Даража НӘБИҚЫЗЫ 1955 жылы Арал ауданында туған. Мамандығы – заңгер, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін бітірген. Республика заңгерлері «Жыл адамы» номина-циясының лауреаты. Халықаралық «Құрмет...

ДАРАЖА-

Даража НӘБИҚЫЗЫ

1955 жылы Арал ауданында туған. Мамандығы – заңгер, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін бітірген. Республика заңгерлері «Жыл адамы» номина-циясының лауреаты.
Халықаралық «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Ұлт мақтанышы» («Бейбітшілік әлемі» (Планета мира-World of Peace) медалдарымен марапатталған.
«Айсыз түнгі құс жолы» дастаны мен «Ұлы дала рухы» кітаптары жарық көрген.

 

ҒАСЫР АБАЙ

Қолтаңбасы ескірмес, асыл – Абай,
Нәрі ерекше, солмайтын, жасыл — Абай,
«Сөз патшасы – өлеңі» таққа қонып,
Тіл төркінін тіндеген ақын – Абай.
«Қара сөзі» бағдаршам, кие-шырақ,
Бәрімен де замандас ғасыр – Абай.
Сазды әуені – өңезі тіршіліктің,
Өзегіне шырындай татыр, Абай.
Рухани мұрасы – әлемге азық,
Қылыш сөзі қын жарған батыр – Абай.
Ақыл-ойдың теңізі адамзатқа,
Жауhар сыйлап, әнекей, жатыр Абай!

 

АРАЛЫМ

Тұранның төрі,
Даламның сөлі,
Бабамның көзі, айбыным,
Сағынып келді, кемері кепкен айдының.
Кенерең жатыр аймалап,
Тізбекті сұлу толқынын.
Ояттың тербеп ақ таңды ,
Күннің шешіп алқымын,
Құшақтап сүйіп, ұзаттың,
Далаңның батқан жалқынын.
Айырма Тәңірім Аралдан,
Береке, бағы халқының.
Жоғалмасын жанарың,
Ұлы далам, алтыным.
Қуанамын, жұбанамын,
Айналайын, Аралым!

 

ДАРИЯ-ҚОБЫЗ

Дария-Қобыз егізі Сыр елінің,
Ғарыш та ғашық үніне Жыр елінің,
Күй сазына назданып көбік шашқан,
Толқындары Көк теңіз-Күдерінің1.

Тылсым сезім оянып Көк түбінен,
Желі тартқан Дария кіндігінен,
Бетінде мекендепті Қорқыт абыз,
Көн тулақ,күй көмкерген түндігімен.

Бір заман арнасы асып ақырыпты,
Буырқанып таңдарын атырыпты,
Тасығанда аттыны қуып жетіп,
Бір-ақ шайып ағысқа батырыпты.

Тұнған сәтте бедері шуақ шашқан,
Күрең жорға – жылғасы желіп аққан,
Кетік суат құйылып кебір көлге,
Құмда желген құланның шөлін басқан.

Қорқыт абыз тәлімнің аянаты,
Қобыз, күйі ғасырлар аманаты,
Жер кіндігі аялап, кие сіңген ,
Оғыз-қыпшақ халқының қазанаты.

Көтерілсе күй-керуен желкендері,
Жуасыған тау толқын, дүлей кері.
Қалғып кетіп жан берді қапияда,
Бір туған адамзаттың асыл ері.

Дария, Қобыз, Қорқыт – Ұлы ұғымдар,
Қасиет, сыр, ғажабын ұғыныңдар.
Бәрінің бастауында асыл тегім –
Әлемді мойындатқан Ұлы ғұндар!

*Көк теңіз-Күдері – Арал теңізінің
ескі атаулары.

 

ЖАНСЕБІЛ
(Жылаған аю туралы баллада)

Сәттері ауыр мезгілсіз азаюдың,
Қуаныштар жоғалып, мұңаюдың.
Шымырлады жүрегім сезіміне,
Бетін басып жылаған бір аюдың.

Жон арқасы жалтылдап, самал есіп,
Балақ жүні жалпылдап, шалғын кешіп,
Желіні иіп, желпінген Кірекейді*,
Үш қонжығы келеді кезек еміп.

Ұяластар апаннан шығып, өрген,
Домаланып ененің ізіне ерген.
Көптен бері із кесіп, торуылдап,
Түбінде отыр теректің әккі мерген.

Бақытты олар, өзгені елемейді,
Қалт жібермес аңшы да зәредейді.
Кезенгенмен қаруын, ата алмады,
«Жылатпа», – деп түйсігі Кірекейді.

Тарбағатай, өр Алтай, сұлу мезет,
Ауа қандай, шипасы жанға медет.
Кірекейдің бұл күні, мың күніндей,
Қонжықтардың қылығы, бір керемет.

Қапталдасып қарағай, шілік, емен,
Тау сілемі жазыққа жетелеген.
Табиғат нәрлендіріп сай-саланы,
Бір жағынан жарысып ағады өзен.

Бұл өзен ұзатылған алыс жақтан,
Төркіні тау төбесін мұздар жапқан.
Алып тастар жолына жатып алса,
Ағынды іркіп артына көбік шашқан.

Күн шуақ, ашық аспан жарасады,
Тіршілікке мейірім жанасады.
Мына жүрген төртеу де, қызық көріп,
Өмір сүріп жүруді қаласады.

Ақ күннің қарайғаны, ауыр неткен,
Тағдырға не айтарсың ғайып еткен.
Екі-ақ тас, ойнап жүрген қонжықтардың,
Қас қағымда жандарын қиып кеткен.

Жалтыр тас өзендегі су шайқаған,
Сәуле түсіп үстіне ойнақтаған.
Көңіл ауып, көз тартып, ұстайын деп,
Суға қарай секірді маймақ табан.

Сәуле діріл қағады, шоршып тұрып,
Алдағанға аңғалды қарғыттырып.
Қолы ербеңдеп, борбайы тырбаңдады,
Жұтқан су, тыныс жолын тұншықтырып.

Көргенде Кірекейі зәре ұшырды,
Суға сүңгіп жағадан жан ыршыды,
Қонжықтарын жүгірген ізіне еріп,
Кері итеріп, «ажал», – деп ұғындырды.

Бірақ, олар түсінбей ере берді,
Ал, біреуі алыстап кете берді.
Қайырылып артына, екі таспен,
Екеуін де қозғалтпай тірей берді.

Сөйтті де, алға ұмтылды жанталасып,
Бауыр еті бөлініп, барады асып.
Иіндегі іркілген дүлей ағыс,
Іліп кетті иіріп, зәрін шашып.

Жете алмады, ентікті, енді қайтті…
Екеуді ойлап, жарықтық, кері қайтты.
Жанын сеуіп жеткенде әлгі тасқа,
Құшақтасып қонжықтар өліп жатты.

Күн еңкейіп төбеден, зауал ауған,
Кете алмады Кірекей жағалаудан.
Бетін басып, шоңқиды шойырылып,
Демі үзіліп кеткендей азалаудан.

Қозғалмады, кеш түсті, қарайды өзен,
Бұлт жылады, қазаға иілді емен.
Балаларын жоғалтқан жансебілдің,
Жаны мұздап, жүрегін жапты шемен.

Айналшықтап мерген де кете алмады,
Кезекті рет кезеніп бата алмады,
Алпыс екі тамырлы сүт иесін,
Киесінен сескеніп ата алмады.

Ойнақшыған сәулеге тас алданды,
Тау түйіліп өзенге, қаталданды.
Бетін басып жылаған сол Кірекей,
Мәңгі есінде аңшының сақталған-ды.

Тұңғиық, тереңі бар ағын да – өзен,
Тоқтаусыз алға ұмтылған өмір де – өзен.
Ұрпағы бар ілесіп жалғасады,
Табиғат түлеп тұрар, өтіп кезең.

Ана бақыт бұйырған аңдардың да,
Тіршілікті жалғайтын жандардың да,
Ұрпақсыз өмірінің мәні болмай,
Күйзелгенін, адамзат, аңғардың ба?!.

Кірекей* – ұрғашы аю

 

ЖҮРЕК ҚҰДІРЕТІ

Тіршіліктің төресі құрттай жүрек,
Жаратылған дүние ерен бөлек.
Қылау қабық, үр зипа үлпершегің,
Сезімдердің сандығы – сырға дерек.
Тәңір ием жаратып, жан бергенде,
Тілге таңып, тін берді, саған жүрек.
Тағдыр – арқау, тініңмен сабақтасып,
Жан сарайда тоқиды, өмір-өрмек.
Кіндік бөліп анадан, жарық ашқан,
Кеудесінде сәбидің кірсіз жүрек.
Уыз сүт татығанда таңдайына ,
Шалықтайды ұйқыда, мінсіз жүрек.
Балғын ғұмыр, балалық салтанаттың,
Баға жетпес сыйлығы – мұңсыз жүрек.
Қылыш-сезім қын жарса, қаяу тұрып,
Құн сұрамай көнеді, үнсіз жүрек.
Ақылдың әмір-сұсын елемейді,
Жасын-сезім жалт етсе, қайсар жүрек.
Ғашық жанның әлемін жалын атқан,
Ұғындырып, тілсіз-ақ, айтар жүрек.
Асыл-сезім ақинақ ақауы жоқ,
Қорығыңның қорғаны, қардар жүрек.
Қимастарын, ата жұрт, асылдарын,
Санадан сауға сұрап, сақтар жүрек.
Үзіліп, алыс кеткен бір арманын,
Талшығына тұндырып, баптар жүрек.
Кесір-сезім кеселі меңдемесе,
Ар-намысын айыптан, ақтар жүрек.
Қоқымға көмдірмейді дегдар-затын,
Шындығы шыңға орнаған, асқар жүрек.
Жайлау қонып, төр етер жамиғатқа,
Жазира, жаз көңілін, шалқар жүрек.
Тіршілік иесінде біреу жүрек..,
Біреу жылап, жалғанда, біреу күлед,
Біреуін жұбатады, ескісін жаба-тоқып,
Бір тынбайды, жарықтық, болып әлек.
Ақ пен қара құбылып жан ауырса,
Төрелігін беретін безбен – елек.
Қойнауың тұңғиық – түп, жаһан сияр,
Бәлкім, сенің қынабың, нұрдан жүрек.

Керемет қасиеттер зерделесең,
Сезім алған шығарсың,Тұрдан* жүрек.
«Он сегіз мың ғаламға» – он сегіз мың,
Қалғымайтын, ғажайып, жүрек керек!
Жер іңкәр, ая ғашық аспанына,
Сезімін кіндік өрер, самал – жетек.
Хақ түнде қауышады, қақ жарылып,
Мүмкін, оның жүрегі – ауа-желек.
Бірінсіз, бірі олар бола алмайды,
Ақиқатқа, фәниге жүрек — тірек!
Дүниенің жарығы сөнбеу үшін,
Бәріне, бәріне де өзің керек –
Адамзатқа, әлемге, хафиз* жүрек!

Тұр* – Алланың құдіретімен ауада ілініп тұрған тау.
Хафиз* – қорғаушы,сақтаушы.

 

МАХАББАТ СЫРЫ

Махаббат деген не өзі,
Таусылмайтын дастан ба?!
Түптен тартқан тұма көзі ,
Жасқанбайтын тастан да?!

Махаббат – құдірет, не өзі,
Өткел бермес тасқын ба?!
Мұқалмайтын жүрек сөзі ,
Ақ береннің астында?!

Махаббат – мәрт, не өзі,
Тәуекел ме асқарға?!
Асуда қалса төзеді,
Кездесем деп мағшарда?!

Махаббат – ұшқын деседі,
Жалын шашқан жалғанға?!
Жарқылдан тұнып өзегі,
Теңізде туған маржан ба?!

Махаббат шіркін, не өзі,
Бәсі артық тақтан да?!
Жадыда бірге жүреді,
Елес беріп ақ таңда?!

Махаббат ғажап, не өзі,
Алаулап жатқан жалқын ба?!
Мәңгі серік көкжиегі,
Бірге батқан алқымда?!

Махаббат мөлдір, не өзі,
Төркіні таңғы шықтан ба?!
Мөлтілдеп қана ериді ,
Сәулесі күннің шыққанда?!

Махаббат бәлкім , қоштасу,
Үйреткен сабақ – шын сүю ?!
Жүректің ісі – биік Ту,
Абзал оған, бас ию?!

Жанартау сынды елесін –
Ғажайып сырлы белесін –
Шын махаббат дер едім,
Сезімнің патша – төресін?!

 

ТҮНГІ ЖОРЫҚ
(Элегия)

Ұзақ түнде бейуақ көз ілмеймін,
Жамыратып ойымды нені іздеймін?
Патша көңіл қаңтарған назбедеумен,
Бәлкім, алыс күндерім, сені іздеймін.
Тағдырының сыр, мұңы қанатында,
Шағалаласын күтетін теңіздеймін.
Шолпан туған сәттегі, жұлдыз тарап,
Таң оятқан самалмен егіздеймін.
Асыл сезім бүр жарған жағалаудан,
Ұзап кеткен ерке қыз сені іздеймін.
Түнгі жорық тынымсыз, түлкі майдан,
Қарусыз шайқасады әдіс-айлаң.
Жады мерген – жолбасшы жалтаңы жоқ,
Ақыл-сана қолбасшы – сайыпқыран.
Түнгі жорық тұрады сағыныштан ,
Қоламтаның табынан сағым ұшқан.
Жастықтың жайлауына жетелейді,
Жігіт дәурен, қыз ғұмыр сағынысқан.
Бірі кем дүниені толтырғандай,
Ғайыптан тайып келіп бағың ұшқан.

Қылаң берсе құла таң, сабыр тауып,
Басылады көңілің алып ұшқан.
Шұбатыла жылжыған буды іздеппін,
Көңіл аулап, көз тартқан нуды іздеппін,
«Жалбағай-Сарықыздың»* елесімен,
Қыдыр қонған ата-жұрт сені іздеппін.
Қанша көктем, қанша жаз өтсе-дағы,
Өздеріңнен ардақтым, тін үзбеппін.
Түнгі жорық көп маған бергендерің,
Сыр теңдедім қомына керуендердің.

Қиял ұштап, ой түйді өткен күннен,
Ғұмырымның бөлшегі – серуен-серім.
Сол іздерім бүгінде, сүрлеу екен –
Сонарыма баратын алтын зерім.
Сағыныш та, серуен де бір бақытым,
Мезгіл жетіп, көшкенше дүние-дүрім*?!
Ар-намыс, абыройы жоғалмаса,
Жорықтардан жолы өткен өмір керім?!
Жүрегімнің шындығы осы өлеңде,
Құралыпты қырық жол, қырық өрім…

«Жалбағай-Сарықыз»* – ата әулетінің құлаққа сыбырлап тұратын киесінің атауы.
Дүр* – асыл тас, інжу-маржан.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *