнығуға мұқтаждық танытса, Аршы жаратылмай тұрып Алла қайда болды? Хақ Тағала мұндай кемшіліктерден пәк, әрі ұлы!».
Осы жауаппен әсіре діншілдердің: «Алла мына әлемді тікелей өзі басқарады», — деген сенімін жылы жауып қоялық.
Енді атеистік көзқарасқа келейік. Бір жағы, атейстік деуге де келмейді. Әзірге оларды: «Өз жолын толық анықтай алмағандар», — десек болады. Олардың пікірі: «Алла неге әділетсіз?», Алла неге жер бетінде орын алған әділетсіздіктерді көрмейді?», «Алла неге осыншама келеңсіздіктердің орын алуына жол береді?»
Жалпы осы ыңғайдағы жауабы жоқ сауалдарды көлденең тарта отырып, Аллаға тіл тигізіп, ақыр соңында әлгі қаптаған сауалдарға өзі: «Алла жоқ», — деп жауап бере отырып, мұсылмандарды табалағанынан ләззат алатындар да өз алдына бір қауым. Олар осылай дей келе, өздері сенім артқан құдайларын алға шығарғысы келеді. Олардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Алайда әрқайсысының негізгі ұстанымы — Алла мүмкіндігін жоққа шығару. Оларға қарағанда атеистер дұрыс. Атеистер — Алланың жоқ екендігіне бек сенімді. Олар әскері құрамына, сырт көзге Аллаға сенетін сияқты кейіп танытатын, бірақ шынтуайтына келгенде өздерінен басқа ешкімді құдай деп білмейтін лауазымды билік тізгін ұстаған бай-бағландар, мен барлық ғылым саласында елеулі табыс биігіне көтерілген айтулы тұлғалар жатады. Себебі, қай ғылым да материялдық әлемнен әрі көтерілмейді. Ал тұлғалық деңгейге көтерілген әр ғалым өзі айналысатын ғылым саласының бүткіл ұңғыл-шұңғылын бес саусағындай біледі. Ол әлгі өзі бағындырған ғылымға сыртқы күштің (Алланың) еш әсері жоқ екеніне ғылыми тұрғыда көзін жеткізген. Сондықтан ол өзін сол өзі бағындырған ғылым саласының құдайы сезінеді. Билік тізгініне қол жеткізген лауазым иесі де өз саласы тұрғысында тап осылай ойлайды. Ол да адамзатты басқару жүйесінде өзінен өктем ешкімнің жоқ екенін жақсы біледі. Осы «білу» ілгергі дәуір перғауындарын құдайлық деңгейге көтерді. Соған орай олар өздерінің құдай екендіктерін ашық айтты. Ал қазіргілер… Қазіргілердің жиынтық образы — Тажал. Уақыты келгенде өзінің құдай екенін ол да ашық айтады. Сол кезде өзге «құдайлар» мен Алланы мойындамайтындардың бәрі Тажал әскерінің сапына барып қосылады. Себебі, исламнан басқа барлық өзге дін, оның ішінде христиан да, еврейлердің діні де, пұт-парастарға табынатындар да, тәңіршілдер де, жалпы дін атын иеленгендердің бәрі рухани әлемнен тыс қалғандықтан түгелдей өздері қиялындағы жалған құдайдың жетегінде кетеді. Соған орай христиандар үшін Иса (ғс) да, қасиетті рух та құдай санатында. Ал еврейлердің өзі құдайлық деңгейге көтеріліп кеткен. Өзге пұт-парастар болса, жын-шайтанның жетегінде жүр. Соның бәріне бүгінгі өте қарқынды түрде жүріп жатқан заманауи жетістіктердің белгілі бір деңгейде өзіндік үлесі бар. Сол ғылыми жетістік негізінде адам баласы шайтандар соңына ілесіп, микроэлементтердің ішіне дендеп енетін болды. Соған орай «адам құдайлар» саны да күн санап артып келеді.
Қарапайым түсінік. Мына 18 мың әлемді матрица деп қабылдайық. Сонда матрица иесінің (Алланың) сыртта екендігі мәлім болады. Сонда Алла Тағала өзі жаратқан «матрицаға» қалай араласады? Бұл сауал жауабын нақышбанди тарихатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишанның мына сөзінен аңғаруға болады:
«Алла Тағала:
18 мың әлемнің ішінде де емес;
ол әлемнің сыртында да емес;
ол әлемге қосылып та кеткен жоқ;
ол әлемнен ажырап та кеткен жоқ».
Бұл сөзден не ұқтық? Жауап айқын. Аллалық құдырет біздің материялды сана түсінігінен тыс тұрады. Соған орай материалды сана түсінігіндегі барша жан, ол кім болса ол болсын, Жаратушы иені өзінше танып, өзінше түсінеді, әрі өзінше көреді. Ал Пірге қол берген сопылар Алланы материялды тұрғыда да (шариғат), рухани тұрғыда да (тариқат), Пайғамбарымыздың (сғс) әлемінде де (мағрифат), Алланың есім, субути сипаттары әлемінде де (ақиқат) көре алады. Алайда әр көрудің өзіндік дәрежесі бар. Соған орай менің бабам Құлүмбет ишан:
«Сахар тұрып «Һу» (Алла) десең,
«Һу»-ың жетер ғарышқа.
Қияметтің күнінде
Барша түсер жарысқа,
Қатарыңнан қалыспа,
Сахар тұрып «Һу» дегіл!», — деген. Біз де сол сөзді қайталаумен келеміз.
Мемлекеттік саясаттың прин-циптері. Қазақстанда бірегей дінаралық келісімді қалыптастыруға бағытталған белсенді мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттік құрылымның өзіндік моделі құрылған. Бұл тәжірибені Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу арқылы әлемдік қоғамдастыққа көрсетуде. Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері дін саласындағы мемлекеттік саясат дінді терістеу мен онымен күресуден бастап, ірі конфессиялармен серіктестік байланыстарға дейін апаратын өзгерістерді бастан өткерді.
Бәрімізге белгілі. Адамдар әрқилы. Алайда біз сол әрқилылыққа жете мән бере бермейміз. Рас, ортамызда жүрген елге сыйлы, абырой биігіне көтерілген тұлғалы азаматтар аз емес. Олар әр аймақта негізінен билік тарапынан құрылған «Адагерлер кеңесі» арқылы дәріптеледі. Егер мәселе мәніне бойласақ, әлгі тұлғалы адамдарды дәріптеу өкілеттігі билік қолында тұрғанын аңғарасың.
Енді осы айтқанымызды саралайық. Егер байыбына барсақ, қай адамның да абырой-беделі оған тиесілі өкілеттік арқылы бағаланады. Ұғынықтылық үшін әуелі өкілеттік мәнін түсініп алайық. Шынтуайтына келгенде, өкілеттік деп отырғанымыз — әруақ. Рас, қолдан жасалған, материялдық деңгейдегі әруақ. Бірақ оны ешкім де әруақ деп қабылдамайды. Мәселен, Президенттерге тән өкілеттік бар. Ол өкілеттік — халық сенімі арқылы түзіледі. Сол түзілген өкілеттік (әруақ) бір адам қолына өткенде алапат күшке айналады. Сол күшті біз бір ауыз сөзбен «Билік» деп атадық.
Енді сол өкілеттіктің (биліктің, әруақтың) адам абыройын қалай көтеретініне назар аударайық. Ол үшін қазіргі билік тізгінінде отырған Президент пен бұрынғы Президентті қаперге алайық. Көз алдыңызға АҚШ-тың қазіргі президенті Байден мен бұрынғы президент — Трампты елестетіп көріңіз. Басы ашық жәйт. Байденді абырой биігіне көтеріп тұрған оған тиесілі өкілеттік (әруақ). Тап осы сияқты қазіргі және бұрынғы министрлер мен әкімдер, депутаттар, өзге де лауазым иелері, мемлекеттік марапат иелері саралана береді. Олардың ең бишарасы «бұрынғы лауазым (әруақ) иесі деп бағаланады. Ал ондай өкілеттікке (әруаққа) иелік етпеген адам ешқашан абырой биігіне көтерілмейді. Нақтыласақ, материялды тұрғыда көтерілмейді. Ал рухани тұрғыда…
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Бір ақиқат бар. Ол — кімді болсын абырой биігіне көтеретін өкілеттіктің (әруақтың) кез келген адамға тән екендігі. Жалпы адам баласының бұл өмірге келудегі мақсаты — сол өкілеттікке иелік ету. Бір сөзбен айтқанда, кім де болсын өзінің сол өкілеттік иесі екенін білгені жөн. Ол өкілеттіктің аты — руханият (әруақ әлемі). Ол — шынайы күш, шынайы қуат. Әр адам сол шынайы күштің (өкілеттіктің, әруақтың) иесі. Алайда Пірге қол беріп, әруақ әлеміне қосылмаған адамда ондай өкілеттік болмайды. Бұл тұрғыда нақышбанди тариқатының Пірі Құрбанәлі Ахмед ишан былай дейді:
Қандай да бір пайғамбар туралы;
қандай да бір пір туралы;
қандай да бір ишан туралы;
қандай да бір имам туралы;
қандай да бір әулие туралы;
қандай да бір патша туралы;
қандай да бір лауазымды тұлға туралы айтатын болсақ, олардың дене бітімін, пішінін, сырт бейнесін емес – уәкілдігін қаперде ұстаймыз.
Сол сияқты «Пайғамбар (с.ғ.с.)” дегенде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
«Алланың Пайғамбары (с.ғ.с.)” деген пайғамбарлық уәкілдігі;
Алланың Құдіреті берілген уәкілдігі;
Алланың 8 сипатының құдіреті берілген уәкілдігі;
Алланың 99 әсмаул-хусна – көркем есім-сипатының Құдіреті берілген уәкілдігі;
«Жауһар” деп те, “Арш” деп те, “Құдратул хадиса” деп те, “Тауфиқ” деп те аталатын, ғажайып шексіз Құдіретті Күшке иелік ету уәкілдігі;
Құдіретті Күш болған нәрсені Дүниелік әлемге өткізуші ортадағы буынға – Руханият әлеміне патшалық ету уәкілдігі ең алдымен есте тұрады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Құді-ретті уәкілдіктері:
18 мың әлемнің Жан-дүниесін ұстап, реттеп, қалыпқа салып, әрекетке келтіріп, тұтастай тыныс беріп тұр;
дүниедегі әрбір тіршілік иесінің, әрбір жаратылыстың Жан-дүниесін ұстап, реттеп, қалыпқа салып, әрекетке келтіріп, әрқайсысына тыныс беріп тұр.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уәкілдіктерін түсіну – Материалдық кеңістіктен тысқары басқа бір кеңістікті түсіну».
Бір сөзбен айтқанда, ол кеңістіктің аты — әруақ әлемі. Әр адам сол әлемнің қожасы. Біздің: «Исми Ағзам», Гауhар», «Сыйқырлы қазан», «Өкілеттік», — деп айтып тауса алмай жүргеніміз де сол. Соған орай сөз соңында Құлүмбет бабамыздың:
«Алланың қыл парызын,
Мойныңнан құтыл қарызын,
Қабыл болғай арызың,
Сахар тұрып Һу (Алла) дегіл! — деген өлең жолын тағы бір рет қайталап қоямыз.
Енді осы жердегі «діни саясат» мәселесіне ойысар болсақ, еліміздегі бұл сала Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы арқылы жүргізіледі. Бұған мемлекет араласпайды. Діни саясаттың мазмұнында муфтиаттың барлық іс шаралары жатады. Мешіт, медресе салу, діни білім беру және оны ұйымдастыру, мазхабтар аралық келісімді қолға алу, діни тәжірибені жандандыру, діни танымды көтеру, діни сананы насихаттау, діни сенімді түсіндіру шаралары бірақ бұл шаралар да халықтық билік пен құқықтық шеңбер ішінде ғана мүмкін. Бұған еліміздің конституциясы кепілдік береді. Ал енді «дін саясаты» тіркесіне келсек, бұл саланы мемлекет, жоғарыдағы құқықтық конституциялық ұстанымдар мен заңдық қағидалар негізінде жүзеге асырады.
Тұрмағанбет Ізтілеуұлы:
«Мұздыбалақ ақиық — қатуланбай аң алмас,
Аруаққа сыйынбай — ерлерің қылыш шаба алмас.
Жігіттің Пірі болмаса — қынаптан шықпас ақ алмас,
Алладан бұйрық болмаса — табанға тікен қадалмас», — дейді.
Егер мән берсек, аң алу үшін құс екеш құстың өзі табиғатын өзгертеді екен. Осы өзгеріске түскен «табиғатты» әруаққа сыйыну деп қабылдаған жөн. Сол сыйыну барысында бір қалыпта жүрген құстың болмысы өзгереді. Егер байыбына барсақ, әр болмыс — өз алдына бір әлем. Тап осы құс тәрізді жауға шапқан батыр да әруаққа сыйыну арқылы өзге әлемге өтеді. Әр әлемнің бөлек-бөлек болатынын мына бір жәйттан аңғаруға болады. Мәселен әлгі әруаққа сыйынып қаhарына мінген батыр сол қалпында қалыңдығына барып сөз айтпайды ғой. Қызға бару үшін ол басқа әлемге өту керек. Ал ол әлемнің де сыйынатын өз пірі бар. Сондай-ақ адам баласы кіріп-шығып жүретін ондай әлемдерді санап түгесе алмайсың. Біз әруақты тәркі еткелі сол әлемдерді иесінің ұрықсатынсыз аттайтын болдық. Әртүрлі пәлекеттерге ұрынып жататынымыз сондықтан. Болмаса қазақ атам айдаладағы жалғыз ағашқа да, аққан суға да, тіпті бос үйге де сәлем берген. Ол сәлем мәні «Әруаққа құрмет» деп аталады. Соған орай біз аңның да, құстың да, таудың да, тастың да, тіпті жын-шайтанның да әруағына құрмет жасаймыз. Мәйт шыққан үйге шырақ жағатынымыз, әжетханаға белгі беріп (қақырынып-түкірініп) кіретініміз сондықтан.
Жалпы қай адам да әруақ ішіне шомып жүреді. Шомып жүрген соң, әрине, әруақ мүмкіндігін ұдайы пайдаланып отырады. Себебі ол — Алла әміріне бағынған дайын әскер. Адам баласы ол әскерсіз кірпігін де қимылдата алмайды. Соған орай біз қай істі қолға алсақ та әуелі сол істің әруағын жасаймыз. Енді Алласыз ешнәрсенің жасалмайтыны белгілі ғой. Ал ол жасампаздық әруақ арқылы келеді. Себебі… Дұрыс. Әскер.
Сәл-пәл түсінік. Сіздің орныңыздан тұруыңыз, жүруіңіз, тамақ ішуіңіз, жұмысқа баруыңыз, жалпы күнделікті атқаратын әр іс-әрекетіңіз өз еркіңізден тыс жүзеге аспайды. Кей істер тіпті шартты рефлекс тұрғысында атқарылады. Себебі сіз сол іс-әрекеттердің әуелі әруағын жаратасыз. Сізге тиесілі арғы әлем де тап осылай жаратылады. Бірге сапарға шыққан екі адамның бірін бастық сайлап алу қажеттілігі, ол сол сапар әруағының иесі болатындығында. Ауыл ақсақалының ақылман болатыны оның ақылы көптігінен емес, сол ауыл жұртшылығы сенімінен түзілген әруақ иесі болғандығынан.
Енді жеке адамдар түзген Алла қадір тұтатын әлемдер туралы бір-екі ауыз сөз қосайық. Мәселен біз Әбу Ханифа мәзhабын ұстанамыз. Себебі ол — Алламен байланысып тұрған жол. Нақтыласақ — әруақ әлемі. Біз сол әлемге қосылғандықтан да жасаған ғибадатымыздың қабыл болатынына сенім артамыз. Егер әруаққа сыйынбасақ, жасаған ғибадатымыз ешқашан қабыл болмайды. Сол сияқты әруаққа сыйынбасақ, жасаған қажылығымыз да қабыл болмайды. Ал ол қандай әруақ (әлем)? Мәселен, қажылыққа барған адам бірінші Қағбаға тәуап жасайды. Бұл — Қағба әруағымен үндесу деген сөз. Екіншіден, Сәфа мен Мәруа тауларының арасын жеті рет жүріп өтеді. Бұл деген сол жол әруағын түзген Ажар анамыз әруағы әлеміне қосылу деген сөз. Үшінші, шайтанға тас атып, құрбандық шалу. Бұл — Ибраhим пайғамбар түзген әруақ әлемі. Егер сол әлем Пірлерін мойындамасаң, жасаған қажылығың да қабыл болмайды.
Міне, осындай жәйттардың бәрін саралай келе, нақышбанди тариқатының Пірі Қүрбанәлі Ахмед ишан: «Әруаққа сыйынатын қазақ болайықшы», — дейді. Жалпы атам қазақ қай іс-әрекетін де әруаққа теліп, әр әруақ әлемі пірлерімен мәміле қылып отырған. Сондай мәміле қылған орақ пен орушының қасиетті жарылқаушысы, пірі әзірет Жалман болса, кейбір деректерде пайғамбар Салық делінеді. Бастырылған бидайды ұшыруға дауыстап желдің иесін: «Мірхайдар, кел, Мірхайдар» – деп шақыратын болған. Төменгі Сырдария қазақтары желдің пірі Жалаңаш ата деп білген. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мәселен, Қазақтың ұлы биші қызы Шара Жиенқұлқызы киімнің пірі болатынын өзінің Египет елінде өткізілген шығыс билерінің дәстүрлі сайысына қатысқанын еске ала отырып былайша баяндайды: «Бір кезде қазақ күйінің күмбірлеген үні құлағыма келді. Қалайша ортаға жұлқынып шыққанымды білмедім! Басымдағы үкілі кәмшат бөркім, желбіршегі мол төгілген көйлегім – менің қанатым секілді, көтеріп кетті. Қос бұрымдағы шолпы сыңғыры саз беріп, би екпінін ширата түскендей. Жылдар бойына байқағаным: қазақтың ұлт киімінің өзіндік «пірі» бар, билегенде қолтығыңнан демеп шалқытып жіберетін тәрізді».
Алайда бір ғана ақиқат бар. Ол — Аллалық әлем. Күрси мен Аршы — сол әлемге көтерілетін баспалдақ. Материя — 18 мың әлем. Біз сол әлемдердің бірқатарын жоғарыда тілге тиек еттік. Қалғанын сөз соңында тіземіз. Егер кімде кім Күрси иесі Пірге қол бермесе, біз тілге тиек еткен, не өзі түзген әлемнің бірінде қалып қояды. Солардың бірсыпырасы мыналар:
– Жылқының пірі кім?
– Қамбар ата.
– Түйенің пірі кім?
– Ойсыл қара.
– Сиырдың пірі кім?
– Зеңгі баба.
– Қойдың пірі кім?
– Шопан ата.
– Ешкінің пірі кім?
– Сексек ата.
– Батырдың пірі кім?
– Ғайып ерен, қырық шілтен.
– Теміршінің пірі кім?
– Ер Дәуіт.
– Ағаш ұстасының пірі кім?
– Нұх пайғамбар.
– Білімпаздың пірі кім?
– Ыдырыс пайғамбар.
– Кемешінің пірі кім?
– Ілияс пайғамбар.
– Жолаушының пірі кім?
– Қызыр баба.
– Ғашықтардың пірі кім?
– Ләйлі – Мәжнүн.
– Ырыстың пірі кім?
– Қызыр баба.
– Етікшінің пірі кім?
– Сәді ата.
– Орақшының пірі кім?
– Дихан ата.
– Желдің пірі кім?
– Мірқайдар ата
– Жаңбырдың пірі кім?
– Борық ата.
– Жарлының пірі кім?
– Қалтаң ата.
– Ұрының пірі кім?
– Жалтаң ата.
– Кәрінің пірі кім?
– Кекшіл ата.
– Ісмердің пірі кім?
– Тепшім ата.
– Ошақтың пірі кім?
– Ұмай ана.
– Қасапшының пірі кім?
– Сәдуақас ата.
– Кеселдің пірі кім?
– Ыңқыл ата.
– Күншілдің пірі кім?
– Күңкіл ата.
– Тәкаппардың пірі кім?
– Ібіліс малғұн.
– Наубайшының пірі кім?
– Ескендір Зұлқарнайын.
– Балықшының пірі кім?
– Жүніс пайғамбар.
– Шаштараздың пірі кім?
– Арыстан бап.
– Бау-бақшаның пірі кім?
– Бағбан ата.
– Орман-тоғайдың пірі кім?
– Мизам ата.
– Түйешінің пірі кім?
– Салық пайғамбар.
– Дәруіштердің пірі кім?
– Ғайса пайғамбар.
– Сараңның пірі кім?
– Қарынбай.
– Жомарттың пірі кім?
– Атымтай
– Тоқымашының пірі кім?
– Шиш пайғамбар.
– Тәуіптің пірі кім?
– Ұлықпан хәкім.
– Саятшының пірі кім?
– Адам ата.
– Шешеннің пірі кім?
– Майқы би.
– Әділдіктің пірі кім?
– Мұхаммед пайғамбар.
– Патшаның пірі кім?
– Тақ Сүлеймен.
– Түркінің пірі кім?
– Әзірет Сұлтан.
– Ер-азаматтың пірі кім?
– Әзіреті Әли.
– Тарыққанның пірі кім?
– Сұлтан Үпі (Хубби сұлтан).
– Қыз-келіншектің пірі кім?
– Бибі Бәтима.
Мемлекет дін саласында тұ-рақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, кез келген түрдегі және көріністердегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылдауда. Республикада 3464 ғибадат үйі тіркелген, оның ішінде 2550 мешіт, 294 православие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 «Кришна санасы қоғамы» және бахаи қауымының ғибадатханасы бар.
Ескерту. Өзі білмейтін, ешқашан көрмеген, сұхбаттаспаған қандай да бір Пірдің сыртынан өсек айтып, ғайбаттап жүрген жандардың тез арада тәубеге келгендері жөн. Себебі ол жан әлгіндей іс-әрекеті арқылы Адам атамыз жерге түскелі оған қарсы шайтан қалыптастырған қара күш әскері сапына барып қосылып кетеді.
Иә, сіз ол Пірді жек көресіз. Тіпті суретін көргеннің өзіне шашыңыз тікірейіп кетеді. Біз оған таң қалмаймыз. Ол — заңдылық. Себебі, Құран Кәрімде айтылатынындай: «Шайтан — адамның қас жауы». Ал кім де болсын өзін шайтаннан тысқары тұрмын деп айта алмайды. Адам бойында Ханнәс атты шайтан барлығын қай мұсылман да жоққа шығармайды. Оған әр адамға тиесілі жындарды қосыңыз. Осы шайтан мен жындар сізге Алладан аманатқа берілген рухты меншіктеп алған нәпсіге қызмет көрсетеді. Оларға сіздің «нәпсі-гауhарыңыз» жасап шығарған, сізді адам етіп түзген жүз миллиард жасушаңыз тапсырма береді. Осыдан кейін сіз өзіңіздің кім екеніңізді бажайлай беріңіз.
Міне, осылайша шайтан әскері сапына қосылған қара күш иелері пайғамбарлардың өзіне күн көрсетпеген. Сол пайғамбарлар мирасқорлары — Пірлер де сондай құқайды көрумен келеді. Бұрын да сондай болған, қазір де сондай. Алайда барлық уақытта жеңіс сол қашып-пысып жүрген Пірлер жағында болған. Егер олар жеңіс иесі болмағанда мына әлем баяғыда жоқ болып кетер еді. Себебі Өзінің достарынсыз бұл әлемнің Аллаға көк тиын да құны жоқ.
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Сонда Пірлер иелік ететін, бірақ көзге көрінбейтін ол қандай жеңіс?
Басы ашық жәйт. Мына әлемнің негізі — рухани әлем. Ал материя — жай ғана сурет. Енді сол сурет өзінің негізіне әсер ете ала ма? Жауап айқын. Әрине, жоқ. Мәселеге осы тұрғыда назар салсақ, қара күш иелерінің ешқашан жеңіс тұғырына көтерілмегенін бағамдауға болады.
Ұғынықтылық үшін рухани мен материялдық күшті бір-бірімен салыстырып көрейік. Мәселен, Әмір Темір материялды әлемнің патшасы. Оған қарсы тұрар күш жер бетінде жоқ. Солай бола тұра ол өзінің Пірі Мір Сейіттің дұғасына мұқтаж. Барлық жеңісінің кілті сол Пірінің қолында тұрғанын Әмір Темір жақсы біледі. Егер мән берсек, сол Пір иелік еткен мүмкіндікке қазіргі Пірлер де иелік етеді. Енді сол Пірдің қайдағы бір сурет бейнесіндегі біреудің құзыретінде жүруі мүмкін бе?! Байыбына барсақ, мейманасы тасыған қай патшаның да құзыреті Әмір Темірден асып тұрған жоқ.
Өзімізге келейік. Абылай ханның пірі Жалаңаяқ Әздер болғаны тарихтан белгілі. Хан пірінің шын есімі Қалмұһаммед Бақмұхаммедұлы, ел арасында Әз Жалаңаяқ – Жалаңаяқ Әздер – Жалаңаш баба есімімен белгілі болған әулие. Жалаңаяқ Әздер туралы Шәді төре Жәңгірұлының «Тарихат» дастанында:
«Қолдаушың жалаңаяқ пірім болсын,
Бар! – деді Абылай сонда бетін басып», — делінеді. Бұл — өз Пірінің мүмкіндігіне кәміл сенген Абылай ханның сөзі. Сенетін де жөні бар. Себебі, өз Пірі дұғасының нәтижесін талай көрген. Бұл тұрғыда Шәді төре былайша толғайды:
«Баяғы Жалаңаяқ ханның пірі,
Қосынға өзі келді мағлұмданып.
Жүреді жалаңаяқ hам жалаңбас,
Қайырылып иығын жауып
тұрады шаш.
Нәзірге әркім дүние берсе дағы,
Ешбірін аламын деп назар салмас…
Алдына Абылайдың пірі келіп,
Сөйледі мына түрлі хабар беріп:
«Мен саған қолың көтер
бата берем,
Жауыңды қашырасың
бүгін жеңіп…»
Міне сол Пір өз мүридтерін өлген соң да рахымына бөлеп жатады. Соған орай Әмір Темір өз Пірінің етегінде жатса, Абылай да, Абылай ғана емес, одан өзге қазақ халқының жиырмадан астам хан-сұлтаны, көптеген батырлары мен билері, игі жақсылары Қожа Ахмет Яссауи Піріміздің аяқ жағына жерленген. Себебі, Қожа Ахмет хикметінде айтылатынындай:
«…Шын ғашықтар үнемі тірі, өлген емес,
Аруақтары жер астына кірген емес.
Діндар обид, бұл мағынаны
білген емес,
Шын ғашықтар халайықтың
Қызыры болғай…»
Біле жүрейік. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тұлғалардың тізімі:
Есім хан — 1627-28 жж;
Жәңгір хан — 1652 ж;
Тәуке хан — 1715 ж;
Болат хан — 1723 ж;
Сәмеке хан — 1738 ж;
Жолбарыс хан — 1740 ж;
Әбілмәмбет хан — 1771 ж;
Абылай хан — 1781 ж;
Бөкей хан — 1819 ж;
Ондан сұлтан — 1585 ж;
Жәнібек сұлтан -1643 ж;
Тұрсын сұлтан — 1717 ж;
Қайып сұлтан — 1718 ж;
Сейіт сұлтан — 1745 ж;
Сығай сұлтан — 1750 ж;
Есіркеп сұлтан — XVIII ғ.;
Барақ сұлтан — 1750 ж;
Әбілфеиз сұлтан-1883 ж;
Тәуке сұлтан- 1787 ж;
Болат сұлтан- 1798 ж;
Есім сұлтан- 1798 ж;
Қасым сұлтан- белгісіз;
Тоғай сұлтан- 1816 ж;
Әликен хан- 1860 ж;
Ақтан Абыз- XVI ғ.;
Қосдәулет Нұрби Абыз- XVI ғ.;
Қаракесек Шаншар Абыз Бұлбұлұлы- XVI — XVII ғ.;
Арғын Әнет Баба Кішікұлы-1723 ж;
Жалайыр Нарынбай Әулие-XVIII ғ.;
Найман Қонақай Әулие- 1763 ж;
Арғын Сүгірұлы Мешітбай-шақшақ Жәнібектің Батагөйі- XVIII ғ.;
Мадияр би Жауғаштыұлы- 1735 ж;
Қаз Дауысты Қазыбек Би Келдібекұлы- 1763 ж;
Қараменді Би- XVIII ғ.;
Атығай Бақтыбай әулие ХVII ғ.;
Қарауыл Қанай Би- XVIII ғ.;
Мүсірәли Сопы Әзізұлы Сауранбай-1752 ж;
Күлен Би- белгісіз;
Үсен Би- белгісіз;
Шаштығұл Би- белгісіз;
Шоң Би- XVIII- XVIIIІ ғ.;
Құшетқалиұлы Бекболат Би-XІХ ғ.;
Қоңыршұнақ Ердес Би Шүренұлы- XVIII ғ.;
Бағаналы Бабыр Би Бөкен-байұлы-1864 ж;
Қожамқұлұлы Тұрдықұл Би-1895 ж;
Шекті Тілеу Батыр Айтұлы- 1684 ж;
Шекті Жолдаяқ Батыр Тілеуұлы- 1684 ж;
Есіркеп Жаманқараұлы (Батыр) 1696 ж;
Әжібай Батыр- XVIII ғ.;
Адай Шоғы Батыр Мұңалұлы-1726 ж;
Тобықты Көкенай Батыр- 1728 ж;
Шаншар Жарылқап Батыр-XVIII ғ.;
Дәу Баласы Балта Батыр- 1743 ж;
Тарақты Наймантай Батыр-1745 ж;
Жанұзақ Батыр Алдиярұлы-1749 ж;
Шақшақ Жәнібек-XVIII ғ.;
Тобықты Жандос Батыр Олжайұлы- 1752 ж;
Атығай-қойлы Андықожа Батыр- 1752 ж;
Мерген Батыр Бабасұлы-1754 ж;
Қанжығалы Әлібек Батыр Құдайбердіұлы-XVIII ғ.;
Сайдалы Нияз Батыр Барқыұлы XVIII ғ.;
Айтбай Батыр Аткелтірұлы-XVIII ғ.;
Кәрсон Бекназарұлы Таңыбай Батыр-1755 ж;
Арғын Күлеке Батыр Тәңір-бердіұлы-1760 ж;
Арғын Қойлыбай Батыр Малайұлы- XVIII ғ.;
Матай Бөрібай Батыр-1760 ж;
Қарпықұлы Текей Батыр- 1764 ж;
Қырықмылтық Шобан Батыр Жаманқұлұлы- 1773 ж;
Қанжығалы Бөгенбай Батыр-1775 ж;
Желкілдек Батыр Бөлтекұлы-XVIII ғ.;
Таңыбайұлы Жәутік Батыр-1775 ж;
Қоралас Жауғаш Қырбасұлы-1782 ж;
Қаракесек Жарылқап Батыр-1786 ж;
Бөртеұлы Мамай Батыр- 1789 ж;
Қойкелді Батыр- 1795 ж;
Қараша Айтбай Батыр Сырғақұлы- XVIII ғ.;
Қаржас Мырзақұл Батыр- XVIII ғ.;
Қоңырат Сырғақ Батыр Ниязұлы- белгісіз;
Мәңжіғұл Батыр- белгісіз;
Сіргелі Тілеуке Батыр- белгісіз;
Есенқұл Қырғыз Батыры әрі Манабы-1800 ж;
Тобықты Мамай Батыр- 1810 ж;
Есенбай Батыр- 1844 ж;
Есей Батыр- XІХ ғ.;
Найман Көшербайұлы Дулыға Батыр-1890 ж;
Қожа ….- 1432 ж;
Әмірзада Әли- 1438 ж;
Бақи Сұлтан Мір Қалани- XV ғ.;
Рәбия Сұлтан Бегім- 1485 ж;
Қожа Дәруіш Мұхаммед- 1514 ж;
Мүбәрәк Шах Сұлтан- 1519 ж;
Мәстүра ханым- 1519 ж;
Аман Бике Ханым- 1520 ж;
Құл Мұхаммед Сұлтан- 1524 ж;
Сүйініш Қожа хан- 1524 ж;
Шуджа Ад-дин Халил Мырза-1533 ж;
Мұхаммед Әмір Хан- 1541 ж;
Шуджа Ад-дин Мансұр Мырза- 1543 ж;
Құдайбердіұлы Тоқтасын-1543 ж;
Тоқтасын- 1544 ж;
Бек-Шайқым Қожа-шамамен XVI ғ.;
Бұзау Жарасұлы;
Бижігіт Бұзауұлы.
Қазақ атам: «Дінің болмаса болмасын, Пірің болсын», — деген. Бұл ұғым, бұл түсінікті әсіредіншілдер қабылдай алмайды. Қабылдай алмайтыны, Пір қызметінің мәнін жете түсінбейді. Егер түсінсе бар ғой…
Басы ашық жәйт. Өзін мұсылман санатына қосатындардың бәрі дін жолын ұстанады. Рас, көзқарастар (ақида) әрқилы. Бірақ ұстанған діндері — жалғыз. Ол діннің аты — ислам. Ал біз (қазақ) сол діннен Пірді жоғары қойып отырмыз. Неге? Себебі, дінде рух, яғни жан болу керек. Жансыз, өлі дінді ұстағаннан ұстамағанның өзі жақсы. Жақсы болатыны, дінді ұстамаған адамда әлсіз болса да ұлттық болмысына тән иман болады. Ал Пірсіз салтанат құрып тұрған дінді ұстанған сәтте сол иман өледі. Байыбына барсақ, Алладан түскен діннің бәрі бірдей. Көктен түскен кітаптардың да негізі бір. Алайда ислам дінінің келуіне байланысты өзге діндер өз өкілеттігін тоқтатты. Себебі, өлі. Өлі болатыны — Пірі жоқ. Тап сол сияқты 73 тармаққа бөлінген ислам дінінің 72-сі өлі дін санатына жатады. Соған орай аталарымыз: «Дінің болмаса болмасын, Пірің болсын», — деген.
Міне, ұлттық осы ұстаным сүйегіне сіңген үш жігіт Бұхарадағы діни оқуды түгескендеріне қарамай, рухани әлемге қосатын Пір іздеп, сапарға шығады. Олар аз жүреді ме, жоқ әлде көп жүреді ме, әйтеуір бір күні Зеңгі бабаның лашығына бас сұғады. Қонақтары әңгімесіне қаныққан Зеңгі баба төрт жағын кезек-кезек иіскеп: «Бұл маңда менен басқа Пір жоқ», — дейді. Келген үш қонақ та Зеңгі бабаға қол береді. Тек біреуінің ғана (Сәдір ата) көңілінен: «Өзің диуанасың, кімге пір болмақсың?!» — деген ой өтеді. Соған орай екі досы рухани тез жетіледі де, бұл кенжелеп қалады. Алайда кейін өз ағаттығы үшін Пірінің кешірімін алып, ол да өзінің Сәдір ата атты тарихи атын қалыптастырады. Сол сияқты қалған екеуі де ислам тарихында Бәдір ата, Ұзын ата деген атпен қалады. Бұл тұрғыда Шамсиддин Тибризи хазреті: «Егер сенің жаның басқа жанға тәслім болуға дайын болмаса, ғашықпын деп ешкімге айтпа», — дейді. Сондай-ақ Юнус Әміре хазреті де: «Кел, ей бауырым! Хақты табамын десең, кәміл Пірге бармасаң болмайды. Расулулла жамалын көремін десең, кәміл Пірге бармасаң болмайды» — деген.
Біз тілге тиек еткен ғұламаладың қай-қайсысы да: «Ислам дінін ұстансаң, Хақты табасың», — деп тұрған жоқ. Бұл жерде мына жәйтқа назар аудару керек. Олардың дінді қаперге алмайтыны, өздері сол дінді ұстанып тұр. Ал дін дегеніміз — шариғат. Соған орай Қожа Ахмет Яссауи бабамыз:
«Тариқатқа шариғатсыз
кіргендердің,
Шайтан келіп иманын алады екен,
Бұл жолда пірсіз күрес қылғандар,
Арып-ашып, орта жолда
қалады екен», — дейді.
Мынандай бір тәмсіл бар. Бір жасы келген қария Пірге көрші болады. Ол өзінің Пірдің көршісі екенін мақтан тұтады екен. Бір жағы көрші ақысы, бір жағы Піріне деген құрмет болса керек, әлгі қария күнде таңертең Пірінің ауласын сыпырып қоюды әдетке айналдырады. Сонымен қатар ол кімге де болсын өзін: «Мен пәленше деген Пірдің көршісімін», — деп таныстырады екен.
Бір күні әлгі қария дүниеден озады. Оның қабірдегі жайы Піріне мәлім болады. Қос періште келіп одан сұрау салса, жарықтық қай сауалға да: «Мен пәленше деген Пірдің көршісімін», — дейтін көрінеді. Сол сәтте Алладан әмір түсіп, періштелер Пірдің көршісін жайына қалдырады. Сірә аталарымыз: «Жәннатқа сұрақ-жауапсыз кіреді», — деп сондай жандарды айтса керек. Бұл тұрғыда Хасан Басри хазреті:
«Менің сондай бауырларым бар, оларды анам тумаған», — дейді.
Алла — тірі. Соған орай Алламен байланыста тұрған барлық жаратылыс тірі болады. Оның ішінде дін де бар. Ал ол, яғни бүкіл жаратылыс, Алламен тек әруақ арқылы байланысады. Сондықтан шариғат (дін) тариқаттық деңгейге көтерілгенде (Ихсан әлемі) Алламен байланысқа түседі. Ал тариқатқа ешкім Пірсіз өтпейді. Осы түсінікті қабыл алған адам, Пірдің дін екеніне көз жеткізеді. Соған орай айтарымыз, кез-келген адам діннен намаз, ораза, сондай-ақ өзге де діни ғибадатты жасамағаны үшін емес, Пірге тіл тигізіп, әдепсіздік жасағаны үшін шығып кетеді. Бұл жәйт Пір қалауынан тыс жүреді. Ондай әдепсіз жанды әруақ әлемінің өзі лақтырып жібереді. Ол жан одан кейін бар өмірін діни ғибадатпен өткізсе де жасаған құлшылығы ешқашан қабыл болмайды. Себебі әруақсыз (жансыз, рухсыз) жасалған ғибадат Аллаға жетпейді. Бұл тұрғыда Баязид Бистами хазреті былай дейді:
«Алланың әулие құлдарын жақсы көр! сен жақсы көрсең, олар да сені жақсы көреді. олардың көңілінен орын табуға тырыс. өйткені, күніне Алла ол арифтердің жүректеріне 360 мәрте назар салып тұрады. олардың жүрегінде сенің орның бар екенін көргенде сені кешіреді!…
Сахабаларды сахаба еткен олардың әрдайым расулалланың (с.ғ.с) сұқбатында болып, оның мүбәрак көңіл әлемінен рухани нәр алып, руханияттың берекетінен нәсіп алулары еді!».
Тағы бір жәйт. Пірге қол берген адам руханият қуатын барлық тұрғыда пайдалана алады. Дін де, ғылым да, өнер де, спорт та, бір сөзбен айтқанда — бәрі. Себебі ол — рух. Ол — негіз. Ол… Уақыты келгенде оны да айтармыз. Әзірге сөз соңын Дәруіш Жалал әл Рухауи хазреттің:
«Сопылық (тасаууф) алтын табу емес, алтын болу», — деген сөзімен түйіндейік.
Ілгергі дәуірдің дәруіштері: «Егер шатыр үстінде отырғаныңда Піріңнің дүниеден озғанын есітсең, онда жерге сатымен түсемін деп уақыт оздырмай, шатырдан секіріп түскен бойы өзге Пірге қол бер», – дейді екен. Себебі, пірсіз жүрген адамның бірден шайтан құрығына ілінетінін олар жақсы білген. Алайда мұндай қадам сырт көзге қай мүридтің де өз Піріне адалдық танытпағанындай көрінері күмәнсіз. Сол ой жетегінде кеткен талай адам: «Қазаққа Яссауидан бөгде адам пір болушы ма еді?», — деген ойға ерік беруде. Шынтуайтына келгенде, Яссауи – тариқаттың аты. Ал Пірлер силсила бойынша жалғаса береді. Барша тариқат сондай. Бірақ дүниеден озған Пір қанша жерден абырой биігіне көтерілсе де өз өкілеттігін тоқтатады. Соған орай қазақ атам: «Өлі арыстаннан, тірі тышқан артық», — деп қояды. Байыбына барсақ, ешкім де Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафадан (сғс) әулие емес. Алайда барша сахабалар Пайғамбарымыз (сғс) дүниеден озысымен Әубәкірге (ра) қол берді. Осы тізбек күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Себебі ол — Ихсан. Соған орай Шәді Төре:
«Әулиелерді құрметтеп,
Ұрпағын іздеп жағала.
Батасын алып пір тұтсаң,
Қолдайды сені бір алла.
Жолдан тайып кетсеңдер,
Имансыздық етсеңдер,
Жетегінде шайтанның,
Қаларсың бір күн далада.
Пірсіздерге пір шайтан.
Болмас онда еш иман.
Талай жанды азғырып,
Дұрыс жолдан тайдырған.
Сақтасын алла сақтасын,
Жын шайтанның кәрінен.
Қырық саққа бөлінген,
Жалған діннің бәрінен», — дейді.
Әйтсе де өмірде силсиласыз жалған пірлер де бой көрсетіп қалады. «Сонда кәміл Пірді қалай танимыз?», — деген сауалға Имам Ғазали:
«Кәміл пірдің үш белгісі болады. олар:
1. Амалы шариғаттан қылдай шықпайды.
2. Жүріс — тұрысы тұнып тұрған әдеп болады.
3. Жүзіне қарағанда Алланы еске түсіреді!», — деп жауап береді.
Қазір — соңғы шек. Соған орай Пірлер қол тапсыруға ниет қылғандардың бетін қайтармайды. Олар түсінсін, түсінбесін, ғибадат жасасын, жасамасын әйтеуір қалбалақтап алдына келіп қалғанның бәрінің тәубасын қабыл ала береді. Ал бұрынғы дәуірде Пірге қол беру де, рухани жетілу де араға біршама уақыт салып барып жүзеге асатын. Ол кезде әдепке, Пір қызметінде жүруге көп назар аударылатын. Қазір — бәрі жеңіл. Себебі, ырғалып-жырғалып жүруге уақыт жоқ. Алайда Пір алдына әркім әрқалай ниетпен келеді. Біреу — ауруына шипа іздейді; тағы бірі — кәсібім жүріп кетсе дейді; енді бірі — сынап келеді. Жалпы қалай келсе де әруақ әлемі есігін қаққан адамды қабыл ала береді. Ал олардың іште тұрақтап қалуы — өздеріне байланысты. Бұл орайда Шах Машраб хазреті былай дейді:
«Пірге қол тапсырдың міне хақтан басқаны таста сен.
Әй, пірәдар: тілек, арман, қалауыңды таста сен.
Басқаларды жат тұтып,
Сүйгендерді таста сен.
Әр деміңде әуес, қалау,
Құмарлықты таста сен.
Пір әмірі: ол, құдайдың әмірі.
Қаперден еш шығарма».
Кім де болсын ұлы дәруіштің осы айтқандарын қабыл алса, онда оның рухани дәрежесі тағы бір саты көтеріледі. Шах Машраб хазреті сол кезде:
«Пір сөзін сен Құран деп біл!
Күпір сөз шықса одан, иман деп біл!
Пір сені отқа салса, ол жерді жаннат деп біл!
Пір саясын иманның нұры деп біл!
Пір әмірін ахреттің жолында, қорған деп біл!», — дейді.
Рас, белгілі бір деңгейге көтерілмейінше сопылардың өзі Пір сөзін Құран деп қабылдай алмайды. Ол түгілі, Құранды арабтың сөзі деп ұғатындар да аз емес. Соған орай ислам дінін қош көрмейтіндер арасынан: «Дінге бет бұрғалы арабтанып бара жатырмыз», — деп байбалам салушылар да кездесіп қалады. Рас, кейбір жәйттарды саралағанда, олардың айтқандарының да жаны бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Алайда олар оның қандай жәйт екенін түсініп жатқан жоқ. Шынтуайтына келгенде, кім де болсын, егер дінді, сондай-ақ Құранды араб халқына телісе, сол дінді ұстанып, Құранға ден қойған кезден бастап арабтана бастайды. Ал оған керағар, дін мен Құранды Алланыңкі деп білсе, ол жан біртін-біртін кәміл инсан болмысын қабыл алады. Діни ғибадаттың Алланың кәламы арқылы жасалатыны сондықтан. Соған орай оны ешқандай тіл алмастыра алмайды.
Жалпы тіл — адам болмысын өзгеріске түсіреді. Біздің орыс тілділердің жаттанып кетуі сондықтан. Дінді арабтардан үйренеміз дейтіндер де тап солай жаттанады. Себебі, тағы да қайталайық, дін де, Құран да Алланыңкі. Соған орай айтарымыз, Алламен ұдайы байланыста тұрған Пірдің қазақ бола тұра сөзі Құран болатыны сондықтан.
Жалпы Мұхиддин ибн Араби хазреті айтпақшы: «Алланы табу оңай, Аллаға жеткен адамды табу өте қиын».
Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап Алладан ажырайды. Алладан ажырағаннан кейін алған білім, тәрбие, оқу, ғылым, игі істер, діни ғибадаттар, тіпті қайрымдылық іс-шараларыңа дейін Алладан алшақтата түседі.
Енді осы өзімізге теліген айыптауларымызды тарқатайық. Шынтуайтына келгенде біз тілге тиек еткен «кінәраттар» — мына өмірге қадам басқан барлық адам баласының арманы. Сонда біз соңына түскен және соны өзіміздің өн бойымызға дарытуға тырысқан бүгінгі адами жетістіктерді иелік етуде қандай айып бар? Айыпты былай қойғанда, біз Құдайға: «Осылардың бәрін бізге нәсіп ете көр», — деп құлшылық жасамаймыз ба?
Иә, тап солай. Әйтсе де әуелі мына бір жәйтқа назар аударайық. Біз санамалап шыққан және одан өзге де біз армандаған барлық заманауи жетістіктер бүгінгі өркениетке, мына қызылды-жасылды қоғамға қызмет етеді. Енді осы ғасырды адам баласы діннің соңында жүрген Орта ғасырмен салыстыра алмайсың ғой. Демек, кім де болсын біз құрған бүгінгі қоғамның Алладан алшақтағанын жоққа шығара алмайды. Сонда бізді Алладан алшақтатқан нәрселер не? Бәлкім сауалды «Кім?» деп қойған дұрыс шығар.
Қойылған екі сауал да дұрыс. Біріншісі, біз жоғарыда санамалап шыққан игі іс-әрекеттер. Екіншісі — өзіміз. Иә, өзіміз. Бізді ешкім зорлаған жоқ. Біз сол шырқау биікке көтерілген 50 елдің соңына түсіп, әлі қуалап келеміз. Ал ол елдер қатарына қосылған кезде біз азан шақыруды да мүлде тоқтатамыз. Бәлкім, шақырармыз. Бірақ ол шақыру да Алладан тыс болады. Бұл тұрғыда хазреті Руми: «Көңіл тарлығы, бұл әлемге көңіл беруден келеді», — дейді.
Жалпы Алладан тыс шақырылатын азанға, мешітке, діни оқу орындарына, дін ғұламалары өткізетін ғылыми конференцияларға ешкім де қарсы болмайды. Оны сол кездегі билік басындағылар да, тіпті шайтан да қолдайды. Олар қаламайтын бір-ақ нәрсе бар. Ол — Аллаға қосылу. Ал Аллаға тек Пірлер ғана қосады. Барлық Пірлердің ұдайы қуғын көретіні сондықтан. Соған орай Қожа Ахмет Яссауи бабамыз:
«Бұл жолға ей бауырым пірсіз кірме,
Хақ зікірінен бір сәт қапы қалма,
Дүниеге ақылды болсаң
көңіл бөлме,
Шайтан лағнет өз жолына
салады екен», — дейді.
Көңілде күмән қалмас үшін біз жоғарыда тізбелеген әлгі құндылықтарымызға жеке-жеке тоқ-талайық. Жеке емес, топтап айтуға да болады екен. Мәселен, білім, тәрбие, оқуды бір-бірінен бөле жаруға болмайды. Егер байыбына барсақ, бүгінгі күнгі тәуелсіз елімізде біздің балаларымыз бен немерелерімізге мектеп қабырғасында, жоғары оқу орнында беріліп жатқан білім мен тәрбиені кешегі күні дінсіз қоғам құрған КСРО да берген. Ешқандай айырмашылық жоқ. Ал КСРО жүргізген идеологияның мақсаты — адам баласын Құдайдан алшақтату болатын. Біз сол білім мен сол тәрбиені алған соң қып-қызыл коммунист болып шықтық. Ал ғылым — біздің Алладан алшақтаған санамызды қайта бас көтермейтіндей етіп, бір жола өлтірді. Себебі олардың дені Абдулқадыр Жейлани хазреті айтпақшы: «Сыртын әшекейлегеннің көбі — іші қираған адамдар», — еді.
Сондай-ақ игі істер мен қайрымдылықтар да Алладан тыс, жеке адамдарды дәріптеу үшін жасалады. Соған орай жеке тұлғалардың Алладан қайрымды екендігі алға шығарылады. Ұдайы солар дәріптеліп, солар насихатталып отырады. Бір сөзбен айтқанда, олар да адам баласын Алладан алшақтатуға қызмет етеді. Бұл тұрғыда хазреті Абу Хасан Харақани:
«Алла көріп тұр деп істегеннің барлығы ықылас,
Халық көріп тұр деп істегеннің барлығы риа» (мақтангерлік), — дейді.
Байыбына барсақ, Алла жолында аталған садақа аз, не көп деп өлшенбейді. Өлшем — материялды әлемге тән. Ал руханият — шексіздік. Ал Алла әлемінде ондай ұғым жоқ. Сондықтан басты мән — садақаның қабыл болуы.
Алланың рахымы кең. Кейде тіпті садақаға ештеңе берілмесе де, соны беремін деген ниеттің өзі қабыл болып жатады. Тек сол ниеттегі адам әруақ әлемімен үндесіп тұрса болды. Үндеспесе, мәселен қаншама дінсіз шетелдік қаржы алпауыттары жыл сайын миллиондаған қаржысын қайрымдылыққа жұмсап жатады. Алайда солардың ешқайсысының да Алла алдында қадірі жоқ. Себебі олар қай қайрымдылықты да өз атынан жасайды. Соған орай сол қайрымдылық арқылы келетін ризашылық пен құрметке өзі иелік етеді. Ал мұсылман адам өз қайрымдылығын Алла ризашылығы үшін жасайды. Алайда сол Алла ризашылығы үшін жасалған садақаның өзі де қабыл бола бермейді. Қабыл болуы үшін садақа беруші Аллалық әлемге өту керек. Олай болмаған жағдайда ол да өз садақасына ие болып қалады.
«Ие» сөзі мәніне түсіну үшін мына жәйтқа назар аударайық. Мәселен, мұсылман баласының садақасы былай жасалады. Ол садақа, өзге де қайрымдылық шара жасар алдында: «О, Алла! Мен Саған Өзіңнің берген риздық-несібеңнен Өзіңнің ризашылығың үшін садақа беремін», — деп дұға жасап, ниет етеді. Алайда, хазреті Абдулқадыр Жейлани айтпақшы: «Тіліңмен қылған дұғаңа, жүрегің де сенсін». Себебі, дұғадағы мән — бұл садақа жасауға ниет еткен риздық-несібенің де иесі Алла екендігі. Демек, берілуге тиіс садақаның өзі жоқтықта тұр. Садақа беруші соны беру үшін өзі де жоқтық әлеміне өтуі тиіс. Міне, Пірге қол беру қажеттілігі осы жерде туындайды. Себебі ешкім де руханият әлеміне Пірсіз өте алмайды. Шамсиддин Тибризи хазреті: «Өзіңді көрмеген әр жерде, Алланы көре аласың», — дегенді соған орай айтады. Бір сөзбен айтқанда, Имам Ғазали айтпақшы: «Сенің жақсылығыңды Алла сенен жақсы біледі».
Ал дін… Ең қауіптісі осы. Әр ауыл, әр көше сайын бір мешіт сал. Қарсылық жоқ. Күндіз-түні мешіттен шықпа. Қарсылық жоқ. Дәрет аласың ба, жылы суың дайын. Қажылыққа барасың ба, ұшағың дайын. Діни білім алғың келе ме, медресең дайын. Тіпті шетел асамын десең де жол ашық. Рахат! Шайтанға рахат! Неге? Себебі, ислам дінінен — Ихсан алынып тасталған. Ихсан — араб елдеріндегі ешқандай діни оқу орындарында оқылмайды. Олар Ихсан білім иелерін баяғыда өз елдерінен қуып шыққан. Ол білім иелері — Пірлер мен Ишандар. КСРО билігі де әуелі соларды жоқ етті. Дінді солардан тазалағаннан кейін мешіттерін де, діни оқу орындарын да қайтадан ашып берді. Бұл тұрғыда Шах Машраб әулие былай дейді:
«Кімде-кім жылауда болса, хақ қабыл қылған бенде дур.
Кімде-кім жылаусыз болса, қабыл қылмаған бенде дур.
Кімде-кім жылауда болса, тірі дур.
Кімде-кім жылаусыз болса, өлі дур.
Жылауменен тапты Машраб маърифаттың көшесін!
Қол жайып амин дегіл ей дұға егесі сен жылағыл».
Аллаға шүкір! Біздің Мүфтиіміз Ихсанды қайта қолға алды. Қазір медреселерде, Нұр-Мүбәрак жоғары діни оқу орнында Ихсан ілімі туралы дәрістер оқытыла бастады.
Иә, хазреті Абдулқадыр Жейлани айтпақшы: «Әр жүрек өзінің ішіндегі гүлдің исін береді». Мүфтиіміз Наурызбай қажыға Алла риза болсын!
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Біз жоғарыда тізбелеп шыққан білімнің де, ғылымның да, тәрбиенің де, қайрымдылық іс-шаралардың да екінші — рухани жағы бар. Оны біз — қазақ болу деп атаймыз. Иә, біз қазақ болған кезде мұсылман боламыз. Егер мән берсек, әлгі білім-ғылым мен жат тәрбие бізді Алладан ғана емес, қазақтықтан да алшақтатып жіберді. Сондықтан біз ол білім мен ғылымды да, тәрбиені де, қайрымдылық іс-шараларды да руханиландыруымыз керек. Нақышбанди тариқатының Пірі Қүрбанәлі Ахмед ишан: «Әруаққа сыйынатын қазақ болайық», — дегенді соған орай айтады.
Сонда руханиландыру дегенді қалай түсінеміз? Ол — тәнді жанға қосу деген сөз. Ал біз жанымызды (нәпсіні) тәнге қосып жібердік. Соған орай әлемдік жаhандануға бейімделген тәніміз жанымызды да қазақтықтықтан алшақтатып жіберді. Егер біз керісінше тәнімізді жанымызға қайта қоссақ, қазақ та, мұсылман да боламыз. Себебі Алла Тағала бізді әу баста қазақ етіп жаратқан. Ал тәнді жанға қосатын тек қана Пір.
Біле жүрейік. Біздің әуелгі Піріміз — бізді туған анамыз. Себебі біз қазақ тілін білгендіктен, домбыра тартқандықтан, етті жақсы көргендіктен қазақ болған жоқпыз. Бізді қазақ еткен — анамыздың әлдиі. Сол әлди біздегі қазақылықты жанымызға өткізіп жіберді. Болмаса түрі қазаққа ұқсайтын, қазақ тілін мақал-мәтелдетіп сөйлейтін, тіпті домбыра да тартатын шетелдіктер айналамызда толып жүр. Бірақ олар ешқашан қазақ бола алмайды. Себебі, жаны қазақ емес. Тап сол сияқты күндіз-түні ғибадат жасайтын, құранды да жатқа оқитын мұсылмандар айналамызда аз емес. Байыбына барсақ, олардың да жаны мұсылман емес. Себебі, иманның жанға өтуі тек Пір арқылы ғана жүзеге асады. Себебі Пір — жанның анасы. Соған орай Қожа Ахмет Яссауи бабамыз:
«Достарыма жайдым Алла жауhарын,
Оңайлықпен ол жауhарды ала алмайсың.
Жапа шекпей, мехнат тартпай, қызмет қылмай,
Бұл Пірдің сарайына кіре алмайсың», — дейді.
Біздің де айтпағымыз сол.
Хакім Абайдың бір шумақ өлеңін тағы да қаперге алайық. Ол өлеңінде ақын:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі», — дейді.
Егер байыбына барсақ, «іштегі кір» адам баласы Ихсан, яғни сопылыққа бет бұрғанда ғана тазарады. Жалпы тазарудан бұрын кім де болсын әуелі өз ішінде сондай кірді бар деп білуі тиіс. Оны бар деп білмеген адамның дінге бет бұра қоюы неғайбыл. Жалпы: «Жүрегім таза», — дейтіндер солар. Соған орай Ибн Атауллаh Искендери (қс): «Құлшылық қылмағанына өкінбеген — жүректің өлгенінен белгі береді», — дейді.
Пірлер болса, «іштегі кірді» кесел деп біледі. Кесел болған соң, әрине, ол адам емделуі тиіс. Сол кеселді емдейтін «емхананы» — Ихсан деп атаймыз. Ал «емші» — Пір деп аталады. Бұл тұрғыда Дағыстанның мүфтиі, шейх Ахмад Афанди былай дейді:
«Кім де кім өз жан дүниесін тазалауды қаласа — тариқатты қабыл алсын, қаламаса — қарсылық жоқ. Өзін саумын деп білген адам ауруханаға бас сұқпайды ғой», — дейді.
Демек, тариқатқа бет бұру үшін біз әуелі өзіміздің «ауру» екенімізді түйсінуіміз керек екен. Сонда әр адамның дінге құлшылық үшін емес, ауруынан айығу үшін баратыны мәлім болады. Мұндайда қазақ атам: «Ауруыңды жасырғанмен, өлім әшкере етеді», — дейді.
Иә, өлім әшкере етеді. Қаншама жыл намаз оқып, өзге де діни ғибадаттарды жасағаныңмен, өлген кезде ауруыңнан айықпағаның мәлім болса, әлгі ғибадаттан (құлшылықтан) не қайыр?
Басы ашық жәйт. Адам баласының бәрі «кесел». Ол «кеселдің» атын хакім Абай «Іштегі кір» дейді. Ол «кірдің» аты — шайтан. Нақтыласақ — ханнәс. Соған орай хакім Абай «қашырса» дейді. Ал шайтанды қашыратын кім? Дұрыс. Тек қана Пір.
Сондықтан қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасы тәуел-сіздіктің 30 жылы ішінде әлемдік қауымдастық мойындаған, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді табысты ілгерілетуде бірегей тәжірибесі бар егеменді мемлекет ретінде қалыптасты.
Сан ғасырлар бойы әртүрлі этностар мен конфессиялар өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірін мәдени тұрғыдан өзара байыта отырып, республика аумағында алғаш рет Қазақстан халқының мәдениетін және дәстүрлі рухани құндылықтарын дамыту үшін қажетті саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар қалыптасты. Бұл — біздің дәстүрлі дініміздің, яғни, Пірлік мектептің жемісі.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *