ГЕНДЕР ЖӘНЕ ҚАРУСЫЗДАНУ ГЕНДЕР ЖӘНЕ ҚАРУСЫЗДАНУ
  Дәурен Әбен, Монтерей халықаралық зерттеулер институтында (Калифорния, АҚШ) халықаралық сая-си зерттеулер бойынша магистр дәрежесін иемденген. Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде аға жоба... ГЕНДЕР ЖӘНЕ ҚАРУСЫЗДАНУ

 

Дәурен Әбен,
Монтерей халықаралық зерттеулер институтында (Калифорния, АҚШ) халықаралық сая-си зерттеулер бойынша магистр дәрежесін иемденген. Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде аға жоба менеджері және ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.

 

2000 жылдың 31 қазанында Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі «Әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік» күн тәртібі шеңберінде маңызды шешім қабылдады. 1325 (2000) қарар жанжалдардың алдын алу мен шешудегі және бейбітшілік орнатудағы әйелдердің маңызды рөлін қуаттап, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қорғау және ілгерілету жөніндегі жұмыстарға әйелдердің тең дәрежеде және толық қатысуының маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, аталмыш қарар БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді тиісті ұлттық, аймақтық және халықаралық институттар мен тетіктерде шешім қабылдаудың барлық деңгейлерінде әйелдердің үлесін арттыруды қамтамасыз етуге шақырады. Арада он жыл өткен соң, 2010 жылғы 8 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы әйелдердің қарусыздану шараларына қосқан маңызды үлесін мойындайтын және қаруды бақылау, таратпау және қарусыздануға қатысты мәселелер бойынша шешім қабылдау үдерісіне әйелдердің әділетті және тиімді қатысуын ынталандыратын 65/69 қарар қабылдады. Нәтижесінде әйелдер гуманитарлық, бітімгершілік және жанжалдан кейінгі миссияларға ғана емес, сонымен қатар бейбіт келіссөздер мен қауіпсіздік жөніндегі көпжақты форумдарға да қатысуда. Дегенмен, нақты ілгерілеушіліктерге қарамастан, әйелдер бұл салада әлі де болса мәселелер мен кедергілерге тап болуда.
Әйелдердің қару-жарақты бақылау, таратпау және қарусыздану салаларына қатысуы неліктен маңызды? Біріншіден, әйелдер әлем халқының тең жартысын құрайды және бұл қарапайым факт оларға өмірі мен әл-ауқатына әсер ететін мәселелер бойынша шешім қабылдауға қатысу құқығын береді.
Осылайша, әйелдердің көпжақты қарусыздану дипломатиясына қатысуы демократия мен гендерлік теңдік мақсаттарына қызмет етеді. Әйелдер мен балалар соғыс пен қақтығыстар кезіндегі ең осал топтардың бірі екендігі қатыгез шындық болып табылады. Қарулы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі ер адамдар болғанымен, әйелдер ер серіктестерінің қолдауынсыз қақтығыстардың ауыртпалығын көтереді және соғыс аймақтарында, соның ішінде гендерлік зорлық-зомбылықта ерекше қауіп-қатерлерге тап болады. Сондай-ақ, ерлердің көпшілігі қаруды күш, қауіпсіздік және беделді қамтамасыз ететін құрал ретінде қабылдайтындығын, ал әйелдердің көпшілігі болса қаруды қырып-жою мен өлтіру құралы ретінде қарастыратындығын атап өткен жөн. Сондықтан гендерлік перспективаны бейбітшілік пен қауіпсіздік шараларына ерлер мен әйелдердің тәжірибелері, қабылдау және қажеттіліктеріндегі айырмашылықтарды ескере отыры енгізу қажет. Соңғы жылдары үкіметтік емес үгіт-насихат саласында да, үкіметаралық деңгейде де халықаралық қауіпсіздік саясатын қалыптастыруда әйелдердің ықпалы күшейе түсті. Көбінесе гендерлік мәселелердің ілгерілеуі дәстүрлі қарусыздану саласында байқалады. Әдеттегі қару-жарақтың халықаралық саудасын реттейтін (2014 жылғы желтоқсанда күшіне енген) Қару-жарақ саудасы туралы халықаралық келісім (ATT) қару-жарақ жеткізілімі мен гендерлік зорлық-зомбылық арасындағы байланысты нақты мойындайтын алғашқы келісім болды. Сонымен қатар, БҰҰ Бас Ассамблеясы АТТ-ға қатысты қарарларында қатысушы мемлекеттер мен келісімге қол қойған мемлекеттерді келісімнің мәні мен мақсатын орындауда әйелдер мен ерлердің тең дәрежеде толық қатысуын қамтамасыз етуге шақырады. 2019 жылғы тамызда өткізілген ATT-ға қатысушы мемлекеттердің бесінші конференциясы гендерлік және гендерлік зорлық-зомбылыққа қатысты тақырыптық пікірталас ұйымдастырды, онда әйелдердің тең үлесі және мағыналы қатысу мәселесі қаралды. Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында 2013-2014 жылдар аралығында өткен ядролық қаруды қолданудың апатты гуманитарлық салдарын зерделеуге арналған бірқатар конференциялар барысында гендерлік теңдік үрдісі айқын болды. Атап айтқанда, әйелдердің рөлін арттыру туралы уәж ұзақ мерзімді перспективада әйелдердің иондаушы сәулеленудің денсаулыққа зиянды әсеріне биологиялық тұрғыдан ерлерден гөрі әлсіз екенін және қатерл ісік даму қаупі жоғарырақ екенін көрсеткен ғылыми дәлелдермен расталды. Сонымен қатар, ядролық қару жарылыстарының ерлер мен әйелдерге әлеуметтік, экономикалық және психологиялық әсер етуінде де айырмашылықтар бар. Гендерге байланысты гуманитарлық зардаптар мен әйелдердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөз форумдарына қатысу мәселелері Ядролық қаруды таратпау туралы шартты қарау кезінде алғаш рет күн тәртібіне енгізілген болатын. Қарусыздану жөніндегі басқ форумдар да осы саладағы ілгерілеушілікті көрсетеді. Атап айтқанда, Биологиялық қару туралы конвенцияны (BWC) іске асыруды күшейту үшін гендердің маңыздылығы туралы бірінші іс-шара 2019 жылғы шілде-тамыз айларында Женевада өткен BWC сараптамалық кездесулерінде жасалды.
Ядролық қаруға жалпыға бірдей және жанжақты тыйым салған (2017 жылдың шілдесінде қабылданған, бірақ әлі де күшіне енбеген) алғашқы заңды күші бар халықаралық құжат болып табылатын Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (TPNW да гендерлік тақырыпты қарастыратыны назар аударарлық жайт. Шарт кіріспесінде «әйелдер мен ерлердің тең дәрежеде толы және тиімді қатысуы тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті дамытудың және оған қол жеткізудің маңызды факторы болып табылатынын» мойындап, «әйелдердің ядролы қарусыздануға тиімді қатысуын қолдауға және нығайтуға» міндеттенеді. TPNW сонымен қатар ядролық қарудың «әйелдер мен қыздарға, оның ішінде иондаушы сәулелену нәтижесінде әртүрлі деңгейде әсер ететінін» мойындайды және ядролық қаруды қолдану немесе сынау салдарынан зардап шеккен адамдарға гендерлік факторды ескере отырып көмек көрсету қажеттілігін айтады. Сонымен бірге, қаруды бақылау, таратпау және қарусыздану іс-шараларына қатысатын әйелдердің саны тұрақты түрде өсіп келе жатқан сияқты, бірақ зерттеулер ядролық қаруды қоса алғанда, қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын көпжақты форумдарда әйелдердің жеткіліксіз екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, басшылық лауазымдарда гендерлік теңгерімсіздік байқалады, яғни лауазымның маңыздылығы артқан сайын әйелдердің үлесі төмендейді.
Мәселен, 2018 жылы осы форумдарға қатысқан делегация басшыларының 76%-ы ер адамдар болса, ерлер өкілдерінің жалпы үлесі 66%-ды құрады. Бұған себеп ретінде халықаралық қатынастардың терең гендерлік таптаурындардан арылмауын және көбінесе техникалық тұрғыдан күрделі және саяси тұрғыдан алғанда сезімтал қауіпсіздік мәселелері әдетте ерлердің саласы ретінде қарастырылуын атап өтуге болады.
Қару-жарақты бақылау, таратпау және қарусыздану саласындағы гендерлік теңдікті алға жылжытудағы басқа да кедергілерге статусквоны өзгертуге құлықсыздық, жұмыс пе жеке өмір тепе-теңдігін сақтау мәселелері және осы салада, әсіресе, жоғары деңгейлерде әйелдер үлгі алатындай тұлғалардың болмауы жатады. Осыған байланысты, БҰҰ-ның жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Антонио Гутерриштің 2017 жылы берген уәдесіне сәйкес, ерлер мен әйелдердің тең өкілдік етуімен БҰҰ Хатшылығының басшылығында гендерлік теңдікке қол жеткізу аса маңызды.
Жалпы, әйелдердің көбірек қатысуы арқылы халықаралық қауіпсіздік дискурсына гендерлік перспективаны енгізу қару-жарақты бақылау, таратпау және қарусыздану мақсаттарын алға жылжытуға көмектеседі.
Антонио Гутерриш қарусыздану жөніндегі күн тәртібінде «әйелдерді көбірек тарту қарусыздану туралы пікірталастарды жандандыруға көмектесетінін және қауіпсіз болашақ қалыптастыру үшін бірлескен күш-жігерімізді арттыратынын» атап өтті (БҰҰ, 2018).
Шынында да, ерлер үстемдік еткен халықаралық қауымдастық ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алмады және әйелдер үлесінің төмендігі бұл салада маңызды прогреске кедергі келтіретін факторлардың бірі болуы мүмкін. Гендерлік әртүрлілік, керісінше, әр түрлі перспективалар, жаңа идеялар мен инновациялық шешімдерді ескеруге мүмкіндік береді. Алайда, мүдделі тараптардың тең сандық өкілдігін қамтамасыз ету өз алдына мақсат болмауы керек. Өйткені бұл көпжақты форумдарды гендерлік аспектіні ескеретін неғұрлым инклюзивті форумға айналдырмайды.
Әсіресе, киберқауіпсіздік, өлімге әкелетін қару-жарақтың автономды жүйелері және ғарыш кеңістігімен байланысты жаңа қауіпсіздік мәселелерінің туындауымен шынайы гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әйелдердің барлық деңгейлерде сапалық қатысуын қамтамасыз ету маңыздырақ.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *