ҰЛЫ ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ИСЛАМ ҰЛЫ ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ИСЛАМ
     Серікбай қажы Сатыбалдыұлы   Қарт тарихтың қатпарларын парақ-тар болсақ, қазіргі Қазақстан жері мен Орта Азияға Ислам дінінің таралуы сонау VI-VIII ғасырларда басталғанына... ҰЛЫ ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ИСЛАМ

     Серікбай қажы Сатыбалдыұлы

 

Қарт тарихтың қатпарларын парақ-тар болсақ, қазіргі Қазақстан жері мен Орта Азияға Ислам дінінің таралуы сонау VI-VIII ғасырларда басталғанына куә боламыз. Атақты араб қолбасшысы Құтайба ибн Муслим 709 жылы Бұхараны соғыссыз алып, 710-712 жылдары Самарқанды, 714 жылы Шаш (Ташкент) пен Фараб шаһарларын да Әмауи халифатының қоластына қаратады. Сол кездегі Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың Ислам дінін қабылдай бастауы да осы жылдарға сәйкес келеді. Ислам дінінің қазақ даласында түбегейлі орнығуы қазақ тарихында «Талас ғазауаты» деп те аталатын Атлах шайқасымен тығыз байланысты. 751 жылы шілде айында Тараз маңындағы Атлах деген жерде бетпе-бет келген қытайдың 100 мың әскері мен араб әскері арасында қиян-кескі ұрыс жүреді. Бес күнге созылған қан майданда араб қолбасшысы Зияд ибн Салих түркілердің (қарлұқтар) көмегінің арқасында қытай әскерін қайтып бас көтерместей талқандап, Гао Сянь Чжи қолбасшы аз ғана топпен қашып құтылады. Міне, осылайша қазақ даласының Талас топырағында осыдан он екі ғасыр бұрын Ислам туы желбіреген еді!
Осы тарихи соғыс сол кездегі Орталық Азияны мекен еткен тайпалар тағдырына елеулі ықпал еткен маңызды оқиға болды. Нәтижесінде Мәуәраннахр мен Түркістан өлкесінің тұрғындары қытай экспанциясы қаупінен құтылып, біртіндеп Ислам дініне кіре бастайды. Қарахандықтар Ислам дінін саяси күш пен бірігудің көзі ретінде қабылдап, мұсылман емес түркілерге қарсы Ислам діні үшін соғысты. Ислам халифатын шығыстан келген шабуылдардан қорғап, шекаралық қалқан кызметін атқарды.
Қарахан мемлекетінің құрылуы шы-ғыста Қашқардан батыста Испиджабқа (Сайрам) дейінгі ұлан-байтақ аумақтағы саяси оқиғалармен, сондай-ақ Қарлұқ қағанатының ыдырауымен байланысты болды. Жетісуды және көршілес өңірлерді мекендеген қарлұқтардың, жікілдердің, яғмалардың Саманилерге қарсы, сондай-ақ, шығыстан дүркін-дүркін шабуыл жасаған тоғыз-оғыздарға қарсы ұзаққа созылған әрі табанды күресі Қазақстан аумағының оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы түрік тайпаларының этникалық-саяси тұрғыдан топтасуын тездете түсті. 942 жылы Сатұқ Боғраханның өзін жоғарғы қаған деп жариялауынан кейін Қарахандар мемлекетінің тарихы басталады.
Тарих сахнасында екі ғасырдан астам уақыт бойы билік жүргізген Қарахан мемлекетінің негізін қалаған Сатұқ Боғрахан 955 жылы Ислам дінін қабылдап, өзіне «Әбу әл-Керім» деп мұсылманша есім алғанын жар салады. Зерттеуші С.Сыздықов түрік тарихшысы Мүнәжжімбасшы шейх Ахмедтің «Қарахандар шежіресі» еңбегінен алынған мына бір деректі келтіреді: «Боғра хан діншіл, білім сүйгіш еді. Имам-хатибке өзі үшін дұға оқытқанда ылғи да «Тәңірім! Саған табынуда жеткіліксіздік көрсеткен және ылғи да сенің ықтиярыңды орындамақ үшін еңбек еткен Сулейман ұлы Харунның халін жақсылыққа жеткізе көр!» деп айтуын тапсыратын. Өзіне ылғи да «Тәңірі жіберген құлы» деп айтылуын және солай жазылуы керектігін құптайтын. Әр жұма күні білімділерді жинайтын». Алайда, сол жылы атақты қағанның дәм-тұзы таусылып, жарық дүниемен қош айтысады. Мұрагерлік жолмен таққа отырған ұлы Харун Мұса қаған 960 жылы Ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялайды. Мемлекет басшысы Мұса қағанның бұл шешімінен кейін сол кездегі оған бағынышты елдің жаппай Ислам дінін қабылдай бастағанын көнеден жеткен тарихи деректер де айғақтай түседі. Тарихшы З.Китапчы, В.Кляшторний, Т.Сұлтановтардың келтірген деректеріне сүйенсек, бір күнде он мың отбасы Ислам дінін қабылдаған кездер де болған көрінеді. Ал, атақты «Тарихи Рашиди» кітабында бір күнде 360 мың адамның мұсылман атанғандығы жайлы да дерек кездеседі. Қорыта айтқанда, Қарахан түркілерінің исламдануы дін таратушылардың белгілі бір күштеуімен емес, бірыңғай мемлекеттік діннің ықпалы негізіндегі экономикалық және саяси пайда күшімен дами түсті. Ал, Қарахандықтардың саяси және әскери жеңістері Орталық Азия аумағына Ислам дінінің кеңінен таралып қана қоймай, тұрғылықты халықтың бұқаралық идеологиясы ретінде ресми мәртебеге ие болуына да өз ықпалын тигізді. Тағы бір қаперде ұстайтын жайт, бірнеше ғасырлар бойы Орта Азияда араб тілі ғылым мен білімнің тілі болды. Отырарлық Әбу Насыр әл-Фараби, Ысқақ әлФараби, Исмаил әл-Жауһарилер Таяу және Орта Шығыс елдерінде білім молықтырып, әлем мәдениетінің алтын қорынан орын алатын классикалық шығармалар қалдырды. Х-ХІІ ғасырларда тек араб тілі ғана емес, сондай-ақ бірте-бірте жергілікті халықтың түркі тілінде де шығармалар дүниеге келе бастады. Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи салған дәстүрді ХV-ХVІІ ғасырларда Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали би Қасымұлы Жалайырилер жалғастырды. Сөйтіп, Ислам өркениеті орта ғасырлардан күні кешеге дейін Орта Азия халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне, рухани өміріне үлкен әсер етті. Елімізден шыққан араб, парсы, түркі тілді ғалымдардың бір тобы философия, тарих, мәдениет, астрономия, логика, музыка, әдебиет пен тіл, медицина саласындағы еңбектерімен мәшһүр болса, енді бірі қасиетті Құран мен тәпсір, шариғат, мәзһаб, фиқһке арналған шығармаларымен де ел құрметіне бөленді. Бұл ретте Бұрһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Имад ад-Дин Әбу-л Қасым әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Фараби, Молла Ахмет әл-Женди, Хусам ад-Дин әлХусейн ас-Сығанақи, Әбу Абд Алла әл-Баласағұни, Әбд әл-Ғафур әлКердери, Мұхаммед әл-Кердери, Хафиз ад-Дин әл-Кердерилерді айрықша атауға болады.

ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ ҰСТАЗЫ – ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ

Ислам дінінің бейбіт түрде насихатталуының нәтижесінде халық хақ дінді кең арнада қабылдап қана қойған жоқ, түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары да шыға бастады. Солардың ішінде күллі түркі халқының рухани ұстазы саналатын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың есімін ерекшелеп айтуға тиістіміз. Яссауидің өмір сүрген кеңістігі мен уақыты – стратегиялық және саяси тұрғыдан өте маңызды кеңістік болса, мәдени және діни-философиялық көп қабаттылығы жағынан да өркениеттердің тоғысқан жері, саудаэкономикалық жолдардың торабы болатын. Міне, түріктер осындай қайнаған тіршілік негізінде араб және парсы, Шығыста – Қытай, ал батыста Ресей қыспағынан ислам-сопылық ілімі арқылы өзіндік жаңа сипаттағы дәстүрлі түркілік дүниетанымдық арнасының көзін аша білген болатын. Х–ХІ ғасырда фиқһ, кәлам, тәпсір сияқты Ислам дінінің ғылым салалары еркін ойлау қабілетінен айырылып, тығырыққа тірелген тұста Сопылық – Ислам мәдениетінің кеңінен өрістеуіне бірден-бір ықпал еткен арна болды. Мауреннахр мен Түркістанда түркілік мәдениет жаңғырып, ренессанс дәуірін басынан өткерді. Түрік мемлекеттерінің саяси әрі мәдени-дүниетанымдық негізде қалыптасуы мен ондағы адам санасының құндылықтыққұбылыстық рухани жаңғыруының көш басында алғаш түркілік руханият мектебінің И слам дінінің бейбіт түрде насихатталуының нәтижесінде халық хақ дінді кең арнада қабылдап қана қойған жоқ, түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары да шыға бастады. Солардың ішінде күллі түркі халқының рухани ұстазы саналатын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың есімін ерекшелеп айтуға тиістіміз. Яссауидің өмір сүрген кеңістігі мен уақыты – стратегиялық және саяси тұрғыдан өте маңызды кеңістік болса, мәдени және діни-философиялық көп қабаттылығы жағынан да өркениеттердің тоғысқан жері, саудаэкономикалық жолдардың торабы болатын. Міне, түріктер осындай қайнаған тіршілік негізінде араб және парсы, Шығыста – Қытай, ал батыста Ресей қыспағынан ислам-сопылық ілімі арқылы өзіндік жаңа сипаттағы дәстүрлі түркілік дүниетанымдық арнасының көзін аша білген болатын. Х–ХІ ғасырда фиқһ, кәлам, тәпсір сияқты Ислам дінінің ғылым салалары еркін ойлау қабілетінен айырылып, тығырыққа тірелген тұста Сопылық – Ислам мәдениетінің кеңінен өрістеуіне бірден-бір ықпал еткен арна болды. Мауреннахр мен Түркістанда түркілік мәдениет жаңғырып, ренессанс дәуірін басынан өткерді. Түрік мемлекеттерінің саяси әрі мәдени-дүниетанымдық негізде қалыптасуы мен ондағы адам санасының құндылықтыққұбылыстық рухани жаңғыруының көш басында алғаш түркілік руханият мектебінің іргетасын қалаған ұстаз Қожа Ахмет Яссауи тұрды. Оның ілімі традиционалист ғұламалардың формализміне, сыртқы ғибадат феноменологиясына қарсы мән, мазмұнға маңыз берген, шынайы парасаттылық пен адамгершілік ұстанымдарын қалыптастырды. Қожа Ахмет Яссауи қазіргі Шымкент қаласы жанындағы Сайрам елдімекенінде туып, сондағы ауылдық молдадан дәріс алған. Қазіргі ғылыми әдебиеттерде ол көне Сайрам (Испиджаб) қаласында 1103 жылы дүниеге келіп, 1166-67 жылдары қайтыс болды деп жазылған. Жастық шағы да осы Сайрам қаласында өткен. Әкесі Ибраһим өз кезеңінің сауатты, көзі ашық білімді, діндар адам болған. Анасы Қарашаш (Айша деп те айтылады) елге қадірлі, ақылды да аяулы адам болған делінеді. Елжұрт бұл кісілер дүниеден өткенде, екеуіне де күмбез тұрғызып, белгі соққан көрінеді. Ол ескерткіштер әлі күнге дейін Сайрам елдімекенінде сақталған.
Дегенмен, Қожа Ахмет Яссауидің Сайрамдағы жастық шағын баяндайтын деректер жоқтың қасы. Тек кейінгі жылдары Қожа Ахмет Яссауидің жастық шағы мен ата-бабалары туралы қызықты деректері бар бір құнды шежіре табылды. Осы шежіре бойынша басылған «Шажараи-Саодат» атты кітапшада Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһимның арғы бабалары Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) інісі әрі күйеу баласы Әзіреті Әлидің (р.а.) Мұхаммед Ханафия атты ұлынан тарайтыны айтылады. Бұл аталған шежіре 90-жылдардың бас кезінде Сайрам қаласындағы ескі, бұзылған үйдің қабырға жапсарынан табылған екен. Тапқан – Сайрамдық Саидикрам Саидакбаров деген кісі. Кейін бұл алты метрлік Қытай қағазына жазылған қолжазба Шымкент қаласында жеке кітапша болып басылды. Ахмет Яссауидің есімімен «Қожа» сөзінің қосарланып аталуы жөнінде де бұл «Шежіреде» берілген түсініктің мәні өте зор. Мұнда осыған орай: «Оның әкесі Шейх Ибраһим болса, арғы аталары Махмұд Шейх, Ифтиһар Шейх, Омар Шейх шежіресі Мұхаммед пайғамбардың інісі әрі күйеу баласы болған Хазірет Әлидің Ханифа есімді әйелінен туылған Мұхаммед Ханафияның әулет-ұрпақтарына барып тіреледі. Сол үшін Хазірет Әлидің тұқымдары Орта Азияда «Қожа» атағына ие болған», – деп жазылған. Қожа Ахмет Яссауи ұстаздарының көшбасшысы ретінде Арыстан баб аталады. Кашифи «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Яссауидың «Диуани хикметінде» де Арыстан баб есімі жиі ауызға алынады.
Ұлы ұстаздың «Диуани хикметі» – бүгінгі ұрпаққа бүтін жеткен баға жетпес байлықтарының бірі. Бұл шығарма алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше рет қайта басылады. Соның бірі 1901 жылы Қазан қаласында Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді. «Диуани Хикметтен» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады. Жинақтағы уағыздық өлеңдерінің философиялық және діни-мистикалық мазмұны жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады, халықтың қайырымдылық сезімін ояту, оны басқа діндегілермен жауласудан сақтандырумен қатар, дін иелерінің ашкөздігін, зұлымдығын әшкерелеумен жалғасып жатады. Ахмет Яссауидің өлеңдері құнды әдеби ескерткіш, кейіннен қазақ халқының құрамына енген қыпшақ, оғыз, қарлық сияқты көне түркі тайпалары зерттеудің көзі болып табылады.
Халық аңыздарында Түркістандағы әулиенің аруағын атақты қолбасшы, бүкіл Шығысты тітіренткен Ақсақ Темірдің айрықша сыйлап өткені айтылады. Оның әмірімен Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан екі жүз жылдан кейін қирап бітуге таянған кішкене ғана мазардың орнына, дүниежүзілік сәулет өнерінің белгілі ескерткіші орнатылды. Бұл оқиғаны Ақсақ Темір өмірін хат түсіруші, «Жеңіс кітабы» авторы Шараф-ад Дин Әли Мазди де растайды. Тарихшы ескерткіштің салынуын оның Ахмет Яссауидің қабірін зиярат етіп қайтқан 1397 жылдың аяғындағы оқиғалармен байланыстырады. «Жеңістер кітабында» Әмір Темір сол жылы Яссыда болған кезінде Ахмет Яссауидің атына лайық зәулім ғимарат салу жайлы жарлық берген еді делінеді. Ол Ислам дінінің даңқын асыруда, оның кең таралуына, аса үлкен өлкені басқаруды жеңілдетуге тиіс болған. ХІV ғасырдың аяғында бұл күмбез біткен соң Әмір Темір көреген Әзірет Сұлтанның қорын ұйымдастырып, өзі арнайы қол қойып бекіткен. Қазандықтың ішкі есіктерінің біріндегі халькаға жазылған «1394-1395 жылдар» деген жазуды Ақсақ Темірдің өзі белгілеп берген. Бұл – ғимараттың басқа бөліктерінің кіндігі. Сондай-ақ, атақты билеуші кесененің ішкі сәні мен салтанаты қалай болуы керектігін де өзі айтқан. Тіпті, «қолхат» (грамота) да жазып қалдырған. «Қолхатта» Әмір Темір жаңа біткен ғимарат туралы «ешқашан да, қандай болған жағдайда да сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа уақытша немесе түбегейлі біреуге беруге болмайтынын қатты ескерткен». Ғимараттың кіреберіс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынадай сөздерді оқуға болады: «Бұл әулие мекен Алла Тағаланың рахымы жауған падиша ӘмірТемір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды… Алла Тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!» Қожа Ахмет Яссауи сәулет ғимараты – аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның ені – 46,5 метр, ұзындығы – 65 метр. Ғимараттың орасан зор порталы (ені – 50 метрге жуық, порталдық аркасы – 18,2 метр және биіктігі – 37,5метр) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық бөлмесінің төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Кесене жамағатхана, қабірхана, мешіт, кітапхана, үлкен ақсарай, кіші ақсарай, асхана, құдықхана және бірнеше құжыра бөлмелерден тұратын, діни-ғұрыптық, діни-ағартушылық, тұрмыс-салттық қызмет түрлерін атқаруға арналған аса күрделі, аса зор кешенді құрылыс болуымен ерекшеленеді. Ғасырлар дауылына дес бермеген атақты кесене бүгінде қазақ даласында жаңа нақышпен жарқырай түскен. Асыл дініміздің арнасын молайтып, ағысын дамытқан данышпан бабамыздың кесенесінен кісі аяғының үзілмеуі де түркі әлемінің рухани ұстазына танытқан құрметінің жарқын дәлеліндей. Егемендік алып, еңсе көтергелі бері ғұлама ойшылдың еңбектері де кеңінен насихатталып, артына қалдырған өлшеусіз мұрасын зерттеу жұмыстары жаңа қарқынмен дамып келеді. Соның айғағындай Ислам дінінің соны соқпағын қалыптастырып, артына өлшеусіз қазына қалдырған Қожа Ахмет Яссауи есімі сан ғасырдан соң Сарыарқа төрінен бой көтерген Бас мешітке беріліп, тәуелсіз қазақ елі астанасы – Нұр-Сұтан қаласының аспанында қайта әуеледі!
Қожа Ахмет Яссауи түркі халықтарының исламдық дүниета-нымын қалыптастыра отырып, Ислам әлемінің мәдени-саяси кеңістігін барынша кеңейте түсті. Яссауи шығармашылығының артықшылығы да оның Исламдық мазмұнында болғандығында еді. Ол бастаған исламдық сопылық әдебиетті жал-ғастыра түскен Бахауддин Нақшбанди, Қажы Бекташ, Ашық Паша, Жүніс Әміре сынды мемлекетшіл сопы ақындардың туындыларымен түркі халықтарының рухани тұтастығын күні бүгінге дейін қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар, Яссауидің ислами тәлімдері қазақ даласына Бекет Ата (1750-1813) арқылы кең тарады. Исламға негізделген әдебиет пен ғылыми салалар қарқынды түрде дами бастағаны соншалық, 750-1050 жылдар аралығындағы кезең Ислам өркениетінің «ренессанс – қайта өрлеу» дәуірі іспеттес кейінгі ғасырларда Европада дамыған ғылымның ғажайып жетістіктеріне негіз қалап берді. Оған араб, парсы мен түркі ойшылдары бірлесе отырып өлшеусіз үлес қосты. Әдебиет түрлі жанрда, ғылым түрлі салада үлкен табыстарға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, Мұхаммед ибн Мұса Хорезми (770-850) алгебра мен логаритм ғылымын дүниеге алып келді. Әбу Насыр Әл-Фараби (870-940) философия, логика, музыка секілді салалардың жаңа биігін қалады. Әбу Райһан әл-Бируни (973-1048/50) тарих, математика, астрономия, жағрафия, топография, физика, медицина, геология, минерология, т.б. ғылыми салаларда энциколопедист ғалым ретінде адамзат ғылымына орасан зор үлес қосты. Әбу Әли ибн Сина есімі (980-1037) кейінгі ұрпаққа терең ойлы философ, медицина ғылымының данышпаны ретінде қалды. Оның медицина саласында жазған «Қанун» атты еңбегі XXI ғасырдың табалдырығында орыс тіліне аударылып, 12 том болып 30 000 данамен жарық көруі Ислам дінінің ғылым саласындағы жарқын табысы болды. Сол кезеңдерде Ислам әлеміндегі ғылымның даму барысын зерттеген Жорж Сартон дініміздің ғылыми кезеңін жетіге бөліп, әр кезеңді оның бастауына ғылыми жаңалық алып келген бір ғалымның атымен атайды. Ол өз зерттеулерін жүргізе келе, мынадай топшылау жасайды:
1. Жәбир ибн Һәйян кезеңі – VIII ғасырдың екінші жартысы;
2. Мұхаммед Хорезми кезеңі – IX ғасырдың бірінші жартысы;
3. Зәкерия Рази кезеңі – IX ғасырдың екінші жартысы;
4. Мәсһуди кезеңі – X ғасырдың бірінші жартысы;
5. Жузжани кезеңі – X ғасырдың екінші жартысы;
6. Бируни кезеңі – XI ғасырдың бірінші жартысы;
7. Омар Хәйям кезеңі – XI ғасырдың екінші жартысы. Адамзат ғылымына нұрын шашқан аталмыш кезеңдерде араб, парсы, түркі ғалымдары қай ұлттың өкілі екендігіне қарамастан, Ислам дінінің өркендеуіне жүрек қалауымен де, сана таңдауымен де аянбай қызмет жасады. Соның арқасында, бір жағынан, әлемдік ғылымның қарқынды дамуына негіз қалаған болса, екінші жағынан, өздерінің де әлем өркениеті керуенімен ілесіп жүре берулеріне мүмкіндік жасады. Оған дәлел – орта ғасырларда шығармаларын түркі тілінде жазып, түркілік әдебиетке бастау бұлақ болған Жүсіп Баласағұн, Махмұд Кашғари, Қожа Ахмет Яссауи шығармалары. Әрі қарай қазақ даласындағы діни әдебиет дамуы XV ғасыр аясында әлемге мәшһүр болған Әлішер Науаи, Ұлықбек, Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр және Мұхаммед Хайдар Дулати есімдерімен сабақтасады. Түркістан өлкесінде туып-өскен ұлы даналардың Ислам өркениетіне қосқан үлестері үш топта көрініс тапты. Бірінші тобы – шығармаларын араб тілінде жазғандар. Олардың қатарына Мұхаммед ибн Мұса Хорезми, Әбу Насыр Әл-Фараби, Әбу Райһан әл-Бируни, Әбу Әли ибн Сина секілді ғалымдарды жатқызуға болады. Екінші тобы – туындарын парсы тілінде жазып қалдырғандар. Олар: Низами Гәнжи, Маулана Жәлаледдин Руми, Мұхаммед Хайдар Дулати. Ғалымдардың үшінші тобына еңбектерін түрік тілінде жазған Жүсіп Баласағұн, Махмұд Кашғари, Қожа Ахмет Яссауи, Әлішер Науаи, Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр шығармалары топтастырылады. Осы себепті де IIX-XV ғасырлар арасында Ислам өркениетінің ұлы жетістіктері араб, парсы және бүгінгі түрік тектес халықтардың ортақ рухани қазынасы болып саналады.
Қазақ хандығының астанасы, Алаш жұртының рухани-діни орталығы болған Түркістан қала ұғымымен қатар, Орта Азияның Самарқанд, Бұқара, Ташкент, Ферғана, Хиуа сынды елдімекендердің тарихи тұтас аумағының атауы ретінде де кең ұғымда қолданылды. Орыстың миссионерлік еңбектерінде бұл аймақ «Түркістан өлкесі» деп аталды. Осы Түркістан өлкесінің, яғни Орта Азия халықтарының діні ортақ, руханияты бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болды. Түркістанның пірі Қожа Ахмет Яссауи мен Бұқарадағы діни ғұлама Бахауддин Нақшибанд түркі жұртының діни бастауы мен руханиятындағы ірі діни көсемдері болып есептеледі. Қазақтың сөз үлгілерінде Бұқараны «ата жұртым» деп атау кездеседі. Мәселен, Асанқайғының «Ата жұрты Бұқара, Өз қолында болмаса, Қайратты туған ер ғаріп…», Дулат Бабатайұлының «Сен Бұқарда кезінде, Бәтуа бар сөзіңде… Бұқар-ай шәрі дейтұғын, Өскен, өнген жеріңіз» деп келетін өлең жолдары, сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіп жазбаларындағы Абылай ханның ата жұртым Бұқараны аламын деп, үш жүздің атақты батырларын жиып, Орта Азияға қалың қол бастап келуі – осының дәлелі. Сондай-ақ, «Көкілташ» медресесін бітіріп, Қарнақта ұстаздық еткен Бұқар жыраудың «Қожа Баһауддин қолдаса, Құдай Тағалам оңдаса» деп, Бахауддин Нақшбандтан медет тілеуі қазақтың дін ілімі Бұқарамен байланысты болғандығынан сыр береді.
Ерте кездегі қазақтың дін ғұла-малары Бұқара, Самарқанд, Хиуадан білім алуы да Орта Азия руханиятының өзара тығыз байланыста болғанын байқаймыз. Әнет баба, Марал ишан, Науан хазірет, Мәшһүр Жүсіп, Ахмет ишан Оразайұлы, Тұрмағамбет Ізтіле-уов, Бекет Мырзағұлұлы және тағы басқалары – осы рухани бұлақтан діни ілім алған ғұламалар. Сарыарқаға дін насихаттаған Камараддин хазірет, Исабек ишандар да осы Бұқараның тікелей діни мектебінен өткен оқымыс-ты ғалымдар болатын.
Алаштың қайраткері Х.Досмұха-медұлы Самарқанд шаһарындағы «Тіллә-Қари» және «Ширдар» медреселерін салдырушы қазақтың батыры Жалаңтөс екендігін жазады. Сонымен қатар, ғалым «Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінің салынуы» атты мақаласында да аталған медресенің салыну тарихын қазақтан шыққан Көге деген адаммен байланыстырады. Мәшһүр Жүсіп те «Көкілташ» медресесінің салынуын қазақпен байланыстыра қарастырады. Қалай болғанда да, қазақ жұртының діни тарихы, рухани мәдениеті Орта Азия халықтарымен ортақ байланыста болып, тығыз дамығандығын көреміз. Мұны тарихшы ғалым Н.Нұртазина «Народы Туркестана: проблемы Ислама, интеграции, модернизации и деколонизации на рубеже ХІХ-ХХ веков» атты монографиялық еңбегінде Түркістан жұртының (жалпы Орта Азия халықтарының) діни сенімі мен рухани байланыстары ортақ, бірлікте болғандығын ғылыми түрде дәлелдейді. Сондықтан қазақтың діни ілімі мен дін тарихы туралы сөз қозғағанымызда, Орта Азияның ірі діни ошақтары болған Бұқара, Самарқан, Хиуамен байланысты қарауымыз керек.
Ал, осы Түркістан жұртының Ислам тарихына қосқан үлесі өлшеусіз. Бұл аймақ сан ғасырлар бойы Ислам дінінің жаршысы болып, әлемге танымал ірі дін ғұламаларын дүниеге әкелді. Қасиетті Құраннан кейінгі мұсылмандардың екінші кітабы хадистер жинағын құрастырушы Имам Бұхари де – осы Орта Азияның өкілі. Сахих хадистерді жинаушы, мәшһүр ғалым Бұқарада туып, Самарқанда жерленген. Ислам дінінің негізі болып есептелетін ақида ілімінің мәшһүр ғалымы имам Матуриди де – Түркістан жұртынан шыққан ғұлама. Ислам әлемінде ақида мәселесінен талас-тартыс күшейіп, мұсылмандар арасына жік түскен тұста ғұлама аят пен хадиске сүйеніп, мұсылман бірлігінің ұйтқысы бола білді. Белгілі ағартушы-ғалым И.Гаспиринский өзінің «Түркістан ғұламасы» атты еңбегінде Түркістан топырағынан шыққан дін ғалымдарын, атап айтқанда, атақты хадистанушылар мен фикһ ілімінің ғұламаларын, сөз өнерінің білгірлері мен атақты шайырларын, әулиелерін т.б. атап айтады. Атақты хадистанушылар деп: әл-Бұхари, Мұхаммед бин Ғайса Термези, Ибраһим Шәк стани, Әбу Ғабдурахман Ахмад бин Шұғайып ән-Нәсаи, Әбу Бәкір Ахмед бин Мұхаммед әл-Хорезмилерді т.б., фикһ ілімінің ғұламалары ретінде Әбу Матфах Балхи, Әбул Қасым Сафар Балхи, Шәмсул Әимма Сарахси, Фахруддин Ғали Яздауи, Бурханаддин Мәр Ғинани, Зейнуддин Гәтәби Бұхарилерді т.б., сонымен қатар Әбілқасым Мұхаммәд бин Омар әз-Замахшари, Мәуләнә Шайых Шағабуддин, Әбуләйс Самарқанди, Әбу Хафс Омар ән-Насафи сынды ғұламаларды атап өтеді. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы болған Духовский өзінің әрі зерттеу әрі миссионерлік «Ислам в
Туркестане» атты жұмысында Түркістан топырағынан дін ілімінің үлкен қайраткерлері мен ғұламалары шыққанын жазады.
1899 жылы жазылған осы мис-сионерлік еңбегінде Духовский «Как
велико было в свое время общемусульманское значение деятель-ности средне-азиятских богословов, прововедов и знатаков арабского языка, явствует уже из одного того, что некоторые из наиболее известных и авторитетных книг шариата, коими ныне руководствуются мусульмане-сун — ниты всего мира, были написаны в Средней Азии» дегенді айтады. Әлем мұсылмандары пайдаланатын беделді деген шариғат еңбектері Орта Азияда жазылған деп тайға таңба басқандай анық көрсетеді: «Хидая-и-шариф была написана в Маргелане; Акаид в Бухаре; Хикмат-уль-аин в Самарканде. Автор книги Хидая-и-шариф, маргеланский сарт, отправившись на поклонение в Мекку, получил место преподавания арабского языка и богословия в одном из медицинских мадраса». Сондай-ақ, генерал-губернатордың: «Без преувеличения можно сказать, что Средняя Азия дала мусульманскому миру последнюю редакцию шариата» деп мойындағанын да көреміз.
Қазақ топырағы, Түркістан жұрты дін ілімінің үлкен қайраткерлерін дүниеге әкеліп, әлемде Ислам дінінің кең қанат жайып, дамуына өлшеусіз үлес қосты. Түркістан топырағынан шыққан дін ғұламалары Ислам ілімін таратуда тек Орта Азиямен ғана шектелген жоқ. Оның бір шеті Үндістанға жетсе, екінші бір шеті Түркияға дейінгі аймақта тарағанын да атап өту парыз. Мәселен, Самарқандта жерленген белгілі мутақаллим-философ, кәлам ілімінің маманы, Алтын Орда ханы әз-Жәнібектің қолдауымен жазылған «Мұхтасар мааний» еңбегінің авторы Садуддин Тафтазанидің грамматика, риторика, Құран тәпсірі туралы еңбектері бірнеше ғасырлар бойы Осман империясының медреселерінде оқытылуынан-ақ Түркістан топырағынан тараған діни ілімнің тамыры тереңге кеткенін көреміз.

Жүсіп Баласағұни
(1017/1021-1075)

Қазақстан жеріндегі «мұсылман ренессансының» айқын көріністерінің бірі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі». Осыдан тоғыз ғасыр бұрын жазылған бұл дастанда түрік мәдениетінің негізгі нышандары айқындалып, бақытты өмір сүру мұраттары тұжырымдалады. Жүсіп Баласағұнның бұл еңбегін шын мәнісінде ортағасырлық түрік мәдениетінің энциклопедиясы деп қарастыруға болады. «Құтадғу білік» («Құтты білік») – 6520 бәйіттен тұратын философиялық-тәлімдік шығарма. Дастанның аты Жүсіп Баласағұнның өмір тірегі – құт, яғни парасатты, нұрлы өмір деген басты принципіне сүйенген. Дастанда X-XI ғасырлардағы Жетісу жерінде тұрған тайпалардың салт-санасы, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері көп жырланған. «Құтты білік» дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Қарахан мемлекетінің тілінде жазылған. Жүсіп Баласағұн бұл еңбегін 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны белгілі бір мағынада елдегі Ата заң қызметін атқарған шығарма.

Махмұд Қашқари
(1029-1038)

Түрік тайпалары Шығыс Ренес-сансының жай ғана шеткі аймағы емес екенінің тағы бір куәсі – Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты туындысы. Бұл сөздікті тек тілтанулық құрал демей, сонымен бірге ортағасырлық түркі мәдениетінің озық өркениетке қосқан бір үлесі деп қарастырған жөн. Мұсылман әлемін баурап алған мәдениетке өзін әлемге таныту қажеттігі туындады. Оны Махмұд өзінің теңдесі жоқ шығармасында ойдағыдай жүзеге асырады. Махмұд Қашқаридың негізгі зерттеген мәселесі – түрік тайпаларының мәдениеті.
Осы мақсатпен ол бүкіл түркі тайпалары мекендеген кеңістікті аралап шыққан. «Мен түріктер, түрікмендер, оғыздар, шігілдер, яғмалар, қырғыздардың шаһарларын, қыстақ пен жайлауларын көп жылдар кезіп (аралап) шықтым, лүғаттарын жинадым, түрлі сөз қасиеттерін үйреніп, анықтадым. Мен бұл істерді тіл білмегенім үшін емес, қайта бұл тілдердегі әрбір кішігірім айырмашылықтарды да анықтау үшін істедім. Әйтпесе, мен тілде олардың ең білгір адамдарынан, ең үлкен мамандарынан, көрегендерінен, тайпаларынан шыққан, соғыс істерінде мықты найзагерлерінен едім. Оларға ден қойғаным сондай, түріктер, түрікмендер, оғыздар, шігілдер, яғмалар және қырғыз тайпаларының тілдері түгелдей көңіліме қонып, жатталып қалды. Солардың бәрін мұқият бір негізде жүйеге салдым», – дейді данышпан қайраткер аталмыш еңбектің кіріспесінде. Лұғатта тек Қарахандар мемлекетінің мәдени өмірі ғана емес, сонымен бірге ежелгі дәуірден келе жатқан түрік мәдениетіндегі миф-аңыздар, тұрмыс-салт ерекшеліктері, табиғат құбылыстары тамаша суреттелген. Осы орайда, Махмұд Қашқариды халық эпосын жазбаша түрік мәдениетінде алғашқы зерттеген ғұлама деп бағалауға болады. Махмұд Қашқаридың толық есімі – Махмұд ибн әл-Хусейн ибн Мұхамед. Ғылыми жорамалдарға қарағанда, ол 1029-1038 жылдар аралығында Қашқар шаһарында дүниеге келген. Сондай-ақ, оның Қараханидтер әулетінен шыққандығы да айтылады. Ата-бабаларының бірі – Харун әл-Хасан бин Сүлеймен Боғра хан атағын алған, Мауреннахрды жаулап алып, Саманилердің астанасы болған Бұхараны да бағындырған қолбасшы болған. Әкесі Боғра ханның немересі Хусейн бин Мұхаммед Барсханның (Барскон) әкімі еді. Кейіннен Қараханидтер әулеті би-леген мемлекеттің мәдени-саяси орталықтарының бірі – Қашқар қаласына ауысқан. Махмұдтың «Қашқари» ныспысын алуы да осы қалада тұруына байланысты болатын. Махмұд оқып-жазуды және кейінгі тәлімін өзі туылған Қашқар қаласында алды. Ол заманғы Қашқар қаласы – Шығыс Түркістанның ірі саяси жаңа мәдени орталығы еді. Махмұдтың замандасы Жүсіп Баласағұн осы кезде өзінің өлмес «Құтты білігін» жазғаны – бұл өлкеде ғылым мен өнердің аса дамығанын дәлелдейді. Ол уақытта барлық мұсылман елдерінде, олардың ішінде Қашқар елінде де мектептерде Құран, араб тілі, заң негіздері, математика оқытылатын болған. Бірақ, Махмұд тек Қашқарда алған білімімен шектелмей, Азияның басқа да, Бұхара, Самарқан, Нишапур, Мерв, Бағдат сияқты ірі мәдени орталықтарында білімін кеңейткен.

Әбу Насыр әл-Фараби
(870-950)

Орта ғасырлардағы қазақ даласынан шыққан ойшылдардың ең атақтысы – «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби. Оның толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби. Мұндағы «тархан» сөзінің мағынасы, біріншіден, түркі халықтарынан шыққандығын білдірсе, екіншіден, қағандарға жақын бай, шонжарлар ортасына жататынын көрсетеді, яғни «тархан» сөзі «бекзада» мағынасын да білдіреді. Араб, парсы шежірелерінің деректеріне қарағанда, әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсындағы Фараб (Отырар) қаласында әскербасының отбасында дүниеге келген. Әл-Фараби алғашқы білімді Отырар медреселерінің бірінде алған. Өйткені, көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, «Мауреннахрда балаларды түрлі қолөнері мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту, олардың бес жасар кезінен басталатын болған». Ол кезде мұсылман әлемінің рухани орталығы Месопотамия болғандықтан, жас Әбу Насырды ата-анасы Таяу және Орта Шығыс елдеріне сапарға дайындайды. Бірақ, Әбу Насыр Бағдатқа бармастан, жолай Шаш пен Самарқан, Бұқара шаһарларында білімін толықтырады. Кейіннен ол Иран еліндегі Мешһед, Нишапур, Рей, Исфаһан қалаларына келеді, халқының мәдениетімен танысады. Тек осыдан соң ғана әрі қарай Бағдатқа аттанады. Әл-Фараби логика, әуез (музыка), астрономия және басқа ғылымдар бойынша көптеген еңбектер жазған. Ибн Хаукаль өз еңбегінде әл-Фараби жайлы: «Ол – аса ірі мұсылман философтарының бірі. Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ. Әбу әли ибн Сина да өзінің шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланғанын, сол арқылы мәшһүрлікке қолы жеткенін еске алады», – дейді.
Әл-Фараби – өздігінен оқып-же-тілген ғалым. Ол, ең алдымен, грек ғылымын, оның философиясын, әсіресе, ұлы ұстазы Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн Халиканның айтуына қарағанда, Әбу Насыр Аристотельдің «Meтoфизикacын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан көрінеді. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген. Әл-Фараби педагогика, психология, эстетика мен акустика, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ, ол – парасаттылық пен ағартушылықты жақтаған үлкен гуманист. Әбу Насыр – халықтарды бейбіт өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер. Атақты ғұлама соңына метофизика, тіл білімі, логика, география, этика, т.б. ғылым салаларын қамтыған жүз елуге тарта трактаттар жазып қалдырған.
Осылайша, X-XIII ғасырлар ара-лығында Қазақстанның қазіргі тер-риториясы аса дамыған ортағасырлық араб-парсы-түркі өркениетінің ажыра-мас бөлігіне айналды. Түріктердің арасынан әл-Фараби, Ибн Сина, Бұхари, Матуриди, Қожа Ахмет Яссауи сияқты ғұламалар шыққан соң, арабтар түркілерге тек әскери күш ретінде емес, білім, мәдениет, философия, өнер өкілдері ретінде қарай бастады. Алғашқыда Аббас әулеті халифаты билігіне қарасты Тұлын (868-905), Саж (890-929), Ихшид (935-969) сияқты жартылай тәуелсіз түрік саяси биліктерінің артынан Еділ-Бұлғар хандығы (922 ж. ислам дініне кірген), Қарахан (840-1212) билігі, Ғазнауи (963-1186), Селжұқтар (1038-1194) және Хорезмшах (1092-1221) мемлекеттері сияқты өте маңызды түркі-ислам мемлекеттері пайда болды. Соның барысында тамыры тарихтың тереңінен келе жатқан дәстүрлі түркілік дүниетанымның Исламмен біте қайнасуы нәтижесінде жаңа түркі-ислам мәдениеті мен өркениеті қалыптаса бастаған болатын.
АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕГІ ИСЛАМ ДІННІҢ ДАМУЫ

XIII ғасырдан бастап Шыңғысхан шапқыншылығы нәтижесінде Ұлы моңғол империясының, кейінірек Жошы ұлысының негізінде құрылған Алтын Орда империясы түркі мәдениетінің үлкен орталығына айналды. 1258 жылы Алтын Орда тағына Берке ханның отыруымен Ислам дінінің даму дәуірі басталды. Беркенің Ислам дінін қабылдауына байланысты Алтын Орда мемлекеті Шыңғысхан құрған ұлы қағанаттан еншісін бөлек алып шығып, ғалам тарихында дербес саясат жүргізетін державаға айналды. Мысыр тарихшысы Бадр ад-Дин әл-Айнидің «Акд әл-джаман» атты шығармасында Берке ханның Кубрави тарихатының Әл-Бахарзи атты шейхіне мурид болып, Ислам дінін қабылдағандығы жазылған. Ал, Кубрави тарихатының негізін салушы Наджм ад-Дин Кубра ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басында Үргеніш қаласында өмір сүрген атақты сопы еді. Қарахандар дәуірінен бастап Орталық Азияның Ханафи мәзһабын ұстанғанын ескерсек, Наджм ад-Дин Кубраны да осы мәзһабтың өкілі болды деп болжауға негіз бар. Себебі, сол кездегі тарихи құжаттарға зер салсақ, Орталық Азияда тек бір Ханафи мәзһабының салтанат құрғанына көз жеткізе аламыз. Демек, Алтын Орда ханы Беркені Ислам дініне мойынсұндырған Кубрави өкілі Әл-Бахарзи де Ханафи мәзһабын ұстанған деп тұжырымдауға болады. Берке ханнан кейін Алтын Ордаға билік жүргізген Тудай Мөңке мен Ноғайдың Мысыр билеушісіне жазған хаттарында Берке ханның жолын ұстанғаны айтылады.
Дегенмен, Берке хан Қарақорымнан сырт айналғаннан кейін тәуелсіз мемлекет ретінде Алтын Орда мем-лекетінің ішкі-сыртқы функциясы-на жаңа өзгерістер жасауға тиісті еді. Өйткені, оның билігі тұсында Шыңғыс ұрпақтары жаулап алған иеліктерді бөлісе алмай, өзара қырқыса бастады. Сондай-ақ, Алтын Орда мемлекетінің алғашқы билеушісі Бату хан дін мәселесінде бейтартап ұстанымда болса, Берке ханның Ислам дінін қабылдауына байланысты Жошы ұлысының ішкі-сыртқы саясатында діни мүдде негізгі рөл атқарды. Берке хан таққа отырғаннан кейін Алтын Орда мемлекетінің ішкі әкімшілік түзімін және сыртқы саяси арналарын жаңа бағытта өрбітуге күш жұмсады. Ішкі әкімшілік жүйеге өзгерістер енгізу барысында Берке хан Шыңғыс тұқымының билігін мүлде шектемесе де, олардың қатаң түрде орталыққа мойынсұнуын қолға алды. Мемлекет қуатын одан ары қарай арттырып, әкімшілік жүйедегі ондық, жүздік, мыңдық, түмендік әскери тәртіпті нығайта түсті. Мемлекеттік басқарудағы диван қызметіне Ислам
орталықтарынан арнайы шақыртылған діни оқымыстылар тартылып, Алтын Орда қалаларының сипаты мұсылмандық нақышта өріле баста-ды. Империяның мұсылмандар қоныс-танған қалаларында жаппай мешіт-медреселер салынып, исламдану үдерісі қарқынды түрде жүзеге асырылды.
Берке хан Ислам дінінің жанашыр-жоқтаушысы екенін өзінің әрбір ісінде ашық білдіріп отырды. Мысалы, оның Сарай-Батудан сәл жоғарырақ Еділ өзенінің бойынан Сарай-Берке қаласын салдырып, Алтын Орданың астанасын ауыстыруында да мұсылмандық мүдде басым-тын. Бас қаланы ауыстыру реформасы, ең бірінші кезекте, ел астанасының кескін-келбеті мұсыл-мандық өрнекте болу үшін қолға алынды. Бір жағынан, сол кезде Алтын Орда мен Мысыр мемлекетінің мұсылмандық саяси-діни одақ құруы Жошы ұлысындағы қалалардың исламдық сипат алуына өз әсерін тигізді. Мысыр билеушілері Алтын Ордадағы мешіт құрылыстарына қаражат бөліп, тас қашаушы сәулетшілерді жіберіп отырған. Ал, Ислам дініне деген бетбұрыстың нәтижесінде Алтын Орда қалаларында мешіт-медреселермен бірге қоғамдық монша, әжетхана, кәріз жүйесі, су құбырлары, хауыздар, бұрқақтар салына бастады. Бұрын жаулап алушы саналған халық бірте-бірте қала мәдениетін де игеріп, қолөнер кәсібін де тиісінше жолға қойды
Берке ханның Исламның дініне қамқорлығы оның сыртқы саясаттағы ұстанымынан да айқын аңғарылып отырды. Ол Алтын Орданың иелігі деп саналған оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжан жері үшін өзінің немере інісі Иранды билеп-төстеген Құлағумен саяси текетіреске түседі. Оның себебі, Мөңке қайтыс болған соң, Ұлы Қаған тағына отырған Құбылай 1261 жылы Құлағуға «Елхан» атағын беріп, оны Иранның заңды билеушісі етіп бекітеді. Мысыр жылнамашысы әл-Омаридың жеткізуінше, Құлағудың Иранмен шектелмей, одан ары қарай Ислам халифатын жаулап алу жоспарына Ислам дініндегі Берке хан әу бастан-ақ үзілді-кесілді қарсы болған. Алғашқыда ағасы Батудың беделін пайдаланып, Құлағудың Амудариядан ары өтуіне тыйым да салдырған. Алайда, 1256 жылы Бату дүние салысымен Мөңке қағанның бұйрығымен Құлағу әскері Амудариядан өтіп, Иранға кең көлемдегі шабуылын бастайды. Ал, Бату ханнан кейін таққа отырған Сартақ хан Мөңке қағанның бұйрығына мойынсұнып, Құлағудың Иран мен Ислам халифатын жаулап алуына көмек ретінде Алтын Орда әскерін аттандырады. Бұл кезде Сартақ ханмен арасы салқын Берке Иран мен Ислам халифатын жаулауға кіріскен Құлағуға қарсы тұра алмады. Құлағу қолбасылық жасаған көшпелілердің қуатты әскері қысқа уақыттың ішінде Исмайлиттер билігіндегі Иранның қырыққа жуық қамал-бекіністерін талқандап, 1258 жылы Ислам халифатының орталығы Бағдатты жаулап алады. Одан ары қарай Сирияны бағындыруға Мысырдағы мәмлүк билеушілерінің тегеурінді қарсылығына ұшырағанымен, Құлағу аз ғана уақыттың ішінде Оңтүстік Кавказ және Иран мен Иракты жаулап алып, Алтын Орда империясына бәсе-келес қуатты Елхан мемлекетін құрады.
Ал, Жошы ұлысында Сартақ пен Ұлақшының өлімінен соң 1258 жылы Берке хан Алтын Орда тағына отырады. Ол билікке келгеннен кейін Оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжан жерлерінің Алтын Ордаға тиелісі екенін алға тарта отырып, Елхан мемлекетімен текетіреске түседі. Берке хан әу бастан-ақ Құлағудың Ислам елдеріне шапқыншылық жасауына қарсы болған еді. Осы себептен де, Мысыр билеушісі мәмлүк Захир ад-дин Бейбарыс сұлтан Алтын Орда билеушісіне өз елшілерін аттандырып, мұсылмандық мүддені бірге қорғауға ұсыныс білдіргенде, Берке хан Құлағуға қарсы бірлесіп қасиетті соғысты бастауға пейілді болды. Алтын Орда мен Елхан мемлекетінің арасындағы алғашқы қарулы қақтығыс 1262-1263 жылдары орын алды. Дербент түбінде шешуші шайқаста Алтын Орда қолы Елхан әскерін тас-талқан етіп жеңді. Әскер шығыны көп болған бұл соғыстың нәтижесінде Берке хан Дербентті Алтын Ордаға қайтарып алады. Құлағу 1265 жыл қайтыс болғаннан соң Елхан билігінің басына келген Абағаның тұсында екі мемлекет арасында әдепкіде дипломатиялық қарым-қатынас орнап, даулы Әзірбайжан жерлері үшін екі билеуші өз позициясын ашық білдірген жоқ. Берке хан екі арадағы жылы қарым-қатынасты пайдаланып, Абағаның келісім беруімен Тебризде мешіт пен тоқыма шеберханаларын салдырады.
Дегенмен, бұл империяның жаппай исламдануы XIV ғасырдың бірінші жартысындағы Өзбек хан Мұхаммедтің билеген тұсына тап келеді. Қазақтың «Дін Өзбектен қалған», «Өзбек ханның тұсында атамыз қазақ дін баққан, Алтын Орда хандары жердің жүзін шаңдатқан» деген халық аузындағы сөздері де осыны дәлелдейді. Алтын Орда тағына 1312 жылдары Өзбек ханның отыруымен Ислам дінінің орны барынша нығая түсті. Сол кездегі Алтын Ордалық мұсылман қауымының көрнекті басшылары Құтлық Темір әмір, оның бауырлары Сарай Темір, Мұхаммед Қожа, сондай-ақ, өзге де мұсылман дінбасыларының қолдауымен билікке келген Өзбек хан таққа отырысымен «Сұлтан Мұхаммед» деген жаңа есім иеленеді. Бұл жайында Өтеміс қажының «Шыңғыснамасында» Өзбек ханды Ислам дініне мойынсұндырған Яссауи тарихатының өкілдері Садр ата, Сайид ата, Ұзын Хасан ата, Бадр ата атты дін ғұламалары екендігі баяндалады. Аталған тұлғалардың мәңгілік дамыл тапқан жері қазіргі Оңтүстік Қазақтан аумағында деп саналады. Тарихи деректерге сүйенсек, сол кездегі Алтын Орда астанасы Сарай-Батуда 13 мешіт қызмет етіп, ханның өзі күніне 5 уақыт намаз оқыған
Өзбек хан билікке келісімен өз ұлысында исламдану үдерісін тез әрі қысқа уақыт ішінде жүргізуге тырысты. Билік құрған екі жылдан кейін Мысыр сұлтаны Мәлік ән Нәсирге жазған хатында Өзбек өзінің ұлысында кәпірлердің аз қалғандығын айтады. Парсы жылнамашысы Муин ад-Дин Натанзи: «Өзбек хан тұсында Дешті Қыпшақ «Аллаға табынған елге айналды», – деп жазады. Осының нәтижесінде ұлан-ғайыр аумақтағы түрік, моңғол, иран тектес этностардың исламдану үдерісі басталды. Кейін олардың негізінде түркі этностары – қазақ, өзбек, әзірбайжан, татар, ноғай, түрікмен, башқұрт, қырғыз т.б. қалыптасты. Яғни, Өзбек ханның басты еңбегі Алтын Орданы күшейтіп қана қоймай, сондай-ақ, Ислам дінінің Еуразияның далалық аймақтарында кең таралып, жаһандық дінге айналуына ықпал жасауында жатыр.
XIII ғасырдың соңында Ислам діні Шыңғысхан империясынан бөлініп шыққан Алтын Ордада ресми дін дәрежесіне көтерілді. Оқиғаның осылай дамуы тек қана ішкі саясаттың қиын-қыстау кезінде емес, бірегей идеологиялық мүддені қалауда және билік басындағылар мен көшпелі көпшіліктің арасындағы қарым-қатынасқа себепші болды. Ислам дінінің әлеуетін Алтын Орданың билеушілері, сыртқы саяси міндеттерге жету үшін де пайдаланды. Мысалы, діни ынтымақтастық соғыс өнері бойынша озық тұрған Мысырдағы мәмлүк сұлтандармен тізе қосып, біріге одақ ұйымдастыруға жол ашты. Ордадағылардың айтуы бойынша, «алтын кезең» дәл осы Өзбек ханның билік құрған дәуірінде болған. Ол кезде Ислам діні басымдылық жағынан көрінді, жергілікті мәдениет мұсылман таңбасына анық ие болды, ал бақсылар мен ламалар (будда дінінің сопылары) қуғынға ұшыраған. Әрбір алтынордалық хан өзінің түркіше қойылған атынан басқа, араб есімін алып жүрді. Тиындарға қарап айтсақ, Жәнібек Сұлтан – Жалал Ад-Дин Махмұд, Бердібек – Сұлтан Мұхаммед, Тоқтамыс – Сұлтан Нәсір Ад-Дин, т.б. деп аталып жүрген. Өзбек ханнан кейінгі Алтын Орданы билеген Тыныбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хан, Хызыр хан, Орыс хан, Тоқтамыс хан, Едіге би, Темір Құтлық, Болат хан, Шәдібек хан, Ахмет хандар да Ханафи мәзһабын ұстанды. Алтын Орда дәуіріне қатысты тарихи деректерді қаузай келе осындай тұжырым жасауға толық негіз бар. Себебі, Алтын Орда тарихына қалам тартқан Ислам тарихшылары Ибн әл-Асир, Ибн әл-Уасил, Әл-Омари, Ибн Кәсир, Ибн Батута, Әл-Қалқашанди, Әл-Асқалани, Ибн Арабшах Дешті-Қыпшақ халқының Ислам дінін ұстанғанын жазып қалдырды.
Алтын Орда дәуірінде ғұмыр кешкен бабаларымыз: Қауам ад-Дин Әл-Фараби «Ғаййа ал-байан уа надира аз-заман фи ахар ал-ауан», Мәула Мұхаммед Низам адДин аш-Шаши «Усуль», Шейх Ахмет Түркістани «Шауаһид ан-Нубуууа ли-тақуйат йақин аһл ал-футууа», Шайхы Баба Сығнақи, Мұхаммед әл-Женди «Иғджаз әл-байан фи шарх бағд асрар умм әл-Куран», Молла Ахмет әл-Женди «әл-Ақиад», Хусаммаддин ас-Сығнақи «ан-Ниһаия», «Хидая», Мұхаммед әл-Кердери «Китаб ар-радд уа-л интисар ли-Әбу Ханифа имам Фуқаһа әл-амсар», Мұхаммад бин Мұхаммад бин Шиһаб ал-Кердери әл-Баззази «Фатауа әл-Баззази», Жамал ад-Дин Атырауи «шарх әл-Уиқаия» атты еңбектер Ханафи мәзһабының құқықтық үкімдері мен сенім негіздеріне түсіндірме ретінде жазылған.
Белгілі тарихшы Н.Нұртазина Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірінде Ислам дінінің Дешті-Қыпшақта нық орнағанын былайша жеткізеді: «Исламдану үдерісінің ортағасырлық Қазақстанда сонау VIII ғасырдан бастау алып, X-XII ғасырларда шарықтау кезеңінен өткені (Қарахандар дәуірінде), одан кейін екінші діни-мәдени өрлеу Алтын Орда кезінде Қазақстанның далалық аймақтарында толық және біржолата Ислам үстемдік құрып, осы негіздер болашақта сақталып отырғаны себепті Қазақ хандығы толыққанды мұсылман мемлекеті ретінде дамығанын батыл түрде айтып дәлелдеуіміз керек». Алтын Орданың мұрагері Қазақ хандығы да бабалар салған сара жолдан қиыс кетпей, Ханафи мәзһабына арқа сүйеді. Бұл сорап Қазақ халқының кешегісі ғана емес, бүгінгі күнгі де ұстанған асыл бергек, алтын діңгегіне айналып отыр.

ИСЛАМ – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚАЗЫҒЫ

Қазақ даласында Ислам дінінің жайылуына қазақ халқының сол кездегі Орта Азияны мекендеген тайпалармен және Еділ татарларымен тығыз экономикалық, мәдени байланыстары ықпал етті. Ислам діні уағыздарының біртіндеп кең етек жаюына Бұқара, Самарқан, Ташкент, Хиуа, Түркістаннан келген уағызшылардың ықпалы ерекше болды.
Осы кезеңде Қазақ хандығының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде де елеулі өзгерістер үрдісі жүрді. Нәтижесінде, XVII ғасырдан бастап қазақтар екі әлеуметтік санатқа: ақсүйектер мен қарасүйектерге бөлінді. Ақсүйектер негізінен Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары болды. Шыңғыс ханның ұрпақтары міндетті түрде шетінен сұлтан мен төре атақтарын алып, руларды, тайпаларды, ұлыстарды басқару құқығына ие болды. Сондай-ақ, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ұрпақтары болып саналған және халыққа рухани билікті жүзеге асырған қожалар әулеті айрықша әлеуметтік санатты құрады. Ислам дінін таратуда және ұстануда қожалардың орны маңызды болды десек, қазақ қоғамында қожаларға айрықша үстемдік берілуі – Ислам құндылықтарының жоғары бағаланғандығының белгісі ретінде қарастыруға болады. Қазақтар ғасырлар бойына әртүрлі мәдени ықпалдарды өздерінің байырғы далалық түркілік дәстүрлеріне бейімдеп, толықтырып отырды. Керісінше, қытай, араб, моңғол және ойраттар шапқыншылықтары айтарлықтай өзгерістер жасай алмады. Ислам діні таралу барысында қазақ жерінде де, әсіресе, қазіргі оңтүстік өңірлерде талай қарулы қақтығыстар орын алды. Қарумен бағындыра алмаған тұста бітімге тоқтап, бейбіт дін тарату келісіміне келген оқиғалар да орын алған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ерекше атап көрсеткендей, «Ислам – дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз бен болмысымызды қалыптастырушы факторлардың бірегейі» ретінде танылды.
XV ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығы құрылар кезеңде, Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақта Ислам дінін насихаттаған негізінен Яссауи және Нахшбанди тарихаттары болған. Яссауи тарихаты көшпелілердің дәстүрлі кодификациясы – Шыңғыс-ханның «Ұлы Ясасы» мен шариғат заңдарын қатар ұстанып, дәстүр мен дінді ұштастыра білсе, Нахшбанди қауымдастығы шариғаттың фунда-ментальді қағидаларын қатаң ұста-нуымен ерекшеленген. Көшпелі Өзбек мемлекетінің негізін салушы Әбілқайыр хан алғашқыда Яссауи қауымдастығының қолдауына ие болуымен өз билігін нығайтуға кіріседі. Бірақ, Мәураннахр қалаларын жаулап алғаннан Әбілқайыр хан Нахшбанди шейхтарына арқа сүйей бастайды. Осы кезде Әбілқайыр ханның бас батыры Қобыландының Арғын тайпасының биі әрі Яссауи тарихатын қолдаушы Ақжол биді өлтіруі Керей мен Жәнібек сұлтанның одан іргесін бөліп әкетуіне итермеледі. Әрине, бұл жерде Ақжол бидің қысастан қаза табуы, Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуіне себепші оқиға ғана еді. Қазақ хандарының Әбілқайырдан бөлінуінің түпкілікті себебі тым арыда жатыр.
Біріншіден, Дешті-Қыпшақ ежел-ден Жошының үлкен ұлы Орда-Еженнің ұрпақтарына тиесілі ұлыс еді. Ал, Әбілқайыр хан Ібір-Сібірді билеген Жошының бесінші ұлы Шибанның ұрпағы болатын. Алтын Орда дәуірінде Орда Ежен ұрпақтары Дешт Қыпшақта «Ақ Орда» атты мемлекетті құрады. Қазақ хандығының негізін салған сұлтандар осы Ақ Орда хандарының ұрпақтары еді. Яғни, Көк Орданы билеген Шибан әулетінің ұрпағы Әбілқайыр ханнан Ақ Орда хандарының ұрпақтары Керей мен Жәнібектің бөлектенуі заңды құбылыс еді. Ал, Әбілқайыр ханның күшейіп, Мәураннахрға қарай ойысуы, сондай-ақ, оның бас батыры Қобыландының Арғынның биі Ақжолды өлтіруі – Керей мен Жәнібек сұлтандардың көшпелі Өзбек мемлекетінен енші-сін бөліп әкетуін тездете түскен еді.
Екіншіден, көшпелі қазақ халқы-ның табиғатымен шариғаттың фун-даментальді қағидалары үйлесе бермейтін. Мәселен, шариғаттың ағайынды адамдардың некелесуіне рұқсат беруі – жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін берік ұстанатын рулық-тайпалық құрылымдағы түркі тайпаларының мүддесіне теріс келетін. Сондай-ақ, шариғаттағы ниқаб кию дәстүрі түркі халқының дәстүріне мүлде сәйкес келмейтін. Қазақ әйелдері кимешек, жаулық, орамал киген. Бірақ, ешқашан аузы-мұрнын тұмшаламайтын. Осындай құқықтық қайшылықтар шариғат жүйесіне жақындай бастаған Әбілқайыр ханнан Керей мен Жәнібек сұлтандардың және оған ерген халықтың бөлінуіне әкеп соқты.
Үшіншіден, Қазақ хандығы құрыл-ған шақта, бұл мемлекеттің ресми діні – Ислам діні болды. Ислам дінін ұстанған түркі тайпалары Қазақ хандығына мүшелікке өтті. Ал, Ислам дінін әлі қабылдамаған тайпалар «Қазақ» бола алған жоқ. Мысалы, көрші ойрат, ұранқай, қырғыздың құрамында Қазақ халқын құраушы Найман, Қыпшақ, Керей, Қоңырат секілді тайпалардың аталықтары кездеседі. Найман, Қыпшақ, Керей, Қоңырат тайпаларының бұл аталықтары Ислам дінін қабылдамағандықтан, Қазақ хандығына мүшелікке өте алмады. Яғни, Қазақ халқын бір кеңістікте өмір сүрген діни сенім-нанымы, салт-дәстүрі, саяси мүддесі бір түркі тайпалары құрды.
Қазақ хандығы туралы нақты мәліметтер беретін Мұхаммед Хай-дар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди», Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы», Махмуд бен Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», Әбілғазының «Шежіре-и Түрк» және басқа да шығыс деректеріне назар аударсақ, Әбілқайырға қарсы өзіне одақтас іздеген Моғолстан ханы Есенбұға Шу өңіріне көшіп келген Керей мен Жәнібекті қарсы алып, қоныстанатын жер береді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде, Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді…». Осы деректерге назар аударсақ, Қазақ хандығының тағына алғашқы болып Керей отырса (1458-1473 жж.), кейін оны Жәнібек хан алмастырады (1473-1480 жж.). Бастапқыда Қазақ хандығының аумағы Шу өзені мен Талас өзенінің алқабы және батыс Жетісумен шектеліп, онда мекендеген тайпалар Дешті Қыпшақтан қоныс аударған тайпаларымен етене араласып кетеді. Осылайша, 1465 жылы негізі қаланған Қазақ хандығының құрылуы Отан тарихындағы төтенше маңызды оқиғаға айналып, Орталық Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ – қазақ халқының қалыптасуына жағдай жасады.
1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұғаның қайтыс болуы Қазақ хандығының одан әрі күшеюіне жол ашты. Өйткені, Моғолстан ханының өлімі мемлекеттегі ішкі феодалдық қырқыс пен Амасанжы Тайшы бастаған ойраттардың шабуылына алып келіп, мемлекеттің шаңырағын шайқалтты. Сондай-ақ, 1468 жылы Әбілқайырдың өз алдына бөлініп кеткен қазақтарды жазалау мақсатында жорыққа шығып, жол үстінде қаза табуы да жаңадан құрылған Қазақ хандығының іргесін нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын арттыра түсті. Әсіресе, Әбілқайыр ұрпақтарының билік үшін өзара талас-тартысы биліктің әлсіреуіне әкеп соғып, мемлекеттегі тайпалардың жаппай Қазақ хандығына қосылуына ықпал жасады. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп жазады:
«…Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды; ірі-ірі шиеленістер басталды. Үлкен бөлігі (оның қол астындағылардың) Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп олардың төңірегіне (жиналған адамдардың) саны екі жүз мыңға жетті. Оларды «өзбектер – қазақтар» деп атады». ХІV ғасырда өмір сүрген ұлы тарихшы Муғин ад-дин Натанзи «Ескендір анонимі» атты еңбегінде Жәнібек хан туралы: «Оның әділдігі Ануширван (атақты парсы патшасы) әділдігінен бір де кем соқпайды. Ол Өзбек Ұлысын тұтас Исламға бағындырды, пұтқа табынушылардың храмдарын түгел қиратып, көптеген мешіт, медресе салдырды. Ислам дінін ұстанған адамдардың жағдайларының жақсы болуына басты назар аударды. Жан-жақтағы Ислам елдерінен неше түрлі оқымысты, ғалымдар осы сарайға қарай ағылды. Елдегі әмірлердің ұлдары білімдерін жан-жақты жетілдіріп ғылымға мойын бұрды, олар заманының озық ойлы азаматтарына айналды, күні бүгінге дейін ола дың айтқан пікірлері, қорытқан ойлары жиын-тойда ескеріліп тұрады.
Исламның басқа елдерде ұстанатын әдет-ғұрып, салт-жораларын бұл мемлекетке енгізген сол», – деп сүйсіне жазады. Мұндай пікірлерді ортағасырлық түркі деректемелері, соның ішінде Өтеміс қажының «Шыңғыснама» тарихи шығармасын да: «Даңқты әзірет Жәнібек хан – оған Алланың рақымы жаусын, хан болғанда оның әділдігі, әулиелігі мен дарқандылығы елге мәлім болды, Дешті Қыпшақ уәлаятында ақ жолдан таймайтын, адал да қуатты, теңдесі жоқ патша болып, атасының бүкіл мемлекетіне әмірін жүргізді», – деп қуаттай түседі. Ал, «Таварих-и гузида-йи нусрат-наменің («Жеңістер кітабының таңдамалы тарихы») авторы ол туралы: «Жәнібек Дешті Қыпшақ елінің ханы болды. Халық оған дене болса, ол халықтың жаны болды», – деп суреттеген екен.
Ислам дінінің Дешті Қыпшаққа жерсінуіне шариғат заңдары мен салт-дәстүрді сабақтастыра білген жергілікті дін қайраткерлерінің еңбегі зор еді. Қазақ халқы көшпелі ғұмыр кешкеннен кейін мешітмедресе ұстай алмады. Бірақ, қазақ халқы Исламмен бейбіт уағызшылардың насихаты арқылы танысты. Дін уағызшылары Исламды халықтың таным-түйсігіне қарай жырмен, өнермен насихаттады. Қарахан дәуірінде негізі салынған хикмет ілімі жыраулар дәуіріне ұласып, олардың насихатымен қазақ халқы Исламға шын мәнінде мойынсұна бастады. Осы тұрғыда Сайф Сарай, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Доспанбет, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар т.б жыраулардың сіңірген еңбегі ерен еді. Ал, қожа-молдалар қазақ халқының тұрмыс-салтта Исламды қалай ұстану керектігіне баулыды. Қазақ хандарының діни тәрбие алуына аталықтар (діни ұстаздар) институты қаншалықты әсер етсе, көшпелілердің Исламды қабылдауына қожалар институты соншалықты ұшаң-теңіз еңбек сіңірді. Себебі, хандық дәуірде қазақ халқының әрбір руының өз қожасы болды. Дін таратушылар бұрынғыдай жалпы халықты емес, әрбір ру мен әулетті нысанаға алғандықтан, Ислам шын мәнінде Қазақ мемлекетінің қалыптасуына елеулі ықпал етті.
Қазақ хандығы дәуіріндегі тарихи деректерге зер салатын болсақ, Алтын Орда империясының қара шаңырағы саналған Қазақ жерінде Ислам дінінің туы асқақтай желбірегенін аңғарамыз. Рузбеханның «Мехман-наме-и Бухара», Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-Рашиди», Захир ад-Дин Бабырдың «Бабырнамасында», Хафиз Таныш әл-Бұхаридың «Абдулла-наме», Шайбанидтер туралы жазылған «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме», Қадырғали Жалайридің «Жамиат-тауарих» атты еңбектерінде Қазақ халқының Ислам дінін ұстанатындығы баяндалған. Атап айтар болсақ, Рузбехан «Мехман-наме-и Бухара-сында» Мұхаммед Шайбанидің қазақ-тарға қарсы қасиетті соғыс жүргізбекші болғанына қарсы тұрады. Себебі, қазақтар шынайы мұсылман болатын. Ал, Бабыр өз шығармасында «Орталық Азия мұсылмандарының Матуриди ақидасын ұстанатынын» айта келіп: «Біздің заманымыздағы ең маңызды кітап – «Хидая», – деп көрсетеді. Бұдан өзге ағылшын саяхатшысы Энтони Дженниксон, Джон Кэстль, А.И. Лепшиннің жазбаларында да Қазақ халқының Ислам дінін ұстанатындығы айтылады. Мысалы, Джон Кэстль Әбілхайыр хан кезінде Кіші жүз жерінде алты ай уақыт болып, қазақтардың Ислам дінін берік ұстанатынын, әрбір қазақтың бес уақыт намазын қаза қылмайтынын жазып қалдырды. Сондай-ақ, Г.Андреев «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» атты еңбегінде: «Қазақтардың заңы Мұхаммедтің дініне негізделген. Олар дінді Бұқара арқылы Жәнібек хан дәуірінде қабылдаған» деп, Алтын Орданы 1342- 1357 жылдар аралығында билеген Әз-Жәнібек ханнан бермен мұсылман екенін жазады.
Қазақ хандығы дәуіріндегі «аталық» институты Ислам дінінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әрбір Шыңғыс ұрпағы өздеріне діни тәлім-тәрбие беретін ұстаздар ұстайтын. Ол ұстаздар тек діни тәлім-тәрбие ғана беріп қоймай, бекзадаға ат спортын, соғыс өнерін, аң аулауды, шешендікті үйрететін. Қазақ хан-сұлтандарының көпшілігінің есімдерінің діни сипатта болып келуіне де осы аталықтардың тигізген әсері мол. Қазақ мәдениетін жан-жақты зерделеген орыс зерттеушілері ақсүйектердің ғана емес, қара халықтың да сунниттік исламды ұстанатынын хабарлайды. Мысалы, М.Михайлов «Киргизы» атты мақаласында: «Қырғыздар (қазақтар) өздерін Мұхаммедтің дінінің сунниттік бағытын ұстанамыз деп біледі», – деп жазса, этнограф В.В.Радлов: «Қырғыздар (қазақтар) өздерінің өмір сүру салттарымен және биік ой-өрісімен Алтайдың көшпелі түріктерінен айырмашылықтары бірден байқалады. Бұл – сөзсіз Исламды жүздеген жылдар бойы ұстанғандығынан», – деп, Қазақ халқының Ислам дінін берік ұстанатынын айтып өтеді.

ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АСЫЛ ДІҢГЕГІ – ИСЛАМ

XV-XVIII ғасырлар аралығында өмір сүрген жыраулар қазақ қоғамының қалыптасу кезеңі мен оның даму сатысындағы бай рухани мұра қалдырды, олар өздерінің жырларында қоғамдық өмірдің әлеуметтік саяси жағдайы мен халықтың ой-санасын бейнеледі. Жыраулар адам өмірінің мәні неде, өмір мен өлім мәселесі, адам мен дүние арақатынасының сырын ашу туралы сұрақтарға жауап іздеді. Сол уақыттағы ішкі және сыртқы саяси жағдайының шиеленісуі жыраулардың дүниетанымына үлкен
әсерін тигізді. Олардың көзқарас-тарында жалпы адамзаттық ойға ортақ белгілермен қатар, өзіне тән ұлттық ерекшелігі болды. Сонымен қатар, жыраулардың дүниетанымдағы өзіндік ерекшеліктерінің бірі – аз сөзге көп мағына беру, яғни жыраулар поэзиясының өн бойынан қуатты әрі көркем сөздермен құралған шеберлік байқалып тұрады.
Екінші жағынан, үлкенді сыйлау, достық, кішіпейіл болу, инабаттылық, адамгершілік және т.б. категориялардан тұратын адамгершілік туралы ойлары болды. Бұл көзқарастар діни-философиялық сарында көрінді.
Меңдібай Әбілұлы жыраулар поэзиясы (ХV-ХVІІІ ғасырлар) туралы былай деп жазады: «Ислам дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілдері Махмұд Қашғар, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінекилердің шығармалары түркі
халықтарының әдеби мұрасына айналды. Әрине, осындай әдебиетші-
ғұламалардың поэзиялық шығар-малары қазақ жыраулық поэзиясының өкілдеріне әсер етпей қойған жоқ. Асан қайғы жырау мен Сыпыра жырау, Қотан жырау, Шалкиіз жырау мен Бұқар жыраулар өздерінің поэзиялық шығармаларында діни дәстүрді қалыптастырды. Бірақ кешегі Кеңес заманында жыраулық поэзия өкілдерінің шығармаларындағы діни ағым жөнінде ғылыми тұрғыдан пікір өрбітуге кеңестік идеология кедергі келтірді…».
ХV-ХVІІІ ғасырларды қамтитын Қазақ хандығы дәуірі әдебиетіндегі жыраулар поэзиясындағы діни-философиялық сарынның пайда болуы заңды құбылыс еді. Араб шапқыншылығының нәтижесінде көне
түркі жазуы ұмыт болды. Енді түркілер, соның ішінде қазақтар енді білімін, жазу-сызуын араб таңбасына ауыстырды. Ислам дәуірі әдебиетінің өкілдері тарапынан шығарылған әдеби-мәдени еңбектер қазақ даласына ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп келген еді. Сондықтан Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Жүсіп Баласағұн шығармалары қазақ жыраулары мен ақындарының нәр алатын бұлағы болды. Әсіресе, бастан-аяқ бір сазбен, терең оймен, үлкен тебіреніспен, шабытпен жазылған «Яссауи хикмет терінің» дәстүрін, сазын, сарынын жырауларымыз өз туындыларында жалғастырып әкетті. Тіпті, ХV ғасырда ғұмыр кешкен Асан қайғыдан бастап, Шәкәрім Құдайбердіұлына дейін бұл сарын бірде-бір рет үзілмей жалғасып келген. Ел қамын жеген Асан қайғы: «Мұнан соң қилы-қилы заман болар, Заман азып, заң тозып жаман болар. Қарағайдан шайыр кетер, Ханнан күш, қарындастан қайыр кетер», – десе, Қожа Ахмет Яссауи: «Білгейсің бұ дүние барша елден өтер, Малға да сенбе қолдан кетер. Ата-ана, қарындас қайда кетті ойлап көр, Төрт аяқты шабан ат бір күні саған жетер», – дейді. Екі ақынның айтайын деген ойы, ішкі сыры түсінікті, өмірде тұрақты еш нәрсе жоқ, бәрі өтпелі, тек бір Алла ғана мәңгілік екенін білдіріп тұр. Сондай-ақ, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет жыраулардың толғауларынан да Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің сарынын, сазын, ықпал-әсерін табуға болады. Мәселен, Шалкиіз жырауды алайық. Ол – Ислам дінін ұстанған, оның тәңірісі көк емес, Алла екенін жырлаған, төменде берілген оның толғауларынан үзінділер келтірейік: «Тәңірінің үйі кебені, Ибраһим-Халил Алла жасапты, Ғазірейіл жан алмаға қасап-ты» немесе «Әбсінде ғалым жидырып, Ақ кітабын жайдырып…». Біз бұл үзінділерден Шалкиіздің Құранға, Ислам дінің қағидаларына қаншалық жетік болғаны бізге мәлімсіз, алайда оның оның сауаттылығы күмән туғызбайды.
Ал, атақты жырау Қазтуған өзінің ерлік пен өрлікке, қажыр мен қайратқа толы жырларында Алланы естен шығармаған, оның құдіретін барынша сезінген, ол «Мадақ» жырында былай: «Бұлыт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәпірдің, Арасын бұзып дінді ашқан, Сүйіншіұлы Қазтуған!» – деп толғаған. Бір ауыз сөзінің өзі жыраулардың дінді қаншалықты құрмет тұтқаны жайлы мағлұмат береді. Жыраудың осы туындысына зер сала қарасақ, оның Ислам жолында еш тайынбайтынын, өз діні үшін ғазиз өмірін де арнайтынын көреміз. Қазтуған ақын Қожа Ахмет Яссауи жолымен жүріп, көпке қызмет етуді, ел үшін игілікті іс атқаруды борышым деп санайтын сияқты. Тіпті, өлеңінің соңында өз аты-жөнін айтуы да сопы ақынға бір табан жақындай түскендей әсер қалдырады.
Бұқардың Ислам дініне көзқарасына тоқтала кетейік. «Ей, айтушы, Алланы айт, Тәңірім сөзі бұрқанды айт, Төрт шадияр Мұстафа, Мұсқап ашқан ғаламды айт, Тәңірім салса аузыңа Аты жақсы құдайды айт, Кәлима Алла – Құранды айт, Жан жолдасың иманды айт!». Бұл жолдардан жыраудың Ислам дінің жай-жапсарына қаншалықты қанық болғандығы көрінеді. Бұқар, сөз жоқ, діншіл. Оның атақты он бір тілегінің ең біріншісі – құдай қаламайтын іске аяқ баспау: «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа!». Және Бұқардың діншілдігі жай тақуалық емес. Ол – «Құдайдың – бір, пайғамбардың – хақ» екендігіне шын көңілімен сенген жан. Құдайға құлшылық етіп отыру парыз ғана емес, дінді берік ұстанған адамға Алланың рахматы көп екеніне сенген. Кешегі өткен жырауларымыздың қай-қайсысы да Алланы бір деп таныған, ел-жұртына адал қызмет істеуге, көптің көңілінен шығуға таңдайынан жар, маңдайынан терін төккен. Толғаулардың өзекті қырларының бір саласы ондағы діни-сопылық танымдардың жырлануында жатыр. Жыраулар діни мектептерде білім алған, діни сауатты адамдар болды. Сондықтан олардың мұра-ларында діни-ұғымдар мен сопылық бағыттар анық сезіліп тұрады.
Жыраулардың барлығы дерлік Ислам дінін қолдап, дінді халық арасындағы бірліктің сақталуына мұрындық еткені анық. Дін – абсолюттік шындық. Ал, сопылық – Ислам дінін көшпенді халық арасында кең уағыздауға құрылған ілімдердің негізі. Олай болса, қайбір жыраудың осы тақырыпқа орай арнаған жыр өрнектерінде сопылық ілімнің түйдек-түйдек көрініс алуы – Ислам дінін қазақ арасында уағыздауда әдебиеттің алар орнын анықтаса керек. Әсіресе, Алланы шексіз сүю, оның бар екеніне шек келтірмеу идеясы сопылық поэзияның негізгі лейтмотивіне айналса, ал жырау мұраларында бұл идея халықтық түсінікке сай жырланып отырған.
Мысалы, Бұқар жырауда: «Алла деген ар болмас, Ақтың жолы тар болмас». Дулат ақында: «Бір «Алладан басқаның, Көпті қылған ғайыбы». Көшпенді халық дүние танымына негізделген сопылық әдебиет өкіл-дерінің мұралары күнделікті уағыз айтушы молдалардың сөзіне қарағанда анағұрлым жұғымды болғандығы сөзсіз. Сопылардың адамгершілік, қанағат, әділет, қайырымдылық сияқты ислам философиясындағы терең
ұғымдардың ақын-жыраулар поэзия-сында кең жырлануы халық тарапынан қолдауға ие болды. Осы бағыттағы олардың әр сөзі құмған сіңген судай халық санасына жұтылып жатты.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *